Б. Б. Ахметов Редакциялық алқа



Pdf көрінісі
бет59/69
Дата13.12.2021
өлшемі2,87 Mb.
#125769
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   69
Байланысты:
zhinak-kongress

ӘОЖ 82.09 
 
Ә.КЕКІЛБАЙҰЛЫНЫҢ «КҮЙ» ПОВЕСІНДЕГІ  ІШКІ МОНОЛОГ ҚЫЗМЕТІ 
 
Шохаев М.Т. 
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг 
университетінің магистранты 
Ғылыми жетекші:  Қабылов Ә.Д. 
 
Аңдатпа.
  Мақалада  Әбіш  Кекілбайұлының  «Күй»  повесіндегі  ішкі  монологтардың, 
түс  көру  концепциясының  қызметі  қаралады.  Шығарманың  басты  кейіпкері,  қарама-
қайшылықты  образ  Жөнейіттің  ойы,  іс-әрекеттері  арқылы  психологиялық  талдау  жасалып, 
әдебиеттегі  психологизмнің  шығарма  көркемдігін  арттыратын  ерекше  көркемдік  тәсіл 
екендігіне баса назар аударылады. 
Түйінді  сөздер
:  психологизм,  ішкі  монолог,  түс  көру,  қарама-қайшылықты  образ, 
«Мен» тұжырымдамасы 
 
Әдебиеттану  ғылымы  көркем  әдебиет  мәселелерін  зерттей  отырып  көптеген  ғылым 
салаларымен  байланысады.  Жазушының  таным-түсінігі    философиямен,  этнографиямен, 
тарихпен тікелей сабақтасса, шығармасынан қандай да бір кейіпкердің орын алуы әдебиеттің 
психология  ғылымымен  тығыз  байланыстылығын  көрсетеді.  Себебі  кез  келген  туындының 
өзегі де, оқырманы да – Адам.  
Атам  заманнан  адам  жаны  қанша  зерттелгенімен,  ғалымдар  оны  толық  танып 
үлгермеді. Әр ғылым саласы бұл мәселені өзінше қараған болса, әдебиет те адамның жұмбақ 
жанын  танытып,  талдау  арқылы  оны  терең  ұғындыруда  қарап  қалмады.  Осы  себептен  де 
әдебиеттегі психологизм ғылымда ерекше салалардың бірі ретінде өмір сүріп келеді. Себебі 
«...психологизм  дегенім  –  кейіпкердің  ойы  мен  іс-әрекетінің  кереқарлығы,  сана 
қақтығысынан тұратын ерекше көркемдік дүние» [1,5]. 
Бірақ  бұндай  зерттеуді  таза  психологиялық  әдіс  деп  емес,  әдебиеттің  эстетикалық 
құндылығын  арттыра  түскен  көркемдік  тәсіл  ретінде  қабылдау  керек.  Көркем  әдебиеттегі 
психологиялық  талдаулар  автордың  ойы,  кейіпкердің  жасаған  іс-әрекеттері,  өз  ісіне  берген 
бағасы  ретінде,  тілсіз  немесе  тілдік  қарым-қатынастардың  көрінісі  негізінде  жүзеге  асады. 
Солардың  ішінде  кейіпкердің  дүиетанымынан,  адамгершілігінен,  өзін-өзі  қолдап,  сынай 
білетін,  жүзінен  емес,  жанының  арғы  түпкірінен  хабар  беретін  ішкі  монологтардың  бұл 
зерттеуге қосатын үлесі зор. 
Даңқты  қаламгер  Ә.  Кекілбайұлы  өз  шығармаларында  кейіпкерінің  ішкі  жан-
дүниесіне  аса  мән  берді.  Кейіпкер  деп  тұрған  себебім,  биіктеу  мен  құлдырауды  басынан 
өткерген  «Бәйгеторы»  повесіндегі  жылқының  ішкі  әлемін  көркем  суреттеген  жазушы 
оқырманға  адамнан  да  өзге  жан  иелері  барын,  олардың  да  күйзеліс  пен  қуанышты  сезе 
алатынын ескертіп, ой тастағандай болады. Адам үшін адам жанын түсіну қиын болғанымен, 
мүмкін  болмайтын  нәрсе  емес.  Алайда  Әбіштің  жылқы  жануарының,  айуанның 
психологиялық жай-күйін дәлме-дәл, оқырман ойына қонымды, сенімді жеткізуі жазушының 
асқан қырағылығын көрсетеді.  
 
Ішкі  монологтар  –  модернистер  шығармасының  күретамыры.  Олай  дейтініміз,  бұл 
бейнелеу  тәсілінде  ақиқатты  ашып,  айқындап  бермей,  ой  баспалдақтарынан  сүрінбей  өтуді 
оқырманның өзіне тапсырады. Мұндай көріністер Әбіш Кекілбайұлының қай шығармасынан 
болса  да  үлкен  орын  алып,  оқырманның  ой  құмарын  қандырып  отырады.  Абыл  күйшіге 
ескерткіш  ретінде  жазылған  «Күй»  повесінде  ой  мен  іс  керағарлығы,  шарасыз  күй  мен  әр 
оқырман  әр  түрлі  баға  беретін  талас-тартыстар  өте  көп.  Туынды  негізінен  Түрікпен  халқы 
мен  Адай  руының  арасындағы  жаугершілік  кезеңді  суреттегенімен,  онда  автордың  сол 
заманға деген, заманның адамдарына деген өкпе-реніші жатқандай. Мұнда жазушы ешкімді 
де аямайды, өз руым деп бұра тартпайды, барды бар деп, жоқты жоқ деп шындықты жайып 


237 
 
салып, оған қатысты өз пікірін кей сәттерде ашық, кей сәттерде кейіпкердің аузына сөз салу 
арқылы  білдіріп  отырады.  Негізгі  идеяны  жеткізуде  де  автор  біршама  ішкі  монологтарды 
қолданған. Мына бір оқиғаға назар аударып көрелік: 
Екі елді керістіретін де сөз, келістіретін де сөз. Дауға найза араласты-ақ келісім жоқ, 
кетісу бар. Келістірер сөз тек кемеңгердің көкейінен шығады, алжастырар айбалта кез келген 
тентектің тақымында жүр. Тентек күнде туады, кемеңгер мың жылда бір туа ма, жоқ па, туа 
қалса, өңшең қылышқа жақын қыршаңқысы көп қырсық  ел оған тізгінін бере ме, жоқ па?.. 
Беймәлім дүние. Ендеше ол шапса, сен де шап! Ол қорласа, сен де қорла! Алдырып жатып 
ақылгөйсіген кемеңгерлік құрысын! Жөнейіт атқа мінгенде осындай қатты тұтыммен мінген   
[2, 21]. 
Жалпы  шығарма  мазмұнына  сүйенер  болсақ,  мұндағы  Жөнейіт  сол  заман  адамының 
көзімен  қарағанда,  аса  бір  ақкөздігі  жоқ,  сөзге  берік,  сертке  адал,  құдайыға  қас  қылмас, 
оқырманға  жағымды  кейіпкер  ретінде  де  көрінеді.  Бұл  үзіндіде  де  оның  шарасыздықтан 
«қанға  қан,  жанға  жан»  қағидатына  көніп,  ақылдың  емес,  ашудың  жолына  түскенін 
аңғарамыз.  Көзі  қанталаса  да,  кейіпкердің  бұл  шешімге  келмей  тұрып,  ойланып,  ақыл  мен 
жүрек  арпалысқан  қырғыннан  өткенін,  десек  те  көптің  надандығын  жеңе  алмай, 
кемеңгерліктен  безінгенін  байқаймыз.  Мұндағы  Жөнейіт  бейнесі  –  жаугершіліктен  запы 
болып, көптен жанына дос таппаған, заманның ырқына амалсыз көнген ел ағасының бейнесі. 
Әбіш Кекілбайұлы өзінің «Күй» повесінде көркемдік құндылыққа жету үшін, Жөнейіт 
бейнесін  ашуда  ішкі  монологтарды  көп  қолданған.  Себебі  сол  кездегі  Түрікпен  жұртының 
басына түскен ауыр жағдайды ел ағасы Жөнейіттің жан-дүниесіндегі жай-күймен танысып, 
түсінуге болады.  
Шығарманың антогонисі Дүйімқара Жөнейітке және оның еліне келген жұттай болды. 
Мына  бір  үзінділер  арқылы  Дүйімқараның  іс-әрекетінен  Жөнейіттің  ашу-ызасы  одан  әрі 
өршіп  кеткенін  және  ол  ойын  ақтап  та  алғысы  келмейтінін  көре  аламыз:  Көшерін  жел, 
қонарын сай білетін мұның халқының жылқы бары болса, қыз ары емес пе еді. Ол байғұстың 
одан басқа қан төгетін, жан қиятын не асыл, не ардақтысы бар! Жөнейіт азан-қазан ауылдың 
зарын тыңдап тұра алмады. Аттың басын терістікке бұрып, ағыза жөнелді. Бір уақытта барып 
артында  қалың  дүсір  келе  жатқанын  байқады.  Бағанағы  ауылдың  бар  еркегі  атқа  мініп 
соңынан  ергенін  сонда  білді.  Бұл  содан  бері  ат  үстінде.  Содан  бері  иісі  түрікменнің 
Дүйімқараға  қаны  қатулы.  Бірақ  түрікменді  өшіктіріп  алдым-ау  деп  айылын  жиып  жүрген 
Дүйімқара  жоқ...Дүйімқара  Көкбөріні  бауыздап  та  өлтірмей,  тірідей  көрге  көміп  кеткен. 
Жөнейіт мына сұмдықты көргенде тұқым-тебері түгел құрып кеткенше Дүйімқарадан бұдан 
да өткізіп кек алмай тынбасқа ант қылған-ды... [2,22]. 
Ауылының  қыз-келіншектеріне  қырғидай  тиіп,  Көкбөріні  құлаған  молаға  тірілей 
көміп  кеткеннен  кейін  Жөнейіт  те  өшіге  түсті.  Енді  оның  бойын  ақыл  емес,  ашу  билей 
бастады.  Көкбөрінің  өліміне  Дәулетін  кіналағысы  келгендей,  екі  иығы  бүлкілдеп  жылаған 
баласы ағасын емес, айдаладағы алты тұтқынды жоқтап егіліп жатыр деп те ойлады. Ұлының 
жылаған  қылығына  іштей  шамданып,  ерлік  пен  ездік,  қастық  пен  достық  турсындағы  ой-
толғаныстары  жанына  тыныштық  бермеді.  Сол  мезет  бейнеленген  сәтті  мына  ішкі 
монологтан көруге болады: Мына неме жылап жатқаннан сау ма? ... Мынау айдаладағы алты 
тұтқын шеккен азап ағасының өлімінен гөрі  қабырғасына қаттырақ  батқаны ма?Көкбөрінің 
айтып жүргенінің жаны бар болмасын, осы неме дутар мен думанның соңында жүріп, елдің 
намысы  атаның  аруағы  дегендерді  атымен  ойына  да  алмай  жүрмесін.  Дұшпанның 
қысастығына қысастықпен жауап бере алмаған еркекке сеңсең шығындап бөрік кигізгенше, 
біржолата  әтек  қып  ақталап  жіберген  дұрыс.  Ендеше,  Дәулет  мынау  ауылдың  желкесіндегі 
жау бөлтіріктердің қалай ұлығанын мәңгі бақи құлағында қалатындай боп әбден естіп алсын 
[2, 33]. 
Қанша  ерлікке  салғанмен,  кектің  соңына  жорық  көрмеген  жас  бөлтірігі  Дәулетті 
салып  жібергені  –  Жөнейіт  бойындағы  ең  нашар  қасиеттердің  үстемдік  орнатып,  жеңіске 
жеткендігін көрсетеді.  Әншейінде  алысты  болжап,  аяғын  аңдап  басатын  ел  ағасының  көзін 
бұл жолы кек шелдей жапты да, Дүйімқараға тағы бір жеңіс сыйлады. Көкбөріні қылышсыз 


238 
 
қорлап өлтіріп кеткен Дүйімқараға Дәулеттің тісі батпасын іштей ұғынса да, мойындамады, 
мойындатқызбады Кек.  
Баласының  өлімінен  кейін  Жөнейіт  қырық  күн  үйден  шықпай  жатып  алады. 
Алғашында ұлының қазасына сенбей төбе басына жеті күн қарауыл қойдырғанымен, уақыт 
өте жоқтығына көндігеді. Қайғылы хабардан кейінгі Жөнейіттен ешқандай да өкініштің ізін 
көре  алмайсың.  Бұл  кезде  кейіпкер  әбден  тұйықталып  қалады.  Қандай  сезімде,  нендей  күй 
кешіп жүргенін жұрт та, оқырман да ұғына алмайды. Бірақ Адайдың күйшісі тұтқынға түсіп, 
кісендеулі  елге  әкелінгеннен  кейін  оның  бойындағы  кектің  оты  өшпегенін, керісінше,  үдей 
түскенін байқайсың. Дүйімқараның жанды жерін таба алмай, ауыл  жігіттерінің өш қайтару 
үшін ұстап әкелген тұтқынына да көңілі толмайды. Бұл жолы оны тұтқынның қолға жападан-
жалғыз аң аулап жүріп түсіп қалғаны да, кінәсыз жанның босқа өлетіні де қиналдырмайды. 
Тіпті,  жаудың  тұқымын  тұздай  құртпайынша  тоқтамаймын  деген  тоқтамға  келгенін  де 
төмендегі үзінділерден көруге болады: Мынау тұла бойында бір шайнам еті жоқ, кісі көрер 
көркі  жоқ,  бір  жапырақ  құр  сүлдерден  өш  қайта  ма?  Өзі  таз  неме  болмасын.  Әне  бір  тер 
сасыған қоңыр телпек бас терісімен бірге жаратылғандай кептетіле қалған екен... [2,52]. 
Бірақ  оқырманға  өзінің  ізгі  қасиеттерімен  де  көзге  түскен  кейіпкердің  кейбір  ісіне 
бола  оның  адамшылығынан  күдер  үзу  –  қате.  Себебі,  тұтқындағы  күйшінің  жан  сырын 
ақтара  төге  салған  күйі,  жүректен  жүрекке  жетіп,  ел  ағасының  жан  жүйесін  жылыта 
бастайды.  Басында  ашу  мен  кек  оған  әзәзіл  сезімдердей  көрінгенімен,  енді  оның  тас  боп 
қатқан  жүрегі  аяушылықты,  адамшылықты  әзәзілдің  жібергені  деп  ұғынатын  болыпты. 
Сезімге қанша тосқауыл болғанымен, маңдайынан шыпшып шыққан тері, көзінен сығылып 
шыққан  тамшы  жасы  оның  әлі  де  Адам  қалпынан  алыстамағанын,  арылмағанынан  хабар 
берді.  Сонда  да  Жөнейіт  соңынан  ергендердің  босып  кетпесі  үшін,  жуасымай,  жасымай 
шыдап бақты. Ел сеніп отырған ері болмағанда тасқын сезімге тосқауыл қоя алмас та еді. Бұл 
жерде  Жөнейіттің  кектен  көңілі  босамағанын  біліп,  іштей  өкінгенімізбен,  оның  ел  ағасы 
ретінде  үлкен  жауапкершіліктен  аттай  алмай,  өз  жанын  өзі  шыжғырып  отырғанын 
аңғарамыз.  Ақыры,  ел  алдындағы  міндетін  сылтауратып,  күйшіні  доңыз  өлімге  қияды. 
Жазықсыз  жанды  Адай  мен  Түрікпеннің  арасын  жалғап  тұрған  ірі  соқпаққа  апарып,  басын 
қылтитып  жерге  көміп  кетеді.  Сондағы  ойы  жауының  көзін  құсқа  шоқыту,  бас  сүйегін 
қарсаққа мүжіту еді. Бірақ ол тілегі де оның жанына ем болып қонбайды, тыным бермейді, 
көкірегіне құйылған запыранның уыты тарқамайды. 
Күйшіні  айдалаға  көміп  келгеннен  кейін  Жөнейіттен  ұйқы  да,  күлкі  де  қашады. 
Ұйықтаса түсінен, оянса ойынан шықпай, күйшінің елесі тыныштық бермейді. Кінәсіз жанға 
азап шектіргенін ұғынбағанда, ол мұндай қалыпқа түсіп, қайғырмас та еді. Ұлының құнына 
келген  күйшінің  өлімі  оның  қолына  түскен  тұтқынды  аман-есен  еліне  қайтарып  жіберсе, 
жұрт аяушылығы деп емес, тұқым-теберінен түгел айрылған кәрі батырдың жаугершіліктен 
жүрегі  әбден шайлыққан екен деп ұғады [2,72] деп тұжырымдаған көр намысынан, абырой 
ойлаған ақылсыздығынан еді. Оны Жөнейіт біледі.  
Шығарманың  соңын  Әбіш  Кекілбайұлы  ішкі  монолог  пен  түс  көруді  араластыра 
отырып керемет суреттеген. Ішкі монологқа тікелей қатысты бейнелеу құралдарына түс көру 
мен оны жорыту жатса, «...түс адамзат санасында еріксіз түрде жүзеге асатын психологиялық 
процесс» [3,9], сол себепті кейіпкердің ішкі әлемін ашуда оның рөлі зор. Айталық, осы түс 
көру  тәсілінің  көркемдік  еркіндігі,  уақыт  пен  кеңістіктегі  шексіздігін  кеңінен  қолданған 
жазушы  Ф.  М.  Достоевский  «Сны  смешного  человека»  деген  шығармасында  түстің 
көркемдік  Түйіндітің  оқыс  жағдайына  дәнекер  екендігін,  қандай  да  күрделі,  ауыр 
психологиялық  жағдайды  дәл  және  нанымды  суреттеуде  ешқандай  бейнелеу  құралына 
теңеспейтін көркемдік мүмкіндігін дәл анықтап береді. [1,41].  
Жазушы Жөнейітті өң мен түсті айыра алмайтын халге түсіріп, өкінішін үздіксіз етіп, 
кейіпкердің психологиясына (алмастыру) күш салады.  Оның түс көріп жатып шошып оянуы
керегедегі  ілулі  қылышқа  жармасуы,  елестермен  алысуы,  оның  жан  дүниесінде  болып 
жатқан  берекетсіздіктен хабар  береді.  Ол  –  ақ  пен қараның, зұлымдық  пен  адамшылықтың 
бітіспес  майданы.  Бұл  майданнан  ол  Құдайға  тәуекел  етіп  қана  аман  шығады.  Өзін  ар 


239 
 
алдындағы  азаптан  дұшпанға  есесін  жібермейтін  тірілігі  мен  сылтауы  арашалап  шығады: 
Байғұс  күйшіні  құдайы  оң  қараған  жан  болса,  не  Хиуаға,  не  Қоңыратқа  базар  шегіп  бара 
жатқан  біреу  тап  болып,  құтқарып  алған  шығар.  Ал  енді  маңдайынан  сор  арылмаған  бір 
бейбақ  болып  өліп  кетсе,  обалына  бұл  қалатын  не  жөні  бар?  Ол  Көкбөріден,  Қылыштан, 
Алпаны мен Дәулетінен артық па? Обалы өз елінің көп есеріне. Жоқ, Жөнейіт, бір пендені 
аяймын  деп,  бүкіл  бір  елдің  өлісінің  аруағын,  тірісінің  намысын  таптатпа!  Аюдай  ақырған 
айбынды атыңа кір келтірме. Бұның дұрыс болған. Қас дұшпанға иінің түсіп, еңсеңді жібере 
берсең,  сездірмей  сорып,  білдірмей  қылғытатын  асқазанына  әбден  жайлы  жылы-жұмсақ 
қылып  алады.  Анда-санда  өңешіне  көлденең  тұрып  алатын  өзіндей  сойқан  сояуы  болмаса, 
ата жауың еліңді бір араны ашылғанда түгел жұтып жіберуі де мүмкін ғой [2, 73-74]. 
Әдебиеттегі  психологизмнің  ғылымға  да,  оқырман  жанына  да  берері  мол.  «Күй» 
повесіндегі  бір  ғана  Жөнейіттің  бейнесінде  ұғынылмақ  ғибрат  қаншама?  Біресе  жағымды, 
біресе жағымсыз, қарама-қайшылықтан жасалған образ ойыңа едәуір салмақ салады. Елінің 
тұрғысынан қарасаң – ұрпаққа деген алаңы көрінеді, оқырманның көзімен қарасаң, күйшіге 
жасаған  іс-әрекетін  ақтап  алғың  келмейді.  Өз  жанын  өзі  ұға  алмай,  өзгенің  айтпағын  сезе 
алмай  қиналысқа  түссе  де,  өзінің  ер  тұлға  ретіндегі  болмысынан  айнымай,  өзі  үшін  дұрыс 
соқпақты  таңдай  білді.  Кейіпкердің  жан-дүниесін  психологиялық  көркемдік  тәсілдерді 
қолдана  отырып,    дәл  осындай  әсер  қалдырып,  оқырманын  ойландырғаны  –  жазушы  Әбіш 
Кекілбайұлының  жазушылық  шеберлігінің  қуатын  көрсетеді.    Оның  кейіпкерлері  өмірдің 
шындығынан алыстамаған,  өзгемен және өзімен болған қарым-қатынастарда өзіндік «Мен» 
тұжырымдамасын қалыптастырған, өз дәуірінің ерекше тұлғалары. 
 
ӘДЕБИЕТТЕР 
 
1.
 
Пірәлиева Г. Көркем прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері (Түс көру, 
бейвербалды ишараттар, заттық әлем). Монография. – Алматы: Алаш, 2003, - 328 бет 
2.
 
Кекілбаев Ә. Күй. – Алматы: Өнер, 1980. – 80 бет 
3.
 
Бабалар сөзі: Жүзтомдық. Түс жору және ырымдар. Астана: Фолиант, 2013, - 
432 бет 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 


240 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   69




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет