Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова



Дата05.11.2016
өлшемі107,98 Kb.
#583
Әліпбаев А.Р., Бюжеева Б.З.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің халықаралық

қатынастар факультетінің доценттері
Өмірде өнегелі із қалдырған,

халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы -

Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультеті биылғы жылы өзінің 20 жылдығын атап өтуде. Бұл мерейтой - Қазақ хандығының 550 жылдық, Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 жылдық атаулы күндерімен тұспа-тұс келді. Бұл тарихи заңдылық іспеттес, өйткені Қазақ хандығының даму үдерісі де, БҰҰ-ның негізгі қызметі де халықаралық қатынастардың негізінде өрбігені анық.

ХХ ғасырдың соңында тәуелсіз Қазақ елі әлем елдерімен терезесі тең елдер қатарында қарым-қатынастарын нығайтып, даму қарқынын үдете түсті. Халықаралық қатынастар саласындағы мамандарды арнайы дайындау мүмкіндігі тек еліміздің халықаралық қатынастар жүйесіне дербес ел ретінде қатысуының негізінде ғана жүзеге асты. Сол ретте тәуелсіз Қазақ елінің мәртебесін әлемдік деңгейде таныстыруға, әлем елдерімен ынтымақтастықты қалыптастыруға атсалысып жүргендердің бірқатары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінен білім алып шыққан түлектер екендігі даусыз.

Халықаралық қатынастар факультетінде білім алатын жас ұрпақ ұлттық таным-тарихымызды терең зерделеп, сол арқылы ұлтжандылық рухын шыңдаумен бірге, Қазақ елінің әлемдік қауымдастықтағы беделін бекемдеуге, Ұлы дала дипломатиясын әрі қарай абыроймен жалғастыруға тәрбиеленуде. Өйткені, бүгінгі жастар – ертеңгі күннің болашағы. Олардың келешегіне аса зор мән беріп, білімі мен тәрбиесіне, имандылығы мен адамгершілігіне, бойындағы ең асыл қасиеттеріне қызығушылық таныту, оларға бағыт-бағдар сілтеу – ұстаздар қауымының ең басты мақсаты, әрі міндеті.

Сан ғасырлық тарихымызда мақтан тұтар, ұлт алдындағы адал қызметінен бүгінгіміз бен болашағымыз үшін ғибрат алар, өмірде өнегелі із қалдырған ұлы тұлғалар аз болмаған. Солардың қатарына ақ жаулықты ана, асыл әже, ардақты ұстаз - Жамбатырова Гүлжауһар Шағатайқызын да жатқызуға болады. Мұхтар Әуезовтың: «Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» - деген нақыл сөзі Г.Ш. Жамбатырова сияқты тұлғаға арнап айтылғандай.

Бүгінгі күні университеттегі алды 80 жылдық тарихы бар факультеттерімен тепе-тең мәртебеге ие болған Халықаралық қатынастар факультетінің қалыптасу, даму тарихы ҚазҰУ профессоры Жамбатырова Гүлжауһар Шағатайқызының есімімен тікелей байланысты.

Жамбатырова Гүлжауһар Шағатайқызының өмір жолы, парасаты - бүгінгі ұрпаққа өнеге. Жамбатырова Гүлжауһар Шағатайқызының өнегелі өмірін жас ұрпаққа жан-жақты насихаттау, таныстыру - ұлағатты ұстаздың тәлім-тәрбиесін көрген біздердің парызымыз.

Жамбатырова Гүлжауһар Шағатайқызы 1943 жылы 29 мамырда Ресейдің Челябі облысы, Вернен ауданындағы "Солнце" селосында дүниеге келген. Жиені Арун Жанбатыров өз естелігінде ата-бабаларының қазақ жерінде өмір сүріп, кейін, ХХ ғасырдың 20-30-жылдарындағы ашаршылық кезінде, Ресей аумағына ауғандарын жазады. Гүлжауһар Шағатайқызы көпбалалы жанұяда тәлім-тәрбие алып, өмірдің біраз қиыншылықтарын да басынан өткергендігі аян. Өзінің ұтқыр мінезі мен білімге деген құштарлығы 1961 жылы Челябі облысындағы Чесмен ауданының Горький орта мектебін үздік бағамен бітіргеннен кейін Челябі қаласындағы Мемлекеттік педагогикалық институттың тарих факультетіне түсуге мүмкіндік туғызады. Дегенмен, елге, ата-мекенге деген ұмтылыс 1963 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне ауысумен аяқталды. ҚазМУ-дегі білімін 1966 жылы толық тамамдайды.

Орыс топырағында дүниеге келіп, орыс мектебінде тәлім-тәрбие алған Гүлжауһар Шағатайқызына Қазақ елінің белді университетінде де орыс бөлімінде оқуына тура келген еді. Дегенмен, қазақ тілін үйренуге деген талпынысы мен ана тілінің қадірін қастерлей білуінің нәтижесі кейін тіпті қазақ топтарында өте жоғары дәрежеде сапалы да, қызықты дәрістер оқу деңгейіне жеткізген еді. Дәріс оқу кезінде қандай да бір саяси оқиғаны бейнелі, айшықты, жатық, қарапайым, қалың көпшілікке түсінікті тілде жеткізуге шебер болды. Ойды жеткізуде Гүлжауһар Шағатайқызының өзіне тән мәнері, суреткерлік тегеуіріні бар еді. Әрине, бұл деңгейге Гүлжауһар Шағатайқызы өзінің ұзақ жылдар мен қажырлы еңбегінің арқасында жеткені белгілі.

Жоғары оқу орнын тамамдаған жас маман ең алдымен Мемлекеттік өнер институтының марксизм-ленинизм кафедрасында аға лаборант қызметін атқарып, 1970 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіндегі жалпы тарих кафедрасына ассистенттік қызметке қабылданады. Кафедрада қызмет атқарған төртжыл көлемінде ұстаздық тәжірибесі шыңдала түскен Гүлжауһар Шағатайқызының ғылыми ізденіске деген бейімділігі де айқын аңғарылған еді. Болашағынан үміт күттірген жас оқытушының білімін жетілдіру мақсатында 1974 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің аспирантурасына түсуге жолдама беріледі. Бұл кезде Гүлжауһар Шағатайқызы ғылыми ізденіспен айналыса жүріп, балаларына өнегелі тәлім-тәрбие бере білген аяулы ана да бола білді. Тіпті 1974-1977 жылдар аралығында М.В.Ломоносов атындағы ММУ аспирантурасының күндізгі бөлімінде оқи жүріп, кандидаттық диссертациясын дайындауы, қаншама күш-жігер мен табандылықты қажет етті. Аспирант кезінде Г.Ш. Жамбатырова әлемдік халықаралық қатынастар тарихы мен еуропалық дипломатияның қыр-сырын білуге талпынды. Жалпы халықаралық қатынастар тарихына ерекше көңіл бөлуі, Гүлжауһар Шағатайқызының болашақ тағдырына тікелей әсер еткені сөзсіз. Осы бағыттағы ізденістің нәтижесі 1978 жылы 17 мамырда кеңестік дәуірде танымал болған тарих ғылымдарының докторы, профессор И.С.Галкиннің ғылыми жетекшілігімен М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дің тарих факультетіндегі жаңа және қазіргі заман тарихы кафедрасы жанында "07.00.03. - жалпы тарих" мамандығы бойынша " Позиция Германии в Ближневосточном кризисе 1875-1878 гг " атты кандидаттық диссертацияны қорғауымен аяқталды. Ия, Мәскеудің төрінде қаршадай қазақ қызына ғылыми ізденісін қорғау оңайшылықпен болмағандығын диссертациялық жұмысты қорғауда комиссия мүшелерімен қоса профессор, т.ғ.д. М.Т. Панченкова мен т.ғ.д. Ю.А.Писаревтердің ресми оппонент болғандығынан-ақ байқауға болады. Дегенмен, Гүлжауһар Шағатайқызы алғырлығы мен білімдарлығы, орыс тілін жетік меңгеруінің арқасында тағдырдың бұл белесінен де абыроймен шыққан еді. Соның нәтижесінде 1978 жылы М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дің жалпы тарих бойынша Кеңесінің 25 қазандағы шешімімен тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі беріледі.

Мәскеу аспирантурасындағы білім алу мерзімі аяқтала салысымен, Гүлжауһар Шағатайқызы өзінің шыққан білім ордасы, Қазақ мемлекеттік университетіне қайта оралып, тарих факультетіндегі жалпы тарих кафедрасында аға оқытушы, кейін доцент ретінде қызметін жалғастыра түскен болатын. Көп ізденіп, оқып-тоқығаны сол кезде де, кейінде өзіне үлкен жәрдем болды, қандай іс бастаса да нәтижеге жетті. Білім күші деген сол болар. Қай салада еңбек етсе де халық игілігі үшін деп істеді. 1977 жылы тіпті Қазақстанның үкіметтік делегациясының құрамында Түркияның Бурса қаласындағы Құрылтайда болып қайтуы Гүлжауһар Шағатайқызының қоғамдық жұмыстардағы белсенділігін де аңғартады.

Гүлжауһар Шағатайқызы табандылық пен еңбекқорлықпен әр уақытта дегеніне жетті. Соның нәтижесінде 1984 жылы Қазақ ССР Оқу министрлігінің «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төс белгісімен марапатталады. Ғылыммен қоса оқу-әдістемелік бағыттағы еңбектерінің негізінде 1987 жылы 15 сәуірде Гүлжауһар Шағатайқызына жалпы тарих бойынша доцент ғылыми атағы беріледі.

Өзінің білімін жетілдіру мақсатында 1988 жылы Берлиндегі Гумбольдт атындағы университетте ғылыми тағлымдамадан өтеді. Сонымен бірге осы жыл ішінде Германия Федеративтік Республикасындағы Гармиш қаласындағы Дж. Маршалл атындағы Қауіпсіздік мәселелерін зерттеу бойынша Еуропалық орталықта халықаралық конференцияға қатысып, "Аймақтық тұрақтылық және Орталық Азиядағы қауіпсіздік" атты тақырыпта баяндама жасайды. Бұл ғылыми сапарлар Гүлжауһар Шағатайқызының білімдарлық өрісін биіктете түседі.

Ал 1989 жылы 15 наурызда Г.Ш. Жамбатырова ұзақмерзімді адал еңбегі үшін КСРО-ның Жоғарғы Кеңесі Президиумының атынан Алматы қалалық Халық депутаттары Кеңесінің атқару комитетінің шешімімен «Еңбек ардагерің медалімен марапатталған болатын. Ия, адалдық пен адамгершілік қағидаттарын берік ұстанған Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова 80-90-жылдары ҚазМУ-ге түсушілер үшін тағайындалған Емтихан қабылдау комиссиясының тұрақты төрайымы болғандығын профессор К.Қ.Қожахметов өз естеліктерінде еске алады.

Ұйымдастыра білген ұтады дегендей, Г.Ш. Жамбатырова өзінің еңбекқорлығы мен ұжымдағы беделінің арқасында 1992-1993 жылдарда тарих факультетінің сырттай оқу бөлімінің деканы қызметін атқарса, 1993 жылдан 1995 жылдың ортасына дейін тарих факультетінің деканы болды. Дәл осы кезеңде тарих факультетінің ішінде заманның талабына сай халықаралық қатынастар саласындағы мамандарды дайындау үдерісі етек алған кез еді.

1992 жылдың басында профессор Жарас Омарұлы Ибрашевтің тарих факультеті аясында елімізде қазақтың алғашқы халықаралық қатынастар саласындағы мамандарын дайындау туралы ұсынысын қолдағандардың алғашқы шебінде Жамбатырова Гүлжауһар Шағатайқызы тұрды. Ал көктем басталысымен жаңа мамандық бойынша ашылған топтарда доцент Жамбатырова Гүлжауһар Шағатайқызы халықаралық қатынастар тарихы бойынша дәріс беруге құлшына кірісті. Аспирантура кезінде алған білімі мен шетелдік сапарларда жинаған тағылымы жаңа мамандықта дәріс оқуға сайма-сай келді. Дәріс оқу кезіндегі ұшқыр ой түйіндеулер мен мәселені жеткізудегі өзіне тән мәнері студенттерді баурап алатын еді. Сонымен бірге киім-киюдегі талғампаздығы оның эстетикалық және ағартушылық қасиеттерін толықтыра түсетін.

Халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер қатарының жылдан жылға арта түсуі, енді тарих факультеті шеңберінен шығып, жаңа факультеттің іргесін қалаудың кезі жеткендігі байқалды. Бұл үдерісті бақылауында ұстаған кафедра меңгерушісі, танымал профессор Ж.О. Ибрашев 1995 жылы факультеттің ашылуына ұйытқы болды. Профессор Ж.О. Ибрашев өз естеліктерінде жаңа факультеттің деканы ретінде тарих факультетінің деканы Г.Ш.Жамбатырованың ұсынылғандығын және бұл өте орынды таңдау болғандығын айтады. Оңды шешімнің нәтижесінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы болып Г.Ш.Жамбатырова тағайындалады. Г.Ш.Жамбатырова Халықаралық қатынастар факультетінің деканы ретінде 1995 жылдан 2001 жылдың қазанына дейін жаңа мамандықты жетілдіру саласында орасан зор еңбек етті. Өзінің адами қасиеттерімен қоса жан-жақты біліктілігін факультеттің қалыптасуы мен нығаюына арнады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кеңесінің шешімімен 1995 жылы Г.Ш.Жамбатыроваға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры деген академиялық атақ берілген болатын. Тек, атаққа ие болдым деп Гүлжауһар Шағатайқызы тыныштала қалған жоқ. Қайта жаңа сарындағы қызметі жандана түсті.

1995 жылы АҚШ-та Оклахом университетінде ғылыми тағлымдамадан өтсе, келесі жылында Анкара университетіндегі халықаралық конференцияға қатысып, 1996 жылы БҰҰ-ның ұйымдастыруымен өткен Ыстамбұлдағы «Хабидат» бас қосуына Қазақстан әйелдері делегациясының мүшесі ретінде болып қайтты. Ал, 1998 жылы ГФР-дің Мюнхен қаласында өткен халықаралық конференцияның қатысушысы болса, 1999 жылы Ыстамбұл университетіндегі халықаралық конференцияға қатысады.

Сонымен бірге Г.Ш.Жамбатырова ғылым саласында жас ізденушілерге ғылыми жетекшілік жасауға да уақыт таба білді. Гүлжауһар Шағатайқызының ғылыми жетекшілігімен 1997 жылы жаңа мамандық бойынша ашылған Диссертациялық кеңесте «07.00.15 – Халықаралық қатынастар және сыртқы саясат тарихы» мамандығы бойынша Г.А. Мовкебаева тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған «Внешнеполитическая концепция Фридриха Наумана» атты диссертациясын қорғаса, 2000 жылы Б.З.Бюжеева «Халықаралық ұйымдар (БҰҰ, ЕҚЫҰ) қызметіндегі адам құқықтарын қорғау мәселесінің дипломатиялық аспектісі» атты диссертациясын, ал 2001 жылы А.Р.Әліпбаев «Еуропалық интеграция шеңберіндегі герман-француз экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастығы (1950-1963 жж.)» атты диссертациясын қорғайды.

Г.Ш.Жамбатырова өзінің ғылыми зерттеу бағыты бойынша еуропалық интеграцияның мәселелері мен қазіргі кезеңдегі халықаралық қатынастар мәселелеріне қатысты бірқатар ғылыми еңбектердің авторы болып табылады. Гүлжауһар Шағатайқызының қатысуымен халықаралық қатынастар тарихы, Еуропа және Америка елдерінің тарихы, Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты бойынша бірқатар оқу және әдістемелік құралдар дайындалынды. Басылым беттерінде халықаралық қатынастар мамандығының Тәуелсіз Қазақстан үшін мәні мен маңызының зор екендігін дәріптеді.

Университет, факультет шеңберінде өткізілетін студенттік мәдени-шаралардың Г.Ш.Жамбатырова нағыз жанкүйері болды. Халықаралық, республикалық және университеттік деңгейде ұйымдастырылатын ғылыми конференциялар, саяси пікір-сайыстар сияқты іс-шараларға студенттердің белсенділік танытуын жан-тәнімен құптайтын. Факультеттің «Дипкорпус» КВН тобының университет шеңбері ғана емес Республикалық деңгейдегі жеңістері Гүлжауһар Шағатайқызының қолдауының арқасында еді. Студенттермен бірге Ыстық көлде өткізілетін студенттік шараларға да бірге ілесіп, қастарында жүретін.

Гүлжауһар Шағатайқызының жеке өмірдегі бейнесі туралы ҚазҰУ профессоры Р.С.Қайырбаева өз естеліктерінде: «Гүлжауһар екеуміз отыз жылдай қатар жүрдік, сырлас болдық, бір-бірімізге жанымыз ашитын адал достар болдық. Жанұялық достар болдық, бір-біріміздің қуанышты-ренішті сәттерімізді бірге көріп, бірге бөлісіп, тонның ішкі бауындай араласып кеттік», - деп бейнелейді.

Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова - халықаралық қатынастар мамандығының қалыптасу үдерісінің қайнаған ортасында жүрген, сол ортаның елеулі де қалаулы тұлғасы ретінде танылған, болмыс бітімі жас ұрпаққа ғана емес, замандастарына да үлгі-өнеге боларлық тұлға еді.

Ұстаз жайлы ұлы ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби: «ұстаз... жаратылысынан өзіне айтпағанның өзін жете түсінген, көреген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын... алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі.., мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да жат адамдарына да әділ.., жұрттың бәріне... жақсылық пен ізгілік көрсетіп... қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек», - деген екен. Осы ұлы баба сөзіне ұстазымыз Гүлжауһар Шағатайқызы адал болды. Г. Жамбатырова: «Мәселе білімге, тәрбиеге қатысты болса, мен өзіме де, өзгеге де жоғары талап қоямын»,- дейтін. Шын мәнінде Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова – тұғыры биік тұлға.

Осы ретте, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Халықаралық қатынастар факультетінің 20 жылдық мерейтойын атап өту қарсаңында университет ректоры Ғ.Мұтановтың қолдауымен, танымал ғалым, профессор З.А.Мансұровтың жебеуімен, профессор Қ.Е.Байзақованың жетекшілігімен «Өнегелі өмір» сериясының 55 шығарылымы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатыроваға арналды. Бұл кітапта Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырованың ғибратты өмір жолы мен ғылыми мұрасын жан-жақты ашу мақсатында ұстаздың әріптесі - профессор Р.С.Қайырбаева, профессор Қ.Е. Байзақова, қызы - Қорлан, шәкірттері - профессор Ғ.А.Мовкебаева, доцент А.Р.Әліпбаев, доцент Б.З.Бюжеева, доцент Б.М.Балаубаева ұстаздың өмірбаяны туралы бірқатар деректер мен ғылыми еңбектерін, мұрағат құжаттары мен естелік фотосуреттерді, сондай-ақ замандас-әріптестерінің, достары мен шәкірттерінің пікірлері мен жүрекжарды лебіздерін топтастырған.



Халықаралық қатынастар факультетінің 20 жылдық мерейтойын атап өту барысында, яғни 2015 жылдың 20 қарашасына кітаптың тұсаукесер рәсімі белгіленуде.

Кітап - алтын қазына демекші, ұстазымыз Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырованың өнегелі өмірі мен қызметі сарапталған бұл кітаптың жарық көруі, өскелең ұрпақ үшін аса зор бағалы мұра болары хақ.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы
publications -> Международные отношения и международное право


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет