Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі


ҰЛЫ ӘБІЛҚАЙЫР ЖӘНЕ АБЫЛАЙ ХАНДАР – МӘМЛЕГЕРЛЕР, ҚОЛБАСШЫЛАР, БИЛЕУШІЛЕР ЖӘНЕ САЯСАТКЕРЛЕР



бет5/6
Дата05.11.2016
өлшемі2,39 Mb.
#869
1   2   3   4   5   6

ҰЛЫ ӘБІЛҚАЙЫР ЖӘНЕ АБЫЛАЙ ХАНДАР – МӘМЛЕГЕРЛЕР, ҚОЛБАСШЫЛАР, БИЛЕУШІЛЕР ЖӘНЕ САЯСАТКЕРЛЕР
Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздік алуы дамуын жалғастырып келе жатқан процестердің тұтас бір қатарына бастау берді. Олар мемлекеттің және халық өмірінің түрлі жақтарын қозғайды. Қазақстан мәдениеті жаңа заман дәуірінде алдыңғы ұрпақтың дәстүрлерді одан әрі сақтауымен және дамытуымен, тарих пен мәдениеттің жаңа ескерткіштерін ашумен, мавзолейлерді, ескі мешіттерді, көне қалаларды бұзылмайтын ету, қайта жаңғырту бойынша жұмыстарды жандандырумен, жаңа тарихи-мәдени мұрағат-қорықтары негізінде жасаумен сипатталады. Қазақстан Республикасының «тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану туралы», «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы», «Мәдениет туралы» заңдары қабылданып, іске асырылуда [1].

Қазақстан Республикасының Президентінің 2004 жылы 13 қаңтарда №1277 Қаулысымен Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі әзірлеген «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Осы бағдарламаның мақсаты – рухани және білім беру саласын дамыту, еліміздің мәдени мұрасының сақталуын және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету. Бағдарлама міндеттері: еліміздің маңызды тарихи-мәдени және сәулеттік ескерткіштерін жаңғырту; мәдени мұраны зерделеудің тұтас жүйесін жасау, оның ішінде жаңа заманғы ұлттық мәдениетті, фольклорды, дәстүрлер мен салттарды жаңғырту; ұлттық әдебиеттің көп ғасырлық тәжірибесін және жазба әдебиетін толық көркем және ғылыми серияларын құрастыру арқылы жалпылау; мемлекеттік тілде әлемдік ғылыми ойлардың, мәдениет пен әдебиеттің үздік жетістіктері негізінде гуманитарлық білімнің толыққұнды қорын жасау; еліміздің қорларында, мұрағаттарында және қоймаларында жатқан көрнекті ауызша кәсіби дәстүрлі орындаушы-музыканттардың фоножазбаларын жаңа заманғы аудиотасымалдағыштарға жаңғырту және тасымалдау болып табылады [2].

Бүгінгі күні біздің мемлекетіміздің басымдықтарының бірі мәдениетті қолдау болып табылады, себебі мәдениет – бұл моральдық-адамгершілік құндылықтары, адамды әлеуметтендіру, оны азаматтық міндеттерге қатыстыру жүйесінде негізгі элемент.

«Бірде-бір дәуірді, оның ұлы адамдары туралы түсінік алмастан дұрыс түсіну мүмкін емес, - дейді, біздің мемлекетіміздің басшысы Н.А. Назарбаев. Немесе адамзат тағдыры арасынан тарих барысын көріп қана қоймай, оған жанымызбен енеміз» [3].

Ірі тарихи тұлғалардың тағдыры олардың өмірлерінің хронологиялық шеңберімен тұйықталмайды және болашақ ұрпаққа адамгершілік өсиетін қалдырады.

Әбілқайыр хан 1693 жылы Түркістан қаласында туған. Ол - Әз Жәнібектің бесінші ұрпағы. Шыңғыс ханнан бастап тарататын болса ол хан әулетінің он сегізінші ұрпағы. Әз Жәнібектен тоғыз ұл тарайды, солардың бірі – Өсеке сұлтан одан Бөлекей ноян, одан Ырыс сұлтан, одан Хожа сұлтан, одан Абдолла сұлтан туған, Әбілқайыр осы Абдолла сұлтанның баласы. 1710 жылы Қарақұмдағы халық жиынында жас Әбілқайыр Кіші жүз әскерінің қолбасшысы және хан болып сайланды, ал түмен басы болып атақты Бөгенбай батыр тағайындалды. 18 ғасыр қазақ халқы үшін ел басына күн туған кезең болды, жоңғарлар тарапынан болатын шабуылдар халықты көп күйзеліске ұшыратты. Әбілқайыр бұл сұрапыл соғыста жанкештілік танытты. Ол бабаларының иелігінде болған Сайрам, Түркістан және Ташкент қалаларын қорғау жолында ерен ерлігімен көзге түсті. Бұл қалалар жоңғарлардың қоршауында қалған кезде, тең емес ұрыста анасы мен әйелі тұтқынға түскен соң, Әбілқайыр хан шегінуге мәжбүр болды. 1718 жылы Аякөзде Әбілқайыр мен Қайып 30 мыңдық әскері жоңғарлармен қанды шайқас жүргізді.

Әбілқайыр жастайынан батылдығымен танылып, дарынды әскербасы және білгір саясаткер болды. 1726 жылы үш жүздің қазақтары бас қосқан құрылтайда билер мен батырлар бірауыздан Әбілқайырды Қазақ хандығы әскерінің бас қолбасшысы етіп сайлады [4, 140-б.].

Әскербасы Әбілқайыр халық жасақтарында қыруар істер атқарды, соғысу қабілетін жоғары деңгейге көтерді және қарулы күштерде адамгершілік рух пен патриотизмді марапаттап отырды. 1728 жылы қазақ әскері жеңіске қол жеткізді. Бұл шайқастар, Ұлытау тауларында, Қарасиыр жері мен Бұланты өзенінің бойында болды, мұнда қазақтар қонтайшының ұлы басқаратын экспедициялық корпусты талқандады. Бұл жеңістен кейін халық көкейінде жеңіске қол жеткізуге болады деген сенім ұялады. Басқыншыларға қарсы халық жұмыла көтерілді [5, 179-б.].

Алайда бұл жеңілістен кейін де жау әлі күшті күйінде қалды. Жағдайға қанық Әбілқайыр жаңа шабуыл бастады. 1730 жылы көктемде Балқаштың оңтүстік шығысындағы Итішпес елді мекенінде Әбілқайыр бастаған қазақ әскері жауларды тағы талқандады. Жоңғарларға қарсы жүз жылдық соғыста қазақ халқы өзгерісті кезеңге аяқ басты, жеңіске бір табан жақындағандай болды.

1731 жылы Ресей сыртқы істер министрлігінің М. Тевкелев бастаған елшілігі Ырғыз өзенінің бойындағы Майтөбе деген жерде отырған Әбілқайырдың ордасына келіп, қазақ ұлысын Ресей құрамына алу туралы келіссөз жүргізді. Әбілқайыр 1731 жылы 10 қазанда Ресей империясының қарамағына кіргендігі жөнінде ант берді. Бұл антты 1738, 1740, 1742 жж. қайталады. Ант беру арқылы ол Ресеймен тату тұруды, орыс қарамағындағы башқұрттар мен Еділ қалмақтарының қазақ жеріне шапқыншылығын тоқтатуды, Ресейдің көмегімен жоңғарлар басып алған жерлер мен қалаларды қайтып алуды көздеді. Осылай өзінің беделін арттырып, үш жүздің басын біріктіріп өзі билеуді, хандықты балаларына сайлау тәртібімен емес, мұрагерлік жолымен қалдыруды жүзеге асырмақ болды. Сөйтіп, ол жеке мүддесімен қатар халықты апаттан сақтауды да ойлады [4, 141-б.].

Қазақ мемлекеттілігінің дана саясатын беріктендіруді Абылай хан жүргізді (1711 - 1781 жж.). Абылай хан – осы дәуірдің саяси жарқын тұлғаларының бірі. Қазақ мемлекеттілігінің өркендеуі және сыртқы қауіппен күрестегі жетістіктер соның есімімен байланысты. Абылай хан (сондай-ақ Абылай, Әбілмансұр) атақты хандардың бірі, Көркем Уәли сұлтанның ұлы, қанішер Абылай ханның немересі, Барак ханның ұрпағы (9-буында). Шын аты – Әбілмансұр. Абылай деп өзінің әскери ұраны «Абылай» бойынша, шексіз батылдығы мен ұрыстағы тегеурінділігі үшін «Қанішер Абылай» атанған атасы қанішер Абылай ханның құрметіне аталған.

Абылай 13 жасында Жоңғария ханы Цеван Рабданның шапқыншылығы кезінде әкесінен айрылады. Орта жүз Самарқандқа қоныс аударуға мәжбүр болады. Жас кезінде-ақ Абылай дана атанған және ең шытырман жағдайлардан құтылып шығатын керемет қабілеті үшін «Аруақ» деген атақ алған.

1739 жылы, Симеке хан қайтыс болғаннан кейін келесі хан - Әбілмәмбет, оның әскери басшысы Абылай болады. Басқару жылдары – 1771-1781 жж. Абылай соңғы қазақ ханы болды, оның беделі қазақ жерінің барлық түкпірінде толассыз болды. Өзінің дипломатиялық қызметінде бір мақсатты – ежелгі аумақтарды қазақ руларының иелігіне қайтаруды көздеді.

Абылай хан халық есінде тәуелсіз қазақ мемлекеттілігінің символы ретінде қалды, ол қазақтардың басқарушысы ретінде бөтен жердің монархы болып тағайындалған жоқ, құрылтайда өз дәрежесінде – халық жиналысында сайланды, онда қазақ қоғамының барлық сословиесі көрінді.

Жас кезінде Абылай ақылды деп аталды және ең қиын жағдайлардан шығып кетудегі керемет қабілеті үшін «Аруақ» деген атаққа ие болды.

18 ғасырдың 30-шы жылдарының аяғында Абылай есімі бізге белгілі құжаттарда Әбілмәмбет ханмен қатар аталады. Орыс тарихшысы А.Левшин: «1739 жылы Орта жүзде Сәмеке (Орта жүздің батысындағы аз санды руларды биледі) ханның орнына хан сайлаудан бұрын Әбілмәмбет пен Абылай екеуі бірдей хандық билік жүргізген» - деп жазды [6, 18-б.].

1738-1741 жылдары Абылай хан бастаған қазақ қолы жоңғар басқыншыларына бірнеше мәрте соққы берді. 1742 жылы Абылай хан тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғарлардың қолына тұтқынға түсті. Сол кездегі ойрат басқыншыларына қарсы күрестің ең белсенді ұйымдастырушыларының біріне айналған Абылайдың жау қолына түсуі қазақ қоғамында абыржушылық туғызып, оны босатып алу үлкен саяси мәселеге айналды. Тарихи жырларда қазақ билеушілерінің атынан Төле би мен Әбілқайыр хан Орынбор әкімшілігінен Абылайды тұтқыннан босатып алуда ара түсуге өтініш жасады. Бұл деректің шындық екенін осы кезеңде Орынбор генерал-губернаторы И.Неплюев пен Әбілқайырдың өзара жазысқан хаттары да дәлелдей түседі. Қазақтың үш жүзінен Төле би бастаған 90 адам елші барып, келіссөз жүргізіп, 1743 жылы қыркүйектің 5-інде Абылайды тұтқыннан шығарып алды. Бұл жөнінде И.Неплюевтің Сыртқы істер алқасына жазған хатында қазақтар мен қалмақтар бітімге келіп, бірігіп кете ме деген қауіп те білдірді.

Абылай билігінің күшейе түсуінің жаңа кезеңі 1744 жылы Әбілмәмбеттің Түркістанға көшіп кетуі уақытына саяды.

Саяси ахуал тұрақталған шақта Абылай қазақ жерінің бүтіндігіне қол сұққан басқалармен де ымырасыз күрес жүргізді. 1754-1755 және 1764 жылдары қырғыздар Жетісуда біраз ауылдарда шауып, Жауғаш, Көкжал Барақ және Шынқожа батырлар бастаған әскерлерді Ақсу, Көксу және Шу бойында талқандайды. Осы себепті Абылай 1755-1765 жылдары Қырғыз ұлысына жорық жасап, Іленің сол жағасын, Шу бойын тазартады, қазақ пен қырғыздардың Нарынқолдан Қордайға тартылған, күні бүгінге дейін сақталып отырған шекарасын анықтайды.

Өмірінің соңғы 15 жылында Орта Азия хандықтарына қарсы тынымсыз күрес жүргізді. 1765-1767 жылдары Абылай қолының Қоқан билеушісі Ерденбекпен соғысының нәтижесінде Түркістан, Сайрам, Шымкент қалалары қайтадан қазақтар иелігіне өтті. Ташкент алым төлеп тұратын болды.

Абылай Ресей мен Қытай империяларының арасында орналасқан Қазақ елінің геосаяси жағдайына икемделген саясат жүргізді. Қытай әскерлері жоңғарларды жойып, Орта Азия мен Қазақстанға ене бастаған кезде мұсылман елдерінің басын қосуға ұмтылып, Ауған шаһы Ахмад Дурранимен келіссөз жүргізді. Түркияға елшілік жіберу ниеті де болды. Қытаймен қатынас жақсара бастаған кезде орыс бодандығынан бойын тартып, патша әкімшілігінің шақыруымен хандық белгілерді қабылдау үшін 1779 жылы қазан айында Петропавл бекінісіне барудан бас тартты.

Абылай өмір жолын ат үстінде жорықтарда өткізіп, Арыс өзені жағасында қайтыс болды. Сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің ішінде Қабырхана мен Ақсарай арасындағы дәлізде жерленген. Абылайдың артында 12 әйелінен 30 ұл, 40 қыз қалды. Қазақ халқының жадында Абылай қажырлы мемлекет қайраткері, батыл қолбасшы, дарынды дипломат ретінде сақталып келді. Оның есімі тәуелсіздік символына, жауынгерлік ұранға айналды.
Әдебиеттер тізімі
1. Закон Республики Казахстан «Об охране и использовании объектов историко-культурного наследия» // Казахстанская правда. – 1992. – 2 июля; Закон Республики Казахстан «О Национальном архивном фонде и архивах» // Казахстанская правда. – 1998. – 22 декабря; Закон Республики Казахстан «О культуре» // Казахстанская правда, 2006, 15 декабря.

2. Государственная программа «Культурное наследие» // Казахстанская правда, 2004, 13 января.

3. Назарбаев Н. Независимому Казахстану – жить и здравствовать // Казахстанская правда, 1998, 16 декабря.

4. Казахское ханство. – Алматы: Аруна, 2009. - 224 с.

5. История Казахстана с древнейших времен до наших дней. Очерк. – Алматы: Дәуір, 1993. – 416 с.

6. Касымбаев Ж. Абылай-хан. История, личность, время. Серия «Знаменитые люди Востока». – Алматы: Аруна, 2007. – 92 с.



7. Сулейменов Р.Б., Моисеев В.А. Аблай-хан. Внутренняя и внешняя политика. - Алматы: Жазушы, 2001.

А.А. Әбдрахманова,

Қарағанды мемлекеттік

техникалық университетінің

Қазақстан тарихы кафедрасының

аға оқытушысы

e-mail: aardasha@list.ru



ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛЫ БИЛЕРІ – ҚАЗЫБЕК БИ, ТӨЛЕ БИ, ӘЙТЕКЕ БИ
Біздің Қазақстан жерінде де өсіп-өнген ұлы тұлғалар аз емес, біз жүректерінде ешқашан үміт оты өшпеген, ұлы сенім, біздің елеміздің болашағына деген сенім аңғарғыш ақыл-ойын, өз отанына деген сүйіспеншілік пен адалдық алға жетелеген тұлғалардың есімдерін мәңгілік есте сақтаймыз. Біз қазір тұрып жатқан жерде, өз халқының тәуелсіздігі үшін батырлар шайқасқан заманда кітаптың көмегімен біз тас дәуірінен бастап біздің заманымызға дейін түрлі дәуірлерге саяхат жасаймыз. Тарих бізге ата-бабаларымыз, атақты тарихи тұлғалар: қазақ халқының дамуына зор үлес қосқан және болашақ тарихтың қорытындысына әсер еткен тайпа көсемдері, билеушілер, батырлар, билер, аңызшылар, қоғамдық және мемлекеттік қайраткерлер туралы айтады. Олар ғасырлар бойы бірлікке, тұтастыққа талпынды және осыған үйретуден жалықпады [1,2-б.].

Қазақтың атақты үш биінің есімдері – Төле би Әлібекұлы (1663-1765), Қазыбек Келдібекұлы (1665-1765) және Әйтеке Байбекұлы (1682-1766) – олардың мемлекеттік және қоғамдық қызметінің маңыздылығы тұрғысынан, шешендік өнерінің және поэтикалық шеберлігінің күші жағынан халықтың жадында мәңгілік сақталып қалды және тек Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге одан тыс жерлерде де танылды [2, 432-б.].

Сондай-ақ, осы жерде біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1993 жылғы 28 мамырдағы демократиялық жаңарулар кезінде, Шымкент қаласының жанында, Ордабасы тауында оның екі көршілес мемлекет – Қырғызстан мен Өзбекстанның Президенттерімен кездесуі кезінде айтқан сөздерін еске алу керек: «Біз халықтың әйгілі үш ұлы, үш даңқты данасының аттарын білеміз: Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би. Олар қазақтар үшін бірліктің ауыспайтын нышаны болды. Олардың армандаған сөздері Қасиетті кітаптардан алынған нақыл сөз сияқты ұрпақтардың ақылын жаулап алды. Олардың қазақ халқы үшін тарихи маңызын, олардың біздің тарихымыз үшін маңыздылығын асыра бағалау мүмкін емес. Және біздің халық ретінде сақталып қалғанымыз, егеменді мемлекетке атау бергеніміз, қазір тәуелсіздік туын көтергеніміз, қасиетті жерде игілікте, бейбітшілікте және келісімде өмір сүріп жатқанымыз үшін, біздер, қазақтардың қазіргі ұрпағы оларға толық міндеттіміз. Және олардың құдай берген өшпес жадының алдында басымызды төмен иеміз.

Би дегеніміз жай ғана қазы емес, осы құрметті лауазымға сайланған, өзінің бүкіл өмірінің мысалымен қазы болу құқығын дәлелдеген адам. Даналық, аңғарғыш ақыл, аналитикалық ойлау қабілеті, ата-бабалармен жинақталған заң білімдерінің жиынтығын иелену, тайпаның, рудың, ауылдың, қаланың, аймақтың, жүздің, бүкіл Ұлы даланың өмірінің дәстүр-салттық тәртібінің егжей-тегжейінде бағдарлану және міндетті түрде – жеке тұлғаның дақ түспеген моральдық-адамгершілік қасиеттерімен бірлескен шешендік өнердің жоғары деңгейі адамға таңдаулы би болу құқығын берген.

Төле, Қазыбек және Әйтекені халық барлық билердің биі деп атаған. Олар замандастар болған. Олардың әрқайсысы туралы академик С. Зиманов былай дейді:

«Төле би қазақтың ежелгі этностық бірлестігі үйсіндерден шыққан. Әр түрлі деректер бойынша, ол Ташкент маңында дүниеге келіп, онда өмірінің жастық кезін және соңғы жылдарын өткізді. Оның шыққан тегі аты аңызға айналған Майқы биден басталады. Әкесінің еркі бойынша бала Төле бес жасынан бастап оқуын бастады, 9 жасынан бастап әкесінің басшылығымен сот талқылауларына және сот шешімдерін шығаруға қатысқан, ал 15 жасында Төле дана ақсақалдардан, атап айтқанда, 100-ге келген Сарыарқадағы атақты Әнет бабадан бата алып, сынақтар мен өзіндік аккредиттеуден сәтті өтіп, дербес қазы жолына түседі» [3, 460-б.]. «Қазыбек би дәстүрлі Сарыарқалық мәдени ортада өсті және тәрбиеленді, онда оны дарынды бала ретінде қабылдады. Оны қоғамдық қайраткерлерге дайындады, халықтың ауызша рухани байлығын меңгеруге, шешендік негіздері мен техникасына, даналықты меңгеруге үйретті. Орта Жүзде Қазыбек би беделі танылған адам болды. Орыс өкілінің 1763 жылға қатысты бір ресми хабарламасында былай айтылған: «Орта Жүзде Қазыбек биді үнемі және күнде дерлік Әбілмәмбет ханның өзі де, Абылай хан да, және басқа ұлыстардың сұлтандары, ақсүйек старшиналар да әр түрлі кеңес сұрап келетін, және оның келісімінсіз ешқандай ақсүйекті қабылдамайтын, басты қазы ретінде құрметтейді» [4, 32-б.].

Әйтеке би туралы академик С. Зимановта былай делінген: «Есімі Кіші жүздің ежелгі аумақтарының шегінен тыс алысқа созылып жатқан Әйтеке би өзінің дәуірінде аңызға айналды. Оның туылған жылы мен қайтыс болған жері жуықтатып анықталған. Әйтеке бидің Төле би мен Қазыбек бидің замандасы болғаны көпшілікке белгілі. Олармен бірге XVII ғасырдың соңғы ширегінде және XVIII ғасырдың бірінші жартысында қазақ халқының үш құрылтайын билеушілер тобына кірген. Әйтеке атақты Ұлықбектің медресесінде оқып, оны сәтті бітіріп шыққан. Араб, парсы және түрік тілдерін меңгерген. Бес жасынан бастап Жалаңтөс билеушінің отбасында атақты қызыл езу билерде билік мектебінен өткен. Әйтеке бидің идеялық мақсаттары бастапқыда Төле би мен Қазыбек би басшылыққа алған мақсаттармен ұқсас болды. Олардың барлығы халыққа шынайы және әділ қызмет етуді өздерінің бірінші және бастапқы мақсаты етіп қойды». Төле бидің тапқырлығы, даналығы және биязылығы оның көзінің тірісінде Бұқар жырауда, Қазыбек биде, Әйтеке биде танылған. Тарихта Төлеге қатысты мынадай пікір қалған: «Ізгі ойдың - көзі, ал оның авторында рухани Майқы атасы бар». Бұл жерде ол өзіне Майқы бидің рухын сіңірді деген мағынаны білдіріп тұр. Сыңыр жырау, Асан Қайғы, Жиренше Төле биді хандардың тірегі деп санады, оның шешендігін және қарапайым адамдардың мұқтаждықтары туралы қамқорлығын ерекшелеген [5, 231-б.].

Тәуке ханның «Жеті жарғысын» жазумен және іске асырумен Төле бидің есімі халықтың санасына берік орнады. Төле бидің халықты егіншілікпен айналысуға, мал өсіруді қала өмірінің тәртібімен үйлестіріп, көшпенділіктен отырықшылыққа өтуге, болашақ ұрпақ жайындағы қамқорлық мақсатында көрші халықтардан жақсы өнеге алуға шақыруына байланысты оның беделі жоғарылады. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», - деген Төле. М.Ж. Көпеев танылған би және кеңесші Тәуке ханды қазақтардың орталықтан-дырылған мемлекетті құрғаны үшін майталман күрескер ретінде бағалады, оның саясаткер ретіндегі еңбегі – халықты нығайтуда, біріктіруде [6, 256-б.].

Аңыз бойынша, адамдар жаппай орныққан жерлерін асығыс тастап кете бастады, жалғыз Төле би ғана өзінің үйін бұзбады. Одан: «Сен неліктен жиналмай отырсың?» - деп сұрайды. «Биылғы жылы бір қарлығаш киіз үйдің төбесіне ұясын салды. Бұл аты аңызға айналған құс: су тасқыны болғанда, Нұхтың кемесі суға батқанда, оны құтқарып қалды. Енді мен оның ұясын қалай бұзып, балапандарын құртамын», - деп жауап беріпті Төле. Қалмақтың әскер басшысы: «Иә, бұл шынында да қасиетті екен», - деп, оны және оның жанындағыларды орнынан қозғамады. Ташкент пен Шымкенттің төңірегінде Төле биді тура атымен атамай, «Қасиетті құс» деп атау дәстүрі сақталған [6, 102-б.].

Сондай-ақ Қазыбек би ақын, би-шешен ретінде де әйгілі. Оның әдеби шығармашылығы Орта жүздің басшысы, сот ісін жүргізуші және дипломат ретіндегі қызметінен ажыратылмайтын болды, сондықтан оның сот ісін қараудағы немесе пікірталас-келіссөздердегі сөйлеген сөздері прозалық афоризмдер және қарсыласының сөздеріне өлеңмен жауап беру түрінде болды. Сондай-ақ оның шығармашылығында дана жұмбақтардың немесе серіктестері не болмаса қарсыластары айтқан тұспалдардың және астарлы сөздердің поэтикалық шешулері кездеседі.

Оның жоңғар басшысы алдындағы үздік поэтикалық туындыларының бірі сақталып қалған: «... Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз. Сен қалмақ болсаң, біз қазақ, қарпысқалы келгенбіз, сен темір болсаң, біз көмір балқытқалы келгенбіз. Қазақ, қалмақ баласы табысқалы келгенбіз. Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, Танысуға көнбесең шабысқалы келгенбіз. Жаңа үйреткен жас тұлпар жарысқалы келгенбіз. Тұтқыр сары желіммен, жабысқалы келгенбіз. Берсең жөндеп бітіміңді айт, бермесең дірілдемей жөніңді айт, не тұрысатын жеріңді айт!».

Әйтеке би (шын аты Айтық) Байбекұлы. Оның өмірбаяны туралы мәліметтер өте мардымсыз, туылған жері мен күні де белгісіз. Ол Бұхараның жанында туылған және дүниеден өткен күні шамамен 1682-1766 жж. деп жорамалдайды. Бірақ оның үш жүзді біріктіру себебі бойынша кеңеске шешуші қатысуы белгілі. Ол үйдегі де, мектептегі де (Бұхарадағы медресе) тәрбие мен білім алу жолынан оның ағасы болып келетін Самарқандтағы Шардара және Телеқара құрылысымен әйгілі, қоғамдық және саяси қайраткер Жалаңтөстің тәлімгерлігімен өтті. 20 жасында Әйтеке би атақты би болды, 30 жасында Кіші жүздің аға биі атанды және содан бері оның есімі Төле бимен, Қазыбек бимен, сондай-ақ Тәуке ханмен қатар тұрады.

Әйтеке би – «Жеті жарғы» авторларының бірі, ол рулар арасындағы қанды кек тізбегін тоқтату үшін, қанды кекті, қанға қан принципін «әділ жазалау» және «өтеп алу» принципіне айырбастауға мүмкіндік туғызған. Тәуке ханның көмекшісі мен кеңесшісі, батырдың өзі, Тәукемен бірге Сайрамға шапқыншылықтың көріністеріне қатысты. Қазақ жерлерін меншікті конститу-циясы бар, бірыңғай орталықтандырылған мемлекет шеңберінде біріктірген-діктен, «ұлы», «құдай берген» деп аталған, Тәуке ханмен бірлесіп, ойраттармен және орыстармен қатынастарда белгілі тепе-теңдікті анықтауға жәрдемдескен, қазақтардың, қарақалпақтардың және қырғыздардың жоңғар шапқыншылығына қарсы күштерін біріктіруге мүмкіндік туғызған. Ол замандастары мен ұрпақтарының жүрегінде өзінің ақылды шешімдерімен айқын із қалдыруы үшін, би жоғары адамгершілік деңгейде болуы тиіс деген пікірді айтқан. Олардың әділдігін Әйтеке би «аттың жалын қатаң түрде ортасынан кесе» білумен байланыстырады. ХVII ғ. 80-ші жылдарында Тәуке хан билеп тұрғанда жоғарғы сот тұлғалары және хандық кеңестегі жетекші саяси күш ретінде билердің рөлі нығайды. Олар ру ақсүйектерінің съездеріне қатыстырылды, онда хандықтың аса маңызды мәселелерін шешті. Рулар арасындағы барлық ірі даулар да осы ала ауыздықтар олардың мүдделеріне әсер еткен рулардың билерінің қатысуымен шешілген.

Төле бимен және Қазыбек бимен бірге Әйтеке би жылдар арқылы Тәуке ханнан Абылайға дейін қазақ мемлекеттілігінің эстафетасын алып өткендей болды. Ол қазақ мемлекетінің барлық үш жүзінің бірлікте, татулықта және келісімде болуы туралы ойлады және қам жеді. Әйтеке би ішкі және халықаралық проблемаларды шешу кезінде дана, әділ би, мықты ой адамы, жоңғар басқыншыларына тойтарысты ұйымдастыруға үлкен үлес қосқан, дарынды әскери қайраткер ретінде көрсетті. Сондай-ақ ол шешендік өнердің үлкен талантын иеленді, адамдарды сендіре білетін адам болды.

Әйтеке би 25 жасынан бастап алдымен Ордабасында, сонан соң Күлтөбеде және Ұлытауда өткізілген, үш жүздің беделді адамдары мен билеушілерінің жыл сайынғы жиындарына үнемі қатысқан. Тәуке хан кезеңінен бастап дәстүрлі болған осы жиналыстарда ұлттың бірлігін практикада нығайту проблемалары талқыланды, әр түрлі ара ауыздықтардан және жүздер мен рулар арасындағы ашық өшпенділік жағдайларынан туындаған, билер арасындағы даулар шешілді. Әйтеке бидің жасы бойынша Төле би мен Қазыбек биден кіші болғанына қарамастан, сол немесе басқа ала ауыздықтарды шешкенде оның сөзінің үлкен салмағы болған. Шүбәсіз беделі бар Әйтеке би, кейде пікірлердің парасатты теңдестігін сақтап, жеке билер арасында болатын қатты дауларда сабырлы фактор болатын. Оған көптеген адамдар жүгініп, оған соңғы сөзді қалдырған. Әйтеке бидің үш ұлы болған: Өтебас, Қосыбай және Жалтыр. Оның өзі, үш ұлы бидің кіші бола тұрып, бәрінен бұрын 57 жасында дүние салды. Ол Ташкенттен 75 шақырымда Қауыншы және Шыназ ауылдарының маңында жерленген.

Сонымен, қазақтың үш биі - Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би қазақ мемлекетінің, қазақтардың «Жеті жарғы» заңдар жинағының жетілуі мен дамуында, қазақ халқын ойраттар шапқыншылығы қарсы біріктіруде елеулі рөл атқарды.

Әдебиеттер тізімі
1. Стать вечным народом // Казахстанская правда, 2013, 25 октября.

2. Валиханов Ч. Сборник сочинений. – Алма-Ата, 1960. - Т.1. - 432 с.

3. Зиманов С.З. Казахский суд биев – уникальная судебная система. Алматы: Атамура, 2008. - 460 с.

4. Бельгер Г.К. Айтеке би. - Алматы, 1998. - 32 с.

5. Послание Главы государства Н.А. Назарбаева народу Казахстана «Казахстанский путь – 2050: Единая цель, единые интересы, единое будущее» // Казахстанская правда, 2014, 18 января.

6. Артыкбаев Ж.О. История Казахстана. - Астана, 2012. - С. 35.



Е.Г. Огольцова,

Қарағанды мемлекеттік

техникалық университетінің

Қазақстан тарихы кафедрасының

аға оқытушысы, п.ғ.к.

e-mail: cmaffia72@mail.ru



СЫРЫМ ДАТҰЛЫ, МАХАМБЕТ ӨТЕМІСҰЛЫ,

ИСАТАЙ ТАЙМАНҰЛЫ, КЕНЕСАРЫ ХАН – ҚАЗАҚ ЖЕРІНІҢ ҰЛТТЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІГІ ҮШІН КҮРЕСКЕНДЕР
Кез келген халықтың тарихында халық мүддесі үшін әрекет еткен жеке тұлғалардың ролі зор. Өзіміз өткен жолды қайта ойластыра отырып, біз осы ұлы адамдарға деген өзіміздің көзқарасымызды қайта қараймыз. Қазақ халқының тарихында «Отанымыздың нағыз ұлдары» көп болды, олар барлық қиындықтар мен соқыр нанымдарға қарамастан өзінің дала халқының жарқын болашағына сенді, оның тәуелсіздігі үшін күресті.

Қазақстанда патшалықтың отарлық қыспағының күшеюі Қазақстанда халықтың күрт наразылығын тудырды. Халықтың қатты толқынысы ұлт-азаттық қозғалысқа ұласты. Бірақ өкінішке орай, ұлт-азаттық қозғалыс пен соғыс мәселелері бүгінгі күнге дейін тарихтың «ақ таңбасына» жатады.

Кіші жүздегі халықтың алғашқы үлкен қатысуы Сырым Датовтың басшылығымен күресі болып табылады (1783-1797 жж.). Академик А.Марғұланның растауынша: «Әбілқайыр ханның ұрпақтарына қарсы көтерілістер арасында осы көтеріліс ең маңызды және атақты» [1].

Халық бұқарасының алғашқы әрі тегеурінді әрекеттерінің бірі — Сырым Датұлының қолбасшылығымен болған қозғалыс. Кіші жүз қазақтарының көтерілуіне патша өкіметінің қазақтардың "ішкі жаққа", Жайық сыртына өтуіне тыйым салуы, қазақ билеушілерінің бір бөлігінің құқықтарымен санаспауы негізгі себеп болған еді. Ресейдегі шаруалар көтерілісінің көптеген қолбасшылары сияқты Сырым батырға да "жақсы ханға" деген сенім тән еді. Сырым билердің қазақ қоғамындағы рөлін көтеру мақсатын көздеді. Сонымен қатар хандық билікті келтіруге де өз келісімін берді. Дегенмен қозғалыстың отаршылдыққа және хандар зорлығына қарсылық сипаты соңғы кезеңге дейін сақталды. Ханның шексіз зорлық-зомбылығы туралы Сырыс Датов патшаның атына бағытталған өзінің жолдауларында мәлімдеді. Хаттарының бірінде ол императордан «ханды ығыстыруды», ал билікті «халықтың қолына беруді» талап етті. Ол сонымен қатар тонау, патша шенеуніктері-отарлаушыларының айуандығы туралы ашық жазды. 1783 жылы көтерілісшілер патша шенеуніктерін, хандарды, сұлтандарды тонады. Сырым Датовқа Орынбор түрмесінде бір жыл отыруға тура келді және халықтың талабы бойынша ол босатылды. Оны босатқаннан кейін қозғалыс қайтадан жандандырылды. «Лебяжная», «Рубежная», «Сахарная» бекіністері тоналды. Көтерілісшілер Орынбордан және Оралдан шыққан екі корпуспен ұзақ қажытатын күрес жүргізді. Есімханның ұлы Нұралы өлтірілді.

Патша үкіметі Сырым Датовтың басы үшін 3000 доллар белгілеуге мәжбүр болды. Шынайы халық азаттық сипат алған осы көтеріліс 1797 жылдың аяғына дейін мақсатқа жетуде бірізділік пен мақсаттылықтың үлгісі болды.

Сырым батыр – біздің тарихымызда көрнекті орын алған көрнекті тұлға. Алайда оның есімі мен ісі ұдайы патшалық Ресей тарихшылары да, сондай-ақ кейбір кеңестің, тіпті қазақ зиялыларының жеке өкілдері күмән тудырған. Оның басшылығымен отаршылдық және феодалдық қыспаққа алуға қарсы шаруа көтерілісі туралы мәліметтер біресе оқулықтарға енгізілді, біресе алып тасталды.



1836-1838 жылдардағы старшын Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс халық бұқарасының отаршыл билікке, сондай-ақ сол билікке сүйенген Жәңгір хан бастаған феодалдар тобына қарсы ашу-ызасының сыртқа шығуы еді. Бұл ретте Исатай Тайманұлы бастаған қозғалыс қазақ топырағындағы ашық әлеуметтік-таптық сипат алған алғашқы қоғамдық қарсылық болды. 1801 жылы Жайық Орал өзені аралығында Бөкей ханның бастауымен 5 мың қазақ шаруашылығы орын тепті, бұл Ішкі (Бөкей) орданың құрылуының басы болды.

XIX ғ. 30-жылдарының аяғына қарай онда 20 мыңға жуық шаруашылық пен 80 мың адам есептелді. Жер мен жайылымдар бірдей бөлінген жоқ. Қысқа мерзім ішінде 273 т. жер десятинасы қазақ феодалдарының және орыс помещиктері Юсупов пен Безбородконың жеке иелігіне көшті. Жәңгір хан өзіне 400 т. десятина жер бекітті.

Исатай 1791 жылы туған. 1808 жылы Исатай руы Ішкі ордаға көшті. 21 жасында ол Беріш тайпасының Жайық бөлімшесінің старшинасы болып тағайындалды. Исатайдың ең жақын сыбайласы Махамбет Өтемісұлы болды. Ол тара және орыс тілдерін білген, Хивада болған, Орынборда тұрған. Махамбет орыс жазушысы және этнографы В.И. Дальмен және ғалым-саяхатшы Г.С. Карелинмен таныс болды.

1836 жылы ақпанда қазақ халқының Жәңгір ханға қарсы ашық күресі басталды. Бұның себебі Исатайды ставкаға шақыруы болды. Ол келуден бас тартты, өзінің ауылын қыстаудан шығарып, көтерілісшілердің үлкен лагерін жинады.

1837 жылы көтерілісшілердің әрекет ету шекаралары кеңейді. 1837 жылы жазда және күзде көтерілісшілердің ірі ауыл байларына белсенді шабуылы басталды. Көтерілісшілердің ірі күштері хан ставкасына жақындайды. Исатай ставканы күшпен алғысы келмеді. Көтерілісшілер Жәңгір ханның өз айналасынан Балқу және Қарауыл қожа билерді алып тастауын; сонымен қатар оларға қарсы барлық бастаған істерді немесе оларды билер сотына беруін тоқтатуды талап етті.

Жәңгір хан қорықты. Келіссөздар басталды, ханға жаңа өтініш берілді. Тайманов ханмен жанжалды бейбітшілік жолмен шешу мүмкіндігіне әкімшіліктің көзін жеткізуге тырысты. Сол уақытта Орынбор әкімшілігі мен хан казактарды жедел тарта бастады, жазалаушы әрекеттер үшін хан отряд құрастырды. 15 қарашада таң сәріде көтерілісшілер мен жазалаушы отрядтар арасында Тас төбе жерінде кескілескен айқас болды, соңына түсу барысында көтерілісшілерде көп малы өлді, ондаған адамдар қаза тапты, Исатай мен Махамбет құтылып шықты. 1838 жылы 12 шілдеде Қиыл өзенінің жанында жазалаушылармен көтерілісшілердің қақтығысы болды, сонда Исатай Тайманов қаза тапты. Көтеріліс талқандалғаннан кейін оның қатысушылары қатаң қуғынға түсті, олар аздаған топтармен далаға жасырынуға тырысты. Көпшілігін таяқпен ұрып жазалады, каторгалық жұмыстарға жіберді, мүліктерін тәркіледі, мәңгілікке жер аударды. Исатай мен Махамбет басқарған Көтерілістің негізгі қозғаушы күші тоналған көшпенділер болды, бұл көбінесе соның бағытын анықтады.



1836-1838 жылдардағы көтеріліс оған дейінгі қозғалыстардан ерекшелеу болатын. Бұл уақытта қазақ жерінің негізгі бөлігі Ресейдің қол астына еріксіз еніп, отаршылдық саясат барған сайын өктем сипат ала түскен еді [2].

Хандық биліктің жойылуы, жаңа әкімшілік басқару жүйесінің енгізілуі, қазақтардың құнарлы жерлерден ығыстырылуы, міне, осының бәрі көтерілістің патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы бағытын айқындап берді. Бұл стихиялы көтеріліс бола тұра, көтеріліс басшысы мен оның жақтастарының Ақбұлақ түбіндегі шайқасқа дейін табандылықпен күрескенін атап өту қажет. Сөйтіп, ол өзінің алдына қойған мақсатты күресінің идеясына, қатардағы көшпелілер алдында адалдығын дәлелдеді. Ал көтеріліске қатысқан кейбір билер тобының тұрақсыз әрекеттері, жазалаушы күштердің басымдылығы көтерілістің жеңіліске ұшырауын жылдамдатты.



Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстар тарихында ауқымдылығы, қуаттылығы жағынан ең ірісі — 1837-1847 жылдардағы көтеріліс. Көтерілістің басталған уақыты патшалық Ресейдің қазақ жеріне тереңдей еніп, әкімшілік-әскери шараларымен әлі де болса дербестігін сақтап тұрған аудандарға жеткен кезеңіне тұспа-тұс келді. Орта жүздегі округтік басқару жүйесіне қарсы басталған бұл көтеріліс Абылай ханның ұрпағы Кенесары Қасымұлының басшылығымен жүзеге асты.

Кенесарының саяси көзқарасының қалыптасуы Ресей империясында Петр І билігі кезеңінен басталған Ресей мен Қазақ хандығы арасындағы қатынастар сипатымен тығыз байланыста болды. Ресей империясы өзіне шекаралас жатқан Қазақ хандығын, күллі Азия елдері мен жерлеріне бастар қақпа деп есептегендіктен, оны Ресейге қосып алу қажеттігіне ерекше мән берген-ді. Қазақ хандығы аумағын империяға күштеп қосу оның отарлануымен қатар жүрді. Ресей отаршылдығының ерекшелігі – «орыс солдатының соңынан орыс мұжығы ілесіп отыратындығында, сөйтіп, жаулап алған жерін орыс жеріне айналдырып жіберуге тырысатынында» (М.Шоқай) еді. Атасы Абылай хан заманынан бері үдей түскен бұл процесс жас сұлтан Кенесары санасына ұлт тәуелсіздігіне төнген қауіпті терең түйсінтті.

Кенесары көтерілісін жер жерден қолдаушылар көбейеді. Өйткені патша әкімшілігі қазақтардың жерін тартып алып, әскери бекіністер сала бастайды. Көшпелі ел ата қонысынан айырылып, мал жаятын жаңа жер іздеуге мәжбүр болды.Оның үстінен патша үкіметінің алым салығының ауыртпалығы да оларды діңкелетіп біткен еді. Осының бәрі қазақ қауымының наразылығын күшейтіп, оларды Кенесары бастаған көтерілісті жан жақты қолдауға итермеледі.



Кенесарының қол астына 20 мыңға жуық сарбаз жиналды. Әскери қимылдар 1838 ж.Ақмола, Ақтау қамалдарына шабуыл жасаудан басталды. Көтерілісшілер қамалдарды өртеп жіберді. Кенесары соғыс ауқымын Торғай арқылы Кіші жүз жеріне қарай кеңейтті. 1841 ж. қыркүйекте Кенесары үш жүздің өкілдері жиынында қазақ халқының ханы болып сайланды. Осы жылы Кенесарының әскері Қоқан хандығының иелігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын алды. 1843 ж. Ресей үкіметі Кенесарыға қарсы кең көлемді әскери жорық ұйымдастырды. Кенесарының әскері Ресей әскері мен Ресей жағында күресуші қазақ сұлтандарын бірнеше рет ойсырата жеңді. Алайда әскери қуаты әлдеқайда басым жау Кенесары сарбаздарын Жетісуға шегінуге мәжбүр етті. Азаттық үшін шайқаста Кенесары қырғыз манаптарының өзіне бағынуын талап етті. Алайда патша әкімдерімен құпия байланыста болған манаптар оған мойынсұнбады. Кенесары бағынудан бас тартқан қырғыздарға шабуыл жасады. Өз жақтастары ішіндегі опасыздық салдарынан Кенесары мен інісі Наурызбай дұшпандарының қолына түседі. Кенесары айуандықпен өлтіріледі. Жаулары оның басын кесіп алып, орыс әкімшілігіне жібереді. Князь Горчаков Кенесарының басын Батыс Сібір бас басқармасындағы «Кенесары бүлігі туралы» іске қосып сақтауға бұйрық береді. 1822 жылы Ресей өкіметі Кіші жүз бен Орта жүздегі хандық билікті жойып, аға сұлтан мен сұлтан әкімдер билігін енгізеді. Сөйтіп, Ресей өкіметі қазақ елінің ішкі тірлігіне тікелей араласып, өз үстемдіктерін жүргізе бастайды. Осыған қарсы шыққан Кенесары хандық басқару жүйесін қалпына келтіруге күш салады. Ол өз ойын Ресейдің жергілікті әкімшілігіне, сонымен қатар патшаның тікелей өзіне де жеткізеді. Бірақ патша өкіметі Кенесарының талаптарын орындаудан бас тартады. Сондықтан да ол өз мақсатын күшпен жүзеге асыруға кіріседі.

Патша өкіметі кесіп алған жерлерді заңды иесіне қайтару жолындағы күресте Кенесары әскери күштерді ұйымдастыру барысында Орта Азия хандықтарының тәжірибесіне сүйенеді. Ол өз әскерін жүзге, мыңға бөліп жүзбасылар мен мыңбасыларды тағайындады. Әскер тәртібін бұзғандар қатал жазаланды.

Кенесарының сыртқы саясатының басты мақсаты Тәуелсіз Қазақ хандығын құру болатын. Ол осы мақсатын жүзеге асыру үшін Орта Азия хандықтарынан өзіне сүйеу іздейді, олардың ішкі ісіне араласып, билеушілерін өз жағына тартуға күш салады. Хиуа ханы мен Бұқар әміріне өз елшілерін жіберіп, байланыс орнатады. Орта Азия мемлекеттерімен сауда көлемін ұлғайтып, олардан өздеріне қажетті қару жарақ, оқ дәрі алып тұрады.

Кенесары өз хандығын нығайту үшін біраз экономикалық және саяси шараларды жүзеге асырады. Оның алым-салық саясаты шариғатқа негізделіп, мал өсіретін аудандарда зекетті, егіншілікті аудандарда ұшырды енгізеді. Халықтан алым-салық жинауды арнайы жасауылдар жүзеге асырды.

Кенесары өзінің басты мақсаты – азаттыққа қол жеткізу үшін ортақ жауға қарсы үш жүздің күш біріктіре күрес жүргізуі керек екенін түсінді. Алайда ұлт-азаттық күрестің 1844-1845 жылдары қарқыны үдей түскен кезеңде де қазақтардың басы толық бірікпеді. Көтерілістің бас кезінде-ақ қазақтар қарама-қарсы екі топқа бөлінді: бірі Кенесары жағында болса, екіншісі патшаның жүргізген саясатын қолдады.

Кенесары Қасымов хан, саясаткер, дипломат ретінде қазақтың үш жүзі руларының едәуір бөлігін өз туы астына біріктіре алды. Оның әскерінің жалпы саны кейде 20.000 адамға дейін жетті. Халықтың бас көтеруіне Орта жүздің көптеген сұлтандары мен билері қосылды.

Кенесары бастаған халық көтерілісінің ауқымы кең болды, ол XVIII ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басындағы азаттық жолындағы өзге қозғалыстардан қазақ рулары көп қоныстанған негізгі аудандарды қамтуымен ерекшеленеді.

Кенесары мемлекет құрылымына көп көңіл бөлді, елді басқаруда жаңа құрылымдар мен ережелер енгізді, сонымен бірге істен шығарылған құрылымдарды қайта қалпына келтірді. Әскер қатарында қатаң тәртіп орнатты. Әскерді ұзақ дала соғыстарына бейімдеу үшін мыңдықтар мен жүздіктерге бөліп басқару құрылымын құрды. Ол қажет ақпараттарды жеткізіп тұратын тыңшыларына да сүйенді, саяси күрес пен дипломатияның тиімді әдістерін қолданды. Мемлекеттің ішкі саясатын хан өзі қатаң бақылауға алды, ру аралық қақтығыстардың жолын кесті.

Үш жүздің қазақтарының біріккен ұлт-азаттық қозғалысы Ресейді қатты алаңдатты. 1843-жылы 27 шілдеде І Николай империя құрамындағы қазақ хандығына қарсы ең көлемді әскери қозғалыстарға рұқсат беретін басқа мемлекет болмауы тиіс деген қағазға қол қойды.

Бір кезеңде патша әскерлерімен және ымыраға келмес сұлтандармен күрес жүргізген Кенесары 1843-1844 жылдары біраз жеңістерге қол жеткізсе де, шегінуге мәжбүр болды. Шегіне келе Кенесары қырғыз жеріне шекаралас Ұлы жүздің аумағына орналасты. Ханның келесі бағыты қырғыз халқын орыс отаршылдығына қарсы ортақ күреске көтеру болды, алайда ол манаптар тарапынан күшті тойтарысқа тап болды.

Кенесары Қасымов Томақ маңындағы екі жақтың күші тең емес шайқаста қаза болды.

Кенесары Қасымовтың сіңірген тарихи еңбегі – ол қазақ халқының салт-дәстүрін сақтай отырып, оны бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күреске жұмылдырды. Кенесары ханның саясаты және идеологиясы ұлттың даму жолындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталды.



Біздің егемендігіміздің негізінде тәуелсіздіктің ұлттық-патриоттық идеясы жатыр.

Нақ сол Қазақстан халқын Кенесары Қасымұлының заманынан қазіргі күнге дейін алға жетеледі. Нақ осы идея қазақтарды патша саясатына және бұрынғы Кеңестер Одағының тоталитарлық жүйесіне қарсы күреске жұмылдырды [3]. Халық тарихының бастауына және оның тәуелсіздік үшін күресіне жүгіну тұтас тұлғаның қалыптасуына ықпал етеді. Ол өз халқына құрмет сезімін қалыптастыруы, патриотизм сезімін дамытуға ықпал етеді. Қазір Қазақстан саяси тәуелсіз, ақсүйек, демократиялық, біртұтас динамикалық дамуы үшін зор әлеуетке ие либералды экономикасы бар, «жоғары құндылықтары адам, оның өмірі, құқығы мен бостандығы» болып табылатын мемлекет болыпт табылады. [4].


Әдебиеттер тізімі
1. Касенов Е. Дух свободы: Национально — освободительное движение Сырыма Датова в наследии академика А.Маргулана // Мысль. - 2003. - № 6. - С. 85-90.

2. Артыкбаев Ж.О. История Казахстана. – Астана, 2004. – 159 с.

3.Выступление Президента Республики Казахстан, Председателя Ассамблеи народа Казахстана Н.А. Назарбаева на XIII сессии АНК. // www.akorda.kz

4. Конституция Республики Казахстан, раздел 1, статья 1.1.



А. Әбдрахманова,

Қарағанды мемлекеттік

техникалық университетінің

Қазақстан тарихы кафедрасының

аға оқытушысы

е-mail: aardasha@list.ru


Каталог: wp-content -> uploads -> 2012
2012 -> Қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова жоспар
2012 -> Әлия Молдағұлова Нұрмұхамедқызы (шын есімі Ілия) Қаһарман қазақ қызы
2012 -> М.Ә. Хасен төле би әлібекұлы
2012 -> Альберт эйнштейн
2012 -> Л. Г. Матвеенкова
2012 -> Абылай хан
2012 -> Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
2012 -> Ыбырай Алтынсарин Мақсаты: ақынның өмірі мен
2012 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
2012 -> БАҒдарламасы алматы, 2012 Құрметті !


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет