Сабақ бойынша мұғалімнің жазбалары:
І.Ұйымдастыру кезеңі
а) Амандасу
ә) Сынып оқушыларын түгендеу.
б) Сергіту сәті «Сыйлық»
ІІ.Жаңа сабақ
Мұғалім мәтінді екі мәрте оқиды, оқушылардың түсінігі сұралады.
Тақтаға мәтіннің жоспары жазылады
Бірлік
Ауыл маңындағы құм төбешік бейне құрылыс алаңы секілді. Бір топ бала жұмсақ, майда құмнан үйшік қалап жатыр. Самат пен Арман кішкентай машиналарымен тал шыбық тасып жүр. Аспандағы алтын күн де бұларға қызыққандай, арайлы сәулесін аямай төгіп тұр. Осы кезде жайылып жүрген төрт-бес бұзаудың ішіндегі ала қасқа біреуі төбешікке тіке тартты. Басын тұқыртып, кәдімгідей айбат шегеді. Сүзетін түрі бар. Балалар ойыншықтарын тастай салып, жан-жаққа бытырай қашты. Бұзау ойыншық үйлерді иіскелеп тұрды да, быт-шытын шығарып тастап кетті.
Келесі күн де Мұраттар құм төбешіктің басына жиналып, қираған ойыншық үйлерді қайта салуға кірісті. Сүзеген бұзаудың келгенін байқамай қалды. Бірақ бұл жолы бірде-бір бала қашпады. Қайта қолдарындағы құмды шашып, барлығы қарсы тұрды. Енді сүзеген бұзаудың есі шықты. Тоқтай қалды да, таңырқай басын шайкады. Сонан соң өз жөніне кете барды. Мұрат табалдырықтан аттай беріп:
-Ата, біз бүгін бұзақы бұзауды қуып жібердік,—деді, тершіген танауын сипалап.
—Кім біледі, бұзақы бұзау ертең тағы келер...
—Келсе, келе берсін! Енді одан мүлде қорықпаймыз.
—Міне, қарағым, ұқтың ғой. Бірліктен, достықтан асар күш жоқ!
Алпысбай қарт та немерелерімен бірге қуанды. Балалардың көңілдері көтеріңкі. Құм қалашық сән түзеп, думанға бөленген.
Міне, осылайша мәтінді окып болған соң осы мәтін негізінде жоспар түзуін тапсырамын. Жоспар төмендегіше:
1. Құм үйшік.
2. Сүзеген бұзау.
3. Қайта салынған үйлер.
4. Қарсылық көрсету.
5. Бірлік күші.
|