90. Жануар тінінің микроқұрылымы және құрамы Тін (лат. textus, грек. hіstos), биологияда – адам мен жануар организмінде болатын, шығу тегі, құрылысы және атқаратын қызметі ұқсас жасушалар жүйесі. Тіннің құрамына жасуша тіршілігі өнімдері – жасушааралық заттар мен құрылымдар да кіреді. Тін біржасуша жануарларда ғана болмайды. Губкаларда да тін толық жіктелмеген. Ішек қуыстылардан бастап тін айқын жіктелген. Тінді құрылысына және атқаратын қызметіне қарай 4 топқа (эпителий, дәнекер, бұлшық ет және жүйке) бөледі. Эпителий тіні терінің сыртқы қабатын, ішкі органдардың ішкі қабатын және организмдегі бездерді құрайды. Олардың жасушалары бір-бірімен тығыз әрі жанаса орналасып, қорғаныштық қызмет атқарады, организмде су мөлшерінің қалыпты болуын, зат алмасуды реттеуге қатысады..Оған сүйек, шеміршек, сіңір, қан, лимфа, май және тін сұйықтығы жатады. Тығыз талшықты, шеміршекті, сүйекті, борпылдақ талшықты, т.б. болып бөлінеді, тінге мықтылық қасиет береді, сіңір мен терінің ішкі қабатын түзуге қатысып, тіректік, қоректік және тасымалдау қызметтерін атқарады.
Бұлшық ет тіні организмдегі бұлшық еттерді түзіп, қимыл-қозғалыс қызметін атқарады, яғни оларға тән қасиет – жиырылғыштық. Бұлар көлденең жолақты, бірыңғай салалы және жүректің бұлшық ет тіні деп бөлінеді. Жүйке тіні нейрондар мен нейроглия жасушаларынан құралады. Оларға тән қасиет – қозғыштығы және қозу өткізгіштігі болып саналады. Бұл тін организмдегі барлық органдарды өзара және оларды қоршаған ортамен байланыстырып тұрады. Тіндердің әрбір тобының дамуы бірте-бірте бастапқы жасушалардың бөлінуінен қалыптасады. Кейде ересек организмдерде де регенерация процесі арқылы қалпына келеді. Кез келген органның құрамында тіннің барлық тобы кездеседі. Дегенмен бір органда бір тін тобы басым болады. Тіндер қоректену және үйлесімді қызмет атқару кезінде бір-бірімен тығыз байланысады. Әсіресе бұлшық ет пен жүйке тінінің байланысы айқын байқалады. Тін топтары бірігіп, белгілі бір органды құрайды. Ал тін құрамындағы жасушалар өзара бірігіп, органдарда құрылымдық әрі қызметтік бірліктерді құрайды. Мысалы, бүйректегі – нефрондар, өкпедегі – ацинустар, т.б. Тәжірибелік жағдайдағы зерттеулер барысында тіндерді организмнен тыс ортада қолдан өсіруге де болады. Адам мен жануарлар тіндерін гистология ғылымы зерттейді. өсімдіктердегі тінді ұлпа деп атайды.