Әдептілікке тәрбиелеу (оқу-әдістемелік құрал) Дайындаған: Қапарова Ж. У



бет4/89
Дата05.02.2022
өлшемі5,38 Mb.
#15828
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   89

Әңгімелер





Әдептілік

Бір жұрттың үлкен бір оқымысты кісісі екінші бір елдің байымен сөйлесіп тұрғанда, қасынан бір жарлы кісі өтіп бара жатып, оқымыстыға иіліп сәлем береді. Оған қарсы әлгі оқымысты да онан да төменірек басын иіп, қайтара сәлем береді. Сонда қасындағы бай тұрып:


– Тақсыр, осынша біліміңіз бар ғалымсыз, сүйте тұра осындай бір бейшараға соншама бас иіп, неге сәлем бердіңіз, – деп сұрапты. Сонда ғалым кісі тұрып: – Ешбір ғылым, білім үйренбеген кісі сонша иіліп, әдептілігін көрсеткенде, менің оған әдепсіз болып көрінгенім лайықсыз болған болар еді, – депті.

Ы. Алтынсарин


Мейірбан

Мамасы үйге кіріп, Мақсатқа:


– Дүкенде алма сатып жатыр екен, сен барып, кезекке тұра берші, мен қазір келемін, – депті.
Шалғай тың селосында бұл мезгілде алма, алмұрт, жүзім сияқты жемістер сирек болатын. Мақсат велосипедімен зымырап отырып, дүкенге тез жетті. Алушылар көп екен. Мақсат кезекке тұрды. Тез арада өзінен кейін талай адамның кезекке тұрғанын көріп, таңғалды. Мамасы: «Мен келгенше өзің өлшетіп ала бер» – деген-ді.
Мақсаттың кезегі жете бергенде, кенет сатушы жұртқа:
– Жолдастар, алма бітті. Мына баладан кейінгілеріңіз тұрмай-ақ қойыңыздар! – дейді айқайлап. Кезектегілер абыр-дұбыр өкініш сөздерін айтысып, амалсыз тарай бастады. Қолында дорбасы бар бір кемпір алға ұмтылып:
– Шырағым, алмаң бітіп қалды ма? – деді сатушыға қинала сөйлеп. Қап! Ауылдан әдейі ауруханадағы немереме келіп едім. Соған аздап тауып берсеңші.
– Жоқ, шешей, бітіп қалды, – деді сатушы қалған алманы Мақсатқа өлшеп жатып. Мақсат таразыдағы алмаға бір, кемпірге бір қарап қояды. Әлденеге ойланып, толқып тұр. Кенет ол бір шешімге келгендей:
– Әже, – деді әлі де кете алмай тұрған әлгі кемпірге. Мына алманы сіз алыңыз, мен мамама бәрін түсіндіріп айтармын, ол ұрыспайды, алыңыз. Немереңізге апарыңыз, – деді асығыс, біреу көріп қоятындай. Аузын ашып аң-таң қалған қария бір кезде есін жиып:
– Ой, өркенің өскір, көп жасағыр балам, не деген мейірімді едің... Рақмет, айналайын! – деп алғысын жаудыра бастады.
Мақсат кетуге ыңғайланып, артына бұрылса, мамасы тұр екен. Бала сасқалақтап қалды да ақталғандай:
– Білесің бе, мама... – дей беріп еді, анасы оның сөзін бөліп.
– Білем, білем, балам, айтпай-ақ қой. Тек әрқашанда осындай бол! – деді күлімсіреп.
«Мейірбандық – жүректен, қайырымдылық – білектен» – дейді халық.

Н. Қадырбаев





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   89




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет