Ашаршылық және діни сенім мәселесі



Дата13.12.2021
өлшемі220,04 Kb.
#100199
Байланысты:
ашаршылық және дін


Ашаршылық және діни сенім мәселесі
Ашаршылық дегеніміз, қысқа қайырғанда, табиғат қолайсыздығы немесе қоғамдағы зобалаң салдарынан ел ішінде болған жұт. Ашаршылық жеке адамның не отбасының ашығуы емес, бүтін бір аймақтың, халықтардың, мемлекеттердің басына түсетін нәубет. Оның соңы адамдардың жаппай қырылуына алып келіп, халық санын күрт азайтып жібереді. Адамзат баласы өзінің ұзақ тарихында әр түрлі себептерден: қуаңшылықтан, жұттан, соғыстан, қолдан жасалған дағдарыстар мен күйзелістерден және геноцидтен соң күшті ашаршылықтарға жиі ұшырап тұрған. Ежелгі заманда ашаршылыққа негізінен табиғи апаттар салдарынан ауылшаруашылық түсімінің кемуі себеп болған. Ал жаңа заманнан бергі ашаршылықтарға табиғи апаттар салдарынан азық-түліктің жетіспеуі емес, көп жағдайда саяси, әскери себептер түрткі болып отырған. Әсіресе үлестіру (рационирование) жүйесін қолданатын мемлекеттерде үкіметтің қате шешім қабылдауы салдарынан өткен ғасырда жер бетінде ашаршылық нәубеті ұдайы қайталанып тұрды, бұған мысал ретінде Кеңестік ашаршылықты (1932), Қытай ашаршылығын (1959-1961) және Корей ашаршылығын (1990) айтуға болады.

Адамзат тарихындағы ірі ашаршылықтар қоғам өміріне үнемі дерлік үлкен өзгерістер әкеліп отырған, Қытай тарихына үңілетін болсақ, халықты күйзеліске ұшыратқан ұлы ашаршылықтардың соңы көбінесе шаруалар көтерілісіне ұласып, басаламандық пен бұлғақтар өршіп, кей жағдайда билік басындағы әулеттің алмасуына әкеліп соғады. Ондайда, ашаршылық көбінесе ескі әулеттің кінәсі мен қылмыстарына Көктің (Тәңір) жазасы ретінде түсіндіріледі, басқаша айтқанда, билеуші әулет әділет жолынан ауытқып, Көктің ашу-ызасын тудырғандықтан, жер бетін ашаршылық жайлап, ашыққан халық ескі билікті құлатып, жаңа әулетті таққа шығаруға құқылы, өйткені, бұл – Тәңір қалауы.

Қытай тарихында ашаршылық үнемі дерлік мемлекеттік деңгейдегі діни рәсімдердің орындалуына алып келеді. Қытайдың ежелгі діні – көп құдайлы дін, бұл сенім бойынша табиғат құбылыстарының барлығының құдайы мен иесі болады. қытайлықтардың ескі нанымы бойынша, ашаршылықтан сақтану үшін құрбандық шалу, тілек тілеу секілді жалбарыну рәсімдері қоғамдық өмірде үнемін орын алып отырады, оған ресми әкімшілік те жиі қолдау көрсетеді, себебі, қытайлықтардың түсінігі бойынша, император жер бетіндегі халықтың әміршісі ғана емес, сонымен бірге, Көктің ұлы, тәңірдің жер бетіндегі өкілі ретінде қабылданады. Оның басты міндеттерінің бірі халықты ашаршылықтан сақтау болып табылады. Сондықтан, Қытай императорлары аштықтан сақтану мақсатында ұлы тауларда тәңірге арнап құрбандық шалу мен тасаттық беру рәсімін мемлекеттік шара ретінде салтанатпен өткізіп тұратын. Сонымен бірге, ашаршылық жылдары халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі де Қытайлық әулеттер үшін өте маңызды жұмыс саналған, егерде ашаршылыққа қарсы күрес нәтижелі болса, ол билеуші әулеттің мәртебесін көтеріп, мерейін үстем ете түседі, ал ондай болмағанда, баста айтқанымыздай, биліктің ауысуына дейін алып келетін бұлғақтарға жалғасуы мүмкін.

Ашаршылық көп жағдайда діни сенімнің нығаюына алып келетінін зерттеулер көрсетіп отыр. Соңғы жылдары Қытай ғалымдары, әсіресе, антропологтар мен әлеуметтанушылар, осы бағытта бірқатар ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұнда көбінесе 1942 жылғы аштық пен 1960 жылғы аштық зерттеу объектісі ретінде таңдап алынады. 1942 жылдың жазынан 1943 жылдың көктеміне дейін Қытайдың орталық аймағы саналатын Хэнань провинциясында алапат аштық болады. Ресми дереккөздерде аштық құрбанының саны 1 млн 500 мың деп көрсетілгенмен, тәуелсіз зерттеулер құрбандар саны 3 млн-нан кем болмаған деп болжайды.

Аштықтың басты себебі жылдар бойы жалғасқан соғыс еді. 1938 жылы Жапония әскерінің шабуылын тойтару мақсатында, Қытай билігі Хуанхэ (Сары өзен) өзенінің арнасын күшпен бұзып, жауды суға тоғытпақ болады. Бірақ, бұл ағат шешім Хуанхэ өзенінің көмейі жыруына соғып, салдарынан Хэнань, Аньхой, Цзянсу провинцияларында 900 мың адам өліп, 3 млн. 900 мың адам босып кетеді. Қолдан жасалған апаттың экологиялық салдары бірнеше жылға жалғасады. 1941 жылдың жазы жаңбырсыз өтіп, Хэнаньда ауыр құрғақшылық болады, жұт жеті ағайынды демекші, сол жылы шегіртке қаптап, онсыз да қураған егінді кусетіп кетеді. Ашыққан адамдар ағаштың қабығын талғажау етеді, зорлық-зомбылық, қылмыс фактілері көбейеді, тіпті, адам етін жеуге дейін барады.

Қытай билігі жағдайды жасыруға тырысқанмен, аштықтың жайын «Time» журналының тілшісі, тарихшы Theodore Harold White әлемге паш етеді. Ашаршылық христиандықтың ел ішіндегі беделін күрт көтереді. Христиандықтың несториандық деп аталатын тармағы Қытай жеріне VIII ғасырда тарай бастағанмен, христиандықтың шын мәнінде екпін алып, ел өміріне тереңдеп енуі XVIII-XIX ғғ кейінгі кезеңге жатады. Әсіресе жарты Қытайды жаулаған Тайпин Тяньго көтерілісі (1850–1865) христиандықтың Қытайда кең таралуына жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Христиан миссионерлері өздерін жат мәдениеттің өкілі емес, жаңа өмірдің жаршысы ретінде көрсете біледі, ауруханалар мен оқу орындарын ашып, білім беру ісіне ат салысады, өте-мөте Қытай қоғамында жиі қайталанатын ірілі-ұсақты ашаршылықтар кезінде олар жедел жәрдем шараларын ұйымдастырудағы белсенділіктерімен көзге түседі, 1942 жылғы ашаршылық кезінде де христиан миссионерлері қауырт қызметтер жүргізіп, ашыққан халыққа тегін жәрдемдер ұсынып отырады, зерттеулер осы аштықтан кейін халық арасында христиандықты ұстанатындардың саны елеулі түрде өскендігін көрсетеді.

Ең қызықты зерттеу 1960 жылдардағы ашаршылыққа (Қытай аштығы) байланысты. ҚХР ресми құжаттарында «3 жылдық қиын кезең» (1959-1961) деп сипатталатын бұл ашаршылыққа кей ғалымдар 1958 және1962 жылдарды да қосады. Аштық құрбандарының саны туралы бір ауызды пікір қалыптаспаған, әртүрлі зерттеулер осы жылдары Қытайда 15 млн-нан 55 млн-ға дейін адам мезгілсіз қазаға ұшыраған, бұл адамзат тарихындағы ең сұрапыл аштық және қолдан жасалған апаттардың ең ауыры болып саналады.

Ашаршылық ҚКП жолға қойған ұжымдастыру және үлкен секіріс науқандарының тікелей зардабы болып табылады. Индустрияландыруды жедел іске асыруға бағытталған үлкен секіріс экономикалық салада елдің нақты жағдайымен санаспайтын шешімдер қабылдауға себеп болып, соның салдарынан 1959 жылы астық түсімі 15 пайызға құлдырап кетеді, бұл үрдіс келесі жылдарда да қайталанады. Қытай билігі орнатқан қатаң тіркеу жүйесі аштыққа ұшырған адамдардың еркін қозғалысына мүлде жол бермейтіндіктен, бұл аштық құрбандарының күрт өсуіне алып келеді. Аштық биліктің жоғары эшелонында талас-тартысты ушықтырып, Мао Цзэдун биліктен жартылай кетуге мәжбүр болады, оқиғаның өрбуі 1966 жылы Мао Цзэдунның жауларын қудалау мақсатындағы «мәдени революцияның» басталуымен шырқау шегіне жетіп, Қытайдың қазіргі тарихындағы ең зұлмат, қараңғы күндерге жалғасады.

Түрлі зерттеулер ҚКП-ның ауыр қысымына қарамастан 1962 жылдан кейін Қытай қоғамында дінге сенетін адамдардың қатары көбейе түскенін көрсетеді. Әсіресе жас буын әлеуметтанушылардың бастамасымен 2010-2013 жж. аралығында жүргізілген кешенді әлеуметтік сауалнама нәтижесі Қытай аштығының жеке тұлғалардың діни сенім таңдауына ұзақ мерзімді ықпал жасағанын көрсетті. Бұған дейін Қытайда діни сенім мәселесі геосаясат, неке, демографиялық қозғалыс, жас, отбасы, білім деңгейі, мемлекеттің дін саясаты тұрғысынан зерттеліп келгенмен, жеке тұлғалардың жас кезіндегі өмірлік тәжірибесінің немесе кездейсоқ күйзелістердің діни сенім таңдауына қандай әсер ететіндігі туралы Қытайда зерттеулер қолға алынбаған немесе жалпылай сипаттаумен ғана шектелетін. Ал әлеуметтік сауалнама авторлары Қытай аштығын жеке тұлғаның өмірлік таңдауына әсер ететін экзогендік соққы немесе кездейсоқ күйзеліс ретінде қарастырып, осы тарихи оқиғаның азаматтардың діни сенім таңдауына жасаған ықпалын жан-жақты қарастырады.

Әлеуметтанушылар probit және logit моделін қолданып, жеке тұлғалардың діни сенім таңдауындағы сапалық өзгерістерді жіті тексереді. Зерттеудің нәтижесі көрсеткендей, Қытай аштығын бастан өткерген ересек адамдар бұл нәубетті көрмеген адамдарға қарағанда дінге көбірек сенеді екен, сонымен бірге, ашаршылық адамдар арасындағы байланыс пен өзара сенімнің деңгейін төмендетіп, тұлғааралық қарым-қатынастың жиілігін төмендетіп, олардың дінді таңдау мүмкіндігін арттыра түскенін көрсетеді. Сондай-ақ, ашаршылық нәубетті бастан өткерген адамдардың денсаулық жағдайын күрт нашарлатып, олардың әлеуметтік қорғауға мұқтаждығын күшейтеді, бірақ, бұл кезеңде Қытайда әлеуметтік қорғаудың толық жүйесі жасалмағандықтан, бұл жеке тұлғаларды дінге сенім артуға алып келеді. Қытайлық зерттеушілер өзара сенім мен тұлғааралық қатынасқа негізделген әлеуметтік мотивация және денсаулық жағдайына негізделген кепілдік мотивациясы өзара әрекеттесіп, бұл Қытайда ашаршылық жылдардан кейін дін ұстаушылардың қатарын көбейткен негізгі себепке айналды деген қорытынды шығарады.



Қорыта келгенде, адамзат тарихындағы алапат аштықтар қоғамдық өмірге жан-жақты және ұзақ мерзімді әсер етіп отырады, көптеген діндерде аштық жаратушының адамдарға жіберетін жазасы ретінде түсіндірілетіндіктен, жер бетін жайлаған ұлы аштықтан кейін адамдар дінге қайта орала бастауы немесе діни нанымын алмастыруы әбден мүмкін. Ал аштықтың жеке тұлғалардың өмірлік таңдауына, дүниетанымының қалыптасуына, психологиялық жетілуіне, саяси ұстанымдарының орнығуына жасаған әсерін қарастырған кезде, дін мәселесін де естен шығаруға болмайды. Ал бұл үшін пәнаралық байланыстарды нығайтып, тарихи оқиға ретінде ашаршылық мәселесін түрлі ғылым тұрғысынан жан-жақты, кешенді зерттеуді қажет ететіні дау тудырмаса керек.
Мазан Ерлан

Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет