Астана қаласының Білім басқармасы Әдістемелік кабинет


ХІ Эссе үлгілері Айналайын, Астана! /эссе/



бет2/2
Дата28.06.2017
өлшемі0,6 Mb.
#20304
1   2

ХІ Эссе үлгілері

Айналайын, Астана! /эссе/


  ...Мен туған қаламының көшелерінен әр сәтте де өткен сайын осы шаҺарда туып-өскенім үшін тағдырыма мың да бір алғысымды айтып, тәубе деймін... Кімнің астаналық болғысы келмейді дейсіз. Сонау балалық шағымызды салқар дала төсінде мал қайырып жүріп, адымдай аттап, көк-жиекке сіңіп кетіп жатқан электр бағандарына жақындап барып, құшақтап тұрып, «әлө, әлө, Алматы»-деп, өзімізше сөйлесетінбіз астанамен... Сәби жүректе астанада тұрсам, сол Алматыдағы жазушылардай ел кіндігінде өмір сүріп, қызмет жасасам деп армандап, қиял құсын ұшыратыбыз зеңгір көкке... Жаратушы сол асыл аңсарларымызды естіді ме, «ес біліп,етек жауып», ол кездегі Целиноградқа қызметке тұрысымен, араға жылдар салып, ел орталығы осында көшеді екен деген әңгімелерді ести баста-дық... Алматыға сол уақтағы облысаралық жазушылар бөлімшесінің бастығы, ақын ағамыз Нұрғожа Оразовтың жетектеуімен барып, жас қалам-герлердің жиын-мәслихаттарына қатысқанымызда іштей бала күнгі әлгі ар-мандарымызды ойға оралтып, Алматыны қимай-қимай аттанатынбыз. Осы күні ақмолалықтарға айтамын: «Елбасына алдымен ақмолалықтар алтыннан ескерткіш қоюы тиіс. Тіліміз, діліміз құнарынан айырылып, ұлттық рухымыз сөне жаздағанда, Нұрсұлтан Әбішұлы ел орталығын Ақмолаға әкелді емес пе? Кешегі шет аймақтың дүние жүзіне танылған дүркіреген думанды астана болуына, біздің – ақмолалықтардың астаналықтарға айналуына сол ұлы жанның қайраткерлігі қуат төкті емес пе... Ендеше, Президенттің ең бірін-ші қолдаушысы, жақтаушысы біздер – ақмолалық-тармыз! Жұмысты да осы ақмолалықтар басқаларға қара-ғанда он, жүз есе өндірте, өнеге бере атқаруымыз, өсіп, жетіліп, өркендеп 14 жасқа жетіп отырған аяулы қаламыздың әр тасын аялай түсуіміз қажет»,деймін әрқашан...

Сонымен, Астанамыз он төрт жаста! .. Осынау ұлы істің бастауы қалай екпін алып еді. Бұны зерделеу үшін Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптарын парақтап, осынау ұлы адаммен бірге тебіренсек зайыр.


… Елбасымыз өзінің «Сындарлы он жыл» атты кітабында: «1992 жылы бү-кілхалықтық сайлауда Қазақстан Президенті болып сайланған соң, Ақ-молаға келдім. Есілдің үстіндегі көпірде тұрып, өзенге көз салдым. Маған қалаларда өзеннің болуы әрқашан да ұнайтын...»- деп толғанады. Расында да, «сулы жер – нулы жер» дегендей, мекеніңнің айдынға иек артып тұрғаны терең тынысың ғана емес, ауаның құрғап кетуінен сақтайтын, ылғал атты жер бетін жасыл желекке бөлеп, жан кіргізер жасампаз күштің қайнары ғой, жарықтық!
…Қазақ атты перизат халқымыздың ұлы даласына нәр тартып,тамырына қан жүгірткен, өлкелерімізді текеметтің оюындай өрнектеп, сұлулық сипат беріп, аққу-қаздары сұңқылдаған айдынды көлдеріміз бен арналы өзендеріміз қанша-ма десеңізші!.. Солардың ішінде қыз бұрымындай есіле, еркелей ағып жатқан Есілге тағдыр ерекше бақ сыйлады. Айналдырған 14 жылдың ішінде мың бұралған ару Есілдің екі жағалауы да бейне інжу-маржаннан алқа таққандай сұлулыққа кенелді, бүкіл әлем көз тіккен думанды дүбірге бөленді... Есілге асылдан алқа таққызған - оң жағадағы жаңа дәуірмен дидары нұрланған кешегі Ақмоладан-Елорда болып тұңғыш шаңырағын көтерген шырайлы шаҺар және сол жағалаудағы кешегі ен жайлаудың ортасынан ойып тұрып орнаған ғажайып мекен-жаңа Астана! Бүгіннің бейбіт қаласы, болашақтың ұлы шаһары уақыт өткен сайын осынау қос қанатына қуат жинап,аңыздағы Самұрықтай сұлулана, айбындана, айдындана түсуде. Енді осы ғажайып шаһардың өмірге келуінің себеп-салдарлары қақында зерделейтін уақыт келіп жетті. Тағы да Елбасымыз-дың- естеліктеріне үңілелік: «Жаңа астананы көшіру мен салу жөніндегі ой сонау 1992 жылы туған еді. Бірақ Қазақстанның экономикасы ол мақса-ымды сол кезде жүзеге асыруға мүмкіндік бермейтіндіктен, тіпті бұл тура-лы ауыз да ашпаған едім...» -деп, жазады Президентіміз ағынан жарылып. Иә, азаттығымызға ие болуға жас қырандай талпынған сол бір жылдар көз алдымызда. Ел иығына батпан салмақ болып түскен ол уақтағы ауыртпашылық-тарды еңсеру үшін халыққа көшбастайтын, қиындықтардан қаймықпайтын, алысты болжай, көрегендікпен кемел істер тындыра алатын адам қажет еді. Тарихтың өзі ондай жанды бұған дейін-ақ, тәрбиелеп,шыңдап шығарған-тын. Ол-Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еді. Осыдан сәл ғана мерзім бұрын іргесі шайқалып, шаңырағы теңселе бастаған Кеңес Үкіметін сақтап қалу үшін оның басшылығына одақтың сол кездегі жетекшілерінің Нұрсұлтан Әбішұлын ұсынуы, оған елді басқар деп жалынулары тегін емес еді. Бірақ қазақ елінің өз істері де ұлан-ғайыр боларын сонда-ақ болжап білген Елбасымыз ол шақтың өзінде бұл лауазымнан бас тартып, алтын уақытын кетірмеуді ұйғарған. Жас мемлекетті құрып, әлемдік аренаға шығару, тағанын нықтап, халқын сақтап, келешегін кемел етудің шаруасы шалқар болатын. Астанасын жаңа қонысқа көшіру идеясы көкейінде жүрген-тін...
… Рас, бабаларымыз ұлы Жібек жолының бойына талай қалалар салған. Сауран, Сығанақ, Баласағұн, Отырар, Тараз секілді ондаған шаһарлар көне заман-дарда Еуразия мен кіндік Азияның тіршіліктеріне қан жүгіртіп, аталарымызға сонау Румға дейін саудамен, алыс-берістермен сапар шектірген, мәдениеттердің алмасуына, далалық өркениеттің қанатын жаюына тұғыр болған... Десек те, түркілік тарихымызда шын мәніндегі астана салудың, әлемнің Париж, Лон-дон, Токио, Мәскеу секілді ұлы орталықтарын тұрғызу тәжірибесі жоқ еді... Мемлекет құру, оның астанасын салу секілді алдағы ғасырларда да өмір сүрер ұрпақтар үшін қасиетті мекен, қайырлы шаңырақ болар ұлы істерді маңдайына тағдыры бақ қондырған белгілі бір ұлттың ғасырларда бір рет туатын ұлы пер-зенттері ғана атқара алады. Адамзат тарихынан өз елдерін кемелдендіруде жасампаздықтарымен есімдері мәңгілікке қалған Мұстафа Кемаль Ататүрік, Джорж Вашингтон, Делано Рузвельт, Шарль де Голь , І Петр патша, Дэн Сяопин секілді санаулы ғана тұлғалар белгілі.. Әлқисса, қазіргі Астананың орнаған жері ықылым дәуірлердің өзінде орталық кенттер орнаған аумақ екен. «1998 жылы археологтар Астанадан 5 шақырым жерден орта ғасырдың қалалық қонысы – Бозақты тапты. Біздің қазіргі Астанамыздың аумағы-мен ХҮІ ғасырда Сібір-Орта Азия керуен жолы өтіпті. Бозақ—Қыпшақ хандығының астанасы болған екен», -деп жазады өз кітабында Елбасымыз. Демек, ел орталығы, мемлекет жүрегі болуға Ақмоланың әуелден тағаны қаланған екен ғой! Көкейінде еншісін алмақ мемлекеттігіміздің елдік мұрат-тарын қастерлеп сақтаған, Астананы көшіру жайлы халық тұрмысының алғашқы ауыр кездерінде сыр қылып та ашпаған Елбасымыз кезі келгенде тәуекелге бел буды емес пе!
…Ақмоланы ел орталығы ету идеясын сонау дәуірде Алаш ардақтылары да толғаған. Ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов, парасатты ақын перзенті Сәкен Сейфуллиндерден бастап, ғұламалары Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұландар секілді небір серкелері де Қазақстанның жеке мемлекет болуын армандап, оның орталығының ел кіндігінде орнауын көксеген. Алайда арман- мұраттардың ойда орнығуынан олардың іске асуы ғаламат ерлік, жасампаз көрегендік, қажырлы еңбек арқылы жасалмағы аян!
«... Астананы көшіру жөніндегі идеямды жария етпес бұрын мен баяндамамның жобасын Парламентке бердім. Сол кездерде: «Алматы несімен ұнамайды екен. Одан да жалақы мен зейнетақыны уақытында бермей ме?» -деген кекесін сөздерді жиі еститінмін…», -дейді өз естелігінде Президент.
…Халықтарды қорқыныш пен темір тәртіптің бұғауында ұстап, күнделікті тіршілігіне ғана жеңілдіктер жасаумен алдарқатқан Кеңес үкіметі жетпіс жылдан астам қазақ ұлтына орыны толмас қасіреттер әкелумен болды. Алдымен ұлттың ұлы перзенттерін жойды. Тілін,ділін, дінін бұғаулады. Жерін атом сынақтарының полигондарына аяусыз айналдырды. Ғарышқа зымырандар ұшыратын, оның улы заттары мен қоқыстарының көктен шашылатын мекені етті. Ұлттың денсаулығы мен болашағы Кеңес басшыларының қаперіне де кірген жоқ… Күшпен,зорлықпен құрылған сол Одақ құласымен өзгелермен қатар Қазақстан да шын мәніндегі мемлекеттігін орнатып, астанасын салмаққа бекінді. Сол кездің тарихи құжатына одан әрі зер салалықшы.
« …Бүгін Парламенттің пленарлық мәжілісі өтті. Депутаттар күн тәртібін бекітіп, менің астананы көшіру туралы баяндамамды тыңдады. Парла-ментарийлердің көптеген сұрақтарына жауап бердім. Мәселе талқылан-ғаннан кейін тарихи шешім қабылданды. Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсынысым, сөйтіп, қолдау тапты», -деп жазады Елбасымыз. Бұл – Қазақ ССР Жоғарғы Советінің 1996 жылдың 6 шілдесінде өткен алқалы тарихи жиын еді. Астана тағдыры осы күні шешілген . Қазір шежіреге айналған қаулы бұның куәгері. Оқып көрелік.


«Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы»

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің қаулысы.
Шілденің 6-сы.
1.Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың мемлекет астанасын Ақмола қаласына көшіру туралы ұсынысы мақұлдансын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы Ә.Кекілбаев.

… Сөз жоқ, кезінде бодандықтағы қазақ елінің Омбы, Орынбор, Ақмешіт, Қызылорда секілді ел орталығы болған Алматы да сол замандағы дәрежесі бойынша одақтас республикалардың бірінің ғана астанасы еді. Жаңа дәуірде тәуелсіз мемлекеттің шын мәніндегі астанасы ретінде қалыптасуына Алматы экономикалық жағынан да, геосаяси жағдайынан да, тұрғындарының 1,5 мил-лионға жақындаған санымен де, аумақтық аясы мен кеңістікке орналасу келешегімен де жауап бере алмайтын. Ал, құлашын кеңге сала көсілген Сары-арқаның кіндігіндегі Ақмоланың бұл орайда мүмкіндіктері мол-ды. Бұл қала Қазақстан халықтарының ынтымағын нығайта түсетін, қарқынды экономика-лық белсенділіктің серпін берер қайнары болар, тіпті келешекте Еуразия құрлығының да белсенді экономикалық мегаполисі атанар келешекті шаһар болатын.


Қысқасы, Ақмоланың осыған дейін де айтылып келгендей, тәуелсіз Қазақстанның астанасы болудың 32 критерий-талабына лайық екеніне Елбасымыз көптің көзін жеткізді. Әлгі критерийлердің ең маңыздыларының шоқтықтылары: Ақмоланың климаты, табиғи ландшафы, сейсмикалық жайлылығы, қоршаған ортасы, инженерлік-көліктік инфроқұрылымдарының, коммуникациясының, құрылыс кешендерінің және еңбек ресурстарының зор мүмкіндіктері мен нық болашағы болатын.…
... Сөйтіп, тағдыр мен уақыт Елбасының көрегендігімен Елордасы атандырар мәртебені Ақмолаға берді. Мемлекет орталығының Алматыдан жаңа қонысына көшуі әуелде жоспарланғандай, 2000 жылы толығымен аяқталды. Астана тарихының шежіресіне айналған сол ұлы көштің алғашқы керуендерінің қатарында Сарыарқаға ат басын ауыл шаруашылығы министрлігі де тіреген-тін. «Сайын далаға келдік пе десек, алдымыздан Арқаның самалындай көңілдері бар Ақмоланың ақ жүрек жұрты шықты арқа-жарқа боп. Жанымызға жігер құйылып,күшімізге қуат құйылып жүре берді», - деп еске алады министрліктің көшімен Ақмола жеріне алғаш аяқ басқан азаматтардың бірі тебіреніп.
…Сөз жоқ, Елбасымыз атап көрсеткендей, қазақ мемлекеттігінің өрлеу дәуіріндегі шаңырақ көтеруінің алғы шарты және қозғаушы күші болар ел орталығын жаңа қонысқа көшіру – алдымен Қазақстанның солтүстік аймақ-тарының инновациялық және ғылыми аяға негізделген өндірістерінің интен-сивті дамуына, ауыл шаруашылығы машиналарын жасауының өркеніне, село индустриясының көп тармақты қайта өңдеу салаларының құрылуына игі ықпал, қолайлы мүмкіндіктер жасауы тиіс-тін. Сөйтіп, Астанадан бастау серпінін алған осы даму бүкіл қазақ жерін қамтуы тиіс еді.Бүгінде уақыттың өзі дәлелдегендей, Елбасымыздың бұл көрегендігі ақиқатқа айналды. Өйткені Астананың болашағына деген Президентіміз бен оның маңына топтасқан сол тұстағы аз ғана арманшыл да қайсар топтың сенімдері күшті еді..
… Астана тарихының ресми бастауы – Елбасының 1997 жылдың 20 қазанындағы «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлығынан күш алды. Осы Жарлықта жаңа Елордасының ресми тұсаукесер күні де 1998 жылдың 10 маусымы деп белгіленді. Сөйтіп, Ақмоланы қайта жаңғырту, шаһардың бүкіл коммуникациялары мен электрмен жабдықталуын атқару секілді тіршіліктік аса маңызды жұмыстар көрігі қызды. Мыңдаған құрлысшылар, инженер-техниктер, жұмысшылар мен сандаған кәсіп иелері Елбасының қолбасшылығымен бейне майдандағыдай білек түре еңбек етті. Бұл расында да мылтықсыз майдан еді. Майдан болғанда жасампаздық еңбектің майданы болатын.
«Мен сол бір күндерде менің қасымнан табылып,менің шешімдерімді қолдаған,мен секілді жаңа Астана үшін жан ауыртып, аямай жұмыс атқарған Кисе Курокава, Владимир Ли, Аманжол Бөлекбаев, Әділбек Жақсыбеков, Николай Макиевский, Ахметжан Есімов, Фарид Ғалимов, Жәнібек Кәріпжанов секілді көптеген азаматтарға үлкен алғысымды айтқым келеді.»-деп толғанған Нұрсұлтан Әбішұлы: «... келер ұрпақтар бізді қате шешім қабылдады деп кінәламас деп ойлаймын. Алматы бұрынғыша еліміздің аса ірі қаласы болып қала беруде. Қуатты екі орталықтың болуы тек республиканың экономикалық әлеуетін арттыра беретін болады,»- деп ағынан жарылады. Президенттің айтқаны айна қатесіз келді де. Бүгінгі Алматының да Астанамен қанатын қатар қағып,сәулеттене түсуі, Қазақстандағы ғана емес, Кіндік Азия мен Еуразия аймақтарындағы ірі қаржы орталығына айнала бастауы Елбасымыздың даналығын дәлелдеуде.
…Ұлы істер басталғанда оның серпін алар қайнары болары анық. Елбасымыз сөйтіп, тәуелсіз мемлекеттің іргесін бекітер алғашқы қадам-оның жаңа астанасын салу деп шешті. Бұл жолда халқына сенді,арқа сүйеді. 1996 жылдың 27 желтоқсанында Ақмолада болған тұңғыш Президент шыршасында Елбасы болашақпен тілдесті. Жаңа жылдағы осы бір дидарласу Қазақстанның жұлдызды жылдарының басталғанын аңғартқандай болып еді!...
… Дана халқымыздың кие тұтқан қос босағасы-мемлекетіміздің мерей көрер қос анасы – Астана мен Алматы! Екеуі – азат елімізді өркениеттің шыңдарына шығарар қос қанаты. Аспан түстес туымыздағы Күн астында қалықтаған айбынымыз Қыранның қос қанатындай Астана мен Алматы! Әлемде екі астанасы бар жұрттар жетерлік.Түбі бір түріктерде – Анкара мен Стамбул, ежелгі көршіміз Ресейде – Мәскеу мен Санкт-Петербург, Пәкстанда-Карачи мен Исламабад, Бразилияда – Рио-де-Жанейра мен Бразилия, Америкада – Вашингтон мен Нью-Йорк… осылай санамалай беруге болады… Астаналар – халқының игілігі, қуанышы мен бақыты үшін салынады!...
… Қалалар да адамдар секілді. Олардың да бақытының бастау алар кездері, мәңгілік ұмытылмас жұлдызды шақтары болады. Елбасының көрегендігімен, тағдырдың жазуымен қазақ мемлекеттігінің 3500 жылдық тарихында шын мәніндегі астанасы атануға қолы жеткен Ақмоланың осындай керемет кезі-1997 жылдың 8 қарашасы күні қалаға Қазақстанның Мемлекеттік рәміз-сиволдарының жеткізілуі еді. Бұрынғы облыс орталығы енді шын мәнінде ерекше мәртебені-мемлекеттің Туын, Елтаңбасын, Президентінің Байрағын-Штандартын сақталатын мекен мәртебесін иеленді. Бұл жай Президенттен бастап, бүкіл еліміздің халқын ерекше толқытты. Өйткені осы бір қасиетті қадамнан тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірі ресми түрде басталған –тын!..
… Әрине, Астананың жаңа Елорда болып қалыптасу жолының шежіресі бүгінде талай тарихи беттерден,жылдар белестерінен тұрады. Әйтсе де, аяулы астананың туған күні, тұсауының кесілген қуанышты шағы баршамыздың есімізде мәңгілікке қалып қойды. Сол күнгі рухқа жалынды қуат түсірген салтанат келешегімізге,әсіресе, Елорданың болашағында деген сенімімізді лаулатқан еді-ау!
Қазақ мемлекетінің қаз басып әлемдік аренаға шыққан Астана ұрпақ зердесіне мықтап ұялады. Елдік шежіремізге алтын әріптермен жазылды. Қазақстанның жаңа Астанасы бұл күні әлемдік қауымдастықтың шын мәніндегі көз тіккен жері,ақыл қосар, парасат пайымдатар қасиетті үнқатысар алаңы. Қасиетті қазақ жерінің осынау киелі пұшпағына, тәуелсіз мемлекетінің туы тігілген қастерлі ордасына жақын және алыс шетелдердің мемлекет басшылары, планетамыздың түкпір-түкпірлерінен арнайы ресми делегациялар, мыңдаған журналистер аяқ басуда. Небір сұңғыла саясаткерлер, мемлекеттер басқарудың кемеңгер көшбасшылары, данышпан экономистер, өнер жұлдыздары, Нобель сыйлығының лауреаттары да Астанаға келуге құштар, келіп те жатыр..
Жасарған,жаңарған Елордасы Ұлт Лидерінің қайраткерлігімен айырықша салтанат құшағына енді. Жер жүзі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы саяси ерік күшінің және батыл қадамдарының жасампаздыққа ұласып жатқанының куәгері бола бастады..
… Сөз жоқ, қандай да бір жасампаз істердің орындаушысы – адамдар. Миллиондаған халықтың күш-жігерін біріктіріп,ұлы мақсаттарға жұмылдырған Елбасы астананы көшіру, жаңа мекенде орнату уағында жалғыз емес еді. Қасында мақсаттас, мұраттас жүздеген серіктері бар-ды. Астана көшірудің тарихи 14 жылдығында оларды да атап өту парыз! Ұрпақтар білсін,өнеге алсын!
… Президент өзінің «Сындарлы он жыл» атты кітабында: «Астананы көшіру жөніндегі Мемлекеттік комиссияның тұңғыш төрағасы Николай Макиевскийдің, сол кездегі Іс Басқарушым Владимир Лидің сіңірген еңбектерін ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ, жаңа астананың тұңғыш әкімі Әділбек Жақсыбековтың жұмысына жоғарғы баға беремін. Ол осы лауазымда алғашқы буырқанған еңбекке толы 6 жылдай қызмет етті. Ол бүгінгі Астана келбетінің қалыптасуына үлкен еңбек сіңірді, бастамашыл болды. Маған оның жұмысы, сенімділігі ұнайтын. Ол менің қажырлы жақтасым болды…»-деп жазды.
…Жаңа Астананың кемеліне келген қазіргі деңгейіне жетуі жолындағы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендік көшбасшылығымен атқарылған мыңдаған адамдардың жасампаздық еңбектері туралы енді ондаған деректі фильмдер жасауға, сандаған кітаптар жазуға болады. Жаңа Астана қазақтың қасиетті мекендерінің бірі-Арқаға қоныс аударып келгелі бері, оның ең басты сәулетшісі де Елбасының өзі болды. Әлемнің талай құрлықтары мен өркені өскенелдерін аралап,сол мемлекеттердің ұлы перзенттерімен, жетекшілерімен талай жүздесіп,әңгімелескен тұңғыш Президентіміз жадына адамзат баласының ақыл-ой жемістерін түйе берді. Қала құрлысына жұмылған сәулетшілерге жаңа идеялар берді.Астананың өсу өркенін үнемі назарда ұстап отырды. Жаңа Елорданың он жыл ішінде қазіргідей шарықтап дамуына Елбасының осы қайраткерлігі алдымен қуат болды деп сеніммен айтамыз.Айтары жоқ,астананың бас жоспары Есілдің оң жағалауындағы жаңа орталықтың салынуынан серпін алды. Бүгінде 97 метрлік Бәйтерек монументі, аспан аясына ұшар биігін тіреген пирамида пішінді – Бейбітшілік пен Келісім Сарайы, тұлғасынан парасат пайымы аңғарылатын Ақ Орда, Хан Шатыр, Қазақ Елі монументі, Пирамида, Қазақстан Орталық концерт залы, Астана-Арена, Вело-Трек, жылы ұядай-Үкімет Үйі, Парламент, Жоғарғы Сот, Қорғаныс Министрлігі, Ұлттық Кітапхана, алтынмен апталған мұнаралары сенімнің нұрлы шуағын шашқан-Ислам мәдениетінің іргелі бір орталығы - «Нұр Астана » мешіті, бүткіл Орта Азияда теңдесі жоқ , кеше ғана ашылған «Сұлтан Хазірет» мешіті және бұрын- соңды болмаған сәулеттік тұрықтарымен, өмір сүруге аса қолайлы, жан рақатын аялап, жанар қуантар тұрғын үйлер кешендері бастаған сәулетті нысандары одан әрі салынуда. Бас қала әлі де абаттана түсуде.
1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен оның «Бейбітшілік қаласы» сыйлығын алған Астанаға 2003 жылы жетекші рейтингтік агенттігі «тұрақты» және «оң мәртебелі» несиелік дәреже берді. Осы кезге дейін Астанаға 3 миллиард долларға жуық инвестиция, оның 80 пайызына таяуы өз еліміздің инвестициясы салынды. Елбасымыздың бір өзінің ғана қайраткерлік беделімен шет елдерден Елор-дасына 400 милиион долларға жуық қайтарымсыз гранттар түсті. Отандық компаниялар да жаңа астананың кемелдене түсуіне үлестерін қосуда. Алматыдан қоныс аударғанынына 14 жыл толып отырған жаңа ғасырдағы жаңа Астанамыз туымызда бейнеленген Күн астындағы Қыранындай елін бастап, өркендеу биіктеріне қанат қағуда! Жолың болсын, жігері жалын жас қыран, бұла күш, барыс айбынды - Елордамыз! Келешегі-кемел, еңбегі ерен туған қаламның мемлекетіміздің астанасы болып, қалыптасуы, орнауы менің ең үлкен бақытым, балаларымның, қазақ деген пери-зат халқымның маңдайына тағдыр жазған бағы! Мен толғанамын, тебіренемін де:


Ұлы дала, жадыңда жоқ, дәл осындай шаһарың,
Таңданады Астанама жұлдызды түн, атар күн!
Лағыл, меруерт, гауһар алқа-Елордам,
Касиеттім, асыл мұрат, арманымнан жаралдың
!- деп жырыма қосамын!

Туған халқымыздың бүгіні мен болашағы үшін жасалар жасампаз ұлы істердің ұйтқысы, көшбастаушысы бола бер, өз төңірегіне 130-дан астам этностар өкіл-дерін топтастырып отырған Қазақ деген перизат ұлттың қасиетті қара шаңырағы!

Қыран қанатың талмасын,аяулы Астана!

Смағұл Рахымбек, жазушы

«Модульдік технологияны қолдану арқылы оқушылардың

сөйлеу тілін дамыту»

тақырыбына шығармашылық эссе
Мақсаты: Деңгейлік тапсырмаларды қолдану арқылы оқытудың әдістемелік жүйесін жаңартудың негіздерін дайындау, жеке тұлғаның жан-жақты дамуына жаңаша жол ашатынына ғылыми тұрғыдан түсінік беру.

Міндеті: Мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкес оқытудың сапасын арттыру.

Оқушыларды тәрбиелеу мен оқытуда модульдік технологияның маңызын анықтау.

Егеменді ел жастарының санасына рухани ұлттық мәдениетті сіңіру.

Оқу процесінде жаңа педагогикалық және ақпараттық технологияны зерделеу және насихаттау. Жеке, дара, жұптық, топтық жұмыс істеу мүмкіндіктерін қарастыру.



Болжамы: Егер оқытудың технологиясы жаңартылған педагогикалық жүйе жобасы ретінде оқу-тәрбие үрдісінде дайындалып енгізілсе, оқытудың сапасын арттыруға, оқушылардың дамуын бақылауға қолайлы жағдайлар туғызады.
Жаңа технологиялар оқушыға не береді?

  • Өздігінен ізденуге;

  • Өзіндік қорытынды шығаруға;

  • Өздігінен пікір айта алуға;

  • Өз бетімен тәжірибие жасауға;

  • Мақсат, міндет қоя білуге;

  • Материалды жинақтауға, сұрыптауға:

  • Басқамен пікірлесуге.

Бүгінгі күнде қарқынды дамып келе жатқан ортада өмір сүруге қабілетті, өзін-өзі дамытуға, өз қалауы мен қоғам талабына сай білікті, қоғамдық ортаға бейімді, жоғары білімді шығармашыл дамыған тұлғаны қалыптастыру, оқушылардың мектептен алған білімдері олардың бүкіл өмірлік азығы болатындай етіп білім беру, оны өмірге дайындау, мамандық таңдауға бағыттау мәселесі бүгінгі қоғамның білім саласындағы кезек күттірмейтін ауқымды мәселелер қатарында тұр.

Жалпы білім беретін орта мектеп – жаңа қоғам мектебі, болашақ мектебі, яғни мәдени саналы, баланың жеке басының дамуына педагогикалық жағдай жасайтын және өзін-өзі тануына көмек көрсететін, ізгілендірілген, өмірге тік қарай алатын, білімнің жаңа мазмұнымен байланысқан, әлеуметтік өмірге бейімделген, бәсекеге қабілетті жаңа ұрпақ өсіріп, дамытып, жетілдіретін мектеп болуға тиіс.

Мектеп мұғалімдері инновациялық-дидактикалық іс-әрекетті, инновация-лық әдістерді, жаңа технологияларды, педагогикалық іс-әрекет субьектісінің дамуы мен өздігінен дамуына бағыт беретін, зерттеушілік-шығармашылығы талаптарын толық меңгерген, қызығушылықпен баланың жеке тұлға болып дамуына өз үлесін қоса алатын, баланы өздігінен өмірге жетелейтін ақыл-кеңес бере алатын мұғалім болуы қажет.

Қазақстанда Ж.А. Қараевтың, А.А. Жүнісбектің, М. Жанпейісованың оқыту технологиясы кеңінен қолданылуда. Жаңа технологиямен оқытудың тиімділігін зерттеу жүргізген елдер (АҚШ, Ұлыбритания, Бельгия, Ресей және т.б.) дәлелдеп отыр. Білім сапасын арттыру мақсатында Қазақстанда осы технологиямен Қазақстанның түрлі аймақтарында оқу мекемелерінде осы технологияның ғылыми-теориялық жасауы тәжірибеде қолданылып, байқаудан өткізілді. Оқу үрдісінің құрылымы оқушылардың білім сапасын арттыратынын және оқу материалдарын барлық оқушылардың жүз пайызға меңгеруін қамтамасыз ететінін зерттеулер көрсетті.

Әр сабаққа дұрыс мақсат пен міндеттерді қойып, оны шешуде дұрыс шешім қабылдау үшін «Оқушыны неге үйрету керек?» және «Қалай үйрету керек?» деген сұрақтарды нақты қоя білсек өз жұмысымыз нәтижелі болады.

Бұл жерде біріншіден оқу бағдарламасын қамтып, бағдарлама бойынша неғұрлым көптеген сұрақтарды оқушыларға меңгертсек, екіншіден – сол оқу материалдарын бере отырып, оқушыны мәліметті өздігінше жинауға итермелеу, ақыл-ой әрекетіне бағыттау, теорияны тәжірибемен байланыстыру.

Дамыта оқыту жүйесінің негізі – оқушыларға көп материал беру емес,нақтыны меңгерте отырып, нақты білімді тірек сигнал есебінде өз білімін одан әрі дамытып, әрбір құбылыстың мәнін, ерекшелігін, сапалық деңгейін анықтауға үйрету. Оқу материалын беруде оқушылардың есте сақтауына әсер ете отырып, оның ойлау қабілетіне әсер ету. Ойлау арқылы оқушылар өздері шығармашылыққа ұмтылады, материалды дайын күйінде қабылдамай, оны жеке зерттеу немесе топтық зерттеу жүргізе отырып, көзімен көріп, сұрағына жауап таба алады.

Жеке тұлғаға бағдарланған оқыту проблемалы бағыттағы шығармашылық сипатқа ие бола отырып, жаңа білімді іздену арқылы тәжірибеде қолдана білуге ықпал етеді, мұндағы басты міндет – баланың жалпы және өзіне тән қабілеттерінің даму мүмкіндігі мен білім, білік, дағдыларын қалыптастыру және қолдану. Бала оқу процесінде субъектіге айнала отырып, қабілеттілігі мен қажеттілігіне байланысты қарқынмен дамуға мүмкіндік алады. Нәтижесінде жеке тұлғаның өзіндік пікірі, қоршаған ортаға көзқарасы қалыптасып, таным қабілеті ашылады.

Қазір мектеп мұғалімдері оқушыларға жаңа технологиямен немесе технология элементтерін енгізе отырып, сапалы білім беруде. Жаңа технологиямен оқыту барысында көптеген оқушылар бағдарлама материалдарын жақсы меңгерді.

Өзім үш жыл бойы оқушыларды модульдік технологияны қолданып оқытып жүрмін. Модульдік технологиямен оқыту мақсатым – оқушыларға қазақ тілінде ауызекі сөйлеуді меңгерту.

Бірінші жылы модульдік технологиямен оқытуда оқу құрылымын, формасын және мазмұнын өзгерттім. Сабақта оқушылардың өзіндік танымдық әрекеттер ұйымдастырамын және оқу үдерісін басқарамын. Әр сабақта оқушылардың белсенділікпен жұмыс жасау формаларын алдын ала мұқият ойластырып ұйымдастырамын. Бірінші жылы байқау сабақтарында үйрету ойындарын түсіндіруде біраз уақыттарды жоғалтып алып, осы кезекте оқушылардың білім деңгейлері біраз төмендеді.

Бірақ екінші жылы қолданған технологиямен оқыту үдерісі тұрақталды. Өзімде де, оқушыларда да сенімділік сезімі пайда болды. Себебі, үйрету ойындарының ережесін оқушылар біледі, мен оны түсіндіріп уақытты алмаймын. Оқушылар үнемі бір-бірімен өзара сөйлесіп, ойларын дауыстап және еркін жеткізіп үйренді.

Үшінші жылы көптеген оқушылардың пәнге қызығушылықтары артқандығы байқалды. Бұл кезекте оқушылар үй тапсырмасы көлемінің қысқарғанын, оқу материалының естерінде жақсы сақталғандығын, тілдерінің және т.б. дамығандарын байқады.

Оқушылар оқу материалының артықшылығы негізгі мазмұны өзара сөйлесу, үйрету ойындары болып саналатынын байқады. Оқу материалын біртұтас, жинақы, «өсу» бағытымен беру, тақырып бойынша жеңілдетілген деңгейдегі және білім стандартының талаптарын қамтымасыз ететін деңгейдегі тапсырмаларды беру, оқушыларға шығармашылық сипаттағы материалдарды беру оқу модулі аяғында оқушылардың жоғары ұпай жинап, жақсы баға алуларына мүмкіншілік жасады. Бұл оқушылардың оқуға жағымды қызығушылықтарын қалыптастырды.

Осы технологияны қолдану барысында оқушылар республика, аудан ұйымдастырған шараларға қатысып, жүлделерге ие болды.

Бүгінгі күнде жоғарыда көрсетілгендей осы технологиямен оқыту дұрыс және нәтижелі болып саналады, себебі модульдік технологиямен оқытудың оқушыларға ықпалы: біріншіден танымдық үдерісін (елестету, ойлау, жады, қабылдау, зейін) дамытты екіншіден (қиындыққа дайын болу және оны жеңу, өзін-өзі өзектіліндіру, шығармашылықтарын, өзін-өзі бекітулерін) қажеттіліктерін қанағаттандырды, үшіншіден танымдық (білу, түсіну, қолдану, талдау, топтау, білімді бағалау) қабілеттері жетілді, төртіншіден белсенді сөздік қорлары дамыды, бесіншіден оқуға жағымды қызығушылықтары қалыптасты.

Біз осындай модульдік оқыту технологияларды оқушыларға дамытып, алдағы уақытта жаңа болашақ оқытуларға жол ашатынына үмітіміз зор. Алдағы уақытта да осы тақырып бойынша жұмысты жалғастырамын. Яғни, халық педагогикасын жаңа үлгіде, модульдік технология арқылы оқушылардың бойына сіңіруді, насихаттауды мақсат етіп отырмын.

Қолданылған әдебиеттер :


1. Білім туралы Қазақстан Республикасының Заңы. 3-бап. Алматы-2001 ж.

2. «Қазақ тілі мен әдебиет» журналы № 3 - 2000 ж

3. «Білімдегі жаңалықтар» журналы. М. Дүйсенбина «Әдебиетті оқытудағы

жаңа технологияның ерекшеліктері»

4. М. Жанпейісованың «Модульдік технология» еңбегі

5. Г.Д. Әуелбекова «Модульдік оқытуда қолданған әдістемелік жүйесі»

6. «Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде» № 1- 2008 ж.
7. «Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде» № 4- 2008ж.

8. «Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде» № 6-2004ж.

9. «Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде» №9- 2011ж.

10.Р. Шаханова, Н. Бейсенбаева, Жақсылықова «Ғалымдардың тәжірибе еңбектері»

11. «Білімдегі жаңалықтар» журналы «Жаңа технологияны қолданудың тиімділігі » № 3 (27) 2009 ж.

Апенова Сәуле Тілеужановқызы

14 мектеп-гимназиясының

қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Бірінші парақ үлгісі



Астана қаласы Білім басқармасы

Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдерінің

шығармашылық біліктілігін арттыру мақсатында

өткізілетін байқауға ұсынылған

ЭССЕ

Тақырыбы:_________________________
____________________________________


Мектеп -----------------------------

Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі: ----------------------------

Астана, 2013

Пайдаланылған әдебиеттер:


1. Әл-Фараби, Логикалық трактаттар, Алматы, «Ғылым» баспасы, 1975

2. Ахмет Байтұрсынов, Ақ жол, Алматы, «Жалын» баспасы, 1991

3. Мұхтар Әуезов, Әдебиет тарихы, Алматы, «Ана тілі» баспасы, 1991

4. Б. Адамбаев, Қазақтың шешендік өнері, Алматы, «Өнер» баспасы, 1984

5. Зейнолла Қабдолов, Сөз өнері. Алматы, «Мектеп» баспасы, 1976

6. Серік Негимов, Шешендік өнер, «Ана тілі» баспасы, 1997

7. Ақылдың кені, «Қазақстан» баспасы, 1991

8. Қостанай облысы әкiмдігінің “Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау

және олардың бiлiктiлiгiн арттыру өңірлік орталығы”
9. Иманғали Тасмағамбетовтің Астана мұғалімдерінің тамыз мәслихатында сөйлеген сөзі, Астана, 2012
10. Калганова Т.А. Учимся писать эссе. Москва., 1999.

11. Эпштейн М.Н. Эссе об эссе. Санкт-Петербург., 1994.

12. Никитина Е.И. Эссе - воспоминание.//'Русский язык в школе. 1999г. № 3.

13. Забродина Н.П., Что такое эссе. Москва, 2000.



Мазмұны



Реті

Тақырыптар

Беті

1.


Алғы сөз

3-бет

2.


І Эссе туралы түсінік.

4-бет

3.


ІІ Эссенің ерекшеліктері, түрлері

5-6-беттер

4.


ІІІ Эссе жазудың мақсаты, шарттары

7-8-беттер

5.

ІV Эссенің құрылымы

9-12-беттер

6.


V Эссе жазуға дайындық сатылары

12-14-беттер

7.


VІ Эссе жазудағы тәсілдер

14- бет

8.


VІІ Эссені жазудағы ескертпелер

15-бет

9.


VІІІ Эссе жазудағы тиімді тілдік оралымдар

15-16-беттер

10.


ІХ Эссені қорғауға дайындық

16-17-беттер

11.


Х Эссе жазу байқауына ұсынылатын тақырыптар

17-19-беттер

12.

ХІ Эссе үлгілері


1) Айналайын, Астана! /эссе/ Смағұл Рахымбек, жазушы

2)Модульдік технологияны қолдану арқылы оқушылардың сөйлеу тілін дамыту /шығармашылық эссе/

Апенова Сәуле, 14 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі


19-26-беттер


27-30-беттер


13.


Бірінші парақ үлгісі

31-бет

14.


Пайдаланылған әдебиеттер

32-бет

15.


Мазмұны

33-бет













Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет