Жасампаздық қиырында



бет18/18
Дата20.06.2018
өлшемі406,43 Kb.
#43874
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18

КІШІ ӘЛЕМДЕГІ ЖАРЫЛЫС

Мұндай бола қалады деп ешкім ешқашан ойламаған еді. Бәрі де ойдағыдай өткен-ді. Алапат кемедегілер барлық істі өз мерзімінде ойдағыдай аяқтап, сығылу аймағынан қайта шыққан бетте көтеріңкі көңілмен Жерге қарай бет қойған. Үлкен ғаламшардың тұрғындарынан да, өзге ғаламшардың тұрғындарынан да бейнебайланыс құралдары арқылы келіп жетіп жатқан алғыс толассыз еді. Соған қарамастан ғалым-ғарышкерлер кіші әлемнің ендігі жағдайын минут сайын болмаса да, тәулік сайын бақылап-барлаумен болды. Өздерінің алғашқыдай емес, біршама өсіп қалғандары да қуаныш еді. Енді біршама өссе, алапат кеменің анау-мынау тетіктерін өз қолдарына ала алатын да түрлері бар. Мұнда енді ұлудай адам ғана өсу жағынан кейіндеп қалып барады. Қанша саналы болса да оның организмінің табиғаты мүлдем бөлек-ті. Ол жерлік ғалым-ғарышкерлермен бірге осыдан бұрын көздеген сапарына қайта аттанған. Әрі осы жұлдызаралық жолда ғалым-ғарышкерлерге жолдас, кеңесші болмақ-ты. Жерден келген ғалым-ғарышкерлер де оған үйреніп қалған. Онымен бірге жүргенді, жұлдызаралық сапарға бірге шыққанды жақсы көреді. Енді міне, сол армандары да жүзеге асып отыр.

Алапат кеме ішінде көңілді күй орнаған. Темір екеш темір адамдар да би билеп жөнелгендей. Олар ара арасында алапат кеменің барлық жүйелерін мұқият бақылайды. Ғалым-ғарышкерлерге не қажеттің бәрін де тез арада дайын етеді. Олардың көңіл-күйлері де ғарышкерлердің өз көңіл-күйлеріне сай өзгеріп отырады. Әзірге ғалым-ғарышкерлердің оларсыз күні жоқ. Сондықтан да темір адамдардың жайын да ойлайтын кездері болады. Дегенмен де, темір адамның аты - темір адам. Олар тамақты қажет етпейді. Ток болса жеткілікті. Егер олардың ми жүйелері ғалым-ғарышкерлердің ми жүйелерімен байланысты болмаса, онда олар өзіне алдын ала тапсырылған тапсырмаларды орындаумен шектелген болар еді. Ғалым-ғарышкерлер кіші әлемдегі ғалымдармен бірлесе отырып, темір адамдарды әздерінің ми биотоктарымен байланыстырған еді. Соның арқасында осындай жетістікке жеткен. Енді бар қиындық та кейінде қалған. Тәкен бастаған топ енді өздерін жақсы сезінеді де. Үстерінен үлкен жүк түскендей де. Азаматтық борыштарын толығымен өтеп Күн жүйесіне, ондағы Жерге, елге бет қоятын сәт те туған-ды.

Бірақ кіші әлемнен аса ұзай қоймай-ақ күтпеген бір құбьшыс болды. Ғалым-ғарышкерлер темір адамдардың күш-көмегі арқылы үлкен экраннан кіші әлемдегі жаңа аспан денесінің қозғалысын әрбір секунд сайын бақылап-барлап отырған. Егер анау-мынау жағдай бола қалса, оған қайта оралуға да мүмкіндіктері бар еді. Арада біршама уақыт өткенде экранда әлгі бір құбылыс белең алған. Үлкен ғаламшар төңірегіне жіберілген аспан Денесінің айналу жылдамдығы арта бастапты. Мұндай құбылыс әдетте, кейбір ғаламшарлардың серіктерінде болатын. Ондай құбылыстарды ғалым-ғарышкерлер Күн жүйесі ғаламшарларының тарихынан жақсы білетін. Сондықтан да оған алғашында онша мән берілмеген де еді.

Арада тағы бірнеше минуттар өткенде аспан денесінің айналым-жолынан сыртқа қарай ығыса бастағаны байқалды. Бұл бұрын-сонды байқалмаған құбылыс еді. Сондықтан да отырғандардың бәрі де елеңдескен. Тәкен әлі де болса экрандағы көрініске сенбей үңіліп отыр. Бұл құбылыс енді астрофизик Сәрсенбіні де толғандыра бастаған. Басында бәрі де дұп-дұрыс сияқты еді. Аспан денесі үлкен ғаламшардың нағыз табиғи серігіне айналған-ды. Енді оның ішке қарай жақындамай, керісінше сыртқа қарай тебуі түсініксіз. Fаламшар сығылу аймағында болғандықтан ол бірте-бірте ішке қарай ығысуға тиісті болатын, егер солай қажет болса.

Ол болжам ақталмады. Тәкен енді мұның сырын анықтауға кіріскен Сәрсенбіден жауап күткен. Ол аз ойланып, Ғалам заңдылығын есіне түсіріп көрді. Ғаламдағы тартылыс өрісі заңы бойынша да дэл мұндай құбылыс болуға тиісті емес еді.

— Менің пікірімше, бұл құбылыс сол жүйені ұстап тұрған орталық Жұлдыздан, бізге айтқанда, Күннен, — деді астрофизик ойлы жүзін Тәкенге бұрып, — оның ғаламат тартылыс күші аспан денесінің үлкен ғаламшарға табиғи серік болуына мүмкіндік бермеуде. Сондықтан да ол Күнге қарай бірте-бірте ығысып жылжып шығып барады. Мұның соңының немен аяқталары белгісіз

— Сонда қалай болғаны? Біздің осыншама маңдай теріміздің далаға, желге кеткені ме?

— Бірден олай деп тұжырым жасау да ерте, — деді Сәрсенбі Тәкенге бұрыла қарап, жеңіл күрсініп, — адам пенденің бүл өмірдегі барлық ісі сәтті басталып, сәтті аяқтала бермейді. Бұл өзі бір тынышсыз әлем екен. Өзіміздің Күн жүйеміз бар кеңістік әлемі қандай тыныш еді. Біркелкі кеңейіп те барады ол.

— Иә, бұл Ғалам да өзінше бір тұтас адам организмі сияқты. Оның шет-шетінде біз білмейтін небір құбылыстар өтіп жатыр ғой. Біздің бұл көргендеріміз Fаламдағы миллиардтаған құбылыстардың бірі ғана.

— Енді не істедік, Тәкен?-деді сол кезде геолог Азамат.

— Кейін қайтамыз!-деді Тәкен ойланбастан.

— Тағы да ма?! — деп оған философ Сейдолла елең етті.

— Өкінішке орай тағы да...

Кеме ішінде темір адамдардың сықырынан өзге дыбыс шықпады. Ғалым-ғарышкерлер әлі де кішкентай болғандықтан ықпалы шамалы еді. Ойлауын өздері ойлағандарымен, барлық істерді атқаратын темір адамдар. Сондықтан да көп нәрсе соларға тікелей байланысты. Дегенмен де Тәкен бір-ақ рет айтатын адам. Ол енді қарсы алдындағы экранды мұқият бақылауға алған. Ол шыныда да кіші ғаламшарға біржолата кірікпеген. Үлкен ғаламшардан бірте-бірте алыстап, бағытын да өзгерте берген. Ол бағыты, сол жүйенің орталық жұлдызы - Күні еді. Бар қатер де енді төне бастағандай. Ғалым-ғарышкерлер енді өздерін де ұмытып, дегбірсізденіп кеткен. Ұлудай адам да күтпеген жерден қиын іске тап болғанына қатты қиналып жүр. Реңінен рең жоқ. Әншейінде бұлайша уайым кешпейтін ол енді кіші әлемнің тағдыры үшін жанын пида етуге де дайын.

Ғалым-ғарышкерлер Жерге қарай жолдарының болмағанын анық сезді. Осы маңнан бір шыға алмай әлі айналшықтап жүр. Мұндай болады деп ешқашан да ойламаған еді. Қаншама ғарышкерлер ұзақ жұлдызаралық сапарлардан дін-аман оралып жататын. Өздері де аман. Бірақ мынандай жағдайдан кейін қайтамын деп ойлаудың өзі де қиын. Тәкен айтқан соң-ақ алапат кеме ұшып бара жатқан бағытын бірте-бірте өзгертіп, қайтадан кіші әлемге қарай жол тартты. Бәрі де басқару пульті жанында. Алдарындағы үлкен экраннан көз алмайды. Содан көрініп тұрған кіші әлем уақыт өткен сайын айқындала берген. Онымен қабаттасқандай кіші әлемге кіріктірілген аспан денесі де сыртқа қарай ығысу жылдамдығын арттыра түскен. Оның жылжу бағыты орталық Жұлдыз, ал ғалым-ғарышкерлердің сөзімен айтқанда - Күн еді.

- Үлгеруіміз керек!-деді Тәкен шамалы үнсіздіктен соң дауысы дірілдей шығып.

Осы сөзді оның ұқсасы - Темірбек те сол мезетте қайталаған. Басқа темір адамдар да сол сөзді айтып, тасыр да түсыр іске кірісіп кеткен. Бірақ қырсық шалайын десе, оп-оңай екен. Күтпеген жерден Темірбек Тәкеннің ойындағысын орындамай қалшиды да қалды. Оның артынша қалған темір адамдар да «көз жұмды». Нағыз қарбалас әрекет те содан кейін басталды. Адам пенде өзінің жағдайы жақсы болтан кезде ғана өзгенің жайын ойлайды. Осының алдында ғана ғалым-ғарышкерлерге темір адамдардың өмірлері ұзақ сияқтанып тұрған еді. Енді бәрі де «Жүрсе -көлік, жүрмесе-өлік» дегендей, тым-тырыс әрі қозғалыссыз қалған. Енді табан астында Жерге, елге деген сағыныштары су сепкендей басылып, кіші әлемге қайта барып көмек көрсетеміз деген құшыныстары бәсеңдеп, өздерінің де, темір адамдардың да жайын ойлап кеткен.

Енді кемені басқаратын темір адамдар жоқ. Жаңа ғана олар автомат жүйеге ауыстырған күрделі жүйелер ғана қалыпты жұмыс жасап тұр. Тәкен бастаған топ абыр-сабыр. Кіші әлемдегі бөтен аспан денесі өзінің ғаламшар төңірегіндегі айналымжолымен айнала қозғалуынан ауытқып, ондағы орталық Жұлдыздың тартылыс шырмауына түссе, мына алапат жұлдызаралық кеме де автоматты басқарудың шырмауында ағып ұшып кетіп бара жатты. Бірақ қанша дегенмен де кеме ішіндегі жағдайды түзеуге әлі де мүмкіндік бар еді. Тек темір адамдарды тоқпен қуаттау керек. Ол біршама уақыт алмақ. Ғалым-ғарышкерлер енді сол қуаттау әрекетіне кірісіп кеткен. Кеме ішіндегі ондай жүйелерді іске қосудың өзі де оңайға соққан жоқ. Үлкен кездерінде жіп-жіңішке көрінетін сымдардың өзін темір адамдардың денелеріне жеткізіп жалғаудың өзі де көп күшке түскен.

Уақыт өте берді. Кеме сол бағытымен кіші әлемге жақындап та қалған. Бір кезде жарқ еткен жарық бәрінің де көздерін алып қалды. Ол ешбір бақылау құралынсыз-ақ айнала-төңіректі жарықтандырып түр. Бұл кіші әлемдегі орталық Жұлдыздың тұтануы еді. Ол жарылыстың желінен жүйедегі ғаламшарлардың бәрі де шайқалып, орындарын ауыстырып жатты. Өз остерінен кері қарай айнала бастағандары да бар. Оны ғалым-ғарышкерлер кемедегі арнайы жақындатқыш құралдарды пультпен іске қосу арқылы бақылап-барлап отырды. Өздері кішкентай болғандарымен кемедегі күллі жүйелер үлкен-ді. Түрлі көлемді экрандар болып жатқан құбылыстарды алдарына жайған. Бәрі де аң-таң. Күллі бір әлемнің мынандай жағдайға ұшырағаны ғалым-ғарышкерлердің қай қайсысына да оңай соқпаған. Енді олар Жерден Де бұрын өз тағдырларының не болып кетерін ойлаған. Кіші әлемге ертерек ұшып жетіп, темір адамдардың көмегімен қандай да бір әрекет жасауға да болар ма еді. Бірақ, қырсыққанда, темір адамдардың бойларындағы ток таусылып қалып уақытында жете алмады оған. Бір қырсық шалайын десе, осылай болып кететіні бар емес пе, бұл өмірде. Енді амал не. Бәрі де кеш. Болар іс болды. Тәкен бастаған топ алапат кемемен кіші әлемге қарай жақындай түсті. Ендігі мақсаттары да осының алдында ғана көз алдарында болып өткен жұлдыз тұтанымының себебін анықтау еді.



ЖАЗЫЛҒАН ЖҰДЫРЫҚ

Табиғаттың таңғажайып құбылыстары көп-ақ. Ғалам шетсіз де шексіз болғандықтан оның құпия-жұмбақтары да мол. Бір жерінде жаңа жұлдыз пайда болып жатса, екінші бір аймағында жұлдыз сығылып, ергежейлі, нейтронды жұлызға айналып, ақыр соңында қара ойдым аймағына айналады. Жұлдыздардың тағдырлары да адам мен жануарлар тағдырларына ұқсас. Дүниеге келеді, өседі, өмір сүреді, қартаяды, қайтадан сөнеді. Бұл ғаламдық құбылыс ғалым адамға да, қарапайым адамға да жақсы түсінікті. Ал кеңістіктің, яғни жұлдыз жүйесінің сығылып, кіші әлемге айналуы ғажайып құбылыстың ғажайыбы. Ғалам көп құрылымды. Ғалам жеке жұлдыздардан, жұлдыз жүйелері мен шоғырлар, жұлызаралдардан тұрады. Жұлдызды әлемде сан-мың түрлі құбылыстар кездесіп жатады. Оның бәрін бір ғана адам өзінің қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында көріп үлгере алмайды.

Енді міне, сондай бір бейтаныс құбылыс осы бір кіші әлемде де болып өткен еді. Алғашында тып-тыныш тұрған жұлдызды жүйе бір заманда сығылып жөнелді. Адамзаттың ғасырлап, эралап жасаған күллі дүниелері бір сәтте жоқ болды. Табиғатта адам баласы көп нәрсені де өзінің дене-тұрқына, күш-қуатына сай жасайды. Киімді де өз дене-тұрқына қарай пішіп, тігіп киеді. Адамның тұратын үйі де, отыратын үстелі мен жататын төсегі, үйге кіріп-шығатын есігі де өзінің дене-тұрқына лайықталған. Адам табиғатқа қаншама өзгеріс жасадым деп, оны бағындырдым деп санаса да, одан асып ешқайда да кете алмайды. Өзінің дене-тұрқын қажет кездің өзінде де не ұлғайтып, не кішірейте алмайды. Оған құдіреті жетпейді. Киімнің өзін де уақытқа қарай, денесінің өсу мен толуына немесе керісінше арықтауына байланысты қайта өлшеп-пішіп, тігіп киеді. Осы қарапайым мысалдың өзі-ақ адам пенденің ұлы табиғатқа, жаратылысқа қаншалықты бағынышты екенін айқындай түседі.

Осы бір ғаламшардағы тіршілік те өзінше қайнап, өзінше дамып жатқан еді. Сырттан қарап тұрған адамның өзі де мұндағы саналы тіршілік иелерінің алдарынан тек жақсылықты ғана күтетіндерін бірден-ақ сезер еді. Күн сайын жасалып жатқан түрлі заттар, құрылыстар, жаңалықтар адам баласын тек ілгері ұмтылдырады. Адам пенде өзінің ғұмырының шектеулілігін біле тұра өмірдің қызық жақтарына ден қойған кезде сол уақытша ғұмырын ұмытып, ерекше жанданып, жігерленіп те кетеді. Тап сондай қайнаған ғажайып өмір осы ғаламшарда да бар еді. Күн өтті, айлар өтті, жылдар мен ғасырлар өтті. Бәрі де тып-тыныш жүріп жатты. Бірақ сол тамаша өмірде бірде кеңістіктің сығылуы басталды. Осы кезге дейін адамзат қолымен жасалған күллі жақсы нәрселердің бәрі де сол бір сәттен бастап қажетсіз болып қалды.

Содан кейін-ақ күні кеше ғана дамудың жоғары сатысына жеттік деген ел кенеттен құлдилап тереңге түсіп кеткендей бір күй кешті. Осыншама уақыт ішінде жасалған күллі дүние де өзгеріске ұшыраған. Енді дамудың бейнебір екінші айналымы басталғандай. Көліктер де, басқалар да төбе-төбе сияқтанып, қарайып-қарайып әр жер, әр жерде тұрып-тұрып қалған. Иелері болса да енді олар иесіз қалғанмен бірдей еді. Жұлдызды жүйе сығылғанда бәрі де кішірейген. Тек адам қолымен жасалған темір заттар ғана сол қалпында қалған. Өмір өтіп жатты. Бәрі кішірейгенмен әрекетсіз емес еді. Тірісінде қыбырлаған құмырсқа да тыныш жатпайды емес пе? Олар да мына жарық дүниені көреді. Жаз бойы, күз бойы илеуіне бір дәннен болса да тынымсыз тасып, қыс қамын жасайды. Бұл да тіршілік. Кіші әлемдегі ең саналы тіршілік иелері - адамдар да тап сондай қыбыр әрекетіне көшкен еді. Бірақ адам кішірейгенмен оның санасы өзгерген жоқ. Сондықтан да ел тез есін жиған. Қайта дами берді. Өздерінің ендігі дене-тұрпаттарына қарап үй салды, киім тікті, тағы басқадай заттарын жасады. Кішірейдік дегендері болмаса, күллі жасағандарының босқа қалғаны болмаса, әлемнің көрінісі сол қалпында сияқты еді. Әрине, үлкен сияқтанатыны да бар. Балаға үлкен тау болып көрінген тау, ересек адамға шағын тау ғана болып байқалады. Мұндағы барлық нәрсе табиғаттың өзіне сай кішірейгендіктен әр нәрсе өзінің табиғи деңгейінде қалған. Адаммен салыстырғанда құмырсқа да бұрынғысынан кішірейіп қалған. Енді адам оны жерден тек қыбырына қарап байқайды.

Осындай тағдырға Жер делінетін үлкен ғаламшардан бір топ ғалым-ғарышкерлер де тап болды. Олар алғашында өздерінің бұрын- ғыдағысындай ірі еді. Сығылу аймағына тап болып барып қана кішірейіп кеткен. Өздерімен кездесті. Бірақ олар қарап жатпады. Тынымсыз әрекет жасады. Ол әрекет олардың туып-өскен Жерлеріне деген сағыныштарынан туған еді. Соның арқасында мұнда көптеген өзгерістер болды. Бұл жүйеге бөтен шағын аспан денесін сырттан алып келіп, оны осы жүйеге кіріктіру оңай іс емес еді. Ол үлкен оқиға болды. Содан кейін-ақ ғаламшардағы жағдай біршама жақсарған. Ғаламшарға келген табиғи серіктің арқасында табиғатта көптеген өзгерістер де болды. Халық та ес жиып қалған-ды.

Енді міне, осы жүйеде күтпеген құбылыс орын алып отыр. Сол сырттан әкелінген аспан денесі сығылу аймағына төтеп бере алмай әрі орталық Жұлдыздың тартылыс өрісінен босай алмай оған қарай ығысты. Оны тоқтататын күш мұнда әзірге жоқ еді. Оған тосқауыл бола алатын жерліктер де бұл жүйеден ұзап кеткен-ді. Аспан денесі сол зымыраған бойда барып Жұлдызға соқтығысты. Жұлдыз тұтанды. Артынша бұл жұлдыз жүйесіндегі ғаламшарлардың айналымжолдары мен өзара тартылыс өрісі бұзылып, шайқалып, ұлы өзгерістер орын алды. Орталық Жұлдызға ең жақын орналасқан үлкен ғаламшардың үстінде адам төзгісіз құбылыстар өтіп жатты. Жанартаулар атқылады, мұхит пен теңіздердің сулары қайнап, су алды. Жасыл әлем қурап, жанып, күлге айналды. Атмосфераның құрамы өзгерді. Тап осындай жағдайлар жүйедегі өзге ғаламшарларда да болып жатты. Бірақ қаншама апат болса да, қаншама шайқалып жатса да, адам баласының біршамасы аман қалды. Жануарлар да, құстар мен бауырымен жорғалаушылар да, мұхит пен теңіздің тіршілік иелері де жан сақтап қалды.

Ал ең бастысы, Жұлдыз тұтанымынан кейін бұл кеңістік қайта кеңеюге қарай бет алды. Адамдар да, жануарлар да, құстар мен бауырымен жорғалаушылар, мұхиттар мен теңіздердегі күллі тіршілік иелері де қайта үлкейе бастады. Жұмырылған жұдырық жазыла бергендей. Мұндағы тіршілік иелеріне керегі де осы еді. Кеңістік сығылғаннан бері қаншама өзгерістер болды. Адамның қаншама еңбегі далаға кеткендей еді. Енді бәрі де жақсылыққа қарай бет бұрған. Бірақ оның есесіне ғаламшарларда көптеген нәрсе орын алды. Олардағы мұхиттар мен теңіздердің сулары шайқалды. Тау мен тас қозғалды. Ауа райы өзгерді. Ғаламшарлардың тартылыс өрістері азайды. Бұрынғы қысып тұрған сығылу енді босаңсыған. Ол енді шын мәнінде де қайта ашылған жұдырықтай құбылыс еді.

Алапат кеме белгілі шекараға ұшып жеткеннен кейін айналып ұшуға көшті. Олай етпеске шара да жоқ еді. Тәкен темір адамдарға олар тоқпен қуатталған бойда тапсырманы үсті-үстіне беріп жатты. Олардың саусақтары саусақтарына жұқпайды-ау. Кеменің басқару пультіндегі үлкен экранда әрбір ғаламшардьщ бейнесі анықталып көрсетілуде. Ғалым-ғарышкерлер одан көз алмайды. Кішірейген әлемдегі үлкен өзгеріске ұшыраған көріністер қай қайсысының да жүрегін сыздатады. Ендігі мақсат та орталық Жұллыздың нақты не себептен тұтанғанын анықтау еді. Оған мәліметтер жететін. Өздері өзге жүйеден сүйреп әкеліп, осы жүйеге енгізген, үлкен ғаламшарға серік еткен аспан денесінің орталық Жұлдызға қарай ауытқып, солай қарай жылжығаны белгілі-тін. Экрандардағы көріністер ғалым-ғарышкерлерге әсерлі бола түсті. Өйткені, аспан денесі тіке сол орталық Жұлдызға қарай ағып барып, онымен соқтығысқан. Соның нәтижесінде Жұлдыздың ыстық қойнауындағы термоядролық процестердің тепе-теңдігі бұзылып, оның тұтануына себеп болды. Сол сәттен бастап жарылыс төңірегіндегі кеңістік қайтадан кеңеюге қарай бет аллды.

Тәкен қатты толқыды. Көпке дейін сөз тауып та айта алмай отырып қалған. Кейде адам осылайша бір нәрсені түсінемін деп жүріп, күтпеген жаңалық жасайды. Ғалым-ғарышкерлердің бар мақсаттары осы жүйедегі ғаламшарлардың өз айналымжолдарындағы айналыс тепе-теңдіктерін өз қалпына келтіру, әрбір ғаламшардағы ауа райын реттеу болатын. Оның бәрі де басқаша сипатқа не болып кетті. Ғалым-ғарышкерлер көпке дейін өз өздеріне келе де алмады. Кіші әлемнің шекарасында айналып ұшумен болған. Мұндағы басты өкініш, біраз ғаламшарлардағы тіршілік жойылып кетті. Тек үлкен ғаламшардағы табиғат қана өз келбетін сақтап қалды. Ғаламшарда қала атаулыдан ештеме де қалған жоқ. Ел де, ел басшысы да мәңгілікке жоғалған. Өздеріне жақсылық жасап, сығылу кеңістігінен бостандыққа шығарған абзал адамдарды ғалым-ғарышкерлер қалайша ұмыта алсын. Тек ұмыту ма, енді мына кеңейген табиғатта қалған адамдар, жануарлар, құстар мен бауырымен жоғалаушылар, мұхиттар мен теңіздердегі тіршілік иелеріне саналық тұрғыдан басшылық ететін, дұрыс дамып-өркендеулеріне ықпал ететін өздеріндей адамдар қажет еді.



СОҢҒЫ АЯЛДАМА

Тәкен бастаған ғалым-ғарышкерлер тобы кіші әлем төңірегінде ой- толқынысынан шыға алмай айналып ұшқаннан кейін ондағы ерекше көз тартқан үлкен ғаламшарда біржолата қалуды ұйғарды. Бұл дұрыс шешім еді. Осыдан біраз уақыт бұрын ғана кемедегі аса қуатты радиодыбыс қабылдағыштар арқылы Жер ғаламшарынан жаңа мәлімет алған. Сол мәліметтен ғалым-ғарышкерлер онда да үлкен кеңістіктік өзгерістердің болып жатқанын білген еді. Күн жүйесі кеңістігі де сығылуға бет алыпты. Сығылудың не екенін, ондай сығылған кеңістікке мынандай алапат жұлдызаралық кемемен ұшып барып енудің не екенін, оның нәтижесінің неге апарып соғатынын ғалым-ғарышкерлер енді жақсы білетін еді. Сондықтан да осындай шешім қабылдаған. Тәкеннің бұл ұсынысын ауыр болса да қалғандар мақұлдаған. Жерге, елге деген сағыныштары да енді өздерінен Жерге төнетін қатердің астында қалғандай. Бұл азаматтық, парасаттылықтың үлкен көрінісі де еді.

Тәкен қарсы алдындағы үлкен экранда көрініп тұрған шағын ғана Күн жүйесіне қадала, қимай ұзақ қарады да, демін терең алып барып сапарластарына бұрылып:

- Достар, - деді дауысы дірілдей шығып, - тағдыр маңдайымызға аман-есендікті жазғанымен, Күн жүйемізге, ондағы өзімізге ыстық Жеріміз бен туып-өскен елімізге қайта оралуды жазбапты. Оның мәнісін өздерің де жақсы түсініп тұрсындар. Жерге ораламыз деп ондағы күллі жүйені осындағы кіші әлем сияқты шайқалтып алғаннан не ұтпақпыз? Ол қасіреттен гөрі өз жанымызды іштей жеген ішкі қасіретіміз артық болар. Біздің бұл жұлдыз жүйесінде біржолата қалуымыз Жермен, елмен біржолата қоштасуды білдірмейді. Біз енді мына үлкен ғаламшарда ғұмырымызды одан әрі қарай жалғастыратын боламыз. Үлкен ғаламшарда қалған адамдармен бірге өсеміз, бірге ұлғаямыз. Осында отбасын да құрамыз. Бізден тараған ұрпақтар тыныш қала алмас. Олар біз жүзеге асыра алмаған са- парды жүзеге асыратын болады. Күн жүйесі де сол қалпында мәңгілік сығылған күйде қалмақ емес. Оның да қайта ұлғаюға бет қоятын күні туар. Сол кезде біздің ұрпақтарымыздың олармен аралас-құраластығы да басталар. Бұл жарық та жылы дүниеге уақытша келген кез келген пенденің арман-мақсаты да осылай емес пе? Кім кім де өзінің де, өзгенің де ұрпақтарының болашағы үшін ғұмыр кешпей ме? Сол ұрпақтардан ғана қоғам құралмай ма? Енді біздің алдымызда мына бас көтерер адамсыз қалған үлкен ғаламшарды қайта жандандыру, өркениет дәрежесіне жеткізу міндеті тұр. Осыны дұрыс түсініңдер достар.

Бөлме ішін шыбын ызыңы естілердей тыныштық басқан. Тек анда-санда терең алған тыныстарының дыбысы ғана естіледі. Ұлудай адам ғалым-ғарышкерлердің тағдырларының бұлайша күрт өзгеріп кеткеніне қайран болғандай әрқайсысына жаутаңдай карайды. Бірақ онда да тіл жоқ. Бәрі де ішінде. Өзінің жұлдызды әлемінде біржолата қалатынын іштей сезініп, іштей оған қуанып тұрса да, бір жағынан ғалым-ғарышкерлердің тағдырлары жүрегін сыздатып та барады. Қандай ауыр. Адам баласына туып-өскен жеріне қайтып жете алмағаннан өткен өкініш жоқ. Бірақ, ғалым-ғарышкерлер өздерінің ішкі күйіп-жанып жатқан жандүниелерінен гөрі сонау Жердегі, елдегі адамдардың тағдырларын көбірек ойлайды. Сондықтан да оған қарай баратын жұлдызаралық жолдарын өз қолдарымен кесті.

Адам баласының мінез-құлқы, психологиясы әртүрлі. Біреу қиындыққа төзімді, екінші біреу оған төзе алмайды. Дегенмен де, жұлдызаралық сапарға анау-мынау адам аттанбайды. Бұл сапарға шыққан алты бірдей қазақ арыстарының төзімділіктері бөлек еді. Солай бола тұрса да азамат шыдап тұра алмады.

- Шынымен-ақ осы жұлдыз жүйесінде біржолата қалғанымыз ба? Мен Жерді, елді, әке-шешем мен туған туыстарымды, достарымды бұл дүниеде бар болса да, жоқ болса да сағындым! Бұл жарық дүниеде енді қалайша шыдап жүрер екенмін! Армандап өтетін болдым ғой, қасиетті Жерімді, елімді, өле өлгенше, — деп босаған көңілін ұстай алмады.

Қалған бесеудің де бастары төмен түсіп, көз шараларына ыстық жас тығылған. Бәрі де алдарындағы экраннан көз алмайды. Ондағы әлі де болса көрініп тұрған шағын ғана Күн жүйесіне қимай қарайды. Тәкен, қанша дегенмен де кеме құрамының басшысы болғандықтан көз шараларына тығылған ыстық жасты сапарластарынан жасырып, теріс айналып кетті. Өзін қанша қатаң ұстап, осындай шешім айтып, оған достарын көндірсе де, енді тұла бойы босап, ет-жүрегі дүрсілдеп ала жөнелген. Бірақ, жұлдызаралық сапар деген қашан да осылай. Ауыр операцияға жатар алдында адам өзіне, сол операцияны жасайтын дәрігерге «Маған бір жағдай болып кетсе, оған ешкім де жауапты емес» деп қолхат жазып қалдыратыны сияқты, ғалым-ғарышкерлер де Жерден осылай қарай аттанар алдында шығарып салушы ғалымдар мен мамандарға, жұлдызаралық сапарға жауапты адамдарға: «егер де біз осы жұлдызаралық сапарда қандай да бір жағдайға ұшырап, Жерге орала алмасақ, оған бізді сапарға дайындаған адамдардың ешқайсысы да жауапты емес» деген қолхаттарын қалдырған.

Тәкен де, қалған ғалым-ғарышкерлер де естеріне соны түсірді. Тек содан кейін барып қана бойларында бір қатандық пен жігер пайда бола бастады. Азаматтан кейін қалғандар да Жерге, елге деген сағыныштары мен оған жете алмайтын өкініштерін армансыз айтып шыққан. Сол кезде экрандағы Күн жүйесінің бет-бейнесі де бірте-бірте күңгірттеніп сала берген. Тәкен енді ерекше қатайып кетті. Экран алдындағы қажетті деген бір түймені Темірбектің басуына рұқсат берді де, өзі экранға қарап тұрып:

- Құрметті Жердегі, елдегі, туып-өскен ауылдағы әке-шеше, туыстар мен дос-жарандар, жалпы Жер тұрғындары! Біз, Егіздер шоқжұлдызы бағытында жұлдызаралық сапарға аттанған ғалым-ғарышкерлер Тәкен, Азамат, Сәлмен, Сәрсенбі, Жақан мен Сейдолла сіздер жолдаған жаңа хабарды алдық! Ол үшін, біздің сіздерге деген алғысымыз шексіз! Енді міне, сіздерге өзіміздің де дін-аман екендіктеріміз жайлы телерадио дабыл жолдап отырмыз. Бірақ біз бұл жұлдызаралық сапарда аз қиындықты басымыздан кешкен жоқпыз. Ең басты қиындық пен қатер өзіміз ұшып жеткен жұлдыз жүйесінің сығылу сәтіне тап келгеніміз болды. Біз осы алапат кемемізден ол сығылу аймағынан қайта шыққанымызда кіші әлем жүйесінде үлкен шайқалыс орын алды. Содан оған сырттан шағын ғаламшарды сүйреп алып барып, алапат кемеміздің орнын толтырдық. Артынша ол ғаламшар жүйеге кірікпей, орталық Жұлдызының тартылыс өрісін жеңе алмай, оған қарай жылжып барып, сол орталық Жұлдыздың кенеттен тұтануына себепкер болды. Жұлдыз жүйесі үлкен өзгеріске ұшырады. Көптеген ғаламшардағы саналы-санасыз тіршілік иелерінің көбі дерлік жойылып кетті. Тек өзіміз болған, өзіміз үлкен ғаламшар деп атаған ғаламшардағы шығын аздау болды. Енді сіздер де бізге жолдаған жаңа мәліметтеріңізде Күн жүйесінде де сығылудың басталғанын айтыпсыздар. Біз бастан өткен қасіретті сіздерге сыйлағанды жөн көре алмаймыз. Мына алапат кемемізден кішірейген әлем кеңістігіне енсек, дәл осындағы сияқты қасірет қайталанады. Сондықтан да біз осы жүйедегі үлкен ғаламшарда біржолата қалуды шештік. Жандүниемізге де, сіздерге де ауыр болса да, адам баласының дін-аман болашағы үшін осылай жасадық. Мұнымызға үлкен түсіністікпен қарауларыңызды өтінеміз. Біз Жерді, елді, сіздерді қатты сағындық! Амал не, ел амандығы ол сезімнен жоғары қашан да! Сондықтан да бұл жұлдыз жүйесі мен Жер арасын енді ұрпақтарымыз жалғастыратын болады! Хош, аман-сау болыңыздар!..

Тәкеннің соңғы сөзі дірілдеп шықты. Мұны мұқият тындап тұрған қалғандар да өздерін өздері әрең ұстаған. Ұлудай адам не істерін білмей көзімен ғалым-ғарышкерлерді шолып өтіп барып, Тәкенді құшақтай алған. Қанша ғарышкер, қанша батыл да батыр болса да бәрінің де көз шараларынан тағы да ыстық жас төгілді. Осылайша бәрі де біршама уақыт бойы үн-түнсіз тұрып та қалды. Тек содан соң барып Тәкен ұқсасына экранды сөндіруге бұйрық берді де, үлкен иллюминатор арқылы көз алдарындағы үлкен ғаламшарға қадала қарады. Ендігі Жерлері де, елдері де осы үлкен ғаламшар болмақ! Басқа басар жер де, шығар тау да жоқ енді.

Сәлден соң Тәкен Темірбекке бұрылып, жай ғана басын изеді. Темір адам болса да ми жүйесі Тәкеннің ми жүйесімен тікелей байланысты болғандықтан мән-жайды тез түсініп, батпандай-батпандай саусақтарымен кеменің басқару пультіндегі панельдегі бір түймені жай ғана нұқыды. Алапат кеме кең кеңістікте бір аунап алғандай айнала бұрылды да, енді-енді қайтадан кеңеюге бет қойған жұлдыз жүйесіндегі үлкен ғаламшарға қарай бет қойды.

Бірақ әзірге ол ғаламшарға алапат кемемен қонуға болмайтын еді. Сондықтан да алапат кеме үлкен ғаламшардың төңірегіндегі айналымжолға шықты. Ал кейін, бұл кеңістік ұлғайған кезде кеме ғаламшардың тұрақты жасанды серігіне айналмақ. Үлкен ғаламшарды бірнеше рет айналып, оның бет-бедерінен қонуға лайықты аймақты анық тапқаннан кейін алтауы кемедегі күллі тіршілік иелерін арнайы кемеге салып, өздері барлаушы кемеге отырып, алапат кемені автоматты жүйеге қойды, темір адамдардың бойларындағы тоқтарын жойды. Содан соң кеменің арнайы қақпасы арқылы үлкен ғаламшарға қарай аттанып кетті.

Уақыт өткен сайын алапат кеме алыстап, алыстап бір дөп-дөңгелек аспан денесіндей болып қала берді. Ғалым-ғарышкерлерге енді ол біраздан соң тап бір Жер ғаламшарының жалғыз табиғи серігі - шартабақ Айдай болып елестеген. Ол енді шын мәнінде де түн мезгілдерінде мына ғаламшардың бетіне күміс сәулесін төкпек. Ғалым-ғарышкерлер үлкен ғаламшарға қонып келе жатып енді ол алапат кемеге жуық арада қайтып бара алмайтындарын да сезді. Өздері мінген барлаушы кемесі де, жүк кемесі де бір ғана сапарға жарайтын еді. Сондықтан да алапат кеме аспан кеңістігінде тап Айдың өзіндей ғана болып қала бермек.

Барлаушы кемелер үлкен ғаламшардың бетіне таяған кезде ондағы қайта жандана бастаған жасыл табиғат ерекше көз тартты. Ешқашан ештеме болмағандай мүлгіп тұр. Енді мұнда бір кездері жыпырлаған қалалар, мың-сан көліктер, әуе-ғарыш кемелері мен жұлдызаралық кемелер, оларды жасаған оркениетті ел болды деп кім ойлар? Олардың болғанына тек өздері ғана куә. Тәкен, Азамат, Сәлмен, Сәрсенбі, Жақан, Сейдолла мен ұлудай адам. Үлкен ғаламшардың ендігі саналы, білімді, парасатты иелері де өздері болмақ. Алдағы өмір-тіршіліктері осында жалғаспақ. Барлаушы кеме мен жүк кемесі ғаламшар бетіне қонған мезетте топ-топ адамдар жан-жақтан қоршап та алды. Олар осы ғаламшарда жан сауғалап қалған адамдар мен олардың ұрпақтары еді. Бәрі де қуанышқа бөленген. «Ата-бабаларымыз бір заманда Жерді де осылайша игеріп-өркендеткен, - деп жігерлендірді Тәкен сапарластарын, - енді бұл да біздің төл ата-мекенімізге айналады».

1975 жыл


МАЗМҰНЫ

Бірінші бөлім................................................. 3

Екінші бөлім...................................................63

Үшінші бөлім... ..............................................117

Тертінші бөлім...............................................162

Жүніс САХИЕВ

ЖАСАМПАЗДЫҚ ҚИЫРЫНДА

Ғылыми-фантастикалық роман

Редакторы Ғұсман Жандыбаев

Техникалық редакторы Елена Имамниязова

Серияның суретші-дизайнері Жеңіс Қазанғапов

Компьютерде қалыптаған Гүлнұр Жадыранова

Басуға 17.06.2009 ж. қол қойылды. Пішімі 84x108.

Офсеттік қағаз. Қаріп түрі “Times New Roman”. Шартты баспа табағы 12.75. Есептік баспа табағы 13,48.

Тапсырыс № 23-09

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі “Білім” баспасы, 050009. Алматы қаласы, Абай даңғылы, 143-үй.



Тел: 277-89-84, 243-48-11. E-mail: bilim05@mail.ru


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет