5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандықтарына арналған


Өзін өзі тексеру сұрақтары



бет2/8
Дата27.12.2016
өлшемі1,3 Mb.
#5890
1   2   3   4   5   6   7   8

Өзін өзі тексеру сұрақтары:

1.Жыраулар деген кімдер?

2 . «Жырау» деген сөздің түп төркіні қайдан шыққан?

3.Ақын мен жыраудың айырмашылығы неде?



Әдебиеттер:

1.М.Мағауин Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет (ХҮ-ХҮІІІ ғ.)3

кітап.Оқулық.

2.Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет.Хрестоматия.-А.,1993

3.Тоқсамбаева А. Қазақ әдебиетінің тарихы. Хандық дәуір.Оқу құралы

-Семей., 2009. «Интеллект».

4.Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиеті. (ХҮІІІ-ХІХ ғ.ғ.) Оқулық.-А.,1991

5.Алдаспан.Жинақ.-А.,1971

6. Ж.Тілепов «Елім деп еңіреген ерлер жыры»

Дәріс 4 АСАН ҚАЙҒЫ жыраудың өмірі, шығармашылығы
Дәрістің мақсаты:Жырау Асан мен аңыздағы Асанның ара жігін ажыратып

түсіндіру.



Дәрістің жоспары:

1.Асан қайғы есімі барша қазақ халқына кеңінен таныс.

2.Асан қайғының халық арасында әулие ретінде құрмет тұтылуы

3.Ата тегі туралы нақты деректердің жоқтығы.

4.«Тауарих хамсада» Шыңғыс хан кезіндегі Майқы бидің алтыншы ұрпағы.

5. Асан қайғының шығармаларының зерттелуі.

6. Кейін қазақ ханы Жәнібек маңында болғаны.

7.Асан туралы аңыздарға қысқаша шолу.

8.Асан толғауларының көркемдік ерекшелігі, маңызы тәрбиелік орны.

Аты аңызға айналып, ғасырлар бойы өз халқымен рухани бірге жасап келе жатқан жарқын тұлғалардың бірі – Асан қайғы. Бұған оның атына байланысты туып, ел жадында сақталған қыруар аңыз, әңгімелер мен жер-қоныс аттары туралы айтылып келген сан қилы сын-сарап бағалары, сондай-ақ, замана жайын толғаған әр алуан өлең, жырлары толық айғақ. Бұлардың бәрінде дерлік Асан өз халқының бақытты болашағын ойлаған ел мұңшысы, жұрттың көкейкесті арманын арқалаған ардагер азаматы кейпінде сипатталады. Сондықтан Асан есімі әр кез «қайғы» деген сөзбен қатар аталып, ел қамын жеген кемеңгер, ойшыл адамның жиынтық бейнесіне айналып кеткен.

Революцияға дейін негізінен мал шаруашылығымен айналысып, табиғатқа тікелей тәуелді болған елге жұтсыз жайлы қоныс пен шапқыншылығы жоқ еркін тұрмыс, байлығы шалқыған бейбіт өмір қашан да асқақ арман еді. Ел-жұрт «адамы жүзге келмей өлмейтін, қойы егіз қоздайтын» шұрайлы жер мен «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мамыражай заманды арман еткенде де, соның бірден-бір жоқшысы деп Асан есімін атайды. Аңыздарда айтылғандай, Асан қайғы жеті жыл желмаяға мініп жер шолып, кең сахараны шарқ ұрып шарлағанмен, елге дәл ойдағыдай іргелі қоныс таба алмайды. Өзі ұнатқан құт-ырысы мол Жиделібайсынға (халық қиялындағы аты – «Жерұйық») ел көшіремін деген ең соңғы үміті де өшіп, жігері құм болып, ақыры күші қайтып қартайған шағында ойлаған арманына жете алмай қаза табады.

Асан тарихта болған адам, алайда оның өмірі туралы нақты тарихи деректер сақтала қоймаған. Халық аңыздарында Асан қайғыны қазақтың бірінші ханы Әз-Жәнібектің тұсында өмір сүрген адам еді дейді.

Асан қайғы қай ортадан шығып, қай дәуірде, қандай өмір кешкен еді, көп жасаған өмірінде қандай қызмет атқарды, кімдермен істес, замандас болып еді деген сұрақтарға жауап беретіндей бізде нақты тарихи деректер жоқтық қасы. Бұл тұста Асан Қайғының өз толғауларында айтылатын мәліметтер мен сол тұстағы кейбір жырларда келтірілген қосалқы дерек-түсініктерді, Асан туралы сақталған кейбір аңыз, әңгімелерді ғана негіз етеміз. Қалай дегенде де ол әрқилы аумалы-төкпелі тарихи дәуірлерді бастан өткеріп, талай-талай хандардың қысылғанда ақыл сұрайтын кемеңгер кеңесшісі, болжағыш та білгір биі болғанға ұқсайды.

Осы тұста мынандай дерекке назар аударған жөн. Г. Н. Потанин қорына арналған халық мұралары жинағының ғылыми түсінігінде: «Асан қайғы халық арасында Асан ата аталды. Аңыздарға қарағанда, ол XV ғасырда жасаған. Әйтсе де, Хафиз Таныш ибн Мир Мұхаммед ал-Бухари оның (яғни Асан қайғының) сол тұста Сырдария даласындағы. белсенді саяси қайраткерлерінің бірі болғанын жазады», – деп көрсетілген. Аталған автордың «Абдулланома» атты шығармасында Хасен Хожа Нақып деген кісіні Абдолла ханның тұсында мемлекет басқару ісінде биік мансапқа ие болған, ханның XVI ғасырда қазақ даласына жасаған жорығында оның қолбасшы, сенімді серіктерінің бірі еді деп көрсетілетіні рас. Алайда, «Абдулланома» атты кітапта әңгіме болатын Хожа Нақыпты, біздің пікірімізше, дәл Асан қайғы еді деп тұжырып айтуға келе бермейтін сияқты. Осы орайда, ең алдымен, Абдолла ханның қазақ даласына жасаған сол жорығы XVI ғасырдың аяғында болған оқиға екенін еске алсақ, бұл мерзім Асан қайғы өмір сүрді дейтін белгілі тарихи кезеңнен (XV ғасыр) тым алшақ жатыр.

Асан қайғыны жоғарыдағы Хафиз Таныш ал-Бухаридің кітабында айтылатын Хасан Хожа Нақыппен тарихи бір кісі еді деп жорамал айтқан автор халық аңыздарындағы «Асанның шын аты Хасен екен, ол пері қызына үйленіп, кейін сол қыздан айрылып қалып, соның қайғысынан «Асан қайғы» атаныпты» дейтін әңгіме мен «Хасен мен Ежен хан» атты аңызды негізге алған тәрізді, дегенмен мұның Асан қайғының алғаш Хасен аталғанын білдіретін деректер ғана екені мәлім. Сондықтан біз бұл жорамалды оның тарихи шындықпен қабысу, қабыспау тұрғысынан алып бағалауды жөн дер едік. Бұл тұста біз білетін тарихи Асанды жоғарыда айтылған Абдолла ханның төңірегінен іздегеннен гөрі, оны өзбек-қазақ ұлыстары бөлініп шыққан Дешті-Қыпшақ мемлекетінің ханы Әбілқайыр тобындағы Хасан атты билермен байланыстыра қарау шындыққа әлдеқайда жақын келетін сияқты. Мақсұт бин Осман Кухистанидің «Тарихи Әбілқайыр-хани» атты кітабында Әбілқайыр ханның оң тізесін басқан салауатты билері мен белгілі әскери басшыларының қатарында Хасан-оғлан-би Шынбай және Хасан-би Ұйғыр деген кісілердің аты құрметпен аталады. Асан қайғының есейіп, егде тартқан кезінде Керей мен Жәнібек сұлтандарға еріп, Әбілқайыр ханның тобынан бөлініп шыққанын, кейінірек қазақ халқының тұңғыш ханы Жәнібектің төңірегінен табылып, соның қысылғанда ақыл сұрайтын кемеңгер кеңесшісі болғанын ескерсек, әлгі айтылған соңғы кісілердің тарихи Асанға бір табан жақындығы ашылып, айқындала түсер еді.

Асан қайғының өмір сүрген дәуірі мен сол кездегі тарихи әлеуметтік мән-жайды айтқанда, қолдағы сан алуан аңыз, әңгімелермен қатар, кейбір тарихи өлең, жырлардағы қажетті дерек, қосалқы мәліметтерді де негіз ете аламыз. Бұл орайда Құрбанғали Халидұғлының «Тауарих хамса Шархи» атты кітабында келтірген мына бір деректің орны айрықша. Автор өзінің «Асан атаның бір мақалының мағынасы бұл дүр» атты әңгімесінде Асан қайғының «Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар» деген сөзінің мәнісін сұраған Абылай ханға Бұхар жыраудың «Ханға жауап айтпасам» деп басталатын әйгілі толғауын келтіре отырып: «Бұл хабар көне адамдардың әрбірінің аузында бар, кәриялардың құлағы қанық өздеріне анық дүр. Құдабай намында бір ағмы (екі көзі су қараңғы, әз) ақын бар еді. 1288-1870 хижрие дуалжиғде IV айында бір жайда мәзбүр ақыннан сұрадым, Асан қайғы кім дүр, оның мақалдарынан білсең сөйле дегенімде, бұ язылажақ өлең ила жауап берді:

Асанның асыл түбі ноғай деймін,

Үлкендердің айтуы солай деймін

Тегінде ноғай, қазақ түбіміз бір,

Алтай, Ертіс, Оралды қылған дүбір.

Ормамбет хан Ордадан шыққан күнде,

Асан қайғы қайғырып айтыпты жыр, –

деп, айтқан екен деп Қошан акам сөйлеуші еді», – дейді.

Бұған қарағанда, ең алдымен, Құрбанғали Халидұғлы Асан қайғының шыққан тегін баяндайтын осы өлеңді Құдабай ақынның өз аузынан естіген болып шығады. Бұдан тыс ол ел жүрегінде ұялаған Асан сөздерінің мән-маңызын айта келіп, Асанның асыл заты туралы Құдабайдың Қошан деген дана және білімді адамнан қара сөз күйінде естіп, оны артынан өлеңге айналдырғанын да баяндап береді. Автор: «Асан атаның бағзы ахуалы, шешендік сөздері үзік-үзігімен қазақ арасында айтылып келеді. Әр сөзінде бір тапқырлық сөз, әр тәртібінде бір мағына бар, онысы түсінуге жеңіл, түсіндіруге қиын заттар емес. Қошан намында бір дана уа білімді адам болса керек.

Қ. Халидұғлы өз еңбегінде Асан атаның бір кезде Хасен аталғанын әңгімелей келіп, жоғарыдағы Құдабай ақын айтқан өлеңге орай өз ойын білдіреді: «Асан қайғы асылы ноғай еміш. Шыңғысханның тұстасы ұлан Майқы бидің алтыншы немересі», – деп көрсетеді. Бұл «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген көне мәтелдегі Ұлы жүз әйгілі Майқы би болып шығады. Қ. Халидұғлының Майқы биді «ұлан» деп көрсетуіне қарағанда, бұл атақтың біз жоғарыда атаған Хасан-оғлан-би Шынбайда да жүруі кездейсоқ жәйт емес. Олай болса, бұл – біз ілгеріде бөліп атаған Әбілқайыр ханның оң тізесіндегі Хасан-оғлан-би Шынбай тәрізді кісілермен Асан қайғы бір тұлға болуы да мүмкін деген жорамалға негіз бола алатын сияқты.

Тарихи деректерге қарағанда, бұл кезең ноғай мен қазақтың бір-бірінен этникалық жағынан біржолата бөлініп, жеке ұлт болып қалыптаса қоймаған кезін аңғартатын сияқты. Біздің көптеген аңыздарымыз бен тарихи өлеңдеріміздің, тіпті бір алуан эпостық лиро-эпикалық жырларымыздың «ноғайлы дәуірі» деп аталатын тұста туып қалыптасқаны мәлім. Осындай туыстық нышан-белгілерді екі ел әдебиетіне бірдей ортақ Шәлгез, Қазтуған, Доспамбет жырларынан да айқын аңғарамыз. Бұл туралы ұлы ғалымымыз Шоқан Уәлиханов: «Ноғай деген ат жартылай отырықшы елдерден бөліп алу үшін айтылған аты еді. Ноғайды да, өзбекті де – бәрін де ноғай деп атаған. Бірге жасап өмір кешкен ноғай мен қазақ ордасын Жәнібек билеген кезең қазақ жырларында алтын дәуір тұрғысында саналады», – деп көрсетсе, осы пікірді Сәкен Сейфуллин де қуаттап: «Ертедегі батырлар әңгіме-жырлары қазақ атанған елдің ноғайлы болған дәуірінен, немесе «ноғайлы» атын әлі тастамай жүрген дәуірінен қалған әдебиет нұсқалары», – дейді. Ал, Қ. Жұмалиев осыған орай өз ойын: «Мұндағы «ноғайлы» деген сөзді қазақтан бөлек басқа ел деп түсіну керек емес», – деп түйеді.

Шыңжандық тарихшы ғалым Н. Мыңжани өзінің «Қазақтың қысқаша тарихы» атты еңбегінде Асан қайғыны Алтын Орданың 1445 жылы қайтыс болған ақырғы ханы Ұлығ Мұхаммедтің (Ормамбет) қасындағы ықпалды билерінің бірі, Сарай және Қазан қалаларында билік басында болған әйгілі жырау және философ, ол Алтын Орда ыдыраған соң, қазақ ханы Әз-Жәнібектің қасында болғандығы мәлім деп жазады. Ормамбет ханның қазақ тарихына қатысын кезінде ұлы Шоқан да атап көрсеткен еді.

Асан қайғы туралы аңыз, әңгімелер мен әр алуан деректердің жарық көру мәселесіне келсек, бұл игілікті істің XIX ғасырдың екінші жартысынан басталғанын көреміз. Бұлардың бір алуаны кезінде озық ойлы орыс оқымыстыларының бастыруымен жарық көрсе, енді бір тобы ертедегі қазақ ақын, жазушылары мен тарихшыларының жариялауымен басылып келді. Бұлардың ішінен Я. Лютшь хрестоматиясында басылған Асан туралы ертегі мен Құрбанғали Халидұғлының «Тауарих хамса Шархиындағы» жоғарыда келтірілген құнды деректерді жеке бөліп атаған жөн.

Асан қайғы туралы аңыздар мен жыраудың өз жырлары кеңестік дәуірде ғана үздіксіз жарық көріп, жүйелі түрде зерттеле бастады. Бұл істе әйгілі жазушымыз С. Сейфуллин жинап бастырған «Қазақ әдебиеті» жинағының алатын орны ерекше. Мұнда ең алғаш Асан туралы кейбір құнды деректермен қатар, оның Әз-Жәнібек ханға айтқан «Қырында киік жайлаған», «Алты атанға қос артып» атты әлеуметтік мәні зор толғаулары жарық көрді. Осы жырларға орай жазған зерттеуінде автор Асан қайғының өмірде болған тарихи тұлға екенін айтып, оны Әз-Жәнібек ханның замандасы, Майқы бидің ұрпақтары еді деп көрсетеді.

Өзін өзі тексеру сұрақтары:

1.Асан тарихта болған ба?

2.Асан Қайғы қай ханға, не үшін ренжіді?

3.Асан Қайғының жерұйық іздеу себебі не?



Әдебиеттер:

1.М.Мағауин Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет (ХҮ-ХҮІІІ ғ.)3 кітап.Оқулық.

2.Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет.Хрестоматия.-А.,1993

3.Тоқсамбаева А. Қазақ әдебиетінің тарихы. Хандық дәуір.Оқу құралы

-Семей., 2009. «Интеллект».

4.Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиеті. (ХҮІІІ-ХІХ ғ.ғ.) Оқулық.-А.,1991

5.Алдаспан.Жинақ.-А.,1971

6. Ж.Тілепов «Елім деп еңіреген ерлер жыры»

7.Абылқасымов Б.Жанр толгау в каз. устной поэзии.-А.,198
Дәріс 5 Қазтуған жыраудың өмірі, шығармашылығы
Дәрістің мақсаты:Қазтуған жыраудың өмірін,шығармашылығының

зерттелуін толық игерту.



Дәрістің жоспары:

1.Қазтуған жыраудың өмірінен мәлімет.

2.Қазтуған жыраудың қолбасы батыр болған.

3.Мұрат ақын, Мұрын жыраулар жырлаған «Қазтуған»,«Қарға бойлы

Қазтуған» атты толғау-поэмалары.

4.Қазтуғанның нәзік лирик, әрі ірі эпик, жорық жырауы.

5. Қазтуған толғаулары-орта ғасырлық әдебиеттің алтын мұрасы-

жыраулықтың тамаша үлгісі.

6.Қазтуған жырларының маңызы, шеберлігі, таза ұлттық рух, ұлттық тіл

тазалығы.

Алтын Орда заманындағы ноғайлы-қазақ дәуірі әдебиетінің ірі өкілі Қазтуған жырау. Ноғайлы аталып, артынан бір-бірінен бөлініп кеткен түбі бір, тілі бір түркі тектес тайпалардың, шынтуайтқа келгенде, сол кезде жеке халық болып қалыптасқан қазақтардың бай әдебиеті, ақын-жыраулар поэзиясының бастауында тұрған үлкен эпик. Оның шығармалары бүгінгі уақытқа толық жеткен жоқ, көбі мүлде ұмыт қалса, қолда бары, баспа бетін көріп келе жатқандары үзінді күйінде ғана ақын мұрасынан азды-көпті мағлұмат береді. Қазтуған жыраудың өлеңдері алғаш рет Ғабдолла Мұштақ құрастырған «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» жинағында (Орынбор, 1912) жарияланса, кейіннен «Ертедегі әдебиет нұсқалары» (1967), «Алдаспан» (1971), «XV-XVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы» (1982), «Бес ғасыр жырлайды» (1984), «Ұлы арман» (1990), Ленинградтан тұнғыш рет орыс тілінде жарық көрген «Поэты Казахстана» (1978), «Поэты пяти веков» (Алматы, 1994) жинақтарында, «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» хрестоматиясында (1993) басылды. Жырау өмірі мен шығармашылығы туралы азды-көпті болсын С. Сейфуллин, М. Мағауин, Ә. Дербісәлин, Қ. Сыдиықов, X. Сүйіншәлиев, Ж. Тілепов сияқты белгілі әдебиеттанушы-ғалымдар қалам тербеді.

Қазтуған XV ғасырда өмір сүрген ноғайлы батыры, би әрі ақын-жырауы екені анық. Алайда, ол туралы деректер өте жұтаң. Сол себепті де жоғарыда аталған ғалымдар жырау туралы азды-көпті жазды деуіміз де осыған саяды. Бұған дейін XIX ғасырдағы көрнекті қазақ ақыны Мұрат Мөңкеұлының «Қазтуған» толғауында айтқандай, Қазтуған жыраудың қонысы «Жайықтың күнбатыс шетіндегі Нарын, Қабыршақты, Қаралау деген жерлер екен» деген жалғыз ғана мәліметке сүйеніп келдік. Жау жағадан алып, қысылтаяң кез туған шақта Қазтуған елін аман сақтап қалу мақсатында жұртты бастап Еділ, Жайықтан Қазақстанның күншығыс жағына ауған деседі. Оның басты себебі – талай құтты қоныс болған туған жердің жайсыз мекенге айналып, ел бірлігінін қожырай бастауынан болса керек. Ел қамын ойлап, халық мұңын жоқтаған Қазтуғандай жаужүрек батыр, қол бастаған басшы жұртын соңына ерте білді, елінің болашағын тереңнен толғанып, оны аман-есен сақтай алуды перзенттік парыз деп білді.

Қазтуғанның ақындық қуатын танып, жыраулық жыр жолдарын биікке көтерген шығармалары санаулы ғана. «Алаң да алаң, алаң жұрт», «Бұдырайған екі шекелі», «Белгілі биік көк сеңгір» деп басталып, бүгінгі ұрпаққа сақталып жеткен үш жырының өзі оның үлкен эпик ақын болғанын дәлелдейді.

Қазтуған жырларында оның ақындық ерлігі мен шырқау биігін көрсетер тұс – ол жырды кім шығарғанын нақтылы дәлелдейтін:

Бұлт болған айды ашқан,

Мұнар болған күнді ашқан,

Мұсылман мен кәуірдің

Арасын өтіп бұзып дінді ашқан

Сүйінішұлы Қазтуған, –

деген жолдар арқылы қазақтың ноғайлы дәуіріндегі төл әдебиетінің жаңа белесінің бір қырын аңғартады. Өз шығармаларын ауызша шығарып таратқан Қазтуған сияқты дүлдүл жырау өз есімін жырларында ерекше атап өту арқылы авторлығына дау тудырмайтын амалды сол заманда-ақ білдіргендей.

Бұл – сол кезде жеке жыраулардың, батырлардың сөзі үлгісінде туған ноғайлы дәуіріндегі толғау ретіндегі ерлік, батырлық жырдың алғашқы нұсқасы, яғни оған «қазіргі ноғай, қарақалпақ қазақ т.б. халықтардың тарихи кезеңге, уақытқа телінген ауызекі поэзиясының үлгісі деп қарау керек».

Соңғы жылдары осы мәселеге байланысты, қазақпен етене бауырлас, түбі де, тілі де бір ноғай, қарақалпақ халықтары әдебиеттанушы ғалымдарының зерттеулерінде Қазтуған жырау өз ұлтының өкілі, туған әдебиеті тарихындағы көрнекті тұлға ретінде бағаланып, дәріптеліп келеді, Бұл орайда Қазтуғанның «Алаң да алаң, алаң жұрт» толғауының ноғайлар арасына кең тараған нұсқалары «Ноғай жырлары» (Астрахан, 1912), «Шолпан» (Черкесск, 1969) жинақтарында жарияланып, «Ноғайлар» атты көлемді ғылыми зерттеуде ноғай әдебиетінің көрнекті өкілі ретінде жырау шығармашылығы арнайы сөз болды. Сол сияқты, қарақалпақ ғалымы К. Мәмбетов өз зерттеуінде Қазтуған жырауды қарақалпақ әдебиетінің ірі өкілі ретінде қарастырады.

Қазтуған – ноғайлы дәуірінен тілі де, ділі де, ұлттық, салт-дәстүрлері де бір болып келген қазақ, қарақалпақ ноғай халықтарына ортақ тұлға. Сол себепті де Қазтуғанды бауырлас осы үш ұлттың төл әдебиетінің бастауында тұрған ортақ ақын-жырау ретінде бағаласақ ақылға сыяды.

«Бұдырайған екі шекелі…» деп басталатын толғау-өлең – жыраудың өзіне дейінгі ақындық сөз өнерінен алған үлгі-өнеге негізінде өмірге келген жыр. Көлемі жағынан аз ғана осы жыр үзіндісінің өзі Қазтуғаннан кейінгі ақындар мен жыраулар шығармашылығына үлкен ықпал етті, нақыл, тақпақ, мақал-мәтел үлгісіндегі жыраудың терең толғанысты ой үрдістері қазақ поэзиясына үлкен таусылмас қазына болды.

«Бұдырайған екі шекелі…» толғауы жыраулық поэзиядағы басқа толғаулардан оқшауланып тұратын көркемдік өзгешеліктерімен ерекшеленеді. Жырау өзін таныстыру монологы арқылы шағын толғауға қаймықпас қайсар «мұздай үлкен көбелі» батыр, «қойдың көсемі» іспетті елін соңына ерте білер басшы, халықты аузына қаратып, қара қылды қақ жарғызатын ділмар шешеннің жиынтық бейнесін сыйғыза білген. Мұның өзі жыраудың жай ғана қарапайым адам емес, жеке басы бірнеше өнерді меңгерген сегіз қырлы, бір сырлы жан екенін аңғартса керек.

Осы толғаудағы «бұдырайған екі шекелі», «мұздай үлкен көбелі», «айдаса қойдың көсемі» және т. б. сөз тіркестеріндегі ойнақы, асқақ теңеулер жырға шырай келтіріп, соны көркемдік ізденіс, тапқыр да айшықты ой иірімдерін байқатады. «Ұстаса қашағанның ұзын құрығы» деген бір жолдың өзі ғана көшпелі дала өмірін көз алдымызға әкеліп, буырқанған бұла күш иесіне теңеген көркемдік ерекшелікті аңғартады.

Буыршынның бұта шайнар азуы,

Бидайықтың көл жайқаған жалғызы.

Бұлт болған айды ашқан,

Мұнар болған күнді ашқан, –

деген осы толғаудағы көркем сөз өрнегі кестеленген жыр жолдары – бейнесі ұлғая түскен метафоралардан құралып, үнемі үдей түскен кең үрдісті де күрделі эпитет жасайды. Сонау орта ғасырларда орныққан бұл көркем сөз үлгілері өзінің сол қалпындағы нақышты қасиетін қазіргі қазақ поэзиясына дарытып, сақтап келгені Қазтуған жасаған өлең өрнектерінің өлместігін білдірсе керек.

Қазтуғанның «Алаң да алаң, алан жұрт» деп басталатын толғауы да жыраулық поэзияның көркемдік қуаты жағынан шебер жасалған үлгілерінің бірі.

Ақын шығармалары көлемі жағынан шағын болып келгенімен, негізгі тұспалдар ойы, ішкі мазмұнынан ерлік рухы, батырлыққа тән қасиеттер анық сезіліп, жыраулық поэзияның айшықты ерекшеліктерімен бедерленеді. Бұл жырларда бір ғана жырау атымен сақталып келген жыраулық үрдістегі поэзияның нағыз қаһармандық үні, жауға қарсы қаймықпас атой салған батырлық лебі басым.

Өзін өзі тексеру сұрақтары:

1.Қазтуғанды біз тек жырау деп қана танимыз ба?

2.Қазтуғанға артта қалған ұрпақтарынан кімдер жыр арнаған?

3.Қазтуған жырларының маңызы неде?



Әдебиеттер:

1.М.Мағауин Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет (ХҮ-ХҮІІІ ғ.)3 кітап.Оқулық.

2.Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет.Хрестоматия.-А.,1993

3.Тоқсамбаева А. Қазақ әдебиетінің тарихы. Хандық дәуір.Оқу құралы

-Семей., 2009. «Интеллект».

4.Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиеті. (ХҮІІІ-ХІХ ғ.ғ.) Оқулық.-А.,1991

5.Алдаспан.Жинақ.-А.,1971

6. Ж.Тілепов «Елім деп еңіреген ерлер жыры»

7.Абылқасымов Б.Жанр толгау в каз. устной поэзии.-А.,1984

8.Абылай хан (Тарихи жырлар)-А.,1993ж.



Дәріс 6 ШАЛКИІЗ ЖЫРАУДЫҢ ӨМІРІ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

Дәрістің мақсаты:Шалкиіздің қазақ әдебиетінің тарихындағы өзгеше

құбылыс, «феномен» екендігін,оның шығармашылығының зерттелуін

толық меңгерту.

Дәрістің жоспары:

1. Шалкиіздің өмірі, шығармашылығына тоқталу.

2. Өмір сүрген уақытын зерттеуші ғалымдардың әр түрлі топшылаулары. 3.Оның батыр қолбасы болуы жайындағы тарихи әңгімелер.

4.Шалкиіз шығармаларының ерте кезде жарық көруі.

5.Жыраулар ішінде оның тұңғыш рет орысшаға аударылуы.

6. Шалкиіз шығармаларының қазақ әдебиеті тарихындағы алатың орны. 7.Шалкиіздің жыраулар ішінде еңсесі биік, шыққан шыңы жоғары жырау.

8.Шалкиіз–қазақ әдебиетіндегі философиялық, дидактикалық, афористік толғаулардың көш басшысы.

XV ғасырда өмір сүрген көрнекті жыраулардың бірі – Шәлгез (Шалкиіз). Оның шығармалары қазақ ноғай, қарақалпақ халықтары арасына кең тараған. Біздің қолымызда бар деректерге қарағанда Шәлгез шығармаларының алғаш қағаз бетіне түсуі XIX ғасырдың екінші жартысы. Бұған дәлел – жырау өлеңдерінің 1874 жылы жазылған «Қазақ өлеңдері мен хиссалары» дейтін көне дәптерде кездесуі.

Бұл дәптерде қазақ, ноғай әдебиетінің көне дәуіріне қатысты көптеген жыраулар мұрасы (Доспамбет, Қазтуған, Шәлгез, т.б.) мен «Орақ», «Мамай», «Әділ сұлтан» сияқты жырлар бар. Ноғай, құмық ауыз әдебиетін тұңғыш жинап бастырушы құмық ақыны Могомед Османов (1840-1904) құрастырып жариялаған «Ноғай уа құмық шиғырлары» (Санкт-Петербург, 1883) деген жинақтың ноғай, құмық жырлары бөліміндегі көптеген өлеңдер Үпі (Уфа) дәптеріндегі шығармаларға өте сәйкес келеді. М. Османов жинағындағы өлеңдер мен қолжазба дәптердегі жырлардың ұқсастығы ғылым үшін мәнді деректер берері хақ. Дәптердегі жазуларға қарағанда жырларды көшіруші Дәулетмырза да, дәптер иесі Ибрагим Шейхали сияқты. М. Османов жинағының бір арнасы осы дәптер ме? Әлде Дәулетмырза М. Османов жинаған материалдардан көшірді ме? Немесе М. Османов пен дәптер иесі құмық ағартушысы Ибрагим Шейхали екеуі де бұл материалды ел арасынан қатар жинады ма? Қалай болғанда да осы дәптердегі мұралар – қазақ, ноғай әдебиетінің көне дәуірінен көптеген мәлімет беретін қымбат қазына. Аталған дәптерде Шәлгездің «Арық хан…». «Қатынасы биік күлләрден», «Боз үстінә от яккан», «Әжікам сен Мансұрұлы Токусан», «Ғизмәт иям би Темір», «Менің иям би Темірдің тұсында» деп басталатын алты өлеңі бар. Бір ғасыр бұрын қағаз бетіне түскен бұл мәтіндерде кейінгі басылымдарға қарағанда сол дәуірдің жазу стилі мол сақталған. Алайда, мәтінде елеулі алшақтық жоқтың қасы.

Шәлгездің «Аспанды бұлт құрсайды», «Қарабас құспен шалдырып» деп басталатын көлемді толғаулары алғаш рет 1875 жылы «Записки Оренбургского отдела Императорского Русского географического общества» жинағында жарық көрді. Бұл жинақта би Темірге айтқан екі толғауы («Аспанды бұлт құрсайды», «Қарабас құспен шалдырып») бір-тұтас, жалғас жарияланған. Араб әрпіндегі қазақша мәтіні мен орысша мәтіні қатар, салыстырыла берілген. Аталмыш толғаулардың күні бүгінге дейінгі басылымдарының ішіндегі ең толық нұсқасы – осы жинақтағы мәтіндер. Аталған жинақтағы Шәлгез толғауларының И. Н. Распопов аударған орысша мәтіндері 1885 жылы екінші рет басылады, кейбір кітаптар мен мерзімді баспасөз беттерінде жариялана бастайды.

Шәлгез жыраудың өнегелік мәні зор өміршең толғаулары ағартушы Ы. Алтынсарин хрестоматиясынан да елеулі орын алғанын көреміз. Алтынсарин Шәлгездің «Би Темірге айтқаны» («Аспанды бұлт құрсайды») толғауын ағартушылық мақсатына орай өзінше тақырып қойып, «Тобылғының берігі», «Бостаны барды теректің», «Айдынға шүйсең тарлан шүй», «Бар күшіңді сынамай», «Жақсы да келер бұ көпке» деп басталатын шумақтарын қысқартып, кейбір шумақтарын ғана жариялаған. Алтынсарин хрестоматия кәрі құлақ ересек адамдарға емес, жас балаларға арналғандықтан, солардың ұғымына қарай толғауға «Бір ханға бір бидің жамандардан қорлық көргенде айтқан сөзі» деген жалпылама, жеңілдеу тақырып қойып, «Ау, хан ием, хан ием» деген алғашқы жолын өз жанынан қосқан, кейбір сөздерін өзгертіп қолданған. Мысалы, Шәлгез толғауындағы «Аспанды бұлт құрсайды» – Ы. Алтынсаринде «Айды бұлт құрсайды» немесе «Сұлтан ием, сен менің бармай тапқан қағбамсың» – Ы. Алтынсарин хрестоматиясында «Тақсыр, менің бір күнде, сен бармай тапқан кебемсің» болып келеді......


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет