Диссертация ғылыми жетекшісі : филология ғылымдарының докторы, профессор Ж. А. Манкеева Алматы, 2008 мазмұНЫ



бет11/14
Дата15.09.2017
өлшемі2,82 Mb.
#33121
түріДиссертация
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

«Көз» тана көз, бота көз, бадана көз, айна көз, қарақаттай көз, жәудір көз, күлім көз, көген көз, қой көз, қоңырқай көз, тұнық, мөлдір көз, мойылдай көз, тұнжыр көз, нәркес көз, тостағандай жанары, елегізеген еліктің жанарындай, қос жұлдыздай қос жанары,т.б.

Аталған концептіге мәтін деңгейінде мысал келтірейік:



Дөңгелек ашық жүзінде әрлі-берлі берлі домалап жүрген жақұт моншақтай ойнақшыған қос жанары, үлбірек ерні, күлгенде сау етіп төгіле қалатындай көрінетін маржан тістері онсыз да қылықты сұлуды одан сайын жұмбақтандырып, одан сайын ынтықтыра түседі( Ә.Кекілбаев. Елең-алаң).

Үрей ұялаған қарақат көздері ботаның жанарындай мөлт-мөлт етеді (Д.Исабеков. Гауһартас).

Әйел сұлулығын тануда көзге қатысты эпитет, теңеулер әр жазушы танымында ұлттық дүние суретіне сай, алайда алуан түрлі сөз өрнегімен өріледі. Мысалы, М.Әуезов сұлулық үлгісі ретінде «шошақтау біткен үлкен қой көз, нұрлы көз, ойлы көз, шұғылалы көзді» таныса, ал Ғ.Мүсірепов танымына «үлкен қара көз, бота көз, құралай көз, айна көз» сияқты эпитеттер жақын.



«Қас, кірпік» - қалам қас, қиғаш қас, имек қас, айдай боп қиылған жіп-жіңішке қас, жаңа туған айдай иілген қас, шағаланың қанатындай қиылған қас, шолпандай алтын кірпігі, найзадай ірі кірпігі, егіншінің қол орағындай қас, доғаланып жатқан өзен нобайындай жіңішке қас, т.б.

Қарлығаш қанатының ұшындай үп-үшкір боп, самайға қарай тартылған қас жүрекке шабар жендеттің жебесіндей... (М.Әуезов. Абай жолы. 1-кітап).

«Мойын» аққу мойын, алма мойын, ерекше аппақ мойын, аппақ жұмыр мойын, ақ торғындай мойын, қаз мойын,т.б.

Сұлу әйел мойнына байланысты тұрақты тіркес, теңеулердің сирек ұшырасуы халқымыздың сұлулықты сырт көзден жасырып, қымтап ұстайтынынан болса керек.

Ал қаз мойын тіркесі иілген әдемі мойынды білдіреді. Әуелде аттың сипатына байланысты, кейін сұлу қыз, көрікті әйелдің мойнына қатысты айтылатын тұрақты тіркеске айналған. Қаз бен аққудың кейбір ұқсастығы негізінде «кербездік», «сұлулық » концептісін бейнелейтін жағымды коннотация туған. Қазақ халқында «қаз» құсы жағымды ассоциация тудырса, орыс халқының танымында оның баламасы «гусь» жағымсыз мәнге ие (гусиная походка, ).

Аққудай иілген мойны, жаңа туған айдай иіле біткен жіңішке қасы, жазық маңдайынан тура түскен әсем мұрны, ителгінің тамағындай аппақ, жұмыр иегі мен қымсынғанда қызыл арай теуіп тұратын нұрлы жүзі, бәрі-бәрі қолдан ойылып жасағандай (Қ.Жұмаділов. Тағдыр)

«Шашы» жібектей майда шаш, сүмбіледей қара шаш, қолаң жібек шаш, толқынды қою қара шаш, білектей-білектей қос бұрым, тізесіне төгілген білектей бұрым, жылтырап өрілген жуан бұрым, көмірдей шаш,т.б.

Көркем шығармада кездесетін мысалдардағы тілдік тұлғаның қазақ әйелінің сұлулығына қатысты сөздік қолданысы да халқымыздың мәдениетіне, ұлттық болмысына сәйкес келетінін байқатады.



Менің шашым, адыра қалғыр, айғырдың ту құйрығындай қалың, жуғанда болмаса құрғақ күйінде тарай алмаймын (Ғ.Мүсірепов. Ұлпан).

Қос уыс бұрым арқада

Қос жылан болып жүреді ( М.Мақатаев. Соғады жүрек).

«Белі» - қыпша бел, бұраң бел, қынай бел, құмырсқа бел,қылдырықтай бел, қылдай жіңішке бел, гүл жібектей бұралған бел, тал шыбықтай бұралған бел, белі нәзік талып тұр,т.б.

Сазды жерге шыққан талшыбықтай солқылдаған тал бойындағы қылдырықтай жіп-жіңішке, аш белі жеңсізбен қынағанда бір-ақ уыс боп үзіліп кеткелі тұр ( С.Сматаев. Елім-ай).

« Мұрны»- пісте мұрын, қыр мұрын, кесек мұрын, бауырсақ мұрын, ұзындау келген мұрын, азырақ келтелеу келген қыр мұрын,т.б.

«Ерні, аузы» - қып-қызыл ерін, шиедей ерін, қаймақтай ерін, жұқалаң қызыл ерін, оймақтай ауыз, т.б.

Әсем басың әп-әдемі мүсініңе шақ қана,

Шиедейін еріндерің қызарып тұр шоқтана (М.Мақатаев.Соғады жүрек).

«Тісі» - кірсіз тіс, маржан тіс, әдемі ақ тіс, мінсіз аппақ тістер, күріштей аппақ тіс, самаладай тістері, меруерттей тізілген тістер, қолмен қойғандай аппақ, майда тістер, жүгерідей тізілген т.б.

Бақытты күлкі ойнаған әсем еріндерінің ар жағынан көрінген аппақ әсем тістері төгіле кететін ақ маржан секілді тізіле қалған (Д.Исабеков. Гауһартас).

«Беті, жүзі» - бүйрек бет, алма бет, аққұба, бидай өңді, қызыл шырайлы, торғылт, қара сұр, үлбіреген қызыл бет, бәйшешек бетті, толған айдай, піскен алмадай, ашаң да ашық жүзді, қауызын жарып келе жатқан гүлдей, жаз дидарлы, иман жүзді, бүр ашқан қызыл қызғалдақтай, наурыздың ақша қарындай, аршыған жұмыртқадай,аршыған жауқазындай, зерен жүзді,т.б

Сонымен бірге авторлық қолданыста «қазақ әйелі » концептіне қатысты оның бет-жүзін суреттеуде төмендегідей мысалдарды кездестірдік:



Есенейдің табақтай жалпақ қара шұбар беті қыздың аққудың жұмыртқасындай аппақ бетіне жақындай берді (Ғ.Мүсірепов. Ұлпан).

Аққу - сирек кездесетін, қазақ ұғымында құс патшасы саналатын, оны атқандар киесіне ұшырайтын қасиетті құс. Ондай киелі, ерекше ардақталатын құстың жұмыртқасы да айрықша болатыны белгілі.

Салтанаттың жүзі бал-бұл жанып, таңғы құлқайыр гүліндей құлпырып кетіпті (Д.Исабеков .Гауһартас).

«Құлқайыр» сөзіне «жапырағы шоқтанып орналасқан, гүлі ақ, алқызыл, қоңыр қызыл, сары түсті көпжылдық өсімдік» деген түсінік берілген ( ҚТТС, 6-т., 461-б.). Кең далада өсіп, оның шүйгін шөбіне мал жайып, таза, саф ауасымен тыныстаған қазақ баласы құлқайырдың жусан, мыңбас, бетеге сияқты шөптермен бірге қой үшін жұғымды, жағымды болып табылатынын біледі. Сондай-ақ өзі күнде көріп жүрген сансыз шөп пен гүлдің ішінен дөп басып танып, ажырата алады. Аталған өсімдіктің гүл ашқан таңғы сәтіндегі сан бояумен құлпырып-құбылған түрін көз алдына келтіру қиындық туғызбайды.

«Сымбат, мүсіні, денесі» - талдырмаш, сұңғақ бойлы, кер маралдай керілген, сымға тартқан күмістей, өзеннің құба талындай, құмға шыққан құба тал, талшыбықтай майысқан, шынардай, теректей, Сырдың құба талындай, Жайықтың боз талындай, қамыстай тұлғасы,т.б.

Толықсыған тұла бойың шыбық па екен, тал ма екен... (М. Мақатаев. Соғады жүрек).

Тақтайдай жауырыны бар, иығы тік,

Екі алма кеудесінде қисаймайды.

Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес, Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды (Абай. 1-т).

Сұлулықтың бір шарты әдемі жүріс-тұрысы. Көріктіге балаған әйел ербең-­ ербең етсе, қойқаң-қойқаң ойқастаса, оны сұлулардың қатарына қосу қиын. Ақылына көркі сай, көздері нұрлы, денесі сымбатты, жүрісі ұнасымды әйел кімді де болса, табындырады.



Қимыл-қозғалысы, жүрісі» - салалы қою кірпігін қағып, анда-санда көз астымен қарауы, көз қиығын серпе тастау, балдай шұбатылып, жібектей ширатылған, күлтеленіп жүреді, аяңшыл бедеудей аяғын кербездене басу, селт еткен маралдай, т.б.

Қамыс басының сыбдырын аңдыған елік лағындай, аяғын тықырсыз басып, елең қағып, ауыз қораның қақпасына жақындады. Тас бедерін шымшып басқан елік баласындай, бар денесінде сергек те ширақ сұлулық бар екен (Ғ.Мүсірепов. Оянған өлке).

Жылдам басқанда дүрия көйлектің қос етегі дөңгелеп дірілдеп, жылтыр кебісінің кішкене іздерінен күреңсе белге өрнек салып кетіп барады (С. Сматаев. Елім-ай).

«Күлкісі, дауысы, лебізі» - ерке күлкі, сыңғырлаған күлкі, сылқ-сылқ күлкі, мөлдір су бұлағындай күлкі, мөлдір суға маржан сепкендей күміс күлкі, күмістей сыңғырлаған үн, жас ботаның даусындай, күміс қоңыраудай, сиқырлы дауыс, періштедей сүйкімді дауыс, әнтек күрмеліп, шіңгірлеген құлыншақтың әлде түн ішінде көл жүзінде сыңқылдаған аққудың даусы, т.б.

Келдім ғой, әрең шықтым, - деген қыз, үнін сыбызғыдай сызылтты (С.Сматаев. Елім-ай).



«Мінезі»- ерке мінезді, сәби сезімді, уыздай таза, балға ашытқан қымыздай тәтті, жібектей сызылған, бұлтсыз күндей ашық, жаздай жайдары, нәзік жүректі, асқан парасатты, сөзге өткір, мінезге бай, жайдары, жарқын,т.б.

«Сұлулық» адамзат баласына ортақ категория болғанымен, оның эталоны әр халықта әр түрлі. Еуропада, әлемдік деңгейде өткізілетін сұлулық байқауларында қатысушы арулардың сыртқы келбеті мен сыр-сымбатына мән беріледі. Ал қызға, әйелге ең алдымен дүниеге ұрпақ әкелуші болашақ ана ретінде қарайтын халқымыз қыздардың бойынан парасатты ана болуға лайықты ғажайып мінез-құлық сұлулығын іздейді, сондай ізгі қасиеттерді дәріптейді.

Осы көзқарасқа қатысты мысалдарды түрлі сипаттағы мәтіндерден кездестіруге болады:

Әйелді естілік жеңсе сұлулығы да арта түседі. Сұлулығы жеңсе естілігі де, сұлулығы да солғындай түседі(/Ғ.Мүсірепов. Ой-сезім сәттері).

Тән сұлулығы- сыртқы көз арбар көрініс,

Жан сұлулығы – бұл әйелдің ішкі дүниесі, сезім шынайылығы, мінез байлығы, пейіл кедігі, ар алдында адалдығы.

Тән сұлулығы- теңіз бетіндегі көпіршік. Жан сұлулығы- бұл тереңдегі ағын( Д.Матайқызы. Ұрпаққа ұлағат).

Әйел жақсы болмайды көркіменен,

Мінезіне көз жетпей, көңіл берме! (Абай).

Сұлулығын қояйын, мінезі артық,

Ақылды, асыл жүрек, сөзі майда (Сонда).

Қазақ әйелінің бағасы мен сипатын, қадір-қасиетін дәл тауып, оны өзінің даналық сөздері, мақал-мәтелдері арқылы өрнектеп, ұрпақтарына мирас етуші халқымыздың бітім-болмысы, тұрмыс-тіршілігі, асылы мен жасығы туралы көзқарасы аталған теңдессіз мұраларында айқын көрініс тапқан. Мысалы, «Әйелдің әйелден артықшылығы – мінезінде», «Көріп алған көріктіден – Көрмей алған текті артық», « Қыз мінезді келсін, ұл өнерлі келсін», «Жақсы әйел жаман еркекті адам қылады, жаман әйел жақсы еркекті надан қылады», «Жақсы әйел өміріңді ұзартады, жаман әйел үстіңе тұз артады» дейді халық даналығы.

Байқап отырғанымыздай,қазақ әйелінің «сұлулық» концептін құрайтын сөздер, тұрақты сөз тіркестері, теңеулерге тірек сөз ретінде халқымыз үшін, оның күнделікті тұрмыс-тіршілігіне, кәсібіне, таным-талғамы мен пайым-парасатына қатысты, тілді тұтынушылар үшін түсінікті, ортақ мағыналар алынған. Ғасырлар бойы негізгі тіршілігінің өзегі мал шаруашылығы боп танылған ат-бабаларымыз төрт түлік малды ерекше қастерлеп алғашқы орынға қойған. Сонымен бірге аңшылық, саятшылық, құсбегілік өнерді қасиетті санаған.Табиғатпен астас өмір сүрген көшпенді ата-бабаларымыз сұлулық пен әсемдікке тән белгі-сипаттарды табиғаттың төл перзенттері мен оның таңғажайып туындыларын (өсімдіктер мен жануарлар әлемі, т.б.) ерекше сезімталдықпен көре білген. Өзге тіл, мәдениет өкілдері үшін күлкілі, миға сыймайтын, бастапқыда қисынсыз көрінетін «бота көз, тана көз, көген көз, қой көз,т.б.» тіркестері қазақ үшін етене жақын, аса ыстық, үйреншікті ассоциация тудырып, әрі сұлулық, әдемі-әсемдікті сипаттаудағы дәл, анық және баршаға түсінікті бейнелер болып табылады.

2.3.1 Абай өлеңдеріндегі «қазақ әйелі» концептісінің көрінісі
Зерттеуші В.А. Маслова концептілерді жеке тұлғалық концептілер, адамдардың жас ерекшеліктеріне байланысты концептілер,, жалпыұлттық концептілер деп бөлсе, Р. М. Фрумкина тілдік жүйедегі концептілерді әмбебап концептілер және ұлттық-мәдени мәнге ие концептілер деп ажыратады [29, c. 41].

Осыған орай Абай өлеңдеріндегі «қазақ әйелі» концептісінің тілдік көрінісінің кейбір қырларын сипаттауға тырыстық .

Көркем туындыларда әйел бейнесін мүсіндеп, әйел сипатын бейнелегенде ұлттық салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптық ерекшеліктерімен бірге рухани дүниенің сырлары, эстетикалық сезімдері, ұлттық таным, болмыс, тәлім-тәрбие ерекше орын алатыны мәлім. Сол сияқты Абай өлеңдерінде де «әйел» концептісін білдіретін бірліктердің ұлттық дүниетанымға сай берілгені аңғарылады.

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «әйел» сөзінің 2 анықтамасы көрсетілген:

1. Адам баласының ұрғашы жыныстылары

2. Жұбай, зайып [ҚТТС, 1, 592].

Ана тілімізде «әйел» сөзінің сөздікте көрсетілген екінші мағынасына сәйкес келетін жар, нақсүйер, сүйіктісі, алғаны, қосағы деген сөздердің қолданылатыны белгілі. «Алғаны» сөзінің қолданылуы ақын­жыраулар шығармасы мен ХУІ-ХУІІІ ғасырлардағы оқиғаларды бейнелейтін тарихи романдар тілінде байқалады. Мысалы: Алғаның жақсы болса қара жердей,

Жақсыменен сырлассаң, шыққан өрдей (Шал ақын. Бес ғасыр жырлайды);

Алғаным­ай! Бізді кімге қалдырып кеттің! Сабағыңнан үзді­ау! Сорлатты­ау! Сормаңдай боп қалдым ­ау! (С. Сматаев. Елім- ай).

Сонымен қатар өткен ғасыр басындағы алғашқы қазақ романдарында «жамағат» сөзінің «әйел, зайып» мағынасында жұмсалғанын М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романынан кездестірдік:

Бірақ мал жағынан көңілі қош болса да, Сәрсенбайдың жамағаты Қалампыр ғұмырында бала көтермей, бұл екеуі балаға мұқтаж еді.

Ал ақындық бастауында шығыстық дәстүрмен сусындаған Абайдың өлеңдерінде жоғарыдағы сөздердің арасынан «жар» деген сөз жиі жұмсалғаны байқалады. Абай тілін зерттеуші белгілі ғалым Р.Сыздықова ақын өлеңдерінде «жар» сөзін 39 рет қолданғанын атап көрсетеді [107, 64] .

Халық арасында «Ер жігіттің аты жақсы болса - бір бақыт, Алған жары жақсы болса – мың бақыт», «Балаң жақсы болса – екі көздің шырағы, Алған жарың жақсы болса – абыройыңның тұрағы» деген мақал-мәтелдердің айтылуы аталған сөздің жиі қолданылатынының дәлелі.

Ал Абай өлеңдерінде «жа » концептісі төмендегідей беріледі:



... Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,

Саған жар менен артық табылса да.

Сорлы асық сарғайса да, сағынса да,

Жар тайып, жақсы сөзден жаңылса да,

Шыдайды риза болып жар ісіне,

Қорлық пен мазағына табынса да (/1-к., 103-б.).
Жоқ болса қатыныңның жат өсегі,

Болмаса мінезіңнің еш кесегі.

Майысқан, бейне гүлдей толықсыған,

Кем емес алтын тақтан жар төсегі (1-к., 56-б.).

Әйел болмысы, оның еркектен ерекшелігі, ең алдымен, әйелдің сұлулығынан көрінеді. Сұлулық – тек әйел затының өлшемі. Сондықтан, әрбір әйелдің сұлулыққа ұмтылуы, ал ақындардың бүкіл адамзат баласы секілді сұлулыққа құмарлығы, ынтықтығы – заңдылық.

Абайдың «сұлулық» концептісін сипаттауы төмендегі тіркестер арқылы көрінеді: кең маңдай, қолаң шаш, ақ тамақ, қызыл жүз, қара көз, имек қас, қараса жан тоймас, аузың бал, қызыл гүл, ақ тісің кір шалмас, иісің – гүл аңқыған, нұрың – күн шалқыған, үлбіреген ақ етті, ашық жүзді, , қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы, аласы аз қара көзі нұр жайнайды, ақша жүз, алқызыл бет, маңдайдан тура түскен қырлы мұрын, қолаң қара шашы бар жібек талды, торғындай толқын ұрып көз таңдайды, т.б. Аталған тіркестерден қазақ халқының сұлулық туралы ұғымына сай мағыналар айқын аңғарылады. Олардың бірқатары халық санасында бұрыннан қалыптасқан етене жақын тұрақты сөз тіркестері болса, енді бірқатары ақынның өз қолданысындағы сөз өрнектері.

«Сымбаттылық» концептісі Абайдың суреттеуінде былай көрінеді:

Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ,

Болады осындай қыз некен- саяқ ( 1-к., 101-б.).

Тақтайдай жауырыны бар, иығы тік,

Екі алма кеудесінде қисаймайды.

Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес,

Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды (1-к., 44-б.).

Қыр мұрын, қыпша бел,

Солқылдар соқса жел (1-к.132-б.).

Қыз – қылығымен» деп санайтын халқымыз әйелдің тек сыртқы сұлулығына ғана мән беріп қоймай, оның мінез байлығын, жан-жақты тартымдылығын, ішкі сұлулығын бағалап, жоғары қойған. Өмір сүру салты табиғатпен тығыз байланысты ата-бабаларымыз болашақ ұрпағын жарық дүниеге әкелуші, оны тәрбиелеуші болашақ анада табиғи қасиет-қабілеттердің үйлесімді болуына жете көңіл бөлген. Абай өлеңдерінде «қылықтылық » концепті төмендегідей берілген:



Қыз- келіншек үй тігер,

Бұрала басып былқылдап,

Ақ білегін сыбанып,

Әзілдесіп, сыңқылдап (1-к. , 64- б.).

Сөйлесе, сөзі әдепті, әм мағыналы

Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды (1-к. , 44-б.).

Назына кім шыдар, Қылығыңда жоқ оғат,

Бұраңдап жүр шығар. Қарап тойман жүз қабат.

Қасқая күлгені, Ыстық тартып барасың,

Қылады тым құмар. Бір сағаттан бір сағат (1-к., 99-б.).

«Ісмерлік » концептісі :

Етіндей жас баланың білегі бар,

Әжімсіз ақ саусағы іске ыңғайлы (1-к., 44-б.).

Ал «мінезділік, тектілік» концептісін мына өлең жолдары айқын аңғартады:



Ақыл керек, ес керек, мінез керек,

Ері ұялар іс қылмас қатын зерек ( 1-к., 55-б.).

Әйел жақсы болмайды көркіменен,

Мінезіне көз жетпей, көңіл берме! ( 1-к., 55-б.).

Сұлулығын қояйын, мінезі артық,

Ақылды, асыл жүрек, сөзі майда ( 1-к., 16-б)./

Ері ақылды, қатыны мінезді боп,

Тату болса, риаз үстіндегі үй ( 1-к., 56-б.).

«Салақтық» концептісі сияқты әйелге тән жағымсыз мәндер де Абай өлеңдерінде көрініс тапқан. Мысалы,

Әйелің – Медет қызы, аты Ырым,

Айында бір жумайды беттің кірін (2-к., 63-б.).
Сырмақ қып астына

Байының тоқымын,

Отының басына

Төрінің қоқымын

Бүксітіп,

Бықсытып,

Қоқсытып келтірді (2- к., 8-б.).

Cондай-ақ Абайдың «Масғұт» поэмасынан түр-түс символына қатысты қолданыстарды кездестіруге болады: онда ақ түс ақыл, сары бақ-дәулет, ал қызыл жеміс әйел махаббатын білдіреді.



Ағын жесең, ақылың жаннан асар,

Сарыны алсаң, дәулетің судай тасар,

Егер де қызыл жеміс алып жесең,

Ұрғашыда жан болмас сенен қашар.

...Қызылды жесем, мені әйел сүйер,

Арамдыққа жүрмесем, не жан күйер?(2-к., 71-б.).

Абай өлеңдерінде халқымыздың өмір сүру үрдісінде берік қалыптасқан этномәдени стереотиптер де кездеседі. Қоғамда «ер адамның бойындағы жағымсыз қасиеттердің әйелден, ал әйелдің жағымды қасиеттері ерлерден дарыған» деген көзқарастың бар екені Абай өлеңдерінде де көрініс береді.



Әйелмісің, жылама,

Тәуекел қыл құдаға!

Өлең айт,

Үйге қайт! ( 1-к., 139- б.)

Қатынша тілмен шаптықпай,

Майданға шықса жарасар. ( 1-к., 127-б.!

Қартаң бай, қатты сақ бол, тілге көнсең,

Мүйіз шығар қатынның тіліне ерсең.

Тіпті оңбассың , өзіңе өзің мәз боп,

Дастарқан мен қатынды мақтан көрсең. (2-к.., 4-б)

Абай поэтикасында «әйел» концептісіне қатысты тілдік деректердің арасында діни таным арқылы қалыптасқан этномәдени стереотиптерді аңғаруға болады. Бұлардың кейбірінің мәні прецедентті мәтін арқылы анықталуы мүмкін.

Абай поэтикасында «әйел» концептісіне қатысты тілдік деректердің арасында діни таным арқылы қалыптасқан этномәдени стереотиптерді аңғаруға болады. Бұлардың кейбірінің мәні прецедентті мәтін арқылы анықталуы мүмкін.

Ю.Караулов прецедентті мәтін деп аялық, танымдық білімнің тілдік тұлға дискурсында жаңғыруын айтады [108, 49]. Ал зерттеуші С.Жапақов «прецедентті мәтіндерге жұртшылыққа танымал аңыз-әңгімелерді, ал прецедентті феномендерге сондағы оқиғалар, кейіпкерлер, тарихи тұлғалар, эпикалық, ертегілік, фольклорлық кейіпкерлерді, т.б.» жатқызады [109, 98]. Мысалы: Атаңды анаң азғырып, Тұрғызбаған бейішке. Алласы оны жазғырып, Әкелді бастап кейіске... Әйелде ешбір опа жоқ, Бүгін – жалын, ертең – шоқ.. Аталған жолдардың мағынасын түсіну үшін Адам Ата мен Хауа ана туралы діни аңыздан хабардар болу керек. Діни аңыздан хабары жоқ, аялық білімінің шеңбері тар адам белгілі бір ұжым үшін, ұлт үшін маңызды лингвомәдени ақпаратты толық ұғынбайды. Мұндағы «білім аясы» ұғымын Ахманова О.С.: «тілді тұтынушының білімінде жиналған мәдени­тарихи деректер» деп анықтай келе, онсыз тілдік қарым-қатынастың болуы мүмкін еместігін алға тартады [110, 49]. Жоғарыда айтылған пікірлерге сүйенсек, аталған аңыз прецедентті мәтінге жатқызылса, ал Адам Ата мен Хауа Ана прецедентті феноменге мысал бола алады.




      1. Ғ.Мүсірепов шығармаларындағы «қазақ әйелі» концептісінің лингвомәдени сипаты

Көркем сөз шебері Ғ. Мүсіреповтің шығармаларында қазақ әйелінің сыртқы сыр-сымбаты мен ішкі рухани әлемінің сан қатпарлы, мол иірімді ерекшеліктерін, ұлттық-мәдени белгілерін танытатын, жоғарыда аталған коннотацияларға дәлел бола алатын айрықша лингвомәдени бірліктер жиі кездеседі. Біздіңше, оларды шартты түрде мынадай когнитивтік модельдер арқылы көрсетуге болады:

1) «Сұлулық» концептісі:

Шешесі еркек көзі бір қадалмай өте алмас ажарлы адам екен...

Шешесі Несібелі сұлу да сүйкімді кісі еді, соған тартқан ғой... Уысың толар бұрымның астынан мойны ағараңдайды, қара көз, ақ маңдай... Сұлулығы жеңсе, есінен айрылып қалатын, естілігі жеңсе, сұлулығынан айрылып қалатын қыздар аз болмайды. Естілігі толыққан сайын сұлулығы да толыға беретін қыздар болатын... Әр әйел өзінше сұлу болу керек, қара ат сұлу ма, торы ат сұлу ма демейміз ғой? Көркем сұлу дейміз, ажарлы дейміз, сүйкімді дейміз, сымбатты дейміз, бәденді дейміз...(Ғ. Мүсірепов. Ұлпан). Қамыс басының сыбдырын аңдыған елік лағындай, аяғын тықырсыз басып, елең қағып, ауыз қораның қақпасына жақындады. Тас бедерін шымшып басқан елік баласындай, бар денесінде сергек те ширақ сұлулық бар екен(Ғ.Мүсірепов. Оянған өлке).

2) «Бауырмалдылық» концептісі:



Айтолқынның бәлденіп-баптанып болуына қарамай, Шынар Ұлпан тобына барып қысылып қалды. Құшақтаса кетердей үзіле қарап келеді, Ұлпан да сондай күйде екен.

- Сенбісің, ей, айналайын? – деді.

- Мен ғой...

- Айналайын-ай, қандай бауырмал едің? – деп Несібелі Шынардың бетінен сүйді (Ғ. Мүсірепов. Ұлпан).

3) «Қарапайымдылық, ақылдылық» концептісі:



Жас әйел Ұлпан асқан ақылды адам еді. Өз айтарын әуелі Есенейге байлатып алып жүр. Есеней де «мына қатын былай деп еді» деп Ұлпанның атын шығара сөйлейді (Ғ. Мүсірепов. Ұлпан). Итаршысы көп, татымы жоқ, тұяқ санаған бос өмірден көңілі суынған, қызығары қалмаған Көпей мырзалық-сараңдықты сән көрмей, алыс-жақынға бірдей қарайтын. Жұманды жұрт ұната алмайтын да, Көпейді қия алмайтын. (Ғ.Мүсірепов. Оянған өлке. 33-б.)

4) Қазақ әйелі өз ұлтын мақтан тұтады, халқына жанашыр:



- Көсем болып алған соң бұл әйел не істей алды?

- О, істемегені жоқ!.. Есенейдің барлық жерін еліне бөліп берді. Бөліп бергенде біздердей біреуге ана жақтан, біреуге мына жақтан аттамалатып берген жоқ, ауыл-ауылға қыстауды да, егінді шабындық жерді де тұтас берді... Бұл араның қазағына егін салдырды, шөп шаптырды, қыстау салғызды (Ғ. Мүсірепов. Ұлпан).

5) Қазақ әйелі жаңаға үйір:



Әуелі жолды, одан соң үш ат жеккен пәуескені Ұлпан көңіліне бір түйіп алды... Ұлпанның ойына «орыс үйі» деген тағы бір түйін байланды... Ұлпан монша деген тағы бір түйіншекті көңіліне түйіп алды...

6) Қазақ әйелі – салт-дәстүрді сақтаушы:



Ұлпан үлкендерге бұрылып бір тізелеп сәлем етті. Шынар да соны істеді, ұяла, ұяла, бетін жаулығымен бүркемелеп сәлем етті (Ғ. Мүсірепов. Ұлпан).

Сөз зергері Ғ. Мүсірепов халықтың рухани және материалдық мәдениетін, салт-дәстүрін, төл тарихын, дүниеге көзқарасын, ұлттық болмысын таныту, ұлттық рухты бойына сіңіру әйел-ананың жан-дүниесінде тұтасып, жинақталғанын шығармаларына алтын арқау етіп өреді. Жазушының әйел туралы туындылары біріктірілген «Қазақ әйелі» циклі оқырмандарға Нағима, Ақлима, Күләш, Майра, Ұлпан т.б.әйел-аналар бейнесі арқылы қазақ әйеліне тән дүниетанымды танытады.

Ғ.Мүсірепов ескі мен жаңа заманнның тартысын «ер мен әйел» қарым қатынасы арқылы ұлттық болмысқа сай етіп шебер бейнелейді:

Жұман ұзын қара бурыл аттан түсе қалды да, үлкен ақ үйін тіктіре бастады. Қаңтарулы аты қасында, қамшы мен шылбыр белінде. Көпей бәйбішенің қай жерден қапы кетерін аңдып, ақырып қалуға әзір отыр. Бұл мінезге он бесінен үйреніскен бәйбішесі баяу қозғалса да, бабын тауып, мін тақтырар емес. (Ғ.Мүсірепов. Оянған өлке).

Ерінің бір ескерткенін ендігәрі қайталатпауға дағдыланған сылаң тоқал Айғанша қысыр жыландай жүйткіп жүр. Кілем-көрпе төсеулі, күмістеткен сары ала тегене сапырулы, керектінің бәрі бар, артық еш нәрсе жоқ. Көшіп шыққаннан бергі он екі күннің ішінде (Игілік)биден бір хабар алмаса да, дәл бүгін осы арадан кездесетінін білгендей, Айғанша бәрін бапты ұстапты (Ғ.Мүсірепов. Оянған өлке. 10-б.)

Жазушы танымындағы «қыз» концептісін төмендегі мәтін арқылы беруге болады:



Шешесіне тартқан үлкен қара көзді, қара торының әдемісі аталып келе жатқан, бар мінезі әдептен жаралғандай, ұялшақ Назыкеш үйге кірді де, қою кірпіктерін қағуға да бата алмай, үнін де шығара алмай Айғаншаға қарап тұрып қалды. Көп үстіне амалсыз кіргендігінен ұялып, қызарып барады. Отыра кетуге ұялып тұрған жас қыздың енді ғана жұмырлануға бет алған тіп-тік денесі де түгел көзге түсіп қалды. Ашылуға ұялып тұрған еріндер бір ауыз сөз айта алар емес. Жаратылысында аз ғана күлімдеп тұратын тұнық қара көздерінің жанары қызғылттау ұшқын шашып, танадай жарқырайды (Ғ.Мүсірепов. Оянған өлке. 28-б.)

Ал мына мысал қазақ халқының әйел мен бойжеткен қыздың көпшілік жиналған жердегі әдеп нормасының тілдік дәйегі болып табылады:

Ие, жай келген жоқсың ғой. Апаңның дені сау ма? Ұялатын боп, бой жетіп қалыпсың ғой өзің!.. – деген Айғаншаның ақырын сыбыры еміс-еміс қана естіледі де, Назыкештің бірдеме дегені күрең тақияға тағылған бір шоқ үкінің дірілінен ғана байқалады (Ғ.Мүсірепов. Оянған өлке. 28-б.).

Әйел бойындағы сезімталдық, алдағыны болжар көрегенділік пен сұңғылалық бүгінгі тілмен айтсақ, «әйел – дипломат» деуге негіз болады:



Жұманмен жылдар бойына созылатын даулар Көпеймен бір-ақ кездескенде бітіп қалатыны да болушы еді. Жұман дауласып дау ала алмайтынын жақсы білетін Көпей бәйбіше, сол абыройсыздыққа жібермей, көп нәрселерді ептеп жіберетін (Ғ.Мүсірепов. Оянған өлке. 32-б.).

Ғ.Мүсірепов танымындағы «ана» концептісінің көрінісі:

1. «Ана сұлу, ана бақытты» когнитивтік моделі:

«Айналайын, күнім, Биағам» деп, баласын бауырына қыса түсіп жатып, әйел қалғып кетті. Бар бейнеті ұмытылған. Жадыраған жүзіне ана сұлулығы, ана бақыты шыға келіпті... Мұндай мейірімді сұлулық ана жүзіне ғана шыға алса керек... Жүзіне осындай мейірім шыға келгенде ғана ана сұлулығы танылса керек...(Екінші Би аға).

2. «Ана ар­ұят, обал ­сауап ..» когнитивтік моделі:

«Сорлы ана денесінен дене бөлініп, бір адам екіге бөлініп, ауыр бейнеттің ақтық сағатын өткізіп жатыр.


  • Кет деймін... Неткен ұятсыз едің... дейді әйел, әлсіреген қолдарымен мені кеудеге итеріп» (Адамның анасы).

«Бала бажылдап қояды. Мен үй тасасында әйелді қымызға шомылдырдым.

  • Қымыз исі келе ме, немене? – деді әйел. – Обал­ай...» (Екінші Би аға).

3. «Ана – мейірім» когнитивтік моделі:

«Ана тал түбінде жұдырығын түйіп жатқан қызыл адамға мейірімді көзінің барлық нұрын төгіп қараған сайын бетіне қан жүгіреді. Ананың нұрлы көзі баланы ақырын ғана, еркелетіп қана сипағандай болады. Таңертеңгі тымықта күннің көзі ғана осылай сипай алады дүниені» (Адамның анасы).

4. «Ана – өмірдің иесі» когнитивтік моделі:

«Бұл әйелдің неге мұнша күшті екенін түсіндім деп ойлаймын. Бұл өмірдің иесі, бұл ана, бұл ұлын сүйеді. Ұлын сүюі, ол ұлы өмірдің бір ұшқыны ғой. Кім біледі, мүмкін, ол ұшқыннан әлденеше ғасырға кететін жалын туар... Мүмкін жерді жылытып, бақыт себетін адам болар... » (Өлімді жеңген ана).

5. «Ана – әділ кесім шығарушы» когнитивтік моделі:



Бұдан әрі сөйлесер сөз қалмағанын Мария ана да мана білген. Сондықтан әрі азамат, әр ана, ананың айнымас кесімін айтты:

Өлім егушіге – өлім! – деді.Үстіндегі қара киімін баласының кеудесіне жапты да, жарқылдаған қанжарды қара жүрекке қадап жіберді. Баласының жүрегі қай жерде екенін жақсы білетін ана қолы қателескен жоқ: қанішер тырп етпестен қатып қалды (Ана кесімі айнымайды).

6. «Ана – баласы үшін отқа да, суға түсуші» когнитивтік моделі:



«Нағып қорықпай қуып келдің демеңдер: он бесімде өзім де тап осы қызымдай едім; сендердің қолдарыңда кетсе, енді он бес жылдан кейін қызым да тап қазіргі мендей болмай ма? Мен үшін бұдан артық қорқыныш та жоқ, қорлық та жоқ. Сол мені айдап әкелген! Берсеңдер, тірі алып қайтам, бермесеңдер өлі алып қайтам! – дейді» (Ананың анасы). «Өзім көзім қарайып, обалымды пышаққа артып, қанымды шашайын деп жүрген адам, сар кездікті жұлып алып, жүгіріп келіп шалқасынан жатқан болыстың жұтқыншағынан салып кеп жібердім. Сағалатып тұрып өкпе тұстан тағы бір­екі рет бұлғап бұлғап алдым да, ұмтылдым­ ай кеп Қара сақалға... » (Ашынған ана).

7. «Ана – қайсарлық үлгісі» когнитивтік моделі:



«Тек отыз өрім қамшы ғана әйел арқасында жыландай ысылдайды. Анада үн жоқ. Асыл жігер мен құр өктем күш кездесіп қалып, біріне бірі тізе бүгер емес...Қамшы сарт ете қалғанда ана көзінен от ұшқыны да жалт етіп қалады. .. Ана тістері тіл қақпасын тас бекітіп тастапты, қарысып қалған жақтары тісті тіске айқастыра түседі... » (Ананың арашасы).

8. «Ананың жүрегі кең» когнитивтік моделі:



«Енді, міне, Ақлима апай көрінген жұртқа балам келе жатыр деп, күтіп отыр. Кесілген томардай мүгедек емес, қанатын кере сілтеп, ақ иық, мұзбалағы ұшып келе жатқандай күтеді. Өз ұлының аты Қасым екенін қмытып кеткендей, Сапар жаным келе жатыр деп күтеді...» (Ақлима).

«Жарқын жүзді, жайдары мінезді, балажан Әмина балалар үшін өз шешелерін ұмыттырған шеше еді. Мейірімді шеше, сергек шеше, сенімді шеше. Қай баланың аяғына қай күні қандай шөгір кіргенін білетін шеше. Балаларға оның жымиғаны да қуаныш, арқасынан қаққаны да қуаныш, болмашы бірдемені айтқаны да қуаныш» (Әмина) т.б.

Ғ.Мүсіреповтің суреттеуіндегі әйел-ана балаларға ана тілінің байлығын, «жалынды сөз, жанды сөз, астарлы сөздердің» айтылуын, мән-мағынасын үйрететін, сөз құдіретін нәзік сезінетін, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтаушы әйел. Мысалы, «- Күйеужан, өзің де төменірек ысырыл. Қайын жұртына келгенде күйеу жоғары отырмайды, қалыңдық жоғары отырады, - деді Айжидек деген жеңгем.



- Онда сіздің елде қалың мал төлейтін күйеу емес, қалыңдық болды ғой! - деді Күйекбай.

Айжидек тілді адам еді - Шырағым, құдай қосқан жарың болсын десең, сауда - саттығыңды бұл араға әкеліп тықпалама! - деді.

- Қазақта сатып алмаған қатын бар деп естіген емеспін! - деді біздің болашақ жарымыз.

- Шырағым, күйеужан, білгің келсе, қазақта саудагер деген арам сирақ шыққанша бір қыз сатылған емес! Қазақтың «қалың мал» деп алатыны-жасау деп беретінімен түп - түгел қайтарылып отырады. Оның шын аты - екі жақтың да балаларына бөліп шығарған еншісі болатын. Ауылыңда есі дұрыс ақсақалың болса, әуелі содан сұрап келіп айтыс менімен!» - деді Айжидек» (Ғ. Мүсірепов. Қазақ әйелі).

Қазақ халқының салт-дәстүрінде әйелдер өзі келін боп түскен әулеттің үлкендерінің атын атамай, оларға лайықты ат қоюға тиісті болғаны белгілі. О баста табумен байланыстырылған «ат тергеу» дәстүрі бейнеленетін дүние суретінің ұлттық сипатын, ұлттық бояу-нақышын білдірумен бірге шығарма кейіпкерлерінің мінез-құлқын сипаттайтын тілдік амал-тәсілдерге де жатады. Мысалы,



  • Жеңешеке-ау, айта ғойшы, Жігітжан қайда? Манадан бері іздеп таба алмай жүрміз... Қыз қайда, жеңеше?..( Ғ.Мүсірепов.Таңдамалы. 1-т. 44 б.)

Қазақ есімдерін зерттеген белгілі ғалым Т.Жанұзақов: «...ат тергеуде әйелдердің мәндес сөздерді (синонимдер) шебер қолданғаны байқалады. Бұның өзі әйелдердің ой-өрісінің кеңдігін және тіл байлығының байтақтығын көрсетеді. Ат тергеу дәстүрінде олардың ерекше тапқырлығы, ойының ұшқырлығы, қара сөзге дес бермейтін шешендігі көрініп тұрады» дегенді айтады [44, 85-86 бб.]. Жоғарыда келтірілген мысалда қайынсіңлісіне ат қоярда жеңгелерінің не себепті қарама-қарсы жыныс атауын қолданғанын төмендегі пресуппозициядан түсінуге болады:

...қалың қасіреттің ойнағы етіп, Шәйзаны ауыр тұрмыс илегендей... Бірақ, бұлардан Шәйза мұқалмаған: қайғыға қарсы тұрған тұла бойы қайрат тәрізді... Әйел баламын деп үйде отырмайды. Терезені алып қалған ақ күртікті қопаратын да Шәйза, қамыс қопаратын да Шәйза. Екі сиырдың астын тазалап, шөбін салатын да Шәйза. Шәйза мұның бәріне де қабақ шытпайды. Қайта сығырайған қоңыр үйшіктен жарық дүниеге шыға келіп, сояу қамысты қос қолдап суырғанда, шері тарқағандай болады. Алқымына тығылып тұрған бірдеме лықсып төгіліп, Шәйзаның кеудесі босағандай болады...Екі қолдың қаруы талай суырманы тұмсықсыз, талай күректі сапсыз қалдырды. Шәйзаның үсті-басы қайнаған қайрат(Ғ.Мүсірепов. Оянған өлке).

Жаратылысы нәзік қыз болса да, бас көтерер әкесі болмағандықтан, кедейліктен ауыр тұрмыстың тауқыметі басына түскен соң оған амалсыз мойынсұнып, өзін қайрап, ерлерге тән қайсарлықпен әйел төтеп бере алмайтын ауыр жүкті қабақ шытпай көтерген қайынсіңлісінің болмысын дөп танып, дәл басқан қазақ әйелдерінің тапқырлығына таң қалмасқа болмайды. «Ат тергеу» қазақ келіндерінің тапқырлығы мен ойлау жүйесінің ерекшелігін танытады. Осыған қатысты мысалдарды өз туындыларында қазақ халқының шынайы болмысын, дүниетанымын, ұлттық психологиясын, менталитетін дөп басып, шебер таныта білген Ғ.Мүсіреповтің шығармаларынан көптеп кездестіруге болады. Мысалы,



  • Ойбай, қайнағаның үйіндегі шешей-ау, бұдан артық не болар деп отырсың!.. Осы қаланың бәрі көріпті. «Бұзау атаң» үйінің баласы да, «Шикіл» шалдың қатыны да, үлкен баласы да, «Төрттен астам» үйінің келіні де, «Таза жіп» үйіндегі солбыр да, сәтсіз күн үйіндегі «Шаппа» да көріпті. (Ғ.Мүсірепов. Таңдамалы. 1-т. 82 б.)

...Одан соң әйелдердің бір қасиеті, жұрт алдында шалабы шайқала бастаған адамды жүндей түтеді. Бұрын біреуі оп-орынсыз-ақ «Төре жігіт», «Жалқы жігіт», «Ауылнай», «Тентегім», «Ортаншым», қайнаға деп, атын атамай «сыйлап» жүрсе, оның мысы шыққан минутта-ақ атын атап, атына атақ қосып жібереді. Сиыры құрысын, өлмесе өрем қапсын, керек болса ауылнайдың өзі асырап аоар, енді ол қораның маңына барма деп, «әлгіні» үйден шығармай қойдым... (Ғ.Мүсірепов.Таңдамалы. 1-т.102,103 б.)

Күйеуінің туыстарына ат қоюға шебер қазақтың бұрынғы келіндері қандай жағдай болса да, олардың өз аттарын тікелей атамай, өзге жанама аттармен шебер ауыстырып, қиыннан жол тауып отырғаны аталған мысалдардан айқын көрінеді. Мысалы, «Төрттен астам» - Бесбай, «Жүзден жиырмасы кем» - Сексен, «Бұзау атаң» - Танабай, «Сәтсіз күн» - Сейсенбай, «Шаппа» - Балта, «Шикіл» - Сарыбай есімді қайыната, қайнаға екенін қазаққа тән тұрмыс-тіршілік, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен хабары бар әрбір адам оңай шеше алады.



Манадан ешкімді кездестіре алмай тұрған әйел, асығыс болса да, аз кідіріп, қарай қалған Байшегірге алыстан айқайлап:

Үлкен кісі, жүзден жиырмасы кем ауылының жігіттері қайда жатады екен? Білсеңіз, жөн сілтеп жіберіңізші, – деді.



Әйелдің сұрап тұрғаны Сексен ауылының жігіттері екенін аңғармай қалған Байшегір:

Шырағым, ондай оспағыңа шорқақ едім... Пайғамбардың ауылы болса да, атын аташы! – деді.



Әйел біреу естіп қалмас па екен дегендей, айнала бір қаранып алды да:

Тәңірі деген, жүзге жиырмасы жетпесе сексен болмайтын ба еді!... Сексен ауылының жігіттерін сұраймын, – деді енді турасынан тартып.



  • Е, Сексен ауылының жігіттері ме? Ана баракта, арғы шеткісі... – деп Байшегір иегімен нұсқап еді (Ғ.Мүсірепов. Оянған өлке).

Үлкен адамның атын атау келін үшін анайылық, көргенсіздік деген халқымыздың «ат тергеу» салтын ізеттілік, әдеп-иба, көргенділік пен тектіліктің биік көрінісі, ғажап үлгісі санаған.


    1. Каталог: ld
      ld -> Шпаргалка на казахском языке по истории Казахстана 100 м қашықтыққа ұшатын, орақ тәрәздә құрал-бумеранг
      ld -> Қош келдіңіздер!
      ld -> Қазақ әдебиет пәніне тест сұрақтары
      ld -> Сабақ: ана тілі Тақырыбы: Ахмет Байтұрсынұлы «Әліпенің атасы»
      ld -> Қазақстан тарихы бойынша Ұбт шпаргалкалары а а. Иманов көтерiлiс отрядтарын қаруландыру үшiн – қару-жарақ шығаруды ұйымдастырды
      ld -> Ақтқбе облысы Байғанин ауданы №3 Қарауылкелді орта мектебі
      ld -> Сабақтың тақырыбы: Ы. Алтынсарин "Өзен" Мұғалімі: 3 "
      ld -> Әнші- ақындар шығармашылығы
      ld -> Есмағамбет Ысмайлов Баласы Қожағұлдың Біржан салмын, Адамға зияным жоқ жүрген жанмын
      ld -> Өмірбаяны Хронология Қорытынды пайдаланған әдебиеттер


      Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет