Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат, қызық мол жылдар?



бет13/28
Дата26.08.2017
өлшемі3,96 Mb.
#28198
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   28

Қан майданнын ішінде көкем жүр-ау, а-а-ау,

Мылтық кезеп көкеме неміс тұр-ау, а-а-ау-ай.

Көкем-ау!

Қашан келер екен-ау!?

Мен тағдырдан сұраймын күндіз-түні-ау, а-а-ау,

Көкеме атқан жау оғын маған бұр-ау, а-а-ау, а-а-ау-ай.

Жан көкем!

Дидарынды бір көрсем!

Бұдан кейінгі кезек маған келді. Үш қыз қосыла айтқан жаңағы зарлы ән жүйе-жүйемді босатқан мен не айтарымды білмей састым. Әзірлеп әкелдім дегенімнің бәрі жан толқыт-қан жаңағы әннен кейін мүлде қажетсіз, керексіз сияқтанды. Бірақ қыздар қыстап, болмады. «Шықсын ортаға, айтсын бірдеңе» деп жанымды шығарды. Амалсыз ортаға шықтым.

— Мен Абай өлендерінде кездесетін ескі сөздердің тізбесін жасап, оларға өзімше түсінік берген едім. Бүгінгі конкурс сияқты қорытынды кешке соны ұсынуыма болады. Бірақ мұның өзі бір дәптер, - дедім қыздарға дәптерімді көрсетіп. -Бәрін табан астында оқып шығу мүмкін емес. Сондықтан мен қазір соңғы оқыған бір кітабымнан сұлу әйел, махаббат жайында жазып алған екі-үш нақыл сөзім бар, соны оқып берейін.

Мен Майраға қарадым. Майра қыздарға қарады.

— Махаббат жайындағысын окысын.

— Соңғысын айтсын, - деп шуласты қыздар. Абаева кітабын жоғары көтерді. Жұрт тегіс тым-тырыс боп, тыныштала қалды.

— Иә, онда былай болсын, қыздар, - деді Майра. - Ербол ағайдың Абай өлеңдеріне түсінік жасауы біздің ешқайсысымыздың ойымызға келмеген үлкен жұмыс. Оны білудің бәріміз үшін пайдасы бар. Ол әсіресе ертең біз мүғалім болып, мектепке барғанда' керек. Сондықтан біз оны ағайдан сұрап, көшіріп алармыз. Меніңше ағайға тандаған қызын сүю сыйлығын осы еңбегі үшін беруімізге болады. Ал бұл кісі жаңағы соңғы айтқанын оқып шықсын да, сыйлығын алсын.

Мен бір жапырақ бөлек қағазға тізіп алған махаббат жайындағы сөздерімді оқи бастадым.

«Махаббат бар жерде көз жасы қоса жүреді.

Адамның өмірі қысқа болғанымен, махаббаты ұзақ өмір сүреді.

Құштарлық - махаббат хабаршысы.

Құштарлықты көз айтып, тілекгі тіл түсіндіреді.

Жүрегін махаббат мекендесе, ең саран деген адамның өзі ересен

мырза боп кетеді.

Әдемі әйелдің әлегі көп.

Сұлу әйел сорға бітеді. Көрікті әйелдің күйеуінің көңілінен күдік арылмайды.

Сұлуға сұқтанушы көп. Сорлының әйелі сұлу болады».

Жазып алған қағазымның екінші бетін оқымай, ортасынан бүктей салып, қыздарға рақмет деген ишара жасадым.

Зайкүл аузынан емшек тартып алған жас баладай боп, баж ете қалды.

— Екінші бетін оқыған жоқ, Майра. Ербол енді қағазының екінші бетіндегісін оқысын, - деп елбелектеп ұшып кете жаздады.

Абаева маған қарап, «Зайкүл бәрін естімей тынбайды» дегендей жымиды да, басын изеді. Бұл төрешінің «тағы оқы» деген әмірі еді. Әскерде командир бұйрығын екі етпей орындап үйренген басым қағазымның бүктеуін қайта жаздым.

— Бұл үзінділер үндінің ұлы жазушысы Дандиннің «Он ханзаданың басынан кешкен оқиғалары» деген кітабынан алынды. Ал тыңда, Зайкүл, - дедім мен алдымен жүзі жайнап, құлпырып отырған Зайкүлге қарап алып.

— Оқи бер, оқи бер, - деді Зайкүл шыдамсызданып. - Мен тындап отырмын.

Мен тағы да оқуға кірістім.

«... Махаббат жайына келетін болсақ, оның мәні адамға дүниеде теңдесі жоқ өзгеше рақат беретіндігінде. Кеудесін махаббат кернеген еркек пен әйелдің ойлайтыны өмірдің өзгеше сол рақатына жету ғана болады. Жүрегіне махаббаттың нұры түскен жанның жай жұрттан өзгешелігі оның айналасының бәрі күліп, қуанып тұрғандай күйде болады. Ынтызар екі жанның құшақтарының айқасуы өздеріне өшпес қуаныш боп танылып, кейін сол сәтті еске алудың өзі ол екеуін ерекше елтітіп, өзгеше шаттыққа бәлейді. Жүректі кернеген осы қуанышқа жету үшін үлкен қызметтегі адамдардың өздері аса қиын ерліктер жасауға дейін барып, мол-мол сыйлықтар тартады, қауіпті іс, қатерлі жанжалға дейін тәуекел етеді...

... Әйелге, әсіресе жүрегінде біреуге арналған маздаған махаббаты бар әйелге өзі сүймейтін еркекке еріксіз қосақталудан қиямет қорлық жоқ.

... Мені махаббаттың улы жыланы шакты аямай. Жаныма дәрі, дертіме шипа сен ғана!

... О, құдірет, жалаң бұт жүгіріп, күні бойы қуалап торғай ататын сәби сияқты, садақ толғап, сан адамның жүрегіне жебе қадалатын махаббат тәңірі! Не жазығым бар еді менің? Неге мұнша қинайсың мені? Біржола өртеп, құл қылып жібермей, неге мұнша күйдіресің аяусыз?..

...- Өзіңдей сен оның жүрегіне! Оның жүрегі алып жартастың табанындай тұрақты, нағыз болаттың өзіндей берік. Ол жүректі өзгеше байлық - өз махаббатыңның нұрлы гауһар тасымен өрнектегейсің сен! Оның биік кеудесі өзіндей лайықты жардың салмағына жаншылып, өз рақатын алсын өмірден». Ханшаның некер қыздары осылай деп үн қатты маған. Бұл сөздерден кейін менін жүрегімді қысқан махаббат бұғауы одан сайын тарыла түскен тәрізді болды».

Мен бар оқығыштық өнерімді жұмсап, бар жанымды салып, біреудің сөзін оқып тұрғандай емес, өз жүрегімнің бар сырын бір жанға ғана арнап, ақтарып тұрғандай боп елтіп, егілгендей күймен үнімді үзіп, қағаздан басымды көтердім. Әрине, мен бұл сөздерді тек қана Меңтайға арнап едім. «Осынымды ұқты ма екен?» деп мен басымды көтергеннен кейін, басқаларға білдіртпеуге тырысып, Меңтай жаққа көз тастадым.

Мен оқыған сөздерге қыздардың көбі іштей рақаттанып, бас көтере алмай, төмен тұқырыса, сылқылдап күлісіп қалған екен. Зайкүлдін екі көзі ішіп-жеп, маған қадалып алыпты. «Тағы да бар ма, тағы да оқышы» деп өтінгендей, сұрап, тілегендей күй танытады. Тек Меңтай ғана күлместен, жымимастан, менің сөздерімді естімегендей боп, маған емес, терезе жаққа көзін қадап, ойланып қалыпты.

- Иә, ағай, сыйлығыңызды алыңыз, - деді Майра жаңағы мен оқыған үзіндідегі нөкер қыздар мақтаған ханшадай жымиып. - Қалаған қызыңызды сүйіңіз.

Мен жаңағы махаббат жайында үзінділер оқыған сәтте бар дүниені ұмытып, ойымнан шығарған екенмін. Сөйлегенім үшін маған да сыйлық бары, сыйлық болғанда таңдаған, жаным жақсы көрген қызды құшақтап, бетінен сүюге праволы екенім енді ғана есіме түсті. Сол-ақ екен жүрегім өз-өзінен лүпілдеп, дүрсілдеп қоя берді. «Сүйсем бе екен, сүймесем бе екен?» деп ойладым. «Жоқ, осындай сәті кеп тұрғанда сүйіп алайын, ол қайтер екен?» дедім де, ақырын басып, Меңтайға қарай аяңдадым. Меңтай маған келе жатыр деп ойламаған сияқты қалып көрсетіп, басқа қыздардай қымсынып, бетін баса бастаған жоқ. Мен оның қасына тақап қалғанда да өзінің сол жағындағы қыздың бетінен сүюге келе жатқан болар дегендей, оң жағындағы көрші қызына қарай мойнын бұрып, оны сөзге шақырды. Дәл сол кезде мен қолы дірілдеп, ең алғаш мөр ұстаған ауылнайдай, етектей ернімді жиған боп сәл бүрістірдім де, оны Меңтайдың қағаздай мойнына былш еткізіп басып кеп калдым. Бейқам отырып, селк еткендей болып және қытығы келген сияқтанып қыз мойнын ішіне тартыңқырап, қайтадан сол жағына қарай бұрды. Ол кез менің қызға құмар-ып, қиналып жүрген шағым емес пе? Егеудей ернім Меңтайдың мойнын, кішкентай құлағын үйкелеп барып, лезде қып-қызыл боп кеткен ақ бетінің ұшына тоқтады. Оны өзімше ақырын өптім де, қыздарды қыран күлкіге батырып, мас кі-сідей сенделектеп, өз орныма қарай аяңдадым.

Менен кейін қыздар бірлесіп тағы да өлең айтты. Бірақ олардың не айтқанын мен ұққамын жоқ. Меңтайдың бетінен бір сүйгенге бір шиша шербетті басыма көтеріп, жалғыз сі-міргендей, өз-өзімнен масайып, буын- буыным құрып, елтідім де отырдым. Сол кезде қолына шағындау дәптер ұстап, ортаға Меңтайдың өзі шықты.

— Ойынның шарты өзгешелеу нәрселер даярлап әкелуді талап еткен соң, - деді Меңтай бөгеле сөйлеп, - мен мына бір дәптерді ала салып едім. Мұнда шешемнің айтқан бірсыпыра сөздері жазылған. Шешем бастауыш мектепте мұғалімдік қызмет атқарған, сауатты кісі болатын. Оқыған кітаптарының ақ бетіне өз ойларын жазып, тастай салатын. Менің он жасыма дейін біз ауылда тұрдық. Одан соң Ридцер деген қалаға көшіп барып, әкем жұмысшы болды. Былтыр ауылға барғанда (әкемнің інісі ауылда тұрады) апам оқыған кітаптардың беттерін бір-бірлеп ақтарып отырып, оның өз қолымен жазған жазуларын мына дәптерге көшіріп алған едім. Талай қызық кітапты өздерің де оқып жүрсіңдер ғой. Мен сендерге апамның жазғандарын айтып берейін. Мұның кей тұстары тұрпайылау да боп көрінер. Бірақ бәріміз де ес білген ересек балалармыз ғой, ондайларын алып тастамай-ақтұтас оқи берейін.

— Дұрыс.


— Жөн.

— Оқы, Меңтай, - дедік біз жарыса шуылдап.

Меңтай тамағын кенеп алды да, асықпай, жайлап, бірінің соңынан бірін тізіп, ана жүрегінен шыққан ақылды нақылдарды ақтара бастады.

«1. Жазғы салқыннан жаныңды аяма. 2.Ешқашан да ешкімді жамандама. Ең жаман деген адамның да өз жақсылығы болады.

3.Қыз көйлегінің етегі тізеден жоғары шықпауы керек, себебі қыздың жалаңаш жеріне көп көзінің құрты түскіш келеді. Ал халықта: «Есті қыз етегін қымтап ұстайды» деген мақал бар.

4.

Әйелдің жалаңаш денесі еркектің құмарлығын қоздырады. Ақылмен бөгеп, сабырмен тұсалмаған құмарлық таудан төңкерілген сең сияқты: жолындағының бәрін ұйпа-тұйпа етіп, жайпап, жойып кетеді. Сондықтан әйелдің еркек құмарлығын қоздыратын ашық-шашық жерді көбейтпей, жауып, жария етілмейтінін қымтап ұстауы абзал. Әсіресе етекті қара санға дейін көтермеу, кеудені жалаңаштамау жөн. Сонда еркек елеңдемейді, әйел аландамайды, адалдық бұзылмайды.



5.

Ешкіммен барқылдап ұрыспа, бағанды жоясың.

6.

Қарқылдап күлу, тарқылдап сөйлеу - дарақылық белгісі.



7.

Кемшіліксіз кісі болмайды, оны көруден оңай жоқ. Кісі кемшілігін тез көруге емес, тез түзетуге көмектес.

8.

Қызға қатты күлудің қажеті жоқ, жігіттерге оның жымиғаны да жетіп жатыр.



9.

Ауыз шешендік әркімде болады. Әсіресе қыздың аузы сүйреңдеп, көп сөйлемегені абзал. Өйткені қыздың күлкісі, жымиюы, бас изеуі, көзқарасы, жүріс-тұрысы - бәрі де сай-рап тұрған сөз. Сондықтан, оның аз сөйлеп, айналасына ақылмен танылғаны дұрыс.

10.

Шошаңдаған қыз шешенің атына кір келтіреді.



11.

Баласы арақ ішсе, шешесі у ішеді. Маскүнем, жаман бала жақсы ананы ажалынан бұрын көрге кіргізеді.

12.

Жаман туыс тістеуік, жақсы жолдас үйірсек. Жақсы дос жаман әкеден артық.



13.

Үміт күткен ұлы оңбаған боп кетсе - әке сорлы; қызы күйеуге өтпесе,- шеше сорлы; сұлу деп алғаны сүйкімсіз боп шықса - жігіт сорлы; қыран деп тигені жапалақ боп шықса - жар сорлы.

14.

Ак көңіл мен адал ниеттен туған іс әсем болмаса да сүйкімді. Айла мен арамдықтан туған іс әдемі болса да жиіркенішті.



15.

Қыздың жақсы жігітке шығуы, жігіттің жақсы жар таңдап алуы жеңіспен пара-пар. Алдымен жеңіске жету қымбат, ал жеткен жеңісті баянды ету - одан да қымбат.

16.

Көшеде көлденең тұра қалып, бірінің ернін бірі жұлып жердей боп жалмап, жұрт көзінше сүйісіп жатқан қыз бен жігітте ар да, ұят та болмайды. Ондай әдеттен без, ондай құрбыдан аулақ.



17.

Кей адам кілт етпе келеді. Бірақ ол мінез жас балаға, сұлу әйелге және ұлы адамға ғана жарасады. Бұл үшеуінен басқаға біткен қыңырлық қырсықпен тең.

18.

Махаббат барша байлықтан күшті. Бірақ күштіге де көмек керек. Сол сияқты махаббат та өзін байлық пен барлыктың қоса қолдауын ұнатады.



19.

Екі адамның бір-біріне шын ықыласпен қалтқысыз қызмет етуі не араларындағы адал махаббаттын, не асыл достықтың арқасы.

20.

Еркекке жүрек керек, әйелге тірек керек.



21.

Тірі адамның бар бақыты, бар қызығы жер бетінде. Оған көкке ұмтылудың немесе о дүниеден үміт етудің қажеті жоқ. Сол себепті бар терді төгіп, барша ой мен ақылды жұмсап, жер бетін, тұрған үйінді жұмақ ете біл.

22.

Ел сыйларлық бағаң болмаса, елге аға болдым деме.



23.

Жақсы адам - магнит. Магниттің бірнеше темір шегені өзіне тартып ала алатыны сияқты, жақсы адамның да жанына жұрт көп үйіріледі. Өзің жақсы болсаң - айналанда досың көп; жаман болсаң - жалғыз жүресің; орташа болсаң - сен де бір жақсының жанын жағалайсың. Досты сырттан іздеме, жақыннан ізде, өзіңнің ішіңнен, ішкі дүниеңнен ізде. Жаның жақсы, жүрегің жылы, ақылың парасатты болса - іздеген досың алыстан үйіріліп, өзі келеді.

24.

Біздің ауылдың қазақтары баяғы ескі әдетпен әлі күнге дейін жүзге бөлінеді. Содан соң әлі жеткені әлсізін аяғынан шалып, бөтен жүздің баласы деп жұдырықтап, жұлмалап, жүндеп жатады. Алауыздықтың атасы - жүз жойылса екен. Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсе екен!



25.

Ел билеген жақсы адамның өмірдің күнделікті күйбенімен кетіп, ертеңгі ұрпаққа мұра боларлық өз атынан ештеңе қалдырмауы өкінішті. Абай атамыздың өзгелерден артықшылығы да осында - артына тастап кеткен асыл кітабында ғой.

26.

Біреуді пәленше көп біледі деп мақтайды. Көп білген адам көп тындырса, мақтауға болар еді. Көп біліп, түк тындырмайтындар да бар. Мұндай іске пайдасыз білгіштікті білдім деудің қажеті жоқ. Ондай «білгіштен» аз біліп, көп тындыратын қоңырқай адамның өзі артық».



Меңтай дәптерінің бетін жауып, көкірегіне басты, жұртқа басын иді.

Қыздар қозыдай жамырасып, жарыса сөйлей жөнелді.

— Үндемей жүріп, бар білім сенде екен ғой, Меңтай.

— Міне, тамаша!

— Кітап сөзінен кем емес!

— Кей кітаптарды қырық рет ақтарсаң да, мұндай сөздерді таба алмайсың, - десті.

«Меңтайдың мұнша сабырлы, ұстамды болуы шеше тәрбиесінен екен-ау, - деп ойладым мен. - Асыл ана ешқашан да аптықпа, асықпа, шошақай болма деп қызының құлағына сіңіріп отырған-ау, тегі. Ақылды ананың адал перзентіне берген ақ бата - тәрбиесіне не жетсін, шіркін!»

— Ал Меңтай, сыйлығынды ал.

— Не тілейсің? - десті қыздар қаумалап.

Менің жүрегім, қос ішегі қатты бұралған домбырадай болып, соғуын тоқтатып, тынып қалған сияқтанды. Меңтай не тілер екен, Зайкүлше, біреу келіп бетімнен сүйсін дер ме екен деп ынтықтым.

Меңтай басын шайқады.

— Бұл менің өз жанымнан шығарғаным емес, мен апамның айтқандарын ғана оқып бердім. Сондықтан мен оған ешқандай сыйлық тілемеймін.

Менің екі бетім ду ете түсті. Жаңа, оз кезегім келгенде, біреудің сөзін оқып бергенім үшін ақы тілеп, Меңтайдың бетінен сүйгеніме ұялдым.

Кешіміз көңілді болып, ұзққка созылды да, университеттен жатақханаға кеш қайттық. Улап-шулап, көшені басымызға көтере дабырласып келе жаттық. Бір қаға берісте мен Меңтайға тіл қаттым.

— Меңтай, сен маған өкпелеп қалған жоқсын ба? - дедім.

— Неге?


— Бағанағы сүйгенім үшін.

— Ол, біріншіден, ойынның шартына байланысты болды ғой, - деді Меңтай. - Екіншіден, сіз менің ағайым іспеттісіз. Ағасы бетінен сүйгенге қарындасы өкпелеуші ме еді?

— Шын өкпелеген жоқсың ба? - дедім мен қуанып кетіп.

— Шын, - деді Меңтай байсалды үнмен.

— Онда рақмет саған...

Біраз жүргеннен кейін тағы да үн қаттым.

— Меңтай, бір өтінішім бар еді айтатын, - дедім.

— Айтыңыз.

— Рұқсат етсең, жаңағы оқығандарыңды көшіріп алар едім.

Меңтай үнсіз екі-үш аттады. Содан соң барып жауап берді.

— Дәптерде басқа да шимайларым бар еді, - деп баяу айтты да, тез шешімге келді. - Жарайды, алыңыз. Бірақ басқа ешкімге көрсетпессіз.

— Көрсетпеймін, - дедім мен ант еткендей елпілдеп.

Қыз қолтығындағы дәптерін маған берді.

Бағана, оны бір сүйгенге сүйегім балқыған еді. Енді дәптері қолыма тигенде патшаның сарайынан көтергенінше алтын алған қайыршыдай қуандым. Жатақханаға жетіп, бөлмеге кіргеннен кейін стол басына отыра қалдым да, шамды көлеңкелеп алып, қадалып қыз дәптерін оқуға кірістім. Дәптердің алғашқы бірнеше бетіне «АПАМНЫҢ АЙТҚАНДАРЫ» деген заголовокпен Меңтайдың бағанағы оқығандары тізілген екен. Оның одан кейінгі беттеріне қыз өзінің оқыған, білген, көрген жайларын жазыпты. Соларға байланысты өз ойларын маржандай тізілтіп, қысқа-қысқа етіп қағазға түсіріпті. Біткен әр ойдың арасын сызықпен бөліп тастап, кей жазбаларына жеке-жеке ат қойып, рим цифрларымен тараулап отырыпты. Дәптердің кей тұстары күнделік іспеттендіріліп, онда қыздың жан сырлары баяндалыпты. Мен ол беттердің бәрін дастарқандағы тәттінің бірінен соң бірін сұрап, қол созған баладай болып, бас алмастан оқи бердім.

Таң ағарғанша тапжылмастан отырып мен Меңтай дәптерінен мыналарды оқып шықтым.

«Құлақтан кірген өтірік пен өсек ғашықтар жүрегінің төріне тасқорған боп қаланады. Түрмедей қапас, сұрықсыз ол қорғанның кірпіштерін балталап бұзып, сүйменмен соғып, қирата алмайсың. Оған өзгеше құрал керек - ақтыққа көз жетіп, адалдыққа көңіл сенгенде ғана ол күл болып, көкке ұшады.

Зұлымдық махаббатты ториды. Қашан да махаббаттың қалай мерейін төмендетсем екен деп аласұрады. Тек күшті махаббат қана зұлымдықтың торына түспейді.

Шығыс нақылы. I. - Басқа кіммен дос болсаң, онымен дос бол, бірақ мынадай үш адаммен дос болма, - депті бір данышпан өзінен ақыл сұрай келген адамға. - Ақымақпен дос болма, ол саған жақсылық жасаймын деп жүріп-ақ жамандық жасайды; зеріккіш жанға жолама, қанша сенгеніңмен ол сені тастап кетеді; өтірікшіден аулақ бол, ол сені өсекке таңғанын өзі де сезбей қалады.

II. Бір адам қазының алдына келіп: «Менің үш түрлі құмарлығым бар, олар: шарап, әйел, өтірік айтушылық. Осы үшеуінің қайсысын тастасам екен?» - депті. Қазы ойланып отырып: «Өтірікті тастағаның жөн болар» депті. Кеңес алған адам қайтып кетеді. Бір күні оның бөтен әйелге көңілі ауады. Сонда оның басына мынадай ой келеді: іс аяғы насырға шауып, қазыға барсам - ол менен «Басқаның әйелін азғырғаның рас па?» - деп сұрайды. «Иә», - десем, жазаға ұшыраймын, «жоқ» десем, өтірікші боламын. Қой, одан да әйел құмарлықты да тастайын деген қорытындыға келеді. Сөйтіп, ол өзінің шарап құмарлығын да тастаған екен дейді. «Бұл байғұс неге шөлге құмар?» деп балық түйеқұсқа таңданады екен. «Бұл неге соншама суға ғашық?» деп түйеқұс балыққа танданатын болса керек.

Інжу теңіздің терең түбінен алынады. Теңіздің суығына тоңып, суына тұншықпағанның інжу мен меруертке қолы жетпейді. Махаббат та сол сияқты.

Жылтыраған кішкентай ұшқыннан лапылдаған өрт тұтанады. Махаббатта сол сияқты.

Жаманға бастамақ мұраттан жақсыға бастар ұят артық.

Шөлдемей тұрғанда екі рет ішкен судан шөл қысқанда бір рет қанғанның өзі абзал.

Жалықпайтын жан жартасты мүжіген сумен тең.

Кінә тағу - кикілжіңнің басы.

Зеріккіш жанның махаббаты қайтарылмас қарызбен тең. Соқырдың көзі көрмесе, күнде қанша жазық бар. Тату болып, ажырау жаныңа түскен дақпен тең. Араз болып, жақындау, ол да өзінше бір мерей. Тұрақтылық - махаббат мұраты.

Сүйіскен жандар бір-бірінен алыста жүрсе, түс көрісіп, түшіркеніседі.

Оңда тән табысса, түсте жан жанасады.

Түс туралы. Ғашықтар көретін түстің төрт түрі болады.

I. Сүйгені тастап кеткен ғашық түсінде сүйіктісімен жақындап, қайтадан татуласып жүргенін көреді. Ояна келсе, онысы түс болып, өкінішке батады.

II. Сүйгені жақында, бірақ аңаларында әлдебір салқын жүрген ғашык түсінде сүйгенінің өзін тастап кеткенін көріп, қатты өкініп, кейде өксіп жылап оянады. Бұл оның солай болып кетпесе игі еді деген ішкі ойының жалғасы.

III. Сүйгенінің үйі жақын жердегі ғашықтың түсіне алыстап, аулақтап кеткен боп көрінеді. Бұған қатты қиналып, үрейлене оянған ол бұл түсі екенін, ғашығының ешқайда кетпегенін біліп, «уһ!» деп, өз-өзінен қуаныш табады.

IV. Сүйгенінен алыста жүрген ғашык түсінде оның қасында болып шығады. Екеуі қосылып, қуаныш, рақаттабады. Ал ояна келгенде оның бірі де жоқ болып шығады да, бұрынғыдан да күшті қайғы мен қасіретке батады.

Ұстамды әйел мен ұстамды еркек күлге көмулі қоламтаға ұқсайды, олар күлді аршып, өздеріне жақын келген жанды ғана күйдіреді.

Өз ойларым:

Неге екенін білмеймін, мен әйелдер туралы, олардың жаратылыс-табиғатындағы мәңгілік мазасыздық жайында көбірек толғанамын. Кейде менің әйелді түнгі бөлмеде маздап жанып тұрған шыраққа теңегім келеді. Олай дейтінім, шырақ бүкіл бөлмеге сәуле шашып, нұр таратады. Соның жарығымен үй ішінің күндізгі тіршілігі жалғасып, шаруасы істеліп, реттеліп жатады. Сағат сайын шырақтың майы азайып, бойы аласара береді. Ең соңғы тамшы майы сарқылып, білтесі біткеннен кейін, «ал, маған разы болыңдар» дегендей, кеудеден ақтық рет дем шығарғандай бір дір етеді де, шырақ сөнеді. Ол жан-жағына үздіксіз жарық шашып, қараңғылықты қуалаумен бар өмірін өткереді де, мәңгі өшеді.

Байқап, барлап қарасақ, әйелдіңде өмірі осыған ұқсайтын сияқты. Бойжетті, босаға өзгертіп, басынан қыз дәурені кеткеннен кейін ол қызметке тұрады, жұмысқа орналасады. Біраздан кейін балалы-шағалы болады. Одан соң қызмет, күйеу және баланың ғана қамын ойлап, бар жанын соларға салып, дедектейді де жүреді. Кешке артынып-тартынып жұ-мыстан келе сала білекті сыбанып жіберіп, үй ішіне ас әзірлейді. Көпшілік еркектер түз шаруасы, кеңсе қызметінен келгеннен кейін, жығылып қалмау үшін дөңгелек үстелді жағалаған жас баладай болып, диванды төңіректейді. Мен мұны ауылдан да көп көрдім, қаладан да байқадым. Ал әйел оған мүлде қабақ шытпайды, балаларының бетінен бір-бір иіскеп алып, үй ішін күміс күлкіге толтырып, жайраңдап, жарқылдап жүре береді. Мен осының бәрі әйел жүрегіндегі шексіз махаббатқа байланысты-ау деп ойлаймын. Меніңше, әйел махаббаты - ең күшті махаббат. Еркектер әлімен күшті болса, әйелдер махаббатымен мықты. Әйел махаббаты - әлемнің тұтқасы. Мен осылай деп түсінемін. Әйел махаббатының күші Жердің тарту күшінен кем емес-ау деп ойлаймын.

Мінеки, әйел деген осындай, ерекше еңбекші жұрт. Ол дүниеге әмір таратады, қоғам игілігіне еңбегімен үлес қосады, семьяға қуаныш әкеледі. Сол үшін ол қарлығаштай лы-пып, ешқашан тыным таппайды. Бұдан басқа тіршілікті ешбір әйел өмір деп түсінбейді. Біз де бір күні семья құрып, апа, аналарымыздың мәңгілік кәсібіне кірісеміз-ау әлі. (Біздің диван жағалағыштарымыз қандай болар екен десеңші?!.).

Семья - мемлекеттің негізі. Біздің мемлекетіміз - азаттықтың, әділдіктің, адамгершіліктің Отаны. Семьяға адалдықтың үлгісі де елден елге, ұрпақтан ұрпаққа бізден тарауы керек. Сондықтан мен ерлі-зайыпты адамдардын жұптылық салтын адалдық заңындай ардақтап, бұлжытпай орындауын қалаймын. Әйелдің жүрегіне жара түспесе екен, ол әрқашан да бақытты, қуанышты бола берсе екен деймін. Барлық әйелдің күйеуі ақкөңіл, адал болса екен, олар әрқашан әйелдерін қадірлей білсе екен деп тілеймін.

Мен Отанымды сүйемін. Өз мемлекетімді өз үйімдей көремін. Егер мен соғыста болсам, сүйікті Отаным үшін Зоя Космодемьянская, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова сияқты, қасықтай қанымды, шыбындай жанымды аямас едім. Бірақ менің үлесіме соғысқа бару тиген жоқ. Мен бұл соғыста талай адамның қаны төгіліп қорғалған қасиетті мемлекетімнің моральдыкқ негіздері одан сайын берік бола беруін мұрат тұтамын. Өрістеген экономика мен берік моральдық негізі бар мемлекет ешқашан да, ешкімнен де жеңілмейді деп білгендіктен соны нығайта беруге үлес қосуды арман етемін.

Он сегіз жас - от боп лаулап тұрған шағы екен ғой адамның. Жаның жалынды болып, жас ғұмырды еліңе пайдалы етіп өткізгенге не жетсін! Жан-жағына нұр шашып өткен өмірден ардақты не болсын!

Кино - жақсы өнер. Бірақ кейбір қыздардың сабақты тастап, күн сайын киношыл болуы - жақсы өнер емес-ау. Көз көрмегенге күдік келтірме. Күдік - өтіріктің, жаланың бір түрі. Ауыздан шыққан сөзді аңдыма. Аңдысаң да жаманға жорыма. Сырлар Л. Кеше университеттен Е., Ж. және мен үшеуміз бірге қайттык. Күлкілі, қызық жайларды көп айтысып, жатақханаға дейін жаяу келдік. Бір кезде ұлдардың қыздардан сыр жасырмайтындығы, ал қыздарйың ұлдарға сырын айтпайтындығы сөз болды. Е. менен осының себебі не деп сұрады.

— Қыздың жағдайы қиын ғой, ағай, - дедім мен. - Олар жігіттерге сырын лак еткізіп ешқашан ақтара алмайды.

— Неге?


— Онын неге екенін айту қиын. Бәлкім қыз табиғаты, жаратылысы солай шығар. Әйтеуір қыз сырын ішіне бүгеді. Ол сүйіп тұрған адамына мен сені сүйемін деп айта алмайды. Айта алмағандықтан оның сүйген жігітінен айырылып қалуы да ықтимал.

— Айтуы керек қой.

— Ия, айтуы керек. Бәлкім қыздың қадірі сол айта алмауында шығар, кім біледі.

— Мен қыз болсам, айтар едім, - деді Ж.

— Қыз жанының нәзіктігі, жасқаншақ, үркек, сыршылдығы айтқызбаса, қалай айтасың? - дедім мен күліп.

II. Бүгін біздің бөлмеге жүгіріп 3. келді.

— Мен бір жігітпен танысып едім, соны сынап берші, - деді екі иығынан дем алып.

— Қой, 3., «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» деп заулатып қоя беретін жігіт жылқы емес, қалай сынайды оны? - дедім әзілдеп.

— Қойшы, сен білесің ғой, адамның жақсы, жаманын бірден айырасың ғой, - деп 3. өңештеп болмады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   28




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет