Аллитерация (лат adlittera дыбыстас) – бірыңғай дауыссыз дыбыстарды қайталау және ассонанс



бет9/14
Дата16.05.2022
өлшемі178 Kb.
#143544
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14
Байланысты:
Теория

Кекесін, яки ирония (грек. eironeia - келемеждеу) – сөзді тура мағынасында айтылғандай қолдана отырып, бірақ оған қарама-қайшы мағына беру, сөйтіп ойды жеңіл әзіл-қалжыңмен, зілсіз кекесінмен керісінше айту тәсілі. А. Байтұрсынұлы тілімен айтсақ, сөздің тысқы лебіз мағынасына ішкі астыртын мағынасы қайшы келсе, кекесін болып шығады. Қорқақ кісіні “батырым” деу, қара кісіні “әппағым” деу - бәрі кекесін сөздер. Қай сөздердің осылай астарлы мағынада, керісінше қолданылып отырғаны олардың айтылу қалпынан, ой желісінен, сөйлеу интонациясынан ап-айқын сезіліп отырады. Мысалы:
Қайтсін, қолы тимепті,
Өлеңші, әнші, есіл ер!
Ала жаздай ән салсаң,
Селкілде де, билей бер!
(Крылов - Абай)
Сырттай қарағанда, құмырсқа шегірткенің “ала жаздай ән салып, көгалды қуып гөлайттап” кеткенін қитықсыз қабылдап, түсініп, “өлеңші, әнші, есіл ерді” кәдімгідей мүсіркеп тұрған секілді. Ал енді осы “мүсіркеудің” астарына үңілсек, мырс-мырс күлкі, келеке тұрғанын көреміз. Иронияда, міне, осындай бүркеншік сын, сырты тәп-тәтті болғанмен, іші ап-ащы әжуа жатады; ирония әдеби тілдің түрі мен сырын осылай құбылтады.
Айтатұғын жөнім бар,
Ишанға не десем де,
Жұмаққа тұра бастайтын,
Ел еркесі көсемге.
(Дулат)
Г. Н. Поспелов “Әдебиет теориясы” еңбегінде “Сөздік ирония”, “Идеялық ирония” деп 2-ге бөледі, ал “Иронияның ең жоғарғы сатыдағы түрі сарказм аталынады” деп ескерту береді. Яғни құбылтудың тағы бір түрі – мысқыл, яки сарказм (грек. sarkasmos - масқаралау). Ащы кекесінді көбінесе бүкпелемей, сыпайыламай, ашық, тура айтатын, әзілінен әшкерілеуі, әсіреп шенеуі басым өлең шығарма. Мысалы, С. Торайғыровтың “Сымбатты сұлуға” атты өлеңі осындай өлең түріне жатады.
Сүйдірген сені маған қыли көзің,
Томардай кедір-бұдыр топас сөзің.
Құбыжық қорсылдаған мінездерің,
Арман жоқ, пида болсам саған өзім.
Сымбатты сұлу тамашам,
Шашыңнан жұлып сабасам.
Өлеңде бастан-аяқ, осы алғашқы тармақтағыдай, өткір мысқыл, сайқы-мазақ және күлдіргі кекесін араласып келеді. Қ. Жұмалиев: “Сарказм – иронияның ұлғайған түрі”, - дейді. Иә, ирония мен сарказм жақын екені сөзсіз.
“Әй!” деуші ең кеше бұйырып,
Әйдіктеу қызмет алғанда,
“Әу!” дейсің бүгін иіліп,
Орныңнан тайып қалғанда.
Аз күнге бөсіп, ісінген
Бір күнде даусын түсірген
Лауазым байғұс күшіңнен!..
(А. Тоқмағамбетов)
Бұл да – ешқандай бүркеншіксіз тура айтылған шымыр ширақ, улы һәм уытты мысқыл, масқара мазақ. “Қысқасы, сарказм шығарма тіліне қылыш жүзіндей өткір сұс, тиген жерін тіліп түсер тегеуірінді күш бітіреді”, - дейді З. Қабдолов.
Жұмысы түссе жалтаңдап,
Жағынып келер жаныңа.
Жұмысы бітсе талтаңдап,
Жоламай кетер маңына.
Көлгірсумен күні озған,
Құлқыны арын билеген.
Жасанды, жаны қағаздан,
Сақтасын құдай сабаздан.
(А. Тоқмағамбетов)
Жатып ішер жалмауыз,
Борсық тұмсық қанды ауыз.
(Дулат)
А. Байтұрсынұлы кекесінді 2-ге бөліп қарастырған: 1. Зілсіз кекесін; 2. Зілді кекесін. Сонда қазіргі күн тұрғысынан қарасақ, зілсізі – ирония, ал зілді – сарказм болса керек.
А. Байтұрсынұлы: “Бір нәрсені өте асырып, я өте кемітіп айту - әсірелеу болады”, - деп айтқан болатын. Яғни литота мен гипербола әсірелеудің түрлері болса керек. Бұндай пікірді З. Ахметовтан да (“Әдебиеттану терминдерінің сөздігі”) көруге болады. Алайда З. Қабдолов “Сөз өнері” еңбегінде әсірелеу деп гротеск терминің аударып көрсетеді. Яғни гипербола, литота, гротеск әсірелеудің түрлері. Сонда ауыз әдебиетінде көбінесе гипербола мен литота кездессе, қазіргі әдебиетімізде көбіне осы ұлғайту мен кішірейту гротеск түрінде ұшырасады (З. Қ. пікірінше).
Сонымен троптың бір түрі – ұлғайту, яки гипербола (грек. hyperbole – үлкейтілген, қомақты) - өмірде кездесетін түрлі құбылыстарды, заттарды шамадан тыс асырып айту тәсілі. Тағы бір түрі – кішірейту, яки литота (грек. litotes – қарапайым, қораш) – гиперболаға қарама-қарсы, шамадан тыс азайтып көрсету, кішірейту. Мысалы:
Жоғарғы ерні көк тіреп,
Төменгі ерні жер тіреп.
(“Қобыланды батыр”)
Жер мен көктің арасы түп-түгел ауызға айналып кеткендей. Немесе осы жырдағы:
Жауатын күндей күркіреп,
Жаңбырдай тері сіркіреп,
Құбылып ойнап жер басты,
Жалғаса ұшқан қоңыр қаз
Тозаңынан адасты,
Аттың жолы қазылды.
Ұмтылғанда қысылып,
Бес жүз құлаш жазылды, -
деген ұлғайтулар да аттың шабысын ақылға сыймайтын әлдебір қиял-ғажайып құбылысқа айналдырып, оқырманды оқыс елең еткізеді.
Ал литота шамадан тыс ұлғайтылған құбылысты енді құлдырата кішірейтіп көрсетеді:
От орнындай тұяқтан
Оймақтайы қалыпты.
Етектейін еріннен
Екі елісі қалыпты.
Қиған қамыс құлақтан
Бір тұтамы қалыпты.
Жалбыраған жалынан
Жалғыз қарыс қалыпты.
Бір құшақтай құйрықтан
Бір уыстай қалыпты.
(“Ер Тарғын”)
Немесе литотаға тағы бір мысал:
Бәлі нәзік талып тұр
Тартқан сымнан жіңішке,
Үзіліп кетпей не ғып тұр?..
(Батырлар жыры)
Бұл мысалдарға қарағанда, ұлғайтумен кішірейту тәсілдері ауыз әдебиетінде, әсіресе, батырлар жырында көп қолданылған. Ондағы мақсат – тыңдаушы жұртқа тосын әсерлер туғызу, оларды қызықтыру, сөйтіп, суреттеліп отырған образды, шындықты көңілге ұялату.
Ұлғайту мен кішірейтудің небір қызық үлгілерін қазақтың ауыз әдебиетіндегі өтірік өлеңдерден көруге болады.
Түгестім сапты аяқпен Сырдың суын,
Он нарға артып жүрмін қыхдың буын.
Еншіге атам берген мың қоянның
Соғымға сойып алдым барлық туын.
Адам нанғысыз гиперболалар. Ал мына шумақтағы литота оқыған кісілерді күлкіге қарық қылғандай:
Қайныма қарға мініп ұрын бардым,
Күйеуден өзім қатар бұрын бардым.
Айғырын шегірткенің ұстап мініп,
Алдында қайын атамның қырындадым.
Ал мына шумақта гипербола мен литота бірге, аралас жүр:
Аспанға алты жерден тіреу қойдым,
Той қылып, мың масаны сонда сойдым.
Жүрегін біреуінің төрт бөліп жеп,
Нансаңыз өмірімде бір-ақ тойдым.
Бұл мысалдарға қарағанда, ұлғайту мен кішірейту тәсілдері қазақ фольклорының нұсқалары әрі қызық саласы - өтірік өлеңдердің тілін құбылтып қана қоймай, оның тура жанрлық табиғатына айналып кеткен.
Сонымен қатар ұлғайтулар ақын-жыршылар шығармаларында жиі қолданылады:
Аққан жасы сел болған,
Етегі толып, көл болған...
(Дулат)
Таулар күйіп, тас жанып,
Лебімен пісті қазаны...
(Нысанбай)
Сол сияқты әсірелеуді қазақ мақал-мәтелдерінен көптеп кездестіреміз: “Көп түкірсе – көл болар”, “Қара арғымақ арыса, қарға адым жер мұң болар” т.б. Ұлғайту мен кішірейту тәсілдері жазба әдебиетте де қолданылады. Мысалы, С. Торайғыровтың:
Қараңғы қазақ көгіне
Өрмелеп шығып күн болам!
Ал Т. Жароковтың “Күн тіл қаттысындағы” мына жолдарды да Қ. Жұмалиев гипербола деп көрсетеді:
Қарыңды қағып су қылдым,
Суыңды сілкіп бу қылдым,
Түніңнен таң атқыздым,
Жеріме жұлдыз жаққыздым...
Ғ. Доскенов: “Кейде, мысалы, табиғат құбылыстарын жандандырып кейіптеу тәсілімен, әмірелеу т.б. тәсілдер астасып келгенде, олардың ара жігін анықтаудың өзі оңай болмайды”, - дейді. Мысалы, Абайдың “Күлімсіреп аспан тұр” дейтінін еске алсақ, мұнда кейіптеу тәсілі әсірелеумен сабақтас келіп тұр. Ал “айдын-айдын сулардың аяқтай суы қалмады” дегеніміз – литоталық теңеу.
“Сонымен қатар ұлғайту мен кішірейту біздің қазіргі әдебиетімізде көбіне әсірелеу, яки гротеск (фран. grotesque – оқыс, оқшау) түрінде көрінетінін атап өткен жөн”, - дейді З. Қабдолов. Алайда З. Ахметов гротеск деп әсірелеудің бір түрін көрсетеді. Сондықтан да гротеск деп атауды дұрыс таптық.
Гротеск әдебиет пен өнердегі көркемдік тәсіл; мұнда адам немесе адам өмір кешкен ортаның шындығы кейде кісі күлгендей, кейде жан шошығандай оқшау халде әдейі өсіріле, не өшіріле суреттеледі.
З. Ахметов: “Түпкі мағынасы грот (үңгір) деген сөзден шыққан”, - дейді. Себебі ескі заманнан қалған үңгірлерде кездесетін, адамның келбетін, жануарлар мен өсімдіктердің әлпетін батыстырып, бір-бірімен араластыра бейнеленген әшекейлі өрнек-суреттер осылай аталған. Кейін гротеск комедиялық шығарманың бір түрі деген мағынаны да беретін болды. Гротеск тәсіл ретінде әр түрлі жанрдағы шығармаларда орын алып, жан-жақты дамып, өрістей түсті.
Әдеби тілді құбылту ғана емес, әр түрлі әдеби образдар жасау үстінде гротеск тәсілін ұтымды пайдаланған жазушылар көп: Францияда Рабле, Англияда Свифт, Германияда Гофман, Италияда Пиранделло – гротеск тәсілін, тіпті, әдеби стиль дәрежесіне дейін көтерген суреткерлер. Өткен ғасырдағы дүниежүзілік классикада Гоголь мен Гюго немесе Салтыков-Щедрин тілі мен стиліндегі гротесктің орны өз алдына бөлек. Гротеск үлгілерін
В. Маяковскийдің әлемге әйгілі “150 000 000”, сол сияқты А. Вознесенскийдің “Оза” поэмаларынан көруге болады. Ал қазақ әдебиетінде Ғ. Мүсірепов шығармаларындағы юмор мен сатираның оқта-текте шын мәніндегі гротеск сипатына көшіп отыратынын байқар едік.
Әдеби тілді ажарлаумен, құбылтумен қатар керек жағдайда айшықтай білген жөн. Әдеби тілдің әсемдігі ғана емес, әсерлілігі үшін де әжептәуір қажет тәсіл – айшықтау, яки фигура (лат. figura – келбет, бейне) – сөз тіркестерін дағдылы синтаксистік қалыптан гөрі өзгешелеу ораммен, айрықша айшықпен құру. Мұндағы мақсат біреу-ақ – сөздерге ерекше леп, екпін, тыныс беру, сөйтіп, олардың оқырманға әсерін күшейту.
Айшықтаудың бір түрі – арнау – адамның, яки ақынның өзіне не өзгеге, кейде тіпті жалпы жұртқа арнайы тіл қатуы, көпшілікке қайырыла сөйлеуі, олармен іштей кеңесуі. Арнауды А. Байтұрсынұлы әуелден үш түрге бөлген: жарлай арнау, зарлай арнау және сұрай арнау.
Қалың елім, қазағым, қайран жүртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,
Аузымен орақ орған өңкей қыртың.
Өзімдікі дей алмай өз малыңды,
Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың.
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын.
(Абай)
Бұл – жарлай арнаудың үлгісі: ақын жеке адамға емес, жалпы жұртқа қайырыла сөйлеп, жеке адаммен оңаша емес, жалпы жұртпен жария кеңескен.
Әуелі бас қосқаным Жағалбайлы
Жылқысын көптігінен баға алмайды.
Өлгені Төлегеннің рас болса,
Құдайым Қыз Жібекті неге алмайды?!
(“Қыз Жібек”)
Азаны шертер іштегі,
Аузыма сөз түспеді.
Жұртым-ау, кімнен айрылдық,
Ажал сұм неткен күшті еді.
(Д. Әбілев)
Алғашқысы – Жібектің зары, соңғысы – Дихан ақынның ұлы ғалым Қаныш Сәтпаев қайтыс болғанда аһ ұрып, аза тұтып айтқан бір ауыз өлеңі; екеуі де – зарлай арнаудың үлгілері.
- Шырағым-ау, шашың неге ағарды?
Әлде біреу кемітті ме бағаңды?
Сенің қара тұлымыңнан сипаған,
Сарғайдың ба ойлап мендей ағаңды?
- Тентегім-ау, мұртың неге қыраулы
Көрдің бе әлде көп бейнетті, сынауды?
(Қ. Бекхожин)
Өн бойымды күш қысып,
Қаным неге қайнайды?
Ащы тілім ашынып,
Неменеге сайрайды?
Жас іркілің мөлтілдеп,
Көзім неге жайнайды?
Ақ қағазды қаралап,
Қалам неге ойнайды?
Ақын неге қайғырып,
Терең ойға бойлайды?
(Ә. Есмағамбетов)
Бұлар – сұрай арнаудың үлгілері: ақын немесе ақын жырға қосып отырған адам өз ойын өзгеге арнап сан-сапа сауал арқылы айтып жеткізеді де, өзі сол сауалдарға жауап күтеді. Бұл – бір. Енді мына шумақтарды байқайық:
Орай да борай қар жауса,
Қалыңға боран борар ма?
Қаптай соққан боранда
Қаптама киген тоңар ма?
Туырлығы жоқ тұл үйге
Ту байласаң тұрар ма?
Ту түбіне тұлпар жығылса,
Шайнаған нәмәрт оңар ма?
(Махамбет)
Немесе мынау өлең:
Қызғалдақтай қызық өмір
Күні келсе солмай ма?
Еркін жүрген ерке көңіл
Қайғы-зарға толмай ма?
(Б. Күлеев)
Құр айғай бақырған
Құлаққа ән бе екен?
Өнерсіз шатылған
Кісіге сән бе екен?
Бұлар да – сұрай арнаудың үлгілері; бірақ мұндағы өзгешелік – арнауда қойылған сұрақтарға автор жауап күтпейді, өйткені олар ешқандай жауапсыз-ақ түсінікті, арнаудың өн бойында өзінен-өзі анықталып жатыр. Сұрай арнаудың мұндай түрлерін шешендік, яки риторикалық (грек. rhetor - ділмар) айшық деп атайды. З. Ахметов бұны лепті сұрау деп көрсетеді. “Мұндай сұрау сол айтылған ойдың растығына ешбір күмән келтіру мүмкін еместігін оқырманға, тыңдаушыға еріксіз мойындату үшін қолданылады, сондықтан да айрықша әсерлі болады”, - дейді. Қ. Жұмалиев риторикалық сұрауды арнаудың төртінші түрі етіп көрсетсе, З. Қабдолов сұрай арнаудың ішіне кіргізеді. Қалай қарастырсақ та оның қызметі өзгермейді.
Фигураның (айшықтаудың) тағы бір түрі – қайталау – сөз әсерін күшейте отырып, оқырман назарын айрықша аударғысы келген нәрсені не құбылысты бірнеше мәрте қайталап, айтар ойды, ұқтырар сырды ұғымға мұқият сіңіре түсу.
А. Байтұрсынұлы: “Бір сөзді яки лебізді қайта-қайта айту қайталақтау болады”, - деп көрсетеді.
Жалғанда табынатын тәңірім – табым.
Табы жоқтың тәңірі жоқ, күні жарым.
Табым десем, бұлақтай таудан аққан,
Өн бойымды шымырлап, билейді ағын.
Қияға өрлеп, қырандай қанат жайып,
Табым десем, қозады аруағым...
(С. Мұқанов)
Бұл – жай қайталаудың үлгісі. Мұнда ақынның ерекше мән бере толғап, толғана жырлап отырғаны өзінің табы, оқырман назарын да осыған мықтап аударып, оның ойында тап туралы бүтін бір ұғым қалыптастырғысы келеді де, тап деген сөзге ерекше акцент жасап, бірнеше жерде арнайы қайталап отыр.
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс!
Ел қорыған мен едім,
Мен де айырылдым елімнен.
Көл қорыған мен едім,
Мен де айырылдым елімнен.
(Махамбет)
Сарыарқаның бір тауы бар,
Бір тауы бар сымбатты.
Сол таудан сен сыр тауып ал,
Сыр тауып ал, қымбаттым.
(С. Сейфуллин)
Бұлар – еспе қайталаудың үлгілері. Мұндайда ой мен сыр шынында да бір түрлі есіле түйдектеп, еселеніп келеді, алдыңғы ұғымның аяғы соңғы ұғымның басына қайталана көшіп, өлеңге әсем әуез, әдемі әсер дарытқандай болады.
Ұйқыдан осң –
Жапырақпын
Жаңбыр шайып жаңарған.
Ұйқыдан соң –
Құспын
Ұзақ ұшып, көліне кеп дем алған.
Ұйқыдан соң –
Көк айдынмын
Мөлдіреген шайқалып.
Ұйқыдан соң –
Ну орманмын
Желбіреген жайқалып...
(С. Мәуленов)
Бұл - әдепкі қайталаудың үлгісі, яки анафора (грек. anaphora – биікке шығару). Мұнда өлеңнің әр жолы немесе әрбір ой ағымы бір сөзден басталып отырады. Әдебиеттану терминдерінің сөздігіндегі С. Негимовтың сөздік мақаласында анафораның 4 түрі көрсетілген:



  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет