Ғаділбек Шалахметов бейбітшілік бақЫТҚа бастайды астана, 2010 жыл Қызыл «мұзжарғыш кеме»



бет9/20
Дата28.01.2018
өлшемі4,03 Mb.
#34540
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   20

«Жаңа толқын»
Мен Мәскеудегі Жоғарғы сценарийлік курсты бітіріп, Алматыға оралғанда Қонаев Камал Смайыловты Мемлекеттік телерадионың төрағалығына, Олжас Сүлейменовті кино жөніндегі мемлекеттік комитеттің басшысына тағайындады. Олжас жаңа команда жинауды қолға алды, мені өзінің орынбасары, сценарийлік редакциялық алқаның төрағасы етіп тағайындады. Өз кезегімде, мен Мұрат Әуезовті «Қазақфильмнің» бас редакторы қызметіне шақырдым.

Біз бірінші кезекте «Қазақ кинематографының болашағы қандай болуы тиіс?» деген сауалға жауап табуға тиіс едік. Болашақ қазақ киносы әлеуметтік-философиялық болу керек деген қорытындыға келдік. Фильмдердің мазмұны қазақ халқының рухани дүниетанымымен үндесіп, қазақтың ежелгі даналық сөздерінен, эпосынан бастау алуға тиіс. Және осы айтылғандар заманауи тұрғыда көрініс табуы қажет.

Кино саласында көптен бері жүрген ақсақалдардың мұндай тың көзқарасқа бейімделе алмайтыны түсінікті, оның үстіне көнекөз ақсақалдардың көпшілігі сол мезгілде кино саласымен қош айтыса бастаған. Бұл салаға тың серпіліс әкелетін жаңа буынның қажеттігі бірден сезіліп тұрды, себебі бұрынғы мамандар кино өнері мен көрермендердің талабына жауап бере алмайтын жағдайға жетті.

Отандық кинематографта еңбек еткен жылдарымда мәскеулік, петербургтік режиссерлермен байланыс орнатуға бар күш-қуатымды салдым. Сол жылдары көптеген ресейлік мықты режиссерлердің жағдайы ауыр еді: Біразына көңілі қалаған дүниелерін түсіруге рұқсат бермеді; Енді біреулеріне идеологиялық жағдайларға байланысты мүлде тыйым салды; Талантты жастардың бірталайына көгілдір экранда жарқ етіп көрінуге мүмкіндік берілмеді. Алпысыншы жылдардағы кинорежиссерлер өздерінің диплом жұмыстарында кино саласындағы құбылысқа айналған толықметражды фильмдерді дүниеге әкелгені мәлім. Олардың арасынан Лариса Шепитконың «Зной», Элем Климовтың «Добро пожаловать, или Посторонним вход воспрещен», Андрей Кончаловскийдің «Первый учитель» сынды фильмдерін мысалға келтіре кетсек артықтық етпейді.

Ал жетпісінші жылдардағы жас киногерлердің өнер жолындағы сапары қиын-қыстауға, кедергілерге толы, болашақтары бұлыңғыр болды. Алдымен ВГИК-те дипломдық жұмыс ретінде қысқаметражды фильм түсіру қажет, содан соң «Дебют» бірлестігінде тағы бір қысқаметражды фильм түсіресің. Осындай кедергілерден сүрінбей өткеннен кейін ғана қандай да бір студиялық бірлестіктерге қабылданып, жаңа дүние түсіруге қашан ұсыныс жасайтынын ойлап, кезек күтіп жатасың. Ұсыныс түскенше ұзақ күтуге тура келеді, бос жүрген жастар өздерінің таланттарын құр босқа өлтіріп, көкейлерінде біраз жылдың бедерінде пісіп-жетілген жаңа идеяларын ақсақал режиссерлерге көмекші, екінші режиссер болып жүргенде жоғалтып алады.

«Қазақфильмде» жас режиссерлерді қашан ұсыныс түсетінін күттіріп, зарықтырып қойған жоқпыз. Сценарист ретінде көрініп үлгерген Сергей Бодров балаларға арналған «Сладкий сок внутри травы» (фильм қазақ тіліне «Сүйрік» деген атпен тәржімаланды) деп аталатын тырнақалды картинасын дүниеге әкелді. Жоғарғы режиссерлік курстың түлектері Талғат Теменов пен Ермек Шынарбаев та тұңғыш фильмдерін жарыққа шығарды. Жастар Мәскеуден келген аға буын режиссерлерге көмекші бола бастады. Аға буын бұған риза еместіктерін көрсетіп, студия ішінде сыбыр-күбір естіліп қалатын.

Ірі киногерлерге келер болсақ, біздер Алексей Герман мен Светлана Кармалитаны «Отырардың күйреуіне» сценарий жазуға көндірдік. «Отырардың күйреуі» сценарий жазылып қойылғаннан кейін арада бірнеше жыл өткен соң ғана жарыққа шыққанын айтпай кете алмаймын. Ираклий Квирикадзе «Возвращение Ольмеса» атты сценарий жазып, оған Алматының іргесіндегі Қарой деген жерде фильм түсірді. Кейін ол жердің атына орайлас «Ерке Қароев» деген лақап атты иеленді.

Сондай-ақ, Сергей Соловьевті де Алматыға алдырып, Мәскеуде рұқсат берілмеген «Чужая белая и рябой» атты картинасын жарыққа шығаруға мүмкіндік туғыздық. Оған қоса, Соловьевті ВГИК-ке режиссерлік курсқа қазақ жастарын қабылдауға көндіріп, қазақ кино өнерінде «Жаңа толқын» деген атпен белгілі болған буынның қалыптасуына ықпал жасадық. Қазіргі таңда дүние жүзінің құрметіне бөленген құбылыс саналатын «Жаңа толқынның» қалыптасуына Ожас Сүлейменов, Мұрат Әуезов және мен үшеуміз себепкер болдық. Әсіресе, киностудияда жүріп, осы жұмыспен барлығымыздан да көп шұғылданған Мұрат Әуезовтің еңбегі ерекше екенін айта кеткен жөн.

Біз жас таланттардың көзін ашуға ұмтылдық, бойында таланттың ұшқыны сезілген жас буынды тура мағынасында көшеде жүрген жерінен тауып әкелетінбіз. Мәселен, Серік Апырымов «Қазақфильмде» жүргізуші болып істейтін. Бір күні бізге:

— Режиссер болғым келеді,— деді. Сөзге келместен қабылдадық жұмысқа. Себебі, жастарды жұмысқа қабылдауда қоятын басты талабымыз — оның талантты болуы. Ал киногер аға-апаларының қолдауы маңызды емес.

Кино өндірісі талай жылдардың бедерінде қалыптасқан үлкен бір жүйе болып табылады. Бұл жүйеге екінің бірі еніп кете алмайды. Біздер талантты жастарды кино өндірісіне әкелгенімізде көпшілік бұл бастамамызды дұрыс түсінбей, қырын қарайтын. Алайда, Серік пен оның курстастары халықаралық кинофестивальдердің лауреаты атанғаннан кейін олардың бойындағы киногерлік талантын барша жұрт мойындады.

Мен қазақ киносының 1999 жылы Карловы Вардағы фестивальде көрермендердің ыстық ықыласына бөленгені туралы баяндаған едім. Бұл біздің жиырма жыл бұрын армандаған философиялық, қазақтың рухани табиғатына сай кинолар. Әрбір фильмнің соңында туындының Жапонияда, АҚШ-та, Латын Америкасы елдерінде алған киномарапаттары көрсетілген титрлар жүреді. Егер кезінде біз «Жаңа толқынды» дүниеге әкелу үшін еңбектенбесек, мұның бірде-біреуі болмас еді.


Телевидениеде
Әрине, біздің телевидение мен кинода жасаған істеріміздің барлығы романтикалық идеализмнен туған дүниелер. 1982 жылы күнделігіме түсірген мына бір жолдарды қазір жазбас едім. Бірақ, құдайға шүкір, сол сөздерімнен әлі де бас тартпайтыным анық:

«Ертеректе өзі туралы, билік пен халық туралы ақиқатты айту үшін, заманның зар-мұңын жырлау үшін қолына домбыра алған аңыздағы ержүрек жыраулар өткен. Біз де жыраулар сияқты қолымызға камераны алып, өз заманымыздың шындығын, өмірді, өзімізді, Қазақстанды сарқылмас жырға қосқымыз келді».

...Кино саласында мен екі жыл жұмыс істедім. 1979 жылы Камал Смайылов өзіне орынбасарлыққа шақыртып алды.

— Телевидениені өз қолыңа алып, жөнге сал. Әйтпесе, бұл салада не болып жатқанын адам түсінбейді,— деді маған.

Менің өмір жолым кезекті мәрте Камал Смайыловтың тікелей араласуының арқасында өзгеріске түсті. Ол кісінің алдында қарыздармын, әлі күнге дейін ұстазым деп санаймын.

Философ, Гегельдің философиясын терең түсінген адам, дүниетанымы шексіз тұлғалардың бірі, Қазақ Мемлекеттік телерадиосы төрағасының орынбасары Әнуарбек Нәжіметдинұлы Шмановты да өзімнің екінші ұстазым деп есептеймін. Осы кісілердің тұсында Қазақ телевидениесі Кеңес одағындағы ең белсенді, шығармашыл, жаңашыл ұжым ретінде танылды.

Қазақ телевидениесі техникалық тұрғыдан да жоғарғы деңгейдегі құралдармен жабдықталды. Мәскеудегіден де озық деп айта алмаймын, бірақ олардан кем емес. Басшылардың бірі ретінде мен бұл мәселені де қадағалап, дүние жүзінде орын алып жатқан жаңалықтардан хабардар болуға міндетті едім. Біздің инженерлік құрам нағыз өз істерінің хас шеберлерінен жасақталған мықты ұжым. Телевизиялық техниканың жаңа үлгілері тәжірибеден өткізілу үшін бірінші кезекте бізге, яғни, Алматы мен Өскеменге жіберіліп тұрғаны осының бір айғағы.

Қазақ телевидениесі қазір де бұрынғы деңгейінен төмендеген жоқ. Мәселен, «Хабар» телеарнасы техникалық тұрғыда мәскеулік телеарналардан да жақсы жабдықталған. Ертеректе осыған байланысты бір қызық оқиға орын алғаны бар: Си-Эн-Эн телеарнасы үшін сандық «Сони» камерасына Назарбаевтың сұхбаты түсірілді. Бұл сұхбат Елбасының АҚШ-қа жасайтын сапарының қарсаңында америкалықтарға көрсету үшін қажет еді. Сұхбатты Си-Эн-Эннің Мәскеудегі тілшілер қосынына жіберген екен, бірақ ондағылар оқи алмай әбігерге түсіпті. Себебі, оны оқитын техникалары жоқ екен. Біздің өзіміз «Мирда» мұндай стандарттағы бейнежазбаларды пайдалана алмаймыз, техникамыз оншалықты жетілдірілмеген. Ақыр соңында кассета Атлантаға жіберілгенде, олар «Мұндай стандартты қайдан алдыңыздар?!» деп таңғалыпты. «Хабарды» басқарған кезінде Дариға Назарбаева телеарнаны заманауи техниканың дамуынан қалмауына ықпал еткені белгілі. «Мирдың» Қазақстандағы өкілдігі де мүмкіндігі жеткенше осы үрдістен кенже қалмауға тырысып келеді.

1982 жылдың көктемінде Дінмұхаммед Қонаев Камал Смайыловты Қазақстанның Коммунистік Партиясының Орталық комитетіне мәдениет бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындады. Камал Смайылов еліміздің мәдениет саласын бес саусағындай білетін: Кино мен телевидение саласында істегенінің арқасында еліміздің барлық әртістерімен, режиссерлерімен, суретшілерімен, композиторларымен жақсы таныс. Қонаев Смайыловтан төрағалыққа кімді лайық санайтынын сұрағанда, ол кісі менің есімімді атайды.

— Мен ол жігітті жақсы білмеймін. Бірақ сен солай деп санасаң, онда сенім артайық,— дейді Қонаев.

Қалыптасқан тәртіп бойынша министрді республиканың бірінші хатшысы тағайындайды, сосын ол Мәскеуде бекітіледі. Мен Қонаевтің өлшемімен алғанда өте жас едім, оның үстіне тележүргізушілердің салмағы да ол кезде анау айтқандай емес. Қалай болғанда да, Камал Смайыловпен арадағы әңгімеден кейін көп ұзамай Қонаев шақырды. Бұл менің Қонаевпен тұңғыш рет кездесуім. Әу баста өмір жолында, қызмет жолында өрлеу үшін жоғарыдағылармен тамыр-таныстық орнатудың қажеті жоқ деген қорытындыға келген адаммын. Өзімнің қолымнан келетін жұмысым бар, тек сонымен шұғылданамын. Ал шымылдықтың ар жағында қыз-қыз қайнап жатқан тірліктерге араласпаймын. Мүмкін осы қасиетімнің жақсылығы да, жамандығы да бар шығар. Қалай болғанда да, осы принципім үшін өкінбеймін.

Сонымен, Қонаев мені шақырып алып:

— Мен Камалды бұрыннан жақсы білемін. Сені екі-үш рет телеэкраннан көрдім. «Ритм» операциясын» тамашалағанмын, кесек дүние,— деді.— Қазіргі таңда Қазақ телевидениесінің деңгейі жақсы. Біз бұл саланы қажетті дүниелермен қамтамасыз етуге тырысқанбыз, қолымыздан келгенше дамыттық. (Шынында да, Қонаевтың арқасында Алматыда телевидениенің жаңа ғимараты бой көтерген). Дегенмен, жұмыс сапасын әлі де жақсарту қажет.

— Мәселен, не нәрсеге қатысты?

—Маған қырғыз телевидениесі өте ұнайды. Біздің телевидениеміздің көршілеріміздікінен кем болмауына жағдай жасауға тырысыңыздар.

— Әрине. Біз жұмыс сапасын жақсартатын боламыз.

— Сен орыс тілін жақсы білесің. Алайда, қазақ телевидениесі екенімізді естен шығарма. Қазақ тілінде жаңа бағдарламалар қажет. Камал Смайылов сияқты, осы істі атқарып кете аласың ба?

— Мен үшін бұл оңайға соқпайды. Смайылов Қазақстанда туып-өскен, қазақ мектебінде білім алған. Ал мен болсам Астраханның қазағымын, институтқа түскенше Ресейде тұрдым. Бәлкім, адамдармен арадағы қарым-қатынастарда кейбір нәрсені жетік білмейтін шығармын. Дегенмен, шығармашылық жұмыстарда, ұйымдастыру барысында, техникалық тұрғыда барлығын дұрыс жасауға, қол жеткізген дүниемізді одан әрі дамытуға тырысатын боламын.

Сөйтіп, Қонаев маған батасын беріп шығарып салды. Дегенмен, содан кейінгі кезекте телевидение саласына ол кісінің тарапынан айта қаларлықтай назар аударылған жоқ. Оған мүмкіндігі де болмаған шығар. Себебі, Горбачевтің қайта құру науқанымен бірге партия ішінде талас-тартыстар күшейіп кеткені мәлім.

Қонаев Брежнев заманының, сол кездегі ескі партиялық мектептің адамы. Ұзақ жылдар Брежневпен істес болған. Ал жаңа бас хатшы билікке басқа буын өкілдерін тартуды көздеді. Украинада — Щербицкий, Ленинградта — Романов бірінен кейін бірі қызметтерімен қош айтысты. Енді кезектің Қонаевқа келмеуі мүмкін емес еді. КСРО-ның аға буын партиялық кадрларын алмастыру өте қатал сипат алғанын атап өткен жөн. Алдымен төңкеріс жасайтын, сосын өткеннің бәрін іске алғысыз ететін, соның арқасында өзінің, өзі билікке әкелген команданың жұрт алдындағы беделін көтеретін, жасаған іс-әрекеттерінен сөйтіп ақталатын ескі тәсіл тағы да қайталанды. Басшы өзгерсе де, бұл технология өзгеріссіз қалды. Горбачев оған адалдық танытты.

Назарбаев ол кезде үкімет төрағасы, жас мемлекеттік қайраткер ретінде танылған тұлға. Жаңа бағытты қолдауға тиіс сияқты көрінетін. Алайда, ол бұл қасаң технологияны қолдамағанымен беделін сақтай білді.

Менің тележурналист ретінде де, басшы ретінде де біраз тәжірибе жинақтаған кезім, телевидение қандай болу керектігіне қатысты өзіндік ой-пікірім бар адаммын.

Ғылыми мақалалардың бірінен «радиошу» адамды ауруға шалдықтыратыны жөнінде оқып білдім. «Радиошу», яғни, радио мен телевидениеден берілетін қайшылықты ақпараттар бірін-бірі терістеп, ақыр соңында адам ағзасының тәуелділігін жояды. Ағза клеткаларының иммундық жүйесін бұзады. Осыдан келіп шығатын қорытынды: ұлттың егемендігін жою үшін оның табиғатына жат, жалған ақпараттарды, төл мәдениетінің емес, бөгде мәдениеттің өнімдерін төпеп беріп отыру керек. Сонда оны тыңдаған халықтың санасы уланып, шын ақпарат пен жалған мәліметті айыра алмайтын бейдауа күйге түседі. Мұндай халықты айтқаныңа көндіріп, айдағаныңа жүргізу қиындық туғызбайды. Өз бетінше өмір сүріп жатқан егеменді мәдениет егемен биоағза сияқты, қорғанышты қажет етеді.

Құрылыс отрядынан қалған идеалистік көзқарасыма беріктігімді танытып, мен осы жолы да бет-бейнесі ерекше телевидение жасауды мақсат тұттым. Ол қоғамның көкірек көзін ашуға қызмет етуге тиіс деген қорытынды жасадым. Ол халыққа бағыт-бағдар көрсетіп, нұсқаушы болуы қажет. Ал дәл сол кезеңде орын алған тұман бәрібір халықты алдай алмайды, шынайы ақпаратты жасырып жасау мүмкін емес. Телевидениені басқару — айрықша парыз. Күнделігіме көз жүгіртсем, осы туралы мынадай жолдарды түсіріппін: «Телевиениені басқаратын адам қоғамның көптеген салаларын, әсіресе мәдени саланы басқарады». Әлеуметтің ең жаңды жерлеріне әсер ететін телевидениенің ықпалы қаншалықты ауқымды екендігін осыған қарап түсіне беріңіз. Қоғамды көгілдір экран тәрбиелейді, көрермендер көгілдір экранда көрсетілген дүниелер арқылы қалыптасады, соған қарап бой түзейді.

Асқақ идеялар адамға шабыт беретіні анық, алайда оны іс жүзіне асыру, соған халықты еліктіру, үлкен күш-қуат пен еңбекті қажет етеді. Бір айта кетері, менің телевидение саласында жүріп жиған ұзақ жылдар бойғы тәжірибем осы орайда кәдеге жарады. Мен бұған дейін журналист, тележүргізуші, сценарий жазушы болып істедім, жаңа телефильмдердің, ақпараттық және саяси бағдарламалардың жарыққа шығу процесіне белсене араластым. Оған қоса, Мәскеудегі Орталық телевидениемен арада байланысым бар. Бұл менің қазақ телевидениесінің биік деңгейін түсірмеуіме көп көмегін тигізді. Тіпті, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде біздің иығымызға ауыр жүк түскен кезде де өзіміздің шығармашылық қарым-қабілетіміз бен ұстанымымызды лайықты көрсете білдік.

Сол жылдары мен жарыққа шығарған қызықты бағдарламалардың арасында Сағат Әшімбаев жүргізген «Парыз бен қарыз» бағдарламасы бар. Көптеген кітаптардың авторы Сағат Әшімбаев осы бағдарламада ақын-жазушыларды, сыншыларды, қоғам қайраткерлерін, қысқасы, қазақ интеллигенциясын дөңгелек үстелдің басына жия білді. Бағдарламада қазақ интеллигенциясы өзінің халық алдындағы жауапкершілігін түсіне ме, олардың ой-өресі зиялы қауым деген асқақ атауға сай ма, қоғамға қызмет ете ме деген сауалдар ортаға тасталды. Мен Әшімбаевқа телевизия саласының қыр-сырын терең түсінуге, бағдарламаға қызықты адамдарды шақыруға көмектестім. Ол біздің ең мықты тележүргізушілердің біріне айналды. Кейін Мемлекеттік телерадиоға басшылыққа барған кезде оны өзіме орынбасар етіп алдым. Ол келісім берердің алдында біраз кібіртіктеді, өзінің ең басты жұмысы Жазушылар одағында деп есептеді.

— Мен қанша дегенмен бір бағдарламаның жүргізушісі ғанамын. Жұртты басқарып кете аламын ба?— деді маған.

— Ештеңе етпейді, уақыт өте келе үйреніп кетесің.

Сағат Әшімбаев жауапкершілік үдесінен шықты, жұмысты өте тамаша атқара білді. Өкінішке қарай, осы бір тамаша адам ортамыздан ерте кетіп қалды.

Қазақ телевидениесінің сол жылдары жарыққа шыққан бағдарламаларының ішінде Медеуде өтетін «Азия дауысы» концерт циклдарын да атап өткен жөн. Уақыт өте келе «Азия дауысы» Азия құрлығындағы талантты жастардың ең танымал халықаралық фестиваліне айналды. Оған Қазақстан ғана емес, Қытай, Жапония, Малайзия, Индонезия елдерінің жұлдыздары, тамаша әншілер, бишілер, ансамбльдер қатысты. Фестивальдің арқасында Алматының беделі айтарлықтай өсті. «Азия дауысы» біздің көз алдымызда тікелей атсалысуымыздың арқасында қалыптасты, қанат жайды. Оның бастауында тұрған адам — Камал Смайылов ағамыз, біздер сол бастаманың одан әрі жалғасын табуына, өсіп-өркендеуіне қолымыздан келгенше ықпал еттік. Фестиваль Қазақстанның мәдени тыныс-тіршілігіндегі айтулы құбылысқа айналды.

Францияда «Мидем» деп аталалатын телефестивальдер ұйымы бар, дүние жүзіндегі ең ірі телефестивальдер «Мидемнің» аясында өтеді. Әрқайсының қашан өткізілетіні туралы күнтізбелік кестесі жасалып қойылған. «Азия дауысы» «Мидемнің» тізімінде тұрақты трде құрметті орынды иеленіп келді.

Қазір менің әріптестерім «Қазақ телевидениесінің энциклопедиясын» жасап жатыр. Олар біздің тұсымызда атқарылған жұмыстарға да лайықты бағасын береді деген ойдамын.


Назарбаевпен бірге
Солтүстік Қазақстанда ең алғаш темір рудасы табылғанда оны Магниткаға, Челябинскіге жіберу жоспарланған-ды. Себебі, руданы өңдейтін комбинат салғаннан гөрі осы тәсіл экономикалық тұрғыда тиімдірек. Дегенмен, Теміртаудың іргесінде Қарағандының аса мол көмір қоры жатқаны да белгілі. Металлургиялық процесс аса мол көлемде суды қажет етеді, аз Қазақстан су қорына соншалықты бай емес.

Қалай болғанда да, ақыр соңында экономикалық емес, кеңес тұсында әдетке айналған саяси астарлар басымдық алды. Социализм теориясы бойынша, республикалардың әрқайсысының дамыған өндірістік күш-қуаты болуға тиіс. Ал дамыған өндірістік күш-қуаттың негізгі көрсеткіштерінің бірі — қара металлургия. Қазақстан экономикасын көтеру үшіндік өзіндік металлургиясын қалыптастыруы қажет еді.

Осы орайда, Сәтпаев Қазақстанда қара метулларгия комбинатын салу туралы ұсыныс тастады. Мемлекеттік жоспарда бұл ұсыныс мақұлданды. Гидротехниктер өз кезектерінде батыл идея тастап, Ертіс-Қарағанды каналын салуды ұсынды. Аталмыш канал Қазақстанның екінші өндірістік астанасын сумен толықтай қамтамасыз ететін еді. Оның суы шахталарға да, ауыл шаруашылығына да, салынып жатқан комбинаттарға да еркін жетеді. Брежнев бұл идеяға қолдау білдірді, Қонаевты Брежнев қолдады. Алайда, бұл идеяны іс жүзіне асыру оңайға түспейтіні баршаға белгілі болды. Алдымен, бес жүз шақырымға созылып жатқан су арнасын салу қажет. Оған қоса, суды сорғыш станцияларының көмегімен ұсақ қырқалардың деңгейіне дейін үш жүз метр биіктікке көтеру керек. Қалай болғанда да, бұл идея ақыр соңында іс жүзіне асып, Қазақстан экономикасына зор пайдасын тигізді. Каналдың құрылысы алпысыншы жылдары жүрді, дәл сол мезетте комбинат та салынып жатты.

Алпысыншы жылдардың соңына қарай Қарағанды Магниткасында жұмыс істейтіндердің көпшілігі басқа елден, атап айтқанда Челябинскіден келгендер екендігі анықталды. Ал болат қорытушы қазақтар жоққа тән. Мұнайшы қазақтар, шахтер қазақтар бар, ал домна пештерінде жұмыс істейтін, болат қорытатын қазақтар енді қалыптасуы керек. Сол себепті, болашақ мамандарды арнайы іріктеу басталды, ауылдық жерлердің жастарын пештерде жұмыс істеуге дайындық жұмыстары қолға алынды, оларды Днепродзержинскідегі металлургиялық комбинатқа тәжірибеден өткізуге апара бастады.

Бұл кезде мен жастар редакциясында едім. Сонда жүріп қазақтар қайнаған ыстық әрі улы газға толы цехтарда ауыр жұмыстарды көтере алмай жатыр деген әңгімені құлағымыз шалды. Мені Теміртаудағы комбинатқа, іріктеу жұмыстарының жай-күйін жеткізуге жіберді. Сонымен, Теміртаудағы комбинатқа келіп жеттім. Осында жұмыс істейтін екі жүзге тарта жастың барлығына жуығы жұмысқа шыдамай қашып кеткенін, бірен-саран сайдың тасындай мықтылары ғана қалғанын білдім. Маған «Жігіттердің ішінде айрықша төзімді біреуі бар екендігін, оның мақтауға лайық екендігін» жеткізді. Сол жігітпен танысуға бел будым.

Әлгі жігітіміз Алматы облысының тумасы болып шықты. Алматының табиғаты жанға жайлы екендігі белгілі, ал қазіргі жұмыс орны онымен салыстыруға да келмейді — жан-жағыңның бәрі ұшқындаған алау, адам төзгісіз ыстық, улы газ... Мен Политехникалық институтты бтіргенмін, цехтың жұмысы маған таңсық емес, әрине. Дегенмен, түсті металдар цехындағы жұмыс қара металл цехындағы жұмыстан гөрі жеңілдеу екендігін айта кеткен жөн. Осылайша, мен адам төзгісіз цехта тер төгіп жүрген қазақ баласы туралы репортаж дайындадым. Кейіпкерімнің есімі — Нұрсұлтан Назарбаев.

Екеуміз біраз әңгіме-дүкен құрдық. Басқалар ауыр жұмысқа шыдамай мамандықтарын тастап, жан-жаққа қашып кетсе де, ол осында қалыпты. Өзінің қанша қиындыққа да шыдайтындығына, түбінде металлург болып шығатынына бек сенімді көрінді. Очерк жазуға таптырмайтын кейіпкер. Тура домна пешінің жанында түсірдік. Тамаша көрініс!!! Мұндай көріністі түсіру үшін жүннен тоқылған киім мен қалпақ сияқты арнайы киім киіп алу қажет. Оператор екеуміз киім сұрап көріп едік, бірақ көңіл бөлетін адам табылмады. «Өздерің бірдеңе етіп түсіріп алыңдар» деді. Оператор екеуміз жанталасып түсіріп жатырмыз. Алаулаған ұшқындар үстімізге шашырап, біздің нәп-нәзік киімімізді демде күйдіріп түсуде. Денемізге тигізбеу үшін ұшып-қонып қимылдап жүрміз. Түсірмей кетіп қалуға тағы болмайды.

Кейін Назарбаев екеуміз осы түсірілімді еске алып, әзілдейтінбіз. Маған Назарбаевтың тағдыры темір өндірісімен бекерден-бекер байланыспаған тәрізді көрінеді. Олай дейтінім, ең алғаш рет темір өндірісі Орталық Қазақстанда, Алтай тауларында басталғанын көпшілік біле бермейді. Алтай тауларында зерттеу жүргізген археологтар темір балқытқан пештердің қалдығын тауып алғаны осы сөзімнің айқын дәлелі. Археологтар тапқан кішігірім астауларда таға жасауға, қару-жарақ, басқа да тұрмыс пен жаугершілікке қажетті құрал-жабдықтар жасауға қажетті темірлер балқытылып алынған. Аттың қолға үйретілуі мен темірдің балқытылып алынуының арқасында құдіретті әскерлер пайда болған. Осы құдіретті әскерлер көшпелілер империясына тиесілі.

Арада ұзақ жылдар өтті. Жаңа пештер пайда болды, қара металлургия дамыды. ХІХ ғасырдағы цивилизацияға темірдің қосқан үлесі зор. Темір жолдар, темір құрал-жабдықтар, зеңбіректер, қарулар... Домна пешінің жанында қызмет жолын бастаған Елбасы — осы темірдің арқасында қалыптасқан цивилизацияның бір перзенті. Елбасының өмірбаянында темірдің алатын орны ерекше, Елбасының өзі де темірдей берік Президент.

Қазақтар поляр жұлдызын «Темірқазық» деп атайды. Аспан әлеміндегі өзге жұлдыздар Темірқазықты айналып жүреді, Темірқазық қана өзінің бастапқы нүктесінен жылжымай, нық тұра береді. Егер ұзақ уақыт бойы аспан әлемін камераға түсірер болсаңыз, оған айқын көз жеткізесіз. Шын мәнісінде, Президент халқына Темірқазық бола білуі қажет. Оны қоршағандардың барлығы мемлекет басшысын айналып жүріп, өмір сүруге тиіс. Оны айналып жүрген жұлдыздар шоғырының ішінде қариялар да, жастар да, орта буын өкілдері де, саясаткерлер, бизнесмендер, ғылым мен қоғам қайраткерлері, қарапайым халық, бәрі-бәрі бар... Назарбаев сынды темірдей берік саясаткер заман талабына сай әлем сахнасына шықты. Темірдей мықты ұстанымсыз билікті, елдегі тұрақтылықты сақтау қалу мүмкін емес.

Елбасы жүзеге асырған тарихи ерліктердің бірі — Қазақстан астанасының арқа төсіне қоныс аударуына ой жіберіп көрейікші. Ол Алматы сынды қайталанбас көркі бар, табиғаты әсем жерде орналасқан шаһардан мемлекеттің ордасын аязы мен бораны бет қарыған, желдің өтінде орналасқан сайын далаға көшірді. Өзі оңтүстік өңірде, Алматыда дүниеге келсе де, Астананы солтүстік аймақтан таңдады. Қысы қақаған суық, жазы аптап ыстық, жылдың төрт мезгілінде желі бір тынбай соғатын қаланы заманауи талаптарға жауап беретін, көркіне көз тоймайтын әсем шаһарға айналдырды. Әу баста бұл бастамаға қарсылық білдіргендер табылғаны мәлім. Бірақ мен Назарбаевтың дұрыс шешім қабылдағанына шүбәсіз сенімдімін. Ол бірінші кезекте еліміздің болашақ даму барысын болжай білді. Қазақстан солтүстікті, Сібір бағытын бетке алды.

Меніңше, елорданы солтүстік аймаққа көшіргенде бірінші кезекте географиялық себеп басты назарға алынған тәрізді. Амазонка өзенінің төңірегіндегі Оңтүстік Америка сияқты, Сібір де ғаламшардағы әлі игерілмеген, адамзаттың аяғы толықтай тимеген жалғыз кеңістік. Әрине, Ресей ең алдымен Сібірді игергенінің арқасында еңсе тіктеді. Бұл процеске Қазақстан мен Қытай міндетті түрде араласуға тиіс. Сібір — ғаламшардың болашағын, алдағы уақыттағы тыныс-тіршілігін айқындайтын жер болып қала бермек.

Астана — болашақтың қаласы. Назарбаевтың мемлекеттің бас қаласын арқа төсіне көшірген ісі заманында І Петрдің жасаған ерлігін еріксіз еске түсіреді. Ұлы Петр Батысқа, Еуропа елдеріне есік ашты, өз заманында қатарластары оның бұл бастамасын түсінген жоқ. Ал Назарбаев қай тарапқа есік ашты? Назарбаев та І Петр сияқты болашаққа есік ашты.

Арада ұзақ жылдар өткеннен кейін біздер президенттердің темірдей берік материалдан жасалмағанын түсінерміз. Адамзат қоғамы қазірдің өзінде халықты жұмылдыру, артына ерте білу үшін байыпты, икемге көнгіш қасиеттердің қажет екендігін көрсете бастады. Мұндай жағдайда мемлекет басындағы Назарбаев өзінің бойындағы басқа да қасиеттерді көрсететін болады. Бәлкім, ол болашақта біз армандаған демократиялық идеяны іс жүзіне асыратын болар? Бәлкім, күндердің күнінде Алатаудың етегіне астананы қайта көшіретін сәт туар? Алайда, дәл қазір біз темір дәуірінде, темірдей берік Президент Назарбаев басқаратын қоғамда, тәуелсіз Қазақстанның бастауында тұрған, халықты болашаққа жетелеп келе жатқан тұлғаның қоғамында өмір сүріп жатырмыз...

Домна пешінің түбіндегі кездесуден кейін Нұрсұлтан Назарбаев екеуміз ұзақ жылдар бойы жолығысқан жоқпыз. Назарбаев Теміртаудағы партия басшыларының біріне айналды. Біз арада көп уақыт өткеннен кейін кездестік. Ол кезде Назарбаев — Қазақстанның Министрлер кеңесінің төрағасы, ал мен — телевизия министрімін.

1986 жыл. Горбачев Саяси бюроны ескі партиялық кадрлардан тазартуға кіріскен. Ресейліктерді ғана емес, одақтас республикадағы бұрыннан бері келе жатқан белгілі басшыларды қолға ала бастаған. Қонаев та қудалауға түсті. Кеңесшілері Горбачевқа Қонаевтың орнына жас, іскер мемлекеттік қызмет сатысымен тез өрлеп келе жатқан саясаткер Назарбаевты қою қажет деген ақыл береді. Қонаев пен Назарбаев жерлестер, екеуі бір облыста туған. Екеуі бір-бірін жақсы білетін. Алайда, екі тұлғаның арасына сына қағуға тырысатындар да табылмай қалмады.

Уақыт өткен сайын Кеңес Одағының құлауға бет алғандығы айқын сезіле бастады. Қарабақтағы, Оштағы, Литвадағы оқиғалар орын алды. Алайда, мұның бәрінің бастауында 1986 жылы Алматыда орын алған Желтоқсан оқиғасы тұр. Горбачевтің шешімімен Қонаевтың орнына Колбиннің тағайындалуы Желтоқсан алауының тұтануының басты себептерінің бірі. Кейін Колбин осы оқиғаны еске ала отырып, Горбачевтің шешіміне келісім бергеніне өкініш білдіреді. Өз орталарында қазақ халқының өз тілі, діні, тарихы, мемлекеттік мәртебесі бар екендігін айтып жүрген қазақ интеллигенциясы бой көтерді. Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің Қонаевты орнынан алып, Колбинді тағайындаған пленумынан кейін келесі күні жастар топтасып алаңға шықты. «Қазақстанға өз ұлтынан шыққан басшы керек» деп ұрандады.

Мен ол кезде Мәскеуде, КСРО телевизия және радио жөніндегі мемлекеттік комитеттің алқасында қазақша хабар таратуға молырақ қаражат бөлінуін талап етіп жүрген едім. Республика бойынша орысша телехабар тарату ішінде ешқандай ақау жоқ, орысша білетіндердің де қарасы көп. Отырыс барысында менің ұсынысым әріптестерім тарапынан қолдау таппады, керісінше өзіме «ұлтшыл» деген кінә тағылды.

Тура отырыс өтіп жатқан мезетте мені телефонға шақырды. Алматыдан қоңырау шалған орынбасарым Сағат Әшімбаев екен. Астанада адам айтқысыз сұмдық оқиға болып жатқанын айтып, тез арада қайтуымды өтінді. Алматыдағы республикалық телевидение Үкімет үйінің дәл жанында орналасқан, терезеден студенттер топ-топ болып жиылған алаң алақандағыдай көрінеді. Біз телефон арқылы алаңдағы оқиғаны барлық операторларды жіберіп түсіріп алуға келістік те, мен тез жиналып Алматыға аттандым.

Біз қарсылас тараптардың ешқайсысына бұра тартпай, алаңдағы ахуалды эфирден барынша объективті түрде көрсетуге тырыстық. Мұндай ұстанымда қалу оңайға түскен жоқ, әрине, тиісті органдар тарапынан аңдушылар, телехабарларды жіті тексеретіндер бой көрсетті.

Қонаевтың орнына келген жаңа басшы Колбин де, идеология жөніндегі хатшы Камалиденов те желтоқсан оқиғасынан аса қатты үрейленді. Кеңестік дәуірде қалыптасқан ескі әдеттері бойынша қозғалыс басшыларын іздестіруге көшті. Қозғалысқа дем берушілер болған шығар, бірақ содан кейінгі бес жылдың ішінде оларды табу, жазалау мүмкін нәрсе емес. Өз басым Желтоқсан оқиғасының күрт басталып, жалпы жастардың тарапынан қолдауға ие болғандығына бек сенімдімін. 1986 жыл демократиялық көзқарастың белең алған уақыты емес пе, сол себепті түрлі оқу орындарында білім алып жатқан студенттер алаңға барып, өз ойларын ашық жеткізуді жөн деп тапты.

Алайда, алаңда студенттердің жолын милиция, Алматыға шақырылған арнаулы әскер бөгеді. Горбачев тұңғыш рет бой көтерген Ішкі істер министрлігі мен КГБ-ның әскери күші арқылы халықты басып-жаншуға бағытталған құпия «Метель» операциясын қолданды. Дәл осы тәсіл кейін Тбилисиде, Вильнюсте, Бакуде қолданылғанын айта кету керек.

Сөз жоқ, мемлекет кез келген жағдайда нәтиже беретін тәсілдерді қолдануға тиіс. Алайда, мемлекет тарапынан қолданылатын осы іс-әрекеттер ешқашан шектен шықпауы керек, қарапайым халықты апатқа ұшыратпауы қажет. Желтоқсан оқиғасы кезінде Алматы қақаған аяздың құшағында еді, бүрсеңдеген студенттерге қарсы су шашатын мәшинелер қолданылды. Новосібірден Ішкі істер министрлігінің Жоғарғы мектебінің курстанттары арпылдаған иттерін ертіп келді. «Ұлтшыл қазақтар орыстарға қарсылық танытуда» деген желеуді ойлап тауып, желтоқсаншыларға жұмысшы жастарды айдап салды. Іс жүзінде, орыстар мен қазақтарды бір-біріне қарсы қойды.

Алаңдағы қозғалыс саябырлағаннан соң жоғарыдан түрлі нұсқаулар түсе бастады. Бірінші кезекте бұл оқиғаны еркін ойлы жастардың өз көзқарастарын ашық білдіруі деп емес, Қонаевтың тұсында еркінсіп кеткен әсіре ұлтшылдардың, бұзақылардың тәртіпсіздігі ретінде көрсетуге тапсырыс жасалды. Оның басында тұрған тұлғалардың бірі деген желеумен Олжасқа жала жабылды, Олжасты Қонаевтың жақтасы деп айыптады. Шынында да, Олжас Сүлейменовті Қонаев қатты бағалайтын, құрмет тұтатын. Бірақ екеуін осы өзара сыйластық қана байланыстырады.

Желтоқсан оқиғасы үш жүздің арасындағы талас-тартыс деп қай-қайдағыны ойлап шығарғандар да табылды. Ешкім Кеңес тұсындағы ескі тәсілдің енді нәтиже бермейтіндігін, заман өзгергендігін мойындағысы келмеді. Олжас ар алдында азаматтық танытып, қолынан келгенше Қонаевты қолдады, қорғады.

Ақыр соңында Мәскеуден арнайы комиссия келіп, оқиғаның себеп-салдарын тексере бастады. Телевидениені де назардан тыс қалдырған жоқ. «Тамаша» әзіл-сауық бағдарламасы, басқа да көптеген публицистикалық дүниелер халық арасында ұлтшылдықты насихаттайтын болып шықты. Мен ұлтшылдықтың біздің бағдарламаларға ешқандай қатысы жоқ екендігін дәлелдеуге тырысып бақтым. Қазақ телевидениесі басшылық тарапынан оң көзқарасқа ие екендігін, біздің көптеген бағдарламаларымыз Ресейдің, басқа да одақтас елдердің эфирінде көрсетілетіндігін айтып, мұндай айыптаулардың негізсіз екендігін жеткіздім.

Әрине, мен біздің аргументтеріміз ештеңе шеше қоймайтындығын, негізгі шешім жоғарыда қабылданатындығын жақсы түсіндім. Қазақ телевидениесіне тағылған айыптаулар мені қызметімнен босатуға жеткілікті екендігін де білемін. Өзім де орын алып жатқан келеңсіздіктерге қарсылық ретінде партиялық билетімді столға тастап, қызметімнен өз еркіммен бас тартуға, сол арқылы арымның алдында адалдық танытуға талай мәрте оқталдым. Алайда, мен дәл осындай қадам жасасам, өзге әріптестерімнің көпшілігі жоғарыдағылардың соққысын өздеріне қабылдауға мәжбүр болатын еді. Себебі, әріптестерімнің арасында да Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар аз емес. Мен қолымнан келгенше оларды қорғап, жұмыстан қуылып кетпеуін қадағаладым. Егер мен қызметтен кетсем, орталық комитеттен телевидение жұмысынан бейхабар, Қазақ телевидениесінде ұзақ жылдардан бері қалырптасқан жұмыс жүйесін мүлде түсінбейтін басқа біреу келері сөзсіз. Жаңадан ойластырылып жатқан көптеген жобалардың жаңа бастықтың кесірінен жарыққа шықпай жатып, желкесі қиылатыны тағы бар.

Әріптестерімнің барлығын бірдей қорғап ала алмадым. Біздің қолымыздан келер іс аз еді. Басты билік жоғарыдағылардың қолында. Сөйтіп, музыкалық редакцияның бас редакторы Хасен Қожахметов, басқа да бірнеше қызметкер түрмеге қамалды. Хасен Қожахметов түрмеден шыққаннан кейін жас ұлтшылдардың «Алаш» қозғалысын құруға мұрындық болды. Бірақ, қалай болғанда да, көпшілік әріптестерімізді тиісті органдардың құрығынан құтқарып қалуға жарадық.

Бір қызығы, мені жұмыстан босатқан жоқ. Олай жасауға не кедергі болды? Меніңше, оған Назарбаевтың ұстанымы ықпал еткен сияқты. Үкімет төрағасының пікірі менің министр ретіндегі тағдырымды айқындау барысында айтарлықтай рөл ойнағаны анық.

Желтоқсан оқиғасының себеп-салдарын анықтау 1987-88 жылдарға дейін жалғасты. Осы аралықта жаңа демократиялық жағдайда Қазақстан Парламентнің сайлауы да өтіп үлгерді. Ақын Мұхтар Шаханов Қазақ КСР-ы Жоғарғы Кеңесінің оқиғаның себеп-салдарын анықтау жөніндегі комиссияның төрағалығына сайланды. Сондай-ақ, Мұхтар Шаханов КСРО Халық депутаты болды, аймақаралық депутаттық топпен бірге Мәскеуде біраз жұмыс атқарды. Жоғарғы Кеңеске Желтоқсан оқиғасының шынайы себептерін ұсынуға, қызметтік өкілеттіліктерін асыра пайдаланған бірқатар басшыларды орнынан босатуға мүмкіндік туды.

Желтоқсан оқиғасынан кейін екі жыл бойы Мәскеумен арадағы қарым-қатынас толықтай үзіліп қалды. Бұрындары Алматыға атақты әртістер, музыканттар, ақын-жазушылар жиі келетін, 1986 жылдың қысынан кейін сап тыйылды. Сірә, олар ұлтшылдықтың ордасымен байланыс орнатудан үрейленсе керек. Ең алғаш өзгелерден оқшауланып қалудың не екенін сонда түсіндім. Біз осы оқшаулықты бұзудың қамына кірісіп, «Алматы достарын қарсы алады» атты фестиваль ұйымдастырдық, Одақтың ірі қаларындағы белгілі тұлғаларды белсенді түрде шақыра бастадық. Телеэкрандар мен киноэкрандардан әйгілі тұлғалар жиі көрсетіле бастады, еліміздің мәдени-әдеби тыныс-тіршілігі үйреншікті арнасына қайта оралды. Ал Горбачевтің өзіне келер болсақ, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының оны қатты шошындырғаны соншалық, 1991 жылға дейін Қазақстанға аттап баспай қойды. Тек сол жылы ғана Назарбаев оны Көкшетауға келуге көндірді.

1989 жылы Тәжікстанда күтпеген жерден қайғылы апат орын алды. Ерте көктемде тауда көшкін жүріп, етекте орналасқан Шароро қыстағын басып қалды. Біз ол кезде бес бірдей Азия елдерін байланыстыратын орыс тіліндегі «Достық экраны» деп аталатын бағдарламаны жарыққа шығарғанбыз. Бағдарлама ең интернационал қала саналатын Алматыдан таралады.

Мен «Достық экранының» кезекті эфирі үшін Тәжікстанға бес елдің Үкімет төрағаларын шақыруды ұсындым. Кеңес кезінде республика өкілдерінің кез келген басқосуына «аға халықтың» өкілдерін міндетті түрде қосатын қанға сіңіп кеткен ескі әдет бар-ды. Мәселен, қазақ Алатаудың арғы баурайындағы қырғызбен бірге дастархан басында жеке отыра алмайды, міндетті түрде Орталық комитеттің ұйымтастыру бөімінен біреу жанына еріп жүруге тиіс. Әйтпесе, бұл сепаратизмнің көрінісі деп бағаланатын.

Мен Назарбаевқа келіп:

— Нұрсұлтан Әбішұлы, бес елдің Министрлер кеңесінің төрағаларымен Тәжікстанда кездесу өткізсек дұрыс болар еді,— деген ұсыныс айттым.

— Мұны Мәскеу қалай қабылдайды. Тағы да ұлтшылдық үшін айыптайды деп ойламайсың ба?

— Неге? Біздің көздегеніміз Тәжікстанның басына түскен қайғыны көршілес елдер ретінде бірігіп көтеру ғана. Оның үстіне, ұсыныс сіздің тарапыңыздан емес, біздің телевизияның тарапынан жасалады. Сіз «Достық экраны» бағдарламасына қатысу үшін барасыз ол жаққа. Барғаннан кейін көршілес елдердегі әріптестеріңізбен басқа да мәселелерді талқылай жатарсыздар. Ең бастысы, бес елдің ресми өкілдерін бір үстелдің басына отырғызу, біз оны Орталық телевидениеден көрсетеміз.

Сонымен, қайғылы апаттың ошағы Шароро қыстағында айтулы кездесу өтті. Меніңше, бұл Орталық Азия елдерінің жеке аймақ ретіндегі бірігуінің бастауы болды.

Тимур Зульфикаровтың Шароро қыстағындағы апат кезінде тірі қалған жалғыз сәби туралы поэмасы бар: Сәби перзентханада дүниеге келген күні қайғылы оқиға орын алып, қыстақтағы адамдардың барлығы қаза табады. Сәбидің есімін қыстақтың атымен Шароро деп атаған.

Жуырда Тимур екеуміз кездейсоқ жүздесіп қалдық, сонау бір жылдардағы қайғылы оқиғаны, Министрлер кеңесі төрағаларының басқосуын еске алдық. Шароро қыстағының орнында қазір не бар? Бұл трагедиядан сабақ алдық па? Осы сауалдарға жауап іздедік.

1991 жылғы тамыздағы төңкеріс жасауға талпыну оқиғаларынан соң Одақтас республикалардың барлығы өз алдарына егемендік, мемлекеттілік алу туралы шешім қабылдау қажеттігін түсінді. Нұрсұлтан Әбішұлы маған өзінің баспасөз хатшысы қызметін ұсынды. Басында мен аздап ренжіңкіреп қалдым: Бұл менің қызметімді жоғарылату ма, әлде төмендету ме? Қанша дегенмен, министрмін, мемтелерадиоком төрағасымын. Қол астымда бес мыңға тарта адам жұмыс істейді. Сөйтіп, Назарбаевақ кірдім:

— Мені мемтелерадиоком төрағалығынан босатасыз ба? Онда, алдымен баспасөз хатшысы дегеннің не екенін түсіндіріңізші?

— Сен маған алдымен Президент дегеннің не екенін түсіндір.

— Мен барлығын түсіндім. Енді жұмысқа кірісемін.

Президент дегеннің не екендігін, оның қандай ауқымды істерді атқаратындығын біз уақыт өте келе жұмыс барысында түсіндік.

Назарбаев Орталық комитеттің бірінші хатшылығына келген кездің өзінде-ақ оның төңірегінен бұрынғы басшылықты іске алғысыз етіп жамандайтын, Қонаевты қаралайтын жандар табыла кетті. Баспасөз хатшылығына тағайындала салысымен мен осы үрдіске біржола нүкте қойдым. Бұқаралық ақпарат құралдарын жинап, Қонаевты қаралауға тыйым салынатындығын жеткіздім. Себебі, Қонаевтың Қазақстанның өсіп-өркендеуі үшін аса маңызды жұмыстар атқарғандығы ақиқат.

Қонаев өмірінің соңғы жылдарында зейнеткерлікке шығып, естеліктер жазды. Мен оның үйіне барғанымда аңшылық туралы (Өзі Балқаш ауданында туған, сол жаққа аңшылыққа шыққанды жақсы көретін), мемлекеттік істерге мүлде қатысы жоқ басқа да дүниелер турасында әңгімелер айтты.

Түркиядағы достарымның бірі Ахмет Кучак Анкарада бес жұлдызды қонақ үй салған еді. Димаш Ахметұлына:

— Сонда саяхаттап қайтыңыз! Ол жақтағы ағайындар сізді құшақ жайып қарсы алады. Біраз уақыт демалып, аунап-қунап, жасарып қайтасыз,— деймін.

— Барар едім, қаражат жоқ.

Мен қатты таңғалдым. Жолға бар-жоғы алты жүз доллар керек еді.

— Жан-жағыңызда қаумалап жүретін жандар қайда?

— Олардың бірде-біреуі қалмады ғой қазір. Қаражат та жоқ.

Достарымызбен бірге ақша жинастырып, ақсақалды Түркияға жібердік. Димаш Ахметұлы үшін бұл сапар ерекше қуанышты болды. Үлкен қызметтерде жүргенде әлемнің талай елін араласа да, Түркияға бірде-бір мәрте жолы түспеген екен.

Алматыға оралысымен біздерді үйіне қонаққа шақырып, Анкара сапарынан алған әсерімен бөлісті. Көп ұзамай мен «Мир» телеарнасын құру туралы идеямды жүзеге асыру мақсатымен Мәскеуге жол тарттым. Арада бір жыл өткенде Дінмұхаммед Қонаев өмірден озды.

Димаш Ахметұлының естеліктерін жиі қайталап оқимын. Қазақстанның экономикасының қазіргі деңгейге көтерілгені сол кісінің, Қаныш Сәтпаевтің, Қонаевтың досы — инженер Қадыржановтың арқасында екендігін түсінемін. Сол кісілердің өлшеусіз еңбегінің арқасында Қазақстан инфрақұрылымы дамыған көрнекті мемлекеттердің біріне айналып отыр. Бүгінде кейбір қайраткерлер қол жеткізген тәуелсіздігімізді мадақтай отырып, егемендіктің алғышарттарын қалыптастырған, бірақ қазір бұл елде тұрмайтын миллиондаған жандардың сүбелі еңбектерін ұмыт қалдырған кезде өзегімді өкініш кернейді.


Каталог: bitstream -> handle -> 123456789
123456789 -> Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰу хабаршысы №5 (84) 2011
123456789 -> Республикалық Ғылыми-әдістемелік конференция материалдар ы
123456789 -> Қазақ халық педагогикасы негізінде оқушыларды еңбекке тәрбиелеу
123456789 -> А. Ж. Кунанбаева
123456789 -> Б. О. Джолдошева из Института автоматики и информационных технологий нан кр, г. Бишкек; «Cинтез кибернетических автоматических систем с использованием эталонной модели»
123456789 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ministry of education and science of republic of kazakhstan


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   20




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет