Студент:Тазабек Марал
Семинар сұрақтары:
1.Бірінші Президенттің бастамалары мемлекеттің жаңғыру жолында.
2. Жасампаздық негізі Қазақстандық мемлекеттіліктің үлгісі. Президенттің әлемдік өркениеттердің серіктестігі жөніндегі ойлары, қазіргі заманның сын- тегеуріндеріне берген жүйелі жауабы ретінде.
3.«Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» еңбегінің маңызы.
1.Бірінші Президенттің бастамалары мемлекеттің жаңғыру жолында
Мемлекет басшысы кеше ұсынған «Президенттің әлеуметтік бес бастамасы» барлық қазақстандықтарға тамаша тарту болды. Елбасымыз бұған да қашандағыдай барынша адалдық тұрғысынан келіп, айтарын айқын жеткізді – ол бұл қадамға жүйелі дайындалып, орайлы сәті туғанда өз шешімін жария етіп отыр. Аталған бастамалар өте өзекті еді, ол туралы қоғамымызда үнемі әңгіме болып жүрген. Президент мұны білді, бірақ құрғақ уәде беру оның әдетінде жоқ екені баршаға белгілі.
Адам үшін ең бастысы, сөз жоқ, басында баспанасының болуы. Кез келген мемлекет өз азаматтарын пәтермен қамтамасыз етуді қалайды, бірақ бұған бәрінің бірдей шамасы келе бермейді. Бүгінде елімізде 4 млн-нан астам отбасы бар. Енді солардың барлығына тың мүмкіндік туып отыр. Ол үшін «Жетi – Жиырма – Жиырма бес» атты президенттік бағдарлама жүзеге асырылмақ. Бағдарламаға сәйкес, жұмыс істейтін адамдарға 7% мөлшерлеме бойынша 25 жылға ипотекалық несие берілетін болады, бұл ретте бастапқы салым мөлшері баспананың жалпы құнының 20%-ынан аспайды.
Қазіргі таңда әлем мүлдем және түбегейлі өзгерді. Утопиялық идеология атаулы тарихтың тезінен өте алмай, күлі көкке ұшты. Өмірде тегін ештеңе жоқ – мұны бүгінде жер бетіндегі әркім-ақ біледі.
Сондықтан, баспаналы болғың келсе, оны сатып алу керек. Ал ол үшін жақсы жалақың болуы қажет. Президент салыстырмалы түрде төмен еңбекақы алатын қазақстандықтардың жағдайын ойлап, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап олардың табыс салығын 10 есе – 1%-ға дейін азайтуды ұсынды! Оған қоса үнемделген қаражатты олардың жалақысына қосу қарастырылып отыр. Демек, бұл шара барлық жалдамалы еңбеккерлердің ең кемі үштен біріне – 2 млн-нан астам адамның тұрмысына әсер етпек. Нағыз халық қамын көздеген саясат деп осыны айтуға болар!
Кірісің мол болуы үшін, әрине, біліктілігің жоғары болуы керек. Бұл орайда, сөз жоқ, жоғары білім алу – жаһандық үрдіс. Жоғары білікті мамандарсыз 21-ғасырдағы озық 30 ел қатарына қосылу мүмкін емес.
Сондықтан да Мемлекет басшысы жоғары білімге қолжетімділікті және оның сапасын, арттыру міндетін қойды. Деректерге сүйенсек, бүгінде елімізде 17 мен 29 жас аралығындағы жастар саны 3,5 млн-нан асады, соның тек 15%-ы ғана оқып жатыр. Бұл олқылықты түзету үшін қосымша тағы 20 мың грант бөліп, оның жалпы санын 2018/19 оқу жылынан бастап 74 мыңға жеткізу ұсынылуда.
Қайда тұратынын, қай ақшаға пәтер жалдайтынын білмейтін, үнемі соны ойлап жүретін студенттер Индустрия 4.0 элементтерін өмірімізге кеңінен енгізу ісін жүзеге асыра алмайды. Сондықтан Президент талантты жастарымызға шынайы әкелік қамқорлығын көрсетіп, 2022 жылдың соңына дейін 75 мың орыннан кем емес заманауи жатақханалар салу жөнінде міндет қойып отыр. Біздің болашағымыз –біздің жастарымыз!
Нарықтық экономиканың негізі – кәсіпкерлік екені мәлім. Егер үлкен өзен кішкентай жылғадан басталады десек, шағын бизнес – шағын несие беруден бастау алады деп тұжыруға болады. Мемлекеттің бүгінгі басты міндетінің бірі – жаппай кәсіпкерлікті дамыту.
Деректер бойынша, биылғы қаңтар айында елде өз-өзін жұмыспен қамтығандар – 2 млн-нан, жұмыссыздар саны 440 мыңнан аса адам болыпты. Шағын несие беруді 2018 жылы 14 мың адамды қамти отырып, былтырғыдан екі есе деңгейге, 62 млрд. теңгеге дейін көбейту туралы шешім – ең алдымен ел халқының 42%-ынан асатын ауыл тұрғындарына деген қамқорлықтың көрінісі. Ауыл – еліміздің жан-жүрегі, ол күнделікті жанашырлыққа зәру!
Жоба іс жүзінде барлық қазақстандықтарды қамтып, олардың асыл армандарына жол ашып береді.
Осынау өзекті Президенттік бастамалар ұлттың бақуаттылығының негізі болып табылатын әлеуметтік бірлікті нығайтуға бағытталып отыр.
Біз оған міндетті түрде қол жеткіземіз, өйткені халықтың ертеңгі күнге берік сеніммен қарауы үшін тынбай еңбек етіп келе жатқан, еңбек ете беретін біздің Елбасымыз бар!
2. Жасампаздық негізі Қазақстандық мемлекеттіліктің үлгісі. Президенттің әлемдік өркениеттердің серіктестігі жөніндегі ойлары, қазіргі заманның сын- тегеуріндеріне берген жүйелі жауабы ретінде
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қаламынан 50-ден астам кітап шыққан. Соның ішінде 2017 жылдың аяғында жарық көрген «Тәуелсіздік дәуірі» атты еңбегінің алатын орны ерекше.
Республикамыздың қоғамдық-саяси, мәдени және ғылыми өміріндегі елеулі оқиғалардың біріне айналған бұл кітап – ғасырларға бергісіз Ұлы дәуірден қалыптасқан тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің шежіресі іспеттес. Өйткені оны осы тәуелсіз елдің шығу «тегін», қалыптасу кезеңдерін, даму бағыттарын жақсы білетін адам жазды. Кітаптың мазмұндық желісі жан-жақты ойластырылған, ғылыми тұрғыда дәйектелген, дәлелді және нақты фактілерге негізделіп түсінікті тілмен қысқа да нұсқа жазылған. Оның ерекшелігі – Н.Ә.Назарбаевтың әр істің басында болып, оларды идеялық жағынан қамтамасыз етіп, өзі көріп, өз қолымен атқарған жұмыстарын осы кітабында ой елегінен өткізуінде жатыр. Президенттің ел тағдыры үшін маңызы бар іс-шаралардың жоспарлану кезеңінен бастап, олардың орындалу барысы мен нәтижелеріне дейін тікелей өзінің бақылауында ұстап отыруы, барлығынан хабардар болып, мәселені терең меңгеруі оқырмандар тарапынан Мемлекет басшысы Н.Назарбаевқа деген қызығушылықты арттырып, оның жеке пікірін білуге деген ұмтылыс тудыратыны түсінікті нәрсе.
Елбасы өзі салған «қазақстандық жолды» араға ширек ғасыр уақыт салып қайта жүріп өткендей. Оны саралап, сол кездері қабылданған шешімдер негізінде ескі қағидаларды қалай қиратып, батыл реформалар жүргізіп, инновацияларды өмірге енгізгендігін дәлелді көрсеткен. Кітапта жаңа саяси жүйе құрудың өзіндік, тек Қазақстанға ғана тән ерекшеліктері айқындалған, нарықтық экономиканың негізі мен құқықтық мемлекеттің іргетасын қалаудың ерекшеліктері көрініс тапқан. «Алдымен экономика, содан кейін саясат» қағидатының шешуші рөл атқарғандығына көңіл аударылған. Осы нәтижелердің негізінде жинақталған жеке тәжірибесі мен саяси ұстанымдарын Елбасы тағы да бір ой елегінен өткізіп, елдің, халықтың болашағына бағдарланған жаңа стратегиялық жоспарларды рет-ретімен ұсынып, оларды жүйелі түрде іске асырудың тетіктері мен алғышарттарына тоқталған.
Дағдарыстарды еңсеріп, жаңғыру процестерін ілгерілету барысында көптеген жаңашыл экономикалық, саяси механизмдер мен қағидаттар пайдаланылды. Солардың ішінде Елбасы дағдарыстарды серпіліс үшін тиімді пайдаланып, қалыпты жағдайлардан ғана емес, сондай-ақ дағдарыстан да ұпайын жоғалтпай, пайдамен шығып отырды. Олар өз кезегінде елдің экономикасы мен мемлекеттік басқару жүйесін үнемі жетілдіріп, дамытып отыруға септігін тигізді.
Президенттің мінсіз логикаға негізделген басым бағыттарды дұрыс айқындауының арқасында экономика саласындағы табыстарымыз сайып келгенде саяси реформаларға ұласты. Халықтың әл-ауқаты өсті, елде тұрақтылық орнады, азаматтардың этностық сипатына қарамастан заң алдындағы теңдігіне, яғни ұлтаралық бейбітшілік пен келісімге қол жеткізгендігіміз аталмыш кітаптың арқауына айналған. Елбасы еңбегінде сыртқы саясаттың айқын және мызғымас басымдықтарына да егжей-тегжейлі тоқтаған. Көпвекторлық қағидатына негізделген сыртқы саясатымыз Қазақстанның әлемдік деңгейдегі беделін көтергендігі, оны халықаралық сахнада танымал еткендігі де нақты көрініс тапқан. Осының барлығын талдай келе, Н.Ә.Назарбаев «мемлекеттік құрылыс пен дамудың айрықша қазақстандық үлгісі қалыптасты деуге толық негіз бар», деп қорытады.
Еңбектің құндылығы – болашаққа жол салған жетістіктердің аталуында. Елбасы олардың қатарына жаңа мемлекеттің құрылуын, тәуелсіздіктің тәжі – Астананың салынуын, Қазақстан халқын біртұтас ұлт ретінде қалыптастырудың басталғандығын және қазақстандық даму моделінің жасалғандығын жатқызады. Тарихи тұрғыдан алып қарағанда Президенттің жасампаздық дәуірі – тәуелсіздік кезеңдерін негіздеп, тұжырымдауын орасан зор маңызы бар оқиға деп қарастырған жөн.
Бір сөйлеген сөзінде Елбасы ХХІ ғасырдағы Қазақстан табысының кілті ретінде жаңғыру ұғымын бірінші орынға қойып, «Жаңғыру – менің мемлекеттік саясатымның басты өзегі», деген болатын. Еңбектің тағы бір ерекше тұсы да осында болса керек. Өйткені бұл жұмыс Қазақстанды жаңғыртудың үш толқынын жүйелі түрде зерделеу негізінде жазылған.
Бұл ғылыми және саяси тұрғыдан алғанда мүлдем жаңа көзқарас, ал методологиялық жағынан келгенде де орынды ұстаным. Себебі тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ Н.Ә.Назарбаев ел дамуының басты бағыттарын, болашағын айқындау мәселесіне көп көңіл бөлді. Посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер арасында алғаш болып стратегиялық бағдарламалар қалыптастырып, оны кезеңдерге бөліп, аралық қысқа және орта мерзімді жоспарлар жасауды қолға алды. Жасампаздық дәуірінің екінші кезеңімен тұспа-тұс келген Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылданып, президенттік иснтитуттың нығаюы дағдарысты еңсеруге, ұзақ мерзімдік «Қазақстан-2030» стратегиясы негізінде мемлекеттің жүйелі дамуына жағдай жасады.
Бетбұрыстық сипат алған осындай әлеуметтік-экономикалық, саяси және қоғамдық даму үрдісі Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдаулары арқылы мемлекеттік саясаттың басымдықтарын анықтап, оларды тиісті жоспарлар негізінде іске асыруға мүмкіндік тудырып отырды.
Осылайша, сонау 90-жылдардың бас кезінен бастау алған жаңғыру процесі өзіндік логикасы бар, жүйелі сипатқа ие болып, бүгінгі рухани жаңғыру кезеңімен өз жалғасын тауып отыр. Оның диалектикалық бастауында да, оның қайнаған ортасы мен кіндігінде де, даму процесінде де, қазіргі жаhандану заманында халқымыздың рухани мәйегін нығайтып, оны әрі қарай жалғастыру жолында да Елбасы тұрды. Ендеше жаңғыру саясатының үш толқынының басын қосып сараптау, зерделеу, сол жаңғырулардың контекстінде болашаққа бағытталған тағдыршешті қорытындылар жасап, стратегиялық жоспарлар құру Н.Ә.Назарбаевтың еншісіне тигені де заңды нәрсе.
Бұл кітаптың маңыздылығы қазақстандық даму үлгісінің табиғаты мен эволюциясын жан-жақты және терең зерттеуге арналғандығында. Осы жағдайдың өзі біз қарастырып отырған еңбекке тек тарихи публицистика жанры тұрғысынан ғана қарауды аздық ететін сияқты. Оны толыққанды ғылыми басылым, бай және құнды дереккөз ретінде қарастырған орынды шығар.
Оған негіз де бар. Автор кітапты жазу барысында өзінің түпнұсқалық жазбаларын, мұрағаттық құжаттарды, статистикалық мәліметтерді кеңінен пайдаланған. Оның үстіне Мемлекет басшысы талдап отырған стратегиялық құжаттар, жалпыұлттық бағдарламалар мен ресми шешімдердің барлығы кезінде Елбасының жеке бастамасымен, ұсынысымен ғылыми тұрғыда негізделіп, оның тікелей басшылығымен өткен мәжілістерде жан-жақты талқылаудан өткен дүниелер. Мәселен, кітапта арнайы қарастырылған Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдаулары айтқандарымыздың дәлелі бола алады. Оларға Президенттің қайтадан оралып, тарихи кезеңдермен, жаңару саясатымен байланыстыра жүйелеуі осы кітаптың тағы бір ұтымды қыры деп есептеймін.
3.«Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» еңбегінің маңызы.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін қысқа мерзімнің ішінде геосаяси кеңістік жүйесінен өз орнын табуы, өзінің ұлттық-мемлекеттік мүдделерін қалыптастыруы, сыртқы саяси басымдықтарының бара-бар жүйесін құруы және сыртқы саяси стратегиясының негіздерін қалауы тиіс болды. Көптеген шетелдік және отандық сарапшылар бұл міндеттер елдегі күрделі кезеңде оны Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаруының арқасында ойдағыдай шешілді деп санайды. Н.Назарбаевтың ең жоғары деңгейде тікелей өзі орнатқан байланыстар отандық сыртқы саясаттың қалыптасуының маңызды міндеттерін шешуге көмектесті. Басты мақсат ретінде Президент Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуы стратегиясын ойдағыдай жүзеге асыру үшін қолайлы сыртқы жағдайларды қалыптастыру мен ұстап тұрудың жолдарын қарастырды. Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саяси бағытының негізгі ұстанымдарын Президент 1992 жылы «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасу және даму стратегиясы» атты еңбегінде айқындады, онда халықаралық аренада ҚР сыртқы саясатының бейбітшілік сүйгіш бағыты жарияланды: «Кез келген әскери жанжал апатты салдарларға әкеп соғатынын түсіне және өз жауапкершілігін сезіне отырып, бейбітшілікті сақтау Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдықты мақсаты деп танимыз; саяси, экономикалық және басқа да мақсаттарға қол жеткізудің құралы ретінде соғысқа немесе әскери күштер қаупіне жол бермейміз; ядросыз мемлекет мәртебесін алуға және ядролық қаруды таратпау шартына қосылуға ұмтыламыз; жаппай қырып-жоятын қаруларды бірінші болып қолданбау ұстанымын қуаттаймыз және осы міндеттемелерді барлық әлемдік қоғамдастық мемлекеттері қабылдауын жақтаймыз; белгіленген шекаралардың мызғымастығы ұстанымдарын, басқа мемлекеттердің ішкі ісіне араласпауды қолдаймыз». Н.Назарбаевтың сыртқы саясат доктринасының жүйе құраушы элементі болған көпвекторлы саясат әлемдік істерде елеулі рөл атқаратын және ел үшін практикалық маңызы бар барлық мемлекеттермен достық және болжана алатын өзара қарым-қатынастарды дамытуды көздейді. «Қазақстан өзінің геосаяси орналасуына және экономикалық әлеуетіне қарай тар аймақтық проблемалармен шектеліп қалмауы тиіс, - деді Президент. - Бұл біздің көпұлтты халқымызға ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастыққа да түсініксіз болар еді. Қазақстанның болашағы - Азияда, Еуропада, Шығыста және Батыста. Нақ осындай саясатты жүргізе отырып, біз Қазақстанның қауіпсіздігіне қандай да болмасын қатерлердің пайда болуына жол бермейміз». Өмір көпвекторлық ұстанымын толығынан ақтап шықты, республиканың өзінің ұлттық мүдделерін тиімді жақтай отырып, халықаралық аренада дербес және ықпалды ойыншы болуына мүмкіндік берді. Бірде Француз Республикасының Президенті Жак Ширак Қазақстан туралы былай деген болатын: «Франция 1991 жылы болған өзгерістерді маңызды және шешуші деп бағалайды. Белгісіз және күрделі жағдайда Сіздің еліңіз мемлекет құрудың қайтпас жолына түсті, өзінің ұлттық құндылықтарына және ұзақ тарихына адалдықпен қатар демократия мен құқықтық мемлекеттің жалпыадамзаттық ұстанымдарын. жақтайтындығын мәлімдеді. Қазақстан 15 жыл ішінде тұрақты институттары және серпінді экономикасы бар елге айналды». Н.Ә.Назарбаев алдын кеңінен шолып, халықаралық өмірдің негізгі мегатрендтерін практикалық саясатында ескеріп, ұрымтал сәттерді өзіне тән сезімталдықпен байқап отырады. Кейбір бұрынғы кеңестік көшбасшылар біздің Президенттің 1994 жылғы наурыздың 29-ында ММУ-да сөйлеген кезіндегі айтқан еуразиялық бастамасын дер кезінде ұғынып, бағамдай алмады. Алайда бұрынғы кеңестік кеңістіктегі мемлекетаралық қатынастардың одан кейінгі бүкіл даму қисыны еуразиялық идеяның өміршеңдігін қуаттады. 2000 жылғы қазанның 10-ында Қазақстан, Ресей, Беларус, Қырғызстан және Тәжікстан Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты (ЕурАзЭҚ) құрды, ол бүгінгі таңда бұрынғы кеңестік кеңістіктегі ең табысты және тиімді ықпалдастық жобалардың бірі болып табылады. Н.Ә.Назарбаевтыің беделі мен ықпалының арқасында Қазақстан еуразиялық ықпалдастықтың локомотивтерінің біріне айналды. Ресейлік сарапшылардың атап көрсетуінше, Қазақстан қазіргі кезде Ресейдің тең дәрежедегі стратегиялық әріптесі болып қана қоймай, бұрынғы кеңестік кеңістіктегі оның табиғи бәсекелесі болып отыр. Сонымен қатар мамандар ЕурАзЭҚ бойынша әріптестерімен бірге, Қазақстан ГУАМ елдері - Грузиямен, Украинамен, Әзірбайжанмен және Молдовамен қатынастарды ойдағыдай дамытуда. ҚР-ның бұл жолдағы маңызды жеңісі әзірге Ресей, Беларус және Қазақстан кіріп отырған Кеден одағының құрылуы болып табылады. 2010 жылдың басында бірыңғай кедендік тариф күшіне енді. Үш елді бірыңғай кеден аумағына біріктірген нағыз одақ жақында ғана шындап жұмыс істей бастады. «Әртүрлі күрделі жағдайларға қарамастан, біз ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне шықтық, - деп мәлімдеді жақында РФ Президенті Дмитрий Медведев. - Бұл аса күрделі келіссөздердің нәтижесінде туған өте маңызды, көптен күткен оқиға болды». Нұрсұлтан Назарбаев көпполярлы әлемге кәміл сенген жақтаушы. 1992 жылдың өзінде өзінің «Қазақстанның егемен мемлекет ретіндегі қалыптасу және даму стратегиясы» деген еңбегінде Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың ұжымдық қауіпсіздігін құруға ұмтылады деп айқын мәлімдеген болатын. Аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ЕҚЫҰ маңызды рөл атқаруы тиіс, оның әлеуеті әлі де түгесілген жоқ. Ішкі және сыртқы саясат саласында елеулі табыстарға қол жеткізген Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға ұсынары да жеткілікті, сондықтан да біздің еліміз осы беделді Ұйымға төрағалыққа өзінің кандидатурасын ұсынды. Бүгінде бұл төрағалық нақты шындыққа айналғаны белгілі. Ол жөніндегі шешім Қазақстанның демократиялық қоғам және ырықтандырылған нарықтық экономика құрудағы нақты жетістіктерін тану болып табылады. Нұрсұлтан Назарбаев республиканың 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағасы лауазымына сайлануы Батыс пен бұрынғы Кеңес Одағы елдері арасындағы өзара қарым-қатынастардағы бетбұрысты алғашқы қадам болып табылады деп санайды. Қазақстан жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау режімін нығайтуға да елеулі үлес қосты. КСРО тарағаннан кейін Қазақстанның иелігінде әлемдегі төртінші әскери ядролық арсенал қалды. Н.Назарбаевтың қажымас жігерінің арқасында Қазақстан ядролық қарусыздану жолына ерікті түрде және белсенді қосылды. 1991 жылғы тамыздың 29-ының өзінде Семей полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойылды, ал 1992 жылы біз Лиссабон хаттамасын ратификациялап, ядролық қаруы жоқ ел ретінде ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылуға міндеттендік. 1993 жылғы желтоқсанның 13-інде Қазақстан Ядролық қаруды таратпау шартын ратификациялады, ал 1994 жылғы ақпанның 14-інде МАГАТЭ мүшесі болды. Өркениеттер, мәдениеттер және діндер арасындағы тұрақты диалогтың қажеттігін Н.Назарбаев басқалардан гөрі терең сезіне отырып, оның белсенді жақтаушысы болып келеді. Қазақстанда 130-ға жуық ұлт пен 46 конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Үш жылда бір рет мұнда ғаламшардың «ыстық нүктелеріндегі» дінаралық шиеленісті бәсеңдету тетіктерін қалыптастыру және өзара түсіністікті іздеуге жәрдемдесу үшін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өткізілуде. 2003 жылы АҚШ Президенті Джордж Буш: «Өзі де көпұлтты және көп конфессиялы ел болып табылатын Құрама Штаттар үшін мұндай кездесулер демократия негіздерін қалыптастыратын толеранттық пен құрмет құндылықтарын алға жылжыту үшін Орталық Азиядағы достарымызбен ынтымақтастықтың маңызын атап көрсетеді», деген еді. Еліміз Президенті жүргізіп отырған ішкі саясат та ойдағыдай болып отыр. Соның арқасында 90-жылдардың басында да Қазақстанда ұлтаралық шиеленістің ұшқыны да болған жоқ. Басқалар, әсіресе көбіне дамыған мемлекеттердегі сияқты қазіргі экономикалық дағдарыстың салдарын да біз аса көп сезе қоймадық. Біз экономика өсімі қарқынының шұғыл бәсеңдеуіне және отандық қаржы жүйесінің дағдарысына жол берген жоқпыз. Екінші деңгейлі банктерді мемлекеттік қолдау елдің қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік берді, ал мұның өзі өз кезегінде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың негізі болды. Мемлекет екінші деңгейлі банктердегі халықтың барлық салымдарын кепілдендірді, стресстік активтер қорын құрды. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етті: елдің барлық аймақтарында азық-түліктік бидай, күріш, өсімдік майы, құрғақ сүт, ет пен сары май бойынша тұрақтандыру қорлары құрылды. Құрылыс нарығының проблемалары табысты шешілді, үлестік тұрғын үй құрылысы нысандарын аяқтау үшін бюджеттен жүздеген миллиард теңге бөлінді. 2010 жылғы қаңтардың 29-ында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Қазақстан халқына «Жаңа онжылдық-жаңа экономикалық өрлеу-Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жариялады. Онда былай делінген: «Ел тарихының ХХІ ғасырдағы аса бір күрделі кезеңі аяқталып келеді. Дүние жүзінің экономикасын тұралатқан жаһандық дағдарыс дауылы әлі басыла қойған жоқ. Алайда ол өзінің алғашқы алапат қуатынан айырылды. Біз тастүйін дайын болғандықтан, оның салдары біздің еліміз үшін соншалықты ауырға соққан жоқ». Мемлекет басшысының айтуынша, біз ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығына белгілеген барлық міндеттерді шештік. Президент 2009 жылы көптеген дамыған елдер рецессияны бастан кешіріп жатқанда, Қазақстанда экономика өсімі 1,1 пайызды, өнеркәсіпте - 1,7 пайызды құрағанын еске салды. Ұлттық қордың жалпы халықаралық резервтері мен активтері бүгіннің өзінде 50 миллиард доллардан асып түсіп, соңғы он жылда 25 еседен астамға өсті. «Менің басты мақсатым - еліміздің алдағы онжылдықтағы экономикалық өрлеуін қамтамасыз етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу», - деп мәлімдеді Н.Назарбаев. Таяудағы онжылдықтағы бүкіл елдің жалпыхалықтық міндеті индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы болуы тиіс. Тек осылай ғана біз әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына ене аламыз. Жеделдете индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасына қатысты Президент әңгіме жалпы көлемі 6,5 триллион теңге инвестицияны құрайтын 162 жобаны жүзеге асыру жайында болып отырғанын атап өтті: бұл елдің жалпы ішкі өнімінің 40 пайыздан астамын құрайды. Мұның бәрі Қазақстанға таяудағы үш жылдың ішінде 200 мыңнан астам тұрақты жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Қазақстанның саяси жүйесін дәйекті жаңартуда таяудағы ондылдықтағы құқықтық реформа маңызды рөл атқарады. Құқық қорғау жүйесін реформалау жөнінде елеулі жұмыс атқаруға тура келеді, оның негізгі бағыттары Елбасының «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру шаралары туралы» Жарлығында белгіленді. Бұдан басқа, Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке 2010 жылдан бастап аймақтарда кәсіпкерлікті дамыту бойынша бірыңғай бюджеттік бағдарламаны жүзеге асыруға тапсырма берді. 2020 жылдың соңына дейін ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайызға дейін артуы тиіс. Қазақстан бизнес ахуалы ең қолайлы 50 елдің қатарына кіруі тиіс. «30 елдің қатарына кіру міндетін де алдымызға қоюға болады, өйткені ол да қолымыздан келетіні кәміл», - деп атап өтті Н.Назарбаев. Жеделдете индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасы жобаларын қаржыландыру үшін Қытайдан, Оңтүстік Кореядан, Біріккен Араб Әмірліктерінен, сондай-ақ француз, итальян және ресей компанияларынан жалпы сомасы 20 миллиард доллар инвестициялар тартылатын болады.
Достарыңызбен бөлісу: |