Мұражайлар басқармасы «Мұражайлар қорын есепке алу нұсқауын» әзірлеп, мұражайларда заттарды бірыңғай есепке алу жүйесін енгізді. Бүкіл мұражайларға негізгі қорға енетін құндылықтарды есепке алатын мемлекеттік заңнамалық құжат ретінде біріңғай үлгідегі тіркеу (инвентарлық) кітап енгізілді. Мұражай ісін қадағалау комитетінің басты мақсаты мұражай ісіне тіркеу кітабын ендіру арқылы қорларында сақталған құндылықтарды төлқұжаттауды тәжірибеге сіңіруді көздеген еді.
1950-1960 жылдар аралығы мұражайлар тарихының даму үдерісіне айтарлықтай әсер етті. 1956 жылы Алматы қаласында облысаралық мұражайлар семинары өткізілді. 1957 жылы кеңестік мұражайлар Халықаралық мұражай кеңесіне мүшелікке енді. Мұражайларға шетел мұражайларымен байланыс орнату, өзара тәжірибе алмасу мүмкіндігі туды. Әсіресе, Болгария, Венгрия, Румыния, Чехословакия, Финляндия елдерінің музейлерімен іскерлік байланыстарды орнатуға мүмкіндік берді.