Ғаділбек Шалахметов бейбітшілік бақЫТҚа бастайды астана, 2010 жыл Қызыл «мұзжарғыш кеме»


Пусть каждый день святится наше слово



бет2/20
Дата28.01.2018
өлшемі4,03 Mb.
#34540
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20

Пусть каждый день святится наше слово


Среди разора, драки и любви.
И там, где фонари и ту аптеку...

Накрыть приходит сумеречная мгла,

Ты, исцеляя Русь и человека,

Свети, Адмиралтейская игла...


Мен үшін Лев Николаевич Гумилев, оның этногенез жөніндегі еңбектері, Еуразия халықтарының тағдыры туралы ой-толғаныстары, оның болашаққа жасаған көрегендік болжамдары және біздің «Мир» телеарнасында жасап жатқан жұмыстарымыз бір-бірімен тығыз байланыстағы дүниелер болып көрінеді.

Алаша руынан шыққанмын
Біраз жылдар бұрын қазақ халқының ұлы перзенті, геолог-ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың 100 жылдық мерейтойына орай мақала жаздым. Мақалада мәскеулік кинематографистердің қазақстандық интеллигенциямен кездесуі туралы да айтылған. Бұл кездесу 1943 жылдың 17-наурызында болған еді. КСРО Ғылым академиясының қазақстандық филиалының басшысы Қаныш Сәтпаев, «Абай жолы» роман-эпопеясының алғашқы кітабын жарыққа шығарып үлгерген Мұхтар Әуезов және Алматыдағы эвакуация кезінде өзінің ең соңғы шедеврі «Иван Грозныйды» түсірген Сергей Эйзенштейн қатар отырды. Ол кезде менің әлі дүниеге келмеген, анамның құрсағында жатқан алты айлық кезім. Бірақ өзімді сол тұста өмір сүріп, осы кездесуде болып, үш ұлы тұлғаның жас кездерін көргендей сезінемін.

— Жуырда Алматыға анама келгенде ол кісіден: «1943 жылдың 17-ші наурызында біздің өмірімізде қандай оқиға болып жатқан еді?»,— деп сұрадым. Анам наурыз айының дәл сол күндері солтүстікті бетке алып ұшқан «Юнкерстердің» ізінен аспан қарақошқыл түске боялғанын айтты. Паулюстің әскері жеңіліс тапқанын мойындап, Харьков үшін қанды қырғын соғыс жүріп жатқан уақыт еді. Испанияның Герникасын бомбылаған дәл сол эскадрилияның нысаны кейінірек Солтүстік Кавказ болып өзгерді.

— Біздің кішкентай аралымызды бомбылау оларға не үшін қажет болды екен?

Кейін түсінгенімдей, сол кезде мұнайдың негізгі бөлігі Бакуден тасымалданған екен; Кеңес дивизиясына жанар-жағармай жеткізетін танкерлер Еділге енуге тиіс болған. Ал немістер осы жанар-жағармай тиеген танкерлер керуенін жібермеу үшін үлкен күш жұмсаған. Сол себепті, немістер Еділ бағытын нұсқап тұрған маякты құртуға тырысыпты.

Маякта жұмыс істейтін көршіміз Маша тәтей күн сайын мұнара басына алау жағуға аттанатын. Менің әпкелерім зеңбірекшілердің орнын алмастырды, себебі зеңбірек ататын басқа еркек кіндік жоқ. Ауылдың қарапайым қыздарын зеңбірекшінің орнында елестетудің өзі қиын. Соған қарамастан, олар немістердің бір ұшағын атып түсіріпті. Кейінірек дәл сол ұшақтың қалдығын өз көзіммен көргенім бар.

Бомбылау басталған кезде жергілікті тұрғындар қалың қамыстың арасына жасырынады. Тұрғындардың барлығы қарапайым балықшы қазақтар. Анамның қамыс арасына тығылуға шамасы жетпей, қабырғасы пулемет оқтарынан шұрқ тесік болған үйшікте бас сауғалайды. Мен дүнеиеге келген сәтте анамның жанында әкем болыпты. Ол кезде ауылда кәсіби дәрігер де, фельдшер де қайдан табылсын?! 1943 жылдың 9-шы маусымындағы қысылтаяң кезде мен өмір есігін аштым. Анамның айтуынша, өте сабырлы бала болғанға ұқсаймын.

Астрахань қаласының орталығында кезінде көпес Милосердовке тиесілі болған әсем үй орналасқан. Көпес елдің есінде көптеген қайырымды істерімен сақталған. Қалаға Киров келіп өзінің «Еділ бойында көзі тірі бір коммунист қалғанша, бұл жер Кеңес өкіметінікі болып қала береді» деген өзінің атақты сөзін айтқаннан кейін Милосердовтың басына қара бұлт үйірілген. Байғұс көпестің үйін тартып алып, пошта мен телеграф ғимаратына айналдырған. Бұған қатты налыған көпес бас сауғалап қашуға мәжбүр болады. Бірақ басқалар сияқты шекараның арғы бетіне емес, жақын жерге, яғни, Таза ағын аралына бас сауғалайды. Сөйтіп, көпес Милосердов бізге көрші қонды, ұзақ жылдар бойы маякты бақылаушы болып істеді. Мен өмірге келген сәтте анам мен әкемнің қасында көпес Милосердов отырған деседі.

Маған арал тұрғындарының өмірі өзіміз кітаптар мен фильмдерден көріп жүрген жапон балықшыларының өміріне айна-қатесіз ұқсайтындай елестейді. Кането Синдоның «Жалаңаш арал», Кобо Абэнің «Құмдағы әйел» атты кітаптарындағы суреттелген дүниелер біздің аралда да бар: Құмдауыт қыраттар, сұрқы қашқан баспаналар, жертөлелер, ішіне ағаштан тіреулер орнатқан жартылай жертөлелер. Сұрқай тіршілік. Соғыс кезінде тамақ табудың өзі қиынға түсетін, барлығы карточкамен берілетін. Ал аралда басқа тамақ табылмаса да, балық табылады. Бұл жерде балықты майданға жіберу үшін аулайды, балықшылар азын аулақ олжаларын отбасын асырау үшін де табады. Туыс-туғандарымыз жан-жақтан жиі ағылып келеді. «Қарға тамырлы қазақпыз» ғой, анам туыстарымызға қолынан келгенше көмектесуге тырысады.

Мен Кіші жүздің қазағымын, батыс өңірде туғанмын. Кіші жүз әу бастан Ресеймен тығыз байланыста. Сондықтан өзім туралы хикаяны Еділдің төменгі жағын, Еділ мен Жайық өзендерінің арасын мекендеген хан ордаларынан, Кіші жүз мекендеген жерлерден бастағаным дұрыс болар. Қазіргі Волгоградқа жақындау жерде Батый ханның Алтын Ордасының астанасы — Сарай қаласы орналасқан. Орта ғасырдағы Еуропа және араб ғалымдарының еңбектерінде Сарай қаласын, оның халқын, салт-дәстүрлерін қалай суреттегенін оқып отырып, өзің күтпеген көптеген дүниелерге көз жеткізесің. Мәселен, ХІV ғасырда шаһарға жолы түскен араб саяхатшысы Ибн-Батут Сарай-Беркені айналып шығу үшін таңның атысынан күннің батысына дейін тоқтамастан екі күн жүруге тура келгенін айтады. Өз дәуірінде ол көлемі Каирден сәл үлкендеу, бірақ сәулеті одан ерекшеленіп салынған, көшпелілердің салтымен шеңберленіп орналасқан айтулы шаһарлардың бірі болыпты. Осы үлкен шаһар қазір қайда жоғалып кетті? Бүгінгі Ресейдің Волгоград облысы мен Қазақстанның Орал облысының аумағында қаладан ешбір белгі қалмағаны, жер бетінен із-түзсіз жоғалып кеткені қалай?

Эрмитаждың директоры қызметін Пиотровскийдің әкесі атқарған кезде мен ол кісіден сонау І Петр тұсында Алтын Орданың астанасын аршып алған Терещенко экспедициясы тапқан жәдігерлердің қайта кеткенін сұрастырдым. ХХ ғасырдың отызыншы жылдары осы аймақтарда жұмыс істеген Артамонов эскпедициясының қол жеткізген деректері туралы білуге тырыстым. Бұл аймақтарға экспедиция жасалғаны жайында мен анық білетін едім. Бірақ экспедиция қандай жәдігерлер тапты? Табылған баға жетпес мұралар қайда кеткен? Неліктен осы мұралар туралы ешкім ешқандай дерек білмейді?

— Олардың бәрі жабық қорда. Көрсетуге болмайды.

— Неге көрсетпейсіздер?

— Жұрттың бәріне жариялап жіберсек, моңғол-татар езгісі туралы аңыз-әпсаналардың күлі көкке ұшады.

— Неліктен?

— Жарайды, мен сізге бір сейфті көрсетейін.

Ол кісі жұмбақ сейфті ашып, тұрмысы орташа қолөнершінің үйінен қазып алынған мұраларды алдыма жайып салды. Қарапайым қолөнершінің отбасы парсы шынысынан жасалған ыдыс-аяқтарды тұтынған екен. Парсылар шыныдан түрлі бұйымдар жасау ісінің қас шебері болғаны белгілі, тіпті Венеция мен Богемияның өзінде шыны өндірісі парсылардан келген. Сарай-Беркеге шыны мен қыштан керемет ыдыс-аяқтар жасайтын шеберлер Тебризден арнайы алдырылады екен. Бұл ХІV ғасырдағы ахуал. Ойлап қарасаңыз, христиандық Русьтің құрылғанына ол кезде төрт-ақ жүз жыл болған. Егер Артамонов тапқан мұраларды жалпақ жұрттың назарына ұсынса, халықтың көкейінде түрлі сауалдар туындауы ықтимал. Осы асыл бұйымдар қайда кеткен? Неге біз ХХ ғасырда өмір сүріп отырып, қалайы кесемен шәй ішуге тиіспіз? Біздің осыншалықты артта қалғанымыз қалай? Осы тектес сауалдар туындатпаудың ең тиімді жолы құнды жәдігерлерді сейфке тығып тастау.

Иван Грозный Астраханды жаулап алғаны белгілі. Артынша Алексей Михайлович парсылармен соғысу үшін Еділден Каспийге шығатын флотты даярлауды қолға алды. Бұл істі І Петр де қолдады. І Петрдің тұсында көптеген қазақ тайпалары мекен еткен жерлер тартып алынып, князь Юсуповтың қарамағына берілді. Юсуповтар жергілікті халықтан, яғни, орыстар мен казактардан, қазақтардан алым-салық жинауға кірісті. Халықтың несібесінен жиылған салықтың есебінен Юсуповтарға тиесілі зәулім сарайлар, поместьелер бой көтерді. Кейін мен осы жерлерге барғанымда осындағы дос-жарандарыма мұндағы көздің жауын алатын ескерткіштер мен басқа да құнды дүниелердің тең жартысы менікі деп әзіл-шыны аралас қалжыңдайтынмын...

Санкт-Петербургте Қысқы сарайға жақын жерде өзен жағалауында Бекетов атындағы университеттің ректорының үйі орналасқан. Блоктың әжелерінің арғы тегі Карелиндер әулетінен тарайды. Георгий Силыч Карелин ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген орыстың аса талантты саяхатшыларының бірі. Ол қазақ далалары мен Каспий бойына жасаған саяхаттарының арқасында атын шығарған.

Осы Георгий Карелин Дмитрий Иванович Менделеев пен Бекетовтың қайын атасы болып келеді. Көз көргендердің айтуына қарағанда, өткір сын-пікірлері тиісті органдардың назарына ілігіп, Орынбор даласына жер аударылған көрінеді. Кейінірек Менделеевке күйеу бала болған Александр Блок осы саяхатшы Карелинмен қоян-қолтық араласып, оның көптеген ой-пікірлерін, аталы сөздерін бойына сіңірген. Демек, Блоктың «Скиф» атты атақты туындысы, ақынның еуразияшыл дүниетанымы жоқ жерден пайда болмаған. Ақын барлық ғұмырын Азияны түсінуге, Еуропа мен Азияның шекарасында жатқан Ресейдің тарихи міндетін түсінуге арнаған қариялардың көзін көрді. (Бір айта кетерлігі, әр кезеңде Еуропа мен Азияның шекарасы әртүрлі көрсетілген: Ежелгі гректер Еуропа Пантикапамен шектеледі деп есептеген, олар қазіргі Керч-Таманды Азияға жатқызған). «Мы, как послушные хлопы, держали шить между двух враждебных рас — монголов и Европы...»

Өзінің Орынбор аймағында өткізген жылдарында Карелин менің тумаларыммен тамыр-таныстықта болған екен. Олармен бірге бұрынғы хан ордасында — бүгінгі сұрқы қашқан аудан орталығында отырып шай ішіп, орыс, француз тілдерінде әлемдік проблемаларды талқылаған. Бұрындары Гурьев деп аталған қазіргі Атырау қаласында Георгий Силыч өртеніп кеткен үйдің іргетасы әлі күнге дейін тұр. «Наше наследие» журналында менің бабаларым мекендеген жерлермен байланысты ұлы тұлғалар туралы дүниелерді көптеп жарияланғанын да айта кеткен жөн.

Әнуар Әлімжанов өзінің «Махамбеттің жебесі» деп аталатын тамаша туындысында ХVІІІ ғасырға дейінгі аралықта орыс патшаларының сарайындағы көптеген рәсімдер түркі қағандарынан алынғанын айтады. Ал патшаның оң қолы дала хандарынан болған. Арғы тегі түркілерден тарайтын ақын Державиннің «Фелица» атты одасында қырғыз-қайсақ ордасының теңдессіз сұлу патшайымын жырға қосуы тегін емес. Кейбіреулер поэтикалық шығарманың кейіпкері ретінде ғана түсінетін Фатима ханым қазақтар үшін өмірде болған, бүгінгі Орал облысындағы Орда ауданын мекендеген адам. Ол Кіші жүздің соңғы сұлтаны Жәңгір ханның әйелі. Менің нағашы жұртым осы атақты әулетпен туысады.

Журналист болып жүрген кезімде Батыс Қазақстан обкомының бірінші хатшысы қызметін, кейін Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарған ескі достарымның бірі Нәжімедин Есқалиев маған мынадай бір оқиғаны баяндап берді.

Есқалиев Орыс Императорлық географиялық қоғамының мүшесі болған белгілі тұлға Салық Бабажановтың зиратын іздеумен шұғылданған еді. Қазақ халқының көрнекті перзенті Салық Бабажанов Алтын Орданың ең алғашқы астанасы Сарай-Беркедегі зиратта жерленген болып шықты. Ал қазіргі таңда аталған аймақта Капустин Яр зымыран айлағы орын тепкен. Зымыран айлағындағы жұмыстардың барлығы құпия, кірген нәрсе де, шыққан нәрсе де қатаң тексеруден өтеді.

Капустин Яр қарапайым халық үшін жабық жер. Бірақ менің досым Нәжімедин Есқалиевті бұл тежей алмайды. Ол зымыран айлағының қолбасшысына барып:

— Бауырым, сөзіме құлақ түрші. Қазақ халқының көрнекті тұлғаларының бірі, біздің тарихымызда ерекше орны бар адамдардың бірі сен басқарып отырған жерде жерленген. Бізге соның мазарын іздеп табуға рұқсат бер,— деп базынасын айтады.

Қолбасшы:

— Мені кім деп ойлап тұрсың?! Әлде, адамгершілігі жоқ меңіреу біреу деп пе едің?! Әкел, жоспарыңды көрсет,— дейді.

— Міне, мынау Алтын Орданың астанасы Сарай-Берке шаһары. Қаланың солтүстік-шығысында зират орналасқан. Полигонның картасы қайда, сенің зымырандарыңның шахтасы қай жерде орналасқан?

— Дәл сен нұсқаған жерде, Сарай-Батудың үстінде.

Қолбасшы да азамат екен, шахталардың картасын қарап шыққаннан кейін бірден:

— Кеттік. Айтпақшы, сен өзің кім болып істейсің?

— Мен Батыс Қазақстан обкомының бірінші хатшысымын.

— Бізде бірінші хатшы тұрмақ, Саяси бюро мүшелерін де кіргізбейді. Жарайды, менің досым дей салайық. Жүр, жолға шығайық.

Сонымен, екеуі Салық Бабажановтың сүйегі жатқан жерді іздеуге аттанады. Діттеген жерге жақындаған сайын Нәжімедин толқи түседі.

— Неге сонша толқып келесің?

— Мұндай айтулы оқиғаға қалай толқымассың? Бұл оқиға туралы міндетті түрде журналға мақала беремін.

— Ешқайда ештеңе жазудың қажеті жоқ.

Зираттың орнында стратегиялық қарсыластарын нысанаға алған ең қуатты зымыран шахтасы орналастырылыпты. Бұл дегеніңіз ат шаптырым жерді алып жатқан үлкен жерасты кешені.

— Иә, енді не істейміз? — деп сұрайды қолбасшы.

Нәжіметдин болса өзімен бірге қоладан құйылған мемориал тақта әкелген екен. Қанша дегенмен, мемлекеттік қызметтерді атқарып жүрген көзі ашық, көкірегі ояу азамат қой. Оның үстіне, мәдениеті жоғары, бабалар тарихын көкейіне тоқып өскен білімдар адам. Осы мемориал тақтаны мазардың басына орнатуды көздеп келсе керек. Өкінішке қарай, мазар жоқ, оның орнында үңірейген құдық қана жатыр. Амал жоқ, Салық Бабажановтың зиратына қойылуға тиіс тақтаны зымыран шахтасына орнатуға тура келеді. Құдай бетін аулақ қылсын деп айтайық, алда-жалда ядролық қақтығыстар орын ала қалса, қарсыластарға СС-18 деп аталатын қауіпті қару біздің бабаларымыздың атынан ұшырылуы ықтимал.

Иә, осындай да оқиға болған біздің байтақ даламызда. Дос-жарандарымнан естігендерімді айтпағанда, өзімнің есімде сақталған жайттар да аз емес. Осы сайын даланың сай-саласын мекендеген жергілікті халық малшылар мен балықшылар болып екіге бөлінетін. Қарапайым қазақтар ауызекі әңгімеге кейбір орысша ұғымды араластырып сөйлей бастады. Әлі күнге дейін есімде, әкем анама: «Мен батағаға кеттім» дейтін. «Батаға» дегеннің не екенін түсіне алмай әлекпін. Сөйтсем, әкемнің «батаға» деп жүргені орыстың «ватагасы» болып шықты.

Балықшы ватагалардың жағалауда кәсіпорындары болатын. Балықшы артельдерді осылайша қазақтар «батаға», орыстар «ватага» дейді. Бұл сөздің мағынасын көпшілік біле бермейді. Бір халықтан екінші бір халықтың тілдік қолданысына ауысқан сөздер қазақтар мен орыстар, казактар аралас-құралас өмір сүрген сол бір ат төбеліндей аз қауымның өзіндік мәдениет келбеті сияқты сезіледі маған. Заманында славьян, түрік, моңғол (қалмақ) халықтарының араласуынан туған мәдениет ғасырлар бойы осы өңірде сақталып қалған.

Менің әкемнің есімі — Мінәж, араб тілінен аударғанда бұл — тазару, арылу деген мағынаны білдіреді. Әкем Кіші жүзге қарасты Алаша руынан шыққан. Кіші жүзде Байұлынан тарайтын он екі ру бар. Сондықтан да он екі ата Байұлы деп атайды. Шеркештер мен Адайлар — қызуқанды жауынгер халық. Ал Алаша руы ойшыл, салқынқанды болып келеді. Алашадан елдің қамын жеген бетке ұстар ақылман азаматтар, күрделі мәселелерді көрегендікпен шеше білген әділ билер, кемеңгер тұлғалар көп шыққан. Біз Алашаның ішінде Қоңыр бөрікті Алаша деген тармағынан тараламыз. Әрине, бұл менің бабаларым жаппай қоңыр бөрік қана киген дегенді білдірмейді. Бәлкім, халықтың назарында жүрген танымал бабаларымның бірі қоңыр бөрік киіп, соның арқасында тұтас рудың халқын солай атап кеткен болар.

Менің атам Шалахмет пен оның інісі Шеруен жүз жасаған адамдар. Күйлі-қуатты адамдар болған. Олардың аталары да, бертіндегі Шалахметовтер әулеті де бұрынғы Гурьев, бүгінгі Атырауға жақын маңайда, Жайық мен Еділ өзенінің ортасында Астараханға жақын аймақты мекен еткен. Атыраудан тоқсан шақырымдай қашықтықта Жамбай деп аталатын жер бар. Онда Атырау өңіріндегі ең алғашқы балық зауыттарының бірі, яғни «батаға» орналасқан.

Алғашында бұл жер теңіз жағалауы болса керек. Олай дейтінім, балық зауыттарын суы таяз тұстарға салмайды, өйткені балық тиейтін кемелер жағалауға келе алмауы мүмкін ғой. Алайда, жыл өткен сайын Каспийдің деңгейі төмендеп, суы тартыла берді. Жағалау балық зауыты орналасқан жерден қашықтап кетті. Бұрын теңіз суы шайып жатқан жерлерді қалың сор мен құм төбелер басты.

Жетпісінші жылдары Гурьев пен Астраханның арасында теміржол салынып жатқанда геодезистер Жамбай ауылының бетке ұстар ақсақалдарының бірі болып саналатын менің Шеруен атамды арнайы іздеп келді. Олар жиырмасыншы ғасырдың басында теңіз жағалауы қай жерден өткенін сұрай келіпті. Темір жолды сонау 1900 жылғы жағалау сызығынан қашықтау жерден салу қажет еді. Бір қызығы, көп ұзамай Каспий теңізінің суы айтарлықтай көтеріліп бұрынғы дейіне жетті. Сөйтіп атамның жол салушыларға берген кеңесі ақиқатқа айналды.

Бүгінде Жамбайда мұнай алпауыттарының бірі саналатын «Шеврон» компаниясының өкілдігі орналасқан. (Ауыл тұрғындары «Америкалықтар неткен ақылды халық, компанияларының атауын біздің Шеруен ақсақалдың құрметіне қойыпты» деп қалжыңдап жүр). Ондаған жылдар бойы қол қусырып жұмыссыз отырған халық қазір америкалық жасыл қағазға қол жеткізіп, бір жасап қалды. Мен де оларға: «Біз неге аузымызды ашып қарап отырғанбыз?! Осы жерді әлдеқашан жекешелендіріп алу керек еді ғой!» деп қалжыңдаймын. Қайдағы жекешелендіру?! Кеңес Үкіметі кезінде жекешелендіру туралы ой ешкімнің басына кіріп-шықпаушы еді ғой...

Жуырда шетелдік мұнай компанияларының сарапшылары Каспийдің қазақстандық секторын бұрғылау барысында миллиардтаған тонна мұнай қоры табылғандығын хабарлады. Шындығында, Қазақстан үшін дәл осы айғақты шетелдіктердің айтқаны ауадай қажет еді. Осылайша, қазақстандық Кувейт туралы аңыз әңгіме ақиқатқа айналды. Біздің еліміз үшін әлемдік нарықтағы мұнай балансын, яғни оның бағасын да айқындайтын елдердің ұйымына — ОПЕК-ке мүше болу мүмкіндігі туды. Бұл экономикалық тұрғыда үлкен жетістік екені көзі қарақты ағайындардың бәріне белгілі.

Менің мәскеулік достарым:

— Сендердің аймақтарыңа осынша мол мұнай қоры қайдан келген?— деп сұрайды.

— Қазақтар әуел бастан мал шаруашылығымен шұғылданған,— деп жауап беремін.— Қой, жылқы сияқты түліктер жаңа геологиялық дәуірдің жануарлары. Ал ежелгі дәуірде қазақтар мыңғырған динозаврларды да баққан. Осы динозаврлардың қалдығынан мұнай қорлары қалыптасқан.
Аманғали атам
Әкем 1913 жылы Жамбайда туған. Он үш жасқа қадам басқанда оған бай-құлақтарды кәмпескелеу науқанына ұшырамау үшін туған өлкесінен бас сауғалауға тура келіпті. Осылайша, ол кісі Астрахань облысына жақын жердегі халық тығыз орналасқан елді мекендердің біріне қоныстанады. Бұл жерде қарапайым халықтың арасына жасырыну оңайға түсетін еді. Сөйтіп, Волгорыбтрестегі балық зауытына жұмысқа орналасады, ағайын-тумаларын да өзінің жанына көшіріп алады.

Соғыс жылдарында Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің балықшылардың бір шоғырын әскерге шақыртудан босату туралы арнайы жарлығы шыққан еді. Бұл майдандағылар мен қарапайым тылдағы халықты балықпен қамтамасыз ету үшін қажет болған. Әкем осы жарлықтың күшімен тылда қалды, бірақ оны Таза ағыс аралындағы балық зауытына ауыстырады. Бұл жердегі балық зауыты жүзбелі болатын. Теңіз бетінде жүзіп жүріп, балықшылардың қайық-кемемен әкелген балықтарын қабылдайтын. Жұмысшылар балықтарды тұқымына қарай іріктеп жинайтын. Бір қайықтарға — көксеркелер, енді біреуіне — сазандар тоғытылады, сосын өңделеді.

Анам Фарияның қыз кезіндегі тегі Кенжеғалиева. Ол да Кіші жүздің қызы, Беріштің Сырлыбай руынан тарайды. Анам хан тұқымынан, ата-бабаларында зиялы қауым өкілдері бар. Тікелей ханның ұрпағымын демеймін, бірақ бабаларымыз орта шаруадан жоғары, күйлі-қуатты болғаны шындық.

Анам мен әкем 1942 жылы шаңырақ көтеріпті. Екеуінің әулеттері аралас-құралас өмір сүргендіктен, бір-бірін бұрыннан жақсы біліпті. Іздегенге сұраған дегендей, анамды тұрмысқа шықпаса, тыл жұмысына алып кетуі мүмкін еді. Себебі, әйел адамдар тыл жұмысынан босатылмайтын.

Анамның әкесі, яғни, нағашы атам нағыз Беріш руының өкіліне тән кесек мінезді, өзім деген адамдарға өзегін беретін адам. Жалпы, Сырлыбай Беріш жауынгер, ірі мінезді, ноқтаға басы сыймайтын асау, өз дегендері болмаса, басқаға мойын бұрмайтын ру еді. Отбасымыз балық аулаумен күн көрді. Бұл орайда, әуел бастан мал шаруашылығымен шұғылданған қазақтар неліктен аяқ астынан балық аулауға көшті деген сауал туындайды. Оның түпкі себебі отызыншы жылдары жүргізілген ұжымдастыру науқанымен байланысты. Сол кезде бай-құлақтар жойылып, тіпті тіртінектеп өмір сүріп жатқан орта шаруасы бар әулеттердің өзі тәркілеуге ұшырап, алдарындағы азын-аулақ малдарынан айрылғаны белгілі. Амалдың жоқтығынан, Голощекиннің солақай саясатының салқынынан құтылуға тырысқан халық балық аулауды үйрене бастайды. Шолақ белсенділер қанша жерден тізелерін батырғысы келсе де, суда жүзіп жүрген балықты тартып ала алмайды. Балық оп-оңай тәркілеп ала қоятын астық немесе мал емес қой.

Орыстар үшін Голощекиннің аты аталғанда Патша әулетінің атылғаны еске түседі; Қазақтар да Голещекин дегенде мамыражай тіршілікті елестете қоймайтыны анық. Ұжымдастыру науқаны тұсында ол республиканың тізгінін ұстаған. Төрт түлік малмен жан бағып отырған қазақтардың тіршілігіне мойын бұрмаған ол әр шаңырақтың малына қырғидай тиді. Жер өңдеумен шұғылданатындар қанша мал ұстаса, қазақтардың да әр шаңырағына сондай мал қалдыруға кіріскен. Алайда, жер емген шаруаларда мал басы аз болса да, бау-бақшадан жиған азын-аулақ өнімдерінің арқасында күн көреді емес пе?! Ал қазақтардың малдан басқа түгі жоқ. Осы солақай саясаттың кесірінен қазақ халқы бұрын-соңды болып көрмеген сұмдық қырғынға ұшырады. Миллиондаған адамдар аштықтан құрбан болды. Қазақтар Голощекиннің солақай саясатынан туындаған: «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген мәтелге айналған сөзді әлі күнге дейін үрейлене еске алады.

Балықшылар теңізге балықтардың жолын бөгейтін арнайы ауды салатын. Түскен балықты аудан алып, жүзбелі балық зауыттарына жеткізеді, трюмдерге тиейді. Содан кейін ғана құрлықта орналасқан зауыттарға жөнелтеді. Жағалаудағы зауыттар жүзбелі зауыттардан алпыс-жүз шақырым аралығындағы қашықта орналасқан. Балықтар арнайы қайықтармен — баяу жүзетін желкенді қайықтармен жеткізіледі. (Менің бала кезімде Каспийде моторлы кемелер де болмайтын, ара-тұра моторлы қайықтарды ғана көріп қаламыз. Оның өзі біздің әкелеріміз үшін қол жетпейтін қымбат дүние). Балық аулаушылар жүзбелі балық зауытына топ-топ болып үйіріліп келеді, алдын ала мұз бен тұз салынған трюмдерге балықтарын тиейді, содан кейін ғана жағалауға қайтады.

Теңіз кемеріндегі тайыз сулар балыққа аса бай болып келеді. Қазірдің өзінде салмағы жарты тоннаға жуықтайтын алып ақсеркелер ауланып жатады. Олар Еділге уылдырық шашу үшін жүзіп келеді. Үлкендердің айтуынша, ақсеркелер ертеректе сонау Камаға дейін жүзіп барады екен, қазір Вологорад су электр стансасына тіреліп қалатындықтан ол жаққа баруға жол жоқ.

Как бьются о платину осетры,

Ведомые инстинктами Отечества.

Идут в таран на ГЭС, себе верны,

И окровавленные калечатся.

Метать икру, о высшее блаженство,

Среди родных камней, среди чистоты —

Не на валюту: ведь икра не для игры,

Она — Надежда родового совершенства.


Үшінші сыныптан бастап атам мені өзімен бірге балық өнеркәсібінің басына алып баратын болды, осылайша өз бетімше ақша табуды үйретті. Екі жыл бойы маусым мен тамыз айларының аралығында мен балық аулау маусымына қатыстым, атаммен еріп жүріп жас теңізші, ас пісіруші болдым. Маған ас пісіруге қажетті отын даярлап, оны ұқыптап жинап қою міндеті жүктелетін. Ол кезде жанармай да, жағармай да жоқ. Табылғанның өзінде, оны от тұтату үшін аздап қана тамызыққа пайдаланамыз. Ошақтың астына темір тақта салынады. Балықты қуыру да шеберлік пен сақтықты қажет ететін жауапты жұмыс. Себебі, ыдыс атаулы ағаштан жасалған, ернеулеріне балықтың майы әбден сіңіп кеткен. Жалмауыз оттың тілі тиіп кетсе болғаны, лап етіп жанып кетуі оп-оңай.

Бізде балық, тұз және наннан өзге тамақ болмайды. Жағалауда бау-бақшалар егіледі. Бізді жағалауда шелек толы қияр күтіп тұратын. Қызанақ сирек кездеседі. Қазақтар бау-бақша егуге онша құлықты емес еді. Көкөніс өсіруді татарлар, орыстар мен казактар ғана кәсіп етеді. Бір шелек қияр үшін олар орта шелек қара уылдырық пен бекіренің жарты етін сұрайды. Біз ойланбастан келісеміз. Қазіргі Мәскеудің бағасымен есептейтін болсақ (Париж бен Нью-Йорк туралы айтпай-ақ қояйын), осы бір шелек қиярдың құны қаншаға түскенін өзіңіз ойлай беріңіз.

Атамның мінезі теңіздің табиғаты сияқты болатын. Ол, тіпті, жерде жүргеннің өзінде теңізде келе жатқандай шайқалып, ауыр теңселіп, бүркіт тәрізді бүкіл тұлғасымен алға итініп жүретін. Бауы бар алтын қалта сағатын ерекше мақтан тұтатын. Өзінің айтуына қарағанда, бұл алтын сағатты соғыс уақытында қорғаныс наркомының қолынан алған. Ол кезде балықшы атаулы аулаған өнімін Астраханға жеткізіп, одан әрі майданға жөнелтетін. Ал менің атам олардың ішіндегі ең көп балық тасыған адам...

— Сағатты саған не үшін берген? —


деп сұраймын ол кісіден.

— Біз балық аулайтын қайықтарымызды брондаудың тәсілін ойлап шығарғанбыз. Сол үшін.

— Ол қандай тәсіл?

— Немістер бізге өздерінің табиғатына тән дәлдікпен шабуыл жасайтын. Таң алакеуімде бір рет шабуылдайды, сосын кешкілік күн батып бара жатқан уақытта тағы бір айналып соғады.

Алғашында мен атам мұны ойдан шығарып алған шығар деуші едім. Кейін ойлап қарасам, оның айтқаны шындыққа жанасады екен. Олай дейтінім, соғыс уақытында барлық кемелер теңіз толқындарының, жағалаудың түсіне сәйкес боялған еді. Соның арқасында алыс қашықтықтан, оның үстіне биіктен қарағанда көзге оңайлықпен шалына бермейтін. Капитандар жағалауға бекініп, көзге түспей жүреді. Ал таңертеңгісін және күн батып бара жатқанда көлеңке ұзарады, қайықтарды байқап қою оңайға түседі.

Катерді өртеу үшін оның үстіне бомбаны тура тастау керек, бұл оңай шаруа емес. Ал балықшылардың қайығын өртеу немістер үшін түкке тұрмайды, өртегіш бір оқ дәл тисе болғаны, өне бойына балық майы сіңген қайық бірден лап етіп, отқа оранады. Байғұс балықшылардың оны сөндіруге шамасы жоқ, жандарын сақтау үшін суға секіруге әзер үлгіреді.

Балықшылар басқа қайықтардың арасынан менің атамның қайығы ғана жанбайтынын айтады. Атам желкенін жайып жіберіп алған бетінен танбай жүзе береді екен. Не болмаса желкенін жиып қойып, шабуылдың беті қайтуын күтеді. Немістер оған пулеметтен жандырғыш оқты қанша себелесе де, түк шығара алмайды. Оның себебі, атам темір тақтайшалар тауып, қайыққа өзімен бірге ала кетеді екен. Неміс ұшақтары келетін кезде палубаға темір тақтайшаларды төсеп тастайды да, өздері төменге тығылады. Гүрсілдеген оқтың даусынан қорғану үшін құлақтарын кендірмен тығындап алуды да ұмытпайды...

Институтты тәмамдап, Алматыда телевидениеге жастар редакциясына жұмысқа орналасқан кезім. Аманғали атам қатты науқас. (Асқазан рагына шалдыққан еді). Әлдеқашан зейнеткерлікке шыққан, Астраханда тұрады. Мен: «Ата, Алматыға кел, осы жақтағы мықты дәрігерлерге көрсетеміз, ауруыңнан айығып кетесің», дедім. Атамды Алматыға алдырып, жақсы ауруханалардың бірінің онкология бөліміне жатқыздық. Телевидениенің арқасында қолым ұзарып, мүмкіндігім көбейген. Телевидениеде істейтіндер ол кезде айтарлықтай танымал еді ғой. Сонымен, атам ем қабылдауға көшті. Ол кісі ерте бастан карта ойынына құмар еді. Мен деген мықты құмарпаздардың өзімен шеберлік байқасатын. Мен ол кісінің палаталас көршілерін талай мәрте тас-талқан етіп ұтқанын, шебер ойнайтынын көріп таңғалатынмын. Бір күні ойламаған жерден атам ауруханадан шығуға жинала бастады.

— Мен кеттім! Мінезімнің қиқарлығынан біреу-міреудің көңілін қалдырсам, айып етпеңдер,— деді бәріне.

Өзінің туған жері — Астрахань облысындағы Мумра поселкесіне, тамыр-таныстары, ағайын-туыстары тұратын Ақтөбе, Гурьев облыстарына барды. Көзі тірі жақын-жуықтардың бәрін аралап, сырласып, арыздасып қайтты. Сосын үйіне оралып, көп ұзамай өмірден озды. Менің Аманғали атам осындай адам еді.


Каталог: bitstream -> handle -> 123456789
123456789 -> Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰу хабаршысы №5 (84) 2011
123456789 -> Республикалық Ғылыми-әдістемелік конференция материалдар ы
123456789 -> Қазақ халық педагогикасы негізінде оқушыларды еңбекке тәрбиелеу
123456789 -> А. Ж. Кунанбаева
123456789 -> Б. О. Джолдошева из Института автоматики и информационных технологий нан кр, г. Бишкек; «Cинтез кибернетических автоматических систем с использованием эталонной модели»
123456789 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ministry of education and science of republic of kazakhstan


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет