Бағдарламасы бойынша шығарылып отыр Қалдыбаев Ә. Қ- 24 Мен апамның баласымын / Роман. Астана: Фолиант



бет12/13
Дата20.06.2018
өлшемі0,59 Mb.
#43780
түріБағдарламасы
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
, сәске түсте Қызылқораға әкеліп қамадық.

Ферма меңгерушісі Мұзафар ағай өңшең жалаңдаған жігіттерді даярлап отыр екен, дереу іске кірісіп кетті. Алдымен асауларға бұғалық салып, құлақтарынан басып тұрып керолин қосқан ыстық сумен жуа бастады. Жылқы есті мал деген рас тегі, не бір шу асау денесіне дәрілі су тигенде қалт тұра қалады. Әуелім кейбіреуі сүйсініп, қышыған жерін тосатындай.

– Әлдеш, бар, емделген жылқыны сазға жинап тұр, – деді жездем.

Асау саяқтар бітіп, кексе биелер шыққан соң жылқы тынышталып, бастарын отқа қойды.

Қора алдына жылқыларды емдеп жатқан жігіттермен бірге жездем де шықты. Бұл — жылқы емделіп бітті деген сөз.

Жездем қолын бұлғап шақырды.

Жанына жақындадым.

– Балам, жүр, Ыстыбайдың үйінен шай ішейік, — деді.

Біз Ыстыбай атайдың үйіне кіргенде аспан ашық еді, аузымызға бір-екі кесе шай тиген кезде күн бұзылып, көп ұзамай жаңбыр тамшылары түсе бастады.

– Ал, Алданыш, жылқыға тарт, мен тағы екі-үш кесе шай ішпесем, басым ауырып тұр. Бар да жылқының басын Далауызға бұр, — деді жездем.

– Жарайды.

Біздің үйдің балалары бір де біреуіміз әкеміз жұмсаса, осыдан басқа сөз айтып көрген емеспіз.

Ауылдан шыға бере кер дөненнің басын қоя бердім. Тұрқы ұзын, шабысы жайлы жануар көсілді дейсің бір.

Жылқы желдетіп жауған жаңбырдан Әулиеқораға қарай ыққан екен, әне-міне дегенше жетіп, алдын орадым. Қайыру беру қайда, ес-түсі шығып кеткен жылқы жаппай шабысқа түскен. Жаңбыр аппақ жал-жал болып құйған кезде құлынтай шыңғырып, биелер оқыранып, шұрқырап жосып, гүлей бір әлем пайда болған. Бұл бетінен қайтармаса, жылқы Әулиеқораның желкесіндегі құзға құлап қырылады.

Кер дөненге қамшы бастым. Жылқының алдында күрең айғыр басын кегжитіп алып заулап барады екен, біраз жер жеткізбей жүйткіп, ақыры жанамалатты-ау, құрықпен сол қапталдан салып-салып жібердім. Күрең айғыр жаңбырға қырын салды. Кезінде алдына жылқы салмаған, бүгінде шор аяқ кәрі айғыр кер дөненнен құтыла алмады. Мен кер дөненді күрең айғырдан не оздырмай, не қалдырмай, қапталдап жарысып тарттым да отырдым. Торы бие, күрең бие сияқты жүйріктер алда, қалың жылқы олардан кейін шұбыра шауып келеді. Өстіп аққан күйі Әулиеқораның батыс жағын айналып өте бердік. Енді қауіп жоқ алдыңғы жақ — жайдақ жыралар.

Кер дөненнің басын қырын бұрдым. Жылқының алдын өткізіп жіберіп, соңын байқамақ болдым. Жылқы көп шашау шықпай, заулап келеді екен.

Жаңбыр саябырсыды. Жылқының екпіні басылып, алдыңғылары шөптің басын шала бастады.

Күн кеш тартып келеді.

Менің көкейіме үрей үйірілді.

Жездем жоқ дәу де болса, адасты. Амал қанша, жылқыны жалғыз өзім айдай беремін. Жылқы жүре жайылып келеді.

Кер дөнен елеңдеп тізгін керді. Артыма қарадым. Жездем қарагерді көсілтіп келеді екен, маған жете бере басын тартты. Қарагер қайық қой, шіркін, лып тоқтады.

– Алданыш, қалай, амансыңдар ма?

– Аманбыз.

– Іздеріңнен біліп келемін, Әулиеқораны айналып өтіпсіңдер, дұрыс болған. Күрең айғыр есті жануар ғой, көмектескен шығар.

– Сөйтті, жылқының алдына түсіп алып, Әулиеқораны қырындай тартты. Кер дөнен де керемет екен, күрең айғырмен жарыстым да отырдым.

– Дұрыс істегенсің. Жылқыны еркіне жіберейік, жайыла шұбайды да отырады бұлар енді.

Жездемнің айтқаны келді, жылқы жүре оттап келеді. Күрең айғыр жерден шөп үзіп алған жоқ, жылқының алдында алшаңдап басып тартты да отырды. Қалпынан соңынан ерген жылқыға қамқорлық сезілгендей.

Біз Ақкөнекті өрлеп жотаға шыққанда түннің бір уағы болған, Аламанға қарай құлағанда менің ұйқым келе бастады. Түрлі ойлар қамап, еңсем езіліп, төмен тартады. Кірпігіме ұйқы тығылып, қалғып кетіппін.

Үйде көрпеге оранып ұйықгап жатырмын, біреу жұлқып оятты. Селк етіп көзімді ашып алдым, ат үстінде тербеліп, басым айналып келеді екенмін, лақ деп құсып жібердім.

Кер дөнен менің лоқсуымды әдейі шығарған дауыс деді ме, үрікті ме, білмеймін, ала жөнелді. Ерден ауып түсіп қала жаздап барып оңалып, кер дөненнің басын тарттым.

Тағы қалғып кетіппін, жылқы шүр ете қалып, жосып жүріп берді. Кер дөнен ілесе жөнелді.

Жездемнің даусы шықты:

– Айт! Лашын, айт!

Лашын жоқ. Оны абай болады, деп әпкем алып қалған.

Мен жылқыға қасқыр тигенін сездім. Жоқ Лашынды айтақтамақ болдым, даусым шықпады.

Кер дөнен құстай ұшып, жылқының шетін ала заулап келеді.

Қарагерді желдей ескізіп жездем жетті.

Біз аттың басын тарттық.

– Алданыш, білдің бе, жылқыға қасқыр тиді. Қиынсайға қасқыр күшіктепті деп естім едім, рас екен. Мынау сол. Ашыққан-ау, шамасы. Ішінде адам бар жылқыға киліккен деген не сұмдық! Биыл қасқыр қалың болады екен, — деп жездем қарагердің басын тартып, тоқтатты. – Балам, кел, сен қарагерге мін. Бұл — жуас. Андағы — жас мал, тарпаңдау, үркек. Оны маған бер.

– Жезде, тарпаң тұрмақ асау болсын, маған бәрібір.

– Мұның дұрыс. Мына қасқыр деген бір пәле болайын деп тұр. Жотаға мал келгенше бұлар бізді айналдырады енді. Қайтсек екен?

Жездем кәдімгідей уайым қылды. Мен де ойланып қалдым.

Жылқыны ауылға аман айдап келдік.

Жездем бекер қауіптенбеген екен, қасқыр келер түні бір тайды жарып кетті.

Үй ішіміз түгел үрпиісіп қалдық.

– Күзетке үзбей шығу керек екен, — деді жездем.

–Сөйтіңдер, өйтпесе, түк қалдырмайды бұл қасқыр мына бетімен, — деді әпкем.

Жездем Шәкен екеумізге тіктеп қарады да тоқтамды ойын айтты:

– Ал, балаларым, дайындалыңдар, бүгін кешке күзетке шығасыңдар, Әлдеш, сен қазір дереу апаңа қымыз апарып беріп қайт.

Жайлаудың бір қызығы — жылқы күзету.

Жылқы деген жануар — аяғымен жайылғанды жақсы көретін мал. Еркіне жіберсең, бір түнде жер дүниені шарлайды. Жылқы күзеткен адам оны еркіне жібермей, қалаған жағына қарай қайырып отырады. Ал, біздің әр түнгі іс- қимылымыздың жоспарын кешке қарай әкеміз анықтап береді.

Аққайнардың басындағы жазықта жылқы бытырай жайылар, Сөрелі сайдың басына жеткенде жусайды. Сол кезде екеуің қырлау жерге шығып алып, аттарыңның шылбырын құрыққа мықтап байлап, астарыңа басып сәл қисайыңдар. Бір мызғысаңдар, ұйқыларың қанады. Жылқы таңға жуық өреді. Сол кезде ояныңдар да атқа қоныңдар. Жылқының бетін бері бұрып, ауылға қайтыңдар. Түн түріліп, жер жүзі ашылған екен, бұл жотада бір де бір ит-құс, жалпы аң атаулы қалмайды, бәрі басатқа, сай-сайға түсіп кетеді. Ашық жерде оңай алдыратынын біледі олар.

Шәкен екеуміз әкеміздің айтқанын айнытпай орындаймыз. Жылқы — дін аман.

Жылқышы осындай болады, түнде жортып, күндіз ұйықтайды. Өйткені жылқы түнде жайылып, күндіз үйездеп тұрады. Жылқы содан көлеңке басын ұзартып, күн салқын тартқанда барып қозғалады, сол кезде алдымен іздейтіні су.

Жездем мен әпкем науаны суға меймілдетіп толтырып қояды.

Кешке дейін ыстық мәңгіртіп қым-қуыт араласып кеткен жылқы суға қанған соң үйір-үйір болып бөлінеді. Үйірін қызғанып ашу шақырған айғырлар шайнасып та қалады. Мұндайда жылқышының айбарлы дауысы, ұзын құрықтың зуылы керек. Осы екеуі тыныштандырады жылқыны.

Шәкен екеуіміз түнгі күзеттен келсек, әпкем бір қарын қымыз дайындап қойыпты. Соны алып, қарауызды ертіп, кер дөненмен өзенге қарай тарттым.

Өзендегі ауыл мен Аққайнардың арасы жап-жақын. Аққайнардың жоғарғы жағындағы бір қырды ассаң, Көпбай сайының басына ілігесің. Әрі қарай арба жолмен құлдасаң, сай аузы өзенге барып тіреледі. Өзеннің арғы бетінде — біздің үй.

Апам Бағдаш екеуі осы үйде қалған. Өзен жағасында сала-сала жүгері, күнбағыс, картошка бар. Апам жаз бойы солардың ішінде жүреді.

Мен дүниеде апамдай еңбекқор адамды көрген емеспін.

Апам — өзіндік бір агроном, күтіп баптаған бақшасы қара құлпы болып жайнап тұрады. Олардың арамшөбін отайтын да, суаратын да бір өзі және барлық жұмысты дәл уақытында атқарады.

Апамды еңбекке сонша ентелететін не екен? Бұл сұрақтың жауабы, меніңше, белгілі, ол — біздің қамымызды жеу. Апам барлық өмірін, күш-жігерін, білім-білігін — бәр-бәрін бір бізге арнаған адам.

Мама ағашқа қарауыз менен бұрын жетіп барып, иіскелеп, арқа жүні дүрдиіп ырылдады.

– Лашын, не болды?

Үйден апам шықты.

– Лашын біліп тұр, — деді апам.

– Нені?

– Әуелі аттан түс, содан соң айтамын.



– Нені?

Дереу аттан түстім.

– Ал, апа, айтыңыз

– Айтсам, түнде қасқыр келді.

– Қалайша?

Ия, сөйтті. Кеше Асқар төре келді. Көксай жақтан қасқырдың інін қазып, күшігін алыпты. Бөлтіріктің біреуін тірі алып бара жатыр екен, ойбай салдым: "Төреке-ау, мұныңыз неңіз? Қасқыр енді салып ұрып осында келіп, ойран салады!" — дедім. Айтқанымдай-ақ түнде қаншық қасқыр жетіп келді. Көзім ілініп бара жатыр екен, бірдеңе елестегендей болды, басымды көтеріп алсам, қасқыр әдеп мама ағаштың маңайын иіскеп жүр екен. "Айт! — дедім, қаншық қасқыр елең қылған жоқ басын төмен салып, Асқардың ізімен жүгіре жөнелді. Көп ұзамай Көлтабандағы сиырлы ауылдан шу шықты. Қасқыр екі бұзауды жарып кетіпті. Ол пәле енді сиырлы ауылға күн көрсетпейді.

– Сіздерге ше?

– Ол мұнда қайтып келмейді. Қасқыр — кекшіл. Ол өзіне жамандық жасаған адамның ауылын тапты, соларды айналдырады.

Шынында, ағамның айтқаны айнымай келді, қаншық қасқыр сиырлы ауылдың мазасын алып бітті. Естіліп жатады, біресе танасын, біресе торпағын жарып кетіп, асқынып барады.

Сиырға тие алмайды. Табын сиыр қасқырды бұйым ғұрлы көрмейді.

Асқар төре — тазы жүгіртіп, ін қазғаны болмаса, қолына мылтық ұстамаған адам. Рысбек мергенге хабар айтыпты.

Рысбек — сұр мергеннің өзі. Бұл кісі, керісінше, ит ертпейді. Қос ауыз он алтыншы мылтығы, ескі дүрбісі бар.

Кербұлақтың аңы — Рысбектің малы. Бұл өңірде одан өзге мылтық шошайтқан адам жоқ.

Сол Рысбек сиырлы ауылдың адамдарының шарасыздығын біліп, еркінсіп, күндіз де бой көрсетуді шығарған қаншық қасқырды бір-ақ күнде атып алыпты.

Адам мен аңның егесі қашан да осы, екі аяқтының пайдасына шешіледі.

Кербұлақтың бұл тұсын қан қақсатып жүрген осы болса керек, жұрт тыншып қалды.

Бірақ жездем: "Сақтықта — қорлық жоқ", — деп Шәкен екеумізді күзетке шығарғанын қойған жоқ.

Мейлі, жылқы аман болсыншы!

Керолиннен екенін, жоқ ауру келгенін, кім білсін, жылқы емдеуден қайтқалы бергі он күн ішінде төрт тай делбе болды.

Делбе болған жаман екен, жылқы еріндері жыбырлап, басы қалтылдап, денесі дірілдеп барып жығылады. Тайдың алғашқысы жығылғанда "Өлді-ау!" — деп зәрем ұшты.

Жездем анау айтқандай абыржыған жоқ, қайта мұны дұрыс санады:

– Ештеңе етпейді, жөні — осы. Ем қонған. Денесіндегі құрт өлерде жанталасып жатыр да. Құрт өліп, жыбырлағанын қойды болды, тұрып кетеді.

Расында, солай болды. Төрт тай да, одан кейін делбе болғандар да бір-бір жығылып, тұрып кетті. Сөйтіп бұл ауру сап тиылды.

Қотыр жылқы жазылды.

Күн ысып, жылқы қайнардың суына қанбайтын болды, сөйтіп оларды өзенге, Кербұлақтың суына айдап бару қажеттігі туды. Бұл жұмыс маған тапсырылды. Күн еңкейген кезде үйездеп тұрған жылқыны басатқа қарай айдаймын. Алғашқы күні өзенге дейін жая айдап барғанмын, екінші күні басатқа жетісімен өздері сайға түсіп алып шауып жүріп берді. Енді Есім сайының басына дейін айдап барсам болды, жылқы тұрмақ астымдағы атым да өзенге қарай ентелей ұмтылады. Жылқының арты өзенге жеткенде алды суға қанып шығып жатады. Мен алдыңғы лекті қайырып тұрамын, әйтпесе, суға жаңа бас қойған тай-құнандар, саяқтар асығып қанбай қалады.

Өзенді кешіп ішкен кейбір үлкен жылқы алдыңғы аяқ тарымен су тарпып үстіне шашады, кейде жата кетеді. Жылқы судан қорықпайды, тек құлағына су кетпесе болғаны. Суға жатқан жылқы басын кегжитіп көтеріп алады. Көргенім бар, құлағына су кеткен жылқы есеңгіреп қалады екен.

Жылқыда бір кенже құлындаған жіңішке сұр бие бар. Сұр құлыны өзінен айнымайды. Сол сұр бие суды алдыңғы аяқтарымен тарпып-тарпып жата кетті. Сұр құлын да шешесіне еліктеп жата кеткен, мойнын созғанына қарамай, су басынан асып кетті. Атып тұруын тұрды, бірақ есеңгіреп қалды. Басын шайқап сілкінді де шешесіне ілесіп кете барды.

Осымен біттіге санағанмын, сөйтсем, қызығы алда екен.

Суға қанған жылқы көп шашау шықпай оттап, жотаға қарай жылжып отырады. Өзеннің шыбын-шіркейі көп, кешке қарай буып жібереді. Мен жылқыны шұбырындыға салмай, күнде жотаға шығатын сайды ауыстырып отырамын. Бүгін Беріксайға салғанмын. Сай табаны дымқыл, әр жер-әр жерде шоқ-шоқ құрақ бар. Жылқы құраққа кіріп кетіп, басын шалады.

Шоқ құрақтан шыққан топ ішінде сұр бие жалғыз кетіп барады. Сұр құлыны қайда? Сұр бие оқыранып құлынын іздеді, жоқ. Бие шоқ құраққа қарай шауып барады. Мен де кірдім құраққа. Сұр құлын тырайып жатыр ашықтау жерде.

Мен жақындамақ болып едім, сұр бие құлағын жымырып айбат шекті. Құрық көтердім. Сұр бие тайқып шықты. Аттан түсе салып, сұр құлынның басын көтердім. Сұр бие төніп түсіп, тарпып жібере жаздады.

Ендігі бір мезетте сұр бие құлынының қолтық тұсына басын біраз салып тұрды да тастап кете барды.

Сұр құлын сұлқ жатыр. Енесі тастап кетті, кәдік болып жүрмесін.

Мен сұр құлынды тұрғызбақ болып едәуір әурелендім. Сұр құлын қозы емес, түк шығара алмадым.

– Айналайын сұр құлын, тұршы! Сені тастап кетсем, қасқыр жеп қояды. Сен өлсең обал, ал, қасқыр жесе, біз төлейміз. Бір тай төлегеніміз де жетеді. Мен сені тастап кете алмаймын, сұр құлын. Тастап кетсем, үй ішіне не бетімді айтамын? Сен бір пәлеге ұрынсаң, менің де шекем қызбайды. Алдыма салып берген малға ие бола алмаған адам боламын онда.

Мен осылайша күбірлеп сұр құлынға төніп отырып байқамаппын, сұр бие тұр жанымда мөлиіп, кілт шегіндім.

Сұр бие сол мөлиген қалпы сұр құлынды айналып жүр. Құдды бір біреуіміз ауырғанда: "Құдайым-ау, осы күнімді сақтай көр! Пәле-жалаңды маған бер!" — деп айналатын апам сияқты. Кім білсің, сұр бие де құдайға жалынып- жалбарынған болар, онысы қабыл болған шығар, сұр құлын басын жерден ақырын көтеріп, тапырақтап барып орнынан тұрды. Сұр бие керіп тұра қалды. Сұр құлын енесінің емшегіне жабысты. Сұр бие иіп тұр. Шешесінің сүтімен сұр құлынның бойына қуат кіре бастады. Сұр бие сұр құлынын әбден емізді де басат қайдасың деп желіп жүріп берді.

Жотаға шықсам, Теректінің басындағы белден қара бұлт қайнап шығып жатыр екен. Белгілі жай, жаңбыр жауады. Жау жаңбыр, нөсерлет! Жаңбыр қанша жаусын, қорқыныш жоқ. Жылқы ығып ешқайда кетпейді, адырға түседі де сай-сайға кіріп, ықтап тұрады. Тасты яки жарды бір жылқы ықтап тоқтаған екен, одан әрі бірін-бірі паналап тізіліп тұра қалады.

Жаңбыр бір құйып өтті де тоқтады. Батыс жақ көкпеңбек болып ашылып келе жатты.

Жылқы әжептеуір тоңып бүрсеңдеп қалған екен, құлын-тайлар ширығып жарысып ойнай бастады. Менің екі көзім — күрең тайда. Күрең тай әрлі-берлі жүйткіген топтың алдында құстай ұшып заулайды. Өрен жүйрік болады әлі-ақ бұл жануар. Шіркін-ай, менікі болар ма едің? Қайда-а, күрең тай — колхоздікі. Колхоз малы — ортақ. Күрең тай кімнің тақымына тисе, сонікі. Аттың парқын білмес біреудің тепкісіне түсіп, тулақ болып жүрмесе екен, жануар! Көңілге бір медеу — күрең тай — атақты күрең биенің құлыны. Күрең бие жылқышы Сағалдан басқа ешкім мініп көрмеген, бәйгеге қосылатын бедеу бие екен. Күрең тай күрең биенің қартайғанда барып туған құлыны. Сағал жылқышы анда-санда әдейі келіп көріп кетеді күрең тайды, жазылды болды алып кетпек.

Күрең тай — мен көкбайталдан кейін құлай жақсы көрген жылқы.

Жездем де қызығады екен сөйтсем, қотыр жылқының жазылғанын айдап кетуге келген Мұзафар ағайға:

– Мұзеке, мына балам күрең тайды жақсы көріп қалыпты, жүре берсе, қайтеді, — деді.

– Жазылған жылқыны тез әкету керек. Күрең тай жазылыпты. Күрең тайға көз тігуші атқұмар адам көп. Сағал ерекше күтімге аламын деп құлшынып отыр, мұны соған апарып тапсырамын, — деп Мұзафар ағай маңайлатпады.

Күрең тай жазылған жылқылармен бірге айдалып кете барды.

Көңілім құлазып, жылқы іші қызық болмай қалды.

Біздің үйдің шай-қанты түгесіліпті.

Шай-қант әкелетін жер — екеу — Шоқпар станциясы және Шатырқұл кеніші.

Шай-қантқа баратын адам да екеу — Шәкен және мен.

Шоқпар мен Шатырқұлға қайсымыз барамыз, қант пен шайды қанша аламыз, оларды анықтайтын адам да екеу — жездем мен әпкем.

Ертеңгілік желі басына биелерді айдап келіп, құлындарды байлаған соң әкпем:

– Шай-қант байыды. Қане, қайсың барасың. Шатырқұл жақын, соған барса да болады, — деді әпкем.

– Мен барайын Шоқпарға, — деп мен лып ете қалдым.

– Бар, — деді жездем.

Бітті, мен барамын.

Әпкем дереу тапсырма бере бастады.

Әпкемнің тапсырмасы — шай, қант.

Біздің үйдің дастарханына шай, қанттан басқа қажеттінің бәрін — құрт, ірімшік, сары майды әкпемдердің өздері өндіреді.

Жездем де тапсырмасын айтты.

– Он пәшке махорка, төрт стакан насыбай әкел. Қарагерге мініп бар.

– Неге, кер дөнен ше?

– Алыс жолға қарагер жақсы, жүрісі қатты, жер өндіреді, желе жортқандай болсаң да үсті қайық қой жануардың.

Жездем дұрыс айтады, қарагер — аяңы тымақты алшысынан кигізетін, қусаң жетіп, қашсаң құтылатын жүйрік, мініске мықты, мойымайтын ат.

Қарагерді жіті аяңдатып Шоқпарға түс әлетінде жеттім.

Әбдірахман атайдың үйінің қазығына қарагерді енді байлап жатыр едім, Әлібек сап ете қалды.

– Қотыр жылқышыға сәлем! Өй, тоқта-тоқта, байлама ол қазыққа қотырынды, былғайды. Бүкіл Шоқпарды бүлдіретін болдың ғой сен енді.

– Жаяу Мұса, күндейсің ә атқа мінгенді.

– Қотыр атты қайтемін мініп, мен, керек болса, түйе мінемін.

Әлібектің әкесі Оңғарбай атам — осы өңірде түйе ұстайтын жалғыз адам. Түйелері болған соң мінбеуші ме еді, Әлібектің екі өркештің ортасында жапырайып отырғанын талай көргенмін.

– Әй, қойшы, атқа қолың жетпеген соң, сөйтесің, түйе мінгеніңе мақтанасың. Түйе — мініс мал емес, күш көлік.

– Ой данышпаным-ай! Дәрежең қанша болып еді-ей, тоқсан тоғыз екен ғой, біреу қосып қоямыз, жүз. Данышпан жүз дәрежелі, Шоқпарға бір көзбояғыш келіп, екі күн болды, ел қырылып көріп жатыр. Жүр бүгін, сағат бесте балаларға көрсетеді екен, соған барайық.

– Құрысын. Мен қазір шай-қант аламын да қайтамын.

– Қайдан. Клава магазинші екі күннен бері көзбояушының қасында, магазинді ұмытқан, күніне бір рет ашқан болады. Кеттік, сол жаққа барайық ашса, аласың шай-қантыңды, ашпаса, көзбояушының қызығын көреміз.

Шынында, магазин жабық екен.

Күттік, ашылмады.

Күткендердің қарасы көбейе бастады.

"Көзбояушы балаларға өнерін көрсетіп болып, үлкендерге бастаудың алдында біраз уақыт бос болады. Магазин сол кезде ашылады екен" — деген хабар шықты.

Көрдің ғой, данышпан. Қайтесің, көзбояушының қызығын көресің. Түнге қаламын деп қорқасың ба, немене? Ештеңе етпейді, қорқатын түк те жоқ. Кербұлақ — өзіміз түнде талай барған жер.

Мына шіркін қайтеді-ей, сонда бұл Әлібек менен батыр болғаны-ау! Бұған қалай көнерсің?!

– Тапқан екенсің қорқақты! Кербұлақ — шырттай қараңғы түнде екі көзімді тас қылып таңып тастап жіберсе де қорықпай баратын жер. Жүр, көзбояушыңа.

– Бәсе, сені қайрап салса, ештеңеден қаймықпайсың, батырсың.

– Не, сен сонда мені ақымақ қылып тұрсың ба?

– Өй, қой, данышпан еш уақытта да ақымақ болмайды.

– Әй, қойшы. Кеттік.

– Кеттік.

Әртіс, жалғыз көзбояушы емес, көп екен.

Сайқымазақ ит, мысық ешкі, мегежін, тағы басқалары өнер көрсетті.

Біздің күткеніміз — көзбояушы. Ол ең соңында шығады екен.

Үстінде аппақ көйлек, қара костюм, қолында темір шыбық бар көзбояушы шықты-ау ақыры. Жүзі сұсты. Жымиған болады, бірақ зәрлі адам екені білініп тұр.

Көзбояушы шыбығын жоғары шошайтып қалт тұра қалды. Екі көзі тесіп барады.

Екі қолдарыңның саусақтарын айқастырыңдар! Мен 21-ге дейін санаймын. "Қолдарыңды ажыратыңдар", — деймін. Кім де кімнің саусақтары ажырамай қалса, сахнаға шықсын, — деді.

Әлібек те, мен де саусақтарымызды айқастырып алдық.

Көзбояушы 21-ге дейін санады, менің саусақтарым жабысқан жоқ. Әлібектікі жабысып қалыпты.

Сахнаға Әлібек, бір қыз және бір әйел шықты.

Көзбояушы Әлібектің екі қолын ажыратып жіберді де құйрығынан шапалағымен бір салып қоя берді.

Жұрт қыран күлкі болды.

Әлібек көзбояушыны алдамақ болған екен, онысы болмады.

Сахнада бір қыз бен бір әйел тұр пенде болып.

Екеуін де таныдым: Әбдірахман атайдың көршісі Иван машинистің қызы Нина мен магазинші Клава.

Ендігі бір сәтте көзбояушы Нина мен Клаваға айтқанын істете бастады.

Нинаға айтты:

– Алыста тұратын туысқаның бар ма?

– Бар. Әпкем Москвада тұрады.

– Әпкеңді көргің келе ме?

– Әлбетте.

– Міне, онда мына айнаға қара.

Нина қол айнаға қарай берді де шап беріп ұстай алды.

– Ой, Лиза! Әпке!

Нина әдеп айнаны аймалап жатыр ғажап!

Клаваға айтты:

– Мен осында тұрамын. Іздеп тапшы.

Көзбояушы тұр сахнаның ортасында.

Клава соқыр адамша екі қолын алға жайып ары жүрді, бері жүрді, көзбояушыны таба алмады.

Керемет!


– Клавдия Петровна, сіз енді велосипед айдайсыз. Ал, кетгік.

Клава әдеп велосипед тепкен болып тыпырлап жатыр. Клава "велосипедті" тебе-тебе қара суға түсіп терлеп кетті.

– Ей, көзбояушы, жетеді. Клаваның жүрегі — ауру. Инфаркт болып қалып жүрмесін! Онда мен сені түрмеге қамаймын!

Клаваның күйеуі милиционер Саша ағай осылай деп сахнаға қарай талтаңдап басып бара жатты.

Жұрт қыран күлкі болды.

Мен қорқып отырмын, Клава ауырып қалса, магазинді ашпайды. Онда мен бүгін қайта алмаймын.

Жоқ көзбояушының өнерін де тамашаладық магазин де ашылды, мен қоржынның екі басын шай-қантқа, темекіге толтырып та алдым.

Мен қарагерге мініп, "Шүу" — дегенде күн батып, қас қарайып бара жатыр еді. Шоқпардан шыға желе шоқырақтата жөнелдім. Аққайнарға дейінгі жолды көзіме елестетіп шықтым. Қазір өткенде емдеуге жылқы айдаған жолмен Ақкөнек асып, Аламан жайлауын көктеп өтіп Аққайнардың қолтығынан бір-ақ шығамын.

Қорқыныш жоқ, жер жазық.

Қоржын тоқ көңіл — орнында.

Әне-міне дегенше Далауыздың түстік жағындағы Жыланкөз әулиенің мазарының тұсына таяй бердім.

Жыланкөз жарықтықтың мазары жөнінде әңгіме көп. Оған жан адам аяқ басып бармайды, бірдеңені бүлдіріп алып, әулиенің назасына ілігерміз деп қорқады. Бұл негізсіз де әңгіме емес. "Тоқтасын осы тұстан өтіп бара жатып, мазарға қарап тұрып кіші дәрет сындырған екен, аузы қисайып қалыпты" — дейтін бір әңгіме бар. Өтірік-шынын кім білген, Тоқтасынның аузы қисық екені рас. Жыланкөз әулие мазары деп неге аталды екен бұл, жылан көп шығар. Қараңғы түнек ішінен қалың жылан қылаң бергендей болды.

Қарагердің басын қоя бердім. Жануар құстай ұшты. Шыбын-шіркей сартылдап бетіме соғып жатыр, біреуі көзіме кіріп кетті. Екі көзімді тас қылып жұмып алдым.

Ат екпіні қорқыныш атаулыны алыстатып әкетті.

Әжептеуір сілтеген соң қарагердің басын тарттым. Екпіні басылып аяңға түскен соң, қарагер солға қарай бұрылғысы келді. Мен көнбей тура тарта бердім. Қарагер қайта-қайта солға қарай қисая тартқанын қоймады. Мұнысы несі? Жан-жағыма жақсылап көз салдым. Айналаның бәрі қара түнек, бағыттан айырылып қалыппын. Қарагердің басын тартып, біраз ойланып тұрдым. "Ат — жершіл, алда-жалда адассаң, басын қоя бер, ауылды айнытпай тауып келеді", – деп жездем талай үйреткен, сөйту керек.

Қарагерді еркіне қоя бердім. Қарагер басын солға бұрды да сау желіске салды. Содан желісін не күшейтпей, не бәсеңдетпей тартты да отырды. Мен барша бағдардан айырылып қалған екенмін, еш қимыл-әрекетсіз отыруға тура келді. Қарагер ұзақ желді, ауылға жетер болмады. Содан сілемді қатырып барып бір белге шыққанда алдан от көрінді. Жан-жағыма қараймын, танымайтын жер. Қарагер мама ағашқа келіп басын тірегенде үйден әпкем сөйлеп шықты.

– Әлдеш, қайда жүрсің қарағым-ау!

– Адасып кеттім. Басын еркіне қоя беріп едім, қарагер мама ағашты тауып келді.

– Дұрыс істегенсің. Жылқы — есті мал. Ат адаспайды.

Әпкем Шоқпардан неғып кешігіп шыққанымды қазбалап сұраған жоқ.

Мен де айтпадым.

Айтып қайтейін, мен әкпемнің де, жездемнің де тапсырмасын орындап келдім ғой.

Ал, әпкем болса біздің қандай да бір шаруаны болмасын, тиянақты тындырғанымызға жүзі ерекше нұрланып қуанады.

Ата-ана баланы жұмсауы, бала тіл алуы тиіс.

Бұл — біздің үйдің өмір заңы.

Бізге үлкендер ренжірлік тірлік істеу — жат.

Үлкендер бізді дігерлеп ұрсып әуреге түскен емес.

Біз олардың жаны қиналатын епггеңе істеп көрген емеспіз.

Апам — ашуы жоқ адам.

Әкеміздің аларып бір қарағаны жетіп жатыр, — жым боламыз.

Әпкемнің ренішін білдіргені қызық.

– Ерте кетіп кеш келіп, салақтаған Алдекем, — деді бірде мен ойыннан кеш келгенімде.

Осыдан соң, ойын қанша қызып жатса да, әпкемнен осы сөзді тағы естіп жүрмейін деп үйге қарай ентелей басатын болдым.

Күн батып, қараңғы түсіп бара жатқан, әпкем Шәкенді өзеннен су әкелуге жұмсады.

Шәкен қорықты-ау деймін, барғысы келмей қипақтады.

Әпкем:


– Әлдегімнің баласы құсап тілазар болғаны несі? — деді.

Шәкен шелекке жармасты.

Мен ойланып қалдым: Әлдегім деген адамның жаман баласы болған екен ғой, біз соған ұқсап жүрмейік.

Дастархан басында күле беріп едім, әпкем:

– Әлдегімнің баласы құсап ыржақтай бергені несі? – деді.

"Апырау, осыншама жаман баласы бар Әлдегім деген кісі кім болды екен?"

Әпке, Әлдегім деген кісі кім, бізді соның жаман баласына теңей бересіз, — дедім.

Әпкем күлді:

–Әлдегім дегенім әлде біреу дегенім ғой. Сендер әлде біреудің емес, әкелеріңнің, біздің баламыз сияқты болыңдар, деген сөз — ол.

Түу, неткен керемет! Қашан ұғар екенбіз сөздің астарын?!

Әзірге асықпайын, ұғармыз әлі-ақ.

Жоқ, ол мүмкін емес.

Мен білсем, өзінің ана тілін жүз процент білетін адам жоқ бұл дүниеде.

Тіл — халықтың қазынасы. Халық байлығы таусылушы ма еді?! Көл-көсір көп, түпсіз терең дария ғой ол.

Біздің үйдің адамдарының бір күнгі айналысар тірлігі ертеңгі шай үстінде талқыланып, ұйғарым жасалынады.

Бүгін де төрт көзіміз түгел жиналған соң әдеттегідей жездем:

– Ал, балаларым нәрат ашайық, — деп шайын бір ұрттап қойып Шәкен екеумізге қарады.

Мен жымың ете қалдым. Неге?

Жездем "наряд" деген сөзді "нәрат" дейді. Соған күлкім келді.

Наряд — колхоз басқармасы төрағасының күнде таңертең өткізетін жұмыс бөлісу жиналысы.

Жездем бастыққа еліктеп отыр. Бұған күлмей, қайтпек керек енді.

Шәкен тарпа бас салды:

– Әлдеш, тыныш отыр!

Жөн-ақ қой, ересектігін, естілігін өстіп білдіріп қою керек те.

Мен жым болдым.

Айтып отырмын ғой, нарядты бастық өткізеді.

Бастық бас салып ұрсуы керек.

Мен көрген бастықтың бәрі сол, әдеп адамдарға ұрсады да жатады. Бастықтар ұрыспаса, колхоздың жұмысы тоқтап қалып, мектепте оқу тарап кететін сияқты. Дүниенің тұтқасы – ұрсу дерсің.

Әне, жездем Шәкенге тіктеп бір қарап қойды.

Бізге әкеміздің бір қарағаны жетіп жатыр, не айтпағын бірден түсінеміз.

Шәкен жым болды.

Менің үлесіме кешегі Шоқпардан әкелген қант-шайдан апамдарға тиесілісін апарып беру тиді.

Апаңды сағынып қалған шығарсың, бүгін қонып мауқыңды басып, ертең кел, — деді жездем.

– Сөйткін, — деді әпкем.

– Мақұл!

Әпкем тек шай-қант қана емес, қоржынның екі басын басқа да оны-мұныға толтырып жатыр. Оның ішінде, әрине, бір қарын қымыз бар.

Қоржын қампайған сайын қуана түсемін. Апамның қашанғы әдеті — мен апарған түймедейді түйедей көреді.

Апам бұл жолы да сөйтті:

– Асырағаныңнан айналайын! — деп мәз-мейрам болды.

Ақ апам менің! Кішкентай қуанғаның не тұрады!

Үйден Бағдаш шықты да әй-шай жоқ маған қадала кетті:

– Не, сен апама келдің бе? Апам — сенікі емес, менікі. Сендер бізді жұртқа тастап кеткенсіңдер.

Мен не айтарымды білмей, тұтығып қалдым:

– Б-б...


Апам арашаға түсті:

– Бағдаш, бұл не сөз? Әлдеш бізге шай-қант әкеліпті. Саған мәмпәси бар.

Бағдаштың өкпесі бірден басылды:

– Мәмпәси! Аға, сен жақсысың.

– Ағаң жақсы, әрине. Осыларды беріп жіберген шешең де, әкең де жақсы.

Бағдаш әкесі мен шешесін ойлап кетті-ау деймін, томпиып тұрып қалды.

Үйге кірдік.

Дастархан басында шоқиып Мария отыр.

Мария — біздің ауылда өскен ұлты басқа әйел. Соғыс жылдары жер аударылып келген.

Мұса деген чешен бала мен Марияны сиыршы Рыскелді асырап алған. Екеуі де бізден әлдеқайда ересек болатын. Мария екі қабат болып қалған.

Пәленің Мұсадан болғанын білген Рыскелді қатты ашуланған.

– Ойбай-ау, сен екеуің бір үйдің баласы емессіңдер ме, бұның не?! — деп Мұсаға қамшы көтеріпті.

Сөйтсе, Мұса қаймығудың орнына, көзін алартып, тісін шықырлатыпты.

– Апырай, мынаның сұрқы неткен жаман еді! Бүйтіп бала болғанша бордай тоз! Бар! — деп қолын бір-ақ сермепті Рыскелді.

Мұса сол кеткеннен мол кетіп, зым-зия жоғалды. Мария ұл туды.

Марияны да, оның Мұсадан айнымайтын ұлын да Рыскелдінің үй-ішінің бәрі өбектеп отырған.

Марияның бағы ашылмаған әйел екен, баласы ауырмай-сыздамай өзенге ағып өлді. Мария жалғыз өзі суға шомылуға барып, баласын өзен жағасына отырғызып қойыпты. Сөйтіп шашын сабындап жуып болып, көзін ашып қараса, бала өзенге түсіп кетіп, суға бір батып, бір шығып ағып бара жатыр екен. Шешесі өзен жағалай жүгіріп қуып жеткенше бала тұншығып өліп қалыпты.

Баласын көмгендегі Марияның шыңғырғаны-ай! Жан адам шыдап тұра алмаған.

Мария баласының топырағы кеппей жатып ұшты-күйді жоғалған. Содан көріп отырғаным — осы.

Мұнысы несі екен, Мария маған тесіле қарады.

Көзі неткен өткір еді, өңменімнен өтіп барады.

– Алданыш, сен мені ұмытып қалған жоқсың ба?

– Жоқ

– Сен жақтырмайсың ғой өзі.



– Неге?

– Сендер жақтырыңдар — жақтырмаңдар маған бәрі бір. Мен баламның моласын бір көрейін деп келдім. Мен бақытсыз әйелмін.

– Мәрия, сен оны неменеге айтып отырсың Алданышқа? Қой, әрі!

– Айша апа, сіз ренжімеңіз. Мені үлкендер түсінбейді, "жынды" дейді, ал балалар түсінеді, аяйды.

Апам бәрімізге төсекті көген басына салды.

Мен Марияның өзін "жынды" деген сөзінен секем алып қалыппын, сергек ұйықтадым.

Көзім ілініп кеткен екен, апамның қарлыққан дауысы шықты.

– Мария, неғып ұйықтамай жүрсің.

– Айша апа, осы, мен түнімен ұйықтамаймын.

– Неге?


– Көзім ілініп кетсе болды, балам түсіме кіреді.

– Оны ұмытатын уақыт болған жоқ емес пе?

– Болған жоқ. Айтыңызшы, ана өлген баласын ұмыта ала ма?

–Жоқ Ұмыта алмайды. Анаға баласының қазасы — зіл қаратас қасірет, жазылмайтын дерт. Әлдижан өлгелі қанша жыл өтті, қайғым артпаса, кеміген жоқ.

Дұрыс айтасыз. Мен де сол. Кейде алаңдап жынды болып қаламын.

– Мария, сенің басың — жас, өмірің — алда. Байға тисең, бала тапсаң, кайғың тарқар аз да болса. Сөйтпейсің бе?

– Айша апа, менің өмірім өтіп кетті. Мен өмірінде бір-ақ рет сүйетін адаммын. Мен енді ешкімді де сүйе де, ешқандай бала да туа алмаймын.

– Кім білген, бәрі бір құдайдың қолында.

– Ой, Айша апа, сіз құдайға сенесіз, мен сенбеймін.

– Қой!


– Рас! Құдай адамдарды алалайды. Құдай-барлардың жағы, біз сияқтыларды көзіне де ілмейді. Құрысын ондай құдай!

– Әй, Мәрия, тоқтат сөзді! Құдайға тіл тигізбе! Әйтпесе...

– Айша апа, қойдым — қойдым.

– Ия, қояйық балаларды оятармыз.

– Дұрыс айтасыз, балалар ұйықтасын. Айша апа, айтыңызшы, қазақ неге қыздың баласын ұлдың баласынан кем көреді?

– Оны кім айтып жүр?

– Ешкім айтқан жоқ бірақ білініп тұрады. Мысалы, мына сіз Алданышты өлген балаңыз Әлдижаннан жақсы көресіз бе?

– Мәрия, сен өйтіп қай-қайдағыны сұрама. Әлдижанның жөні — бір басқа, Әлдештің жөні — бір басқа, Әлдижан қайғым, Әлдеш — қуанышым. Әлдижанды құдай алдынан жарылқасын. Айналайын құдайым Алданышты аман қылсын! Кішкентай күнім менің әлі-ақ әдемі жігіт болады. Мен байдан да, баладан да көрмеген қызығымды Әлдештен көремін. Әлдеш әйел алады, мен келін жұмсаймын, кішкентайларын бағамын. Әлдеш Ыдырыс атасы мен Әлдижан ағасының отын өшірмейді. Мені басым жерге жеткенше асырайды.

– Мен сізге соны тілеймін. Арманыңызға жетіңіз, Айша апа!

– Айтқаның келсін, Мәрия, қой енді ұйықтайық.

– Ұйықтайық. Мен ертең ертемен жол жүремін.

– Қайда барасың?

– Алысқа барамын.

– Мәрия, сен ешқайда бармай-ақ осында қалсаңшы.

– Жоқ, мен еш жерде тұрақтай алмаймын. Мұсаны іздеймін.

– Ол таптырмас енді.

– Таптырады. Біз әлі ол екеуіміз қосылып, бақытты өмір сүреміз.

– Арманыңа жет, айналайын!

– Айша апа, сіз қандай жақсы адамсыз. Рас айтасыз, Мұса табылады. Мен оны қайтсем де табамын.

– Тап!


– Сөйтемін.

Апам мен Мария тыншыды. Мен ұйықтай алмай, көзім бақырайып жатырмын. Апам мен Марияның әңгімесі көкейімнен кетер емес. Айналайын ақ апам менің! Сіз қайғыңызды еш уақыт ұмыта алмайды екенсіз.

Апа, бәрі өзіңіз ойлағандай болады. Мен ер жетем, жігіт боламын. Үйленемін. Сізді астыңызға алты қабат көрпе төсеп отырғызып қойып асыраймын.

Апа, ауыл совет біздің үйді бір түтін деп тіркейді. "Ыдырысов Алданыштың үйі" атанамыз. Сонда тарқар ма екен қайғың?!

Әй қайдам-ау! Апатайым-ау, сіз Әлдижан ағамды еш уақыт ұмыта алмайды екенсіз. Ағатайым-ау, неге өлдің екенсің, шешеңді шерменде етіп кеткенің нең?!

Жүйке-жүйкем босап, екі көзімнен тарам-тарам жас ақты.

Апам қайтіп сезіп қойды екен, алақанымен көз жасымды сүртті.

– Сен бәрін біліп жатыр ма едің, қап!

– Апа, бәрі дұрыс.

– Түсінгеніңнен айналайын сенің!

Апам мені құшақтап алды.

Мен қатып ұйықтап қалыппын.

Оянсам, жалғыз жатыр екенмін. Оң жағымдағы апам мен Бағдаштың да, сол жағымдағы Марияның да орындары бос, бәрі тұрып кетіпті.

Көгендегі қой-ешкі ағытылып жіберіліпті.

Тез-тез киіне бастадым.

Үйден апам мен Бағдаш шықты.

– Апа, Мария қайда?

– Кетіп қалды. Мұсасын іздеп кетті. "Қой, табылмайды. Осында қал"- десем, көнетін емес.

– Кім біледі, табылар.

– Ия, сөйтсін, табылсын. Әй, бірақ... Мейлі, оны кояйық шай ішейік. Жотаға қайт содан соң.

– Мақұл. Жылқы ертеңгі суға келген шығар.

– Шаруаның оңтайын білгеніңнен айналайын сенің!

– Апа, сіздер қорықпайсыздар ма Бағдаш екеулеріңіз ғана қалып?

– Қорықпаймыз. Сонда да қарауызды тастап кет, абай болады.

– Қарауыз қалар ма екен?

– Қалады. Қарауыз бәрін түсінеді, біздің үйдің қайсысына қай кезде керек екенін жақсы біледі.

Шынында, қарауыз керемет қой, мен атқа мініп жатқанда ілеспек рай білдірген, апам:

– Қарауыз, жат! — деп еді, көген басына барып етбетінен түсіп жата кетті.

Мен:

– Лашын, қаласың, жат солай, — дедім де, кер дөненнің басын жотаға қарай бұрдым.



Қарауыз былқ етпей жата берді.

Ауыл алдындағы Бозтөбенің етегіндегі қорым тұсынан өтіп бара жатыр едім, кер дөнен елең ете қалды.

Жалт қарасам, қорымның бергі шетіндегі қалың шөп ішінде Мария отыр екен, сөлбірейіп тұрып жатып, маған айқайлады:

– Әй, сұмырайлар, балам қайда менің? Оңбағандар баламның моласын малдарыңа таптатып, жермен-жексен қылып жіберіпсіңдер. Шөп шығып кетіпті. Мен құртамын бәріңді. Қазір барып үйлеріңді өртеймін.

Мария аузынан ақ ит кіріп, қара ит шығып екі қолын ербеңдетіп біздің үйге қарай кетіп барады.

Кер дөненді тебініп қалып, желе-шоқырақтатып келіп, алдын орадым.

Мария дәл баласы өлгендегідей шыңғырып жіберді.

Сасып қалдым.

Марияның көк көздері бозарып кетіпті, шарасынан шығып барады.

– Иттің баласы, кет әрі! — деп кер дөненнің басынан бір салды.

Кер дөнен кегжең ете қалды.

Екі өкпесін қолына алып ұшып апам жетіпті.

– Әй, Мария, аулақ жүр баладан! Айтатының болса, маған айт, алатыныңды да сөйт, менен ал.

– Маған сендердің ештеңелеріңнің қажеті жоқ. Балам қайда? Баламды тауып беріңдер.

– Балаң өлген. Бейкүнә нәресте — пейіште.

– Ол — пейіште, мен — тозақта. Бұл әділеттілік емес. Мен де барам пейішке. Өлемін. Өлтіріңдер. Қорқасыңдар ә. Менен бәрі қорқады. Ха-ха...

Күлкісі қандай жаман еді. Мария жынданған екен.

Қайтпек керек? Оны мұнда тастап кетуге болмайды,апамдардың мазасын алады, жамандық жасауы да мүмкін. Қой, мұны Шоқпарға апарып тастамаса, болмас.

– Мария, сенің балаң Шоқпарда.

– Рас айтасың. Өзім де солай ойлап едім.

– Онда жүр, мін атқа, Шоқпарға апарып тастайын.

– Жоқ мінбеймін. Мен аттан қорқамын. Өзім-ақ кете беремін.

Марияның айқай-шу шығарғаны қандай жылдам болса, жуасуы да сондай тез болды. Төмен қараған күйі аяғын жайымен басып барып, ауыл аяғындағы мұрынды айналып кетті.

Апам екеуміз қарадық та тұрдық.

– Әлдеш, неғып тұрмыз, мен кеттім үйге, сен бара бер.

– Апа, Мәрия қайта айналып келсе қайтесіз? Мен бүгін бармай-ақ қояйын жотаға.

– Келмейді. Келсе, көреміз Бағдаш екеуміз. Бейшараның есі кіресілі-шығасылы екен, "Балаң Шоқпарда" — дегенге сеніп қалды. Шоқпарға жетпей тоқтамайды ол енді.

– Сөйтсе екен. Кеттім онда.

– Бара ғой. Айналайын сенен. Баласынан да, панасынан да айналдым.

Мен ұзай бердім.

Апам тұр қарап.

"Аман болса екен апам мен Бағдаш!"

Жездем екеуміз ұзақ жайылып, Шатыртөбе жаққа шығандап шығып кеткен бір топ жылқының бетін кері бұрып, маңайды шолмақ болып бір биіктеу төбеге шықтық.

Қордай тауларынан саулап түскен сары жел аңырап тұр. Желге қырын қарап тұрып аузымды аштым, гуілдеген дыбыс шықты. Гуіл аузымды қаншалықты ашқаныма қарай құбылып, өзіндік бір әуен пайда болды. Мен жездеме байқатпай аузымды қайта-қайта ашып-жауып біраз гуілдеттім.

Өстіп өзіммен өзім болып тұрып байқамаппын, төменде созылып жатқан қырғыздар Аңырақайға мал айдайтын үлкен жолдың үстінде тұсымыздан бір құла ат өтіп барады екен.

– Жезде, мынау неткен ат?

– Бұл — қашқан ат, туған жерін бетке алып барады.

– Ұстамаймыз ба?

– Жоқ. Мұндай қашқан ат атып алмаса, ұстатпайды. Көрдің бе, қаншырдай қатып жарап алған. Садақтың оғындай екен жануар. Жылқыдан ақылды мал жоқ. Олар жолда қуғын болатынын, талай өткелектен өтетінін біледі. Мұндай тәуекелге өз күшіне сенген жылқы ғана барады. Мынау сондай, жүйрік ат, жеткізбейді.

– Сонда да қуып көрейік.

– Мә, онда қарагерге сен мін, аямай көсілт. Қарауызды айтақтап қосамыз, ол жетіп алдын орайды. Сол кезде дауыс жететін жерге жақындарсың.

"Бас, Лашын!" — десең болды, қарауыз құла атты қайырып жібермейді. Әрі қарай бізде де жан бар ғой, қақпайлап Бекен төренің қой қорасына апарып кіргізіп ұстаймыз.

Жездем бұл сөздерді айтып болғанша екеуміз ат ауыстырып міндік те төмен қарай сорғалай жөнелдік.

Құла ат құстай ұшты. Қарауыз заулап барады. Біз де атқа қамшы бастық. Керемет бір шабыс басталды. Құла ат, шынында, жүйрік екен, бізді маңайлату қайда, қарауызға зорға жеткізді. Қарауыз алдын екі-үш рет ораған соң мен құла атқа жақындай бастадым. Дауыс жететін жерге де жеттім-ау. "Бас, Лашын!".

Қарауыз өмір бойы бұлжытпай орындап келе жатқан бұйрықты естіген бойда құла аттың омырауына жармасты. Құла ат жалт беріп жолдан шығып, төменгі Бекен төренің қой қорасы жаққа қарай тартты. Бізге керегі де осы — құла аттың жолдан шыққаны — бағытынан айырылғаны. Мен енді құла атты түре қумай, оң қапталын алып шауып отырдым. Жездем де жетті.

Құла ат Бекен төренің қой қорасына еш қиындық көрсетпей, өзі барып кірді. Жануар текті жылқы екен, демде тыншып тұра қалды, тек қарауызға тіксініп қарап қояды.

Жездем кер дөненнен түсіп, оң қолын жалына қарай созып жақындап еді, былқ еткен жоқ. Жездем құла аттың мойнынан ұстап, жалын, содан соң сауырын сипады.

– Әлдеш, андағы шылбырды әкел.

Мен қарагердің шылбырын шешіп бердім.

Жездем құла атты шылбырмен ноқталады.

– Мұны не істейміз енді?

– Не істейміз, иесі іздеп келіп әкетер. Оған дейін жүреді, жоқ бос жіберуге болмайды. Ең дұрысы — мұны жылқыға мініп алған. Сен мініп жүр.

Осыдан үш күн өткенде сәске түс кезінде құла аттың ысы да жетті. Құла ат Қордай ауданындағы Қасық ауылынан қашып шығыпты.

Құла аттың иесі момын кісі екен, мұрнын қайта-қайта тарта береді.

– Бұл бір пір атқан болды. Былтыр дөненінде Топардағы қайын жұртым беріп еді, өстіп кайта-қайта қаша береді, ығырым шықты. Сіз жылқы бағады екенсіз, осының орнына бір тай берсеңіз де айырбастар едім. Бұл өзі жүйрік жылқының тұқымы — деп мұрнын бір тартып қойды.

– Қойыңыз, тай ұят болар. Әлдеш, бар, торы байталды ұстап әкел, — деді жездем. Мен құла атпен жылқыға қарай тұра шаптым.

Түс ауа құла аттың иесі торы байталды жетектеп, Көпбай сайының аузына кіріп бара жатты.

Жүзіктің көзінен өткендей құла бесті біздің мама ағашта байлаулы тұрып, иесі жаққа бір қарады да басын төмен салды.

Біздің үйдің іші құла атқа түгел төніп тұрмыз.

– Биені атқа айырбастағаны несі? —деп әпкем жақтырмады.

– Бұл — ат емес, тұлпар, — деді жездем.

– Оны қайдан білдің?

– Түрі айтып тұр емес пе.

– "Жаздай тапқан жігіттен жазбай тапқан бие артық", — деген атам қазақ бие жақсы ғой, — деп апам әпкемді қостады.

– Мейлі, балалар мінсін. Колхоздың аты бүгін бар, ертең жоқ — деп жездем бізге қарады.

– Мінеміз, — дедім мен.

– Осындай жақсы ат керек бізге, — деді Шәкен.

– Мініңдер! — деді әпкем.

– Ер қанаты — ат. Адымдарың ұзарсын! — деді апам.

– Әумин, — деді жездем.

Бәріміз алақанымызбен бетімізді сипадық.

Міне, енді мен құла атты жылқыға мініп жүрмін.

Құла ат мінген сайын таралып, ширап, сылаң қағады.

– Бұл құла жай жылқы емес, қазанат. Қарашы, қандай сұлу. Құйма тұяқ тік бақай, бура;сан, сауыры жаялықтай. Басында қылаудай ет жоқ қамыс құлақ, қой мойын, танауы кең, өмірі өкпесі өшпейтіннің өзі, — деп масаттанды жездем ертеңгілік құланы ерттеп жатып.

– Сонда бұл қарагерден де жүйрік пе?

– Қарагер — қажымайтын-талмайтын мініс аты. Рас, ол бір жылқыдай-ақ шабады, бірақ мына құла — бәйге аты.

– Оны қайдан білдіңіз?

– Жақында көресің.

– Қалайша!

– Шынқожаның қайнарында аудан малшыларының тойы өтетін болыпты. Соған құланы жаратып апарып, бәйгеге қосамыз.

– Кім шабады мұнымен?

– Сен шабасың. Бүгіннен бастап суытуға кірісеміз.

Құла атты баптау ісі дереу басталып кетті. Алғашқы күні қарагер мен құла атты жарыстырып көрдік.

Тоспадан өте Шатыртөбеге қарай бастарын қоя беріп едік, қарагер Құтан төренің күмбезіне дейін жеткізбей барған, құла ат шапқан сайын үдейтіннің өзі екен, қуып жетіп, басып оза берді.

– Әлдеш, болды, басын тарт! — деді жездем.

Құланың еті қызған екен, біраз жер бой бермей, екі қолымды қарыстырып барып зорға тоқтады.

– Нағыз алысқа сілтейтіннің өзі екен. Құдай қаласа, той күні маңдайы жарқырап алда келеді, — деп жездем құла аттың жалынан ұстады. — Еті қалың. Жақсылап суыту керек.

– Сонда не істейміз?

– Ол жағын маған қоя бер. Саған кер дөненді ұстап беремін, соны мін, ал мынаны мен суытуға кірісемін.

Солай болды. Мен кер дөненге міндім.

Құла ат ерекше күтімге алынды. Түнде от жерге арқандалып, күндіз көлеңке астындағы аттақырға байланады. Екі күннің бірінде жездем үстіне қалың жабу жауып, қан сорпа қылып терлетіп келіп, кермеге байлап таң асырады.

Той болатын күн де келіп жетті. Жездем мені әбден бабына келіп жараған құла атқа мінгізіп ертіп алды да Шынқожаның қайнарына қарай тарттық. Құла түк желікпей, төрт аяғын жай, бірақ сергек басып келеді. Екі көзі мөп-мөлдір, жүні жылтырап тұр, сіңірлері серіппелі болаттай тұнық.

Тойлы ауылға біз жақындай бергенде ат айдаушы өңшең жал-құйрығы сүзілген бәйге аттарын топтан ұзатып айдап бара жатты.

Жездем қаракерден түсті, құла аттың кекілін шошайтып жіппен байлап, тартпасын мықтап тартты да:

– Ал, балам, жолың болсын! Құдай, өзің қолдай көр! Әумин! — деп бата берді. — Тездет, ана топқа барып қосыл. Қайтарда тізгінді тарт та отыр. Тізгінге сүйеніп шапқан ат барлықпайды. Анау Қадырдың қамбасының желкесіндегі қырға шыққан соң бері қарай жібер басын, құла жұлдыздай ағады. Жалына жабысып ал, құла ат қара үзіп келеді.

– Мақұл.


Мен желе шоқырақтатып келіп топқа қосылдым да кете бардым. Бәйге аттарына қосылған соң құла ат керемет сергектеніп алды, ала-ала жөнеледі. Басын тарта-тарта екі қолым қарысты.

Ат айдаушы бізді қай жерден қайырады, білмейміз, алыстаған сайын атқа шауып әккі болған балалар алға жүргісі келмей, кейіндеп, ат айдаушы ұрсып зықымызды шығарды. Сөйтіп келе жатқанда балалардың алдына шығып алғанмын, ат айдаушы: "Ал, балалар, жөнеліңдер!" — деп айқай салып, қырын қарап шаба жөнелді. Құла ат айдаушы шапқан жаққа қарай атырыла ұмтылды. Ат айдаушыға қатарласа бердім, иманды болғыр кісі екен, тізгінімнен ұстай алып, құла аттың басын бәйге аттары заулап бара жатқан жаққа бұрып жіберді.

– Шуу, жануар!

Құла ат аға жөнелді, тізгінді шірене тарттым. Сөйтіп басын еркіне жібермей тежеп, бірқалыпты шабысқа түсірдім. Содан құла ұзыннан-ұзақ шұбатылып бара жатқан аттарды бір-бірлеп артқа тастап сілтеді де отырды. Басы Қадырдың қамбасының желкесіндегі қырға барып тірелетін ұзын сайды қапталдап бара жатқан төрт-бес аттың шабысы ерен, жеткізер емес. Қырға шыққанша бұл аттарға жақындау керек, құланың тізгінін жібермек болып едім, жездемнің айтқаны ойыма түсті. Қой, сап-сап, көңілім, елірме. Мынау оңай шабыс емес, қырға еркімен шықсын, әрі қарай жіберемін басын. Құла атты менің ойымды біліп келе жатыр дерсің, бір қалыпты сілтеді де отырды. Қырға шыққанда алдыңғы үш атқа арқан бойы жақындадым. Қостөбенің басында тұрған жұрт қарауытып көрінді. Құла ат ылди қарай құстай ұшты, үш атты іркес-тіркес артқа тастады. Алда әжептеуір жерде Әмірбектің күрең аты кетіп барады екен. Үстіндегі Әмірбектің үлкен ұлы Бейсен — атқа көп шапқан әккі бала. Күрең — басы озды болды жеткізуді білмейтін жүйрік. Бұл далада ешкімге бәйге беріп көрмеген күрең тұлпар ежелгі әдетімен көсіліп барады. Құланың күреңнен беті қайтып көрмеген емес пе, тайсалмай өршелене сілтеді. Міне, ғажап, құла ат күреңге жететін болды. Әне-міне дегенше құйысқан тістесіп еді, енді демде бастары қатарласты. Мұндай қорлықты күрең де, Бейсен де өмірі көрмеген, екеуі де састы. Құла аттың мойны оза бастады, Бейсен күрең атқа қамшы басты. Бітті, бәйге атының санына қамшы тигені — оның әлсіздігі деген сөз. Күреңнің көзі шарасынан шыға шақырайып, ышқына шапты. Құла түк сезер емес, ағып келеді. Күрең қалуға айналды, екі көзінен жас мөлт-мөлт тамды. Қайтсін-ай, өмірі бәйгенің алдын бермеген күрең бүгін қалады. Жануарды аяп кеттім, менің де екі көзімнен жас парлап қоя берді. Құла ат алға шықты. Мен еңкейіп құла аттың жалына жабысып, тізгіннен қатып ұстаған күйі сөреде шулап тұрғандардың тұсынан ағызып өте шықтым.

Қарагер атты танаулатып жездем жетті.

– А, құдай! Ия, аруақ! Ақсарбас! Ал, Әлдеш, сен құла атты өстіп желдетіп жүр. Мен бәйгесіне барайын.

– Мақұл. Барыңыз.

Содан жездем көпке дейін келмей, әбден шыдамым таусылғанда барып көрінді-ау көзіме. Жанында бір милиционер келе жатыр.

Жездем көңілсіз, жүдеп қалыпты.

– Әлдеш, құла аттан айырылдық! — деді таяй бере.

– Неге?

– Оны мына мілисә бала біледі.



Милиционер жымиды:

Мен қайдан білемін, маған бастық бұйырды: "Әкел",–деп, — апарамын, болды.

Құла аттың жүгенін, ер-тоқымын сыпырып алдық милиционер жүгенге жармаспақ болып еді, жездем:

– Қазақ малын берсе, берген, ноқтасын бермеген, — деп бір-ақ кесті.

Милиционер құла аттың мойнына белдігін салып жетектеп алды.

Жездем мені мінгестіріп ер-тоқымды өңгеріп, қарагердің басын ауылға қаратты.

– Жезде, не болды, айтыңызшы!

– Не болсын, Әмірбек дау шығарды. "Құла ат Қалқабайдыкі емес. Бұл — ұрлық ат. Бәйгені Қалқабай емес, иесіне беру керек", — деп шімірікпей айқайға басты. Мен құдайдың шынын айттым, ешкім елер болмады. Қайта мілисаның бастығы: "Атыңыздың дәкіметі бар ма?" — деп өзіме жабысты. "Қазақтың атында дәкімет болушы ма еді. Аттың дәкімөт иесі", — дедім. "Жоқ ондай болмайды. Құла атты біз алып кетеміз, дәкімөтін әкеліп аласыз", —деді де бастық құла атқа жаңағы баланы жұмсады. Бар әңгіме — осы.

Осындай да болады екен-ау, айдың-күннің аманында құла аттан айырылдық та қалдық.

Екі күннен кейін жездем Қасыққа, құла аттың документіне барғалы жиналып жатқанда Шудан ферма бастығы Мұзафар ағай келді. Мұзафар ағайдың әйелі Бәтен біздің елдің, яғни күнтудың қызы.

– Қайын аға, құла ат алдыңғы күні Шуға апара жатқан машинадан қарғып кетіп, пышаққа ілініпті, — деп Мұзафар ағай жездеме аянышты кейіппен қарады.

– Мұзафар, Қасыққа жүргелі тұр едім, мұның дұрыс болды. Жалғыз үйлі күнтуға жақсы ат мінгізуші ме едіңдер сендер, деп жездем төтесінен бір-ақ қайырды.

– Қайын аға, қойыңыз. Әмірбек тентек болған екен деп, барша сыйқымға өкпелемексіз бе?

– Сыйқымға өкпелеп не бопты маған? Еліңнен айналайын, қыздарыңды алдым, өсіп-өндім. Мен сыйқым болайыншы, Әмірбек өстіп шатақ шығарар ма еді, жоқ қайта қуанар еді. Соны айтып тұрмын.

– Оныңыз рас енді.

– Әне, көрдің бе, шындықтан аса алмайсың. Мұзафар, осыдан көр де тұр Әмірбектің күреңінен мына қарагер де озады, онда қайтер екен ол — пәлеқор, қарагер — ен-таңбасы бар колхоздың аты.

– Қайтеді, колхоздың аты озса, ешкім дауласпайды.

– Кім білген? Бұл қазақтың ру-руға бөлінгені, аз атаның баласын басынғаны кәммүнізімде де қалмас.

– Қойыңыз, Қалеке, түңілмеңіз. Ел болған соң телі-тентексіз болмайды. Әмірбек соның бірі шығар. Одан да қарагерді суытуға кірісіңіз, осы айдың аяғында тағы бір үлкен той болады.

– Мақұл, оны да көрейік.

– Сөйтіңіз.

Үлкендердің әңгімесі осымен бітіп, үйге кіріп кетті. Мен дел-сал күйде орнымда тұрып қалдым. Көз алдыма Әмірбектің екі көзі шақырайып шығып бара жатқан күрең аты келді. Мен құла атпен тұсынан баса-көктеп өтіп барамын.

Кенет ағып бара жатқан машинадан құла ат қарғып кетті, қара жердің шаңы — бұрқ етті. Селк ете қалдым. Көз алдымда көлбеңдеген көріністер ғайып болды. Мама ағашта байлаулы тұрған қарагерге тесіліп қарап қалыппын.

Көкбайтал мен күрең тайдан, құла аттан көре алмаған қызық сенен бұйырар, жануар.

Қарагер, ендігі үмітіміз — сенсің! "Үмітсіз — шайтан", – дейді апам. Апам халықтың сөзін айтады.

Қандай, асыл сөз!

Үміт!

Адам үмітпен өмір сүреді. Мені де көп үмітім алға сүйрейді.



Әзірге ертерек мектепке барсам, жақсы оқысам, деймін.

Мектепке баратын уақыттың төбесі көріне бастады.

Ертеңгі шайда осы жайында әңгіме өрбіді.

Сөзді әпкем бастады:

– Биыл Здән мен Бағдашты оқуға бермесе болмас. Ел аман, жұрт тынышта сауатсыз қылмақпыз ба екеуін? Қой, өзіміз ішпейік-жемейік, балаларды оқытайық.

– Онда мен Шоқпарға барып келейін. Әбдірахманмен сөйлесейін, қоржын тамының бір басын берсін. Соған апамды үш баламен қояйық.

– Берер ме екен?

– Береді. Бермесе, басқа үй табамын.

"О-о, мен өз үйімде жүріп оқитын болдым! Бөтен үйде жүріп, біреудің қазан-ошағына телмірген қандай жаман еді десеңші. Оқудан қарның ашып, көзің қарауытып келгенде бір жапырақ нан үзіп жеуге батылың жетпейтіні неткен қорлық!".

Бәрінен де Здән мен Бағдаштың оқуға баратын болғаны қатты қуантты мені. Здәннің он екіге, Бағдаштың тоғызға келгенше мектеп бетін көрмегені бәрімізге батады, әрине. Бірақ амал қанша, мүкіндік жоқ. Үш баланы бірдей кімнің үйіне қойып оқытпақ? Мына ақыл неге бұрын ешкімнің ойына келмеген? Жылда "Здән мен Бағдаш оқуға келесі жылы барады" деумен уақыт өтіп бара жатқан.

Жездем Шоқпарға барып қайтты. Әбдірахман атай қоржын тамының бір басын беретін болыпты.

Бізді Шоқпарға көшіруге дайындық басталды.

Негізінде, біздің отбасы — екі отбасының қосындысы.

Апам баласы, келіні және менімен қоржын тамның бір басында, жездем, әпкем, Шәкен, Здән, Бағдаш, Бекежан екінші басында тұрған күн әжептеуір алыстағанымен, апамның тұрмысқа қажетті оны-мұнысының жұрнағы сақталған екен, солар түгелденіп жинастырыла басталды. Азық-түліктің қамы жасалынды. Көшіріп апаратын көлік те ойластырылды. Сөйтіп, әне-міне дегенше, бәрі дайын болды.

Аяғым сынғаннан дәл бір жыл өткенде, тамыздың отызы күні колхоздың Шәкен айдайтын арбасына бүкіл үй ішіміз болып шат-шадыман көңілмен қазан-ошақ көрпе-жастықты, азық-ауқатты тиеп жаттық.

Біздің көшті көруге Құтым апай мен Базаркүл келді.

Құтым апай ыңқылдап ауырып тұрып ақырын сөйледі:

– Айша, көш құтты болсын! Қалқабай, Алданышты бөлек шығарып жатыр екенсіңдер ғой. Әміржан, бұларың дұрыс, Алданыш жігіт болды, Әлдижан ағасының түтінін түтетсін енді.

Құтым апайдың қапелімде айтылған мына сөзі бәрімізді толқытты.

– Айтқаныңыз келсін! — деді апам.

– Алданыш — бүгіннен бастап бір үйдің иесі, — деді жездем.

– Айналайын құдай, сәтін сала көр! — деді әпкем.

Мен не дерімді білмей, Базаркүлге қарадым.

Базаркүл қып-қызыл болып кетті.

– Апа, Базаркүл оқуға бармай ма? — деп әңгімені басқа жаққа бұрдым.

Құтым апай іле жауап қатты.

– Қайдан, әкесі жоқ жетім қызға осы оқығаны да жетеді. Шоқпардың оқуы бітті, Шуға апаруға жағдай жоқ Базаркүл оқуды қояды.

Базаркүл мұңайып тұр. Дәл былтырғы менің кейпімді киген. Дүниеде қатарыңнан қалған жаман!

Қайтейін, Базаркүл, саған іштей жаным ашығаннан басқа менің қолымнан не келеді? Шіркін-ай, балалардың оқуына ешнәрсе бөгет болмаса, әйтпесе, мынау не, мектебі бар ауылдың баласы оқып, біз сияқтылар шеттеп қаламыз. Қаншама жақсы оқитын бала оқуын жалғастыра алмай жүр, өкінішті-ақ! Солардың бірі — Базаркүл.

"Базаркүл, мен де сен құсап Шоқпардың оқуын тауысайыншы. Содан соң ендігі жылы екеуміз бірге сегізінші класта оқуға Шуға барамыз. Аудан орталығында интернат бар, сонда оқимыз.

Біздің өмір жолымыз әлі қосылады".

Менің іштей не айтып тұрғанымды Базаркүл сезді, әрине, маған қимай қарай берді.

– Әлдеш, жолың болсын! Жақсы оқы! — деді де әрі қарап кетті. Көріп қалдым, көзіне жас үйіріліпті. Қап!.. Арба орнынан қозғалды. Ішім әлейім-жәлейім болды. Базаркүл неге жылады, оқи алмай қалғанына қапаланды ма, жоқ мені қимады ма?

Басыма әртүрлі ойлар келді, ұшығына шыға алар емеспін.

Арба ауылдан ұзай берді, ақыры ешкімге жәутеңкөз болмай, өз үйімде жүріп оқитын болдым-ау!

Здән мен Бағдаш та оқиды. Екеуінің оқымай жүргеніне мен қатты ыңғайсызданатынмын. Кәдімгі бір үлес бөліскенде бір нәрсені әділетсіз артық алып қойғандай болып жүретінмін. Шындығында, солай ғой. Әкемнің бір-ақ баланы оқытуға шамасы келді, ол мен болдым. Міне, енді, етек жеңіміз кеңи бастап еді, үшеумізді оқытатын болды.

Арба ырғағымен ойға батқан қандай жақсы еді, шіркін!

Барлық ой оқуға келіп тіреледі.

Сынған аяғым сәл-пәл қисықтау, әнтек қысқалау. Аңдап қараған адамға болмаса, байқалмайды. Бірақ балалардан ештеңені жасырып болмайсың, "Ақсақ" — деп кемсітер ме екен, қайтер екен?

Әбдірахман атай қандай кітап дайындап отыр екен?

Оршыбек ағай қалай қарсы алар екен?

Мен мектепке осындай ойлармен келдім.

Бөтен балалар менің аяғымның ақауын аңғармаған сияқты.

Әбдірахман атай:

– Алданыш, келдің бе, құда қаласа, кешке "Абайды" оқимыз, — деп қарсы алды.

– Былтыр оқып едік қой.

– "Абайды" жылда, ай сайын, күнде оқу керек. Қазақ баласына мектепте көп оқудың қажеті жоқ Абайдың өзін, Әуезовтің осы кітабын оқыса, жетіп жатыр. Абайды білген бала өмірден таяқ жемейтін болады. Бала оңы мен солын ажыратамын, жақсы мен жаманды білемін десе Абайды оқысын.

Оршыбек ағай мені көрген сәтте қуанып қалды.

– Жарайсың, Ыдырысов! Мен сен енді оқымай қалатын шығарсың деп қорқып едім. Оқығаның дұрыс. Сен — болашағың бар баласың. Аяғың жазылысымен неге келмедің? — деді ағай.

– Келдім, ағай, қысқы каникулдан соң. Директор: "Үлгере алмайсың, күзде кел" — деп қайтарып жіберді.

– Қап, маған келмедің бе? Сен үлгермек түгілі "беске" бітіретін едің жетіншіні.

Төбем көкке бір елі жетпей алабұртып тұрмын.

Бір жыл оқымай қалғаныма өкініш те жоқ емес, әрине.

Ағай менің бұл күйімді сезе қойды.

– Ештеңе етпейді, асықпа, өмірің — алда, оқып үлгересің, әлі-ақ жоғары оқу орнын да бітіресің сен, —деп қанаттандырды ағай мені.

Мен оқуды көңілді бастадым. Әсіресе, Здән мен Бағдаштың мектеп есігін ашқанына жүрегім жарыларман болып жүрмін.

Кеудемді өлең кернеді.

Қолыма қағаз, қалам алып жаза бастадым.

Балаға оқу керек,

Тауыққа шоқу керек,

Құлынға шабу керек,

Күшікке қабу керек.

Бұл не, өлең бе, жоқ әшейін бірдеңе ме?

Айналайын Абай ата, қолдай көр! Өстіп кеудемді кернеген жайларды өлеңге айналдырып жүрейін, рұқсат ет.

Қарашы, "Балаға оқу керек" деген сөзді тауып жаздым-ау деймін.

Мен оқуды сағынып зорға жетіп отырмын. Ал, Здән мен Бағдашқа оқудың зары әбден өткен.

Балаға оқу керек, бұл — ақиқат.

Бала оқығанда да өте жақсы оқуы керек.

Мен бұл ойымды қарындастарыма айттым.

– Жақсы оқимыз, — деді Здән.

– Аға, сіз сияқты оқу озаты боламыз, —деді Бағдаш.

– Сөйтіңдер, өң "беске" оқиық — дедім мен.

Біз осыған бекіндік. Ендігісін уақыт көрсетеді. Алда өмір көп.


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет