1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты



Дата05.11.2016
өлшемі196,29 Kb.
#457
1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты. Осы томның «Халқы» деп аталатын бөлімінің «Қазақ өлкесінің тарихи тағдыры және оның мәдени жетістіктері» деген ІV тарауын жазғандар - Ә.Бөкейханов, А.Н.Седельников, С.Д.Чадовалар деп көрсетілген. Ал «Қазақ өлкесінің территория бойынша орналасу тәртібі және оның этнографиякалық құрамы, тұрмысы мен мәдениеті» деген V тарау авторы - А.Н.Седельников. Бұл еңбектердің этнография, тарих, география және т.б. ғылымдарымен қатар, ұлттық әдебиеттану ғылымында да алатын орны зор. Әсіресе V тарауда қазақ халқының мәдениеті мен өнері, әдебиеті сол кездегі таным-білік деңгейінде сөз бола келіп, ұлттық ғылыми-зерттеушілік ой-пікір әдеби мұраны ең алғаш рет ауыз әдебиеті және жазба әдебиеті деп бөледі. Ауыз әдебиетінен көптеген халық жырларының аты аталып, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырына тарихи және әдеби сипаттама жасалған. Жазба әдебиет өкілдерінен Ноғайбай, Шортанбай және т.б. ақындарды атап, Абайға арнайы тоқталынып, ол «қазақ әдебиетіндегі соны бағыттағы жаңа әдебиетінің көш басшысы» деп бағаланады. «Енді қазақ поэзиясындағы жаңа ағымның өкілі ретінде Құнанбаевты - формасы жағынан айрықша және мазмұны жағынан (әсіресе табиғатты бейнелеуде) арынды көптеген өлеңдердің авторы деп атауға болады. Осы автор «Евгений Онегинді» және Лермонтовтың көптеген өлеңдерін (қазақтарға түсініктілерін) жақсы аударған, сондықтан да Семей әншілерінің аузынан «Татьянаның хаты» атты өлеңін тыңдауға болады», - деген пікірді классикалық мұраны ғылыми тұрғыда игеру жолындағы ұлттық ғылыми-зерттеушілік ой-көзқараста соны жаңалық, профессор Т.Кәкішевтің сөзімен айтсақ, «Абайдың көзі тірісінде тұңғыш рет жасалған ғылыми мәнді қорытынды» деуге болады. Ұлттық әдебиет тарихын зерттеудегі ізденістің елеулі бір қадамы екені анық.

Осы жерде бұл томды, оның ішінде жоғарыдағы тарауларды кім жазды деген сұрақ туындайды. Тарихи деректерге сүйенсек, бұл томдық Санкт-Петербургте А.Ф.Девриенің баспаханасында басылып, оны жазуға Ә.Бөкейхановпен бірге жоғарыда аталған орыс ғалымдары қатысқан. Кеңес дәуірінде Алаш арыстарының мұраларына тыйым салынған кездегі ғылыми айналымда жоғарыдағы екі тарау авторы орыс ғалымы А.Н.Седельников саналып келді. Тәуелсіздік алғанымызға дейінгі Ә.Бөкейханов есімін атауға қарсы талап-тілекке сай бұл томдағы Шортанбайдың «Зар заманы» және Абай туралы мәнді пікірлерді орыс ғалымы А.Н.Седельниковке апарып таңып жүрген тұжырым ұлттық әдебиеттану ғылымында әлі күнге дейін орын алып отыр. Еңбектегі ғылыми мәні мол Ү тарау әлі күнге осы орыс ғалымының еншісінде жүр. Көптеген ғылыми еңбектерде сілтеме әлі де болса осы ғалымға жасалуда. Оған дәлел - бұл тарау Ә.Бөкейхановтың екі бірдей 1994 және 1995 жылы шыққан таңдамалы жинақтарына енгізілмеген. Соңғы жинақта томдықта орыс ғалымдарымен бірге жазылды деп көрсетілсе де, тек «Қазақ өлкесінің тарихи тағдыры және оның мәдени жетістіктері» аталатын ІV тарау ғана бар. Еуропацентристік көзқарасқа әбден мойынсұнып, бізге барлығын орыстар жасап берді деп өзімізді өзіміз мансұқ етіп келгеніміздің бұл да бір мысалы.



ХVІІ томдағы қазақ әдебиетінің тарихы, оның көрнекті өкілі Абай туралы пікірді А.Н.Седельников жазды дегенде, оның қазақ фольклоры мен әдебиеті туралы басқа орыс фольклористермен салыстырғанда жартымды ештеңе жазбағанын да естен шығардық. Мысалға В.М.Сидельниковтың «Казахское поэтическое творчество казахского народа » аталатын библиогафиялық көрсеткішін қарасақ та жеткілікті. Әрі-беріден соң осы автор Әлиханның «Қобыланды батыр» жырындағы әйелдер» аталатын көрнекті мақаласын Ә.Диваевтікі деп көрсетіп жіберген. Ең құрығанда «Туземец» деген жасырын атымен бергенде оны «ұлтшылсың» деп ешкім қудаламасы хақ еді. Орыс ғалымының қазақ даласын зерттеудегі негізгі нысанасы географиялық жағдайлары, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі, этнографиясы болған. Ә.Бөкейханов оны «зерттеуші-ботаник» деп көрсетеді. (Таңдамалы. 1995, 221-бет). Бұл пікірді «Қазақ совет энциклопедиясындағы»: «Оңтүстік Алтай өлкесін зерттеуші. Осы өңірге 12 рет экспедиция ұйымдастырып, көптеген өзен-көлдерді зерттеу нәтижесінде үлкенді-кішілі 21 ғылыми еңбектері жарық көрді. «Россия» атты сериялық еңбектердің «Қырғыз (қазақ) өлкесі» деп аталатын кітабын жазушылардың бірі», - деп ғана көрсетілген анықтама дәлелдей түседі (Х том. 98-бет). Әзірге қазіргі этнография, фольклортану саласындағы белгілі еңбегі «Қазақ өлкесінің территория бойынша орналасу тәртібі және оның этникалық құрамы, тұрмысы мен мәдениеті» деп атап көрсетіліп жүр. Осындай бір жақты көзқарастың кесірінен де біз дауласып отырған тарау атауы «Қазақстан ұлттық энциклопедиясындағы» Ә.Бөкейханов ғұмырнамасында да көрсетілмей қалған (1999, 404-бет). Негізінен алғанда А.Н.Седельников Орыс географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімшесінің мүшесі бола тұра атақты «Щербина экспедициясына» қатыспаған және Семей, Қарқаралы өлкесін зерттеді деген де ешбір мәлімет жоқ. Оны 13 том болып шыққан еңбектің Павлодар уезіне арналған ІV томына жазған Ф.Щербинаның алғысөзінен байқау қиын емес. «Собирание сведений по Павлодарскому уезду было произведено во второй половине 1897 года. Сначало сюда были направлены пять партии, именно: А.Н.Букейханова, П.А.Васильева, А.А.Боровского, А.Г.Бутковского и П.П.Кондратьева, а затем немного позже присоединились партии Л.К,Чермака, Н.Ф.Дмитриева и М.Ф.Гусева», - деп жаза келіп, осы партиялардың көмекшілері болды деп бірнеше орыс фамилияларымен қоса Жүсіп Сатыбалдин деген адамды атайды. Сонан соң: «а регистрарорами были Эрежеп Итбаев, П.А.Беляков, Мажит Чумбалов, султан Тлекиев, Кудайкулов, Джасмаганбетов, Серкебаев, Айманов и Вечеслав», - деп жазады (Таңдамалы. 123-бет). Егер «Россия» деп басталатын көп сериялы томдықтың «Қазақ өлкесі» аталатын ХҮІІ томы 1903 жылы, ал Ә.Бөкейханов тікелей қатысқан «Щербина экспедициясының» «Материалдары» 1903-1905 жылдары жарық көрсе, А.Н.Седельников осыншама бай ғылыми деректерді қай уақытта зерттеп алып жүр деген күмән туады. Сондықтан «Әдебиетке, әсіресе Абайға байланысты пікір осы тарауда айтылғандықтан Ә.Бөкейхановтың қатынасы болуы қай дәрежеде екенін аңғаруға тиіспіз» деген профессор Т.Кәкішевтің пікірінде көп сыр жатыр («Қазақ әдебиеті сынының тарихы». 2003, 170-бет). Сонымен қатар экспедиция жұмыстарына жергілікті жердің беделді және сауатты адамдары қатыстырылған болса, онда Семей уезінің болыстықтарының жері зерттелген уақытта Абайдың бұған ат салыспауы мүлде түсініксіз болып шығады. Мұрағат ақтарып тарихи деректерді салыстыра дәлелдеуге өзі-ақ сұранып тұр.

Біздің ойымызша А.Н.Седельников жазған деп жүрген «Қазақ өлкесіндегі» V тараудың да авторы Ә.Бөкейханов болуы керек. Оны мына дерек дәлелдей түседі. Осы тараудағы Абай шығармашылығы туралы айтқандағы «Семей әншілерінің ауызынан «Татьянаның хаты» атты өлеңін тыңдауға болады» деп жазған пікірін 1905 жылы «Семипалатинский листок» газетіндегі «Абай Құнанбаев» (некролог) атты мақаласында: «1899 жылы Көкен болысының әнші қазағы Әділхан бізге «Татьянаның хатын» скрипкаға қосып орындады. Бізді таң қалдырғаны «Татьянаны қайдан білесің» дегенде, Әділхан өзін нұсқап қойып, орыстың өзі сияқты Пушкин деген ақыны болыпты, ол Татьяна сұлудың Онегин деген жігітті сүйгенін айтып хат жазғанын жырлайды. Сол кеште Әділхан бізге Абайдың Лермонтовтан аударған өлеңін әнмен айтып, сонымен қатар Лермонтов өмірге риза болмаған, ал Пушкин оған данышпанша қарады деп түсініктеме берді. Осы жолдардың авторы соңынан Абайдың Пушкин мен Лермонтовтан аударған өлеңдерін домбырамен қосып айтқан бірнеше ақындарды кездестірді», - деп нақтылай түскен болатын. Оның үстіне бұл орыс ғалымы қазақ тілін жақсы түсініп, сөйлей білген деген дерек әзірше жоқ. Ендеше оның алыс ауылдағы қазақ әншісінің не туралы жырлап отырғаны туралы айырықша ынта қойып тыңдап, ерекше ықылас білдіре қоюы неғайбыл. Еуропацентристік пиғылдағы орыс ғалымдарының көбі миссионерлік және шовинистік көзқараста болғаны жасырын емес. Ә.Бөкейхановтың басқа да ғылыми еңбектерімен тарихи және стильдік жағынан салыстыра зерттесе көп сыр ашылатыны анық. Осы кезеңдегі ғылыми бағалаушылық мәнде жазылған мақалаларды қарап отырсақ, жеке ақын-жазушының шығармашылық ерекшелігін ашу арқылы әдебиеттің халықтығы, тарихилығы мәселелерін танытуға деген талап байқалады. Әрине шығармашылық дүниетанымның көрініс табуы секілді күрделі мәселеге бара қойған жоқ. Бірақ Ә.Бөкейхановтың жоғарыдағы пікіріндегі Абайды жаңа ағымның өкілі деген уақытында сыншыл реализмді айтып отырғанына, ал жанр, түр мен мазмұн мәселелерін сөз етуі, ақын творчествосына әдеби талдау жасауға деген ұмтылысты байқатады. Бұл ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің классикалық мұраны игеру барысында жалпыдан жалқыға қарай даму заңдылығына орай нақтылыққа бой ұра бастағанына айқын мысал. Қысқасы, 23 беттен тұратын бұл тараудағы халықтың орналасу тәртібі, этнографиясы, тұрмысы туралы жазған жерлерін А.Н.Седельниковке қалдыру керек те, әдебиет, мәдениет туралысын Алаш көсемінің еншісіне қайтару қажет.



Бұл томдағы қазақ әдебиетін, Ұлы Абайды сөз еткен тарауды Ә.Бөкейханов жазған дегенде Әлихан мен Абай бірін-бірі білген бе деген негізгі сөз етейік деп отырған мәселе туындайды. Бұл мәселені шешіп алу - абайтану ғылымы және Ә.Бөкейханов мұрасын зерттеу үшін ғана емес, ұлттық ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің туу, қалыптасу жолын көрсетуде де маңызы бар. А.Н.Седельников жазсын, Әлихан жазсын, әйтеуір Абай тұлғасы орыс жұртшылығына тұңғыш рет осы еңбек арқылы танылды ғой деп «жауырды жаба тоқып» кете беруге енді болмайды. Академик Р.Нұрғали Әлихан Бөкейхановтың 1905 жылы «Семипалатинский листок» газетіне жарияланған «А.Құнанбаев» (некролог) аталатын мақаласын сөз ете келіп: «Шындығына келгенде, Абай мен Әлиханның жас айырмасы екі-ақ мүшел, екеуі де бір атыраптан, Семей губерниясы, Қарқаралы уезінің адамдары, сондықтан бұлардың көзі тірісінде ұшырасуы, сұхбаттасуы әбден ықтимал, бірақ ондай сөзді Әлихан жазбайды. Абайдың ұлы Тұрағұлмен, ағаларының балалары Шәкерім, Кәкітайлармен қалай танысты, қалай достасты, қалай хат жазысты – бұлар туралы анық деректер келтіреді. Қалай дегенде, Әлиханның Абайды, оның айналасын, шығармаларын өте терең білгендігін айтылмыш мақаладан анық көреміз», - деп жазады. (Таңдамалы. 1995, 429-бет). Бұл тегіннен тегін айтылған пікір емес.

Тарихи шындыққа көз жіберсек, Абайды тану, ұлы ақын мұрасын ғылыми тұрғыда зерттеу жолындағы алғашқы қадам сәл ертерек басталған еді. «Дала уалаяты» газетін жарияланған М.Ж.Көпеевтің Абай өлеңдері туралы сыншылдық пікірін есептемеген күннің өзінде, ақын өмірі мен творчествосына арналған алғашқы зерттеу орыс тілінде шықты. Ол қазақ зиялыларының көрнекті өкілдерінің бірі Әлихан Бөкейхановтың 1905 жылы «Семипалатинский листок» газетіне жарияланған «Абай Құнанбаев (некролог)» деген және орыс Географиялық қоғамының Батыс-Сібірлік бөлімінің «Записки Семипалатинского подотдела» деп басталатын жинағына 1907 жылы шыққан «Абай Құнанбаев» атты мақалалары болды. Екінші мақала 1905 жылғы жарияланымның тереңдетілген нұсқасы дәрежесінде еді.

Профессор Т.Кәкішев «Сын сапары» монографиясында Абай даңқын тек Қазақстанда ғана емес, А.Алекторов, А.Н.Седельников, Ә.Бөкейханов т.б. мақалалары арқылы орыстың әдебиет сүйер қауымына таныс болғаны, Д.Кенанның кітабы арқылы Европа жұртшылығына танылғаны туралы көптеген қызықты деректер келтіреді. Осылардың ішінде Ә.Бөкейхановтың мақалаларын К.Ысқақов мақаласына тікелей қатысы бар екенін дәлелдей келіп, орысша аудармасы деп табады. Бұл - бүгінде дау туғызатын пікір.

Бұрындары «ұлтшыл-алашшыл» атанып, қателіктеріне байланысты бір жақты пікір айтылып келген қазақ зиялыларының қазақ әдебиеті мен мәдениетін өркендету жолындағы еңбектеріне әділ де анық, оңын-оң, терісін-теріс деген обьективті баға беру қолға алынды.

Қазақ зиялыларының еңбегін әділ бағалау тұрғысынан келсек Абайдың 1909 жылғы жинағының шығуына Ә.Бөкейхановтың сіңірген қызметі аз болмаған. Мақалада Ә.Бөкейханов Тұрағұл мен Кәкітайдың Абай шығармаларын бастыруды қолға алмақшы екенін, өзінің осы іске басшылық жасамақ ниеті бар екенін атап көрсете келіп, ақынның өмірбаяндық деректерін К.Ысқақовтан алғанын ескерте кетеді. Жалпы Абай жинағының баспа жүзін көруіне, оның материалдық жағын көтеруде, ақын өмірінен көптеген деректер беруде К.Ысқақовтың еңбегі орасан зор болғаны даусыз. Бірақ мақаланың Абай жинағынан бұрын шыққанын ескеретін болсақ, оның ұлы ақын мұрасы жайында ғылыми-зерттеушілік сипаттағы тұңғыш еңбек болып шығуына Ә.Бөкейханов көп тер төккен. Әсіресе, Абай поэзиясының мәнін ашуда нақты пікір білдірген, өлеңдеріне талдау жасаған бөлімдерін қарай отырып, оны Ә.Бөкейхановтың жазбағанын дәлелдеу қиын. Себебі К.Ысқақовтың сол кездегі қазақ баспасөзінің бетінде Абай жинағы шыққанға дейін немесе кейін ешқандай әдеби, сыншылдық мақалаларын кездестірмейтінімізді ескеретін болсақ, осы мақаладағыдай шын мәніндегі ғылыми талдаулар жасау үшін біршама білімділік пен тәжірибе қажет.



Ә.Бөкейханов өз еңбегінде қосымша пікір ретінде Абайдың ақындық тұлғасын танытатын екі түрлі мәселеге ерекше көңіл аударған. Біріншіден, Абайдың дін иелері туралы айтқан өлеңдеріне түсіндірме жасай келіп, ақынның ағартушылық, жаңашылдық идеясын ашып берсе, екіншіден, Абайдың табиғат лирикасы, әсіресе жыл мезгілдеріне байланысты туған өлеңдері қазақ поэзиясында үлкен жаңалық болып саналатынын көрсете отырып, табиғатты жырлау Европа ақындарында ерекше орын алатынымен тығыз байланыста қарайды. Абай творчествосының ағартушылық және новоторлық сипатын көрсету мақсатында айтылған бұл пікірлердің абайтану ілімінде алғаш айтылғанын былай қойғанның өзінде, ұлы ақынның өмірі мен өнерін, сол арқылы қазақ поэзиясының кескін- келбетін орыстың әдебиет сүйер қауымына таныстырудағы ролінің өзі зор. Профессор Т.Кәкішев айтқандай: «Күні бүгінге дейін «Запискіде» жарияланған мақаланың маңынан жүрмейміз, тіпті М.Әуезовтің өзі де осы мақаланы атаусыз қалдыруға мәжбүр болған. Салыстыра зерттесе, көп сыр ашылары анық».

Қазақ әдебиеттану ғылымында К.Ысқақов жазған Абай өмірбаянының мақаласы деп қана аталып жүргенімен түпнұсқасын Ә.Бөкейханов жазған осы мақаланы егер сол дәуірдегі қазақ еліндегі қоғамдық ой-сана мен ғылыми-сыншылдық, ой-пікір дәрежесінде қарайтын болсақ, бұл еңбек – шын мәніндегі ғылыми зерттеу. Қазақ әдебиеті тарихында ерекше аталатын көрнекті дарын иелері туралы төңкеріске дейінгі қазақ баспасөзінде жарияланған ғұмырнамалық сипаттағы мақалалармен салыстырсақ Ә.Бөкейхановтың еңбегінің салмағы арта түсері сөзсіз. Бұл тұрғыдан алғанда мақала көтерген жаңашыл ғылыми сыншылдық ой- пікірге көңіл аудару қажет. Ол үшін мақала туралы нақты ғылыми пікірлер айтқан әдебиетші ғалымдарды қайталамай, Абайдың өнерпаздық тұлғасын таныту мақсатында ғылыми- зерттеушілік сипатта сөз еткен негізгі проблемалық мәселелерді қысқаша атап өтсек те болады.

1. Ұлы ақын Абайдың ата-тегі мен өмірбаянын естелік деректер келтіре отырып, тұңғыш рет жазып шықты.

2. Қазақтың халық ауыз әдебиетінің ХVIII—XIX ғасыр басындағы қазақ поэзиясы мен шығыс ақындарының, әсіресе озық үлгідегі орыс әдебиеті өкілдерінің, Абайдың өнерпаздық тұлғасының қалыптасуына тигізген игі әсерін, өнерге деген эстетикалық көзқарасын қалыптастырудағы ықпалының мәнін ашуға ұмтылды.

3. Абай поэзиясының құдіретін таныту, ақындық әлемін жан-жақты көрсету мақсатында К.Ысқақов екеуі жинақтағы өлеңдерді 17 түрлі тақырыпқа бөліп, жүйелей отырып құрастырады. Академик М.Әуезов: «Жинақтағы жасалған жіктеулер дәл, дәлді емес» деп атап өткендей онша сәтті шықпаса да осы жинаққа дейінгі қазақ кітаптарында бұл сипаттағы тақырыпқа бөліп құрастырудың кездеспейтініне көңіл аударсақ, жинақтың жаңашылдығы көріне түседі. Себебі бұл профессор Т.Кәкішев айтқандай «Ақын шығармаларын, оның үстіне тұңғыш рет жарық көрейін деп тұрған Абай жинағын белгілі бір жүйемен топқа бөлу әншейін іс емес, творчестволық процесс...».

4. Автор Абай өлеңдерінің қазақ поэзиясындағы жаңашылдық келбетін танытуда ойлылығы мен әсемдігін ашу үшін ғылыми- теориялық сипаттағы талдаулар жасап, нақты пікірлер айта білген. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап», т.б. өлеңдерін тақырыптық және идеялық мағынасы жағынан жасаған талдаулары көңіл аударарлық. Абай өлеңдерінің құрылысы мен көркемдігі туралы терең талдау жасамаса да Абайдың қазақ өлеңіне жаңа түрлер қосқан жаңашылдығын үнемі атап өтіп отырады. Осы мақаладағы өлеңдерге жасалған ғылыми- теориялық талдаулар қазақ әдебиеттану ғылымында тек Абай өлеңіне ғана емес, қазақ поэзиясына жасалған алғашқы талдаулардың бірі екенін ескермеске болмайды.

5. Абайдың өлеңді өнер деп түсінуі және өзінің айналасына ұстаздық, ақындық үлгісі туралы да біршама дұрыс ой қорытады. «Абай өзі өлеңнің өнер екенін біліп, жаза бастағаннан–ақ бұрынғы надандық пен өлеңді өнер орнына жұмсамай, ғибрат үшін айтпай тіршілік орнына айтқандықтан да өлеңнің қазақ ортасына бағасы кемігендігін айтып», өзі олардың айтқанынан басқаша жолмен жүруге шақырғанын, өз төңірегіндегі жастарға да осы жолмен жүруге ықпал еткеніне ерекше көңіл аударады.



Міне, әдеби-теориялық, сыншылдық ой-пікірдің күрделене түсіп нақты арнаға, яғни, әдебиет тарихындағы ерекше тұлғаларға байланысты айтыла бастауында осындай келелі мәселелерді сөз етуі Ә.Бөкейханов мақаласының мәнін көтере түсері анық. Сол себептен де авторды Абай өмірбаянын тұңғыш рет жазушы ғана емес, алғаш зерттеп ғылыми пікір айтушылардың бірі деп қарау қажет. Қазақ әдебиеттану ғылымында қазақ әдебиетінің тарихын тексеріп, зерттеуде, классикалық мұраны игеріп таныстыруда ең алғашқы болып қалам тартқан, абайтану деп аталатын үлкен жолдың соқпағын салған тұңғыш зерттеуші деп санау керек.

Ә.Бөкейхановтың басты мақсаты тек Абай шығармаларының жинағын шығару ғана емес, өмірі мен творчествосы туралы осы мақаланы жазу арқылы ұлы ақынның дүниетанымы мен ақындық өнерін ғылыми тұрғыдан таныту, тереңірек ашып көрсетумен қатар өнер қуған, өлең қуған жастарға үлгі-өнеге алуға да ұсынған шақыру. Егер де Абай өлеңдері М.Әуезов айтқан үш жолмен: «Бірінші жолы- баспа арқылы; екіншісі – халық арасында ауызша жатталып, әнмен аралас таралуы; үшіншісі – қолжазба түрінде әр көлемді жинақтар боп көшіріліп тараған» болса, Абай поэзиясының новаторлық сипаты мен ағартушы- демократтық бағыттағы прогрессивтік жолының тек өз айналасына ғана емес, оң-солын енді танып келе жатқан қазақ зиялыларына, әдебиет саласындағы жастарға тигізген ықпалы зор болғаны даусыз.

Біздің ойымызша, Әлихан Абаймен көзі тірісінде кездескен және пікірлес болған. Оған үш түрлі дәлеліміз бар. Бірінші. Әлихан 1894 жылдан бастап Орыстың императорлық география қоғамының Батыс Сібір бөлімінің жұмыстарына белсене араласқандықтан 1896 жылы толық мүшелігіне қабылданып, 1901 жылы оның басқару комитетіне сайланады. Осы қоғамның Семей бөлімшесін ашуға ат салысып, оның статистика комитетінде Г.Потанин, П.П.Семенов-Тянь-Шанский, Е.П.Михаэлис және А.Құнанбаевпен бірге мүше болады. Қазақтың екі данасының бұл комитет атқарған жұмыстар барысында таныс болмауы мүмкін емес. Комитет құрамында Е.П.Михаэлистің болуы да көп жайды аңғартады. Е..П..Михаэлис қайтыс болғанда «Қазақ» газетіндегі (1914, № 44) жазған «Офат» деп аталатын азасөзінде Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» деген өлеңін келтіріп, осы өлең жолдарымен аяқтауы жақсы сыйлас адамдар болғанын байқатады. Осы азасөздегі «Қазақтың жалғыз ақыны Абайды тура жолға салған осы Михаэлис еді. Абай өле-өлгенше «менің көзімді ашқан, маған жаныашырлық қылған Михаэлис еді» деп айтып отырушы еді», - делінген пікір де көп жайды аңғартады (Ж.С.). Батыс-Сібірлік Географиялық қоғамның Семей бөлімшесінің «Запискиінің» 1914 жылы Е.Михаэлиске арналған VІІІ шығуында «Қазақ халқы да Михаэлисті жоқтайды» деп Әлиханның осы азасөзін ерекше атап өткен.

Екінші. Көкшетау мешітінің имамы атақты Науан хазірет пен осы мешіт жанындағы медресе мұғалімі Шаймерден Қосшығұловтың Россияның отаршылдық саясатына, діни мекемелерді, мектептерді, мешіттерді жауып, дін иелерінің мұсылман дінінің шариғат жолымен қызмет жасауына тиым сала бастаған жаңа тәртібіне қарсы күрес ұйымдастыру мақсатында жер-жердегі ел сыйлайтын адамдармен байланыс жасады. Бізге Ш.Қосшығұловтың Абайға жазған екі хаты белгілі. Алғашқысы - Абай баласы Тұрағұлға беріп, ол «шылым орау» үшін болыс Р.Құдайбердинге беріп, ақын үйі тінітілген кезде соның қалтасынан шыққан хат. Екіншісі - Абай Семейдің уезд бастығы И.С.Навроцкийдің қатысуымен Арқат почта бөлімінен алып берген хат. Абай үйін тініту - 1903 жылы болған оқиға. Науан Хазірет пен Ш.Қосшығұлов бастаған адамдардың қазақтарды орыстандыру, шоқындыру саясатына қарсы іс-әрекеті ертерек басталған болуы керек. Абайға жазылған екінші хатта Ш.Қосшығұлов Семейдегі жәрмеңкеде болатын кездесу мен Жетісу жеріндегі кеңес туралы жазғанда Абай бұлар жайында бұрын хабардар болғаны байқалады және хат жазысқан да сияқты.Оған екінші хат соңындағы «Хатты мына адреске: Көкшетау қаласы, қазақ мектебі, Абдулла Зиядуға тисін деп әдепкі жолмен жіберсеңіз аламыз» деп жазғандағы «әдепкі жол» тегін айтылмаса керек («Абай тағылымы. 424-бет). Сонымен қатар полиция Науан хазірет пен Ш.Қосшығұловты тұтқындағанда мешіт пен интернаттан жүзден астам гектографқа басылған қолжазба кітапшалар тауып алған (Сонда. 421-бет). Бұл туралы Ә.Бөкейханов өзінің 1910 жылы шыққан «Қырғыздар» (Қазақтар) аталатын еңбегінде: «Лет 6 тому назад, по доносу волостного писаря, уволенного киргизом-управителем, администрация познакомилась впервые с казахской (еңбекте киргизской) прокламацией, напечатанной на гектографе и получившей широкое распространение в степи. В этой первой казахской прокламации авторы на арабском и казахском языках призывали детей Алаша подняться, как один человек, против посягательств русского правительства на религию - ислам и против попытки обратить казахский народ в «крестьян» и православную веру. Эта основная идея прокламации богато иллюстрировалась частными фактами обрусительной политики... В связи с этой прокламацией были проведены впервые политические обыски у известнейших казах, у мулл и учителей, были арестованы библиотека и переписка. Из Кокчетава были админстративно высланы известнейший во всей киргизской степи ученый – мулла Наурызбай Паласов со своими учениками», - деп жазады. (Таңдамалы, 74-бет). Жазушы Қ.Ысқақовтың ертеректе «Жұлдыз» журналына жариялаған дерегіне сенсек, дүние-мүліктері тәркіленіп, Сібірге жер аударылған.

Міне, осы прокламациямен Ә.Бөкейханов алғаш рет Абай ауылында танысқан деуге толық негіз бар. Ол А. уезінің қазақтары Қ. және Б. дегендердің сол уездің священигінің өздерін және дінін қорлағаны үшін жазған шағымына Архипастырдың «дерзкий кляузник киргиз забыл, что он живет не в Турции, а в России, православно-христианской. Оставить без последствий», - деп жазып қалдырып, жауап бермегенін мысалға келтіріп өтеді де прокламациямен қалай танысқанын айтады (Мұндағы К. мен Б. деген Ш.Қосшығұлов және Абайға жазылған хатта аталатын З.Баширов болуы да мүмкін). «В глубокой степи, за 700 верст от Сибирской ж.д., сидя в гостеприимной юрте богатого казаха, я рассказывал собравшимся старикам и молодежи о русских писателях и, в частности, о Л.Н.Толстом. Хозяин дома, богатый влиятельный казах, выслушав меня, улыбнулся, попросил жену достать его шкатулку, где он держал свой архив и вынув оттуда бумагу, передал мне. С нее я и снял вышеприведенную копию. Оказалось, что казахи все знали ее содержание и, не желая обидеть подозрением мой рассказ, они высказали мнение, что они, т.е. русские писатели, вероятно не русские, особенно Л.Н.Толстой. Все они должны быть мусульмане, иначе и быть не может. «Кто знает, они может быть, казахи», заметил один старик», - деп жазады. Осындағы Л.Толстой мен басқа орыс ақын-жазушыларын жақсы білген ауыл - Абай ауылы болмауы еш мүмкін емес, ал беделді қазақ Абай болуы керек. Өйткені қазақ даласында әлем және орыс әдебиетімен кеңінен таныс басқа ауыл болды дегенді естіген де, оқыған да емеспіз. Бұл да біздің Абай мен Әлихан кездескен деген ойымызды нақтылай түседі. Біздің жорамалымызша, Әлихан студент кезінің өзіңде-ақ саяси толқуларға белсене қатысқаннан бастап және «Зарзаман» атты орыстарға қарсы әдеби топтың мүшесі ретінде саяси сенімсіз, үнемі аңдуда болғандықтан кесірін тигізбеу үшін Абай есімін саналы түрде атамай отыр дер едік. Мысалы «Кәкітай» аталатын азанамасында «1906 жылы Керекуден Семейге баруға шыққан мені ұстасын деген Семейге хабар келген. Мархұм Омарбек пен Кәкітай һәм өзге аты теріс достар мені қашыртпақ болып, маған қарсы үш атпен «Б»-ды жіберген. Мені ұстамас бұрын маған Керекуден «С» қуып келді, қашайық деп», - дегеніндегі кісі есімдерін толық жазбауы ойымызды дәлелдей түссе керекті («С» - Садуақас Шорманов болуы мүмкін).

Сонымен қатар Науан хазірет пен Ш.Қосшығұлов саяси мәнді үгіт қағаздарын және хаттарын ел тыңдайтын сыйлы, көзі ашық, оқыған-тоқығаны көп, халық мұңын ойлайтын адамдарға ғана жіберген. Олардың ішінде әзірге белгілері Баянауылда – Садуақас Шормановқа, Зайсанда – Кеншінов дегенге, Семейде – Абайға жіберілген. Әлихан бұл кезде Омбыда, әрі саясм күрескер ретінде таныла қоймаған, экспедиция мен патша қызметінде жүргендіктен прокламацияны тікелей алмауы заңды. Негізі Науан хазірет пен Ш.Қосшығұловтың бүкіл қазақ халықын отаршылдық зардаптарына қарсы көтеру жолындағы күресі мақсатты да тиянақты түрде зерттеуді қажет етеді. Сонда хаттағы «Халық қамқоршысы ретінде Сізден еш хабар ала алмадық, ал Сізден әлдеқайда шалғайда жатқандар хабар беріп тұр» дегендегі басқа да халық жанашырлары анықталар еді. Сонымен халқымыздың ұлт азаттығы жолындағы тарихының беттері толыға түсуімен қатар, абайтану, бөкейхановтану ілімдері тың деректермен дәйектелері сөзсіз. Әрине Ә.Бөкейхановтың Абай ауылында болғаны да анықтала, дәлелдене түсер еді. Қалай дегенмен де Әлихан Абай шығармашылығымен тек Кәкітай арқылы танысты деу тым күмәнді. Алғаш рет Кәкітайды 1900 жылы Семейде көріп танысқан Әлиханның 1904 жылы «Абай өлеңдерін кітап қылып басыңдар» деп бірінші болып бірден хат жазуы да ақын шығармаларымен сырттай ғана таныс емес, жүзбе жүз пікірлес те болғандығына дәлел болуға тиісті.

Үшінші. Ә.Бөқкейханов 1994 жылы Санкт-Петербургтің Орман институтын бітіргеннен кейін Омбы қаласына қайта оралып, осындағы орман мектебінде екі жыл мұғалімдік қызмет атқарады. Сонымен қатар Тобыл уезіне жүргізілген статистикалық санақ жұмыстарына қатысып, терең білімділігімен қоса ғылыми жұмыстар жүргізуге деген зор ынтасы және қабілетімен көзге түседі. Ресейдің Жер министрлігінің ұйымдастыруымен Ф.А.Щербина басқарған ғылыми экспедиция құрамына алғашқыда статистик ретінде шақырылып, кейін оның жеке зерттеу тобын басқаруға дейінгі құрметке ие болады. «Щербина экспедициясы» 1896-1901 жылдар аралығында бүкіл қазақ даласының үштен бір бөлігінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, 1903-1905 жылдары 13 том ғылыми еңбек жарыққа шықты. Экспедиция Ақмола және Семей облыстарының 12 уезінде жұмыс атқарған болса, Ә.Бөкейханов оның Павлодар, Семей, Қарқаралы, Омбы уездеріндегі ғылыми жұмысқа тікелей қатысқандығын жазған еңбектері дәлелдейді. Қарқаралы уезінде 22 болыстық болса, экспедиция оның 16-сын түгел аралап шыққан, ал Семей уезінде 19 болыстық құрылған. Ә.Бөкейхановтың 1905 жылғы таңдамалы жинағындағы жазылған «Түсініктерде» Қарқаралы уезінің 1898, 1899 жылдары зерттелгенін, үш партия жұмыс жүргізгенін айта келіп: «...первая с А.Н.Букейханом во главе, имевшим помощником Джусупа Сатыбалдина и регистратором Е.Итбаева. Абралинская и Дегеленская волости также были исследованы партией во главе с А.Н.Букейханом», - деп ашық жазылған (459-бет). Бұл болыстарда Абай өлеңдері айтылып, әндері шырқалмады деп ешкім де кесіп айта алмас. «Көкен болысында 1899 жылы болдым» деп жазғанының өзі осы кезге, яғни экспедиция жұмыстарына сәйкес келіп тұр. Айта кететін бір мәселе ғалымның жазылу тарихына түсініктеме жасалған «Қаркаралы уезі» еңбегі бұл жинақта жоқ, тек «Шежіресі» ғана берілген. Тағы бір орыс зерттеушісі қосарланып жүр ме, кім білсін.

Осы уездің Көкен болысында «Татьянаның хатын» естіген ол Абай туралы сұрастырмауы, барып жолығуға ынтық болмауы мүмкін емес. Бұл Абай атақ-даңқының бүкіл қазақ даласына кеңінен тараған кезеңі болса, Ә.Бөкейханов экспедиция жұмыстарының мүддесімен де жолығуға тиісті еді деген ойдамыз. Себебі экспедицияның негізгі мақсаты қазақтың жер қоғамдастығы болғандықтан, ол қазақ руларының мекенін, тиесілі жерін белгілеп, оны картаға түсірумен шұғылданғаны мәлім. Ал бұл секілді ел тағдыры шешілетін әлеуметтік мәселеден Абайдың шет қалуы ешбір ақылға сыймайды. Жоғарыда айтқанымыздай, Абай Ресей географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің статистика комитетінің мүшесі болған ғой. Переселендерді көптеп орналастыру үшін қазақ жерін толықтай зерттеу мақсатында отаршылдық пиғылда құрылған бұл экспедиция жұмысына географиялық қоғам өз мүшесі, көзі ашық әрі орысша сауатты, орыс достары аса мол Абайды тартпауы көңілге қонымсыз. Сонымен қатар Ә.Бөкейханов өзінің қазақ руларының шежіресін жазуды экспедицияның алғашқы жылдарында-ақ қолға алғаны байқалады. Ол экспедиция материалдарының 1905 жылғы Ү және ҮІ томдарында жарияланған. Ендеше бұл бағыттағы зерттеуінде де ұлы Абайдан ақыл-кеңес алмады дей алмасақ керек.

Ғалым өзінің «Дала өлкесінің түпкірлеріндегі орыс қоныстары» аталатын еңбегінде қосымша ретінде қызық бір дерек келтіреді. Қазақ халқының мал шаруашылығы, жайылымдары, жылқы қыстатуда қостардың 1500 шақырымға дейін көшіп жүретінін айта келіп: «Поразительная память на места у киргизских лошадей. Известны случаи самовольного возвращения на родину в Каркаралинский уездь (150 версть от границы) лошадей, проданных ташкентским торговцам и отбившихся от новых хозяев из окресностей г.Ташкента. В августе 1994 году с Оренбургского конного базара отбились, убежали две лошади киргиза Семипалатинского уезда Оразбая Аккулы и зимою в ноябре того же года оказались на его летовке, где зимою пасутся косы (табун лошадей)», - деп жазады (Таңдамалы. 235-бет). Бізді таң қалдырғаны Оразбайдың аты-жөнінің нақты келтіріліп отырғаны ғана емес. Еңбек кейін 1907 жылы үш ай Семей түрмесінде отырғанда жазылғанымен, арада он үш жыл өтсе де оқиғаның айы мен жылына дейін көрсетілуі.



Алаш көсемінің өмір жолына көз салсақ, ол бұл жылы оқуын бітіріп Омбыға енді ғана келген. Қалай дегенмен де көңіл аударарлық дерек, мүмкін өзі куә болған оқиға шығар десек қателеспейтін сияқтымыз. Бұған қоса бүкіл Сарыарқаны былай қойғанда, Қарқаралы уезін күңіренткен Әбіштің өлімі кезінде Әлихан сырт қалды дей аламыз ба? Бұл айтылғандар аз десек, Әлиханның нағашысы Семей Тобықтысының үш тармағының бірі болып саналатын Көкшенің атақты Жуантаяқ руы болуының өзі де көп жайдан хабар берсе керек. Туған жері Ақтоғай ауданы «Шабанбай» елді мекенінің тұрғыны, көп жыл атқосшысы, көшірі болған Әшірбек ақсақалдың айтқанына сенсек, ауылынан Омбыға көбіне салт атпен жүрген. Онда да айналма болып шығатын Қарқаралы арқылы емес, тіке тартқан. Яғни кеңес дәуірінде бүкіл қазақ жастарын қойшы болуға шақырған Шұбартау ауданының жерін басып өтіп, Шаған өзенін кесіп өтіп, Шыңғыстауды бөктерлей Семей арқылы Омбы асқан.

Қысқасы, Абай мен Әлихан секілді ұлы тұлғалар ғұмырнамасында ашылмаған ақтаңдақтар толып жатыр. Басқаны былай қойғанда, орыс өдебиетінде кездейсоқ кездескен атақтылары туралы көпіртіп жазған ғылыми-танымдық мақалалар көп жазылған. Қазақтың екі кемеңгерінің таныстығы туралы деректі бізге үш жерден ғана кездестіруге болады. Біріншісі – пікір, екіншісі – ғылыми еңбекте айтылған ой, үшіншісі – көркем шығарма. Олар: академик Р.Нұрғалидің жоғарыда біз келтірген пікірі, Ж.Смағұловтың «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы» монографиясындағы ғылыми тұжырым және М,Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы қазақ оқығандарының жиынтық бейнесі ретінде көрсетілетін Әзімхан образы мен Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» романындағы көркемдік шешім. Біз ұлтымыздың екі данасы қайтсе де кездескен, «айттым бітті, кестім үзілді» деген тұжырым жасауға пейілдіміз. Қандай да болсын жаңаша көзқарастың бірден аксиомаға айналуы оңай шаруа емес екені белгілі. Әрине, оны бір мақсатта біріккен ізденіс ғана жасайды.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы
publications -> Международные отношения и международное право


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет