Дипломдық ЖҰмыс «5В020500- «Филология»


Ә.Кекілбаев прозасындағы түс көру



бет8/12
Дата16.12.2022
өлшемі125,75 Kb.
#163032
түріДиплом
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
Байланысты:
stud.kz-92858
1242759829 (копия), ответы, Документ Microsoft Word, Антонимдер. 5 сыныпқа арналған сабақ жоспары., Т2 4 СЫНЫП 1-апта ОҚУШЫҒА, 1-тақырып
2.2 Ә.Кекілбаев прозасындағы түс көру
Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» мен «Ханша-дария хикаясы» роман-повестері бастан-аяқ түстен тұрады десе де болады. Бұл шығармалардың идеялық, көркемдік тұтастығын құрайтын түс – ішкі монологтың бір элементі ретінде кейіпкердің көңіл-күйін, санасында үздіксіз жүріп жатқан психологиялық процесті бейнелейтін бірден-бір тәсіл. Қазақ прозасында түске соншалықты мән беріп, одан үлкен философиялық ой, әлеуметтік-қоғамдық мәселе көтеретін Әбіш Кекілбаевтың көркемдік әлемі әлі де ашылмай жатқан арал секілді.
Ә.Кекілбаев пайдаланған түстерді еске алып көрелік. «Үркердегі» Әбілқайыр ханның түс көріп, оны сонша жерге ат арылтып досы Тайланға жорытуы, «Аңыздың ақырындағы» Кіші ханым мен Әміршінің түстері, «Күй» повесіндегі Жөнейттің, «Ханша-дария хикаясындағы» Гүрбелжін ханымның қыз күніндегі мен ерге шықаннан кейінгі үнемі кіретін бір мазмұндағы түстері т.б. Бұл түстердің поэтикасын талдау, мағынасын оқып-тану арқылы біз көркем шығарманың шындығын, кейіпкердің бүкіл табиғатын, шын бет пердесін, ішкі иірімдерін, көңіл-сана түкпіріндегі құпия сырды, адам жанының психологиясына тереңдей енеміз. Біздің ұлттық менталитетімізде ежелден қалыптасқан түс туралы қғым-сенім, дәстүрлі жорыту жолдары Ә.Кекілбаев шығармаларында жаңаша өң алып, олар үлкен әлеуметтік, философиялық, ғибраттық, психологиялық та қызмет атқаратын болды. Тіпті, түстің адам тағдырын, оның қоғамдағы орны мен азаматтық ар-абыройын да (түс көрудің шыңы болып табылатын Әмірші, Кіші ханым, Гүрбелжін, Әбілқайыр, Жөнейт т.б. түстері) түбегейлі өзгертіп, өзінің ары мен ақиқат, ол алдындағы қиянатын мойындатуға да мәжбүр ететін құдіреті бар құнды құрал, көркемдік табиғаты тосын тәсіл екендігіне көз жеткіземіз.
Өмірдің мәңгілік құндылығы да осы түстер туралы толғаныстарда кеңінен әңгімеленеді. Түстер мына өмірдің жалғандығын, бүгінгі тақ пен мансаптың, байлық пен бақтың ажал-ақиқат алдында бір тиындық та құны жоқтығын тұспалдайды. Осы түстер арқылы философиялық, психологиялық тереңдіктерге бару, бүкіл адамзат баласына ортақ «мәңгілік құндылықтар», адамгершілік мәселелері, кезең, орта, уақыт таңдамайтын көкейтесті проблемалар жөнінде ой толғау керек. Ә.Кекілбаев түстеріне, оның қаламгерлік қуатына тән қасиет.
Сондай-ақ, жазушы түстерді сюжет құруда және әдеби тәсілдерді түрлендіруде, шығарманың бүкіл көркемдік-құрылысын ажарландыруда бірден-бір айшықты тәсіл ретінде қолданады.
Негізі, Ә.Кекілбаев түс арқылы адамды қалай зерттейді, адам өмірі мен түстің байланысы қандай? «Түс-түлкінің...» деп, тіршілікте ешкім елеп-ескере қоймайтын түс Ә.Кекілбаев үшін нені меңзейді, нені тұспалдайды? Оның түстері оқушысын түпсіз ойларға, философиялық толғаныстарға тіреп қоятыны неліктен? Шынында да Ә.Кекілбаевтың әрбір шығармасында түс – ақиқат. Олар оқушысына ақыл айтпайды, жол сілтемейді. Ол тек тұспалдайды, ой толғайды. Өмір мен өлім, тазалық пен настық(адам жанының), қуаныш пен қасірет, адалдық пен жауыздық т.б. толып жатқан қайшылықтар жайлы сыр шертеді. «Мәңгілік құндылық» жайлы философиялық ойларға жетелейді. Бірақ нұсқау бермейді. Түсті кім қалай түсінеді, кім қалай жориды, неге тұспалдайды содан өз қорытындысын шығарып алады. Міне, Ә.Кекілбаевтың түсті қолданудағы көксеген мақсаты да осы. Түстегі символдық, мифологиялық көріністер романдағы өмір шындығымен үндесіп, кейіпкердің бастан кешкен өмір азаптары мен жан қозғалыстары психоаналитикалық тұрғыдан тереңдетіле талданады. Түс поэтикасы көркем туындының сюжеттік-композициялық құрылымымен тұтас қарастырылса ғана баянды болары хақ. Енді бір сәт осы түстердің өздеріне, олардың берілу тәсілдеріне де тоқтала кетейік.
«Аңыздың ақыры» романындағы «Махаббат» атты тараудан бір үзінді: «...Бауыры от құшақтағандай өртеніп барады. Ол төсегіне батылсыз енген жас жігіттің мойнына оратыла кетті. Бұның баяғыдан бергі сарылып күткен ыстық іңкәрі басқа ешкім де емес, тек осы ғана...» [34, 151]. Бұл – Кіші ханымның түсі, екі бетке созылып әйелдің есін алған шебер жігіттің ыстық құшағы түс емес тап өңдегідей өртеп барады, яғни бұл көрініс бар бояуымен, табиғи болмысымен бейнеленеді. Өйткені, түс өтірік айта алмайды. Адамның жан баласына жақ ашып айтпаған, отыз тістен шығармаған шынайы шындықты, ішкі жасырын құпия-сырды әшкерелеген де осы түс. Сіз өзге түгіл өзіңізден де жасырып жүрген құпияңызды ашатын да, жұртқа жария ететін де – түн, түс, ондағы бейсаналы сәттер. Сіздің күндізгі еркіңізге көніп, жасырын жатқан іңкәр сезімді де оқыста опасыздықпен әшкерелеп қоятын да осы – түс. Абайдың ел-жұрттан жасырып, тек жүрегінде ғана сақтап-жаттап жүрген жалғыз есім – Тоғжан еді. Ұл-қызы бар, некелі жұбайы болса да, елге танылған атақты Абайды да естен айырып, «Тоғжан» деп толғандырып қойған осы түс емес пе еді? Бөгде жұртта, әсіресе Тоғжан деп тіл қатуға қақысы жоқ. Тоғжанның қайын елінің көзінше – «Жаным! Асылым. Барым бір өзің» – деп бар сырын жұртқа жариялатып, ішкі әлемін әшкерелеген де осы – түс. Бұл түстің тек шындықты әшкерелейтінін дәлелдейді. Абай ақыл-парасатты, сезімі өз еркінде болған күндізгі сәттерде ол еліне, ұл-қызына, жарына арналады да, сезім мен санасын билеген түсте ол тек Тоғжанды аңсайды, өмірдегі "Барым бір өзің" – дейді. Жан мен жүрек, бүкіл ішкі еркіндігі Тоғжанға арналғандығын, тек тәні мен ақыл-санасы салқын кезде Ділдәға, ұл-қызына бағышталғанын көрсетеді.
Кіші ханым да күні бойы алыс сапардан оралған Әміршіні ойлап, аңсап, бар жан-тәнімен соған бағышталды, бірақ түсінде шебер жігіттің шырмауынан шыға алмай қалады. Өйткені, ол өтірік өрге баспайтын түс өлкесінде, өзге әлемнің ішінде жүр. Ешқандай ақыл-еске, ырыққа көнбейтін бейсаналы елінде саяхатта жүр. Күндізгі өзін-өзі алдаусыратқан алдамшы, жалған өмірден өзге шынайы өмір, шындық пен тазалықтың, адалдық пен ақиқаттың аулында ол. Өзін-өзі алдайын, ұстайын десе де, ерікке көнбейтін түн, түс деген тылсым күш оның бүкіл шын бет-пердесін ашып тастады. Өзі де білмейтін, сезбейтін, тіпті мойындамайтын жүрек сырын түс әшкерелеп берді. Осы жерде ұйықтап жатқан адамның қимыл-қозғалысын, дене қалпын зерттеген көрнекті психиатр Самюэл Данкелл түс көру сәтінде ашылған ақиқат алдында кім де болса кіші, өйткені ол күндізгі маскировкаға көнбейтін шынайы шындықтың қайнар көзі екендігін ескертеді. Сол себепті де Ә.Кекілбаев түстің осынау психоаналитикалық, символдық, көркемдік мүмкіндіктерін кеңінен пайдалана білген.
Романның үзіліссіз бір үндестікпен дамып келе жатқан оқиға желісі түс сюжетімен үзеңгілесіп, сол қалпында дами береді. Біз оқып отырған үзіндінің сана актісі екені Кіші ханымның түс көру барысындағы ілеспе ішкі күдігі, өз болжауы арқылы анықталып жатады: «Ханым ұйықтайтын ұлан-асыр кең жайды барша жарық жалғаннан көлкештеп тұрған алтын шайған ауыр есік сықырсыз ашылып, аяғының ұшынан басып әлдекім ішке өткендей болды». Мұны алғашында түс емес, елес, көзге елестету екен деп қаласыз. «Кірді де, одан арғыға батылы жетпегендей босағада тұрып қалды... Апыр-ай, кім болды екен. Ханым оны танитын сияқты... Күнде-күнде қасында жүрген, күнде-күнде көріп жүрген біреуі тәрізді. Бірақ жыға тани алмады...». Осылай ұзаққа созылған түс-елес сана астарында Кіші ханымды біраз әуре-сарсаңға салады. Ол ұзақ уақыт мұның кім екендігін білмей, бет-жүзіндегі бейвербалды ишараттарды, сыртқы психологиялық қимыл көріністерді қадағалаумен болады, сосын ғана шырамытады, шебер жігітті. Өңінде өзіне ғашық болып, үздіккен жас жігіттің түсінде батылы жетіп бұған келуі Кіші ханым үшін тосын жәйт. Екеуінің де ішкі бір іңкәрліктерін үйлестірген бұл түс ынтық сезімнен туған сананың сәулесі екені сөзсіз. Өңінде шебер жігіттің салып жатқан махаббат мұнарасында мөлдіреп тұрған мөп-мөлдір сезімді күнде көрсе де мойындағысы келмеген Кіші ханымның да жүрек түкпіріндегі жасырын сырын әшкере еткен бұл түс ең бастысы, ұлы Әмірші алдында сыр алдыртып қояды. Оқып көрелік: «Иә, ол өмірінде өз күйеуінің алдында, Әміршінің алдында жалғыз-ақ рет күнә істепті. Онда да өңінде емес, түсінде күйеуінің көзіне шөп салыпты. Бірақ сол жалғыз қылмысының өзін Әмірші иенің қырағы көзі қалт жібермей, үстінен шығыпты. Бұның бөлмесінде көп аялдамағаны – әйелінің түсінде шайтансырап жатқанын өз көзімен көргені ғой, ашулы шыққаны – бұның түсінде өзге еркектің құшағына кіріп, құштарлыққа берілгенін түсінгені ғой...» [34, 152].
Бұл түстің көркемдік-эстетикалық қызметі мен философиялық құндылығы мынада – жан мен жүректі жегідей жер сезім, ғашықтық дерттің қандай да бір сезімдік-эмоционалдық құбылыстарды, яғни бейсаналы сәттердегі психологиялық процестерді паш ету. Осындай терең ой, үлкен философиялық тұжырымға тірейтін түстің роман оқиғасын одан әрмен әрлеп, ажарландыра түсері хақ. Мұндағы түс көру тәсілінің кейіпкерлердің мінез-құлқын, болмыс-бітімін, күрделі ішкі жан дүниесін ашудағы атқарар қызметі де орасан зор.
Адам атаулыға тән интимдік тәжірибеге сүйенсек, әркім көрген түсінің мағынасын, оның себеп-салдарын іздейтіні табиғи құбылыс. Сондықтан да Ә.Кекілбаев шығармаларындағы түс көрушінің түсі де, ондағы оқиға да оқушысын ойландырмай қоймайды. Және олардың бәрі де романдағы шындықтан алшақтамайды. Олар бейне бір суреткер-автордың философиялық ойлары жинақталған, өз бетінше аяқталып тұрған аңыз-әңгіме, новелла секілді. Түсті алып тастар болсақ көркем шығарманың құндылығынан түк те қалмайтындай.
Негізі Ә.Кекілбаевтың кейіпкерлері ерекше түстер көреді және оны автор да асықпай, толыққанды түрде баяндайды. Соның бір дәлелі де осы – Кіші ханымның түсі. Түс көрушінің ұйықтар алдындағы, түс көру сәтіндегі, тіпті түстен кейінгі дене мен ішкі жан сезімдеріндегі әрбір психологиялық құбылысты қалт жібермей кеңінен толғап, тереңнен қозғаған қаламгер қатаң бақылаушы, қыбыр еткен қозғалысты аса қырағылықпен қадағалауға құмар.
Дүниеде тән опасыздығынан ой опасыздығының ауыр екендігін ежелден жақсы білетін Әмірші жан мен сананың өзгеге арналғандығын кешіре алмады. Осы опасыз түс кесірінен он саусағынан өнері тамған жас жігіт екі бірдей көз бен қолдан айрылып, домаланған тас секілді зынданға тасталды. Кіші ханым кешірілмес күнәға батты.
Жазушы түсті, одан кейінгі ой-толғаныстарды, сезім мен ой қайшылықтарын, атап айтқанда ашу-кек, опыну мен ақталу, өзекті өртеген өкініш пен налу, күйзелу мен күйреу т.б. секілді болып жатқан сыртқы психологиялық сәттердің бірін де не көзден, не көңілден таса етпей егжей-тегжей баяндайды. Және ол баяндаулар үстірт, сырттай бақылаудан туған оқиға тізу емес, әрбір қалт еткен қыбыр-қимыл арқылы ой айту, образ ойнату, өмірдің өміршең өнегесін көксеу, адам тағдырының мәңгілік құндылықтарын меңзеу бар. Оны да бір сәт бақылап көрелік: «Сүйегін сүйреткен ебіл-дебіл бір хал. Енді ханымға бұл дүниеде, бұл тіршілікте ешқандай қызық қалмағандай. Дарға асса да, басын шапса бәрібір, өз күнәсін, өз қылмысн мойындап болған... Көңілін түсінде жеңген әзәзіл өңінде жеңбей ме?..» [34, 155] Өз қылмысын өзі осылай мойындаған Кіші ханым Әміршіге деген адал көңілі, ендігі өмірінің мәнсіздігі т.б. туралы ой арпалысына түседі. Оның бүкіл өмірін өксітіп қойған бұл түстің нендей құдіреті бар? Кіші ханымды да, Әміршіні де, оқушысын да ойлантып қойған осы түс. Оның айтпағы – тек ой опасыздығы ғана емес, оны жүзеге асырып отырған табиғат пен ар-ақиқат алдындағы адам атаулының әлсіздігі.
Кіші ханым шебер жігіттің таза да адал махаббаты алдында әлсіздік танытса, Әмірші – табиғат пен ақиқат алдында, яғни Кіші ханым мен шебер жігіттің жастығы мен таза махаббатын «күш – айбат», даңқ пен байлық арқылы табындырып, жас жүректі жаулап алмасын мойындайды. Түс міне, осындай мәңгілік мәмлеге келмейтін жас пен кәрінің, тазалық пен байлықтың, махаббат пен жауыздық секілді екі әлемнің қақтығысын, сезім сәйкессіздігін астарлап жеткізеді. «Жұмыр басты пенденің кез-келгеніне лайық күйбең тірліктің қарапайым рахатынсыз қонған бақ пен даңқтың қай-қайсысы да соқыр тиынға тұрмайды екен» [34, 270 ] Бұл – Әміршінің әлгі түстен кейін сол түске қатысты үш адамның (кіші ханым, шебер жігіт, өзі – Әмірші) тағдырын толғана келіп түйген түйіні.
«Аңыздың ақыры» дейтін төртінші тарауда Әміршінің өз түсі баяндалады. Мұнда да жазушының терең ойлы, әлеуметтік-философиялық мән-мағынасы терең адам жанының ішкі иірімдеріне үңгірлей, қазбалай үңілетін айшықты стильдік мәнері айқын көрініп тұр. Дарынның кәсіби даралық шеберлігі де осы түс көру тәсілін ерекше бейнелеп беруімен ұштасып жатқандай. Оқылық: «Ол мынау қарғыс атқан қағынды өлкеден алыстаған сайын басындағы зіп-зілдей тәжден, үстіндегі оқалы киімнен арылып, тұла бойы жеңілейіп бара жатқандай көрінді. Бір уақытта тіпті иығындағы лыпа ихрамға айналып кеткен екен дейді...» 300-305 беттерге дейін созылған түстің қысқаша мазмұны осындай. Автор Әміршінің көрген түсін ертеңіне еске ала отырып, ондағы әрбір детальға, әрбір іс-әрекет пен оқиғаға талдау жасау арқылы жадында қайта жаңғыртады: «Есіне таң алдында көрген түсі оралды. Анау қарлы шыңдар түсіндегі Арафа мен Мұздалифтің, Саф пен Мәрудың күйген бауырдай қоп-қоңыр шоқыларына, көп шуыдлдақ қиқу салып аң қуып жүрген көкжасыл қойнау аяғыңды бассаң бұрқ-бұрқ шаң ұшқан Мин алқабына атымен ұқсамайды. Алайда, түсінде көрген өңірдің шаң-тозаңы, ыстық жалап кеткен топырақтың күңірсік иісі көкірегіне біржола орнап қалғандай. Ғұмыры көрмеген алыс өлкенің көз алдына тап осынша анық сайрап келе қалғанына қайран қап отыр. Әлде қажыға сан рет барып қайтқан пірінің әңгімесінің әсері ме екен. Кешелі-бүгін ойына да алмаған жер түбіндегі киелі өлке бұның түсіне неге кірді? Әлде ата-баба бұған басындағы мына дағдарыстан қалай шығудың жолын меңзеді ме... Шынында да, осы қажыға неге бармайды?..»[34, 306]. Осылай өз түсін өзі ұзақ ойға беріле отырып, болжауы осындай тосын түйін жасатты. Түс-географиялық та, математикалық та өлшеуге сыймайтын, тек көркемдік уақыт пен кеңістік секілді категорияға тән шексіздігі мен еркіндігін де осы жерде айқын көрсетеді. Жер жаһанды жаулаған Әмірші болса да ғұмырында бір рет жолы түспеген өлкені тап өңінде көргендей тау-тасына, топырағына дейін анық көріп, Құранды да өз құлағымен өңіндегідей естуі, елге сүйдірген қағбаның бұдан қашып сүйдірмей қоюы да тек түс көру тәсілі арқылы жүзеге асатын қиял-ғажайып оқиғалар, эмоционалдық, психологиялық, сезімдік құбылыстар, эстетикалық құндылықтар екендігін дәлелдей түседі. Түстің оқиғасы өтіп жатқан жер – Мин алқабы, мұнда түс көруші кейіпкер көп сынақтан өтеді. Мұндай сынақ роман кейіпкерінің басына түскелі отыр. Түстегі пейзаж кейіпкер өміріндегі табиғатпен мүлдем қайшы. Әмірші ауылындағы қарлы шыңдарға Арафа мен Мұздалифтің, Саф пен Мәрудің шаң басқан шөлі кереғар. Бұран-соңды өңі түгілі түсінде көрмеген бөтен өлкеде Әмірші өмірінде білмеген қорлықтың, сынақтың бәрін көріп бағады. Әлемді билеген Әміршімін деп ойлаған ол да көп пенденің бірі екен. Тіпті түсінде кім-көрінгенге ұстатып жүрген қағба тасының бұл келсе ұстатпауы да көңіліне күдік ұялатып, ойын аласапыран етеді. Ә.Кекілбаев өз шығармаларындағы түстерде ертегілік уақытты көп қолданады. Әміршіні әрі-сәрі күйге бөлеп, арғы-бергі күнәларын тізуге мәжбүр еткен түс одан арылудың да жолын қарастыруға көз сілтейді. Ол қажылыққа барғысы келіп, үнемі түс жорытып, әр жорық алдында батасын алатын Піріне келеді. Алайда ол: « – Жаратқан ие, ата-баба, желеп-жебеуші, әулие-әмбие, ақыл қосса, ол тұспалдары соқырға таяқ ұстатқандай сайрап тұрады. Кие үркіткен, әруақ ренжіткен жерің бар шығар, балам, ойлан, - деді де тыйылып қалды» [34, 311]. Далалық жұрағаттар жады мен өмірлік-тәжірибелік болжамында сан ғасырдан бері орын алатын діни-мифтік, этнографиялық салт-сананы танытатын түсті тек жақсылыққа жоруға тырысқан. Әмірші түсі жаманшылықты тұспалдаса да, өзі іштей жақсылықты тілеп келсе де, Пірі ыңғай бермеді. Әміршінің рухани күйреуі міне, осы тоқырау түсінен басталады. Әлгі түстен кейінгі тынышын тонаған сансыз сауалдарына көңіл орнығатындай жауап ала алмаған Әміршінің көңіл күйзелісі, күдік пен күмәнға толы көңіл-күйі, жан дүниесіндегі арпалыс шығарма соңына дейін үздіксіз жүріп жатады. Жалғандағы жалғыз жанашыр деп жүрген Пірінің өктем пішінінен, жарытымсыз сөзінен соң біржола өмірден безген Әмірші рухани тоқырауға, адамдық, моральдық тұрғыдан күйреуге ұшырайды. Кеше ғана бүкіл ғұмырының мән-мағынасына айналған ел билеу секілді астамшылық ой-арманы осы түстен соң-ақ аяқасты болып, күл-талқаны шығады. Тіпті, мына өмірден баз кешіп, Қажылыққа да барғысы бар, күнәсінен айрылғысы да келеді. Бірақ, Пірінің пұшайман пішінінен соң, күрт өзгеріп, тынышын тонаған беймаза тірліктен, осынау опасыз дүниеден біржола безудің бірден-бір жолы жорық, ұлы жорық деп шешеді де, шұғыл сапарға аттанады. Бұл сәрі, соңғысы да болуы мүмкін?! Әрі оның жұмбақ әлемінің шешуін осы ұлы шайқастар шешіп бермесіне кім кепіл?!
Бұл туындының өн бойында осылай өріліп, кейіпкерлерінің ішкі жан дүниелеріне жаңаша жол аша білуі, олардың алуан түрлі хал-ахуалын, көңіл-күйін, психологиялық жағдайларын баяндау шығарма сюжетін дамытуға дәнекер болады. Әрі бұл түстер оқиғаны өрбітер өлке ғана емес, тап сол жағдайды, туғызатын үзік бір үзіндінің өзі болып табылады. Мұның өзі жазушы шығармашылығындағы түс поэтикасын танып-түсінуге түрткі болары сөзсіз. Ә.Кекілбаев шығармашылығына фантастикалық-реалистік, иллюстративті-психологиялық және сюжетті түс көріністері тән. Шығарма сюжетіне тірек болатын мұндай түстер оқушының ойында мәңгі сақталады. Сондықтан да оның түстерін рет санымен санамалап, циклды түстерге жатқызуға болады. Айталық, Кіші ханымның түсін бірінші түс десек, әміршінің түсін екінші деп реттеуге болады. Сондай-ақ Әміршіге аң аулауға барғанда оқыстан шыға келген жолбарыстың неліктен бұғаны қосымша болып, қайғы үстіне қайғы жамағаны белгілі. Жолбарыс қарсы алдында тұрса да ол түс туралы ойланады, оның шешуін тапқандай болады: «Түсіндегі тастың мұны маңайлатпай қойғаны мынадай тосын ажалға көрінген екен" дейді. Алайда ол тірі қалады, есін жиып садағымен атып алған олжасы арасындағы осынау қас-қағым сәтте түсіндегі қара тас секілді. Ажал да бұған ұстатпай кетеді. Мұны да жаман ырымға санаған Әмірші енді өзінің Піріне барып, «анау күнгі түсі мен тосыннан тап болып, бірақ шаппаған жолбарыс жайын айтып" жауап тосады. Ол тағы да: «Кие үркіткен, әруақ ренжіткен жерің бар шығар, балам, ойлан» – дейді де қояды.
Міне, бұлардың бәрі қаламгердің адамды қайта тудыруға және жаңартуға тікелей әкелетін тоқырау түстерінің үздік үлгілері екендігін атап айту керек. Әмірші, Жөнейт, Кіші ханым, т.б. секілді жарты әлемді билеген адамдардың тоқырау түстерден соң адам, ақиқат, ажал, тағдыр алдындағы «аллаларын танып», өздерінің қанды қолдарымен жеткен жеңістері мен даңқтарының өткіншілігіне өкінеді, жерінеді, мүлдем жаңарады немесе біржола күйрейді. Кейіпкерлерге өмірді басқаша қырынан танып, түсіндіруге тырысқан мұндай тоқырау түстер Ә.Кекілбаев шығармашылығында көптеп шоғырланған. Сондықтан да Ә.Кекілбаевта түс көрмейтін кейіпкер кемде-кем. Және олар жәй түс көрмейді. Олардың түстері өміріне өзгеріс әкелетін, кейіпкерлердің жан дүниесін, өмірге деген көзқарасын түбірінен жаңартатын түстер. Оған Әбілхайыр, Әмірші, Жөнейт т.б. түстері куә. Олардың бәрі де түстерінен соң өздерінің қанды қолдарымен қиратқан өмірдің мәңгі құндылықтарының қадіріне жетіп, бағалай бастайды.
Ә.Кекілбаев «Күй» повесінде де Сырым деген жігіттің Құрбан қарияда естіген Жөнейт батыр туралы хикаясы да бастан аяқ түстен тұрады. Күй шежіресіне айналған бұл аңыз-әңгімеде Жөнейт батырдың ұлы Дәулет күйшінің жауға барып, қайтыс болғаны, оның құнына әкелінген қазақ күйшісін тірідей жерге көмгелі батырдың көрген күні азаппен, түні түс көрумен өтеді. Өмірі мен өнері Дәулетінен айнамайтын күйші күн сайын өз баласы болып түсіне еніп, Жөнейттің өзін ажал құштырады. Күн мен түнін ауыстырып, ақыл-есінен айрылғандай ахуал кешкен Жөнейттің күні күн емес. Ол ашумен күйшіні тірідей жерге көмдіргенімен кейін жаны ашып, талай түн кірпік ілмей, құтқарудың да амалын ойластырады. Бірақ бәрі ойы, түсі арқылы ғана жүзеге асады. Осы орайда, түс көру тәсілі қандай көркемдік қызмет атқарып тұр? Жазушы бұл тәсілді қалай пайдаланады? Бұл повестегі түс көру тәсілінің өзге шығармалардағы түстерден айырмашылықтары мен ерекшеліктері қандай? Деген сауалдарға жауап беру үшін жазушының өз тәжірибесіне сүйене отырып қана ой-пікір айтуға болады.
«Күй» повесінде шым-шытырық оқиға жоқ, онда тек ой бар, Жөнейттің күндіз жорудан, түнде көруден жалықпайтын түсі бар. Тіпті, шығармадағы оқиғадан түсті бөліп алып тастауға мүлдем болмайды. Өйткені, олар біртұтас дүние. Бір леппен, бір деммен беріледі. «Ояуында көңілін паршалап жан жүйесіне уша сіңіп қалған ойран ой ұйықтаған соң да мазалады. Көзі ілініп кетсе, аяғының астында жыланша ирелеңдеген қу томар жатқан, қарсы алдыңнан шабынған буыршындай кеудеңнен қағып, алапат бұталар аңдаған қара түлей келеді...» деген секілді кілең жүйелі ой ағымына кеңінен орын беріп, көңілдің ала-құйын асау сезімін селдете жөнелген суреткердің дара стильдік ерекшелігі, ойлау сипаты, көркемдік әлемі ә дегеннен назар аудартады. Үлкен өнері барда қандай өлімге де бас имейтін тәкаппар тұтқын күйші тағдыры мен оның аянышты өлімі туралы жазушы толғанысы сана актісі арқылы айшықталады. Туындының өн бойында өріліп, тақырыпқа тұтасқан түс мазмұны тұтқын күйшіні қалай құтқарудың амалын таппай тордағы арыстандай аласұрып, беймаза күй кешкен Жөнейттің жан азабына құрылған. Түс пен өңнің арасындағы эзотериялық жағдайдағы сананы образды түрде ойнатудың таңғажайып түрлерін асқан шеберлікпен пайдаланған Ә.Кекілбаев батыр Жөнейттің ішкі бір үрейінен, рухани күйреуінен хабар береді. Күн мен түннің, анық ақыл мен шатасқан ойдың арасалмағын ажыратудан қалған Жөнейтке өз баласы Дәулет болып көзге елестеуі сенімді. Алайда әдеби кейіпкердің түсі кәдімгі өмірдегі адамдардың түсіне мүлдем ұқсамайтындығы түсінікті. Негізі көркем шығармада түс автордың қалауына қарай белгілі бір психологияның заңдылығына байланыстырыла пайдаланатындығы мәлім.
Жөнейт өз түсінде кеше ғана өз қолымен көмген тірі тұтқынды енді құтқарғысы келіп алас ұрады: «...Жаным-ау ...Мынау Дәулет пе? Бұл қайдан жүр? Аңтарылып тұрып қалды. Баласын жүзін қырын сап, бұған қарамайды. Жөнейт баласын жер астынан қазып алғысы кеп, қос қолдап тырналай бастады. ...Қарғам-ау, неге үндемейсің?» Өзінің әлем-тапырық даусынан өзі оянып, көзін ашып алды [34, 134]. Кейіпкердің түс көру процесі мұнда көркемдік тұрғыдан талданады. Және түс көру мен одан кейінгі күрделі көңіл-күй күйзелісі сюжеттің өрбуіне сәйкес оны жүргізетін эмоциялық тон, психологиялық хал-ахуал құрады. Жөнейттің бірінші күнгі түсінен соң-ақ ұйықтау мен ояну мезеті психологиялық тұрғыдан өте толыққанды түрде баяндалады. «Анау бір күні түсінен шошып оянып, кешке дейін ес жия алмай қойды. Қара түлейден шыға келсе, күйшіге бір көк шулан бөрі тісін ақситып, желкесін күдірейтіп тап-тап беріп тұр. Көре сала мылтығын оқтап еді. Күйші: "Атпа! Оны атқанша мені ат! – деп шыңғырды. Бөрі мұны көріп безе жөнелді...» [34, 136].
Күйші туралы түн сайын енетін түсі ақыры Жөнейтті өлімге алып келеді. Күн-түн ойынан бір кетпейтін күйші тағдыры оның «Күні кеше намыс қуған, кек қуған еңіреген ермін" деген ойының күлін көкке ұшырып, "кек", "намыс" деп босқа лепіріп жазықсызға тырнағы, нақаққа найзасы батқан желбуаз жендетке айналғанын мойындатқандай еді. Жөнейт батырға өңінде бір кісі алмайтын ақиқатты – түсі тұспалдап жеткізіп отыр. Аңыз-әңгімеге құрылған бұл түс бір емес, бірнеге күн қатарынан енетін болды. Тіпті, түсін жорытып, көңілін аулағысы келіп Темір бабасына да барады. Алайда, атағы жер жарған әулиенің өзі "жүні жығылып, ықтап кеткендей көрінеді» оған.
Бүгін де көрген сол түс, сол айдаладағы құм ішінде өлімін күткен күйші кейпі қайталанды. Мұнда күйшінің басы қу басқа айналыпты: «Ендеше, сол күйшінің басын жұтқан өзің емес пе?» – деп тісін ақситып, сақ-сақ күледі. Бұл түсі. Жөнейт қу бастан сырт айналып қашамын деп, сүрініп құлап, мерт болады. Бірақ бұл түсі емес, өңі еді. Мұндағы не ақылсыздыққа не өзін-өзі өлтіруге алып келетін күйреу түсі кейіпкердің өліміне себепкер болады. Өнері бар адамның өмірі өшпек емес. «Өнер құдіреті кім-кімді өз алдына бас идірмек» деген ақиқатты, философиялық ой-түйінді тұспалдайды Ә.Кекілбаев түстері.
Қазақ жазушыларының ішінде дәл Ә.Кекілбаевтай түске терең мән берген, оның мағыналық мәнін, табиғатын, поэтикасын танып, оны бояуы қанық көркем психологиялық көріністермен кестелей білген суреткер сирек. Ә.Кекілбаевтың «Елең-алаң» атты романындағы түсті, түс мазмұнын оқығанда кейіпкердің өңіндегі өз ойымен өзі алысқан, санасымен салғыласа сырласқан, сан сауалдарына жауап іздеген ілкі бір сәттеріне тап болғандай әсерде боласың. Кейіпкер түсіндегі оқиғаға тікелей қатысып, ондағы сезінген психологиялық, физиологиялық сезімдерді жаны ауыра қабылдап, бастан өткереді. Роман соңындағы Әбілқайырдың ақырғы түсінде тағы да сол баяғы түлкі кіріп, қырық құбылып кейіпкердің ойынша бірде жендетке, бірде таусылғалы тұрған талай-тағдырына айналғандай болады. Ол билеген ханға ертеңгі халық тағдырын сәуегейлікпен тұспалдап берген бұл түсті сұлтан көріп жатып, жол-жөнекей жорып та жатады. Бірақ, ол тап сол сәтте (түс көру сәтінде) оның бірде-бірінен бейхабар еді. Бір-екі үзіндіге үңіліп көрелік: «Қызыл түлкі аяғы жерге тимей жұлдыздай ағып келеді.
...Апыр-ау, бұл қырық бұлтақ түлкі емес пе? Жаны қысылғанда айлаға баспайтын ба еді?.. бұл соншама неден қорықты?
...Сорғалап төніп қалған, екі иығына мініп қалған көк тағысы қайқаң етіп қайта биіктейді. Сақ-сақ күлгендей саңқ-саңқ үн шығарады... Құдай-ау, мынау не өзі – құс па, адам ба?..» [426].
«...Осы қашып келе жатқан өзі кім? Расында түлкі ме?..
Салақ қойшының ұлтарағындай сатпақтанып, екі шекесін сабалап келе жатқан салпаң құлағы айбар жиып, едірейіп-едірейіп шыға келген дейді. Жалт бұрылып қарсы атылды. Аспанға атылды. Төбесінен сорғалап төніп келіп қалған тарғыл бүркіттің өзіне тап-тап берді. Аузын ашып, тісін ақситты. Іліксе қиып түсуге бел буды... Сұлқ түсіп жата кетті. Көзі тағы да көкке түсті. Манағы тарғыл бүркіт әлі шүйлігіп жүр. Мұның ендігі күні не болар екен деп алаңдай шолып айналсоқтап жүргендей...
Сонда әлгі көргені не? Әруақтар көзіне күндіз елестетпеген нышанды түнде түсіне кіргізгені ме? Тарғыл бүркіттің мұны қызыл түлкі қылып қуалап көргені, қанша дегенмен, әруақтардың шақырғаны ғой. Жеме-жемге келгенде төбесінен сорғалап түспегені, не десе де, бұның басындағы халді түсінгені ғой. Сонда да айналсоқтап шыға алмай жүргені, қайтсе де желеп-жебейтін пейілдерінен таймағаны ғой. Ендеше, баяғы Мәті би айтқандай түлкі дәуреннің біржола орнағаны ғой. Ал, сонда бұның әлгі тағдырдың жазуындай тарғыл бүркіттің өзіне тап-тап бергені не болғаны? Өлермендігі ме, өміршеңдігі ме?..
Не де болса, келешек көрсетер...» Сұлтан өз түсін осылай өзі жориды. Түсі қандай анық әрі ұзақ болса, оны жоруы да солай, түстің әрбір деталіне дейін еске алып, өз-өзіне сауал бере отырып, оның жауабын іздейді. Өзінше қорытынды, болжау жасайды. Ә.Кекілбаев бұл шығармасында түсініксіз, шым-шытырық түстерді көп пайдаланбайды, керісінше, мұнда көбіне мазмұны айқын, түсте көрген көріністердің тіпті адамның түр-түсіне дейін анық әрбір жан-жәндіктердің қимыл-қозғалысына дейін қанық бояумен беріледі. Ә.Кекілбаевқа тән бір қасиет – ол түсті кейіпкерінің сол түс көріп жатқан кезінде-ақ сана астары арқылы оқиғаға тікелей араластырып, ой-жарыстырып қояды. Түс көруші түстегі әрбір әрекетке өзінің көңіл-күйін білдіріп отырады. Түлкінің әрбір қимылын қалт жібермей қадағалаған сұлтан «ол неге олай істемейді, өзінің айлакерлігіне неге салмайды» деп жаны қинала, жан күйерлік жасайды, оның себеп-салдарын тереңнен талдауға тырысады. Кейіпкер роліне көшкен автордың психологиялық талдауы таңдай қақтырарлықтай. Ә.Кекілбаев мифологиялық сипаттағы түс көру тәсілінің көркемдік мүмкіндігін кейіпкердің сол сәттегі көңіл-күйін, психологиялық жағдайын жан-жақты ашуы үшін асқан шеберлікпен пайдалана білген.
Түс көру сәтіндегі толғанысты, түстегі оқиға мен түс көруші арасындағы сезімдік, эмоциональдық, психологиялық байланысты З.Фрейд: «...Адамның түс көру сәтінде бастан кешетін жан қозғалыстары күндізгі сергек кезіндегіден мүлдем бөлек... Түстегі образдар мен психологиялық көріністерді сөзге түсіріп, сол көңіл-күйді қайта бастан кешу көп қиындық тудырады» деп түсіндіреді. Адамзатқа бейсаналы сәтте пайда болып, неге олай, ол неге менің түсіме еніп жүр деген сан сауалдардың тууына себеп болу түс көру табиғатына жат нәрсе емес. Сондықтан да суреткердің сауалдарды көбейтіп, соған жауап іздеп жанталасуы да шындыққа жанасымды. Және түс көру кезінде бейсаналы түрде бола тұра түгелі ой ағымына құрылған психолгиялық түзілістер мен талдаулар ертеңіне түсті еске алу сәтінде де қайталанады. Түстегі адамдардың, заттардың, көріністердің образын дәл, анық көзге елестете алмау да көп қиындық тудырары сөзсіз. Түс көрген кісілердің ертеңіне «келе жатыр екем деймін», - деп, көбіне болжаммен, күдікпен тұспалдап жататыны да тегін емес. Түс – адамға бір-ақ рет кіреді. Оны кино лентасындай қайталап көруге болмайды. Ол тіпті мүмкін емес. Қайталап енгеннің өзінде тап сол мазмұнда, сол көріністе, болған оқиғаның еш өзгеріссіз көрінуі мүмкін емес. Ол түс көру табиғатына жат құбылыс. Бір түсті сан рет көрсе де оларды бір-бірімен шатастыруға болмайды. Мәселен, Жөнейттің, Әбілқайырдың, Гүрбелжіннің түстерін тек солардың өздері ғана көре алады. Оны басқа кейіпкер көруге болмайды, ол мүмкін де емес. Керек десеңіз Гүрбелжіннің қайталап енген түстері де мүлдем ұқсамайды бір-біріне.
Негізі, Ә.Кекілбаев түс көру тәсілін екі мақсатта пайдаланады. Бірі – кейіпкердің ішкі жан дүниесіне тереңірек үңіліп, ену үшін, яғни аналитикалық талдау тұрғысынан келсе, бірі – түс көргеннен кейінгі көңіл-күйді егжей-тегжейлі талдап жазу үшін қолданады. Суреткердің көп арқа сүйейтін "тоқырау" түстерінен кейінгі кейіпкердің жан дүниесіндегі ой мен сезім арпалыстары мен қайшылықтарын қатар қойып, салыстыра бейнелеу ең ұтымды тәсіл. Кейіпкердің осындай екі әлем, екі ұшты сезім сәттеріндегі психологиялық процесті бейнелеу арқылы үлкен әлеуметтік-философиялық ой қорытуға бейім жазушы түс көрудің поэтикасын шын мәніндегі көркемдік сапаға көтере білді.
Ә.Кекілбаев «Елең-алаң» романында да түс көру тәсілін кейіпкерінің ішкі жан-дүниесін зерттейтін көркемдік құрал ретінде көп қолданады. Мысалы балшы қыз Бопайдың түсін алайық: «...Түс көріпті... Түсінде тап осы Бегәлінің отауының табалдырығының ішінде мал сойып отыр... Мал дегені, терісін сыпырарда байқады, арлан қасқыр... Жон арқасы көк шуланданып тұр... Өзінен қан шықпайды, ағыл-тегіл сүт ақтарылып жатыр... Селк етіп қолын тартып ала қойды»[130]. Түсіндегі қан дегені сүт болып шықты, аппақ сүт ақтарылып жатқанын жақсылыққа жорыған Бопай тап сол күйі ойламаған жерден алдына жаралы болып, ес-түссіз күйде жеткізілген белгісіз бозбаланың тегін адам еместігін, бұның өміріне керемет өзгеріс ала келетіндігіне осы түсті жору барысында көз жеткізеді. Қыз алдында сұлап жатқан жігіттің Бопайға ертең өмірлік серік болып, жолы да ашық, өзі де аққа жарып, алды жарық болатынын меңзеген бұл түс тегін енген жоқ. Кейін тұрмысқа шыққан соң да тап осындай мазмұнда, бірақ басқа жағдайда енген қан орнындағы аппақ сү тсимволы бейне бір Бопай басына қонған бағы мен бақыты дерліктей. Осы орайда, бір мазмұндағы бірақ, әр түрлі психологиялық жағдайда көрінген түстің бұл түріне Бопайдың Әбілқайыр сұлтанға ерге шыққаннан кейін көрген түстерін жатқызуға болады.
Айталық, бүгін түсіне Ералы кіріп жүр. «Бұлар іште сары табаққа салып ап сары сазандай аунатып бүйенге қатырған шырын уыз жеп отырғанда, ол түрулі іргенің тұсына келіп, көзін сатып, қолын жаяды. Бұлар оны аяп қолдарын қанша созса да, іргеге жетпейді. Үйдегілердің қайырынан күдер үзген Ералы отыра қалып, топырақтың астына қолын сүңгітіп, бұлқынтып саршұнақ па, борсық па бірдеңе суырып алып шығады. Жаңағы олжасын бауыздамай, іремей, тыпырлатып, тырнағын қадап, жайратып жатады. Әлгі немесінен қан шықпайды, ағыл-тегіл сүт ақтарылып жатады...» Көзбен көріп, қолмен ұстағандай көріністері де, түстің мазмұны да айқын. Мұнда шатасу, еске түсіре алмай дал болу жоқ. Бопайдың бірінші, қыз күнінде көрген түсінде сойып жатқаны арлан болса, мұнда не борсық, не саршұнақ екені белгісіз келеді. Бір қызығы екеуінен ақ сүт ақтарылып төгіліп жатады. Тәңіріден төгілген ырыс-береке, бақ-бақыты болған ақ сүтті Бопай бұл жолы да жақсылыққа жориды: «Селк етіп оянып кетсе мең-зең... Бет-аузы жоса-жоса жас. Ұйықтап жатып жылап жатыпты. Әлденеше рет кәлимасын қайырып, әлгіндей сөлекеттеу түсті жақсылыққа жорып бақты. Баяғыда Әбілқайыр алғаш бұның төркінінің табалдырығын аттағанда, бұл өзі де түсінде босағада жайратып арлан бөрі сойып отырмап па еді... Одан да қан шықпай, сүт ағып жатап па еді... Арты жақсылық болып еді ғой соның... Мұның да аты жақсылық шығар... Ләйім солай болғай...» [34, 141]. Бұл түс бір жағынан "түсіңде жыласаң, өңіңде қуанасың" деген қарапайым өмірде көп қолданатын жору салтын, тұрмыстық пәлсапаны еске түсіреді. Қарапайым түстің де шығармада атқарар өзіндік өрнегі, көркемдік эстетикалық құндылық ретіндегі ролі орасан зор.
Сондай-ақ, Ә.Кекілбаев түс пен өң, яғни өлі мен тірі аралығындағы, екі көркемдік әлемді онирикалық поэтика тұрғысынан танып, психологиялық талдау тәсілі арқылы айшықтап, ажарлап суреттеуге де шебер. Әдебиеттегі өрнегі өзгеше бір әлем болып табылатын бұл тәсіл кейіпкердің ішкі өміріне, сана астарына т.б. ену ғана емес, шығарманың сюжеттік желісін күрделендіріп, оны көзге көрінетіндей иллюстрациямен, эмоциямен бейнелеуде болып табылады. Ә.Кекілбаевтың түс көруге деген қызығушылығы романның соңына дейін бір толастамайды. Романның «бісмілләсында» басталған түс-түлкі соңына дейін темір қазық секілді қайталанады да отырады. Өзіне ешқандай көркемдік жауапкершілік жүктемейтін, бейсаналылыққа көп сүйенетін, өң мен түс арасындағы есалаң күй т.б. секілді нышандар мен құпия белгілер жазушының көп қолданатын тәсілдері. Романның басында көрген түсі ме әлде, елес-нышан ба, әйтеуір Мәтінің келіні Патшайым жортқан қызыл түлкісі қызыққа құмартқан қиялдай қыр соңынан бір қалмайды. Оны автор былайша береді: «Енді, міне, бұл дүниеде бар-жоғы белгісіз сол рух бұған тағы да аян беріп, шырт ұйқыдан оятып алды. Бір сәт байыз тапқан алаңсыз көңілін қайтадан бебеулете бастады» [278].
Жалған дүниенің, мына өмірдің өзі де «сағым-түс"»секілді алдамшы деген астарлы ой, философиялық түйін түйдірген бұл түстің тұспалын жазушы мынадай оймен тұжырымдайды: «Байқап қараса, бұның өмірінде болып жатқан оқиға-құбылыстардың бәрі де сағым іспеттес екен. Қазір ғана бадырайып көз алдында тұрған көрікті көрініс еді айналып бір қарасаң, жым-жылас жоғалып шыға келеді. Бәрі өң мен түстей. Бәрі де құбылмалы. Бәрі де алдамшы. Өзгермейтіні, құбылмайтыны – түсіндегі шат-шадыман қуаныштың өңінде өзегіңді өртер бейдауа азапқа айналатыны. Сонда кешегі жеңісі мен желпінісінің де бар болғаны енді айналып келмейтін, көзден біржола бұлбұл ұшқан бұралқы елес, алдамшы көрініс қана болғаны ма?!» [278-б]. Бұл да тоқырау түске жатады. Алайда, Жөнейт пен Әмірші секілді рухани тоқырауға ұшырамай, Әбілқайыр келешекке сенеді, өмірдің өтпелі екендігіне көзі жете отырып, келер өмірден, атар таңнан үміт күтеді.
Ә.Кекілбаев түс көру тәсілін әдеттегідей, үшінші біреу, яғни баяндаушы арқылы тек мазмұнын ғана қысқаша әңгімелеп қана қоймай, көргенін сол сәттте-ақ талдап, сол түске ілесе отырып, оқиғаны дамытуға құмар. Оның түс екенін кейде байқамай да қаласың. Мәселен: «Көзі іліне беріп еді, өзінің Уфаның шет жағындағы бөренеден қиып жасаған жатаған үйінің ауласынан сопаң етіп шыға келгені. Әйелі Устинья бұның көзі таяр-таймаста ақ қырмызыдай құлпырып, гүл-гүл жайнап қоя беріпті. Екі беті албырап, екі көзі жайнақтап өртеніп тұр...
- Сидор Ефимович, қалай тез оралғансыз?! – деп сыңғырлай шыққан даусынан тани кетті.
Бал-бұл жанып, жайраңдап тұрған әйелін құшақтай алғысы кеп, әзер шыдап тұрса да, көңіліне бір қитұрқы ой қашып, қолындағы қамшысын умаждай түсті.
-Жаныңның барында мойныңа ал... деп төне түскелі жатыр еді, кенет...» [190]. Біреу иығынан тартқылап, оған мүмкіндік бермеді. Міне, осындағы түс көру тәсілі романның сюжеттік және композициялық құрылымымен жымдасып, ара-жігі білінбейді.
«Ханша-дария хикаясы» атты повесіндегі оқиғаның өмірге келуіне түрткі болған жәйт – Шыңғыс ханның түсі. Ол түсінде керемет сұлу әйел көреді. «Бар мақсаты таусылып, әйелден басқа ойлайтыны қалмаған кісіше...» деп ол түсін ұмытқысы келгенмен кездейсоқ кез болған мына сурет оны қайта еске салады: «Қасар мерген екеуі желе жортып қасына жетіп барды. Түнде жауған қар бетіне тамғанда қан қандай әдемі. Есіне түндегі түсі оралды. – Осы дүниеде, сәрі, денесі тап осы қан сонардың қарындай аппақ әйел баласы бір ма екен? – деді.
Қасар мерген:
-Таңғұттардың Шидүрге деген бір бекзадасының Гүрбелжін деген әйелі қараңғы үйге кіріп барғанда, самалдай жарқырап кетеді дейді. Болса, тек соның жүзі ғана осындай шығар, - деді шала-жансар қоянды тамағынан орып жатып.
-Таңғұттардың дейсің бе...
-Шыңғыс хан ойланып қалды» [34, 19].
Міне, осыдан «Ханша-дария хикаясы» басталады. Гүрбелжінді алғысы келген Шыңғыс хан қаншама халықты қырып, ақыры оған да қолын жеткізеді. Алайда, жауына жар болғысы келмеген ханым оны өлтіреді де өзі дарияға құлап өледі. Ханша-дария хикаясының өмірге келіп, дамуына дәнекер болған әлгі түс Шыңғыс ханның өліміне әкеліп тірейді.
Осы туындыда тағы бір тоқталар ерекше бір түс көру тәсілі Гүрбелжіннің ерге шықпай тұрып көретін түстері. Ол кейін Шидүрге ерге шыққан соң да талай еніп жүрді. Алайда, оның жоруын ең соңында өзі құздан құлап өлген соң, оқырмандары ғана болжап білді емес пе? Бір мазмұнда қайталанып енетін түс тек Ә.Кекілбаевтың шығармаларында ғана кездеседі: «Ақ некенің төсегінде де баяғы қыз түнгі түстерін көріп жүрді. Ол ылғи түсінде ертегілердегідей бір перизада жігітке ғашық болып, елден-жерден безіп, айдалаға барып, құздан ұшып өлгелі жатқанда оянып кетеді. Сонда дәйім қасындағы серігі өзі әлі бұл дүниеден көре қоймаған бейтаныс біреу болушы еді. Ондай түс көрген күннің ертесіне өзінен-өзі қуыстанып, күйеуінің бетіне қарай алмайтын.
Осы жуықта да түс көрді. Тағы да баяғы құздың басы. Соңдарында – қуғыншы. Алдарында – зымыран. Бұл қасындағы серігіне қарайды. Сөйтсе-Шидүрге. Ажал алдында оған деген көл-көсір сүйіспеншілігін білдіргісі келіп, күйеуінің салалы саусақтарын құшырлана қысады. Гүрбелжін күйеуіне деген айрықша ықыласын сол түсінен кейін анық аңғарғандай болды" [34, 34]. Осы түстері арқылы кешегі қыз күнінде арман болған ғашығының өз қосағы екендігін кеш болса да түсінген Ханым соның жолында өз арын да, махаббатын да аяқ асты етпей өзі мерт болды. Ол өзімен бірге жер-жаһанды жаулаған атақты Шыңғыс ханды мерт етерлік дертке шалдықтырып, өз елінің кегін де ала кетті.
Басқа түстерден бұл түстің ерекшелігі үнемі бір мазмұнда енетін түстің қазақ прозасында алғаш рет пайда болуы және өзіндік өрнегімен өзек алуы еді. Және бұл түстің бір ерекшелігі Гүрбелжінге ғана тән түс, оны өзге кейіпкердің көруі мүмкін емес. Қайталанып отырса да ол түсті тек Гүрбелжін ханым ғана көретін түс болуы тиіс. Осы жерде З.Фрейдтің "Түс жеке санаға тән құбылыс. Және бір рет енген түс қайтып қайталанбақ емес", - деген сөзіне сүйенсек, қыз қиялындағы сүйген жар образы әр кезде қол жетпес армандай болуы да заңды да.
Жалпы Ә.Кекілбаевта түс көрмейтін кейіпкер кемде –кем. Және олардың бәрі де шығарманың сюжеттік-композициялық құрылымын қолынан шығармайтын идеялық-эстетикалық құндылықтың қазығы бола білетін, бүкіл туындының көркемдік дәрежесін биік деңгейге жеткізетін бірден-бір көркемдік тәсіл болып табылады.
Ә.Кекілбаев әр шығармасында аңыз-әңгімелердегі бір ғана қарапайым оқиғаны тілге тиек етеді де соны үлкен драмалық-трагедиялық коллизиялар дәрежесіне көтеріп, рухани әлемдегі, адам санасындағы психологиялық , әлеуметтік, этикалық, моральдық өзгеріс-қозғалыстар арқылы шебер береді. Детальға үлкен мән беретін суреткер сол арқылы өмірдің әлеуметтік, философиялық, эстетикалық мағынасына үңілі, жан диалектикасын, адам психологиясын, ішкі рухани әлемді ашуға тырысады. Жазушы әсіресе, психологиялық прозаға тән ішкі монолог, «ой ағыны», сенсорлық(сезімдік) әсер, ишара, емеурін, көркемдік бөлшек, түс көру, жору, аян беру т.б. секілді ұлттық этнографиялық танымдағы ұғым-сенім т.б. секілді көркемдік компоненттерге көп жүгінеді. Сондай-ақ суреткердің мәңгілік құндылық пәлсафасы – біз талдап өткен «Аңыздың ақыры» романы мен «Ханша-дария хикаясы» повесінің түпқазық идеясы.
«Ә.Кекілбаев творчествосында түс көру тәсілі мен оның поэтикасы түбірінен түрленіп, күрделеніп қана қойған жоқ, сонымен бірге мән-маңызы да, қолдану аясы да, көркемдік қызметі де өсті. Философиялық, әлеуметтік мәселелерді көтеруде үлкен роль атқаратын түс көру тәсілі прозада адам тағдыры мен мінез-құлқын бейнелейтін, адамның ішкі жан-дүниесін зерттейтін, психологиялық талдаудың таптырмас құралы болып қалыптасты. Әдетте әр суреткер шығармашылығының ішкі заңдылығы оның өмір сүрген кезеңіндегі әдеби қозғалыстың көркем контексінде қарастырылса ғана түсінікті болмақ. Қоғамнан, ортадан адам ешқашан алшақтамайды. Ал, қоғамның рухани қозғаушы күші – жазушылардың орны бұл жерде тым бөлек екені де даусыз. Сол себепті де белгілі бір кезеңдегі жеке жазушының шығармашылық тәжірибесін зерттеу сол қалыптағы әдеби процестің жалпы заңдылығын терең танып, түсінуге мүмкіндік берері сөзсіз. Жеке жазушының әрбір шығармасы сол кезең әдебиетінің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосары да хақ.
Мәңгілік құндылықтар мен қағидаларды зерттеп, зерделеуге зейін қойған бұл қаламгерлер кейіпкерлерінің күрделі тағдырын тек психологиялық роман жанры арқылы ашуға сенім артады. Экзистенциялдық түсініктің тиянақсыздығы, өмірдің абсурдтығы, хаосты өмірдегі шашыраңқы пенделік пиғыл, рухани құндылықтың, биік мақсаттың жоқтығы шығармалардың мазмұнын, болмысын құрайды. Бұл баяндаудың сюжеттен тыс принципін, дәстүрлі композициялық әлемін бұзды. Шығармаларда жекелеген кейіпкердің жан азабы, күйініш, сүйініші дағдарысқа ұшыраған рухани өмірімен шектелмей, бүге-шігесіне дейін қазымырлана тереңдей зерттеліп, зерделенеді. Психологизм бұл туындыларды шегіне жете көрсетілген» [32, 140].


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет