Ажал үстемдігіңді жүргізудің ең берік құралы емес пе?



бет10/15
Дата14.04.2017
өлшемі3,54 Mb.
#13765
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15

Шақпақ тас о да мүлік от жаққанға,

Қоймен тең қотыр ешкі мал баққанға.

Төледі үш мың жылқы қалай ғана

Қасекең қыз қойнына бір жатқанға?

Дүние алдап кетер қызыл түлкі

Қызығы бұл жалғанның ойын-күлкі.

әйтсе де сол қыздікі алтын ба екен,

Төлейтін бір түніне үш мың жылқы?,

Бір қу жігіт ат шалдырып отырғандарында осы өлеңді сұлтанға айтып береді. Қасым күледі де қояды. Бірақ жолай ғажайып ерлік көрсетіп, Қаратау жайлауында жатқан Мұхамед-Сұлтан-Мазиттің бір топ жылқысын шауып алады. Жігіттеріне үлестіреді. Нигер сұлумен болған оқиғаны айтпауларын сұрайды. Жігіттер уәде береді. Бірақ әзіл сөз қолға тұрмайтын сынап қой, бертінде әлгі өлең жұрт арасына тарап кетеді.

Жыл өте, Жұныс қызын әбусейіт мырзаның баласы Андижанның әміршісі Шайх-Омарға берді. Әбілқайыр рұқсатымен Мауреннахрға төркіндеп келген Рабиу-Сұлтан-Бегім, Шайх-Омар сырқаттанып қалған соң, Нигер-Сұлтан-Бегімді алып кетуге бір топ нөкерімен Яссыға өзі керуен салды. Бұл жайды естіген Жәнібек Қасымның үш мың жылқыдан қалай айырылып қалғанынан хабардар бола тұрса да, баласын тағы шақырады. «Нигер-Сұлтан-Бегімді қалай босатып жібересің, онда менің шаруам жоқ, бірақ көшін аңдып тұрып Әбілқайырдың ерке бәйбішесі Рабиу-Сұлтан-Бегімді ұстап алып келесің» деді. Бұ да жау жағын мұқатудың бір жолы еді.

Қасым жігіттерімен жолда аңдып жатқанында әбдірашит сұлтанның да Нигер-Сұлтан-Бегім көшін өздеріндей күтуде екенін естіді. Жағатай ұрпағымен дос болғанмен де, Жұныс қызы мен көзі көрген, қолынан жас кезінде сан мәртебе дәм татқан Рабиу-Сұлтан-Бегімді оларға қимады. Аналар көшке шапқан кезде қарсы шығуға тура келді. Бір абырой болған жері, бұл айқаста әбдірашиттің өзі қатынаспады. Ол тек жігіттерін жіберген боп шықты. Жағатайдың бейбастақ, нәпсіқұмар қарақшыларынан аман алып қалып, тағы да өзі Нигер-Сұлтан-Бегімнің құшағында бір күн түнеп, ертеңіне қос сұлуды елдеріне қоя берді. Жау олжасынан құтқарған Қасым сұлтанды Рабиу-Сұлтан-Бегім өле-өлгенше сыйлап өтті. Екі жақтың бір-бірімен татуласуына да сан мәртебе қызу кірісті. Бірақ ел намысына айналған жанжалды басу оның қолынан келмеді. әйтсе де Қасым алдында борышты болып қалмады. Бертін келе Мұхамед-Шайбани әбден күшейіп, Яссы әміршісі — баласы Сүйіншік қаннен-қаперсіз күйдегі Қасым ханның әскерін түнде басып алмақ болып дайындалып жатқанда, ар-

наулы кісі жіберіп, Қасымды бір ажалдан құтқарды. Сөйтіп өзіне істелген жақсылықты ақтады. Ал, Нигер-Сұлтан-Бегім болса Қасым ханды он жыл аңсап күтті. Он жылдан кейін барып ең алғашқы ақ төсінен тоят алған қыран бүркіттің құшағына қайта кірді.

Бос қол қайтқан себебін сұраған әкесіне сұлтан: «Итаяқтағы жуындыдан бұралқы төбетті қуып жіберіп өзі жалай бастаған арлан тазыдай, біреудің бауыр баспақ аруын әбдірашит сұлтаннан тартып алып өзім иемденгім келмеді» деді.

— Ал, Рабиу-Сұлтан-Бегімді неге босаттың? — деді Жәнібек.

— Ұлықбек мырзаның аруағын сыйладым.

«Түсіп қалған мұзалимның биігі жаман. Тоят ала алмай қалған әйелдің күйігі жаман» деп қарайтын сорақы заманның Жәнібек те бас иген перзенті. Бірақ баласының жауабы миына қона кетті.

— Дұрыс еткен екенсің, адам қартая бастағанда жауымнан кегім қайтпай қалады-ау деп көп ойлайды екен. Менікі де сол болар... — дей салды. Сөйтті де Қасымға тағы қарады. — Көзім тірісінде өмір деген өткелдің қыл көпірдей сынынан өте бер... Істеп жүргендерің теріс болса да өзің пішіп, өзің сөккенің ұнайды... Оқасы жоқ, құс ұша түзеледі.

— Құс дұрыс қанаттана алса, түзу ұша алады.

— Дұрыс айтасың, — Жәнібек баласына тағы тесіле қарады да қойды.

Осылай талас-тартыста тағы төрт жыл өтті. Қазақ елі Шу, Сарысу бойын әбден мекен етіп алды. Әдеттегідей жұрт жайлауға көшкелі жатқанда, бір күні Жәнібек Қасымды тағы шақырды.

— Мүмкін Мұхамед-әкім эль Таразидың тойына Бұрындық ағаңмен сен барарсың? — деді ол.

— Барсам барайын.

Мұхамед-әкім эль Тарази Жаңғы шаһарында тұратын аты-шулы саудагер. Түбі араб. Бір шеті Үнді, Қытай, Монғолия, Тибет, екінші шеті Византия, Түркия, Мәскеу, Киевке дейін жүздеген түйемен жылда екі-үш рет керуен жүргізетін, қытай жібегі, манат, шағиы, үнді шайы, жемісі, Киев кендірі, қызыл бидайы, Дәшті Қыпшақ малы, тері-терсек, жүн-жұрқасы, Стамбулдың қолөнершілері істеген білезік, жүзік, күміс ыдыс, алтын жалатқан құман, зер жүргізген жайнамазына дейін сатып, сауда арқылы күншығыс пен күнбатысты байланыстырып тұратын. Әр ханның өзіне бағынатын хандығы болса, бұның сол хандықтарды да өзіне бағындырар байлығы бар адам. Жеке сауда патшалығы бар. Алтын ақшаны сандықтап жинаған саудагер, Әбілқайыр ханнан кезінде ишік-ата атағын алған. Осы мал-мүлкі бықыған байдың бар тілегі жалғыз ғана бала болатын. Бірақ жаратылыс осыншама байлықты мұрагерсіз қалдырайын дегендей, оған бала бермей қойды. Сөйтіп жүргенінде отызыншы әйелі былтыр екі қабат болып, биыл бір ұл тапқан. Жиырма тоғыз әйелінің қағанағын қарық ете алмаған саудагер, отызыншысына келгенде ұрық берер қуатты қайдан тапқанын кім білсін, әйтеуір қайқы төс, саулық құйрық жас тоқалынан аппақ сазандай ұл көрген. Кейбіреулердің «япырмай, Мұхамед-әкім эль Таразидың мына баласы інісі Махмуд-Рақым эль Таразидан қалай аумаған. Туған әкесі өзі болса мұндай ұқсас тумас» деген күңкіл сөзіне қарамай, Мұхамед-әкім эль Тарази бүкіл Тибет, Қорасан, Мауреннахр, Дәшті Қыпшақ, Қырым, Қазан жерлеріне жар салып, ұлан-асыр той істемек болған. Мұндағысы оның атақты саудагер Көк Орда ишік-атасы — Мұхамед-әкім эль Таразидың мұрагері бар екен деп жер-жиһанға дәріптеп, айды аспанға шығарған той жасау. Тойға жүлде етіп, Стамбулда сом алтыннан құйылған үш алтын құс белгіледі. Әрқайсысы сегіз батпаннан. Жүлде тиген адам егер бұл алтын құсты алғысы келмесе, бағасы содан артық емес, тілеген затын беремін деп жариялады. Жүлде беретін шарты да таңғажайып. Бірінші жүлде — кімде-кім жаяу жарыста он фарсат жерден озып келсе, соған беріледі деді. Мұнысы жиһанкез саудагердің рум халқынан алған өнегесі. Екінші жүлде — кімде-кімнің түйесі жиырма фарсат жерден озып келсе соған беріледі деді... Мұнысы сонау Мысыр арабтарынан алған үлгісі. Үшінші жүлдені — кімде-кімнің аты отыз фарсат жерден озып келсе, сол алады деді. Бұл Дәшті Қыпшақтың ежелден келе жатқан көне салты.

Жәнібек сұлтанның айтып отырғаны осы той еді.

— Барар болсаң, жаяу жарыс сұлтандарға лайықсыз, ат жарысы мен түйе жарысына дайындалу жөн, — деді Жәнібек, — Қырым менен Қорасаннан да кісілер келуі ғажап емес.

Жәнібектің айтқаны оң келді. Той болар күні бір шеті Қорасаннан, екінші шеті Қырымнан қадірлі қонақтар, бұл жалғанның тетігін қолына ұстап тұрған сан алуан саудагерлер жиналды. Талас өзенінің жағасында тігілген жүз ақ боз үй кісіге лық толды.

Жаяу бәйгеден Египеттен қашып келген ғалым, жараған арғымақ аттай сидиған ұзын бойлы, күйген кірпіштей қара қошқыл отыз бес жасар араб жігіті эль Мүлік ибн Зархум келді.

Бұл бәйгеге сұлтан, бек, шынжыр балақ, шұбар төс қазақтың мырза жігіттері қорланып қатыспады.

Екінші бәйгені қарасына бірде-бір түйе ілестірмей, Бұрындықтың қара бурасы алды. Үшінші бәйге Әбілқайырдың Тарланкөгінің тұқымы, он бес жасар Мұхамед-Шайбанидың әзірге маңдайына басқан жүйрігі Ақтанкерге тиді.

Бірақ бұл үшеуі де салмағы сегіз батпан тартатын сом алтын самырұқ құсты жүлдеге алудан бас тартты.

Эль Мүлік ибн Зархум:

— Алтын құс тек мені ғана байытады — деді, — Мұхамед-әкім мырза, егер қарсы болмасаңыз, бұл алтын құстың орнына Мауреннахр диқандары мен Дәшті Қыпшақ малшыларының тұрмыстарына жәрдем беретін және екі елдің қарым-қатынасын жөндейтін Сейхун дарияның үстінен көпір салайын. Бұл көптен бері ойлап жүрген арманым. Ніл өзеніне осындай көпір саламын деп үлгісін істегенімде өздеріне пайдасы жоқ болған соң фараондар мені қуып жіберді. Ал Сейхун дарияға бұл өте қажет. Осыны салуға қаражат беріңіз.

Мұхамед-әкім эль Тарази сәл ойланды да:

— Жақсы, — деді, — бұл сұраған қаражатыңды берейін. Тек менің ғалым есепшілерім қанша пұл керек, соны санасын.

Бірақ сол күні түнде Мұхамед-әкім эль Таразидың жігіттері «сен халық қамын ойлап, Сейхун дарияға көпір салмақ сабазсың ғой, олай болса сол Дарияның қызығын алдымен өзің көр» деп қосында ұйықтап жатқан жерінен эль Мүлік ибн Зархум ғалымды ұстап алды да, түнімен жедел жүріп отырып, мойнына тас байлап, Сейхун дарияның сарғылт толқынды суына лақтырып жіберді.

— Байлығым өз басыма жетеді. Алтын құсты басыма қоямын ба, маған алтын құсыңдай қымбат ұл тауып берген тоқалыңның өзін бер, — деді Бұрындық өзінің қиқар мінезіне салып. Ондағы ойы «бәлем, бермесіңді сұрайын, қалай-қалай ыршыр екенсің!» деген қияңқылығы еді. Бірақ «Баласы інісі Мұхамед-Рақымға тым ұқсас екен» деген сөзді ішіне түйіп алған саудагер қуана-қуана Бұрындықтың тілегіне көне кетті.

— Айтқан сөзімді қайтып алмайын, қатын бүгіннен бастап сенікі, бірақ балам емшектен шыққанша менің үйімде тұра тұрсын, — деді.

Бұндай шешімді күтпеген Бұрындық сасып қалды. Бірақ бұ да сөзін қайтып алмады.

— Болсын, — деді.

Со күні ымырт үйіріле ол Мұхамед-әкімнің жас тоқалын өзінің шатырына алып келді. Отыз қатынның бірі болып, ебін тапқанда ғана бөтен еркек көріп, гаремде сары қазыдай сақталып, әбден жас денесі күйіп-піскен жас тоқал, кәрі Мұхамед-әкімнен құтылғанына өкінген жоқ. Жаңа қожасының көңілін табуға тырысты.

Ал үшінші жүлде тиісті Мұхамед-Шайбани тіпті басқа тілек етті.

— Алтын құсыңыз ханға лайық. Мен хан емеспін, тек хан тағындағы атама жәрдемші жауынгермін, — деді, — маған алтын құстың орнына бес жүз адамыма сауыт-сайман, қару-жарақ бер...

Мұхамед-әкім сұлтанның бетіне ұзақ үңіле қарады. Әлден уақытта барып:

— Сіз тілесеңіз, мың адамға да сауыт-сайман, қару-жарақ беруге бармын, — деп басын төмен иді...

Әбілқайыр Ордасының сайыпқыран ханды жоқтатпас бәлендей мұрагері жоқ деп ойлап жүрген қастары, бұл тойда атасының туын құлатпас артында ұрпағы бар екенін бірден көрді. Әбілқайыр ханға көкілташ болған, қазір Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанның атакесі Дарвиш-Хұсайын батыр күзеткен, ақылға бай, бой-тұрпаты бірден адамның ықыласын аударар Мұхамед-Шайбани осы күннен-ақ көзге түсті.

Сол күні қастар Ордасына Айбақ оғлан, Береке сұлтан, Аббас бек, Мұса бектер жиналып, Мұхамед-Шайбаниды ұйықтап жатқан жерінде түнде шауып өлтіруге кісі жібермек боп келісті. Бұл мәжіліске Бұрындық пен Қасым сұлтан да шақырылды. Бұрындық көнсе де, Қасым:

— Хан тағын сақтар жанды қан майданда өлтіру керек. Ұйықтап жатқан жерінде шауып тастау бұл ұры, қарақшылардың ісі. Біз хан тұқымымыз, мұндай қылмысқа баруымыз күнә! — деп көнбей қойды.

Оның көнбегеніне қараған жоқ. Әбілқайыр Ордасына өш сұлтан, бектер басына алтын орда тұрғызбақ боп, аты-шулы жан алғыш Құрыбайды жіберді.

Бірақ сұлтан жатқан үйге жыландай сыбыр шығармай кірген Құрыбайды, Қасым сұлтанның кісі жіберуімен күні бұрын хабардар болып, өтірік ұйықтап жатқан Мұхамед-Шайбани, алдаспанын жарқ еткізіп, құлаштай сермеп қақ бөлді.

Жазмыш деген қызық. Халық үшін көпір салам деп арман еткен эль Мүлік ибн Зархум, халықтың өз арасынан шыққан жендет жігіттердің қолынан қаза тапты. Ал, төрт жылдан кейін бұқара халықты қанға бояп, бүкіл Орта Азияны жаулап ала бастаған, атақты Мұхамед-Шайбани хан бір ғана сұлтанның ерлікті көксеген адал көңілінің арқасында аман қалды.

Еліне қайтып келіп, Қасым сұлтан әкесіне тойда болған оқиғаның, көрген-білгенін бәрін айтып болғанында Жәнібек ұзақ ойланып отырды да, ауыр күрсінді.

— Түбі біз Әбілқайырдың орнына отырар Шайх-Хайдарды емес, Мұхамед-Шайбани сұлтанды көзімізден таса етпеуіміз керек, — деді.

Бұл сөзімен Жәнібек егер Әбілқайыр тағына Мұхамед-Шайбаниға отырар күн туса, аса бір қиын күрес басталатынын білдірген еді.

Мұхамед-әкім эль Таразидың тойында тағы екі оқиға болған. Балаларының бұл тойға қатынасатынын білген соң, алтындатқан ер-тоқымды, жүген-құйыс-

қанды қос күлсары жорға мініп Рабиу-Сұлтан-Бегім мен келіні Аққозы келген. Жаңғы саудагері бұларға арнап қос орда тіккен.

Бәйгеден Тарланкөктің баласы Ақтанкер озып келіп, Мұхамед-Шайбаниға жұрт көңілі ауа бастағаннан-ақ бақ құмар Сүйіншік сұлтан жанын қоярға жер таппаған. Бірақ баяғы он үш жасар күніндегі қылығы есте қалған Рабиу-Сұлтан-Бегім сол күні Сүйіншікті оңаша шығарып ап ұзақ сөйлескен. Ақылы да, ерлігі де Мұхамед-Шайбанидың өз теңдестерінен артық екенін бүкіл ел біліп қалған тәрізді және оны қостайтын Дарвиш-Хұсайын Қарашың батыр мен Бахтияр сұлтан тәрізді Көк Ордаға тірек болған, бүкіл Дәшті Қыпшаққа әйгілі адамдар бар, қандай бақытқа, таққа жетсең де Мұхамед-Шайбанимен бірге жетесің деген. Әкесін өлтірген нағашың әбді-Латиф әмірге ұқсама, қызғаншақтың жолы күнә жол, онымен адам мұратына жете алмайды, ағаң Шах-Будақтың балаларына кең пейіл келіп, солардың соңынан еруін сұраған. Өздері быт-шыт боп қырылысып жүрген нағашысы Темір тұқымының бұған әке тағына отыруға жәрдем бере алмайтынына көзі жете бастаған Сүйіншік, әлі де Самарқант әмірлігіне қадірі бар шешесінің ақылын алған, өн бойын қанша мансапқұмарлық билегенмен, аталы сөзден шыға тартпаған. Бұл Әбілқайыр балаларының әр жаққа бұрылмай, бір одақтас болуының басы еді.

Екінші оқиға тіпті адам күтпеген жерден кездесті. Түйе бәйгесі біткен күні іңірде Аққозы бике өз ордасында жалғыз отырған кезінде, үйге бет-аузын көшпелі елдің бұзауындай тұмшалап алған, жалғыз көз, еңгезердей қара жігіт кіріп келді.

Тойдан шаршап келіп қисайып жатқан Аққозы, осынау кірген адамның дене құрылысынан, қимылынан өзінің Орағын көргендей шошып кетіп, дауыстап жібере жаздады.

— Қорықпа, — деді кірген кісі, — мен Орақпын. Өлді дегендері бекер, тірімін. Бірақ өлген адамнан да қорқыныштымын. Егер менің бетімді көрсең, қазір талып құлар едің. — Ол асыға өзінің қалай тірі қалған оқиғасын айтып берді де — қолыңа құран алып, «өмір-бақи ерге шықпаймын» депсің, соныңды естіп келдім, — деді, — маған деген жүрегіңді адал сақтағаның үшін рақмет, бұл құрметіңді қара жерге кіргенше ұмытпаспын. Ал енді айтарым: өлген адам үшін өлмек жоқ. Мен патша, хандарға ғана тірі адаммын. Саған өлікпін. Ерге шық, қызық көр. Құран ұстап құдайға берген антыңды мен алдым. Ал енді қош бол. — Ол үйден шыға берген.

— Тоқтай тұр... — деді Аққозы.

Бірақ Орақ тоқтамады. Шығып кетті. Аққозы көзі қарауытып, жанындағы төсекке ақырын қисая беріп, жылап қоя берді.

Келесі күні түнде Орақ қырық жігітімен Мұхамед-әкім эль Таразидың Талас өзенінің етегінде жатқан көп жылқысын «өзің өлтірген эль Мүлік ибн Зархум шебердің құны» деп айдап әкетті. Оны Сырдың төменгі жағындағы кедей ауылдарға апарып бөліп берді. Осы күннен бастап «Жалғыз көз» батыр кедей жұрттың қорғаны» деген лақап бүкіл Дәшті Қыпшаққа тарады. Орақ кедей жұрттың қорғаны екенін сан айқаста көрсете алды.

Ал бұл кезде Исан-Бұғы мединесін қайтадан Ақсуға көшірген. «Сыртқы жауынан қазақтар қорғайды, ал олардың күші жетпей қалса, өз қалаларыңды, ұлыстарыңды өздерің қорғаңдар» деп хан кеңесін мүлдем таратқан. Осылай әмірлерінің ойынан шыққанына ол өте қуанышты еді. Өйткені айтқандарын істеп отырған ханға енді ешқайсысы қарсы бүлік шығармайды деп ойлаған. Қой да аман, қасқыр да тоқ. Бірақ Исан-Бұғы өз қолымен өзі Моғолстанның болашақ көрін қазып қойғанын білмеді. Моғолстан әмірлерінің өз ұлыстарын жеке-жеке қорғауы, ал қазақ руларының бірігіп сыртқы жауларына қарсы шығуы, бұл елдің мемлекет болуының алғашқы адымдарына айналатынын ол ойламады. Исан-Бұғы тағы екінші жағдайды аңғармады. Ол мединесін Ақсуға көшіргенде енді Әбілқайыр, әбусейіт, Жұныстың шабуылынан біржолата құтылдым, олар маған қылышын ала ұмтылса, жолында найзасын төсеп тұрған қазақ елі бар деп сенген. Жоқ жерден Түркістанның күнбатыс күнгей жағынан пайда болған жауынгер қазақ руларынан расында да әбусейіт пен Жұныс қатты сескеніп қалған. Енді бұл елдерді басып Моғолстанға өте алмайтындарын бірден ұққан. Сондықтан олар Исан-Бұғыға тікелей апаратын жол іздеген. Желісі алыс, қиын да болса сол жолды тапқан. Жұныс пен Омар-Шейх сұлтан Түркістан өлкесінің күншығыс жағымен құмайтты, шөлді, кісі түгіл керуен жүрмеген, тек сініш құсы ғана ұшып өтетін сахараларды басып отырып, Іле өзеніне шыққан. Сол Іле өзенінің бойымен Алтын Емел тауларын бөктерлей отырып, Жаркент қаласына жеткен. Ал Жаркенттен төте жолмен Ақсуға әрі дегенде үш күнде барады. Жауының Жаркентке келіп қалғанын Исан-Бұғы білген де жоқ. Ол кенет төсек тартып ауырып қалып, дүние оған енді қайта оралмас түске айналған. Тілі күрмеліп бар әлем су қараңғы бола бастаған. Тек көз алдына жарық сәуле болып, баяғы бір су перісі тәрізді, кәпір қыз елестей берген. Отыз жылдай екеуін бөлген арасындағы тамұқ өмірден енді құтылып, жаныңа барам деп кәпір қызға төсегінен әлсін-әлсін қолын жая ұмтылып, тек аузына «Федосья» деген соның ғана аты түсе берген. Тілі күрмеліп, құр ерні ғана жыбырлап жатқан ханның қасында отырған наип, муфти, ишан, қожа-молдалар, хан даусын естімесе де кімнің атын атап жатқанын түсініп іштерінен «астапыралла, астапыралла, хан иеміздің «күнәсынан аулақ ет» деп құдайтағалаға жалбарынумен болған.

Алтын таққа отырып ел билегелі көрінген әмірден, хан, сұлтаннан қауіптеніп құса тартқан Исан-Бұғының кәрі жүрегі, қас жауы Жұныстың келіп жетуіне шыдай алмады. Бір күндерде бүкіл Моғолстанға қожа болған Исан-Бұғы, төсегіне құлағанына бір апта өткен шақта жеті қатыны мен он бес ұл-қызының біреуінің де атын атай алмай, тек «Федосья» деп ерні жыбырлап дүние салды.

Ақсуды шабуға Жаркентте дайындалып жатқан Жұныс сұлтан бұл хабарды естісімен кейін шегінуге бел буды. Күйеу баласы Омар-Шейх мырзаның «келіп қалдық қой, қазір олар ұрысқа дайын емес, хан тағын алуыңызға бұдан артық мезгіл болмайды, шабайық» дегеніне көнбеді. Ханы өліп, қаралы болып жатқан елді шапса, түбі бар халық қарғыс айтып, хан сайламай қоюынан қорықты. Өмір бойы арман еткен тағын енді бөтен жолмен алу керек екенін ұқты. Ол атының басын кейін бұрды. Демек, бұнысы дұрыс болды. Моғол, Жағатай әмірлерінің шешуімен Исан-Бұғының қырқы өтпей, Жұныс сұлтан Моғолстан ханы тағына отырды.

Бүкіл Нарын, Қашқар, Құмнат, Қастек, Сары ұйғыр маңындағы Үйсін, Жалайыр, Ұйғыр, Албан елдерінен өзінің бес жүз атты әскеріне бес мың салт атты сойылгерлерін қосып, Қытайдың қалың жаяу әскерімен қан майданда үш мәртебе кездесіп, ақырында өздерінің шыққан жері — «Қытай қабырғасынан» әрі асыра қуып тастап, Шу бойынан әдік Моғолстан шекарасына екі рет барып қайтты. Сондай-ақ Ойрат қонтайшысы Амансанджиға «байқа, бұл араның Керей, Найманының қорғанышы бар» деп ығай мен сығайдан құрылған бес мың әскерімен қыр көрсетіп еріксіз бітімге көндіріп, Қамбар батыр да Ойрат жерінде екі рет болған. Осындай жағдайда тек Әбілқайыр жағына сескене қараған Жәнібек пен Керей, қазақ хандығының туын көтеріп, енді еркін қимылдай бас-

тады.


ІІ

Сырдарияның орта шенінде сол жағасындағы тар алқап пен оң жағасындағы өркештене созылған қарт Қаратауды, оңтүстік-күншығысындағы Бадам, Шыршық өзендерімен шектесіп жатқан сұрғылт өлкені көне заманнан Түркістан деп атаған. Бір жағында Моғолстан, екінші тұсында Мауреннахр, сыртында Дәшті Қыпшақ жері. Кейде арпаған, қияқ, қау шөпті, кейде тек сарған ғана өскен құмайт, ал, кейде тіпті аппақ сор, тақыр дала болып келетін осы өлкені басар , қараған, тобылғы жапқан ат тағасындай иіріле созылып жатқан қылыш тасты нұра, қыз емшекті адыр, төбе, ұшы-қиыры жоқ белестер тілгілеп өткен. Бұл белестер негізінде Тарбағатай, Тянь-Шань, Памир, Алтай, Копет-Даг, Гиндукуш тауларынан басталды.

Осы құмды, құмайтты, қылыш тасты, түкті қабақ жартасты, қияқ шөпті, бозаңды далада көне заманнан, тіпті Шыңғысхан шабуылынан бұрын көп жылдан бері келе жатқан Сығанақ, Сауран, Отырар, Яссы, Сайрам, Ақрұқ атты көне шаһарлар бар. Бұл мединелердің қасына бірнеше уақ қалалар салынған. Мысалы Яссы шаһарының қасына Мысырдан келген қожалар туған елдерінің үлгісімен Сунақ, Жүйнек, қазақ жерінде алғашқы қорғасын қорытылған, тай еті түгелімен сыятын қырық құлағы бар атақты Мысқазан құйылған, дін кіндігі Қарнақ тұрғызылған. Сондай-ақ Созақтың жанында Шолақ, Саудакент, Сүткент, Едіге мен Жиренше шешен туған Құмкент дихтары орын алған. Бұл қалалар шеті сонау Еділ, Жайық, Қара теңіз, Орал тауларына дейін созылған атам заманнан Дәшті Қыпшақ деп атаған алып қазақ даласының мәдениет, ғылым, дін ошағы және сауда-саттық кіндіктері болған.

Түркістан мен Дәшті Қыпшақ даласының түйіскен алқабын бауырлай, Мойынқұмның күншығыс жағын орап, басын Тянь-Шань тауының құшағындағы Ыстықкөл мен Соң көлден алған, мың шақырымдай құмайт шөлді, тақырлы, биік жартасты сайларды көктей өтіп, қазақтың атақты арналарының бірі — Шу өзені ағады. Оңтүстіктен келетін ең алғашқы тармақтары Теріскей Алатау-

дың оңтүстік жақтағы мұзды қойнауынан шығатын Қарақожыр мен Түлін деген ағысы қатты кішкентай тау өзендері. Бұл екі өзен Долан асуынан аса Берік, Нарын ойпатының жоғарғы жағынан құятын. Оттық арнасымен қосылып, мыл-

қау құз, пышақ кесті биік шыңдарды қақ жарып, Жуанарық деген атпенен Теріскей Алатаудан өтіп, солтүстікке қарай айбарлана гүрілдеп бет алады. Жуанарық тұсы бір ғажап жер, арасы тар, күңгірт биік жартастар. Ортасында ақ көбік атқан, қазандай-қазандай тастарды түйіршіктей домалатқан арқыраған долы өзен. Суық, ызғарлы сұлулығымен тек ертегілерде ғана кездесетіндей адам баласын таң қалдырарлық бір ғажайып сурет. Осы жал-жал құздар арасынан солтүстік-күншығысқа қарай беттеген Қошқар деген өзенді қосып, Шу Ыстықкөл мен Күтемалды өзені арқылы ұлғайып, етегін жая Күнгей Алатаудың қойнауынан бұрқырай өтіп, солтүстік-күнбатысқа бұрылады. Бұдан кейін Шу Алатауды бөктерлей отырып, қырғыз жерін баса жолай Үлкен Кебін, Кіші Кебін секілді бірнеше өзендерді өзіне қоса, ақырында Мойынқұмның күншығыс жағынан барып шығады. Шу құмға жетісімен күнбатысқа қарай бұрылады. Енді бұрынғыдай емес, ағысы саябырлана түседі. Бөлшектене бастайды. Жағасын қалың қамыс басып, кей жері сорға айналады.

Ақырында Сейхун дариядан бір көш жерде тұратын Саумалкөлге барып құяды. Бұл көлдің күнбатыс жағында бірімен-бірі ұсақ өзендер арқылы жалғасып жатқан бірнеше суы ащылы, тұщылы көлдер бар. Солардың ең үлкені Телікөл. Телікөлге қазақ даласын аралай кеп Сарысу құяды. Кей қарсыз жылдары Сарысу Телікөлге жете алмай, орта жолда Қызылжыңғыл маңайына барып құмға сіңіп жоқ болады.

Шу өзенінің Мойынқұмды көмкере күнбатысқа бұрылатын сағасынан ауыл бес күн көшерлік жерде Көкше теңіз — Балқаш көлі бар. Телікөл айналасы желген атқа бір күндік жер болса, Көкше теңіз аумағын, ұшқан құс екі-үш рет қонбай айналып шыға алмайды. Ұшы-қиыры жоқ дала... Балқаш көліне үлкен бес өзен құяды: Іле, Лепсі, Ақсу, Қаратал, Аякөз. Іле, Лепсі, Ақсу, Қаратал өзендері басын Жоңғар Алатауынан алады да, Аякөз Тарбағатай қойнауынан шығады.

Көне заманда, Қошан патшалығы кезінде, Шу өзені Сырдарияға құйған. Шуға сол жағынан Сарысу, оң жағынан Талас өзені келіп қосылған. Сол заманның өзінде Шудың Сырға құятын сағасында, Талас өзенінің бойында Сығанақ, Тараз; Яссен өзенінің жағасында Отырар қалалары болған.

Исан-Бұғы хан Жәнібек пен Керейге қонысқа Моғолстан мен Түркістанның шекарасында жатқан Шу, Сарысу, Талас өзендерінің жағалауы мен Балқаш көліне келіп құятын Қаратал өзенінің бойын берді. Сөйтіп қазақ рулары бірден Моғолстанның солтүстік, солтүстік-батыс шеті мен Көкше теңіздің Шумен қатарлас тұсына ие болды.

Қарашаның суық желі тұрмай, Жәнібек пен Керейге еріп көшіп келген екі жүз мың жанды қалың ел осы Шу, Сарысу, Таластың Жуанарықтан төменгі солтүстік-батысына қарай созылған жағасына орналасты. Тек Жәнібек сұлтан мен оның балаларының ауылдары, қастарына мың шаңырақ төлеңгіттерін қосып, мұз қата Көкше теңіздің үстімен оңтүстік жағындағы Қаратал өзенінің бойына өтіп, сол тұсқа қыстау салды. Жәнібек сұлтанның бұнысы жер жетпегендіктен емес, әдейі көшу еді. Қаратал өзенінің ар жағында Аякөз өзені бойымен сонау Тарбағатай тауларының Қытай жеріне дейін созылған аймағын тегіс Найман, Керей, Уақ рулары жайлайтын. Қазақ руларының басын қосып жеке хан көтеріп, ел болуды арман еткен Жәнібек сұлтан Найман, Керей, Уақ руларымен іргелес отыруды жөн көрді. Бұнысы дұрыс та боп шықты. Ортаншы ұлы Қамбар батыр алғашқы аттанысында Тарбағатай тауының бойындағы қазақтарға барып қайтқанынан-ақ, Жәнібек сұлтанның қадірі бұл маңайға өсе түскен. Найман, Керей, Уақ рулары Жәнібекке өздерін бағынышты санай бастады. Сөйтіп ел боламыз деген қазақ рулары, осы алғашқы жылы-ақ, бір шеті Телікөлдің төменгі етегі болса, екінші шеті Тарбағатай тауының биік басына дейін құлаш созды. Қазақ елі осы жылы-ақ қанатын екі жаққа кере жайған алып қыранға ұқсай түсті. Жылқысы тебінге, түйесі қарағанға, сарығанға үйренген қазақ ауылдарына қыста қамысы қалың, қары жұқа Шу, Сарысу, Талас, Қаратал өзендері мен Балқаш Саумалкөл, Телікөлден артық қоныс керек емес-ті. Тек қамысында қаптаған қабаны, тым көп болмаса да ара-тұра кездесетін ала шұбар жолбарысы, тарғыл барысы ғана малға қауіпті еді. Бірақ көп кешікпей, аң тәсіліне еті үйренген қазақ жігіттері, бұл қауіптерді де жеңіп алды. Ақыра шапқан жолбарыс, сегіз қырлы сауыт бұзар жебенің көкірегінен барып қадалған қанжар ұшына шыдай алмай жер қаба құлады. Енді қамыстан адам емес аңның өзі қашты.

Бұл қамысты өлкенің тағы да бір ғажайып ерекшелігі болатын. Қазақ руларының ежелгі кәсібі мал шаруашылығы. Көшсе — көлігі, сойса — соғымы. Еті мен сүтін — ас, терісі мен жүнін киім етеді. Малы неғұрлым көп болса, соғұрлым тіршілігі жақсы. Сондықтан да қазақ «мал ашуы — жан ашуы» деп келеді. Ал малға керегі жер, жайылым. Қамысты Шу, Сарысу, Талас бойлары мен қар суынан жаратылған жүздеген тұнық, борықты тұщы көлдердің кең өңірлері қыстың күні жайлы болғанмен, малға жаз тым мазасыз, азабы тамұқтан кем тимейтін. Мал түгіл, адамға да қолайсыз. Көкек шыға бұл өлкені тұмандай қаптаған быжынаған сона, маса, бөгелек басады. Жан-жануарға жанын қоярға жер тапқызбайды. Осындай жағдай Қыркүйектің басына дейін созылады. Көне заманнан бастап бұл арада сонау Кіші Кебін өзенінің сағасынан төменгі Мойынқұмға дейін жаз бойы ешбір ел тұрмайды. «Қазақ қай бір сүтті қызын береді» дегендей, Исан-Бұғының да көшіп келген ағайынға бұл жерді бере салуының бір себебі осында еді. Бос жатқан жерді «жауың емес, досыңмын» деген қазақ руларынан аясын ба, мырзалық ете салған.

Жәнібек пен Керей үш-төрт жыл өтпей-ақ жазғы жайлауын ойлай бастады. Қыруар елді өсіп келе жатқан бықыған малымен қайда апармақ? Рас, біраз жұрт осы уақытқа дейін Шу мен Таластың жоғарғы бойын өрлей Қошқар, Жуанарық өңіріне көшіп келді. Кей ауылдар Көкше теңіздің маңына да барды. Енді бүйте беруге болмайды. Сонда жайлауды қайдан табады? Наурыз бітпей биыл Көкше теңіз үстімен солтүстікке шығып алған Жәнібек ауылдары, көп ұзамай Мойындықұм маңайында қалған қалың елге келіп қосылған. Бұл кезде Жәнібек пен Керейдің қарамағындағы ел үш жүз мың үйге жеткен. Әбілқайырдың құрығы бұрын да мойнына түсе қоймаған Көкше теңіз маңындағы ел Жәнібекке тегіс бағынған. Әулиеата, Мерке маңайындағы Дулат пен Қоңыраттар да қос сұлтанның жарлығына мойын ұсынған.

Міне, осы кезде жазғы қамын ойлаған елдің ақсақал, би, батырлары жиналып екі мәселені шешті. Бірі — жасының үлкендігін сыйлап Рабиуыл айының басында ақ кигізге көтеріп, Керейді қазақтың ханы сайлады. Екіншісі — жазғы жайлауы етіп Қара Кеңгір, Сары Кеңгір өзендерінен бастап Ұлытау, Арғынаты тауларының бойын қуалай, ортадағы Шойындыкөл, Ақкөл, Барақ көлді ала отырып, сонау, Есіл, Нұра өзендеріне дейін көшпек болды. Малына жайылым, өзіне пана керек жұрт «Әбілқайыр берсе қолынан, бермесе жолынан аламыз» деп атқа қонды. Қазақ руларының бұнысы көк шалғынды, саумал көлді ежелгі қонысын ел болып қайтадан өзі билеп, өзі төстеудегі алғашқы адымы еді. Бұған Әбілқайыр қарсы тұра алмады. «Қазақ елін құмға қашырып, қырып тастаңдар» деп жіберген он мың лашкарларының қолынан ханның бұйрығын орындау келмеді. Лашкарларды бастаған Бахтияр-баһадурдан кейінгі ханның ең сенімді адамы, қара аюдай алпақ-салпақ мол денесі мен бойына біткен алып күші үшін, руының атын өз атына айналдырып «Қарашың» деп аталған әскер қолбасшысы Дарвиш-Хұсайын батыр, көшкен елдің соңынан қуып жетсе де, ештеңе істей алмады. Отыз мың сойылды әскерімен көш соңынан қорған боп келе жатқан Жәнібек сұлтан да бұларға назар аударып кейін бұрылмады. Қыр бөктерлей жортқан көкжал қасқырға тап беруге бата алмаса да, кейін қалып қоюға намыстанған ауыл төбеттері тәрізді, Әбілқайыр ханның лашкарлары алыстан садақ атып құр мазасын алып, соңдарынан жүріп отырды. Қарашыңның бұл тәсіліне Жәнібек таң қалды. «Сірә, менің әскерімнің аттан түсіп, бір жайбарақат қалар кезін күте ме? Олай болса...» Жәнібек кенет отыз мың әскерінің атының басын кейін бұрдырып алды да, Қарашыңның лашкарларына лап қойды. Арқаның жазық даласында бауырын жаза шапқан кілең тоқпақ жал, қамыс құлақ, бөрте мінген қалың қол заматта жау жасақтарын жан-жағынан қоршап алды. Бұл Қыпшақ шабуылшыларының ежелгі тәсілі. Алдында жайбарақат келе жатқан қалың қолдан мұндай жылдамдықты күтпеген Қарашың баһадур кенет туған қауіпті көріп жаман састы. Отыз мың сыпай отыз мың садағын бір рет қана тартса орталарында қотандағы қойдай қоршалған он мың лашкардан не қалады? Бір адамға үш жебеден. Батырға да жан керек, Қарашың бітім сұрады. Бұл оқиға Даираяқтың тақыры, Шотшөт көлінің тұсында болған. Кешегі бауырлас рулардың қанын төгуді Жәнібек лайық көрмей бітімге келген. Бітім біреу-ақ; «бізге қосылғысы келген лашкарлар бізге қосылсын, ал бізге қосылғысы келмегендері екеу ара бір ат мініп, қалған аттарын тастап елдеріне қайт-



сын. Босаған аттардың бәрі бізге қалсын». Қарашың лашкарларының үштен бірі Жәнібек жағына шықты. Қалғандарының елдеріне қайтқысы келді. Бірақ екінің бірі аттарынан айырылды. Сөйтіп алты мыңдай адам екі-екіден атқа мінгесе мініп кейін жүрді. Телікөл-тата тасығанда барып құятын Сегізсай Сарыаланың жанындағы сол кезде «Атмінгескен» деп аталатын қия жол содан қалған. Әскерінің қалай жеңілгенін естіген Әбілқайыр, бір кезде бүкіл Дәшті Қыпшақты, Мауреннахр, Қорасанды бағындырған лашкарларының енді масқара боп, мінгесіп қайтқанына жаман қорланды. Ашудан бір орнында отыра алмады. «Тірі жүрсем, Жәнібек сұлтан, осы істегеніңді алдыңа келтірмесем, Әбілқайыр атым құрысын» деп ант берді. Бірақ антын орындай алмай өтті. Қарашыңның қолын жеңуі — жас арыстан қазақ елінің жауына айбарын алғашқы көрсетуі еді. Енді ол жылдан жылға есейе түсті. Тағы үш жылдан кейін Керей қайтыс болып, Жәнібекті хан етіп ақ кигізге көтергенде, қазақ рулары бастары бірігіп, Шу, Талас, Сарысу, бүкіл Көкше теңіз бойын, Дәшті Қыпшақтың солтүстігіндегі Есіл, Нұра, Тобыл өзендеріне дейін тегіс алып болған еді. Осы жердің оңтүстігін қыстауы, солтүстігін жайлауы етті. Елдің елдігін, ердің ерлігін көрсететін заман енді туды. Тек осы шағын жерде көшіп жүре берсе, бір күні өзінен күшті Әбілқайыр секілді бір ханның қалың қол шығарып, қайтадан басып алатынын Жәнібек жақсы ұқты. Өзің күшті болсаң, өзгемен көшің қатарлассын. Ал күшті болу үшін, енді қазақ біржолата руға бөлініп бытырап жүруді тыйып, айбынды мемлекетке айналуы керек. Ұшы-қиыры жоқ далада малының әуенімен әр руы өз алдына көшіп, тарап жүрген қазақтың, Иран, Үндістан, тіпті қала берді тұрғын ел Мауреннахрдай тастай берік мемлекет болуының қиын екенін Жәнібек бұрыннан да жақсы түсінетін. Әйтсе де кәсібі бір, нәсілі бір, тілі бір бүкіл қазақ руының басын бір жерге қоса алмаса да, сол өзінің мал шаруашылығына тән көшпелі тіршілігіне ыңғайлы хандық құруға болатынына ол сенетін. Бұл, қазақтың тарам-тарам боп әр ханның қолында құрып кетпеуі үшін керек еді. Тіршілік тартысы, халықтың өзін сақтап қалу күресі — бәрі де бір ел болмай мүмкін емес-ті. Бұл арман халықты алысуға мәжбүр етті. Ал жеке мемлекет болу үшін, ел бірлігінен басқа, жауың сескенетін әскерің мен халқыңның мұң-мұқтажын, керегін қамтамасыз ететін, өзге жұртпен байланыс жасайтын кәсіпорындары, сауда-саттық жүргізетін шаһарлар керек. Бұл шаһарлар Дәшті Қыпшақ жерімен шекаралас Түркістан өлкесінде. Ал Түркістан Әбілқайыр ханның қолында. Бір кезде бұл шаһарлар қазақтың алғашқы ханының бірі Орысханның қарамағында болған. Орысхан Ақ Орданың туын көтергенде, Шыңғысхан мүлдем құртып жіберген Сығанақ, Сайрам, Яссыны қайтадан тұрғызған. Сығанаққа астанасын көшірген. Қазақ руларына керек шай, қант, мата, ыдыс-аяқ, қазан-ошақ — бәрін Үндістан, Қытай, Иран саудагерлерінен алып, Шығыспен сауда жүргізе бастаған. Бұның бәрі Ақ Орданың құлауымен бірге біткен. Ал бұл жағдайға жету үшін, құлап қалған Ақ Орданы қайта тұрғызу керек. Әрине Ақ Орданы қайта тұрғызу деген сөз, бүкіл Дәшті Қыпшақ жерін, Түркістан уәлиетін өзіне қарату деген сөз. Бұнсыз қазақ күшті ел бола алмайды, бұнсыз қазақ өз басын сыртқы жауынан қорғай алмайды. Осы ойдың бәрін — ел бірлігін күшейтіп, ру-ру боп жүрген ағайындас жұртты қазақ деген бір ел етті, сол елді, жан-жағындағы қанды көз жаулары бесігінде жатқанда қыршынынан қиып құртып кетпес үшін, айбарлы атты әскер құруды Жәнібек көп ойлады. Әрине, ондай басы біріккен, мол әскерлі елді мемлекетке айналдыру үшін, Ақ Орданы қайта тұрғызып, бүкіл Дәшті Қыпшақ жері мен Түркістанды өз қарамағына алу өте қажет. Алғашқы екеуі қазақ руларының берекесімен, ауыз бірлігімен байланысты болса, үшіншісі ұзақ тартыссыз, әсіресе Дәшті Қыпшақ ханы Әбілқайырмен қан майданда кездесіп, аянбай қан төгіспей шешілмейтін тілек еді.

Түркістан Әбілқайырға да, Ақсақ Темір әмірлеріне де керек. Ал бастары жаңа қосылып келе жатқан қазақ руларына Түркістан уәлиетіне жататын Сырдария жағасындағы кенттердің маңызы ерекше зор болатын.

Бұл ерекшелік ең алдымен Сырдария шаһарларының шаруашылық жағдайымен байланысты себептерден туған.

Дәшті Қыпшақтың көшпелі еліне қаланың өнеркәсіп заттары, отырықшы жұрттың егісінен өнетін азық-түлігі қандай қажет болса, отырықшы елдер де көшпелі жұрттың өсіріп отырған малының еті, жүні, терісіне сондай мұқтаж еді. Ал Сырдария шаһарлары Орта Азия мен Дәшті Қыпшақтың ортасындағы сауда-саттық бекеті ғана болып қалмады. Өздері де сол Дәшті Қыпшақ ауылдарына керек өнеркәсіп заттарын молынан өндіріп, екі жақтың сауда-саттық ісіне қызу араласты. Мұндай жағдай бұл шаһарлардың қаулап өркендеулеріне себеп болды. Әрине, бұл қалаларды қолына түсіру — Дәшті Қыпшақ хандарының да, Мауреннахр әмірлерінің де көкейтесті арманы екені даусыз еді. Қазақ хандарының Сырдария шаһарларына телміре қарауының екінші себебі қарамағындағы мал шаруашылығымен шұғылданатын елді жайылыммен қамтамасыз етуден туған. Қары аз, қысы жылы Сырдария жағасы көшпелі ауылдарға қысқы жағдайда таптырмайтын қоныс. Күннен күнге мал басы өсіп, өркендеп келе жатқан көшпелі жұртқа Шу, Сарысу, Талас өзендерінің бойы енді жеткіліксіз бола бастаған. Амал жоқ, қазақ еліне тағы жаңа қысқы қоныс іздеуге тура келді. Ал бұл жағынан құйқалы Сырдария қойнауларынан артық жер табу қиын-ды. Жаз малын Арқада бағып, қыс осы Сыр бойын жайлауды қазақ рулары көксей бастады. Осы арманы орындалса, бүкіл Дәшті Қыпшақ халқының алдында абыройы көтеріле түсетінін Жәнібек хан өте жақсы түсінді.

Үшінші жағынан бұл қалалар әскери бекініс ретінде де аса керекті еді. Моғолстан хандары Шу, Сарысу, Талас бойларын Мауреннахр әмірлерінен сақтайтын қалқан көрсе, Мауреннахр әмірлері Түркістан уәлиетін Мауреннахрды Дәшті Қыпшақтан қорғайтын бекініс санады. Ал Әбілқайыр осы Түркістан шаһарларына сүйене отырып, бүкіл Дәшті Қыпшақты уысымда ұстасам деді.

Әбілқайыр арманы да, Дәшті Қыпшақ елдерінің көкейкесті тілегі де осы Сыр бойына келіп түйісті. Ал Жәнібек хан ұшы-қиыр шеті жоқ Дәшті Қыпшақ жерін ұстап тұру үшін мықты бекініс осы Сырдария шаһарлары екенін өзгеден анағұрлым терең ұқты.

Сондықтан да оның қырағы көзі күндіз-түні Түркістан жағына тігулі. Ал Жәнібек ханның жатса да, тұрса да ойлайтыны, әсіресе, Дәшті Қыпшақ жеріне ең жақын тұрған, кешегі бабаларының, Ақ Орданың кіндігі — Сығанақ пен оған таяу Дәшті Қыпшақтың көне шаһарлары Сауран, Созақ, Яссы, Сайрам...

Бұл қалалар өздерінің ұзақ өмірлерінде не көрмеді? Түркістан өлкесін қандай хан билемесін, тек одан өз пайдасын көздеді. Жан-жағы егіндікке бай, Түркістан шаһарларының михнатын диқаны тартса, қызығына бірінен соң бірі басқарған хакімдері батты. Еңбекші бұқараларға салынған алым-салық, қаржы-қаражат тек қаланы билеген бекзадалардың ғана дәулетін молайтты. Бай-манаптың үстемдігін асырды, қайда барса да тек кедейлер ғана сорлады. Қала-мединелерді басқарып отырған хакім, даруғалар мемлекетке деген көзқарастарын өздерінің жеке мүддесіне қарай белгіледі. Сол себептен де бұл шаһарларды билеген мықтылар ойына келгенін істеді, қарамағындағы елді өзінің меншікті мүлкі санады. Мединелерді билеген бекзадалардың асқандығы соншалық, қалаға таласып жатқан екі жақтың қайсысының қарамағына көшкісі келсе, соған өз еркімен көше берді. Егер қала мықтылары өз бастарына пайдалы көрсе, кешегі жауына бүгін өзі апарып қала қақпасының кілтін ұстатты. Осындай жағдайларды ойлаған Түркістанды жаулап алған хандар, әрқашан да бұл шаһарларға хакім етіп өздерінің сенімді жақындарын ғана қоюға тырысты. Бұл әдетті Әбілқайыр хан да қатты қолданды. Түркістан уәлиетін өзіне қаратқаннан кейін, осы уәлиетті жаулап алуда көп қаһар көрсеткені үшін, Сығанақтың хакімі етіп Манедан-оғланды, Үзкентке — Маңғыт руының биі Оқасты белгілеп, Созақ бекінісін немере ағасы Хызырханның баласы Бахтияр сұлтанға тартты. Яссы, Сауран, Сайрамдарды да осылар тәрізді Әбілқайырға өте сенімді не болмаса хан тұқымынан шыққан сұлтандар билеуде еді.

Ал бұл хакімдердің Жәнібек жағына шығуы үшін жалғыз-ақ жол бар. Ол жол: Жәнібек Әбілқайырдан күшті болуы керек. Күшті болудың жолы биіктігі қырық құлаш, қаланы қоршаған қорғандарды алу ғана емес. Тастай түйінген бұл шаһарларға шабуыл жасап, орынсыз қырылудан гөрі, алдыменен Дәшті Қыпшақтағы рулардың басын біріктіріп, мықты әскер құра білу шарт. Егер халықты өзіне бағындыра алса, мықты қол жинау да қиынға түспейді. Ал, азғантай ғана шұрайлы жайылым үшін бірінің малын бірі барымталап, жігіттерін сойылға жығуға дейін баратын қазақ руларын өзіңе бағындыру оңайға түскен бе! әрқайсысы өзін-өзі дөй санайтын, өзім дегенде өгіз қара күші бар әр рудың би, батырларын бір ханға бағындыру оңай болып па? Тағы бір қиындығы Әбілқайырмен айырылысар кезде намысқа шауып, бір жұдырықтай жұмыла қалған қазақтың басты рулары тынысы кеңіген сайын, жұмылған жұдырығы жазылып, біріктік деп тартқан айылы босай түскен. Өзінің ежелгі дәстүріне салып, малының әуеніне қарай бытырай көше бастаған. Жәнібектің де ең қорыққаны халықтың жібі босап кететін осы кез еді. Әбілқайыр ханның да күткені осы. Бытыраған руларды біртіндеп жаулап алып, Түркістан қалаларын да босағасын берік ұстап, бүкіл Дәшті Қыпшақты қайтадан өзіне бағындырады. Ал Жәнібек Арғын, Қыпшақ қос шоқпарын қолына мықтап ұстап, жаңа ұйып келе жатқан ел бірлігіне іріткі салдырмайды. Көнгісі келген руларды ақылмен көндіреді, ал көнгісі келмегендерін қан-жоса етіп күшпен дегеніне бақыл еткізеді. Осылай шешкен Жәнібек аулы Қара Кеңгір жағасына келіп жайлауға қонған шақта, Тауық жылы, екінші айдың орта шенінде Арғынның ақсақалы Қотан тайшы мен Қыпшақтың әрі биі, әрі батыры, әрі сөзуар желауызды шешен-ақыны қарға бойлы Қазтуғанды кеңеске шақырды. Бұл кезде Арғын руының көсемі Арғын би еді. Ал Қыпшақтың билігі әлі тұғырынан түсе қоймаған Қара Қыпшақ Қобыланды батырда болатын. Қазақтың ең көп және батыр руларының көсемдерін шақырмай, ханның жырауларды шақыруында да көп мән бар. Жәнібек ел билеген жақсыдан, ел аралаған ақын сыншы екенін білетін. Ақын ел құлағы, ел көзі, ел жүрегі. Жұртының тамырының қалай соғатынын және оның көңіл күйін, мұң-мұқтажын бұлардан артық айтып беретін тірі пенде жоқ. Сан ақын-жыраулар халқының ауыр халін хандарына жыр етіп беремін деп, қуғынға ұшыраған, құрбан да болған.

Жәнібек Қотан мен қарға бойлы Қазтуғанды шақырғанда халқының көңілінің қандай күйде екенін білгісі келген-ді. Қос жырау бір күні жетті. Өздеріне арналып тігілген қос ақ боз үйге атқосшы жігіттерімен жайғасып жатқандарында: «Асан ата, кәдімгі ел құлағы, ел көзі Асан Қайғы келе жатыр» деген хабар дүңк ете қалды. Сөйткенше болған жоқ «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы бидің» алтыншы ұрпағы, ел кезген Асан ата ауыл сыртына кеп, Ақсирақ жүрдегінің үстінен түсті. Бұл шақ күн батып бара жатқан мезгіл еді. Хан аулы маңында мал болмағанмен, төменгі елдің қайтқан қойының маңырағаны, құрақтағы жылқысының кісінегені, аусыл аруаналардың боздағаны, зеңгі баба шаңырақ мүйіз сиырлардың мөңірегені алыстан естіліп жатты. Кәрі төбеттің балпылдай үрген дүңкілдек даусы, әлдекімнің «Қозыжан, Қозыжан!» деп баласын еркелете шақырған айқайы шығады. Күндізгі аңызақ жел де тоқтап, кешкі таманғы тына қалған таза ауада малы өрістен қайтып абыр-сабыр болған, төменде жат-

қан төлеңгіт ауылдарының у-шуы хан Ордасына анық естіліп тұрады. Қара Кеңгірдің көк балауса жасыл шалғынды арғы жағасында, сонау ойпаттағы қа-

мысты көлге дейін быжынаған ел көрінеді. Сүт пісіруге, ас қамдауға кіріскен қатындардың жаққан оттарының көгілдір түтіні ауыл үстінен көкке көлбей ұшып барады. Қамысты көлден белеске қарай көтерілген көп жылқы күңгірттене бұлдырап көзге түседі. Бергі ауылдың қырқа жағындағы жазықта, қолында құрығы бар, ақ боз жүйрік мінген жігіт, асау қуып келеді.

Хан Ордасында қарт Қотан мен қарға бойлы Қазтуғанның келіп сәлем беруін күтіп отырған Жәнібек, «Асан Қайғы келіп ауыл сыртында түсіп жатыр» деген хабарды естісімен, бүкіл Дәшті Қыпшақ ардақтайтын, қазағы үшін қайғылы жырауды өзі шығып қарсы алмақ болды. Жәнібек нөкерлерін ертіп, Ордадан шығып есік алдында сәл кідірді. Өзеннің арғы бетіндегі ауылға қарады. Түйсік қабақты ханның сұрғылт сынық жүзінде кенет бір күлімсірегендей шырай елең берді. Шынында да ауылдың кешкі суреті адамның көңілін көтерерліктей орасан сұлу еді. Жәнібек енді осыншама жан тербетер сұлу суретке көз салып рахаттанбай, бағанадан бері Орда ішінде отыра бергеніне өкінді. «Дүние деген міне осы, мұның хан екенінде де, халқының қамын ойлап күні бойы Ордадан шықпағанымен де ісі жоқ, өз қызығымен, қуанышымен өте береді». Дәл осы кезде ақ боз жүйрік мінген бала жігіт бағанадан бері ұстамақ асауын хан тұсындағы өзеннің жағасымен жанастыра қуып, алдындағы асау жалт бұрылып алдынан өте берем дегенде, қолындағы құрығын мойнына жып еткізіп сала қойды. Асау, бала жігітті атматымен сүйрей жөнелді. Бірақ жігіт жібермеді. Үзеңгісін шірене арт жағына қарай қисая, қолындағы құрығын қос қолдап бұрай тартып жанаса жабысып келеді. Күндікке шапқан жүйрік шаршады ма, әлде мойнына түскен құрықтың қыл арқаны батты ма, екі бүйірін солқылдата демін алып, үстінен тері көпсіп бұрқырап, қамыс құлағын қайшылай теңселе барып тоқтады. Құрықшының қимылына риза болған хан «Жігітім-ақ екенсің! Кімнің баласы екен өзі?» деді. Хан сұрағына жауап тапқалы бір нөкері ауыл сыртындағы сайдағы атына жөнелді. Жәнібек енді хан Ордасына қарай беттеген Асан Қайғы тобына қарсы жүрді. Ханнан бұрын, қайғылы жырауды қошеметпен қарт Қотан мен Қазтуған қарсы алған. Асанды екеуі екі жағынан қолтықтап, топ адамды соңдарынан ертіп келе жатыр екен. Жәнібек хан нөкерлерімен таяу келіп, қол қусырып иіліп сәлем берді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет