СКОРПИОН МЕН ҚАЙРАТТЫҢ ҚҰБЫЛУЫ
Скорпионның ұясы. Бөліп ал да, билей бер!
Интернеттің пайдасы: Сашаның шыңырау-перне мен «Табалдырық қосбасар» күйі туралы мағлұматты табуы.
Каникул қарсаңындағы соңғы күн.
Шалдың жоспары жүзеге асты. Аспараға жала жабылды ма?
Достар жұмбақ Күйшіге қонаққа барады.
Қабырғалары төбеге шейін тұнжыр күңгірт жасыл майлы бояумен сырланған тап-тар асүйде, дастарқаны тілімделген үстел басында атасы таңғы асын ішіп отыр. Буфет әйнегінің ар жағына қойылған өткір көзді, қатаң әскери киімді, ұзын мұртты кексе адамның фотосуретіне таңғы күн сәулесі түсіп тұр. Әншейінде жуас, момын көрінетін шалдың мінез-құлқы осы жерде, өз үйінде мүлде басқаша болатын. Сырт көз жоқ жерде қой аузынан шөп алмайтын жуас деп айтуға болмайтын еді оны. Мектеп формасын киіп үлгерген Скорпион атасының жанына келіп отырды да, печеньеге қол созды. Көмескі тартқан қырлы стақандағы ыстық шайдан бір ұрттап, атасы әр сөзін шегелей сөйледі:
Ешқашан ешкіммен аса бір себепсіз жауласудың қажеті жоқ. Ақылдырақ болсаң ғой, қазір солардың сеніміне кіріп алар ең.
Ата-ау, саған не болған? – деді Скорпион шамырқана. – Қайтесің сол кеңкелестерді!
Шал стақанды тарс еткізіп, үстелге қойды.
Қанша айтуға болады, ол күшіктер де, олардың әлгі ескі тостағаны да керек емес маған! Бірақ, олар бізге қауіп төндіреді. Сезем, олар өте қауіпті...
Несі қауіпті? Батон доссымақтарымен бірге Алтын тостағанды іздестіріп жүр. Қайдағы бір, Ас... Асарамен кеңеседі. Олары жай бір жаңа компьютерлік ойын шығар, ондайда естері шығып кететіні бар олардың, - солай деп, мырс еткен Скорпион, самай тұсын саусағымен шұқыды.
Шал түрегеліңкіреді де, немересінің үстіне төнді. Өлекселенген нұрсыз шегір көздері ағарған қастарынының астынан қарсысындағы қара ноқатты шегір көздерге шаншыла қарайды. Үстелде жатқан құрсаудай қатты, қарттықтан теңбілденген сіңірлі қолы жұдырық болып түйілді:
Жоқ, бұл ойын емес. Ішім сезеді, ойын емес, - ол жұдырығымен үстелді ақырын қойып қалды. Бас бармағы пен сұқ саусағы жұдырығынан ажырап, әлдекімнің алқымына жармасқандай, тарбия қалды. – Компьютердегі атыспақтардан бәрің де кещеленіп кетесіңдер. Анау Бату соңғы күндері қатты өзгеріп кетті деп, өзің айтқансың. Басқалары да сондай – ақылды, батыл, күшті - болып кетсе, қайтесің?! Өмірің тозаққа айналады ғой! Ешкімді арандата алмайсың, шошытып-үркіте алмайсың, өсім ақша талап ете алмайсың!
Атасының тесірейген көзіне шыдамаған Скорпион, төмен қарап кетті. Шалдың екі саусағы, ақыры, сығымдай бүрілді де, сарғайған төртбұрышты тырнақтар көрінбес жаудың кеңірдегін суырып алды.
Скорпион маңқ етті:
Аха... Енді не?
Ескі қағида бар – «бөліп ал да, билей бер» деген. Латыншасы қалай екенін ұмыттым. Оларды араздастыру керек. Балалар анау Аспараға сенуден қалатындай қылу керек.
Аха... Ал, қалай?
Сенің айтқаныңды олар құлағына да ілмейді – ол анық.
Скорпион ойланып отырды да, былай деді:
Ал, егер анау, Қайратты араларына сыналастырсақ, қайтеді, а?
Шал жымырыңқы еріндерін малжаңдатты:
Оны топас деп, өзің айтып ең ғой. Ал, мынандай қитұрқы істе иненің көзінен өткендей еп керек. Қулық пен жүйрік тіл керек. Әйтсе де... Қайратты бір рет жұмсап көруге болар. Ендеше тыңда...
Әлі де ұйқылы-ояу маужыраңқы Бату мектепке жиналды. Ол анасына бүгін тоқсанның соңғы күні екенін, сабақ жөнді болмайтынын, басқа мектептерде ендігі каникул басталып та кеткенін сылтауратып, осылардың құрыған гимназияларында ғана директордың басына қысқы карантин күндерінің орнын толтырамыз деген құрыған идея келгенін айтып, сабаққа бармаудың амалын жасап көрген. Бірақ, анасы, әдетінше, көнбеді. Тым көзге ұра есінеп-құсынамауға тырысып, Бату қызыл шақа бақырауық Тұмарды көтеріп, ауызғы үйге шыққан, ұйқысыз түннен жүзі шаршаулы анасымен қоштасты.
Маматай, ұйықтап, тынығып ал.
Айналайын, перзентханада жатқанда, сені қатты сағындым. Өзің есейіп қалған сияқтысың. Әсіресе, балақайдың қасында кәдімгідей үлкен көрінесің.
Анасы баласын өзіне тартып, мұрнын оның қалың қара шашына көмді.
Есік сыртына шыққан соң, аузын кере есінеген Батудың көзінен жас шығып кетті. Басын сілкіп қалып, ол баспалдақпен жүгіріп түсті де, шыға берістегі Дананы қуып жетті. Бұлардың гимназиясында ғана емес, басқаларда да сабақ болатыны туралы ойдан аздап көңілі орнына түсті.
Сәлем!
Сәлем, Бату! Не, қарындасың жылап, ұйқы бермеді ме?
Саған да естілді ме?
Аздап. Оқа емес, жуырда қояды.
Білесің бе, ол сондай кішкентай, сондай күлкілі! Екі беті қып-қызыл, шашы қап—қара! Ал, көздері бір түрлі бұлдырап тұрады және, көгілдір сияқты.
Жаңа туғандар сондай болады, - деп білетін кісінің сыңайымен түсініктеме беріп қойды Дана.
Қызық болды. Мамамды перзентханадан шығарып алуға дайындалып, үйдің ішін тазалағанда, Тұмармен ойнаймын ғой деп, ескі ойыншықтарымның бәрін жуып қойғанмын. Ал, ол ойнамақ түгілі, отыра да алмайды.
Үйдің бұрышында достарын тосып Саша тұр еді. Оның әлденеге дән риза екендігі, бірақ, жаңалықтарды бірден жайып салмай, өзін-өзі ұстауға тырысатыны байқалады.
Балалар жаяу жолды жағалай тұрған көліктердің тұсымен үнсіз жүріп келеді. Әл-Фарабиден жоғары бұл маңда мектеп атаулы жоқтың қасы. Сол себепті, алда, әдеттегідей, бірталай жол жатыреді. Күн әлі ерте болатын. Таңғы тымық ауада көктемнің жұпары аңқиды, ал, енді бір сүт пісірімнен соң ол да қызған моторлардың бензинді сасығына сіңіп жоғалады. Бұтақтары сынық, қиқы-жиқы, бірақ, гүл жарғалы тұрған өрік ағашының жанынан өтіп бара жатып, Дана төменгі бұтақтың ұшын сипап, әлдене деп күбір етті. Ол соңғы рет қонаққа келген әжесінің осы бір қала түтінінің қақ ортасында гүлдеп тұрған өрікке сүйсіне қарап: «Жарықтық! Тірі жанға тағы да көктем келді ғой» дегенін есіне алды.
Дана күрсініп, ұлдарға:
Кеше музыка мектебінде болдым. Педагогтан шыңырау перне мен «Табалдырық қосбасар» жайында сұрадым, - деді.
Иә, ол не деді?– деп сұрады Бату.
Ол маған ауру адамды көргендей ажырайып қарады. Шамасы, ол туралы ештеңе білмейді. Оқулықтан да ештеңе таппадым.
Есесіне мен бәрін таптым! – деп мәлімдеді кенет Саша мақтанышпен.
Бұған жалт бұрылған Бату мен Дана, тіпті, бұрыштан шыға келген машинаны байқамай қалды. Саша никелді бампер сүйкеп өтердей қауіпті жерде тұрып қалған Батуды жеңінен тартып, жаяу жолға қайта шығарды.
Нені таптың?
Неге айтпайсың?
Саша ішіне сыймай кернеп бара жатқан көп мағлұмат пен мақтаныштан күпсініп, асыға қоймады. Өзінің маңыздылығын сезініп, соны шашау қылудан қорықты. Кеше қолқаны қапқан шаңнан түшкіріп, кітап шкафын ақтарыстырып, үшінші қатардағы ұмыт қалған жұлым-жұлым «кірпіштерді» суырып, парақтағаны бекер емес қой! Түн жарымына шейін ғаламторда отырып, біресе попсалық сайттарға кіріп кетіп, біресе, әлсіз Kaznet желісінен Runet-ке шығып қалып, қазақ музыкасы мен тарихы туралы іске татырлық сілтемелерді сұрыптағаны бекер емес қой!
Саша өзінің машақатты ізденісі жайлы, одан соң, дәнеңе таппай, әбден түңіліп, интернеттен шықпақ болғанда, соңғы сілтемені ашып қалып, кенет іздегені сол екенін түсінгені жайлы айтып жатпады. Қолын сөлекет сілкіп қалды да, лақ еткізіп ақтара салды:
Кеше инетті ақтардым. Аса үміттене қоймаған едім. Бірақ, бір сайтқа шықтым. Otuken.kz деп аталады! Онда бәрі дерлік бар!
Мүмкін емес! – деп нанбады Бату.
Дананың да онымен келісетіні көрініп тұрды. Сол жаққа көз де салмастан, Әл-Фарабиді кесіп өтетін жүргіншілер жолына аяқ басқанбалалардың өмірлері үшін жауапкершілікті Саша тағы да өз мойнына алуға мәжбүр болды. Ол ортадағы межелі сызыққа жеткенше жақ ашпады. Әрине, әбден арғы бетке өтіп алғандарынша үндемей қоя тұруға болар еді. Бірақ, бар білгенін бұдан әрі ішінде сақтауға Сашаның шыдамы жетпеді. Содан да, жүргізушілердің бірі өздерін өткізіп жіберуін күтіп тұрған әзірде Саша, әуелі достарын қарынан ұстап алды да, тағы сөйлеп кетті:
Онда шыңырау перне туралы да, Бәйтерек туралы да, Самұрық туралы да, бәрі-бәрі бар. Мен форумға кіріп, сұрақ қоя бастадым. Қысқасы, сайт иесі маған өзінің мекен-жайын берді, біз бүгін мектептен қайтқан соң кездесуге келістік. Ол адам – Күйші.
Саша достарының әсерленгеніне әбден риза болды. Олар қайда екендерін де ұмытып, көздері бақырайып, ауыздарын ашып, өзіне қарап қалды. Оларды, тіпті, бірінші сыныптың балдырғандары құсатып, қолдарынан мықтап ұстап, көшеден жетелеп өткізуге тура келді. Ақыры, Дана ашылып қалған аузын жауып, жан-жағына қаранды да, жолдары айырылысатын кез келгенін түсінді.
Керемет! Кешке сендермен бірге барам. Сабақтан соң осы жерде кездесеміз. Көріскенше!
Екеуі қалған соң, Саша мен Бату мектепті бетке алып, бірінші сабаққа кешікпеу үшін, үнсіз жүгіре басып, жүрістерін үдетті. Жаңа мәлімет Батудың ойынан шықпай қойды. Мектепке тақай бергенде, ол:
Ал, Жезтырнақ туралы бар ма онда? – деп сұрады.
Иә.
Ертегі емес пе?
Жоқ. Ол – мақала, онда...
Бату Жезтырнақ туралы мақалада не айтылғанын со күйі біле алмады. Өйткені, мектептің кіре берісінде бұлардың жанына Қайрат жетіп келді. Мүләйім момақан түр танытқан ол, алдын-ала дайындап алғаны беп-белгілі сөзін шұбырта жөнелді:
Балалар, мен сендерден... Қысқасы, Скорпионмен бұдан былай дос емеспіз, енді мен, әлгі...
Онда біздің шаруамыз не? – деп салқын қабақпен бөліп жіберді оны Саша.
Білем, сендер маған әлгі... Өкпелісіңдер дегендей... Бірақ, мен шынымен ендігәрі сендермен керіскім келмейді. Бәрін бүлдірген Скорпион. А? Жарай ма?
Қайрат өктемсіп, тіпті, Батуға қолын созбақ болды. Анау болса, бұл емеурінді байқамаған кейіп танытты:
Көре жатармыз. Ал, енді жолыңнан қалма!
Қайрат кенет Батудың қолынан шап берді.
Әй, балалар! Бұларың не, а? Мені де ертіп алыңдаршы! Мүмкін, менің де әлгі... Алтын тостағанды іздегім келетін шығар!
Барып, ұйқыңды қандыр, қайдағы Алтын тостаған? – деп, кесіп тастаған Бату, қолын босатып алды да, нық басып, есікке қарай беттеді.
Саша соңынан жылжи берген еді, бірақ, Қайрат та қосамжарланып қалмады. Есіктен Сашамен бірге сығылыса кірген ол, зуылдата жөнелді:
Балалар, бұларың бекер! Мен бәрін білем. Скорпионның атасымен сөйлескенін естіп қалдым. Балалар, олар сендерге кедергі жасағысы келіп, небір жоспарлар құрып жатыр!
Соңғы сөзді естігенде, Бату жүрісін тежеп, артына қарады. Бұны байқаған Қайрат, қалтасынан ұялы телефонын алып шықты да, түймелерін басуға кірісті:
Мен, тіпті, оларды телефоныма жазып алдым. Міне!
Қайрат ұялы телефонды Батудың танауына бір-ақ тақатты. Саша досының иығы үстінен үңілді. Жазба нашар еді, дегенмен, балалар төменнен түсірілген шалды бірден таныды. «Анау боқмұрындар Алтын тостағанды іздеп жүр, - деп кіжінді Скорпионның атасы. - Оның қайда екенін мына мен білем. Оны мен қайта тығып тастағам. Ешкім ешқашан таба алмайды, менің қалауымсыз».
Осы кезде қоңырау соқты. Қайрат телефонды қалтасына сұға салды да, баспалдаққа жүгіре жөнелді. Бату қалыңқырап, досынан ақырын ғана сұрады:
Қалай ойлайсың, мына шал Алтын тостаған туралы қайдан біліп алған?
Саша иығын қомдады:
Соны да түсінбейсің бе? Скейтпен сырғанап жүргенімізде сөзімізді естіп қойған ғой. Бірақ, біздің ісімізге араласып несі бар оның? Біресе Скорпион сенің үйіңе жетіп келеді, енді Қайрат желімдей жабысып қоймайды. Не болып кетті өзі?
Қайрат бұларды сынып есігінің аузынан тосып алды:
Ал?
Жайыңа жүр. Шал сөзімізді естіп алып, енді қоқсытып жүр. Ол түк те білмейді, - деп күңк етті Бату, көзін барынша тайдырып.
Иә саған... – деді Қайрат даусын соза, ұялы телефонын қайта шығарып жатып, - әрі қарай қара, Батон.
Скоробогат шал көзін сығырайтып, мерездене жырқ етіп, дисплейден кіжінді:
Анау Аспара – алаяқ қудың өзі. Ал, сары үрпек балапандар оны аузын ашып, көзін жұмып тыңдайды. Ұрыста қаза таптым, дейді. Сандалыпты! Патшазадаң жорыққа барудың орнына, жандайшаптарымен шарапқа сылқия тойып алып жатқан. Сол кезде жаулары оны оп-оңай қолға түсіріп, өңгеріп алды да кетті. Оның бұл мастығы падиша-шешесіне тым қымбатқа түсті!..
Ашуы бұрқ еткен Бату, Қайраттың қолынан бір салды да, сыныпқа кіріп кетті. Саша ізінен адымдады. Қайрат еденнен телефонды көтерді де, арттарынан айғай салды:
Бату рюкзагын партаның астына атып ұрып, орнына отырды. Жүзі қызарып, ерні дір-дір етеді.
Шал өтірік айтады, бәрі жалған, - деп сыбырлай берді ол, жұдырығын түйіп.
Саша досынан кем қынжылмаса да, оны жұбатуға тырысты:
Бату, түсінесің ғой, бұл бізді Аспарамен араздастыру үшін әдейі жасалған айла-шарғы!
Кислицын, бастауға рұқсат етіңіз? – деп мысқылдай сұрады осы кезде сыныпқа кірген мұғалима.
Саша күмілжіп, басын тұқыртты.
Скорпион өктемсіп кеткен Батудың ұрты салбырап, ұсқыны қашқанына қарап, әбден құмардан шықты. Енді бірінші сыныптағыдай, қыз құсап, еңіреп қоя беріп, жүгіріп шығып кетсе, тіптен, қатып кетер еді. Бірақ, батудың жылап жібермеуге тырысып, пыс-пыс еткен түріне қараудың өзі де күлкілі еді. Атасы айтқандай, «айызың қанады». Атасының бұндай қызық сөздері жетіп артылады. Қияли оқымыстының да мәз болатын жайы жоқ. Әне, ол мұғалиманың тақтаға бұрылғанын күтіп отырды да, Батонның күреңіткен құлағына еңкейді. Оның не деп сыбырлағаны естілмесе де, аңғару қиын емес.
Бату, ол шал, неге екенін, бізді Аспарамен араздастырғысы келеді. Бірақ, оны қайтеді? Біздің ісімізге араласып несі бар оның?
Мен Аспарамен сөйлесуім керек.
Оның не? Аспараны ренжітесің!
Кислицын, айтарыңды айтып болғанша, шығып кетіп, күте тұрайын ба? – деп мұғалима наразылықпен екеуінің әңгімесіне килікті. – Әлде менің орныма сен сабақ жүргізесің бе?
Скорпион риза болды. Дәл каникул алдында тәртібі үшін екілік алса, қиялиға тамаша сыйлық болар еді. Бірақ, ол онсыз да оңбай сөз естіді. Атасы жарады! Расында да – адам жанының инженері екен.
Бітпестей болып көрінген сабақтар да бітті-ау, әйтеуір. Қабағы салыңқы Бату рюкзакты ауырлағандай, құнысып, мимырт аяңмен көшені өрлеп үнсіз келеді. Әл-Фараби де көрінді-ау.
Саша ерекше ештеңе болмағандай, сергек үн қатты:
Ал, Дананы күтеміз бе?
Неменеге?
Күйшіге бару үшін.
Ә-ә-ә. Ұмытып та кетіппін. Күтейік, - деп селқос жауап берді Бату.
Оның миын сұмдық ой тескілеп бара жатты: сұмпайы шал шындықты айтқан болса ше?! Онда не болғаны?!
Көп күттіңдер ме? Ал, кеттік! – деді, жүгіргеннен тынысы тарылған Дана, алқына сөйлеп.
Балалар даңғылмен жүріп кетті. Дана сұраулы жүзбен Сашаға қарады, ол болса, иығын қиқаң еткізіп, көзін төңкерді. Бату баяғыша, ешкімге көз салмастан, томаға-тұйық ілбиді.
Аулағырақта, көзге түсіп қалмауға тырысып, соңдарынан бір елі қалмай, Скорпион келеді. Ол сабақ бітісімен-ақ Қайраттан өзінің ұялы телефонын алып қойған. Енді мезгіл-мезгіл атасына аңдыған адамдарының беталысын хабарлап отырды.
Аңдулы Үштік үйлердің арасын шиырлай, сұрқай кірпіш үйге келіп жетті. Қияли оқымысты кіретін есіктерін анықтап алды да, кодты терді. Үшеуі бірдей үйге кірді.
Достарыңызбен бөлісу: |