ДӘн бірінші дәптер Пролог



бет1/12
Дата05.11.2016
өлшемі1,91 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

ДӘН



Бірінші дәптер

Пролог

Шалының көңілінде бір қыжыл барын Зағыпыран әлдеқашан сезген. Кешкі шай үстінде:

- Біреуден қарызға сұрап алғандай құртпай, толтыра құймайсың ба? – деп кесені лақтыра тастап, өзінен-өзі бүліне бастап еді.

- Осы үйдің бауырсағы қайыс болып кеткен бе?

- Өй, мына шыбын...

- Әй, кемпір...

Ескі, белгілі сарын ғой. Анау алыста қалған жылдарда тіл қатар ма еді, қатпас па еді, ол да есінде жоқ, ал мұндай нәрселерге беті бүлк етпей, міз бақпай отыра беруге көшкелі не заман. Сөйлесе – сөйлесті, сөйлемесе – сөйлемесін.

Ерте тұрып кеткенін аңғарған. Қорада сылдыр-сылдыр, тырс-тырс, дүрс-дүрс. Белгілі: темір-терсекті айналдырып жатқан шығар. Бәсе, гүрілдей бастады. Бір жаққа бармақ қой.

- Мінуге бапандайсың, шаң-топырақтан көзі көрінбейді, мына итаяқты жуа салмайсың ба? – Тағы қоздай бастаған кешегі шабуылдың жалғасы.

Зағыпыран іштей лықсып келіп жеткен бір толқынды тоқтат алмай қалды, бөтелкенің тығыны атылып кеткен секілді, енді тоқтамайды, ешкім тоқтата алмайды. Көзі шақшаң ете түсті:

- Әй, шал! Әй, Кенжебек! Немене қыржың-қыржың? Ит басына іркіт төгіліп, мілиарт деп дүние шулап жатқанда сен неменеге тарыласың-ей? Тәубаңды айтып, қол қусырып, шүкіршілік етіп отырсаң етті. Мына шайтан арбаңды екі өкпеге тепкілеп, тағы қайда бет түзедің?

Пулеметтен бораған оқ астында қалғандай Кенжебек жасқанып, бұға берді. Машинаның жабуын өзі алып, қораның есігін өзі ашты. Тілден қалған адам секілді. Кешеден бергі тұтанып жүрген ашуы су сепкендей басылды. “Москвичті” от алдырып, жүруге бет бұрғанда кемпірі:

- Оразаңды ашпайсың ба? – деді, татулыққа шақырған үн бар.

- Өзің жарылқан!

Газ шұғыл басылып, машина орнынан ытқи жөнелді.

- Өй, мына бар болғыр қайтеді, ей байқасаңшы. Түбіңе бір күні осы қара темір жетеді ғой сенің, қара темір, - деп күбірлеген Зығыпыран алыста ағараңдап, бірте-бірте ақ ноқтаға айналып бара жатқан машинаның соңынан көзін сүртіп қарап, ұзақ тұрды.

Ауыл ішінде заулай жөнелгенімен, былай шыға Кенжебектің аптығы басылып, көңілі жайланайын деді. Жер, аспан – күллі дүние де көк, жасыл бояулардың орнын сары, күрең түс басып, тоқтық, даналық алуандас сезім тудырады екен.

Көңіл түбінде тұнып жатқан, қазір жапырағы қураған сан алуан ескі сырларды түртіп оятатын қайран жерлер-ай десеңші! Мынау “Жалпақ жота”, “Түйе шөккен”, “Иір судың” бойында өткен жастықтың қызық күндерін кімге айтарсың? Көп дауыл соққан, көп жаңбыр жауған, көп дүние өзгерген. Бүгінгілер пәлен бригада, пәлен участок дейді ғой. Шоқиған төбе, арал, жазық, дөңгелек аңғар – баршасын темір соқа тегістеп жыртқан, жік, шекара, айырым жоқ енді, бір-бірімен жалғасып жатқан, сары ала жойқын дария – дән теңізі бар.

Жолдан екі жүз – үш жүз қадамдай жерде, сол жақ қапталда жүріп келе жатқан комбайн аялдағандай болды. Тоқтады ғой. Бірдеңесі сынды ма? Комбайншысы түсіп жатыр. Кенжебек “Москвичті” бұрды.

- Ассалаумағалейкум!

- Әліксалам! Осы ауылданбысың?

- Танымадыңыз ба?

- Әй, тұра тұр, тұра тұр. Сен осы жаңылмасам, Мақаңның ұлы Жұматай емессің бе?

- Дәл төбесінен түстіңіз. Сол мықты мен болам, - деді комбайншы жігіт жерге отырып жатып. Дорбасы бар екен, ішінен термос, нан, банкіге салынған май шығара бастады.

- Сіздерден үйренген дағды, пәле болды. Күніне төрт мезгіл шай ішпесем жүре алмаймын. Есіл-дертім – шай. Бет-аузы шаң-шаң Жұматай ыржиып күлгенде, түрі тіпті қызық болып кетті. – Кенжеке, келіңіз. Шай ішейік. Әлде аузыңыз ораза ма?

- Ой, күшік! Ал, ораза. Не істейсің сонда?.. Кемпір-шал бір ай тамақ ішпей жүрсе, сендерге олжа емес пе? О, несі, іше бер. Мен ана шайыңды тауысып кетсем, кешке дейін басың ауырып жүрер.

Көк тақиялы, орақ тұмсық, қылтанақ мұрт, тарамыс шал Кенжебек, керзі етікті, бет-аузы шаң-шаң отыздың ішіндегі жігіт Жұматай. “АКО 31-54”, “Москвич”, “Нива” комбайны – бірталайға дейін төртеуі де үнсіз қалды.

- Жағдайың қалай? – шалдың жібігенін сезген Жұматай іле жауап берді:

- Бастырған астығым жеті жүз тоннаға таяп қалған секілді.

Кенжебек өңі жылып, тарамыс қолдарын созып, алға ұмсына берді.

- Міне, азамат! Мен сені комбайнды қаңтарып қойып, көсіліп отырып шай сораптайтын бозөкпе ме десем, мықты екенсің ғой.

- Қайбір мықты дейсіз.

- Сен өтірік мүләйімсіме, бала. Біз де бірдеңе сеземіз. Мынаған кабинаны істеген, ә? – Кенжебек “Нива” комбайнының қасына келді. – Енді рахат, қанша жыл күннің астында жүрдік біз. – Ақырын күрсінді.

Жұматай Кенжебектің көзінен мұң көргендей болды. Талай жыл жүлде алған, енді уақыты өтіп ұлы дүбірге керексіз болып, отын тасуға, су әкелуге жегілетін қартайған бәйге аттары есіне түсті. Дәл осы сәтте үнсіз тұру қинауға бергісіз хал секілденді. Өзі ес білгенде комбайнда отыратын жалғыз қазақ осы Кенжебек Алпысбаев еді. Үлкен адамға өткен күнді еске түсірудің бір ғанибет екенін жақсы білетін есті жігіт тағы сөз қозғады:

- Кенжеке, алғаш қашан механизатор болдыңыз?

Шал мұртынан мырс етіп күліп:

- Сен тумай тұрып... Отыз жыл бойы трактор, комбайннан түскен жоқпыз ғой, қарағым. Оның несін айтасың, өтті ғой дәурен.

- Еңбек Ері атанғанда нешеде едіңіз?

- Өзің есепте. Ол елу алтыншы жылғы мілиарт кезінде емес пе? Аттай жиырма жыл өтіпті-ау, уақыт-ай десеңші. Мені тоғыз жүз үшінші жылы туды деп жазып жүр ме? Сонда елу үште бола ма?

- Сол жылғы көрсеткіш қандай еді?

- Әй, басты ауыртпа. Жақсылы-жаманды көк темірмен алыстық қой. Ұмытпасам, екі жарым мың гектар егін орсам керек.

- Бұл қазір де керемет көрсеткіш қой!

- Е, оны өздерің білесіңдер. – Кенжебек “Ниваның” о жер, бұ жерін шұқылап қарай бастады, “тамаша”, “тамаша” деп қояды.

Жұматайға бір ой келді:

- Орнынан қозғай алсаңыз, мініп көріңіз, Кенжеке.

- Шын айтасың ба?

- Шамаңыз жетсе... Бұл баяғы трактор сүйрейтін темір арба емес...

- Пох, шіркін!

Кенжебектің лып етіп, комбайн кабинасына шығып кеткенін көрген Жұматай қалжың соңы шынға айналғанда сасайын деді. Шал комбайнды оп-оңай от алдырып, тартып кетті.

Енді қайтті? Қызық болды. Жоқ, дестедегі бидайды жылдам, таза жинап барады. Кәнігі шебердің қимылы сезіледі. Ойпырым-ай, жетпіс үште деп кім ойлайды. Тіпті ұзап барады. Енді қайтті? Тоқтайтын түрі жоқ. Тістеп алған аурудың емі болмас деген осы.

Егін арасымен, асфальт жолда заулағандай, зымырап келе жатқан “Волга” ішінде совхоздың жаңа директоры Қалқабек Тәукеновтың отырғанын Жұматай оп-оңай сезіп, іштей қылп ете қалды. Қасындағы толық кісі Василий Дудкин – партия ұйымының хатшысы.

Сәлемнен кейін, қолма-қол директордың айтқаны:

- Комбайның қайда?

Жұматайдың кінәлі күлкісінен ештеңе түсінбей қалған парторг қазақша судай білетін әдетіне басып, қалжыңдай бастады:

- Әлдебіреулер аударып тастап, тартып мініп кетті ме? Қыздардың бірі болар, әйтпесе жігітке сен алдырасың ба?

Жұматай тағы бір күліп, шынын айтты:

- Ойбай-ау, қыз, жігітке іліксек жарайды ғой, аударып мініп кеткен шал!

- Шал?!!


- Иә, шал. Жетпіс үштегі шал. Осы атырапта трактор, комбайнға бірінші мінген ардақты шал. Социалистік Еңбек Ері Кенжебек Алпысбаев!

- Мәссаған! Бәсе, кәрібоздың мынадай ұлы дүбірде бүйірі қызып жүргенін сезіп ем. Біресе далада егін аралап, біресе қырманда алақанына бидай салып қарап жүруші еді, - деді Дудкин.

Осы кезде қызыл жалаушасы бар “Нива” комбайны бұлардың қасына келіп тоқтаған. Кенжебек кабинадан дабырлай сөйлеп түсіп жатыр:

- Әй, Жұматай, мына қызыл атың лыпып тұр ғой өзі. Биылғы егін де ырғын екен, жарықтық. Әп-сәтте, бір айналым жасамай жатып жемсауы бидайға толды да шықты. Шіркін-ай, мынадай темір тұлпар біздің қолымызға түспеді ғой, әттең, дүние, не керек! Орнынан қозғап көр деп едің, шалдың қимылы қалай екен? Тағы мініп алып түспей қояйын ба осы, - деп сылқ-сылқ күледі.

- Ақсақал, сәлем бердік.

- Е, сәлемдеріңді алдық.

Директор түсін суытқандай болып, қабағын түйіңкіреп сөйледі:

- Ақсақал, мынадай майдан, мынадай науқан кезінде техникамен ойнауға бола ма? Ұят емес пе? Қып-қызыл нарушение жасағансыз. Қазір бір минут қымбат, - дей бастағанда Кенжебек сөзді бөліп кетті:

- Әй, бала, кімсің өзің? Майдан... науқан... оны бізден жақсы білмейсіңдер, сендер.

Сөзге Дудкин араласты:

- Кенжеке, танысып қойыңыз, бұл осы “Алғабас” совхозының жаңа директоры Қалқабек Абдрахманович Тәукенов.

Кенжебек көк тақиясын басынан алып, төбесіне қарай көтеріп қайта киді.

- Әй, балалар, - деді. Шалдардың білмейтіні бит астында. Сен директор бұл совхозға ағұстың он алтысы күні келдің. Дұрыс па? “Отан” совхозында бас агоном едің ғой. Дұрыс па? Жетпісінші жылға дейін бізде, үшінші бөлімшеде агроном болып істедің ғой. Дұрыс па? Осы өңірдегі көненің көзі саған сәлем бере келдім деп осы неге біздің үйге кіріп шықпайсың сен, а? Осың дұрыс па? Мұны маған таныстырады ғой. Сен Қалқабекті, мен үстіңе шұп-шұбар ала матрос көйлегін киіп демалысқа келгенде қыз қуып жүрген кезіңді де білемін...

Басы ашулы басталған сөздің аяғы қалжыңға ойысып бара жатты. Жүзіне бұрқ етіп қызыл бояу шыға келген директор асып-сасып қалды:

- Ойбай, Кенжеке, кешіріңіз. Жаңа келіп жатырмыз. Алғашқы ай... Науқан болса мынау... Әйтпесе сізге сәлем бермегенде, ханға сәлем береміз бе? Әлі үй де көшіп келген жоқ...

- Пәлі, қарағым. Бәсе, бидайдың, дәннің арасынан шыққан жігіттер есті болса керек еді. Үй келген жоқ дейсің, алдымен ерулікті бізден баста... Мынау неменеге тұр аңқиып? Әй, Жұматай, бар, жөнел! Әне, машиналар келе жатыр, - Кенжебектің даусынан, қол сермеп сөйлеуінен қуанышты адамның қалыбы сезіліп тұрды.

Артында екі тіркемесі бар машинаның шофері жиырма төрт-жиырма бестегі жігіт кабинадан басын шығарып, сәлем берді.

- Өй, мынауың тоқтамайды ғой, - деді Кенжебек.

Парторг жымиды:

- Қайдан тоқтасын, биылғы шофердің жүйрігі осы Ибрагим.

Кенжебек қағыс естігендей қайталап сұрады:

- Кім? Кім? Ибрагим? Қосубайдың Ибрагимі емес пе? О, тентек!

- Ойбай, Кенжеке, олай демеңіз, қате болады, - деді директор. – Нағыз мықты. Күніне комбайннан – қырық тонна, элеваторға жиырма тонна дән таситын көкжал Ибрагим бұл.

- Сендерге қабылан болып кетсе де, мен үшін тентек. Менің Қайырбегім комбайнның о жер, бұ жерін шұқылауға жарап қалғанда, қазір “Шалқарда” бас агроном болып жүрген ұлы Қайролла екеуі мұрындарынан су ағып, ауыздарын ашып тұратын. Шофердің ең жүйрігі болды дейсіңдер, ә? Жарайды, азамат! – деп Кенжебек сәл ойланғандай болды. Осыны дереу аңғарып қалған іші сұңғыла Дудкин:

- Сіздің Қайырбек те жақсы комбайншы, - деді.

- Пәлі, оның несін мақтайсың. Он үш жасында қасыма ертіп едім, нағашыларына тартып кеткен бе, немене, жасық жуан ортадан шықпай қойды ғой. Көкпар тартқандай қылып, ер жігіт суырылып тартпай ма?

Дәл биылғыдай мілиартта қасқайып бәйге алмай ма? Жуан ортада тұр. Нағашыларына тартып кеткен ғой, жасық шіркін...

Директор бұған келіспеген сыңай байқатып, басын шайқап тұрып алды:

- Жоқ, Кенжеке, дұрыс емес. Қайырбек тамаша механизатор. Ылғи алтын жұлдызды Алпысбаевтар әулеті алса, өзгелерге не қалады?

- Жеңілдім, қарақтарым, жеңілдім. Мен сендерді бөлмеймін. Іштен шыққан соң, әйтеуір, озық жүрсе дейсің. Әйтпесе осы егін орағындағы күллі жұрт – еркегі бар, әйелі бар, күллі халық – қазағы бар, орысы бар, немісі бар – бәрі менің балам секілді. Жаз шықса, егін піссе, жыны ұстаған бақсы секілді үйге сыймаймын. Есіл-дертім – дала. Бүгін, міне қырға шығып, жолың болғыр Жұматайдың комбайнына отырып, бір жасап қалдым, деді Кенжебек. – Ал сендер, маған қарамаңдар. Жолдарың болсын!

Кенжебек еңкейіп дестеден масақ алды да, уқалай бастады.

- Жарықтық, қасиетіңнен айналайын, дән! Тіршіліктің нәрі, өмірдің өзегісің ғой, сен. Дән дегенің мынау менің алақанымда тұрған жез мұрт бидайдың дәні, адамды асырайтын, тамақ қылып жейтін нан ғана ма екен? Мен қайдан білейін, анау үйдегі қожалақ немерем аспанға ракета ұшыратын күш – атом дейді. Оның өзі көзге көрінбейтін сиқырлы бір нәрсе болса керек, ә? Мен атом-сатом, ракета-сыракетаңды білмеймін, оған миым да жетпейді, ал тіршіліктегі ең қасиетті, ең киелі, ең бағалы, ең алып нәрсені - өсімі, ұрпағы, келешегі бар дүниенің баршасы дән деймін. Маған салса әлемнің кіндігі, барлық заттың атасы, анасы – дән. Бәрі дәннен өнеді. Тағдыр дәнге зақым келгеннен сақтасын десеңдерші, қарақтарым. Ана жылғы дауыл – сендер эрозия деуші ме едіңдер – мен білгенде топырақ дәніне зақым келтіргендерге табиғат көрсеткен зілді ашу. Жермен дұрыс сыйласа алмағандарға жаратылыстың өзі жасаған кекті қарсылық. Ендеше, балалар, дән сырын ұқ. Жемісі тез болмады деп асықпа, күт, мәпеле, өсір, шыда, тос! Дәні бұзылды дегенше, мәні бұзылды дей бер. Өмірдегі серпін, алау, жігер – бәрі дәннен. Тіршілікті жүдетпей, жесірлік, бедеулік, жоқтыққа жол бермей ғұмырды ұзартып, мәңгілікке бастайтын құдірет – дән, шырақтарым, - деп бір бөгелді. – Жарықтық қасиетіңнен айналайын, дән, - деп шекесі торсықтай қатты, қызыл бидайды аузына салды. – Ойбай, сөзді көбейтіп жібердім бе, таңертең өзімнен-өзім бүлініп кемпіріммен шайқасып кетіп едім, енді жайғасып отырып соның шайын ішейін. Ал, жөнелдім. Хош!

Қырманға қарай бет алған совхоз директоры Қалқабек Тәукенов пен парторг Василий Дудкин машина ішінде бірталайға дейін тіл қатпай, үнсіз отырды. Екеуінің де көз алдында жаңағы көк тақиялы, тарамыс шал. Жердің, желдің, судың, күннің тілін білетін жапырағы қурамаған, қарағай тамырлы осы қазақ Диқан Ата, Диқан Бабаның дәл өзі секілді.

- Тамаша! – деді Тәукенов.

- Замечательно! – деді Дудкин.

Екеуі де бір адам туралы бір мезгілде ауыздарынан осы сөздің қалай шыққанын сезбей қалып еді.



БІРІНШІ НОВЕЛЛА

Машина мұз құшақта сіресіп жатқан Есілді сықырлатып өте берді. Ұли соққан көк шулан боран тынған. Әзірейілдей ақырған қызыл шұнақ аяз піл сауырлы жалпақ дала төсінде ойнақ салады. Төңірек күнге шағылысқан самолет қанатындай жарқырайды.

Жер аппақ, аспан көкпеңбек. Шілденің сағымы бұлаңдаған көз тоймас сұлу бір күндері болушы еді ғой, ақпанның мына бүгінгі күні одан бірде кем емес.

Қар жамылған ағаштар мүлги ойға кеткен ақ сақалды қария секілді – қызық! Шеберханада балуан білек азаматтар ауыр балғаны дүрс-дүрс соғып жатыр.

Алда созылып жатқан село орталығы. Елден озып, көштен қалмаған, орташа шаруашылық. Бұл совхоздың тарихы – тыңдағы көп совхоздың тарихы, қат-қабат адам тағдыры, әлі қағазға түспегенімен, бір суыртпағы да жоғалмастан әр кеудеде сайрап тұрған тарих.

Селоны аралап келесің. “26 март көшесі дей ме?” Неге мұндай ат қойды екен? – Шарбақты, айнала ағашты, кең, жайлы, көп бөлмелі мына үйлерде кім тұрады? Қандай жан? Қандай сыр?.. Евдокия Ивановна ақырын күрсінді де, ауыр денесімен күйеуіне қарай аударылып түсті. Бөлме қараңғы. Үй иесі қазақтар төргі бөлмесін алыс Харьков облысынан көшіп келген Тапаловтарға босатып берді.

- И-и, қарақтарым-ай! Үйден қырық қадам шыққан соң қаріп деген. Өздері жылқы етін жей ме екен? - Әсіресе жасы жетпістен асып кеткен Қанипа әжейдің ықыласы бөлек. Бес жасар Раисаны айналып-толғанып:

- Келе ғой, кел, - деп біресе конфет, біресе бала бұрын әсте татып көрмеген құрт ұсынады. Өңкей бір жылы жүзді, мейірбан жандар екен қазақтар. Әсіресе райсполком председателі Малгаждар Садуақасов ыстық көрінеді. Қиырдан шаршап-шалдығып келгенде жақын бір туыстарындай кең құшақ, мол махаббатпен тосып алып, үйді-үйге бөлген осы бір адам келгендердің жүрегінің төрінен орын тепкен.

Бойжетіп қалған қыздары Валя қамсыз, тәтті ұйқы құшағында. Кішкентай Раисаның танауы пысылдайды. Күйеуі Константин Андреевич те ояу жатыр екен.

- Неге ұйықтамайсың?

Әйелінің сөзіне Константин үндеген жоқ. Мазасыз ызың секілді ескі әңгімеден қашады. Сақабалы, сар қарын әйел болып қалған Евдокия әуел бастан тыңға баруға қарсы еді. Бала емес, шаға емес, елуге келген шалының Қазақстанға аттанайық дегені қай әбестік? Басында үйі, бауырында қазаны, қорасында малы, өсіп-өнген хуторы. Тескен тау өтіп не іздейді? Байлық па? Қазіргі табыстары қалай шашса да жетеді. Не іздейді?

Уақ-түйек, көп күйбеңмен ісі жоқ Константин қыл мойынға тақалғанда, өз айтқанынан таймайтын бір бет, бүлк етпес табанды. Евдокия қайтсын, көшті де кетті. Енді мынау: біреудің аядай үйінде сығылысып отырғаны. Далада ақ талқан боран. Терезе сылдырайды, мұржа гуілдейді. Болашақ совхоз орнында қылтанақ та жоқ. Евдокия күйеуіне ызалы.

- Осылай сүйретіп жүріп өлтіресің ғой бізді!

- Басқадан артықсың ба?

- Тым болмаса балаларды ойласайшы...

- Түк те етпейді.

Мына сөзден кейін Евдокияның жүрегінің басы сыздап кетті.

- Құдайым-ау, цыгансың ба? Не іздейсің бұл жерден? Не? Не? Өз жерімізден өзіміз неге бездік, неге қаңғып келдік?

- Игереміз тыңды.

- Құрдасың Остапчук қалды ғой.

- Коммунистпін мен... Партия қайда жіберсе, сонда барам.

Ертеңінде Константин Андреевич Тапалов бастаған тың игерушілердің бір тобы тракторға тіркелген шанаға мініп, болашақ совхоз орнайтын жерге қарай бет түзеді.

Жатаған төбелер жұмысшы білегіндей бұлтиып-бұлтиып тұр. “Коммунизм жолы” колхозы артта қалып барады. Күн көзі қырау. Константиннің қалың қара мұртына мұз қата бастаған, көзінде суық жарқыл бар, шабуыл алдындағы жауынгер іспеттес. Тапаловтан басқасы жастар, тіпті өзінің әскердегі ұлы Иванмен құрдастар.

Трактор омбы қарды жара-жара алға жылжиды, шана ілгері-кейінді теңселіп сықырлайды. Бір сәт бәрі де сілтідей тынып, үнсіз ойға кетеді. Тапаловтың көз алдына өз жастығы елестейді: ат үстінде найзаласып жатқан жігіт, суық окоп, отызыншы жылы қолына тиген алғаш трактор... аппақ маржандай тістері жарқырап, тостағандай көздері мөлдіреп күліп тұрған Евдокия, тағы окоп, сұр шинель, керзі етік, өрт болып лаулаған туған хутор, жаралы жауынгер кеудесін шымырлата жеткен “Жеңіс! Жеңіс!” деген сөздер.

Шана бір сықыр етіп барып, қатты лықсып, тұмсығынан шаншыла тұрып қалды.

- Не боп кетті?!

- Мәссаған! Трактор апанға түсіп кетіпті.

Бәрі шанадан ытып-ытып тұрды. Балаң механизатор Вячеслав Олейник темекі тартам деп отырып, жол сорабын аңдамай қалған екен. Қайтпек керек? Колхоздан он шақырым шығып кетті. Әлі жеті-сегіз километр жол алда. Вячеславта зәре жоқ, - көзі жыпық-жыпық етеді, жігіттердің жүзіне қарауға шыдамай, төмен сала береді.

Бәрінің тосқаны Тапаловтың байлауы еді, оның даусы саңқ ете түсті.

- Кәне, әкел күректі.

Әулетті қолдар бұрқыратып қарды лақтыра бастады. Күннің райы бұзылған, денеге инедей қаладатын аяз өз алдына, жыланша сумаңдаған сырғыма жүре бастады. Қары тазаланғанмен, апан терең екен, белуардан кіріп кеткен трактор былқ ете алмайды, жарымжан өкпе секілді мотор да ақырын соғады.

Ызғарлы суық жұқа киімді тесіп өтіп, бойды кеуллеп, бүрістіріп барады. Жігіттер аяғын аяғына соғады, танауы қып-қызыл сәбіздей болып кеткен Олейник тағы бір жайсыз сөз айтады:

- Май азайды!

Ойпыр-ай, сонша жерден алып-ұшып жеткенде, бар қауқарлары бір аяз, бір борандық қана болғаны ма? Аспан аласарып, дүние тарылғандай. Қылыш жүзіндей жалаң-жалаң еткен аяз тиген жерін жұлып түседі. Енді трактордан қайран жоқ. Тас болып қатып жатқан тонды қалай ғана бұзарсың?

Ұлы денені суық қарып, беттің, қолдың терілері ісініп, сүйек сүйекке шеге қағып жатқан сияқты, үсінуге шақ қалған хал бар.

Сенің іздегенің осы ма еді, Константин Андреевич? Ақтың қылышы, фашистің мылтығынан қырдың қырсық бораны күшті ме? Соңғы сәт, ақырғы дем... Жоқ! Бекін, шалым, бекін! Баста ана жастарды! Не істейсің сонда? Мұз қиыршық енді көзді аштырмай пәле қылды-ау.

Түу, манадан ойға келсейші...

Дереу шана бұзылды да, алау от жағылды. Жігіттер жандарын шақырып, ес жия бастады. Қас қарайып кеткен. Ағаш азайды.

- Колхозға қайту керек, - деді.

- Жолды қайтесің?

- Отырып өлгеннен, жүріп өлген артық!

Тапалов үндемейді. Жұқа киімді адамға мынадай үскірікте он километр дегеніңіз қиямет-қайым. Ағаш біткен соң... Ар жағын ойлағысы келмеді.

- Охо, жарық, трактор! – Бәрі жалт қарады. Шынында да трактор!

- Жолың болғыр Мәлгаждар екен ғой. Айналайын, асыл азамат-ай! Тілсіз жаудың тырнағынан құтқарды. Әй, азамат-ай!..

Сол түні, 1954 жылдың 26 мартында жаңа совхоздың алғашқы қазығы қағылды...

Тапаловтардың семьясы қонағуар: Константин әңгіменің майын тамызады. Евдокия жас капуста мен торай етінен борщ істеп жатыр, сегізінші класта оқитын Раиса қалаған пластинкаңызды ойнатады, ұлдары Иван “Москвичпен” апарып салады. Алпыстан асып кетсе де Тапалов ештеңені ұмытпаған.

- Фу, кәрілік! Менің бригадам анау-мынау Швейцарияның жерін жартып тастады.

Евдокия күліп қарап тұр.

- Шал мақтанады енді. Елу бес, елу алты, елу сегізінші жылдары көрмеге барғанын айтады. Медальдарын көрсетеді, өзінің бригадасы, совхоз туралы газетке басылған бір ауыз сөз болса, бәрі ана чемоданда. Өзінің қатары әлдеқашан пенсияда, тыныш тірлік, үй қамы. Бұл совхоз жұмысы десе әлі де ішкен асын жерге қояды.

Егін өсе ме, өспей ме, онда шаруасы жоқ, тракторға мінгізсеңіз, бүкіл Сарыарқаның шаңын аспанға шығармақ.


* * *
Михаил сағатына қарап мазасыздана берді. Мынау туған қаласы, ұлы шаһар Москва қазір бұрынғыдан өзгеше әсер етеді. Қоштасу сәтіндегі діріл бар емес пе, сол алуандас бір сезім, ұсақ өкпе, кикілжің тегіс ұмыт болып, сүйген жар жүзіне телміре қарай қалмайсың ба? Михаил Макаров қазір жұлдызды Москваны кеудесінің барлық ынта құштарлығымен баурап, елжірей тебіренеді. Мынау өз көшесі. Әр тасына дейін көзге ыстық, көңілге жақын. Тағатсыз асығып, әрлі-берлі жүреді.

Әлем көзін тіккен есіл астана! Сұлулардың сұлуы Москва! Сенің бір ұлың Михаил жаңа толқын, жас буын сапында кетіп барады алысқа. Иланшы, туған қала. Сенің отың, сенің сәулең мәңгі жүрегімде. Бәсеңдемес, бықсымас жалынды от.

- Мишенька, кешірші! – Тоняны Михаил құшақтай алды.

- Үш минут кешіктім. – Тоняның даусы жұмсақ, сүйкімді екен. Көзінде әнтек ерке, тіпті, тентек мінез ұшқыны бар сияқты. Михаилдың толқып тұрған жүзіне онша зер салмастан, сылдырлай сөйлеп, тартып барады.

- Қайттым райымнан. Бармаймын. Қазақстанға. – Михаил Тоня жүзіне жалт қарады. Жігіт беті қуаң тартып, танауы қусырылып кеткен.

- Серт қайда?

- Қыздар айта береді. Оларға сенген жігітті не десем екен.

Михаил Тоняның күлкі ойнап тұрған көздерін көрмеп еді, жігіт жүрегі аппақ қаймағына тышқан шомып кеткендей аунап түсті. Тынысы тарылғандай болып, бойынан суық діріл жүріп өтті. Аңғарымпаз Тоня бәрін бағып, әйелдік менмендігі рахат тапқандай болып, іштей әрі күліп, әрі толқып тұр. Дәл қазір Михаил көңілін орнына түсірмесе, ұстара жүзіндей төңкерілген сезім тілі қиын емес пе, жігіттің иығына қолын салып, Тоня оны өзіне қарай бұрды.

- Ашушаңым, ақымағым - деді де, пальтосының жан қалтасынан қып-қызыл жолдаманы суырып алды. Онда “Шақыру билет № 0759. Құрметті Антонина Степановна Котова жолдас, Сізді Москва қалалық комсомол комитеті тың және тыңайған жерлерді игеруге тілек білдіруші комсомолецтер мен жастардың жиналысына шақырады. Жиналыс 7 январь 1955 жылы Үлкен театрда күндізгі сағат 11-де басталады” деп жазылыпты.

Өз қызбалығына ұялған Михаил айтарға сөз таппады ма, кім білген, жалт бұрылып, бірен-саран өтіп жатқан адамдарға да қарамастан, Тоняның алмадай қып-қызыл еріндерін ұзақ сүйіп тұрды.

Жалғанда не қиын? Серт қиын. Шын жігіт сол жолда жанын пида етеді. Михаил Макаров перронда тұр. Москвадан шыққан ұзын құрам толы жастар. Лықсымасы, асып төгілері жоқ ұстамды, ой-сезімін екшеп жүретін бір тоға Михаилдың өзі қазіргі қалпын аңғара алмай қалады. Соншалықты көтеріңкі, асқақ, шарасынан шалқып жатқан суреттер.

Үлкен театрда ине шаншар бос жер жоқ. Өңкей аршын төс жігіттер, тоқ балтыр қыздар. Вокзалдағы симфонияға бергісіз сәт...

Бір станциядан соң, бір станция. Қар жамылған дала. Қазақстан әлі алыс. Совет жері неткен шексіз еді. Михаилдың ойы сан-саққа жүгірді. Сонда да тірелер тығырық біреу: ол – серт. Тоня екеуі бүрсігүні үйленбек еді ғой. Партияның шақыруы, міне, енді міне жол: вагонда үйленсе қайтеді?..

Жаңа хабар бүкіл составты дүрілдетті. Тіпті, ешкім ойлап таппайтын қызық секілді. Қыздар Тоняға қалыңдық көйлегін тігіп әбігер. Жігіттердің іздегені оңай табылып жатыр. Күткен сәт жетті, ақыры.

- Болды қызық...

- Міне, нағыз той!

- Горько-о-о!

Екі жас Тоня Котова мен Михаил Макаров енді ерлі-зайыпты болып сүйісіп тұр.


* * *
Слесарь Ыдырыс Нұрбаев жұмыстан соң, шеберханада қалып әрнемені шұқылап, техника журналдарын ақтарып жүретін еді. Михаил Макаров оның жұмыс жандылығын, әсіресе кісіге жылы сәуле шаша қарайтын қара көздерін сүйеді. Ал Нұрбаев бүгін оны жағалай берді.

Трактор жөндеудің әбден қызған, қарбалас шағы емес пе қазір. Енді бір қылт етсең, март. Ар жағында көктем, механик Макаровтың танауына су жетпей жүр. Шеберхана меңгерушісі Мәсімхан Қайырхановта отыру жоқ. Слесарь Малдыбай Қаработаев, Тұрғанбек Ементаевтар үзеңгі қағыстырып жүр.

Бүгін жөнделген моторлар жеке қойылып жатыр. Нұрбаев тағы келіп, сәл қысылғандай болып тұрды да:

- Михаил Павлович, бір сырым бар еді, - деді. Макаровтың жүзі ойлы. Іштей анау не айтады, соны шешпек.

Жиырма тоғыз жасар коммунист, жергілікті советтің депутаты, Михаил Макаров – осы совхоздағы ең беделді адамдардың бірі. Тоғыз жыл бойы табан аудармастан осы жерде істеген. Қағылған бір шеге, қаланған бір кірпіш тарихы белгілі оған. Әрі депутат деп, әрі естияр, ақылды жігіт деп әркім келе беретін.

Өзінен жасы үлкен Нұрбаев не айтады? Әйелі сабырлы адам еді ғой. Шыны аяқ сылдыры да мазасыз нәрсе-ау. Оның бетін аулақ қылсын. Ойға не келмейді.

Нұрбаев бұрын Макаров көрмеген бір нәрсені үстел үстіне қоя берді. Михаил Ыдырыстың жүзіне аңтарыла қарап қалған. Таңырқаған кейіп.

- Михаил Павлович, талайдан мазалаған бір ойлар бар еді. Соларды іске асырғандаймын. Мынау станок. Шеге жасайды, қисайған втулкаларды түзетеді, - деді Нұрбаев.

- Ойпырым-ау, жігітім-ау, көп ортасына неге салмадың? – деді Михаил жұлып алғандай.

- Олпы-солпысы болар деп ұялдым... – Нұрбаев жас балаша қызараңдап тұр екен...

Қарапайым жұмысшы, үзеңгілес досының тапқыр ойы Михаил Макаровты қуанышқа бөледі...
* * *
Аспан айналып жерге түскендей ыстық. Механизаторлар танауынан шаншылып жүр. Егін көл-көсір жалпақ адырды алып, жайнап жатысын қарашы.

Тракторшы Құдайбергенов Жүгінеев егін алқабында соншалықты мерей төге, ыстық ықыласпен қарайды. Ойы алысқа кете береді. Алғашқы топ. Даладағы тұңғыш түн. Жаңылмаса, темір құрсаудай қысқан анау төбенің қолтығы болса керек.

- Есеңді жіберме, солдат! Бас газға!

Қайран Константин Андреевич-ай! Бойыңнан әлі де жас қайраты сөнбеген ер адамсың-ау. Осы совхоздың бел қазығы сенсің ғой. Құдайберген көйлегін шешіп тастады, майкеңшең отыр. Елу төртінші жылдың күзінде әскерге шақырылғанда.

- Әй, ұл, көзіңе қара. Солдатқа қыздар қызыққыш келеді. Осыдан оралма... – деген Тапаловтың сөздері әлі есінде. Бейнебір әкесіндей бауырына тартып, қамқор хатын үзбеді ғой.

Үш жыл аттай шауып өте шықты. Құдайберген әбден ысылды, сержант, шофер. Әрине, қайтады тыңға. Еңбек өмірбаяны сонда басталған. Үзіп тастап жүре беретін өмір ойыншық па екен? Алғашқы эшелонмнн келген достарынан артық жан табылар ма?

Трактор гүрілі, жайқалған егін Құдайбергеннің ойын тербетіп, қиялын шығындатады. Үш жылда совхоз қандай өскен десеңізші. Кенет комбайншы жігіттің айқайлаған даусы естілді.

- Құдайберген, сен түстіксіз тарта бермексің бе? Рульді аңсап келген механизатор ет қызуымен, қиялға шомып отырып, аңдамай қалыпты, түстік жеткен екен. Шөптің үстіне дастарқан жайып жіберіп, қаумаласып отырысты.

- Танечкам мені жақсы көреді, - дейді мосқал комбайншы өзіне тиген жілік етін қомағайлана асап жатып.

Аспаз жиырмалардағы қол-аяғы балғадай пысық қыз екен, бәрі атын атамай, еркелетіп “Танечка, Танечка” дейді. Құдайбергенге компот құйып жатып, Тоғжан аңдамай қалды білем, кеудесімен жігіт иығын сызып өтті. Шымыр толқын бойын дір еткізген Құдайберген үндемей, төмен қарап отырып қалды...

Кешегі жиналыстан Жүгінеев шаршап қалған екен, қонақ үйдің жайлы, оңаша бөлмесінде ұйқысы қанғанша жатты. Құдайберген сөйлеген жоқ. Біраз зейін салып, ойланып іштей біреумен келісіп, біреумен келіспей отырды. Тыңның алғашқы қарлығаштарының ең жасының өзі қазір отызды қусырған, соның бірі өзі, өмір өтеді, жас ұлғаяды. Ең жаманы – еске аларлық артта тұлдыр болмауы. Құдайберген шүкіршілік етті. Жоқ, олай емес, тың игерушілер сарайын кернеп отырған мынау нар кеуде жандармен өз жүрегінің бірге соққанына мақтанғандай, оныншы көктем қамын жеп, көп келесіне, темір талқыға сындарлы ой, салиқалы пікірлерін тастап кетті.

Целиноград қауырт өсіп барады. Бірер ай көрмесеңіз, танымай қаласың. Жүгінеев әдемі биік үйлерге тамашалағандай көз қырын бір тастады да, магазинге тартты. Қазір Тоғжанның аяғы ауыр. Не сыйлық алса екен? Бір ойдың ұшқыны жалт ете түсті.

- Кір жуғыш машина бар ма?

Кірпігі қайқайған ақ үрпек бойжеткен сатушының даусы мұнша ащы болар ма, шаңқ ете түсті:

- Білмейсіз бе? Босқа сұрайды. Кезекке тізілу керек.

Өзі тыңдап, өзі тыңдатып үйренген бригадир Құдайберген Жүгінеев қалт тұрып қалды.

- Кешіріңіз, білмеуші едім.

- Айттым ғой, білмесеңіз.

- Анау немене?

- 140 сом тұрады.

Құдайберген сәл ғана ойланғандай болды да, қалтасынан будыратып өңкей қызыл ақшаларды суыра берді, өзі пілдей механизатор, әйелі және жұмыс істейді - әлгі де сөз бе екен. Сатушы қыз көзі жыпық-жыпық етіп, ақшаға бір, Құдайбергенге бір қарайды.





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12


©www.engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет