Ажал үстемдігіңді жүргізудің ең берік құралы емес пе?



бет9/15
Дата14.04.2017
өлшемі3,54 Mb.
#13765
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   15

сын» деші.

Қыз сәл жымиды.

Рас айтам, адам баласымын. Егер өтірік айтсам құдайтағала кәрі соқсын. Ал Мұхаммед пайғамбардың үмбетімін дей алмаймын, мен насрани дінінің үмбетімін.

— Ол не? Кәпірсің бе?

— Сендерше кәпір... Біздерше ең әділетті діннің құлымыз...

«Жын-пері болмағаныңа мың да бір шүкір. Ал кәпірлігіңді тастап, мұсылман дініне ауысуың тақа қиын болмас... Оны соңынан көрерміз...»

Исан-Бұғы қыз сөзіне сенді. Сенбеске амалы жоқ еді. Өйткені қыздың кәпірлік күнәсын сұлулығы жеңіп кеткен. Оның жын-пері еместігін біліп қуанған бала жігіт дәл қазір өзін осы кәпір қызы үшін дозақ отына күюге дайын тәрізді сезінді. Исан-Бұғы тек бар болғаны пісмилла, пісмилла деп қызға таяй берді...

Қыз шынында да былтырғы дарға асылған шалдың қызы болып шықты. Әкесі өлген кезде Мұхаммед пайғамбардың дінін тастап, Иса пайғамбардың дініне көшкен бір ұйғыр диқаны бұны үйіне жасырып тірі алып қалыпты. Қазір сол ұйғыр үйінде тұрады екен. Флоренцияға баратын керуенді күтіп жүрген көрінеді. Әкесінің зиратына гүл қоюға келгенінде Исан-Бұғыға кездесіп қалыпты.

Екі жас бірін-бірі, шу деп кездескенінен ұнатты. Балалық мөлдір сезім бірте-бірте лаулаған жалындай, жүректерін балқытқан алғашқы махаббатқа айналды. Бірін-бірі көре алмаса тұра алмайтындай күйге жетті. Бірақ кішкентайынан күндес өскен туған ағасы Жұныс, інісінің ойынды тастап, тез өзгерген мінезінен сезіктеніп, аңдып жүріп бұлардың құпиясын ашты. Ашып та қоймады, әкесіне барып: «Балаң кәпірдің қызын алайын деп жүр» деп шағыстырды. Өзі өлсе тағына Қыпшақ әйелінен туған үлкен баласы Жұныстан гөрі, шешесі Моғол хандарының қызы, Исан-Бұғының отыратынын тілейтін Уайс хан шошып кетті. «Егер Исан-Бұғы кәпірден қатын алар болса, түбі насрани дініне бір бүйірінің тартпасын кім біледі? Мұсылман дініндегі адамдарға да қиянат етуі мүмкін ғой. Жағатай тағының құруы да осындайдан басталуы ықтимал. Әйел жүрген жерде — қашан да болса қауіп жүреді. Шыңғыс бабамыздың төртінші ұлы Төленің үш баласы бірдей — Қытайды басқарған Құбылай, Иран мен Египетті алған Құлағу, ақырында Қарақұрымдағы үлкен Орданың ханы Мөңке — Арғын руынан әйел алғанынан не шықты? Көп істерді жасырын осы әйелдері басқарды. Құбылай Арғын қызы Жауһар ханымның айтқанын екі етпеді, тіпті Қытай мемлекетінің көп істеріне де Арғындар қатынасты. Құлағу Арғын әйелінің айт-

қанын орындап, қарамағындағы бүкіл Қара теңіз маңындағы елге бас басқақ етіп Арғұн батырды отырғызды. Ал сол Арғұн басқақ бір кездегі Жағатай ұлысына Жетісу арқылы жүргізілген Батыс пен Шығыстың ұлы жолын өзінше бұрмақ болды. Қара теңіз бен Азов теңізінің жағасындағы қалалардың Күншығысқа баратын сауда керуендерін ол енді Дәшті Қыпшақ жерін қақ жарып, Арал теңіз даласы арқылы өткізуге кірісті. Жолдың бұлай өзгеруі Шығыс пен Батыстың керуен сарайы боп тұрған Алмалыққа қанша зиян келтірді. Ал, Мөңке хан өзі Қарақұрымда отырса да, қытай мен ұйғыр қызына үйленді. Ақылгөйлерінің көбін қытай, ұйғырлардан алды. Осының бәрі ұлы Шыңғысхан ұрпақтарының өз тілін, өз хандығын жоғалтуға аз себеп болған жоқ. Жоқ, жоқ ақымақ балаңның сүйері — өз тілегіндегі қатын болмаса, оның зияны аз тимейді. Сондықтан да Исан-Бұғы жақсы көрген насрани қызы тірі қалуға тиісті емес. Ол өлуі керек».

Хан уәдесінде тұрған. Жазығы жоқ, уылжыған жас сұлуды Орданың екі нөкері Исан-Бұғының көз алдында бауыздаған. Бұл оқиға Исан-Бұғының жүрегіне бітпес жара салған. Ол өзінің сүйген адамының көз алдында қалай ажал тапқанын көргеннен кейін, жас жаны енді аяушылықты мүлдем ұмытып, тірі пендеге рақымсыз, тасбауыр болып алған. Соңынан алғашқы махаббатының өшін талай қас-жауынан қайтарған. Осы өштің ең алғашқы құрбаны әкесі бір, шешесі басқа, өзінің ағасы Жұныс еді. Исан-Бұғы әлгі оқиғадан жеті жыл кейін әкесі Уайстың орнына Моғолстан тағына отырған күні, ағасы Жұнысты ұстауға әмір берді. Ондағы ойы тек «түбі осы менімен хандыққа таласады» деген қауіп қана емес, баяғы кәпір қыздан айыртқан өшін алуы да еді. «Таста тамыр, ханда бауыр жоқ» деген міне, осылай келетін. Бірақ Жұныс қолға түспей қашып кетеді.

Исан-Бұғы өзі хан болғаннан кейін, осы кәпір қыздың өлген жеріне құлпытас орнатқызып, ескерткіш қойдырған. Әлдеқалай қайғырса, не жол таба алмай қиналса, хан үнемі осы араға келетін. Сүйген адамының сол күнгі көз алдында бауыздалған суретін елестетіп, сөйтіп босай бастаған көңілін қайтадан қатуландыратын. Хан жолының мейрімсіз жол екенін есіне түсіріп, толқуын тоқтататын.

Соңғы кезде Моғолстан шекараларының тыныштығы тым бұзыла бастаған-ды. Осыдан бір апта бұрын жеткен хабарға қарағанда, Қашқар, Құлжа қалаларына Қытайдың көп әскері шабуыл жасамақ тәрізді. Үйсін Арқалық батырдың жіберген шапқыншысының жеткізуі бойынша, шабуылға шықпақ Қытай әскері тым көп көрінеді. Егер хан тағынан жәрдем келмесе, Қашқар, Қырғыз сыпайлары ұзақ ұрысқа төтеп бере алмайды депті жиені, Қашқар ханы Сетәлі. Сондай-ақ Қара Ертіс бойындағы Найман, Керейлерден де арғы жақтарындағы ойраттар қазақ жеріне аттанбақ болып жатыр деген хабар жеткен. Ойраттар жеңіл жау емес, оның үстіне қолтығына су бүркіп, оларды құтыртып отырған тағы да сол Қытай богдахандары. Қытай Қытай болғалы, осыдан мың жарым жыл бұрын өткен Қошан патшалығы кезінде де Орта Азияға, қала берді осы күнгі Моғолстан жеріне көз тігумен келген. Бірақ осы күнгі Орта Азия, Ауғанстан, Күншығыс Дәшті Қыпшақ және Иранның шығыс жағын жайлаған Жүзші, Үйсін, Сақ, Қыпшақ, Басмалы, Ұйғыр тәрізді көшпелі елдердің бірігуінен, соңынан Үнді, Ауған, Иран халықтарының бас қосуынан туған ұлы қауым қытайдың ықпалына түспек түгіл, өз ықпалын жүргізген. Будда діні осы жердегі Қошан патшалығынан Қытай, Жапон, Кореяға тараған. Бірақ құмырсқадай қаптап өскен Қытай халқы сол кездің өзінде-ақ өз жеріне сыймай бара жатқан соң, богдахандары көне Қытай қабырғасынан шығып, әлсін-әлсін жан-жақтағы елге ауыз сала берген. Әсіресе, олардың көздегені Көкше теңізге дейін осы күнгі Жетісу болған. Жерін қорғаған Үйсін, Дулат, Жалайыр, Басмалы , Ұйғыр жұрты мен Қытай богдахандары арасында сан түрлі ұрыс, қан төгіс айқастар өткен Қара Ертіс, Құлжа, Қашқар бойларында Қытай әскері талай жеңілген... Демек, бұдан олар сабақ алмаған, қарапайым халқының өлімін шыбын өлімі құрлы көрмейтін Қытай богдахандары кей кезде өз шекарасынан өтіп, Көкше теңізге дейін жеткен. Бірақ айбынды, Сақ, Қыпшақ атты әскерлері оларды өздерінің «Қытай қабырғасына» қайта қуып тыққан. Соған қарамай міне, тағы Моғолстан жеріне шабуыл жасамақ. Әрине Қытай шабуылы үйреншікті ауру. Ол басынан ұрылып, таяқ жеп, әбден әккі болған жылқы тәрізді, қанша көптігін мес тұтып, қоқан-лоқы көрсеткенмен де, Жоңғар қақпасынан бері өтуге батылы бармайды. Жоңғар қақпасына келіп, шүлдірлеп азан-қазан болып жатқандарында, бер жағынан біз де жетеміз... Кілең атты қазақ, сойылға қарсы келе алмайтын өңшең жаяу қытай әскерін қайтадан өз жеріне қуып тығады. Бұл оларға да, бізге де үйреншікті әдет. Сондықтан да бәлен ғасырдан бері Қытай богдахандары біздің жерімізге ең болмаса бір қаласын тұрғыза алмай келе жатқан жоқ па? әрине бұның бәрі күші жетпегендіктен. Әйтпесе қазақты аяйын деп отырған Қытай богдахандары жоқ. Қасқырға бата алмаған бұралқы, үреген, сабалақ майлыаяқтар тәрізді, құр байбаламымен қорқытпақ. «Құлжа, Қашқарға аттанамыз деп күні бұрын дабыл қағып мазаны алмақ...»

«Расымен бұ жолы да олардікі құр байбалам ба? Жоқ, бұ жолы құр қор-

қыту емес тәрізді... Моғолстанның бір күшсіз, қамсыз кезін дәл басып отыр. Моғолстанның шығыс жағын билейтін Моғол хандары мен солтүстік жағын бас-

қаратын Жағатай ұрпақтарының арасындағы өзара алауыздықтың аса бір қатты шиеленіскен уақытында бас салмақ. Ел басқаратын хандар арасында бірлік жоқ кезде, сырттағы жау әдеттегісінен анағұрлым қауіпті...»

әйтсе де Исан-Бұғының құтын қашырып тұрған бұл жәйт емес. Басқа.

Ақсақ Темір ұрпағы мен Жағатай ұлысының хандары бабалары өлгеннен бері жан аяспас қас. Бұл қастық әсіресе Самарқант тағына әбусейіт отырғаннан кейін күшейе түскен. Көк Орда ханының жәрдемімен таққа отырғанын әбусейіт тез ұмытқан. Енді ол өзін-өзі бір ұлы сайыпқыран патша санап, жан-жағына алабұртып қарай бастаған. Моғолстан жеріне де көз жіберіп, бір-екі рет Түркістан өлкесінің оңтүстік жағына да бас сұғып көрген, бірақ соғыс ісіне шебер, Уайс пен Исан-Бұғы хан оның дегеніне бола қоймаған. Бұл жағдай Самарқант әміршісін Жағатай ұрпағына тіпті өшіктіре түскен.

Жағатай, Моғол хандарымен күресетін бөтен жолын таба алмаған әбусейіт, ақырында Уайс хан балаларын бірін-біріне айдап салмақ болған. Ол Иранда жүрген Жұныс сұлтанды шақырған. Кеше осы әбусейіт Ордасынан Исан-Бұғыға жасырын кісі келген. Осы құпия адамның айтуына қарағанда, әбусейіт Жұныс сұлтанға көп қол беріпті-міс. Жұныс сұлтан көп кешікпей Яссы, Сауран, Сығанақ қалаларынан бері қарай Шу, Талас өзендерін қуалай отырып. Алмалыққа аттанбақшы-мыс.

Жайшылықта «ел шетіне жау тигелі жатыр» дейтін хабарлардан айылын да жимайтын Исан-Бұғы бұ жолы шошып қалған. Өйтпеске амалы жоқ. Еліне сырттан келер жаудың қаупі бір бөлек те, өз ішінен шыққан жаудың қаупі басқаша. Сырттан келер жауға жұртыңды қарсы қоюға, ұран сап халқыңды біріктіруге болады. Ал өз ішіңнен шыққан жау, ол халқыңның жауы емес, тағыңның жауы. Мұндайда «отаным, елім!» деп ұран салу да қиын. Жұныс сұлтанның әбусейіт әскерімен Исан-Бұғыға қарсы шығуы, әкесінің тағы үшін күресуі Жағатай ұрпақтарын екіге бөлу еді. Ал жалғанда үйіңнен өрт шыққаннан асар жамандық жоқ. Өрт шығатыны тағы белгілі.

Исан-Бұғының мазасын алған осы ойлар еді. Ол бүгін құмсағаттың үшінші аударылуына хан кеңесін шақырған. Сол хан кеңесі жиналғанша жанын қоярға жер таппады. Нөкерлерін ертіп көне Алмалыққа барды. Алтын Емелден әкелінген құм алтынды уыстап біраз отырды. Бірақ көңіл тұманы бірде-бір селт етпеген. Тұнған желімдей жан сезіміне жабысып алып тұрған да қойған. Жайшылықта алтын көрсе рақаттанып қалатын көңілі бұ жолы Исан-Бұғыны шошыта берген. Бұдан өз басына төнген қатердің қаншалық қауіпті екенін түсінген.

Бату ұрпақтары Алтын Орда тағынан айырылғаннан бері қазақ рулары Жағатай хандарына достық ілтифат көрсетіп баққан. Бұл екі жағдайдан туған. Бірі Жағатай, Моғол хандарына қазақтың Үйсін, Жалайыр, Найман, Керей, Қаңлы секілді басты руларымен тізе қосып үнемі Қытай, Ойрат секілді көршілерін тонауды мақсат еткен сырт жаумен көбірек алысуға тура келген. Бұл қазақ пен Жағатай, Моғол хандарының бір ойдан шығуына себеп болған. Екіншісі — Жағатай, Моғол хандары да қазақ рулары тәрізді көбінесе көшпелі өмір сүрген. Мал қамы кейде жер қамына айналып, амалсыз бірлесулеріне мәжбүр еткен.

Ал Ақсақ Темір мен Көк Орда хандарының басқа жұртқа үстемдіктерін жүргізу әрекеттері, өздеріне қорқыныш тудыратын елдерден емес, өздері қор-

қыта алатын елдерді жаулап алудан басталған. Осы екі жақтың ортақ құрбаны ең алдымен Дәшті Қыпшақ болған. Ақсақ Темір де өзінің Алтын Ордаға қарсы жорығында, ең алдымен жолай қазақтың алғашқы ханы Алашаның балалары Мәмет пен Сәметтің ұлыстарын шапқан, өздерін өлтірген. Бертін келе қыз алып, қыз берісіп кеткен Ақсақ Темір ұрпақтары мен Дәшті Қыпшақ ханы Әбілқайырдың саясаты екеуара бірігіп қатар тұрған Моғолстанды шабу болған. Қасыңның досы — о да қасың. Қазақтың көп рулары Моғол, Жағатай ұлыстары жағына шығып кеткендіктен, бұл рулар Әбілқайыр хандығы мен Самарқант әмірлігіне қас саналатын. Реті келсе оларды ел етіп біріктірмей, бағынышты жағдайда ұстау үшін, әлсін-әлсін шабуды саясат еткен.

Осы саясат әсіресе соңғы кезде Әбілқайыр мен оның күйеу баласы — Самарқанттың әмірі әбусейіттің кезінде өрши түскен. Бұл мезгілде Моғолстан мен Дәшті Қыпшақтың ортасындағы бүкіл Түркістан өлкесі Әбілқайырдың қолында тұрған. Моғолстанға жаны қас әбусейіт Әбілқайырдың арқасында осы өлкенің Яссы, Сауран, Сайрам, Сығанақ секілді мединелеріне арқа сүйеуге толық мүмкіншілік алған-ды. Оның үстіне әбусейіт Жағатай Ордасының ішіне суық қолын бөтен жолмен де кіргізуді ойлаған. Жұныс сұлтанның фарсы әйелінен туған қызы Сұлтан-Нигар-Бегімді баласы Омар-Шейх мырзаға алып бермек-тін. Мұнда тағы саясат бар. Исан-Бұғының орнына өзінің туған құдасы Жұныс сұлтанды отырғызу үшін, әрине әбусейіт әскерін аямайды. Жұныстың күшеюі және оның әбусейіт жағында болуы — Самарқант әмірінің айбарының ұлғая түсуіне көп жәрдем. Соңғы кездері әбусейіттің Әбілқайырдан алыстауы Ақсақ Темір ұрпағы мен Жағатай тұқымдарының тізе қоса бастауынан шыққан. Семіздікті тек қой көтереді. Атасы Ақсақ Темірдің ауыр тәжінің салмағын ұрпағы әбусейіт көтере алмай жүр.

Жоқ, олай емес. Әбілқайырға Самарқант әмірлігі құлақ сала берсе, түбі Ақсақ Темір хандығынан дым да қалмайды. Бұны әбусейіт жақсы біледі. Осыдан барып ол жанталасады. Уайс ханның баласы Жұныспен бірігіп Моғолстанды алып, түбі Әбілқайырға қарсы Темурлан хандығын күшейтпек. Ал өзге сұлтандарға не керек? Олар тек «Ұр-рит соқ, соқ!, Ұр-рит соқ, соқ!» Әбілқайыр мен әбусейіт секілді екі азбан қошқар сүзіссе екен дейді. Тек сонда ғана Моғолстанды алып күшеймек түгіл, өз хандықтарын сақтап қалулары да бұлардың екіталай болар еді деп ойлайды мықты біткеннің бәрі-бәрі.

Моғолстан! Бір кезде қандай күшті тайпа еді! Батысындағы Тоқай-Темір ұрпағы Астрахань хандарына, күншығысындағы — Қытай богдахандарына, солтүстігіндегі — Ойрат қонтайшыларына, оңтүстігіндегі — Ақсақ Темір мен Сайбанның қанды балақ әмір, сұлтандарына бой бермей келген. Ал қазір ше? Қазір де жаралы жолбарыстай бір шабатын күші бар. Бірақ сол күші ұзаққа жетер ме? Ай, жетуі екіталай. Оны жаралаған сыртқы жаулары емес, ішкі жаулары. Жете мен Қарбанас хандарының өмір-бақи бітпес өзара таласы. Моғолстанды ішінен жегі құрттай жеп, әлсіретіп келе жатқан осы бірікпестік.

Исан-Бұғы тағы ойға шомды.

Мұндай жағдайда өзінің Моғолстанға хан болуы оңайға түсті ме? Екі көз бірін-бірі шұқымас үшін, алла-тағала ортасына мұрын жаратыпты. Ал бұдан отыз жыл бұрын, бір мың төрт жүз жиырма сегізінші жылы әкелері атақты Уайс хан өліп, артында қалған ағайынды екі жігіт Жұныс пен Исан-Бұғы Моғолстан тағына таласар күн туа жаздағанында кім араша тұрды? Ешкім де тұрған жоқ. Қайта ағалы-інілі сұлтандарды өшіктірумен болды. Әсіресе бұны бұрын Уайс ханға бағынып келген Моғол әмірлері істеді. Осы әмірлердің ар-

қасында Исан-Бұғы Жұныстан Жағатай хандығын тартып алды. Бірақ артынан жастығы ма, мастығы ма, хан болғаннан кейін өзін хан тағына жеткізген осы әмірлерге қиянат істей бастады. Ең алдымен бас наип етіп Тұрфан қаласынан шыққан Темір деген ұйғырды белгіледі. Бұл ұйғыр ханға жаға білді де, өзгелердің қаққанда қанын, соққанда сөлін шығарды. Өзі қарадан туа әсіресе Моғол әмірлеріне жайсыз тиді. Қарадан наип еткен хан ісіне наразы Моғол әмірлері, Темірдің қорлығы әбден асқан кезде, бір күні түнде жиналып кеп оның басын шауып, бүкіл денесін кескілеп өлтірді. Өздері де енді хан қарамағынан шығып жан-жаққа тарап кетті. Дулат руынан шыққан әмір Мір Кәрімберді Моғолстан мен Ферғана, Андижан шекарасына бекініс салып, маңындағы Мауреннахр диқандарын шабуға кірісті. Қоншы руынан шыққан Мір Хақберді бек Ыссықкөл жағасындағы Қой Сойды деген аралға бекініс тұрғызып, жүздеген қарақшы жігіттерімен Түркістан мен Сайрамды тонауға аттанды. Моғолдың Шорас пен Барын руларының әмірлері түбі бір елден шыққандары есіне түсіп, Уайс хан мен әкесі Исан-Тайшы сан айқасқан ойраттардың қонтайшысы Амансанджи жағына ауып кетті. Қалушы, Бұлғашы руларының әмірлері Әбілқайыр қарамағына, Дәшті Қыпшаққа көшті. Ал, моғолдардың ең негізгі көп руы Қоңшының бек, әмірлері еш жаққа кетпегенмен де Моғолстанның кең даласында бүліншілік ұйымдастырумен болды. Темір наиптың өлімінен шошып қалған Исан-Бұғының өзі де Алмалықтан қашты. Бірақ бұны бір кезде Исан-Бұғының әкесі Уайс ханның күшімен Қашқарды қолына алған Сейтәлі әмір Іле өзенінің жағасындағы Аққұйын деген жерден тауып алып, Ақсу қаласына әкеп хан етті. Осы бүлінуден бастап Моғолстан бір ханға бағынудан қалды. Толып жатқан әмірлер, бектер, хакімдер бір тайпы мемлекетті быт-шыт қып бөліп алды. Тек ел шетіне жау келсе ғана бас қосатын күйге жетті.

Исан-Бұғы Ақсуда әбден орнығып алғаннан кейін, көп қол жинап хаджири есебі бойынша сегіз жүз елу бесінші, жаңа есеппен бір мың төрт жүз елу бірінші жылы Ташкент, Яссы, Сайрам шаһарларын шапты. Аямай тонап, қайтадан Ақсуға қайтты. Алдыңғы жылы екінші рет Исан-Бұғы тағы Мауреннахр жеріне аттанды. Бірақ бұ жолы жауды өз жерінде күтіп алған әбусейіт жеңістік бермеді. Исан-Бұғы әскерін бетпе-бет келіп, ұрыста тойтарып, Талас өзенінің бойындағы Тараз-Жаңғы қаласына дейін қуып салды. Исан-Бұғы дәл осы жолы астанасын қайтадан Алмалыққа көшірді. Ондағысы Қытай мен Жоңғар қаупінен мединесі алыстау болсын дегені еді. Сөйтіп жүргенінде қауіп енді кенет оңтүстік өкпе тұсынан туды. Сырт естуіне қарағанда, Мір Кәрімберді, Мір Хақберді әмірлер Жұныс сұлтанға барып қосылған тәрізді. Бұ да Исан-Бұғының қобалжуын күшейте түсті. Өз жағында табжылмай жиені — Мір Сейтәлі мен Мір Мұхамед-Шейх әмірлер ғана қалды. Қысқасын айтқанда, Исан-Бұғы енді өз үйінде өрт шыққанын анық ұқты. Бұл қиындықтан құтылатын қандай жол бар? Мединесін қайтадан Ақсуға көшіру керек пе? Одан не табады? Алмалыққа жетер Жұныс пен әбусейіт мырза Ақсуға жете алмай ма? әрине жете алады. Бірақ Ақсуда Мір Мұхамед-Шейх пен ар жағындағы Қашқардағы жиені Мір Сейтәлі әмірлер бар емес пе, Исан-Бұғының басына шын қауіп туса, бұлардың үндемей қалмайтыны кімге болса да аян. Содан сескеніп Жұныс атының басын кейін тартар? О да мүмкін. Бірақ бір әкеден туса да, бір анадан тумаған, өзі Жұныспен қан майданда бетпе-бет бір кездеспей, күні бұрын қашқаны қалай болады? Жұныс осы Моғолстаннан кеткелі жиырма жылдың ішінде Исан-Бұғыға қарсы екі рет қол жиып майданға шыққан. Бірақ екеуінде де жеңіліп кейін шегінген. Бұл жолы да сөйтер? әй, оған сену қиын. Бұ жолы күш Жұныс жағында. Жұныс жағында емей немене, оны жақтап Дәшті Қыпшақтың айбынды ханы Әбілқайырдың туған күйеу баласы, Жұнысқа ең жақын бел құда болып Ақсақ Темірдің алтын тағындағы әбусейіт отыр. Жоқ, іштей іри бастаған Моғолстан оған дәл қазір қарсы тұра алмайды. Сонда не істеу керек? әлде торғауыттың қонтайшысы Амансанджидың өзінен жәрдем сұраса ма екен?

Исан-Бұғы екі қолын артына ұстап гүлі төгілген, түгі екі елі жібек фарсының қырмызы қызыл кілемін көк шалғынды басқандай аяғымен жайпай аттап, ерсілі-қарсылы жүре бастады. Оның қалмақ қонтайшысынан жәрдем сұрасам қайтер еді деген үмітінің де сыры бар еді.

Жағатайдың бесінші буыны, Мұхамедтің шөбересі Уайс сұлтан ер жеткен кезде, Моғолстан тағында әкесі Мірәлі оғыланның інісі Мір Мұхамед отыр-

ған-ды.


Мір Мұхамед хан мен Уайс сұлтанның арасы өте нашар болды. Уайс сұлтан өзі секілді кілең от жүрек жігіттерді жинап алып, Моғолстанның шетінде, Қашқарияда біраз уақыт аламандық құрып жүрді де, Түркістанға келген. Бұл кезде Түркістанның хакімі Ақсақ Темірдің атақты серігінің бірі Қыпшақтан шыққан Сар-Бұғы әмірдің баласы, Шайх-Нұридин болатын. Ол Мір Мұхамед ханмен өте араз еді. Шайх-Нұридин әмір Уайс сұлтанды құшағын жайып қарсы алды. Өзінің қызы Дәулет-Сұлтан-Сақынажды қосты. Одан Уайстың тұңғышы Жұныс сұлтан туды. Шайх-Нұридин әмір Уайсқа әскери жәрдем беріп, сан мәртебелі Мір Мұхамед ханға қарсы салды. Бірақ қандай айқас болса да күші мол Мір Мұхамед жеңе берді. Тек осы хан өз ажалынан өлгеннен кейін барып, Уайс бір мың төрт жүз жиырма бесінші жылы ғана Моғолстан тағына отырды. Бірақ оның хандық өмірі өте аз болды. Моғолстан тағын бар болғаны үш-ақ жыл биледі. Қашқар ханы Қарахан ұрпағы Сатуқ-Бограның қолынан майданда қаза тапты. Бірақ осы аз өмірінде Уайс хан көп іс істеді. Ең алдымен ол мұсылман дініндегі елдермен жауласуды тоқтатты. Бар күшін Қытай мен Ойрат қонтайшыларымен күреске жұмсады. Осы кездегі Ойрат қонтайшысы Исан-Тайшымен майданда сан мәртебе кездесті. Қытай богдаханынан үнемі әскери жәрдем алып отырған Исан-Тайшы оған жеңгізбеді. Бір-екі рет тұтқын да етті. Бірақ Шыңғысханның ұрпағы деп босатып жібере берді. Уайс сұлтан ең ақырғы мәртебе Тұрфан қаласының жанындағы ұрыста тағы Исан-Тайшаның қолына түсті. Бұл жолы торғауыт әміршісі оны текке босатқысы келмеді. «Егер қарындасың Мақтұм ханымды маған әйелдікке берсең босатам» деді. Амал жоқ, Мақтұм ханымды Исан-Тайшыға беруге тура келді. Одан ойраттың осы күнгі қонтайшысы Амансандж туды. Қасқырдың бөлтірігі өсе келе енесіне шабады. Амансандж Исан-Тайшы секілді көкжалдан туған арлан бөрі еді. Ол шешесінің ақ сүтінен әкесінің алтын тағын артық көрді. Сол тақты күшейту жолында «Моғолстанды нағашы жұртым» демеді. Кере қарыс аузын қазақ руларының қанына толтыра ұрттады. Көршілес Найман, Керей ауылдарына маза беруді қойды. Тек бұл руларды ойраттың қисық қылышынан қазақтың қара сойылы мен қайыспас ерлігі, табан тіреп қарсы тұрар қайсарлығы ғана құтқарып жүрді.

Исан-Бұғының Амансанджидан жәрдем сұрасам қайтеді дегені — сасқан ханның «түбі жиенім ғой» деген құр далбасасы еді. Бірақ сасқан ханға жәрдем басқа жақтан келді.

Хан осылай ерсілі-қарсылы қалың ойда жүргенінде үйге бас найыбы Үйсін Қастек кірді.

— Ұлы мәртебелі тақсыр хан, хан кеңесі тегіс жиналды.

— Мір Сейтәлі әмір де келді ме?

— Иә, тақсыр хан, кеше оған ат шаптырылған.

— Мір Мұхамед хан ше?

— О да.


Хан сүреде тұрған гауһар тас орнатылған алтын тәжін киді де, қолына асыл тастардан безелген күміс асасын ұстап кеңес сарайына қарай беттеді. Бас найп Қастек би мен ауыз үйде күтіп тұрған басқа паруалар үн-түнсіз соңынан ере берді.

Хан кеңес сарайына кіріп келгенде, үйдегі әмір, сұлтан, бек, хакімдер тегіс түрегеліп, иіліп сәлем берді.

— Арсыңдар ма, бек-задалар? — деп хан есік алдында сәл кідірді.

— Барсыз ба, хан иеміз? — деп үйдегілер басын бұрынғыдан да ие түсті.

— Құп келіпсіздер, асыл бауырлар, — деді хан төрдегі өз орнына бара жатып, — отырыңыздар.

Хан алтын зерлі барқытпен безенген кеңес сарайының төргі жағындағы күміс сәкіге барып отырды. Хан отырғаннан кейін, өзге жұрт та дәрежесіне қарай орналаса бастады. Үй іші толған ақ сәлделі, көк шапанды, көк сәлделі, ақ шапанды софы, хакім, әмір, даруғалар мен күміс, алтын кіселі, кең қоныш етікті, бұлғын тымақты, сусар бөрікті Дулат, Үйсін, Жалайыр, Найман билерімен лық толы. Жағатай ордасында Маймене, Майсары дәстүрі жоқ. Хан жеке отырады. Одан төмендеу тек бас наип қана орналасады. Өзге жұрт өзінің шен-шекпеніне қарай орын алады. Алдыңғы жағында ханға жақын, Қашқар, Ақсу, Тұрфан, Жаңғы секілді үлкен әмірліктің хакімдері, олардан сәл кейініректеу Моғолстан хандығының тірегі Үйсін, Жалайыр, Дулат, Найман, Керей, Қаңлы тәрізді қазақ руларының белгілі ру бастықтары, билері, батырлары, бұлардан соң барып, Шолақ, Қорған, Жаркент тәрізді шет қалалардың әкімдері, діни адамдар, софы, ишан, мүриттер...

Исан-Бұғы бірден сөзге кірісті. Ол Моғолстанның солтүстігінен Ойрат, күншығысынан Қытай, оңтүстігінен әбусейіт пен Жұныс сұлтанның шабуылға шықпақ боп жатқанын айта келіп, хан кеңесінің шешіміне екі жарғы қойды.

— Бірінші айтарым, — деді ол, — бүкіл Моғолстан боп әскер жинап жауға қарсы шығамыз ба? әлде әр хакім, әр әмір өз қаласын, өз ұлысын қорғай ма? Осыны шешіңдер.

Екінші айтарым, қазіргі жағдайда Моғолстан мединесін бекінісі нашар Алмалыққа қалдырамыз ба, әлде жау қолы оңай жете алмас Ақсу шаһарына қайта көшіреміз бе, соны шешіңдер.

Түскелі тұрған ауыртпалық иықтарынан жаншып жібергендей, үйде отыр-

ғандар мықшия жерге қарай қалды. Бәрінде де үн жоқ. Уайс ханнан бері әрқайсысы өзіне жеке отау тігіп, бүкіл Моғолстанды талан-тараж етіп меншіктеніп алған Моғол әмірлері енді қалың ойға кетті. Бастарын біріктіріп жауға қарсы шығар болса қандай пайда-зиянға қаларларын есепке алды. Хан қойған сұрақтарға тікелей жауап беруге әрқайсысы өз жағдайын ойлап қиналды. Егер бастары қосылмаса, бүкіл хандықтарынан айрылатыны бұл сәтте ешқайсының жанын күйдірер емес. Қазаны басқаның жаны басқа, бәрінің де ойлағаны өз пайдасы, өз қамы. Бұлар түбі әскер жиналатын болса, қайтсем өз ұлысымды, өз қаламды күшті қалпында сақтаймын, қайтсем кісіні аз берем, әскерге керек қаржы-қаражатты аз төлеймін деп толғануда... «Ал өз қаламды, өз ұлысымды жеке қорғаймын десем, одан қандай зиян көремін? Жұныс пен әбусейітке қарсыласуға күшім жетпей-ақ қойсын, Уайстың қай баласына бағынсам да маған бәрібір емес пе? Мүмкін жауласпай-ақ Жұныс жағына шыға салғаным тиімді болар?» Қытай мен Ойраттан бәлендей қауіптің дәл бүгінгі күні жоқ екенін бұлар да жақсы біледі. Өйткені оларға қарсы қазақтың жауынгер рулары тұр. Осы себептен «ортақ өгізден, оңаша бұзау артық» деп әдеттеніп қалған Моғол әмірлері әлі үн-түнсіз... Ел қамын ойлап қиналып отырғандай құр жерді шұқи береді. Қайтсек хандығымызды жаудан аман алып қаламыз деп ешкім мүнәзараға барар емес.

Исан-Бұғы түбі өздері оралар деп Моғол әмірлерін беттеріне қоя берген қатесін енді ұқты. Ел басқарам деген адамға ең алдымен ел бірлігін ұстай білу керек. Ел бірлігі деген ұғым сол елді басқаратын сұлтан, хакім, әмір, би, батырлар бірлігі деген ұғым. Бұны бабасы Шыңғысхан өзінің атақты Ясысында жақсы айтқан. Сол Шыңғыстың ақылын неге алмаған? Жиырма бес жыл хан асасы қолында тұрғанда, бірігуге көнбеген әмірлерді неге түйреп-түйреп тастамаған? Енді міне, қиын кезең туып еді, артына қарай жүзген шаян тәрізді, біреуі алға шығатын емес. Мұндай жұртпен Моғолстанды қалай жаудан қорғап қаларсың!

Жұрт үні жуырда шықпаған соң, Мір Сейтәлі әмір қабағын шытты.

— Хан ием, — деді ол сәл ашулы үнмен тыныштықты бұзып, — айтқан сөзіңіз мына пенделеріңізге әзірейілдің гүрзісіндей қатты тиіп отыр. Ақылға салуға аз уақыт мұршат беріңіз.

— Болсын.

Дәл осы сәтте үйге қияқ мұртты, шоқша сақалды, ұйғырша киінген дәйекші кірді.

— Хан ием, теріскей жақтан шабарман келіп тұр. Асығыспын дейді. Түнімен тұтғақ бастығы сізге жібермепті.

— Айтары құпия ма екен?

— Жоқ, хабарым хан кеңесінің де құлағына жетсе екен дейді.

— Кірсін.

Үйге «ассалаумағалейком» деп басын иіп, тобылғы қамшысын кеудесіне ұстап, қоңыр жүзін жел сорған қаба сақалды, түйе жүн шекпенді, белінде күміс кіселі жалпақ белбеуі бар, кең қоныш етікті, орта бойлы адам енді. Ол сәлем беріп, есік алдында ханға кішіпейілдік ишарат көрсетіп, бір тізерлеп отыра қалды. Шаң шалған жүзінен алыстан келген жолаушы екені бірден көрініп тұр.

— Қай рудансың? — деді хан ананың сәлемін алып болғаннан кейін.

— Дулатпын. Жаңғы қаласының хакімі Сүйіндік мырзаның шабарманымын.

— Сөйле! Не айтайын деп едің?

— Сүйіндік хакім хабарымды ұлы мәртебелі Исан-Бұғы ханға тез жеткіз деді. Байтақ жеріңіздің теріскей шетіне Барақ хан мен Болат сұлтанның балалары Жәнібек пен Керей ерткен қалың ел келіп тұр. Дені Арғын, Уақ, Найман, Керей, аздаған Қоңырат, Алшын да бар. Әбілқайыр ханмен келісе алмай көшіпті. Қоныс сұрайды. Жәнібек пен Керей сұлтан өзге жұртын Талас өзенінің арғы бетіне қалдырып, өздері бес жүз сойылды салт атты нөкерлерімен төте жолмен сіздің мединеңізге келе жатыр. Мен күні бұрын хабар бергелі жеттім.

Хан көзінде кенет қуаныш ұшқыны жарқ етіп тұтанды да, сол сәтте ғайып болды.

— Жәнібек пен Керей сұлтан қай мезгілдерде жетер екен?

— әрі кетсе ертең күн шыға.

— Өздері қанша жұрт?

— Қыруар ел. Алды келіп өзеннің кең алқабында қазан көтеріп жатқанда, көштерінің соңы түйелерінің қомын алып та үлгерген жоқ. Оның үстіне жан-жақтағы қазақ жерінен, тіпті алыстағы ауылдардан соңдарынан іздеп келіп қосылып жатқан елде есеп жоқ. Сірә, Әбілқайыр хан шеңбері сорлы халықтың жан етін жұлып алуға айналған болуы керек...

Исан-Бұғының қабағы қарс жабыла қалды. Шабарман хан алдында хандардың халыққа істеген қиянатын тәптіштеудің үлкен қылмыс екенін тез ұқты. «Қарға қарғаның көзін шұқымас деген міне, осы екен», — деді ол ішінен. Қарапайым адамның тілі тым ұзын болса, хан әмірі қалай қысқарта қоятынын бұрыннан да білетін шабарман, тым қысылып қалды, бірақ сол сәтте жол тауып кетті.

— Кешіріңіз, хан ием, — деді ол тағы басын төмен иіп, екі қолын кеудесіне қойып. — Сүйіндік хакім, бүкіл Моғолстан халқының қамқоры әділетті Исан-Бұғы ханға Дәшті Қыпшақтың көп руларының көшу себебі Әбілқайыр ханның қиянатынан деген жайды айт деп еді.

Шабарманның қулығын ұққан кей хакім, әмірлер кекете езу тартты. Бірақ өзін «ел қамқоры» деген сөз құлағына жылы тиген Исан-Бұғы қабағын қайта ашып:

— Жақсы. Қонақ үйге барып тынық. Хакім Сүйіндікке біздің айтарымызды ертең естисің...

Басын аман алып қалғанына қуанған шабарман «құп, тақсыр», деп үйден ата жөнелді. Далаға шығып «Уф» деп демін алды. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген міне, осы. Егер басыңды аман алып жүргің келсе, аузыңа ие бол. Тым ақылси берме».

Шабарманның Исан-Бұғыға: «Қыруар ел, оның үстіне жан-жақтарынан көшіп келіп қосылып жатқан жұрт та ығы-жығы» дегені бірде-бір жалған емес еді.

Жәнібек пен Керей Қаракеңгір мен Сарыкеңгірді кейін тастап, Қарақұмнан үш күнде жедел көшіп өткен соң, соңдарынан ерген елдердің ақсақал, батыр, билерін жинап кеңес құрған. Барар жеріміз алыс және жат жер. Ағайын жоқ болсаң бере алмайды, бар болсаң көре алмайды. Моғолстан елі бізді қалай қабылдайтыны белгісіз. Сондықтан түйенің қомын, аттың жалын алдырмай, ағайынға сорлылығымызды көрсетпей жетелік. Күшті екенімізді көрсе сыйлар, күшсіз екенімізді көрсе аяр, «кет кейін» дей қоймас, туыстығымызды қимас... деп шешкен.

Осы күннен бастап сыңсыған қалың ел, малдың күйіне қарай, асықпай көшіп отырған. Бір аптадай өткен шақта Жәнібек пен Керей өздерінің он бес ұл, жеті немере, көптеген, аға-інілерін жинаған. Жәнібек, жолай «Қызыл жыңғылдан» өтіп бара жатқанда жігіттеріне кестіріп алған жуандығы қамшы сабындай бір құшақ қызыл күрең тобылғыны алдына қойып, үлкен баласы әдік төре мен Керейдің тұңғышы Бұрындыққа:

— Алдарыңдағы тобылғыдан бір-бірден алыңдар, — деген.

Аналар алған.

— Енді сындырыңдар, — деген.

Аналар қолдарындағы тобылғыларын шытыр-шытыр сындырған.

— Енді үшеуден алып сындырыңдар, — деген Жәнібек.

Аналар үш тобылғыдан алып бәлендей күш жұмсамай бұ жолы да сындыр-

ған.

— Енді бесеуден алып сындырыңдар, — деген Жәнібек сұлтан.



Аналар бес-бестен тобылғыны алып, әжептәуір күш жұмсап сындырған.

— Енді сегізден алып сындырып көріңдер, — деген Жәнібек.

әдік пен Бұрындық тобылғыны сегізден алған. Тізелеріне де салған, табандарына да салған, маңдайларынан сорғалап тер де аққан, әйтеуір қиналып барып, балуан тұлғалы қос арлан әзер дегенде сындырған.

— Енді оннан алып сындырып көріңдер, — деген Жәнібек сәл күлімсіреп.

Сындыра алмайтындарын білсе де, әдік пен Бұрындық тобылғыны оннан алған. Сындырмақ боп әрі-бері мықшыңдап көрген. Күштерінің жетпейтінін білген соң «құрып қалғыр, болатын емес» деп тобылғыларын лақтырып жіберген.

Жәнібек үндемей сәл ойланып отырған да:

— Міне, ел бірлігі деген осы, — деп сөзін бастаған, — жалғыз адамды жау алады. Ал көп біріксе ешкім де жеңе алмайды. Көп қорқытады.Терең батырады. Егер екі қолдың он саусағындай қазақтың бар рулары қос жұдырық боп түйілсе, қандай жауына болса да қауіпті күш...

Жәнібек пен Керейдің өзге балаларынан жасы үлкен және өзін өзгелеріне қарағанда еркіндеу ұстайтын, ұр да жық мінезі бар Бұрындық:

— Басқа рулар қайда қалады? — деген. — Мысалы, найзасының ұшы алтын Алшын...

— Алыстағы ағайын өзі шешсін өз тағдырын...

Еш уақытта да хан мен билердің бірігуімен ғана хандық құрылмаған. Орда шаңырағын халық көтерген. Қазақ елі егін еккен отырықшы жұрт емес. Бар шаруашылығы мал өсіру. Мұндай көшпелі елдің халқы — рулары. Олардың көсемдері — батыр, билері болғанменен, дені жай шаруа, кедейлер.

Жәнібектің ойы, ісін сәтті ету үшін, осы қара халықты өз жағына көбірек тарту. Қазір ол соның жолын іздеп отыр.

— Жақсы, — деді Бұрындық, — Алшынды қоя тұралық. Сонда борышымыз не болмақ?

Жәнібек Бұрындыққа ойлана қарады.

— Түсінсең борышыңды өзің айт. Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмайды.

— Білмеймін, — деді Бұрындық. — Бізге ергісі келмейтін руларды шабамыз ба, қайтеміз...

Тұңғышының ойланбай айтқан сөзінен намыстанып қалса да, оның тез шамданатын мінезін еске алып, сөзге сараң Керей:

— Ұлым, ел шабуға асықпа, — дей салды.

— Өзгелеріңде қандай ой бар? — деді Жәнібек.

Аға тұрғанда іні сөйлеу сөкет іс қазақ дәстүрінде. Тіл ұшына келіп тұрған айтары болса да осы дәстүрден шыға алмай, Жәнібектің ортаншы ұлы Қасым сұлтан төмен қарап тыпырши берді.

— Қасымжан, сен бірдеме демексің бе? — деді Жәнібек баласының сөйлегісі келіп отырғанын сезіп.

— Иә, көке, рұқсат етсеңіз, бірер ауыз кеңесімді мен де берейін деп едім.

— Айт, рұқсат...

— Өзіміз әне шабыламыз, міне шабыламыз деп келе жатып, біреуді шабамыз деуіміз ағаттық болар... Және көке, өзіңіз айттыңыз ғой, ағайын күшіңді көрсе сыйлайды деп...

— Сөйле, сөйле.

— Сөйлесем, біз Моғолстан мен Түркістан шекарасына қашқан ел тәрізді емес, көшкен ел тәрізді болып баруымыз керек. Жағатай ұрпақтары да, Сайбан, Ақсақ Темір ұрпақтары да ел екенімізді көрсін. Және қалай болса солай шұбыра көшкен ел екенімізді емес, дос болса дос бола алатын, қас болса қас бола алатын, қоныс бермесе күшпен тартып ала алатын жау жүрек қауым екенімізді байқасын. Қазір осы отырғандарымыздың ес білетіндеріміз, сойыл соғып сөз сөйлей алатындарымыз, қасымызға бес-алты қазақтың ер жігіттерін ертіп, ермей қалған, не еру-ермеуін білмей отырған жұртқа тарауымыз абзал. «Бізге еріңдер, бірігіп ел болып, қазақтың Ақ Ордасының туын қайта көтерелік» деуіміз орынды. Ерген жұрт ерер, ермеген жұрт ойға қалар. Қара халық соңымыздан неғұрлым көп ерсе, соғұрлым ісіміздің сәтті болары айқын.

Жәнібек жасөспірім ұлының сөзін бірден іліп әкетті.

— Дұрыс айтасың балам, — деді ол, іштей түбі Қасымнан ұлы адам шығар деген бұрынғы үмітінің бұ жолы бір дерек тастағанына қуанып, — біздің бүгінгі аттанысымыз құр Әбілқайырға өкпелеуден туған аттаныс емес, бұдан жүз жыл бұрын бабамыз Орысхан тіккен Ақ Орданы қайта тұрғызып, Қазақ деген жеке ел болу аттанысы. Ал Орысхан бабамыздың ақ туын тігетін бізде екі-ақ жер бар. Бірі — Алтын Орда жұрты, Еділ мен Жайықтың ортасы. Бірақ ол жақтың жері малға жайлы болса да, елі бізге жайлы емес. Түкпірінде Қазан хандығы мен Түркияға көз тіккен Қырым сұлтандары бар. Бұған Еділ мен Жайыққа бізді жолатқысы келмейтін Қасым сұлтанды, Темір биді қос. Олар кімді ел еткізеді? әрине, ар жағындағы орыс жұртына арқа сүйеп көрер едік, бірақ ол жұрттың өзі де қазір әбден қанаттанып жетпеген қыран балапаны тәрізді. Екінші жер — ол Орысхан бабамыз кеше туын тіккен Сығанақ шаһарының маңайы. Бұл ара бізге қолайлы. Ар жағында Үйсін, Жалайыр, Дулат, Қоңырат, Қаңлы мен Найманның, Керейдің біраз елі жатыр. Бұ жақта да аздаған Арғын, Қыпшақ бар. Сығанақ бұл күнде Әбілқайырдың қолында. Түбін көрерміз. Ал әзірге барар жеріміз Жағатай ұрпағының Түркістанмен шектескен тұсы. Ағайын сыйласын десек, ол араға біз ел болып баруымыз керек. Қасым баһадур жөн айтады. Қазір әрқайсың қастарыңа бес-алты жігіттен ертіп алып, қозғалмай отыр-

ған ауылдарға аттаныңдар. Соңымыздан жұрт көп ерсе, халықтың тілегіне біздің тілегіміз сай келгені. Онда ісіміздің игілікті болуы хақ, — деген.

Жәнібек пен Керей балалары жан-жаққа тараған. Солардың айтуымен Әбілқайырға наразы біраз рулар Моғолстан жеріне көшіп бара жатқан қалың көшке келіп қосылған.

Әбілқайыр әскерінің Сейхун дарияның арғы бетіндегі көрген көш орны да, шабарманның айтқан Талас өзенінің бергі бетіндегі қонып жатқан қалың ел де бәрі бір осы Жәнібек пен Керейге келіп қосылып жатқан қазақ рулары болатын.

Шабарман шығысымен Исан-Бұғы хан кеңесін таратты да, Мір Мұхамед-Шайх, Мір Сейтәлі әмірлерімен, бас найыбы Үйсін Қастек бимен өзі оңаша қалды. Қазақ руларының Моғолстан шекарасына көшіп келуі, егер оларды Моғолстан жерінің шетіндегі Шу, Сарысу өзендерінің бойы мен Талас өзенінің арғы бетіне орналастырса, өздерін Әбілқайыр мен Ақсақ Темір хандықтарының шабуылынан қорғайтын қалқан жасайтындарын бұл төртеуі бірден ұғысты. Және қазақтардың күштерін Қытай мен Қалмаққа да қарсы пайдаланбақ болды. Исан-Бұғы Жәнібек пен Керейдің алдынан ат шаптырды. Ақ Орда хандарының ұрпақтарын, олармен бірге келген қазақтың басты руларының игі жақсыларын құшағын жайып қарсы алды.

Жәнібек пен Керей Моғолстан ханымен бір ай бірге болып, бір ыдыстан ас ішісіп, бір ауыздан сөз шығарысып, тату-тәтті бітімге келді. Исан-Бұғы көшіп келген қазақ руларына бүкіл Шу, Сарысу, Талас, Бадам өзендерінің бойы мен Қозыбас, Қаратаудың Моғолстанға қарайтын теріскей жағын тегіс қонысқа береді. Бұл қоныстың шеті Қаратал өзенімен, Әбілқайыр қарамағындағы Түркістан өлкесімен бітеді. Жақсылыққа жақсылық, осыншама қоныс алған қазақ рулары, екі елдің бірдей жауы, Моғолстанды шабуға дайындалып жатқан Қытай богдаханы мен Ойрат қонтайшысына қарсы бір мың жақсы жарақтанған салт атты жауынгер шығарады.

Жәнібек пен Керей Исан-Бұғының шартын қабыл етті. «Түпкі арманымыз қазақ хандығын құрып ел болу ғой, біздің қорған екенімізді Қытай, Ойратпен шекаралас қазақ рулары біле берсін. Күшіміздің мол екеніне көздері жетсе, өздерінің де бізге тез қосылуларына себеп болар» деп ойлады олар. Бұл ойларының дұрыс болғанына бес-алты жыл өтпей өздерінің де көздері жетті.

Жәнібек пен Керей нөкерлерін ертіп, күтіп отырған жұртына қайтты. Қос сұлтанның бұйрығы бойынша, көшіп келген ел ру-ру боп, адамының, малының санына қарай өздеріне берілген жерге орналаса бастады. Бір ай өткеннен кейін кілең майданға салар бөрте жүйрік мінген бес жүз Арқаның батыр жігіттерін басқарған әдікті Қытай шекарасына, Қашқар жеріне жүргізді. Тағы бір ай өткенде екінші ұлы, соңынан ерлігімен қазақ аузында аңызға айналған Қамбар батырды бес жүз кілең қайың сойыл ұстаған салт атты жауынгерімен Тарбағатай тауын жайлаған Керей, Найманды Ойрат қонтайшысы Амансанджидан қорғауға аттандырды. Қос сұлтан өздері енді Шу, Сарысу, Қаратал, Бадам, Талас өзендерінің бойына жайғасқан елдерін басқару әрекетіне кірісті.

Осы кезде Жұныстың аулына Күншығыс Қашқардың ханы, Жағатай ұрпағы Сант-Сұлтаннан туған әбдірашит сұлтан келді. Ол бір көргеннен Жұныстың кіші қызы ерке шора Нигер-Сұлтан-Бегімге ғашық болып, сұлу қызын тоқалдыққа сұрады. Самарқант әміршісі әбусейітпен жақындаспақ ойы бар Жұныс, Нигер-Сұлтан-Бегімнің өзі білсін деді. Әбдірашит қызға кісі салды. Ерке шора Нигер-Сұлтан-Бегім құда түспек жігітті өзі іздеп келді. Келбетті, бірақ тым семіз әбдірашит, хан ұлы болса да, қызға ұнамады. Нигер-Сұлтан-Бегім әкесіне: «Анаған күйеуге шықпақ түгіл жанынан жүруге адам жеркенер», — деп жауап берді. Қыз жауабын естіген әбдірашит енді Жұныспен сөйлеспеді. «Бәлем, осы сөзіңді ұмытпа, түбі бүкіл малымды саған төксем де, мес қарнымның астына бір салармын» деп ашуланып жүріп кетті.

әбдірашит сөзін естіген сұлу Нигер-Сұлтан-Бегім: «Сенің астыңа түскенше, өлгенім артық», — деп күліп қала береді. Өмірдің есігін әлі дұрыс ашып көрмеген жас сұлу, бұл жалғанда тек өлі жандар ғана кездеспейтінін, өмір деген сұрқияда адамның түсіне кірмейтін ғажайыптар болып жататынын қайдан білсін! Адамды қақпақыл етіп ойнайтын тағдырдың асау сырын жас сұлу еске ал-мады.

Қашқар ханының ұлы әбдірашит кеткеннен кейін, Жұнысты балаларымен Бұқарда саяхаттап жүрген Самарқанттың әміршісі әбусейіт қонаққа шақырды. Жұныс азамат ұлдарын ертіп, үлкен салтанатпен Бұқарға аттанды.

әдейі осы мезетті аңдып тұрғандай Жәнібек Ферғана өңірінде жатқан Жұ-

ныстың үш мың жылқысын айдап әкелуге бір топ жігіттерімен ортаншы баласы Қасымды аттандырды.

Қасым тайлы-таяғына дейін қалдырмай Ферғана өңірінде жайылып жатқан Жұныстың жылқысын тегіс айдап әкетеді. Бүкіл ауылдан жылқыны қуып барып алып қалар жан шықпады. Сонда атқа он бес жасар ерке-шора Нигер-Сұлтан-Бегімнің өзі мінеді. Бар жылқысынан айырылса әкесінің тақыр кедей болып қалатынын білетін саналы қыз, тәуекел деп еркекше киініп, қолына найза алып шапқыншыларды қуып береді. Жылқы Талас өзеніне таяған жерде, Нигер-Сұлтан-Бегім орағыта Қасымның алдынан шығады. Жылқыны айдап келе жатқан қол, алдарынан шыққан найза ұстаған жалғыз жігітті көріп, садақпен тартып қалып жайратып кетудің орнына, оны ұстап алып мазақ еткілері келеді. Жақындай келіп олар жігіт дегендері еркекше киінген қыз екенін аңғарды. Жау жылқысын алып, көңілдері судай тасыған кілең жас қыршындар енді «жігіттері тығылып қалып, қыздарын жауға аттандыратын бұл неткен батыр ауыл?» деп күлкі етеді. Сонда Қасым сұлтан қызды сықақтай бір ауыз өлең айтады:

Мен сұрасам жөніңді сен айтарсың,

Жөн айтпасаң ізіңмен тез қайтарсың.

Қай айғырдың үйірінен қашып шыққан,

Мен көрмеген бұл маңнан қай байталсың?

дейді.


Сонда қыз:

Сөз тұрғыңнан, сұлтаным, қалдым біліп,

Жан екенсің үйренген байтал мініп.

Құлынымын Жұныстың, өңім түгіл

Түсіме де көрмеген айғыр кіріп.

Туғандарым кезінде Бұқар кеткен.

Жай оғындай жарқ еттің түскен көктен.

Еркегі жоқ ауылды шабатұғын

Кәсібің бе, сұлтаным, әдет еткен?

Сол жылқымның соңынан келдім іздеп,

әке үшін бар қорлыққа қызы төзбек,

Табалатпай қасына малын қайтар.

Өз басымды кетсең де келемеждеп...

дейді.


Сонда Қасым сұлтан айдап келе жатқан жылқысын тоқтатып, су жағасына жібек шатыр тігіп, Нигер-Сұлтан-Бегімді көтеріп аттан түсіріп, аппақ айлы түнде ақ шатырға кіргізді. Аппақ айлы түнде ақ шатырға төселген ақ кигіздің үстінде әлі жан сипап көрмеген қыздың ақ төсінен Қасым сұлтан тоят алды. Таңертең ел басқаратын адам мал санын емес, ел санын арман етеді. «Ел өссе ер өседі. Ер өссе шер өшеді», деген әке сөзін өсиет тұтқан ер көңіл батыр жігіт қыздың үш мың жылқысын қайтарып берді. Бұдан өзінің даңқы өсетініне сұлтан күмәнданбайды. Қасымның қылығына риза болған Нигер-Сұлтан-Бегім ат үстінде тұрып, жарылған жұмыртқа тәрізді құны түсіп кететінін айтып, түндегі болған оқиғаны мақтан етіп бөтенге жарияламауын өтінді.

Қасым: «Бұ жалғанда, амал жоқ, көп нәрсені құпия ұстауға тура келеді» деп қыздың өтінішін орындауға уәдесін берді.

Осылай Қасым сұлтан, олжадан қағылған серіктерін ертіп еліне беттеді. Не қыз жоқ, не олжа мал жоқ, іштей күйінген жігіттер Қасымға өкпелерін айта алмай, қалжың-әзіл өлең шығарады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   15




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет