Ашық тапсырмалардың түрлері мен ерекшеліктері



бет2/2
Дата07.02.2022
өлшемі30,72 Kb.
#87644
1   2
Байланысты:
Сож-3

Қысқа жауапты қажет ететін тапсырмаларда оқушылар бірнеше сөздерді, бір сөйлемді, қарапайым сызбаны немесе формуланы қолдана отырып, сұрақтарға қысқа нақты жауап беруі қажет.
Толық жауапты қажет ететін тапсырмаларды бірнеше сөйлем, түсініктемелерді, сызбаларды немесе бірнеше кезеңнен тұратын дәлелдеулерді келтіре отырып орындау қажет.
Толық жауапты қажет ететін тапсырма нұсқаларының бірі эссе болып табылады. Эссенің көмегімен тек жазылым дағдысы тексеріліп қана қоймайды, сондай-ақ берілген сұрақты немесе мәселені әртүрлі көзқараста қарастыру, берілген тақырыптың түрлі аспектілерін ашып көрсету, өз көзқарасын дәлел түрінде келтіру, мәселені шешудің жолдарын ұсыну сияқты оқушылардың жоғары деңгей дағдыларын меңгеруі тексеріледі. Бірақ, бағалау құралы ретінде эссені қолданудың кемшіліктері де бар. Оған эссенің шектеулі материалды қамтитынын жатқызуға болады. Бұл бағалаудың валидтілігін төмендетеді. Сондай-ақ эссе көп уақытты қажет етеді, оның нәтижесін бағалау қиын және мұнда бағалаушының жеке көзқарасы, субъктивтілік орын алуы мүмкін.
Эссе форматында тапсырма құрастыру жөнінде қысқаша мынадай ұсыныс беруге болады:
1. Тақырыпты немесе эссе сұрақтарын тұжырымдаңыз. Сұрақ оқушылар не туралы жазатынын анық біліп, түсінуі үшін нақты да түсінікті болуы керек.
2. Оқушылардың неше сөз/сөйлем/парақ/параграф жазатынын анықтап беріңіз. Өйтпеген жағдайда біреуі 5 сөйлем, басқа біреуі 50 сөйлем жазуы мүмкін.
3. Тапсырмада қосымша сұрақтар қоймаңыз. Артық сұрақтар нәтиженің сенімділігіне әсер етуі мүмкін.
4. Эссе жазудың әр деңгейі туралы ойланыңыз. Жоғары деңгейде жазылған эссенің дәлелдемесі қандай? Төмен деңгейде жазу дәлелдемесі қандай болады?
5. Эссенің қалай бағаланатыны туралы ойланыңыз. Бағалауда қандай тәсіл қолданасыз?
6. Оқушыларды эссе жазуға дайындаңыз. Эссе нәтижесінің валидтілігі оқушылардың эссе жаза білуі дағдысына байланысты. Оқушыларға эссені қалай жазу керек, оның құрылымы қандай болу керек, олардан не күтесіз – осы туралы түсіндіріп айтуға уақыт бөліңіз.
Жалпы, ашық тапсырма құрастыру барысында келесі талаптарға назар аударған жөн:

  • Тапсырманы, сұрақты анық және түсінікті түрде тұжырымдаңыз.

  • Сұрақты ақпараттық және сұраулы бөлікке бөліңіз.

  • Оқушының мәдениет, жас ерекшеліктерін және ақпараттың өзектілігін ескеріңіз, яғни тапсырма оқушылар ұғатын түсінікті тілде берілуі қажет.

  • Барлық мүмкін нұсқаларды есепке алып, жауап үлгісін анықтаңыз, оны тапсырма нәтижесін тексеру кезінде қолданыңыз.

  • Тапсырмаға белгіленген жалпы балл мөлшерінің жауап бөліктеріне қалай үлестірілетінін көрсетіңіз.

  • Құрастырылған тапсырмалар мен жауап үлгілерін бағалауға әріптестеріңізді тартыңыз. Қажет болған жағдайда құрастырылған тапсырманы түзетіңіз, өзгеріс енгізіп, толықтырыңыз.

Ашық тапсырма әзірлегенде нені ескеру керек?

  • Ашық тапсырма әзірлеу барысында оқушылардың қателесуіне себеп болатындай күрделі немесе шашыраңқы тапсырма бермеуге тырысыңыз. Мысалы, «Жақсы ұсынысыңызды атап көрсетіңіз». Сондай-ақ мәтіннің тілін тапсырманың күрделілік деңгейіне әсер ететіндей аса жеңілдетудің де қажеті жоқ.

  • Оқушыны жағымсыз әрекетке итермелейтін тұжырымдардан аулақ болыңыз. Қажет жағдайда жауап көлемін шектеуге тырысыңыз. Егер тапсырмада жауап көлемі нақтыланып шектелмесе, оқушы жауабының қаншалықты толық болуы керегін білмейді. Оқушылардың берген жауаптары тапсырманың жауап үлгілерінде қарастырылған мөлшерден артық немесе кем болуы мүмкін.

  • Тапсырмалардың мазмұны оқушылардың көңіл- күйін түсіретіндей, мазасыздық тудыратындай болмауы керек. Тапсырма құрастырған кезде отбасылық қиын жағдайлар, әлеуметтік және діни мәселелер, табиғи және техногендік өзгерістер, соғыс және терроризм, нашақорлық, ауыр науқас, адам өлімі сияқты ауыр мәселелерге қатысты тақырыптарды таңдамаған дұрыс.

Сонымен, ашық тапсырма әзірлегенде сұрақпен қатар оның жауап үлгілерін дайындап қою керек. Оқушылардың жауабын тексергенде әрдайым жауап үлгілерін пайдаланыңыз. Тапсырмада стандартты нұсқауларды қолдануға тырысыңыз.
Ашық сұрақтар бірқатар қағидаларға сәйкес болуы тиіс. Атап айтқанда
Негізділік:

  1. Нұсқаулар қарапайым, нақты және ықшам болуы тиіс.

  2. Оқушылардың сұрақты жете түсінбеуіне немесе қате мағынада қабылдауына жол бермес үшін анық, түсінікті тілді қолданыңыз.

  3. Жауапта қолданатын сөздердің санын белгілеп беріңіз немесе оқушыға жауабын жазатын орын қалдырыңыз, мысалы, жауап парағында жазуға арналған бос орын немесе бірнеше жол қалдырыңыз.

  4. Оқушы жауап беру ретін және уақытын есептеуі үшін әр сұраққа берілетін балл санын көрсетіңіз.

Валидтілік:

  1. Тапсырма тек бағалау құралы ғана болып табылады. Сұрақтардың жауабы нақты ақпарат беруі тиіс.

  2. Тапсырма маңызды және қажетті ақпаратты қамтуы тиіс. Оқу бағдарламасы мен оқу мақсаттарына қатысы жоқ қиын сұрақтарды қосуға болмайды.

  3. Жауабын анықтауға арналған мәтін оқушыға таныс болуы керек және тақырыптан ауытқымауы тиіс.

  4. Оқушылардың жас ерекшеліктерін, тілдік мүмкіндіктерін ескеріңіз, қарапайым тілді қолданыңыз.

  5. Тапсырманың, сұрақтардың саны меңгерілген білім мен дағдыларды көрсетуге мүмкіндік беретіндей мөлшерде болуы тиіс.

  6. Өткен материалды қайталап айтуға арналған сұрақтарды қолданбаңыз. Ақпаратты жүйелеуге, талдауға және бағалауға мүмкіндік беретін «неліктен», «не үшін», «қалай» сұрақтарын пайдаланыңыз. Оқушылардың шығармашылығын дамытатын сұрақтарды қамтуға тырысыңыз.

Объективтілік:

  1. Құрастырылған сұрақтар оқушылардың жынысына, қызығушылығына тәуелсіз барлық оқушыларға бірдей түсінікті болуы тиіс, мысалы, берілген мәтін тек қыздарға арналған (мысалы косметика туралы) немесе ұлдарға қатысты (мысалы, автокөлік қозғалтқыштарының соңғы үлгілері туралы) болмауы керек.

  2. Барлық сұрақтар міндетті түрде жауап беруді қажет етеді.

  3. Қабылданатын және қабылданбайтын жауаптарды бағалау критерийлерін дайындаңыз. Бұл сұрақтардағы кемшіліктерді байқауға мүмкіндік береді.

  4. Әрбір критерий бойынша берілетін балл саны дәл көрсетілген аналитикалық тексеру сызбасын қолданыңыз.

  5. Орындалған жұмыс нәтижелерін мүмкіндігінше тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен кемінде екі рет тексеру керек.

Сенімділік:

  1. Сұрақтар негізгі мазмұнға сәйкес болуы керек. Бағалау тапсырмаларындағы қателерді тауып, түзету және толықтыру үшін, сондай-ақ заңдылықтар мен үлгілерді анықтау үшін бағалау нәтижелері бойынша жүйелі түрде деректерді жинақтап, деректер базасын құрыңыз. Проблемалық сұрақтардың тізімін жасау басқа тапсырма құрастырушыларға да жақсы көмекші құрал болады.

  2. Әзірленген тапсырмаларды бағалау үшін мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сүйену керек.

Ашық тапсырмаларды әзірлеу тапсырма құрастырушы мұғалімдерден жоғары кәсібилікті талап етеді. Мұндай тапсырмаларды күнделікті сабақта, жиынтық бағалау процестерінде шеберлікпен пайдалану оқушылардың жоғары танымдық ойлау дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Ашық тапсырмалардың бірқатар артықшылығын атап өтуге болады, мысалы ашық тапсырма қолдану арқылы:

  • Тақырып мазмұнының басым бөлігін қамтуға мүмкіндіктің болуы;

  • Шығармашылыққа, жүйелі және стандартты емес ойлауға, оқушының білім, дағдысы мен қабілетін түрлі тәсілдер арқылы көрсетуге мүмкіндік болуы;

  • Дайын өнім құруға мүміндіктің болуы;

  • Дәлелді жауап беру арқылы оқушының өзін көрсетуге мүмкіндіктің болуы.

Сонымен қатар бірнеше кемшігі бар:

  • Жабық тапсырмалармен салыстырғанда мұнда тапсырмаға дескриптор, балл қою кестесін құрастыру қиынырақ.

  • Тапсырманы бағалау барысында балл қоюда субъективтілік көрініс табуы мүмкін.Тапсырманы орындау және оны тексеруге біршама уақыт керек және т.б. кемшіліктер.

Бірақ бұл бізге ашық тапсырма әзірлеп, қолдануға кедергі келтірмейді. Себебі біз ашық сұрақтар қою арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытамыз. Мектепте ашық тапсырмалардың көмегімен проблемаларды шешуге үйрету арқылы оқушыларды шынайы өмірге дайындаймыз.
Құрметті әріптестер, бүгін қарастырған тақырыпты бекіту үшін практикалық тапсырмаларды орындауды ұсынамыз. Сіздерге сәттілік тілейміз!


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Негізгі және жалпы орта мектеп мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау
    бойынша нұсқаулық: Оқу-әдістемелік құрал. / О.И.Можаева, А.С.Шилибекова, Д.Б.Зиеденованың редакциялауымен – Астана: «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, 2016. - 54 б.

  2. «Математика» пәні бойынша «Бағалауға арналған тапсырмаларды әзірлеу және сараптау» педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы. Мұғалімге арналған нұсқаулық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет