Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы



бет4/28
Дата05.11.2016
өлшемі5,25 Mb.
#478
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28

Бірінші бөлім
1940жылғы бірінші көтеріліс

«Қорқақты қуа берсе батыр болады» ..............................................................................

Жасанды «қылмыс» торын жайды ................................................................................

«Моңғол, қазақ, қырғыз құрылтайы» мәселесі............................................. ...............

Алман-салық ауырлап, күн көріс қиынға соқты...........................................................

«Мылтық жинау әрекеті» .............................................................................................


1941жылғы екінші көтеріліс........

Қапылыс........................................................................................................................

1942 жылғы үшінші көтеріліс

«Ұшқыннан жалын қаулау»........................................................................................

«Балықты судан айыру»..............................................................................................

Бекіністер мен кенттерге қадалу

Тоғысқан тілектер, айқасқан білектер
Екінші бөлім

Жатсыну және кергу ................................................................................................

Алғашқы қажалыстар ..............................................................................................

Аңысын аңдап көрмек болды..................................................................................

Ілгерілей қимыл жасау ............................................................................................

«Барса келмеске» бет алды......................................................................................

Соғыс оты тұтанды ..................................................................................................

Соғыс жағдайы жаңа белеске көтерілді..................................................................

Оспан тобы қайта молайды ....................................................................................

Оспанның Гоминдаңмен қойындасып кетуі............................................................

Оспан тобының Алтайды уақыттық басып алуы..................................................

Оспанның Алтай өңірінен аласталуы.....................................................................

Гоминдаңның Оспанды құрметтеуі і және оған көмектесуі ...................................

Оспанның соңғы өмірі.............................................................................................

Қосымша ..................................................................................................................

БІРІНШІ БӨЛІМ


«Үш аймақ» төңкерісі – Шинжаңның (Шығыс Түркістан) таяу заман тарихындағы келелі уақиға. Бұл – Іле, Алтай, Тарбағатай халықтарының 1940 жылдардағы азаттық, демократиялық, ұлттық теңдік алу жолындағы күресі.

Тарихи маңызы бар, мақтанышпен тілге алуға болатын «Үш аймақ» төңкерісінде Алтайдағы қозғалыстың қалай басталғаны, қалыптасқаны, соңында жеңіске қалай қол жеткені туралы есте қалғандарымды оқырман қауымға ұсынбақпын.

1940 ЖЫЛҒЫ БІРІНШІ КӨТЕРІЛІС



«Қорқақты қуа берсе батыр болады». 1933 жылы 12-сәуір күнгі саяси өзгерістен кейін Шинжаңның саяси, әкімшілік, қазына құқығын шеңгелдеп, билік басына көтерілген Шың шы цай алғашқы бір мезгілде өз мақсатын іске асыру үшін бірталай ілгерілеушілік саясатты жолға қойып, халық көңіліне жағатын пайдалы істерді істеді. Атап айтсақ, «Империализмге қарсы тұру, СССР-мен дос болу...» – қатарлы алты ұранды алға қойып, Қытай коммунистік партиясының бірнеше таңдаулы мүшелері мен СССР-дің бірнеше ысылған қоғам қайраткерлерінің Шинжаңға келіп, Шинжаңның саяси, заң, әкімшілік, қазына, оқу-ағарту, баспасөз салаларында жауапты қызметтер атқарды. Шың шы цай билігінің алғашқы кезеңінде қоғам тәртібін орнықтыру, шаруашылық құрылысы мен оқу-ағарту, мәдениет істерін жаңа беталыс бойынша өркендету жақтарында ілгерілеушілікке қол жеткізді.

Осы мезгілден бастап Шинжаңның қоғамдық жағдайы жаңа бейнеге бет алып, саяси, экономика, өнеркәсіп, сауда-саттық, оқу-ағарту, денсаулық сақтау істерінде тың ілгерілеу болды. 1935 жылы Алтайда тұңғыш рет қазақ тілінде (сәл кейін монғол тілінде де) газет, журнал шығарыла бастады. Бұл қоғамдық сананың оянуына, дамуына жақсы әсерін тигізді. Өкініштісі, бұл бастама ұзаққа созылмады. 1936 жылдан бастап Шың шы цай өзінің нағыз екіжүзді қатыгез пиғылыын әшкерелей бастады. Өлке бойынша қалың халық бұқарасының саяси еркіндігіне, демократиялық құқығына, ұлттық теңдігіне құрсау салып, алға басар (демократ – Т.Ж.), отаншыл қайраткерлерді қолға алды. Түрлі-түсті алман-салықты барған сайын көбейтіп, халықты аш қасқырдай талап, рахымсыздықпен қанап, күн көре алмайтын күйге түсірді. Оның үстіне халық бұқарасының басына таңылған «қылмысты» әрекеттіңсан түрі орын алды.

Жасанды «қылмыс» торын ең бірінші зиялыларға құрылды. Тарихтан бергі саяси алаяқтардың ортақ тәсілінің бірі – жала жауып, жазықсыздың жанын алу. Бір мезгіл шын сырын ішіне бүгіп келген Шың шы цайдың да бүкіл Шинжаңда, сондай-ақ Алтай өңірінде де өзінің қара ниетін жүзеге асырудың ебін тапқан айласы осы болды.

Шың шы цай 1935 жылдың соңынан бастап Алтай көлемінде жергілікті сақшы орындары арқылы халық ішіне сан-сақсыз жасырын тыңшыларын орналастырып, өзіне сенімсіз деп білген әр ұлттың алға басар адамдарының үстінен бақылау жүргізіп, «мәлімет» топтап, оларға бағыттап өтірік «іс» қозғаудың әзірлігін жасай бастады. Сонымен арада көп өтпей түрлі-түсті жасанды істер алды-артынан бұрқырап ортаға шықты.


Алғашқы «қастандық жасап, бүлік тудыру» қылмысы мынадай: 1939 жылы наурыз айында өлкелік сақшы мекемесі Алтай аймақтық сақшы мекемесіне былай деп бұйрық түсіреді:

«Үрімжідегі Жаң Шин, Ма Шяу у, Қожанияз, Бұрһан, Баймолла тағы басқалары жаңа үкіметке (Шың шы цай үкіметін айтады) қарсы «қастандық жасап, бүлік тудыру» құпия әрекетіне қатысты Алтайдағы қазақтар мен ұйғырлар арасында бір талай тіректі адамдардың бары мәлім. Сондықтан, бақылау қызметін күшейтіп, бұндай адамдар қанша екенін және олардың кімдер екенін анықтап шығу қажет».

Сонымен, Алтай аймақтық сақшы мекемесі Алтай халқы арасында ең беделді саналатын отыздан аса адамды бақылау нысанасы етіп белгілеп, олардың сары ізіне шөп салып, әр қайсысының жеке-жеке «қылмыстарын» жинауға арнаулы тыңшыларын тағайындайды. Олар ақырында: Бұрһан 1933 жылы маусым айында Шың шы цай үкіметінің жұмсауымен Алтайға «насихат айту, көңілін аулау» елшісі болып барғанда қызмет бабымен жақын араласқан адамдардан Әлен уаң, Бұқат бейсі, Мұқаш Жәкеұлы, Әсенбай (ұйғыр) бастатқан отыздан аса адамды сол кезде-ақ өзіне жақын тартқан. ежелгі таныстығын пайдаланып, Үрімжідегі құпия ұйымның Алтайдағы мүшелері етіп қабылдаған – деген іс қозғайды. Сөйтіп, осы жылдың соңынан бастап Шың шы цай үкіметі Үрімжіде – Қожанияз, Жаң Шин, Ма Шяу у, Бұрһан, Баймолданы, Алтайдан – Әсенбай (ұйғыр), Ғұпыр шаңие, Мұқаммедхан Дамолла бастатқан жиырмаға жуық адамды қолға алды. Әйтседе, нендей сайқалдық себебінен екені белгісіз, бұл жолы Әлен уаң, Бұқат бейсі, Мұқаш Жәкеұлы сияқты қазақ беделділеріне қол созбайды. Бірақ, астыртын бақылау жұмысын босаңсытпайды.
Екінші, «Қытай Мұсылман мемлекеті» ісі. 1938 жылы өлкелік сақшы мекемесі: Алтайда үкіметке қарсы тағы бір ұйым бар. Бұл ұйым Алтайдың өз кезінде ерекше аймақ (1919 жылдан ілгері орталыққа төте қарайтын) болған тарихи дәстүрін пайдаланып «Қытай, Мұсылман мемлекетін» құрмақшы. Бұл ұйымның басты адамдары – әкімшілік мекеменің бас хатшысы, қазақ, ырғыз мәдени-ағарту ұйымының бастығы, фәндихұйдің (империализмге қарсы тұру қоғамы) 5 бөлімшесінің үгіт комитетінің меңгерушісі – Мәнкей Мәмиұлы, аймақтық оқу-ағарту мекемесінің бастығы және сыртқы істер бөлімінің меңгерушісі, баспахананың бас редакторы – Жю Шұң хұй, алтын кен мекемесінің бастығы – Лю Биң, көмекшісі Я Пиң, аймақтық әкімшілік мекемесінің бөлім бастықтары – Фаң Чың юан, Сәлім, Шабдан, Қамбар, Темірғали, Ақмолла, Оников (орыс) және тағы басқалар деген «факт» жасайды, әрі бұған дубән (губернатор) мекемесінің тікелей басшылығында өлкелік сақшы мекемесі жауапты болады. 1938 жылы ақпан айының орта шенінде дубан (губернатор) мекемесі «бақылау отрядының» Зо Шяу шан деген жауапты тергеушісі қылмыстың мән-жәйін жергілікті жердің өзінде «анықтау» үшін Алтайға жасырын жіберіледі. Зо Шяу шан бір айға жуық «тексеру» арқылы «расында осындай ұйымның бар екенін» анықтап Үрімжіге қайтып барып баян етеді. Нәтижеде сол жылы наурыз айының аяқ шенінде қылмысқа қатысты болып айыпталғандардың ішінде Мәнкей Мәмиұлынан басқасы түгелдей қолға түседі. Араға бес ай салып Мәнкей Мәмиұлы мен Қалел Бітімшіұлы қолға алынады.
Үшінші, «Мәуленов қылмысы». 1938 жылы қыста Алтай аймағында «Мәуленовтің қылмысы» делінген тағы бір жасанды қылмыс тексеріле бастайды. 1938 жылы қараша айында СССР-дың Үрімжідегі бас елшілігі:

– Жақында Қазақстандағы қызыл армиядан Мәуленов деген адам қашып кетті. Бұл адам Алтай өңіріне өтіп кеткен көрінеді. Көмектесіп табысып берсеңіздер, – деп дубан (губернатор) мекемесіне өтініш білдіреді. Шың шы цай үкіметі өлкелік қоғам қауіпсіздік басқармасы арқылы бұл міндетті Алтай аймақтық сақшы мекемесіне жүктейді.

Жасанды мәлімет беріп, құлқын тойдыруға кәніккен бір тыңшы неше күн өтпей жатып «Мәуленов Жеменей ауданы Сауыр жерінде, сүйегі (туысы) Қазыбек, Алтынбек байдың үйінде жасырынып жатыпты» – деген хабар жеткізеді. Алтай аймақтық сақшы мекемесінің адамдары Алтынбектің ауылынан Мәуленовті таба алмай, Мәуленовтің қайдан келіп, қайда кеткенін айтқызу үшін Алтынбекті қолға алады. Жан түршігерлік қинау көріп, тергеуге шыдамаған Алтынбек:

– Бір неше күннің алдында Мәуленовті – Әлен уаңның тапсыруы бойынша Нұртаза дегеннің үйіне жөнелткенмін, – деп «мойындайды». Бірақ Мәуленов Нұртазаның үйінен де табылмайды. Енді Нұртаза қолға алынып жауапқа тартылады. Бірақ Нұртазадан «көрмедім», «білмедім» дегеннен басқа жауап ала алмайды. Осылайша бұл қылмыс анықталмай қала тұрады.

1939 жылы көктемде Алтай аймақтық сақшы мекемесіне Шұй Ю чың – бастық, Рын Жың ру – орынбасар болып келгеннен кейін «Мәуленов қылмысын» қайта қарап, барлау жүргізеді. Түрмедегі Алтынбекті он неше күн бойы қайтадан қинап сұраққа тартады. Ақырында оны:

«Мәуленовтің Жеменейге келгені, үйімде болғаны рас. Ол әсілі Жапонияның тыңшысы екен. Оның Қазақ ССР-інен бұл жаққа өтудегі мақсаты – Алтайдағы қазақтар жаңа үкіметке (Шың шы цай үкіметін айтады), сондай-ақ СССР-ға қарсы ұйым құрып, көтеріліс жасамақшы. Ол ең алдымен Сарысүмбеде Шәріпханмен жолығып, байланыс орнатыпты. Шәріпхан оны Әлен уаңға жіберіпті. Әлен адам қосып беріп менің үйіме жасыртты. Кейін Нұртазаның үйіне ауыстырды. Шәріпханның Мәуленов арқылы Жапониямен астасып құрған ұйымында, менің білуімше Шәріпхан мен Әлен уаңнан басқа Бұқат бейсі, Қабыл тәйжі, Мұқаш Жәкеұлы бастаған көп адам бар. Менде соның ішіндемін» – деген «мойындамаға» зорлап қол қойғызады.

Осылайша Алтайдың жұрт беделділері мен қоғам қайраткерлерінен елуден артық адамды қамтыған тағы бір жалған, нақақ қылмыс қалыптасады. Нәтижеде бір жолда – Алтынбек, Нұртаза, Әбдібек, Әбілқасым, Шерияздан, Мауке, Нығымет сияқты жиырма шақты адам тұтқындалады. Олардың бірнешеуі түрмеден қайта оралмады.

Ал Мәуленов болса 1940 жылы Ақсудан ұсталады. Тергеу барысында Мәуленов Алтайда болмағанын, Алтайдың жәй-жапсарын мүлде білмейтіндігін айтады.


Төртінші, «үш тал сіріңке шырпысы» қылмысы. «Ұрының арты қуыс» дегендей, 1937 жылдың соңғы жартысынан бастап Шың шы цай үкіметі іркес-тіркес бірнеше жалған қылмыс жасап, дүркін-дүркін, топ-тобымен адам ұстап, қалың қауымның үрейін алады. 1939 жылы қыркүйек айынан бастап Алтайдағы сақшы мекемелері өзге аймақтармен болатын жол тораптарына бақылау орынын құрып, келген-кеткендерді қатаң тексеру белгісін жолға қояды. Осындай күндердің бірінде, Бурылтоғай жолын бақылайтын сақшылар Үрімжі жақтан келген жүргіншілер арасынан Ли Жың уын деген адамның қалтасынан үш тал сіріңке шырпысын тауып алады. Бұны нендей бір құпия байланыс жасаудың шартты белгісі деп күмәнданып, оны қамауға алады әрі қатты қыспаққа салып, сұраққа тартады. Бір жағынан, ақша арқылы шырғалап өтірік мойындама жаздырады. Ол:

«Жапония тыңшысымын. Ақпар жинауға келдім. Сарысүмбедегі Ма Жың сәймен, Ма Ёл иінмен байланыс жасамақпын. Бұл үш тал сіріңке шырпысы олармен тілдесудің шартты белгісі» – деген мойындама жазып береді.

Сонымен Алтай аймақтық сақшы мекемесі «қылмысқа қатысты» деген жаламен өздері бұрыннан нысанаға алған қазақ, қытай, ұйғыр, монғол ұлттарынан қырық адамды қамауға алады.
«Қазақ, монғол, қырғыз құрылтайы» мәселесі. 1939 жылы қыркүйек айында Шың шы цай үкіметі өлкелік «Қазақ, монғол, қырғыз құрылтайын» ашамыз – деген желеумен Шинжаңның жер-жерінен үш ұлттың ең беделді 280 адамын Үрімжіге шақырып алады. Алтай аймағынан – Алтай аймақтық әкімшілік мекеменің бастығы әрі қорғаныс штабының қолбасшысы Шәріпханды және Әлен уаң, Әбілмәжін, Бұқат бейсі, Сағдолла бейсі, Табын бейсі (монғол), Шолтым бейсі (монғол), Қабыл тәйжі, Оспан тәйжі, Дәлелхан тәйжі, Жанымхан тәйжі, Дәулетше тәйжі, Көкеней тәйжі, Ғалым тәйжі, Рахат тәйжі, Боранбай тәйжі, Нәзір тәйжі, Мұқаш Жәкеұлы, Ямлиха мүфти, Раздан имам, Бәди молда, Қалибек үкірдай, Татай тәйжі, Нұрмұқаммед үкірдай, Ыбрайхан үкірдай, Сүлеймен үкірдай, Жолды залың (монғол) және Нәсіпхан, Қазанбай, Енжылхан, Керейбай сияқты әртүрлі лауазымдағы 40-шақты адам Үрімжіге шақыртылып, көп уақыт мырза қамауда отырады. Олардың арасынан Шәріпхан, Әлен уаң, Бұқат бейсі, Мұқаш Жәкеұлы тағы басқалар қолға алынады. Бұл жағдай Алтай қазақтары арасында үлкен қобалжу және толқу тудырады. Өйткені, 1938 жылдың аяғында қолға алынған Мәнкей Мәмиұлы мен Қалел Бітімшіұлын қоспағанда, Алтай қазақтарының атқа мінерлерінің көптеп қолға алынуы осы жолы еді.
Алман-салық ауырлап, күн көру қиынға түсті. Шың шы цай үкімет басына шыққан алғашқы мезгілде жүргізген саясатының алдамшы бейнесі саяси жақта ғана емес, экономика саласында да көріне бастады. Бұны төмендегідей фактілермен түсіндіремін:

Бірінші, малшылардан алынатын шөп салманы 1939 жылы, 1936 жылғыдан бір есеге таяу артып, ірі қарадан – 3%, ұсақ малдан – 5% алым алынатын болды. Оның үстіне салық төлемі үшін ісек қой алу жарлығы шығарылды Бұрын болмаған «қан бажы», «айырбас бажы» деген салық түрлері пайда болып, айырбас бажыны – 6%-ке, қан бажыны – 5%-ке жеткізді. Онан да сорақысы, қан бажының алыну көлемін қыстық соғымға, тіпті әйелдердің қалжасына сойылған малға дейін кеңейтті.

Екінші, Шың шы цай үкіметі 1935 жылдың бас шенінде Алтайда алтын кен мекемесін құрады. Содан бастап Сарысүмбе, Бурылтоғай аудандарын негіз ете отырып Жәшікқарағай, Тойтұғыш, Жаңасай, Жолты сияқты бірнеше орында үкімет басқарған алтын кен орындары ашылады. Бастапқы мезгілде жергілікті жерден жұмысшы алынады. Қолы қысқа еңбекшілердің кәсіппен шұғылдануына, тұрмыс тапшылығын шешуіне көп-көрім пайдасы тиеді. Бірақ, арада бірер жыл өтер-өтпестен жұмысшылар атсыз-атақсыз басыбайлы құлға айналады. Алғашында белгіленген жалақы қайта-қайта кемітілді. Бара-бара алатын жалақының өзі жұмысшылардың кен орынынан қарызға алған азық-түлік, киім-кешектерінің құнын төлеуге жетпей қалады. Бұндай күйге душар болған жұмысшылардың кейбірі кен орынынан кетпек болған. Оларды кен қожайындары жібермей, қарулы бақылауға алып зорлықпен еңбекке салады.

Үшінші, елдің есін шығарып, еңсесін басқан тағы бір ауыр жүк – лау салығы болды. Шың шы цай үкіметі халықтың қарсылығын басу үшін әрі өзінің қауіпсіздігі үшін 1938 жылдан бастап Алтайға қыруар әскер орналастырды. 1939 жылдың соңына барғанда әскер саны екі мыңнан асып кетті. Ал алтын кен орындарында істейтін «жұмысшы-қызметкерлер» бес мың шамасында болды. Бұл кезде Алтайдың қатынас-тасымал істері өте артта еді. Үрімжіден Шиху, Дөрбілжін арқылы Буыршынға, онан Сарысүмбе қаласына баратын өте қарапайым жалғыз тас жол бар болатын. Аймаққа қарасты аудан аралығына және алтын кен орынына қатынайтын тас жол түгіл, арба жолда жоқ еді. Сондықтан, «жұмысшы-қызметкерлер», әскер аталған 7-8 мың адамның азық-түлік, киім-кешегі, қару-жарағы тағы басқа қажетті товарларын түгелмен жанды көлік арқылы тасымалдамай болмайтын. Ал бұған қажетті мыңдаған түйе, ат, өгіз, неше жүздеген лаушылар салық ретінде халықтан жиылып отыратын. Бұның бодауына берілуге тиісті «кіре ақы», шындап келгенде, кірешілердің тамағы, көліктерінің жем-шөбі, тағасы қатарлы шығындары үшін тартып қалынатын. Осылай, Шың шы цай үкіметінің Алтай халқының (90% қазақ) үстіне жүктелген алман-салығы жылдан-жылға ауырлап, бастарында ерік, малдарында билік болмайтын халге ұшырады.

Тіршіліктерінің жалғыз тынысы – қомды түйесінің, жалды атының, құйрықты қойының игілігін, ендігі жерде Шың шы цай үкіметі көрді. Қалың қазақ таудай тауқыметті тар заманға тап болды.
«Мылтық жинау әрекеті». Шың шы цай үкіметі халыққа өктем, қанау саясатын жүргізе отырып, халықтың қозғалып, өзіне қарсы шығуынан сақтану үшін 1939 жылдың қазан айынан бастап халық қолындағы қару-жарақты жинап алу әрекетіне көше бастайды. Соғым пышақтары да (бір қарыс келетін пышақтар да) бұдан қағыс қалмады. Қолда бардың бәрін тапсырса да Шың шы цай үкіметі бұған сене қоймады. Халық қолында әлі де тапсырылмай жасырылып қалған қару-жарақ бар деп қарады. Сол жылы желтоқсан айының басында Алтай аймағынан ел бастықтары, жұрт беделділері болып 400-ден аса адамды Сарысүмбеге (қазіргі Алтай қаласы) жиып алып, шекті уақыт ішінде (жаңа жылға дейін) ел қолындағы «жасырылып қойылған» қару-жарақты тапсыруға бұйырды.

Бірақ, олар жоқ мылтықты қалай тапсын?

Төменгі бес ауданның – Сарысүмбе, Буыршын, Қаба, Жеменей, Буырылтоғай аудандарының ел бастықтары құралақан болса да, уәделі күнге үлгіріп Сарысүмбеге қайтып барады. Оларды: «Үйренуге қатынасасыңдар», – деген сылтаумен қайтармай, қолға ұстап қалады. Бұл хабарды естіген Көктоғай, Шіңгіл ауданының ел ағалары: «Барсақ көретін күніміз сол болмақ», – деп бармай қояды. Осы тұста Шіңгіл ауданынан Ырысбек, Керім бастаған 40 әскер ел арасынан Баянбай, Байқадам, Сақсабай, Бөкейхан, Дөнен, Жақыпбай, Сүйен қатарлы адамдарды арт-артынан қолға алады. Бүкіл Алтай халқы арасында ықпалы аса зор екі діни басшының бірі – Ақыт Үлімжіұлын Көктоғай ауданынан тұтқынға алып, мешітін өртеп, құран кітаптарын жыртып, аяққа таптайды. Төменгі Алтайдан1 Құбыжап, Қарағұл, Өнерхан қатарлы ел бастықтарын түрмеге тастайды.

Осылай ер-азаматтың басына қауіпті күн туады. Ел еңіреп, бала-шаға қайғы жұтады. Өтірік, өсек қаулап, тыныштық шайқалады. Жұрт қобалжып, мазасыз күйге түседі. Осындай күндерде Көктоғай ауданының әкімі Шүй Ры ли ын, өлкелік мылтық жинау комитетінің мүшесі Хан Чың лин, Алтайды көріп қайту комитетінің мүшесі Уаң миң кі, Көктоғай аудандық сақшы мекемесінің бастығы Керім барлығы он адам Үліңгір өзені («Сарытоғай» деп те аталады) бойындағы елге келіп, алдымен Қарабұлғындағы мектепте мәжіліс ашады. «Жасырып қойылған» қару-жарақты тапсыру жөнінде насихат айтады. Сонымен бірге, Ақтеке, Есімхан, Зейнел, Мәсали, Мұтбай бастатқан отыз ел ағасына үш-төрт күннен қалмай Сарысүмбеде ашылатын қару-жарақ жинаудың екінші кезекті мәжілісіне қатысуды бұйырады. Осыдан соң, Бітеуде тағы бір мәжіліс ашады. Одан өрлеп Қапшағайға келген соң, Қарабұлғындағы Қалелдың ауылына барып, Сайып Қалелұлын ұстап әкелуге Сарноғайды (адам аты) екі әскермен жібереді. Өздері Зақобадағы Оқан зәңгінің үйіне келіп қонады. Осы кезде Есімхан үкірдай (сүйегі молқы) өзінің бірнеше ұлын, Оқан, Шағалақ, Еңсеген қатарлы жақын дос-жарандарын шақырып алып:

– Біз осы жолы Сарысүмбеге «мәжіліске» баратын болсақ, қайта оралмауымыз мүмкін. Бармай қоюға олар ерік бермейді. Ендеше, ендігі қалған жол – өліспей беріспеу. Сендер мақұл көрсеңдер, осы түнде тәуекелге бел буып, аналардың (Оқанның үйіне түнеген адамдарды айтады) көзін жоғалтайық та, қозғалып күрес жасайық, – дейді.

Осы шешімге келген бұлар жиырмашақты адам болып құралып, 1940 жылы ақпанның 2-і күні түнде, ел жатқаннан кейін, аяқтарына кигіз байпақ киіп, бұқпалап келіп, Оқанның үйін қоршап алады. Есік, терезеден атылып кіріп әкімі бар, бастықтары бар жиыны 11 адамды ұйықтап жатқан жерінде өлтіріп, қаруларын тартып алады. Бұдан соң, жоғарғы-төменгі елге: өздерінің осылай тәуекелге бел байлап, күреске шыққандарын айтып, хат жазып кісі шаптырады. Бұл кезде: Ақтеке – Сарысүмбеге аттанбақ болған соң оған – Қабый Бітімшіұлы, Сайып Қалел ұлы бастатқан туыс-туғандарымен қош айтып, аттандырып салу үшін екі күннен бері Ақтекенің үйіне келіп, қонақтап жатқан еді. Ақтеке Есімханның хатын Нүсіпбай Меңдібайұлы арқылы тапсырып алады.

– Болар іс – болыпты, ендігі мәселе көп болып жұмылып, алда болатын өлім мен өмірге қатысты шайқасқа дайындалу, – деген байламға келеді. Дәл осы кезде Ақтекенің үйіне Қалелдің төртінші ұлы Қазез келеді. Ол:

– Кеше кештен бері ауылға Сарыноғай1 бастық бастаған үш әскер келгенін, жетектерінде ер тоқымды бір ат барын, Сайыпты іздейтіндерін, өзін оны шақырып келуге жұмсағанын айтады. Мұны естіген Ақтеке, Қаби мен Сайып Сарыноғайдың нендей шаруамен жүргенін аңғарып, тізгін үшімен ауылдарына келеді. Әлгі «қонақтар» мылтықтарын шарбақтың қадасына іліп қойып, аттарына шөп салып, кәперсіз жүргенде, қаруларын қолға түсіріп, онан соң өздерін де өлтіреді.



Алтай халқының Шың шы цай үкіметіне қарсы тұңғыш қарулы көтерілісі осылай басталып, көтеріліс 9 айға созылды. Шың шы цай үкіметі әуелде бұл көтерілісті жөргегінде, әскери күшпен апыл-тапыл таптап тастамақ болып, сол тұста ең жаңа техникамен жабдықталған қыруар әскерін айдап салды. Ауыр-жеңіл пулемет, миномет, зеңбірек, ұшақ, танк қатарлы соғыстық қаруларды жұмсайды. Жан беріп, жан алысқан қиян-кескі соғыстар болады. Бұл соғыстың бастылары мыналар:

Алғашқы айқас. Шүй әкім тобы өлтіріліп, көтерілістің басталғанын үш күннен кейін ұғып, өш алу үшін және көтерілісті басу үшін ауданнан бір рота әскер шығарылады. Жол бастап баруға Сүлеймен Нүсіпұлы2 тағайындалады. Рота – Есімхандар тұрған жерге таяғанда рота командирі Сүлейменді ел ішін барлап келуге жібереді. Бұл кезде Ақтеке, Есімхан тобы олжа алған 13-14 мылтықпен бес жүздей адамды топтап Көктоғай кентіне шабуыл жасауға дайындалып жатқан. Сүлеймен оларға ауданнан бір рота әскер келгенін хабарлайды. Өзінің көтерілісшілер қатарына қосылғысы келетінін білдіреді. Көтерілісшілер оны тыңшы болуы мүмкін деп, өздері әскерлердің алдын кес-кестеп соғыс бастайды. Үкімет әскері қаптап келе жатқан топты алыстан байқап, тосқауылдап бекініс құрады. Көтерілісшілердің дүрсе қоя берген екпініне шыдай алмаған әскерлер қалаға шегіне қашады. Көтерілісшілер өкшелей соққылап, қалаға жеткенше соғысып, қырық неше әскерді өлтіріп, он неше қару-жарақ олжалайды әрі сол беті Көктоғай кентін қоршауға алады. Соғыс екі тәулікке созылады. Үкімет әскерлері берік бекіністерге сүйеніп қатты қарсылық көрсетеді. Көтерілісшілер аудандық үкіметті басып алғанымен, сақшы мекемесіне шегінген әскерлер мен сақшылар көтерілісшілерді ілгері бастырмайды. Көтерілісшілерден Сақыш, Қапас бастаған 5-6 адам шейіт болады. Ақыры қарулы күштің ара салмағының алшақтығынан көтерілісшілер қаланы тастап шегінеді.
Екінші, Сарытоғайдағы сайыс. Көтерілісшілер Көктоғай кентінен шегінгеннен кейін Ақпан айының соңына дейін тыныш жатады. Көктоғай кентінен келетін қауіптен сақтану мақсатында наурыз айының басында көтерілісшілер бұрынғы жерлерінен Шіңгілді бетке алып, ығыса-ығыса Өндірқара маңына орналасады. Осы кезде Шың шы цай үкіметінің Шағанқолда тұратын шекара қарауылшылар бөлімінен Ырысбек бастаған 80 неше әскер Шәкүртіге келіп түседі. Соны естіген Сүлеймен Нүсіпұлы Ырысбектің әскерімен сайысуға адам қосып, өзін жіберуді талап етеді. Оның қандай адам екенін білу үшін Есімхан, Ақтеке мақұл болады. Сүлеймен өз ауылдастарынан ығай мен сығай делінген жүздей адамды ертіп, Мәсалиді ақылшы етіп алып, Ырысбектің әскерімен айқасады. Бір күнгі соғыстан кейін Ырысбектің әскерлері қаша соғысуға мәжбүр болады. Соғыс шебі жылжи-жылжи Шіңгіл жеріне ауысады. Ең соңғы соғыс Сарытоғайда болады. Осы соғыста Ырысбектің әскері күйрей жеңіледі. Ырысбек өзі 3-4 адаммен қашып құтылады. Көтерілісшілер 70-тен аса мылтық олжа алады. Сүлеймен бұл шайқаста бір өзі 20-ға жуық жауды жояды. Сөйтіп, Сүлеймен сенімді адам қатарында танылып, « батыр» деген атақ алады. Бұл жолғы ұрыста Мұса Тұрақбайұлы да асқан мергендігімен көзге түседі.
Каталог: repository -> history -> Ұжымдық%20жинақтар
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
Ұжымдық%20жинақтар -> Комиссар єаббасов
Ұжымдық%20жинақтар -> Арман да, арман, шын арман
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
Ұжымдық%20жинақтар -> Хайруллина Ғайша- сафура Құзырғалиқызы Менің шыққан тегім, жанұям
Ұжымдық%20жинақтар -> Аудармалары
Ұжымдық%20жинақтар -> «алаш» баспасы
Ұжымдық%20жинақтар -> Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет