«Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 013 жылғы №3 басылым в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»


Модуль. ХХ ғасыр басындағы қазақ балалар әдебиеті



бет70/104
Дата22.12.2021
өлшемі2,54 Mb.
#436
1   ...   66   67   68   69   70   71   72   73   ...   104
3 Модуль. ХХ ғасыр басындағы қазақ балалар әдебиеті.

9-ДӘРІС

Қазақ балалар әдебиетіндегі Абай шығармаларының рөлі(тәрбиелік мәні)



  1. Абай өмірі мен шығармашылығы

  2. Абай өлеңдері

  3. Поэмалары мен аудармалары

  4. Абай ғақлиялары.

1.Абай өмірі мен шығармашылығы. Қазақ балалар әдебиетінде ұлы ақын Абайдың да көрнекті орны бар. Балаларға арнайы еңбек жазып, өзі педагогтік іспен шұғылданбаса да, Абай бала тәрбиесіне, оның келешек қоғам үшін пайдалы адам болып шығуына үлкен зер салған. Ұлы ақын 1845 жылы Бұрынғы Семей(қазіргі Шығыс Қазақстан) облысындағы Шыңғыс тауларында туған. Өзінің туған даласының ақындары мен әншілерінің толып жатқан бай шығармаларының бәрін – түрлі хикая-әңгімелерді, ертектерді, батырлар жырларын, тарихи өлеңдерді ауылында жүргенінде талай рет зейін сала тыңдап, жаттайды.

Ауылдағы молдадан хат танытқаннан кейін Құнанбай сегіз жасар Абайды Семей қаласына жіберіп, Ахмет-Риза имамның медресесінен оқытады. Осы медреседе оқыған үш жылдың ішінде дарынды, зирек бала көп нәрселерді үйренеді. Араб-иран және түрік ақындарының шығармаларын құмартып оқи бастайды. Абай жастайынан-ақ сөз тапқыш, өткір сөзді шешен деген атаққа ие болды. Абайдың ерте кезде жазған өлеңдері біздің заманымызға толығымен жеткен жоқ.

Өмірінің 35 жасында Абай қайтадан өлең жазуға кіріседі. Бірақ бұл кездегі өлеңдерін де ол әлі де болса өзінің жақын жас досы Көкпай Жанатаевтың атынан шығарады. Он-жиырма жылдың ішінде ой-өрісі кеңіп, мәдениеті өсе бастаған Абай халық әдебиетіні, шығыс ақындарының ең жақсы мұраларын, әсіресе, орыстың классикалық әдебиетін оқып үйренеді. Тек 1886 жылы, жасы қырыққа жеткенде ғана ол «Жаз» деген өте көркем өлеңін жазып, осыдан кейін тұңғыш рет өзінің шығармаларына өз атын ашық қоя бастады. Міне, осы уақыттан бастап, оның қалған өмірінің жиырма жылы терең мағыналы ақындық творчествосының қанатты кең жайып, еркін гүлдене бастаған кезеңіне айналды.

Абай өзінің есейген шағында жазған шығармаларында халықтың сана-сезімін оятуға тырысады, өзінің турашыл, мысқылшыл өткір тілді өлеңдерінде ел ішіндегі әділетсіздікті әшкерелейді, патша өкіметі әкімдерінің қылықтарын сөгеді, халықты өнер-білімге шақырады, тек өнер-білім, ағарту ісі арқылы ғана ауыр азаптан, әділетсіз тұрмыстан құтылуға болады деп көрсетеді. Өздігінен оқып, білімін толықтыру ісімен де терең шұғылданады, орыс классиктерінің шығармалары оның ең жақын серігіне айналып, қолынан түспейтін болады. 70-80 жылдары Ресейден жер ауып келген орыс революционерлерімен танысады. 1886 жылдың жазынан бастап Крыловтың, Пушкиннің, Лермонтовтың шығармаларын аударуға кіріседі. Абай композитор да болды. Қазақтың халық әндері мен күйлерін жақсы біліп, аса жоғары бағалаған.

Абайдың төңірегіне оның хат танитын шәкірттері Көкпай, Мұқа, Ақылбай, Кәкітай, Шәкәрім, Мағауия сияқты жас ақындар топталады. Абайдың өзі шығарған өлеңдерін ғана емес, оның шәкірттері шығарған өлеңдерді бүкіл жұртшылық аузынан тастамай айтып жүреді. 1897 жылы қара ниетті адамдар болыс-билердің, ру басы старшындардың атынан Абайды жамандап, қаладағы губернаторға, уез бастықтарына арыз жаудырады. Семей полициясының адамдары тінту жүргізеді. Патша өкіметінің жергілікті әкімдері Абайға қандай шара қолданса да, Абай аты бұрынғысынша шарықтап, ел аузында аңыз болды. Ұлы ақын алпыс жасында өзінің туып-өскен жерінде бұл дүниеден мәңгілікке сапар шекті.

2. Абай өлеңдері. Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Ғылым таппай мақтанба», «Әсемпаз болма әрнеге», «Интернатта оқып жүр» т.б. өлеңдері қазақ балаларына арналған туындыларының бірі болып табылады. Ұлы аќын Абай «Жасымда ѓылым бар деп ескермедім» деген өлеңі оқу-білім, өнер тақырыбына жазылған өлеңдері ішіндегі ең алғашы.

«Ғылым таппай мақтанба»(1886). Көлемі 77 жол. Ақын жастар алдына міндет-талаптар қояды. Ең ардақты мақсатың – ғылымды меңгеру дейді. Бес нәрседен аулақ болып, бес асыл қасиетті бойға дарытпасаң ғылымнан опа жоқ дегенді айтады. Ақын ғалым болу мен адам болу мәселесін бір-бірінен бөлмейді. Ғалым болудың тағы бір шарты – ақыл сенген нәрсеге ғана сену. Жастарды артық сенгіштіктен сақтандырады. Кісіні ақылына, ойына қарай бағала деген пікір айтады. Ақылды, парасатты адамның идеал бейнесін ұсынады. Надан, керітартпа адамның жағымсыз бейнесін қарсы қояды. Өлең 6-8 буынды аралас ұйқас үлгісінде жазылған.

«Әсемпаз болма әрнеге»(1894). Әрқайсысы 4 тармақты 6 шумақтан тұрады. Адамгершілік туралы ойларын қайрат, ақыл, әділет, шапқат секілді қасиеттер негізінде ашады. Мағыналық құрылымы жағынан 4 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде адам алдына міндет қойылады. Екіншісінде сол міндетті орындауға қажетті адамгершілік қасиеттер көрсетіледі. Үшінші бөлімде адамның қандай жаман қылықтардан аулақ болуы керектігі көрсетіледі. Төртінші бөлім адамның қандай жақсы қылықтарды әдет етуі қажеттігін танытады. Бұл бөлімдегі ой алдыңғы бөлімдердегі мазмұнның қорытындысы іспеттес. Өлең 7, 8 буынды шалыс ұйқас үлгісінде жазылған.

«Интернатта оқып жүр»(1886). Көлемі – 77 жол. Идеясы – жастарды ғылымға, өнерге, халыққа қызмет етуге шақыру. Ақын шен-шекпенге бола оқитындарды әшкерелейді. Бас пайдасы үшін емес, ар, адамгершілік үшін оқу керек дегенді ескертеді. Жер-жерде орыс-қазақ мектептері ашылды. Олардың жанынан интернаттар құрылды. Ақын оқудың көлеңкелі жақтарын сынайды. Мектеп-интернаттардың түпкі мақсатының тайыздығына өкініш білдіреді. Шәкірттердің рухани қазынадан қағыс қалғанына қынжылады. Өйткені, олар адвокат, не тілмаш болуды ғана аңсайды. Жалған бедел жинауды арман етеді. Кейбір деректерге қарағанда, ақын бұл өлеңді балаларын Семейге оқуға бергеннен кейін жазса керек. Өлең 7 буынды шалыс ұйқас үлгісінде жазылған.

2. Абайдың табиғат лирикасы. М.Әуезов пікірінше: «Абай Ыбырайды жақсы білген. Ыбырай өлеңдері үнемі бірге көшіріліп, жазылып жүруші еді. Абайдың өзінің тапсыруы бойынша солай болса керек. Бұл тегін емес. Екеуінің қазақ ауылындағы көктем жайында жазғандарын оқып отырсаңыз, шынында, бір ақындық мектептің, бір түрлі ақындық дәстүрдің үлгісін көресіз және екеуі де бұрын қазақ жазбаған өлеңді жазған. Кейін аңғарсақ, табиғат суретінің үлкен мастері болған ұлы Пушкин үлгісімен туған өлеңдер екен»,-деп пікір айтқан

«Күз»(1888). Өлең 11 буынды, қара өлең үлгісінде жазылған. Әрқайсысы 4 тармақты 6 шумақтан тұрады. Ауылдың күнделікті өмір тұрмысын нақтылы түрде сипаттайды. Көшпелі ауыл тіршілігі көз алдымызға келеді. Табиғат көрінісінен гөрі елдің өмір-тұрмысы, тіршілік әрекетін бейнелеу басым. Суыққа тоңған бала мен кемпір-шал сиқы күзгі табиғат түріне сәйкес. Ағаш пен қурайды шал-кемпірмен салыстырады.

«Қыс»(1888). Әрқайсысы 4 тармақты 6 шумақтан тұрады. Көлемі 24 жол. Қыс жанды бейнеде суреттеледі. Оны кәрі құдаға теңеу – таза ұлттық тәсіл. Өлеңдегі қазақ өмірінің суреттері қыс бейнесін толықтырады. Ақын сөзін малшыларға арнаумен аяқтайды. Өлең 11 буынды қара өлең үлгісімен жазылған. «Күз», «Қыс» өлеңдерінде тұрмыстың ауыртпалық жағы көбірек айтылады. 1888 жылы жазған «Қыс» өлеңінде Абай жылдың бір мезгілін былай суреттейді: Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды. Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,Басқан жері сықырлап келіп қалды ... … .адам бейнесінде суреттелген қыс кішкентай оқушы көзіне Аяз ата болып елестейді. Қыстың ызғарлы, боранды сұрапылымен қоса, бір жағынан қасқырдың да шабуылы елді алаңдатып қоятын тажал екендігі айтылады. Сұрапыл қыстан малды аман алып шығу қажеттігін малшыларға ескертеді. Қыспен бірге тұмсығын салды қасқыр, Малшыларым, қор қылма итке малды.Соныға малды жайып күзетіңдер,Ұйқы өлтірмес, қайратқыл, бұз қамалды. дейді ақын. Әрине, жаратылыс сұрапылына күресетін адам болған соң, «ұйқы өлтірмес, қайрат қыл, бұз қамалды» деп оған қарсы шығып, жеңіп шығуға үндейді. Адамның сұрапыл күшті жеңетініне ақын еш күмәнденбайды. Өлеңнің құдіреті де осында. Ақы адамға сенім арта сөйлейді. Қыстың пейзаждық көркем сипатымен бірге осындай терең мағына-мазмұны да бар

«Жазғытұрым»(1890). Елдің табиғат аясындағы тіршілігі бейнеленеді. Көлемі 66 жол. Адам өмірі мен табиғат құбылыстарының арасындағы жалғастық бақалады. Ақын табиғат құбылыстарына(жер, аспан, ай, жұлдыз, жел) символдық мағына береді. Күн бейнесі қалыңдық айттырған күйеу тұлғасын елестетеді. Жұлдыз бен айдың күйеу келерде өңдері қашып, берекесі кетеді. Жел той хабаршысы ретінде көрінеді. Соңғы шумақта ақын өмір-болмысты, табиғатты, аспан мен күнді нақтылы, шынайы қалпында бейнелейді. Өлең 6-8 буынды шалыс ұйқаспен жазылған.

3. Поэмалары мен аудармалары. Абай лирикасы көп болса да, сюжетті дастандары аз. “Ескендір”, “Масғұт”, “Әзімнің әңгімесі” поэмалары – көлемді шығарма жазуға ойыса бастаған кезеңін танытатын еңбектер.

“Ескендір” поэмасында А.Македонскийдің озбырлығын, соғысқұмарлығын, дүниеқорлығын әшкерелейді. Дүниенің төрт бұрышын жаулап алса да, оған бәрі аз көрінеді. Ақын Ескендірге Аристотель сияқты ойшыл бейнені қарсы қояды. Сөйтіп осы бейнелер арқылы патша өкіметінің отаршылдық, ел талаушы саясатын сынға алады.

“Масғұт” – философиялық поэма.Оның негізгі тақырыбы жай ғана махаббат емес, әлеуметтік өмірдің қайшылығы. Поэманың идеясында әйелді қоғамның ерлерге тең мүшесі деп тану, оның әлеуметтік өмірдегі орнын бағалау жағына көбірек көңіл бөлінеді.

“Әзімнің әңгімесі” – “Мың бір түн” ертегісінен алынған бір уақиғаның өлеңмен жазылған түрі. Абай өз дәуірінің капиталистік жолмен баю психологиясынан туған жалған мінезін топшылайды. Ол қалайда бай болуға құмартып, оның оңай жолын қарастырып, өзінің үйреншікті кәсібін тастап, барға місе тұтпаған жастың тағдырын танытады. Сондай-ақ ақшақұмар жылпостардың адам өмірімен еш санаспаспай қыршын жасты алдап, өлімге айдап, оның сүйегін аттап, алтын табудан тартынбайтынын әшкерелейді. Поэма аяқталмаған. Бұл үш поэманың реалистік ерекшелігі қазақ даласының болмысын дәл суреттеуінде емес, көлденең образ арқылы сынауында.

Аудармалары. Пушкин шығармаларын аударумен Абайдың көбірек шұғылданғаны – 1889 жыл. Бұл жылы “Евгений Онегиннен” үзінділер күйінде сегіз өлең аударады. Олардың көбі – Онегин мен Татьяна арасындағы хаттар. Олардың хаттарын аудару арқылы Абай қазақ жағдайындағы соған ұқсас тағдырлар мұңын жоқтады. Татьяна сөзі қазақ даласына ән болып тарады. 90-жылдардың басынан бастап Абай өмірінде көңіл құлазытар бірқатар келеңсіз оқиғалар болады. Ақынға қарсы айбат көрсетушілер тобы өсе түседі. 1891 жылы інісі Оспан, 1895 жылы сүйікті ұлы Әбдірахман қайтыс болады.Осылардың бәрі ақынды өмірден түңілдіріп, жалғыздық азабына салады. Осындай тұстарда ол Лермонтовпен көбірек сырласады. Абай Лермонтовтан жалпы саны 27 шығарма аударған.

90-жылдардың аяқ кезінде Абай Крылов мысалдарын көбірек аударумен шұғылданған. “Емен мен шілік”, “Қазаға ұшырығанқара шекпен”, “Жарлы бай”, “Есек пен бұлбұл”, “Бүркіт пен қарға”, “Шегіртке мен құмырсқа”, “Әншілер”, “Ала қойлар”, “Түлкі мен қарға”, “Есек”, “Бақа мен өгіз”, “Піл мен қандан” мысалдарын аударған.

4. Абай қарасөздері арқылы қазақ арасындағы ел билеу тәртібіне, сыйымсыз тәлім-тәрбиеге, керітартпа әдет-ғұрыпқа қарсы шығады. Ақын надандықтан құтылудың жолын қарастырады. Халықты өнер-білімге, адал еңбекке, адамгершілікке үндейді. Қазақ жастарын адамға жат мінез-құлықтан сақтандырады. Мәдениетті елдерден өнер үйренуге шақырады. Абай қарасөздерінде ғылымдық, философиялық, моральдік, діни мәселелер өлеңдерінен гөрі айқын көрінеді. Ақын қарасөздерінің тіл жағынан да, стиль жағынан да өзіндік ерекшелігі бар:



  • жеке қарасөзінде бір мәселені әңгімелейді;

  • жеке қарасөзінде брнеше мәселені қамтиды;

  • әр қарасөзінде қорытынды жасайды, жасаған қорытындысы негізінде адамға пайдалы ақыл айтады;

  • бір сөзінде әңгіме қылған мәселеге екінші бір сөзінде қайта соғып, оны толықтырады.

  • әр сөзінен өзіндік пікір өзгешелігі байқалады.

Х.Сүйіншәлиев Абай қарасөздерін мазмұнына қарай 5 үлкен тақырып төңірегіне топтайды:

1. Қоғам құрылысы, ел билеу жайын көп қозғайтын қарасөздері;

2. Оқу, өнер-білім, тәлім-тәрбие мәселесі туралы қарасөздері;

3. Еңбек, шаруа жайларын әңгімелейтін қарасөздері;

4. Адамгершілік, мінез-құлық жайларын көрсететін қарасөздері;

5. Дүние, өмір туралы ойлары мен дін мәселесін түсіндіретін қарасөздері.

1, 2, 3,14, 24, 26, 29, 33, 39, 41, 42 сөздерінде және “Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы” мақаласында саяси-әлеуметтік, мемлекеттік, қоғамдық маңызы бар мәселелер қозғалады. Жағымсыз құбылыстар, мінездер сыналады. Кейде ғылыми мәселелер көтеріледі. 4, 5, 8, 9, 10, 12, 16, 19, 25, 27, 31, 32, 40 сөздері әңгіме, кеңес ретіндегі диалог, монологтар болып келген. Абай кейде екі адамды не бірнеше адамды сөйлестіріп, кеңестіреді. Кейде өзі әңгіме-дүкен құрып, тыңдаушысымен, не өзімен өзі кеңесіп отырады. Біреуге сұрау қойп, жауап күтеді, не өзі екінші кісінің ролінде толғанады.

Абайдың 37 сөзі нақыл, тұспал сөзден(афоризмнен) тұрады. Афоризмдер Абайдың өлеңдерінде де, қалған қара сөздерінде де кездеседі. Мысалы, “Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық”, “Дүние бір қалыпты тұрмайды, адамның қуаты бір қалыпты тұра алмайды. Ендеше көңіл қайдан бір қалыпта тұра алады”(20-сөз). 7, 17, 43, 45 сөздері Абайдың философиялық ойларын, дүниеге көзқарастарын білдіретін, ғылыми пікірлер айтқан эсселері болып табылады. Абайдың 13, 20, 28, 38 сөздері адамгершілік, мораль, мінез-құлық туралы өсиет мазмұнды және діни ғибрат ретінде келеді. Қысқасы, бұл сөздері арқылы Абай өз замынының ірі бұқарашыл публицисі болды. Ол қазақ жазба әдебиетінде публицистикалық прозаны бастады. Қазақ публицистикасының басы болды. Публицистика - мерзімді баспасөздің шығуына байланысты пайда болған жанр. Онда саяси-әлеуметтік, мемлекеттік, қоғамдық маңызы бар мәселелер қозғалады. Қара сөздер Абайдың соңғы туындыларының қатарына жатады.




Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   66   67   68   69   70   71   72   73   ...   104




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет