«Бақылаудың статистикалық әдістері»



бет2/9
Дата26.08.2017
өлшемі1,34 Mb.
#28501
1   2   3   4   5   6   7   8   9

Таңдама деп бақыланатын партиядан немесе өнім ағынынан бақылау және шешім шығару үшін алынған өнім бірліктерін (бақыланатын мәндерді) айтады.

Сынама деп бақыланатын жиынтықтан шешім қабылдау үшін алынған даналап есептеуге келмейтін өнімдердің мөлшерін айтады.

Таңдаманы құрайтын өнім бірліктерінің санын таңдаманың көлемі дейді.



Сынаманың көлемі деп сынаманы құрайтын даналап есептеуге келмейтін өнімнің белгілі мөлшерін атайды.

Лекция 3. Өнімнің сапасын бақылап қабылдаудың

статистикалық әдістері. Негізгі ұғымдар
Өнімнің сапасын статистикалық бақылап қабылдау кезінде таңдаманы тексеру нәтижесінде өнімнің партиясын қабылдау немесе қабылдамау туралы шешім шығарылады. Әдістерінің негізгі мақсаты - бақылауға (тексеруге) берілген өнімнің сапасына ақиқат түрде баға берілуін және бағалау нәтижесімен екі жақтың да (шығарушы және тұтынушының) келісуін қамтамасыз ету болып табылады.

Өнім бірлігі.

Өнімнің сапасын бақылап қабылдаудың статистикалық әдістері өнім бірлігін тексеру нәтижелерінде негізделеді. Өнім бірлігі ретінде даналап шығарылатын өнімнің жеке экземплярын немесе басқадай шығарылатын (даналап емес) өнімнің белгілі тәртіппен тағайындалған санын алады. Дайындық деңгейі бойынша өнім дайын немесе дайын емес, дайындау, алу, жөндеу, пайдалану, тасымалдау, сақтау және т.б процесс үстінде болуы мүмкін.

Даналап шығарылатын өнім деп саны даналап (экземплярмен) есептелетін, ал басқаша шығарылатын өнім деп саны салмақ, көлем, ұзындық және т.б. бірліктерімен есептелетін өнімдерді айтады. Мысалы, ұнның тоннасы, сымның метрі, матаның шаршы метрі, газдың текше метрі және т.б. Саны дана (экземпляр) түрінде есептелетін өнеркәсіптік өнімнің бірлігін бұйым деп айтады.

Өнімнің бақыланатын партиясы.

Технологиялық процестерді реттеудің статистикалық әдістерінде өнім бірліктерінен таңдама құру алдын ала белгіленген уақыт аралығында немесе өнім бірліктерінің белгілі саны өткеннен кейін жүзеге асырылатын болса, бақылап қабылдаудың статистикалық әдістерінде өнімнің бірліктерін алдымен партия ғылып біріктіру керек, содан соң осы партиядан қажетті көлемдегі таңдама алуға болады. Бұл жерде өнімнің әр партиясы жеке бақылаудан өтетінін айтып кету қажет. Сондықтан бақылауға өнімнің толығынан қалыптасқан партиясы түсу немесе жіберілуі керек.

Осыған байланысты өнімнің партиясы толығынан түспей тұрып таңдама алу рұқсат етілмейді. «Өнімнің партиясы» деген терминді екі мағынада: келіп түскен өнімнің партиясы – сату-саттық категория ретінде және өнімнің бақыланатын партиясы – бақылау категориясы ретінде түсінуге болады. Сондықтан бұл екі партияны шатыстырмау керек.

Өнімнің бақыланатын партиясы деп белгілі уақыт интервалы ішінде, бірдей жағдайда шығарылған және бір уақытта бақылауға берілген бір атты, бір типономинал немесе бір типоразмердегі өнім бірліктерінің жиынтығы аталады. Өнімнің бақыланатын партиясы жаппай және таңдамалы бақылауға түсуі мүмкін. Өнімді жаппай бақылау кезінде партияға кіретін өнімнің әр данасы бақылауға түседі, нәтижесінде барлық ақауы бар өнімдерді жарамды өнімдерге ауыстыруға болады, сол арқылы ақаулық деңгейін минимумға түсіруге болады. Таңдамалы бақылау кезінде өнімнің бақыланатын партиясынан кездейсоқ түрде таңдама (даналап шығарылатын өнім үшін) немесе сынама (басқаша (даналап емес) шығарылатын өнім үшін) алынады. Таңдаманы немесе сынаманы бақылау нәтижесінде тұтас өнім партиясының сапасы туралы шешім қабылданады.

Бақыланатын партияның көлемі өнімнің нормативтік-техникалық құжатында нақты сан (мысалы 100, 150, 200, 350 және т.б.) немесе шекті – жоғарғы және төменгі мәндер (мысалы, 91-150, 151-280, 281-500 және т.б.) түрінде тағайындалуы мүмкін.

Таңдама және оны алу ережелері.

Статитстикалық бақылап қабылдау кезінде өнім пратиясының сапасын бағалау таңдаманы бақылау нәтижесінде жүзеге асырылатындығынан таңдамаға ерекше талаптар қойылады. Таңдама кездейсоқ, өкілетті болуы және бүкіл партиядағы өнімдердің сапасын дұрыс көрсетуі керек. Бұған таңдаманың кездейсоқ түрде алынуы кепіл бола алады. Өнімнің бірліктері немесе оның бөлшектері бір-бірінен тәуелсіз, бірдей ықтималықпен алынған болса, бұндай жағдайда таңдама кездейсоқ түрде алынды деп есептеледі.

Кездейсоқ таңдама деп бақыланатын партиядағы өнімнің (бақыланатын мәндердің) кез келген бірлігі үшін бірдей таңдап алыну ықтималдығы қамтамасыз етілген таңдаманы айтады. Өкілетті таңдама немесе сынама деп тұтастай берілген жиынтықтың қасиеттерін қажетті деңгейде көрсететін таңдаманы (сынаманы) айтады.

Мүмкіндік болған жағдайларда партиядағы өнім бірліктерін нөмірлеп оларға реттік нөмір беру және таңдама алу кезінде кездейсоқ сандар таблицаларын қолдану ұсынылады.

Өнім бірліктерін таңдамаға алу әдістері өнімді бақылауға беру тәсілінен тәуелді болып табылады. Өнім бақылауға төмендегі тәсілдердің бірі бойынша берілуі мүмкін: «қатар», «шашырама», «бума», және «ағын».

Өнім «қатар» тәсілімен берілген жағдайда өнім бірліктері реттелген (мысалы, әрқайсысына реттік нөмір берілген) болуы керек және кез келген нөмірлі өнім бірлігі жеңіл табылатын және алынатындай орналастырылуы керек. Өнім бірліктері бақылауға біртекті, өндіріс процесінің уақытынан тәуелсіз қалыптасқан партиялар түрінде түсуі керек (электрлік қоз.алтқыштар, кофе ұнтақтағыш және т.б.).

Өнім «Шашырама» тәсілімен берілгенде оның бірліктері реттелмеген болып табылады, оларды нөмірлеу қиынға түседі және белгілі өнім бірлігін табу және алып шығу іс жүзінде мүмкін болмайды. Өнім бірліктері бақылауға үлкен, өндіріс процесінде алынған партиялардан тәуелсіз қалыптастырылған партиялар түрінде түседі (резистор, гайка, шайба, конфеттер және т.б.).

«Бума» тәсілі «Шашырама» тәсілі сияқты жүзеге асырылады. Өнім бума ішінде болады.

«Ағын» тәсілімен берілгенде өнім бірліктері үздіксіз ағын түрінде өнім шығарылуымен бір уақытта бақылауға түседі. Өнім бірліктері реттелген, оларды жеңіл табу және алуға болады (мысалы, әр екіншісін, бесіншісін, оныншысын және т.б.). Таңдамаға өнім бірліктері немесе оның бөлшектері белгілі уақыт аралығы және (немесе) кеңістік немесе өнім бірлігінің белгілі саны өткеннен соң алынады (мысалы, автоматты станоктардан шығатын өнімдер).
Лекция 4. Өнімнің сапасын бақылап қабылдау статистикалық

әдістерінің түрлері
Өнімнің сапасын бақылап қабылдау статистикалық әдістері сандық, сапалық және альтернативалық сипаттар бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.

Сандық сипаты бойынша статистикалық бақылап қабылдау барысында бақыланатын параметрдің мәндері анықталады, соңынан алынған мәндер бақылау нормативтерімен салыстырылады, нәтижесіне байланысты бақыланатын жиынтық немесе процесс туралы шешім шығарылады.

Сапалық сипаты бойынша статистикалық бақылап қабылдау барысында әр тексерілген өнім бірлігі белгілі топқа енгізіледі, соңынан әртүрлі топтарда жинақталған өнім бірліктерінің өзара қатынасы бойынша бақыланатын жиынтық немесе процесс туралы шешім шығарылады.

Альтернативалық сипаты бойынша статистикалық бақылап қабылдау барысында әр тексерілген өнім бірлігі жарамды немесе жарамсыз категорияларына енгізіледі, соңынан таңдамадан табылған ақауы бар өнім бірліктерінен табылған ақаулар санын немесе өнім бірлігіне келтірілген ақаулар санын бақылау нормативімен салыстырылады, нәтижесіне байланысты бақыланатын жиынтық немесе процесс туралы шешім шығарылады.



Өнім сапасын сандық сипаты бойынша бақылап қабылдаудың ерекшелігі – сапаны альтернативалық сипаты бойынша бақылауға қарағанда таңдаманың көлемі азырақ алынады, өнімнің сапасы туралы көбірек ақпарат береді, сонымен бірге қате шешім қабылдау қауіпі бірдей болады. Мысалы, біз электрлік конденсатордың кедергісін өлшеп, оның мәні 1780 Ом деп таптық дейік. Бұл жерде біз конденсатордың сапасы туралы оның кедергісі шекті берілген мәннен төмен екендігіне қарағанда көбірек ақпарат аламыз. Сандық сипаты бойынша бақылау өнімнің әр бірлігінің сапасы туралы көбірек ақпарат беретіндігінен, таңдаманы толық бақылау тұтас бақыланатын партия бойынша көбірек ақпарат береді. Практикада бұл ерекшелік таңдама немесе сынаманың көлемін альтернативалық бақылауға қарағанда азайту арқылы жүзеге асырылады. Осыған байланысты өнімнің сапасын бақылау немесе сынау қымбатқа түсетін жағдайларда сандық сипаттар бойынша бақылау дұрыс болып табылады.

Сандық сипаты бойынша бақылау кезінде тексерушінің алдында өнімнің сапалық көрсеткішінің шекті мәнінің болуы және осыған байланысты өнім партиясын қабылдау немесе қабылдамау сияқты проблемалар тұрмайды. Ол жай ғана өлшегіш аспаптардың көрсеткен мәндерін журналға жазып отырады. Бұдан соң таңдаманың орташа арифметикалық мәні есептеледі және оның рұқсат етілген шектен шығу-шықпауы бағаланады және бақылау нормативімен салыстырылады.



Сапалық сипаты бойынша статистикалық бақылап қабылдау сандық сипаты бойынша статистикалық бақылап қабылдаумен салыстырғанда бірқатар жақсырақ болып табылады. Негізгі ұтымды жері – сапалық сипаты бойынша бақылау өнімнің партиясын бақылау нәтижесінде өнім бірліктерін жарамды және жарамсыз деп бөліп қана қоймай, оларды категорияларға, сорттарға, кластарға, сапа топтарына бөлуге мүмкіндік береді. Сапалық сипаты бойынша статистикалық бақылауды қарапайым өлшеу құралдарын, мысалы шекті калибрлерді, сонымен қатар күрделі өлшеу құралдарын, оның ішінде автоматты өлшегіш аспаптарды қолдану арқылы жүзеге асыруға болады.

Альтернативалық сипаты бойынша статистикалық бақылап қабылдау өнім бірліктерін бақылау оларды жарамды және ақаулы (жарамсыз) өнімдерге, яғни екі топқа бөлу арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан альтернативалық сипаты бойынша статистикалық бақылап қабылдау сапалық сипаты бойынша статистикалық бақылап қабылдаудың бір түрі болып табылады және өлшеу құралдарының қолданылуымен жүзеге асырылады.

Бұл әдісті альтернативалық деп атау бақылаушы өнімнің жеке бірлігін қабылдау немесе қабылдамау туралы шешімді тікелей бақылау процесінде шығаруы керектігінмен (альтернатива тұрғанымен) байланысты.

Альтернативалық сипаты бойынша статистикалық бақылап қабылдау кезінде бақылау нормативі болып қабылдау немесе бракқа шығару сандары табылады. Бұл сандар ГОСТ 18242 мемлекетаралық стандартында берілген кестелерден алынады.

Қабылдау саны деп өнімнің партиясын қабылдау үшін критерий болып табылатын, таңдамадағы ақаулы өнім бірліктерінің максимум санына немесе 100 өнім бірлігіне келетін ақаулар санына тең бақылау нормативін айтады.

Бракқа шығару саны деп өнімнің партиясын бракқа шығару (қабылдамау) үшін критерий болып табылатын, таңдамадағы ақаулы өнім бірліктерінің минимум санына немесе 100 өнім бірлігіне келетін ақаулар санына тең бақылау нормативін айтады.

Өнімнің сапасын альтернативалық сипаты бойынша статистикалық бақылау сандық сипаты бойынша бақылаумен салыстырғанда таңдаманың көлемі көбірек болуын талап етеді, азырақ ақпарат береді. Екі әдісте де қате шешім қабылдау қауіпі бірдей болады. Бұған қарамастан, альтернативалық сипаты бойынша бақылау практикада жиі қолданылады.

Оның себептері:

- әдіс жеңіл орындалады, біліктілігі жоғары мандардың болуын, көп уақытты, күрделі өлшегіш аспаптарды, көп мөлшерде материалдық шығындарды талап етпейді;

- таңдаманы бақылау нәтижелері бойынша өнімнің бақыланатын партиясы туралы шешім шығару үшін көптеген жазу мен есептер жүргізуді талап етпейді;

- бақылаудың бұл әдісі таңдамадағы өнім бірліктерін бірден жарамды және ақаулы деп бөліп тастауға мүмкіндік береді.



Жарамды өнім деп барлық қойылатын талаптарды қанағаттандыратын өнімді айтады. Ақаулы өнім бірлігі (ақаулы өнім) деп бір де болса ақауы бар өнім бірлігін айтады. Ақау - өнімнің тағайындалған талаптарға сәйкессіздігінің әрқайсысы.

Ақаулық деңгейі. Өнімнің бақылауға түсетін партиясында технологияның немесе өндіру процесінің ерекшеліктеріне байланысты ақаулы өнім бірліктері кездесуі мүмкін. Ақаулы өнім бірліктерінің үлесі ақаулық деңгейімен сипатталады. Ақаулық деңгейі неғұрлым төмен болса, өнімнің сапасы соғұрлым жоғары болып табылады. Ақаулық деңгейі деп өнімнің 100 бірлігінен табылатын ақаулы өнім бірліктерінің санын айтады.

Лекция 5. Бақылау жоспарлары

Бақылау жоспары деп өнімнің партиясын бақылау кезінде орындалуы қажет болып табылатын талаптар мен ережелердің жиынтығын айтады. Бақылау жоспары мынылырдан құралады: бақыланатын партияның көлемі; бақылау деңгейі және түрі; таңдамалы бақылау жоспарының типі; таңдаманың көлемі; бақылау нормативтері; шешуші ережелер және т.б.

Таңдамалар санына байланысты бір сатылы, екі сатылы, көп сатылы және тізбекті бақылау жоспары кездеседі:.

Бір сатылы бақылау жоспарында өнімнің партиясын қабылдау туралы шешім бір ғана таңдаманы бақылау нәтижесі бойынша шағарылады. Көлемі N партиядан n таңдама алынады, қабылдау саны Ас және аралық қабылдау саны Re тағайындалады. Ақаулы өнім бірліктерінің санын z. z ≤ Aс болса партия қабылданады. z ≥ Re болса, партия қабылданбайды (брак деп танылады).

Екі сатылы бақылау жоспары бойынша өнімнің партиясын қабылдау туралы шешім екі (одан көп емес) таңдаманы бақылау нәтижесі бойынша шағарылады және екінші таңдама алу қажеттілігі бірінші таңдаманы бақылау нәтижесі бойынша анықталады.

Бақылау жоспарында мыналар тағайындалады:

N – партиядағы өнім бірліктерінің жалпы саны;

n1 бірінші таңдаманың көлемі;

Ac1 – бірінші таңдама үшін қабылдау саны;

Re1 – бірінші таңдама үшін аралық сан;

z1 - бірінші таңдамадағы ақаулы өнімдер саны;

n2 – екінші таңдаманың көлемі;

Ac2 – екінші таңдама үшін қабылдау саны;

Re2 - екінші таңдама үшін аралық сан;

z2 - екінші таңдамадағы ақаулы өнімдер саны.

Егер көлемі n1 бірінші таңдамада z1 ≤ Ac1 болып шықса, партия қабылданады. z1 ≥ Re1 болған жағдайда партия қабылданбайды.

Егер Ac1 < z1 < Re1 болып шықса, онда көлемі n2 екінші таңдама алу туралы шешім қабылданады.

Екінші таңдама үшін Ac2 және Re2 бақылау нормативтері тағайындалады және бұл нормативтермен бірінші және екінші таңдамалардан шыққан ақауы бар өнім бірліктерінің сомасын (z1 + z2) салыстырады.

Егер (z1 + z2) ≤ Ac2 болса, партия қабылданады; (z1 + z2) ≥ Re2 болса, онда партия бракқа шығарылады, яғни қабылданбайды.

Екі сатылы бақылау кезінде бұйым партияларын қабылдауды мына екі бір-бірімен қиылыспайтын кездейсоқ оқиғалардың сомасы деп қарастыруға болады:

А – партия бірінші таңдамадан алынған өнім бірліктерін бақылау нәтижесі бойынша қабылданады;

Б - партия бірінші және екінші таңдамадан алынған өнім бірліктерін бақылау нәтижесі бойынша қабылданады.

Таңдамалы бақылаудың бір сатылы немесе екі сатылы жоспарын таңдау кезінде бір сатылы жоспардың мына ерекшеліктерін ескерген жөн: қолдануға жеңіл; таңдаманы бақылауға көп уақыт кетпейді; материалдық шығыны көп емес.

Көп сатылы бақылау жоспары бойынша өнімнің партиясын қабылдау туралы шешім бірнеше таңдаманы бақылау нәтижесі бойынша шағарылады, таңдамалардың максимум саны алдын ала тағайындалады және келесі таңдаманы алу қажеттілігі оның алдындағы таңдаманы бақылау нәтижесінен тәуелді болып табылады.

Тізбекті бақылау жоспары бойынша өнімнің партиясын қабылдау туралы шешім бірнеше таңдаманы бақылау нәтижесі бойынша шығарылады, таңдамалардың максимум саны алдын ала тағайындалмайды және келесі таңдаманы алу қажеттілігі оның алдындағы таңдаманы бақылау нәтижесінен тәуелді болып табылады.

Әр тексеруден кейін үш шешімнің бірі қабылданады:

1- партия қабылданады; 2 - тексеруді жалғастыру керек; 3 - партия қабылданбайды.

Бақылау жоспарының оперативтік сипаттамасы

Әртүрлі бақылау жоспарларын салыстыру және бағалау үшін оперативтік сипаттама – партияны қабылдау ықтималдығының (L) ақаулы өнім бірліктерінің үлесінен (q) тәуелділік графигі қолданылады.

Партияны жаппай бақылау кезінде оперативтік сипаттама идеалды түрде табылады (1a- сурет) және бұл жерде q ≤ qкр болған барлық партиялар қабылданады, ал q > qкр болған партиялар бракқа шығарылады (жарамсыз деп танылады). Басқа түрде бұны былай көрсетуге болады:

L(q) = 1, егер q ≤ qкр

L(q) = 0, егер q > qкр.

Таңдамалы бақылау үшін оперативтік сипаттама 1б- суретте көрсетілген.














а) б)

Сурет. Оперативтік сипаттамалар графигі

а) жаппай (100 % көлемінде) бақылау кезінде; б) таңдамалы бақылау кезінде
Оперативтік сипаттама идеалды сипаттамаға неғұрлым жақын болса, бақылау жоспары соғұрлым жақсы болып табылады (нәтижелеріне сенімділік жоғарырақ болады). Бірақ α-β айырымы үлкейген сайын (q1 және q2 аралығында) таңдаманың көлемі, яғни бақылаудың ақшадай бағасы (құны) ұлғаяды). Сондықтан әдетте құны жағынан қолайлы шешім қабылданады.


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет