Тобы: фр 19 «А» Қабылдаған: Темірбай А



Дата27.10.2019
өлшемі169,37 Kb.
Жоғары Медицина Колледжі

БӨЖ


Тақырыбы:Балалар мен жасөспірімдер гигиенасы.

Орындаған:Орынбасар Б.

Тобы:ФР 19 «А»

Қабылдаған:Темірбай А.

Шымкент 2019жыл

Балалар мен жасөспірімдердің денсаулығы

Қазіргі күнге дейін денсаулық деген түсініктің біркелкі алынған дәлелді анықтамасы болмағандықтан, адамдардың денсаулығына дұрыс баға беру біршама қиындық туғызады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (1958) жарғысы бойынша, денсаулық деп "аурушаңдық пен дене бітімінде кемшіліктердің бар не жоғы ғана емес, сонымен қатар, адамдардың толық физикалық, әлеуметтік және рухани қолайлы жағдайларын" түсінеміз. Бұл түсінікке денсаулықтың белгісі болуға келе бермейтін, өте кеңінен алынған бағалау көрсеткіштерінің тізімі де кіреді. Ондай көрсеткіштерге әлеуметтік қолайлы жағдайлардың ішінде, кірістің мөлшері, коммуналдық қолайлылық, жеке автокөліктердің болуы т.с.с жа-тады. Халықтың денсаулығы, олардың тұрмыс жағдайларының жақсы деңгейде болуына байланысты, бірақ жоғарыда айтылған факторлар ешуақытта денсаулықтың көрсеткіші бола алмайды.

Сонымен қатар, денсаулық дегеніміздің өзі тек қана биологиялық емес, әлеуметтік категория, сондықтан оны әлеуметтік қызметтің толық бағалы, дұрыс орындалу мүмкіндігі деп те түсінуіміз қажет. Бірақ, дені сау адамдардың да, науқас адамдардың да әлеуметтік қызмет қабілетінің мүмкіндігі өте кең ауқымда болатындықтан, денсаулық сақтау ұйымының "денсаулық" деген түсінікке берген анықтамасы оның дәрежелерін сандық жағынан анықтауға мүмкіндік бермейді.

Адамдардың денсаулығы дегеніміз - оның биологиялық, физиологиялық және психикалық қызметтерінің дұрыс дамып, ұзақ уақыт сақталуының динамикалық жағдайы, әлеуметтік белсенділігі мен қызмет қабілеті жоғары деңгейде болып, күш-қайраты талмай, ұзақ уақыт өмір сүруі. Бұл анықтамаға денсаулықтың жаңадан алынған көрсеткіштері - жоғары деңгейдегі қызмет қабілеті, ғұмыр жастың ұзақ болуы да кіреді. Бірақ, осы түсініктердің әлі күнге дейін анықталған шекарасы болмағандықтан, оны денсаулықтың нақты белгісі ретінде алуға күмән туғызады. Мысалы, қызмет қабілетінің жоғары деңгейі, өте шартты түрде алынған және ол "денсаулығы мықты" деп алынған адамдардың өздерінде де өте кең аралықта толқып отырады. Ғұмыр жастың ұзақтығына дұрыс шекара қою қиын болғандықтан, олардың бір қатары И.И.Мечниковтың көзқарасына қосылып, ғұмыр жастың ұзақтығына биологиялық шекара қоюды қолдамайтындықтан осы сұрақ туралы әлі күнге дейін ортақ көзқарас жоқ. Денсаулықтың белгісі ретінде ақыл-ой, қызмет қабілеті, репродукция қызметі және т.б. анықтамалары бар, бірақ осы түсініктің әлі күнге дейін ғылыми негізделген сипаттамасы жоқ. Саны жағынан тұрақты түрде өсіп жатқан көптеген факторлар адамдар денсаулығына әсер етеді, бірақ біздің ойымызша бұл туындап отырған пікірталаста ең алдымен "денсаулық" деген түсініктің өзін анықтап, оған сай келетін, барабар көрсеткіштерді тауып, сандық жағынан баға беру мүмкіндігне нақты шек қою қажет.

Денсаулықтың белгілеріне демографиялық көрсеткіштерді, аурушаңдықты, дене бітімінің дамуын жатқызады. Халықтың денсаулығына берілген осы белгілердің ішінде, әсіресе, демографиялық көрсеткіштер (туып-көбею, өлім, ғұмыр жастың орташа ұзақтығы) ерекше күдік туғызады. Туып-көбеюшілікті жасанды реттеуге болатындықтан және оған этникалық ерекшіліктер әсер ететіндіктен денсаулықтың көрсеткіші ретінде алуға болмайтын сияқты. Кейбір елдерде туып-көбеюді жасанды түрде азайту, денсаулықтың басқа көрсеткіштерінің жоғары болуына сәйкес келеді. Және керісінше, кейбір этникалық топтардағы туып-көбеюдің жоғары болуы, денсаулық көрсеткіштерінің төмендеуіне әкеледі. Сондықтан, денсаулыққа баға беру үшін туып-көбеюді жеке алып қарамай, басқа көрсеткіштермен бірге кешенді түрде қараған дұрыс.

Халықтардың денсаулығына сипаттама беруде кейбір авторлар өлім көрсеткішін пайдалану мүмкіндігін қолдамайды. Бұл пікірде негізгі аргумент ретінде аурушаңдық пен өлім саны арасындағы сәйкестіктің болмауы алынады, бірақ, өлім ешуақытта аурусыз келмейді. Бұл көрсеткіштердің арасында қатал түрде пропорция болмаса да бір бағытта өзгеріп отырады. Жас кезеңдері бойынша ер адамдардың арасында өлім көрсеткіші жоғары болатындығы олардың өмір сүру мүмкіндіктерінің төмен екендігін көрсеткенімен, денсаулықтың көрсеткіші ретінде алуға келмейді.

Б.Н.Ильиннің пікірі бойынша да өлім саны адамдардың биологиясына ғана емес, көптеген жағдайларда әлеуметтік факторларға да байланысты болғандықтан денсаулықтың белгісі ретінде алуға келмейтіндігін айтады. Бірақ, автор "халықтың (жеке адамның) денсаулығы медициналық (биологиялық) - әлеуметтік түсінік" екенін мойындайды. Ю.П.Лисициннің пікірі бойынша денсаулықты тек қана әлеуметтік және биологиялық қатынас тұрғысынан қарау керек, сондай жағдайда эндогендік және экзогендік себептерден болған өлім саны биологиялық факторларды да сипаттайды. Олай болса, өлім көрсеткішін халықтардың денсаулығының белгісі ретінде алуға болады. Әсіресе, бұл жағдайда балалар өлімі ерекше орын алады.


Мектепке дейінгі мекемелердің жоспарлануы мен құрылысын салу


Мектепке дейінгі мекемелердің құрамына мектепке дейінгі жастардағы балалардың күндізгі уақытта және тәулік бойы болатын жалпы типтегі (бала бақшалар, балалар яслиі, балалар үйі, мектепке дейінгі балалар үйі) мекемелері, ақыл-ой және дене бітімі дамуында ауытқулары бар арнайы мектепке дейінгі мекемелер, аурушаң балаларды салауаттандыруға арналған жазғы демалыс орындары кіреді.

Жалпы типтегі мектепке дейінгі балалар мекемелері тұрғын мекеннен алыстығы 300 м көп емес, шуылы, ластануы жоғары магистралды көшелерден, өндіріс орындарынан, жәрмеңке-базарлардан, автобазалар мен гараждардан аулақта өзіне арнап бөлінген, жер учаскесінде орналасуы керек.

Жер учаскесіне қойылатын гигиеналық талаптар. Әрбір мектепке дейінгі мекемелердің жыл мезгілінің барлық уақыттарында ойындар мен серуендер өткізуге арналған жер учаскесі болуы керек. Жер учаскесі жылдың барлық мезгілінде пайдаланылатын, балалардың әр түрлі іс-әрекеттеріне арналған мекеме ғимаратының жалғасы ретінде қаралады және мұнда төмендегідей фукционалдық алаңдар болуы тиіс: топтық алаңшалар, жалпы дене шынықтыру алаңы, бау-бақша алаңы, шаруашылық алаңы және көгалдандыру алаңы.

Жер учаскесінің ауданы, 90 орындық бала бақшалар үшін 1 орынға 40м2 , басқаларында – 35м2, Бала бақша кешендерінде – 30м2есебінен алынады. Кейбір жағдайларда учаске ауданын біршама кішірейтуге рұқсат етіледі: реконструкция жағдайында – 20% , бала бақшаның орналасатын территориясы 200-қа ылдилау болып келсе - 10%, ІА, ІБ, ІГ және ІІА климаттық аудандарда 1 орынға 25м2 дейін рұқсат етуге болады.

Жер учаскесінің ұйымдастырылуы функционалдық алаңдарға бөлу принципіне негізделеді. Алаңдардың бір бөлігіне ғимарат құрылысы орналасады (негізгі ғимарат, көлеңкелі қалқалар, шаруашылық құрылысы т.б.). Жер учаскесінің екінші элементі - асханаға жақын орналасатын шаруашылық зонасы (көлік келетін жолдар, көлік тұратын орын, шаруашылық алаңы) болып табылады. Үшінші элементі – балаларға арналған алаңшалар (топтық, жалпы денешынықтыру және бау-бақша алаңшалары). Территорияның белгілі бөлігі (50%) көгалдандырылуға арналады.

Топтық алаңшалар - топтық жекелендіру принципін сақтау үшін жасалады. Алаңшалар негізінен топтық бөлімдердің жалғасы ретінде алынатындықтан, олардың саны балалар мекемелеріндегі топтар санына сәйкес келуі керек. Учаскеде сәбилердің топтық алаңшалары мен мектеп жасына дейінгі балалардың топтық алаңшалары арнаулы секторларға бөлінеді. Сәбилерге арналған алаңдарды шуыл көзінен аулақ, ғимаратқа кіретін есікке мейлінше жақындатып орналастыру керек. Алаңшаларда ауданы 40 м2, төбесі жабық, көлеңкелі қалқалар орналастырылады. Мұнда ойыншықтар мен құрал саймандарға арналған, бірге салынған шкафтар болуы керек.

Сәбилерге арналған топтық алаңшалардың жері шөптесін өсімдіктермен көгалдандырылуы тиіс, ал мектеп жасына дейінгі топтарда одан басқа, ауданы 60 м2 дейін тапталған жер болуы керек. Топтық алаңдар балалардың жасына қарай, манежбен, тақтай-төсеулермен, әткеншектермен, баспалдақтармен, төбешіктермен және т.б. қажетті жабдықтармен жабдықталынады.

Бала бақшаның жер учаскесінің көгалдандырылуының маңызы өте зор. Көгалдандырылған жер көлемі қанша болса, оның маңайында соншама жер “салауаттандырылатыны” (шаң-тозаң азаяды, ауа ылғалдылығын жақсартып, жеңіл иондармен қанықтырады т.с.с.) анықталған. Сондықтан бала бақшаның жер учаскесінің көгалдандырылуы 50% кем болмауы керек. Көгалдарды бала-бақшаның ғимаратына күн сәулесінің түсуіне кедергі келтірмейтіндей, көлеңкелері арқылы табиғи жарықтың төмендеуіне әсерін тигізбейтіндей етіп орналастыру қажет. Осы мақсатқа сәйкес, биік ағаштарды ғимарат терезелерінен 10м қашықтықта, ал аласа бұталарды 5м қашықтықта отырғызу керек. Белгілі есеппен рационалды отырғызылған ағаштар топтық алаңшалар мен ғимаратты күн көзінің тікелей түсуінен, тым ысып кетуден сақтайды. Көгалдандыру үшін тікенекті, жемістері улы өсімдіктер отырғызбауды қадағалау қажет. Учаскеде мектепке дейінгі топтар үшін бір балаға 0,6м2 есебінен бау-бақша орналастырылады.

Денешынықтыру алаңы жалпы бағдарламалық және қосымша денешынықтыру сабағын, қимыл-қозғалысты ойындар өткізуге, спорттық көңіл көтерулер мен мейрамдар өткізуге арналған. Өлшемі бала бақшаның сиымдылығына байланысты 2-3 топқа 150м2, 4 топтан көп болса 250м2 есебінен алынады. Бала бақша кешенінде жалпы ауданы 400м2 болатын екі денешынықтыру алаңы қарастырылады және олар жерден 5-7см биіктетіліп, ортасынан шет жақтарына қарай, жауын сулары жылдам ағып кетуі үшін ылдилау етіп жасайды, беті жартылай қатты, топырақ, ағаш, резеңке-битум немесе асфальт, жартылай шөптесін етіп жабылады. Спорт алаңдарын айландыра, ұзындығы 100-150 метр жүгіретін жол жасалады.

Кеңдігі 1,5м айналма жолдар топтық алаңшалармен жалғастырылып серуендерге, велосипедтермен, педальды машиналармен, самокаттар, дөңгелекті конькилер, шана, шаңғылармен ойнауға арналады. Бұл жолдар – көлік жүруін реттейтін жол белгілерімен, бағдар шамдармен, жаяу жүрудің көрсеткіштерімен, яғни көшеде жүру ережелерін үйретуге арналған көрнекті құралдармен жабдықталады.

Жер учаскесінің элементіне су шашып ойнауға арналған бассейн, бау-бақша, құстар мен жануарларға арналған алаңша, шаруашылық алаңы кіреді. Су шашып ойнауға арналған бассейннің тереңдігі – 25см көп болмауы керек. Бассейннің айналасына кеңдігі 80см, тереңдігі 15см аяқ жуатын астау орнатылады.

Шаруашылық алаңшасы, асхана мен кір жуатын орынға жақын, топтық алаңшалардан барынша алшақ орналастырылуы керек. Оның ауданы мектепке дейінгі мекеменің сиымдылығына және елді мекендерді коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету деңгейіне байланысты анықталады. Алаңшада қоқыс салғыштарға арнап орын бөлінеді, қажетіне қарай ауданы 50 м2 көп емес көкөніс сақтайтын орын жасалады.

Бала бақшалардың ғимараты. Балалардың баспалдақпен 2 қабаттан жоғары көтерілуі олардың тыныс алу, жүрек қан-тамыр жүйесіне кері әсер ететіні дәлелденген. Сондықтан мектепке дейінгі мекемелер биіктігі 2 қабаттан жоғары емес, жеке тұрған ғимараттарға орналастырылады. Мұнда, ғимараттың жоспарлануы орталықтандырылған, блокталған және павильонды болуы мүмкін. Соңғысы бала бақша кешендерін жобалауда және оңтүстік аудандарда асханаларды, кір жуатын орындарды топтық бөлімдерден ерекше жекелендіру қажет болғанда қолданылады. Учаскедегі сияқты, ғимаратта да топтық жекелендіру принципі сақталуы керек, әсіресе, сәбилер топтары бірінші қабатқа орналастырылып, жеке кіретін есіктермен қамтамасыз етілуі керек. Сәбилерге арналған топтық бөлім, қабылдау бөлмесінен, ойнау, ұйықтау, дәретхана және буфет бөлмелерінен тұрады, бұл бөлмелер өзара дұрыс байланыста орналастырылады.

Мектепке дейінгі балалардың топтық бөлімдерін бірінші және екінші қабатқа орналастыруға болады. Мұнда, төрт топқа, ортақ бір есік болуға рұқсат етіледі. Бұл жастардағы балалардың топтық бөлімнің құрамына: шешінетін, ұйықтауға арналған бөлмелер, топтық бөлме, дәретхана және буфет бөлмелері кіреді. Аталған бөлмелердің биіктігі 3 м кем болмауы керек. Топтық және ойын бөлмелерінің дұрыс бағыты оңтүстік, ұйықтау бөлмесі солтүстіктен оңтүстікке қарай 450, солтүстіктен шығысқа қарай 450 болғанда дұрыс деп алынады.

Ойнау, топтық ұйықтау бөлмелері есік, терезе арқылы табиғи желдету немесе бұрыштық желдетумен қамтамасыз етілуі керек, ал, ІҮ климаттық аудандарда олардан басқа, тамақ дайындайтын бөлмеде, кір жуып, кептіретін және өтектейтін бөлмелерде қосымша жасанды желдету қарастырылады. Ересектер және дайындық топтарында ұл балалар мен қыз балаларға арналған дәретханалар бөлек болуы керек. Тоқсан бес, немесе одан көп орынға есептелген мектепке дейінгі мекемелерде гимнастика мен әуен жаттығуларына арналған жеке залдар жоспарланады.

Бұл бөлмелер денешынықтыру тәрбиесінің бағдарламасын жүзеге асыруға, яғни гимнастикалық жаттығуларды, қимыл-қозғалысты ойындарды еркін өткізуге арналған.

Балаларға медициналық қызмет көрсету бөлмелеріне: медициналық бөлме, процедура кабинеті және изолятор жатады. Медициналық бөлмеде балалардың дамуы мен денсаулық жағдайына бақылау жасалады. Емдеу-профилактикалық шараларды жүзеге асыру үшін 8 топтан жоғары балалар мекемелерінде процедура кабинеті қарастырылады. Науқастанған балаларды жекелендіру үшін құрамында қабылдау бөлмесі, палата, дәретханасы бар изолятор қажет. Медициналық бөлмелерді дұрыс пайдалану үшін олардың бір-бірімен және ғимараттың басқа элементтерімен дұрыс байланысының маңызы зор. Медициналық бөлме мен изолятор палатасы қатар орналасып, изолятор палатасының қабырғасы әйнек арқылы бөлінеді, ол науқас баланы бақылап отыруға жағдай жасайды. Изолятордан шығатын есік бөлек болғаны дұрыс.

Қызмет ету, тұрмыстық бөлмелер меңгерушінің кабинеті мен ата-аналармен кездесіп жиналыс өткізуге арналған холлдың бірінші қабатта, топтық бөлмелерден алыс орналасқаны жөн.






Қолданылған әдебиеттер.

  1. Неменко Б.А. Оспанова Г.К Балалар мен жасөспірімдер гигиенасы(Оқулық).- Алматы 2002.344б.

  2. Кучма В.Р. Гигиена детей и подростков., М., Медицина, 2004.




Достарыңызбен бөлісу:


©www.engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет