Екінші кітап


Шындық пен көркемдік мектебі



бет14/31
Дата06.02.2022
өлшемі3,16 Mb.
#37858
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   31
13. Шындық пен көркемдік мектебі
(С.Бақбергенов)

Өз заманының толғаулы проблемаларын жырлау - әрбір талант иесінің асқақ борышы. Нағыз реалист суреткер – өз бойындағы бар дарын–талантын сарқа пайдалана отырып, алға қойған мақсатын жүзеге асыра білсе ғана абыройлы болмақ. Міне, осындай абыройға ие болғандардың бірі–шұрайлы шығармаларымен оқырмандарының жүрегіне жол тапқан қаламгер – Сәуірбек Бақбергенов.


Өзінің алғашқы қадамын мерзімді баспасөзде бастаған жазушы көркем туындыларымен қатар замандастары жайлы көптеген очерктер берген, шаруашылық салаларына жан – жақты әрі жедел араласқан журналист.
Ол әрқашан республикамыздың экономикасы мен мәдени өсу, өркендеу бағытына жіті зер салып, оның көкейкесті мәселелеріне орай жүрекжарды сөзін бүкпей айтып отырды.
Оның алғашқы творчестволық жолы 1939 жылы «Әдебиет және искусство» журналында жарияланған «Тарас ата», «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарияланған «Намысқа шаншылған ине» атты тырнақ алды туындыларынан басталды. Ал, оның баспасөз жұмысына белсене кіріскен кезі – Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезең.
Сұрапыл соғысқа бастан аяқ қатысып, елге оралғаннан кейінгі қаруы қалам болған С.Бақбергенов шығармашылық қадамын кешегі полктас достарының ерлігін жырлаудан бастады. Оның алғашқы туындылары екі рет Совет Одағының Батыры атағын алған Талғат Бигельдинов жайлы жазылған очерктері еді.
Соғыстан кейін іле–шала жазылған бұл очерктерді сұрапыл соғыс жылдарының ызғарлы әсері әлі де болса сейіліп үлгермеген кезде әрбір адам іздеп оқыды. Сонымен бірге бұл қазақ ұшқышы туралы бейбітшілік жағдайда жазылған тұңғыш шығарма еді. Осы шығарма арқылы Талғаттың ерліктері бүкіл республика жұртшылығына әйгілі болумен бірге әр қырынан көрініп, өзіне тән суретін тапты.
Соғыстан кейін С.Бақбергенов «Социалистік Қазақстан» газетінің қызметкері ретінде он жыл бойы редакция тапсырмасымен кең – байтақ республикамыздың түкпір–түкпірін түгел аралады. Сол шаруашылықты қалпына келтіру жылдарындағы бой көтерген алып құрылыстардың көпшілігінде болып, олар жайлы очерктер жазды. Соның ішінде Өскемен ГЭС–і құрылысынан жазылған «Аблакеткадан хат» очерктер циклы «Социалистік Қазақстанның» бірнеше нөмірінде басылды.
Бұл жылдары С.Бақбергенов республика еңбекшілерінің бейбіт еңбек әуенін, бесжылдық жоспарды орындау жолындағы күресін кең көлемде көрсетуге бет бұрған қазақстандық журналистердің алдыңғы қатарында жүрді. Оның сол кезде жазған очерктері «Өзіміздің жігіттер», «Біздің колхоз», «Алтын емелден асқанда» деген атпен жеке кітаптар болып шықты.
Мәселен, «Біздің колхоз» очерктер жинағындағы кейіпкерлер сан қилы мамандық пен алуан түрлі кәсіп иелері. Мұндағы Мінкамол Махмұтова Алматы кондитер фабрикасының жұмысшысы болса, инженер Дабыл Анарәлиев Шымкент қорғасын зауытының цех бастығы, Зылиха Тамшыбаева Талдықорған облысы, Шоқан атындағы колхоздың сиыр фермасының меңгерушісі болса, Көбек Бекбергенов Қазақстан магниткасының құрылысшысы. Міне, осындай еңбек екпінділерінің бәрі де жазушысының замандастары. Жинақтағы қай очеркті алсақ та одан соғыстан кейінгі дәуірдің ардақты адамдарының өршіл мінезді жарқын бейнесін көреміз.
С.Бақбергенов әсіресе, өзі көп аралаған Жетісу өңірі мен оның атақты адамдары жайлы көп очерк жазды. Ол очерктер журналист – жазушының «Біздің колхоз», «Алтын емелден асқанда» очерк кітаптарына арқау болды. Қарапайым сауыншыдан совхоз директорлығына дейін көтерілген Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Зылиха Тамшыбаева, «Қазақстанның 40 жылдығы» колхозының председателі Николай Головацкий, осы колхоздың жүгері өсірушілері Тұрахан Құрманалиева, Рәзия Масимова сияқты еңбек ерлері жазушының кейіпкерлері ғана емес–дос, сырлас, жолдастары да, Нұрмолда Алдабергенов басқарған колхоздың дихандарының қызылша жинаудағы рекордтық табысын алғаш рет жұртқа танымал еткен де С.Бақбергенов еді. Міне, осы колхоздан он тоғыз адам социалистік Еңбек Ері атағын алды. Жазушы председатеальден бастап, әлгі ерлердің бәрімен кездесіп, әңгімелесті, пікір алысты. Еңбек ерлерінің еңбегін зерттей жүріп, олардың табыс кілтінің қыры мен сырына әбден қанықты. Журналист бұл шаруашылықтың адамдарымен жылдар бойы араласып, өзі де, сол ұжымның бір мүшесіне айналып кетті. Сөйтіп, Жетісу жерінің жетістіктері жайлы жаңа очерктер циклы туындады.
С.Бақбергенов Жетісу жерінен дихандар жайлы жазса, Қаратау өңірінен кеншілер туралы очерктер берді. Қазыналы Қаратаудың Ащысай, Хантағы сияқты байырғы өндіріс орындары, Кентау сынды келбетті жас қаласы журналист жанын толқытып, оның қаламына жел беріп, шабытына шабыт қосып отырды. Ол Ащысай полиметалл комбинаты, Мырғалымсай кеншілері жайлы очерктер жазды.
Қаратаудың ертеден келе жатқан аңызына құрылған «Ақ бикеш» очеркі де оқырман назарын өзіне бірден аударған туынды. Бұл очерк жайлы жазушы Тәкен Әлімқұлов: «Қаратаудың ертеден келе жатқан аңызына құрылған бұл очеркте бүтін бір романның сюжеті бар. Былай қарағанда, ғашықтық құрбаны болған Ақбикеш пен Өтемұраттың тағдырына әлеуметтік–қоғамдық сыр жатады»,- (63) дейді.
– Журналистің осы Қаратаудың өнеркәсіп орындарының өсу, өркендеу барысын елестетіп, тұтас картинасын көрсететін, өндіріс өмірін, жұмысшылардың, инженерлердің өмірімен, тағдырымен бір арнада қарастыратын очерктері де баршылық. Мәселен, «Қаратау - Кентау», «Қияға тартқан жол» очерктерінде («Тоғызыншы шежіре» кітабында) атқарылған аумақты істер мен қол жеткен қыруар табыстардың сыры ашылады.
Публицист бейбіт өмір бейнесін жырлай жүріп өзі бастан аяқ қатысып, көзімен көрген соғыс тақырыбына да жиі–жиі оралып, майдандас достарының ерлікке толы патриоттық бейнелерін жасады. Оны жауынгер достары жайлы жазылған «Менің достарым» атты очерктер кітабынан көреміз.
С.Бақбергеновтың тақырып танымы кең. Ол Ұлы Отан соғысы жайында да, бейбітшілік кезеңі туралы да көп жазды. Ол өндіріс озаттары, еңбек ерлері, ғылым жұлдыздары, өнер адамдары тіпті, спорт шеберлері туралы да жазып, бағын сынаған қаламгер. Бұның бәрі де талантты журналистің көп көріп, көп таныған ізденіс иесі болғандығын айғақтайды. Жазушы өз басы егжей –тегжейлі зерттеп, жете игерген тақырыпқа ғана қалам тартады, көзі жетіп анық білгенін ғана жазады. Осыдан барып оның очерктері де барынша нанымды, тартымды болып келеді.
Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін де сол бір қаһарлы жылдар тақырыбы Қазақстан қаламгерлерінің творчествосында әлі күнге дейін көркем бейнесін тауып келеді. Бұл тақырып ұлттық әдебиетіміздің роман, повесть сияқты шағын, барлаушы жанрларда да жақсы көрініс тапты.
Әдебиетіміздің бұл саласын үлкен бір мәуелі бәйтерек десек, очеркист –жазушы С.Бақбергенов творчествосы соған ерекше көрік беріп тұрған үлкен бір бұтағы сияқты. Журналистің ең бір өндіре жазған сүбелі бөлімі де осы. Ұлы Отан соғысы тақырыбы. Бұл заңды да. Өйткені, оның өзі атақты И.В.Панфилов атындағы 28-ші гвардиялық дивизияда атқыштар взводының командирі, байланысшы офицер болып қызмет етті.
Сол кездегі өз көзімен көрген сұрапыл, отты жылдардағы қираған қала мен деревня, жалғыз ұлынан айрылып аңыраған ана, жетім қалған бала, жесір қалған жар, халық мойнына түскен соғыс зардаптары майдан даласындағы ажалмен арпалысқан қатал өмір, отан үшін жан қиған әрбір жауынгердің ерлік әрекеттері оның мәңгі есінде қалып, творчествосына да үлкен әсер етті.
С.Бақбергенов әскери тақырыптағы очерктерінде сол көріністерді шындық күйінде бейнелеп, оқырман ілтипатынабөленген жазушы. Оның очерктерінің қайсы бірі бізді белгісіз батырлармен таныстырса, екінші біреулері бұрыннан таныс батырдың бейнесін қазіргі өмір талабына сай сомдап, жаңа қырынан көрсетеді.
Әскери тақырыптағы очерктерінде С.Бақбергенов өзі құрамында болған атақты дивизияның жорық жолдарын, жауынгер досарының ерлік тағдырын бейнелейді. Өзі тікелей қатысып, куәсі болған оқиғалардан сыр шертеді. Ұлы жеңіс үшін құрбан болған жандардың ерлік өнегесі мен аты-жөнін ел есінде мәңгі қалдыруды мақсат етеді. Сондай очер атының өзі-ақ айтып тұрғандай, соғыстағы ең бір қиын да жауапты, ауыр міндетті атқаратын барлаушылар өмірінен жазылған. Очерк эпизодында жау тылына жасалғн жалғыз жорық қана көрсетілген. Бірақ, осының өзінде талай сыр жатыр. Соғыстың енң ауыр сәті. Лейтенант Абызов бастаған топ тәуекелге бел байлап, жау тылына барлауға аттанады.
Аса жауапты жұмыс жүктелген жауынгерлер жанын шүберекке түйе жүріп, майдан өміріне қажетті аса құнды деректер, мәліметтер әкеледі.
Бас аяғы төрт-бес күн. Осы мерзм нағыз ер жауынгерлердің айлакер, ақылдылығы мен батылдығы, өжеттігі мен тапқырлыы жақсы көрсетілген. Очеркте ердің ерлігі, елдің елдігі сыналар сәттегі жауынгерлердің ерлік бейнесі ұлттар достығының ұлы күші бейнеленген.
Соғыста ерекше ерлігімен көзге түскен қазақстандықтар көп. Сондай ел ардақтыларының бірі аты аңызға айналған халық батыры-Бауыржан Момышұлы. Баукең туралы өте көп жазылды. Ол А.Бектің «Арпалыс» повесі мен Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романдиологы арқылы үлкен әдеби тұлғаға айналды. Ол туралы көптеген өлең, очеркте жазылды. Халық түгел танитын үлкен тұлға туралы қалай сілтеу қиынның –қиыны. Алайда, С.Бақбергенов Баукең туралы да құнды шығармалар жазды. Соның бірі «Ат жалында» портреттік очеркі. Мұндағы Момышұлының портреті шебер қолдан шыққан. Автор осы портрет арқылы соғыстағы қазақ командирінің типтік бейнесін сомдаған. Мұндағы Баукең тұлғасы очерктегі типтендірудің озық үлгісі деп айтса да болғандай. Очеркист мұнда кейіпкердің ерлігін мадақтап, тым әсерлеп жатпай –ақ, қарапайым тілмен оның бейнесін өмірдің өзіндегідей нанымды етіп шығарған.
Бауыржан Момышұлының бейнесі үлкен жанрларда да сомдалғанын айттық. Алайда, осы очерктегі Бауыржан бейнесі оқырманға ыстық. Себебі, мұндағы очеркист осындай үлкен тұлғаны ешқандай қолдан жасау жасамай –ақ, бар болмысын табиғи күйінде көркем тілменг кестелеп, шымыр да ширақ, жұп –жұмыр нәрлі туынды шығарған. әсіресе, кейіпкердің ерлік істері, оның ішкі жан дүниесімен ұштасып жатуы очеркті әрелндіріп, әсерін күшейте түскен.
Автор өз кейіпкерінің портретін: «Ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен» шақта сұр шинелінің етегін әрі жастық, әрі жамылғы етіп қанды майдан ішінде қанжырдай қатқан сұр, көзінің қарасынан аласы көп, арбиған ұзын қолды, тарамыс саусақты, жаяу жүре қалса қамшы салдырмас жүйріктей, әрі сергек, әрі аяңшыл жас капитан өз солдаттарының сүйіспеншілігіне бөлене бастап еді. Көп сөйлемейтін, қысқа да түсінікті айтқанды ұнататын жас жігіттің жүрегі қайнап жататын, өзі туған Алтай тауының бауырынан аққан тас бұлақтай бүлкілдеп жатушы еді. Бірақ, Жуалы мен желі көп Шақпақ асуында тасқа өскен арша ағашының бұтағындай боп иілмейтін, иіле кетсе сынбайтын. Өзі туған жердің табиғатынан алғандай осы бір қасиет оны жұрт көзіне, солдат жүрегіне сесті, айбынды, қаһарлы етіп көрсетті»,-(64)деп суреттейді.
С.Бақбергеновтың майдан тақырыбына жазылған көлемді очерктерінің бірі «Жанғожин». Очеркист өзінің «Ат жалында» оқырман қауымға таныс батыры Бауыржан Момышұлын жаңа бір қырынан көрсетсе, бұл очеркінде бейтаныс батыр Рашит Жанғожинді таныстырады. Бірақ, очерк ерлігімен ел есінде қаларлық жалғыз Жанғожин жайлы ғана емес, жалпы соғыс туралы очерк. Очеркте майдан эпизодтары, жауынгерлердің ауыр халі, өмір мен өлім арасындағы арпалыс арқылы агрессиялық соғыстың сұмдық көрінісі мен оның қиындығынан мойымай отаны үшін жанын пида еткен жауынгерлердің ерлігі туралы әңгімеленеді. Осы айтылғандар орталық кейіпкер Жанғожин төңірегінде өрбіп отырады. Майдан даласының қысқы көрінісі «1942 жыл.Февральдың тоғызы, қар қалың, сықырлаған аяз. Дала да, орман да ақшаңдық қар жамылып, мүлгіп қалыпты. Осыдан бір ақ күн бұрын жойқын шайқас боп өткен өңірге мүлде ұқсамайды. Бар болғаны ұзыннан–ұзақ, бір–біріне жалғаса қазылған траншеялардың ішінен қараңдаған каскалар ғана көрінеді», (65)деп беріледі.
Міне, осылай басталған очеркті оқып отырып, майдан даласының сұп – суық сұсты көрінісі көз алдыңа келеді. Оның адам баласына қаншалық жексұрын екенін көресің. Қаншама өмір қыршынынан қиылса, қаншама адам баласыз, жарсыз, әкесіз зар еңіреп қалды. Бұл очеркте автор майдан даласындағы көріністерді алады да, оның тереңде жатқан әлеуметтік, драмалық мәнін ашады. Оны өмірдің түбірлі негіздерінен таратып көрсетеді.
Бұл суреттеудегі мінездемеде сөзден гөрі іс–қимылға бейім, ұстамды, байыпты, ақылды адамның бейнесі тұр. Жауға жанын берсе де сырын бермейтін ұстамды, алған бетінен қайтпайтын қайсар, адасқанда жол табар парасатты адамды көріп, оның ерлік жасайтынына сенесің. Іштей соны күтіп отырасың. Оның жасаған әрбір қимыл - әрекеті де көңілге қонымды. Очерк авторы «Келте тігілген ақ тонды, жалпақ жауырынды, мығым денелі ақсары әдемі политрук» қандай жағдайда да жауынгерлердің жанынан табылып, оларға қажет болғанда ақыл – кеңес беріп, бар ауыртпалықты бөлісіп жүреді. Ол очеркте тек саяси жетекші ғана емес, жауынгерлердің қайырымды досы, мейірімді бауыры ретінде көрінеді. Рашитті осындай ізгі қасиеттері үшін жауынгерлері де жанындай жақсы көреді. Сондықтан да бір жауынгер оған «Жолдас политрук мені еркін де, ер етіп жүрген сіздің осы бір жұмсақ алақаныңыздың қызуы ғой. Арқамнан қаққан сайын еңсем бір көтеріліп қалады», - дейді. Біз бұл сөзден қарамағындағы жауынгерлерін рухтандырып жүретін, әрі мейірімді саяси басшының бейнесін көреміз.
Енді, С.Бақбергеновтың бейбіт өмір тақырыбына арнап жазған шығармаларына тоқталар болсақ, онда ең алдымен оның «Су бар жерде ну бар» (66) очеркін сөз етеміз. Мұнда автор оңтүстіктің суға байланысты зәру мәселелеріне ғылыми тұрғыдан талдау жасап, ол қиыншылықтардан құтылудың, нақты жолдарын ұсынады. Очерк шағын – шағын жеті бөлімнен тұрады.
Бірінші бөлімде оңтүстік өңірінің күнгей беті деп аталатын Ленин, Сарыағаш, Келес, Мақтарал, Жетісай, Шардара сияқты астықты, малды аудандардың сол кездегі молшылық пен береке құшағындағы дәулетті, сәулетті тұрмысы, оны бұдан да гөрі жақсарта түсудің жолдары жайлы айтылады.
Очерктің екінші бөлімі ырыс пен береке арнасына айналып отырған Сырдың суын сарқа пайдаланудың күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселелеріне арналған. Ертеде Сейхундария немесе Жойқындария атанған осы дарияның ежелден бергі елдің кәдесіне жарап, асыраушысы болып келе жатқаны тарихтан белгілі. Міне, осы жайында «Жер ана» деп келеміз. Сол жердің құнарлы өзен, дария, жалпы су елдің нағыз анасы, өзінің ұзақ өмірінде әлденеше буынды, миллиондаған халыққа сауын сиырдай нәр, қуат беріп келе жатқан осы Сыр. «Су бар жерде ну бар» деп халқымыз ежелден суы бар жерді паналаған. Ерте кезде айталық Отырар заманында Сыр бойында ондаған қала болғанын білеміз. Сырдария оған құятын Арыс, Келес, Ақсу, Бөген, Қарашық тағы басқа сулы жерлерде Сайрам, Шымкент, Қараспан, Кеңестөбе, Бұзық, Шавғар, Ясса, Ақтөбе, Шымқорған, Шардара, Ақсарай, Көксарай, Сығанақ, Сауран, Қарнақ, Сунақ, Мойдамтал, Бабайқорған, Аққорған, Жүйнек тәрізді тарихи қалалар осы күнгі Шымкент облысының жерінде болған. Ал біздің Отырар деп жүргеніміз бір қала емес, оның төңірегін қоршаған кемінде жиырмаға тарта қалашықтар болған» (67)-деп өткен тарихтан нақты фактілер келтіре отырып, Сыр өзенінің ерте кездің өзінде–ақ отырықшы халықтың егіншілікпен айналысуына мүмкіндік тудырғаны жайлы айтылады.
«Осы күнгі Түркістан Яссы боп тұрған шақта Отырар Фараб атанған. Фар – арабша мол дегенге келсе, аб – су деген мағынада. Бұл қаланың бұлайша аталуы тегін емес. Қала ол кезде тым көп судың нақ ортасында тұрған» (68) - делінген очерктің үшінші бөлімінде.
Міне, осы деректер очеркті оқып отырған адамға қазір сол су қайда кетті? Су неге жылдан – жылға азайып барады? Бұлай бола берсе келешектегі жер тағдыры, сол жерде өмір сүріп отырған адам тағдыры қалай болмақ? – деген ой салады. Осы кездегі су азайған Арыс өзені бір кезде Сырдай үлкен өзен болған екен. Қазір оның суы қайда кетті? Бұл да ойландырмай қоймайды. Автордың айтуына қарағанда Арыстың Сырға құяр сағасының төменгі жағындағы кең дала – көк желек жамылғандай тұнық бау – бақша, егіндік болып шексіз – шексіз созыла береді екен. Қазір неге сол далалар қу медиен боп құлазып жатыр?
Очерктің төртінші бөлімінде авторды Түркістан аймағының келешегі ойландырады. Жердің жағдайын жақсарту туралы сөз қозғағанда оның болашағын болжай білу керек.Ал, болашақты болжау үшін өткенді білу заңдылық. Қазіргі Түркістан көне қалалардың бірі. Бірақ, ол әлі өсіп, өркендеу үстінде. Жасыл желегі қанатын жая түсіп, жылдан – жылға жасарып, жақсарып келеді. Міне, осы Түркістан Яссы атанып тұрған бағы заманның өзінде де атағы әлемге әйгілі керемет шаһар болған. Ол туралы очеркте «Қаланы қоршаған айнала салынған қорған, бекініс, қамал, қалалардың атын атап шығудың өзі көптеген тарихи жайларды еске салады. Ихан, Қарнақ, Шорнақ, Сауран, Жүйнек, Бабайқорған, Майдамтал, әріректе, Сығанақ, Сунақ, Жаңақорған, Аққорған тағы басқалары осы ескі Түркістанды пана тұтқан мекен жайлар», (69)делінеді.
Очерктің бесінші бөлімінде қазақ халқы қасиетті қара шаңырақ атап кеткен қазыналы Қаратаудың өткені мен бүгінгі, келешегі жайлы айтылады. Бұл бөлім очерктің композициялық құрылымын ширатып, оқиғасын қойылтып, оқушыны қызықтырып, жетелеп отыру үшін алынған дәнекер бөлім десе де болғандай. Әсіресе, Қаратау аймағы жайлы көбірек сөз болған соң оның өткені жайлы халық аузындағы аңыз - әңгімелерді нақты тарихи деректермен байланыстыра отырып әңгімелеп беру өте орынды–ақ. «Қаратаудың басынан көш келеді...»,-деп басталатын бүкіл исі қазаққа таныс, атақты «Елім - ай» әніне арқау болған қасиетті Қаратау жайлы қаншама аңыз - әңгіме қазақтың бай фольклорының біразын құрайды. Міне, аңыздан – аңызға көшіп, атадан балаға тарап келе жатқан еліміздің өткен тарихынан елес беретін «Осы бір қара шаңырақ атанған қасиетті таудың атына байланысты аңыз, ертегі, шындықтан туған әңгіме көп. Мәселен, Сүлейменсай, Байжансай, Жылыбұлақ, Келіншектау, Ақсүмбе, Ақбикеш, Ақұйық, Тұлпар тұяғы, Жылаған ата, Қатынқамал, Хантағы, Ащысай, Торлан, Сандықтау, Алтынтау, Суындық, Біресек, Қанымсай, Баба Ата, Шолақ аңыздарына келсек бұларды шағын шығармада айтып шығу қиын. Әрқайсысы бір–бір дастан, поэма, кітап», - дейді. Автор оқырманды тек қана сол жерлердің өткендегі тарихымен таныстырып қоймай, біздің арғы ата–бабаларымыз бен қатар ақ жаулықты асыл аналарымыз да, ақ шашты әжелеріміз де ержүрек жандар болғандығынан хабар береді.
Очерктің алтыншы бөлімі Қаратаудан басталып, Сарыарқаға дейін созылатын Қаратаудың теріскей бетінің проблемалары. Қазақстан картасына көз салсақ бұл өзі – Еуропаның бірнеше мемлекеті қатар сиып кететін жер екенін көреміз. Бұл жер – «Созақ» деген бір–ақ ауданға қарайды. Негізгі шаруашылығы мал. Осыншама үлкен жердің ең зәру проблемасы – су. Очеркте «Үшкөкше деген не, оны неге олай атаған? Мұны білсек бүгінгі су мәселесін шешуді дұрыс түсінетін боламыз», - делінеді де осыған талдау жасалады. Қуаңшылықтан құтылу жолдары көрсетіледі.
Ең соңғы жетінші бөлімде Қаратаудың күнгей бетін суландыру, ондағы бар суды тиімді пайдаланып, мол өнім алуға бағытталған проблемалар сөз болады.
Бірақ автордың осы очеркіндегі бірсыпыра тұжырымы ақылға қона қоймайды. Мәселен, очеркте суы дұрыс пайдаланылмай отыр деп тізіп көрсетілген оншақты өзеннің көбінің әлдеқашан–ақ тандыры кеуіп, қаңыраған арнасынан өзге сол жерден өзен өткенін еске түсіретін елес те қалмаған. Мысалы Шаян өзенінің арнасымен соңғы қырық жылдан бері су ақпағанына жергілікті халық куә. Аталған өзге өзендердің бір суының жайы да осыған жуық. Ендеше мүлдем суы сарқылып қалған өзендердің суын пайдалану проблемасын журналға жариялау, ілі–шала кітап етіп басып шығару (Сол жылдары «Жалын» баспасынан жарық көрді) зая кеткен еңбек болды деуге толық негізіміз бар.
Біз белгілі журналист – қаламгердің журналистік жолын сөз еткенде олардың атына тек мадақ айтамыз, кемшіліктерін көрсек те ауыз ашпаймыз деп ешкімге уәде бермегеніміз аян. Олай болса біздің базбір әріптестеріміздің мүлдем ертеректе жазылғандықтан көтеріп отырған прблемасының мәні кеткен ескі дүниелердің шаңын қағып 20 – 30 жыл өткен соң жариялап жатуы өзінен өзге ешкімге керек еместігі аян.
Сондықтан С.Бақбергенов ертеректе жазылған бұл очеркін баспасөзге берер алдында қайта бір қарап, қажетті жерлерін қайта жазып шыққанда құба–құп болар еді. Сөйтсе де аталмыш туынды жазылу формасы, тілі, журналистің шеберлігі жөнінде өнеге етіп айтуға болатын очерк болғандықтан жан – жақты тоқталғанды жөн көрдік.
Өз тұсында республикада жаңа құрылыстың қанат жаюын, ол құрылысты өркендетіп жатқан еңбек адамдарының ерлік істерін көрсетуде С.Бақбергенов көп еңбек сіңірді. Ол кең – байтақ республикамызды аралап, оянған даланы, жаңа еңбекпен мерейі өскен адамдарды, санасы өсіп–жетілген қазақ жұмысшыларын өз очерктерінде көптеп көрсетті. Сондай тақырыпты сөз еткен туындылардың бірі – «Қаратау - Кентау» очеркі. (70)
Бұл очеркте Қаратау қойнауындағы үлкен кен орны Ащысай полиметалл комбинаты мен ондағы қала Кентау, Қаратауды қопарып, қазынасын қотарып жатқан еңбекшілер жайлы айтылады.
«Жер тарихы дегенде ел тарихы бар. Бұл екеуі қашаннан–ақ тағдырлас», - деп басталатын жазушы толғанысы бірден–ақ оқырманын жетелеп қазыналы Қаратаудың қойнауына әкеледі. Қаратаудың кешегісі мен бүгінгісі жайлы салыстыра отырып, өскен - өркендеген, жетілген елді, көркейген жерді көрсетеді.
Бұл очеркте Қаратаудың өткені мен бүгіні, болашағы жайлы сөз болады. Ол өте нанымды, қонымды шыққан. Өйткені, мұндағы әрбір сәт, өмір, тіршілік бейнесі жанды фактілермен, нанымды детальдар арқылы беріледі. Көне Қаратаудан кешегі күнді көрсек, көрікті де келбетті Кентауда бүгінгі күннің бейнесі берілген. (Кентау қаласы очерк жазылған тұста Республикамыздағы гүлденген әсем қалалардың бірі еді). Осы очерктегі ұтымды жәйттің бірі оқиғаларды беру тәсіліндегі тапқырлық десе болады.
Мұнда жер жағдайын жақсы білетін қарт аңшы Қамбарбектің айтқан әрбір сөзі көз жетерліктей нанымды. Ол өзінің Қаратауына тең келетін тау жоқ деп орынды мақтан етеді. Оның Қаратау жайлы айтқан ойында не зат болса да өзінің үлкен–кішілігімен емес, бойындағы берері мен келтірген пайдасымен құнды деген үлкен философиялық тұжырым жатыр. Бұл бойыңа емес, ойыңа сен, елге берерің болсын дегенді меңзейді.
С.Бақбергенов қазақ мәдениетінің жеке көрнекті қайраткерлері туралы бірсыпыра очерк жазды. Мәселен оның Кенен Әзірбаев, Роза Бағланова, Әсет Найманбаев, Дина Нұрпейісова, Дәнеш Рақышев туралы очерктері бар. Олардың бәрінен де халқы қадірлеген, аяулы да абзал жандардың тек талантқа ғана тән тамаша қасиеттерін ашып көрсетеді. Кенен Әзірбаев туралы жазылған «Шатқалға біткен бәйтерек», (71) - деген очерктің ең бір әсерлі жерлері Жамбыл мен Кененнің арасындағы ұлы достық.
Талантты – талант тани білетіндігі, құрметтей білетіндігі туралы да сөз болады. Атақты Балуан Шолақ Арқадан Жетісу жеріне келе жатып қойшы баланың салған әніне елеңдеп оған келіп жолығуы, оны халыққа тұңғыш рет өзі танытып, қойшылықтан босаттыруы танымал талант иесінің талапкер жасқа деген қамқорлығын, оның үлкен жүрегін көрсетеді.
Балуан Шолақ пен Жамбылдан алған өнеге Кененді өз бойындағы талантын да қастерлеп, баптап, ізденіп жүруге үйретті. Ол көзі жұмылғанша ән мен жырды серік етіп, табиғат берген талантын көп игілігіне айналдырады. Міне, сондықтан да ол халықтың сүйген, қадірменді, құрметті адамы болды.
Әрине, талантты біреу жұртқа танытты деу артық болар. Талант қашан да өзі танылады. Бірақ, сол талант иесі туралы ел – жұрты, халқы тереңірек, кеңірек білгісі келеді. Мұндайда бұл жүктің салмағы қалам иелеріне, көбіне журналист–жазушыларға түсіп жатады. С.Бақбергенов әнші, композитор Кененді халқына кеңінен таныстырған жазушы. Оған жазушының өнер қадірін, өнер иесінің қадірін білгендігі бірден – бір себеп болды. Ол Кенен Әзірбаевтың қой жайып жүріп тұңғыш шығарған әнін жас кезінде–ақ естіп, сол әнді салып жүріп өсті. Кейін Кененді көруді, дидарласуды армандады. Оның сәті түсті. Көрді, сөйлесті, творчествосымен терең танысып, оның жыр жинаған құрастырып, сол жинақтың редакторы болды. Сол қадірлеген талант иесі туралы «Бозторғай» деген повесть те жазды.(72) Кененнің 90 жасқа толуына арналып жазылған портреттік эссе-очеркте–очеркист көргендерімен, оның өз аузынан естіген әңгімелерінен алған әсерін очерктің композициялық құрылысына әдемілеп қиыстырып, халық қадірлеген үлкен талант иесінің өмірінен үлкен сыр шертеді.
Бұл шығармасында очеркисттің алдына қойған мақсаты – елін, жерін, заманын әнмен, өлеңмен жырлаған халықтың сүйікті ұлының бейнесін жасау болса ол мақсатына толық жеткен. Ол Кененді Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Әсет, Мәди, Естай, Балуан Шолақ сияқты ардақты адамдармен қатар қойып, ол туралы байыпты ой, сындарлы пікір айтты.



Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> Казахстан республикасының Ғылым және білім министрлігі
transactions -> Азамат Тілеуберді
transactions -> Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың
transactions -> Екінші кітап
transactions -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
transactions -> МӘШҺҮр тағылымы жинақ 2 Том
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте оқытудың біртұтас дидактикалық ЖҮйесінің теориясы монография Павлодар 2012 Кереку


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   31




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет