«Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты


Әдебиет: Мырзалы Серік. Философия. Алматы: Бастау, 2008



бет4/56
Дата05.02.2022
өлшемі6,67 Mb.
#6245
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   56
Әдебиет: Мырзалы Серік. Философия. Алматы: Бастау, 2008


Адамның өлімі мен өлместігі.– Қайсыбір өмірдің өліммен аяқталатынын әрбір адам біледі. Бұл Дүниеге келгеннен кейін уақыты келгенде кету керек. Ол біз ырқымыздан тыс,– табиғи заңдылық. Адамзаттың мыңдаған жылға созылған өмір тәжірибесі бірде–бір өлген Адамның тіріліп өмірге қайта келгенін көрсеткен жоқ. Әсіресе, жақын Адамдардың бұл дүниеден кетуі біздің жан–дүниемізде ауыр жаралар қалдырады. Енді біз оларды ешқашан да көре алмай, іштегі сырымызды айтып, бірге қуанып, сонымен бірге қайғы–қасіретімізді бөлісе алмаймыз. Бәрі де өткен шақтың қойнауына кетті. Сол сәтте біз өзімізді де сондай тағдыр күтіп тұрғанын үрейлене аңғарамыз. Сонымен қатар, біз ақыл–ой таразысына “мәңгілік өмір сүру” мәселесін салсақ, онда оны Адамға берілген ең ауыр жаза екенін байқауға болар еді. Өйткені, егер Адам. шексіз өмір сүре берсе, онда оның еш мән–мағынасы болмай қалады. Шексіз өмір бүгінгі күннің ашынған өзекті мәселелеріне немқұрайлы қарауды тудырып, қоғам өмірі мелшиіп бір орнында тұрып қалар еді. Мәселеге терең қарағанда, өмірдің мән–мағнасы болуының өзі оның өліммен бітетінінде болса керек. Расында да, біле–білген Адамға өмірдің шектелгені әрбір күн мен жылды, минут пен сағатты бағалауға, тиімді жұмсауға итереді. Өйткені, өмірді ешқандай байлыққа сатып алуға болмайды, бірақ, оның бір ғана өлшемі бар – ол “Ұлы мәртебелі Табиғаттың” (я болмаса, егер адам сенімде болса – Құдайдың) әр адамға берген өмір жасы, яғни, уақыты. Бұл дүниеде жасалған ұлы нәрсені істеген Адамдар, әрине, өз өмірінің шектеулі екенін біліп, сондықтан, асығып, “соны үлгірсем екен” – деген ой–үмітпен оларды аяқтады емес пе?! Егер ол мәңгілік өмір сүрсе, сол ұлы істерді бастамас та еді ғой. Антик дәуіріндегі стоиктер “Өлімді есіңнен шығарма!” – деген болатын. Оның терең мәні – өз өміріңде әр іс–қимыл, басқа адамдарға деген қатынастар, айтайын деген сөзіңді өмірдің соңындағы іс сияқты сезінуде. Мұндай өмірлік бағытты ұстау – Адам. өміріндегі қайсыбір уақиғаны терең сезініп–тебіренуге, мейлінше мазмұнды өмір сүруге әкеледі. Жайшылықты өмірде байқалмайтын кіші–гірім нәрселерге көңіл бөлініп, Дүниенің ғажаптығы айқындалып сезіледі. Бұл Дүниеде қайсыбір тіршілік формасы – соның ішінде адам да – бір ұрпақты екінші ұрпақпен ауыстырып өз өмірін жалғайды. Табиғаттың “даналығы” осында. Соның арқасында алға өрлеу – даму бар.
Әр Адам. өлімді Адамның жүрегі мен тынысы тоқтап, санасының өшуімен теңейді. Дегенмен де, адамның кейбір жақтары әлі де болса талай күндер тіршілік жасайды. Мысалы, Адамның сақал–мұрты, шашы, тырнақтары дене толығынан шіріп біткенінше өсе береді… Егер Адамның жүрек қысылымы өсіп, оның миына қан құйылса, ол ешкімді танымай, өзіндік санадан айырылғанмен, талай айлар төсек тартып, тірі болып қала беруі мүмкін. Бірақ, ол тұлғалық қасиеттерден толығынан айырылды. Кейбіреулер ондай А–ға “тірі өлік” деген ат береді .Уақытында ұлы Платон «философия ғылымы бізді абыроймен өлуге үйретеді» деген болатын. Бұл пікірге толығынан қосылуға болатын сияқты. Кейбіреулер өмірінің жартысын “гүлге қонған көбелек” сияқты өткізіп, қырыққа келіп, ақылы тоқталған кезінде өз алдына өмірлік мақсаттар қойып, оны асыға істей бастайды. Бірақ, көп жағдайда “Ұлы мәртебелі Табиғат” оларды аяқтауға уақыт бермейді. Ондай Адамға өлер алдында “Әттең–ай!” деген өкініш келіп, сол аянышты сезіммен өмірден кетеді. Екіншілерге өлім үрейін аттап өтуге діни сенім көмектеседі. Олар тәні болмағанмен, «жан–дүнием мәңгі өмір сүреді» деген үмітпен өмірмен қоштасады. Үшіншілер «бұл күйбең өмірде ішіп–жеу, ойын–сауық құру, әр сәттен ләззәт алудан басқа еш нәрсе жоқ» деген өмірлік бағыт ұстайды. Бірақ, оқтын–оқтын мешітке барып, «кім біледі, мүмкін Алла тағала бар шығар» деген ой кейбір кезде оның жүрегін сыздатады, садақа беріп, намаз оқытады. Бірақ, бәрібір ол болашақ өлімнің мұздаған лебінен құтыла алмай, жаны түршігеді. Философиялық дайындығы бар адамға келсек, ол өз өмірін бүкіл Табиғаттың, Ғарыштың өмірімен байланыстырып, өзін телегей–теңіздегі бір ғана тамшысы ретінде сезінеді. Ол оны үлкен тебіреніске әкеліп, өлім өмірдің соңында келетін заңды табиғи үрдіс екеніне көзі жетеді. Ондай Адамды өлім үрейлендіре алмайды.
Бесінші Адамдар өз тағдырының шеңберінде тырысып бағып өмірдің шаттығын да, зардабын да толығынан басынан өткізіп, бұл өмірде өзіне тән із қалдыру жолында бар күш–қуатын аямай жұмсап, өлім алдына өмірден шаршаған сияқты сезіммен келеді. Ол өз өмірін толығынан аяқтады. Ешқандай өкініш жоқ. Орындалмаған армандар болғанның өзінде, ол оны табиғи заңдылық ретінде түсінеді. Ол – нағыз Адам.. Ондай Адам. көп жұрттың есінде мәңгілік қалады. Соңғы жылдары Батыс университеттері мінбелерінде “аутоназия” (auto – өзім, nazіa – өлім) мәселесі қызу талқылануда. Орыс әдебиетінде бұл терминді өз тілдеріне жақындатып “эвтаназия”,– дейді. Әңгіме Адамның өз еркімен қоғамның көмегі арқылы бұл дүниеден кетуі. Яғни, оның “суицидтен” – өзін–өзі өлтіруден айырмашылығы – ол қоғамның рұқсаты және көмегімен өз қалауы бойынша дүниемен қоштасады. Тәндік–сезімдік ләззәт алу өмір бағытын ұстаған Батыс Адамы өмірінің соңында да еш зардап шекпей бұл өмірден тәтті ұйқыға шомылып кете барғысы келеді. Енді бұл мәселені біз де талдап көрелік. Бір қарағанда бұл мәселені Батыс цивилизациясының гуманистік даму жолындағы үлкен жетістіктерінің бірі ретінде қарағың келеді. Расында да, егер адам қатерлі ісікпен (рак) ауырып, қатты зардап шегуде, я болмаса, қартайып, қолынан күш кетіп ешкімге керек болмай қалған т.с.с. жағдайда қоғам ондай Адамдарға өз еркімен дүниеден кетуге көмектессе де болатын сияқты. Бірақ, мұндай көзқарас бүкіл дүниежүзілік діндердегі өмір жөніндегі терең интуицияларға (көкей көзге) қайшы келеді. Бұл Дүниеге келген әр адам Иса пайғамбардың арқалаған ауыр жүгіне мойынсынуы керек. Екіншіден, бірде бір Адам. өмір соңында “қайғылы үштікті” (зардап, күнә, өлім) аттап кете алмайды. Ол да болса өмірдің соңғы тәжірибелерінің бірі, қоршаған Адамдарға ой салатын өнеге емес пе?! Соңғы өмір зардаптарынан өту – Адам. рухын шексіз күшейтіп, оның ішкі жан–дүниесін тазартып, Адамның абыроймен бұл дүниемен қоштасуына мүмкіндік жасайды. Мәселеге философиялық тұрғыдан келсек, бұл Дүниеде Адамнан асқан құндылық жоқ, сондықтан, ешкімнің де Адам. өмірін қиюға (соның ішінде – Адамның өзін–өзі де) құқы жоқ.
Енді миллиондаған қарапайым Адамдардың тағдырына келер болсақ, олардың өлместігі – өз өмір шеңберіндегі жасаған басқа Адамдарға деген жақсылығымен байланысты болса керек. Өйткені, ол олардың есінде қалады. Ол дене ретінде көз алдымызда жоқ болса да, рух ретінде – бізбен бірге өмір сүріп қала береді. Ұлы Кун фу цзы айтқандай, жақсы Адам. халықтың сый–сияпатына ие болса, жаман Адам. ит сияқты бір шұңқырда ұмыт болып қалады.
Десек те, әрине, қазіргі Адам. мұндай көзқараспен келіскісі келмейді, ол шынайы өлместікті армандап, барлық үмітін ғылымға артады. Әсіресе, тез қарқынмен дамып келе жатқан гендік инженерия саласы болашақта А. өмірін бейнақтылы ұзарта беруге болатынын айтады. Алайда, біздің ойымызша, ол – жалған жол болса керек. Әрине, гендік инженерияның жетістіктеріне сүйене отырып тұқым қуатын аурулармен күрессек – ол жақсы. Ал А–ның өмірін тектік жолмен ұзартуға бағытталған зерттеулер қандай салдарларға әкелуі мүмкін – оны ешкім бүгінгі таңда білмейді. Кейбір ғалымдардың айтуына қарағанда, оның теріс салдары – ядролық бомбаны ойлап шығарғаннан да жаман болуы мүмкін. Екінші жағынан, А. Дүниедегі ең теңдесі жоқ биік құндылық болғаннан кейін оның өмірі мен денесіне жасанды тәжірибелер жасау – қылмыс болар еді (адам көлбақа емес қой).
Мәселенің ғылыми емес, моральдық жағына келер болсақ, бірде–бір жер бетінде өзі тудырған қауып–қатерді адамзат әлі шешкен жоқ. Жеке А–ның өмірін ұзартпақ түгіл, бүкіл адамзаттың құрып кету мүмкіндігі (ядролық соғыс, я болмаса экологиялық апат) осы уақытқа дейін күн тәртібінен шығарылған жоқ. Осы адамға шынайы өлместіктің керегі қанша, егер ол «күнбе–күн соғыс–қақтығыстарда бір–бірін осы уақытқа дейін өлтіріп жатса?» деген заңды сұрақ дереу ойға келеді.
Қорыта келе, шынайы өлместік бүкіл миллиардтаған жылдар бойы қалыптасқан іргетасты табиғат заңдылықтарына қайшы келеді дер едік. Әңгіме бізге берілген теңдесі жоқ сый – өмірді – бақытты мүмкіндіктерді іске асыруға, өз өмір шеңберінде үлкен маңызды істерді жасап өз ізіңді қалдыруда болса керек. Оларды өлім жоя алмайды.



Каталог: upload -> Book
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Өмірді бағалап үйренейік балалар суицидін алдын-алу бойынша ата-аналарғА, педагогтерге арналған қҰрал алматы
Book -> Рухани-адамгершілік білімге байланысты әндер


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   56




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет