Азилхан Нуршайыков. Акикат пен аныз



бет26/29
Дата24.10.2022
өлшемі396,82 Kb.
#154730
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29
Байланысты:
Ақиқат пен аңыз. Әзілхан Нұршайықов
Оқу мақсаты. Б к,См, Farm18 19, материалы 10
Гвардия полковнигі Момышұлы Бауыржанды 9-шы гвардиялық қызылтулы атқыштар дивизиясының командирі лауазымына бекіту туралы
ҰСЫНЫС
Бұл лауазымның міндетін 1945 жылдың 25 январынан бері атқарып келеді, батыл, өжет, тактикалық жағынан сауатты, ұрыс үстінде әскерлердің өзара байланысын ептілікпен ұйымдастыра біледі, ұрысты жақсы басқарады, тәртіпті. Өзіне де, өзгелерге де талап қойғыш бағыныштыларының арасында абыройлы. Саяси ой-өрісі кең. Моральдық жағынан берік. Партия ісіне берілген.
Әскерлерге ойдағыдай басшылығы, Прибалтикадағы неміс группировкасын жою жөніндегі ұрыстарда көрсеткен ерлігі мен батырлығы, үшін Қызыл Ту орденімен наградтауға ұсынылды.
Қорытынды: атқарып келе жатқан лауазымына лайық. Момышұлын дивизия командирі лауазымына бекіту туралы ұсыныс енгіземін.
2-ші гвардиялық атқыштар корпусының командирі Совет Одағының Батыры генерал-майоры Баксов.
8 март 1945 ж.»
Бауыржан. Рақмет.
VII
Автор. Осы ұсынысқа қоса берілген жауынгерлік мінездемеге корпус командирі Баксовтан кейін өздерінің ризалықтарын генерал-полковник Чистяков пен армия Соғыс Советінің мүшесі Совет Одағының Батыры гвардия генерал-майоры Абрамов қол қойған.
Ол екеуінен төменірек: «Дивизия командирі лауазымына лайық» деп жазып 2-ші Балтық майданының командашысы Совет Одағының Маршалы Говоров пен Соғыс Советінің мүшесі генерал-лейтенант В. Богаткин деген кісі қол қойыпты.
Міне осыдан кейін Сізге АГ-00 001 сериялы № 52 374 куәлік берілді. Ол куәлікте Қорғаныс Халық Комиссарының 1945 Жылғы 28 марттағы 0115 санды бұйрығы бойынша Сіздің штатты лауазымыңыз 9-шы гвардиялық Қызылтулы атқыштар дивизиясының командирі екендігі көрсетілген. Сонымен бірге «Москваны қорғағаны үшін» медалымен, Қызыл Ту орденімен наградталғаныңыз, Оңтүстік Қазақстан облысының Жуалы ауданында туғаныңыз, әйеліңіздің аты-жөні Мұқанова Жамал және Бақытжан деген ұлыңыз бен Шолпан деген қызыңыз бар екендігі айтылған. «Куәлік иесінің өз қолы» деген жерге «Б. Момышұлы» деп латын әріптерімен қол қойыпсыз. Бір қызық жері Сіз өз куәліктеріңіздің бәріне де осылай латынша қол қойып отырғансыз. Бұл документтің бірінші бетіне де, соңғы бетіне де 2-ші гвардиялық атқыштар корпусының командирі Совет Одағының Батыры генерал-майор Баксов қол қойған. Менде бұл куәліктің де фото көшірмесі бар. Осы рас па, Бауке?
Бауыржан. Рас.
Автор. Осы арада тағы бір анықтап алатын мәселе боп тұр, Бауке.
Бауыржан. Қандай?
Автор. Жаңылмасам Сіздің қызмет тізімдеріңіздің бірінен қырық төртінші жылдың аяғында, академияның алты айлық курсын бітіргеннен кейін, 2-ші Балтық майданының қарамағына жіберілді дегенді көзім шалған сияқты еді. Ол кезде 2-ші Балтық майданының командашысы А. И. Еременко болатын. Сонда Сіз қалай 1-Балтық майданының командашысы Баграмянның штабынан, Василевский мен Жуковтың ортасынан бір-ақ шықтыңыз?
Әлде генерал-полковник Чистяков Сіздің 2-ші Балтық майданының резервінде жатқаныңызды біліп, Сізге сенгендіктен, басшылық орны бос тұрған 9-шы гвардиялық дивизияға командир етуге шақыртты ма? Бұл үшін, әрине, армия командашысы, майдан командашысымен ақылдасады. Ал Баграмянның Сізді Ставканың екі Балтық майданындағы өкілі Василевский арқылы шақырттырып алуы мүмкін ғой.
Бауыржан. Иә, солай.
Автор. Оған дейін генерал-полковник Чистяковпен кездескен бе едіңіз?
Бауыржан. Иә, кездескенбіз. Немене сен бір сұрақты қайта-қайта қоя бересің. Сенбей отырсың ба өзің?
Автор. Неге сенбейін, Бауке. Анықтап алайын деп жатқаным ғой. Москвада 2-ші Балтық майданына барамын деп өзіңіз тілек білдіріп пе едіңіз?
Бауыржан. Иә.
Автор. Неге?
Бауыржан. Алыста жүрген адам үйіне қайтуы тиіс пе, жоқ айдалаға қаңғып кетуі керек пе?
Автор. Әрине, үйіне қайтқаны жөн.
Бауыржан. Ендеше бұл да сол. Сол кезде генерал-полковник Казаков басқаратын 10-шы армия 2-ші Балтық майданының қарамағында болатын. 8-ші гвардиялық Панфилов дивизиясы сол армия құрамында жүрді. Ол менің туған үйім емес пе?
Автор. Рас. Сонда бармақ ойыңыз болып па еді?
Бауыржан. Иә. Дивизиямды, жігіттерімді сағындым. Онда мен екі полкта қызмет істедім ғой. Соның қайсысы бос болса, бұрынғы орныма баруға да бейіл едім. Бірақ жолда генерал-полковник Чистяков кездесті де, ол мені өз армиясына шақыртып алды. Жақсы ұстаз жаман шәкіртін де ұмытпайды екен.
Автор. Сіз жаман шәкірт болған жоқсыз ғой, Бауке.
Бауыржан. Сөздің сірәғысы емес пе?
Авто р. Ұстаздарыңыздан ұмытқандарыңыз бар ма?
Бауыржан. Шәкірт үшін ұстаздың жаманы жоқ. Олардың бәрі де есімде. Солардың ішінде ең алдымен ойыма оралатыны Панфилов пен Чистяков. Чистяков маған үш рет ұстаз болған кісі. Ал бір шәкірттің бір ұстаздан бастауыш кластарда, орта мектепте және жоғары оқу орнында сабақ алуы өмірде өте сирек кездесетін оқиға.
Автор. Ол кісімен байланысыңыз қандай?
Бауыржан. Қарт адамдардың арасында байланыс бәсеңдеу болады. Москваға барғанда — соғамын, сәлем беремін. Былтыр Иван Михайлович Чистяков Алматыға келді. Үйіме шақырып қонақ еттім.
Автор. Сізді жақсы көрген командирлеріңіздің бірі генерал-майор Баксов па деп ойладым, Бауке.
Бауыржан. Баксов ер көңілді, өжет, өткір кісі еді. Тәртіптілікті, тиянақтылықты ұнататын. Бұлтаң-сұлтаңы жоқ, тура мінезді нағыз орыс адамы болатын.
Автор. Оны айтып отырған себебім Баксов Сізге алты-жеті жақсы мінездемелер жазыпты.
Бауыржан. Онысына рақмет.
Автор. Өзіңізді екі рет Қызыл Ту орденіне ұсыныпты: 2 мартта және 16 майда. Сіз 1945 жылы 6 июньде 1 дәрежелі Отан соғысы орденымен наградталдыңыз. Бұл Баксовтың сол ұсынысының нәтижесі болуға тиіс.
Бауыржан. Әрине.
Автор. Бір қызығы Сіз тек 6 июньде ғана наградталып отырыпсыз. Ең бірінші рет Қызыл Ту ордені 1942 жылы 6 июньде беріліпті. «Москваны қорғағаны үшін» медалін де 1944 жылы 6 июньде алыпсыз.
Бауыржан. Кездейсоқ көп сәйкестіктің бірі болар.
Автор. Сіздің батальон басқарған, полк командирі болған кездердегі жауынгерлік іс, еңбектеріңізден азды-көпті хабардармыз, Бауке. Енді 9-шы гвардиялық дивизияның басшысы болған кезіңізден қысқаша да болса дерек айтпайсыз ба?
Бауыржан. 1944 жылдың екінші жартысынан бастап 1, 2, З-Балтық және З-Белорусь майдандары әскерлерінің иығына Балтық республикаларының жерін жаудан босату, бұл үшін ең алдымен жау шебін бұзып, Балтық жағалауына шығу, сөйтіп Балтық пен Шығыс Пруссия арасындағы күре тамырды талқандап, немістің «Солтүстік» армиялар тобын Германиядан бөліп ұстау міндеті жүктелді. Дұшпанның 16 және 18 армияларына соққы бере отырып, жаз бойы бұл майдандар осы міндетті сатылап орындаумен болды. Оңтүстік Литваға (Вильнюс, Каунас, Неман жағалауы) Черняховский бет қойды. Курляндия мен Ригаға қарай Баграмян құлаш сермеді. Еременко Резекнеге бағыт ұстады. Сөйтіп Вильнюс, Шауляй, Елгава, Двинск, Резекне алынды. 3-ші Балтық майданының армиялары Остров пен Псковты, Ленинград майданының әскерлері Нарваны азат етті. Сөйтіп бұл майдандар біртіндеп күз бойы алға баса берді. Рига босатылды. Октябрьдің екінші жартысында 3-ші Балтық майданы ажыратылды. 1945 жылы январьдың басында қалған екі Балтық майданы шабуылды тоқтатып, аз уақытқа табан тіреп бекіністе болды. 1-ші Балтық майданының қарамағындағы 9-шы гвардиялық дивизияға мен осы кезде келдім. Бұл майдандар мен армиялар штабтарында алдағы шайқас-шабуылдардың жоба-жоспарлары үсті-үстіне талқыланып жатқан қарбалас, қызу шақ еді.
Олай болатын себебі мынадай. Қырық бірінші жылы немістердің біздің Отанымыздың жеріне үш топқа бөлініп кіргенін білесің. Олар: «Солтүстік», «Орталық» және «Оңтүстік» армиялар топтары деп аталды ғой. Біздің әскерлердің соққысы салдарынан оның екеуі, әсіресе «Оңтүстік» армиялар тобы тоз-тоз болып, бірнеше рет қайта жасақталды. Тек «Солтүстік» армиялар тобы ғана үш жыл бойына қаймағы бұзылмаған қалпында тұрды. Балтық майдандары әскерлерінің 1944 жылғы жазғы, күзгі тегеурінді қимылдарынан кейін бұл да өзінің бұрынғы белсенді оперативтік-стратегиялық бірлестік қалпынан айрылды. Бұрын Балтық жеріне бауырын төсей созылып жатқан «Солтүстік» армиялар тобы, енді таяқ тиген жыландай жиырылып, шиыршықталып, «Курляндия» армиялар тобы деп аталып, түбекке тығылды. Бұл топта отыздан аса дивизия болды. 1944 жылы 5 сентябрьде Финляндияның бізбен соғысты тоқтатуына байланысты, Финляндиядағы неміс әскерлері де «Курляндия» тобына келіп құйылып жатты.
Сөйтіп, тар түбекке иін тіресе тығыздалып топталған жау жан аямай қарсылық көрсетті. Жабайы шошқалар емен ағашының түбін тұмсығымен қопарып, қалай ойран-асыр қылса, немістер де Курляндия түбегін сондай етіп, окоппен ойып, траншеямен тілімдеді. Ордың әр он бес метрінен автомат пен винтовканың тұмсықтары қылтиып, әр сексен метр жерде қылғына қылқиып пулеметтер тұрды.
Орлардың алдына, 30 - 40 метрдей жерден, темір тікенекті сым темірлер тартылып, артына, 15 - 20 метрге, бүйінің ініндей үңірейе блиндаждар тізілген. Бұл — жау бекінісінің бірінші линиясы болса, содан жүз-екі жүз метрдей қашықтықтан дәл осындай екінші линия тартылған. Екінші линияның арты танк өте алмайтын жалпақ та терең орлармен қоршалып, артиллериямен тығындалған.
Мұның бәрі бірінші рубеж аталады. Одан бес-алты километрдей кейінде дәл осындай құрылыс, құралдары бар екінші рубеж басталады. Одан кейін үшінші рубеж келеді. «Солтүстік» армиялар тобының командашасы генерал-полковник Шернер, осы линия, рубеждегі солдаттардан бір-бірлеп отырып, өлсем де орнымнан шегінбеймін деген қол хат алған.
Олай болатын себебі Совет Одағының жеріне басып кірген кезде Гитлер өз күшінің сол қанатын Курляндия арқылы Ленинградқа төкті. Ленинградқа блокада жасады.
— Егер Курляндия біздің уысымызда тұратын болса, Россия үшін Европаға жол жабық. Курляндия — Россияның Балтық теңізіндегі форпосты саналатын Ленинградты алатын плацдарм. Ол — Ленинградтың тажалы, одан соң Россияның Европалық бөліміне сілтелетін найза. Сондықтан Курляндияға тез табан тіреп, оны қаһарман қамалға айналдыруымыз керек, — деп өзінің стратегиялық нұсқауын берді. Қырық төртінші жылы Совет Армиясының Балтық майдандары әскерлерінің жойқын шабуылы басталып, Гитлер армиясы амалсыздан кейін шегіне бастады. Осы кезде Гитлер:
— Қайткен күнде де Курляндиядан айрылмау керек. Орыстар Балтық жағалауына шыға алмайтын болсын! Әйтпесе Финляндия, Швеция, Норвегия, Польша, Дания қолдан кетеді. Шығыс Пруссия қатал соққыға ұшырайды. Одан кейін бүкіл империяға қатер төнеді, — деп және бажылдады. — Күшті қорғаныс шебін жасап, қайткенде де Курляндиядан айрылмау керек! — деп бұйырды.
Міне біз олардың осындай қорғаныс шебін бұзып барып, «Курляндия» тобын қоршауға алуға тиіс едік. Біздің қолымызға өткен елді пункттерді қайтарып алу үшін фашистердің күніне қырық рет қарсы шабуыл жасаған кездері болды. Күніне төрт рет емес, қырық рет қарсы шабуыл! Түсінесің бе жағдайдың қандай қиын болғанын?
Автор. Түсінемін, Бауке. 2-ші Балтық майданының командашасы А. И. Еременконың жазбаларында да Сіздің бұл айтқаныңызды растайтын сөздер бар.
Бауыржан. Оның үстіне Балтық жағалауының ауа райы өте құбылмалы ғой. Бірде жауын, бірде тұман болып, ілгері басқан аяқты кейін кетірген кездер де аз болған жоқ. Маршалдар мен генералдардың күйіп-пісіп, ызаланатын себептері де сол. Осындай қиын-қыстау кезеңде менің 9-шы гвардиялық дивизияға басшы болуыма тура келді.
Дивизияда жеті полк бар еді. Олардың төртеуі орденді полк. Орынбасарым өзіміздің Қазалының балықшы орыстарының ұрпағы, Совет Одағының Батыры гвардия полковнигі Генадий Фадеевич Шляпин деген жігіт. Ол қазақша судай жүйрік екен. Саяси жұмыс жөніндегі орынбасарым қарт большевик, Саратов обкомының бұрынғы секретары гвардия полковнигі Иван Михайлович Коньков деген кісі. Шляпин кейін мені аға, оны ақсақал деп атайтын. Мен дивизияның жеті полкымен, олардың командир, жауынгерлерімен жете танысқаннан кейін, біраз күннен соң біздің корпус шабуылға шықты.
Курляндия — орманды, батпақты өлке. Онда аяқты, тұсаулы аттай, кібіртіктеп қана басасың. Жүгіре алмайсың, тартпа шалшық аяғыңнан алып, аттаған сайын сүріндіреді. Сондықтан да біздің майдандарымыз аршындап ілгері баса алмай, жау шебін кеміріп мүжіп келе жатқан болатын.
Біздің дивизияға Латыш ССР-інің Приекуле станциясын жаудан азат ету міндеті жүктелді. Оны картадан қараймын десең, Лиепая қаласының шығыс жағынан ізде. Литва ССР-інің шекарасына жақын жерде. Дивизия алғашқы күні жаудың жоғарыда айтылған үш қатар бекінісін бұзып, станцияны алды. Одан кейін екі күнде тағы да сегіз километр алға басты. Содан соң тағы он күн соғысып, ол он күнде он жеті километр ілгері жылжыдық. Жаудан он бес елді пунктті азат еттік. Олардан есімде қалғаны Жабали, Усайтюгворс, Видсмунка, Ұсайты деген деревнялар. Жиырма шақты күнде не бәрі жиырма бес шақырым жерге жылжыдық. Соның өзі Курляндия жағдайында аса зор жеңіс болып есептелді. Дивизиямыз жаудың жиырма бес зеңбірегін, бес минометін, қырық бес пулеметін, отыз бес танкін жойып, мыңға тарта неміс солдаттары мен офицерлерін құртты. Бұл цифрларды мен саған өз жанымнан шығарып айтып отырғаным жоқ. Корпустың сол кездегі ресми документтерінде осылай жазылған болатын.
Автор. Рас, Бауке. Ол документтердің кейбір көшірмелерін мен өз көзіммен көріп оқыдым.
ІХ
Бауыржан. Осыдан кейін дивизия екінші эшелонға демалысқа шығарылды. 6-шы гвардиялық армияның қолбасшысы Совет Одағының Батыры, генерал-полковник Иван Михайлович Чистяковтың өзі келіп құттықтады.
Осыдан кейін генерал-полковник біздің дивизияның 120 жауынгері мен офицеріне өз қолымен награда тапсырды.
Автор. Ол бір ауыр ұрыстар болған екен, Бауке. Өзгесін айтпағанда отыз бес танкті ойрандау осал іс емес қой! Ол күндерде қысылған, сасқан сәттеріңіз болды ма?
Бауыржан. Неге болмасын. Қысылуды сұрасаң күніне әлденеше рет қысылдық қой. Сасқан сәттер де болды.
Алғашқы күні, жаудың екі түбегін тартып алып, үшіншісіне ұмтыла бергенімізде, фашистер танктерін тасалап бізге қарай дүрсе қоя берді. Алғы шеп абыржып барып, кейін толқыды. Мен де дивизиямның алғы тізбектерін өкшелеп келе жатыр едім. Командирі қасында тақау жүрсе, жауынгердің жаудан беті қайтпайды. Зеңбіректер бір елі қалмасын деп Шляпинге қатты тапсырып қойғанмын. Өйткені зеңбірек ерткен жаяу әскер танктен тайсалмайды.
Қалай дегенмен де, алғы шеп кейін лықығанда мен едәуір сасқалақтап қалдым. Бірақ адам бойында жасырын жатқан неше түрлі күш-қасиеттер бар ғой. Солардың бірі қайрат пен жігер.
Қайрат — қамал бұзады. Шляпин жігерлі жігіт еді. Танктерді көргенде ол да бар зеңбіректен атқылап берді. Кейін толқыған жігіттерді тоқтату үшін мен қылышымды жарқ еткізіп қынабынан суырып алдым да:
— Қайда барасыңдар, менің қырандарым, алға! — деп алға қарай ұмтылдым.
Дивизия командирін көргеннен кейін жауынгерлер кейін бұрылып, «Ура!» деп қайтадан жауға қарай лап қойды. Дүние тарс-тұрс, гүрс-гүрс болды да кетті. Жау танктері де лаулай бастады. Жігіттер жанына кеп қалғанын шоқпар гранатпен соғып, «КС-пен» өртеп, жайрата жөнелді.
Біз, алғашында кейін серпілген жігіттерді өкшелей қуып, екпіндеп келіп қалған бір топ неміспен қоян-қолтық келіп, найзаласа жұлқысып кеп кеттік. Менің дәл қарсы алдыма біл арғымақтай офицер кісінеп келіп қалған екен. Баяғы Сибирьде жүргенде үйренген ат үстінен шыбық шабатын әдісіме салып, қыл мойынды қиғаштай тартып кеп жіберіп едім, офицер жұлындай ұшып түсті.
— Алға, қырандарым, — деп тағы да қарлыға айқайлап, ілгері жүгірдім. Қырандарым, таудан төңкерілген судай ағындап, менен озып, айналамнан алға қарай ағылып жатты. Қираған танктердің біріне тақап қалғанымда люктен шығуға тырбанып жатқан жау офицерін көзім және шалып қалды. Оны маузермен көздей басып кеп салдым да, домалатып танктың алдына сұлаттым. Осы кезде артымнан біреу келіп қапсыра құшақтай алды. Жалт қарасам орынбасарым Геннадий Фадеевич Шляпин екен.
— Ағатай, Сізге не болды? — деді ол қазақшалап. — Кейін қайтыңыз.
Сөйтсем ол менің жаяу әскерді бастап, атакаға жүгіргенімді көріп, олжа транспортерге міне салып, соңымнан қуып келіпті. «Ағатайлап» жалынып, транспортерге отырғызып, мені кейінірекке алып шықты.
Ол күні мен, қылыш сілтеп, маузерден атып, жеке өзім жаудың екі офицерін жойдым. Ал менің дивизиямның жауынгерлері жиырма танкты өртеп, көптеген дұшпанды жер жастандырды.
Автор. Дәл осы ұрыстарға байланысты 2-ші гвардиялық корпустың командирі Совет Одағының Батыры гвардия генерал-майоры Баксов мынадай мінездеме жазған екен, Бауке; Орысшасы өте әдемі. Аудармастан сол қалпында оқиын: «Гвардии полковник Момышулы умелым руководством войсками, личным примером героизма, мужества и отваги, проявленные в бою, воодушевлял бойцов и офицеров на выполнение задач, поставленных перед дивизией, в результате чего противнику нанесены значительные потери в живой силе и технике». Осылай депті, Бауке.
Бауыржан. Бұл документтерді ерінбей іздеп, тауып алғанына рақмет!
Автор. «Ақиқат пен аңыздың» журналға шыққан тарауларында мен Сіздің көзіңізге жас алған бір тұсты айтқан едім. Ұмытпасам Сіздің алғашқы ұстазыңыз помкомвзвода Николай Рединнің өлген жерінде болуы керек. Соны оқыған жазушы жігіттердің біреуі: сенің мұның өтірік. Момышұлы жыламайды деп маған кінә тақты. Сол сияқты, соғыстың соңғы кездерінде жылаған сәттеріңіз болды ма?
Бауыржан. Момышұлын адам емес, ағаш деп ойлайтын ол неғылған жазушы?
Содан кейін ыңылдап отырып, өз өлеңімен жауап берді:
«Мен де адаммын жаралған сүйек, еттен», Менде де ой бар, сезім бар жан тербеткен. Жүрегім менің қиыршық тас емес қой. Қайғыларым бар мені де еңіреткен...
Болды, қарағым. Бір рет тағы да еңіреп тұрып жыладым. Басынан айтайын.
Біз жаңағы айтылған Приекуле түбінде басталған ұрыстан кейін екінші эшелонда бір жарым айдай болдық. Бұл кезде біз Ленинград майданының маршал Говоровтың қарамағында болатынбыз.
Бір күні мені армияның Соғыс Советінің кеңесіне шақырды.
— Өзіңіз білесіз, кеше, 2 майда Берлин құлады, — деді командашы. — Ал Курляндияда немістің жарты миллиондай әскері бар. Оларға бағыну туралы ультиматум қойылды. Бірақ хабар жоқ. Олар айтқанға көнбесе күш көрсетіп бағындыруымыз керек. Ал соғыстың бұл соңғы күндерінде, бәлкім, соңғы сағаттарында екі жақтан да қан төгілмегені-ақ жақсы болар еді. Бірақ олар қойған шартты қабылдамаса, біз шабуылға шығамыз. Сіздің дивизия сол шабуылшы топқа кіреді.
Генерал-полковник Чистяковтың бұл бұйрығын алып, мен дивизияға келдім. Коньков пен Шляпинге жайды айтып, дивизияны орнынан көтердік.
— Бауыржан, қарағым, — деді жолда келе жатып Иван Михайлович Коньков, — бәлкім, немістер ақылына келер, қаруларын тастап, қол көтерер. Бәлкім, бұл біздің немістермен ең соңғы ұрысымыз болар. Өзің де сақ бол, өзгелерді де сақтауға тырыс. Приекуледегідей қызбаланып, ілгері ұмтылма. Кейінірекке жайғас.
— Оны жағдай көрсетеді ғой, ақсақал, — дедім мен.
Бірақ менің командалық пунктім артқа емес, алға, жаудан жүз елу метрдей жерге орналастырылды. Жау айтқанға көнбей, бұрқыратып оқ боратып тұрды. Бір кезде радист екеуіміз жатқан шұңқырға біреу домалап кеп құлады. Иван Михайлович Коньков екен.
— Сізге не болды? — дедім.
— Сіз осында жатыр деген соң әдейі келдім, — деді ол. — Ағалық ақылымды беріп, басу айтып, қасыңызда болайын дедім.
Осы кезде біздің самолеттер келіп, төбеден оқ атып, ұсақ бомбалар тастады. Жаумен ара жақын, жүз елу метр ғана болғандықтан, олардың оғы ауытқып өз үстімізге де ақтарылып жатты.
— Соғыстың соңғы сағатында мыналар қайтеді, ей, — деп Коньков атып тұрып, біздің ұшқыштарға қарап қолын сермеп, жұдырығын түйді. Сол сәтте ол радист екеуіміздің үстімізге қайтадан құлап түсті.
— Иван Михайлович, не болды? — деп мен оның басын сүйей бердім.
— Бауыржан! Комдив! — деді ол сөздерін үзіп-үзіп әрең сөйлеп. — Соғыстың соңғы сағатының құрбаны мен-ақ болайын... өзгелер аман болсын...
Осылай деп ол көзін мәңгіге жұмды. Радист солдат екеуіміз қосыла еңкілдеп жылап жібердік.
Дүние тып-тыныш бола қалды. Үрейленіп, окоптың кенересіне көз жібердік. Немістер ақ ту көтеріп, шұбырып бізге қарай келе жатты.
Олар бізге көп қорлық көрсетті. Бірақ біз тұтқындарды қорламадық. «Таспен атқанды аспен ат» деген. Мен немістің жиырма жеті генералының алдына халқымыздың ақ дастарқанын жайып, қонақ асы бердім. Енді елімізге тиіссеңдер дәм ұрсын! — дедім.
— Найн, найн! — деп олар бастарын шайқап, көздерін жыпылықтатты. Арий қанды зиялы генералдар алдарындағы асты аш қасқырдай түтіп, жеп жатты.
Соғыс осылай бітті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет