Жұмыстың жалпы сипаттамасы



бет6/8
Дата17.04.2023
өлшемі3,61 Mb.
#174743
1   2   3   4   5   6   7   8
Байланысты:
М.Әуезов ғылыми жоба

М.Әуезов
Бүгінгі мәдениетіміздің үлкен арнасы – қазақтың ұлттық театр өнерінің дүниеге келуі, кәсіби үлгіде қалыптасуы мен дамуы қазақ әдебиетінің классигі, ғалым, педагог және қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезов шығармашылығымен тығыз байланысты.
Ол – қазақ драматургиясы мен театрының қалыптасып, дамуына үлкен үлес қосқан, бағыт-бағдарын анықтаған тұңғыш драматург.
Ұлттық өнердің қай саласын алып қарастырсақ та М.Әуезов салған сара жол сайрап жатыр. Әдебиет, театр, музыка, хореография, кино өнерінің алғашқы бастауында Мұхтар Омарханұлы тұрғанын ешкімде жоққа шығара алмақ емес. «Бүгінгі мәдениетіміздің үлкен арнасы – қазақтың ұлттық театр өнерінің дүниеге келуі, профессионалдық үлгіде қалыптасуы мен дамуы М.Әуезовтің есімімен байланысты. Ол тұңғыш театрдың шығармашылық өміріне ұзақ жылдар бойы араласып, негізгі репертуар қорын жасады, оның бағыт-бағдарын анықтаған драматург. Қазақ драматургиясының тұңғыштарының бірі «Еңлік – Кебектен» бастап, М.Әуезовтің барлық пьесалары сахнаға қойылып, ұлттық театрдың әр кезеңдегі даму белестерін айқындады»,– деген екен өнертану докторы, профессор Б.Құндақбайұлы. Ғалымның пікірі өте дұрыс. Шындығын айтқанда, М.Әуезовсіз қазақ театр өнерін елестету мүмкін емес. Ол – театрдың алғашқы ұйымдастырушысы (қазіргі тілмен айтсақ, іскер менеджер, режиссер қызметін атқарушы), драматургы, сыншысы, зерттеушісі. Сондықтан ұлт театры туралы айтқанда, сөзіміздің «бисмилласын» осы Әуезов есімімен бастарымыз да қақ.
Жазушы-драматургтың театр өнерімен танысуы Семейдегі бес сыныпты училище қабырғасында оқып жүрген кезінде басталған. «Мұхтар Әуезов Семейде оқып жүрген кезінде сондағы барлық ойын-сауықтар мен түрлі театр кештерін көріп танысады, кейін Ж.Аймауытовпен бірге соларды ұйымдастырушылардың біріне айналады». Ж.Аймауытов, Қ.Сәтпаев үшеуі бірлесіп әртүрлі бағыттағы ойын-сауық кештерін, концерттік бағдарламалардың ұйытқысы болған. Ұйымдастырушы-қойылымдық тәжірибесін молынан жинақтаған бозбала М.Әуезовтің көкейіне өзі көзімен көріп, тамашалап жүрген орыс театры мен татар труппаларының спектакльдері сияқты қазақ жастарының төл тіліндегі сөйлейтін театры неге болмасқа деген ой да осы шақта ұялаған. Өзі де пьеса жазуға беттеп, «Еңлік – Кебекті» дүниеге әкеледі. 1917 жылы осы тырнақалды пьесасын ол Ойқұдық жайлауында көпшілікке көрсетеді.
М.Әуезовтің өзі ұйымдастырушы (режиссер), әрі сандықтың ішінде жатып сыбыршы (суфлер) болғаны жайлы деректерде бізге мәлім. «Еңлік – Кебек» пьесасы жеке кітап ретінде басылып шыққан соң ғана еліміздің түкпір-түкпірінде қойыла бастайды. Осы трагедиядан кейін М.Әуезов: «Ел ағасы», «Бәйбіше – тоқал», «Қарагөз», «Айман – Шолпан», «Түнгі сарын», «Абай» (Л.Соболевпен бірге), «Тас түлек», «Хан Кене», «Алуа», «Алма бағында», «Қарақыпшақ Қобыланды», «Намыс гвардиясы» (Ә.Әбішевпен бірге), «Ақан – Заира», т.б. сан алуан жанрдағы, әртүрлі тақырыпты арқау еткен пьесаларын дүниеге әкеледі. Олардың басым көпшілігі бүгінгі таңда ұлттық классикамыздың маржанына айналды.
Әуезов драматургиясында жанрлық формалардың бәрін қамтыған. Онда трагедия да, комедия да, драма да бар. Әуезов кейбір шығармаларын бірігіп жазған. Олар: Л. Соболев («Абай»), С. Мұқанов («Ақан - Зайра»), Ғ. Мүсірепов («Қынаптан қылыш»), Ә. Тәжібаев («Ақ қайың»), Ә. Әбішев («Намыс гвардиясы»), «Октябрь үшін» (1933) пьесасының материалдары - Жетісу қазақтарының революцияға келуі. Кейіпкерлері - Д. Фурманов, Ж. Бәрібаев. Кітаптың мұқабасында «Мұны жазуға Қ.Байсейітов, Бековтар қатысты» деген сөздер бар. Әуезовті әдебиетке «Еңлік-Кебек» алып келді. Шығарма өзегі - эпостық материал. Әлемдік әдебиеттегі мұндай тәжірибе енімді дәстүрлердің бірі. Әуезовтің «Еңлік - Кебегі» 1922 жылы Орынборда басылды. Кейіпкерлері сахна тілімен сөйлейді. Автор өзінен бұрынғы мотивтерден алыс кетпеген. Билер сахнасы - көркемдік тамаша табыс. Кемшілік, олқылықтарды ескеріп, Әуезов пьесаны 1943 жылы қайта жазды. Бірнеше көрініс қысқарды. Аса терең, мәнді шығарманың бірі - «Түнгі сарын». Бұл - қазақ драматургиясында реализмнің орныққанын көрсеткен туынды. Мұнда көркемдік шешім ақындық идеалмен тығыз байланысты. Таптық тартыс шығармада жай схема түрінде емес, адам тағдырлары арқылы бейнеленеді. «Түнгі сарын» - қазақ драматургиясында жағымды кейіпкерлер проблемасын шешкен туынды. «Октябрь үшін», «Тартыс» пьесаларында Әуезов реалистік драма жасаудың түрлі-түрлі құралдарын пайдаланған.
1934 жылы сахнаға шыққан «Хан Кене»трагедиясы Әуезовтің азаттық идеясын терең бейнелеген, аса көркем тарихи пьесасы. Мұнда Хан Кененің, Наурызбай батырдың, қазақ, қырғыз билерінің реалистік бейнелері жасалып, тарихи шындық пен көркем шындық табиғи бірлік тапқан. «Қарагөз» 1926 жылы бірінші сыйлық алды. 30-жылдардағы белгілі әдебиет сыншысы Ғ.Тоғжанов трагедияда ескі көшпелі өмірді мадақтау бар дейді. Ж.Орманбаевтың да бір мақаласында осындай пікірі айтылғанды. Әуезов бұл пьесаға кейін кайта оралып, жаңа нұсқа жасады. 30-жылдары Әуезов реализмді меңгеруде көп еңбек етті. Әсіресе драматургияда көптеген ізденістерге барды. 1918 жылы Әуезов тұңғыш рет Абай жайлы мақала жазып, Абай заманы туралы білген, естігендерін қағазға түсірген. Л. Соболевпен бірлесіп жазған «Абай» пьесасы кейінгі эпопея тақырыбының барлауы еді. Онда Абай өмірінің соңғы кезеңдері қамтылған. 30-жылдардың аяғында Әуезов білімі жөнінен, рухани толысуы жағынан шыңға көтерілді. Ол Абай тақырыбына осындай шақта келеді.
Автор Абайға лайық сөз өрнектерін тапқан. Бұл трагедия қоғамдық мәні бар күрделі жағдайларды көрсетеді. Шығармада тартыс, әрекет бірлігі мықты. Пьесада қақтығыс көп. Осы пьесаның негізінде кейін опера либреттосы, киносценарий жазылды. Трагедияны тұңғыш сахнаға қойған - Асқар Тоқпанов. Абай рөлін Қ.Қуанышбаөв ойнады. Драма формасын Әуезов көп байытты. Әуезов фантастикалық пьеса да жазған. Ол - «Дос - Бедел дос». Пьесада «бір адам әр түрлі формацияда өмір сүрсе қандай болар еді» деген сұрауға жауап іздейді. Әуезов драматургиясында қазақ халқы өмірінің сан алуан қырлары үлкен шеберлікпен көрсетілген. Өмірдің терең қабаттарын қопарып, типтік жағдайлардағы характерлерді дәл тауып, олардың өзара қақтығысынан туған үлкен тартыстарды көрсету - Әуезов пьесаларының басты ерекшеліктерінің бірі. Шығармаларға құбылыстың сырт көрінісі, яки адамдар арасындағы ұсақ интригалар емес, әлеуметтік конфликтілер негізгі арна болады.
Жазушы өз еңбектерінде: «Жалпы кеңес әдебиеті үлкен мұрат қып отырған нәрсенің бірі - ірі пьеса. Біздің сөзіміз де сол жөнінде болмақ. Суретті әдебиет ішінде көпке жететін, дегені дөп тиетін, әсері мол болатын түрі -драма. Осыған орай, партия мен үкімет жалпы одақ көлемінде пьеса бағасын ерекше көтерді, бүкіл одақтық бәйге жариялады. Драматургия социалистік құрылыс қарқынына әлі күнге ілесе алмай артта қап, кенжелеп келеді. Ұлы дәуірдің үлкен шартына жауап ұрғандай зор пьеса әлі туа қойған жоқ. Бірақ сонда да мына бәйге, мына нәтижелер — ірі талпыныс пен үлкен серпін айғағы», деп баяндайды. Кеңес дәуірінде жазылған драма жанрындағы бір өзгешелік — одақтық республикалардың өзді-өзі көлемінде ғана жүрген бірқатар жазушы мен шығармалары бәйге арқылы әр ұлттың тар арнасынан шығып, бүкіл кеңес әдебиетінің мол қорына, ортақ қорына келіп құйып отыр дейді автор.
«Әуелі өз қатарымызды шолып өтейік. Бізде не бар? Жалпы жауап берсек, біздің әдебиет пьесадан олқы емес. Соншалық қара жерде отырған кісідей емеспіз. Қайта бүгінгі әдебиетіміздің өскелең түрінің бірі пьеса дейміз. Бұл жақсы жауап. Біраз ұшқарырақ та жауап. Әйтсе де сан менен әзіргі сапаға келсек, алдымызда: «Майдан», «Түрксіб», «Тартыс», «Кек», «Шабуыл», «Шахта», «Забой», «Заман заңы» — бір алуан, биылғы жыл тудырған күйлі пьесадан: «Айман-Шолпан», «Шұға» «Колхоз тойы» - бір алуан бой көлденеңдейді. Бұлардың үстіне ең соңғы уақытта жазылған Ілиястың «Соқыр ішегі», Бейімбеттің «Талтаңбайы», Асқардың «Жаңа адамдары тағы бар деп қазақ жазушыларының драмалық шығармаларын аса жоғары бағалайды.
ХХ ғасырдың 32-34 жылдары жазылған пьесалардың көркемділігіне тоқталып, сол кезеңдегі әдебиетіміздің шамасына қарай жап-жақсы сапа екендігін атап өтеді. «Пьеса түрінің біздің әдебиетте көпшілік түр екенін, модыдағы түр екенін көрсету үшін тағы біраз белгілерді атауға болады. Мысалы Қазақстан баспасы мен мемлекеттік драм театрында, ерте күннен соңғы уақытқа дейін жиылған пьеса саны 80 шамалы. Оның үстіне бұрын жарияланған (Қазақстан кәсіпшілер одағы жариялаған) клуб пьесаларының бәйгесіне түсіп жатқан бір топ пьеса тағы да бар. Пьеса қатарында бұлардан бөлек бір алуан, көрнекті іс-аудармаларымыз. Кеңестік пролетариат әдебиетінің өзге ешбір түрі біздің тілге драмадай боп аударылған емес. Социалистік құрылыстың үлкен сыры деп танылған роман, әңгіме, дастан атаулыдан әлі көрнекі ешбір аудармамыз жоқ болса да, пьесадан «Астық», «Досым» , «Мстислав», «Сүңгуір», «Булычев», «Қорқыныш», «Желді қара» сияқты атақты шығарманың барлығы да бүгінде қазақ еңбекшілеріне жат, бөтен нәрсе сияқты көрінбейді, өз тәні боп келеді» деп тың тақырыптарға тоқталып өтеді.
Кеңестік жаңа пьесалардың тақырыбы, бағыты, санасы — барлығы да біздің еңбекші еліміздің өз дүниесі екенін баса назар аудартады автор. Сондықтан пьесадағы тартысы мен табысы да, қуанышы да өз мүлкіміз боп әсер етеді дейді жазушы.
«Кеңес әдебиетімен, әсіресе алдыңғы қатардағы орыс әдебиетімен жұртшылығымызды таныстырамыз, баулимыз дегенде алғашқы адымды осындай: танысынан, жақынынан бастауымыз өте дұрыс. Міне, біздегі драматургияның бүгінгі жайын айтсақ, осы саналған нәрсенің бәрі ауыз толтырып сөйлеуге келетін татымды, нәрлі нәрселер» дей келе, «Бірақ, мақаланың негізгі мақсаты — даттау емес, өзара сын. Өз қатарымызды сынай шолу. Сондықтан енді өз тумаларымыздың кемшілік, олқылықтарын айтайық» деп жанашырлық ойларын да алға тартады.
Мұхтар Әуезов өз сыни мақалаларында бетке ұстар он шақты пьесаға тоқталған. Әрине, бұлардың әрқайсысы жеке-жеке ұзақ сын, ұзақ талқылауды керек қылады. Ол өз бетімен орындалатын, орындалып та жатқан істер. Бір мақаланың ішінде тобының басын қосып, жалпы сөйлейтін болған соң, жалпысына ортақ кемшілікті айтпақ керек. Осы жайда айтылатын сөздің бары да, бірі де ең алдымен үлкен «Тұлға» жайы. Бұл — біздің прозамыз, поэзиямыз — бәр-бәріне бірдей шарт болып қойылатын нәрсе; жанды адам, әсерлі адам, үлгілі жаңа адамды сыйлы қып көрсету шарты. Пьесаға келсек, әсіресе солай. Жалпы пьеса деген түр-тұлғамен пьеса. Тұлғасы толық, тұрманы түгел адам болмаса, пьеса өз түрінен айрылады», деп баға береді ұлы тұлға.
Әуезов - қазақ драматургиясының жаңашылы. Ол дүниежүзілік драматургияның асыл үлгілерін оқып, аудару арқылы шеберлік мектебінен өтті. Мұның үстіне Әуезов пьесаның еуропалық үлгісіне соны ұлттық бояу, нақыш қосты. Қазақтың ежелгі әдебиетіндегі драматургияға жақын үлгілерді (айтыс, беташар, жар-жар, шешендік дауы) жаңашылдықпен пайдалана білді.
Әуезов трагедияларында сан алуан образдар галереясы бар. Олар өздеріне ғана тән, айрықша сөздік сипаттамаларымен кейіптелген. Әуезов - қазақ әдеби тілін дамытуға орасан мол үлес қосқан, реформатор суреткер. Әуезов қазақ тілінің негізгі сөздік қорын жеріне жеткізе пайдаланады. Мақал-мәтәлдерді, айқышты сөздерді, фразаларды бағды күйінде ала салмай, оларды өз мақсатына орай жаңғыртып, жайнатып, қайтадан құйып шығарды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет