Хіх ғасырдағы бөкей ордасындағЫ Қазақ СҰлтандарының КҮнделікті өмірі



бет2/5
Дата06.07.2018
өлшемі1,72 Mb.
#48083
1   2   3   4   5

Бөкей Ордасындағы руларды басқарудағы сұлтандық билік Нұралы хан ұрпақтарының, оның ішінде Бөкей хан, Шығай хан, Есім хан, Әділ, Жарас, Орман, Абылай, Шөке сұлтандар мен олардың ұрпақтарының ықпалында болды. Деректерге сүйенсек Жәңгір хан Бөкей Ордасын басқарса [6, 571-б.], Тәуке сұлтан Бөкейұлы ысық руларын басқарды, рудың қыстауы Каспий теңізінің жағасы мен Қамыс-Самар аймағы болған. Тәуке Бөкейұлы 1812 жылдан бастап ысық руын басқарған рубасы болды, жасы 41 жаста. 1826 жылы және 1840 жылдары Александр лентасындағы алтын медальмен марапатталған. Татар тілінде сөйлей, жаза алады. Үш әйелі болған: Жібек Қарабаева 46 жаста, Айғана Қарағұлова 39 жаста, Тәжі Елемесова 34 жаста. Екі ұлы, үш қызы бар, олар Махмұд 15 жаста, Мұхаметжан 7 жаста, Ханбибі 13 жаста, Фатима 6 жаста, Айсұлу 5 жаста деген дерек беріледі [6, 574-б.].

Бөкейдің келесі баласы Меңлігерей туралы мынадай деректер беріледі. 1837 жылғы формулярлы тізім бойынша сұлтан Меңлігерей Бөкейханов, 27 жаста, шеркес руын басқарған. Ордада болған келеңсіз жағдайларды тоқтату барысында жігерлік танытқаны үшін, 1829 жылы 9 желтоқсанда Орынбор Шекаралық комиссиясының мақтау грамотасымен, 1832 жылы Анна лентасындағы алтын медальмен марапатталған. Татар тілінде жақсы сөйлейді. Екі әйелі бар біріншісі - Ұлпеш Құлманова 23 жаста, екіншісі – Ғайша Абіләзова 18 жаста. Ұлы Арсланкерей 4 жаста, қыздары Медина 6 жаста, Михрибан 2 жаста.

Ханның келесі балаларының бірі - сұлтан Әділ Бөкейханов, 33 жаста. Масқар, есентемір, таз руларын басқарған. Ордада болған келеңсіз жағдайларды тоқтату барысында жігерлік танытқаны үшін, 1829 жылы 9 желтоқсанда Орынбор Шекаралық комиссиясының мақтау грамотасымен, 1832 жылы Анна лентасындағы алтын медальмен марапатталған. Татар тілінде жақсы сөйлейді. Бір әйелі, екі баласы бар. Әйелінің есімі Ханбат Бабасова 32 жаста, ұлы Би-сұлтан 10 жаста, қызы Айсұлу 6 жаста [6, 572-б.].

Деректерде есентемір және таз руларының әлеуметтік жағдайы төмен болғандықтан, Орданың әр аймағында шашыраңқы қыстады, сол себепті бұл руларды әртүрлі сұлтандар басқарды деп көрсетіледі [6, 263-б].

Нұралы ханның баласы Шөке сұлтан 1840 жылғы формулярлы тізім бойынша 63 жаста, байбақты руын басқарған. 1815 жылы 4 маусымда қашқындарды ұстап бергені үшін Александр лентасындағы алтын медальмен, 1829 жылы 9 желтоқсанда қазақтарды Оралдан өткізбегені үшін, Орынбор Шекаралық комиссиясының мақтау қағазымен марапаталған. Татар тілінде сөйлей, жаза біледі. Екі әйелі бар, Бөшек 63, Майлық 40 жаста. Төрт ұлы бар, олар Медетқали 31 жаста, Ескендір 18 жаста, Мілхайдар13 жаста, Зұлқарнайын 10 жаста [6, 573-б.].

1848 жылғы формулярлы тізім бойынша Нұралы ханның баласы Жарас сұлтан 63 жаста. Орысша сөйлеп, жаза алмайды, мінезі жуастау. Қыста және жазда Ішкі Орал шебі мен Камыс-Самар аумағында көшіп жүреді. 1829 жылы 9 желтоқсанда Орынбор шекаралық комиссиясының мақтау грамотасымен марапатталған. Сырдария өзінінің бойына бекініс салу үшін, Ішкі ордадан Орынборға дейін түйе, жылқыларды жеткізгені үшіи Анна лентасындағы күміс медальмен марапатталған.[6, 587-б].

Есім ханның ұрпақтарының ішіндегі Қайыпқали, Сары мен Ниятәлі, Айданәлі сұлтандар ру басқарды. Тана руын басқарған сұлтан Сары мен Ниетәлі Есімовтер болды. Олардың қыстауы Нарын құмының бір бөлігі, Камыс-Самар аймағы мен Каспий теңізінің жағалауы болатын. Алаша руын – Қайыпқали Есімов және Бекқали Нұралұлы басқарды. Олардың қыстауы Нарын құмының бір бөлігі, Қамыс-Самар аймағы мен Каспий теңізінің жағалауында болған. Масқар руын - Айданали Есімов басқарды, рудың қыстауы Нарын құмында болатын [6, 262-б.].

Шығайдың ұрпақтары ішіндегі Күшікқали, Тоғым сұлтандар ру басылары болды. Тама руын Шығай ханның өзі басқарды, рудың қыстауы Каспий теңізінің жағалауы мен Үлкен Өзен болатын [6, 263-б.]. Кете руын 1825 жылдан бастап Тоғым Шығайұлы басқарды.

1856 жылғы формулярлы тізім бойынша хорунжи сұлтан Тоғым Шығайұлы 47 жаста. Мінезі жуастау, татар тілін біледі. Жайлауы Інген-Өлген мен Қидаралас өңірінде, қыстауы Астрахан губерниясының Каспий кордон шебі бойында. 1825 жылдан бастап Кете руын, 1833-1853 жылдар аралығында Краснояр уезіне қарасты Каспий жағалауындағы қазақтарды басқарған.1855 жылдан бастап Ішкі Ордадағы 2-ші теңіздік округте старшин қызметін атқарады. 1841 жылы хорунжи шенін алған. Төре тұқымынан алған екі әйелі бар Ұлташ Қасымова мен Кенже Бейімжанова. Бес ұлы, төрт қызы бар, олар Әжіхан 21 жаста, Батырхан 19 жаста, Абдулхан 14 жаста, Қажыкерейхан 5 жаста, Мұратхан 2 жаста, Хабиб-зада 16 жаста, Айша-зада 12 жаста, Таибад-зада 9 жаста, Гүлім-ай-зада 6 жаста деп көрсетіледі [6, 588-б.].

Күшікқали Шығайұлы 1834 жылдан қызылқұрт руын басқарады. 1848 жылғы формулярлы тізім бойынша сұлтан Күшікқали Шығайұлы 33 жаста болған. Орыс тілінде сөйлеп, жаза алады. Орынбардағы Неплюев әскери училищесінде оқып жүріп: орыс, француз, неміс, араб, парсы, татар тілдерін меңгеріп және тарих, география, арифметика, математика, физика пәндерін игерген. 1834 жылы оқуын аяқтағаннан кейін 19 жасында хорунжий шенін, 1841 жылы сотник, 1845 жылы есаул шенін алады. 1834 жылы 11 желтоқсанда Орынбор казак әскерінде есаул атанып, қызылқұрт руын басқарды. 1835 жылы Ішкі Орданың депутаты болды. 1847 жылдан бастап Орынбор әскери губернаторының бұйрығымен Ішкі Орданың іс-қағаз бөлігін басқарды. Екі ұлы бар, олар Салатхаддин 8 жаста, Шарафаддин 5 жаста [6, 584-б.].

Жаппас руын Абылай сұлтанның баласы Шенке сұлтан басқарды. Рудың қыстауы Каспий теңізінің жағалауы мен Нарын құмы, 1840 жылғы формулярлы тізім бойынша сұлтан Шенке Абылайұлы 42 жаста, жаппас руын басқарады деп көрсетіледі. Татар тілінде сөйлеп, жаза алады. Әйелі Жанғар Дәриева 41 жаста. Ұлдары Батырғали 21 жаста, Бекқали 19 жаста, Ерғали 17 жаста, Пірімер 18 жаста, Сафалляр 15 жаста, Мұхамеди 11 жаста. Қыздары Қарақыз 23 жаста және Ғазиза 11 жаста болған [6, 575-б.].

Бөкей Ордасындағы руларды басқару Нұралы хан ұрпақтарының арасында, ал қалған бес сұлтан әулетінің билікте болмағанын айғақтайды.

Сұлтандар балаларын ордадағы Жәңгір хан ашқан мектепте оқытты. Балалары мектепті тәмәмдағаннан кейін Орынбордағы Непдюев кадет корпусына оқуға жіберді. 1844-1845 жылдары Жәңгір хан ашқан мектепте оқып жатқан сұлтан балаларының тізімінің ішінде Мұхамед Бажаков, Ерғали Шенғалиев, Бердіғали Жарасов, Ханғали Бесжанов, Премьер Аблаев, Арслан-Керей Меңлігереев, Мұстафа Сүйінішқалиев, Ахмед-Керей Хансұлтановтар болды [6, 741-б.].

1828 жылы алғаш болып Бөкей ордасында Жәңгір хан қыстауда тұрғылықты үйін тұрғызғаннан кейін, ханның бұл әрекеті Ордадағы көптеген адамдарға үлгі болып, өз әсерін тигізбей қоймады. Соны бірі Ордадағы сұлтандар болатын, ханнан үлгі алған сұлтандар да тұрақты үйлер салғыза бастады [7, 8-б.]. Соның бірі сұлтан Жаһаншах Шенғалиев болатын. Ол Кіші жүздің батыс бөлігін басқарған Шенғали Ормановтың ұлы болатын. Негізінде, Шенғали Орманов пен Жәңгір хан екеуі құда болып келетін, өйткені Жәңгір ханның ұлы оның қызын алса, Шенғалидің ұлы Жаһаншах, ханның қызы Зюкейреге үйленген [6, 412-б.].

Жаһаншах сұлтанның үйінің құрылысы күйдірілмеген кірпіштен тұрғызылған. Үйдің көше жаққа қараған бетінде он терезесі, аула жағында алты терезілі, оның ішінде үш үлкен бөлмесі және үш ауыз үй мен қонақ бөлмесі болды. Үйдің төбесі шатырмен, едені мен екі қабат жүргізілген үйдің төбесі қарағай ағашынан жасалған тақтаймен жабылды. Бұл үйден өзге тағы бір төбесі қарағай ағашымен жабылған, алты терезелі жер үйі болды. Сондай-ақ жеке-жеке тұрғызылған үш ас үй және бір флигель, яғни оған қосымша үйлері салынған. Ас үйлері күйдірілмеген кірпіштен көтеріліп, төбесі қамыспен жабылды. Ал, флигель қарағайдан тұрғызылды. Бұл флигель ауланың дәл ортасында орналасқан. Ішінде бір үлкен бөлмесі және ас үйі болды. Төбесі шатырмен жабылды. Ауласында қарағайдан тұрғызылып, төбелері қамыспен жабылған екі сарайы мен төбесі қамыспен жабылған ат қорасы болды [8, 58-б.].

Сұлтанның үйіндегі күнделікті қолданылатын ыдыстарына келсек: сырты қызыл түсті сафянмен қапталған құты мен 1835 жылы жасалған сабы алтын жалатылған күміс ас үй пышағы, шанышқы және 1834 жылы шыққан дәл сондай сападағы қасықтары, екі стакандары болған. Салмағы 33 золотник болатын, алтын жалатылған күміс бокал, поляк күмісінен жасалған шәй сеткасы, металды екі шәй сеткасы, алты күміс қасығы, польша күмісінен жасалған қасық, қарайтылған күмістен жасалынған үш шәй қасығы, пішіні сопақша келген екі қарайтылған күміс қасық, шәй ішетін екі күміс қасық, польша күмісінен жасалған шәй қасығы болған.

Үй іші жиҺаздарының ішінде қызыл түсті рамберлі үстелі, қызыл түспен сырланған орындығы, ыдыс-аяқ салатын қорап, киімнің құрыс-тұрысын жазатын емен ағашынан жасалынған қол үтік (каток), қылыш қоятын екі қазақ орындығы, төрт қызыл сандық, сырланған ағаш төсегі де олардың күнделікті тұрмысынан хабар береді. Сондай-ақ сұлтанның ауласында дөңгелектері темірден жасалынған, төбесі жабық, іші қызыл түсті шұғамен қапталған, жазда жүретін тарантасы, қыс мезгілінде қалаға барғанда жүретін екі орындықты шанасы да қолданыстағы мүлік санын толықтыра түседі. Шананың іші қызыл түсті шұға және сафянмен қапталған. Балалар отыратын арбасы мен уық жасайтын ағаш станогын да пайдаланған [8, 81-б.].

Сонымен қатар сұлтанның күнделікті өмірде қолданатын, сырты қызыл түсті сафянмен қапталған құты ішінде екі ұстарасы болды. Ұстараның қайшысы болаттан жасалған. Құтыда бәкі пышақ қойылатын бос орын бар. Дәл сондай сырты жасыл түсті сафянмен қапталған құтының ішінде тағы да екі ұстарасы болды. Біреуінің сабы ақ түсті, екіншісі қара түсті келген [8, 79-б.].

Үйдің ауласында үлкен көлемді киіз үй, орта көлемді шаңырақ, кіші көлемді шаңырақ, екі уық, арбаның темір ресоры, киіз үйдің боялған отыз тоғыз уығы, киіз үйдің қырық уығы, төрт темір күрек, үш аша, он алты шалғы, бес қыл арқан, қалмақ киіз үйінің тұрлығы және екі үзігі, мысты леген, қарағайдың тақтайынан жасалынған жылқылар су ішетін он астау, қалмақ киіз үйінің есігі мен түндігі сұлтан отбасының әлеуметтік ахуалы мен күнделікті өмір тіршілігін көрседі [8, 59-б.].

Жаһаншах сұлтанның бұл үйінен бөлек өзге де киіз үйлері болды. Айта кететін болсақ, қалмақша тұрғызылған киіз үйі. Киіз үйлерді жаз айларында көшіп-қонғанда пайдаланды [8, 58-б].

Сұлтанның Орданың әр жерінде орналасқан шөп шабатын шабындықтары болатын. Айта кететін болсақ, Әбілмұрат деген шабындығында, көлемі бес сажын, биіктігі бір сажын болатын бір мая шөп және әртүлі көлемдегі алты мая шөп жинақталса, Қызылтөбе құм деп аталатын шабындығында әртүрлі көлемдегі он тоғыз мая пішен үйілген. Ұлан құм деген шабындығында әртүрлі көлемдегі төрт мая шөп, Құлабы құмында әртүрлі көлемдегі он бір мая пішен, Бауырсақ және Қылыш құмда әртүрлі көлемдегі алты мая пішен, Атамбек Тасқынбай құмында әртүрлі көлемдегі жиырма сегіз мая шөп, Селер құмында әртүрлі көлемдегі сегіз мая пішен, Атшынқан жеріндегі шабындығында әртүрлі көлемдегі төрт мая шөп, Жіділ бөлек жерінде әртүрлі көлемдегі сегіз мая шөптері жиналғандыңы туралы мәліметтер берілген [8, 63-б.]. Мұндай шабындықтарда шөп дайындау Жәңгір ханның әрбір отбасына пішен дайындау міндеттілігін енгізуімен байланысты басталғанын атап кеткен жөн.

Тұрғылықты тұрақты үй тұрғызған сұлтанның бірі Шарафаддин Шығаев болатын. Оның үйі, өңделмеген кірпіштен тұрғызылған. Үйдің ұзындығы он бір сажын, ені алты сажын келген. Үйдің солтүстік-шығыс жағында екі терезесі, оңтүстік-шығыс жағында сегіз терезесі, солтүстік-батысында екі терезесі, оңтүстік-батысында екі терезесі болды. Үйдің жанына күйдірілмеген кірпіштен, ұзындығы бес сажын, ені төрт сажын болатын төрт терезелі ас үй салынған. Сонымен қатар күйдірілмеген кірпіштен, ұзындығы төрт сажын, ені үш сажын болатын флигель және ұзындығы он сажын, ені төрт сажын болатын, екі есікті сарай тұрғызған. Бұл сарайдан басқа, тағы бір ұзындығы бір жарым сажын, ені бір сажын, тақтайдан тұрғызылған сарайы болды.

Үй ішіндегі жиһаздардан әйнектері бар шкаф, вендік екі орындығы мен екі сандығы сұлтан отбасының еуропалық тұрмысқа бейімделгендігін байқатады.

Үйдің ауласында, сұлтанның жазда жүретін, дөңгелектері темірден жасалынған екі тарантасы және қыста жүретін біреуі үлкен, екіншісі кішкентай келген екі шанасы болатын. Сұлтанның бұл тұрғылықты үйінен басқа, киіз үйлері де болды, сұлтан жаз айларында жайлауға көшті [9, 15-б.].

1844-1845 жылдары Ішкі ордаға барған барон Ф.А. Бюлер өзінің жазбасында Батаев ауылына жеткеннен кейін, сұлтан Бажақ тұратын ауылға келгенін жазады. Сұлтан Бажақтың Жәңгір ханның қарындасына үйленгенін және ешқандай рубасының қызметін атқармай, ханың табын малына қарап отырғанын келтіреді. Бажақ сұлтан оларды ханның өзі салып берген ағаш үйінде күтіп алады.

Ф.А. Бюлер сұлтанның үйін былай сипаттайды: бөлемелері қарапайым, қабырғалары ақталмаған, бірақ есіктері, терезелерінің жиектері және пештері ашық бояумен, арабескамен сырланған. Едендеріне кілемдер төселінген. Бөлменің төр жағында диван бар. Бірақ ірі денелі сұлтан бұл диванға көп отыра алмайды. Біз оған диванға отырудың ірі денелі адамға ыңғайсыз екенін айтып, қазақша малдас құрып отыруға көндірдік дейді Бюлер. «Еденге май шам қойылғаннан кейін сұлтанның төлеңгіттері табақпен әдемі шыны-аяққа құйылған шәй әкеледі. Арада әңгіме басталып кетті. Сұлтан басқа да қазақтар сияқты сөйлесу үшін әрқашан аудармашыға жүгінетінін айтып мұңын шақты. Арада көп әңгіме болады, хан мен Орда жайлы. Сұлтан бізге қатты таңғалды жап-жас бола тұра бәрін білесіңдер, кейін менің балам да ставкадағы училищені бітіргеннен кейін, сіздер сияқты орысша сөйлейтін болады деп айтты», - деп жазады Бюлер [6, 422-б.]

Сұлтандар қыс айларын өздерінің тұрақты тұрғылықты үйлерінде өткізсе, жазды, әсіресе бай, ауқатты сұлтандар бірнеше киіз үйлерінде өткізетін. Олар өздерінің маңында күнделікті өміріне қажетті айран, сүт, шұбат, қымыз үшін он сиыр, санаулы түйе және жүз шақты биені айығырымен ұстады. Ал, мыңдаған жылқылары мен қойлары және жүздеген ірі-қара мен түйелері бірнеше олардың көштерінен бірнеше қашықтықта ыңғайлы жерде жайылып жүретін [10, 46-б.].

Сондай бай сұлтанның бірі Мұхамед сұлтан болды. Оның киіз үйлері қарапайым қазақтардан алшақтау жерде орналасты. Үйдің кіреберісіне қарама-қарсы, төр жақта екі жағында ағаш тіреудің үстінде орналасқан жібектен тігілген екі жастығы бар орындық қойылған. Орындықтың оң жағында көлемі жалпақ келген аласа төсек орналасты. Төсек жібек кестемен әдемі көмкеріліп, жібек мамықтан тігілген ақ түсті жамылғымен жабылып, үстіне штофтан тігілген жастықтар қойылған. Ал бұл жамылғы мен жастықтардың үсті ақ түсті клоенкорлық матамен жабылды. Еденінде қымбат кілемдер төселіп, үстінде қымбат-қымбат халаттар жатты. Төсек пен есіктің арасында, керегелерінде сәнді қару-жарақтары: қос ауызды мылтық, қымбат қанжарлар, қылыштар, қамшылар және аттың саймандары ілініп тұрды. Орындықтан солға қарай екі, үш қатар, болат және күміспен әрленген әртүрлі көлемдегі сандықтар тұратын. Сандықтардың тек алдыңғы беті ғана ашық, қалған бөлігі киізбен жабылған.

Бай сұлтандардың киіз үйлерінің іші өрнектермен көмкерілген қызыл немесе басқа да ашық түсті шұғамен қапталды. Едендерінде үлкен көлемді кілемдер төселетін. Мұндай киіз үйлердің бағасы өте қымбат болды. Құны үш мың күміс рубльден жоғары болмаса, төмен болмады. Бай сұлтандардың тек қана бір ғана емес, бірнеше киіз үй тігіп отырды. Біреуі жатын бөлмесі болса, екіншісі жеке кабинеті, үшіншісінде қонақ күтсе, төртінішісі әйелі мен анасына, балаларына, үй қызметшілеріне, ас үйге арнап тұрғызылған киіз үйлері болатын [11, 117-б.].

Сұлтандар күнделікті өмірде Жәңгір ханға еліктеп киінді, бұлғын терісімен тігілген және күміспен көмкеріліп, барқыт матадан тігілген, төбесі үшкір бас киім киіп жүрген. Бұдан өзге тағы да теріден және ақ киізден тігілген қалпақ киді. Сондай-ақ үстеріне оқамен зерленген таулық шекпен де киген [12, 1-б.].

1846 жылы Ханның Ордасында болып қайтқан М.Я. Киттары, сол уақытта өзін Ақболат деген бай қазақтың, Неплюев кадет корпусына баласын оқуға жіберуіне байланысты ауылында үлкен той жасап, шақырғанын жазады. Бұл тойға келген қонақтардың арасында сұлтандар да болды. М.Я. Киттары тойға келген сұлтанның үстіндегі киімдерін былай деп сипаттайды: үстіне ұзын, ақ түсті жейде киген. Жейдесінің жеңі ұзын және кеңдеу келген. Жейденің сыртынан ұзындығы тізеге дейін жететін атластан тігілген жеңі қысқа бешпент киген. Бешпенттің үстінен жібек халат киді, бірақ көп ұзамай бұл халатты үстінен шешіп қойды дейді М.Я. Киттары. Басына тақияның орнына, құндыз терісімен ұстатылған және алтын, күміспен көмкеріліп, барқыт матадан тігілген төбесі үшкір бас киім киді. Ал, бұл бас киімнің сыртынан бұлғын терісімен ұстатылып, көк түсті барқыттан тігілген тағы бір бас киім киді дейді. Сонымен қатар М.Я. Киттары сұлтанның киімін сипаттай келе, оның ірі денелі адам болғанын айта кетеді [13, 33-б.].

Сұлтандар бастарына түлкі терісімен ұстатылып, бұқар матасынан, шұғадан және барқыттан тігілген тымақтар; алтынмен көмкеріліп, барқыттан тігілген тақия, айнала кәмшәт терісімен ұстатылған және алтынмен көмкеріліп, барқыттан тігілген төбесі үшкір тақия, кәмшәт терісінен ұстатылған және оқамен көмкеріліп, барқыттан тігілген төбесі үшкірлеу келген тақия, төмен жағы кәмшәт терісімен ұстатылған және алтынмен оқаланып, түлкі терісінен тігілген малақай, жаз айларында бастарына оқамен көмкеріліп, ешкінің түбітінен бастырылған қалпақтар киді [14, 6-б.].

Үстіне жағалары түлкі, қарсақ, қасқыр және жанат терісінен ұстатылып, бұқар матасынан және шұғадан тігілген тондар; бұқар жібегінен тігілген шапан; оқамен көмкеріліп, орыс барқытынан тігілген шекпен; иықтары погонға ұқсатылып тігіліп және қолдары мен кеуде жағы, қалталары пішіні жалпақ келген кавказдық күміс оқамен көмкерілген болатын. Басы металдан жасалған он алты ағаш патрондары және иығына металдан жасалған бауға тағылған пластиналары болды. Ішкі жағы таңқурай түсті жібекпен астарланып қою коңыр түсті шұғадан тігілген черкестік шапан; жағасы түлкі терісімен ұстатылып, бұқар матасынен тігілген тон; ешкінің иленген терісінен тігіліп, сырты бұқар матасымен қапталған жарғақ; бирен немесе масаты, ал пішіндері халатқа ұқсайтын бұқар матасынан тігілген киімдер киді, бұл киімдердің құны 300 рубль күміс ақша болатын және алтынмен зерленген матадан тігілген шапандар киді. Ал, аяқтарына барқыт матасынан және алтынмен кестеленген болгар бәтеңкесін; қызыл түсті юфты былғарыдан тігілген бәтеңкелер киді [14, 30-б.].

Деректерде Бөкей Ордасындағы қазақ сұлтандарының күнделікті өмірде тағатын киімдері мен әшкейлі заттарына қатысты да мәліметтер кездеседі. Бай сұлтандар әшекей бұйым ретінде қолдарына сақина тақты. Айта кететін болсақ, сұлтан Жаһаншах Шенғалиевтің: он төрт асыл таспен безендіріліп, «А» деп жазылған вензел жазуы бар сақинасы, қою қызыл түсті асыл таспен безендірілген сақинасы, үш ақық таспен безендіріліп, алтын жалатылған сақинасы, гауһар таспен безендірілген алтын сақинасы, сондай-ақ әкесі Шенғали Ормановтың атаулы мөрі болды және металды сақинасы мен ақық тастармен безендіріліп, ұсақ металдан жасалған таспихі болды деп көрсетіледі деректерде. Сонымен қатар бағалы асыл тастары: сегіз – қою қызыл түсті тас, бес- ақық тас, бір-зүбаржат, бір - маржан тас, алтын пластина, ұсақ ақық тастар, салмағы 3 золотник болатын орташа көлемді ақық тастар, салмағы 8 золотник болатын әртүрлі пішіндегі жиырма төрт тал сердоликтері болған [8, 84-б.].

Бөкей Ордасының сұлтандары қыздары үшін өте қымбат тұратын сәукелелер дайындады. Соның бірі пішіні жалпақ және жұқа келген алтын жалатылған күміспен көмкерілген – саукеле. Көптеген әртүрлі көлемдегі ақық тастар және маржан, інжу тағы да басқа тастармен безендірілген. Әр жеріне он алты тал орыстың империалы, он төрт тал голландық алтын ақша, әр жіптің ұзындығы екі тұтам болатын отыз екі інжу тізілген жіп және он алты маржан тас тізілген жіп, металға тізбектелген домалақ ақық тастар ілінген [8, 78-б.], жеті голландық алтын ақша, отыз екі маржан тізбектелген жіп және інжу түймелермен безендірілген – сәукеленің құны 400 рубль күміс ақша тұрды.

Келесі сәукеле кәмшәт терісімен ұстатылған және алтын жалатылған күміс, әртүрлі бағалы тастармен безендірілген, биіктігі жарты аршын болатын – сәукеле, құны 600 рубль күміс ақшаға бағаланды.

Алтын жалатылған күміс пен інжу тастармен көмкеріліп, төбесінен алтын және күміспен оқаланған жібек матамен жабылған – сәукеле; кәмшәт терісімен ұстатылып, ақ түсті жұқа киізден тігілген және сырты алқызыл түсті барқытпен қапталып, күміспен және інжу, ақық, марян тастармен безендірілген – сәукеле. Сәукеленің төбе жағы айнала алтын шашақтармен көмкерілген ақ түсті жібек матамен жабылған. Құны 1500 рубль күміс ақшаға бағаланды [14, 50-б.].

Әшекей бұйымдарының ішінде ақық тастар орнатылған пішіні зәкірге ұқсайтын әртүрлі көлемдегі екі тоғасы бар – екі маңдайша; үш түйме, ақық тас және гранат орнатылған үш түйреуіш; күміспен қапталып, әртүрлі тастармен безендірілген тұмарша; қарайтылған алтын жалатылған екі білезік; салмағы 56 золотник болатын алтын жалатылған білезік сынды әшекейлері болды деген деректер де келтіріледі [8, 79-б.].

Бөкей Ордасының ауқатты тұратын сұлтандар ат-әбзелдеріне қаражатын аямады. Ат әбзелдерінің арасында құны 100 рубль күміс ақшаны құрайтын, күміспен әрленіп, әртүрлі бағалы асыл тастармен безендірілген ер-тоқым жүгенімен; құны 120 рубль болатын, күміспен жабдықталып, әртүрлі тастармен безендірілген ер-тоқым және құны 140 күміс рубль тұратын қыз бала мінетін ер-тоқымдары да болды. Сондай-ақ, жан-жағы алтын және күміспен көмкеріліп, таңқурай түсті барқыттан тігілген ер-тоқымның астына салатын жаймалары да болды [14, 30-б.].

Бөкей Ордасы сұлтандары арасында діндар, мешіт салдырған сұлтандар да кездесті. Соның бірі, №13 старшинстваның қалмақ бөлігін басқаратын сұлтан Бажақ Қасымов болатын. 1878 жылы ол Ішкі Орданы басқаратын Уақытша кеңес төрағасынан Орданың қалмақ бөлігінде мешіт тұрғызуға рұқсат етуін сұрайды. Сұлтан бұл жерде 1200 адам саны барын айта келе, сол адамдардың құдайға құлшылық ету үшін мешіттің жоқтығынан көрші старшинстваға баратынын айтады [15, 1-б.]. Сол себепті өздерінің тұрғылықты жеріне мешіт салдыруын сұрап, рұқсат бергеннен кейін, сол жерде мешіт салады [15, 2-б.].

1879 жылы сұлтан Бажақ Қасымов Ішкі орданы басқаратын Уақытша кеңес арқылы, Орынбор шекаралық комиссиясынан шекаралық паспорт жасатып, 1880 жылы шариғат заңы бойынша Мекке мен Мединеге қажылыққа барып қайтады [16, 37-б.]. Төмендегі суретте арвивтен алынған оның шекаралық паспорты [16, 38, 40, 48, 43-пп.].




Каталог: edu.history -> media -> upload -> 2639 -> 2018
2018 -> КӨне түркі тайпалары тарихындағЫ Ұлы әмірші бөГҮ ҚАҒАНҒА Қатысты аңыздағы ескі діни нанымдар
2018 -> Махамбет Жасқұстағы текетірес пен Тастөбедегі ұрыс
2018 -> Түркия қазақтарының этномәдениетінің ерекшеліктері
2018 -> Тарих ғылымдарының докторы, профессор
2018 -> ТҮркістан комитетінің ҚҰрылуы мен қызметі (1917 жыл)
2018 -> ӘОЖ: 821. 512. 122-3 Тәуелсіздік дәрістерінің этикалық мәні
2018 -> «ҮЛФӘТ» газеті – бірінші орыс революциясы тұсындағы түркі халықтарының ҚОҒамдық-саяси өмірінің дерек көЗІ
2018 -> Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының 1 курс докторанты М. Т. Шоинжанова Тел: 8 705 787 61 47
2018 -> Ұлы даланың ауызша тарихы – Қазақ тарихының айнасы оқали Сұлтаншәріп
2018 -> «зар заман» кезеңіндегі ақындар шығармашылығындағы тарихилық аннтоция


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет