Исаев оқулары (ғылыми мақалалар жинағы) Алматы, 2016 ббк пікір жазғандар



бет23/28
Дата09.04.2018
өлшемі5,26 Mb.
#40093
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Момынова Б. Қазақ әдеби тілінің тарихы:оқулық. – Алматы:Қазақ университеті, 2011. – 283б.

  2. Балакаев М. Қазақ әдеби тілі – Казахский литературный язык. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. -472 с.

  3. Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы (ХҮ-ХІХ ғасырлар): Көптомдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Ел-шежіре», 2014.

  4. «Профессор Ә.Құрышжанұлы және түркі дүниесі: Тіл. Тарих. Руханият» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясының материалдары: - Алматы: «Қыздар университеті» баспасы, 2015. – 402 б.

  5. Исаев С. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2014. – 640 б.

  6. Келімбетов Н. Көркемдік дәстүр жалғастығы (Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиеті бастаулары). Зерттеу. Астана «Елорда», 2000 ж. 288 бет.


С.Аққұлұлы, Ж.Смағұлов зерттеулеріндегі әлихантану мәселелері

ҚарМУ магистранты Қ.Бажикеев

Ғылыми жетекші: ф.ғ.д., профессор Ж.Смағұлов

Тәуелсіздік жылдарында ұлттық әдебиеттану ғылымында әлихантану мәселелері М.Базарбаев, Р.Нұрғали, Т.Жұртбай, С.Аққұлұлы, Ж.Смағұлов зерттеулері арқылы жандана түсті.



Азаттыққа қолымыз жетіп, тәуелсіздік туының желбірегеніне ширек ғасыр толған бүгінгі күнге дейін әлихантану ілімі толық кемеліне жетпегенімен, Алаш арысының ғибратты ғұмыры мен сан-салалы шығармашылығы, ол құрған Алаш партиясы, Алашорда үкіметі мен сол тұстағы тарихи жағдайлардың құпияға толы беттері күн өткен сайын ашылып, айқындалып, дәуір талабына сай бағалануда. Ширек ғасырға жуық өмірін ұлт лидерінің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге арнаған филология ғылымдарының докторы, професор Сұлтанхан Аққұлұлының еңбегі ерекше. Әлиханды ақтау туралы шешім қабылданысымен С.Аққұлұлы осы іске белсене кірісіп, жергілікті және Әлиханның табаны тиген Омбы, Самара, С. Петербор, Мәскеу қалаларының мұрағаттарынан Алаш зиялысы жайында құнды деректер мен ауқымды мәліметтер тапқан болатын. Осы ізденістердің нәтижесі ретінде алғашқылардың бірі болып 1995 жылы профессор М.Базарбаевтың жетекшілігімен Әлихан тақырыбында диссертациялық ғылыми еңбек жазды. Аталған еңбектің маңыздылығы сол, әдебиетттану ғылымында Алаш көсемінің өмірі мен қызметі, тарихи тұлғасы, сан түрлі ғылым саласындағы (соның ішінде әдебиеттану мен сын, көркем аударма) атқарған еңбектері алғаш рет танымдық тұрғыда жүйелі баяндалып, кең көлемде талданды. Ә.Бөкейханның туған жылы, студенттік жылдары мен «Омбы, Самара, Мәскеу кезеңдерін» мұрағат деректеріне сүйене отырып баяндайды. Сондай-ақ С.Аққұлұлы Европа ғалымдарының, зерттеу институттарының Орта Азия, ХХ ғасыр басындағы Қазақстан, Алаш үкіметі, оның ішінде Әлихан жайлы зерттеулері мен пікірлерін талдай отырып, Әлихан тұлғасын әлемдік деңгейде, кең маштабта қарастырады. Жалпы әлі күнге дейін халық Ә.Бөкейханды ұлт лидері, саяси көшбасшы ретінде баса таниды да, оның басқа да санқырлы дарыны мен еңбегі толық бағаланбай келе жатқаны жасырын емес. Зерттеуші С.Аққұлұлы бұл зерттеуінде осы мәселені баса назарда ұстап, Әлиханның ғылыми мұралары арқылы оның әмбебап тұлғасы мен елеулі істерін оң саралайды. «Ә.Н.Бөкейханды ХХ ғасыр басындағы азаттық қозғалыстың саяси көсемі, серкесі дегенімізде, әдетте біз оны тек саяси немесе қоғамдық процестер контекстінде ғана айтатынбыз. Бұл дұрыс емес. Өйткені, Ә.Н. Бөкейхан сол тұстағы әдеби қозғалысқа да елеулі атсалысып, оған да ғылыми, рухани жетекші болды» [1, 30]. Әлихан – әдебиеттанушы, Әлихан – фольклоршы, Әлихан – тұңғыш абайтанушы.Бұл Әлихан шығармашылығын толық танып-зерделегеннен туған автор пікірі. Әлиханның «Роман не нәрсе?», «Қобыланды батыр жырындағы әйелдер», «Ән, өлең һәм оның құралы» және бірқатар кітаптарға жазған сын мақалаларын талдай отырып, оның ұлттық әдебиеттану мен сын өнеріне, фольклортануға қосқан үлесі ескеріле отырып, оның шын мәніндегі кәсіби әдебиеттанушы бола білгендігін, өзі әдеби шығарма жазбаса да, сол тұстағы қазақтың ақын-жазушы, өнер иелеріне жол сілтеп, ағалық ақылын айтып, әдеби үрдістің қозғаушы күші болғандығы зерттеуде баса айтылады. Ә.Бөкейханның Абайтану атты іргелі ілімнің қазығын қағып, оны жалпақ жұртқа танытудағы еңбегі жөнінде «ХХ ғасыр басындағы ақын-жазушыларға үлгі-өнеге болсын деп, ұлттық әдебиеттің туы, ұраны болсын деп қайраткер-ғалым, кемеңгер-ақын – Абай мен оның шығармашылығын ұсынды. Ақынның өмірі мен шығармашылығын тұңғыш ғылыми тұрғыдан зерттеп, баспа бетіне бірінші болып жариялауы – осындай пікіріміздің бірден-бір дәлелі бола алады. Ғалым онымен шектеліп қоймай, ақынның шығармалары жинағын құрастырып, оны өзі қадағалап, С.Петербордан бастырып шығарды» деген пікір білдіреді [1, 33]. Ал Әлекеңнің публицисткалық қызметі жайында «...қазақтың тұңғыш жалпыұлттық басылымының, ең алдымен, дүниеге келуі, онан кейін жоғарыда ағылшын-француздар мен «Степняк» бергеніндей асқан «ғылыми сапаға жетуі» де Ә.Бөкейханның іс-әрекетіне тығыз да тікелей байланысты болатын. Өйткені, газеттің өне-бойы бас редактор болған А.Байтұрсынұлынан бастап, оның бірден-бір қызметкері бұрын-соңды не газет шығарған, не редакторлық еткен, тіпті журналистік немесе публицистік тәжірибесі болған жоқ-ты» дей отырып, ұлт көшбасшысының «Қазақ» газеті мен ұлттық баспасөзге сіңірген еңбегін, оның сан тараулы мәселелерді қамтыған мақалаларын талдап-екшей отырып, Әлиханды көсемсөз шебері, қазақ журналистикасының атасы ретінде ашып көрсетеді [1, 32]. Сонымен бірге көптеген көркем аудармалардың авторы болған Ә.Бөкейханның аудармашылық қыры мен оның негізігі мамандығы ормантану мен өлкетанудағы, білгір экономист ретіндегі жан-жақты талантына әдебиетші зерттеуінен тыс қалмаған. Тұтастай алғанда бұл зерттеуінде С.Аққұлұлы Ә.Бөкейханның сан-салалы шығармашылық тұлғасын таныта алғанымен, оның әр сала бойынша атқарған қызметінің әрқайсы жеке-дара зерттеуді қажет етері сөзсіз. С.Аққұлұлы жылдар бойында, бүгінгі күнге шейін жоғарыдағы зеттеуін әлихантанудың өрісін кеңейткен, тың, соны деректен тұратын бірқатар мақалалары арқылы толықтырды. Ал 2009-2013 жылдары аралығында С. Аққұлұлының құрастыруымен және алғысөзімен Алаш көсемінің 9 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Бұл Алаш Арысының 40 жылға уақыт шығармашылық жолында жазып қалдырған, баспа бетін көрген күллі ғылыми мұрасының тұңғыш рет біртұтас, жүйеленіп жариялануы болатын. Ғалымның кейіннен табылған шығармалары мен эпистолярлық жазбалары, жаңадан табылған фотосуреттер мен архив деректері де жинақта енгізілген. Қөптомдықтықта Ә.Бөкейхан мұраларымен қатар С.Аққұлұлының жоғарыда аталған зерттеуінің жалғасы іспетті бірқатар зерттеу мақалалары қамтылған. Аталған мақалаларда Әлихан өмірінің қыр-сыры, беймәлім құпиялары мен әлихантануда толық шешіммін таппаған бірқатар мәселелер көтерілген. Атап айтқанда әдебиетші Әлиханның өз мақалаларында қолданған бүркеніш есімдеріне қатысты дәлелді пікірлерін алға тартады. Алаш арысның бұрыннан белгілі бүркеніш есімдерінен бөлек жаңа бүркеніш есімдерімен жазылған мақалаларын анықтап, басқа да Алаш қайраткерлеріне қоса телініп жүрген мақалалардың шын иесі Әлихан екенін деректі құжаттармен дәлелдейді. Ә.Бөкейханның өмірінің «жұмбағы көп» Мәскеу кезеңі турасында, Әлихан мен И.Сталин қарым-қатынасы жайында, жалпы 1922-1937 жылдардағы Ә.Бөкейханның іс-әрекеті,тыныс-тіршілігі жөнінде де біршама тың мағұлматтар берілген. Оны зерттеуші архив деректері мен Әлиханның хаттары сынды маңызды құжаттар негізінде баяндайды. Сонымен қатар, жалпы ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалыс, сол кезеңдегі саяси-мәдени өзгерістер, Алаш идеясы мен Әлихан бастаған ұлт қайраткерлерінің ісін, тарих ғылымымен тұтастықта жан-жақты талдап-талқылаған зерттеу мақаласына да көптомдықта орын берілген. Мақалада Т.Раковса-Хармстоун, М.Олкотт, А.Беннигсен, Д.Джеффри, Дж.Бэйкер сынды ағылшын, француз ғалымдарының Ә.Бөкейхан мен ХХ ғасыр басындағы саяси қозғалыстар жайындағы ой-пікірлері де орынды келтірілген.

Қазақ әдебиетіндегі ұлтық әдебиеттану ғылымының тарихын, оның туу, қалыптасу дәуірлерін ғылыми тұрғыда алғаш зерттеуші профессор Ж.Смағұлов еңбектерінде де Ә.Бөкейхан есімі ерекше аталады. Әлихан есімі ұлттық әдебиет туралы ғылымның туу кезеңімен тарихи бірлікте сараланып, оның ғасыр басындағы ұлттық әдеби-тарихи, ғылыми-зертеушілік, әдеби-теориялық ой-пікірдің ізашары, отандық абайтану ілімінің негізін салушы екенін ғылыми тұрғыда негіздеп, баға береді. Сонымен қатар фольклортану мен әдеби мұраны игерудегі ғалымның жаңашыл ізденістерін әдебиетану ғылымының контекстінде талдап-тарқатады. Жалпы бүгінгі қазақ қоғамы Ә.Бөкейханды ұлт лидері, ғасыр басындағы қазақтың саяси көшбасшысы, ғалым ретінде жақсы танып-білгеніменен, әдебиеттанушы, сыншы, фольклортанушы Әлихан мен оның әдебиет тарихындағы орны кейінгі кезге дейін толық нақтыланып, жеткілікті дәрежеде бағаланбай келгені жасырын емес. Осы олқылықты толтыруда, ғасыр басындағы қазақ әдебиеті мен әдебиеттануында Ә.Бөкейхан есімінің ойып орын алатынын Ж.Смағұлов өзінің мақала-зерттеулерінде толық дәлелдеп, көресете білді. Әлиханның «Қобыланды жырындағы әйелдер» атты 1899 жылы орыс тілінде жазылған зерттеу мақаласын «Бұл - ұлттық әдебиет туралы ғылымның арғы бастауларынан бері келе жатқан ғылыми ізденістер жолында нақты бір көркем шығарманы ғылыми-зерттеушілік, әдеби-теориялық тұрғыда тұтастай алып талдаған алғашқы еңбек» деп бағалай келе, аталған мақаланың ғылыми мәні мен көтерген мәселелерін талдап, пайымдай отырып, төмендегідей тың тұжырымдарды ұсынады: «1. Ә.Бөкейхан өз мақаласы арқылы көркем шығарманы құрылысы мен сюжеттік желісіне қарай талдаудың алғашқы үлгісін салды. 2. Көркем шығарманы образына орай талдауға тұңғыш қадам жасалды; ұлттық ғылыми-зерттеушілік ой-пікірге шығарма кейіпкері деген ұғым енгізді; Қобыланды бейнесі арқылы тарихи, Көктен кемпір, Құртқа образдары арқылы мифтік кейіпкер деген түсініктің орын алуына бастама салды. 3. Әдеби шығарманың тарихқа қарым-қатынасы мен шыққан кезеңін анықтауда жаңа бағытты, яғни көркем шығарманың өзі арқылы, ондағы образдардың жасалуындағы көзқарас арқылы зерттеуді бірінші боп қолданды. 4. Ұлттық әдебиеттанудағы зерттеушілік ой-пікірде айтылып келген әдеби мұраның халықтығы проблемасын белгілі бір шығарманы талдау арқылы ғылыми негіздеді. 5. Образ жасаудағы автор шеберлігі деген мәселені тұңғыш рет сөз етті [2, 45-46]. Осы тұжырымдар негізінде Әлиханның әдеби мұраны игерудегі ұлттық ғылыми-зерттеушілік ой-пікірге қосқан үлесі мен қосқан жаңалығын мақаланың өзінен нақты мысалдар келтіре отырып баяндайды, сол кезеңдегі әдебиеттану ғылымының деңгейімен салыстыра зерделейді. Осы мақала арқылы ұлттық фольклор туралы ғылым туу дәуіріне қарай нақты қадам жасады деген қортындыға келеді.

Ал «Әлихан мен Абай» атты зерттеу мақаласында Ж.Смағұлов ұлы ақын мен Алаш көсемінің арасындағы байланыс, ХХ ғасыр басындағы абайтану ғылымы және оған Ә.Бөкейханның қатысы деген мәселелер төңірегінде тұщымды ойлары мен өткір пікірлерін ортаға салады. Әлі де Алаш арысының әдебиеттану мен абайтанудағы еңбегінің дұрыс бағаланбай отырғанын алға тартады. Осы ойын 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың қазақ халқының тұрмысы, мәдениеті мен тарихына арналған XVІІ томының IV және V тарауларының авторы ретінде әлі күнге Н.Сидельников есімінің аталып жүргендігін, дұрысында бұл тарауларды жазуда Бөкейхановтың ерекше атсалысқанын, кейбір бөлімдерін тікелей өзі жазғандығын ғылыми негіздегі дәлелдерімен сабақтайды. Осы тарауда қазақ әдебиеті тарихында алғаш рет Абай Құнайбайұлы мен оның шығармашылығы ғылыми тұрғыда бағаланып, талданған болатын.Ал Ж.Смағұлов осы көптомдықтағы тоғыз жолдан тұратын пікір мен Әлиханның 1905 жылы Абайдың қайтыс болуына орай жазған «Семипалатинский листок» газетіндегі «Абай Құнанбаев» (некролог) атты мақаласы бір адамның қолтаңбасы екендігін, осы мақала мәтіні негізінде бұл жолдардың авторы ақын Абай мен оның айналасын, шығармашылығы мен қазақ сахарасындағы орны мен беделін танып-білетін адам екендігі, ал А.Н.Сидельниковтың бұндай мәліметтермен өз бетінше таныс болуының, жазуының мүмкін еместігін нақты ғылыми тұжырымдар келтіре отырып дәлелдейді. Сонымен қатар «қысқасы 23 беттен тұратын бұл тараудағы халықтың орналасу тәртібі, этнографиясы, тұрмысы туралы жазған жерлерін А.Н.Седельниковке (оларға қатысты ғалымдар дауласып алып жатса Ә.Бөкейхановқа) қалдыру керек те, әдебиет, мәдениет туралысын Алаш көсемінің еншісіне қайтару қажет» деп батыл қортындыға келеді [3, 93]. Демек ұлы ақынның шығармашылығы мен әдебиеттегі орны оның көзі тірісінде ғылыми пікір мен бағаға ие болғанын, ол пікірдің иесі Әлихан екенін ұғынамыз.

Осы мақаласында әдебиеттанушы Ж.Смағұлов бүгінгі әдебиеттану ғылымы мен абайтану, әлихантану ілімдері үшін аса маңызды, әлі шешімін таппаған «Абай мен Әлихан бір-бірімен кездескен бе?» деген сұраққа жауап іздейді. Қазақтың қос алыбының таныстығы, жүздескендігі жөнінде тек нақтыланбаған жорамал пікірлер ғана бар. Ал Ж.Смағұлов «Біздің ойымызша, Әлихан Абаймен көзі тірісінде кездескен және пікірлес болған. Оған үш түрлі дәлеліміз бар» деп нақты тарихи құжаттар мен сол кезеңдегі орын алған оқиғалар арқылы өз пікірінің дәлдігі мен шындыққа жақын екендігіне көзімізді жеткізеді [3, 94]. Әдебиетші көрсеткен үш дәлелге нақтырақ тоқталсақ, бірінші дәлел Орыстың императорлық география қоғамының Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің ашылуы, оның мүшелері болып Әлиханмен бірге Г.Потанин, П.П.Семенов-Тянь-Шанский, Е.П.Михаэлис және А.Құнанбаевтардың тағайындалуы. Яғни автор ойы осы география қоғамының жұмыс барысы негізінде екі тұлғаның бірде-бір рет кездесіп, пікір алыспауы мүмкін емес дегенге саяды. Екінші дерек ретінде Науан хазірет пен Ш. Қосшығұловтың патшалық империяның отарлық саясатына қарсы елдің бас көтерер игі жақсыларына, соның ішінде Абайға да прокламация хат жібергендігі, кейіннен аталған тұлғалардың осы хат үшін жауапқа тартылып, үйлерінің тінтілгені, осы жайлардың кейіннен Әлиханның «Киргизы (Қазақтар)» атты мақаласында сөз болуын айта келе автор мақала мәтіні мен жоғарыда орын алған оқиғаларды, сол кезеңде Әлиханның қайда, не тірлікпен айналысқанын тексере,зерттей келе бұл прокалмациямен Әлихан Абай ауылында танысқан деген тоқтамға келеді. Ал бірнеше жыл Әлиханның Шербина экспедициясы аясында Омбы, Семей, Қарқаралы уездерін, қаншама ауылдарды аралап,зерттегенін, сол тұста күллі қазаққа болмаса да, жалпақ Сарыарқаға аты жайылған Абай ауылына ат басын бұрғандығы анық деп үшінші дәлел келтіреді. Бұл мақала мен ондағы деректер мен дәйектер қазіргі әдебиеттану ғылымында әдебиетші-зерттеуші ғалымдар тарапынан қолдау тауып не болмаса толық талданып-сараланбағанымен, «Қысқасы Абай мен Әлихан секілді ұлы тұлғалар ғұмырнамасында ашылмаған ақтаңдақтар толып жатыр» деп әдебиеттанушының өзі айтқанындай, сол ақтаңдақтарды ашуда жасалған зор ғылыми қадам деп түсінуге болады [3, 95].

Ә.Бөкейханның ғибратты ғұмыры мен оның мол ғылыми мұрасы әлі де талай зерттеулердің өзегі болары анық. Десе де әлі күнге шейін Алаш көсемі жайында жекелей зерттеу еңбегінің жазылмауы көңілді қынжылтады. Бұл ұлттық әлебиеттану мен тарих туралы ғылымның алдында тұрған үлкен міндет. Биыл Әлиханның туғанына 150 жыл екенін ескерсек, осы мерейтой қарсаңында әлихантанудың біраз мәселелері өз шешімін табады деп сенеміз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Аққұлұлы С. Ә. Бөкейхан: өмірі мен қызметі //Жұлдыз. – 1996. - №3. – 3-75

2. Смағұлов Ж. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеттану ғылымы. –Қарағанды, 2012. – 446 б.

3. Смағұлов Ж. «Абай және Әлихан» Қазіргі таңдағы қазақ тіл білімі мен әдебиеттануының өзекті мәселелері. Ғылыми мақалалар жинағы. – Қарағанды, 2002. – 360 б.

4. Бөкейхан Ә. Шығармаларының толық жинағы. – Астана: Сарыарқа, 2009. – 423 б.


«Гүлстан би-т-түрки» дастанындағы ел басқарған билеушілер бейнесі

Абай атындағы ҚазҰПУ

ІІ курс магистранты Сүлеймен Дана

Ел билеген тұлғалардың атқарған іс-әрекеттері, әділдігі, бейнесі қай дәуірдің шығармасы болмасын сөз етіледі. Ел тұтқалары туралы «Гүлстан» дастанында да айтылады. «Гүлстан – парсы және түркі әдебиетіне ортақ мұра. Себебі бұл кітапты алғаш ХІІ ғасырдың аяғы, ХІІІ ғасырдың басында парсы ақыны Сағди жазса, ХІV ғасырдың аяғында(1391 жылы) Алтын Орданың Сарай қаласынан шыққан ақын Сәйф Сарайи түркі тіліне аударған. Көп жерлерін өзінше өңдеген» [1, 169 б.].

«Гүлстан би-т-түрки» дастаны сегіз баптан(тараудан) тұрады. Бірінші бабы «Патшалар туралы» деп аталады. 42 хикаят қамтылған. Әр хикаятта әртүрлі оқиға баяндалып отырады. Патшалардың бейнесін көркем сөздермен суреттейді. «Сөзді көркем түрінде айтқанда, күш көбінесе қиял мен қиыс(түйіс) жағына салынып, сүгіреті толық, меңзеуі мерген, қисыны қызық болып, сөз әсерінің күшімен көңілге ұнауы көбірек көзделеді» [2 , 87 б.]. Мысалы баптың бесінші хикаятының мәтініне назар аударайық:

«Шейх Сағди айтады: Бір сұлтанның сарайы алдында бір уәзірдің ұлын көрдім. Өте сұлу еді.

Ол бойы сұңғақ, жамалы толған ай,

Ғылым мен білімде кемел, көрікке бай.



Қастары арбаушы, көзі бәле,

Кімде-кім жүзін көрсе, қалар азапта.

Оның достары оны көре алмай, жала жауып, сұлтанның алдында қанына куәлік берді.

Өйткені (шын) досың сені сүйіп, үнемі көздер,

Дұшпаның іші жанып, не болса (соны) сөйлер.

Сұлтан ол баладан: «Бұлар неліктен сенімен жауласып жүр?» - деп сұрады. Ол: «Сұлтанның жасы ұзақ болсын! Баршаны риза еттім, тек күншілді риза ете алмадым», - деді.

Ақылды ер қалдырмас кісі көңілін,

Қызғаныш пен күншілдіктен туар реніш.

Күншіл ренішіне жоқ өлімнен өзге дауа,

Құтылуды іздер болсаң, өл дағы тез құтыл.» [3 , 16 б.].

Шағын көлемді хикаят болғанымен мазмұны терең, көркемдік тұрғысынан да бейнелі сөздерге бай. Екі адамның сұхбаты арқылы күншілдік, көреалмаушылық сынды қасиеттердің өмірде бар екенін әрі жаман қасиет екенін шебер жеткізе білген. Ел басқарып отырған сұлтанның әділдігін де көрсетуге тырысқан. Оны сұлтанның баладан неге өзгелердің онымен жауласуын сұрап, істің ақ-қарасына үңілуінен аңғарамыз. Уәзірдің ұлын суреттегенде ақын эпитет, метафора тәсілін пайдаланған. Баланың сұлулығын, сымбатын әсірелеп суреттейді де, «бойы сұңғақ», «жамалы толған ай», «қастары арбаушы», «көзі бәле» деп арбаушы, бәле деп баурап алатын қасиетіне байланысты ұқсатады. Бала бойындағы ізеттілік сұлтанды құрметтеуінен, оған жақсы лебіз білдіріп сөзін бастауынан көрінеді.

Дастанның бірінші бабында әртүрлі мінезді патшаларды, ел басқарған билеушілерді, сұлтандарды мысалға келтірген.Әділ билеушілерден бөлек зұлым, халқына опасыз билеушілердің бар екенін айтады. Алтыншы хикаятта былай баяндайды:

«Бір сұлтан қол астындағы халықтың байлығына зұлым қолын созып, жәбір көрсете бастады. Зұлымның қыспағына шыдамаған халықтың біразы шет жаққа қашып кетіп еді, мемлекет айбынынан айырылып, құлдырай бастады. Қазына азайды дағы, дұшпан жеңіске жетті.

Зұлымдық қылса патша халыққа,

Сөзсіз мемлекет жойылар.

Дұшпанға қайырымдылық көрсетер болсаң,

Достық шартын ол тамам қылар.

Бір күні сұлтанның мәжілісінде «Шахнама» кітабын оқыды. Заххақ патшалығының құлап, Фаридунның мемлекетті басып алғаны туралы айтылған жерге жетті.

Сұлтан уәзірден: «Фаридунның байлығы да, әскері де соншалықты көп емес еді. Ол қандай жолмен жеңді?» - деп сұрады. Уәзір: «Халық оны (өздері) тілеп келіп, қолдады. Ол да (оларға) қайырымдылық көрсетіп, матша болды», - деді.

Хош көр бұл халықты пайдасы орасан,

Қай жерде сұлтан бар, осыларменен сұлтан.

Сұлтан уәзірге: «Халықтың келу себебі не?» - деп тағы бір сұрақ қойды. «Сұлтан қайырымды, әділ және жайлы болу керек. Сонда мемлекет те күшейеді. Оған халық та келіп, қарар табады», - деді уәзір.


Халыққа зұлым қолын созса, сұлтан болар ма, болмас,

Қойларға қасқыр шопан болар ма, болмас.

Уәзірдің насихаты сұлтанға хош келмеді (ұнамады). Зынданға тастауды бұйырды. Арада бірнеше күн өткенде сұлтанның туыстары, ұлы келіп, әкесінен қалған мүліктен бұларға да үлес беруін талап етті. Одан қысым көрген халықтың баршасы бұлардың қасына келіп, қолдау білдірді.

Қысқасы, патшалық залымның қолынан алынып, бұларға көшті.

Ол патша кім дәйім елге және ұлысқа күш көрсетер,

Ең ақырында, патшалығын қолынан бір күшті дұшпан алар.

Халқыңмен тату бол, дұшпаннан алаңсыз боларсың —

Сонда халық екенін білерсің шахтың әділ әскері.» [3 , 17 б.].

Хикаятта зұлым патшадан көрген зәбірге шыдаған халық сабырын, уәзірдің тапқырлығы мен патшаға адалдығын оқырманға жеткізбекші болғандығын сезінеміз. Халыққа қайырымды патшаның әрдайым халықтан қолдау көретінін жеткізеді. Әрі Фирдоусидың атақты дастаны «Шахнаманы» беру арқылы Сағдидың патшалардың өзіне дейінгілерден үлгі алатынын көрсетпек болған ойын Сәйф ақын әсірелей түскен.

«Образ – эстетикалық мәні бар, ойдан шығару арқылы әрі нақты, әрі жинақты жасалған адам өмірінің әсем суреті» [4 , 60 б.]. Өмірдің әсем суретін әртүрлі тақырыптарға қалам тарту арқылы жеткізбек болған Сәйфтың кейіпкерлерінің бейнесінен аңғарамыз. Дастандағы ел билеушілердің образы тұтас бір «ел басқарушының» жиынтық образы іспеттес. Халықтың патша қандай болмасын бағыну керектігін меңзейді. Мысалы, осы баптың отызыншы хикаятында Алла Тағаладан қорыққан тақуа дәруіш пен патшадан қорыққан уәзірді қатар алып суреттейді.

«Бір уәзір Зуннун Мысыри қасына келіп, дұға тілеп айтты: «Күндіз-түні сұлтан қызметімен шұғылданамын. Игілігінен үміт күтемін де, ашуынан қорқамын», - деді.

Бұл сөзді Зуннун Мысыри тыңдап, оған жылап айтты: «Сен сұлтаннан қалай қорықсаң, мен Тәңіріден солай қорықсам, оның сенімді достарының бірінен саналар едім», - деді.

Қайсыбір қанағатшыл дәруіш тақуалықпен өмір сүрсе,

Тапса ғажап емес, Алла тағалаға ол тура жол.

Қорықса уәзір Хақтан, қорыққан сияқты патшадан,

Тауып ұлы мәртебе, болғай періште сипат ол.» [3 , 17 б.].

Қандай іс атқарсада адамның қанағатшыл болғаны іске береке әкеледі деп, басшыға бойынсұну иманнан екенін де түсіндіреді. Әуелі, Аллаға, содан кейін патшаға бойынсұну керектігін айтпақ болған.

Қорыта келгенде, дастанда ақын ел басқарған адам ержүрек, батыл, білімді, мәдениетті, салмақты, иманды, әділ болу керектігін айтып, бұл тек патша бойынан ғана емес барша адамбаласында болуы қажет қасиеттер деп ой тастайды.



Пайдаланған әдебиеттер

1.Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. Оқулық. –Алматы: «Санат», 2006. – 904 б.

2.Байтұрсынов А.Әдебиет танытқыш. Зерттеу мен өлеңдер. Алматы: «Атамұра»,2003. – 280 б.

3.Әдеби жәдігерлер [Text] : 20 томдық. - Алматы: «Таймас», 2010 - Т.9 : Сәйф Сарайи.Гүлстан би-т-түрки / құраст. Ә. Керімұлы. - 480 б.

4.Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: «Санат», 2007. – 360 б.

Қараменденің шешендік өнері

ҚарМУ, филология факультетінің магистранты Г.Сұраубай

Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.д., профессор М.І.Әбдуов.

Қазақ-жоңғар шапқыншылығы туралы әңгіме қозғалғанда ойға оралатын кезең –XVIII ғасыр. Жойқын шабуылдар да, ел басына түскен ең ауыр кезең де, сонымен қатар жоңғар мемлекетінің күйреуі де осы ғасырмен тікелей байланысты. Ал, негізінде қалмақтармен, ойраттармен шайқас үш ғасырға жуық, өте ұзаққа созылған. Нақтырақ айтқанда, қазақ хандығы құрылғаннан бастап-ақ қақтығыстар пайда бола бастады. Алғашқы қақтығыстар айрықша назарға іліге қойған жоқ. Себебі мауранахрмен болған ірі соғыстар ұсақ шабуылды тыс қалдырды және шағын әскермен тез арада тойтарыс беріп отырды.

Міне, осындай айрықша мән бермеудің нәтижесі бірте-бірте көңіл аударарлықтай шайқастарға ұласа бастады. 1635 жылы жоңғар мемлекеті пайда болды. Зерттеуші Ж.Артықбаев өзінің еңбегінде: «С 30-х годов 17 века международная ситуация во внутренней Азии изменилась. На восточной границе появляется сильный противник, нацеленный на завоевание и подчинение городов и кочевых казахов. Это были джунгары «левая рука» - в переводе с монгольского языка, само название «Ойрат». Они представляли союза четырех сильных племен: чоросы – правящии род (ранее они были в составе Могулистана), Хошоуиты (хоит), дербеты и торгауты. В казахском эпосе они известны под названием калмак (кара калмак – восточные, куба калмак – западные, ак калмак – северные). Спородические столкновение казахов и калмаков в конце 17 века превратились в изнурительные войны» деп атап көрсетті. [1.48]

Орта Азия өңірінде пайда болған көшпенді елдің екі мемлекеті бірімен бірі бақталастықта дамып, өркендей бастады. Сөйтіп, жер дауы, жесір дауы, мал дауы, жан дауы пайда болды. Нәтижесі тарих сахнасына елдің тұлғалы азаматтарын алып шықты.

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Қаздауысты Қазыбек,

Шақшақұлы Жәнібек,

Әлтекеде Жидебай,

Қарашорда Сеңкібай, - деген термелі жолдар сол кезде таралды. Ел басына күн туған шақта екінің бірі жауынгер болды, үштің бірі жыршы болды, төрттің бірі шешен болды, бестің бірі көсем болды, білектісі батыр, жүректісі басшы, ақылдысы би болды. Бірақ, осындай тұғырлы тұлғалардың барлығы бірдей түбегейлі зерттеліп, бүгінгі ұрпаққа толық танылып болған жоқ. Тарихқа назар салсақ, әр кезеңнің өзіне тән ірі-ірі оқиғалары болғандығын көреміз. Солардың арасында жоңғармен шайқасқан XVII-XVIII ғасырлар әлі де болса кешенді зерттеулерді, келелі зерделеулерді қажет ететін дәуірге жатады. Екінің бірі сарбаз, жүздің бірі сардар болған заманда, еңбегі мен ерлігін паш етуге тұрарлық талай тұлғалардың болғандығы ақиқат. Солардың әрқайсысын мүмкіндігінше зерттеп жарыққа шығару бүгінгі таңдағы негізгі нысаналардың бірі десек, артық айтқандық емес.

Қазақ тарихы тұлғаға толы. Әрине, олардың барлығын іс-әрекетімен еңбегін сараптамай тұрып, бір деңгейде деп байлам жасауға болмайды және барлығы бір деңгейде болуы мүмкін емес. Әрқайсысының өзіне тән орны бар. Бірақ, олардың қай қайсысында болсын соңына өсиет етіп қалдырған мұрасында бүгінгі жастарға ғибрат алар құндылықтар баршылық. Олай болса, зерделеу жұмысын жүргізгенде осы мәселені де назардан тыс қалдырмаған абзал. Қазақ елінде әркім өз жоғын өзі жоқтап келгені, өзі әлі келмесе жанкүйер-бауырластары, болмаса руластары бірігіп қорғасқаны мағлұм. Міне, осындай жағдайда әр ауылға, әрбір руға айтыста сөзбен ағайынның мүддесін қорғайтын, қауымның әдет-ғұрпына жетік, ойға жүйрік, сөзге шебер адамдар керек болды. Осындай шешендерді халық «би» деп атаған. Халық сотының алдында билердің бірі талапкердің, екіншісі айыпкердің сөзін сөйлейді, ал үшіншісі – төбе би болып төрелік сөз айтады. Қазақ қауымында ертеден қалыптасқан ел ішіндегі дау-жанжалды мәмлемен шешіп реттеудің осы бір қарапайым халықтық тәсілі дәстүрлі шешендік өнердің дамуына әсер еткен.

Сондай тұлғалы билердің бірі Қараменде Қаракесек руының ішіндегі Қояныштаңай атасынан тарайды. Екінің бірі атқа қонған заманда шешеннің де, ақынның да, қуаты бар қарттың да, буыны бекіген баланың да жауға қарсы садақ атып, қылыш сермегенін жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, ел ішінде сақталып жеткен аңыздар сілемі Қараменденің от ауызды, орақ тілді сөз шебері болғандығын айғақтай түседі. [2.4]

Орта жүздің жасы жетпіске жуықтаған Жұлқар деген ақсақалы сауда-саттық жасап жүріп, Кіші Жүз жеріне келеді. Елдің тік мінезді алты жігіті шалдың дүниесіне қызығып, жөн сұраса келе, тонауға бекінеді. Мұны сезген ақсақал:


  • Уа, шақар мінезді шағырлар! Қурап жүрген шалды тонаймын деп, Айдабол Қаржасқа жем болып жүрмеңдер, - дейді.

Талас-тартыста бір жігіттің соққан сойылы қағыс тиіп, ақсақал жан тапсырады.

Хабар-ошарсыз кеткен Жұлқарды елі іздеуге шығады. Жан-жаққа ат шаптырып, тыңшылар жібереді. Әйтеке-Байтілестің елін аралап жүрген екі жігіт ауыл сыртындағы ойнап жүрген бір топ баланы көреді. Бірін-бірі қуалап жүрген балалардың арасындағы қашқан бала: «Қурап жүрген шалды тонаймын деп, Айдабол Қаржасқа жем болып жүрмеңдер», - деп айқайлапты. Бұны естіген жігіттер елге хабар беріп, Айдабол би бастаған жүз кісі құн даулап келеді.Алшынның биі:



  • Уа, құн аламын деп келген кісің неше жасқа келіп еді? – дейді.

  • Алпыстан асып еді, жетпіске қарай қадам басып еді, өзі қарияның дұрысы еді, басы алтын, аяғы күміс еді, - дейді Қаржас жағы.

  • Жасы алпыстан асса, жетпіске қадам басса, алпыс екі тамыры суалған екен, сақал-мұрты қуарған екен. Еліңнің сыйлы қарты болғанымен, құны толық емес жарты болған екен. Жазатайым іске жарты құнмен келісейік, - дейді Әйтеке-Байтілес жағы. Ол уақытта кісінің құны жүз жылқы, қос қара нар, қос қалы кілем, қалыңсыз қыз, алты қанат ақ боз үй, қарғыланған қара тазы, үш құл, үш күң екен. Осылардың жартысына бітім болып, даушылар елге келгенімен, Жұлқардың ет жақындары келіспей, Абылай ханға барып жүгінеді.

Мұны естіген Алшын жағы абыржып, ақылдасуға бас қосқанда он төрт жасар бір бала:

- Уа, ақ сақалды аталар, сіздерден бізге бата бар. Абылай ханға мен барайын, бәтуасын алайын, жүз ділдә ақша беріңіздер, алты жігіт беріңіздер, екеуі серігім болсын, екеуі қорғаушым болсын, екеуі атшым болсын, - депті. Сонымен ақсақалдар баланы бас етіп, алты жігітті Абылайға аттандырады. Ханордаға жақындаған кезде түстенген бір ауылдан бала Орта Жүздің биі Қаздауысты Қазыбектің келбетін сұрайды. Үйдің иесі Қазыбектің қабағы түксиген, кірпігі ұзын, бойшаң келген қара кісі, қазша қаңқылдап сөйлейді деп түсіндіреді.[3.88]

Осы кезде Абылайдың бір баласы қайтыс болып, хан қайғыдан келген кісілерге басын көтермей жатып алған екен. Екі елдің арасындағы дау-дамайдан хабар алған Бекболат шешен ханға келіп:


  • Уа, хан ием! Дос көтерер көңілді, мал көтерер өлімді, төгілген толмайды, өшкен жанбайды, кеткен келмейді. Бекем бу беліңді, ұмытпа соңыңнан ерген еліңді, көтер басыңды! – дейді. Хан басын көтере қоймайды. Бекболат тағы да:

  • Уа, хан ием! Құдай алғанын қайтып бермейді, өлген тіріліп келмейді, туып еді елің сүйінді, өліп еді жерің сүйінді, көтер басты! – депті.

  • Рас айтасың, Бекболат! – деп орнынан тұрған хан ордасына келіп

  • Бекболат, Бекболат десем күндейсіңдер. Осы Бекболаттай біреуің сөйлемейсіңдер. Мен қайғыдан өліп кетсем қайтесіңдер? Жаса етті, сапыр қымызды! – дейді. Осы сәтте рұқсат сұрап кіріп келген әлгі бала жағалай қол беріп амандасып, Қаздауысты Қазыбектің жанында сәл кейінірек отырған құн даулаушының тізесінің астына жүз ділданы тастап кетеді. Оны отырғандардың біразы байқап қалады. Бала болса хан алдына жүгініп, отыра қалып:

-Уа, хан ием! Сізге сәлем деді, Әйтеке-Байтілес еліңіз, мұны да байқап көріңіз. Құн даулап келген Қаржасыңыздың қазығы, ажалды болған, байқаусызда соққыдан тиген жазымы, бұл да Алланың жазуы, кімнің де бар жазығы? Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаздауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, бірің балға, бірің төс, бірің туыс, бірің дос, ақылыңа ақыл қос, бірің піш те, бірің кес! – депті. Хан Қазыбекке сөйле деп белгі береді. Қазыбек:

  • «Қой асығы демеңіз, қолыңа жақса сақа тұт» - деген, балам, бір дауға екі үкім жүрмейді, кесім де, ерік те өзіңде! – дейді.

Абылай хан:

  • Әлей! – деп жағалай отырған билерге сөз тастайды.

Қаракерей Қабанбай:

  • Сөзің өткір, ойың ұтқыр екен, көз тимесін, көз тисе көпке бармассың! – дейді.

Қанжығалы Бөгенбай:

  • Екі жақсы қас болмас, екі жаман дос болмас, аңдысқан ауыл болмас, есептескен ел болмас! – дейді.

Төле би:

  • Тура биде туған жоқ,, туғанды биде иман жоқ! – дейді.

Алтай Құнанқара би:

  • А, Құдайым!

Көрінбей келген қазадан сақта,

Жазықсыз келген жазадан сақта,

Жасырын келген парадан сақта,

Арамза туған баладан сақта! – депті.

Керей Тоқсан би:


  • Ойдан ой туады, сөзден сөз туады, алып анадан туады, ат биеден туады, опасыз қатыннан ел бүлдірер бала туады, - дейді.

Жандос би:

  • Жабағы тайдан жал кетсе, дәулетті байдан мал кетсе, ұлдан намыс, қыздан ар кетсе, ханнан әділдік, қарашадан қайырым кетсе, ел азады, жер тозады, - дейді.

Жидебай батыр:

Тобықты Қараменде би:

  • Біткен дауды некесіз туған ұл бұзар немесе жетесіз туған құл бұзар, кепкен сүйекті кері кеткен кеміреді, ондайлар тоқ болса да жоққа келіп еміледі, - депті.

Қаражігіт би:

  • Құты қашқанмен қоныстас болма, құтырғанмен жолдас болса, құдай бітпес даудан сақтасын, дінсіз жаудан сақтасын, тоқтамды Қаракесек қариясы Қараменде би айтсын, - дейді.

Қараменде би:

  • Дау шешімін тапса, ел ішіне бірлік кіреді, шешімін таппаса, дүйім жұртты дүрліктіреді, жас болса да топтан озса жүйрік болады, бақ қарап басына билік қонар, айтылған асыл сөз салмақты болар, келіскен асыл ер ардақты болар. Түйін сөз осылай болсын! – дейді.

Қазақ халқының тарихында ел есінде халқына сіңірген елеулі еңбегі мен есімдері сақталған бірнеше Қараменденің болғандығы мәлім. Ал, Қаракесек Қараменде кім?. Енді осыған көңіл аударып көрелік.

Қазақ-қалмақ шапқыншылығы заманында қазақтар мен жоңғарлар арасында кескілескен шайқас болып, күші жағынан басымдылық танытқан қазақ батырлары жеңіске жетеді. Үлкен олжамен оралған олар ханның алдына келеді. Тәртіп бойынша олжа тең бөлінуге тиісті. Бөлу барысында хан айқасқа алғаш рет кірген Өтеген деген батырды, үлесі келесі жеңістен болсын деп олжаға ортақтастырмапты. Өкпелеген жас батыр ағайын-туыстарын жиып, ханның қарамағынан кетемін деген кезде Қараменде барып, былай деп тоқтау айтады:

Жиырмадағы жас батыр,

Жау қашырған хас батыр.

Қайтпас, қайсар Өтеген

Құлақ сал менің сөзіме!

Бұра тартып не етерсің?

Арқаға сен де жетерсің.

Ағасы бар арымас,

Асып та қайда кетерсің?

Қайрат қылып дұшпанға

Жасақ жиып топтадың.

Атаның сөзі аманат,

Осы менің тоқтамым!

Райыңнан қайт!

Ханға бар да датыңды айт!

Бере алмаса маған серт!

Ала алмасаң саған серт!

Осыны естіген Өтеген батыр:

Оу, Қаракем-ай! Өзің де, сөзің де тұнып тұр ғой, барайын, бармасам болмас, - деп ханға барса, хан өз қазынасынан сый-сияпат беріп, мыңбасы етіп тағайындапты. [3.92]

Бұл, әрине, ауыздан-ауызға көшіп жеткен әңгіме. Бірақ, осы қанатты сөздің мазмұны мен тілінен біраз мәселені аңғаруға болады. Біріншіден, арнаудың бойынан жыраулар поэзиясының үні мен үлгісі аңғарылып тұр. Үнін ырғағы мен ұйқасынан сеземіз. Яғни, әр жолдағы буын саны – жеті. Ал, жырға тән алғы ерекшеліктердің бірі жолдың жеті, сегіз буынды болып келуі. Оған арғысы Ақтамбердінің, бергісі Бұқардың шығармалары куә. Ұйқасы – аралас. Атап айтқанда, кезекті, шалыс ұйқастар қолданылған. Ал, үлгісі тіркесетін байланыстарда, сөздік қорда жатыр. Мәселен, «Хас батыр», «Не естерсің?», «Маған серт», «Саған серт» тіркестері «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» жырларындағы қолданыстарды еске түсіреді. Жыр үлгісін танытатын аталмыш туындылардың XVII-XVIII ғасырда шығарылған шығармалар екендігі ақиқат. Сондай-ақ, жыраулар поэзиясының дәуірі де XV-XVIII ғасырлардың арасын қамтиды. Бұдан келіп туындайтын ой, Қараменденің өмір сүрген кезеңі бері деп алған күннің өзінде XVII ғасырдың екінші жартысы мен XVIII ғасырдың бірінші жартысына сәйкес болып келеді.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2018
2018 -> Комутова Айгуль Сериковна, кмм
2018 -> Комутова Айгуль Сериковна, кмм
2018 -> Сабақтың мақсаты: а/ Оқушылардың сөздік қорын молайту. Білім, білік дағдыларын қалыптастыру
2018 -> Сабақтың тақырыбы: Физика-табиғат туралы ғылым
2018 -> Сабақ мақсаты Тұздар гидролизін түсіну және тұздардың суда ерігенде қандай процестер жүретінін анықтау
2018 -> Сабақтың мақсаты: Білімділік: Көміртек және оның қосылыстары туралымәлімет алады
2018 -> 5В011700- Қазақ тілі мен әдебиет мамандығы бойынша 3-курс студенттердің элективті пәндер каталогы 2017-2018 оқу жылы
2018 -> Сабақтың тақырыбы Салынған циклдер. Мақсаты Қайталау операторлары туралы білімнің кеңеюі
2018 -> Сабақ тақырыбы: Теңдеулер жүйесін қолданып есептер шығару Мерзімі
2018 -> Даулетиярова Зауре Ермаханқызы А. Пушкин атындағы №41 көпсалалы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тараз қаласы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет