Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы


Шәуешектегі орыс консулының Дөңжұртқа келуі



бет19/28
Дата05.11.2016
өлшемі5,25 Mb.
#478
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   28

Шәуешектегі орыс консулының Дөңжұртқа келуі
1947-жылдың қыркүйек айында, оған дейін ашық ортаға шықпаған бір жағдай болды. Бір күні, бесін уақыты ауа бастаған тұста, шолғыншылар Төңкеріс алаңына қарай (Нужаңзыга) Үшбұлақты өрлеп бір машина келе жатқанын хабарлады. Ол кезде бұл өңірде машина мүлдем жоқ-ты. Тек, ойдағы тасжодда ғана әрі-бері өткен машиналар көзге түсетін. Біраздан кейін әлгі машинаның Нуржаңзыға жетіп аялдағаны, ішінде үш кісі бар екендігі, біреуінің орыс, жүргізушісінің қазақ екені білдірілді. Көп ұзамай әлгі бір орыс пен жолдасы Нужаңзыдағы ауылдардан ат сұрап мініп Дөңжұрттағы біздің ауылға келді.

Машинамен келген Тарбағатай аймағының орталығы Шәуешектегі орыс (совет) консулы жанындағы тілмашы еді. Консул өзінің Қалибекке совет үкіметі атынан келгенін ашық айтқан-ды. Оның өз сөзі бойынша, ол Қалибекті «Үш аймақ» үкіметін қостап отырған орыстарға (совет үкіметіне) сендіруге келген. Бұл оған дейін осыншама ашық айтылған жағдай емес-ті. Бүкіл жаз бойы «Үш аймақ» жақтан келіп-кеткен өкіл, үгіт-насихатшылар Қалибек хакімді өз бағытынан қайтара алмаған соң, енді орыстар (совет үкіметі) Шәуешектегі консулын жіберген еді.

Орыс консулы Қалибек хакімге қытаймен ымыраласудан бас тартуын, «Үш аймақ» үкіметіне адал болуын, Тарбағатай аймағының уәлиі болу үшін Шәуешекке келуін ұсынды.

Қалибек хакім «Үш аймақ» үкіметінің бұрынғы Шығыс Түркістан үкіметі емес екендігін, оның советтің куыршағына айналғанын айта келіп, Тарбағатай аймағының уәлиі бол деген ұсынысқа рақымет деді. Көне Сауандағы өз кеңсесінің Сандыққозыға (қазір Сауан деп аталады) көшірілуін, егер ол солай етілсе, өзінің елге бір табан жақын Сандыққозыға барып әкімдік қызметін жалғастыратындығын айтады.

Орыс консулы Алтайдағы Оспан батырдың және Үрімжідегі қазақтардың іс-бағыттарына сілтеме жасап: «<...> Сіздер, қазақтар, осыншама белсенділікпен Шығыс Түркістанды құтқарамын деп ойлайсыздар ма? Босқа әуре болмаңыздар. Олай ете алмайсыздар. Айталық сіз Шығыс Түркістанның тәуелсіздігін алыңыздар, онда да сіздер қазақтар билік басында болмайсыздар. Ұйғырлар сіздерден көп. Сіздердікі босқа маңайға жексұрын болудын басқа ештеңе емес...» – деген.

Қалибек хакім совет консулының ол сөзіне былай деп жауап қайырады: «Біз тәуелсіздік үшін күресудеміз. Біз ұйғыр, қазақ деп бөлектеніп отырғамыз жоқ. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін, билік басына арамыздан кім шықса, оны қабыл етеміз...»

Орыс консулы: «Сіздер, қазақтар, «Үш аймақ» үкіметін құлатуға ұмтылудасыздар. Ал ұйғырлар оны колдауда».

Қалибек хакім: «Басында Әлихан төре болған Шығыс Түркістан үкіметін біз бәріміз қолдап-қостадық. Сол жолда көптеген құрбандықтар беріп, қан төктік. Бірақ кейбіреулер оны сатты, Шығыс Түркістан үкіметін қуыршаққа айналдырды. Бұл жағдай Шығыс түркістандықтардың мүддесіне қайшы және өте зиянды. Қазіргі жағдайды адал түрде, шын кеңілден қостайтын кісі жоқ...» – деп жауап қайырған.

Орыс консулы тағы қайталап, Қалибек хакімді Шәуешекке келіп, Тарбағатай аймағының уәлиі болуға шақырады. Жіберілген қателіктердің кешірілгендігін, совет үкіметінің жақтасы болуын, қытаймен келісімдерін бұзуын сұрайды.

Арада көп өтпей тағы бір орыс келді. Ол жаздың басында Сауаннан тауға шығарда Қалибек хакімнің: «Сырқатпын, тауға шығып қымыз ішіп емделемін» – деген сөзіне сілтеме жасап, Қалибектің Мәскеуге барып емделуіне болатындығын білдірді. Және: «Совет үкіметінің сыйлығы» – деп бір костюмдік мата, дүрбі әкелді. Дәл сол кезде татар тұқымды Айтуаров деген капитан келіп, генерал Ысқақбек Мөнөновтың: «Шихуға келіп қайтсын» – деп шақырғанын хабарлады. Оған әкем: «Жақында кездесеміз» – деп жауап қайырды.

Сол 1947-жылдың жазында «Үш аймақ» жағы әкемнің көңілін алып өзіне тарту үшін басқа да айла-шаралар қолданды. Түрлі топ-үйірмелер жіберіп, бірнеше алтын медаль де тақтырды. Сол жаздағы екі медальді қосқанда әкеме тағылған медальдардың саны алтыға жеткен-ді.
Үрімжімен сөйлесулердің жиілеуі

1947-жылдың басынан бері нақтылы түрде бастаған Қалибек хакімнің Үрімжімен сөйлесуі ол Сауаннан Тайға көшіп келгеннен кейін де жиіледі. Қалибек хакімнің Үрімжіге жіберген кісілерін Шыңжаңдағы қытай қарулы күштері бас қолбасшысы генерал Сұн Ши ланның өзі қабылдап сөйлесіп, бір келісім жасалуын ұйғарады. Үрімжідегі Сәліс Әміреұлы, Зәкәриа Әшенұлы және Жанымхан Тілеубайұлының қатысуымен жасалған келісім шарты мынадай:

1. Оспан батыр мен Қалибек хакім қол астындағы қазақ сарбаздарына қару-жарақты қытай үкіметі береді.


  1. Үкімет қызмет орындарына қазақтар молырақ тағайындалатын болады.

  2. «Үш Аймақ» жақ орыс ықпалынан құтқарылады.

Қытайлармен осылайша келісілгеннен кейін, 1947-жылдың тамыз айында Шығыс Түркістандағы (Шыңжаңдағы) қытай қарулы күштері бас қолбасшысының орынбасары Шежу Жан мен Шыңжаңның қаражат министрі Жанымхан Тілеубайұлы Манас өзенінің шығыс жағындағы руы шұбарайғыр Нұрбек қажының Шорқұдықтағы ауылына келіп, Манас өзенінің батыс жағындағы, яғни, бұрынғы Шығыс Түркістан жұмхұриеті, сол кездегі «Үш аймақ» үкіметі қарауындағы Қызылөзенде тұрған Қалибек хакіммен бетпе-бет сөйлесті.

Ол кездесуге әкем төрт алтын, екі күміс, барлығы алты медалін тағып барады. Оны көрген Шежу Жан: «Не деген кеп медаліңіз бар» – дейді. Әкем оған: «Бұл медальдарды маған халқыма өкіл болып келгендіктерін айтқан түрлі топтар тақты. Мен бұларды маған тағушылардан гөрі, осы медальдердің үстіндегі белгі – рәміздер мен жазуларға лайық болуға тырысудамын» – деп жауап қайырған (Олардың үстінде ай-жұлдыз белгісі және «тәуелсіздік жанқиярлық, азаттық» деген сияқты сөздер бар-ды).

Манас өзенінің шығыс жағында болған сол кездесуден кейін, қытайлар бірқатар қару-жарақ берді. Дәл сол кезеңде «Үш аймақ» жақтың өкілдері келіп-кетуімен болды. Тамыз айының бас шенінде Тарбағатай аймағының орынбасар уәлиі ұйғыр Қасымов бастаған бір топ өкілдер де келіп-қайтты.
Мәскеудің қуыршағы «Үш аймақ» үкіметіне қарсы қарулы

күрестің басталуы
Шорқұдықтағы құпия сөйлесуден кейін Үрімжі жақтан жіберіле бастаған қарулар біздің Дөңжұрттың оңтүстік жағындағы Әубәкірсайдағы жаңа қыстау үйге апарылып жиналды. Кейін жасалған тізімге сай қарулар үлестірілді. Ауыр қару жоқ-ты. Төрт пулемет-оқшашар, қалғандары кілең орыс бесатары - мылтық-ты.

Мылтық алу үшін келгендер алдымен Дөңжұрттағы үйге соғып, әкеммен сөйлесіп, ауылдағы бір жігіттің бастауымен Әубәкірсайға барып, мылтықты сол жерден алатын-ды. Ұлужан – Бортынке жақтан келген, Тәкіманның қолбасшылығы астында күреске шығатын бір топты бір күні Дөнжұрттан Әубәкірсайға мен бастап бардым.

Қызылөзен мен Бортыңке (Ұлужанның) елі сол мылтықтарды үлестіріп алып, екі жағы бір күнде кенеттен шабуылға өтуді жоспарлады. Ұлужан – Бортынке жақтағы жасақтардың бастығы Тәкіман еді. Оған Түйебайұлы Зейтікен, Шойынбек және тағы басқа ержүрек, мерген азаматтар көмекші болып сарбаздарды басқарды. Қызылөзендегі жасақтарды Зейнембай, Дулатқан, Бақтияр, бала Хамза және өзге соғыс тәжрібиесі бар кісілер басқаратын болған-ды. Екі жағы да жалпы нұсқауды Қалибек хакімнен алатын <...>

Қарулы жігіттер Ысқақтың ауылына жан-жақтан құйылып келе бастады. Сиыртүс кезінде Қалибек хакім, Арыстанбай Молла және елдің барлық атқамінер кісілері соңда келді. Бір көк қасқа тай сойылды. Бесін намазы оқылғаннан кейін жиналған жұртшылық түгел ауылдың жанындағы жазыққа барды. Ол жерде алдымен Қалибек хакім сөйледі:

– Небәры екі жылдың алдында осы Қызылөзенде үлкен үміт және жанқиярлықпен қытайға қарсы соғыс бастадық. Ниетіміз Аллаға аян еді. Алла жар болды. Жеңіске жеттік. Ол жеңісті өткен жылы «Түркістан тойы» деп мерекеледік. Ал қазір сол Шығыс Түркістан үкіметі жоқ. Ол орыстың ойыншығы «Үш аймақ» дегенге айналды. Орыстың кім екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Баяғыда осы жаққа батыстан ауып келген елдің сиқын көрдіңіздер. Олардың Қазақстандағы ашаршылықты және «құдайсыздар үйымы» мен жаппайы тұтқындау, сондай-ақ мал-мүлікті тартып алу сияқты орыстың зұлым-зомбылығын айтып зарлағаны естеріңізде шығар. Әне сол орыс, негізінің қалануына осындағы бәріміз де үлес қосқан Шығыс Түркістан үкіметін жойып, бастығы Әлихан төрені де тұтқындап, енді «Үш аймақ» деген қуыршақ үкіметті желеу етіп отыр. Біз бүгін сол құрылып, етек жаюына өзіміз қалтқысыз көмектескен Шығыс Түркістан үкіметіне қарсы емес, оны құлатып «Үш аймақ» үкіметі деген желеуді бетке ұстап отырған орысқа қарсы күрес бастаймыз. Бұл Дін үшін, Отан үшін, ұлттық намысымыз үшін атқарылатын біздің парызымыз, – деді.

Содан кейін, Арыстанбай молла сөйлеп, Дін үшін, Отан үшін соғысудың, сол жолда шейіт болудың үлкен мәртебелі іс екенін айтты. Сол кезде ақ шүберекке оралған құрандар әкелінді. Атқа мінген екі кісі екі жағынан керіп ұстап тұрған арқанның бірнеше жеріне әлгі құрандар ақ шүберекке ораулы күйінде байланды. Әлгінде бесін намазын оқыған жұрттың бәрінің дәреті бар-ды. Соның бәрі Арыстанбай молланың бастауымен; «Аллаху-акпар, Аллаху-акпар, Ләй-илләхэ иллә Аллах. Аллаху-акпар, Аллаху-акпар» – деп дауыстап тәкбір түсіре бастады.

Содан кейін, жауынгерлер түгел аттарына мінді. Дауыстап тәкбір түсіре тұрып, кезекпен Арыстанбай молланың қолындағы құранды ұстап, сол бойы керулі арқандағы құранның астынан өтті. Ол рәсім біткеннен кейін, жауынгерлердің бәріне бірдей жаназа намазы оқылды. Бұл менің тірі адамға жаназа намазының оқылуын тұңғыш көруім еді. Жаназа намазы аяқталғаннан кейін қызылөзендік жауынгерлер, бірнеше рет әлгі тәкбірді дауыстап қайталады. Содан соң «Алла! Алла! Мұхаммед! Мұхаммет! Алаш!Алаш!» – деп Үшбұлақ жаққа қарай шаба жөнелді

Ұран салып жауға қарай шаба жөнелген бұл жауынгерлердің осыдан екі жыл бұрынғы беталысынан өзгешеліктері бар еді. Біріншіден, бұл жолы олардың бәрінің мылтығы және жеткілікті оқтары бар-ды. Екіншіден, сәл соғыс тәжірибесіне де ие болған-ды. Бірақ, екі жыл бұрын (1945) олардың дұшпаны – қытай еді. Ал бұл жолы қарсыласып, бір-бірін өлтіруге тырысатын жаулары болса, орыс айдап әкеліп арандатып отырған, өзінің туыс қазақтары мен қаны бір, діні бір ұйғыр туысқандары еді <...>

Орыс офицерлері тікелей басқарған «Үш аймақ» әскерлері Ұлужан –Бортынке жаққа шабуылын сәл саябырлатып, барлық күшті Қызылөзен жаққа бұрды. Оның екі түрлі стратегиялық мәні болды. Біріншіден, бұл көтерілістің бас пәтер штабы – Қызылөзендегі Қалибек хакімнің ауылы еді. Екіншіден, егер Қызылөзен жақтағыларды ысқырып, Манас өзенінің басындағы Шорқұдық тұсынан өтетін көпірдің батыс жақ аузын қолға түсірсе (көпірдің шығыс жағын қытайлар күзетуде. Манас өзені – шекаралық сызық) онда Бортынке – Ұлужан қоршауда қалып, ондағы сарбаздар қол қусыруға мәжбүр болады.

Сейтіп «Үш аймақ» коммунистері барлық күш-қуатын Қызылөзен жаққа шоғырландырды. Олардың басты нысанасы әлгінде айтылған Манас өзеніндегі көпір еді. Сол үшін жаудың негізі күші солай қарай беттеді. Қызылөзен елінің сарбаздары жаудың осы тобына қарсы шықты. Бұл арада Қызылөзендегі біздің ауылға сұқтанған ерекше шабуыл да үдей түсті. Олардың шолғыншылары ауылдың жақын маңында да кездесті. «Біз Манас жаққа қарай ығыса көшсек, басқа ел түгел үркеді, сарбаздардың қарсылық көрсету жігері азаяды», – деп әкем біздің ауылды орнынан қыбырлатпады. Сондықтан, мейлінше жақындаған жаумен атысқан дауыс біздің ауылдан да естіле бастады. Жағдайдың өте қауіпті болуына байланысты, 1947-жылдың қараша айының аяқ шенінде, бір түні ауыл адамдарын Шишаң жолы арқылы Манас өзеніндегі тау алқымындағы көпірге қарай жылжыттық. Әрине, әкем үйде емес-ті. Ол 1945 жылғы соғыс кезіндегідей жауынгерлерінің қасында, дұшпанның қарсысында еді.

Әкем содан кейін де, сонау Үндістанға жетіп, оның шекарасында қару тапсырғанға дейін, жайшылықта көштің алдында шолғыншы және бастаушы болып, жау шауып ел қашқан кезде елдің артында, дұшпанның қарсысында, еліне қорған болуға тырысып далада жүрді. Әкемнің ауылына, өз үй-ішіндегі ісін, сол жаугершілік кезінде немерелес ағасы Мұхамметжанұлы Сәбәділ атқарды. Сәпең ымыртта, қараңғы түсе бергенде ауылды Қызылөзендегі қыстаудан алып жүрді. Жанымызға көп ештеңе алмадық. Тек киіз үйдің ағашы мен үзік-туырлық сияқты бұйымдарын бірнеше түйеге арттырды. Қазан-ошақты алдық. Сонымен Манас көпіріне қарай үрке жөнелдік. Таң ата, үркіп бара жатқан қалың ел қатарында Шишанды басып өтіп, Манас көпіріне қарай асатын белге өрлейтін сайға жетіп қондық. Ол жерге келгеннен кейін байқадық, қыстаудан үркер кезде ішіп-жейтін тамақтық ештеңе алмаппыз. Және біздің ауылдың жүзден аса сиыры қыстау жұртта қалыпты.

Күндіз Сапең жанына бірнеше жігіт алып, «ауылдың азаматы» 14 жастағы мені де ертіп, кейін жұртқа қарай жүрді. Біз Шишаңнан өтіп, Қызылөзенге қарай қиялап бара жатқан жолда бала Хамза Шөмішбайұлын кездестірдік. Бір қолын мойнына асып алыпты. Аты жығылып мертігіпті. Бізге: «Айналайын тез қайтындар. Жағдай қауіпті» – деді. Одан өте бере, Арыстанбай молланы жолықтырдық. Ол кісі беліндегі наганын түсіріп алыпты. Көш ізімен соны қарап келеді екен <...>

Бұл жерде аулымыздың жақын туыстары әлі күнге дейін өкінішпен еске алатын бір жағдайды да айта өтейін. Сол бір аса ауыр, кей кісілер «мынау – қияметтің қылкөпірі болды» – деп теңеген, Манас көпірінің екі жағындағы аса қиын жағдайда біздің ауылды басқару ісі кімде екені белгісіз еді. Әйтеуір қойшы – қойына, жылқышы – жылқысына ие болыпты. Алайда бұрын әкем сыртта, жау алдында, ел соңында жүргенде, тіпті, бейбіт-тыныштық уақытта да Райымбек ауылының барлық ісін Ілияс аға басқаратын-ды. Бірақ, бұл жолы олай емес-ті. Сол жылы жазда (1947) әкем мен туған інісі Ілияс аға арасында өкпе пайда болған. Оған кіші шешеміздің төркін жұрты себеп болды – деушілер де бар. Сөйтіп, 1947-жылдың жазында Ілияс ағаның үйі бізден бөлініп кеткен-ді. Сол үшін де біздің ауылымыз Манас өзеніндегі сол бір аса қарбалас жағдайда иесіз қалғандай еді. Он төрт жастағы әкемнің үлкен ұлы менің жағдайым да шамалы болатын.

Бірнеше күннің ішінде Қызылөзен елі түгелімен, Бортынке елінің де бір бөлігі Манас көпірінен өзеннің шығыс жағына өтіп үлгерді. Соғыс кезінде қаза болғандар да, қолға түскендер де бар. Ең маңыздысы, Ұлужан – Бортынке елінің бір бөлігі, Тәкіман батыр жетекшілік еткен жауынгерлер, жау қоршауында қалған-ды. Оларға көмек жіберу, жағдайынан хабар алу мүлдем мүмкін емес-ті. Тікелей орыс қолбасылар басқарған «Үш аймақ» қосындары Қызылөзен, Қорқыс және Манас өзені арасын толығымен басып алған-ды. Тәкіман батырдың сарбаздары Қорқыс өзенінің батыс жағында қалған. Бізбен олардың арасы қашықтығы, мықты атпен қатты жүрген кісіге екі-үш күндік жол. Ал ол жолдың бәрі жаудың қолында.

Қызылөзендегі қыстауға барып, қалған заттар мен сиырларды айдап қайту үшін кеткен Сәпең бастаған біздің тобымыз жау шебінің артында қалып «қолға түсіп кетті» деп үрей туғызған төрт-бес күннен кейін, әлгінде айтылғандай, салт басымыз аман-есен елге жеткенбіз. Бірақ жағдайдан әлі апамның хабары жоқ-ты. Біздің өлі-тірімізді білмейтін. Сәпеңе мен: апама барайын – деп сұрадым.

– Аман келгенімізден ағаңның хабары болды. Енді апаңа бар. Апаң, сенің қайныңның үйінде екен, – деді Сәпең (Ол кезде және Түркияға келгенге дейін біз Білал екеуміз әкеме «аға» деуші едік. Түркияда әкеге аға деу ерсі саналады екен. Сондықтан біз де түріктер сияқты әкемізге «баба» дейтін болдық) <...>


Тәкіман батырдың жау қоршауын жарып шығуы
1947 жылдың күзінде басталған соғыстың алғашқы кезеңінен бері Бортынке – Ұлужан елі мен Қызылөзен елінің байланысын үзу, Бортынке елінің Қызылөзен елінен көмек алуына кедергі болу, сондай-ақ Манас өзені басындағы көпірді қолға түсіру тактикасын қолданған және орыстар тіке басқарған «Үш аймақ» қосындары сол мақсаттарына жеткен-ді. Жоғарыда айтылғанындай, Қызылөзен елі мен Бортынке елінің қомақты бір бөлігі Манас өзенінің шығыс жағына өтіп үлгерген кезде көпірдің батыс жағына орыстар басқарған «Үш аймақ» әскерлері де жеткен-ді.

Бұл жағдайда Қорқыс өзенінің батысында қоршауда қалған Тәкіман батырдың енді Манас өзенінің басындағы көпірден шығыс жаққа өтуі мүмкін емес-ті.

Үш Аймақ әскерлері бұдан кейін барлық күшін Тәкіман батырды қолға түсіруге жұмсады. Тәкіман батырға көмек жіберуге тырысқан Қалибек хакімге қытай үкіметі кедергі жасады. Қытай үкіметі 1946 жылы Үрімжіде жасалған келісім шартына сай: екі жақ бір-біріне шабуылдамауы тиіс, сіздердің Манас өзенінің шығысынан өтіп барып Тәкіманға көмектесуіңіз, қытай жақтан жасалған шабуыл боп есептеледі – деді.

Манас өзенінің шығысына өткен Қалибектің елі Тәкімандардың тағдырынан бейхабар болып, өте бір қынжылысты да, шарасыз жағдайда тұрғанда, 1948-жылдың ақпан айының ішінде, сол маңдағы жердің жағдайын жақсы білетін жұртшылықты таңырқатқан: «Тәкіман батыр бастаған ел Жушай дарасын басып, Жыланды асуын асып, Дазмияудың басынан айналып, Қарабұғытыдан Манас өзенінің шығысына өтіпті...» – деген хабар келіп түсті.

Бұл – аталған жерлерді жақсы білетін жергілікті халық үшін американдықтардың айға барып қонғандығы сияқты таңырқарлық ерекше оқиға болды.

Тәкіман батыр жетекшілік еткен ел Шиху – Орманбақ (Анжыхай) жақтан келген жаумен шайқасып жатқанда, арт жағынан, яғни Қызылөзен жақтан да шабуылға ұшырайды. Сонымен олар Қорқыс өзенін өрлеп, арасанға қарай ығыса соғысады. Арасанға өрлегенде сол жақтағы Қайынды сайына бұрылады. Қайындының басынан асып барып, Қызылөзеннің басына түседі. Одан Қызылөзенді өрлеп соғыса отырып, Жушай дарасына асады. Жушай дарасы Манас өзеніне құятын арналардың бірі. Сол арнадан Жыланды асуын асып, Дазмияу жаққа қарай құлдайды.

Бұл айтылған жерлер қыстың сондағы қарлы күндерін былай қойып, жазда мергендердің жаяулап әрең өтіп аң қарайтын, яғни, жабайы тау ешкі сияқты аң ғана өмір сүретін жерлер-ді. Қайыңды мен Жушай дарасына асатын асу және Жушай дарасының өзі ғана жазда отар мал апарылатын жерлер-ді. Ал түйе мен сиыр сияқты ірі малдар мен қатын-бала оған дейін ол жерлерге жұмыр дүние жаратылғаннан бері бармаған еді.

Алайда Тәкіман батырлар қысылғанда аталған жерлерден қатын-баланы, тіпті, түйе мен жылқы, сиырды да өткізген. Олар мәңгі-бақи ерімейтін ақ қар мен көк мұздың үстіне текемет, туырлық жайып өткен. Құз жартасты қиялардан көлікті арқанмен тартып шығарған <...>.



Тәкіман батыр бастаған сол елдің «Үш аймақ» әскерлерімен қарсыласқан соғысы өте қанды қырғын болған. Қорқыс өзенін өрлей қашқанда, оларды қуған «Үш аймақ» әскерлері Қайыңды сайының басындағы асуда Тәкіман батыр сарбаздарының батыл қарсылық көрсетуіне тап болады. Сол жерде «Үш аймақ» жағынан көп әскер қырылады. Өкінішке орай, олардың бәрі дерлік жас қазақ жігіттері еді. Яғни қашқан да, қуған да қазақ-ты. Орыс қолбасылар Алтайда Оспан батырға қарсы қазақ әскерлерін апарып арандатып, кейін: «Оспан батыр наймандарды қырды» – деп жалған пропаганда жасағанындай, Еренқабырға төсіндегі Қызылөзен мен Ұлужан –Бортынкедегі Қалибек, Тәкімандарға да қазақтарды айдап салған-ды. Қайыңдыдағы соғыста Тәкіман батырдың жақын серіктерінен Бәйзек бар бірқатар кісі оққа ұшқан. Бірақ, «Үш аймақ» жағының шығыны мол болған. Оны олар кейін шегінгенде соғыс майданында қалған оққа ұшқан әскер сүйегі аңғартқан. Сол өңірдегі ел «Тәкіман әскер қырған» деп те атайтын жерде және Қайындыда өздері соғыс кезінде өлтіруге мәжбүр болған «Үш аймақ» әскерлерінің жаназасын оқып, жерлеу де Нұрмұхаммет Атамбайұлы және Тәкімандарға нәсіп болған-ды (Тәкіманның молдалығы да бар-ды) <...>.
Қытайлардың Тәкіманды тұтқындауы
Тәкімандардың соншама үлкен батырлық көрсетіп, ол күнге дейін өте шебер мергендерден басқа жан өтпеген қиын таудан асып келіп, бізге қосылуы – біз үшін қуанышты да өте таңырқатқан құбылыс болған-ды. Ал қытайлар болса, Тәкіманның маңайындағы сарбаздарына үрейлене қарады. Өйткені, олардың бірқатарының үй-іші жау қолына түскен. Олар өз үй-іштері туралы хабар алу, егер олар өлтірілген болса, өшін алып, кек қайтару үшін Манас өзенінен батысқа қарай етіп, «Үш аймақ» әскерлеріне тұтқиылдан шабуылдар жасауды жобалауда еді. Қытайлар өз әкімшілігі астындағы жерден ондай шабуыл жасалуына рұқсат еткісі келмеді. Бұл Тәкіман батырға ұнамады. Тәкіман: «Үш аймақ» үкіметі бір қуыршақ, оның артындағы орыс біздің жауымыз. Ол – қытайдың да жауы, онда неге оған қарсы шабуыддамасқа», – деген тұжырыммен даярлық ісіне кіріскен. Оған қарсылық көрсеткен қытайларды да елегісі келмеді. Сол үшін де 1948- жылдың жазында қытай үкіметі Тәкіманды кенетген қолға алып қамады. Оны әкем мен қазақтың Үрімжідегі игі жақсылары қытай түрмесінен әрең құтқарды.
8-қазақ полкінің құрылуы
Манас өзенінің батыс жағынан бұрынғы Шығыс Түркістан жұмхұриеті, кейін «Үш аймақ» үкіметі деп аталған орыс ойыншығына айналған үкіметке қарасты Бортынке – Ұлужан мен Қызылөзеннен шығысқа өткен, жалпысына бірден «Қалибектің елі» делінетін елдің саны 8 000 үй шамасында еді Елдің ауыр жағдайы және 1947 жылы жазда Шорқұдық келіссөзі кезінде келісілген, қытай әкімшілігі астында тұңғыш рет ұйымдастырылатын ресми қазақ қарулы күштері мәселесін сөйлесу үшін 1948 жылдың басында Қалибек хакім Үрімжіге барып, сондағы қаражат министрі Жанымхан Тілебайұлы, Сәліс Әміреұлы, Зәкәрия Әшенұлы және Нығмет Мыңжанұлы сияқты қазақтармен, сондай-ақ, қытай басшыларымен сөйлесіп, батыстан ауып келген елге қосымша азық-түлік көмегін беруді қамтамасыз еткен-ді.

Үрімжідегі сол сөйлесулер және Зәкәрия Әшенұлының біз тұрған Тасырқай жаққа келуі, сондай-ақ, Оспан батырға да барып келісімін алуы нәтижесінде 8 Қазақ полкы құрылды. Оның жалпы қолбасшысы ресми түрде Зәкәрия Әшенұлы еді. Ал шындығында ол Оспан батыр мен Қалибек хакімге бағынатын. Оған Оспан батыр мен Қалибек хакім елінің жігіттері әскер етіліп алынған-ды. Полктің Еренқабырғадағы бөлімшесі Тасырқай өзенінің батыс жағында орналасты. Оның лейтенат және аға лейтенат, капитан деңгейіндегі жаттықтырушылары мен әскери тәлім-тәр бие берушілері қытайдың әскери мектептерінде оқыған, қытайша «жауган» деп аталатын жас қазақ жігіттері еді <...>.



Манас өзені мен Тасырқайдан Боғда Қаратау жаққа көшіп,

Үрімжіге жақындауымыз
Тасырқай өзенінің басындағы Сандумашан жайлауы өте бір келісті жер екен. Біздің ауыл соның жақсы бір жылғасына барып қонды. Жергілікті ел жалпысына бірден «Қалибектің елі» деп ат қойған Манас өзенінің батысынан ауып келген басқа жұртшылық та сол жайлауға шыққан-ды. Олардың өз қонысы мен өрісіне еншілесуін жергілікті ел ұнатпайтын-ды. Сондықтан, кей келіспестіктер пайда болып, сойыл-шоқпар жұмсалған қақтығыстар да болатын-ды.

Сандумашан жайлауында ауыл балалары Атамбайұлы Нұрмұхаммет молдадан оқи бастадық. Нұрмұхаммет молда атақты Нұрпай батырдың інісі. Молла бізге құраннан сабақ беріп, «құран аударатын» жағдайға жеткізуді жобалуда еді. Молланың Қамила деген әйелі бар-ды. Қамиланың әкесі Шығыс Түркістан қазақтарына аты таныс Иманқұл деген кісі. Ол ғасырдың бас шенінде, Бөке батыр ауғанда, соған ілесіп барып қайтқан, өте қайсар және батылдығымен аты шыққан тұлға. Сол Иманқұлдың – Қыжыкен, Сәкей деген әкелеріне тартып туған балалары да 1948-жылы Сандумашан жайлауын жайлаған-лы. Қыжыкеннің – Қабыкен деген, ол кезде жасы отызға толмаған бір баласы ел арасында жүрген қытай тыңшыларын сабап: «Қытайыңа айтып бар, біз орыспен қоса қытайды да кырамыз» – деп астындағы атын тартып алып, жаяу жіберіпті. Бұл оқиға қытайларды күдіктендірді, сондай-ақ, Қабыкеннің тұтқындалуына себеп ететін бір іске айналды. Ал Кабыкен тұтқындалып, қамалса, оның әкесі мен ағалары және басқа туыстары Кабыкенді құтқаруға ұмтылып, көзсіз батырлық жасауға баратыны анық-ты. Ондай бір жағдай қытаймен қақтығыс шығуына жеткізер еді. Дәл сол кезенде ондай бір кақтығыстың қазақтың пайдасына болмайтына даусыз-ды. Ол істі реттеу де әкемді әжептәуір әуре қылған-ды. Әкем Нұрмұхаммет молланы жіберіп, әйелі Қамиланың тете бауыры, Иманқұл ауылының атқа мінер азаматы Сәкейді шақыртып алып, ол арқылы Қабыкенге қытай тыңшының атын қайтарып, өзінен кешірім сұратып бітістірген-ді <...>.



<...>.Ол жаз бізге көбірек келіп-кеткендердің бірі 8-қазақ полкының қолбасшысы Зәкәрия Әшенұлы еді. Біздің үйде қонақтармен болатын әңгіменің басты тақырыбы – ішкі қытайда, қытай коммунист қосындарының алға басып жатқандығы және батыстағы «Үш аймақ» пен Совет Одағының соның сыбайласы екендігі болатын-ды.

Әңгіме бұл тақырыпқа ойысқанда, әркімнің ойына коммунистердің Қазақстан және жалпы батыс Түркістанда істеген және ұластырып отырған зұлым-зомбылығы түсетін.

– Сонда, – деп сұрайтын-ды кей кісілер, – бұл қытай коммунистері де, «Үш аймақ» үкіметі сияқты Мәскеудің итаршылары ма? Әй, қытай олардың Қазақстандағы сияқты орыстандыру саясатына көне қоймас!

– Коммунистердің бәрі бір. Қытайлардың қытай жеріне орыстандыру саясаты жүргізілуіне көнбеуі мүмкін. Бірақ, қытай коммунистері өз әкімшілігі астындағы қытай емес халықтарды қытайландыру ісіне кірісері, олардың мал-мүлкін тартып алумен шектелмей, олардың діні мен ұлттық әдет-ғұрыпына қарсы шабуьш бастайтыны да сөзсіз, деп түсіндіретін-ді екіншілер.

– Ал сонда қайту керек, – деп тарығатын-ды өзгелері.

Міне, сол: «Сонда қайту керек?» – деген сауалдың жауабы әкемді де көп толғандырып ойға шомытатын. Сол үшін ол өзінің сенімді кісілеріне: «Келешек қайда болады?» – деген сауалмен ой сала отырып: «Осы біз енді бұрынғы мекенге қайта алмайтын түріміз бар. Сол үшін де Үрімжі маңына қарай жылжиық. Оның аржағының беті ашық. Яғни қысылшаң күн туса, әрі қарай кете беруге болады» – дейтін. Бұнымен ол қажет болса елден кету керек дегенді меңзейтін.

Әне сол шешімге сай 1948-жылы Сандумашан жайлауынан түскен бойда біз Керметас – Қызылтастың үстіңгі жағымен Үрімжі маңындағы Боғда мен Қаратауға көштік. Бұл көшке Қызылөзен мен Ұлужан – Бортынке елінің көбі ермеді. Немесе жағдайларына байланысты ере алмады. Сөйтіп, көптеген жақын туыстарымыз бен ұзақ жылдардан бергі іргелес қоңсы-көршілерімізден айырыддық <...>.

Сонымен үздіксіз оншақты күн көшіп отырып, 1948-жылдың күзінде Үрімжіге жақын Қаратау (Нәньсан) етегіне барып жеттік. Біздің ауылдар, яғни Қожалақтың алты ұлының тұқымы толығымен сол жаққа бардық. Омарбай ауылы, Байқонақ ауылы, Хамза Шөмішбайұлының ауылы, Қайнаштың ауылы, Ахмет Қайрақбай (Ақыштың) ауылы, тағы көптеген Қызылөзен мен Ұлужан – Бортынке елі де солай барды <...>.


Каталог: repository -> history -> Ұжымдық%20жинақтар
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
Ұжымдық%20жинақтар -> Комиссар єаббасов
Ұжымдық%20жинақтар -> Арман да, арман, шын арман
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
Ұжымдық%20жинақтар -> Хайруллина Ғайша- сафура Құзырғалиқызы Менің шыққан тегім, жанұям
Ұжымдық%20жинақтар -> Аудармалары
Ұжымдық%20жинақтар -> «алаш» баспасы
Ұжымдық%20жинақтар -> Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   28




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет