Қазақстан Республикасындағы ұлттық идеяның қалыптасуының негізі” атты Жобасына сәйкес дайындалып, Университеттің ғылыми кеңесінде бекітілген. Рецензенттер: С.Қирабаев, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор



бет15/33
Дата05.11.2016
өлшемі7,43 Mb.
#827
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   33

«Мен Жұмабаев, кеңес өкіметі алдындағы өзімнің кінәмды жуу үшін: «Шетелдік бір мемлекеттің мүддесі үшін бірнеше жылдар бойы шпиондық әрекетпен шұғылданды», – деп маған тағылған айыпты мойындаймын. Жапонияның пайдасына шешілетін шпиондық жұмыспен, мен – Жұмабаев 1919 жылдан бастап 1929 жылға дейін, яғни, ұсталып, лагерьге айдауға жөнелтілгенге дейін айналыстым. Ондағы мерзімімді өтеп, 1936 жылы Қазақстанға қайтып келгеннен кейін де жоғарыда аталған мемлекеттің мүддесі үшін өзімнің шпиондық жұмысымды одан әрі жалғастырдым», – деген (Ш.Елеукенов. Мағжан. 132 бет) «мойындау» анық дәлел.

Бұл арада тергеушілер Мағжанға неге 1919 жылды нақты көрсеткізіп отырғанының мәнісі алдыңғы бөлімде З.Валидовтің «Қатираларындағы» М.Тұңғашиннің архивіне қатысты тұста толық баяндалған болатын. Өзге істерге қарағанда мұнда Ә.Бөкейхановтың да аты аталып, сол «шпиондық» қылмысты дәлелдеу үшін Колчак үкіметінің архиві сақталған Омбыға сұрау салыпты. Олардың бұл сұрауына Омбы облыстық мемлекеттік архивінің бастығы Маркова мен бөлім бастығы Попова:



«Омбы облыстық мемлекеттік архивінде Бөкейханов Әлихан мен Мағжан Жұмабаевтің жапон барлау мекемесіне қызмет еткені туралы және сұрау хатта көрсетілген өзге де жайларға қатысты мәліметтер жоқ», – деп хабарлаған.

Іздеген «шпиондарының» табылмағанына тергеушілер өкінген-ақ шығар. Бірақ ең басты өкініш – алтын басты азаматтар имансыз көмілді. 1938 жылғы тергеу ісімен жете танысқан мағжантанушы Ш.Елеукеновтің мәліметінше оныншы, жиырмасыншы ақпан күндері жауапқа алынып, әр жолы 8 беттен хаттама жазылып: Отанын сатқаны және кеңес өкіметіне қарсы қастандық жасау мақсатында астыртын ұйым құрғаны үшін 58- баптың 6, 11тармақтары бойынша айып қорытындысы шығарылады. Кіші лейтенант Гайкович жасаған «Өлім туралы актісіндегі» мәлімет бойынша:



«Мағжан Бекенұлы Жұмабаевті ату жазасына кесу жөніндегі 1938 жылы 11 ақпан күнгі №377 шешім 1938 жылы 19 наурызда орындалды».
Иә, көрсетінділерде айтылғанындай, отызыншы жылдардың аяғынан бастап елуінші жылдарға дейін жүз мыңға жуық жапондар Қазақстанның ең ауыр және күрделі өнеркәсіп орындарында жұмыс істеді. Бірақ бұлар протектораттар емес, әскери тұтқындар еді. Алматыдағы биік таулы су құбыры мен су электр станциясы сияқты олар салған қүрылыстар да, сол зауалдан қалған жүрек жарасы да әлі де өшкен жоқ. Жапония мен Қазақстан империялардың атом бомбасын сынайтын полигонына айналды. Дәл қазір де Жапон – Қазақстан қарым-қатынасы уран саудасымен анықталып отыр. Артының қайырын берсін.

Ал кеңес тұсындағы қаптаған астыртын ұйымдардың жайына келетiн болсақ, ондай ұйым ресми түрде өмiр сүрмеген. Тек әр жерде бастары қосылған, оңаша пiкiр алысқан. Туған халқының болашақтағы тағдырын талқылаған. Бірақ қандай талқыға түспесін Жер жөнiнде олардың үндемей қалуға қақысы жоқ едi. Сонау 1905 жылдың өзінде Мұхамеджан Тынышбаев:



«Жер мәселесі қазақтар үшін сөз жоқ ең маңызды: бұдан әрі жерлерді тартып алу мен олардың мүдделерін аяқасты қылатын болса, тыныштық болады деп кепілдік беру қиын. Үнсіз дүрсіл күннен-күнге күштірек және кей жерлерде қазірдің өзінде-ақ ашық толқуларға ауысуда. Міне, бүкіл қазақ халқын тұтастай правосыз дала пролетариаты күйіне жеткізген үкімет саясатының жалпы және қысқаша сипаты осы!»,деген болатын.

Жетісу қазақтарына ат жұртын О.Жандосов сияқты қайраткерлер қайтарып берсе де, олардың иелігі он жылға жетпеді. «Коммунистiк-колонизаторлық» саясат бұл қитұрқылы әрекеттi «тың игеру» деген дақпыртпен жүзеге асырды. Оған дейiн де қазақ ұлты үш рет зауалға ұшырады. 1931-1932 жылғы аштықтан, отыз жетi-отыз сегiзiншi жылғы жазалау науқанынан, ұлы отан соғысындағы қантөгiстен соң 1913 жылы 6 миллионға жеткен қазақ ұлтының саны 1 миллион 400 мыңға дейiн құлдырады. Демограф, академик Бромлейдiң СССР халықтарының дамуы туралы монографиясындағы кестесiнен қазақ халқының 1939 жылғы саны 1926 жылмен салыстырғанда 26 процент кемiп кеткенiн көруге болады. Ал бұл осы он үш жыл iшiнде бiр де бiр сәби тiрi тумады. Ересектерi тек өлумен болды деген сөз. Ақмоладағы репрессияға ұшырағандарға арналған мұражайдың ғылыми қызметкерлерінің жобамен анықтауы бойынша, осының ішіндегі 60 мыңнан астам адам «жапон шпионы» деген айыппен атылып кетіпті. Жоғарыдағы мақаладағы: «Совет халқы, оның iшiнде қазақ халқы, бүкiл Қазақстан еңбекшiлерi өзiнiң большевиктiк қырағылығын бұрынғыдан да күшейтiп НКВД орындарына көмектесiп, ұлтшыл – фашистердiң бiрiн қоймай әшкерелеп, көзiн құртады», – деген үндеудің нәтижесі осындай. Логикалық жағынан алғанда «қиыннан қиыстырылған» саясаттың «сарасы».

Қырып-жоюдың мұндай қасiретiн басынан кешкен аз ұлттың бірі – қазақ. Адамның сүйегi ғана қалған иесiз даланы ың-шыңсыз игерудiң бұдан асқан аярлық жолының болуы да мүмкiн емес. Аштан қырылған, азап лагерлерінде қаза тапқан халықтың тәнi мен сүйегiнен құнар алған топыраққа өсiп-өнген астық мұқым кеңес өкiметiн асырады. Әсірелеп айтты демеңіздер, одан басқа сыпайлап айтудың ретін таппадым. Фейербах: «Тарихқа көз салу – жүрекке ине шаншумен бірдей», – деген екен. Сол айтқандай, сіздер де жүрекке тағы бір ине шаншылды – деп есептерсіздер.

Әрбір игілікті істеріңізге Алла жар болсын!


1–3 наурыз, 2009 жыл, Астана.

АЛАШ ИДЕЯСЫ ЖӘНЕ ЖАЗАЛАУ САЯСАТЫ


1.
1927-1930 жылдары ұлт басына төнген қауіпті жан-тәнімен сезінген алаш көсемдері халықты төніп келде жатқан ашаршылық пен ұлттық ыдыраудан құтқарудың жолдарын барынша жанталаса қарастырды. Мұны қас қақпай бақылап отырған кеңес орындары дереу «Кеңес өкіметін қарулы көтеріліс арқылы құлату мақсатында ұйымдасқан «Апашорда» қайраткерлерінің контрреволюциялық, террористік астыртын құпия ұйымын әшкерелеу» туралы қылмыстық із қозғады. Ә.Бөкейханов, А.Байтұосынов, М.Дулатов, Х.Ғаббасов, Е.Омаров, М.Есполов, Х.Болғанбаев, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев бастатқан бірінші топтағы 41 адамның тергеу ісі 1927-1930 жылдары арасында жүргізіліп, үкім шығарылған соң, Мұхамеджан Тынышбаев бастатқан «ұлы құрбандықтың» екiншi легi, 30 адам түрменiң торына:

Ермеков Әлiмхан 6/Х. 30 ж.; Тынышбаев Мұхамеджан 4/ VIIІ – 30 ж.; Досмұхамедов Халел – 14/IХ – 30 ж.; Досмұхамедов Жаhанша – 31/Х – 30 ж.; Қожамқұлов Нашир – 20/Х – 30 ж.; Сүлеев Бiләл – 27/IХ – 30 ж.; Кеменгеров Қошмұхамед – 17/IХ – 30 ж.; Әуезов Мұхтар – 17/IХ – 30 ж.; Омаров Әшiм – 14/IХ – 30 ж.; Күдерин Жұмақан – 17/IХ –30 ж.; Бұралқиев Мұстафа – 17/IХ – 30 ж.; Ақбаев Әбдухамид – 14/VIII – 30 ж.; Ақбаев Жақып – 8/VIII – 30 ж.; Қадырбаев Сейдазым – 14/IХ – 30 ж.; Тiлеулин Жұмағали – 2/VII – 30 ж.; Мұрзин Мұхтар – 14/IХ – 30 ж.; Омаров Уәлихан 30/III – 31 ж.; Үмбетбаев Алдарбек – 8/VIII – 31 ж.; Искаков Даниал – 29/III – 31 ж.; Мұнайтпасов Әбдiрахман – 23/IХ – 31 ж.» күндерi түстi.

Осы тергеу ісіндегі басты нысаналы тұлға болып қарауылға алынған М.Тынышбаев туралы Қазақ ССР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары А.Тілеулиевтің 1972 жылы 18 ақпандағы Партия институтының директоры С.Б.Бейсембаевқа жолдаған құпия хатында:



«Тынышбаев Мұхамеджан, 1887 жылы туған, қазақ, партияда жоқ, мамандығы инженер. Қазақстандағы бұрынғы ОГПУ мекемесі оны: «Алаш» партиясын құрушылардың бірі, Мемлекеттік Думаның мүшесі, «Алашорда» үкіметінің мүшесі, Уақытша үкіметтің комиссары ретінде 1930 жылы 3 тамызда тұтқынға алған. 1932 жылы 20 көкекте сотталған», – деп көрсеткен.

Демек, М.Тынышбаевқа: астыртын ұйым, басмашылармен байланыс, контрреволюциялық әрекеттер туралы тағылған айыптың қолдан жасалғанын құпия мекемелердің өздері де мойындап, жалтара жауап берген. Сонда алаш ардагерлерін қандай «айыптары үшін» жаппай қамаққа алған? Әрине, алаш идеясы мен оның бағдарлы нысанасы үшін жазаға тартылды. Өйткені сол қарсаңда жаппай «мойынсеріктендіру», байлар мен орташаларды тәркілеу, «қазақ даласына жұмысшы, шаруаларды жаппай қоныстандыру» (алғашқы лекте Ресей мен Украиинадан 240-360 мың адам көшіру жоспарланған), ұлттық идеяны пролетариаттық идеяға толықтай алмастыру, түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениеттің негізін қалау, сөйтіп, тегін ұмытып, табы мен партиялық идеологияның «жасасындатқан» (М.Әуезов) жалаңтөстеріне айналдыру науқаны шұғыл әрі шөгел жүргізіліп жатқан. Ұлтты аздырып, рухани тоздыратын, жерін телімдететін мұндай саясат алаш идеясымен еш қабыспайтын. Соның ішінде жер мен мәдениет мәселесі алаш қайраткерлерін ерекше алаңдатты. Әсіресе, жер телімі мен қоныстандыру, тәуелсіз экономика, мемлекеттік тіл, тәуелсіз ғылым мәселесінде ұлт зиялылары ашық күресті.



Тергеу ісінің «Айыптау қорытындысының» «Ұлтшыл контрреволюциялық қастандықтар» атты екінші бөліміндегі «Жер мәселесі туралы» тарауында бұл ұстанымдар былай баяндалған:

«Астыртын ұйымының негiзгi мақсатты бағдарламасының бiрi – жер мәселесi болды, мұны шешу арқылы олар «Алаш» партиясының ауыл шаруашылығы жөнiндегi бағдарламасын, яғни, жердi ең алдымен бұратана тұрғындарға (иә, кеңес өкiметi үшiн қазақтар тек қана «бұратана» болып қалды – Т. Ж.) ешқандай кесiмсiз қажетiнше бөлiп беруге және ру-руымен қоныстандыруды жүзеге асыруға тырысты. Бұл бағдарлама бойынша, жергiлiктi тұрғындар толықтай жермен қамтамасыз етiлгеннен соң ғана Қазақстанға сырттан келген қоныстанушыларды орналастыруға болады, ал қазақ жерiне бұрыннан орналасып қалған қоныс аударушылар ол жердi қазақтарға керi қайтарып беруге тиiстi едi. (...) Ташкент қаласында, Түркiстан Атқару комитетiнде, ауыл шаруашылығы факультетiнiң үйiнде өткен Жер мәселесi жөнiндегi ұйымның мәжiлiсiне Досмұхамедов, Тынышбаев, тағы да басқа адамдар қатысып, жоғарыдағыдай көзқарас бiлдiрген және Жер реформасын жүргiзетiн өкiлдiктiң құрамына өз адамдарын кiргiзудi ұйғарған (№ 5417 – iс, Тынышбаевтің жауабы, № 2370-iс, 275-бет).

Айыпкер Тынышбаев бұл жөнiнде мынадай куәлiк бердi: «1923 жылы, Мемлекеттiк университеттiң үйiнде профессор Қожанов жерге қоныстандыру мәселесi туралы баяндама жасады. Бұл жиналыста бiздiң ұйымнан: мен, Есполов және Досмұхамедов Халел сөйледi. Баяндама бойынша жарыссөзге шыққан бiз, өзiмiздiң бағдарламамызға орай, жерге ең алдымен негiзгi тұрғындар орналастырлсын деген пiкiрдi қорғадық» (Тынышбаевтің 1930 ж. IХ. 3. күнгi жауабынан № 2370-iс, 1 т. 4-парақ).

«1923 жылғы Жетiсу губерниясындағы жер реформасы кезiнде, Жер жөнiндегi халық комиссарының мiндетiн атқарушы Есполов жетекшiлiк еткен техникалық кеңестiң құрамына мен және Қожықов мүше боп кiргеннен кейiн, бiздiң ұйымымыздың жер мәселесi жөнiндегi бағдарламасын кеңiнен жүреге асыруға мүмкiндiк туды. Соның нәтижесiнде, Талдықорған ауданының Шұбар селосында жаппай наразылық туды» (сонда, 4-парақ. Тынышбаевтің 1930 ж. IХ. 3 күнгi жауабынан).

«Тысқары жерден Қазақстанға келiмсектердi орналастыруға бұрын да қарсы тұрдық және ұлтшыл ұйымның мүшесi ретiнде қазiр де келiмсектерге қарсымыз. Бұл өзi ежелден келе жатқан бiздiң ұйымымызбен тiкелей тарихи байланысы бар мәселе» (№ 2370-iс, 1 т., 125-парақ, Тынышбаевтің 1930. IХ. 3 күнгi жауабынан).

«Жер мәселесiне бiз қатты мүдделi болдық және жерге қоныстандыру мәселесi бiздiң ұйымымыздың мүддесiне сай жүргiзiлуiн қаладық. Бұл мақсатқа бiз Жер жөнiндегi комиссариаттағы бiздiң ұйымымыздың мүшелерi арқылы, оның iшiнде – Есполов пен Тынышбаев арқылы қол жеткiздiк» (№ 2370-iс, 1 т., 205-парақ. Досмұхамедовтiң 30 ж. IХ. 12 күнгi жауабынан).

«Қазақстанға келiмсектердi жолатпауға тырысып, бұны патшалық отарлау саясатының жалғасы ретiнде көрсеттi, ұйым жердi жергiлiктi тұрғындарға бекiтiп берудi, сөйтiп Қазақстанда басы артық жер жоқ екендiгiн дәлелдеуге ұмтылды» (№ 541784-iс, 1 т., 98-102, 220-222-парақтар).

Жерге қоныстандыруды осындай кезек сақтай отырып жүргiзудi және жер бөлiп берудi дәл осы негiзде жүзеге асыруды қамтамасыз етуі үшiн ұйымның бұрынғы мүшелерi жер кесiмiнiң мөлшерiн ғылыми тұрғыдан тиянақтауды талап еттi. Осы мақсатқа жету үшiн Бөкейхановтың тiкелей ұйымдастыруымен Ғылым академиясының арнайы экспедициясы жасақталды, оны Бөкейхановтың с-р-дағы (социал-революциялық партияның – эсердiң мүшесi – Т.Ж.) пiкiрлесi профессор Швецов басқарды; экспедиция мүшелерi Жер жөнiндегi комиссариаттың жауапты қызметкерлерi Қаратiлеуов пен айыпкер Мұрзин Мұхтардың iрiктеуi бойынша тек қазақ шәкiрттерiнен құрылды. Экспедиция өзiнiң ғылыми жұмысын: жерге қоныстандырудың ғылыми тұжырымын негiздеу және Қазақстанда басы артық жер жоқ деген пiкiрдi дәлелдеу бағытында жүргiздi» (№ 541784-iс, 1 т., 103-111-парақтар).

Швецовтың экспедициясының жұмысына экспедиция жетекшiсiнiң орынбасары ретiнде Ә.Бөкейханов та қатысты, сөйтiп, ол «Қазақстан – қазақтар үшiн ғана!» деген ұранды заң жүзiнде бекiтуге ұмтылды, сондай-ақ Ташкенттегi жоғары оқу орынының профессоры Успенскийге КССР-дiң Жер туралы кодексiн жасауға тапсырма бердi, ол ұсыныс 1927 жылы Өлкетану бюросының жиналысында жауапқа тартылған Бұралқиев Мұстафа мен Омаровтың, тағы да басқалардың қатысуымен қабылданды (№ 541784-iс, 1 т., 10-парақ)»,– деп жазылды.

Екінші лекке жер мәселесi жөнiндегi тағылған айыптың ұзын-ырғасы осындай. Бiз жоғарыда тергеушілер айғақ ретінде келтiрген жауаптарды талдап жатпаймыз. Мұның себебі: ол көрсетінділер айыпкерлердің өз қолымен жазылды ма, жоқ, хаттама арқылы тергеуші толтырды ма? – деген сұраққа сенімді түрде жауап беру қиын, iшкi астары көп, шырғалаңы мол мәселе. Әрине, «Алашорда» үкiметi мен «Алаш» партиясының жерге қоныстану жөнiндегi бағдарламасын басшылыққа алғаны рас. Бұл – қазақ ұлтын отарлық бұғаудан құтқарып, отанды тәуелсiз жолға түсірудiң бірден-бiр бағыты болатын. Бұл пiкiрдi баспасөз беттерiнде ашық бiлдiрдi де.

Ал, астыртын ұйымның жайына келетiн болсақ, ондай ұйым ресми түрде өмiр сүрмеген. Тек әр жерде бастары қосылған, оңаша пiкiр алысқан. Туған халқының болашақтағы тағдырын талқылаған. Қандай талқыға түспесін Жер жөнiнде олардың үндемей қалуға қақысы жоқ едi. «Коммунистiк-колонизаторлық» саясат бұл қитұрқылы әрекеттi отыз жылдан кейiн «тың игеру» деген дақпыртпен жүзеге асырды. Оған дейiн де қазақ ұлты үш рет зауалға ұшырады. 1931-1932 жылғы аштықтан, отыз жетi-отыз сегiзiншi жылғы жазалау науқанынан, ұлы отан соғысындағы қантөгiстен соң 1913 жылы 6 миллионға жеткен қазақ ұлтының саны 1948 жылы 1 миллион 400 мыңға дейiн құлдырады. Қырып-жоюдың мұндай қасiретiн басынан кешкен ұлт әлемде некен-саяқ қана. Адамның сүйегi ғана қалған иесiз даланы ың-шыңсыз игерудiң бұдан асқан аярлық жолының болуы да мүмкiн емес. Аштан қырылған қазақтың тәнi мен сүйегi құнарланған топыраққа өсiп-өнген астық мұқым кеңес өкiметiн асырады.

Мұндай «коммунистік-колонизаторлыққа» кеңес өкіметінің тізгінін ұстаған Смағұл Сәдуақасов, Ыдырыс Мұстамбаев, Нығымет Нұрмақов, Жалау Мыңбаев, Ораз Жандосов сияқты өжет мінезді қайраткерлер ашық қарсы шықты. Мысалы, Ақтөбенің Елек ауданын Орынбор облысына беру туралы шешімге орай Қазақ Автономиялы республикасының Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Нығымет Нұрмақов:



«Егер орталық жеке аудандардың тағдырын осылай шеше беретін болса, онда келешекте Қазақ республикасының сақталып қалуы мүмкін емес»,– деді.

Ал Орталық атқару комитетінің төрағасы Жалау Мыңбаев:



«Сөз әзірге біз ұға қоймаған, бірақ болашақта алдымыздан шығатын мәселе туралы болып отыр... Мен өзім орталық мекемелердің тек орыс шаруаларының мүддесіне деген ерекше қамқорлығын бірнеше рет байқадым... Ендеше, неге сіздер қазақ шаруалары Қазақстан өкіметіне талап қоя алмайды деп ойлайсыздар? Егер білгілеріңіз келсе, айтайын, қазақтардың жағдайы күн сайын нашарлап барады. Олар: «Біздің жерімізді неге алып жатыр?»,– деп сұрайтыны анық. Біз болсақ: ол жердің тұрғындарының басым көпшілігі орыстар дейміз. Оған олар: «Патшалық Ресейдің біздің жерімізді тартып алып, оған өзінің отаршылдарын қоныстандыр деп кім сұрапты?»,– десе, не дейміз... Қазір ел арасында: «Қазақстанда кім бұқараның жағдайын көтеруге қатты күш салса, сол адам өкімет басында көп тұрмайды»,– деген қауесет сөз бар. Бұл, әрине, қазақ қызметкерлеріне қатысты айтылған. Мейлі, солай-ақ болсын дер едік, бірақ қазақ бұқарасының алдында масқара болып қалар жайымыз жоқ. Осында Боярский жолдас менен: «Сіздің басыңыз ауырды ма?»,– деп сұрайды. Мен: «Жоқ, басым емес, жаным ауырады», – деймін. Шынымен де ауыратындай себеп жеткілікті»,– деп күйіне айтты.

БКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің екінші хатшысы Сұлтанбек Қожанов:



«...Біздің республикамыздың тұла бойы тұнған ұлттық проблема (мәселе) ... Мәселенің ұлттық тұрғыдан қойылуынан тайсақтап, ең құнарлы экономикалық аудандардан айырылып отыра бергіміз келмейді. Қазіргі кезде қоныстандырудың қарқынды жүргізіліп жатқаны байқалады... Менің пікірімше, Қазақ республикасын бір өлке немесе Ресейдің бір ауданы есебінде емес, өзінше мемлекет ретінде сақтап қалу және оны одан әрі нығайту тұрғысынан келу қажет... Кейбір жолдастарға ерік берсек, олар бұл республиканы таратып жіберуге құлшынып отырған сияқты»,– деді (Қойгелдиев М. Ұлттық саяси элита. А. 2004, 268-бет).

1927 жылы ақпанда БКП(б) саяси бюросының мәжілісінде «Қазақстандағы байларды тәркілеу науқанын жүргізудің жоспары» арнайы талқыланды. Оған Сталиннің өзі төрағалық етті. Қазақ Өлкелік Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы Нығымет Нұрмақов бұған үзілді-кесілді қарсы шықты. Ф.И.Голощекин мен оның идеялогиялық қолбаласы О.Исаев бұған қатты «намыстанып», өздерінің әріптестерін «байлардың құйыршығы» деп айып тақты.



Қазақ байларын тәркілеу туралы өкiметтiң қаулысы мұқым дала тұрғындарының ашу-ызасын қоздырып, тұс-тұстан ашық наразылық туып, әр жерде қарулы көтерiлiстер бұрық ете қалды. Мұның өзi ұлт қайраткерлерiне қосымша айып тағылып, «қылмысын» ауырлатты. Кеңес үкiметiнiң ауыл шаруашылығы жөнiндегi «асыра сiлтеулерi» мен қателiктерiн «ұлтшыл-буржуазияшыл алашордашылардың» мойнына «қарғыс қамыты» ретiнде кигiзуге сылтау болды. Сондықтан да, үкiм де соған сай шығарылды. Мәскеу мен Алматының «ең үздiк» тергеушiлерi өздерiнiң «контрреволюциялық астыртын ұйымның қылмысты қастандықтарын әшкерелеу» бағытындағы бес жыл бойы жүргiзген тергеу iсiнiң «нәтижесiнде» тәркілеу науқанына байланысты «Алашорда» азаматтарына мынадай айып тақты.

«3. 1928 жылғы байлардың мал-мүлкiн тәргiлеу науқанына қарсы жүргiзiлген әрекеттер.

Жер мәселесi жөнiндегi өздерiнiң негiзгi мiндеттерiн шешуге ұмтылған астыртын ұйымның мүшелерi Қазақстанда асырылып жатқан өзге де кеңестiк науқандар мен түрлi шаралардың мән-мазмұнын бұрмалап көрсетуге тырысты.

1928 жылы байлардың мал-мүлкiн тәркiлеу науқанына дайындық жүргiзу барысында олар байлардың тәркіленуге тиiстi мал мен мүлкiнiң мөлшерiн (нормасын) неғұрлым көтерiп көрсетуге (мысалы: тәркіленуге жататын мал санының кесiмдi мөлшерiн белгiлi-бiр дәрежеден төмендетпеу керек. 50-60 қойы бар қазақты байлардың қатарына қоспау керек деген ұсынысты айтып отыр – Т.Ж.) тырысты, сөйтiп, белгiленген мөлшерден көп мал мен мүлкi бар байлардың шаруашылығын жоюға қарсы шықты.

Ұйымның жекелеген мүшелерi өзара хат арқылы пiкiр алысып, бұл мәселе жөнiнде қоғамдық пiкiр қалыптастырды және ұйым мүшелерiмен байланысы бар, осы науқанның дайындық жұмысына тiкелей қатысып отырған ұлтшыл кеңес қызметкерлерiн өз мүдделерiне пайдаланды, ал үкiметтiң жоспарлау мекемелерiндегi ұйым мүшелерi бұған тiкелей ықпал еттi.

Ташкент қаласында тұрған айыпкер Ә. Ермеков 1928 жылы ақпан айында осы ұйымның мүшесi, Ленинград қаласындағы М. Әуезовке: «Жердi тағы да бөлiске салу, жерге орналастырудағы теңгермелi мөлшердi сақтау – өз жерiңнен өзiң қарақшылықпен қуылған (экспропирация) бұрынғы тәжiрибенi еске салып, бақытсыз халықтың тағдыры үшiн жүрегiңдi қансыратады. Мұндай тәжiрибеге даламыз ендi көне алмайды»,– деп жазды (№ 541784-iс, 5 т., 192-парақ).

Ал М.Тынышбаев: «1928 жылы Қазақстанның үкiмет орындары байлардың мал-мүлкiн тәркiлеу науқанына дайындық жүргiзiп жатқан кезде, мал-мүлкi тәркiленiп өздерi жер аударылуға кесiлетiн байлардың санын азайту үшiн бiз тәркіленуге жататын шаруашылықтың мал санының мөлшерiн неғұрлым жоғары белгiлеу туралы қоғамдық пiкiр қалыптастырдық... Мұның барлығы Мемлекеттiк жоспарлау мекемесi мен Жер жөнiндегi комиссариатқа тiкелей байланысты едi. Ол кезде Мемлекеттiк жоспарлау мекемесiнде бiздiң ұйымның мүшесi Ғаббасов Халел қызмет iстейтiн, ол бiздiң мақсатымызды жүзеге асыруға тырысты, ал бiздiң ұйымның ықпалында болған, бiздiң ұйымымызбен кездесiп, келiссөз жүргiзген Сұлтанбеков Жер жөнiндегi комиссариатта жұмыс iстейтiн», деп көрсеттi (Тынышбаевтің 1930 ж. Х. 4 күнгi жауабынан. № 2370-iс, 1 т., 313-парақ).

Сонымен қатар, аса iрi байлардың шаруашылығын жою туралы қаулыдағы тәркiленуге тиiстi байлардың тiзiмiн алдын-ала бiлiп алған ұйым мүшелерi аудандарды аралап, алдағы жүргiзiлетiн науқанға кесiрiн тигiздi, жалған мал шаруашылығының мойынсерiктерiн құрды, iрi шаруашылықтарды ыдыратты, сондай-ақ бұл iске байлардың туыстық, рулық жақындығы бар ауылнайлар мен аудандық әкiмшiлiктiң қызметкерлерiн тартты (№ 2370-iс, 1 т., 313-парақ).

Куәгер Байсеңгіров: «Міржақып Дулатов Мерке ауданында болған кезде өзінің маңына жиналған осы ауданның байларына ол тәркілеу науқанына қатысты мәселелер жөнінде науқанның мақсатына қарсы бағытталған бірнеше нұсқаулар берді» – деп көрсетті (Байсеңгіровтің 1928 ж. ІХ. 25 күнгі жауабынан. № 2370-іс, 2 т., 888-890-парақ).

«Бiз, ұйым мүшелерi, байлардың жер аударылуына және олардың мал-мүлкiнiң тәркiленуiне қарсы шара қолданып, оларға алдын-ала ескертiп отырдық, сөйтiп науқанның жүргiзiлуiне бөгет жасадық. Соның iшiнде, менiң өзiм бiреулер арқылы Тұрысбековтерге, Тәңiрбергеновтерге және Есенқұлға және басқаларға, сонымен қатар Лепсi уезiндегi өзiм шыққан «найман» руының байларына хабар бердiм (Тынышбаевтің жауабынан, № 2370-iс, 1 т., 125-парақ және Х. Досмұхамедовтiң жауабынан, 207-парақ)».

Мемлекеттiк жазалау құрылымының барлық күшiн сарқа жұмылдырып, бес жыл бойы жанталастырғандағы айыптау қорытындысының ұсқыны осындай. Үкiмет басында кiлең жартылай сауатты адамдар отырғандықтан да, ең болмаса, қиыстырып, баптардың басын иiп, жалған да болсын «дұрыстап» айып таға алатындай тергеушiлердiң табылмауы заңды да. Чадааевтің:



«Қайран, Ресей! Адамды бақытты қылу қолыңнан келмегенi айып емес, тым құрыса дұрыстап өлтiрудi де үйiренбедің-ау!»,– деген сөзі осындайдан барып айтылса керек.

2.

Мемлекет те, сот та жазалау саясатының басты құралы ретiнде орыстың балтасын пайдаланды. Ал, шовинистер мен отарлаушының, оның iшiнде можантопай мұжық пен «елiрме сiңбелердiң», сауатсыз да сарамес жендеттiң қолындағы балта – iндеттен де қауiптi. Егерде сол «балта» мұқым мемлекеттiң жазалау құралына айналса, онда сол мемлекеттiң даму жолы адамдардың бас сүйегiнен төселген баспалдақтардан тұрады деген сөз.



Кеңес өкiметi дәл осы жолды таңдап алды. Мұндай дүлей күшке таза ақыл мен парасатты қарсы қойып күресу мүмкiн емес едi.

Мұны қазақтың ардагер азаматтары Мұхамеджан Тынышбаев пен Халел Досмұхамедов те жақсы түсiндi. Тән мен жан жазасынан құтылу үшiн олар өзiнiң «айыптарын» сырт қарағанда мойындағандай көрiнiп, бірақ әр жауабының астарына Сервантестiң қаламына лайық уытты кекесiндi сiңiрiп отырды. Қарапайым адамның өзi күле қарап, сенбейтін „қырық өтірікті” қиыннан қиыстырып, баяндап бердi. Можантопай тергеушiлердiң ой-өрiсiнiң тарлығы мен таяздығы сондай, оған тiптi назар да аударған жоқ.

Шындығын айтсақ, мұның оларға қажетi де шамалы-тын. Қалайда қаралауға iлiк тапса, көңiлi тыныш табатын. «Астыртын контрреволюциялық ұйымның қастандық әрекеттерiн» әшкерелеу үшiн Голощекиннiң «кiшi октябрь» науқанында кеткен асыра сiлтеулердiң барлығын «астыртын ұйымның мүшелерiне» айып етiп тақты.

Соның бiрi – коллективтендiру, яғни, қазақша айтқанда, «мойынсерік» құру науқаны. Мұның көшпелi қазақ ұлты үшiн зауалмен аяқталатынын экономика мен қазақтың өмiр сүру тәсiлiнен хабары бар зерде иесiнiң бәрi де түсiндi. Бiрақ оған ешкім назар салмады. Қайта, дені дұрыс пікірді «астыртын ұйымның» қастандық әрекетiне жатқызды. «Айыптау қорытындысынан»:



«4. Шаруашылықтарды коллективтендiру науқанындағы бұрмалаушылық әрекеттер

Сондай-ақ, астыртын ұйымның мүшелерiнiң жат пиғылдары шаруашылықтарды коллективтендiру науқаны тұсындағы бұрмалаушылықтарынан, оны болдырмауға тырысып баққан әрекеттерiнен байқалды. Коллективтендiрудiң жүзеге аспай қоймайтынына, бұл шараларға тұрғындардың ерекше белсендiлiк танытып отырғанына көздерi жеткен соң, олар жарым-жартылай рулық негiзде құрылған колхоздарды ұйымдастыруға күш салды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   33




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет