ҚАсымова сәуле сүйіндікқызы сәкен Сейфуллиннің қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі



бет2/3
Дата08.07.2018
өлшемі260,5 Kb.
#48400
түріДиссертация
1   2   3

Зерттеудің деректік негізі. Тақырыпты жан-жақты тереңнен қарастырып зерттеуде пайдаланылған деректердің негізін төрт топқа бөлдік: 1) Заң актілері, 2) Іс жүргізу құжаттары, 3) Мерзімді басылымдар, 4) Мемуарлар, хаттар, естеліктер.

1. Заң актілері. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында С. Сейфуллиннің қатысуымен қабылданған заңнамалық құжаттардың нақты деректік негізін жұмыста пайдалану біз үшін өте құнды болды. Атап айтқанда: 02.03.1918 ж. Ақмола кеңестері уездік съезі бекіткен наказы [14]; 06.10.1920 ж. Қазақ АКСР-і еңбекшілері құқықтарының декларациясы; 11.11.1920 ж., Қазақ АКСР ОАК-і Президиумының Қазақ АКСР-і Конституциясын жасау жөніндегі қаулысы; Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатының (алда ҚР ОММ) № 774 «Кеңселерде қазақ тілінде іс жүргізу туралы Қазақ ОАК-і жанынан құрылған Орталық комиссия» атты қорындағы 22.11.1923 ж. Қазақ АКСР ОАК-інің «Кеңселерде қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу туралы декреті» қолданылды. Сонымен бірге Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. І, ІІ томдар. Алматы. «Алаш», 2004, 2005; кеңестік жүйе жүргізген қуғын-сүргіннің құжаттары шоғырланған «Политические репрессии в Казахстане в 1937-1938 гг.» (Сборник документов. Алматы. «Қазақстан». 1998.) жинақтарын пайдалану жұмысымыздың деректік негізін байыта түсті.

2. Іс қағаздары мен құжаттарын екі топқа бөлдік: 1) әкімшілік құжаттары, 2) есеп беру құжаттары.

Әкімшілік құжаттамасына кіретіндер: ҚР ОММ – ның № 30 «Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесі» қорындағы С. Сейфуллиннің Қазақ үкіметінің төрағасы қызметі кезіндегі Халық Комиссарлары Кеңесі мәжілісінің хаттамалары, қабылданған шешім, қаулылар, бұйрықтар мен нұсқаулары зерделенді. ҚР ОММ – ның № 5 қорындағы Қазақ АКСР ОАК-і Үлкен және Кіші Президиумдары мәжілісінің хаттамалары, стенограммалар, С. Сейфуллиннің және басқа партия - кеңес қызметкерлерінің сөйлеген сөздері, съезд, конференция материалдары пайдаланылып, талдаулар жасалды. Халық Комиссарлары Кеңесі мен халық комиссариаттарының арасындағы алмасу хаттарын пайдалану қайраткердің мемлекеттік қызметінің маңыздылығын ашып көрсетуге септігін тигізді. Тақырыптың деректік қорының толығып, С. Сейфуллиннің республиканың халық шаруашылығын дамытуға қосқан үлесіне тереңірек көз жеткізуде қайраткердің Мәскеудегі БОАК-іне, РКФСР Халком Кеңесіне, РКФСР Қаржы халық комиссариатына, Қазақ Өкілеттілігіне жолдаған ұсыныстары мен хаттарын талдаудың құндылығы зор болды.

Есеп беру құжаттары. Тақырыпқа байланысты Ағарту халық комиссариатының, Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу жөніндегі Қазақ ОАК-і жанынан құрылған Орталық Комиссияның, халық комиссариаттарының есептерін, С. Сейфуллиннің 1923 жылғы 6 тамыздағы Қазақ ОАК-інің кезекті сессиясында жасаған есепті баяндамасын, 1924 жылы Бүкілресейлік ХІ және КСРО-ның Бүкілодақтық ІІ съезінде сөйлеген сөздерін, Қазақ облыстық партия комитетіне хабарламаларын, Қазақ облыстық бақылау комиссиясы тарапынан жүргізілген анкеталарды пайдаландық. Көрсетілген құжаттарда қарастырылып отырған кезеңдегі республиканың саяси-экономикалық және әлеуметтік өміріндегі өзгерістер жайлы мәліметтер нақты фактілермен берілген.

3. Мерзімді басылымдар. «Еңбекші қазақ», «Советская степь», «Советская Киргизия», «Социалды Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Большевик Казахстана» сынды басылымдарда С. Сейфуллиннің мемлекеттік қызметі кезіндегі өзгерістер, мақалалары мен сұхбаттары, қоғамдық көзқарастары көрініс берген. ХХ ғасырдың 20 - жылдарының ортасынан 1936-1937 жылдардағы баспасөз беттерінде өте жиі материалдар негізінен С. Сейфуллинге, оның шығармаларына деген сын, оның әдебиет айтысына қатысқан кездегі көзқарастары, пікірлері орын алған. Әдебиет пен мәдениет саясатқа бағынғандықтан басылымдардағы материалдар сыни тұрғыдан талданды.

4. Мемуарлар, хаттар, естеліктер. С. Мұқановтың «Есею жылдары» атты естелік еңбегінің құндылығы жазушының өзінің көзімен көргендерін суреттегендігінде. Онда қарастырылып отырған кезеңдегі партия-кеңес қызметкерлері арасындағы қарым-қатынас, голощекиндік саясаттың қазақ зиялыларына әсері жайында маңызды деректер бар. Дегенмен идеологиялық үстемдік авторға көптеген жайлардың ақиқатын айтуға мүмкіндік бермеген. С. Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» тарихи-мемуарлық романының беташарында: «Мұнда талай кісілердің аттары аталады. Мақсат біреуді көтеру, біреуді жамандау емес. Зор қозғалыстың, зор өзгерістің әр кезінде, әр түрлі пікір, әр түрлі әрекет болған. Ол – тіршіліктің, тарихтың ісі», - деп өзі қатысқан оқиғаларды тарихи мағлұмат ретінде баспа жүзінде қалдыруды мақсат еткенін жазды [15]. С. Сейфуллиннің бұл еңбегінің 1927 жылғы алғашқы нұсқасына қарағанда 1936 жылғы екінші басылымының идеологиялық мүддеге қарай өзгертілгенін ескердік. Сонымен қатар зерттеуде Ә. Бөкейхановтың, С. Сәдуақасовтың еңбектері, С. Сейфуллиннің әдебиет тарихынан зерттеулері пайдаланылды. Тақырыпты ашуда С. Сейфуллиннің Сталинге жазған хатын, С. Меңдешевтің Қазақ облыстық партия комитетіне жолдаған хатын, Г. Коростолевтің РК (б) П Орталық Комитетіне жіберген «Жабық хатын», Н. Нұрмақовтың 1926 жылы 25 қарашада «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Жікшіл туралы» мақаласын саралап, талдап, тұжырымдар жасау жұмыстың маңыздылығын арттырды. Сталиннің хатына байланысты Қазақстандағы теория майданындағы күрестің міндеттері туралы БК (б) П Қазақ өлкелік комитетінің мәдениет және насихат бөлімі мен марксизм-ленинизм институтының хаты қарастырылған кезеңдегі мәдениет пен әдебиеттегі ахуалдың себебін негіздеуге мүмкіндік береді. Сәкентанушы ғалым Т. Кәкішев С. Сейфуллиннің жұбайы Гүлбаһрам Батырбекқызымен және ақынды көзі көрген, қызметтес болған партия ардагерлері, жазушылармен кездесіп, естеліктер жазып жинақ етіп шығарды [8]. Әдебиетші-ғалымның мол зерттеу мұрасын, С. Сейфуллиннің 1920-1924 жылдардағы мемлекеттік қызметінің әр тұстарының мұрағаттық құжаттар негізінде көркем тілмен әсерлі баяндалуын осы жұмыста пайдалану және бұл деректерді бұрын айналымға енбеген тың деректермен, қарастырылып отырған кезеңдегі басылым беттеріндегі деректік фактілермен, сандық көрсеткіштермен біріктіре саралап, тарихи тұрғыдан терең талдау арқылы С. Сейфуллиннің қайраткерлік келбетін, қоғамдық қызметін шындыққа айналған нақты істің нәтижесімен жан-жақты дәлелдеп көрсеттік. Зерттеу жұмысында С. Сейфуллиннің інісі М. Сейфуллиннің, жазушы Ж. Бектұровтың, қайраткермен бірге оқыған, қызмет істеген Т. Арыстанбековтың, Ж. Орманбаевтың, З. Катченконың, В. Ивановтың, шәкірттері Ә. Метовтың, Е. Ділмұхамедовтың естеліктері қолданылды.

Астана қаласындағы С. Сейфуллин мұражайының қайраткердің өмірі мен шығармашылығына байланысты фотосуреттерін, сирек кездесетін кітаптары мен мұрағат құжаттарының көшірмелерін зерделеу тұлға өмірінің беймәлім жақтарын танып, ғылыми баға беруге мүмкіндік туғызды.

Диссертацияда ҚР ОММ – ның № 5 «Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті», № 30 «Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесі», № 81 «Қазақ АКСР Ағарту халық комиссариаты», № 1774 «Қазақстан жазушылар одағы» атты қорларынан деректер топтамасы алынып талдауға түсті. Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатының № 139 «РК (б) П Қырғыз облыстық комитеті (1921-1925 жж.)», № 141 «БК (б) П Қазақ өлкелік комитеті (1925-1937 жж.)» № 718 «РК (б) П Қазақ облыстық бақылау комиссиясы, № 719 «БК (б) П Қазақ өлкелік бақылау комиссиясы, ҚАКСР Жұмысшы-шаруа инспекциясы халық комиссариаты», № 708 «Қазақстан КП Орталық Комитеті» атты қорларының құжаттары алынды; Астана қаласы мемлекеттік мұрағатындағы № 250 «Ақмола уездік ревкомы», № 244 «Ақмола уездік ревкомы атқару комитеті» атты, Ресей Федерациясы Омбы облыстық мемлекеттік мұрағатының № 115 «Омбы оқытушылар семинариясы», № 270 «Омбы жандарм басқармасы», № 284 «Омбы жұмысшы, шаруа және солдат депутаттар кеңесінің атқару комитеті» атты қорларының құжаттары зерттелді.

Зерттеу жұмысының методологиялық негізі. Диссертациялық жұмысты жазу барысында тарихилық, жүйелілік, зерттеу тұлғасын жаңаша, тәуелсіздік тұрғысынан бағалауда объективтілік принциптері басшылыққа алынды. Тарихилық принципіне сүйене отырып, тұлғаның мемлекеттік-саяси қызметі өзі өмір сүрген қоғамның талабы, кезеңді оқиғалардың өрбуі, идеологиялық саясатымен өзара логикалық бірлікте, тұтастықта қарастырылып, талданды. Объективтілік принципіне сүйене отырып, өмірі мен қоғамдық қызметі кеңестік жүйе аясында қалыптасып, халқына қызмет еткен қайраткердің қызметінің күнгейі мен көлеңкелі жақтарына тарихи құбылыстарды барлық қайшылықтарымен, күрделігімен зерттеу негізінде талдау жасалып, баға берілді. Жүйелілік принципіне сүйену негізінде қарастырылып отырған кезеңдегі қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзгерістердің, рухани түлеуінің бүгінгі таңдағы ұлттық құндылықтардың орнығуындағы маңызы зерделенді, халқымыздың ғасыр деңгейіне көтерілген болмысындағы қайраткердің үлесі мен тағылымы анықталды. Сонымен бірге салыстыру, талдау, сипаттау әдістері қолданылды.

Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері 1894-1938 жылдар аралығын қамтиды.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар. 1. 1916 жылғы көтерілістің сабақтары, Уақытша үкімет билігінің әлсіздігі, қазақ қоғамындағы әділетсіздіктер С. Сейфуллиннің мақсатына қайшы келіп, барлық ұлттардың теңдігін жария еткен Кеңес өкіметі жағына шығуына ықпал етті. С. Сейфуллиннің саяси айқындамасы сол уақыт пен қоғам талабы тұрғысынан алғанда дұрыс болды және ол қоғамдық қызметінің алғашқы кезеңінен-ақ өзінің ұстанымын жүзеге асырды. Халықтың үлкен сенім көрсетуінен С. Сейфуллин 1920 жылы Кеңестердің Бүкілқазақтық І Құрылтайына арнайы шақырылып, мемлекеттік деңгейдегі қызметке көтерілді.

2. С. Сейфуллин Ақмола және Семей облыстарын Батыс Сібірден Қазақ Автономиясына қайтару жөніндегі Төтенше Комиссия құрамында тарихи, экономикалық жағдайларды дәлелдей отырып, аталған екі облыстың қазақ жері құрамына қосылуына өзіндік үлес қосты. Орта Азияны ұлттық-территориялық межелеуде үкімет басшысы ретінде Сырдария мен Жетісу облыстарын Қазақ Автономиясына қосуға дайындық жұмыстарынан бастап үлкен еңбек сіңірді.

3. 1923 жылдан бастап С. Сейфуллин отандық экономиканың салаларын, салық және несие жүйелерін, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдауды ұйымдастыруға, жәрмеңкелік сауданың тұрақтануына белсенді түрде ат салысты.

4. С. Сейфуллин – Қазақстандағы халық ағарту ісінің ұйымдастырушысы. Оның басшылығымен үкіметтің ағарту ісіне жұмсалатын қаржыны ұдайы арттыруынан мектептердің саны, оның ішінде қазақ мектептерінің саны артты. Сауатсыздықты жою ісі алға басты. Кәсіптік білім беру жүйесі құрылып, мұғалім мамандарын даярлайтын оқу орындарының негізі қаланды. С. Сейфуллин қазақ мектептеріне арналған оқулықтар жасауға қатысты.

5. С. Сейфуллин қазақ тілінің қолданыс құқын кеңейтуді ұлттық тәуелсіздіктің, қазақ халқының басқа халықтармен теңелуінің басты шарты ретінде қарады. «Кеңселерде қазақ тілінде іс жүргізу туралы декретті» іске асырудың ең тиімді жолдарын ұсынып, қазақ тілін ресми қолданыс деңгейіне жеткізді. Қазақ үкіметінің құрамын және жергілікті мекемелерді қазақтандыру арқылы мемлекет ісін қазақ халқының ұлттық мүддесіне сәйкес жүргізді. Тіл жөніндегі келешекке, дамуға бағыттайтын ойларынан С. Сейфуллиннің жаңашылдығы айқындалды.

6. Қазақ зиялыларының өкілдерінің басты идеяларының бірі – ұлттық тәуелсіздік болғандықтан қазақ зиялылары мен большевиктік тоталитарлық саясатты ұстанғандардың арасында күрес күшейді. С. Сейфуллин қазақ ұлттық интеллигенция өкілдерінің бірі ретінде ХХ ғасырдың 30-жылдарында биліктің тоталитарлық әдістерінің күшеюіне, күштеп ұжымдастыру саясатына қарсы күресті. Сондықтан оны «ұлтшыл», «алашшыл» деп айыптады.

7. Кеңес қоғамының барлық саласындағы, оның ішінде мәдениет пен әдебиеттегі идеологиялық қысымға қарамастан С. Сейфуллин қазақ әдебиетінде бірінші болып аштық нәубетін, әкімшіл-әміршіл жүйені, шенқұмарлық пен төрелікті батыл сынады.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Тарих ғылымы тұрғысынан алғаш рет көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері ретінде С. Сейфуллиннің қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметіне айналымға енген және жаңадан енгізілген мұрағаттық деректер негізінде объективті баға беріледі. С. Сейфуллиннің қазақ жерлерінің Қазақ АКСР құрамына біріктіріліп, тұтастығының қалпына келтірілуіндегі, Қазақстан Республикасының қазіргі шекарасын белгілеудегі айрықша ролі мен еңбегі көрсетіледі. Үкімет басшысы ретінде мемлекеттік маңызды шаруаларды жүзеге асырудағы ұстанымы, еңбегі республиканың қол жеткен жетістіктерімен сабақтастырыла талданады. Оқу-ағарту саласындағы, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеріп, күнделікті өмірде ресми дәрежеге жеткізудегі өлшеусіз еңбегі анықталады. С. Сейфуллиннің кеңес мемлекетінің ХХ ғасырдың 20-30 – жылдарындағы жүргізген реформаларына, ұлт саясатына көзқарасы айқындалады.

Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Жұмыстың негізгі мазмұны 3 халықаралық ғылыми – практикалық конференцияларда, 4 ҚазМУ-дің және ҚарМУ-дің хабаршысында, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Отан тарихы» журналында жарияланды. Қолжазба Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Қазақстанның кеңестік кезеңдегі тарихы бөлімінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.

Диссертацияның практикалық маңызы. С. Сейфуллиннің қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметін зерттеу барысында алынған ғылыми нәтижелерді қазіргі заманғы Қазақстан тарихы бойынша дәрістер құрастыруда, семинар сабақтары және факультативтерді жүргізуде, сонымен бірге қазақстандық жастарға патриоттық тәрбие беруде қолдануға болады. Диссертацияның материалдары мектеп курстарында Қазақстан тарихынан осы тақырыптарға сәйкес әдістемелік құралдар мен ұсыныстар құрастыру барысында қолданылуы мүмкін.

Диссертацияның құрылымы белгілеулер мен қысқартулардан, кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланған әдебиеттер мен қосымшадан тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Диссертацияның кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі, жұмыстың мақсаты мен міндеттері, методологиялық негізі, зерттеудің тарихнамасы мен деректік негіздері, ғылыми жаңалығы және тәжірибелік маңызы, жұмыстың сараптан өтуі баяндалады.



«Сәкен Сейфуллиннің қоғамдық-саяси қызметінің алғашқы кезеңі» деп аталатын бірінші бөлім екі бөлімшеден тұрады. Бөлімде С. Сейфуллиннің демократиялық идеяларды бойына сіңіріп, қоғамдық-саяси көзқарасының айқындалуы, 1917 жылғы түрлі саяси күштердің әркелкілігі кезінде Кеңес өкіметі жағына шығу себептері қамтылып, талдау жасалды.

Зерттеу нәтижесі С. Сейфуллиннің саяси көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен жағдайларды былайша негіздеуге жол ашты: Біріншіден, C. Сейфуллиннің балалық және жастық шағы қазақ халқы патшаның отарлау қыспағы мен қазақ ауылының бай-болыстарының екі жақты езгісіне түскен кезеңмен тұспа-тұс келді. Ауыл молдасынан аз уақыт сауатын ашып, Нілдідегі орыс-қазақ мектебінде оқуын жалғастырған С. Сейфуллин теңдіктен жұрдай жұмысшы қауымының да ауыр халін көріп, көкірегіне түйді. 1905 жылдың желтоқсанындағы Өспен кеніші жұмысшыларының ереуілі - жас Сейфуллиннің санасына ой салған күрес мектебі болды.

Екіншіден, 1913-1916 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында Н. Нұрмақов, М. Жұмабаев секілді талапты жастармен бірге оқып, ағартушылық мақсатта «Бірлік» ұйымын құруы олардың қазақ халқының мүддесі жолындағы көзқарастарының бірлігіне әкелді. Қоғамдағы саяси оқиғаларға құлақ түруі, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың сабақтары С. Сейфуллинге бұқара халықтың жағына шығып, күрескерлік жолға түсуіне ықпал етті.

С. Сейфуллин Ақпан төңкерісінен кейін уақытша биліктің қазақ комитетінің басшысы болды. Ол ұйымдастырған «Жас қазақ» ұйымы қысқа мерзімде болыстық комитеттерге халық қалаған өкілдерді сайлау, қалыңмалға шек қою, әйелдерді басқару ісіне қатыстыру, сауатсыздықты жою сынды сол уақыт үшін ең көкейкесті мәселелерді іске асырып, Ақмола уезі көлемінде үлкен беделге ие болды. Бұл жайында С. Сейфуллиннің өзі: «бір күнде он сегіз әйел бостандық қағазын алды» дейді. Қарастырылған уақытта түрлі саяси топтардың талқысына түскен мәселе – болашақ мемлекет құрылысының жобасы болды. 1917 жылғы 21-26 шілдеде Орынборда өткен І Жалпықазақтық съезде қазақ интеллигенциясының «Ресейдің демократиялық, федеративті республика» болуы жайында бірауыздан ортақ шешімге келуінде С. Сейфуллиннің де өзіндік ұстанымы, көзқарасы болғаны айқындалды. Ол басқарған «Жас қазақ» ұйымы съезге «Ресейдің федеративті республика» болуын қуаттайтыны жайында жеделхат жіберіп болжамы айқын, бағыты нық ұйым екендігін көрсетті. Қос төңкеріс арасындағы кезеңде С. Сейфуллинге саяси бағытын айқындау оңай болған жоқ. 1916 жылғы көтерілістің сабақтары, бай-болыстардың бұрынғыша артықшылыққа ие болуы, облыстық қазақ комитетінің тарапынан халықтың арыз-шағымының әділ шешімін таппауы Уақытша биліктің әлсіздігіне, баянсыздығына көз жеткізді. Кеңес өкіметінің ұрандары қазақ халқының мақсат-мүддесіне сай келіп, С. Сейфуллинді большевиктерге жақындата түсті. 1917 жылы 27 желтоқсанда құрылған Ақмола уездік жұмысшы, шаруа және солдат депутаттары кеңесінің мүшелігіне сайланған С. Сейфуллин 1918 жылдың 28 ақпаны мен 2 наурызы аралығындағы Ақмола кеңестерінің І съезінде Президиум құрамына кіріп, оқу комиссары болды. Уездік кеңестің құрамында С. Сейфуллин еңбекші халықтың талабына сай халыққа жер беру, астықпен қамтамасыз ету, тегін білім беру, медициналық пункттер ашу, сегіз сағаттық жұмыс күнін енгізу сияқты мәселелерді іске асыруға күш салды.

Ақпаннан қазанға дейінгі қоғамдық-саяси өмірде қазақ интеллигенциясы бірыңғай болған жоқ. Зерттеу жұмысында С. Сейфуллиннің алаш зиялыларына көзқарасы, неліктен 1917 жылғы жолайырық кезеңде қызылдар жағына шығып, кеңестік билікке бұрылғаны мынадай дәлелдер арқылы негізделді: біріншіден, ұлт зиялылары М. Дулатов, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсыновтардың жалпы демократиялық мазмұндағы талап-тілектерді өз шығармаларының арқауына айналдыруы қоғамда отарлық езгіге қарсы саяси ахуалды қалыптастыруға ықпал етті. С. Сейфуллиннің де шығармаларында қазақ ауылының сол кездегі өмір шындығы, өнерге, ғылымға үндеу көрініс тапқан. Яғни, зиялылардың ағартушылық идеялары мен күрескерлік мақсаттарының бірлігі, үндестігі айқын көрінеді; екіншіден, жасынан кедейшіліктің дәмін татқан С. Сейфуллиннің ұғымында қазақ кедейлерінің басындағы әлеуметтік теңсіздікке қазақ қоғамының ауқатты тобы да кінәлі, яғни, таптық көзқарас та жоқ емес. Осы тұрғыдан ол адам құқының бірдейлігі, әлеуметтік теңдік ұстанымын ұстанды. Алғаш Ақмолада қазақ комитетіндегі қызметі кезінен бастап мемлекеттік қызметтің қайсысында болмасын осы мақсатты жүзеге асырды да. «Алашорда деген бұрынғы қазақ халқының желкесіне мінген хандықты қайта орнатудың әрекеті» - деген пікірде болған С. Сейфуллиннің әлеуметтік құрамы әр текті Алашордаға күмәнмен қарауы да осыдан; үшіншіден, болашақ мемлекет құрылысы мәселесіндегі көзқарас алшақтығы, қазақ комитетіндегі әділетсіздіктер, алашшылдардың «Жас қазақ» ұйымы мүшелерін қазақ комитеті құрамынан шығарып, қудалауы С. Сейфуллин мен Алаш зиялыларының екі айырылуына әкелді; төртіншіден, С. Сейфуллин алаштықтардың ақ гвардияшыларға қосылып Кеңес өкіметіне қарсы күрескенін қолдамады. Өзара бірліктің әлсіреуінен Алашорданың «Күнбатыс Алашорда» және «Күншығыс Алашорда» болып бөлініп кетуіне де ол күмәнмен қарады;

С. Сейфуллин алаш зиялыларымен қарым-қатынасы суыған кезде әлі большевиктік идеялармен қаруланбаған болатын. Қазақ қоғамындағы теңсіздік, бай-болыстардың бейбастақтығы С. Сейфуллинге таптық көзқарасты ұстануына ықпал етті. Кейіннен Кеңес өкіметінің көтерген ұрандары мен жариялаған мақсаттары қарапайым кедей халықтың мүддесіне сай келді.



«Сәкен Сейфуллиннің мемлекеттік қызметі» атты екінші бөлімде С. Сейфуллиннің 1920 - 1924 жылдар аралығындағы атқарған мемлекеттік қызметі, оның ішінде Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы кезеңіндегі қызметі көрсетілген.

С. Сейфуллиннің 1920 жылы Кеңестердің Бүкілқазақтық І съезіне делегат ретінде арнайы шақырылуының өзі оның бұған дейін Ақмола уездік атқару комитеті бөлімінің меңгерушісі қызметінде жүргенде әділдігімен, іскерлігімен танылуынан болды. 1920 жылдың 8 қыркүйегінде болыстық атқару комитеттеріне қалыңмалды жою жөнінде жарлық шығарып, әйел теңдігін заңдастырды. Қазақ ОАК-інің қалыңмалды жою туралы декреті 1920 жылдың 28 желтоқсанында қабылданғанын ескеріп, С. Сейфуллин Қазақстанда әйел теңдігін бірінші болып іске асырды деген тұжырымға келдік.

Қазақ ОАК-і мен оның Президиумының мүшелігіне сайланған С. Сейфуллинге жаңадан құрылған Жер комиссиясын басқару жүктелді, әрі Әкімшілік комиссиясының құрамына кірді. 1920 жылы 17 қазанда С. Сейфуллиннің қатысуымен Қазақ ОАК-інің Қазақ АКСР-і территориясында отарлаудың кез-келген түріне тыйым салу туралы декреті құрастырылып, РКФСР Жер халық комиссариатына жіберілуі отарлау саясатына шек қойған алғашқы құжат болды. Дегенмен қазақ жерлерін Қазақ Автономиясы құрамына біріктірудің, әсіресе Батыс Сібірге қарап келген Ақмола және Семей облыстарының Қазақ Автономиясына қайтарылуының аса қиынға түскенін мұрағат құжаттарынан кездестірдік. Қазақ ОАК-інің 1920 жылғы 10 желтоқсандағы мандатымен С. Сейфуллинге аталған екі облыстың тарихи, географиялық жағдайымен терең таныс болғандықтан Мәскеуге барып Орталықпен мәселені шешу жүктелді. С. Сейфуллин БОАК-і төрағасы М.И. Калининмен кездесуінде нақты дәлелдермен негіздей отырып, екі облыстың Қазақстанға қатыстылығын жан-жақты баяндап, Төтенше комиссия құру керектігі жөнінде кеңес алады. Нәтижесінде 1921 жылғы 16 ақпанда Қазақ ОАК-і жанынан Ақмола, Семей облыстарын Сібір ревкомынан Қазақ Автономиясына қайтару жөніндегі Төтенше комиссия құрылып, құрамына С. Меңдешев, С. Сейфуллин, И. Заромский, Ғ. Әлібеков, Ә. Досов кірді. Осы жылдың 26 ақпанынан 12 мамырға дейін тер төге жұмыс істеген комиссия жұмысының түпкілікті жемісі - Ақмола және Семей облыстарының Қазақ Автономиясына қайтарылуы болды. Өзіне тапсырылған міндетті абыроймен атқарған С. Сейфуллин 1922 жылы 13 маусымда Ағарту халық комиссарының орынбасарлығына тағайындалса, 27 шілдеден бастап «Еңбекші қазақ» газетінің редакторлығын қоса атқарып, үкімет құрамында сыннан өтіп, іскерлік қырынан танылды.

С. Сейфуллиннің 1922 - 1924 жылдары Қазақ үкіметін басқарған қызметі күйреген шаруашылықты қалпына келтіру, 1921-1922 жылдардағы жұт пен аштық жайлаған ауыр кезеңге тура келді. С. Сейфуллиннің мемлекеттік қызметті өзінің қаламгерлік ісімен қабыстыра біліп, «Еңбекші қазақ» газетінің редакторлығын қоса атқаруы оның ойлары мен тұжырымдарын, үкіметтің іс-шаралары мен жоспарларын, өзгерістерді қалың қауымға жеткізіп, серпіліс туғызды. Ол өзінің қызметін ашыққандарға көмек, халықтың әл-ауқатын көтеруден бастады. 1922 жылғы 16 қарашада Қазақ ОАК-і С. Меңдешев, С. Сейфуллин және Ж. Сәдуақасовтың қол қоюымен аштыққа қарсы күрес жөніндегі Орталық комиссияның ережесін бекітті. Комиссия аштыққа ұшырағандардың нақты санын анықтады. Ашыққандар мен босқындарға қираған шаруашылықтарын қалпына келтіруге, егіске тұқым, көлік малын сатып алуға ақшалай жәрдем көрсетілді. С. Сейфуллиннің айтуынша соғыс пен жұттың салдарынан мыңдаған отбасының шаңырағы шайқалып, панасыз балалардың саны 51472-ге жеткен. Үкіметтің «Балаларға көмек жобасы» жасалды. Жобада балалар үйлерін ашу, панасыз балаларды орналастыру, мектепке тарту, т.б. іс-шаралар белгіленді. Жер ісі халкомына, барлық халық комиссариаттарына, шаруа комитеттеріне балалар мекемелеріне пайдалануға жер учаскелерін бөлу, өңдейтін құралдармен жабдықтау, сүт тағамымен қамтамасыз ету үшін ірі қара малын бөлу міндеттелді. Осы кезеңде 26630 панасыз бала қамқорлыққа алынып, балалар үйіне орналастырылды. 1924 жылы аштық жайлаған Ақмола облысының Ақмола және Атбасар уездеріне астық әрі қаржылай көмек бөлуді БОАК-нің алдына ұсыныс етіп қоюының нәтижесінде мыңдаған адамдардың өмірі сақталды.

1923 жылдан бастап ауыл шаруашылығының көтерілуіне үкіметтің салық жүйесін реттеу саясаты ықпал етті. БОАК-нің 1923 жылы 10 мамырда қабылдаған бірыңғай ауыл шаруашылығы салығы туралы декреті бойынша салық малшыдан ет, егіншіден астық түрінде алынды. 1923 жылғы 12 қыркүйекте С. Сейфуллин Орталықтың беспайыздық жеңілдік туралы декретіне сәйкес барлық қуаты аз шаруашылықтарды толығымен ауыл шаруашылығы салығынан босату жөнінде шешім шығарды. Ол салық саясатының мәнін «мақсат салықтың ауырлығын азайту, егер салық жеңіл болса ауыл шаруасы күшейіп оңалмақ» деп түсіндіреді. Біз үкімет басшысының ұстанымын былайша пайымдадық: Салықтың түскен табыстан артық болуы шаруашылықтың өрлеуіне кедергі. Салық мөлшерін табыстың көлеміне қарай белгілеп, уақытында төлегендерге қосымша сыйақы тағайындау, жеңілдіктер беру арқылы еңбекші халықты ынталандыру маңызды. Яғни, салық төлеудегі мүмкіндіктердің ескерілуі халықтың әл-ауқатының, ауыл шаруашылығының көтерілуіне ықпал еткені даусыз. РКФСР Қаржы халкомының Қазақ АКСР-індегі салық саясатын тексеру қорытындысы бойынша оң баға берілуі де үкімет жұмысының тиімділігін айқындайды.

С. Сейфуллин Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Төрағасы қызметіне кіріскен алғашқы күннен-ақ республиканың қаржы жүйесін реттеуге күш салды. Жалпымемлекеттік және жергілікті бюджеттер құрылғанымен шығынның кірістен көп болып, Орталықтың қаржыны үнемі аз бөлген жағдайында барлық қажеттілікті қанағаттандыра алмады. С. Сейфуллиннің 1922 жылы желтоқсанда Кеңестердің Бүкілресейлік Х съезіне барған сапарында Қазақстанның қаржыға деген сұранысын нақты фактілермен, табандылықпен дәлелдеуінің нәтижесінде бұған дейін үнемі Орталықтың қарсылығына кездескен өлкелік бюджет құру мәселесі шешімін тапты. Деректерден анықталғаны, үкімет басшысының Қаржы халкомы И. Майминмен бірге Мәскеуге қаржы мәселесіне байланысты наразылық хаттарын жолдауынан қайшылықты жағдайлар көбінесе республика пайдасына шешіліп отырылған.

1923 жылдың басында үкімет басшысының ауыл еңбеккерлеріне үндеуі жолданды. Онда бұрынғымен салыстырғанда биылғы өнімнің артық екені айтылып, көктемгі егінді көп егуге шақырды. Үкімет болса ауыл шаруашылық техникасымен жәрдемдесіп, несие беріп, қолдау көрсететінін айта отырып, әзірге 350 мың пұт тұқым, әр губернияға 1 млн 799675 пұт астық жіберілгенін хабарлады. Осы жылы Орынборда қазақ өлкелік ауыл шаруашылық несие қоғамы ашылып, қаржыландыру жолға қойылды.

1923 жылдың 19 қарашасында Халком Кеңесі Жер ісі халық комиссариатының сметасын қарап бекітті. Маңыздысы, С. Сейфуллиннің нұсқауымен үкіметтің мал шаруашылығын дамытуға арнайы қоры құрылды. Батыстағы Орал, Темір уездерінде мал тұқымын асылдандыру станциялары жасалып, Қостанай, Орал, Петропавл, Павлодар жылқы заводтары қалпына келтірілді. Қазақ даласы үшін әр жылдарда бір қайталанбай қоймайтын жұтқа алдын-ала қамдану мақсатында көшпелі, жартылай көшпелі аудандарда жем-шөп базалары ұйымдастырылды.

С. Сейфуллиннің айтуынша алыс ауылдарда алып-сатар саудагерлер көшпелі халықтан ауыл шаруашылық өнімдерін арзанға сатып алып, өз тауарларын қымбатқа өткізіп, онсыз да тұрмысы ауыр қазақтар күйзеліске ұшырап отыр. 1924 жылдың 1 - 7 наурызында үкімет басшысының мұрындық болуымен өткізілген «Ауыл шаруашылығы несиесі және кооперация» апталығының мақсаты - кооперациялық шаруашылықтың тиімділігін, алыпсатарлар көретін пайданың барлығы халықтың өзінде қалатынын ұғындыру арқылы қазақ еңбекшілерін кооперацияға біріктіру болғаны даусыз. С. Сейфуллиннің Мәскеудегі Қазақ Өкілеттілігіне, кооперациялық ұйым төрағасы Васильевке жолдаған сұраныс хаты да нәтижесіз болмады. Орынборда кооператор қазақтарды дайындайтын 40 адамдық курс ашылды.

Түйіндей келсек, салық жүйесінің реттелуі, жергілікті, өлкелік бюджеттердің құрылуы және ауыл шаруашылық банкісі арқылы несиелердің берілуі, аштықтан зардап шеккен аудандарға ұйымдастырылған көмек ауыл шаруашылығының қалпына келіп, дамуына әсер етті. Мал басының көрсеткіші мынадай: 1922 ж – 6 млн.195000; 1924 ж – 9 млн.457201; 1925 ж – 12 млн. 763000 бас мал болған. 1923 – 1924 жылдары қазақ даласында ең ірі Ойыл, Темір және Қоянды жәрмеңкелері жұмыс жасады. 1923 жылы бір ғана Қоянды жәрмеңкесіндегі тауар айналымы 800000 сомға жеткен. Қазақ АКСР-і 1923 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесінде де өз жетістіктерімен көріне алды.

Біз қарастырып отырған кезеңде Қазақстанның өнеркәсібі де дами бастады. Алдымен ауыл шаруашылығы шикізаттарын өңдейтін кәсіпорындар: Қостанай, Орал, Семей губернияларында, Павлодарда ірі диірмендер іске қосылды. Елек және Коряков тұз кәсіпшіліктері қалпына келтірілді. Үкіметтің демеушілігімен ауыр өнеркәсіпті қалпына келтіру қарқынды жүрді. Доссорда іздестіру, барлау жұмыстары басталып, «Ембімұнай» тресті құрылды. С. Сейфуллин Кеңестердің Бүкілодақтық ІІ съезінде сөйлеген сөзінде республиканың қысқа мерзімдегі өнеркәсіп саласындағы қол жеткен жетістіктері жайында: «1922 жылы 589 млн пұт көмір алынса, 1923 жылы 648 млн пұтқа артты. Мұнай өндірісі 1922 жылы 74 млн пұт болса, 1923 жылы 317 миллионға жетіп отыр. Темір рудасын өндіру 1922 жылға қарағанда 24 есе, шойын қорыту 2 есе өсті» – деп мақтан етеді [16]. Дегенмен осылардың ішінде Екібастұз кенішін жандандыру үкімет үшін көкейкесті мәселе болғанын көреміз. 1924 жылы 24 мамырда С. Сейфуллин іргелес Ресей аумағындағы құны қымбат Кузнецк көмірімен салыстырғанда арзан, әрі сапалылығын ескере отырып, Екібастұз көмірін Сібір рыногына шығару жөнінде Сібір ревкомына ұсыныс жасауға шешім қабылдады. Сөйтіп, республика көмірінің сыртқы рынокта бәсекелесе алуына қол жеткізілді. С. Сейфуллин Қазақстанды шет мемлекеттерге тәуелді қылмай дайын өнім шығара алатын экономикасы дамыған елге айналдыруды көздеді. Өнеркәсіптің өңдеу салаларының желісін құру идеясын ұсыну арқылы өзінің білікті әрі жаңалыққа ұмтылушы басшы екендігін танытты. С. Сейфуллиннің есептеуінше қазақ даласы шикізат өнімдеріне өте бай. Мәселен, мал өнімдері, жүн, қыл-қыбырларды іске жарататын тоқыма фабрикасын салса халыққа жұмыс табылып, әрі алысқа бармай-ақ қымбат мата бұйымдарын арзанға қиындықсыз сатып алады деп тұжырымдайды.

С. Сейфуллиннің Қазақстан үкіметін басқарған қызметіндегі маңызды орын алатын оқиға - Орта Азияның ұлттық-территориялық межеленуі. Үкіметтің осы бағыттағы жұмыстарын атап көрсетсек: Түркістандағы Қазақ Өкілеттілігін қаржыландыру, халық комиссариаттарының Сырдария және Жетісу облыстарымен шаруашылық, экономикалық, мәдени жағынан байланыс жасау, Түркістанда оқитын қазақ студенттерінің әлеуметтік жағдайын көтеру, шекаралық аудан тұрғындары арасындағы шиеленіскен қақтығыстарды реттеу, т.б. 1923 жылғы 6 желтоқсанда Қазақ ОАК-інің Үлкен Президиумында аудандастыру жөніндегі мәселе қаралды. Қабылданған қаулыда Қазақ үкіметіне Қазақ республикасының көрші губерниялар және республикалармен шекарасын белгілеудің жобасын жасау және Сырдария мен Жетісу облыстарының ҚАКСР-іне экономикалық жақындығына жан-жақты сипаттама беріп Кеңестердің Бүкілқазақтық ІҮ съезіне ұсыну жүктелді. Жұмыс қорытындысы бойынша жаңа территориялық межелеудің болашақтағы Қазақ Республикасы үшін маңызы былайша көрсетілді: Сырдария және Жетісу облыстары қосылған жағдайда ҚАКСР-інің территориясы – 2.699000 км², ал Өзбек және Түркімен Республикаларының жер көлемі – 860000 км² болмақ. Халық саны ҚАКСР-інде 6.500000 адам, ал Өзбек және Түркімен республикаларында 5.500000 адам. Экономикалық қуаттылығы бойынша ҚАКСР-інде мал саны 12 млн, ал екі республиканы қоса алғанда 7млн.500000. Жалпы Қазақ республикасы экономикасының дамуы бірнеше есеге арту мүмкіндігі бар. Түркістан аймағында отын өнеркәсібі жоқтың қасы. Шығыс Қазақстан Түркістан өлкесін көмірмен қамтамасыз ете алады. Бұған дейін Сырдария облысы 2 млн пұтқа дейін астықты сырттан алып келді. Болашақта Ақмола және Қостанай облыстары Сырдария облысының астыққа мұқтаждығын толық өтей алады. Бұл қорытынды оңтүстіктегі екі облыстың Қазақстанға қосылуының дәлелді негізі болды. Осылайша С. Сейфуллиннің басшылығымен Қазақ үкіметі Қазақстан Республикасының қазіргі шекаралық тұтастығының заңды түрде белгіленуінде өзіне жүктелген міндетті сәтті атқарып шықты.

С. Сейфуллин өзінің ағартушылық ойлары арқылы жастарға білімнің маңыздылығын ұғындыра отырып, үкімет қаржысының қомақты бөлігін оқу-білімге бөлді. 1924 жылы «Сауатсыздықты жою» қоғамы құрылды. 1922-23 оқу жылында барлық мектептер саны 2001, оның ішіндегі қазақ мектебі 590 болса, 1923-24 оқу жылында мектептер саны 2444-ке, қазақ мектептері 775, қазақ балаларының саны 22590-нан 31083-ке дейін өскен. Осы мерзімде қазақ тіліндегі алғашқы оқулықтар басылып шықты. Алаш зиялылары құрастырған бұл оқулықтар ұлттық нақышты айшықтаған мазмұндылығымен құнды еді. 1922 - 1924 жылдары Семейде, Оралда, Қарқаралыда, Петропавлда, Көкшетауда, Ордада, Қостанай мен Ақтөбеде алғашқы мұғалім мамандарын даярлайтын педтехникумдар ашылды.

1923 жылы 15 ақпанда «Еңбекші қазақ» газетінде С. Сейфуллиннің «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» атты мақаласы жарияланды. Мақалада С. Сейфуллин отаршылдық саясаттың салдарынан 1920 жылы құрылған Қазақ Автономиясы «қырғыз» деп дұрыс аталмай шындықтың бұрмаланып отырғандығын батыл айтып, қазақ мемлекетінің тарихи атының қайтарылу мәселесін көтерді. Қазақ тілінде іс жүргізуге көшуді табанды талап етуінің нәтижесінде 1923 жылы 22 қарашада Қазақ ОАК-і «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу туралы декрет» қабылдады. С. Сейфуллин Халком Кеңесі Төрағасы қызметіне кіріскен уақытта халық комиссарлары ұлтына, жасына, біліміне қарай ала-құла болды. Ондағы барлық өзгерістер сол кездегі талапқа сай жасалды. С. Сейфуллин үкімет құрамын білікті де білімді жергілікті ұлт өкілдерінен тағайындауға қатты көңіл бөлді. Үкімет басшысының 1924 жылғы 9 ақпанда халық комиссариаттарына жіберілген жолдауында «Халком Кеңесі Сіздің халкоматтағы барлық қазақ қызметкерлерінің тізімін және алдағы уақытта халкомат пен оның бөлімдеріне қазақ қызметкерлерін қабылдау жөніндегі жоспарларыңызды сұрайды» делінген [17, 29-б.]. С. Сейфуллин қызметінің бастапқы кезінде 23 халық комиссарлары мен оның орынбасарларының қазағы 34% - ғана құраса, 1924 жыл соңында бұл көрсеткіш 56% - ға көтерілді. Осылайша С. Сейфуллин мекемелерді қазақтандыру арқылы үкімет пен оның төменгі буындарының қызметін қазақ ұлтының мүддесіне сәйкес жүргізді. 1924 жыл соңында Семей облысының Зайсан, Қарқаралы, Ақтөбе облысының Торғай, Шалқар уездерінде 100%, Темір уезінде 75%, Адай уезінде толығымен іс жүргізу қазақ тіліне көшті. Орал губерниясы 75%, Ақмола губерниясының мекемелері 338 қазақ мамандарымен қамтылып, Қостанай губерниясы 90% кеңсе істерін екі тілде қатар жүргізетін болды.



Каталог: download -> AREF
download -> Зияткерлік мектеп оқушылары оқуы тиіс 100 кітап аясында қазақ әдебиетінен ұсынылатын шығармалар тізімі Негізгі мектеп
download -> АҚПараттық хат қҰрметті әріптестер!
download -> Өмірбаяны Ақан сері, Ақжігіт Қорамсаұлы (1843 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Үлкен Қоскөлдің маңы 1913 жылы, сонда) ақын, әнші, композитор. Әкесінің есімі Қорамса, шешесі Жаңыл
download -> «Бекітемін» Әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы
download -> Абылай хан
download -> Бағдарламасы 5-9 сыныптар Астана 2010 Қазақстан республикасы білім және ғылым инистрлігі
download -> Ғалымдардың ең ежелгі адамды атауы
download -> П. М. Кольцов т.ғ. д., профессор, Қалмақ мемлекеттік д и. н., профессор, Калмыцкий
AREF -> Иманбаева сәуле тохтарқызы
AREF -> Кіріспе Зерттеудің көкейкестілігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет