Франц Боас. Этнологиялық әдістер



Дата27.03.2020
өлшемі25,58 Kb.
#60923
Байланысты:
2.антропологиялық теория

25.03.2020

Франц Боас. Этнологиялық әдістер
Боас өзінің ұзақ ғұмырында мәдени эволюция теориясын өзі түсінген шамада сынға алуға коп уақытты мен күш - жігерін сарп етті, сондықтан өзі де эволюция пен тарихшылдыққа қарсы шыққаны үшін сынға ұшырады. Боастың көзқарасын олай бағалау әділдікке жатпайды, өйткені ол мәдени эволюция идеясының өзіне қарсы шыққан жоқ, тек оның өткен ғасырдағы кейбір этнологтар ұсынған бір нұсқасын ғана сынаған болатын.

Боас және мәдени эволюция сынау

Боас барлық қоғам атаулының өткені мен болашағына қатысты қолданылатын біртұтас мәдени - эволюциялық формуланы мойындамайтын, бірақ нақты мәдениет тұрғысынан алғанда эволюция идеясын да, оның кейбір салаларындағы, мысалы технология тұрғысындағы шектеулі прогресс тұжырымдамасын да жоққа шығарған емес. Сонау 1908 жылы-ақ ол: "Қатаң сынға алынғанына қарамастан, көптеген ежелгі теориялар біршама нанымды көрінеді, ал, оларға сәл басқаша тұрғыдан келіп, өркениеттің дамуына жекешілдік көзқарасты күшейтер болсақ, олардың қажет екендігіне көз жеткізуге болады", — деп жазды.

Боас, әсіресе, мәдениеттің дамуы міндетті түрде қарапайымнан күрделі қарай бағыт алады деп тұжырымдады және осындай дамудың кейбір кезеңдерінен прогресті көретін тұжырымдамаға өршелене қарсы шықты. Эволюция прогресс өлшемі міндетін атқара алатын мәдени дамудың әмбебап сызбасын түзу әрекетіне қарсы қимыл ретінде ол нақты бір аймақтардағы жекелеген мәдениет пен мәдени диффузияның (араласудың) белгілерін зерттеуге бой ұрды. Сөйтіп, оның көзқарасы бойынша, тарихтың өзі шектеулі мәнге ие, яғни ол бүкіл адамзатқа ортақ мәдениеттің емес, тек жекелеген қоғамға тән мәдениеттің ғана тарихы деген қорытынды шығады. Сонымен қатар, ол антропологияны да адамзат мәдениеті мен оның жекелеген кезеңдерінің эволюциясын зерттеу емес, өзіндік толыққанды бірлік болып табылатын жекелеген мәдениеттерді зерттеу деп таныды.

"Этнология әдістері" деп аталатын мақаласында Боас былай деп жазды: "Америка ғалымдарын, ең алдымен, мәдени өзгерістердің динамикалық жағы мен мәдениетті зерттеу негізінде оның тарихын қайтадан жазып шығу ғана қызықтырады. Бұл жалпы әлемдік диффузия немесе мәдени белгілердің ежелгі тұрақтылығы болсын — олар мәдени құбылыстардың параллельдігінің себебі туралы мәселені түпкілікті шешуді мәдени өзгерістердің ерекшелігі қазіргіден де жақсырақ зерттелетін болашақтың үлесіне қалдырады. Сырт қарағанда, Америка ғалымдары нақты зерттеулермен ғана шұғылданып, адамзат өркениеті тарихының философиялық мәселелеріне мән бермейтін сияқты көрінеді. Меніңше, америкалық ғылыми бағытты бұлай бағалау дұрыс емес. Бұл мәселелер бізді де өзіміздің европалық әріптестерімізден кем толғандырмайды, бірақ біз оларды жалаң формулалардың көмегімен шешуге болады деп үміттенбейміз".

Боастың өркениет тарихының философиялық қырларын жоққа шығармайтыны, бірақ қолда бар деректерді синтездейтін уақыт өлі келген жоқ деп пайымдайтыны осыдан - ақ көрініп тұр. Ол мәдениет динамикасын, белгілі бір мәдениет аясындағы өзгерістердің нақты процестерін зерттеуді дәл қазір қолға алынуға тиісті кезек күттірмейтін міндет деп есептеді. Осы өзгерістерді егжей-тегжейлі салыстыра отырып талдау этнологқа мәдениет пен диффузияның дербес құбылыстар ретіндегі ара қатынасы мен адамзат тарихындағы мәдениеттің негізгі типтері тәрізді жалпы мәселелерге ойысуға мүмкіндік береді. "Бір созбен айтқанда, — деп түйіндейді ол, — біздің негіздемек болып отырған әдісіміз — қоғамдағы қазіргі кезде бақылауға болатын динамикалық өзгерістерді зерттеуге құрылады. Көз алдымызда жүріп жатқан процестерді түсіндіре алмай тұрып, өркениет дамуының жалпы мәселелерін қозғауға батылдық ете алмаймыз".

Сонымен, осының алдында айтқанымыздай, Боас антропологтардың назарын эволюция мен адамзат мәдениетінің ілгерілеуі мәселелеріне емес, бірегей қызмет атқаратын, тұтас бірлік ретінде пайымдалған нақты мәдениеттерді зерттеуге аударуға ұмтылды. "Біз әр мәдени топтан, — деп атап өтті ол, — ішінара оның өзіндік дамуы, ішінара басқа тайпалардың ықпалы арқылы анықталатын өзіне ғана тән қайталанбас тарихын табамыз". Бірде-бір эволюциялық сызба нақты бір қоғамның өзіндік мәдени тарихын түсіндіре алмайды. Барлық жерде бірдей өтетін "психологиялық қажеттілік" туралы сөз болуы да мүмкін емес.

Мәдени эволюция теориясына сипаттама бере келіп, Боас былай деп жазды: "Эволюциялық көзқарас бойынша, қоғамның мәдени өміріндегі тарихи өзгерістер барлық жерде бірдей үстемдік құратын белгілі бір заңдарға бағынады, соның салдарынан барша нәсілдер мен барлық халықтардың мәдени дамуының басты белгілері бірдей болады деп пайымдады. Бұл ой Тайлордың "Алғашқы қауымдық мәдениет" деп аталатын классикалық еңбегінің кіріспе бөлігімізде айқын тұжырымдалған". Тайлор мен Морганның еңбектеріне жасаған біздің шолуымыз көрсетіп бергендей, олардың басты тезисін мұқият талдасақ, Боастың мұндай тұжырымы негізсіз екендігіне көз жеткіземіз. Тайлор да, Морган да барлық нәсілдер мен халықтар бірдей дамиды деген "белгілі бір заңдарды" ойлап тапқан жоқ. Тайлордың өзі үнемі ескертіп отырғандағы, оның басты ойы мынау еді: "Белгілі бір тұрғыдан алғанда, жабайылық кезеңі адамзаттың ежелгі күйі, неғұрлым жоғары мәдениет сол кезеңнен бастау алады да біртіндеп дами береді; бұрынғы процестердің әрекет етуі арқасында мұның жалпы қорытындысы бойынша, прогрестің қайталаудан әлдеқайда басым түсіп отырғаны туралы айтуға болады". Морган тұжырымдаған және белгілеуге тырысқан заңдар тарих пен мәдениеттің емес, психологияның заңдары. Прогресс заңы туралы айтқан кезде Морган мәдениет дамуының геометриялық; ара қатынасын меңзеп отырған. Морган мен Тайлор үшін түптеп келгенде, мәдени эволюция "адамзат ақыл-ойының табиғи логикасы" арқылы анықталады.

Мәдени дамудың заңдары туралы қағида — мәдени эволюция теориясының басты элементі еместігі осыдан келіп шығады. Тайлор мен Морганның еңбектеріндегі басты тезистер — 1) адамзат мәдениетінің біртұтастығы және оның кезең-кезеңмен дамуы (бұл тезис бойынша, мәдениет атаулы қарапайымнан күрделі қарай бір сызықтың бойымен дамиды) және 2) белгілі бір кезеңдегі барлық тарихи мәдениеттердің бір-біріне ұқсастығы.

Екінші тезиске орынды қарсылық білдіруге болады. Басқасын былай қойғанда, кезең-кезеңмен даму тұжырымдамасы мәдениет тарихынан, логикалық тұрғыдан алшақ жатыр. Бірқатар мәдени белгілерді алып, оларды нақты мәдениет пен аймақтан бөлек қарастырар болсақ, әлдебір сатылы өрлеуді көруге болады, бірақ бұл олардың нақты бір қоғамдағы мәдениет тарихындағы орналасуының шын тәртібі осындай болды дегенді білдірмейді. Іс жүзінде, логика мен тарихтың үйлесім табатын жері тым тар және мәдени процестің бастапқы нүктесімен шектеліп жатады. Логикалық тұрғыдан алғанда, олжа жинау мен аңшылықпен айналысу жер жырту мен қауымның отырықшылыққа көшуінен бұрын болған, тарихи тұрғыдан келсек те солай. Технология жағынан алғанда да өмірдің өзі ұсынған қарапайым жаңалықтар біртіндеп неғұрлым күрделі, шығармашылық қиялды қажет ететін өнер табыстарға ұласты, әсіресе, бұлардың кейінгісі алдыңғысының жетілдірілген нұсқасы болған жағдайда мұны бұлтартпас шындық деуге болады (от жағу, садақ пен жебенің өзгеріске түсуі және т.б.). Осы шектеулі саладан тыс, әсіресе ақыл-ой қызметі тұрғысынан келгенде, мәдени эволюция ойдың біртіндеп тазаруына қарай ойысып, "күрделі қарапайым", яғни анықтық пен жаңашылдыққа қарай дамитын болады.

Сондықтан, ауқымды морфологиялық мағынада мәдени эволюцияның әмбебап кезеңдері — тарихи мәдениеттердің тарихқа дейінгі және алғашқы қауымдық жағдайдан неғұрлым дамыған жағдайларға өтуі туралы айтуға болады. Бірақ, бұл дамудың бірдей кезеңінде тұрған мәдениеттердің бәрінің белгілері мен институттары да бірдей болады деген сөз емес. Егер принципті тұрғыдан алғанда, мәдени алуан түрлілік болуы мүмкін десек, бұл қағиданы мәдени дамудың барлық сатыларына да қолдануымыз керек. Біз өз таңдауымызды бір кезеңдегі мәдени белгілер мен институттарды толық шендестірумен де, мүлдем ұқсамайды деген тұжырыммен де шектемеуге тиіспіз. Қазіргі мәдениеттердің басты институттарынан өзара ұқсастықты да, алшақтықты да көре тұрып, оларды тарихқа дейінгі, алғашқы қауымдық мәдениеттерден де іздестіруіміз керек. Кеңістік пен уақытты және әлеуметтік факторларды ескерместен, мәдени дамудың бұл кезеңінде морфологиялық тұтастық болды деген пайымдаудың негізінде оған тон белгілер мен процестер субстанциялық тұрғыдан толық ұқсас болды деп қорытынды жасау да дұрыс болмас еді. Дамудың бүл кезеңіндегі мәдениет тарихының бірдей жолдан өтуі туралы гипотеза бізге негізсіз болып көрінеді және оны "эволюция адасу" деп атауға болады. Боас пен оның ізбасарларының этнология ғылымына сіңірген еңбегінің мәні мынада — олар этнографиялық материал арқылы нақты мәдениеттердің дамуындағы ұқсас кезеңдерге жататын мәдени құбылыстардың нақты хронологиялық дәйектілігін анықтау үшін қандай формуланың да кәдеге аспайтынын дәлелдеп берді. Атап айтқанда, Боас өнер ескерткіштерін мысалға ала отырып, бәдіз салу өнері декоративтік түрден геометриялық түрге немесе керісінше дамиды деп тұжырымдамақ болған дәл барлық сызбаның негізсіз екенін көрсетіп берді. Оның "Алғашқы қауымдық сана" шығармасы барлық мәдениеттер мен мәдениет санаттары тарихын бір ізге түсіру және ресми сипат беру атаулыдан сақтандыруға қызмет етеді. 

Боастың қорытындылары мәдениет тарихын қалпына келтіру үшін аса сақтық керектігін, ал, тарихқа дейінгі нақты мәдениеттердің барлық кезеңдері алғашқы қауымдық мәдениеттің кейбір қалдықтарына сәйкес келеді деп дәлелсіз тұжырым жасауға болмайтынын көрсетіп берді. Керісінше, бізге белгілі тарихи мәдениеттердің бәрі де өз дамуында неғұрлым қарапайым кезеңдерді бастан кешкен деп тұжырымдау үшін жеткілікті негіз бар. Белгілі бір қоғамның тарихы мен оның басқа да мәдени жүйелермен өзара қарым-қатынасын мұқият зерттеу арқылы оның мәдениетінің жазу болмаған кезеңін ішінара қалпына келтіруге мүмкіндік туды; мысалы, мифтер мен аңыздардың көмегімен неғұрлым ерте кезеңдегі ойлау жүйесі мен нанымның кейбір белгілері қалпына келтірілді. Сонымен қатар, бұл Морган сияқты, грек және рим институттарының архаикалық түрлері Американың байырғы халықтарының мәдениеттерімен ұқсас деген немесе барлық тарихи мәдениеттер географиялық және уақыт тұрғысындағы алғышарттарға қарамастан бірдей технологиялық сатылардан өтті деген болжам жасауға түрткі болды. Бұл болжамдардың рас болып шығуы әбден мүмкін екендігі туралы сенімді дәлелдерсіз тарихи жағдайды қалпына келтіруге Боастың өзі де бармауы, өзгелердің де мұндай әрекеттерін құптамауы неліктен екенін осыдан түсінуге болады.

Жалпы адамзат мәдениетінің ұқсастығы туралы тезистің жөні басқа, оны мәдениеттің нақты санаттарының кезеңдік дамуынан бөліп алып қарастыру керек. Мәдени біртұтастық пен желілік прогресс тұжырымдамасына негізделген тарих философиясы адам баласының шыққан тегі бір екендігі мен тарих ағымын бағыттап отыратын бір Құдай екендігі туралы иудейлік - христиандық сенімнен шыққан. Бүл ілім әрбір өркениет басталуы мен аяқталуы бар белгілі бір даму циклінен өтеді деген тарих туралы циклді үлгіге қайшы келеді. Қазіргі мәдени прогресс теориясы — Құдайдың бұйрығымен алға басатын адамзат эволюциясы туралы иудейлік - христиандық идея мен Қайта өрлеу дәуірінде шыққан және Ағарту дәуірінде дами түскен, уақыт өткен сайын адамның шексіз дами беретіндігі туралы жаңашыл идеяның синтезі. Бұл теорияға Құдайдың жазуы болатындығы және адамның күнәға батқан сайын азғындай беретіндігі туралы діни ілім қарсы шықты. Тайлор да, Морган да адамзат өркениетінің прогресс арқылы дамып, жалғаса беретіндігін қолдады. Морган "прогресс жарысы" барысында кейбір халықтардың баяу дамуының себебі неде екендігі туралы кеңінен талқыланған сұраққа жауап бере алмағанымен, екі ғалым да бұған азғындаудың еш қатысы жоқтығына нық сенім білдірді. Кондорсе мен Конттың ізінше мәдениет тарихшылары әрбір тарихи кезеңде адамзаттың ең биік әрі ең үздік қасиеттерін бойына сіңірген, осы арқылы өркениет пен мәдениеттің одан әрі өмір сүре беруі мен прогреске жетуін қамтамасыз ететін аса көрнекті жеке адамдардың айырықша рөлін мойындаумен шектеліп қалды. Морганның "адамзат нәсілінің тарихы — шығуы жөнінен де, тәжірибесі жөнінен де, прогресс жөнінен де біртүтас" — деп тұжырымдайтыны да осыдан.

Логика яғни, қисын тұрғысынан келгенде, мәдени эволюция мен прогрестің арасында айырмашылық барын да ескерте кетейік. Мәдениет тарихының циклдік теориясы белгілі бір межемен шектелген мәдени эволюцияға сенуді қолдайды, сонымен қатар, уақыт өткен сайын үздіксіз өркендей беретін шексіз прогресті мойындамайды. Мұндай прогрестің қазіргі тарихи және этнологиялық теориялары тарихтың бір желілі, генетикалық тұжырымдамасын да, адамзаттың (мәдени) біртұтастығын да қолдайды.

Мәдени прогресс теориясы нормативті немесе кемел мәдениет туралы түсініктен бастау алады, бүл үлгіге кез-келген мәдениет азды-көпті деңгейде жақындауы мүмкін. Сонымен, мәдениеттің прогресті эволюциясы туралы қағиданы мәдени кезеңдер туралы қағидадан ажыратып қараған жөн. Мәдениеттің кезең-кезеңмен дамуы туралы тұжырымдама — белгілі бір тарихи мәдениет тұрғысынан алғанда, қандай да бір кемел кезеңнің нақты мәдени процесі мен іс жүзінде көрініс табуын ескерместен тану немесе мойындау ұсынылатын логикалық сипаттағы кемел сызба немесе санаттау. Мәдениеттің нақты да тарихи эволюциясының бүл сызбадан айырмашылығы — ол прогресшіл болуы да, болмауы да мүмкін. Ол әманда прогресшіл болған және адамның одан әрі жетілуі мен гүлдену бастайды деп сендірудің метафизикалық соқыр сенімге сүйенген долбардан басқа ешқандай негізі жоқ. Бірақ, мәдениет тарихшысы болып табылатын этнологтың міндеті — нақты мәдениеттердің шынайы эволюциясы мен мәдени дамудың әртүрлі жолдарын тікелей зерттеу және бұл зерттеудің барысында ол прогресс пен құлдыраудың қандай да бір тұжырымдамасына алдын-ала бой ұрмауға тиіс. Мәдени прогреске баға беру өлшемі — аса маңызды этнологиялық мәселе, оның жүйелі түрде жасалған құндылықтары теориясын этнолог білмеуі де мүмкін.

Осының бәрі мәдени эволюция мен прогресс мәселесін өте шиеленістіріп жіберді. Мәдени прогресс философиясы адамзат тәжірибесінің біртұтастығы мен оның мұра боп қалдырылуы мүмкін екендігіне және оны кемел немесе нормативті мәдениетпен шендестіруге құрылған. Адамзат тарихының осы генетикалық тұжырымдамасы мен адамзаттың түбірлі біртұтастығын, сонымен қоса кемел мәдениетті де жоққа шығару мәдени плюрализм туралы ілімді жасаумен қатар жүрді (бұл ілімге сәйкес, әрбір мәдениеттің өзіне тән бірегей тарихы мен өз эволюциясы болады), жаңа ілім бойынша әмбебап мәдени-тарихи сызбалар мен прогресс өлшемдеріне орын жоқ еді.

Өзіміз байқағандай, Боас екінші жолды таңдады. Адамзатты біртүтас бірлік ретінде қарастыратын мәдени эволюцияны тұрғыдан түсінуге қарама-қарсы ол мәдениеттер эволюциясының плюралистік теориясын қолдады. "Егер бір-біріне кереғар келетін, бірақ бір мезгілде өмір сүрген мәдениеттер болған деп есептесек, — деп жазды ол, — онда жалпыға ортақ біртүтас желі туралы гипотезаның өз күшін жоғалтары анық". Адамзат өркениетінің абстрактілі философиялық - тарихи мәселелеріне үнемі қызығушылық танығыш келген Боас іс жүзінде плюралистік көзқарасты ұстанып, өзіндік ерекшеліктерге толы мәдениеттерді зерттеумен айналысты, олардың арасында мәдени өзгерістер процесіне баса мән берді. Сонымен қатар, ол өркениет дамуының әмбебап теориясын жасау жөніндегі әртүрлі әрекеттерден батыл бас тартты. Батыс Европа мәдениетін мәдени дамудың жоғары кезеңі әрі мақсаты ретінде тану (Тайлор мен Морган мұны сол күйі қабылдады) тұжырымдамасын Боас этноцентристік ұғым деп біліп, оған мәдени көзқарасты қарсы қойды. XX ғасырдағы батыс қоғамының тарихи тәжірибесін, атап айтқанда, өркениетті державалардың арасындағы екі бірдей дүниежүзілік соғысты ескергенде, Боастың Европа өркениетін прогрестің нормасы деп қабылдамауы әбден орынды болып көрінеді. Осыған байланысты, Тайлорға қаншама сын көзбен қарағанымен, Боас мәдени параллелизмді түсіндіру тұрғысынан келгенде психологиялық заңдарды мойындайтын. "Тарихи тұрғыдан алғанда және әрбір аймақ үшін түгелімен ерекше болып келетін мәдени байланыстар типі мәдени-тарихи байланыстардың маңызды элементі болып табылса да, — деп жазды ол, — біз әлдебір типтік параллелизм болуы мүмкін деп білеміз. Алайда, біз бүл параллелизмді тек нақты бір әдет-ғүрып пен машық - дағдылардан ғана емес, дамудың бастапқы нәтижелері тәуелді болған әлеуметтік немесе психологиялық себептерден туындайтын белгілі бір динамикалық алғышарттардан да қарастырмақпыз. (Ә) Бір сөзбен айтқанда, егер заңдылықтарды іздестіретін болсақ, бұлардың соңғысы мәдениеттің табысынан емес, физиологиялық, психологиялық және әлеуметтік жәйттерден байқалады". Одан әрі ол былай деп жазады: "Егер бірегей және күрделі мәдени құбылыстарға келер болсақ, бұл орайда үлкен әріппен басталатын "Заң" деген атауға толып жатқан ерекше тұрпатта көрініс беретін, барлық мәдениеттерге тон психологиялық және биологиялық тұрғыдағы сипаттамалардан басқа ештеңе де лайық емес".

Мәдени даму заңдары туралы ілімді бекіткен басқа емес, нақ осы Тайлор мен Морганның ұстанымы болатын, ал, Боас мұны оларға қателесіп таңып жүрді. Біртұтас жайт ретінде қарастырылып жүрген адамзаттың мәдени дамуының белгілі бір кезеңдерін қағидаға айналдыру бойынша, барша халықтар барлық жерлерде бір кезеңнен (немесе соған ұқсас кезеңнен) өтеді деген тұжырым жасалмайтын.

Боас мәдени эволюция Европа мен Америкадағы технологиялық жаңалықтар өзара ұқсас болғанымен әрқайсысы дербес түрде пайда болған нәтижелерге әкелді деген тұжырымымен келісті. Бұл мысалдардың әрқайсысында "олжа жинау мен тас құралдарды біртіндеп жер өндеу, құмыра жасау, кейіннен металдарды пайдалану алмастырды". Сөйтіп, әңгіме екі құрылықтың мәдени дамуындағы "шектеулі параллелизм" туралы, бірақ бүл олардың әр кезеңіндегі мәдени деңгейлер толық ұқсас болған дегенді білдірмейді. Морганның өзі "эквиваленттерді игеру (adoption)" болуы мүмкін деген болжам жасаған (мысалы, оның пікірі бойынша, Шығыс жарты шарда жануарларды қолға үйрету Батыс жарты шарда жүгері жөне басқа дәнді дақылдарды өсіруге сәйкес келеді), бірақ бұл болжам оны дамудың ортақ кезеңінде барлық халықтардың өнері, институттары, өмір сүру салты түбірімен ұқсас болды деген тұжырымдаманы қайта қарауға әкеп тіреген жоқ. Мәдени дағдылардың мұндай айырмашылығы Боастың бір кезеңдегі мәдени белгілер мен институттардың ұқсастығы туралы айтуына мүмкіндік бермей қойды. Дегенмен, оның мәдени - эволюциялық теорияны ылғи сынап-мінеп келгеніне қарамастан, Тайлор мен Морганның негізгі тұжырымдамалары оған әлдеқайда жақын екендігін байқауға болады.



Тайлордың антропологиялық ықыласының екі өрісі — мәдениет пен психология екендігі туралы ескертуімізді Басқа қатысты да айтуға болады. Бірақ, Боас прогрестің эволюциялық кезендік схемасына қарсы болғандықтан мәдениет тарихынан гөрі функционалдық, психологиялық және әлеуметтік процестермен, мәдени өзгерістер динамикасымен (аккультурация мен диффузия түрінде көрініс табатын) көбірек шұғылданды. Ол үшін мәдениет тарихы барған сайын нақты қоғамдардың немесе олардың өзара қарым - қатынасының тарихы ретінде көріне бастады, бұл оның әр мәдениеттің тарихи жолы ерекше екендігі туралы көзқарасына сәйкес келетін. Боас болуы мүмкін деп санайтын кемел, яғни мейлінше объективті нұсқадағы мәдениет тарихының жүйелі философиясы оның өзі бойын аулақ салуға тырысатын нәрсе болып шықты. Оның пікірі бойынша, "кешенді түрде ме, мәдени құбылыс түрінде ме — құбылыстардың абсолют жүйесі болуы мүмкін емес. Олар әманда біздің өз мәдениетіміздің бейнесі болып шығады". Түптеп келгенде, үнемі көзге ұрып тұратын мына жайтты да жоққа шығаруға болмайды — Боастың көзқарасы тұтастай тарихи болатын, оған сәйкес, әрбір мәдениет — тарихи дамудың жемісі болып табылады. Бірақ, ол тарихты мәдени өзгерістердің сипатына ықпал ететін кездейсоқтықтар мен жеке бастың әсеріне орын қалдырмайтын тарихи детерминизммен шендестіруге ұрынған жоқ. Табиғатынан айтыскер болып жаралған Боас кейде тарихи болашақты жақтаса, енді бірде тарихи өзгерістердің алғы шарттары ретіндегі белгілі бір мәдениеттегі нақты мәдени процестерді зерттеуді қолдайтын. Осы өзара кереғар екі міндетті ол өмір бойы назардан тыс қалдырған емес, бірақ XIX ғасырдың екінші жартысында салтанат құрып тұрған ғылыми ағымдарға қарсы advocatus diaboli ретінде ол әрқилы нәрселерге ойыса беретін. Мысалы, мәдени топтардың теориясын сынай келіп, ол психологиялық және әлеуметтік талдаудың қажеттігін атап көрсетті, ал, эволюциялық біртұтастық доктринасына қарсы шыққан кезде алғашқы орынға аккультуризация мен диффузия шығуға тиіс деп мәлімдеді. Бір сөзбен айтқанда, Боас мәдени құбылыстардың күрделі екендігіне тәнті болды және оларды қасаң мен сызбаға түсіру атаулыға ылғи қарсы шығып отырды. Ол туралы былай деп айтуға әбден болады: ол ағаштарды жұрттың бәрінен де анығырақ көретін, бірақ шамадан тыс сақтығының кесірінен осы ағаштардың артындағы орманды көре алмады.

Мәдениеттану мамандығының 1 курс магистранты Сеңгербекова Мадина

Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет