Инженерлі технологиялық институты



бет61/103
Дата27.04.2020
өлшемі1,97 Mb.
#64861
1   ...   57   58   59   60   61   62   63   64   ...   103
Байланысты:
Мелиорат. зем.на каз

1. Топырақ сортаңдануы деп, топырақтың ең белсенді тамырлар орналасатын қабатына суда еритін және өсімдіктерге зиянды тұздар жиналуын айтады.

Сортаңданған жерлерде егін түсімі 1,5-3 есеге дейін төмендейді, ал сортаңдану шамадан тыс болса, көптеген дақылдар мүлдем өспейді. Оларды жақсарту үшін ең алдымен сортаңдану себептерін және олардың түрлерін біліп алу керек.

Қазіргі уақытта жер жүзінде 950 млн.гектар жер сортаңданған, ал Қазақстан суармалы жерлерінің 48,1%-сортаңданбаған, 28,7% - аздап, 16,4% - орта, 6,8% - күшті сортаңданған деп бөледі.

1-кесте. Қазақстанда, облыстарда сортаңданған жерлердің аумағы



Облыстар

Сортаңданған топырақтар, мың.га

барлығы

нашар

орташа

күшті

өте күшті

Ақмола

2302,2

548,3

1288,5

393,3

72,1

Актөбе

5203,7

569,4

110,0

4470,0

54,3

Алматы

2700,2

829,7

542,0

987,9

340,9

Атырау

4282,5

699,4

492,1

2786,5

304,5

Шығыс Қазақстан

1801,3

337,4

194,9

1118,5

150,2

Жамбыл

1434,0

713,7

359,9

262,9

67,8

Батыс Қазақстан

5271,3

761,0

205,5

4191,5

113,3

Қарағанды

4459,7

896,3

1191,6

2165,8

206,0

Қызылорда

4905,0

1332,2

732,3

2517,8

323,0

Қостанай

9348,5

1316,3

2568,3

3946,4

90,7

Маңғыстау

7783,3

3647,9

2299,3

1755,3

81,2

Павлодар

5066,4

2553,3

233,9

1898,4

380,8

Солтүс. Қазақстан

1857,3

235,5

571,3

937,0

113,5

Оңтүстік Қазақстан

2169,5

588,9

773,9

448,3

358,4

Барлығы:

58584,9

15029,3

11563,5

27879,6

2656,7


Сортаңдану себептері. Топырақтың сортаңдануы екі түрлі жолмен жүреді. Біріншісі – табиғи жолмен, яғни құрамында әртүрлі тұздары мол тау жыныстарының ыдырауы нәтижесінде немесе желмен басқа жақтан ауып келу нәтижесінде болады. Мұны табиғи сортаңдану деп атайды. Екіншісі – тұздылығы өте жоғары (>3 г/л) топырақ асты (ыза) суларының жер бетіне жақын (<3 м) орналасып, топырақтың белсенді қабатын қанықтыруы нәтижесінде жүреді. Мұны екінші (қайта) сортаңдану деп атайды. Осы үрдісті, топырақ асты (ыза) сулары жақын орналасқан танаптарды көлдетіп, белгіленген нормадан артық сумен суару жеделдетеді. Суару барысында тамыр орналасқан қабат арқылы келіп қосылған, судың әрбір мм-не ыза суы деңгейі 3-4 мм-ге көтерілуі сәйкес келеді.


Топырақ сортаңдануы тұздылығы жоғары ыза суы деңгейінің белгілі бір шамаға келтірілген кезінде басталады. Мұндай деңгейді ыза суының қауіпті немесе сортаңдану туғызатын деңгейі деп атайды. Ол топырақтың механикалық және агрегаттық құрамына, ауа-райына, агротехникаға және суару тәсілі мен режиміне байланысты болады.

Орташа механикалық құрамда топырақ сортаңдануы ыза суы деңгейі 3 метрге жеткенде-ақ байқала бастайды.



Топырақ сортаңдануының зияны. Суармалы танап топырағында болатын судың тұздылығы сол судың бір литріне шаққанда 5 грамнан артпағаны жөн. Тұздың концентрациясы (мөлшері) осы шамадан асқан сайын, өсімдіктердің өсуі күрт нашарлай бастайды. Оның шамасы 10-12 г/л-ге жеткенде өсімдік өте қатты күйзеліске ұшырайды, ал 20-25 г/л болғанда, көптеген өсімдіктер солып (өліп) қалады. Тұз мөлшері құрғақ топырақ массасының 0,3-0,5%-іне жетісімен, өсімдікке зиянды болып, олардың түсімін кемітеді, ал 1%-тен асса, ол топырақ сортаңданған болып есептелінеді.

Кейбір тұздар құрамындағы Na, Cl және Mg элементтерінің топырақтағы мөлшері аз болған жағдайы өзінде, өсімдік клеткасына сумен бірге еніп, ондағы физиологиялық үрдістерді, яғни өсу және түсім пайда болуын күрт нашарлатады. Кейбір тұздар, мысалы, натрий топырақ құрылымын нашарлатып, оның өсімдікке зиянды деңгейге дейін тығыздалуына себеп болады.

Сонымен қатар топырақ құрамындағы қарашіріктің ыдырауына әкеліп соғады. Мұндай топырақтардың ауа және су өткізгіштіктері төмендеп, өсімдік тамырлары су сору мүмкіндігін нашарлатады, яғни сортаң топырақтардан өсімдік су тартып ала алмайды.

Сортаң топырақтарда кездесетін тұздар өсімдіктерге келтіретін зияндылығы бойынша төмендегідей ретпен орналастырылады: Na2 CO3, NaHCO3, МgСО3, Mg(HCO3)2, NaCl, Ng Cl2 Na2SO4



2. Жоғарыда суармалы жерлердің сортаңдануы негізінен тұздылығы жоғары ыза суы деңгейінің жер бетіне дейін немесе оған өте жақын (1-1,5 м) көтерілуі нәтижесінде болатынын айттық. Егер тұздылығы жоғары ыза суы табиғи жолмен, агротехникалық шаралармен төмендемесе, қосымша қаражат жұмсап кәріздеу (дренаждау), сор шаю, химиялық әдістер арқылы күресуге тура келеді.

Кәріз (дренаж) деп, жоғары көтерілген ыза суын төмендетіп, танап сыртына ағызып шығаруға арналған жүйені айтады. Оның құрамына дрен, коллектор және басқа қажетті гидроқұрылыстар мен қондырғылар кіреді. Кәріздің негізгі қызметі ыза суы деңгейін түсіру, ал көптеген кәріздерден шыққан суды жинақтап, белгілі орынға құятын терең арықты коллектор деп атайды. Кәріздер көлденең (танапта әрбір 150-500 м аралықта тартылады) және тік (терең құдық тәріздес) болатындықтан кәріз жүйелері көлденең және тік болып екіге бөлінеді.

Көлденең кәріз. Бұл кәріздің ашық және жабық деп аталатын екі түрі болады.

Ашық кәріз еңістігі аз, топырағының су сіңіргіштігі төмен болып келетін танаптарда қолданылады.

Ашық кәріз тереңдігі 1,5-2,5 м шамасында. Оларды еңістігі 0,001-0,003 шамасында болатын бағытта, араларына 200-500 м салып тартады (2-кесте).

2-кесте. Көршілес кәріздердің ара қашықтықтары



Топырақ

Ара қашықтықтары, м

Жеңіл

400-500

Орташа

250-350

Ауыр

150-250


Тік кәріз. Кәріздің бұл түрі топырақ астында су өткізгіштігі жоғары болып келетін құмдауыт және тастардан тұратын қалың қабаты бар жерлерде қолданылады.

Тік кәріз тік құдықтан, коллектордан және басқа қажетті құралдар мен гидроқұрылыстардан тұрады.



Тік кәріз – терең құдық тәріздес болады. Мұндай құдықтар диаметрі 30-70 см, ал тереңдігі 20-150 м. Құдық қабырғасы су өткізетін тесіктері бар құбырлармен қапталады. Топырақтан сорғыған су сол тесіктер арқылы скважина түбіне жиналады. Жиналған суды насос көмегімен сыртқа шығарып, коллекторлар арқылы арнайы су қоймасына жібереді. Осылайша ыза суы деңгейі төмендейді.

Ыза суы деңгейін төмендету мақсатында скважиналар негізгі еңістік бағытында әрбір 1,5-3 км сайын бұрғыланады, ал негізгі еңістікке көлденең бағыттағы арасы 0,5-1,5 км болуы шарт.

Бір скважина қамтитын танап ауданы 100-400 га шамасында. Әрбір скважинадағы аспалы насостың су шығыны 20-дан 40 л/с-ке дейін жетеді.

Тік дренаждар негізінен Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстанда (Мақтарал өңірі) қолданылады.



3. Қатты сортаңданған суармалы жерлерде топырақтың тамыр бойлаған қабатынан артық тұзды кетіру үшін сумен шаяды. Шайған кезде су топырақ қабатынан өтіп, тұздарды ерітеді де, оларды ыза суына өткізіп жібереді.

Бір метрлік қабатында 0,02-0,03% хлоры бар топырақтар шайылады. Ауыл шаруашылығы дақылдары себілетін топырақтың хлор иондары массасы 0,01 проценттен аспауы тиіс.

Топырақ ыза суы тереңде жатқанда, суармалы аумақтан табиғи ағып кетуі өте жақсы болған кезде дренажсыз шайылады. Ал табиғи түрде ағып кете алмайтын, жер бетінен 2-3 метрден бері жатқан минералды ыза суын шаю үшін дренаж қажет.

Топырақ әдетте, ыза суы тереңдеген кезде, яғни күз айларында шайылады. Оны шаяр алданда егістік тегістеліп, жыртылып, тырмалануы тиіс. Сонда жіберілген су біркелкі жақсы сіңеді. Сор шаю үшін егістік көлемі 0,25 гектарлық атыздарға бөлінеді. Топырақ әдетте екі кезеңмен шайылады.ß

Алғашқы кезеңде тамыр жататын қабат бір рет аз мөлшермен суарылып, топырақтағы тұздар ерітіндіге айналдырылады. Осы алғашқы кезеңнен 4-5 күннен соң егістік екінші рет шайылады. Сөйтіп топырақтағы тұздар одан әрі ериді де, шайылған топырақтан ыза суына өтеді. Содан соң ыза суына араласып, дренажды жүйеге түседі де, суармалы аумақтан тыс жерлерге жеткізіледі. Топырақты жазғұтұрым шаюдың қажеті жоқ. Өйткені ыза суы көтеріліп кетуі мүмкін. Ал күн жылып кетсе, булану күшейіп, тұз еруі нашарлайды. Шайып болған соң топырақ кепкен бойда дереу тырмалау керек. Сонда егістік аз буланады.

Жеңіл топырақты бір рет шаю нормасы 1500-1800 м3/га, орташа топырақтікі – 1900-2000, ал ауыр топырақтікі 2000-2500 м3/га. Жалпы шаю нормасын А.Н.Костяковтың мына формуласымен анықтауға болады:

Мшаю = 100·α·Н·[(βесс – β0) + ], м3/га

мұнда: Н- шайылатын топырақ қабаты тереңдігі; - топырақ көлемдік массы, г/см3; ßесс – топырақтың еркін су сыйымдылығы, массасы бойынша, %; ß0 - топырақтың шаяр алдындағы ылғалдылығы, массасы бойынша, %; S1 – шайғанга дейінгі тұз құрамы, массасы бойынша, %; S2 – шайғаннан соң қолайлы тұз құрамы, массасы бойынша, %; К – судан тұздың ығысу не шайылу коэффициенті. Ол топырақтың физикалық қасиетіне, ыза суы тереңдігіне тұз мөлшері мен сипатына тікелей байланысты келеді.



4. Топырақтың коллоидты бөлігіне натрий сіңген сортаң топырақты жерлер химиялық мелиорацияны қажет етеді. Сонда натрийді ығыстырып, оны кальциймен алмастырады. Ол үшін топыраққа ғаныш (гипс) енгізу керек. Сортаң топырақты жерлерді ғаныштау топырақта натрий мөлшері жалпы сіңірілген көлемінің 10 процентінен асса ғана жүргізіледі. Топырақты ғаныштағанда суда жақсы еритін және топырақты келесі шайғанда тез еріп кететін қышқылды натрий (Na2SO4) құралады. Натрийді кальциймен ығыстырып шығару реакциясын топырақты суға әбден шылқытып қойып жүргізген дұрыс.

Топырақ топырақ]Са++ + Na2SO4

Ғаныш енгізу үлесі, яғни мөлшері сіңген натрий құрамы бойынша анықталады. Олар іс жүзінде гектарына 3 тоннадан 14-20 тоннаға дейін өзгереді. Ғаныштың көп нормасын, яғни гектарына 15-20 тонна енгізгенде оны 000бөліп-бөліп, 2-3 жыл бойы енгізу керек.

Сортаң топырақты химияландыру мен шаю жұмыстарынан соң топырақтың физикалық қасиетін жақсарту және мәденилендіру мақсатымен терең етіп жыртады, органикалық тыңайтқыш енгізіліп, тамыр жүйесі қуатты дақылдар егіледі.

Сортаңданумен күрес көп жылға созылады. Сондықтан да оны жыл сайын жүргізіп отырған жөн. Егер ыза суы жай көтерілсе, топырақ сортаң тартады, ал тез көтерілсе, жер сортаң тартудан гөрі жылдамырақ батпақтанады.

Суландыру жүйесімен суландырылатын суармалы алқаптарда және кейбір шаруашылықтарда ыза суы жатқан тереңдікті үнемі бақылап отыру қажет. Сол бақылау негізінде ыза суының өзгеру динамикасы анықталады.

Ыза суының жатқан тереңдігін вегетациялық кезеңде 5 тәуліктен, ал вегетациялық емес кезеңде 10 тәуліктен кейін бақылап тұру керек.

5. Суармалы жерлер сортаңдануымен күресу және топырақ бетінің тақырланып қалуын болдырмау шараларының бірі – фитомелиорациялау.

Фитомелиорация деген сөздің мағынасы: фито – өсімдік, мелиорация – жақсарту. Сондықтан фитомелиорация дегеніміз өсімдік арқылы топырақты жақсарту, сол жер құнарлылығын арттырып, артық тұздардан арылту болып табылады.

Тақырланған топырақ бетін өсімдік өзінің тамырларымен ұстап, топырақтың жоғарғы қабатын жел, ал суармалы жерлерді су эрозиясына ұшыратпайды.

Жердің мелиоративтік жағдайын жақсарту үшін таңдап алынған өсімдіктер мына талаптарға сәйкес келуі тиіс:

- жыртылған топырақ қабатындағы тез еритін тұздарды өз бойына сіңіріп, топырақ құрамын жақсарту;

- тұзға төзімді болу;

- тамырлары топырақ құрамында кең және тереңге таралып, топырақ құнарлылығын арттыру.

Топырақ тұздылығына тұрақты өсімдіктерді сұрыптап алған кезде ол өсімдік өнімі кемігенмен, топырақ құрамындағы тұз ерітіндісі кемуіне себебін тигізуі өте пайдалы.

Топырақтың екніші рет сортаңдануына жол бермеу және сортаңданған жерлерді игеру үшін фитомелиоративті ауыспалы егісті ауыл шаруашылық өндірісіне енгізу қажет.

Фитомелиорация арқылы топырақ құнарлылығын арттыру және сортаңданған топырақ тұзын биологиялық әдіспен кеміту өте аз зерттелген. Мұндай зерттеулер Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінде авторлар қатысуымен жүргізіліп келеді.

Біздің зерттеу тәжірибеміздің нәтижесі бойынша фитомелиоранттар әсерімен, екінші рет сортаңданған жерлер құнарлылығының қайтадан қалпына келтірілгендігі дәлелденді. Фитомелиоранттар әсерінен топырақтағы азот түрлерінің, қара шіріктің артуы және өсімдіктің құрғақ биомассасы артуы арқасында топырақтағы тұздың кемуі байқалады.

Қазіргі уақытта, жақсы фитомелиоранттарға түйе жоңышқа, мақсары, қант қызылша дақылдары жататыны анықталды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   57   58   59   60   61   62   63   64   ...   103




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет