Ғаділбек Шалахметов бейбітшілік бақЫТҚа бастайды астана, 2010 жыл Қызыл «мұзжарғыш кеме»



бет10/20
Дата28.01.2018
өлшемі4,03 Mb.
#34540
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   20

Ноосфера
Бірде Жастар редакциясының басшысы бола жүріп мен жас мамандардың біріне қателік жібергені үшін дауыс көтеріп ұрыстым. Бәлкім, бұл жастық албырттық пен қызбалықтың әсері шығар. Бірақ әлгі маман менің ұрысқаныма ренжіген жоқ, керісінше әзілдеп:

— Маған ұрысудың қажеті жоқ. Мен де адамның баласымын ғой,— деп жауап қайтарды.

Әзілдесе де, астарында шындық жатыр. Иә, әрқайсымыздың өз мамандығымыз, қызметіміз бар. Бірақ әрқайсымыздың күнделікті жұмыстан әлдеқайда маңызды парызымыз бар: Біздер — адамзаттың перзентіміз.

Кейде жер бетінде тіршілік кешіп жатқан адамдардың әрқайсысы өз бетінше қайталанбас құбылыс екендігін, тек өскен ортасына байланысты түрліше тәрбиені көріп, соның нәтижесінде әркімнің мінез-құлқы мен іс-әрекеті әртүрлі қалыптасатындығын естен шығарып аламыз. Оның ұлты орыс, татар немесе қазақ па? Ақсүйек пе, әлде қараша кедей ме? Ол жағы маңызды емес. Қылмыскердің баласы да өзіндік ортада тәрбие көреді. Егер баукеспемен әңгімелесе қалсаңыз, оның да бала болып асыр салғанын, біреулерге еркелегенін, ал қазіргі теріс іс-әрекетіне өскен ортасы, көрген тәрбиесі ықпал еткенін түсінесіз. Баукеспенің мінез-құлқы мен жасап жүрген қылығы сізге ұқсамайды, әрине. Бірақ бұл ол жаман, сіз жақсысыз дегенді білдірмейді. Себебі, кез келген адамды құрмет тұту қажет. Адамдардың барлығы бірдей болуы, бірдей іс-әрекет жасауы міндетті емес, тіпті мүмкін де емес. Олай болса, әр адамның өзіндік ерекшелігіне түсіністік таныту керек. Бұл адамдардың өзара қарым-қатынасында да, саясатта да ерекше рөл ойнайтын қасиет.

Бір мемлекеттің аясында өмір сүргеннен кейін, ондағы жылдар бойы қалыпқа түскен ережеге бағынуға тура келеді. Цивилизация қоғамға, халықтарға, топтарға, жеке адамдарға өзіндік тәртібін енгізеді. Заң талабы, дамыған демократияның талабы осындай. Сен дамыған қоғамда өмір сүріп жатыр екенсің, демек оның барлық талаптарын сақтауға тиістісің. Әрине, біздің әрқайсымыз еркін адамбыз. Бірақ баршамыздың бостандығымыз басқа бір адамның бостандығы басталатын жермен шектелетіндігін естен шығармаған жөн. Еркіндік, яки, бостандық дегеніміз не? Ол адамға не береді? Жалпы, адам үшін оның қажеті бар ма? Тоталитарлық мемлекет пен қоғамның қандай қауіптілігі бар?

Адамдардың қайырымдылық, әділеттілік сияқты ізгі ұғымдарға қатысты өзіндік түсінігі бар, сол арқылы барлығы Құдайға жақын болудың жолын іздейді. Адамзат жай ғана биологиялық құрылым ғана емес қой, оның өзіне жан бітірген, ақыл-ой дарытқан Жаратушымен байланыстыратын ішкі сезімі бар. Жер бетінде алты миллиардтан астам адам бар десек, сол алты миллиардтың әрқайсысын Жаратушы иесімен байланыстыратын жалғыз күш осы ішкі жан дүниесі екендігі анық.

Атеизм мен тоталитаризмнің ең басты қателігі не? Меніңше, тоталитаризм мен атеизмнің басты қателігі адамның ішкі сезімін жоққа шығаруы, адамның материалдық нәрселерден бөлек, рухани байлыққа да сусайтындығын мойындамауы сияқты көрінеді. Тоталитаризм үшін жан дүние дегеніміз — қатыгездік. Сенің жан дүниең бар ма, жоқ па, ол жағы маңызды емес. Ең маңыздысы — сен биліктің айдағанына жүріп, айтқанына көнуге міндеттісің. Сенің атың, тегің кім, қай рудың өкілісің? Тоталитаристік қоғам үшін оның еш қажеті жоқ. Ең бастысы, сен төртінші разрядты слесарьсың, әскери-теңіз флотының офицерісің, аудандық партия комитетінің қызметкерісің... Тоталитарлық қоғам үшін соны білу ғана жеткілікті.

Меніңше, әрбір азаматының мінез-құлқы, табиғаты әртүрлі екендігін біліп, сонымен санасатын мемлекетті ең дамыған ел деп атаған жөн. Бұл орайда, мен Канада мен Австралияны озық елдердің қатарына жатқызар едім. Кәрі құрлық та Холокосты бастан өткергеннен кейін бұрынғы идеологиялық сыңаржақтылығынан бас тартуға көшті деген ойдамын. Азаматтарының табиғатына ерекше мән беретін Германияда соңғы жылдары азшылықтардың қолдауға ие болып жүргені кездейсоқтық емес. Саксофоншылар да, көгершін өсірумен шұғылданатын топтар да, гомосексуалдық бағыттағылар да өздерінің өмірлік ұмтылыстарын ашық білдіруге құқылы. Германияның рухани басшылығы ғасырлар бойы христиан дініне адалдық танытып келсе де, қазір эмигранттардың басым бөлігін құрайтын түріктер үшін мешіттер салына бастаған. Сол сияқты, Лондонда эмигрант үндістерге арнап ғибадатханалар салынуда. Германияда мұсылман мешіттері, Лондонда үндістердің храмы салынып жатқаны көзге оғаш тәрізді сезілгенімен, оған ешқандай кедергі жоқ.

Өз басым әу бастан Ресейде туған төрт данышпан Дмитрий Иванович Менделеев, Владимир Иванович Вернадский, Лев Николаевич Гумилев, Георгий Дмитриевич Гачевтың жақтаушысымын. Осы төрт данышпан мен үшін этностар проблемасына терең бойлаған тұлғалар болып табылады. Басқа ойшылдардың дәрежесін төмендетуден аулақпын, алайда осы төрттік адамның дүниетанымына ноосфера ретінде үңілді.

Бір қарағанда, Менделеев өлі материяның мәселелерімен айналысқан тәрізді көрінеді. Вернадский болса Жердің геологиясын, оның материялық табиғатын зерттеді. Вернадский бірінші болып адам баласының дамуымен (оның кезінде жер бетіндегі халық саны әлі 2 миллиардқа да жетпеген, қазіргідей алты миллиард адамды елестету мүмкін емес еді) Жер геологиялық күшке айналатындығын ашты. Сорбонна университетінің профессоры, «Адам феномені» сынды тамаша кітаптың авторы Пьер Тейяр де Шарденмен бірлесіп ғаламшардың ақыл-есі туралы факторды анықтады.

Біздің ғаламшарымыз қазіргі кескініне бірден ие болмағаны белгілі. Оның қатаюына, судың, ауаның пайда болуына, одан соң өлі материядан өсімдіктер, жан-жануарлар, балықтар, ақыр соңында адамдармен толыққан тірі әлемнің қалыптасуына миллиардтаған жылдар кетті. Адам жаралып, адаммен бірге ақыл-ес, ойлау қабілеті қлыптасқаннан кейін Жердің жаңа рухани қабаты — ноосфера қалыптасты. (Вернадскийдің соңғы еңбегі дәл осылай «Ноосфера туралы бірнеше жазба» деп аталады).

Георгий Дмитриевич Гачевтің өзі де «ноосфера» жұлдызының астында дүниеге келген. Ғалым 1929 жылы дүние есігін ашты, ал 1928 жылы Париждегі де Франс колледжінде Леруа мен Шарден жаңа ұғым туралы жаһанға жар салды: «Ғаламшар дегеніміз рухтың шағылысуы! Адамзат ойлауды үйренді, бұл дегеніңіз жердің интеллектуалдық атмосферасы, яғни, ноосфера. Барша адамзат баласын ойлауға қабілетті біртұтас дүние деп қарастырған жөн. Жаратушы ғаламшар өзінің бар екендігін барлық кеңістікке жеткізуі үшін адамды жаратты. Біздер — жастар, осы ұғымды білдіретін сөздің табылғандығын жариялаймыз. Бұл сөз — «ноосфера».

Алайда, сонау 1922 жылдың өзінде де Франс колледжінде Вернадский дәріс оқыған. «Ноосфера» туралы ең бірінші айтқан да Вернадский. Леруа мен Шарден Вернадскийдің ой-толғаныстарын жалғастырып әкетті, оның мән-мағынасын дәлелдеу үшін сүбелі еңбек сіңірді. Қытайда қазба жұмыстарын жүргізген Тейяр де Шарден синантроптың ескі астанасындағы саз үңгірлердің ішінен біздің дәуірімізге дейінгі адамның қаңқасын тапты. Соғыс жылдарында ол Қытайда жүріп «Адам феноменін» жазып шықты.

Осыдан сәл ертеректе «Газпром» Вернадский атындағы үкіметтік емес экологиялық қор құрды. Қордың құрылуына мұрындық болғандардың Ресейдің тұрақты дамуы ұлы геолог, ғаламдық деңгейдегі ойшыл Вернадскийдің ой-толғаныстарымен тікелей байланысты деп есептейтіндігі байқалады. Бір айта кетерлігі, Вернадский өзінің ноосфера туралы ойларын соғыс жылдары Көкшетауда, Бурабайда жүріп аяқтаған. Тамаша ақын Леонид Мартыновтың осыған байланысты мынадай өлең жолдары бар:

Чем знаменито Боровое,

Зимой сибирски-меховое

Под белоснежной пеленой,

Живоцветущее весной,

Своею горной тишиной

Смиряющее летний зной,

Огнистый, среднеазиатский?!

Тем знаменито Боровое,

Что там во время буревое,

Закинутый туда войной,

Жил мудрый аксакал

Вернадский.


Қаныш Сатпаев ол кезде әлі жас, соған қарамастан Жездінің мырышымен отанды қорғауға өлшеусіз үлес қосып жүрген кезі. Жездінің мырышымен брондалған танкілер Оралдан майдан даласына аттандырылып жатты. Вернадский сияқты, Сәтпаев та ғаламдық деңгейдегі ойшыл. Оның миында ғаламат идеялар қайнап жатқаны анық. Сәтпаев «Өлімнен басқаның бәріне асығу керек» деген сөзді жиі қайталағанды ұнататын. Қазақстанның Ғылым академиясы бірінші кезекте сол кісінің арқасында бой көтергенін айтпай кете алмаймыз. Сәтпаевтың күш салуымен қазақ даласындағы лагерьлерден босатылғандардың арасында ғылым академиясына мүшелікке қабылданған ғалымдар жетерлік. Мәселен, Чижевскиймен бірге Долинка лагерінің дәмін татқан Гульницкий солардың бірі. Олардың арасында биолог Галузо да бар.

Сәтпаев ғалымдарды босатып алып, жұмысқа орналастырды. Политехникалық институттағы оқытушылардың біразы Сатпаевтың ықпалымен еркіндік алғандар. 40-50 жылдардағы интелигенция өкілдерінің көпшілігі Сәтпаевтың алдында қарыздар. Әрине, идеялардың қайнар көзі болу үшін адамның академик болуы шарт емес. Алайда, ғылымда із қалдыру үшін қайталанбас ірі мінез бен айрықша тағдыр керек... Қаныш Имантайұлы айтпақшы, «Қазақстанда Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі бар».

Жуырда теледидардан бір фильмді тамашалаған едім. Әлгі фильмде сайтан кейіпкер адамдарды маймылға теңеп, орын алып жатқан келеңсіздіктерге олардың өздерін кінәлайды.

— Сендер, маймылдар, жарық дүниеге келіп, жыпырлап көбейе бастасымен, жан-жақтарыңның барлығын бүлдіруге, құртуға кірістіңдер...— дейді ол.

Адамзат жер шарына өзінің ақыл-ойы арқылы ерекше рухты — ноосфераны дарытты. Адамның ақыл-ойының арқасында жұмыр жердің бетінде автокөліктер жүйткіп, ұшақтар самғады, бомбалар жарылды... Жерсеріктер, радиотолқындар пайда болды. Жер шары өзінің радиотолқын қолдарымен ғарыш кеңістігін барлауға ден қойды. Жер шары жұлдыздар сияқты сәуле шаша бастады. Бір қарағанда, біздің ортақ үйіміз галактикадағы кішкентай ғана түйіршік сияқты, алайда неліктен дәл осы ғаламшар жан-жағына сәуле шашуға қабілетті? Себебі, жерде тіршілік бар. Жер галактикаға тіршілік сәулесін төгуде.

Жер бетінде жүздеген мың, тіпті миллиондаған радиотаратқыштар бар. Әрқайсысы ғарышқа ақпарат жіберуде. Жерде орналасқан антенналар осы ақпараттардың кішкентай бөлігін ғана қабылдайды, өзгесі ғарышқа сіңіп кетеді. Радиотелескоптар миллиардтаған шақырым қашықтыққа сигнал жіберіп, алыс жұлдыздардан адамзатқа қажетті мәліметтерді алуда. Мұның бәрі адам қолымен жасалған құндылықтар.

Жердің сәулесін тудырушылар — ұлы данышпандар, аты-жөні беймәлім миллиондаған қарапайым еңбеккерлер, егіншілер, малшылар, мұғалімдер... Мен адамзат пайда болғанға дейін Жер сәуле шығарды дегенге сенбеймін. Әрине, адамзаттан басқа да тіршілік иелері өз тілінде сөйлейді. Балықтардың бір-біріне ақпарат беретін өзіндік жүйесі бар. Құстар да өз тілінде сөйлеседі. Бәлкім, адамзат дәл қасында жүрген қарапайым тіршілік иелерінің құпиясын аша алмаған шығар. Ол да мүмкін ғой. Егер ғарышта бір ойлауға қабілетті тіршілік иелері өмір сүріп жатса, олар жер бетіндегі екі аяқтылардың іс-әрекетін таңғала тамашалайтын шығар. Біз әлі ғарышты толық зерттей алған жоқпыз. Онда да ойлауға қабілетті тіршілік иелері бар болуы мүмкін. Ал жерде бар екендігі ақиқат.

Адамзаттың мақтанышына айналған, физиктерді өз дәуірінің қаһарманы дәрежесіне көтерген, Нобель сыйлығы мен басқа да марапаттарды иеленуіне себепкер болған ядролық бомба дегеніміз не? Ядролық бомбаның питекантроптың қолындағы қарапайым құралдан еш айырмасы болмауы мүмкін. Питекантроп тасты өзіне ыңғайлап сындырып, ағаштың басына байлады. Біз атомды бөліп, зымыран тасығышпен жабдықтадық. Екеуі де қарсыласты өлтіру мақсатында, немесе психологиялық күшпен ықтыру үшін жасалған. Адамзаттың күш-қуаты оның рухани жігерінің арқасында көрінеді. Ал рухтан айырылған, қатыгез күш әлемді аласапыранға айналдыратыны анық.

Адамзат ақыл-ойының арқасында жердің геологиясына ықпал ете алатын шешуші күшке айналды. Демек, дәл қазір оның қиратушылық бағыт пен жасампаздық бағыттың қайсысын таңдайтыны ерекше маңызға ие. Себебі, Жер ғаламшарында тіршілікті сақтап қалу немесе жойып жіберу бірінші кезекте адамның қолында.
Дін
Діни ілімдердің ішінде бахаи мен суфизмді жақын тұтамын. Басқа бірде-бір дінді ұстанбаймын. Барша дәстүрлі діндерге өз басым ерекше құрметпен қараймын, бірақ барлығы ішкі динамизмнен айырылған сияқты көрінеді. Дәстүрлі діндер қазір бір-бірін түртпектеуге көшкендей. Бұл жақсылыққа соқтырмайтын құбылыс.

Жаңадан дін ойлап табудың қажеті жоқ. Бахаизм мен суфизмге тереңірек бойласақ жеткілікті. Қазіргі адамдарға қажетті рухани дүниелердің барлығы осы екеуінен табылады.

Бахаи дінінің пайғамбары Баха-Улла тарихи өлшем тұрғысынан алғанда бертінде, екі-ақ ғасыр бұрын пайда болған. Ол Тораны, Евангелиені, Құранды, Веданы қасиет тұтатын жандардың баршасына өзін Құдайдың ұлымын, жер бетіндегі ең соңғы пайғамбармын деп мәлімдеді. Оның ілімінің негізгі арқауы мынадай тұжырымға келіп тіреледі: Адамзат баласы құдайға қай тілде табынса да, оны Алла, Яхва, Құдай, Брахма деп түрліше атаса да, баршасының табынатын Жаратушы иесі — бір!

Баха-Улла өз ілімін таратуды Иранның Әзірбайжанынан бастаған. Ол ең алдымен адамдарға ән шырқауды үйреткен. Ән салу оның ілімінің айрықша маңызды бір бөлшегі саналады. Ол адамның ішкі жан-дүниесінде тыныштық орнауына көмектеседі. Сен кім болсаң да, қай құдайға табынсаң да, ән шырқап үйренуге тиіссің.

Хормен ән шырқау адамдардың өзара жақындасуына, Құдаймен жақындасына ықпал етеді.

Парсы шығанағындағы кішкентай қалалардың бірінде Баха-Улла шариғаттың заң бойынша өлім жазасына кесілген аса қауіпті тұтқындар қамалған түрмеге келеді. Ол қылмыскерлерге өзінің бабасы айтқан ән мәтінін жаттатады. Қылмыскерлер барлығы қосылып әлгі әнді шырқаған сәтте, түрменің темір торы гүрс етіп құлап түседі. Еркіндікке шыққан қылмыскерлер қала көшелерімен жүріп, әндерін одан әрі жалғастырады. Олар көздерінен жастарын төгіп, ән арқылы өздері зәбір көрсеткен жандардан кешірім өтініпті.

Дәстүрлі ислам діні бахаиді қуғынға түсірді. Осы ілімді қолдаушылар Ираннан қуылып, басқа бір елге кетті. Ең алғашқы бахаи ғибадатханасы Ашхабадта салынған, бірақ ол 1948 жылы жер сілкінісінен қирап қалды. Қазір бахаизм ілімінің өкілдері әлемнің барлық континенттерінде кездеседі. Бахаилердің орыс қоғамдастығы да бар, мүшелерінің саны айтарлықтай көп. 1992 жылы Нью-Иоркте бахаилердің тұңғыш конгресі өтті.

Бахаи дінінің ғибадатханасының бір ерекшелігі, тоғыз бұрышы бар. Әрбір бұрыш христиан, иудей, ислам сияқты ірі діндерге арналған. Делидегі, Франкфурттегі, АҚШ-тағы ғибадатханаларының сәулеті ерекше көз тартарлықтай етіп салынған. Ғибадатханаларда кәсіби дін қызметкерлері жоқ. Келген жандардың әрқайсысы өз құдайына сыйынады.

Менің Том Прайс есімді композитор досым бар. Ол Америкада, Нэшвил қаласында тұрады, бахаилерге арнап музыка жазады. Атлантада Си-Эн-Энмен арада келісім жүргізіп жатқанда мен он іздеп тауып алдым. Нэшвилге телефон шалып шақырып едім, тез арада келді. Оның әлемнің 38 елінің әншілері өнер көрсететін хорын Мәскеуде өнер көрсетуге екі мәрте шақырдым. Соңғы рет Гнесиндер институтында концерт берді. «Мир» телеарнасы ол концерт беретін залдардың ақысын төледі. Біздің мақсатымыз көпшілікке бахаи ілімін, олардың өнерін, философиясын жеткізу еді.

Жан-жағыңда орын алып жатқан келеңсіздіктер көңілімді құлазытқан сәттерде бахаи әуендері жазылған үнтабақты тыңдайтын әдетім бар. Прайс хорының құрамында ирандық тамаша әнші Наргис Фани (парсы тілінен аударғанда «асқан сұлу» деген мағына білдіреді) өнер көрсетеді. Шахишахтың тұсында (Ол кезде өзге діндерге төзімділікпен қарайтын, кейін Хомейнидің билікке келуімен осы ғұрып жойылып кетті) ол елдің бетке ұстар жұлдыздарының бірі, ұлттық телерадионың әншісі болған. Иранда әнші қыздың есімі әлі күнге дейін ұмытылған жоқ. Аятолла Хомейнидің жақтастары жеңіске жеткеннен соң әнші қыз Америкаға қоныс аударған, қазір Том Прайстың жұлдызы. Прайс оған арнап әндер жазады, әнші қыз иран әндерін де орындайды.

Томның иран музыкасын да, католиктік музыканы да, басқа да әндерді де терең түсінетіндігі мені еріксіз таңғалдырады. Ол басшылық жасайтын қор сегіз тілде ән шырқайды. Ән арқылы халыққа толеранттылықты уағыздайтын, барша адам баласы мен барша діндерді бір-бірінен алаламайтын хор оның өнерін тамашалаған адамдарды қайталанбас әсерге бөлейді. Әншілердің бірі — қара нәсілді өрт сөндіруші Даш Грофтс. Дауысы керемет, көмейіне бұлбұл ұя салған адам. Бірақ өзінің негізгі мамандығн тастағысы келмейді, ол үшін ән салу — құдаймен қатынасқа түсудің тәсілі.

Меніңше, Мартин Кинг қазір тірі болатын болса, баптист емес, бахаи дінін қабылдар еді. Кинг пен бахаи ілімінде екеуіне ортақ дүниелер көп.

Ал суфизмге келер болсақ, бұл Жаратқанды әлемнің тағдырын алақанда ұстайтын құдірет иесі деп қарайтын, тағдыры тереңде жатқан рухани ұстаным. Сопылар өмірінің белгілі бір кезеңінде үңгірлерге көшіп, жаратқан иемен қарым-қатынасқа түсуге тырысқан. Дәстүрлі исламда сопыларды ваххабиттер (бүгінде өздерін дәл осылай атайтын теріс ниетті топтардан бөлек) деп атаған. Омар Хайям, Сағди, Жалаладдин Руми, Хафиз, Низами, Ибн әл-Араби сынды шығыстың ұлы шайырлары сопылық жолды таңдаған, көпшілігіне сол үшін діннен безінді деген жаңсақ айып тағылған. Сопылар діни догмашылдықтың кез келген түрін жоққа шығарады. Олар жамағатпен құлшылық етуді мойындамады, Жаратушымен тек мешітте қарым-қатынасқа түсуге болады деп санаған жоқ.

Ұзақ уқыт бойы Ислам дінінің аясында өмір сүріп келген суфизмді мұсылмандық секта деп те, ислам дінінің ағымы деп те есептеуге болмайды. Іс жүзінде, суфизм кез келген дінде бар, ислам — сопылықтың сыртқы қабығы. Сопылар Құранды да, Інжілді де, Тораны да бірдей құрмет тұтады. Аталмыш діни ілім батыс мәдениеті мен философиясында да айтарлық із қалдырған. Роберт Грейвс: «Нағыз сопыны Шығыстан да, Батыста да кезіктіруге болады. Ол генарал, қарапайым шаруа, саудагер, қорғаушы, мектеп мұғалімі, үй шаруасындағы адам, қысқасы кез келген саланың адамы болуы мүмкін. Өзімшілдіктен, қатыгездіктен, интеллектуалдық азғындаудан, дәстүр мен ғұрыпқа соқыр сеніммен табыну сияқты жат қасиеттерден ада адам — сопылардың нағыз идеалы».

Көптеген Еуропа елдерінің мәдениетінде сопылық ілімнің әсері байқалады. Мәселен, Прованстағы Мария ару. Ол Крест жорығы барысында Еуропаның Шығыстың даналық философиясымен танысқанынан кейін пайда болғаны белгілі. Сопылық ілім бойынша, Махаббат — бар нәрсенің негізгі іргетасы. Құдай дегеніміз — махаббат.

Меніңше, өмірге осындай ізгілік тұрғысынан қараған жөн. Махаббаттың арқасында тіршілік жалғасады. Қарама-қайшылықты жоятын ең басты күш те Махаббат.

Радикалдар өзіне қарсы күштің шыққанын күтеді. Олар «күрес» деген ұғымды ерекше құлшыныспен қолдайды. Неғұрлым күрескен сайын, соғұрлым өз-өзін маңызы артқандай сезінеді. Радикалдар өздерін жауыздыққа қарсы тұрушы деп санайды. Шындығында, олар жер бетінде жауыздықты одан әрі өршітушілер. Ал махаббат жауыздықты, қайшылықты жеңетін жалғыз күш.

Қазақ халқында «Үйден қырық қадам ұзаған соң жолаушысың» деген мақал бар. Яғни, өз үйіңдегі күнделікті тыныс-тіршіліктегі әдетіңе емес, жолдың заңына бағынасың деген сөз. Сопылық ілімде жолаушыларды қорғап-қолдап жүретін ақсақалды қария — Қызыр туралы айтылады. Қызыр атаны қиын-қыстау сапарда сәттілік әкеледі деп санап, ерекше құрмет тұтады.

2000 жылдың қыркүйегінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түркістан шаһарының екі мың жылдығы атап өтілді. Осы шаһардағы қабірханада көптеген әйгілі сопылар жерленген. Олардың саны Жалаладдин Румидің сүйегі жатқан Коньядағы сопылардан кем емес. Түркістан сопылар мекендеген қалалардың ішіндегі ең солтүстікте орналасқаны.

Маған қазақтар сопы халық тәрізді көрінеді. Иә, біздер мұсылманбыз, ислам дінін ұстанамыз... Ежелде көшпелілерден «кімсіңдер, қандай құдайға табынасыңдар?» деп сұрайды екен. Сірә, менің жан-дүниемде көшпелі тірліктің сарқыты сақталған шығар. Өндірісте жүрген жерімнен телевидениеге де осы көшпелілік табиғатыма бағып келдім. Жуырда күнделігімнен өте ертеректе жазылған: «телевидение — көшпелілердің мәдениеті» деген жолдарды оқыдым.

Моңғол-татар езгісі туралы айтылғанда, Алтын Ордада барша діндердің ғибадатханасы болғандығы да сөз болады (Ибн-Батуттың, Марко Полоның баяндаулары бар). Шыңғысханның діни сенімі қандай? Даосизмді ұстанған деген долбар бар. Жоқ, ол дін ұстанған жоқ. Әйтпесе, гүлденген шаһарларды басып алуға бұйрық бермес еді, миллиондаған адамдарды қырғынға ұшыратпас еді. Алайда, Шыңғысханның данышпан адам екендігі анық. Көшпелілер үшін заңдық әрі діни ұстанымның негізіне айналған «Ясыны» жасаған тұлға. Ол қытайлықтарға: «сендердің діндерің дұрыс дін» деген. Осы сөзін басқаларға да айтқан. Моңғол жауынгерлері ғибадатханаларды қиратпаған. Бағдаттағы мешітті қиратқаны сияқты бірең-саран оқиғалар өте сирек. Шыңғысханның ұрпағы Бату ханның тұсында да орыс храмдарының біреуі бұзылған жоқ. Киевтегі София соборы, Нерлидегі Покров ғибадатханасы, Владимирдегі Дмитриевск соборы сияқты көз тартатын көрікті сәулет ғимараттары әлі күнге дейін дін аман. Ал католицизмнің билігі жүрген Ресейдің батыс өңірлерінде бірде-бір православиелік шіркеу сақталмаған. Ең ескі шіркеулер бертінде, ХYІ ғасырдан кейінгі аралықта салынған. Оған дейінгі ең ежелгі ғибадатханаларды жермен-жексен еткен басқа емес, христиандар, католик христиандар.

Жалпы, қазақтар ислам дінін қабылдауға біраз қарсылық танытқаны белгілі. Бұл патшалық Ресей үшін зиянға шыққан жоқ. Мәселен, исламның бес парызын сақтай қоймаған далалық қазақтар орыстармен оңай тіл табысты. Ал Кавказдағы, Балқандағы мұсылман дінін берік ұстанатын халықтар орыстарға қарсы соғыс ашқан-ды.

Ислам дінінің миссионерлері болып табылатын Қожа руы қазақ даласына исламның орнығуына ерекше үлес қосты. 1917 жылы Кеңес өкіметі орнағанға дейінгі аралықта Қазақстанда ислам ілімі кең тарады, халық сауатты болды, медреселер көптеп ашылды. Бір айта кетерлігі, қазақ халқы білім алуға өте бейім келеді. Мен Қытайдың қазақтар мен ұйғырлар көп шоғырланған Шыңжаң аймағында болғанымда осыған көз жеткіздім. Ұйғырлар білімге онша құштар емес, есесіне базарда сауда жасауға, бау-бақшада жұмыс істеуге құмар. Ал қазақтар қытай тілін тез үйреніп алады, бірақ қытайланып кеткен емес.

Иә, біздің халық біреудің дүниеге келуін де, қайтыс болған адамды жер қойнына беру рәсімін де, басқа да ғұрыптарды шарихатқа сай жасайды. Меккеге қажылыққа барған танымал қазақтар бар, бірақ аса көп дей алмаймыз. Бізге қарағанда татарлар ислам дінін ерекше берік ұстанатын тәрізді. Татарларда діни ілімді терең меңгерген ғұламалар да жетерлік. Қазан қаласы діни кітаптар шығатын, араб тілі оқытылатын ірі орталықтардың бірі болған. Әрине, қазақтан да арабша жетік білген ғұламалар көп шыққан. Алайда, олардың көпшілігінің есімін ашық айтуға кеңес тұсында тыйым салынды, біразы ГУЛАГ-тың дәмін татты. (Кезінде олар туралы біраз дүниелерді тапқан едім).

Өз басым дінге аса қатты берілген адам емеспін. Алайда, жақын адамдарымның ой-пікірі, дінге қатысты көзқарасы маған да ықпалын тигізбей қоймады. Мәселен, Аманғали атам нағыз тақуа, сопы адам болды. Атам қатерлі дертке шалдыққан кезде оның жан қиналысын, әжемнің уайым-қайғысын өз көзіммен көріп, дін туралы ойлана бастадым. Қазір ядролық бомба, Семей полигоны сияқты жаһандық проблемалардың адам баласына қаншалықты үлкен апат әкелгенін көргеннен кейін дін туралы жиі ойға берілетін болдым.

Алматыдан Бішкекке бара жатқан жолда Тянь-Шань тауларының солтүстік орамдарын айналып өтесіз. Ал Шыңжаңда таудың оңтүстік орамдары арқылы жүретін жол бар. Хан Тәңірі шыңын да көрдім. Осы таулардың барлығы қазақ даласына қарай ентелеп тұрғандай әсер қалдырды.

Өкінішке қарай, саясат жердің табиғи кескін-келбетін аяусыз бүлдіреді, оны бөлшектейді. Біз Ресейдің Алтай аймағын білеміз, Қазақстанның Рудныйын білеміз. Рерихтың Алтай туралы циклдарын тамсана тамашалаймыз. Алайда, бұл цикл Алтайдың Қытайдағы тораптарына арналған. Алтай — жалғыз. Біз осы алып қазынаны қаншалықты терең зерттей аламыз? Алып қазына қазір бірнеше елдің меншігіне бөлшектеніп кетті емес пе? Сол себепті, біз Алтай туралы қанша толғансақ та, оның біртұтас бет-бейнесін қамти алмаймыз.

Құдайға шүкір, қанша қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткерсе де, қазақ тілі сақталып қалды. Қытайдағы алтай қазақтарымен әңгімелескенімде, екі тілдің арасында көптеген ұқсастықтар бар екенін аңғарамын.

Жуырда Рим папасы ІІ Иоан Павелдың кітабын оқып шықтым. Өзіндік стильде жазылған қызықты дүние екен, журналист пен сұхбат берушінің арасындағы салиқалы әңгіме сияқты. Рим папасы өзінің Ватиканда сөйлеген ең алғашқы сөзін «Қорықпа!» деген сөзден бастапты. Одан әрі неден қорықпау керектігін түсіндірген. Құдайға жетелейтін жолдан қорықпа, бұл жол ешқашан жеңіл болмаған. Кітапты оқып шыққаннан кейін мен атеизмнің кесірінен қаншама дүниелерді жоғалтқанымызды түсіндім. Құдайсыздық бізді жауапкершіліктен ада етті. Ізгілікке, махаббатқа сенбеудің ақыры өмірдің мәнсіздігіне әкеліп соқтырады. Атеизм бізді шектен тыс прагматик болуға тәрбиеледі.

Маған Стругацкийдің «Құдай болу қиын» деген романының аты ұнайды. Иә, құдай болу қиын тірлік. Алайда, адамдардың әрқайсысы кей-кейде өзін құдайдың орнына қойып көруі керек. Өзіңе дейін ешкім жасамаған дүниені жүзеге асырсаң біткені, өзіңді құдай сияқты сезініп үлгересің. Алайда, жаңа нәрсені ойлап табу маңызды емес, халықты соған сендіру, ерте білу маңызды. Бұл дегеніңіз, сөз жоқ, үлкен жауапкершілік. Бір нәрсені айтпас бұрын жүз ойланып, мың толғануға тура келеді. Шабытың келген сәтте көкейіңе келген нәрсенің барлығын айта салу шарт емес, алдымен осы айтқандарыңнан қандай нәтиже шығатынын ойлап алған жөн. Себебі, жасаған іс-әрекетіңнің, айтқан сөзіңнің жауапкершілігінен қашып құтыла алмайсың.


Каталог: bitstream -> handle -> 123456789
123456789 -> Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰу хабаршысы №5 (84) 2011
123456789 -> Республикалық Ғылыми-әдістемелік конференция материалдар ы
123456789 -> Қазақ халық педагогикасы негізінде оқушыларды еңбекке тәрбиелеу
123456789 -> А. Ж. Кунанбаева
123456789 -> Б. О. Джолдошева из Института автоматики и информационных технологий нан кр, г. Бишкек; «Cинтез кибернетических автоматических систем с использованием эталонной модели»
123456789 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ministry of education and science of republic of kazakhstan


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   20




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет