Қазақстан тарихы бойынша түсіндірме жазба


- Билет Үйсіндер тарихы (қоғамдық құрылысы, шаруашылығы



бет5/12
Дата12.03.2018
өлшемі3,89 Mb.
#38956
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

7 - Билет

  1. Үйсіндер тарихы (қоғамдық құрылысы, шаруашылығы

мен тұрмысы)

2. VI-XII ғғ. Қазақстанның ғалымдары мен ойшылдарының әлемдік мәдениетке қосқан үлесін талдаңыз (әл-Фараби, М.Қашқари, Ж.Баласағұн, Қ.А.Яссауи және т.б.).

3. 1920-1924 жылдары Қазақ АКСР-ң құрамына біріктірілген Қазақ жерлерінің аумақтарын картадан белгілеңіз. Қандай әкімшілік аймақтардың кіргенін анықтаңыз.


Жауаптары:

1. Үйсіндер тарихы (қоғамдық құрылысы, шаруашылығы мен тұрмысы)

Үйсіндер туралы ежелгі қытай жазбаларында б.з.б. 2 ғасырдан бастап кездеседі. Олар «ат жақты, аққұбаша, сары шашты»болып бейнеленеді. Табиғаты былай суреттелген: «Жерлері тегіс ,шөптесін, жаңбырлы әрі суық келеді. Тауларында қылқан жапырақты ағаш көп өседі». Қытай тарихшысы Сыма Цянь үйсіндердің шығу тегі туралы мынадай мәлімет жазып қалдырған: «Үйсіндердің басшысын гуньмо деп атайды. Оның әкесі сюннудың батыс шекарларындағы шағын патшалықты билеген. Сюнну оның әкесіне шабуыл жасаған кезде гуньмо туған, әкесі оны далаға тастап кеткен. Тұмсығымен ет тістеген қарғалар оның үстінде айналып ұшып жүрді, ал қасқырлар оны емізген. Шаньюй (сюннулардың билеушісі) бұған таңғалып, мұны ғажайып нәрсе санап, оны тәрбиелеп өсірді».Олар өзімен көрші жатқан Қытай сияқты ірі елдермен тең құқықты дәрежеде саяси және сауда қарым-қатынасын жасаған. Б.з.б.138 жылы ғұндарға қарсы одақ жасау жөнінде «Батыс өңірге» келген Қытай елшісі әрі саяхатшы Чжань Цянь: «Қазір үйсіндер күшті елге айналыпты » деп жазады. Деректерден үйсіндердің көршілерімен қарым-қатынасы туралы да білуге болады: «Алғашқыда олар ғұндарға тәуелді болғанымен, кейін күшейген соң олардың қол астында болуды қаламады. Сөйтіп шығысында ғұндармен, батысында қаңлымен, олңтүстігінде әртүрлі тұрақты иеліктермен араласып тұрды». Деректерде «Үйсіндердің үлкен гуньмосы Чигу қаласында тұрады, халқы 630 мың адам, әскері 188 800 жауынгерден құралған » деп жазылған.Үйсіндер мемлекеттік дәрежеде өмір сүрген тайпалар. «Усунго», «Синго» көшпелі мемлекет деген ұғымдарды білдірген. Үйсіндер басшысын «гуньмо» (күнби) деп атаған. Гуньмолардың жасағы отыз мың атты әскерден тұрған. Оған «бек»деп аталған жеке тайпа көсемдері мен ұсақ рубасылары бағынды.Үйсін қоғамы біркелкі болмаған. Тайпа мен ру басшылары, байлар, жауынгерлер мен абыздар және қатардағы қарапайым бұқара халық малшылармен егіншілерден тұрды.Мал шаруашылығымен және егіншілікпен шұғылданған үйсіндер қоғамында әлеуметтік және мүліктік жіктелу орнығып ,теңсіздік қалыптасты. Мал жеке меншікке қарады. Байлар өз жылқыларын өзге жылқылардан айыру үшін, әр отбасы өз табынына ерекшелік белгі – ентаңба басып, ен салған. Әскери қолбасшылар, ірі байлар алтыннан, қоладан жасалған таңба ұстаған, дәрежесі төмендердің тастан, сазбалшықтан жасалған таңбалары болған. Бай үйсіндер 4-5 мың жылқыдан иемденді. Кейбір ауқатты бай үйсіндер құл еңбегін де пайдаланған. Құлдар негізінен соғыс кезінде тұтқынға түскен адамдардан құралды. Құлдардың еңбегі көбінесе үй шаруашылығында пайдаланылды.Дәулетті адамдардың киімдері көбіне жібектен, не басқадай қымбат матадан тігілді. Ал қарапайым адамдар арзанқол матадан не қой терісінен тігілген киімдер киді. Үйсіндерде жеке меншік малға ғана емес, жер-суға да қараған. Байлар: «менің жайылымыма ешкім мал жаймасын» деп жеріне басқаны жолатпайтын. Жеке меншіктің шыққанын, мүлік теңсіздігінің пайда болғанын үйсіндерді жерлеген зираттардан да білуге болады. Мәселен, үлкен обалар бай адамдар жерленген. Олардың қасына қажетті деген бағалы қару-жарақтары мен ыдыстары қойылған. Ал қатардағы малшылар мен егіншілердің зираттары мүлде қарапайым болған. Қабірге өлген адамның тұтынған заттары салынған.
2. VI-XII ғғ. Қазақстанның ғалымдары мен ойшылдарының әлемдік мәдениетке қосқан үлесін талдаңыз (әл-Фараби, М.Қашқари, Ж.Баласағұн, Қ.А.Яссауи және т.б.).

X ғасырдан бастап Оңтүстік Қазақстанда ислам діні кең түрде дами бастайды. Сайрам, Отырар, Түркістан, тағы басқа қалаларда діни медреселер салынып, ғылым-білімге кең жол ашылды. Әдеби және ғылыми шығармалар араб тілінде жазылады. Шығыстың аса көрнекті ғалымы Әбу Наср әл-Фараби де шығармаларын араб тілінде жазды.Әбу Насыр әл-Фараби (870-950).Отырар(Фараб) ойшылдарының ішіндегі ең атақтысы,топ жарғаны- «Шығыстың Аристотелі» немесе «Әлемнің екінші ұстазы» атанған тұлға.Әл-Фарабидің «әлемнің екінші ұстазы» аталуының екі себебін атап көрсетуге болады: біріншіден - ежелгі гректердің ғылыми мұраларының көпшілігі араб аудармалары арқылы ортағасырға жеткені мәлім, соның ішінде грек ғалымы,философы Аристотельдің еңбектерін, ондағы идеяларды әл-Фараби еңбектері арқылы ғана түсінуге болады. Ол, ең алдымен, грек ғылымын, оның философиясын, әсіресе ұлы ұстазы Аристотельдің еңбектерін қызығып оқыған. Ибн-Халиканның айтуына қарағанда,Әл-Фараби Аристотельдің «Метафизикасын» қырық, «Жан туралы» еңбегін жүз, «Риторикасын» екі жүз рет оқып шығыпты.Осындай ыждаһаттылығының арқасында ғана ол Аристотельдің ғылыми мұрасын еркін игерген. Әл-Фараби араб,парсы, латын, үнді(санскрит), грек және т.б. тілдерде еркін сөйлеп, жаза білген.Ежелгі грек тілдерінде жазылған еңбектерді араб тіліне аударған.Екіншіден –әл-Фараби философ, музыкант, математик ғалым ретінде дүниеге көзқарасы жағынан өз заманының озық ойлы адамы болды. Яғни, ғылымға қосқан үлесі мен еңбегі жөнінен көптеген замандастары мен одан кейінгі ұрпаққа үлгі болып келеді.Ибн Хаукаль өз еңбегінде әл-Фараби жайлы: «Ол –аса ірі мұсылман философтарының бірі. Олардың ешқайсысы да оның деңгейіне жеткен жоқ» деп баға берген. Әл-Фараби мұралары: Әл-Фараби ғылымды өз бетінше зерттеп, үлкен табыстарға жеткен ұлы тұлға. Ол метафизика, тіл білімі, логика, география, этика т.б. ғылым салаларын қамтитын 160-қа жуық трактаттар жазып қалдырған. Педагогика, психология, эстетика мен музыка, астрономия мәселелерін де терең зерттеп, мәдениет пен ғылымға жемісті үлес қосқан. Аристотельдің еңбектерін зерделей отырып, «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары»,«Бақытқа жету»,«Ақындықтың мәні туралы» т.б. философиялық туындылар жазған.Әл-Фараби музыка саласында да «Музыканың ұлы кітабы», «Музыка ғылымы туралы пікірлер» т.б. іргелі еңбектер жазған.Бірқатар музыкалық аспаптарды жетілдірген.Әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты трактатында ізгі мемлекеттің болуы, ондағы халықтың жағдайы басшысына байланысты деп, қоғамды қалай басқару керек деген мәселеге көңіл бөлген. Әл-Фарабидің логика мен медицина, ғарышнама мен анатомия,философия, заң ғылымы сияқты ғылым салаларына қосқан жаңалықтары әлемге әйгілі.Әбу Райхан әл-Бируни (973-1050) – энциклопедист-ғалым. Әбу Насыр әл-Фараби, Ғаббас әл-Жауһари т.б. дәстүрлерін жалғастырды. Ә.Бируни 22 жасында әйгілі ғалым ретінде таныла бастайды. Ол парсы, араб, грек, үнді(санскрит) тілдерін еркін меңгерген, өз заманына лайық білім алған. Тарих, математика, география, астрономия, медицина, т.б. ғылым салаларынан 150-ден астам еңбектер жазып қалдырған. Оның 45-і астрономия мен математика саласына арналған. Ғұламаның атақты «Асыл тастар», «Бұрынғы ұрпақтар ескерткіші» еңбектері бүгінгі күнге дейін өзінің құндылығын жоймаған. Ол алғаш рет жердің күнді айналатындығын болжап, аспан денелерінің қозғалу заңдылықтарын ашқан. Бируни дүниенің геоцентрлік жүйесін Коперниктен 500 жыл бұрын және денелердің жерге тартылысын Галлилей мен Ньютоннан 600 жыл бұрын айтып кеткен. ХХғ. ғалымның еңбектері орыс,ағылшын, неміс, француз тілдеріне аударылған.Әбу Райхан әл-Бируни- бейбітшілік пен бостандықты, халықтар достығын жақтаған адам.Бейбіт халықтың шырқын бұзған соғысқұмар патшаларды қатал айыптайды. Өзінің «Үндістан» атты еңбегінде»гүлденіп тұрған қала мен бейбіт елді Махмұд күл қылып ұшырды» дейді. Бирунидің пікірінше, барлық халықтың тілі әдемі, халықтардың және олардың тілдерінің артықшылығы жоқ, адам баласының бәрі бірдей деп қорытындылайды Махмуд Қашғаридің (1030-1090). Араб тілін жетік білген ғұлама ғалым саналы ғұмырын өзінің туған халқының тілін зерттеуге арнаған.Махмуд Қашғари үш кітаптан тұратын «Түрік тілдерінің сөздігі» («Диуани луғат ат-түрік») атты мәңгі өшпес мұра қалдырды. Ғалымдар еңбекті 1072 немесе 1078 жылы жазылған деп шамалап жүр. Бұл кітап – түрік дәуірінде өмір сүрген түркі тайпалары сөздерінің жиынтығы. Оның айтуы бойынша, бұл еңбекті жазудан бұрын ол бүкіл түріктердің елі мен жерін түгел аралап шыққан. Атақты орыс ғалымыА.Н. Кононов Махмуд Қашғаридің бұл кітапты жазудағы басты мақсаты түркі тілінің мәртебесін көтеріп, оның араб тілінен ешбір кем түспейтіндігін дәлелдеу болды дейді. Түркі тілінің маманы Н.А. Баскаков Махмуд Қашғари өзінің бұл атақты еңбегін жазуда түрік тілдерін өзара салыстыра зерттеушілердің көшбасшысы болды деген пікірді айтады.Ғұлама өз еңбегінде түрік тілдес тайпалардың тілін ғана зерттеп қойған жоқ. Бұл кітаптан бүгінгі ғалымдар сол кездегі түріктердің мекен-жайларының аты-жөні, олардың тарихы, этнографиясы, ауыз әдебиеті, материалдық мәдениеті, бұйымдары, этнонимдері, жер-су аттары, қызмет адамдарының дәрежесі, тағам, сусын түрлері, үй жануарлары, жабайы аң-құстар, мал шаруашылығы, өсімдік дақылдары, астрономия терминдері, күнтізбе, ауру түрлері, дәрі атаулары, анатомиялық терминология, әскери, спорт, әкімшілік терминологиясы, түрлі тарихи, мифтік қаһармандардың есімдері, діни ғұрыптар, балалар ойындары мен ермектері т.б. жайлы көптеген мағлұматтар алады. Сондықтан өзінің деректілігі жағынан бұл ешбір баға жетпес еңбек болып табылады.Жүсіп Баласағұнн (1021-1075). Ол өзінің атақты «Құт негізі - білік» («Құтадғу білік») атты еңбегімен белгілі. Бұл еңбек алғаш рет түрік тілінде жазылған. Ғұлама өзінің еңбегінде: «Арабша, тәжікше тұңғыш даналық жинақ» деп, түрік тіліндегі жазылған кітаптардың мүлде жоқ екендігін аңғартады. Ғалымның еңбегінде түркі тілдес халықтардың тарихы мен қоғамдық саяси өмірі,әдет-ғұрып, наным-сенімдері туралы мағлұматтар көптеп кездеседі.Жүсіп Баласағұнидің бұл еңбегінде ғылымның философия, астрономия, алгебра,тарих, араб, парсы тіл білімі сияқты салаларына да тоқталуы оның жан-жақты, білікті адам болғандығын көрсетеді. Кітапта халық ауыз әдебиетінің үлгілері мол пайдаланылған. Аңыз-әңгімелер, мақал-мәтелдер,шешендік сөздер көп кездеседі. Жазба әдебиеттің көрнекті өкілдерінің бірі Қарахан мемлекетінің кезінде даңқы шыққан ақын Ахмет Иүгнеки болды. Ахмет Иүгнекидің туған-өлген жылдары белгісіз. Иүгнекиге халық көзінің тірі кезінде-ақ «ақындардың ақыны, даналардың көшбасы» деп баға берген. Оның бізге жеткен еңбегі – «Ақиқат сыйы».Дастан қарахан халқына түсінікті түрік тілінде жазылған. «Ақиқат сыйы» халықты инабатты болуға, адал өмір сүруге, арамдықтан аулақ болуға шақырады.Білімді адамдар мен білімсіз адамдар арасындағы айырмашылықты сипаттайды. Ал шешен сөйлеуге, орынсыз сөйлемеуге ақыл-кеңес береді.Қожа Ахмет Йасауи (1103-1167) Қожа Ахмет Йасауиден қалған мұра оның «Даналық кітабы» - «Диуан-и хикмет» болып табылады. Кітап түрік тілінде араб әліпбиімен жазылған. Бұл еңбек те адамды даналыққа, адалдыққа, кішіпейілділікке, имандылыққа шақырады. Аллаға адал болуға баулиды, дін жолында таза болуға үгіттейді. Ақын өз заманының әділетсіз билік иелерін қатты сынға алады.Х-ХІІ ғасырларда Қазақстан жерін мекендеген түрік тілдес халықтар арасында ғылыми, әдеби шығармалар жазылып, рухани мәдениеттің дамуы бір қадам болса да алға басқан.
3. 1920-1924 жылдары Қазақ АКСР-ң құрамына біріктірілген Қазақ жерлерінің аумақтарын картадан белгілеңіз. Қандай әкімшілік аймақтардың кіргенін анықтаңыз.

1920 жылы 4 қазанда Қазақ АКСР-і құрылды. Қазақ жерінің байырғы жерін бір республикаға біріктіру мақсатында Қырревком жанынан арнаулы комиссия құрылып, республиканың шекарасын белгілеумен айналысты.1920жылы 22 қыркүйекте БОАК жаңа декретпен Қазақ АКСР құрамына Орынбор губерниясын қосты. Декрет бойынша Қазақ АКСР құрамына- Семей, Ақмола,Торғай, Орал облыстары, Маңғыстау уезі, Закаспий облысындағы Красноводск уезіндегі 4,5 Адай болыстары, Астрахан губерниясының Синеморье болысы, Бөкей Ордасы, бірінші және екінші Приморский округының қазақтар қоныстанған аймақтары енгізілді.Қазақ АКСР-нің қарамағында 1920жылғы дерек бойынша 1 871 239 шаршы версті(1,07км) құрады. Бірақ қазақ жерін аумақтық жинау Қазақ АКСР-нің құрылуымен аяқталмады. Жетісу мен Сырдария облыстары Түркістан АКСР-і құрамында, Семей мен Ақмола облыстары Сібір ревкомының қарамағында болды. 1921 жылы Ақмола және Семей облыстары Сібір ревкомы қарамағынан Қазақ АКСР-не берілді.Сондай-ақ Ертіс пен Жайық бойындағы казактар иеленіп келген 10 шақырымдық өңір қазақтарға қайтарылды. 1924 жылы Орта Азиядағы кеңестік республикаларды ұлттық-аумақтық межелеу нәтижесінде Қазақ АКСР-і құрамына 1млн 468 мың халқы бар Сырдария(Қазалы,Ақмешіт,Түркістан, Шымкент,уездері, Әулиата уезінің көп бөлігі, Ташкент, Мырзашөл уездерінің бір бөлігі) Самарқан облысы, Жизақ уезінің қазақтар тұратын болысы, Жетісу облысының Алматы, Жаркент, Лепсі, Қапал,Пішпек уезінің бір бөлігі Қазақстанға қарады.Орынбор губерниясы Қазақстан құрамынан шығарылды. Республика аумағы 1/3-ге кеңейіп, 2,7 млн шаршы шақырымға жетті. Қазақ АКСР-ін ұлттық-мемлекеттік бекіту 1925 жылы сәуір айында Қазақстан кеңестерінің V съезінде, оның астанасы Қызылордада аяқталды.




8 - Билет

1. Қаңлылар тарихы (қоғамдық құрылысы, шаруашылығы мен тұрмысы)

2. Ы.Алтынсарин мен Бөкей Ордасының ханы Жәңгірдің қазақ даласында оқу ағарту саласын дамытудағы үлестеріне баға беріңіз.

3. Кестені толтырыңыз. Қазақ зиялыларының 1916 жылғы көтеріліске қатысты ұстанған бағыттары.

Бағыттары

Қазақ зиялылары

Күрес тәсілдері










Жауаптары:

1. Қаңлылар тарихы (қоғамдық құрылысы, шаруашылығы мен тұрмысы)

Қытайдың «Цянь Ханшу» атты тарихи деректерінде Қаңлы мемлекетінің пайда болған уақыты, оның шекарасы, басқа да маңызды мәселелері туралы айтылған.«Жу патшасының тарихы» деген шығарманың «Қаңлы» бөлімінде былай делінген: «Қаңлы елінің алтын, күміс, асыл заттар, хош иісті майлар, кілемдер, қымбат аң терілері шығады. Көп елдермен сауда жасасқан едәуір қалалары да болған». Бірқатар тарихшы ғалымдар Қаңлы мемлекетінде жазу болған дейді. Оған дәлел ретінде Қытайдан барған елшілердің Қаңлы ханының сарайында жазылған Заң жарғыларын көргенін келтіреді. Өкінішке қарай, ол жарғылар сақталмаған. Бірақ соңғы жылдары археологтар қыш тақталарға жазылған қаңлы жазуларын табуда.Қытай деректері бойынша, қаңлы тайпалар одағының 120 мың түтіні (отбасы) немесе шамамен 600 мың адамы, 120 мыңға дейін жауынгерлері болған. Ежелгі Қытай хроникасы олардың екі астанасы- жазғы және қысқы астанасы болғанын жазады.Ежелгі Иранның бағзы заманда жазылған «Авеста» деп аталатын қасиетті кітабында «Вэсаканың ержүрек ұлдары ең биік, бәрінен жоғары тұрған Канха қамалының алдында құрбандық берді» деп жазылыпты. «Кангүй» , «канха» сөздері қазақтың Ұлы жүз тайпалық бірлестіктерінің бірі Қаңлы атауына ұқсас. Үнді халқының эпосы «Махабхарата» қолжазбаларының мәліметтерінде де қаңлы атауы аталады. «Қаңлы» сөзі «қарулы, жақсы, жайсаң ұлықтар» мағынасын білдіреді. Қаңлылардың саяси тарихы жөнінде жазба материалдары аз. Б.з.б. 46-36 жылдары қаңлылардың Қытаймен соғысқан ғұндарға көмектескенін ғалымдар анықтап отыр.Қаңлылар б.з.б. ІІІ- б.з.-дың V ғасыры аралығында өмір сүрген.Қазақстанның оңтүстігінде егіншілікке қолайлы жерлерде ертедегі тұрғындар отырықшы тіршілік еткен. Табиғат жағдайының қолайлылығына байланысты мұнан екі мың жыл бұрын қаңлыларда егін, мал, қолөнер, аңшылық, сауда-саттық сияқты кәсіптер жақсы дамыды.



Шаруашылығы мен тұрмысы: Қалалардың айналасын, өзендердің жағаларын мекен еткен қаңлылар егіншілікпен айналысты. Арал өңірінде, Ташкент алқабында отырықшылық дамып, ежелгі қоныстар мен қалалар қалыптаса бастады. Сырдария аңғарларындағы егіншіліктің басым бөлігі тары, арпа, бидай сияқты дәнді дақылдар болды. Сонымен бірге қауын, қарбыз секілді бақша дақылдары, алма, жүзім, өрік сияқты жемістер өсірілді. Суды Сырдарияның салаларынан, әсіресе Қуаңдария мен Жаңадариядан алды. Егіншіліктің кең қанат жаюы арықтардың, дамбылардың, су қоймасы мен тоғандардың пайда болуына алып келді. Тары, бидай, арпа, күріш, бұршақтан бай өнім жинаған. Сырдария Арыс Бадам өзендерінің орталық өңірлерінде мақта өсіруменде айналысқан.Егіс алқаптарын суландыру үшін, көптеген су қоймалары мен тоғандар салды. Шыршық өзенінің оң жағалауында ұзындығы 20 шақырым келетін Зах тоғанын қазды. Ал сол жағалауынан Ханарық арығы тартылды.Тәлімі егіншілік түрі басым болған. Жиған асықтарын іші күйдірілген ұраларда, сондай-ақ жерге көмілген үлкен қыш ыдыстарда сақтады.Қаңлылардың маңызды шаруашылығының бірі мал өсіру болған. Олар жылқы, қой, сиыр, ешкі, сияқты үй малдарын өсірді. Малдарын жаздық жайылымдарға шығарған. Жайлауы Орталық Қазақстан далаларына дейін жеткен. Қыс кезіндегі қыстаулар үшін ең алдымен өзен маңындағы жерлерді таңдады, өйткені оның жағасындағы қалың қамыс пен бұталар мал мен адамды дауылдан, қардан, бораннан сақтады, малға азық болды.Қаңлылар қаз, үйрек, бірқазан сияқты құстарды аулаумен де шұғылданған. Олар балық аулауды да кәсіп еткен. Балықты сүңгімен түйреп, басқа да әртүрлі құралдармен аулаған.Қаңлы әйелдері арасында қолөнердің жүн өңдеу кәсібі жақсы дамыған. Олар жүннен киіз басып, игерілген жіптен киім, түрлі төсеніштер тоқыған. Қолөнершілер жасаған бұйымдарын мал шаруашылығы өнімдеріне және астыққа айрбастады. Бұл ішкі сауданың дамуына және көрші тайпалармен қарым-қатынастың қалыптасуына ықпал етті.Қаңлылар жерінде металл өндірісі, әсіресе темір ұсталығы, қола құю, зергерлік ісі дамыған. Әсіресе Қауыншы мәдениетінде темір өңдеі мен балқыту айтарлықтай дамыды.Металл өндірісінің орталығы Шаш-Илақ аймағындағы қалалар мен қоныстар болды. Ежелгі Құлата қаласының орынан табылған қазба бұйымдары бұл жерде металл өңдеудің ірі орталығы болғандығын аңғартады. Бұл орталық кезінде 50 гектардай жерді алып жатқан. Қаңлылар мемлекеті географиялық жағынан қолайлы орналасқанын айттық. Оның аумағы арқылы Ұлы Жібек жолы өтті. Зерттеушілер қаңлылар жерінен б.з. –дың ІІІ –ІV ғасырларында соғылған салмағы әртүрлі 1300 дей теңге тапты. Мұндай теңгелердің көбісі Сырдария аймағында кездескен.
2. Ы.Алтынсарин мен Бөкей Ордасының ханы Жәңгірдің қазақ даласында оқу ағарту саласын дамытудағы үлестеріне баға беріңіз.

Ыбырай Алтынсарин (шын аты — Ибраһим, 1841—1889) — қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері. Ыбырай Алтынсарин қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырды. Ол 1841 жылы қазіргі Қостанай облысының аумағында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған ол атасының - белгілі би және старшын Балқожа Жаңбыршиннің қолында тәрбиеленді. Ыбырай бала кезінен бастап білімге және өз бетінше оқып білуге бейім екенін байқатты. Көп оқыды, Ресей қоғамының білімді адамдарымен жиі араласып тұрды. Орынборда оқып жүрген кезінде шығыстанушы ғалым В.В Григорьевпен жақын танысып алды. Ол өзінің бай кітапханасымен Ыбырай Алтынсариннің еркін пайдалануына рұқсат етті. Білімге құштар жас бос уақытының бәрін де сол кітапханада өткізді. Білген үстіне біле түссем деген құмарлық пен өз халқыма неғұрлым көбірек пайда келтірсем деген абзал арманға ұмтылыс жас Ыбырайдың өмірлік кредосына айналды. Өзінің мінез-құлқы жағынан қарапайым әрі еңбексүйгіш еді, көп оқыды, өзге халықтардың қол жеткен табыстарын неғұрлым көбірек біле түссем деп армандады. Алған білімін өз халқының пайдасына асыруға талпынды. 1860 жылы Жайықтың шығысындағы қазақтар үшін төрт бастауыш мектеп ашылған кезде, Ыбырай өзі сұранып, Торғай мектебіне мұғалім болуға рұқсат алып, сонда келеді. Бірақ мектеп бірден ашыла қоймайды. Бұл аралықта, Ыбырай ел ішінде мектептің пайдасын түсіндіріп, біраз баланы өз үйінде оқытады. Торғай мектебі 1864 жылы ғана ашылады. "Осы жылы қаңтардың 8-і күні көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді. Бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай қызу кірістім", – деп жазады, ол белгілі шығыстанушы, профессор Н.И.Ильминскийге жолдаған хатында. Ыбырай мектептегі сабақ пен тәрбие жұмысын сол кездегі орыс мектептері үлгісінде құрады. Сабақты қазақ тілінде жүргізе отырып, ол балаларға орыс тілін үйретуге, пән негіздерінен білім беруге тырысады. Тәрбие жұмысын адамгершілігі мол, жаңа ұрпақ тәрбиелеп шығаруға бейімдейді. Сол ниетпен бар күш-жігерін мектеп ісіне, бала оқыту жүйесін жақсартуға жұмсайды. 1876 жылы Ыбырай Петербург, Қазан қалаларына барады. Орыстың ағартушылық жүйесін, орыс ағартушы дарының еңбектерін зерттейді. Қазақ тілінде оқу құралдарын жасауды ойлайды. 1879 жылы Ыбырай Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне тағайындалады. Бұл оның ағартушылық қызметінің кең өріс алуына жол ашады. Ол еуропалық үлгідегі мектептер ашу ісімен шұғылданады. 1879-1883 жылдар аралығында Торғай облысының төрт уезінде (Торғай, Ырғыз, Троицк, Ақтөбе) жаңа мектептер ашады. 1883 жылы Торғай қаласында қолөнер мектебі ашылды. Ол қазақ даласындағы техникалық білім беретін тұңғыш оқу орны болды. Ыбырай қазақ қыздарын оқыту ісіне ерекше көңіл бөледі. Бұған ескішіл әдет-салттарға қарсы күрестің бір жолы есебінде қарайды. 1887 жылы Ырғызда қыздар мектебін ұйымдастыруы – оның ағартушылық аса зор еңбегі. Қазақ даласында мектептер санының артуына байланысты Ыбырай мұғалімдер даярлайтын мектеп ашуды қолға алды. 1881 жылы Омбы қаласында тұңғыш мұғалімдер мектебі ашылды. Ыбырай мектептер ашу ісімен ғана шектеліп қалмады. Ол сол мектептердегі тәлім-тәрбие, оқу жұмысына айрықша мән берді. Оқу-тәрбие ісін жаңа бағытта ұйымдастырды. Бұл ретте ол мұғалімнің атқаратын рөлін жоғары бағалады. "Халық мектептері үшін ең керектісі – мұғалім, – деп жазды ол. Тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият түрде жүргізілетін инспектор бақылауы да мұғалімге тең келе алмайды". Ыбырай туған халқын ерекше сүйді, оның болашағына зор сеніммен қарады. Сондықтан халық ағарту ісін айрықша шабытпен жүргізді. 1876 жылдан бастап "Қазақ хрестоматиясын" жазуға кірісіп, оны 1879 жылы Орынборда бастырып шығарды. "Бұл кітапты кұрастырғанда мен, – деп жазды. Ыбырай хрестоматиясының алғы сөзінде, – біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс-қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын көздедім". "Қазақ хрестоматиясы" балаларға арналған өлеңдер мен шағын әңгіме-новеллалардан құрастырылды. Олардың бірқатарын өзі жазды, біразын сол кездегі орыс оқулықтарынан еркін аударып алды. Хрестоматияға қазақтың халық әдебиетінің үлгілерін де іріктеп кіргізді.

Жәңгір хан (1801-1845) - Бөкей Ордасының соңғы ханы, Әбілхайыр ханның шөбересі, Нұралы ханның немересі, Бөкей ханның ұлы. Генерал-майор, Шын аты - Жиһангер. 1815 жылы әкесі мұрагерлік салтқа сәйкес хандық тақты Жәңгірге берген. Алайда, Жәңгір хан жас болғандықтан, Бөкейдің тапсыруы бойынша хандықты Бөкейдің інісі Шығай сұлтан басқарады.1823 жылға дейін Жәңгір Астрахан губернаторы Андреевскийдің үйінде тәрбиеленіп, еуропаша білім алады.Сол жерде хандықты әкімшілік тұрғыдан басқару әдіс-тәсілдерін үйренеді. 1823 жылдан бастап билік хан тағының заңды мұрагері Жәңгірдің қолына көшеді.1823 жылы Жәңгір ішкі Бөкей ордасында хан сайланғаннан бастап қазақтың ұлттық мәдинетінде, оның ішінде ұлттық білім жүйесіне ерекше мән берді. Оның басты себептерінің бір: Жәңгірдің өзі орысша білім алған және осындай білімнің Қазақстанға, оның ішінде Ішкі Бөкей Ордасында өте қажет екенін түсінді. Ол Ресей империясының Еуропалық білім жүйесі арқылы көптеген салаларды жетістіктерге жеткенін жақсы білді. Жәңгір хан қазақ халқының сауаттылығын, ұлттық мәдениетін дамытатын әрі толықтыратын жаңа білім жүйесі «Еуропалық үлгідегі жаңа мектептер мен орта және жоғарғы оқу орындары» деп түсінді. Оны Жәңгір ханның осы білім жүйесінде қазақ балаларын оқытуды арман етіп, білім саласын дамытуға бағытталған саясатынан көруімізге болады. Жәңгір хан алғашқы болып Қазақстанда оның ішінде «Ішкі Бөкей Ордасында ұлттық білім жүйесін » қалыптастырумен айналысқан. Ол алғашқы ұлттық мектепті 1841 жылы 6 желтоқсанда Хандық ордада (ставкада) ашқан болатын.Оның мұсылман мектептері мен медреселерден үлкен айырмашылығы сол, бірінші қазақ-орыс мектебі болды. Оқу жылы қазан айында басталып, мамыр айының аяғында аяқталатын. Жыл сайын 6 желтоқсанда оқушылардың ата-аналары шақырылып, олар ханның басшылығымен жүретін емтихандарда оқушылардың алған білімінің нәтижелерін бағалауға қатыстырылатын. Бұдан біз хан ставкасындағы (Ордасындағы) білім беру ісі тікелей Жәңгір ханның басшылығымен жүргізілгенін көреміз. Оған қоса мектепте өткізілетін әр түрлі шараларға міндетті түрде хан қатысатын еді. Мектептегі сабақтардың жүргізілуін, оқушылардың білімін бақылау істерін, емтихандарды, оқу бағдарламаларын, оқу жоспаларын хан қадағалап отырған. Жәңгір хан мектебінде оқытылған пәндер: татар, араб, орыс тілі, арифметиканың алғашқы ережелері, жазу, сызу, тарих, географияның қысқаша жинағы, алғашқы дәрігерлік көмектің ережелері. Осы пәндерге қоса негізгі пән-мұсылмандық имандылық сабағы жүргізілген. Хан кейін ұлттық мектепті училище деп атап, білім саласы үшін арнайы ғибрат үй салған және мұғалімдерді байқау қазіргіше айтсақ конкурс арқылы таңдалатын әдістемелік орталыққа айналдырылған. Мектептерді бітірген оқушылар Орынбордағы Неплюев кадет корпусында одан әрі оқуын жалғастырған. Бұл білім ордасында мектептің арнайы бекітілген оқу жоспарлары оқыту бағдарламалары, жүйелі оқыту әдістемесі болған. Осылардың бәрі Жәңгір хан ашқан ұлттық мектеп қазіргі кездегі Қазақстан білім жүйесінің бастауы болғандығын көрсетеді.

3. Кестені толтырыңыз. Қазақ зиялыларының 1916 жылғы көтеріліске қатысты ұстанған бағыттары.

Бағыттары

Қазақ зиялылары

Күрес тәсілдері

1.Либерал-демократиялық


2.Революцияшыл-демократиялық

1.Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы бастаған зиялылар
2. Т.Рысқұлов, Т.Бокин, Ә.Майкөтов, С.Сейфуллин, С.Меңдешев, Ә.Жангелдин, БАлманов сияқты зиялылар

1. Көтеріліске шықпау, патша үкіметімен ымыраға келу, бейбіт саяси әдістерін жақтады
2. Қарулы көтеріліске шығуды жақтады және өздері де көтерілісті ұйымдастыруға қатысты

9 - Билет

1. Ғұндардың діни наным-сенімдері мен әдет-ғұрыптарын, әскери өнерін сипаттаңыз.

2. Қазақ хандығындағы билердің рөлі мен атқарған қызметіне жан- жақты баға беріңіз.



3. Кестені толтырыңыз:

Бірінші дүниежүзілік соғысы жылдарындағы Қазақстан

Өнеркәсібі

Ауыл шаруашылығы

Қоғамдық- саяси өмірі









Жауаптары:

1. Ғұндардың діни наным-сенімдері мен әдет-ғұрыптарын, әскери өнерін сипаттаңыз.

Ғұндар аспанға, жерге ата - баба аруағына, көктегі тәңірге арнап құрбандық шалған.


Ғұндардың да діни сенімдері сақтарға ұқсас болған. Жаңа жылдың алғашқы айында ұлыс көсемдері ғибадатханаға жиналып, құлшылық жасаған. Шығып келе жатқан күнге, айға тағзым етіп, құрмет көрсеткен. Ауқатты адамдардың зираттарынан алтын - сырғалар, жүзіктер, әшекейлеп жасаған кемер белдіктер қымбат бағалы қытай маталары кездеседі. Қадірменді адамдары өлгенде алтын-күмістелген аға табытқа салып жерлеген. Өлтірген жауының басын әкелген ғұн жауынгері көсемнен сыйлық алып, әрі өлтірген жауының дүние-мүлкіне ие болған. Ертедегі тарихшылар ғұндарды әртүрлі сипаттайды. Марцеллин олардың жауынгерлігін ерекше атаған: «Ертелі-кеш ат үстінен түспейді. Маңызды істер туралы кеңесетін болса, кеңесті де ат үстінде отырып өткізеді.Олар өздеріне төніп тұрған патшаның қатал әмірін сезбейді, ал егер тайпа ақсақалдарының біреуі басшылық жасаса, жолында кездескеннің бәрін жайпап өтеді».Рим елшісі Прииск ғұндар туралы айта келіп, «олар соғыстан кейін тыныш әрі қамсыз тіршілік етеді, әркім қолында барымен қанағат етеді» дейді. Прииск ғұндарды бейбіт халық ретінде сипаттайды. Ол ғұндар: «әсіресе жақындарын өздерінің мейірімді әрі жылы ілтипатымен және сүйіспеншілігімен бауырына тартады» деп жазады.Ғұндардың жеңу себептері әскери-техникалық басымдылығына байланысты еді. Әскердің негізгі құрамы шапшаң атты әскернден құрылды.Ғұндар соғыс кезінде қорғап бұзғыш машинаны, тас атқыш техниканы қолданды. Бұл дөңгелекке орнатылған бөренелерден тұратын құрылғы еді. Мұндай жылжымалы құрылғы қабырғаға жақындатып қойылады. Үлкен бөрененің алдыңғы басы үшкір етіліп, темірмен қапталады. Байланған арқанмен бөренені әрі-бері теңселтіп тұрып соққанда, оның темір ұшы кез келген қабырғаны қиратқан. Оларда арбалардың үстіне мықты бекітілген жылжымалы шағын қалқа қамалдары болған. Олардың үстінде садақшылар тұрып, дұшпанға оқ жаудырған.Ғалымдар ғұндардың рөлін әртүрлі бағалайды. Кейбір тарихшылардың пайымдауынша, олар Еуропаны римдіктерден азат еткен. Басқаларының айтуынша, ғұндар құлиеленушілік құрылысты құлатып, жаңа дәуірдің басталуына жол ашқан.Ғұндар көшпелі өмір кешті. Олардың өмір салты римдіктер мен гректерге өзгеше болып көрінген. Сондықтан тарихи деректерден көшпелілер туралы әртүрлі көзқарасты кездестіреміз. Рим тарихшысы Аммиан Марцеллин ғұндар туралы: «Ғұндар жақсы шыныққан, олар отты да қажет етпейді. Тау мен орманда көшіп жүреді, жас кезінен ыстық-суыққа, шөлге үйренген» деп пайымдайды.

2. Қазақ хандығындағы билердің рөлі мен атқарған қызметіне жан- жақты баға беріңіз.

Қазақ қоғамында билер ешқашан сайланып та, тағайындалып та қойылмаған.Би лауазымына бекіту деген атымен болмаған.Би қызметі атадан балаға мұра болып та қалмайтын. Би болатын адамның бойынан бірнеше қасиет табылуы тиіс еді. 1.Би қазақтың дәстүрлі әдет құқығын жете білуге міндетті(«Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәукенің «Жеті жарғы»). 2. Шешендік өнер мен аталы сөзді жақсы меңгеруі, түйіткілді істің түйінін шешуде ұшқыр ойлы, тапқыр болуы қажет.3. Адал, ешкімге бұра тартпайтын әділ болуы шарт. Өзінің беделіне дақ түсірген би сот ісіне араласу құқығынан айырылды. Дала тұрғындары өзіне жүгінуін тоқтатқан кезден бастап ол би аталудан қалады.



Билердің рөлі мен қызметі. Билер қазақ халқының ауызбірлігін, өзара түсінісуін нығайтып, дау-шарды әділ шешіп отырған. Бидің бір өзі тергеушінің, әрі айыптаушы мен судьяның(қазы) қызметін қоса атқарған. Билер сотының бір артықшылығы ол халықтың көз алдында ашық өткізілетін, оған кез-келген адам өзінің қалауынша қатыса алатын. Екі би айтысқанда жалпы үкімді шығару үшін Төбеби сайланған. Билердің әділетсіз шешіміне шағым жасау ілеуде бір рет, өте сирек кездесетін. Би дұрыс үкім шығармаған жағдайда өзінің абыройы мен беделінен жұрдай болып, би атағынан айырылып қалатын. Би өзінің сіңірген еңбегі үшін «бидің билігі» деген сыйақы алатын. Ол кінәлі жақтың есебінен өндірілетін. Сыйақының мөлшері дауда өндірілетін мүліктің оннан бір бөлігіне тең болатын.Қазақтың көрнекті ғалымы Ш.Уәлиханов билер сотына жоғары баға берді: «Бидің билік кесімі оның беделіне негізделген және бұл атақ оған сот істеріне қатысуға берілген патент саналады. Біздегі билер қазір сот ісімен өздерінің бойларына біткен табиғи қабілеті бойынша айналысады және өздерінің беделі мен атақ-даңқына дақ түсірмеуге тырысады.«Жеті жарғы». Тәуке хан хандықтың ішкі жағдайына ерекше назар аударып,мемлекеттің күш-қуатын арттыруды мақсат етті. Сол мақсаттың түп қазығы- Төле бидің, Қазыбек би, Әйтеке бидің қатысуымен дүниеге келген «Жеті жарғы» еді. Олар заң жобаларын Сахараның сол заманындағы тұрмыс-тіршілігіне сәйкестендіре жаңартып, қайта жасады.“Жеті жарғы” қазақ елінің бірігуіне жағдай жасады. «Жеті жарғы» рулар мен тайпалар арасындағы алауыздықтар мен үш жүздің арасындағы қайшылықтарды бәсеңдетті. Ел бірлігін сақтауға, хандық биліктің заң негізінде күшейуіне өз үлесін қосты. Тәуке хан тұсында ханның қасындағы кеңесте билер негізгі рөл атқара бастады.Билер хандықтың ішкі өмірі мен сыртқы саяси өмірінің аса маңызды мәселелерін шешіп отырды.Хан дауылы мәселелерді шешуде билер сотының беделін арттырып,оларды кесімді үкім шығаратын ерекше органға айналдырды.Сонымен бірге «Билер кеңесі» бірте-бірте жергілікті атқарушы өкіметке айналды.Билердің беделін арттыру жолында,Тәуке хан олардың шығарған үкімінің келесі «Билер кеңесіне» дейін күшін жоймайтынын заңды түрде бекітті.

Ұлы билер. XVII ғасырдың екінші жартысында әлсіреген Қазақ хандығын нығайтып, сыртқы жауға қарсы күрес жүргізуге Ұлы билердің қосқан үлестері зор болды. Төле Әлібекұлы (1663-1756) Жамбыл облысы, Шу ауданы, Жайсан жайлауында дүниеге келген. Қаз дауысты Қазыбек би (1667-1764). Қазыбек Келдібекұлы Сырдария жағалауындағы бір ауылда туып, жастық шағын Қаратау,Ұлытау атырабында өткізген. Әйтеке би (1682-1766). Бәйдібекұлы Әйтеке би (шын аты Айтық) Кіші жүзден шыққан қазақтың атақты шешен биі.Би атақты Жалаңтөс батырдың ұрпағы.Халқымыздың тарихында бұл атақты үш бидің алатын орындары ерекше.Ұлы билер өз заманында елін, жерін жаудан қорғап,халықтың бірлігін, ынтымағын, салт-дәстүрін сақтап қалуда аса зор еңбек сіңірді. ХVІІІ ғасырда мемлекеттік және қоғамдық қызметінің маңыздылығы, шешендік өнерінің күші мен поэтикалық шеберлігі жағынан Қазақстан тарихында өшпес із қалдырған атақты билер болды. Олар – Ұлы жүздегі Төле би, Орта жүздегі Қазыбек би, Кіші жүздегі Әйтеке би. ХІХ ғасырда Өткел би, Аслан би т.б. билердің есімдері халық арасында кеңінен танылды.

3. Кестені толтырыңыз:

Бірінші дүниежүзілік соғысы жылдарындағы Қазақстан

Өнеркәсібі

Ауыл шаруашылығы

Қоғамдық- саяси өмірі

І дүниежүзілік соғыс Қазақстанның да дамуына зардабын тигізді. Өнеркәсіптің әр салаларында, әсіресе кен өндірісі, Қазақстанның орталық аудандарында көмір, батыста мұнай өндіру құлдырап кетті. Ембіде мұнай өндіру 1914 жылы 265 560 тоннадан 1915 жылы 80 мың тоннаға дейін кеміп кетті.Соғысқа мыңдаған адам аттануына байланысты жұмысшылардың күрт төмендеуіне әкелді. Шетелдік кәсіпкерлер жұмысшылардың мүшкіл жағдайын пайдаланып, қанауды күшейтті. Өндіріс орындарында жұмыс мерзімінің ұзақтығы 12-14 сағатқа созылды. 12-14 жастағы жеткіншектердің еңбегін қанау үйреншілкті жайтқа айналды. Жалақы мөлшерін жүйелі түрде азайтты, ең қажетті тауарларға деген бағаны көтерді. Ұн-70%-ға, қант-50 %-ға, сабын-200%-дан астам өсіп, күнделікті өмір қажетін өтейтін бұйымдардың қымбаттауы еңбекшілердің наразылығын туғызды. 1915 жылы Екібастұз, Қарағанды көмір кендері, Спасск зауытының қазақ жұмысшылары ереуіл жасады. Келесі жылы Риддер түсті металл, Ембі мұнай кәсіпшілігі, Орынбор-Ташкент темір жолын т.б. өндіріс орындарын қамтыды. Елдің әлеуметтік-саяси жағдайы шиеленісіп, Қазақстандағы жұмысшы, шаруа, әсіресе ұлт-азаттық қозғалыс өршуі 1916 жылғы қазақтардың көтерілісіне ұласты.

Өлкені талау І дүниежүзілік соғыс жылдары ауқымды сипат алды.

Қазақ даласынан арзан бағамен көп мөлшерде мал сатып алынды. Патша армиясы үшін киіз үй мен бұйымдар жиналды. Салық мөлшері өсіп, соғыс салығы енгізілді, земстволық, жол және басқа онға жуық алымдар мен ақшалай салық түрлері енгізілді. Мысалы, соғыстың үш жылының ішінде Түркістан өлкесінен 70 мың жылқы, 12,7 мың түйе, 13 мыңнан аса киіз үй әкетілді. Жетісу өлкесінен 34 млн сомның малы мен мал шаруашылығы өнімдері жиналды. Жергілікті халық соғысқа арналған жүктерді (негізінен, азықты) теміржол станциясына тасуға мәжбүр болды. Ауыл шаруашылық өндірісі күрт төмендеді. Өңделетін жер көлемі қысқарғандықтан, астықтың бағасы еселеп өсті. Әскерге алынғандардың отбасыларына көмек дегенді желеу етіп, еңбек міндеткерлігі енгізілді. Жергілікті халық жұмыс күші ретінде қоныс аударушылар деревняларындағы егіншілік жұмыстарын (жер жырту, егін егу, астық жинау)атқаруға тиіс болды. Батырақ қазақтарды кулактар шаруашылықтарына, кәсіпорындарға жұмысқа тартты.

Қазақ жерлерін, әсіресе жайылымдық жерлерді тартып алу жалғаса берді.

1917 жылға қарай Қазақстаннан 45 млн-нан астам десятина жер тартып алынды. Өз елінде жерсіз қалған қырғыз-қазақ жалшылары пайда болды.

Қазақ өлкесіне капиталистік қатынастардың енуі, патша үкіметі отарлық езгісінің күшеюі халықтың ұлттық сана-сезімінің өсуіне жеткізді.

Ресей империясының қол астында отарлық езгіде жаншылған халықтардың ХХ ғасырдың басындағы азаттық күресінің өрбуіне – түрікшілдік, исламшылдық идеялары елеулі әсер етті. Бұл идеялар түркі халықтары мен мұсылман жамағатын бірлікке, өзара байланыстарын нығайтуға шақырды. Түрікшілдік идеясының көшбасында И.Гаспринский тұрды. Қазақтың бірқатар зиялылары М.Шоқай, М.Тынышбаев т.б. бұл идеяны қолдады. Ал, ұлт зиялыларының саяси-идеялық көзқарастарын «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті айқын білдірді. Бұл баспаларда, патша үкіметінің отаршылдық саясаты әшкереленді. Қазақ даласында ағарту мен білім беру ісін, тауар-ақша қатынастарын дамыту, аграрлық мәселені шешу проблемалары қарастырылды, жерді сатуға қарсы шықты. Толып жатқан проблемаларды көтеруде

қазақ зиялылары Мемлекеттік Дума мінбесін пайдалануға тырысты. Ә.Бөкейханов бастаған ұлт зиялылары қазақ қоғамын эволюциялық жолмен дамытуды жақтады.


10 - Билет

1. Сарматтардың шаруашылығы мен тұрмысы.

2. Мырзарабат, Якка сардоба ғимараттары мен Дың ескерткіштеріне салыстырмалы түрде талдау жасаңыз.

3. Патша үкіметінің отаршылдық саясатына талдау жасай отырып, қазақтардан тартып алынған жер көлемін кестеге түсіріңіз:


Жылдары

Тартып алынған жер көлемі


ХІХ ғ.соңы


1893-1905жж.


1906-1912жж.


1917 жылға дейін


Жауаптары:

1. Сарматтардың шаруашылығы мен тұрмысы.

Сарматтардың өмірінде көшпелі мал шаруашылығының маңызы ерекше болған. Олар негізінен, күй талғамайтын, үнемі дерлік орын ауытырып жүруге қабілетті және өсімтал жылқы мен қой ұстаған. Жылқы өсіру көшпелілерді көшіп қонатын күш көлікпен қамтамасыз етті.Сарматтарда тұрқы қысқа жыл бойы өрісте жайылып, тебіндеуге үйренген жылқы түрі өсірілген. Соны мен қатар алыс жорықтарға мінетін қазанаттарда болатын. Оған тек ақсүйектердің, әскербасылардың қолы жеткен.Қойдың еті, сүті және оларды өңдеу өнімдері көшпелілердің тамақ мәзірін қалыптастырды.Ал терісі, жүні, қылы, ішінара сүйегі тұрмысқа кең пайдаланылды, үйдегі қол өнерге шикі зат болды.Малдың бір бөлігін түйемен сиыр түлігі құраған, олар күш көлігі болды, сондай-ақ олардан етпен жүн алынды.Көшелілердің қыстаулары негізінен Оңтүстік үстірт пен Маңғыстауда ал жайлауы солтүстік аудандарда Оңтүстік Жайық өңірімен Солтүстік Қазақстанда болған. Жазғы күзгі кезеңде жайылымдардың шөбін жетілдіру мақсатымен жақын маңайға көшіп отыру да міндетті болған.Сарматтар өмірінде аңшылық үлкен рөл атқарды.Аңшылық қосымша кәсіп-қызықтау, сейіл құру қызметінде атқарады. Олар киік, қарақұйрық, қоян, түлкі, әртүрлі құстар аулады. Оларды садақпен атты, ит қосып, ұраға жығып ұстады.Сарматтардың оңтүстік шығыс және солтүстік бөлігіндегілердің негізгі шаруашылығы көшпелі мал шаруашылығы болған. Бұл аймақтан сармат заманына қатысты әлдебір суландыру құрылыстарының іздері табылмаған. Арал-Каспий теңіздері аралығы тұрғындарының егіншілікпен айналысқанын дәлелдейтінде еш дерек жоқ.Еділ-Жайық бойын, Дон өзені манын мекендеген сарматтардың көп бөлігінің шаруалығында мал шылықпен қатар егіншілікте маңызды орын алды. Олар көшпелі тұрмыспен бірге жартылай көшпелі, тіпті отырықшы жұрттарды қалыптаса бастады. Бұл өңірдегі сарматтардың тұрақты мекендері де болған. Ондағылар жер өңдеп, егін егіп, қол өнер кәсібімен айналысқан.


2. Мырзарабат, Якка сардоба ғимараттары мен Дың ескерткіштеріне салыстырмалы түрде талдау жасаңыз.

Сардобалар.Қазақстанда керуен жолдарының бойында және көші-қон бағыттарында жолаушылар мен малшылардың су тапшылығын көрмеуі үшін қазылған құдықтардың үстіне салынған күмбезді ескерткіштер сақталған. Мұндай құрылысты парсыша "сардоба" деп атайды. Ол құдық үстіне салынған құрылыс дегенді білдіреді. VI-IX ғасырларда салынған екі сардоба белгілі. 1. Бір күмбезді және көп күмбезді Мырзарабат сардобасы. 2.Якка сардоба ғимараты. Якка сардоба ғимаратының күмбездері бір-біріне жалғастырылып жасалған. Екі сардобаның құрылыс жүйесі және күмбездері киіз үйдің жобасына ұқсас. Екеуі де Мырзашөл керуен жолының бойына салынған. Соңғы сар­доба малшылардың тұрақты мекен-жайларының жанына жасалған. Сондықтан да архитектуралық құрылыстың бұл түрі шаруашылық қамы үшін арнайы салынған азаматтық ғимараттар қатарына жатады. Сардобалар төбелерінің күмбезделіп жасалуы қазақ даласында күмбез құрылыс жүйесінің кең етек жаюына әсерін тигізген.

Дың ескерткіштері.VI-IX ғасырлар арасында Қазақстанда дами бастаған архитектуралық құрылыстың бір сипаты діни сенімге байланысты. Ислам дініне дейінгі қазақ жеріндегі сәулет құрылысының бір түрі - құрылыс жүйесі киіз үйге ұқсас Дың ескерткіштері. Оның қабырғасы берік тастан каланады. Ғимараттың бұл түрі VIII ғасырдағы Қарлұқ және Қимақ қағанаты кезінде басым болған. Құрылыстың бұл түрінің көп сақталған жерлері: Орталық Қазақстан, Жетісу, Тарбағатай, Маңғыстау. Дың қаза болған адамды жерлеген жерге тұрғызылған. Ол жерлерге қазба жұмысы жүргізілгенде, мәйіт жанына қойылған мал сүйектері және о дүниеде қажет болады деп бірге көмілген құрал-сайман, қару-жарақтар табылған.

Ұқсастығы:Сардоба мен Дың ескеркіштерінің екеуінің де құрылысы киіз үйге ұқсас болып келеді.

Айырмашылықтары:Сардоба – азаматтық ғимарат.Салыну мақсаты –шаруашылық мақсатта, яғни шөлді жерде суды сақтау мен судың жылып кетпеуі үшін салынған.Дың ескерткішері –ислам дініне дейінгі діни ғимарат. Себебі, қаза болған адамды жерлеген жерге тұрғызылған. Ислам діні енгеннен кейін Дыңның орнына кесенелер тұрғызыла бастады.Дың ескерткіштері – тастан салынған.

3. Патша үкіметінің отаршылдық саясатына талдау жасай отырып, қазақтардан тартып алынған жер көлемін кестеге түсіріңіз:

Жылдары

Тартып алынған жер көлемі

ХІХғ.соң.

Сібір казак әскері (164 мың адам) – 5млн. десятина жер, Орал казак әскері (235 мың адам) – 6млн. десятина жер , Жетісу казак әскері (59 мың адам) - 610 484 десятина жер, Орынбор казак әскері (533 мың адам) барлығы – 15,6 млн. десятина жер иеленді.

1893-1905жж.

4 миллион десятина жер алынды


1906-1912жж.

17 миллион десятина жер тартып алынды


1917жылға дейін

45 миллион десятина жер тартып алынды

11 - Билет

1. Мезолит адамдарының өміріндегі өзгерістер

2. Көшпелілер өркениетінің әлем мәдениетіне қосқан үлесіне талдау жасаңыз

3. Кестені толтырыңыз:

1916 жылғы ұлт- азаттық көтеріліс басшылары

Жетісу орталығы

Торғай орталығы







Жауаптары:

1. Мезолит адамдарының өміріндегі өзгерістер

Палеолиттен мезолитке өту кезеңінде жер бетінде үлкен табиғи өзгерістер орын алды.13мың жыл бұрын жер бетінде күрт жылыну басталады. Мұздықтың еріген кезі көбіне осы мезолит заманына сай келеді. Солтүстікке қарай түрлі еріген мұздықтардың орнында жаңаша табиғи-климаттық жағдай қалыптасты. Орманды алқаптар көбейді. Қазақстан жеріндегі бүгінгі шөлейтті, тақыр далалық аймақтар ол заманда көкпеңбек жазиралы, түрлі өсімдіктерге бай еді. Табиғат пен өсімдік дүниесінің өзгеруіне байланысты жан-жануарлар дүниесі де өзгерді. Палеолиттің аяғына қарай бұрын кең таралған, суыққа төзімді мамонт, жүнді мүйітұмсық, қойға ұқсайтын өгіздің тұқымы құри бастады. Суыққа төзімді бұғы, бұлғын сияқты аңдар солтүстікке қарай ауды.Ендігі жерде жер бетінде, оның ішінде Қазақстан жерінде де бүгінгі ұқсас климат, табиғи жағдай қалыптаса бастады. Соған қарай аңдардың қазіргі түрі қалыптасты. Олар бұғы қоңыр аю, қасқыр, абан, түрлі тышқандар және басқа аңдар еді.Әсірсе Қазақстан жері сияқты далалық аймақтарда бөкен, жылқы, құлан, сиыр тұқымдастары кең таралды. Өзен-суларда құстың үрі, балық көбейді. Бұрынғыдай аңдарды қуып, қаумалап ұстау, жардан құлату т.б. аңшылық әдістері жойыла бастады. Адамдар барған сайын балықты көп аулады. Алғашқы сал, қайық пен ескек түрлері жасалынды. Мезолит заманында адамдар сүйектен, мүйізден құралдар жасауды игерді. Сүйекпен мүйізден садақ жебелері, балық ұстайтын түрлі шанышқылар, қармақ ұштары, біз, ине- тебендер жасалды. Мезолит дəуірінің үлкен жаңалығы – садақпен жебенің шығуы еді. Садақ аңды алыстан атуға мүмкіндік берді. Бұрынғы найзаларға қарағанда садақ аңшылықтың рөлін арттырды.Аңшылықта қолға үйретілген ит адамдарға көмегін тигізді. Жекелеген аңшылар қауымға тәуелді болмай, өздігінен-ақ аулауға шыға бастады.


2. Көшпелілер өркениетінің әлем мәдениетіне қосқан үлесіне талдау жасаңыз

Көшпелілік тұрмыс-салт пен мәдениет үш мың жылдан астам уақыт бойы үнемі шыңдалып даму, сапалық өсу үстінде болды. Көшпелілер мал жаюдың тәсілдерін жетік білумен қатар, мал тұқымының сапасын арттырды. Тұрмыстық бұйымдардан бастап рухани өмірін, әдет-ғұрпын, жөн-жосық, тәлім-тәрбие ережелерін жетілдіріп отырды. Жылқы өсіру. Жылқыны қолға үйрете бастау көшпелі шаруашылық пен өркениет дамуының негізін қалады. Жылқыны қолға үйрету адамзат өркениетіндегі, әсіресе дала өркениетіндегі дамудың ең үздік жетістіктерінің бірі болды. Қазіргі Қазақстан аумағы жылқының ең алғашқы қолға үйретілген мекені болғандығын археологиялық қазба жұмыстары дәлелдеп отыр. Оған Солтүстік Қазақстандағы энеолит кезеңіне жататын Ботай мәдениеті нақты дәлел. Дала тұрғындарының мініс атын пайдалануы, атты әскердің пайда болуы жекелеген аудандардың мәдени-шаруашылық жағынан томаға-тұйықтығын бұзды. Сөйтіп, шалғай халықтармен, мемлекеттермен экономикалық және мәдени байланыстар жасауын қамтамасыз етті.Әлемде алғаш рет екі доңғалақты арбаны ойлап тапқан көшпелілер, үзеңгіні де алғаш рет көшпелілер қолданған. Олар ауыр, түзу семсердің орнына қайқы қылышты да жасап шығарған. Ал көшпелілердің баспанасы - киіз үй аса қолайлы әрі әбден жетілген құрылыс үлгісі саналады.

Ұлы Жібек жолы.Қазақстан арқылы Ұлы Жібек жолы өткен. Ол Қытайдан басталып, Римге барып аяқталған. Ұлы Жібек жолы – Еуразия құрлығындағы сауда, керуен жолдарының жалпы атауы.Б.з.б. VІ-ІІІ ғасырларда сақтар Қытаймен, Үндістан және Персиямен сауда-саттық жүргізіп тұрған. Бұған сақ обаларынан табылған қытай айналары, Ираннан әкелінген бұйымдар дәлел болады.Ғалымдардың пікірінше, Ұлы Жібек жолы арқылы жүйелі қарым-қатынас б.з.б. ІІ ғасырда басталған. Ұлы Жібек жолы Үйсіндер мен Қаңлылардың жері арқылы өткен. Негізгі тауар жібек еді. Оны басшылар мен елшілерге сыйға тартқан, көптеген елдерде жауынгерлерге еңбекақы орнына жібек берген. Жібек Қытайда шығарылды. Көптеген елдердің саудагерлері осы қымбат тауарды алу үшін қазақ даласында болған. Сөйтіп Рим шынысы мен теңгелері, Қытайдың ыдыстары, айналары мен жібегі, Еуропа ілгектері, Иранның өрнекті асыл жүзіктері бізге де жеткен. «Аң стилі». Көшпелілер арасында өнер жақсы дамыды. Мысалы, қаңлылардың ән-күй, би өнері дамыған, үйсіндер таңғажайып қыш-құмыралар жасады.Сақтар мен сарматтардың өнерінде «аң стилі» деген өзіндік бейнелеу өнерінің түрі бол­тан. Бұл стиль б.з.б. VІІ-VІ ғасырларда шыққан.Орталық Қазақстанда б.з.б.VІІ-V ғасырларда «аң стилімен» қатар «полихром стилі» де дамыды. Көшпелілер заттарды безендіруді, яғни бұйымға түрлі түсті тастарды жапсыруды жақсы білген. Олар заттарды түйіршіктермен әшекейлеген. Б.з.ІІІ-Vғасырларында «полихром стилі» барынша гүлденді.Аң стиліндегі бұйымдар алтын мен күміс, қола, жез, ағаш, былғары, киіз т.б. материалдардан жасалған. «Аң стилі» бейнелерімен құрал-жабдық, қару, жарақтар, киім мен ат әбзелдері әшекейленді. Аузымен құс тістеген қанатты пырақ, қанатты құмай тазы, шүйдесінен бастап құйрығына дейін мүйіз біткен бұғы өмірде кездеспейді. Бірақ аң стиліндегі қиял-ғажайып кейіптегі аңдар бейнесі адамға ерекше әсер етеді. Аң стиліндегі өнер туындыларында сақ-скифтердің қоршаған орта, аңдар жайлы ұғым-түсінігі мен эстетикалық талғамы, жалпы дүниетанымы көрініс тапқан.Аң стилі шығысында монғол даласынан, батысында Дунайға дейін(7мың км) аралықта тараған. Көшпелілердің б.з.б.VІІІ-ІІІ дейінгі(500 жыл) аралықта жасалған аң стиліндегі бұйымдары Орта Азия мен Қазақстан, Сібір, Оңтүстік-Шығыс Еуропа аймағынан табылған.

Металл өңдеу. Б.з.б.VІІІ-VІІғғ. көптеген тайпалар үшін темірді ашу және кеңінен қолдану кезеңі болды. Бұған әр аймақ әр мезгілде қол жеткізді. Еуразия даласында темір игеруге алғаш қадам жасаған өңірлерге Қазақстан мен Оңтүстік Сібірді жатқызуға болады. Көне заманда кім металл өңдеуді жақсы игерсе, соларда өндіріс жақсы дамыды. Әскери-соғыс ісінде де металл қару-жарақтың рөлі зор болды.Металлургия ісі мәдениеттің де дамуына жағымды әсер етті. Сондықтан, біздің жерімізден бірнеше «Алтын адамның» табылуы қазақ даласының ежелден өркениет ошағы болғанын дәлелдейді.

Мемлекеттік басқару жүйесі. Көшпелілердің өзіндік басқару жүйесі, мемлекеттілік дәстүрі ежелден-ақ қалыптасты(сақ, үйсін, қаңлы , ғұн) және отырықшы халықтармен салыстырғанда өзгеше болды. Көшпелілердің ел басқару жүйесі ру-тайпалық құрылымымен тығыз байланысты болды. Көшпелілер тұрмысындағы адамгершілік пен өкімшіліктің үйлесімді жүйесі қытайлардың назарын аударып отырған. Қытай билеушілері ғұндардың шабуылынан ғана емес, көбінесе қытайлардың далаға кетіп қалуынан да қорыққан.

Жазу. Көшпелілерде ежелгі дәуірден-ақ өркениеттіліктің белгісі- жазу болған. Ғалымдардың болжамы бойынша қаңлы, ғұндардың жазуы болған. Сақтардың да күміс тостағанға шекілген жазба бедерлері белгілі. Ежелгі сақ дәуірінің жалғасы болып саналатын түркілердің VІІ-VІІІғғ. жататын ежелгі жазбалары(руна жазуы) тұңғыш рет ХVІІІғ. 20жж. Енисей аңғарынан ашылды.

3. Кестені толтырыңыз:

1916 жылғы ұлт- азаттық көтеріліс басшылары

Жетісу орталығы

Торғай орталығы

Жаркент уезі, Қарқара («Албан»,

Ереуілтөбе) көтерілісінің жетекшілері:

1. Жәмеңке Мәмбетов

2. Ұзақ Саурықов

3. Жаңабай Құдайбергенов

4. Әубәкір Сұлтанбеков

5. Серікбай Қанаев

Верный уезі көтеріліс басшылары:

1. Т.Бокин

2. Б.Әшекеев

Меркі уезі: Аққөз Қосанов

Торғай уезі көтеріліс жетекшілері:

Ә.Жанбосынов (Торғай

қыпшақ ханы)

Ә.Жангелдин

А.Иманов (сардарбек)

Яғни, ел басшылары (болыс,би,батыр,

зиялылар) –қазақ қоғамының элитасы басқарды.

12 - Билет

1. Мезолит дәуірінің ерекшелігі.

2. Жартылай көшпелі және отырықшы мәдениеттердің өзара әсеріне талдау жасаңыз.



3. Кестені толтырыңыз. Қозғалыстың Торғайдағы орталығы:

Қозғалыстың Торғайдағы орталығының басшылары




Негізгі

оқиғалар



Патша үкіметінің қозғалысты басу үшін қолданған шаралары




Қозғалыстың нәтижесі


Жауаптары:

1. Мезолит дәуірінің ерекшелігі.

Мезолиттің хронологиялық шеңбері-б.з.б. 12-5 мыңыншы жылдықтар аралығын қамтиды.Жалпы,Қазақстан жерінде мезолит ескерткіштері аз табылған.Палеолиттің аяғы мен мезолиттің басында үлкен табиғи-климаттық өзгерістер орын алды.Жер бетін басып қалған мұз еріді,қазіргіге ұқсас өсімдіктер мен жануарлар түрі қалыптаса бастады.Мезолит заманының үлкен жаңалығы-микролиттер,яғни ұзындығы 1-2 сантиметр ұсақ жаңқа тастардан жасалатын құралдар пайда болды.Микролит деген сөздің мағынасы-ұсақ тас.Мезолит заманның тағы бір басты жаңалығы садақ пен жебенің жасалуы.Садақ аңды алыстан атуға мүмкіндік берді.Бұрыңғы найзаларға қарағанда садақ аңшылықтың рөлін арттырды.Аңшылық осы кездегі адамдардың негізгі кәсібінің біріне айналды.Себебі мезолитте мамонт,мүйізтұмсық сийяқты ірі және табын-табын болып жүретін аңдар жойылып кеткенді.Бұрын тобымен жүретін аңдарды ұраға жығып,қаумалап ұстау әлдеқайда жеңіл еді.Енді некен-саяқ,жеке жүретін бұғы,қабан сияқты аңдарды қуып аулау қажет болды.Оған уақыт та,күш-қайрат та көп кетті.Мезолит заманының тұрғындары бір жерде ұзақ тұрақтап мекендемеді.Үнемі жайылымын ауыстырып,өрістеп отырған аңдардың соңынан ілесіп көшіп жүрді. Мезолиттік аңшылар Ертіс, Есіл, Тобыл, Торғай, Жайық өзендерінің жағалауларын мекендеді.Қазақстан аумағындағы жиырмадан астам мезолиттік тұрақтар белгілі.Олар баспананы жеңіл қос сияқты ағаштан айқастырып құрып,оның үстін аң терісімен жапты.Осындай қабырғалары терең көмілген,көлемі 40-60 шаршы метр болатын баспана Есіл өзенінің аңғарында табылған.



2. Жартылай көшпелі және отырықшы мәдениеттердің өзара әсеріне талдау жасаңыз.

Жартылай көшпелі мәдениет. Мал өсіру - адам баласының ең алғашқы айналысқан кәсіптерінің бір түрі. Алайда кәсіптің осы түрі бірден пайда болған жоқ. Қолға мал үйрету, археологиялық зерттеулерге қарағанда, тас ғасырының орта кезеңінде басталған. Ал жаңа тас ғасыры кезінде мал шаруашылығы қалыптасты. Бұдан кейінгі мал басын өсірудің едәуір дамыған уақыты – қола дәуірі. Егер бірінші кезеңде мал үй жанынан онша ұзаққа шығармай бағылса, ал екінші кезеңде жайылымда бағылған. Сөйтіп,жартылай көшпелі мал шаруашылығы қалыптасты.. Темір дәуірінде көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы өріс алады. Әсіресе, біздің жеріміз жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысуға ыңғайлы.Тұрақты қыстау, күзеу, көктеу, жайлаудың болуы жарты­лай көшпелілікті көрсетеді. Тұрақты қыстаулар керуен жолдарына жақын орналасса немесе жол бойында тұрса, ондай қыстаулар қыстаққа не қалаға айналып отырған. Сөйтіп орта ғасырдың басында қалалық өмір қалыптаса бастаған. Қалалар мен жартылай көшпелілердің арасында мәдени және экономикалык байланыстар дамыған. Мал өсірушілер өздерінің малдарынан алған жүн, ет, май, тері өнімдерін немесе артық малдарын қыстақ пен қала тұрғындарына сатып, болмаса айырбас сауда жасап, өздеріне тұрмыска қажетті заттарын алып отырған.

Қала мәдениетінің дамуы. VI-IX ғасырларда Қазақстанның оңтүстік және Жетісудың оңтүстік-батыс аймақтарында қалалық мәдениет дамыған. Оңтүстік Қазақстанда отырықшылық мәдениет орталығы Отырар, Йасы, Сауран, Сығанақ, Құлан сияқты тағы баска қалалар да болған. Ал Жетісу аймағында Тараз, Талхир (Тал-ғар), Алмалық, Қойлық қалаларының болғаны белгілі. Қалалар және олардың аймағындағы қыстақтар далалы аудандардағы жартылай көшпелі мал өсірушілермен тікелей байланыста болған.

Өзара әсері:Осы кезде (VI-IX ғ.) жоғарыда аталған аймақтар әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге бет бұрады. Мал өсірумен шұғылданатын тұрғындар арасындағы кедейленген топтар егіншілікпен, қолөнермен айналысып, қыстақтар мен қала тұрғындарының санын көбейтеді. Бұл отырықшылық мәдениеттің өркендей түсуіне әсер етті. Екіншіден, қала тұрғындары мен дала тұрғындарының ара­сында экономикалық байланыс дамиды. Ол байланыс өмір сұранысынан туған, еш уақытта үзілмейтін байланыс еді.Көшпелілер мен отырықшы халықтардың арасында тығыз байланыс болған. Бұл байланыс бірде жаугершілік, арагідік қақтығыстар, алым-салық түрінде болса, ал көпшілік жағдайда бейбіт қарым-қатынас, сауда, айырбас түрінде іске асты. Көшпелі мәдениет пен отырықшы мәдениеттің жиі, тығыз араласуына Ұлы Жібек сауда жолындағы қалалар үлкен әсер етті. Көшпелі мәдениет пен отырықшы мәдениеттің өзара әсері, әсіресе шекаралық аймақтарда күшті жүрді. Көшпелілер мен отырықшылар шаруашылық-экономикалық, мәдени байланыстары арқылы бір-бірінің мәдениетін байытты.Отырықшы елдерге жылқы малы, оны мініске, жегуге үйрету көшпелі, малшы тайпалардан келді. Атты әскер дәстүрі, садақтың түрлері, қылыш, ат әбзелдері де көшпелілерден келген.Мысалы, VІғ. түркі тайпалары пайдаланған темір үзеңгілі ер-тоқым келесі ғасырларда бүкіл Еуропаға таралды. Отырықшы елдер көшпелілердің қару-жарағына, киіміне еліктеді. VІІ- VІІІғғ. түріктердің кісе белдіктері Қытайдан Иракқа дейінгі аралықта пайдаланылған.Таң әулеті кезіндегі Қытайда, Еуропада орыс, поляк, венгр ақсүйектері киім киісінде, шаш қоюында көшпелілер үлгісіне еліктеді. Көшпелілер отырықшы елдер шеберлеріне өздеріне қажетті құрал-сайман, жабдықтарға тапсырыс жасаумен қатар, оларды қажетті шикізатпен қамтамасыз етіп отырды. Сонымен бірге, көшпелілер отырықшылардан түрлі қолөнер түрін үйренді.

3. Кесені толтырыңыз. Қозғалыстың Торғайдағы орталығы:

Қозғалыстың Торғайдағы орталығының басшылары

Ырғыз, Торғай уездерінде дала ақсүйектерінің 9 өкілі хан көтерілді. Торғай уезіндегі қыпшақ руының қазақтары Орта жүздің ықпалды биі Нияздың немересі, аса беделді Әбдіғафар Жанбосыновты өздерінің ханы етіп сайлады. Атақты Иман батырдың немересі Амангелдіні сардарбегі етіп тағайындады.Зиялылардан – Ә.Жангелдин көтеріліс басшыларының бірі болды.

Негізгі оқиғалар

1916 жылы, 23-қазан Амангелді Иманов бастаған 15 мың көтерілісші Торғай қаласын қоршады. Көтерілісті талқандау үшін патша үкіметі генерал Лаврентьев басқарған тоғыз мың адамдық жазалаушы экспедициялық корпус жіберді. Корпус шабуылды 3 бағыттан – Қостанай, Ақтөбе, Шалқардан бастады. Торғайға беттеген жолында жазалаушы отряд қазақ ауылдарын шапты. Торғайды ала алмайтын болғандықтан, көтерілісшілер қоршауды тоқтатып, Батпаққара жазығы мен Аққұм құмының маңына ірге теуіп, партизандық күрес әдісіне көшті. Амангелдінің серігі, атақты мерген Кейкі батыр жасағы жігіттерінің құйындай ұйтқып жасаған шабуылдары жазалаушылардың зәресін ұшырды. Амангелді Иманов сарбаздары жазалаушы отрядтарына Татыр, Шошқалы қопа, Күйік қопа, Доғал-Үрпек түбіндегі шайқастарда, Торғайды қоршаған кезде табан тірей қарсылық көрсетті.

Доғал-Үрпек түбіндегі ұрыс жеңіліспен аяқталды. Шегіне отырып ұрыс жүргізген 40 сарбазды жазалаушылар қоршап алды. Сарбаздар соңғы оғы қалғанша атысып, тірі қалғандары кешке қарай колына найза алып, қоян-қолтық айқасқа түсті. Көтерілістің аяусыз жанышталғанына қарамастан, көп жерде бой көрсету бұдан кейін де біраз уақытқа жалғасты.

Патша үкіметінің қозғалысты басу үшін қолданған шаралары

Көтеріліске қатысушыларға қарсы құқықтық, әкімшілік жазалау шаралары кеңінен қолданылды.Патша өкіметі көтерілісшілерден аяусыз кек алды. 3 000-ға жуық адам жазаланды. Жүздеген ауылдар өртеліп, көптеген бейкүнә адамдар атылды. Патша соттары қозғалысқа қатысушыларға соғыс уақыты заңымен үкім шығарды.Ұлт-азаттық көтерілісті басып-жаныштау барысында патша үкіметі «өртке оранған жер» стратегиясын қолданды.

Қозғалыстың нәтижесі

Ақпан реыолюциясының қарсаңында, Қазақстанның басқа облыстарында әскери қимылдар тоқтағанда, Торғай даласында жазалаушы отрядтар мен көтерілісшілер арасында шайқастар жалғасып жатты. 22-24 ақпан көтерілісшілер соңғы шайқасын Доғал Үрпек ауданында өткізді. Торғай өзені арқылы ауыл болып шегінген қазақтарды жазалаушы отрядтар екі жақтан қыспаққа алып, бірнеше жүздеген әйелдерді, қарттар мен балаларды, мыңдаған сарбаздарды өлтірді. Ақпанның соңында жазалаушы отряд шегінді. Ақпан төңкерісінің жеңісінен соң, көтерілісшілер отрядтарының саны шұғыл өсті. 1917 жылдың соңында Амангелді Торғайды алды. Яғни, Торғай көтерілісі ақпан революциясына ұласты.

13 - Билет

1. Қарахан мемлекеті (территориясы, этникалық құрамы, саяси тарихы)

2. Ә.Бөкейхановтың қоғамдық-саяси өміріне сипаттама беріңіз.

3. 1103,870,1021–әл–Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, Қ.А.Йасауидің туған жылдарын анықтап, картадан дүниеге келген қалаларын көрсетіңіз.



Каталог: upload -> iblock
iblock -> Сабақтың тақырыбы: «Әліппенің атасы»
iblock -> М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат
iblock -> Өзі де, сөзі де бөлек дара тұлға Ауызша журнал: Талғампаз өнер иесі
iblock -> №4 қалалық кітапхана Құрастырған
iblock -> Аты-жөні Марапаттау кезіндегі қызметі
iblock -> Абай Құнанбаев- қазақ жазба әдебиетінің
iblock -> Абай Құнанбаев қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы Мақсаты
iblock -> Составитель: библиограф цгб
iblock -> Сабақтың тақырыбы: Шортанбай Қанайұлы
iblock -> Сабақтың тақырыбы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет