Қазақстан тарихы және қОҒамдық ПӘндер кафедрасы қазақстанның Қазіргі заман тарихы



бет4/19
Дата11.10.2022
өлшемі364,96 Kb.
#152580
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19
Байланысты:
Лекциялар жинағы
1 нед 19 РТК-1, Физика, Научный математики План граф и дневник каз - копия (копия), Вектор есеп, Документ, вектор, Á³ð îðûííàí ?çûíäû??à ñåê³ðó ?ä³ñ³. Ñåê³ðó ?ä³ñ³í³? øû?ó òàðèõû , 338053.pptx, 21-22 сыныптың әл-пс. портреті (1), 215, 215, Ана тілі байқау сұраныс
Бақылау сұрақтары:
1. Ішкі Ресейден орыс және басқа еуропалық тұрғындарды қазақ жеріне қоныстандыру, қоныстандыру мекемелері жүйесінің құрылуы, қоныс аудара келгендерге жасалған қолдау
2. ХХ ғасыр басындағы Қазақстандағы экспедициялық зерттеу жұмыстарының жүргізілуі
3. Ресей империясының түрік-мұсылман халықтарының интеллектуалды элиталарының өзара ықпалдасуы
4. Ұлттық саяси топ өкілдерінің Уақытша өкімет органдары құрамындағы қызметі


Әдебиеттер:
1. Қазақстан тарихы. 5 томдық. 1-5-томдар. –Алматы., 1996, 1997, 2000, 2010.
2. Қазақстан (Қазақ елі) тарихы. – 4 кітаптан тұратын оқулық. Тәуелсіз Қазақстан: алғышарттары және қалыптасуы. 4 кітап/ Т.Омарбеков, Б.С.Сайлан, А.Ш.Алтаев және т.б.. – Алматы, Қазақ университеті, 2016. – 264 с.
3. Ұлы Дала тарихы: учебное пособие /Кан Г.В., Тугжанов Е.Л. – Астана: Zhasyl Orda, 2015. – 328 стр.
4. Аяған Б.Ғ., Әбжанов Х.М., Махат Д.А. Қазіргі Қазақстан тарихы. – Алматы, 2010.
5. Артыкбаев Ж.О.; Раздыков С.З. История Казахастана: Учебник. – Астана: Фолиант, 2007. – 344 с.
Дәріс № 3. Азаматтық-саяси қайшылықтар
(2 сағат)
1.Қазан төңкерісі және Қазақстанның саяси өмірі.
2.Желтоқсандағы жалпықазақ съезі. Ә.Бөкейхановтың төрағалығымен Алашорда (Халық кеңесі) үкіметінің құрылуы.
3.Қоқан қаласында Түркістан автономиясы (Қоқан Автономиясы) үкіметінің құрылуы
4.Қырғыз (Қазақ) АСР-ның құрылуы – ұлттық мемлекет құру идеясын таптық негіздегі мемлекет құру идеясымен ауыстыру. 
5.Кеңестік тоталитарлық басқару жүйесінің негіздерінің қалануы.
6.Жер-су реформасының мақсаты. Оны жүзеге асырудағы ауытқулар мен қателіктер.
7.Қазақстандағы жаңа экономикалық саясат (ЖЭС). 
8.Түркістан республикаларын ұлттық-мемлекеттік межелеу - біртұтас Түркістан идеясының біржақты күйреуі. Қазақ жерлерінің ҚКАСР құрамына біріктірілуі. 


1. Уақытша үкіметтің халық күткен аграрлық мәселені шеше алмауы, езілген халықтарға өзін-өзі билеуі немесе автономия алу мәселесін күн тәртібіне қоюға тырыспауы, жұмысшыларға 8 сағаттық жұмыс күнін енгізу сияқты көкейкесті мәселелерді шешпеуі халық наразылығын одан әрі күшейтті. 1917 ж. жазының соңы мен күзінің бас кезінде бүкіл Ресейдің жер-жерінде бұқараның Уақытша үкіметке деген қарсылығы өсе түсті. Бұл Кеңестердегі большевиктердің ықпалының артуына жағдай жасады. Ал Корнилов бүлігінің талқандалуы большевиктер беделін біржола көтерді. Осындай жағдайда большевиктер партиясы 1917 жылғы шілде оқиғасынан кейін алынып тасталған “Барлық билік Кеңестерге берілсін” деген ұранды қайта көтерді. Енді бұл ұран қарулы көтеріліске, Уақытша үкіметті құлатуға, пролетариат диктатурасын орнатуға бағытталды. 1917 ж. 24 қазанда (6 қарашада) Петроградта қарулы көтеріліс басталды. Келесі күні көтерілісшілер қаланың ең маңызды объектілерін басып алды. 1917 ж. 25 қазанда (7 қарашада) Әскери-революциялық комитет Уақытша үкіметтің билігінің жойылғандығын жариялады. Осылайша Қазан төңкерісі жеңіске жетті. Қазан қарулы көтерілісінің Петроградта жеңіске жетуі, сондай-ақ Қазақстанмен іргелес Ташкент, Омбы,Орынбор, Астрахань тәрізді ірі қалаларда Кеңес өкіметінің орнауы Қазақстанда да биліктің Кеңестердің қолына өтуіне ықпал етті. Алайда Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату төрт айға, 1917 ж. соңынан 1918 ж. наурызына дейін созылды. Бұл процесс аймақтың әлеуметтік–экономикалық және мәдени баяу дамуымен, ұлтаралық қатынастардың күрделілігімен, жұмысшылар мен большевиктік ұйымдардың аздығымен шиеленісе түсті. Кеңес өкіметінің Қазақстанда орнауына Ленин бастаған большевиктердің халыққа бейбітшілік, жұмысшыларға зауыт пен фабрика, шаруаларға жер, ұлттар мен ұлыстарға теңдік пен бостандық беру жөніндегі уәдесі өз септігін тигізді. Кеңес үкіметін орнатуға Орал, Жетісу, Сібір, Орынбор казак әскерлері мен құлаған Уақытша үкіметтің жақтастарының табанды қарсылық көрсетуі жағдайды одан әрі шиеленістіре түсті.
Қазан төңкерісінің жеңісінен кейін ұлттық, ең алдымен ұлттық-мемлекеттік құрылыс мәселелері өткір сипат алып, талқылана бастады. Кеңес өкіметінің ұлттық саясатының негізгі принциптері маңызды екі құжатта - 1917 ж. 2 қарашада қабылданған “Ресей халықтары құқықтарының Декларациясында” және 1917 ж. 20 қарашада жарияланған Кеңес өкіметінің “Барлық Ресей және Шығыс мұсылман еңбекшілеріне” үндеуінде көрініс тапты. 1918 ж. қаңтарда кеңестердің Бүкілресейлік 3-съезінде В.И.Лениннің дайындаған “Еңбекшілер мен қаналған халықтардың құқықтары Декларациясы” қабылданды. Бұл құжатта Коммунистік партияның кеңес республикасының мемлекеттік құрылымы түріндегі кеңестік федерацияны ымырасыз жақтайтыны айқын көрсетілді. Декларацияда “Кеңестік Ресей Республикасы еркін ұлттар одағының негізіндегі кеңестік ұлттық республикалардың федерациясы түрінде құрылады” делінген.
Кеңес өкіметі орнауының екі түрлі жолы болды:
1. Өнеркәсіп орталықтары мен темір жолға жақын, жұмысшылар басым оңтүстік және солтүстік аймақтарда бейбіт жолмен.
2. Сібір, Орал, Жетісу қазақтары мен офицерлер, кулактар біріккен контрреволюциялық күштер басым аудандарда қарулы күрес жолымен
1917 ж. соңы мен 1918 ж. наурызы аралығында Кеңес өкіметі Қазақстанда негізінен қалалар мен басқа да ірі халық тығыз орналасқан жерлерде орнады. Кеңес өкіметін орнатумен бірге өлкенің шаруашылығы мен мәдениетін қайта құру шаралары қатар жүргізілді. Өнеркәсіп орындарында, мәселен Спасск зауытында, Қарағанды шахтасында, Успен кенішінде, Ембі мұнай кәсіпорындарында бақылау қойылып, сондай-ақ банктер мемлекет меншігіне көшірілді. Кеңестердің 2- Бүкілресейлік съезінде қабылданған Жер туралы декрет бойынша алғашқы шаралар жүргізіле бастады.Қазан төңкерісінің алғашқы күндерінен бастап-ақ облыстық және уездік орталықтарда да жұмысшылар мен шаруалардың өкіметін нығайту ісі, ауылдық және селолық Кеңестерді құру ісімен бірге жүргізді. Кеңестердің жанынан еңбек, ағарту, денсаулық сақтау т.б. бөлімдері ашылды. Кеңес қызметкерлерін даярлайтын курстар жұмыс істей бастады.


2. Алаш Орда (1917-1920) - Ақпан және Қазан төңкерістерінен соң 1917 жылы желтоқсанның 13-і күні құрылған қазақ-қырғыз Алаш автономиясының үкіметі. 1917 ж. желтоқсанның 5-13-і күндері ОрынбордаII Жалпы қазақ-қырғыз құрылтайы өткізілді. Құрылтайдың күн тәртібіне 10 мәселе қойылды. Олардың ішіндегі ең негізгілері: қазақ-қырғыз автономиясын жариялау, милиция һәм Ұлт кеңесі (Үкімет) құру мәселелері болды.
Құрылтай делегаттары Уақытша үкімет құлатылғаннан кейін қазақтардың өмір сүруінің өзін күрделендіріп жіберген анархия (тәртіпсіздік) жағдайында елді аман сақтау үшін, «уақытша Ұлт Кеңесі» түріндегі берік билік құру, оған «Алаш Орда» деген атау беру (төрағасы Әлихан Бөкейханов, Ұлт Кеңесі құрамына 25 адам кірді), сондай-ақ милиция жасақтау туралы қаулы қабылдады. Алаш астанасы - Семей (кейін Алаш-қала атауын алды) қаласы еді. Бұл туралы кейіннен Ә. Бөкейханов (1919 ж. ақпанның 11-і) былай деп мәлімдейді: «съездің бұл шешімі қазақтар мекендеген территорияда анархияны болдырмау, өлкеде большевизмнің дамуына (яғни қазақтар үшін жат-таптық жіктелу) жол бермеу мүдделерінен туындады…». Үкімет төрағалығына үш қайраткер - Бөкейханов, Құлманов және Тұрлыбаев ұсынылды. Көп дауыс алған Бөкейханов төраға болып сайланды.
Өздерінің қолға алған шараларын іске асыру жолында Алашорда үкіметіне Кеңестерге қарсы жақпен бірігуге тура келді. Өйткені Кеңес үкіметі кеңестік негіздегі автономияларды ғана қолдап, көтермелесе, ал ақтардың Алаш автономиясына көзқарасы басқаша болды. Соңғыларының қолдауына сүйене отырып, қазақ халқы, дәлірек айтқанда Ә.Бөкейханов бастаған зиялылар тобы белгілі бір деңгейде дербестікке жетуге болады деп санады.
Алаш Орда жетекшілері атаман Дутовпен, СамарадағыҚұрылтай жиналысы мүшелері Комитетімен (Комуч), ОмбыдағыУақытша Сібір үкіметімен де байланыс жасады. Басталып кеткен азамат соғысы Алаш Орданың ұстанар бағытында айқындауды қажет етті. Сөйтіп, қазақ аутономиясы өлкеде әлеуметтік-саяси негізі жоқ Кеңес үкіметіне қарсы күреске шығып, ақтарға қосылуға мәжбүр болды.
Уақытша Сібір үкіметі бастан-ақ қазақтарға ұлыдержавалық пиғыл танытты. Олар Алаш қайраткерлерінің ел ішіндегі беделін өздерінің мақсаттарын жүзеге асыруға мәселен, қажет кездерде әскер күшін жасақтау, соғыстың бүкіл салмағын халық мойнына арту т.б. жағдайларға пайдалануды көздеді. Бұл үкімет Алашорданың белгілі бір үкімет органы ретінде дербес, белсенді әрекет жасауына келісе қоймады. Архив деректері, Сібір үкіметінің мүддесін жүзеге асырушы эмиссарларға Алашорданың батыл қарсылық білдіріп отырғанын көрсетеді. Мұның соңы қазақ автономиясының өзін ресми тану туралы мәлімдемесін, Сібір үкіметінің «нағыз сепаратизмнің белгісі» деп айыптауымен аяқталды.
Алашорда сонымен бірге Кеңес үкіметімен байланыс жасауға тырысты. Халел және Жанша Досмұхамедовтер Ленин, Сталинмен, сондай-ақ Халел Ғаббасов ұлт ісі жөніндегі халық комиссары Сталинмен келіссөз жүргізді. Мұның нәтижесі - автономияның мәдени мұқтажына орталықтың көмегі, бүкілқазақтық құрылтайды шақыру, өлкеде азаматтық бітімге келу туралы уәделер болды. Алаш қайраткерлеріне Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің 1919 жылғы 4 сәуірдегі және 1920 жылғы 15 сәуірдегі шешімімен амнистия жарияланса да, Кеңес үкіметі күшіне мінгеннен кейін, олардың өткенін ешуақытта ұмыта да, кешіре де алған жоқ. Түрлі әдіспен бүркеленген қудалау ақыры, Алаш зиялыларын жаппай қырғынға ұшыратты.
Алашорда азамат соғысы жылдарында Кеңес құрылысына жау күштер жағында болды. Нәтижесінде азамат соғысында жеңіске жеткен Кеңес өкіметі Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін таратты. Кеңес өкіметі Алаш пен Алашорданы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінен аластауда алдау мен арбау әдісін де, қару жұмсап, күштеу жолын да қолданды. Кезінде (1919-1920 жж.) Кеңес өкіметі Алаш қозғалысына белсене қатысқандардың барлығына кешірім жасағанына қарамастан, олар түгелге дерлік сталиншіл әкімшіл-әміршіл жүйенің құрбандарына айналды. Сол кезде Ресейде орын алған жағдайда қазақтардың жарияланған автономиясын жүзеге асыру мүмкін емес еді.


3.Түркістан Автономиясы, Қоқан автономиясы - Түркістан өлкесі халықтарының өзін-өзі басқаруын қамтамасыз ету мақсатында 1917 жылы 28 қарашада Ресей мемлекеті құрамында құрылған автономиялы мемлекет. Оның өмірге келуіне кеңестік биліктің Түркістан халықтарының өзін-өзі басқару құқығын мойындамауы түрткі болды. 1917 жылы Қазан төңкерісі жеңген соң, 22 қараша күні Ташкентте өз жұмысын аяқтаған 3-Түркістан өлкелік кеңестер съезі өлкеде кеңес билігінің орнағанын, соған байланысты Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесінің құрылғанын, өлкедегі биліктің ендігі уақытта соның қолына өтетіндігін мәлімдейді. 14 мүшесі бар бұл үкіметтің құрамында жергілікті мұсылман халықтарының бірде-бір өкілі жоқ еді. Бұл кеңестік биліктің отаршылдық сипатын танытқан оқиға болатын. Бұған жауап ретінде қүрамында Мұстафа Шоқай, Махмұд Бехбудий, т.б. бар "Түркістан өлкесі мұсылмандар кеңесі" 26 қараша күні Қоқан қаласында 4-Түркістан өлкелік төтенше мұсылмандар съезін шақырды. Үш күнге созылған съезд 28 қараша күні Түркістан өлкесін Түркістан автономиясы деп жариялап, Түркістан Құрылтайын шақырғанға дейін саяси биліктің Түркістан Уақытша Кеңесі мен Түркістан халық билігіне өтетіндігі жөнінде қаулы қабылдады. Түркістан Уақытша Кеңесі құрамына барлығы 54 адам енді, оның 32-сі Түркістаннан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайланған депутаттар еді. Бұлардың арасында негізгі тұрғындары қазақтардан тұратын Сырдария мен Жетісу облыстарынан 11 өкіл бар болатын. Кеңес құрамында, сондай-ақ мұсылмандар съезі сайлаған өкілдермен бірге, каланың өзін-өзі басқару ұйымдары съезінің 4 өкілі, түрлі өлкелік «еуропалық» ұйымдардың 13 өкілі бар болатын. Түркістан Уақытша Кеңесі 12 орыннан тұрған Түркістан автономиясының Уакытша үкіметін бекітті. Съезд Түркістан өлкесіндегі барлық халықтардың құқығын сыйлап, қорғайтындығын мәлімдеп, өлкенің барлық мұсылман, орыс, т.б. тұрғындарын Түркістан автономиясы төңірегіне топтасуға шақырды. 1917 жылы қарашада Түркістанда қос билік орнап, оның алғашқысы кеңестік негізде құрылып, ең алдымен ресейлік қоныс аударушылардың мүддесін көздеп, жағдайын нығайта түсуге қызмет ететіндігін білдірсе, соңғысы отарлық езгіге қарсы, діни және ұлттық негізде құрылып, жергілікті халықтардың өзін-өзі басқару құқығын баянды ету басты мақсаты екендігін жариялады. Түркістан Уақытша үкіметінің төрағасы және Ӏшкі істер министрі болып Мұхамеджан Тынышпаев, Ӏшкі істер министрінің орынбасары болып заңгер Ә.Оразаев бекітілді. Уақытша үкіметтің Сыртқы істер министрі қызметіне Мұстафа Шоқай тағайындалды. Көп ұзамай Түркістан автономиясы үкіметінің төрағасы Мұстафа Шоқай болды. Түркістан автономиясының құрылуын Түркістан өлкесінің жергілікті халықтары зор қуанышпен карсы алып, оған қолдаушьшық танытуға даяр екендіктерін білдірді. 1918 жылы қаңтарда Түркістан қаласында өткен Сырдария қазақтарының съезі Сырдария облысы Алаш автономиясы жарияланғанға дейін Түркістан автономиясы құрамында болатындығын білдірді. Халық зор үміт артқан Түркістан автономиясын 1918 жылы 2 ақпанда Кеңес үкіметі қарулы күшпен таратып, оның бірнеше мүшелерін тұтқынға алды.


4.Кеңес үкіметі кеңестік негізде Қазақ Автономиясын құру жөнінде дайындық жұмысын жүргізе бастады. РКФСР ХКК-нің 1918 ж. 12 мамырдағы қаулысына сәйкес, ҚазАКСР-н құруға дайындық жұмыстарын ұйымдастыру үшін Ұлттар ісі халық комиссариаты жанынан алғашқы арнайы саяси орган - қырғыз (қазақ) бөлімі ашылды. Алайда, азамат соғысы басталып кеткендіктен бұл жұмыстар кейінге қалдырылды. Қазақ съезі шақырылып, Қазақ республикасының автономиясы жарияланғанша өлкені әскери-әкімшілік басқару үшін 1919 ж. 10- шілдеде РКСФР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.И. Лениннің қол қоюымен "Қырғыз (қазақ) өлкесін басқаратын төңкеріс комитеті (Ревком) туралы уақытша ереже" жарияланды.Ереженің 3 - бабына сәйкес, Қазақ автономиялы республикасының аумағы Түркістан республикасымен, Қырғыз съезі және Орталық Кеңес үкіметімен келісіліп анықталғанға дейін Қазревком құзырына "...Астрахань губерниясымен Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарының территориялары қарайды" делінген.Қазревкомның бірінші құрамына: С.Пестковский (төраға), А.Байтұрсынов, В.Лукашев, Ә.Жангелдин, М.Тұнғаншин, С.Меңдешев, Б.Қаратаев кірді.
1920 ж. тамызында Мәскеу қаласында қазақ әскери төңкеріс комитеті және Түркістан майданының әскери-төңкеріс кеңесі, РКП(б) Түркістан өлкелік комитетінің партия және кеңестік ұйымдардың өкілдері қатысқан Қазақ АКСР-н құру туралы бірнеше мәжілістер өткізді. Соңғы мәжіліске В.И.Лениннің өзі төрағалық етті. Нәтижесінде 1920 ж. 17 тамызында РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі Қазақ Республикасы жөніндегі Декреттің жобасын қарап қолдады. 1920 ж. 26 тамызында Ленин мен Калинин кол қойған БОАК және РКФСР ХКК-нің құрамында, астанасы Орынбор қаласында болатын "Қырғыз (қазақ) Кеңестік Автономиялы Республикасын құру туралы" тарихи Декреті жарияланды. Территориясы - Семей, Ақмола, Торғай, Орал облыстары, Манғышлақ уезі, Красноводск уезінің бір бөлігі, Астрахань губерниясының бір бөлігі. Жетісу мен Сырдария облыстары Түркістан Автономиялы Кеңестік Социалистік республикасының құрамына енгізілген болатын (1918 ж). Халқы 5 млн.-ға жуық адам болды. 1920 ж. 4-12 қазанында Орынбор қаласында өткен Қазақстан Кеңестерінің Құрылтай съезі, Қырғыз (қазақ) Кеңестік Автономиялық социалистік республикасы еңбекшілері құқықтарының Декларациясын қабылдады, ол Декларация РКФСР құрамына жеке автономия болып кіретін ҚазАКСР-нің құрылуын жұмысшылардың, еңбекші қазақ халқының, шаруалар, қызыл әскерлер депутаттары Кеңестерінің Республикасы ретінде бекітті. Мұнда жоғарғы өкімет органдары сайланды: Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы С. Мендешев, ал қазақ АКСР - інің Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.А.Радус-Зенькович болды. Декларацияда Қазақ АКСР-нің мемлекеттік басқару органдары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері айқындалды.
Қазақ АКСР – нің құрылуының тарихи маңызы: 
1) Қазақ халқының ғасырлық арманы орындалуының көрінісі. 
2) Отаршылдыққа қарсы күрес нәтижесі. 
3) Ұлттық қайта өрлеу жолындағы алғашқы қадам.
5. 1921ж. Батыс, Солтүстік Қазақстанда, Батыс Сібірде жер межеленіп бөлуі өткізілген. Орта Азия Казақстан жерлерін ұлттық-аумақтық межеленіп бөлінуіне үлкен дайындалық жұмысы жүргізіледі. Ұлттық-аумақтық межеленіп бөлінуінің нәтижесінде Қазақстанға: Қазалы, Ақ-Мешіт, Түркістан, Шымкент уездері, Әулие-Ата уезінің көбісі, Ташкент, Мырзашүлт уездері Сырдария облысының; 6 көшпелі болысы Самарканд облысының Джизак уездері берілді. Семей облысында: Алматы, Жаркент, Лепсинск, Қапал уездері Пишлек уезінің Георгиевск, Шу, Қара-Күнус болыстары. ҚАКСР территориясы 700мың км2 кеңейді, яғни 2,7 млн км2, тұрғындар саны 1468 мың адамға өсті, жалпы адам саны – 5 230 мың. 1926ж. халық санағы бойынша қазақтар саны 61,3 % барлық тұрғындардан болған 1925 Республика астанасы Ақ-Мешіт болып табылады, Қызыл-Орда атауына ие болған. 1925ж. Республикаға нақты атауы қайтып берілді – Қазақ республикасы.
1928ж. Қазақстанның губернияларға, уездерге, болыстарға бөлінуі жойылды, округтарға және аудандарға бөлінуі кіргізілді.1919ж. 10 шілдесінде РКФСР халық комиссарлары Кеңесінің Жарлығы бойынша Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Революциялық Комитет (Ревком) құрылды.Оның бірінші құрамына С.Пестковский (төраға), А.Байтұрсынов, В.Лукашев, Ә.Жангелдин, М.Тұнғаншин, С. Мендешев, Б.Қаратаев кіреді. Казревком “Өлкені жоғары әскери-азаматтық басқаруды” өз қолына жинақтайды, қазақ халқының мемлекеттігін құру мақсатында өлке Кеңестерінің Құрылтайлық съезін шақыруға жағдай жасау оның басты міндеті болды. Казревком қызметінің әскери – азаматтық сипатын азаматтық соғыс анықтап берді. Казревкомның басқа бір аса маңызды міндеті-қазақтың байырғы жерін бір қолға жинау, яғни болашақ қазақ кеңес мемлекетінің территориялық тұтастығын қамтамасыз ету болып табылды. Сонымен бірге Казревком әрекет қимылда жүрген армияны азық-түлікпен жабдықтау, астықты және басқа да тамақ өнімдерін Орталыққа, Түркістан АССР-на жеткізу яғни “Соғыс коммунизм” саясатының басты мәселесін шешу ісімен айналысты Казревком 1919ж. шілдесінен 1920ж. қазаннын қосқанда 15 ай бойы жұмыс істейді. Өзі пайда болған күннен бастап, казревком қазақ халқының Кеңестік автономиясын жария ету жөніндегі қыруар көп әзірлік жұмыстарын жүзеге асырды.
1920ж. 17 тамызында РК ФСР Халық Комиссарлары Кеңесі қазақ Республикасы жөніндегі РКФСР құрамына астанасы Орынбор қаласында болтаын “Қырғыз (қазақ) Кеңестік автономиялық социалистік республикасын құру туралы” Декрет қабылдады (В.И.Ленин, РКФСР Бүкілресейлік Орталық атқару Комитеті мен Халық комиссарлары кеңесі М.И. Калинин қол қойған).
1920ж. 4-12 қазанында Орынборда өткен Қазақстан Кеңестерінің құрылтай съезі Қырғыз (Қазақ) Кеңестік автономиялық социалистік Республикасы еңбекшілері хұқтарының Декларациясын қабылдайды, ол Декларация РКФСР құрамына жеке автономия болып кіретін КазАССР құрылуын жұмысшылардың, еңбекші қазақ халқының, шаруалар, казактар, кызыл әскерлер депутаттары Кеңестерінің Республикасы ретінде бекітті. С.Мендешевті бас етіп, Орталық атқару комитетін (ОАК) және В.Радус-Зеньковичті бас етіп халық комиссарлары Кеңесін (ХКК) сайлады.
1924ж. қазанында Қазақстан территориясы мен Орта Азияның территориясының межеленуі өткізілді. Тарихи бойынша қалыптасқан қазақтар мекендеген аумақтары енді КАССР құрамына кірді. Бұрынғы Түркістан, Хорезм, Хиуа республикалардың 40% территориясы 1,5 млн адамдарымен КАССР аумағына кірді. Қазақстан территориясы 2,8 млн. км2 дейін кеңейді. Республиканың мөлшері РСФСР-дан кейін екінші орын алды. Қазақстан шекарасы 2200 км дейін өсті. Оңтүстік тұрғындардан саны 4,8млн-нан 6,5 млн-ға дейін көбейді. Қазақтардын саны – 59,9%.
Кеңес ұлттық-мемлекеттік құрылысы 1936ж. желтоқсанында аяқталды.СССР Конституция бойынша Қазақстан АССР кеңестік республикасына өзгертілінген. Бірақ Қазақстан сол қалпы құқықсыз, қатан түрде орталыққа бағынған СССР құрамындағы республика болып қалды.


6. Кеңес үкіметі патшалық үкіметтің жер мәселесіндегі отарлық саясатын жойғысы келгенімен, іс жүзінде жерді пайдалануды таптық тұрғыдан шешті. Соның нәтижесінде жергілікті қазақ халқы мен қоныс аударушылардың құқығы теңестірілді. Кеңес үкіметінің елдің өнеркәсібін қалпына келтіру мақсатында жүргізілген шаралары кейін республика экономикасына орталықтың үстемдігінің мейілінше күш алуына әкелді. Өндіріс орындарын орталықтанған трестерге біріктіру, сонымен бірге өндіргіш күштерді региондарға орналастыруда кемшіліктерге жол ашты, яғни Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімге шикізаттық сипатын айқындады. Кеңес үкіметі экономикалық дамудың объективті заңдылықтарын мүлде жоққа шығарды. Халық шаруашылығының барлық саласы әкімшіл-әміршіл большевиктік басқару әдісіне бағынышты болды.
1918-1920 жылдардағы азамат соғысы Қазақстан өлкесінің экономикалық жағдайын көптеген жылдарға кері шегерді. Өндіріс орындары жұмыс істемеді. 1913 жылмен салыстырғанда Қазақстанда мұнай өндіру 4 есеге, көмір өндіру 5 есеге кеміді, ал мыс рудасын өндіру мүлде тоқтады. Халық шаруашылығының жалпы өнім өндіруіндегі өнеркәсіптің үлесі 1920 жылы бар болғаны 6,3 процент болды.
Ауыл шаруашылығы да өте күшті дағдарысқа ұшырады. Орал губерниясында егістік жерлер 2 есеге, ал Жетісу аймағында 3 есеге кеміді. Ең бірінші кезекте ұлттық байлықтың негізгі көзі болып саналатын мал шаруашылығы құлдырады. Соғыс жылдарында мал саны 10,8 млн. басқа кеміді, оның 2 млн-ы жылқы, 6,5 млн-ы ұсақ мал болды.Сонымен қатар 1921 жылы ҚазАКСР-ң жеті губерниясының бесеуі құрғақшылыққа душар болды. Осыған байланысты 1921 ж. бұл аймақтарда астықтың жалпы түсімі 5 млн. пұт деңгейінде ғана болды. Ал жергілікті халықтың бір жылғы астық пен астық тұқымдығына мұқтаждығы 22 млн. пұт көлемін қамтиды, яғни залал 17 млн. пұтты құрады. Ауа райының қолайсыздығы мал шаруашылығын бұдан да қиын жағдайға душар етті. 1920—1921 жылдар аралығындағы жұттан кейінгі мал басы 1917 жылмен салыстырғанда 75% кеміді.
Азамат соғысының аяқталуына және елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының ауыр күйзелісіне қарамастан, Кеңес үкіметі күштеуге негізделген азық-түлік саясатын одан әрі жалғастырды. Орталық үкіметтің 1920 жылы 20 шілдедегі "Сібірдегі артық астықты алу туралы" декретінің күші Қазақстанның солтүстік аудандары мен Семей губерниясына да тарады. Осы декретке сай 1921 жылдың тамыз айына дейін бүкіл елдегі шаруаларға 119 млн. пұт (РКФСР көлемінде 423 млн.пұт) төтенше салғырт төлеу жүктелсе, соның ішінде 35 млн. пұт Солтүстік Қазақстанға міндеттелді.Тапсырманың 26 млн. пұты Семей облысына міндеттелінсе, тек Қостанайдың өзінен 6 млн. пұт астық алынды. Артық өнімдер ғана емес, азыққа қолданылып отырған астық және тұқым қоры да тәркіленіп отырды. Астық салығы мал шаруашылығымен ғана айналысып отырған аудандарға да салынды. Оны төлеу үшін олар малдарын сатып астық сатып алуға мәжбүр болды.
Кеңес үкіметінің солақай саясатының нәтижесінде Республиканы сұрапыл аштық жайлады. Бөкей губерниясында — 100 мың, Оралда — 400 мың, Семей губерниясында — 500 мың, Орынбор - 445, Ақтөбеде — 360 мың адам ашықты. Көшпелілер арасында өлім ересек тұрғындардың 30 процентін қамтыса, ал кейбір аудандарда халықтың 75 проценті қырылған. Әулиеата уезінде халықтың қатты қырылғандығы соншалық, бұрынғы бірнеше болысты біріктіріп, бір болыс ұйымдастыруға тура келді. Жалпы зерттеушілер 2 млн 300 мыңнан аса адам ашықты, 1 млн-ға жуығы аштық пен аурудан өлді деген мәліметтерді келтіреді.


7. Партияның X съезі (8 наурыз, 1921 ж.) көтерілісшілерді айыптағанмен, экономикалық саясатты өзгертуге мәжбүр болды. Съезд шаруашылық мүддені іске қосудың жаңа жүйесін жасаудың шараларын белгіледі, яғни «Соғыс коммунизм» саясатынан жаңа экономикалық саясатқа көшу туралы шешім қабылдады.
Кеңес үкіметі мемлекеттің қолында ірі өндіріс орындарын, банкті қалдырып, жеке капиталды өндіріске ендіруге рұқсат берді. Мемлекеттік жерлер, кішігірім мемлекеттік кәсіпорындар белгілі мерзімге жеке шетел ұйымдары мен тұлғаларға жалға берілді. Сауда бостандығы жүзеге асырылды, яғни мемлекеттің бақылауымен жеке саудаға рұқсат берілді. Сауда негізінен ауыл мен қаланың ортасындағы негізгі байланыс көзіне айналып, сонымен қатар мемлекеттік және кооперативтік сауда да дамуы тиіс болды. Жеке ауыл шаруашылық қожалықтарына, жеке меншіктегі кішігірім кәсіпорын иелеріне жалдамалы еңбекті пайдалануға рұқсат берілді. Еңбекке деген міндеткерлік және еңбек армиялары жойылды. Өндіріс орындарын жұмысшы күшімен қамтамасыз ету еңбек биржалары арқылы жүзеге асырылатын болды. Елдегі ақша жүйесін нығайту, ақысыз қызмет көрсетуді жою, еңбекке ақшалай жалақы төлеу міндеттелді.
Жаңа экономикалық саясаттың аясында қабылданған міндеттердің ішіндегі ең маңыздысы — азық-түлік салғыртын азық-түлік салығымен алмастыру туралы шешім болды. Азық-түлік салғырты кезінде шаруа қожалықтары өндірілген өнімнің өзін қамтамасыз етуге қажетті үлесінен артығын мемлекетке тапсыруға міндетті еді. Азық-түлік салығының ендірілуі, яғни белгіленген мөлшердегі ғана салықты өтеуге байланысты, олар өндірілген өнімнің артығын өз еркімен пайдалану құқығына ие болды. Бұл ендірілген салық жүйесіндегі өзгеріс өндіруші шаруа қожалықтарына өте қолайлы болды. Себебі, олар өндірілген өнімнің белгілі мөлшерін ғана мемлекетке тапсырып, қалған өнімді сатуға немесе өзінің басқа қажеттерін етеуге мүмкіндік алды. Осыған байланысты енді шаруа қожалықтары егістік көлемін ұлғайтуға, сөйтіп өнімді көп өндіруге, яғни еңбек өнімділігін арттыруға ынталы болды.
ЖЭС-тіің аясында нарықтық қатынастардың күшеюі сауданың дамуына ықпал етті. Ал ол болса ақшаның тұрақтануына әсерін тигізді. 0сы жағдайға байланысты ЖЭС-тің алғашқы кезінде ендірілген салықтың натуралды түрін партияның XIIсъезі (1923 ж. сэуір) ақшалай түрде де өтеуге мүмкіндік берумен алмастырды. Ал 1924 жылы салықты өтеудің тек ақшалай түріне толық көшірілді.Осы жылы ақпан айында Кеңес үкіметі ақша реформасын жүргізіп, кеңестік ортақ жаңа ақша өлшемі тұрақты сомды енгізді. Осы жағдайлар Қазақстанда жәрмеңкелік сауданың кең өрістеуіне жол ашты. 1926 жылы Қазақстанда 128 жәрмеңке жұмыс істеді. Бұл кездегі ірі жәрмеңкелер қатарына — Ойыл, Қоянды, Қарқара, Темір, Көкшетау, Атбасар жәрмеңкелерін жатқызуға болады. Осы кездеп жәрмеңке саудасының жалпы айналымы 20—23 млн. сомды құрады. Сондай-ақ, осы өркендей бастаған жәрмеңкелік сауда да ауыл шаруашылығының дамуына ықпалын тигізді.
Қазақстанда 1921—22 жылдары ЖЭС аясында жүргізілген шаралардың бірі жер-су реформасы болды. Реформаның негізгі міндеті 1920 жылы құрылған ҚАКСР-нің аумағында қазақ жерлерін біріктіру болды. Патшалық биліктің жүргізген саясаты нәтижесінде Қазақстанда жер мәселесі өте құрделі мәселелердің біріне айналған еді. Осыған байланысты Қазақ автономиясы құрамында жер саясатын жүргізші жетекші орган - Жер комитеті құрылды. Ол қазақ автономиясы аясында қазақ жерлерін біріктіру мақсатымен 1921 жылы 7 ақпанда декрет қабылдады. Қазақ АКСР-нің Жер комитеті қабылдаған бұл декрет бойынша кезінде көш-қон қорына (переселенческий фонд) тартып алынып, пайдаланылмай тұрған Семей, Ақмола, Торғай және Орал облыстарындағы бос жатқан жерлер, олардың 1917 жылға дейін алынғанына қарамастан қазақтарға қайтарылады. 1921 жылы 19 сәуірде Жер комитеті кезінде патша үкіметінің Сібір және Орал казак әскерлерінің тартып алған жерлерін қазақтарға қайтару туралы шешім қабылдады. Осы декретке сай қазақтар Ертіс өзені бойында 177 мың, Орал өзені жағалауында 208 мың десятинадан астам жерлерді қайтаруға тиіс болды.
1922 жылы 26 тамызда Федералды Жер комитеті мен БОАК-ті "Қазақстанда негізгі еңбекпен жерді пайдалану туралы" заң қабылдады. Ол заң 31 тамызда күшіне енді. Бұл заң бойынша әркімнің өз жерінде қалуға және ол жерді пайдалануға құқығы болды. Жер заңға сәйкес құжатталған жағдайда ғана оны пайдаланушы сол жердің иесі болады. Ал даулы жерлерге заңға негізделген съездің немесе жер органдарының шешімі қажет болды.Алайда осы негізгі заңнан соң 1922 жылы 30 қазанда Кеңес үкіметі Ресей аумағын түгел қамтыған "Жер кодексін" қабылдады. Осы кезден бастап жер туралы бүкіл мәселенің бәрі мемлекеттің идеологиялық құндылықтарына негізделген құқыққа ие болды. Бұл кодекс бойынша жермен тұрғылықты халық қамтамасыз етілуі керек болды. Сонымен бірге автономияларға қосымша ұсыныстар мен негіздемелер жасауға рұқсат етілді. Бұл кодекс отырықшы-егіншілікпен айналысатын аудандарды қамтыды да, көшпелі аудандар мүлде кірмей қалды. Соның салдарынан қазақ қоғамы жермен толық қамтамасыз етілмеді.
Кеңес үкіметі патшалық үкіметтің жер мәселесіндегі отарлық саясатын жойғысы келгенімен, іс жүзінде жерді пайдалануды таптық тұрғыдан шешті. Соның нәтижесінде жергілікті қазақ халқы мен қоныс аударушылардың құқығы теңестірілді. Осы жағдайлар жер және жерге орналастыру мәселесін шешуді өте қиындатқанымен, жаңа экономикалық саясат шеңберінде азық-түлік салғыртының азық-түлік салығымен алмастырылуы 3—4 жыл ішінде қазақ ауылы мен деревнясын дағдарыстан шығара бастады. 1925 ж. егістік жердің көлемі 3 млн. гектар болса, 1928 жылы 4 млн. гектарға жетті, яғни бұл 1913 жылдың (4,4 млн. га) деңгейіне жеткендігін көрсетеді. 1925 ж. 92 млн. пұт астық жиналса, 1927 ж. астықтың жалпы түсімі 104 млн. пұтты құрады. 1925 ж. мал саны 1922 ж. салыстырғанда екі есе өссе, 1925—1928 ж. аралығында жыл сайын 5%-ке артып отырды.
Сөйтіп, Кеңес үкіметінің елдің өнеркәсібін қалпына келтіру мақсатында жүргізілген шаралары кейін республика экономикасына орталықтың үстемдігінің мейілінше күш алуына әкелді. Өндіріс орындарын орталықтанған трестерге біріктіру, сонымен бірге өндіргіш күштерді региондарға орналастыруда кемшіліктерге жол ашты, яғни Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімге шикізаттық сипатын айқындады.
ЖЭС аясында Республиканың халық шаруашылығында болған өзгерістер елдің дағдарыстан шыққанын, экономикалық дамуда жаңа үрдістің кең етек жайғанын көрсетеді. Елдің шаруашылық жүйесі нарықтық экономика қатынасына біртіндеп енді. Өлкенің экономикасы көп укладты сипатқа ие бола бастады, яғни әртүрлі меншік түрлерінің қатар өмір сүру мүмкіндігі пайда болды. Меншіктің әртүрлі түрлерінің қалыптасуы, олардың арасындағы бәсекелестік пен ұдайы өндірістегі бірін-бір толықтыруы халық шаруашылығының алға даму бағытын айқындады.Большевиктер таптық мүддені қорғау принциптерінен ажырамаса да, жаңа экономикалық саясат аясында мемлекеттің экономикаға араласуы шектелді. Мемлекет белгілі мөлшерде ғана көпукладты ұдайы өндірісті кредит, салық жүйелері аркылы ғана реттеп отырды. Экономикалық өмірдің нақты дамуын қамтамасыз ететін мұндай саясат өте орынды еді.
Ұзақ әлеуметтік даму барысында қалыптасқан дәстүрлі тауарлы шаруашылық мемлекет тарапынан ендірілген мұндай реттеуші бақылауға сәйкес келмеді. Мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған мұндай саясат ұсақ ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілер тарапынан қарсылық тудырды. Олар өндірген өнімдерін төменгі бағамен сатудан бас тартты. Алайда бұл қарсылықты мемлекет өзі жүргізіп отырған саясаттың кемшілігінен деп есептемеді. Керісінше ол қарсылықты тап жауларының іс-әрекеті деп бағалады. Мемлекет тарапынан жеке шаруа қожалықтарына қарсы бақылауды күшейтті. Ұсақ тауар өндірушілерді әкімшілік жолмен бақылау мен ығыстыру саясаты сауданы шектеуге, яғни ЖЭС-тің шектелуіне әкелді.
Мұндай жағдай "соғыс коммунизм" саясаты тұсындағы әкімшілік басқару әдістерін жандандырды. Экономикалық даму жүйесіне әкімшілік тұрғыдан араласу большевиктердің негізгі жұмыс әдісіне айналды. Таңдау мүмкіндігі, еркіндік, шаруашылық еріктілік туралы заңдар тек қағаз жүзінде қалып отырды. Экономиканы жоспарлы түрде дамыту идеясы күш алды. Дағдарыстардың бәрі осы жоспарлаудағы кемшіліктерден деп есептелді. Жергілікті партия және кеңес органдары кооперацияны басқаруда әкімшілік әдіске жиі сүйенді. Алайда экономиканы мемлекеттің тарапынан жоспарлы түрде дамыту мен әкімшілік басқару әдістері нарықтық қатынаспен сәйкес болмады. Соған қарамастан таптық идеологияны ту еткен Кеңес үкіметі экономиканы жоспарлы түрде дамыту идеясына сүйеніп, 1925 жылдың аяғында өнеркәсіп өндірісін халық шаруашылығының жетекші саласы етіп белгіледі және оның жоғары қарқынмен дамуын қамтамасыз етті. Бұл ЖЭС аясында қалыптасқан көпукладты ұдайы өндірістік жүйенің қатар даму барысын шектеді, яғни 20-жылдардың аяғында ұсақ тауар өндірушілерге қарсы күресті күшейтті. Соның нәтижесінде нарықтық қатынас тоқырады, яғни ЖЭС тоқтатылды.


8. Кеңес өкіметі өзінің билігін Ресейдің империялық езгісін тартқан Орталық Азия мемлекеттеріне де орната бастайды. Ол кезде Орталық Азия мемлекеттері аумағының басым бөлігі Түркістан генерал-губернаторлығына бағынышты болатын.Жалпы Түркістан АССР-і 1918-1924 жж. аралығында өмір сүргені барша қауымға мәлім. Сондықтан да осы аралықтағы Түркістан республикасының конституциялық дамуын шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады.
Бірінші кезең 1918 жылдың 30 сәуірінен 1918 жылдың 15 қазанына дейінгі аралықты қамтиды. Яғни, Түркістан республикасының ресми түрде құрылуынан бастап алғашқы конституция қабылданғанға дейінгі кезең. Бұл аралықта конституцияның рөлін 1918 жылы 30 сәуірде қабылданған Түркістан республикасын құру туралы Ереже атқарады.
Екінші кезең 1918 жылдың 15 қазанынан 1920 жылдың 24 қыркүйегіне дейінгі аралықты қамтиды. Яғни, Түркістан республикасының алғашқы негізгі заңының әрекет ету аралығы. Бұл конституция Кеңес өкіметінің қалыптасу кезеңін көрсетеді. Асығыс қабылданған конституция өтпелі кезеңнің бет-бейнесін көрсетеді.
Үшінші кезең 1920 жылдың 24 қыркүйегінен 1924 жылдың желтоқсан айына дейінгі аралықты өамтиды. Яғни, Түркістан рсепубликасының екінші рсеми конституциясының әрекет ету аралығы. 1924 жылғы желтоқсандағы Түркістан АССР-ін тарату туралы шешім қабылданғанға дейінгі аралықта әрекет етті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет