Абстракт Зерттеу тақырыбының өзектілігі


ЖАҢА ЗАМАНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫН ОҚЫТУДЫҢ МАЗМҰНЫ



бет25/29
Дата22.04.2020
өлшемі0,68 Mb.
#63818
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29
Байланысты:
Еркінжан2

3. ЖАҢА ЗАМАНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫН ОҚЫТУДЫҢ МАЗМҰНЫ
3.1. Мектепте Қазақстанның Жаңа заман тарихын оқытудың әдістемесі
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Қазақстан тарихының оқытылуын және әдістемесінің қалыптасу, даму тарихын темендегідей төрт кезеңге бөлуге болады.

Бірінші кезең - әзірге XIX ғасырдың 80-жылдарынан, яғни Ы. Алтынсарин заманынан басталып, Қазан революциясына дейінгі уақытты қамтиды. Бұл кезеңде қазақ тарихының жеке материалдары мектептерде оқытыла бастады, ондай материалдарды көбейтіп "Қазақ хрестоматиясына" ендіруге әрекет жасалды. Оның үстіне Қазақстан жеріндегі оқу орындарында ислам тарихы, дүние жүзі тарихы, орыс тарихы оқытылып жатты.

Екінші кезең - 1917-1958 жылдар. Бұл кезенде Қазақстан тарихы арнайы курс, не пән болып мектептің оқу жоспарына әлі енгізілген жоқ. Бірақ осылай етуге алғашқы қадамдар жасалды. Оның жеке мәселелері мектептердегі КСРО тарихы құрамында оқытыла бастады. Курстың алғашқы бағдарламасы мен оқулығын жасау қолға алынды. Сондай-ақ оның әдістемесінің Кеңес мектептері үшін жасалған бағдарламалар, оқулықтар, әдістемелер, Кеңестік тұжырымдама, педагогика, тарих, дидактика, мектеп психологиясы ғылымдарының жетістіктері негізінде дамуына мүмкіндік жасалды.

Үшінші кезең – 1958/59-1989/90 оқу жылдары, бұл уақытта Қазақстан тарихы мектептің оқу жоспарына енгізілді, республиканың жалпы білім беретін мектептерінің бәрінде 4 және 7—10-кластарда жаппай оқытылды. Оның бағдарламасы, оқулықтары, әдістемелік, басқа да құралдары жасалып, мектеп курсы да, оның әдістемесі де жетіліп қалыптасты.

Төртінші кезең — 1990 жылдан басталады. Бұл кезеңнің сипатты белгілері: Қазақстан тарихы дербес оқу пәні. Ол жалпы білім беретін орта мектептің 5—11-сыныптарында, сондай-ақ басқа да орта оқу орындарында оқытылады. Қазақстан тарихы дербес оқу пәні, ал оның әдістемесі ғылыми пән ретінде жетіле түсіп, қалыптаса бастады.

Енді әрбір кезеңнің сипатты белгілеріне қысқаша тоқталып өтелік.

Қазақстан тарихының оқу орындарында оқытылуы мен әдістемесінің бастауына көз жіберсек, ол тым әріден X ғасырдан бастап тарихи сахнаға шыққан Қазақстан мен Орта Азияның белгілі ойшылдарының тәрбие мәселесі жөнінде айтқандарынан нәр алғаны байқалады. Ал оны, яғни тарихты оқыту әдістемесін, тікелей мектептердің оқу орындарының оқу-тәрбие жұмысымен байланыстыра қарастырсақ, онда XVI—XVIII ғасырларда медреселерде оқытылған ислам тарихынан, онан бергі XIX ғасырдың екінші жартысынан дәлірек айтқанда Ыбырай Алтынсарин заманынан бастыған дұрыс. Қазақ балаларына ғылым негіздерін орысша үйрететін тұңғыш мектептің 1841 жылы Ордада ашылғаны белгілі, сосын біртіндеп мұндай мектептер басқа аймақтарда да ашылған. Осы дәуірдің халық ағарту тарихы мен оқу орындарындағы білім мазмұны мен оқыту әдістерін зерттеген кейбір ғалымдардың еңбектеріне сүйенсек, орыс-қазақ мектептері деп аталатын бұл оқу орындарында тарих пәні оқулықтары, оқу-әдістемелік құралдары сол замандағы белгілі ғалым-әдіскерлер: А. Ф. Гартвич, Я. Г. Гуревич, И. П. Виноградов, А. Никольский, Н. И. Марковин, Н. И. Покотило, т.б. еңбектері. Олар тарихты оқытудың ғылыми ұстанымға негізделуіне, тарихи фактілер мен ұғымдардың түсінікті болуына баса назар аударған. Тарихты оқыту барысында оның білімдік, тәрбиелік міндеттерін толық жүзеге асыруға, алған білімді қазіргі өмірмен байланыстыруға, өз Отанын сүйе білуге, өткен тарих пен көненің ескерткіштеріне құрметпен қарау қажеттігін атап көрсеткен. Алайда, осындай пайдалы идеялар мемлекеттік орындар тарапынан қолдау таппағандықтан мектептердің күнделікті тәжірибиесінде толық жүзеге аспаған [86].

XIX ғасырдың аяқ кезінде орыс тілінде бірқатар әдістемелік құралдар: И. Виноградов пен А. Никольскийдің "Тарихты Кригер әдістемесі бойынша оқыту" (Мәскеу, 1885); А. В. Кроюницкийдің "Тарихтың элементарлық курсын оқыту-тәжірибиесі" (Мәскеу, 1890), сонымен бірге көрнекі құралдар да жарық көрді: С. А. Князьковтың "Орыс тарихының картиналары" (50 дана), М. Острогорскиймен, т. б. "Ежелгі, орта және жаңа замандағы жалпы және орыс тарихының қысқаша хронологиясы" [86]. Жалпы тарих пәнінен көрнекі құралдар тым аз болғандықтан, олар орыс-қазақ мектептерінде мүлде сирек кездесетін. Сондықтан да қазақ мектептерінде тарихты ауызша баяндау әдісі басым болды [87].

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда бірнеше ондаған медреселер жұмыс істегені мәлім. Оларда да тарих пәні оқытылды. Осы оқу орындарында тарих пәнін оқытуда жинақталған тәжірибиелер болашақта қазақ, Қазақстан тарихын оқу орындарында оқыту мәселесін көтеруге және оны оқыту тәжірибиесін жетілдіруге септігін тигізді.

Ы. Алтынсаринның атақты ағартушы-педагог, әдіскер болуына бір жағынан дүние жүзіне белгілі педагогтардың, әсіресе Я. А. Коменскийдің, К. Д. Ушинскийдің, И. Г. Песталоцийдің, П. Ф. Лесграфтың, т.б. еңбектері әсер етсе, екінші жағынан ондай жоғары атаққа сол замандағы мектептердің оқу-тәрбие жұмыстарының тәжірибиесін зерттеп, зерделей отырып, осы саладағы өз білімі мен тәжірибиесін үнемі жетілдіре отырып жетті. Оның өз заманына лайық педагогиканы, дидактиканы, балалар психологиясын, оқыту әдістемесін, қазақ тарихының жеке салаларын (этнография) жақсы білгені мәлім. Сондықтан да ол тек бастауыш білім беру, немесе әдебиет, тіл пәндерінің ғана емес, басқа пәндердің де, соның ішінде тарих пәнін оқыту әдістемесін де жақсы білген. Бұл пікірімізді оның тарихты оқыту туралы айтқандары, жазысқан хаттары [37] дәлелдейді. Оның осы саладағы ой-тұжырымдары өзі дайындаған хрестоматияның І бөліміне оқушылардың дайындық дәрежесі мен қабілетіне лайықтап қарапайым тарихи әңгімелер енгізуіне негіз болды. Осы кітаптың II бөліміне "Тарих" деген бөлім енгізіп, оған Қазақ тарихынан бірқатар материалдар енгізуді жоспарлады [37].

ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақтың белгілі ойшыл-ағартушыларының бәрінің де жастарды оқытып, тәрбиелеуге қаншалықты мән бергеніне өткен тарауда тоқталдық.

Бұлармен қатар өткен ғасырдың соңында, осы ғасырдың алғашқы үштен бірінде өмір сүрген қазақ халқының белгілі ағартушылары мен ғалымдарының бірі дерлік халықты сауаттандыру, мектептер ашу, олардың оқу-тәрбие жұмысын, оқыту әдістемесін жетілдіру туралы көптеген құнды пікірлер айтқаны белгілі. Осылардың бәрі болашақ ағартушыларға ой салды, олардың өз халқының тарихын, жастарға, бүкіл халыққа үйретудің жолдарын іздестіруге ұмтылдырды.

1917-1958-жылдарды қамтитын кезеңнің ерекшелігі – Коммунистік партия мен Кеңес мемлекетінің идеологиялық талаптарын мектеп жүзеге асыру бағытында көп жұмыстар жасалды, осы мақсатта олардың атынан мектепте тарихты оқытуға қатысты белгілі қаулы қабылданды [81]. Осының нәтижесінде ұлт республикаларының тарихын оқытуға алғашқы қадам жасалды. Тұңғыш мектепке арналған "Қазақ тарихы програмы" мен оқулығы жарық көрді.

30-40-жылдары жалпы білім беретін мектептерге арналған жаңа КСРО мен дүние жүзі тарихтарының оқулықтарының жарыққа шығуы мектепте тарих пәнінің оқытылуын жаңа сатыға көтерді, өйткені олардың көлемін, құрылымын, мазмұнын анықтауда сол заманғы методологиялық, педагогикалық және бірқатар дидактикалық талаптар ескерілді. Жоғары сыныптарға арналған КСРО тарихи оқулықтарына тұңғыш рет КСРО халықтары, солардың арасында қазақ халқының тарихы туралы материалдарға аздап болса да орын берілді. Осымен қатар сол жаңа оқулықтар бойынша оқушыларға тиянақты білім беру, тәрбиелеу, сабақ материалын түсіндірудің ең тиімді жолдарын анықтау, оқушылардың білімін тексеру сияқты басқа да оқытудың әдістемелік мәселелері зерттелді. Кеңес қоғамында болып жатқан өзгерістерге байланысты 50-жылдардың орта кезінде бірқатар тарих оқулықтары өзгертіліп, өңделіп шықты да, 1957/58 оқу жылынан бастап жоғары кластарға арналған тарих пәнінің жаңа бағдарламалары жарық көрді. Зерттеліп отырған кезеңде Кеңес елі мектептерінде тарихты оқытуды жақсарту саласында болған осындай өзгерістер, Қазақстан мектептерінде де тарих пәнін оқытуды жетілдіруге пайдасын тигізді. Педагогикалық жоғары оқу орындарының тарих факультеттерінде тарихшы мұғалімдер дайындау едәуір жақсарды [47], КСРО тарихы оқулықтарына қазақ халқы тарихынан материалдардың енгізілуі мұғалімдердің қазақ тарихына, туған өлке тарихына, оны оқытуға, зерттеуге деген ынта-ықыласын арттырды, алғашқы ғылыми-әдістемелік мақалалар, еңбектер жарыққа шықты. Мәскеуден шыққан кейбір әдістемелік құралдардың (М. А. Зиновьев, В. А. Карцов) қазақ тіліне аударылуы, оларды мұғалімдердің өз тәжірибиесінде пайдалануы ұстаздардың тарих пәнін оқытудың тиімді әдістерін меңгеруіне және шеберліктерін жетілдіре түсуіне әсер етті. Осылардың бәрі келешекте Қазақстан тарихын мектептерде оқытуды жақсарта түсуге негіз болды.

Қазақстан мектептерінде тарих пәнін, соның құрамында Қазақ КСР тарихи материалдарын оқыту дәрежесі мұнан әлдеқайда жақсы болар еді, егер де мектептердегі бүкіл оқу-тәрбие жұмысының жетіле түсуіне кедергі келтірген түрлі жағдайлар болмаса. Олар, 20—30-жылдардағы қуғын-сүргіндер, 1941— 1945-жылдардағы соғыс және коммунистік партия мен Кеңес мемлекеті ұстаған шовинистік саясат.

Бұл кезеңде тарих бағдарламалары мен оқулықтарының бәрі орталықта, Мәскеуде дайындалды да, олар Алматыда қазақшаға аударылып отырды. Біз әңгіме еткен тарих бағдарламалары мен оқулықтарына, сондай-ақ оларды оқыту мәселелеріне арналған құралдарға қазіргі тұрғыдан қарасақ, оларда елеулі методологиялық-педагогикалық, саяси, тарихи қателіктерге жол берілгені, ал мұның өзі сол кездегі идеологиялық талаптардан туындағаны белгілі.

Үшінші, 1958/59 оқу жылынан 1990 жылға дейінгі отыз жылдай уақыт қамтитын кезеңнің мектепте Қазақстан тарихын оқыту әдістемесін қалыптастырудағы орны ерекше. Қазақ елінің, Қазақстанның тарихында тұңғыш рет Қазақ КСР тарихы өзінше курс деп аталып, республиканың жалпы білім беретін мектебінің оқу жоспарына енгізілді. Оған негіз болған КОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысы еді [81]. Бұл кезеңде республиканың белгілі тарихшы, педагог-әдіскер ғалымдары, мектептің тарихшы мұғалімдері, т. б. бірлесе отырып, бұған дейін жинақталған ғылыми-практикалық тәжірибиелерді ескере келіп, сол уақыт талабына сай Қазақстан тарихының 4, 8-10, кейінірек 4, 7-8, 9-10, сосын 5, 8-11-сыныптарына арналған бағдарламалары мен оқулықтарын жасады, оларды бірнеше рет өндеді, жетілдірді. Олар алғаш жыл сайын, кейінірек-80-жылдардан бастап 3-4 жылда бір рет қайта басылып отырды. Барлығы да үш тілде - қазақша, орысша, ұйғырша шығып тұрды. Осы курстың оқытылу жайы зерттелді, озат тәжірибие жинақталып, ғылыми-әдістемелік мақалалар, әдістемелік нұсқаулар, кітаптар жарық көрді, курсты оқыту әдістемесінің кейбір маңызды проблемалары зерттеліп, педагогика ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесі үшін жеті диссертация қорғалды. 70-жылдардан бастап Қазақстан тарихын оқыту әдістемесінің маңызды мәселелеріне арналған монографиялар, курс материалын жеке кластарда, немесе оның жеке тақырыптарын оқыту әдістемесін баяндайтын кітапшалар, ғылыми-әдістемелік мақалалар, хрестоматия, оқу, диафильмдері жарық көрді. Осының бәрі 80-жылдардың ортасына қарай Қазақстан тарихты оқыту әдістемесінің негізі қалана бастады деп қорытынды жасауға мүмкіндік берді.

Екінші кезеңге берілген қорытындағыдай бұл кезеңде жарық көрген Қазақстан тарихының бағдарламаларына, оқулықтарына және әдістемелік құралдарына қазіргі тұрғыдан сын көзімен қарасақ бұларды да методологиялық, тарихи, саяси қателіктер баршылық.

1990-1997-жылдарды қамтитын төртінші кезеңнің ерекшелігі тәуелсіз Қазақстан республикасының жариялануы, оның бүкіл қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайының түбірінен өзгеріп, елдің дамудың жаңа жолына түсуі. Мұндай өзгерістер халық ағарту саласында да жасалды, олар әсіресе мектепте Қазақстан тарихын оқытуда болған өзгерістерден айқын көрінеді. Қазақстан тарихы 1989/90 оқу жылынан бастап мектептің оқу жоспарына дербес пән болып енді [88] және оған 5-11-кластарда 288 сағат уақыт бөлінді. "Мектепте Қазақстан тарихын оқыту тұжырымдамасы" [89], өтпелі кезеңге арналған жаңа бағдарламасы [90], осы бағдарлама бойынша соңғы жылдары баспадан шыққан оқулықтарды пайдалану туралы әдістемелік нұсқаулар [91], Қазақстан тарихын жаңа талаптарға сай оқыту жолдарын баяндайтын бірқатар ғылыми-әдістемелік мақалалар жарияланды. Ал, 1992-1995-жылдары Қазақстан тарихының жаңа оқулықтары да баспадан шығып болды.

Қазақстан Республикасының "Білім беру туралы" Заңының талаптарына сай келешекте Республика мектептері жаңа құрылымға көшеді. Осыған байланысты Ы. Алтынсарин атындағы Қазақтың БПИ-ның қоғамдық пәндерді оқыту лабораториясында болашақ негізгі және бағдарлы орта мектепте тарих пәнін, соның ішінде Қазақстан тарихын оқыту проблемалары ғылыми тұрғыда зерттеліп, оның алғашқы нәтижелері бойынша, мектепте тарих пәнін, Қазақстан тарихын оқыту тұжырымдамалары, "Негізгі мектепке арналған тарихы бағдарламаларының" жобасы дайындалды [92]. Бұл бағдарламаларда оқытудың мақсат-міндеттері, білім мазмұны, оны таңдап-іріктеуге қойылатын ұстанымдар мен критерийлер жаңаша қарастырылған. Сондай-ақ мемлекеттік стандарт талаптарына сай білімнің түрлі деңгейлері анықталып, оқу нәтижесін тексеру жолдары көрсетілген.

Мектепте оқытылатын әрбір оқу пәні өзінің алдына қойылған міндетті толық жүзеге асыру үшін оның заман талабына сай дайындалған оқу-әдістемелік жүйесі және сол жүйені жүзеге асыратын оқу-әдістемелік кешені болуы шарт. Оларда пәнді оқыту мақсаты мен мазмұнын анықтаудан бастап, мұғалім мен оқушыға қажет қосымша көмекші құралдар шығаруға дейінгі барлық жұмыстар мен мәселелер қамтылады. Әзірге осы кешеннің жобасы жасалды. Сол жоба бойынша таяу жылдары Қазақстан тарихының негізгі мектепке арналған оқу-әдістемелік кешені дайындалып, баспадан шығып болуы тиіс. Одан әрі осындай ғылыми-әдістемелік зерттеулер бағдарлы барлық орта мектептер үшін де жүргізіліп, оларға оқу-әдістемелік кешен дайындалмақ. Осылар дайын болғаннан кейін барып Қазақстан тарихын оқыту әдістемесі ғылыми пән ретінде толық қалыптасады дсуге болады.

Сонымен, 50-жылдардың аяқ кезінен бастап бірқатар одақтас респуб-ликалар мектептерінде, соның ішінде Қазақстанда да Қазақ ССР тарихының материалдары мектептерде оқытыла бастады. Қазақ ССР тарихы мектеп курсын 30 жыл оқытқанда оны жетілдіре түсуге, оқушыларға өз халқының, республикасының тарихынан заман талабына сай білім беруге, оның тәрбиелік мүмкіндігін пайдалануға толық жағдай жасалмағанына қарамастан, Қазақстан тарихының мектепте оқытылу фактісінің зор маңызы болды. Тарих пәнін мектепте оқытуға қатысты Кеңес елінде жинақталған тәжірибиеге сүйене отырып, осы кезеңде Қазақ КСР тарихы мектеп курсын оқыту әдістемесінің негізі қаланды, мұның өзі болашақ Қазақстан тарихын оқыту әдістемесінің пән ретінде қалыптасуының іргетасы болды.

1958/59 оқу жылынан бастап одақтас республикалардың мектептерінде сол елге аты берілген ұлттардың тарихы оқытыла бастағанмен, олардың білімдік, тәрбиелік міндеттерін толық жүзеге асыруға қажетті жағдайлар жасалмады. Оның негізгі себебі Кеңес үкімінің орта мектепте білім берудегі, оны оқытудың мақсат-міндеттерін анықтаудағы және оқыту формалары мен әдіс, тәсілдерін жетілдіруде басшылыққа алған ұстанымдарында орын алған елеулі қателіктер мен осыдан туындаған тенденциялар еді. Мұның өзі мектепте тарихты оқытуда төмендегілерден байқалды.

Білім мазмұнында Кеңес елі халықтарының, соның бірі қазақ халқының ұлттық құндылықтары қарастырылмады, халықтың, әсіресе өткен тарихындағы тамаша дәстүрі, салт-санасы, ғасырлар бойы жинаған мәдени құндылықтары мүлде ескерілмеді. Тарихтан білім берудің басты мақсаттарының бірі — оқушыларды капитализмнің құритынына, дүние жүзінде коммунистік қоғам орнайтынына сендіру басқа идеологияларды, әсіресе буржуазиялық идеологияны тек көру рухында тәрбиелеу болды. Тарих пәнінің сабақтарында көбінесе Кеңес мемлекеті мен Коммумистік партияның саясаты насихатталды, тек қана солардың басшылары дәріптелді. Оқыту формалары мен әдістерінде жетекші орын қоғамдық-экономикалық формациялардың пайда болуындағы, дамуындағы, ауысуындағы тап күресінің шешуші күш екенін ашып көрсетуге берілді. Бүкіл Кеңес елі оқушыларына тарихтан бір ғана бағдарлама, оқулық ұсынылды. Тарихтан білім мазмұнын іріктегенде коммунистік идеологияның мүддесіне сай келмейтін тарихи фактілер, оқиғалар, құбылыстар бұрмаланды немесе жасырылды, т. б. Осының бәрі мұғалімдердің де, оқушылардың да шығармашылықпен жұмыс істеуін шектеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет