Зира Наурызбаева, Лиля Калаус Алтын тостағанды іздеу Бату мен оның достарының бастан кешкендері



бет6/16
Дата03.02.2023
өлшемі304,73 Kb.
#167306
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16
Байланысты:
Бату Казакша
UNIT 4 Amirkhan Tolkyn, Guidebook
БАТУ ЖЕР АСТЫ ЕЛІНДЕ
Бату қатты сескенеді.
Тағы да үңгір...
Бату Жыландар патшасының ордасына барар жолда сынақтан өтіп, жан шошырлық ғұрыпқа қатысады.
Алтын тостаған ба?
Жылан Бапы ханның сыйы.
Дана үйіне келді. Жауынгер мен әскеридің айырмасы.

Жылан патшасына қонаққа баруға Бату онша-мұнша ынтызарлық танытпады:



  • Сен, әрине, кешір... иә... ренжіме... Тек мен жыландарды онша... І-і-і... Онша ұнатпаушы едім. – Бату бетін тыржитты. – Мен кетейін, бір шаруаларым бар еді...

  • Шаруаларым деймісің? – деді жылан қыз таңданыспен. – Олай болса, тіптен, әкеме ж-жолығуың қажет. Өйткені, с-соның патшалығында тұрс-сың ғой. Ш-шынымен-ақ, еш-штеңе байқамадың ба? Айналаңа қараш-шы!

Бату айтқанын істеп, айналасына қарады. Ал, керек болса! Мыналар өріп жүр ғой!
Қаулаған шөп арасынан үлкенді-кішілі, жуанды-жіңішкелі, қара, сұр, кемпірқосақтай алабажақ жиіркенішті бауырымен жорғалаушылар он-ондап шығып, жып-жылы тастарға жайғасыпты. Көктемгі майда шуақта қыздырынған олар, әлі толық ояна қоймағандай-ақ, тым сылбыр. Бату еріксіз тітіркенді.

  • Мына жартас – Ж-жыланды. Ал, анау өзенше – Ж-жыланш-шық, - деп сөзін жалғады осы кезде оның жаңа танысы.

Жыландай иретілген жылғаға көз тастап өткен Бату, қапталындағы жыландар құжынаған жартасқа бұрылды. Сұмдық-ай! «Көзім қайда кеткен менің?!» - деп ойлады сасып қалған Бату, сосын түсінді: ол, көбінше, жартастардың терістігін ала бөктерлеп, әлі де қары еріп жатқан көлеңкелі жерлермен жүріп отырды ғой, ондай жерге суыққанды жорғалаушылар жуымайды. Әмбе аяғының астына қарамай, алақ-жұлақ етіп жүретін басы, енді, міне, домаланған Бауырсақтай далбаң қағып жеткен жері осы болды.
Әйтсе де, Батудың өрекпушілігі басылып, сананың әлдебір түкпіріне сырғып кеткен еді. Мына мақлұқтарға жаны елжіреп, жақсы көріп кеткен ештеңесі жоқ, дегенмен, кесапатқа ұшыраған жыланға көмектесе жүріп, оның сұрына аздап үйреніп қалған еді. Оның үстіне, мына жыландардың алдарына келген дайын асқа – яғни, ыстыққанды сүтқоректі адамға – пысқырып та қарайтын сыңайы көрінбейді.
Бәрібір бұл жерден табанды жалтырату керек! Дереу! Маңайында жорғалағандарға көзі түскенде туған қорқыныш Батудың қиялында тіптен зорайып кетті. Зыту керек. Қалайша? Мына дүниеден қалай ғана шықпақ? Тереңірек күртік қар тауып алып, ерігенше, сонда отыруы керек пе? Әлде қамыстан сыбызғы жасап, ұйқы шақыратын бірдеңе ойнауы керек пе? Мына дүниеден үйіне апарар Есік қайда?

  • Қорықпа, менің жанымда жүрс-сең, олар с-саған тимейді. Жүр, - деді ақ жылан. Осы көргендерінің әсерінен аузын ашып, көзін жұмып тұрған Бату ақ жылан туралы ұмытып та үлгерген екен.

Әсілі, мына жыландар ордасында ең дұрысы - ақ жыланның айтқанына құлақ асу. Өйткені, онымен ендігі таныс болып қалды әрі ол, жасыратын несі бар, өзіне аздап борыштар. Оның үстіне, өзі патшайым емес пе?
Жылан жорғалап, алға түсті, Бату үн-түнсіз сүрлеумен оның соңынан ерді. Ол өте абайлап жүрді, жылан патшаға бағыныштылардың бірін мыжып кетпеуі үшін, аяғының астына шұқшия қараумен болды. Қайта оралуына көмектесетін осы дүниенің иесі жайында Аспара не айтып еді? Айтпақшы, Батудың жыландар патшалығынан бір-ақ шығатынын Аспара білген бе сонда? Әй, оңбаған! Батудың өзіне де обал жоқ: ақылды адам кешегі оқиғалардан кейін-ақ күнделіктен секіріп түскен көненің ханзадасынан аулақ жүрер еді ғой.
Ойланып кеткен Бату, жыланның әп-сәтте-ақ оны үңгірге кіретін тесікке ұқсайтын жартастың жарығына алып келгенін байқамай да қалыпты.
Жарық Батуға сұмдық ұнамады: тағы да Мыстан кемпірдің үрейлі көздері есіне түсіп кетті.

  • А... Үңгірге кірмей-ақ қойсақ, болмай ма? – деді ол, тым жалынышты сөйлегенін өзі де аңғарып.

Жауап қатпастан, жылан тесікке кіріп кетті. Бату күрсінді:

  • Болмаса, болмайтын шығар... Тағдырдың жазуы да. Сірә, спелеолог болармын.

Ол тізерлей, төрттағандап тесікке енді. Үшкір тастар тізесі мен алақандарына батты. Осындайда тізеқап пен қалқаншалар болар ма еді. Бірақ, оларды дәл қазір ала қоятын жері болмаған соң, Бату тістеніп, әрі қарай жылжыды. Ұзамай, қуыстың қысаңдығы сонша, етбеттеп, еңбектеуіне тура келді. «Қызық, мына құрып кеткір жылан екеуміздің көлеміміздің айырмасы жер мен көктей екенін ұға ма екен өзі? – деп ойға берілді ол, үрейден арылуға тырысып. «Ох!!!». Қара көлеңкеде Бату төбедегі шығыңқы жерге маңдайын ұрып алды. Қуыс оңға бұрылды. Мүмкін, бәріне бір түкіріп, аманында кейін қайтқаны жөн шығар? Шаян құрлы артқа қарай жылжи алмай ма?
Мойнын созып, Бату бұрыштың қалтарысына үңілді. Қуыс бірден еңістеп кетеді екен, бірақ, алда сәуле жылт еткендей болды. Шығар тесік пе? Көңілі жайланыңқыраған Бату, алып питон құсап, жігерлене бұратылып, тар өткелге сұғынды. Бұл жер кеңдеу екен, Бату тағы да төрттағандап, еппен алға еңбектеді. «Кеңкелес Қайраттың жүретін жері екен нағыз; ол осында ертегілік жылан Василисктің кебінде жорғалап жүрсе, қызық болар еді-ау», - деп ойлап кеткен ол, тарқ етіп күліп жіберді де... төмен сырғи жөнелді.
Батудың «А-а-а-а-а!» деген бажылы созылмалы емес, үзілмелі болып шықты. Өйткені, төменге ұшып бара жатқан оның қабырғаларын жол-жөнекей кемінде он қатқыл зат пергілеп, тоңқ-тоңқ еткізіп санап шыққан еді. Басына келген ой да әр соққының ырғағымен дәл солай үзік-үзік түзіліп жатты: «Адамның... құты... осылай... қашады... екен... а-а-ау...». Жерге, өткен жолғыдай, топ етіп, жұмсақ түсті.
Есін жиған Бату, сол жатқан күйі, әлгіндегі жыланның құйрығын жыбырлатқанындай, аяқ-қолын қимылдатып көрді. Құдайға шүкір, дін аман. Сосын басын көтеріңкіреді. Міне керемет! Небір түрлі нобай-көлемді баданадай-баданадай гүлдері жайқалған көкорай шалғында жатыр екен. Қисапсыз көп жәндіктің құж-құжы ауаны тілгілейді. Ұйыса араласып, құлпырған гүлден көз тұнғандай! Мың сан реңкті құбылған жұпар иіс мұрын жарғандай!Осының бәрінен мең-зең болған Бату әрең тіктеліп отырды да, жан-жағына қаранды.
Алдында – аумақты атырап. Бір жері сары жағал, бір жері майда көк, енді бір жері шымқай жасылдана, масатыдай түрленіп, сонау көкжиекке шейін созылып жатыр. Оң жағында сыңсыған орман, сол жағында майдай сары адырлар көмкерген көк мөлдір көлге барып құятын өзен қашықта күмістене жарқырайды. Адырлардың етегінде әлдебір ғимараттардың қарасы көзге шалынғандай. Қала ма?!
Бату айнала табиғат көрінісінің айқындығына қайран қалды. Бір сәт ол өзін алып тостағанның түбінде тұрғандай елестетіп кетті, ал, ол тостағанның ішкі ернеуі шебердің әсем суретімен айшықталғандай және ол сурет дәл осы төменнен қарағанда тамашалау ыңғайлы болатындай есеппен салынғандай көрініп кетті. Бәрінен де Бату тап жанында тау я жартас атаулы жоқтығына таң қалды. Сонда ол қайдан сырғанап түсті?
Шөп арасынан жылан құрбысы ирелеңдеп шыға келді.

  • Неғып тұрс-сың? Жүреміс-сің? Күн батқанш-ша үлгеруіміз-з керек!

Басын кегжең еткізіп, төбеге қараған Бату, ішіне соққы тигендей, «ха» деп қалды, - көк күмбезінде қос Күн тұр! Бұл көрініске Бату әрі таң қалды, әрі тамсанды. Олардың бірі үлкенірек, бірі кішірек. Әлде кішірегі Ай ма екен? Әлде көзіне қос көрінді ме? Бату алақанымен бетін жапты. Сосын қолдарын бетінен ажыратпаған күйі, қатты дауыстап:

  • Мен қайдамын?.. Сен мені қайда алып келдің? – деді.

  • Біз әлі де таудың ас-стында, жер ас-сты еліндеміз, - деп ысылдады жылан.

  • Қалайша? Ал, аспан ше, күн ше... Әлде күн екеу ме? – деген Бату, есіне түсірді: бір жолы әкесі жер астына саяхат туралы – Жюль Верннің әлде Обручевтің - кітабын оқуды ұсынған. Бірақ, Саша сияқты емес, Батуды ескі кітаптар қызықтырмайтын. Оқымағаны бекер болыпты, онда жер астындағы аспан туралы жазылған еді...

  • Жүрс-сеңші... – деді жылан суылдай, шөп қалыңына сүңгіп бара жатып.

Бастапқыда баяу, сосын барған сайын нық басып, Бату серігінің соңынан ере берді. Шамалауынша, бұлар күмбезі жазық кеңістікте жалғызсырай шошайған, алтын түстес зәулім шатырға бет түзеп келеді. Шіркін, осылай бойды тіктеп, кеудені кере тыныстап жүргенге не жетсін... Алайда, Бату алда өзін нендей хикмет күтіп тұрғанын білсе, сірә, қалған ғұмырында еңбектеп өтуді артық көрер ме еді!

  • Бас-сыңа не түс-се де, с-сескенгеніңді с-сездірмеуге тырыс-с, - деді кенет жылан ап-анық. – С-саған ешкім зиян тигізбейді.

  • Жарайды, - деп күңк етті Бату. Бірақ, бәрібір үрейден ойы онға, санасы санға бөлінді.

Қиялы толассыз тудырған жан түршігерлік көріністермен арпалысып келе жатқан Бату шатырға тақай бергенде-ақ алғашқы сынаққа кез болды.
Бұлардың алдынан мүйізді екі абжылан шыға келді. Бату құбыжықтарға неғұрлым жақындаған сайын, олардың тастан қашалғандай түр-тұлғаларын көргісі кеп, басын неғүрлым шалқайтқан сайын, соғұрлым олар қытайдың түксиген жалғызбасты айдаһарларын есіне түсіре берді. Әлгі аждаһалар бұжыр тұмсықтарын бері бұрып, ысылдай, көн тәріздес селдір қанаттарын жайып жібергенде, Батудың бұл сезігі расқа шықты.
Екі жұп отты көздердің самарқау қарасынан Бату сілейіп тұрып қалды.

  • Қорықпа, Бату... Жүр...

Бату тістеніп, ақ жыланның ізінен адымдады. «Айтпақшы, мынау қайдан біледі-ей, менің есім...» деп ойлап үлгерген жоқ, сол сәтте аждаһалар күтпеген жерден тістері сойдиған арандарын ашып жіберіп, зәрлі сасық түтіні аралас от бүрікті.
Бату кейін серпілді, бірақ, кенет біреудің қолынан тартып, алға сүйрей жөнелгенін сезді. Жалын мен түтін арасынан аждаһалардың құлақты жарған ысылы естілді:

  • Алас-с-с! Алас-с-с!

Шошығаннан дірілдеп кеткен Бату бір кезде күкірт сасыған түтін будағынан шықты-ау, әйтеуір. Сөйтсе, үлкен шатырдың босағасына да келіп қалған екен. Бұнда оны мүйізді әрі құлақты айдаһарлармен салыстырғанда кішілеу, қоңыр күрең түсті екі жылан күтіп жатты. Олар Батуға әлдеқайда зиянсыз көрінген еді, бірақ, жол серігінің ескертпесі зәресін ұшырды:

  • Бұлар әкемнің ес-сігіндегі күзетшілері. Бату, ш-шегінерге жол жоқ. Бекем бол!

Айбат шеге ысылдаған қоңыр жыландар Батудың балағына тақау жорғалап жетіп келді. Ол ендігі жай дірілдемей, қалтырауға айналған. Жыландар бастарын көтерген жоқ. Олар одан қорқыныштырақ нәрсе істеді – зып беріп, Батудың шалбарына қойып кетті. Аяқтарын қыса оратылған қос қайыс баудың әсері айтып жеткізгісіз сұмдық еді. Бату ендігі қалтырауды қойып, қалшиып қатты да қалды, жыландардың барған сайын жоғары өрмелегенін сезініп, тіпті, тынысы тоқтап қалды. Міне, әлгілердің бастары қылтиып, қойнынан бір-ақ шықты. Бұл көрініс күтпеген жерден кейіпкердің ішін жарып, әлдебір бөгдепланеталық құбыжық шыға келетін «қорқынышты фильмдердің» кадрларын еске түсірген еді... Алайда, бұл экранда емес, өңінде, Батудың өз басында болып жатқан жайт қой!
Жыландар қойынға қайта сүңгіп кетті де, иір-қиыр жолын жалғастырды. Қолтықтан жеңге өтіп, тұзақ құсап, екі білезігіне оратылды да, қолдармен жоғары өрмеледі. Әзір өзіне жаманшылық істей қоймаған соң, Бату жайлап демін басты. Бірақ, осы кезде шатыр күзетшілері жемпірдің жағасынан жарым-жартылай шығыңқырады да, байғұс құрбанның иықтарына тірене, бастарын оның бетімен тұспа-тұс қып, қайқитып көтеріп алды.
Батудың жүрегі орнына түскені сонша, өзін сыртынан көргісі келіп кетті. Үшбасты (әлде төртқолды) бала кейпінде сондай күлкілі көрініс тудырып тұрған болар, сірә... Жыландар кенет сусып төмен түсті де, шатырды айнала өскен шөпке кіріп, жоқ болып кетті. Бату жеңілейе күрсінді.
Айтпақшы, жыландар бойын тінтіп жатқан әзірде ол, құдды, екіге жарылғандай қызық күй кешті: бір Бату біресе қалшылдап, біресе қорқып, өліп қала жаздаса, жан түкпіріндегі екінші Батуболып жатқан істі сырттай жайбарақат бағып тұрды. Жай тұрмай, арасында күліп те қояды. Әрі сол «ішкі» Батудың кез-келген тығырықтан жол тауып кететіні, тіпті, қажет бола қалса, құр бақылаушы қалпынан батыл әрекетке көше алатыны байқалады. Және өзіне нық сенімді болғандықтан, ол ішкі Бату аспай-саспай, салқынқанды әрі тиянақты әрекет етеді, ол анық... Міне, керек болса! Бұрын-соңды бұл бала мұншалықты күш-жігер сезінген емес, осы кезге дейін көріп келгені - жалғыздық, үрей, сенімсіздік...
Ақыры ақ жылан оны заңғар залға ертіп келді. Өзі, бейне, құйрығымен жүріп келе жатқандай, бір түрлі қызық қимылдайды, әмбе ауыртпай қолын тісімен тұтып келе жатқан сияқты. Көлемі де ұлғайып кеткендей ме, қалай?.. Әйтсе де, Батудың оны ойлап жатуға мұршасы болмады.
Зал түсі де, тұрпаты да алуан түрлі бауырымен жорғалаушыларға лық толы. Екі-, үш-, тіптен, жетібасты айдаһарлар, мүйізді, құлақты, қолды, қанатты жыландар көненің отырғышы – күрсілерге жата-жастана жайғасқан... Олардың түрлі-түсті шиыршық, қиықша, үшбұрыш және басқа да геометриялық пішіндермен молынан мәнерленген қабықтары шалшықтағы жанармай шеңберлеріндей жылтырап, мың құбылады. Бұл таңғажайып көрініс еді! Батуды көрісімен, жыландар бастарын қақшаңдатып, ысылдай жөнелді: салтанатты мәжіліске бұндай мейманның келгені Батудан гөрі, соларды көбірек таңырқатқан секілді.
Тек алтын тақта жиырылып жатқан шұбар ала жылан ғана маңғаз қалпынан танбады. Асыл тастардай жарқыраған жасыл көздерімен Батуға жылыұшырай қарайды. Тұла бойынан төгілген даналық пен қажыр-қайрат ұшқыны бойға сенімділік пен сабыр ұялатады.

  • Бері жақында, Бату! Қорықпа. Біз саған залал келтірмейміз.

Жылан патшасы ап-анық сөйледі, Бату құтқарған ақ жылан құсап, ысылдаған жоқ. Күшенбесе де, үнді зор даусы кең шатырдың ішін кернеп кетеді. Бату зүбәржат жасыл көздерге қаймықпай қарап, бойұсына таққа қарай жүрді. Әрине, дәл қазір ол қатты толқу үстінде еді, дегенмен, бұл толқыныс әдеттегі дүрлігушілікке мүлде ұқсамайтын. Керісінше, осы жан толқуынан ол басын биік ұстап келеді! Бойын тіктеп, бірақ, тәкаппарланбай, аяғын жеңіл, бірақ, желпілдемей басып келеді.
Бату қонаққа бара жатқан әжесіне ілескенде осындай бір сезімге бөленуші еді. Қызылды-жасылды көп киімі болмаса да, әжесі қашанда талғаммен киінетін. Және аласа бойлы әжесі, тіпті, кілемнің үстінде отырғанда да, басын биік, еңсесін тік ұстайтын. Жұмсақ, мейірбан қария осы түр-тұлғасымен-ақ бірінші қабаттағы ішкілікке салынып, айуанша азған көршінің мысын басып, есін жиғызушы еді. Сол әйел-балаларын сабап, көрші біткенді боқтықтың астына алып сыбап жүретін сүмелектің бұл кісі көрінісімен-ақ, сиқырланғандай, жым болатынын Бату өз көзімен көрген. Қонақта жұрт әжесін дәйім төрге отырғызатын, ал, оның жанында, сыйлы адамдардың ортасында Бату отыратын. Үлкендердің дастарқан басындағы әңгіме-дүкені, көбінше, зеріктірсе де, ол іштей әжесін алып жүру міндетін іштей мақтан тұтатын. Тіпті, қиялында өзін королеваның қол баласы не сұлу бикештің серісіндей елестететін.
Осы адамның маңызды әлденеге қатыстылығын айғақтап, тіптен, бөтен адамдардың алдында қадірін арттыратын айрықша сезім Жылан патшасына жақындай берген Батудың жадында қайта жаңғырды. Тек енді бұл сезім еселене түскен еді.
Ақыры таққа бірер қадам қалғанда, Бату тоқтады.

  • Бату, сен менің қызымды құтқарып қалдың. Қайырлы ісің үшін қандай сый қалайсың? – деп, патшаға тән мырзалықпен сұрады жылан Бапы хан.

  • Жылан-Бапы, - деп бастады Бату сәл діріл білінген дауыспен. – Шынымды айтсам, сый жайлы ойламаппын... Сіздің еліңізге бір шаруамен келіп едім, құрбым жоғалып кетті, есімі – Дана.

Осыны айтқан Бату, бәле болмасын деп, көзін төмен салды (жыландар көзбен арбайды деген сөз рас болып шықса, қайтпек?). Сосын Жылан патшасының қабығындағы өрнектерге үңілді. Олар патшаның қол астындағы жыландардың денесіндегідей геометриялық пішіндерге ұқсамайды. Өрнектен гөрі, әлдебір жазуларды еске түсіретін сияқты... Иероглифтер ме? Әріптер ме? Жоқ, билеп жүрген адамдарға келіңкірейтін, Батуға мүлде беймағлұм таңбалар... Дегенмен, бір жағынан, таныс та болып көрінді.
Өзі құтқарған ақ жылан бұл кезде Батуға басын бұрып, кірпік қақпай, тесіле қарады.
Жылан патшасы ұзақ кідірісті бұзды:

Бату таққа қарай бір аттады. Осы кезде сол қапталдағы оюлы үстел үстіндегі алтыны жалт-жұлт еткен үлкен нақысты тостағанға назары түсті...
Кенет Жылан патшасы шиыршық атқан серіппешетіктеліп тұра келді де, оқыс алға ұмсынып, алты қарыс азуын кең ашқан күйі, тербетіле теңселіп, баланың үстінен төнді. Екі танауынан мұздай ауа ағыны ақтарылып, тұла бойын үрей құрсап серейіп қалған Батудың шашын дудыратты. «Жарып тастайды-ау!.. Парша-паршамды шығарады-ау!.. Мама!!!» деген ой қылаң етті. Ол есінен тануға шақ қалды. Бірақ, осы кезде «ішкі» Бату тірілді, тірілді де, салқынқандылықпен: «Сабыр сақта, алдыңа келгенді абыроймен қабылда» деп, кеңес берді.
Ал, алдыда оны тамұқ түнегі тосып тұр еді...
Жылан патшасы аузын керіп, баланы қоян құрлы көрмей, жұта бастады. Бату көң тәріздес тар қапшықтың бүлкілдей, өзін жойқын күшпен ішіне тартып бара жатқанын сезді. Міне, екі иығы, кеудесі, іші, бөксесі қысылғаны сонша, әне-міне құбыжық құшақтың құрсауында жанышталып қалардай... Демі бітіп, есінен тана бастаған Батудың: «Неткен ақымақ өлі...» - деп ойлай бергені сол еді, күтпеген жерден өзін жұтқан толқындар бағытын өзгертіп, енді баланы кері итеріп шығара бастады. Бату дүрс етіп жерге құлап түсті. Ол тыныстап жатты! Бұл сондай ғанибет еді!
Бату көзін ашуға қорқып, болған жайдың байыбына жетуге тырысып, тым-тырыс жата берді. Сұп-суық әрі қатты бірдеңе маңдайы мен иықтарын қысып, ішіне батып, қолдарын қозғалтуға кедергі келтірді.

  • Тұр, Бату!

Жылан патшасының үні баяғыша сабырлы әрі жылы-жарқын естілді. Оның бұл қитұрқы залымдығына таң қалған Бату, көзін ашып, сең соққан балықтай орнынан созалаңдай тұрды. Тұла бойы құрысып қалған екен, сірә, Хогвартс шәкірттерінің де денелері алғашқы трансгрессиядан соң осылай ауырған болар.
Сосын тағы бір нәрсе иығына батып, қимылдауын қиындатып тұрды. Бату үсті-басына қарады. Денесі сұрланып әрі қабыршақтанып кетіпті. Ал, кеудесінде ас құятын табақтың көлеміндей темір дөңгелек шақшия жарқ-жұрқ етіп, көз қарықтырады. «Мен жыланға айналып кеттім! – деп шошына ойлады Бату. – Жоқ, төсінде темір айнасы бар айдаһарға айналдым!.. Ой, жоқ! Қол-аяғым орнында сияқты... Мен не, кесірткемін бе?!».

  • Бату, көзіңді жұм.

Бату, арбалғандай, мойынсұна көзін жұмды: тәйірі, жаңағыдан жайсыз не болуы мүмкін? Жылан патшасы аранын ашып, оны жұтып жіберді де, бірден қайта құсты. Бұл жолы Бату көзін аша салып, нұсқау күтпестен, тұра келді. Белі тығыз белдікпен тартылып, арқасында ауыр әлдене бары сезіледі.

  • Найзаны қолыңа ал, Бату! Найза – қазақ жауынгерінің ең қастерлі қаруы! – деді жылан Бапы хан балағабайыппен түсіндіріп.

Бату жерге қарады. Тақтың алдындағы кілемде кәдімгі найза мен шоқпар жатты, сүңгісі ұзын істік темірлі бұндай найзаны мұражайдан көргені бар. Белін буып тұрған дәл Аспаранікіндей белдікте қынапталған қылыш пен қанжар ілінген. Арқасындағы қорамсаққа жақ (садақ) пен жебе (оқ) салынған. Батудың өзі бастан-аяқ шарайна бекітілген иінішті сауыт (кіреуке) киінген. Сол қолының қарына қалқан байланған. Басын – дулыға, қолдарын – қоллық, аяқтарын бұтырлық қысып тұрды.

  • Нағыз ер жауынгердің бойында, қолдың бес саусағындай, бес қаруы болуы шарт. Бұл - қайырымдылығың үшін саған тартқан сыйым.

Мең-зең Бату жалма-жан семсерді қыннан суырды. Семсер дыбыссыз лыпып шықты, сабы алақанымен жымдаса кетті.

  • Семсерді беталды жалаңаштауға болмайды. Жауынгердің бірінші қағидасы – өзіңнің әр іс-қимылыңа жауап бер. Жау-екеш жауыңды да бекер қинамай өлтірген абзал.

Жайбарақат айтылса да, Жылан патшасының осы өсиетінен Бату бұның ешқандай да ойын емес екенін, қолындағылары ойыншық емес, шын қару екенін ұқты. Ол, тіпті, терлеп кетті. Ау, сауыт киіп, найза ұстап, каратэ жаттығуына барса, қызықтың көкесі сонда болмай ма?! Ал, жауды өлтіру турасындағы сөзден, тіптен, түршікті.
Жыланға қайта қараған бала көмейіне келген сауалды ірки алмады:

  • Неліктен сіз мені үшінші рет жұтпайсыз?

Рас-ау, неліктен? Ертегілерде бәрі де үш мәрте болады ғой. Осы сәтте бала өзінің тағы да адам айтқысыз азапқа тіленіп тұрғанын ұқты... Бірақ, Жылан патшасы бір түрлі қасіреттене, былай деді:

  • Егер үшінші рет жұтсам, тәнің мен жаның темірге айналады. Осыған риза бол. ЖАУЫНГЕР БОЛ, БІРАҚ ЖЕНДЕТ БОЛМА.

Бату қымсына басын изеді де, әлгінде көрген тақтың тұсындағы алтын тостағанға көзін аударды... Алтын ба?! Бұл әлгі жоғалып кеткен... Бұның ойын оқып қойғандай, Жылан патшасы тіл қатты:

  • Білем, Бату, сен қасиетті Алтын тостағанды іздеп жүрсің. Мен де оның қайда екенін білсем деп ем. Бір кезде мына мен де Наурыз мерекесін тойлап, Аспараның ата-бабаларының ордасында содан сусын ішкем. Тостаған қолды болған сәттен бастап дүниедегі көп нәрсенің қадірі қашты ғой. Бұл көріп тұрғаның – соның көзге алданыш, көңілге жұбаныш көшірмесі ғана. Еліңе қайт, Бату! Қызым сенімен бірге аттанады!

  • Бірақ... Бірақ... Дана...

  • Үйіңе қайта бер!

Жер түбінен шыққандай, гүжілдеген қуатты дауыстан шатыр қалтырап, төңіректегінің бәрі әуелі баяу, сосын тездетіп, Батуды айнала шырқ үйіріле бастады. Бір кезде құйындай жойқын иірім баланы тартып ала жөнелді. Онымен бірге өзі құтқарған ақ жылан, Жылан падишасы да үйіріле ұшып кете барды...
Найза ғайып болды да, қолында жұп-жұмсақ бірдеңеғана қалды, онысы - найзаның сабын орап тұрған ала былғары сияқты. Бату денесінен жұлынып бара жатқандай селкілдеп кеткен басын тас қып құшақтап алды, бірақ... басындағы дулығасы да жоқ еді. «Жұлқа тартып, сыртқа тепкен күштің әсерінен шешіліп қалған ғой... », - деп ойлап үлгерген Бату... бөлмесінен бір-ақ шықты. Ол екі аяғы талтайып, ауыр тартқан басы салбырап, еденде отыр еді. Таңертең киіп шыққан, ендігі әбден былғанып, жұлым-жұлымы шыққан киімі Жылан патшасы сыйлаған ғажайып сауыт-сайманның жұрнағына да ұқсамайды.

  • Бату, сен мұратыңа жетіп оралдың! Жауынгер қатарына қабылдандың! – деген Аспараның айбынды үні шықты.

Басы әңкі-тәңкі Бату көзін дисплейге көтерді:

  • Ей, Аспара! Не айтып кеттің? Найза... Дулыға... Семсер! Бәрі жым-жылас... Дананы да таба алмадым...

Осы кезде:

  • Сері болған түрін! – деген таныс ашулы дауыс естілді тұтқиылдан. – Басыңды ырғақтатқаның сонша, орнына қайта тігуге тура келер ме екен деп ойладым!

Бату өз құлағына өзі сенбей, артына жалт қарады. Дәл жанында, еденде, дәл өзіндей қалыпта, кір-қожалақ, шашы дода-дода, ашудан қызара бөрткен Дана отыр.

  • Сен қайдан шықтың?

  • Сайдан! – деп дүңк еткен қыз, атып тұрды. – Жарайды, мені тауып әкелгенің үшін рақмет... Мен кеттім...

Дана бөлмеден ытып шықты. Сыртқы есік тарс етті. Іле-шала басқа есіктің ашылғаны, Дананың қуанған інілерімен шұрқыраса табысқаны естілді.

  • Аспара! Айтшы, біз не күйге ұшырадық? Данаға не болған?

  • Құрбыңа Жылан бапының қызы болудың ұнап қалғаны сонша, уақытты да, туған-туыс, үй-жайын да ұмытқан. Соған аздап ұялыңқырайды. Қам жеме, Бату, сәлден соң-ақ есін жияды, сосын жақсылап әңгімелесерсіңдер. Одан да қолыңдағы не, соны айтшы? – Аспараның даусы қайтадан салтанатты естілді.

Бату өзі де аңғармай алақанында қысып отырған сұр-ала қабыршақты теріге жалт қарады.

  • Найзаныңсабынан түскен болар, қайтқан кезде ол найзадан айырылып қалдым... – солай деп, Бату ауыр күрсінді. Керемет сауыт-сайман еді, шіркін! Ұлдардың бәрі қызығар еді-ау... Скорпион мен Қайрат та сыйлай бастар еді-ау! Еһ!..

  • Бұл - жылан қайыс, - деп білгірлік танытты Аспара. – Есіңде болсын, Бату, ол сені зұлым күштерден қорғайды. Егер тағы да қауіпті сапарға аттанар болсаң, ол сауыт-сайман, қару-жараққа айналады. Қаласаң, өзің де жыланға не құсқа айнала аласың.

  • Қойшы әрі! – деп, таңырқай дауыстап жіберген Бату, ойда-жоқта қолына түсірген олжасын көз алдына әкелді. Жылан қайыс түлеген жыланнан түскен қабық кесегіне, кішігірім қабыршақты түтікке ұқсайтын еді. Үстіндегі өрнегі Жылан патшасының қабығындағы тылсым таңбаларды еске түсіреді. Біреу түтіктің бір басынан дөңгелек екі тесік ойып – екі көз, үлкенірек тесік ойып – ауыз шығарып қойыпты.

  • Кей нәрселердің мәні сендердің дүниелеріңде көзден таса, - деп компьютерден ақпар берумен болды Аспара. – О дүниеде ғана олардың түпкі мәні ашылады. Кейде бәзбіреу көрікті болып көрінеді, ал, шын мәнісінде ол сыйықсыз. Біреу күшті әрі батыл көрінері бар, шынтуайтында ол қорқақтығын бүркеу үшін де өзінен әлсіз, жуас-момындарға әлімжеттік жасайтын оспадарсыз, осал, қорқақ болуы мүмкін...

Бұл ой Батудың құлағын елең еткізді. Ол Аспараның сөзін бөліп жіберді:

  • Сонда сен Скорпион мен Қайрат қорқақ деп ойлаймысың?

  • Мен оларды танымаймын. Ал, сені білем. Сен жүрексіндің, бірақ, Дананы құтқару үшін бейтаныс дүниеге аттандың. Сен жыландардан сескенесің, әйтсе де, солардың бірін тас басып қалған жерінен құтқардың. Бұл - батыл әрекет. Жылан патшасының көзіне қарағаныңда, намысқа тырыссаң, қайрат қыла аларыңды сездің. Жылан Бапы сенің жауынгерлігіңді таныды. Танып, тәнті болғандықтан да, саған жылан қайысты сыйға тартты.

Бату қолындағы жеп-жеңіл қабыршақ түтікті айналдырып қарай берген. Созылып кеткен кідірісті үзіп, сүлесоқ терезеге қараған қалпы сұрақ қойды:

  • Айтшы, Аспара... Ал, егер біреу-міреу жылан қабығын сатып я ұрлап немесе күшпен тартып алса ше? Ол жауынгер бола ма?

  • Білесің бе, кез-келген күшті алдап-арбаумен я сатқындықпен иеленуге болады. Бірақ, ондай адам жаманшылыққа ұшырайды. Кезі келгенде айтып берермін... Жылан патшасының өсиетін есіңнен шығарма: жауынгер бол, бірақ, жендет болма. Жауынгер – әлсіздерді, өз халқын, атамекенін қорғайтын, жаумен бетпе-бет айқасатын ер.

Аспараның аузынан шыққан әрбір сөз тастай қатты әрі уәжді еді. Бату селт етіп, патшазадаға көзін көтерді:

  • Аспара, біздің дүниемізде қару асынып жүруге болмайды. Олай тек сарбаздар немесе полиция ғана жүре алады. Оның үстіне мен... Мен әскери маман болғым келмейді.

Аспара күйзеле мырс етті:

  • Жауынгер болу мен әскери болу – екі бөлек нәрсе, Бату. Қару – қолдың жалғасы ғана. Жауынгердің күші қаруында емес, жүрегінде!




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет