Ажал үстемдігіңді жүргізудің ең берік құралы емес пе?



бет4/15
Дата14.04.2017
өлшемі3,54 Mb.
#13765
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

Бірақ арақ-шараптан көрі, кісі қанын ішуді ұнататын Қыпшақ хандары императордың сән-салтанатты кең сарайында рақаттанып жатудан безіп, майданға шығып, қисық наркескендерін оңды-солды сермеуге асықты. Олар императорға: «Біздің енді күтер жағдайымыз жоқ. Ертең күн шыққаннан кейін, біз не қойдың етін, не қасқырдың етін жеуіміз керек» деді. «Бұлары біз ұрыссыз бос жата алмаймыз, ертең күн шыға сендермен қосылып печенегтермен соғысамыз» дегендері еді. Зәресі кеткен Алексей соғыс күнін айтты. Бұл қанды айқас бір мың тоқсан бірінші жылдың Көкек айының жиырма тоғызы күні болды. Қыпшақтар мен Стамбулдың әскері печенегтерді мықтап жеңді. Печенегтердің көп әскері тұтқынға түсті. Түнімен Қыпшақтар жеңісті тойлады. Ал, таңертең тұрғандарында... Кешегі тұтқынға түскен печенегтердің қырылып қалғанын көрді. Тұтқындар лагері қан сасиды. Нағыз қой бауыздағандай гректер оларды шетінен бауыздай беріпті. Талай қанды айқастарды бастарынан өткізген, қастасқан жауларын аяп көрмеген Қыпшақтардың да қолға түскен қарусыз тұтқындарға гректердің істеген айуандығынан төбе шаштары тік тұрады. Бөлісеміз деген олжаларына қарамастан, ертеңіне Қыпшақтар ат бетін кейін бұрған.

Қазтуғанның Стамбулды да Қыпшақтар аман алып қалды деп мақтаныш еткені осы оқиға еді.

Бұл оқиғаның қалай болғанын қарт Қотан айтып бергенде, отырған жұрттың үндей алмай қалуы да осыдан еді. Қанша қатыгез келсе де қолға түскен тұтқынды қыратын Қыпшақта дәстүр жоқ. Не болса да ұрыс үстінде, шабуыл үстінде болады. Ал мынау оқиға... Өздері істемегенмен, ата-бабаларының қарусыз жұрттың қырылуына себепкер болғандарын, айдалада жатқан Византия мен өздері жерін алып қуып жіберген түркі тұқымдас елдің таласына барып кірісіп, осыншама қан төккендерін, жырау сөзін тыңдап отырғандар рас қылмыс көрген. Қазтуған жырау да үндей алмай қалған. Тек Қобыланды батыр ғана Қотан ақынның жеңіп бара жатқанын сезіп намыстана, түнере түскен. Тыныштықты Асан Қайғының өзі бұзған. Ол аппақ ұзын сақалын баяу сипап, оңып кеткен көздерін сәл жұмып отырды да қайта ашты.

— Өз руыңның ерлігін енді, Қотан жырау, сен айт, — деді. — Қайсыңның жеңгеніңді жұрт сосын естір...

Қотан қарт алдында тұрған сырлы аяқтан уыз сары қымызды бір жұтып орнына қайта қойды. Қобызын асықпай қолына алды. Мұздаған жанды жылытар, қобалжыған көңілді тыныштатар бір майда қоңыр күй тартты. Қарт жырау күйді ұзақ тартты. Жұрт ұйып тыңдай берді. Бір мезгілде барып қарт жырау қобыз даусына өзінің үнін қосты. Қария даусы бұ жолы қарлығып қажымады, жаңағы жұтқан уыз қымыздың дуасы ма, әлде айтайын деген жырының қақ-соқтықсыздығынан ба, лебі биязы қоңырқай шықты.

— Арғын да алуан ел болған, келген жерге көнбеген, онда да талай ер туған, қазір қисса онда емес, — деді жырау ерекше, өзгеше сарынға салып, — қыран көкке қанатын қанша биік қақса да тізіліп бірге ұша алмас. Шаңқылдап айбат атса да, аққудай сыңсып ән сала алмас. Қыпшақ қыран болса, егер, Арғын — аққу көл көркі... Сойылдан гөрі қолына домбыра алуды паш санар. Ұран салып, жау іздегеннен ән шырқап жар сүйгенді ұнатар. Одан артық, әлеумет, айтшы қандай арман бар. Ел айырар ұрыстан, бейбітшілік, елдікті мұрат еткен бұл Арғын. Ән мен күйге орда боп қуантсам жұртты дейді бұл Арғын. Батыс түгіл, Қызылбас, Үндіге де Қыпшақ талай аттанған. Арғын одан аз емес, ерлігі бірақ өзгеше... Арғы бабам Басым елі түркі тілдес жұртпенен тізе қосып, кептеле ту тігіп үш жүз жыл Танменен алысқан. Анау асқар тауыңды, мынау шалқар көліңді сол қасыңа бермеген. Кілегей бұлттай жау төнсе, сонда ғана бұл Арғын алдаспанын сермеген. Асан Қайғы, аға ұлы, ендігісін өзің шеш. Ел болайық деген жұртымды адастың десең де айт. Кең болайық деген жұртыңды қателестің десең өзің айт.

Арғын тайпасы да, Үйсін руы тәрізді, Тянь-Шань сақтары мен аргиппейлер қалдығынан құрылған, көне түркі қауымына кірген. Соңынан Жоңғар тауынан Жетісуға ауып, «қырық ру» қатар көшіп, қытай династияларымен сан күрескен. Қытайлардың Арғынды хұнумен шатастырулары да содан.

Қотан жырау осылай толғап, талықсып кеткен адамдай қобыз күйін бәсеңдете барып бітірді.

Жұрт тағы да үн-түнсіз тына қалды.

— Мың жаса, атажан, — деді кенет қайратты бір жас дауыс, — Дария тоқтаған бөгетті бұзып, суды тасыту бір адамның қолынан келеді. Мүлгіп тұрған орманға шақпақ тастан от беріп, телегей-теңіз өрт шығару о да бір адамның атқара алар ісі. Сол тасыған суды тоқтату жүз адамның да қолынан келмейді. Тоғайды алған қалың өртті мың адам да сөндіре алмайды. Ерлік көрсетіп ел-елдің арасын бүлдіру қай рудың қолынан болса да келеді.

Бүлінген жұрттың басын қосып, ел ету тек халқына жаны ашыған ұлдарының ғана қолынан келеді. Олардың қолынан әзірге елді біріктіру келмесе де, сол елді біріктіру — арманы. Сол арманды мына қауым алдында жайып сал-

ғаныңыз үшін, Арғынның ардақты ұлы, жырау Қотан ата, сізге жас болсам да өз есімімнен алғысымды білдіремін.

Жұрт осы сөздерді айтқан жігітке қарай қалды. Бұл жігіт Жәнібек сұлтанның баласы Қасым еді. Ұзын бойлы, қошқар мұрын, ақ сұр жігіт өзіне қадала қалған самсаған жандардан қайыспай, көзі шоқтай жайнаған қалпында, отырған орнынан қозғалмады. Үстіне бадана көз кіреуке киген, хан алдында суырыла сөйлеген осынау жас батыр кенет жұртқа ұнай қалды. Ал ұнатпағандар Шыңғыс ұрпағына «өзіңнен үлкендер отырғанда, сенің сөйлеуің ерсі» деп айта алмады.

Әбілқайыр оған бажайлай көз тастады. «Бұрын қалай назар аудармай келгенмін, — деді ол ішінен, — Жәнібек сұлтанның мына баласы болайын деп-ақ тұр екен! — Ол ақырын езу тартып жымиды. — әрине, оның дегеніне өзге сұлтандар жеткізсе».

Ойға шомып кеткен Асан Қайғы енді басын көтерді.

— Бейбітшілік әрқашан халықтың көкейкесті мұраты, сен сол халық мұратын көксеп отырсың, Қотан жырау, — деді. Бас бәйге сенікі, — енді ол Қазтуғанға қарады, — елдің елдігін, ердің ерлігін мадақтау о да бір паш өнеге, бірақ ерлік ел шабуға бағышталса езгілікке айналады. Демек, Жейхұн өзеніндей тасыған жырың үшін орта бәйгені саған ұсынар едік, от ауызды, орақ тілді Қазтуған жырау, бірақ ақылгөй Қотан қарт Қыпшақтың өзге елге еткен қиянатын бетіңе басып, тұсаған жылқыдай өрісіңді кеңіттірмеді. Сол себептен әлі де айтылмаған жырың қалған іспеттес. Қыпшақ құр ғана басқа елдерді шауып қойған жоқ қой, өз елін қорғағандағы ерлігін естісек дер едім...

Бас бәйгені алған Арғын жағы шат-шадыман боп тасыды. Аталы сөзге тоқ-

тап үйренген жұрт Асан Қайғы шешіміне риза екенін білдірді. Асан шешімін Қазтуған да әділетті көрді. Жеңіліп қап пәрмене болдым демеді. Тек Ақжол бимен бақ күндес Қобыланды батыр ғана намыс оты күйдіріп тақат ете алмай, іштей алай-дүлей.

Айтыс тізгінін қолына ұстаған Асан Қайғы әлі де қызу отырған Қазтуғанды тежегісі келмей:

— Сөйле, жырау, — деп домбырасын ұстаттырды.

әбден қызып алған Қазтуған күттірмеді. Әбілқайыр ханға қарап домбырасын қағып-қағып жіберіп:

— Қалған жырды тағы да тарих өзі жырласын, Қазтуған жырау аузынан әлеумет тек тыңдасын. Құлаққа жағымсыз жай болса, кешіре көрсін, хан ием, — деп жырау өзінің айтар сөзіне рұқсат сұрады ханнан.

Қарапайым ел қамын ойлаған, қызыл тілін қару еткен қазақ жыраулары әрқашанда өз ойларын ашық айтқан.

Бірақ... «аталы сөзге арсыз тоқтамас», дәуірінде ханға да шындықты тыңдау бір ғанибет іс еді. Сол салттан шыға алмай Әбілқайыр да:

Ақын ел еркесі, айта бер қорғанбай жырыңды, — деді салғырт, Қазтуғанның айтар сөзінен күйінерін күн бұрын сезсе де кеңпейіл көрінбек боп.

Қазтуған жырау әсем көсілген жорғадай толғауын емін-еркін бастап кетті. Аздаған үзіліспен бір ғасырға жуық жүргізілген Шыңғысхан және оның ұрпақтарының шапқыншылығы бір мың екі жүз алтыншы жылы Монғол мемлекеті құрылысымен-ақ басталған. Осының алдында ғана өзін Шыңғысхан деп атаған, әкесі қияттан, шешесі та-та елінен шыққан Темучин құр ғана монғолдардың өзара таласын басып қойған жоқ, ең алдымен монғол елімен аралас Керулен, Аргун, Онон, Орхон өзендерінің бойында көшіп жүрген Керей, Найман руларын жеңіп алды.

Бір мың екі жүз жетінші жылы монғолдар Енисей өзенінің жоғары жағы мен Селенгі өзенінің солтүстік тұсын жайлаған ұсақ елдерді жаулауға кірісті. Осы аттаныстарының арқасында Шыңғысхан әскерін қаруландыруға өте маңызы бар, темір өндіру өнеркәсібіне бай өлкеге ие болды. Сол жылы-ақ Шыңғысхан Орталық Азиядағы Си-Си деп аталатын бір кезде Қытайды тітіреткен тунгус мемлекетін өзіне қаратты. Жауынгер атты әскерін қосып өзінің шебін көбейтті. Содан кейін олар, жер мойны қашық Шығыс Түркістандағы ұйғырларды бағындырды. Осы кезде монғолдар қырғыз, бурят, ойрат секілді Оңтүстік және Орталық Сібірді жайлаған бірталай елдеріне дүрк тиді. Бір мың екі жүз он бірінші жылы Шыңғыс қалың қолмен Қытайға аттанды. Үш жыл соғысып ақырында Пекинді алды. Енді Шыңғысхан екі жүз мың әскермен Орта Азияға бет бұрды. Хорезм шахы Мұхаммед монғолдарға қарсы тұрарлықтай әскері болғанмен, бетпе-бет келіп айқасудан бас тартып, бар күшін жеке қалаларын қорғауға бөлшектеді. Соның салдарынан Шыңғыс әскері Хорезм, Самарқант, Мерв, Бұқар — бәрін жеке-жеке шапты. Бұл оған Орта Азияның бар әскерімен қан майданда бетпе-бет кездесуден жеңіл түсті. Бір мың екі жүз он тоғызыншы жылдан бастап үш жылдың ішінде Шыңғысхан әскері бүкіл Орта Азияны өзіне бағындырды. Орта Азия халықтары басқыншыларға қарсы сан рет көтерілді, бірақ монғол хандары олардың көтерілісін қан-жоса етіп, басып тастап отырды.

Осы жылдары Жошы әскері қазақтың көп жерін алып, Ертіс, Есіл, Тобыл, Нұра өзендерінен өтіп Ұлытауға келіп туын тікті. Орта Азияны шауып болғаннан кейін, Шыңғысхан Қыпшақ елімен шекаралас Шығыс Европаны жаулап алуға кірісті.

Жебе мен Сүбітай баһадурлар басқарған отыз мың әскер бір мың екі жүз жиырма екінші жылы солтүстік Иран арқылы Азербайжанды қанға бояды. Енді кезек грузиндікі болды. Бес миллионға жуық Грузия халқының жан аямай қарсыласуына қарамай, Жебенің құрған айласының арқасында бір күннің ішінде отыз мың әскерін қырып, монғолдар солтүстік жағынан Дербентке таяды. Бұл арадан өту оңай болмағандықтан монғолдар Ширван шахқа «Сендермен бейбітшілік бітім істеуге бірнеше адам ғана келдік» деп кісі салды. Ширван шах алдағанды білмей, басты он адамын жіберді. Монғолдар біреуін өлтіріп, қалған тоғызына: «Егер де сендердің өлгілерің келмесе жолды көрсетіңдер» деді. Олар қорыққанынан Дербенттің қиялы жартас, тұңғиық құзды, ыңғыл-жыңғылды ұры сайлары арасымен монғолдарды аман-есен солтүстік Кавказға жеткізді. Солтүстік Кавказда тұратын алан жұрты «монғолға бірігіп қарсы тұрайық» деп Қыпшақтарды болысуға шақырды. Қыпшақтың қалың атты әскері аландарға келіп қосылды. Монғолдармен үлкен айқас болды. Екі жағы тең түсті. Қайтадан ұрысқа дайындалды. Алан мен Қыпшақты жеңе алмайтынына көзі жеткен монғолдар Қыпшақтарға көп тартумен «сендер бізбен қандас елсіңдер, аландар бөтен жұрт, біз сендермен бітімге келеміз, оларға болысушы болмаңдар» деп кісі салды. Монғолдың алтын-күмісіне қызыққан Қыпшақ батырлары аландарды тастап кейін шегінді. Жалғыз қалған аландарды монғолдар қан-жоса етіп қырды.

Ал Қыпшақтар «Бітімге келісетін болдық, бізге тимейді» екен деп әскерлерін үйді-үйіне таратып, жайбарақат жата берді. Сол уақытта ала¦дарды жеңген монғолдар, сау етіп бұлардың еліне жетіп келді. Әскерін таратып жіберген Қыпшақтар монғолдарға төтеп бере алмады. Бірі Донға, бірі Қырымға қашты. Осы уақыттағы Қыпшақтардың ханы Қотан орыстарға кеп «маған туған күн саған да туады, бірігіп монғолға қарсы шығайық» деп өтінді. Орыс князьдары уәдесін береді. Сол күннен бастап Қыпшақ елінің басқыншылармен ауыр айқасы басталды.

Бейбіт елдерді қан жылатқан Шыңғысханды суреттегенде, бір қара албасты құбыжық келе жатқандай қобалжи, алан жұртын сатып кеткен Қыпшақ хандарының опасыздығын жыр еткенде, қарабет болған жандай көзін жерден алмай қиналып зар шеккен Қазтуған жырау, толғауының Шыңғысханға тиер жеріне жеткенінде тіпті зәрленіп кетті. Бауыры қызған бәйге атындай серпіліп сала берді. Жауына қарсы шыққан орыс, Қыпшақ жауынгерлерінің дәл ортасында өзі келе жатқандай, қарағай домбырасын дүбірлетіп, көзінен жалын атып, қаһар төкті.

Орыс, Қыпшақ болып бірігіп, басып алғалы аттанған жауына қарсы шыққанын жырлағанда ер көңілді батыр жыраудың үнінен мақтанған, қуанышты, адамды қанды кекке шақырар бір құдіретті саз естілді. Осылай шалқи қалған Қазтуған Қалқа ұрысын айтқанда кенет «әттең, әттең!» деп күңірене күбірледі.

Бір мың екі жүз жиырма үшінші жылы мамыр айында Днепр өзенінің жағасындағы Олешья деген жерде орыс, Қыпшақ әскері жиналды. Бұған бар әскерімен Киев князі Мстислав Романович, Галич Мстислав Мстиславович, Чернигов князі Владимир Рюрикович, тағы басқа Чернигов князьдары мен Қыпшақ хандары тегіс келді. Бұдан басқа Смоленскіден, Курскіден, тағы бөтен орыс жерлерінен көптеген жауынгерлер қосылды. Мұндай нөпір әскер орыс жерінде бұрын бас қосып көрмеген-ді.

Калка ұрысы деп аталып кеткен монғол, орыс, Қыпшақ қырғынын тарихшы Рашид-ад-Дин былай деп жазады: «Орыс пен Қыпшақтар дайындалып көп әскер жинады. Жауының көп екенін көріп монғолдар кейін шегінді. Монғолдарды қорыққанынан шегінді деп ойлаған Қыпшақтар мен орыстар оларды жиырма күн соңынан қуды. Кенет монғолдар аттарының басын кейін бұрып алып, қуып келе жатқан әскерлердің қосылуына мүмкіндік бермей, біразын қырып салды. Бір апта бойы ұрысты, ақырында Қыпшақ пен орыстар шыдай алмай қашуға мәжбүр болды. Монғолдар соңдарынан қалмай өкшелеп, қалаларын қиратып, жұртын бостырып жіберді».

Калка өзенінде орыс пен Қыпшақ әскерінің жеңілуінде анығында екі себеп болған-ды. Днепрден өтіп сегіз күндей жауын қуған орыс пен Қыпшақ полктарының арасы тым алыстап кеткен-ді. Осы жағдайдан отыз бірінші мамыр күні Калка өзенінде тобын жазбай қарсы атой берген монғол әскеріне бұлар бас қосып қарсы шығатын мүмкіндіктері болмаған. Әйтсе де Галич князі Мстислав Мстиславович өзімен ала көз Киев князі Мстислав Романовичты хабарландырмай, Қыпшақтармен бірігіп қан төгіс айқас ашты. Монғолдардың алдыңғы шебін жеңіп, бас күшіне шабуыл жасады. Ұрыс өте қатты болды. Қан судай ақты. Бірақ бұл ғаламат айқасты ең алдымен Қыпшақтар бүлдірді, олар ежелгі тәсілі — қашқан болып жауды ертіп, арттарында күтіп тұрған әскерінің қолына түсіретін әдеттеріне салмақ боп кейін шегіне бастады. Бір тобы шегініп еді, оған өзгесі асыға қосылды. Бұны көрген орыс полктері де кейін тым-тырақай босты. Ақырында, соңынан түре тиген монғолдарға қарсылық істей алмай қалды. Бұл — орыс, Қыпшақ әскерінің жеңілуінің бір себебі. Екінші себебі орыс князьдарының өздерінің ала ауыздығы еді. Галич князі Мстислав Мстиславович Қыпшақтармен бірігіп қанды қақпаннан қалай құтыламыз деп монғолдармен қырылысып жатқанда, Киев князі Мстислав Романович өзен жағасындағы биіктікте «менсіз сендердің қалай соғысқандарыңды көрейін» дегендей, өзінің көп полкімен тұрып қалды. Ал жаулары Галич полктары мен Қыпшақтарды жекелеп жеңіп, енді Киев полктарына келіп тиіскенде, қаптаған монғолға Мстислав Романович төтеп бере алмады. Адырдың жан-жағынан қоршап алып, өзіне төнген монғолдармен үш күн айқасқаннан кейін, олардың «өмірлеріңді сақтап қаламыз» деген сөзіне сеніп екі баласымен жауына берілді. Әрине, монғолдар алдаған-ды, қолға түсісімен князьді балаларымен бірге ай балтамен шауып өлтірген. Қазтуған жыраудың: «әттең, әттең!» деп өкінуіне құр ғана Қыпшақтардың қашқаны емес, монғол қандыбалақтыларының алдауына аңқау батырлардың талайының көніп, сан ұрыста ұтқызған өкініші де бар еді.

Монғол нояндарының соғыс жүргізу әдісі де, жауын алдап түсіру айласы да өздеріндей көшпелі ел Қыпшақтардікіне кейде ұқсағанмен, тегінде ерекше келетін. Монғол әскерінің оннан тоғызы бөтен ұлттардан, өздері жеңген елдердің жігіттерінен, сатылған бұзық, қарақшылардан құрылған. Бірақ бәрі бірдей темір тәртіпке бағынған. Темір тәртіп бұл жер сілкінткен қалың әскердің тек өзіне ғана тән ерекшелігі. Екінші ерекшелігі оның басқа елді шабу, бағындыру, айла-әдістерінде. Монғолдар бір елді шабар болса, ең алдымен ертөлелерін жібереді. Олар өрт салмайды, дүние-мүлік тонамайды, тек шабатын елдің адамдарын өлтіреді, ең болмаса қорқытып қашырады. Сөйтіп, қанқұмарлықтарымен тыныш жатқан елдің күні бұрын зәре-құтын алады. Содан кейін барып қалың қолмен шабады. Бұ жолы ештеңені де аямайды. Қолға түскен қаланы өртеп, қиратып, дүние-мүлкін талайды, тек құлдыққа сатуға, не мал бағуға, өйтпеген күнде өнер-өрнекке жарайтын шеберлері болмаса, қатын-балаға қарамай қырады. Кешегі салтанатты қаланың орнына күйреген кірпіш, тас-талқан болған құр сілімтірін қалдырады. Гүл-гүл жайнаған бау-бақша, жасыл егіні жайқалған ну даланы құлазыған қу тақырға айналдырады. Содан кейін барып өздері шауып кеткен жерлеріне жаршыларын жібереді. Олар тығылып қалған адамдар болса, жасырылған қазына болса, бәрін тауып нояндарына жеткізеді. Әскер басы баһадурлар осы жаулап алған қала, далаларына әкім етіп өздерінің адамдарын қалдырады.

Егер қала мықты қамалға айналып, өздігімен берілмесе, монғолдар бекініс алатын тас атқыш катапульттерін салады. Қамал қабырғалары берік боп тас атқыштар ештеңе істей алмаса, қалаға кіретін үңгір-ладыз қазады. Сөйтіп, күтпеген жерден түн ортасында, не таң ата шаһардың ішінен, не бекіністің арғы бетінен шығады. Аянбай соғысады. Ал, қала халқы тым сақ болып бұндай жағдайға жеткіздірмейтінін білсе, қаланың жанынан ағып жатқан өзен, дарияларға бөгет сап, су арнасын өзгертіп, халықты суға тұншықтырады.

Мединаны алғаннан кейін оның белгілі бек, хакім, би, батыр, оқыған адамдарына рақым етпейді. «Қарсыласпай өздерің берілсеңдер сендерге тимейміз» деп аналарды қарсылықсыз қолға түсіріп ала қалса да шетінен бауыздайды, тірі қалдырмайды. Бұл — шауып алған елге Шыңғыс ханның орнатқан жалпы тәртібі. Ұлы қанішерлер ойынша «басып алған жерде тыныштық болу үшін ол араның ең алдымен басты адамдарын құрту керек. Олар қорыққанынан «бағындым» десе де ыңғайы бола қалса халықты қарсы қойғысы келіп тұрады. Қоя алады да. Рушылық заманда қандай халық болмасын, өзінің басты адамдарының соңынан ереді. «Ал ол басты адамдарын құртып жіберсең, бассыз тобыр ештеңе істей алмайды, басы жоқ дене тірі дене емес, өлі дене».

Шыңғыстың бұл қатал заңын білмеген ел бастайтын хандар өз жандарын аман алып қаламыз деген үмітпен күресер жерінде күреспеді, халық соңдарынан еріп, «жауыңызға қарсы шығуға бармыз» дегенде, қорықты. Ақырында өздері қырылды, халықты да қырғызды.

Осылай алданғанның бірі Киев князі Мстислав Романович еді.

* * *

Монғолдар қарсы жақтың қаласын алу үшін ештеңеден де тартынбайтын. Өлтірген адамдарының майын шыжғырып алып жауы тығылған үйлерге құйып от салу (адам майы ұзақ жанады) не бекініс қабырғасы берік шаһарлардың үстінен грек отын — құм аралас мұнайдан істелген жанғыш затты лақтырып, адам көзі қимас ғажайып сұлу мешіт, шіркеу, патша сарайын өртеу, жан түршігерлік зұлымдық, айуандық қаныпезерлік, алдау дегендердің бәрі де қатар жүретін.



Шапқыншылар әскерлерінің тағы бір қасиеті жылдамдығы еді. Құлынынан бастап ұшы-қиыры жоқ монғолдың құмайт даласында босып өскен жылқы мінген Шыңғыс атты әскерінің бір тәулікте елу фарсат алуы тіпті таң қаларлық іс емес. Бар ұрыс саймандарын, қазан-ошақ, жататын үйлерін тиеген арбалары мен бекіністерді алатын катапульті ауыр көшінің өзі де күніне отыз-қырық фарсат жер жүретін. Бұның бәрі монғол жылқысының төзімділігі мен жауынгерлерінің салт атқа жасынан дағдыланғанынан еді. Осы қасиеттерінің арқасында монғол әскері күтпеген жерден жауының дәл қасынан пайда болып, не күндіз ұрысқан қолының бір түнде басқа жағынан шығып, керек болса қаша жөнеліп, қара үзіп кете беретін. Монғолдың бұл әдісіне тек Қыпшақ жігіттері ғана төтеп бере алатын. Бірақ олар аз, екі жүз мың монғол әскеріне қырық мыңға жетер-жетпес Қыпшақтың салт атты сыпайлары не істей алады?

әйтсе де сонысына қарамай, Қыпшақ, Керей, Найман тәрізді рулар мон-

ғолдарға оңайшылықпен көнбеді. Жерін, елін қорғап ұзақ күресті. Калка өзеніндегі айыбын сан мәртебе ыстық қанымен жуды, асыл ұл-қызының үзіліп кеткен жүректерімен ақтады.

Қазтуған жырау осы монғол шапқыншыларымен алысқан Қыпшақ әскерлерінің ерлігін толғағанда нағыз бір жүйрік атқа мінгендей, көңілі лепіріп, ұшып-қонып қансорпа боп бір орнында отыра алмады. Бір мезет Бошман жырына келгенде тіпті аруақтанып кетті. Бошман — Қыпшақ батыры еді. Иран тарихшысы Джувейни айтқандай: «Қисық қылыштан тірі қалғанның бәрі тағдырдың дегеніне көніп, мойынсұнғанда да» Бошман батыр монғолдардың ырқына көнбеді. Елінің тәуелсіздігін, жерін, суын қорғап шапқыншыларға қарсы шықты. Өзі секілді монғол қолына түспей құтылып кеткен бірнеше батырларды жинап, «Қанға қан! Кекке кек!» деп жауларының жеңіл-желпі жасақтарын құрта бастады. Басқыншылардан кек алуға болатынын ұққан Қыпшақ жігіттері жүздеп келіп Бошманға қосылды. Бұны көріп, Еділ бойындағы уақ ұлттар: башқұрт, алан, бұлғарлар да бас көтерді. Бошманның үлгісінің өте қауіпті екенін түсінген Бату әскерінің қолбасшысының бірі Мөңке Бошманды тез ұстауды бұйырды. Бірақ Бошман ұстатпады. Оның қатары күннен-күнге көбейе түсті. Бошман қатары көбейген сайын, монғолдардан да береке кете бастады, жоқ жерден шабылған көрен , бүлінген жасақтар саны молайды. Бошманды ұстаймын деп енді Мөңке қаһарына мінді, ал аяулы ер Еділ бойының қалың ағашының арасына кіріп ап, басқыншылар шебіне тиісумен болды. Ақырында Мөңке інісі Бөшек екеуі әр кемеге жүз қарулы жауынгер отырғызып, екі жүз желкенменен Еділ бойымен төмен ағып, өзеннің екі жағын бірдей қарап шықты. Бошман бұған да ұстатпады. Еділдің ортасындағы ат көрінбес анақурайлы бір аралға бекініп ап, жағасына жау желкендерін жуытпады. Мерген Қыпшақтар желкен үстіндегілердің басын көтертпеді. Қарсы жағы Бошманды ала алмайтындарына көздері жетіп, енді әрі қарай жүрмек боп тұрғандарында кенет адам айтқысыз қатты жел тұрып, аралдың бір жағындағы суды қуып, біраз жерін қарайтып тастады. Мөңке осы күтпеген қара қатқақ жол арқылы аралға бар әскерін төкті. Мың қаралы жауынгерлерімен Бошман батыр қолға түсті. Монғолдың бір нояны Мөңкенің жарлығы бойынша Бошманды балтамен қақ жарып өлтірді.

Елін шапқыншыларға көтере білген Бошман батыр өз ісін істеп кетті. Оның көтерілісі біткенмен іле-шала Баян мен Жықу атты бұқарадан шыққан кісілерінің бастауымен Қыпшақ жігіттері тағы күреске шықты.

Қазтуған жырау осы көтерілістің барлығын еміренте, бір жалынды үнмен жыр етіп мақтана толғай берді.

Әбілқайыр жыр басталғалы алтын тағынан қозғалмай, қара сұр жүзі сәл қуқылданып үн-түнсіз тыңдап отыр... Ашу қысып тына қалғанын хан сырын білетін дос-қасы тегіс түсінуде... Тек Қазтуған жырау ғана өзгеріп кеткен хан келбетін аңғарар емес. Ел шапқаннан гөрі, елін қорғаған Қыпшақтың ерлігін жыр еткенде дарыны енді шын ашылып, кісендеулі құлашы жаңа ғана жайылғандай, толғауын аңқылдап соғып отыр...

Кезекті енді Қотан жырау алды.

— Құс ұша түзеледі, бетің жаңа жөнделді, Қазтуғаным, —деді ол, — сен бастаған әуенді мен ұлғайта түсейін...

Ашына сарнаған қобыз үніне қосылып, қарт жырау енді бір алуан уақиғаларды бастап кетті...

Шыңғысхан тағына Күйік отырған кезде Батудың қарамағында монғолдың бар болғаны төрт мың ғана жауынгері қалған. Бүкіл Шығыс Европаны жаулап алған айбынды әскері өзіне бағынышты елдердің дені Дәшті Қыпшақ жігіттерінен құрылған-ды. Бұндай әскермен қарамағындағы жұртты билеу де қиын және бұның өлімін күтіп отырған, жүз мың қолы бар Күйікпен бетпе-бет келу де оңай емес. Сондықтан Бату сенімді одақтас іздеді. Бұл — Алтын Орда ханының сол кездегі көкейтесті арманының бірі еді. Міне, осы тұста Новгород князьдары Александр мен Андрейдің әкесі Ярослав, бұрыннан уәделесіп келген Күйіктің ордасына келісім сөзге барған жерінде монғолдардың қолынан қаза табады. Батудың көктен сұрағаны жерден табылады. Новгород князьдары Александр мен Андрей Күйіктен ат құйрығын шарт кесіп бөлінеді де, Батумен бітімге келеді. Новгород князы Александр Батуға алым-салық төлеп, оның баласы Сартақпен өле-өлгенше соғыспай өтуге ант береді. Осы күннен бастап Алтын Орда хандары мен Новгородтың ұлы князьдарының арасында ғасырға таяу созылған келісім басталады.

Ал он үшінші ғасырдың басынан бастап католик дініндегі Европа кресшілері православ дініндегі гректер мен орыстарға қарсы шабуылға шыққан. Бір мың екі жүз төртінші жылы олар Стамбулды алып, Византия патшалығын жойып, латын империясын құрған. Эсті мен латыштарды жеңіп, өздерінің құлдарына айналдырған. Осындай қара түнекті орыс жұртының басына да тудырмақ болған. Бірақ Шығыс жағынан жау күтпеген Александр Невский оларды 1240 жылы Нева өзенінің, 1242 жылы Чуд көлінің үстінде жеңген. Демек, соғыс әлі бітпеген-ді, әлі де орыс еліне әскери көмек керек еді. Бір мың екі жүз қырық бірінші жылы Лигницеде Польша мен неміс рыцарьларының бірлестігінің күл-талқанын шығарған Бату өзінің уәдесін бұзған жоқ. Бұл жағдай Алтын Орда хандары Бату, Сартақ өлгеннен кейін де, Берке тұсында да сақталып келген. Ал 1269 жылы неміс кресшілері өздеріне қарсы шығуға Новгородқа Алтын Орда қолының келгенін естіп, бұл кезде күшейіп алған орыс князьдарынан бітім сұрады. Сөйтіп орыс жері кресшілердің шабуылынан мүлде құтылған. Алтын Орда хандары Бату саясатынан хан Мамайға (1362 ж.) дейін айырылған жоқ. Оған себеп Сарай шаһарында отырған хандар бір кезде өздері бағындырған орыс, болғар, Дәшті Қыпшақ елдерінің қолдарына енді өздері қарап қалған-ды. Ал бұл ортада осыдан екі ғасыр бұрын алты-ақ мың болған орыс елі әбден әлденіп, кемеліне жетіп үлгірген! Өйткені оның бұл дәрежеге жетуіне Алтын Орда күншығысынан келетін жауына қалқан болды. Қотан жырау достықтың қандай ұлы күш екенін, көршілес елдер тату тұрып, жерлерін бірге қорғайтын болса қандай апаттан болса да құтыла алатынын білдірді.

Жырау сөзі Әбілқайырға ұнамағаны хақ, кезек енді Қазтуғанға беріліп, анау шырқай жөнелгенде хан кенет қолын көтерді. Жырауды қошаметтеп «Уай, пәле!» деп лепіре қызынған жұрт тына қалды. Қазтуған да шауып келе жатып аяң желіске түскен жүйріктей даусын төмендете түсіп, қарқынын әзер басып, сөзін кібіртіктетіп барып тоқтады.

— Намаз мезгілі болып қалды, — деді хан, — Қазтуған жырау толғауын содан кейін тыңдалық.

Әбілқайыр мұсылман ханы болғанмен, Мұхаммет пайғамбардың жолын берік ұстамайтын. Өзі намазды кейде оқып, кейде оқымайтын. Онысына қарамай хан орнынан түрегелді. Ханмен бірге жұрт та апыр-топыр қозғалды. Осы кезде Найманның бас батыры Қаптаған шеткі топтан сытылып шыға берді. Ол асыға басып Найман руына арнап тіккен өртеңнің баурындағы ақ ордаға келді. Есік алдында тұрған, қолында найзасы бар, елтірі тымақты, үстіне шекпен киген, күзетші сары жігіттен:

— әлі келген жоқ па? — деп сұрады.

— Келген жоқ.

Қаптағай қобалжи қалды.

— Япырай, бірдеме болмаса игі еді. Келер уақыты асып кетті. Әлде өзің барып қайтасың ба?

— Құп. Барсам, барып қайтайын.

Найманның аты шулы бас батыры, атан жілік балуан, айдаһарға қарсы барар жүрек жұтқан Қаптағай қара қасқа кедей болатын. Қарамағындағы он бес қараша үйді, жаудан түскен олжа мен атып алған бұғы-маралымен асырайтын. Жау жоқ жылдары сауатын сауын, көшер көлігін ауқатты ағайындарынан алатын. Осыдан екі жыл бұрын Ұлытауға арқар атуға бара жатып жұтаң қыстың аяғы қатты боранға айналып, үш күн Тайкеткен өзенінің бойындағы Айыртаудың ық жағындағы Әбілқайыр ханға жататын қысырақтың үйірлерін бағып жатқан, маңайында тұлдыр жоқ қосқа аялдаған. Сонда, қос басы, он көкжал қасқырды бір күнде жалғыз өзі түсіретін әйгілі аңшы және атпал батыр жылқышы Орақпен кездескен. Айлас қатын мұңдас, хан мен биге бейнет етіп жүрген қос батыр біріне-бірі ұнаған. Қаптағай елуден асып кетсе де, ал, Орақ жиырма беске жаңа жетсе де, өмір үндері бір жерден шығып, екеуі достасып қалған. Осы Орақ мына болып жатқан асқа осыдан үш күн бұрын келуге тиісті еді. Маңдайына басқан жалғыз аты Ақбақайын бәйгеге қоспақ болатын.

Ақбақайдың қашқан қасқырды қалай қуып жететінін бір-екі рет көрген ат сыншысы Қаптағай:

— Жүйрігіңді сынап көр. Мен бірдеме білсем, Ақбақай ұятқа қалдырмайды, — деп Ораққа өзі ақыл берген.

Орақ атын бәйгеге қоспақ болған, бірақ әлденеге:

— Жақсы, асқа келейін, — деген, тек біреу-міреу қастық етіп жүрмесе...

Қаптағай бұл жолы жылқышының сөзіне көңіл аудармаған. Тек Орақ уәделескен уақытында асқа келмегеннен кейін ғана «со шіркінге біреу-міреу қастық етіп жүрмесе еді?» деп қобалжи бастаған. Сондықтан да шыдай алмай жылқыдағы Ораққа әдейі кісі жібергелі тұр.

Жылқышының келуін тағы бір адам шыдамай күтуде еді. О да Орақтың жалғыз атын бәйгеге салатынын білетін. Бұл күткен — бүкіл Дәшті Қыпшақтың әміршісі қатігез хан Әбілқайырдың келіні, басына қара жамылып сонау төбе басына шығып күншығыстан көзін алмай телміре қалған, Шах-Будақ сұлтанның жесірі — Аққозы-Бегім. Құса болған ажарына қарасаң, жүректегі жұлдызы өшкендей. Жоқ, Орақ пен бұның арасында құдай алдында күнәлі дер, не ауыл арасында өсекке ілігер ештеңе болған жоқ. Тек, біраздан бері бір-біріне құмартқан ыстық жүректер, көріскендерінше шыдай алмай алас ұруда. Осыдан төрт күн бұрын асқа мінетін атын алуға келген Аққозыға Орақ тағы өзінің өлердегі сөзін айтқан.

Елінен бала жасынан еріп келген Ораққа Аққозы:

— Құдай алдында күнәкар, жұрт алдында қарабет болғым келмейді. Ерімнің асы өтсін, — деген аққұба беті балбұл жанып, — содан кейін қайын атамнан рұқсат сұраймын, көнсе шариғат алдында қосылам.

— Көнбесе ше? — деген Орақ қобалжи. — Бар әлемнің тең жартысын билеп тұрған, аузынан жалын атқан Әбілқайыр хан келінін есігінің алдында жүрген құлына береді дегенге сену қиын...

— О да адам емес пе? — деген жас сұлу қабағын сәл шытып. Сол сәтте көзінен ұшқын атып жігітке қараған: — Көнбесе... Дүниеде екі тумақ жоқ. Бәрібір... Онда да қосыламын! — деген.

Кенет құрыш денесіне қанат бітіп, көкке ұшар құстай көңілі шалқи жөнелген Орақ:

— Қазір өліп кетсем арманым жоқ, — деген даусы қуанғанынан сыбырлай шығып. — Асқа мен де барамын, Ақбақайымды бәйгеге қосып көрмекпін. Сонда көрісерміз!

Бірақ Орақ асқа келмеді. Егер тірі болса келері күмәнсіз еді. Оны Аққозы жақсы білетін. Сол себептен өзге құрбы-құрдастары айтысқа кеткенде, ол шыдай алмай аулының сыртындағы мың жусанды, тырбақай бетегелі қырқаға шығып, күншығысқа қарап Орақты сарғая күтумен болған.

Хан жырау толғауын Қыпшақ руының Шыңғысханға қарсы шығып ерлік көрсеткені үшін тоқтатқан жоқ. Бұндай толғауға Сайбан ұрпақтары түгіл, бүкіл Жошы үрім-бұтақтарының құлақтары үйренген. Ал шыдай алмағандары кегін ішіне сақтап қалатын. Тікелей дау шығаруға халықтың қаһарынан сескенетін.

Хан қанын ішіне тартып отырса, ол жырау сөздеріне шамданғандықтан емес, бөтен жағдайдан Батуханның ұрпағы Бердібек ханды ағайын-туысы өлтіріп, Сайбан ұрпақтары Сайын тағына отырғанға дейін Дәшті Қыпшақ Ордасы әркімнің қолында келген. Бұл кезде болған ханның бәрі дұрысын айтқанда не Ноғай батырдың, не Ақсақ Темірдің дегенімен жүрген. Тек Орыс хан, Тоқтамыс пен Едіге ғана көнбеген.

Сайбан ұрпақтары Көк Ордаға ие болғаннан соң да осы жағдай жойыла қоймаған. Әбілқайыр хан тағында отырғанмен де оның қолынан халықтың басын қосып, Сайын Ордасының қызыл туын бүкіл Дәшті Қыпшақ үстіне желбірете алмаған. Оған себеп бәз-баяғы қазақ руларының өз батырларына, биіне ғана бағынуы. Рушыл халық хан үстемдігін тек ру басшылары би, батырлар қабылдаса, сонда ғана мойынсұнған.

Тек өзінің дұшпандарын жеңіп, Әбілқайыр Көк Ордаға билігі өктеп жүре бастағаннан кейін ғана бұл жағдай кілт өзгерді. Бірақ ол Орда төбесіне Сайын туын да емес, Ақ Орда туын да емес, Өзбек ханның туын тікті. Өлеріне он жыл қалғанда Қыпшақ, Мауреннахр, Қорасан жеріндегі «осыдан бір пәле келеді-ау» деген Жошының басқа ұрпақтарының басын қостырмай тізе көрсетіп, құмдай бытыратып, әрқайсысын әр жаққа қуды. Тек Жошының бір буыны Қасым сұлтанның Астрахань тағына отыруына жәрдемдесті. Онда да Әбілқайырдың өзі ғана білетін себебі бар еді.

Әбілқайыр Шығыстың көп жерін алғанменен, бұл жеңіс өзіне қауіпті қатер туғызуға айналды. Талан-тараж болған Жошының басқа ұрпақтары Әбілқайырды жеңу үшін жапа шеккен руларды біріктіре бастады. Әсіресе Моғолстанды басқарып отырған Жағатай ұрпақтарымен енді жаңа хандықты жанталаса көксеген Жәнібек пен Керей тіл табуға тырысты. Егер бұлар тіл тапса, оңай күш емес. Оны бұл жалғанның қыбыр-тықырына елеңдеп тұратын хан жақсы біледі.

Моғолстан мен қазақ руларының басын біріктірмей құрту керек! Ал құртудың екі жолы бар, бірі — Моғолстанды шабу. Екіншісі — Жәнібек пен Керейді көп кешіктірмей жою.

Үйелменді ел Моғолстанға аттануға әлі ертерек. Ол үшін Қорасанды өзіне тегіс бағындырып, әбден күшейіп алған абзал. Қазір осыншама жерге қанат жайып кеткен Жағатай ұрпақтары мен Моғол бекзадаларын аяқ астынан құрта алмайсың. Сонда екінші жол қалады. Әбілқайыр хан ордасында туғалы тұрған бүлікті білмей жүрген жоқ, біледі және сол бүліктің Барақ балаларынан шығатынына да шек келтірмейді. Сөйте тұрып, оларды бірден, тіпті бір түнде нөкерлерін жіберіп, жоқ қылып жіберуге жүрегі дауаламайды.

Ханның дәл өткір қанжардай алып түсетін кезінде де алып түсе алмауының да үлкен астарлары бар...

Шыңғысханның тұсынан-ақ ұрпақтарының көбі қарамағындағы қалалар мен қоныстанған елдерді тек талау үшін керек деп қараған. Тек осы жағынан келіп, олар шауып алған қалаларды, қоныстанған елді тонаумен болған.

Ал, қанды жорықтардың осынау тасқындары басыла бастағаннан кейін, Шыңғысхан ұрпақтары Қарақұрым хандығының әкімшілік ісін басқаратын, Үгедейдің оң қолы Елуй Чусайдың арқасында бұл істерінің дұрыс емес екенін ойлай бастаған. Елуй Чусай Үгедейге: «Ұлы хандық ат үстінен түспей жаулап алынды. Оны енді ат үстінде отырып басқаруға болмайды» деген. Ұлы қидам ақылшысының бұл сөзін көп ойлаған әсіресе Мөңке хан. Егер әскерлер бұлай аты-жөні жоқ бар қалаларды шауып, қоныстасқан елді құрта берсе, көп кешікпей тонайтын жердің де, елдің де қалмайтынына көзі жеткен. Сол себептен Қарақұрымның ордасына ие болғаннан кейін, өзіне бағынышты қалалар мен қоныстасқан елдің қанын сорудың басқа жолын іздеген. Жолын тапқан да, Шыңғыс ұрпақтары шауып алынған қалалардың бәріне даруға (Орта Азияда) мен басқақтар (Иранда) белгіленген. Ең алыс тұрған Иран жеріне бас басқақ боп Аргун батыр жіберілген.

Бұл даруға, басқақтар тікелей Қарақұрымға бағынған. Бұлардың міндеті қарамағындағы жұртқа санақ жүргізіп, сауда жолдарын, ақша мәселелерін тексеріп, жұрттан дер кезінде салық жинап, Қарақұрымға тікелей жіберіп

отыру.


Шыңғысхан заңы бойынша жаулап алынған көшпелі елдердің жері, суы хан ұрпақтарына ұлыс-ұлысқа бөлініп, басыбайлы берілген. Бұл елдердің тағдырын, көшіп-қонуын, шаңырақ, мал басынан жиналатын салығын осы хан ұрпақтары өздері шешетін. Ал отырықшы ел мен қалалар Ұлы Орданың астанасы Қара-

құрымның өзі тікелей жіберген әкімдерге ғана бағынатын. Түскен пайда (егіншіліктен, өнеркәсіп, салықтан) Қарақұрымдағы Шыңғысханның қазынасы мен оның толып жатқан ұрпақтарына бөлінеді. Сөйтіп басқарып отырған жерінде қала, отырықшы жұрты бар хан, бұлардан түскен салықты өзі жеке пайдалана алмайды. Бұл салықтардың бәрі Қарақұрым қазынасына бір бағамен түсу үшін Мөңке хан бүкіл Алтын Орда, Жағатай, Иран жерінде салмағы бір алтын ақша — динарлар шығартқан. Бұл динарлардың құнды болып, бүкіл Монғолия патшалығында бірдей бағалануын, Мөңке хан саудагерлер арқылы жүргізіп келген. Бұқар, Самарқант, Герат, Алмалық, Берке ханның кезіндегі Алтын Орда астанасы Сарай әрқайсысы өзінің алтын ақшасын құйған. Бірақ бәрінің де салмағы бірдей болып отырған.

Мөңке өліп, Шыңғыстың Ұлы Ордасын Қытайға көшіргеннен кейін, бұл Орданың күйреуімен бірге ақша саясаты да бүлінген. Алтын Орда хандары алтын ақшаны өз аттарынан құя бастаған. Бірақ Ақсақ Темір Сарайды шауып, Қыпшақ даласында бүліншілік бастағаннан кейін бұл жағдай мүлдем тоқталған. Негізгі шаруашылығы мал бағу болған қазақтың көп руы енді қала салудан біржолата бас тартып, өзінің кең байтақ даласында ру-ру боп көшкен. Бұлардың бар байлығы малы мен жері ғана. Ал осы уақыттағы Дәшті Қыпшақтың ханы Әбілқайыр бөтен саясатты ұстады. Ол Сейхұн мен Жейхұн дариялар бойындағы Шыңғыс шауып кеткен шаһарларды қайта тұрғызып, бұл араларға қо-

ныстануға бейім елдерді орналастыра бастады. Әбілқайырдың бұл саясаты осы кездегі қазақтың мал бағатын руларының бастылары Арғын, Қыпшақ, Үйсін, Найман, Алшын, Керей, Қаңлы, Қоңыратқа ыңғайлы тимеген. Бұлардың араларындағы Маңғыт, Бүркіт, Барлас руларының көп елі Әбілқайырға қыз беріп, қыз алып хан жағына ауып кеткен. Осының арқасында Әбілқайырдың өзінде де қазақ руларына деген қырғи-қабақтық пайда болған. Ал, қазақтың Найман, Қоңырат, Дулат, Жалайыр секілді руларының кей ауылдары өздеріне жақсы қарайтын Моғолстан жеріне көшіп те үлгірген. Бұны да істеп жүрген сол баяғы Жәнібек пен Керей деп ойлайды хан. Ал қазақтың көп рулары оларды Ақ Орданы құрған Орыс ханның ұрпақтары деп, өз сұлтандары санайды. Мұндай жағдайда Жәнібек пен Керейге тура бас салуға бола ма? әрине, болмайды.

Әбілқайырдың ойы бағанадан бері осы өзіне өш қос сұлтанның тағдырын қалай шешсем деген дүрбелеңде еді. Және ұзаққа созбай осы ертең, күні бүгіннен қалмай шешу қажет. Өйтпесе күннен-күнге маңына ел үйірілуден қалып барады. Қасына берген бір күн, көшінің артыла түсуіне әдейі арнаған бір жылмен тең. «әрине осыншама жұрт жиналған, мына ұлы тойда Жәнібек пен Керей көп би, батырлармен тіл тапты. Қазақ батырлары Қаптағай, Бөрібай, Оңай, Бекет, Қарақожа босқа топтанып жүрген жоқ. Мен асықпағанмен олар асығады. Сондықтан күні бұрын қимылдау керек. Ертең ас бітеді... Ас бітісімен ақ...» Осындай ойда іштей, бұлқан-талқан болып отырған Әбілқайыр Қыпшақ ерлігін, тарихын тыңдаудан көрі, тезірек осы кездегі өзінің бас уәзірі Бақты-Қожа ұйғырмен ақылдасқысы келді.

Хан тағынан көтеріліп, нөкерлерін ертіп, өз Ордасының оң жағынан оқшау-

лау тігілген төртінші бәйбішесі Рабиу-Сұлтан-Бегімнің үйіне қарай жүре бергенде, Қыпшақ ерліктерінің ең қызық жерінде тыңдамай тұрып кеткен Әбілқайыр мінезі ұнамай қалған Асан Қайғы, отырған орнынан қозғалмастан:

«Көлге үйренген қоңыр қаз,

Шөл қадірін білмейді,

Шөлге үйренген дуадақ,

Көлге апарып қамасаң

Шөлін аңсап шөлдейді»,

— Хан ием, халық өз тарихын көптен бері естімей, сағынып қалған екен, өзің намазыңа асықсаң, өзгемізге айызымызды қандыруға рұқсат ет, — деді.

Азуы алты қарыс Бердібек ханға:

Қас-қабағыңнан таныдым,

Хан Бердібек боларсың,

Қауырт көштен таныдым.

Еділ барып қонарсың!

Қан жылатып халқыңды,

әлі-ақ сен де толарсың!

Өз әкеңді өлтіріп,

Қайда барып оңарсың? —

деген ел ардақтаған Асан Қайғы, Әбілқайырдың жырау толғауын тыңдамай кетуіне намаз емес, басқа себеп бар екенін бірден сезді. Сондықтан да ол ханға қадала сөйледі.

Әбілқайыр Асан сөзінің маңызын ұққысы кеп, кенет тоқтай қалды.

— Шабытына мінген жырау, ат сабылтып шауып келе жатқан аңшы тәрізді, бекер тоқтаттың, хан ием, — деді Асан қалың қабағын түйіп, сөйтті де ар жағынан келіп қалған ызасын ұстай алмай түксиген қабағынан қыраулы қыстай кәрін төгіп, көптен бері айтайын деп жүрген өкпе-ашуын толғай кетті.

Сара жолдан жаңылған

Ханға зират қазылмас.

Сөгілгелі тұр қабырғам,

Кеселдімін жазылмас.

Тарқат, ханым, шерімді,

Намазыңа асықпа.

Құрыштан берік елімді

Ала ауыздықпен жасытпа!

Бітеу өскен қауынды

Тұрсың босқа жарғалы,

Досыңнан іздеп жауыңды

Тұрсың жалғыз қалғалы!

Ұмыттың қазақ даласын,

Ұлғайттың жаным жарасын,

Бір атаның баласын

Екіге бөліп барасың!

Жолын, ханым, таппасаң,

Бүлінеді барлық жұрт!

Таң боп қайта атпасаң,

Басқалы тұр қара бұлт!

Көптің көкейінде жүрген тілекті Асан Қайғы айтты. Хан ақын толғауының ар жағында өзіне деген халықтың наразылығы жатқанын әбден ұқты.

Бұған қандай жауап беру керек? әділетке келсек, әрине жырау сұрағы жөн. Бірақ оған хан қандай жауап бере алады? Өзі шетінеткен бөгетті қайта жамай алар ма? Жоқ, енді кеш. Бөгеттің ернеуінде лықылдап асау толқын келіп тұр. Бүгін болмаса ертең ол бөгеттің быт-шытын шығармақ. Ханның бар қолынан келері сол толқынның астында қалмау. Жолын тауып жағаның бір жағына шығу. Ал Асанға жауап бермей кетуге тағы болмайды. Оның сөзінің ар жағында қолында тобылғы сапты, бұзау тіс қамшы, күлге көміп солқылдатып алған қайың сойылы бар Дәшті Қыпшақ елінің әбден ұшталып қалған мүддесі тұр...

Әбілқайыр жауап бергенше, кенет әлдекімнің үрейленген даусы шықты.

— Бұл кім екен? — деді дауыс. — Орда аман болса жарар еді?

Жаугершілік заман, қандай мықты хан болса да өздері жоқта Орданы шабатын жау жүрек қастары табылатын шақ. Жұрт та жігіт көрсеткен жаққа үрейлене қарады.

Алыстан ызғытып келе жатқан, жанында қосары бар салт атты көрінді. Жаңа ғана сағым ойнап тыныш жатқан мидай жазық көгілдір дала да, маужырап тұрған көгілдір аспан да кенет қобалжи қалған тәрізді...

Хан үндемегеннен кейін тірі жан аузын ашқан жоқ, барлық жұрт құлаққа ұрған танадай үн-түнсіз.

Шапқыншы атын ұшқыртып кеп, Әбілқайыр тұрған топқа таяй беріп ер үстінен домалай жерге түсті. Аяғын жедел басып хан алдына таяп келіп етпетінен құлады.

Хан ием, кессең тіл, алсаң бас мінекей, — деді ол кенет басын көтеріп, — айып менде, көзімнен таса етіп алдым. Батыр Саян жанындағы екі пасбаныменен қашып кетті.

Бұл келген Әбілқайырдың өзі «Батыр Саянның той біткенше көзін құрт» деп тапсырма берген Оспан-Қожа деген дәйекшісі еді.

Хан алқымына келген ашу толқынын әзер басып, сәл аялдап тұрды да:

— Күзетшілері кімдер еді? — деді.

— Арғын жігіттері.

«Батыр Саян қашып кетті» дегенді естігеннен бері түксиіп қатып қалған Қобыланды бір иығын сәл сілкіп жіберіп, беліндегі наркескеніне қол салды да, ханның ар жағында жайбарақат тұрған Ақжол биге түйіле қарады.

Ақжол би айылын жиған жоқ, Қобыландыға кекете көз тастады да, сабырлы қимылдап, тек кейіндеу сырғып кеткен беліндегі қисық сап алдаспанын жөндеді де қойды.

Екі батырдың қимылдарын Әбілқайыр да, Асан Қайғы да, тұрған жұрт та аңғарып қалды.

Дәл осы кезде кенет жерді жара күн күркіреді. Жап-жаңа ғана айнадай ашық көгілдір аспанды қара бұлт торлап түнере қапты. Заматта аспан бетінде жіңішке найзағай қылыштар жарқ-жұрқ ойнай жөнелді. Долы жел шығып, шөп бастары жерге жығыла шуылдай түсті. Әбілқайыр енді қап-қара боп кеткен аспанға қобалжи бір қарады да, Асан Қайғыға көз қиығын аудармастан нөкерлерін соңынан ерте, Рабиу-Сұлтан-Бегім ордасына қарай асыға жүре берді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет