Грант жауған күн



Дата03.09.2023
өлшемі19,47 Kb.
#180103
түріКонкурс
Байланысты:
Сағатова, 27,04
Болон процесі тарихы 4 team, Глоссарий, 3.1 ППР у детей и подростков, факультатив

Грант жауған күн

Бұл конкурстың 6 жылдық тарихы бар дейді білетіндер. Бұл ұжымға енді ғана келгендіктен, білмей отырған мен ғана.


Биыл бұл іске араласу, ұйымдастыру комитетіне мүше болу бақыты бұйырды.
Қазақ, орыс ағылшын тілдерінде өтетін білім сайысы – «Тіл білгірі - 2023» конкурсы биыл 7-жыл өтіп отыр. Қазақ үшін қасиетті саналатын сан. Ұйымдастырушылардың (жоба жетекшісі Г.Д. Джубанова, мүшелері Е.С. Құрманғожаева, Б.К. Бейсембиев, А.А. Кабытаева және автор) бұл жолғы конкурс бұрынғылардан өзгерек болу керек деп шешкені де сондықтан да болар.
Дайындық жылдың алғашқы айынан басталып кетті. Ұзақ талқылаулардан кейін қала мектептерінің бәрінің де қатысқаны жөн болар деген тоқтамға келдік. Өйткені осы жолғы бас жүлде қомақты еді, AlmaU-да оқу үшін берілетін грантқа үш тілді меңгерген кез келген оқушының таласы бар, бағын сынауға қақы бар.
Алғашында Алматы қаласы мектептерінің санын санап көріп, конкурсқа қатысуға осынша мектеп өтініш беріп қалса, мұндай көлемді істі атқара аламыз ба деген қорқыныш басым болғаны рас. Дегенмен, шешінген судан тайынбас деп іске кірісіп кеттік.
Ақпан айында әр кезеңі, әр сәті, әр деталі жете ойластырылған талаптарды мектептерге таратып та тастадық. Бұл істе жоба жетекшісі Г.Д.Джубанованың іскерлігі, тиянақтылығы, көрегенділігі мен сұңғылалығы таң қалдырғаны рас.
Алғашқы өтінімдер де келе бастады.
Конкурс 4 кезеңнен тұрды. Алғашқы кезең «Таныстыру» деп аталды. Мұнда қатысушы команда үш тілде өз мектебімен, команда мүшелерімен таныстыратын бейнематериал жасап, инстаграм желісіне жүктейді. Түскен материалдардың көптігіне, уақыт ұзақтығына, сан алуан мазмұнына қарамастан, әділқазылар алқасы (т.ғ.д., проф. А.Т. Колушпаева, AlmaU кітапханасының директоры Ю.В. Колчина, AlmaU Академиялық ұтқырлық бөлімінің бастығы Н.Ш. Қияш) адал да әділ бағалап шықты. Айта кетерлігі – әділқазылар үш тілді жете меңгерген. Жеңісті күнге 28 команда жолдама алды.
Сөйтіп, конкурстың алғашқы турын онлайн өткіздік.
Қалған турлар сәуірдің 12-сінде AlmaU атриумында жалғаспақ.
Міне, көптен күткен сәуір де туды, 12-іне де жеттік. Қонақтарымызды күтіп алуға деген толқу мен уайымға толы дайындық басталып та кетті.
Екінші кезең «Мақал – сөздің мәйегі» және «Жарнама» деген екі бөлімнен тұрады. Мұнда қатысушылар қазақ мақал-мәтелдерін білу және отандық өнімдерді қазақ тілінде жарнамалай алу дағдыларын көрсетті.
Келесі кезеңдерде орыс және ағылшын тілдерінде білімдерімен бақ сынасты.
Бас жүлде үшін болған білім шайқасына қатысқан әр команда, команданың әрбір мүшесі жан аямай тер төкті.
Бұл жерде оқушылардың конкурс барысында көрсеткен білімдерімен қоса, мәдениеттерінің де жоғары, тәрбиесінің саналы екенін атап айтқым келеді.
Конкурс ұйымдасқан түрде, аса бір тыныштықта, басы артық әңгімелерсіз, эмоцияларсыз, бір демде өтті.
Сонымен мәреге де жеттік. Шын жүйрік жарыста танылады екен. Конкурстың бас жүлдесін және AlmaU-да бакалавриат бағдарламасы бойынша кез келген мамандыққа оқытудың толық кезеңіне (яғни төрт жылға) 50 пайыздық жеңілдікті Ш.Уәлиханов атындағы мамандандырылған №12 гимназиясының командасы (Болатай Ерсултан, Шардарбек Балнур, Жолдасова Рауан) жеңіп алды, ал І орынға AlmaU-да бакалавриат бағдарламасы бойынша кез келген мамандыққа оқытудың толық кезеңіне (яғни төрт жылға) 30 пайыздық жеңілдікке Жаңа Ұрпақ Мектебі NGS командасы (Атаева Диана, Мекетай Дінмухамед, Огай Алиса) ие болды.
Бұл – жарыстағы жай ғана жеңіс емес, үлкен жеңіс. Бұл конкурста оқушылардың мұндай грантқа ие болуы оларды білімге ғана ынталандырып қоймайды, отбасы бюджетінде қомақты қаржы үнемдеуге тікелей қатысу мүмкіндігін де береді. Мұндай ынталандырудың ұрпақ тәрбиесіндегі зор әсерін AlmaU көрегендікпен ұтымды пайдаланып отырғаны мектеп мұғалімдерін де, конкурсқа қатысқан оқушыларды да, олардың ата-аналарын да қатты қуантты. Конкурс нәтижесі бойынша 8 адам осындай грантқа ие болды.
Бұл шынымен де грант жауған күн болды.
Бұдан басқа ІІ орынға екі команда, ІІІ орынға үш команда ие болды, сонымен қатар өзге де қатысушыларға көптеген номинациялар берілді.
«Тіл білгірі – 2023» конкурсы аяқталды және «Тіл білгірі – 2024» конкурсына дайындық шаралары басталып та кетті.
Шын жарыста білім сынап, шынайы жеңіске жетем десең, қапы қалма, Жас оқырман!
Біз Сіздерді «Тіл білгірі – 2024» сайысында күтеміз!
Ұйымдастыру тобының мүшесі,
ф.ғ.к. Шолпан Сағатова

Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет