Кіріспе зерттеу жұмысының өзектілігі


Зерттеу жұмысының құрылымы



бет2/4
Дата03.09.2023
өлшемі160,71 Kb.
#180088
1   2   3   4
Байланысты:
Болатова С диссертация
синтаксис. меңгеру (1), Шпаргалка
Зерттеу жұмысының құрылымы.Магистрлік диссертация кіріспелден, негізгі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Негізгі бөлім үш бөлімнен, әр бөлім екі бөлімшеден тұрады. Барлық бөлімдер мен бөлімшелер Ш.Ш. Уәлихановтың өмірі мен қызметі және қазақ халқының тарихы мен географиясының дамуына қосқан үлесі жайлы болып отыр. Кіріспеде келтірілген мақсат, міндетінің түйіні қорытындыда келтірілген.
Диссертациялық жұмыс Ш. Уәлихановтың қазақ тарихын зерттеудегі зор мұрасының бүгінгі күндегі маңыздылығын қарастыруға, сараптауға және зерттеуге арналған.
Зерттеу құрылымы аталған мәселе аспектілерін айқындау ретілігіне сәйкес құрастырылған.
Кіріспеде зерттеу тақырыбының өзектілігі нақты айқындалып, тақырыптың зерттелу деңгейінің жалпы бағасы берілген, мақсаты мен міндеттері қойылған, зерттеу пәні мен нысаны анықталған, зерттеудің ғылыми жаңалығы негізделген, тәжірибелік маңызы мен жағдайы қорғауға ұсынылады.
Бірінші тарауда ағартушы-ғалымның өскен ортасы мен тұлға ретінде қалыптасу жылдары – өмір жолы қарастырылады.
Екінші тарауда Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың Отан тарихындағы алар орны баяндалады.
Үшінші тарауда Шоқан Уәлиханов зерттеулерінің мәні мен мазмұны, нәтижесі мен көрсеткіші сипатталған.
Жалпы жұмыс көлемі102 беттен тұрады. Пайдаланылған дереккөздердің тізіміне 82 атау кіреді.
Қорытындыда жалпыланлаған нәтижелер мен ұсыныстар берілген.

1 ШОҚАН ӨЗ ЕЛІНІҢ ЕЛАМАНЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚТЫҢ ДЕМОКРАТ ҒҰЛАМА ҒАЛЫМЫ


1.1 Ағартушы-ғалымның өскен ортасы мен тұлға ретінде қалыптасу жылдары – өмір жолы


«Шоқан Уалиханов Шығысты зерттеу әлемінің үстінен құйрықты жұлдыздай жарқ ете қалды. Орыстың Шығысты зерттеуші ғалымдарының барлығы да оны ерекше бір құбылыс деп танып, одан түрік халықтарының тағдыры жайында ұлы және маңызды жаңалықтар ашар деп күткен еді. Бірақ Ш.Уалиханов бар жоғы 30 жасында біздің үмітімізді үзіп кетті»,- деп жазады орыс ғалымдарының бірі Н.И.Веселовский.


Қазақ даласының барлық өмір саласының жарық болуын арман еткен ағартушы дүние келген еді. Ол Шоқан (Мухаммедханафия) Шыңғысұлы Уалиханов еді. Дүниеге келген жері Қостанай облысына қарасты Құсмұрын деген жер. Қазақ даласының тәуелсіздігімен бірлігі үшін күрескен қазақ тарихында ерекше орын алған Абылай ханның ұрпағы еді.
Ағартушы ғалымның дүниеге келген ХІХ ғасырдың 40-60 жылдары қазақ елінің ресей империясының отарына толық айналып, өктем жұрт жергілікті халықты қанап-шаншып, бұратана халықты шылауына айналдырды. Шоқан Уалиханов шыққан орта сол заман ағымына бейімделген ел аралық қарым-қатынасты «адал ниетпен» сақтаған орта.
Шоқан өз заманында -ақ әке - ана ақылымыен орыс мектебінде білім алып, оқуын Сібір әскери училищесінде жалғастырған көзі ашық, көкірегі ояу ағартушы болды. Өз кіндік қаны тамған жері Құсмұрында аға сұлтан қызметін атқарды. Ал әкесі Шыңғыс ел басқарудың алпыс айласын меңгерген дипломат, жұртқа өнері ісімен өзін сыйлата білген, төңірегіне жұрт үйрілген сөзге шешен, ақылға даңғыл, парасатты, кісілік мол адам болған еді. Ендеше Шоқанның ел тарихында ағартушы – ғалым болуына тәрбие көрген ортасының тәрбиелілігі әсер еткені мол болған-ды[1, 16].
Әсіресе сыртқы келбеті ішкі жан дүниесімен үйлескен алғыр, тәкаппар жан Шоқанның тәрбиесіне зор еңбек сіңірген әжесі Айғанымның өзіндік назары ерекше болды. Әжесі Айғаным Шоқанның халықтың бай ауыз әдебиетін, ертегі аңыз-әңгімелері мен халықтың жыр-дастандарын терең білген қымбат қазыналы жылы жүректі жан еді.
Бала Шоқанға ежелден қалыптасқан үрдіс бойынша «жеті жұрттың тілін біл» деп халықтық дәстүрмен басқа халық мәдениетін құрметтеуге үйреткен-ді. Айғаным әженің бала тәрбиесіне деген көзқарасынан халық дәстүрінің адамның өмірінде алатын орнының ерекшелігін байқаймыз. Алдымен өз тарихың мен мәдениетіңді сонан соң басқаның дәстүрін құрметтеу ағартушы Шоқанның қоғамдық өмірге араласуындағы жағдайлардан артына қалдырған тарихи мұраларының мазмұнынан да көреміз.
Тумысынан қабілетті, ынталы Шоқан Уалиханов орыс тілін де еркін меңгеріп, сабақтас достарын басып озды. Әрине оған себеп болған ағартушы Шоқан Уалихановқа білім-ілім берген озық ойлы ұстаздарының ерен еңбегінің нәтижесі. Ендеше «ұстаздан шәкірт озса» деп айтылған сөз қазақ халқының ағартушы –этнографы, саяхатшы ғалымның рухани кемелденуіне, мол білім алуына жағдай тудырып, оның бойына ағартушылық, отаншылдық сезім дәнін бергендігін көреміз.
Оқу орындарында оқып, білімін тереңдету Шоқанның көкейіндегі басты арманы болатын. Бірақ оған сол кездегі, яғни ХІХ ғасырдың 2-ші жартысындағы орыс мемлекетінің қазақ жеріндегі отарлық саясатының жағдайы, әр түрлі обьективті себептер мүмкіндік бермеді.
1859 жылы Шоқан Уалиханов Петербургке келіп, университетте лекция тыңдап, білімін толықтыруға, Ресейдің саяси-әлеуметтік өмірімен жіті танысып, демократиялық – ағартушылық көзқарасының айқындалып, ғылым жолына сарыла түсуіне қолайлы сәт туады. Алайда, Омбы кадет корпусында оқып жүргенде өкпесіне жабысқан «құрт ауруы» келе-келе ұлғайып, 1861 жылы туып өскен сахарасына қайтып оралуға, қолы зорға жеткен арманынан қол үзе тұруға мәжбүр еткен.
Шоқан Уалиханов өз бетімен энциклопедиялық білім алған. Бірақ Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдай қазақ ғалымының сенімдеріне елеулі ықпал етті. Ағартушы ғалым Шоқан Уалиханов өзінің қысқа ғұмырын қазіргі заманға Орталық Азияның түркі халықтарының – қазақтардың, қырғыздардың, өзбектердің, ұйғырлардың және басқа да халықтардың тілдері мен әдебиеттерінің тарихын зерттеуге арнады [2, 25].
Шоқан Уалиханов осыншалық биікке көтеріліп, өз халқының ағартушы-ғалымы атануы үшін екі бірдей қайнар бұлақтан сусындап нәр алған болатын. Оның ең біріншісі - өзінің алғашқы әліппесіндей болған әжесі Айғанымның тәрбиесімен бойына сіңген бай ауыз-әдебиеті, екіншісі – шығыстанушы орыс ғалым-достарының шығармашылық байланыстары.
Ш.Уалиханов Орта Азия мен шетелдік Шығыс халықтарының тарихы мен мәдениетімен айналысты. Оның «Қырғыздар туралы жазбалары», «Қазақтардағы шамандықтың қалдықтары», «Қырғыздың шежіресі», «Қырғыздардың көші-қоны туралы» еңбектерінде қазақ халқының тарихы, этнографиясы, мәдениеті, олардың тұрмысы, дәстүрлері туралы өте көп дерек жинақталған.
Ағартушы-ғалым халықтың ауызша әдебиетінде өмір салты, дәстүрлері мен ғұрыптары көрсетілгенін, олардың шығармашылығы жинақтап алғанда «халықтың тарихи және рухани өмірінің толық бейнесін беретінін» бірнеше мәрте атап көрсетті. Өзімен замандас ақындар туралы құнды мәліметтер жинады. «Қозы Көрпеш Баян сұлу» халықтық эпиқалық поэмасын жазып алды, қырғыздың атақты эпосы «Манастың» елеулі бөлігін орыс тіліне аударды. Әліде Шоқан Уалиханов еңбектері өзінің мәнін әлі жойған емес. Уалиханов жарқын болашаққа тек жалпыхалықтық білім алғанда ғана жетуге болады деп пайымдайды.
Шоқан Уалиханов бойындағы аса зеректік пен ыждаһаттылығын ол Омбы қаласындағы кадет корпусның шәкірті атанған кезден–ақ мұғалімдері ерте мойындаған. Кадет кітапханасындағы барлық құнды кітаптарды аса тыңдырымдылығымен танысқан Шоқан Уалиханов Орал, Еділ, Каспий алабын, Оңтүстік Сібір, Байкал, Алтайды зерттеген П.С.Палластың осы өңірдің тарихы мен этнографиясын зерттеген П.И.Рычковтың еңбектеріндегі мәліметтер ғалымды саяхатшылыққа құлшындыра түсті. Осындай мақсаттың шыңына жету үшін Шоқан Уалиханов шет тілдерін (француз, неміс) сурет салу, карта сызу өнерінде қатар меңгерген.
1853 жылы кадет корпусын бітірген Шоқан Гасфорттың адьютанты болып орналасқан соң, қызметін атқара жүріп, Орта Азия халықтарының географиясын, этнографиясын зерттеуді қолға алады. 1855 жылы Орталық Қазақстанда, Жетісу, Тарбағатай өңірінде болып, ол жерде халықтың тарихын, әдет-ғұрпын, діни-наным сенімдерді хатқа түсіреді [3, 46].
Осындай тынбай жасаған зерттеу жұмысына қызығушылығы Шоқан Уалихановтың ағартушылығы мен ғалымдылығын басқа ұлы халықтың ғалымдары да оң қабақ танытты. Тіпті Еуропаға «айдаһар» саналған шығыстағы Қытай мен Үндістан елдерінің тарихы мен жер жаграфиясын зерттеуге құлшыныс танытқан ғалым Шоқан уалиханов қана қол жеткізген. Ендеше ағартушы ғалым Шоқан Шыңғысұлының қол жеткізген арманына бүгінгі қазақ елінің ұл-қызыда жол салары қақ. Олай дейтініміз ғалымдар салған сара жол бүгінгі және ертеңгі ұрпақтың болашағының жолы емеспе.
Ыстық көл мен Қашқарияға, Құлжа сапарларындағы барлау жұмыстарын жемісті аяқтаған Ш.Уалиханов маңыздылығы бар көптеген мәліметтер жинақтап қайтады. Сапардыңқортыныдысына риза болған Орыстың Жағрапиялық Қоғамы П.П.Семенов-Тянь-Шанский мен В.И.Ламанскийдің ұсынысы ескеріліп, осы қоғамның мүшелігіне қабылдануы ғалым мен бүгінгі қазақ халықының абройы үшін баға жетпес ризашылық еуге болады. Бұл шындығында ғалымның ғылыми іздемпаздығына берілген аса зор бағасы .
Әрине барлық жасалған, жоспарланған істер оңды жолмен шешімін тапты десек те, көптеген қиыншылықтар да кездесті. Бірақ құдай оңдап табысты аяқталды. Шоқан Уалихановтың бұл өңірді жайлаған халықтың өткендегі тарихы, әскери қуаты, саяси және экономикалық тынысы, сауда-саттық ісі жөнінде бай материалдар алып оралады. Ғалым Шоқан Уалихановтың қиыншылықпен жинаған мәліметтері қазақ тарихының беттеріне толықтыруға таптырмайтын бағалы деректер екендігі сол кезден-ақ байқалған-дыү Өкініштісі заманның ағымындағы солқылдақ саясаттың кесірі өз салқынын тидіргенін де жасырмаймыз. Өткен ғасырдың 90 жылдары ел егемендігі мен тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін бұл ағартушы ғалым жазған дерек көздері тарихтың ақтаңдақтарының орнын толтырар жазбалар мен тарих беті ретінде оралып, ғалым Шоқанның көтерген мәселесі ел мәселесі, қоғамның өзектіде халықтың іште кеткен ащы запраны екендігі анықталды [4, 56].
Қазақтың Шоқан Уалихановы тек тарих бетін толықтыруға арналған материалдармен ғана толықпады, ол өз заманының бай бағалы мұралары: ауыз әдебиетінің: аңыз-ертегілерін, тарихи аңыздарын, халық поэмасының үлгілерін зерттеді. Қазақ халқының жырау-ақындарының шығармашылығына, халық өнеріне жаны тәнті болды. Көшпелілердің жанын жайлау еткен, өзі де өнерлерін тамашалап, сұхбаттасқан дала жүйріктерінің жақсы дүниелерін қағазға түсіріп өнердің дәмдісін кейінгі болашаққа аманат етті.
Шоқан Уалиханов халық поэзиясының ойлылығына, оттылығына, көркемдігіне қатысты мағлұматтарды, этнографиялық өрнек пен басты белгілерді, көненің айғақты жұрнағын іздеген.
Замандастары Шоқан Уалихановты «Қазақ туралы жазатын орыс әдебиетшісі» дегенде, оның зерттеу еңбектерінің кестелі тіліне, образ байлығына, сөз бояуына, айшықты поэзиялық құнарына қарап бағалап, тәнті болған. Ш.Уалиханов қазақ, қырғыз халықтарының әдебиеттерінің көшбасшы-зерттеушісі болған ағартушы-ғалым.
Шоқан Уалиханов қамшының сабындай қысқа ғұмырында артына тарих, әдебиет, археология, этнография, эстетика, философия, экономика, құқық, геодезия, музыка т.б. ғылымдар саласында елеулі еңбектер қалдырған біртуар ғалым [5, 63].
Қазақ елінің Россияға қосылу процесі XVIII ғасырдың отызыншы жылдарында басталып, жүз жылдан астам уақытқа созылды. Ф.Энгельс XIX ғасырдың отызыншы жылдарына дейін «Россия үш орданы, яғни қырғыз тайпаларын тек билеп отыр деген атағына ие болып келді», - деп жазды. Патша өкіметінің реакцияшыл отаршылдық саясатына қарамастан Қазақстанның Россияға өз еркімен қосылуының үлкен прогресті мәні бар еді. Алдыңғы қатарлы орыс мәдениеті қазақтың демократиялық мәдениетінің дамуына игі ықпалын тигізді. Орыстың прогресшіл ақыл-ойының Қазақстанда өріс алуы қазақтың халық бұқараларының сана-сезіміне терең өзгерістер енгізіп, оларды орыс мәдениетіне ынталандырып, білім алуға құлшындырды. Хан билігі жойылып, жаңа әкімшілік тәртіп орнатылғаннан кейін бұл құштарлық арта түсті.
1822 жылы Қазақстанның солтүстік-шығыс аудандарында тұнғыш рет «Сібір қазақтары жөнінде Устав» енгізілді. Бұл заңның авторы М.М. Сперанский Уставты дайындай отырып, қазақтардың тұрмыс жағдайларына лайықтап өз алдына бөлек ережелер жасап шығарды [6. 21].
Уставты қабылдағаннан кейін Қазақстанның солтүстік-шығыс аудандарында сібір қазақтарының Шекаралық басқармасы құрылып, қазіргі Қарағанды, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Семей, Шығыс Қазақстан облыстары мен Қостанай обылысының кейбір өңірлеріндегі қазақтар осы басқармаға бағындырылды. Омбы қаласы осынау ұлан-байтақ өлкенің әкімшілік орталығы болып белгіленді. Шекаралық басқарманың ұйымдастырылуымен бірге қазақ сахарасында бірте-бірте округтік приказдар, яғни жергілікті әкімшілік орталықтары құрыла бастады, оны аға сұлтандар – қазақтың феодалдық бай-шонжарларының өкілдері басқарды. Бұл округтік приказдардың көпшілігі (Ақмола, Көкшетау, Қарқаралы, Аягөз және басқалары) кейіннен мәдени және сауда орталықтарына айналды [7, 23].
1854 жылы солтүстік-шығыс қазақтарының жергілікті өзін-өзі басқару орындары жойылып, сахаралық округтер орасан зор екі облысқа бөлінді: бірі –Сібір қазақтарының облысы ретінде құрылып, оның орталығы Омбы қаласы болды да, Семей облысы деп аталған екінші облыстың орталығы – Семей қаласы болып белгіленді.
Шоқан Уәлихановтың қоғамдық-тарихи майданда көріне бастаған дәуірі қазақ халқының тарихындағы маңызды кезең, қазақ халқының ұлы орыс халқымен және оның алдыңғы қатарлы демократияшыл мәдениетімен жақындасу дәуірі еді. Бұл жақындасу қазақ халқының экономикасы мен мәдениетінің дамуына даңғыл жол ашты. Шоқан Уәлиханов сияқты жан-жақты және терең білімді, алдыңғы қатарлы адамның тарихи майданға шығуы тек осы екі халықтың арасындағы экономикалық және мәдени қарым-қатынастардың нәтижесінде ғана мүмкін еді.
Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың ата-бабалары ескі сұлтандар әулетінен шыққан. Оның арғы атасы, Орта жүздің ханы Абылай Россиямен сауда және саяси байланыс жасап отырған.
Уәлихановтардың семьясында сақталған аңыз-әңгімелерге сүйене отырып, ХІХ ғасырдың екінші жартысында жазып алған өзінің жазбасында Г.Н. Потанин былай дейді: «Уәлиханның екі қыстауы болған: бірі – Көкшетаудың шығыс жағындағы Хан көлінде, екіншісі – Сырымбетте.
Хан билігі жойылып, «Сібір қазақтары жөніндегі Устав» қабылданғаннан кейін Уәлиханның бұрынғы мұрагерлік жерлері (ата мекендері) балаларына бөлініп берілді. Оның негізгі қара шаңырағы Қызылағаш үлкен баласы Ғұбайдолланың және соның ұрпақтарына көшті де, ал Сырымбет Уәлидің кіші әйелі Айғанымның балаларының еншісіне тиді.
Шоқанның әкесі Шыңғыс Уәлиев 1811 жылы Қызылағашта туған. Уәли қайтыс болғанда Шыңғыс жеті жаста екен. Сөйтіп семьяға Уәлидің жесірі, Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным (1783- 1853 жылдарда өмір сүрген) өзі бас болады.Ол шығыстың бірнеше тілдерін білген, орыс мәдениетіне мейлінше ден қойып, Сыртқы істер министрлігінің азиялық департаментімен және Петербугтегі Сібір комитетімен хат жазысып байланысып отырған. Айғаным қазақ халқы мен орыс халқының арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайту мақсатын көздейді. Айғаным Сырымбеттегі ата мекенінде қайтыс болған. Шоқан Уәлихановтың, архивіндегі өз қолымен жазған естелігінде былай делінген: «1853 жылы 19 қарашада, бейсенбі күні, екінді намазы кезінде қырғыз-қайсақ Орта жүзінің ханы марқұм Уәлидің жесірі, Сарғалдақ қызы Айғаным, 70 жасында дүние салды». Тоғыз ұл тапқан, оның екеуі бала кездерінде және екеуі жиырма жасында қайтыс болған. Айғаным орысша оқып, білім алудың маңызын терең түсінген. 1827 жылы ол өзінің баласы Шыңғысты, Шоқанның әкесін Сібірдің линиялық қазақтарының әскери училищесіне оқуға түсіреді.
Әскери училищені бітіргеннен кейін Шыңғыс 23 жасында жуырда ғана құрылған Аманқарағай округіне аға-сұлтан болып тағайындалады да, оған майор шені, бертін келе полковник шені де беріледі. Әскери училещені бітірген жылы Шыңғыс Аманқарағайға көшіп келгеннен кейін жастайынан атастырып қойған өзінің қалындығы Зейнеп Шорман қызына үйленеді.1835 жылы Аманқарағай округінің орталығы Құсмұрынға көшірілді де, содан былай ол Құсмұрын округі деп аталды. Бұл кезде Құсмұрын бекінісінің құрылысы, ондағы тұрғын үйлер мен түрлі шаруашылық және әскери гарнизонға арналған жатақ үй құрылыстары да аяқталған еді. Уәлихановтың семьясы осы бекініске келіп қоныстанады.
Шыңғыс Құсмұрында жиырма жыл тұрды. Оның жеті ұлы мен бес қызының ішінде тек қана Сақыпкерей (Қозыке) мен Апия және ең кіші ұлы Нұрмұхаммед (Көкіш) Сырымбетте туған, ал енді үлкен балаларының бәрі де Аманқарағай мен Құсмұрында туған.
Шыңғыс Сырымбетте қысты күндері ғана тұрып, жазды ылғи жайлауда өткізген. Кейде Шоқанмен Г.Н.Потанин де жазғы демалысқа келген кездерінде Шыңғыспен бірге көшіп жүрген. XIX ғасырдың 50-60 жылдарында Шыңғыстың жазғы жайлаулары Сырымбеттен алыс, Есіл өзенінің жоғарғы жағында, қазіргі Атбасар атырабында болған. Г.Н.Потаниннің суреттемесіне қарағанда Шыңғыстың белгілі жайлаулары Құлайғыр, Тоқты, Қалмақкөл және Салқынкөл маңы. Бертін келе жайлау өрісі тарыла түседі де, Шыңғыс жаз мезгілін Сырымбетке жақындау жерлерде, Қазан ауданындағы Саумакөл (Айыртау), Күйгенкөл, Ақжар жайлауларында өткізеді. XIX ғасырдың аяғында Уәлихановтардың семьясы жайлауға көшуді тоқтатып, Сырымбет өңірінен әрі шықпайтын болған. Сырымбетте Шоқанның есіміне байланысты есте қалған жерлер өте көп. Әсіресе, Сырымбет тауының басындағы биік жартас ел аузында көп айтылады. Шоқан сол төңіректегі тау көріністері мен ормандардың, өзінің туған ауылының суреттерін әдетте осы жартастың үстінде отырып бейнелейді екен. Сырымбетте болған кездерінде ол туған жерінің табиғат сәулетін: тау төскейлерін қаптай өскен қарағайлы ормандар мен шоқ-шоқ қайың ағаштарын, айнадай жарқыраған ғажайып сұлу көл айдындарын қызықтайды. Уәлихановтардың айтуынша Шоқан өзінің ата мекенін көгалдандыру, ағаштың жаңа түрлерін өсірумен көп айналысқан [8, 43].
Шоқанның ұстазы Н.Ф.Костылецкий профессор И.Н.Березинге жолдаған бір хатында (1852 жылы): «Сізді Орта жүздің соңғы ханы Уәлидің баласы, Құсмұрын приказының аға сұлтаны Шыңғыстың ел аузынан жазып алып, менің, бүгінде қайтыс болған жақын таныстарымның біріне табыс еткен «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» атты халық дастанының мазмұнымен таныстырғым келеді»,-деп жазған. Шоқанның әкесі, ғылым мен ағарту ісінің қазақ еліндегі қамқоршысы ретінде Шыңғыс Москва мен Петербургке, әсіресе географиялық және антропологиялық қоғамдарға белгілі болған адам.
Шыңғыс Уәлихановтың орысша оқып білім алған баласы жалғыз Шоқан емес, тағы да бірнеше баласы болды. Шоқанның тағы бір інісі Мақы (Мақажан) Уәлиханов (1844-1923 жылдары) суретші болды. Ол Петербургтегі керең-мылқаулар мектебінде оқып, білім алғаннан кейін түрлі ғылыми мекемелер мен кітапханаларда суретші больш қызмет істейді. Болашақ ғалым және ағартушы Шоқан Уәлихановтың туып-өскеп ортасы, міне осындай еді.
Шоқан Уәлиханов (шын есімі – Мұхаммед-Қанапия, ал Шоқан – анасының еркелетіп койған аты) 1835 жылы қараша айында Құсмұрын бекінісінде туған. Бұл деректің растығын СССР Сыртқы істер министрлігінің архивындағы Шоқан Уәлихановтың қызметі жөніндегі формулярлық тізім дәлелдейді. Нақ осы дерек басқа ресми документтерде де кездеседі. Мысалы, Шоқан Уәлихановты Орыстың географиялық қоғамының толық мүшесі етіп сайларда толтырылған анкеталық мәліметтерде 1835 жылы туған деп көрсетілген. Шоқан балалық шағын әуелі Құсмұрында, содан кейін өзінің ата мекені-Сырымбетте өткізген. Сырымбет Солтүстік Қазақстандағы тарихи аңызға айналган ғажайып сұлу өңір.
Бала Шоқанның сана-сезімі ерте оянып, рухани өсіп, жетіле беруіне әжесі Айғаным үлкен әсер еткен. Тумысынан сезімтал, дарынды балаға әжесі халық даналығының сарқылмас білім бұлағы болған. Ол Шоқанға қазақтың ескі аңыздары мен хикаяларын қызықты етіп әңгімелеп, күні кеше өзі басы-қасында болған оқиғаларды еске алып отырған. Шоқан әуелі Құсмұрындағы қазақ мектебінде оқиды. Мұнда ол араб жазуының негіздерін меңгереді және қарындашпен сурет салып үйренеді. Бұл схоластикалық мектепте тек шағатай тіліндегі орта ғасырлық әдебиет мұраларын оқумен, араб және парсы тілдерінде сөйлеп жаттығу және шығыс ақындарының өлеңдерін тақпақтап жатқа айтумен ғана айналысқан. Дәстүр бойынша сұлтанның балаларына бірнеше шығыс тілдерін үйрену, яғни «жеті жұрттың тілін білу» парыз болған. Бұл дәстүр ол кезде әлі ескірген жоқ еді, сондықтан Шоқан архив мәліметтерінің көрсетуіне қарағанда шығыс тілдерін оқып, әуелі араб тілін, кейін ұйғыр тілін де жақсы меңгерген. Шоқанның бала кезіндегі қатты құмартқан өнерінің бірі – сурет салу еді. Бұл өнерді ол Құсмұрын бекінісіндегі Уәлихановтардың үйінде ұзақ тұрған орыстың суретші-топографтары мен геодезистерінен үйренді. Оның үстіне Уәлихановтардың ауылына жиі-жиі қонаққа келіп жүрген орыс ғалымдары, инженерлер мен білімді офицерлер де қабілетті баланы көркемөнер мен әдебиетке құштарландыра түседі.
Шоқан Уәлиханов қазақтың халық поэзиясына ерте жастан құмартып, оның классикалық үлгілерін жазып алып, өзінің ата-анасына дауыстап оқып жүреді. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» және «Еркөкше» атты халық дастандарын ол тіпті бала кезінде жазып алып, кейін өзінің ұстазы Н.Ф.Костылецкийге берген. Қазақ әншілері мен жыршыларының Шыңғыстың үйіне жиі келіп жүргендігі де Шоқанның халық поэзиясына қастерлеу сезімінің ерте оянуына елеулі әсер еткен. Бірақ Шоқанның білімге құштарлығы барған сайын күшейе түседі. Ол үлкен қалада оқуды армандайды. Шыңғыс та оған терең білім беру үшін көрнекті оқу орнына кіргенін қалайды.
1847 жылдың күзінде он екі жасар Шоқан туған елінен тұнғыш ұзақ сапар шегіп, әкесімен бірге Омбыға оқуға келеді. Шыңғыс өзінің орыс достарының көмегімен баласын Сібірдің сол кездегі ең жақсы оқу орны деп санаған Сібір кадет корпусына оқуға түсіреді. Үлкен қала, байтақ өлкенің орталығы, ауылдан жаңада ғана келген зерделі балаға күшті әсер етеді. Шоқан Омбының әсем көріністеріне қатты қызығып, солардың суретін сала бастайды. Омбы кадет корпусында аса көрнекті саяхатшы және Сібір, Қазақстан, Монғолия мен Орта Азияны зерттеуші Г.Н.Потанин оқыды. Қазақстан мен Сібір халықтарының тарихын зерттеуші, орыс қоғамы ойшылдарының өткен ғасырдағы өкілдерінің бірі, публицист Н.М.Ядринцевтің есімі де Сібір кадет корпусымен тікелей байланысты [9, 17].
Сібір кадет корпусының аса көрнекті тәрбиеленушілерінің қатарына Шоқан Уәлиханов пен Г.Н.Потаниннің досы, ақырында атақты ғалым, статистик және публицист Н.Ф.Анненский де жатады. Корпустағы оқу оның көптеген шәкірттеріне, соның ішінде Шоқан Уәлихановқа үлкен ықпал етті.
Кадет корпусы жан-жақты және терең білім беретін оқу орны болды. Корпустың оқу программасында әскери пәндермен бірге жалпы география, Россия географиясы, жалпы тарих пен Россия тарихы, орыс және Батыс Европа әдебиеттері, философия негіздері, физика, арифметика, алгебра, геометрия, тригонометрия пәндері де қамтылған және сонымен қатар сызу мен сурет салу сабақтары да жүргізіліп, орыс, француз тілдері де оқытылған. Шоқан кадет корпусына келгенде орыс тілін білмейтін, бірақ сирек кездесетін қабілетінің арқасында осы қиыншылықты тез жеңіп шықты. Ол үздік оқыды, тіпті өз құрдастарының алдына түсті. «Шоқан тез кемелденді», - деп еске алды оның мектептес досы Г.Н. Потанин - өзінің орыс жолдастарын басып озды». Екінші курстан бастап, Шоқан мен оның ұстаздарының арасында жақындық және достық қатынастар орнайды [10, 23].
1852 жылы Н.Ф.Костылецкий арқылы Шоқан мен И.Н.Березиннің арасында достық байланыс орнайды. И.Н.Березіннің еңбектері Шоқанды ертедегі жазба ескерткіштерін зерттеу ісіне құлшындырады және ол өзінің алғашқы ғылыми еңбектерін осы хан жаңалықтарын талдау мәселесіне арнайды. Осының бәріне себепкер болған адам, жас Уәлихановтың тез жетіліп, кемелдене беруіне үздіксіз қамқорлық жасап отырған – Н.Ф.Костылецкий еді. Костылецкий өз заманының ең алдыңғы қатарлы идеяларын жақтап, Белинскийдің еңбектерін насихаттап отырған. «Костылецкий, - деп жазады Г. Н. Потанин, - өр мінезді әрі өткір тілді, сөзшең адам, еді. Ол Белинскийдің идеяларына табынып, Гогольді ардақтап, қадір тұтты, өзінің тіл және әдебиет тарихында ол Белялскийдің мақалаларын басшылыққа алып, соларға сүйенгені үшін корпусты тексерген генерал-инспектордың бірінен сөгіс алды». Г.Н.Потанин Шоқанның кемелденуіне және өз басының ересен дарындылығы және кадет корпусындағы қазақ халқының сол кездегі жалғыз ғана өкілі ретінде оған ерекше назар аударылуы себеп болды дейді. Шоқанға тек корпустың оқытушылары ғана емес, сонымеп қатар Омбы интеллигенциясының кейбір көрнекті өкілдері де зейін қойды. Әдетте де мерекелерде оны Уәлихановтардың семьясымен достық қатынастары бар осындай адамдардың бірі үйіне шақырушы еді.
Алғашқы оқу жылдарында Шоқан шығыстың зерттеуші Сотпиковтың, кейін сурет пәнінің оқытушысы Померанцевтың үйлеріне барып жүрді. Корпуста болуының соңғы жылдарында білімді офицер К. К.Гутковскийдің семьясында жиі қонақ болды. Осы байланыстарының арқасында Шоқанның кемелденуі құрбы-құрдастарына қарағанда жедел болды, өйткені оның таныстық шеңбері әдетте кадет корпусынан әрі аспайтын еді. «Уәлихановтың ой-өрісі кеңейіп, дүниеге көзқарасының қалыптасуына тарих пәнінің оқытушысы, ғылыми қызметке дайындалып жүрген аса білімді адам– Гонсевскиймен етене жақын болуының үлкен маңызы бар еді, Гонсевский корпуста қоғамдық қозғалыстар тарихы жөнінде лекция оқыды және оның лекцияларының біздер үшін үлкен маңызы болды», - дейді Г. Н. Потанин.
Шоқанды туған баласындай көрген Гонсевский оны өзінің пәтеріне жиі-жиі шақырьш, оған бейнебір қамқор адамындай баскөз бо¬лып жүреді. Осындай терең білімді оқытушысымен үнемі бірге болып, одан естіген әңгімелері Шоқан Уәлихановқа күшті әсер етеді, рухани өміріне өшпес із қалдырады. Гонсевский оған әр түрлі елдердің тарихы мен сонау ескі замандардан бастап XIX ғасырға дейінгі Европа мсн Россияда болған қоғамдық қозғалыстар тарихы жөнінде талай-талай әңгімелер айтады. «Гонсевскийдің әңгімелері сол кездің өзінде-ақ оны (Шоқан Уәлихановты) саяси көзқарастарымен таныстырды, ал енді оның жолдастары үшін бұл көзқарастар ол кезде әлі беті ашылмай жатқан жабық кітап болатын», - деп жазды Г.Н. Потанин. Корпустың осындай маңдай алды оқытушылары жас Шоқанды білімге, ғылымға талпындырып, оның демократиялық көзқарастарының қалыптасуына көмектескен, озбырлық пен әділетсіздікке қарсы өшпенділік рухын көтеріп, кітапқа, ғылыми әдебиет пен көркем әдебиетке құштарлығын күшейте түскен.
Жас Шоқан буржуазиялық қоғамды шыншылдықпен бейнелеген философиялық трактаттар мен әлеуметтік романдарды терең зерттеп оқиды. Белинский мен Герценнің әшкерелеуші мақалалары мен Гогольдің зәрлі сықағы Шоқанның көңілінен шығады және ол қоғамдық кеселдермен, өмірдегі ұят арсыздықтармен бетпе-бет келгенде әрдайым соларға жүгінеді. Шоқан негізінен орыстың ұлы ойшылдары Белинскийдің, Герценнің, кейінірек Чернышевский мен Добролюбовтың шығармаларынан өзінің философиялық танымдарын қалыптастырды [11, 20]. Уәлиханов Карлейльдің әлеуметтік-философиялық трактаттарымен танысады. Шоқан өз мақалалары мен жазбаларында кейде соларға сүйенеді.
Пушкин меп Лермонтовтың поэзиясы Шоқанға зор әсер етті. Ол бұлардың көптеген өлеңдерін жатқа білді. Шоқан Батыс Европа жазушыларынан Руссоның, Диккенстің, Теккерейдің, кейінірек материалист-философтардың еңбектерін зор зейін қойып оқыды. Шынымен, Шоқанға өзін қызықтыратын кітаптарды тауып алу сәті түсе бермеді. Корпус бастықтары кадеттердің прогресшіл бағыттағы әдебиетті, әсіресе, Белинскийдің, Герценнің шығармалары және Батыс Европаның материалистерінің еңбектерін оқуға тыйым салды. Сөйткенмен де, Шоқан корпуста оқьш жүрген кезінде тыйым салынған әдебиеттің көбін оқуға мүмкіндік тапты. Жазғы демалыс кездерінде Шоқан Уәлиханов өзінің ауылы – Сырымбетке баратын. Бұл сапарлары оған үлкен ләззат алуымен қатар, өзінің туған еңбекқор халқының өмірін жақыннан көріп, оның өлең-жырларын, аңыз-ертегілеріп жазып алып, халық тұрмысының көріністерін суретке салып бейнелеуіне мүмкіндік беретін.
Зейінді Шоқанға сурет салу өнері сол кездің өзінде-ақ халық өмірін бейнелеудің тамаша бір құралы болып табылады. Ол өзінің аулында, туғандары мен достарының арасында жүріп, Сырымбеттің, жазғы жайлаулар мен мекен-қоныстардың суреттерін салумен шұғылданады. 1847-1852 жылдарда салған суреттерін Шоқан «корпустан елге, отпускіге барғанда язмыш суреттер», яғни корпустан елге демалысқа бәрған кезде салған суреттер,-деп атайды. Демалыс кездеріндегі Шоқанның қызықтайтыны сол баяғы құс салып, аң аулау болады. Алайда Шоқан сұңқармен аң аулауға енді басқа көзбен қарайтын болды. Бұл іс ол үшін спорттың тек тартымды түрі ғана емес, сонымен қатар зерттеу объектісі де болды [12, 45].
Корпусқа қайтқаннан кейін Шоқан өзінің көрген-білгендерін Г.Л.Потанинге бастан-аяқ әңгімелеп, айтып жүреді. «Кадет корпусының соңғы курстарында оқып жүрген кезімде қырғыз даласының географиясы мен этнографиясын зерттеу менің сүйікті кәсібіме айналды және Шоқан өзінің әңгімелерімен менің дәптерлерімді толтыруыма көмектесіп жүрді. Біз қазақтардың сұңқар салып, саяттық құру салтын дәптерге толық жазып алдық. Шоқан қырғыздардың қызық көретін бұл салтымен бала кезінен-ақ шұғылданған болуы керек, өйткені ол сұңқарды қалай баптап күтудің әдісін және де қырғыздардың жалпы аңшылық, кәсібін өте жақсы білетін. Ол айтып отыратын да мен жазып отыратынмын, содан кейін ол сұңқардың томағасы мен тұғырының, дауылпаз бен оқ-дәрі салатын құтының, мылтық пен тағы басқаларының суреттерін салып, менің жазбамды толықтыра түсетін»,- деп жазады Г.Н.Потанин.
С.Ф.Дуров, Г.Н.Потанин, Н.М.Ядринцев Уәлихановтың көп білетіндігін, әсіресе шығыс әдебиетінен көп мағлұматы бар екенін жоғары бағалаған. Провинциялық Омбы даласында тұрған кезінде Шоқан шығыс мәдениеті, география мен тарих және философия жөнінде жазылғап кітаптарды арнайы жинап, өте бай кітапхана құрап алады. Шоқанның Омбыдағы пәтерінде болған (1856) Семенов-Тян-Шанский Уәлихановтың өз кітапханасына таңдап, сұрыптап жинаған кітаптары оған үлкен абырой әпереді деп санаған.
Шоқан Уәлихановтың ағартушылық идеялары мен демократиялық көзқарастары кадет корпусында оқып жүрген кезінде-ақ қалыптаса бастайды. Шоқан корпустан жан-жақты терең білім алып, өзінің замандастарынан өpeci анағұрлым биік адам болып шығады. Ол қаусаған кәрі қоғамның принциптеріне сенбейді де, одан теріс айналып, ғылым жолына түседі. Шоқан кадет корпусын 1853 жылы он сегіз жасында бітіріп, apмиялық атты әскерлердің корнет деген офицерлік атақ алып шығады.
Шоқан Уәлиханов бала кезінің өзінде-ақ аса қабілеттілігімен, зеректігімен көзге түседі. Сәбит Мұқановтың айтуынша, сол кездегі Құсмұрын округінің аға сұлтаны болып тұрған әкесінің татар тілінде жүргізілетін іс қағаздарына көмектесуге Шоқан кішкентай күнінде-ақ жараған. Бұл пікірлердің дұрыстығын ғалымның өз сөзі де дәлелдейді. «Едіге» жырының бір түрін сұлтан Шыңғыс Уәлихан күрлеуіт қыпшақ Жұмағұл ақыннан жазып алған, соны әркімдердің ауызында жүрген нұсқалармен салыстырып, екінші түрін жасаған, үшінші түрін Арыстанбай ақынның аузынан жазып алған. Осы үш түрді 1842 жылы әкем, Ахмет Жантөрин және мен үшеуіміз салыстырып отырып, қазіргі нұсқасын жасадық»,-дейді Шоқан. Ол жасында жақсы тәрбие, жан-жақты білім алады. Халық ауыз әдебиетінің тамаша үлгілерін естіп біледі, музыкалық өнеріміздің байлығына, оның мазмұндылығына қанығады. Төл әдебиетіміздің інжу-маржандарын біртіндеп бойына сіңіре береді. Қобызшы Құрымбай Қанғожин мен әнші Көке Алжановтың, Шөженің, Жыршы Қарке мен атақты Тулақ қобызшының баласы музыкант Төлепбергеннің өнерлерін көруден, естуден бір сәт те жалықпайды. Олар жоқта әжесі Айғанымға алуан түрлі ертегі, жыр, өміріндегі кейбір елеулі жайларды айтқыздыртады.
Шоқан Уәлиханов жайлы Ә.Марғұланның зерттеулерінде атап көрсетілгендей, Шоқанның әжесі Айғаным (1783-1853) көптеген шығыс халықтарының тілдерін білген, олардың бай ауыз әдебиеті үлгілерінің бірталайын жатқа айта алған, орыс мәдениетінің маңызын қазақ әйелдері ішінде бірінші болып түсініп, баласы Шыңғысты 1827 жылы Сібірдегі әскери училищеге оқуға берген, орыс-қазақ достығын жақтап, ауылына келген орыс зерттеушілерінен қолайлы жағдайлар туғызып отырған, жас Шоқанның оларға еліктеуіне, сөйтіп, өнер жолын қууына ешбір шектеу жасамаған, қайта баланы ойшылдыққа баулыған, алдыңғы қатарлы мәдениет пен ғылымды жоғары бағылап, немересі Шоқанның рухани өсуіне үлкен ықпал жасаған. Кішкентай Шоқан Ақмола мен Баянауылдың әсем табиғатымен танысып өсті. Сұлу Көкшенің тік шыңдарына тамашалай қарады, қазақтың қызғылықты аңшылық кәсібіне бой ұрды. Халқымыздың қыз ұзату, шілдеханаға бару, ас беру салтын, ақындар айтысын өз көзімен көріп, олардан рухани нәр алды. Мұндай жайлар жас Шоқанның өзі өскен ортасын жіті тануына, айналасына ойлы көзбен қарауына халқына деген сүйіспеншілігін ерте оятты [13].
Шоқан Уәлиханов әуелде Құсмұрындағы қазақ мектебінде арабша хат таныды. Шағатай тіліндегі орта ғасыр әдебиеті ескерткіштерімен танысып, араб, парсы тілінде сөйлеуге жаттықты. Шығыс ақындарының өлеңдерін жаттады. Шығыс тілдері мен олардың бай мұраларына, араб, түркі жазуларына қатты көңіл бөлді [14, 16].
Араб, орыс алфавитінің жазылуын тез меңгеріп кеткен дарынды Шоқанға Шыңғыс қазақтың халық поэзиясын, аңыздары мен жырларын, әңгімелері мен ертегілерін көшірте бастайды. Соған орай ол «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Ер Көкше», «Ер Қосай» жырларының бірнеше нұсқасын қағаз бетіне түсіреді, кейін оларды кадет корпусындағы оқытушысы Н.Ф.Костылецкийге тапсырады. Костылецкий – әдебиетші-ориенталист (Шығыс зеттеуші), Шоқанға көп ықпал еткен адам. Оның атына қазақтың көптеген фольклорлық материалдарды жер-жерден жіберіліп тұрған. Мысалға, сол кездегі бір топ оқыған азаматтар Халиолла Өскенбаев (Абайдың ағасы), Мұстафа Бүркітбаев (Баянауылдан), Сәдуақас Анаев (Көкшетау округінен), ағайынды Ханғожиндер (Аягөзден) Костылецкийге халық ауыз әдебиеті үлгілерінің тамаша нұсқаларын жинап беріп отырған. Шоқан Уәлиханов халықтың осынау мәдени байлығын сүйсіне тыңдаушы, тебірене жинаушы болды, кейін білімі толысқан соң, оның нағыз зерттеушісіне айналды. Өз халқының бай мұрасын жетік білуі болашақ ғалымның дүниетанымына игі әсер етті. Оның демократтық көзқарасының қалыптасуына көмектесті.
Шоқанның биікке көтерілуіне сол кездегі ғалымның дамуы мен саяси ағымның ықпалы күшті әсер етті. Шыңғыс ауылына келіп, зерттеу жұмыстарымен шұғылдана бастаған орыстың оқыған азаматтары мен офицерлері, кейін кодет корпусындағы прогресшіл оқытушылар мен ондағы бай кітапхана, Пушкин, Гоголь, Диккене еңбектері мен Герцен, Белинский идеялары талантты жастың әлеуметтік мәселелерге батыл араласуына жәрдем тигізді. Шоқанның кадет корпусында оқуының елеулі маңызы болды. Сонымен бірге корпуста шығыс тілі класы болды. Онда француз тіліне қоса түркі тілдері де оқытылатын. Аса дарынды Шоқан осы пәндердің қай-қайсысынан болса да жақсы білім алып шықты, әмбебап ғалым болуына корпуста жүргенде-ақ негіз қалады. Ол француз тілін жақсы білуі нәтижесінде Батыс Европа әдебиетіне терең бойлай алды.
Ауылда ауыз әдебиетін құмарта тыңдап өскен Шоқан демалысқа келгенде, елдегі аңыз, әңгімелер мен жырларды үздіксіз жазып алып отырған. Шоқанның бұл дәстүрі саяхатта болған кездерінде одан әрі дами түсті. Қырғыз еліне барғанда «Манасты» жазып алуы, Құлжада ұйғыр тілін үйреніп, әдебиетімен танысуы, Қашқарда көптеген әдеби кітаптарды қолға түсіруі, ақыры Шоқанның Петербург университетінің шығыс факультетіне тыңдаушы болып қабылдануы ғалымның филология мәселелерімен кең шұғылданғанын көрсетеді. Шоқан қазақтың ауыз әдебиеті туралы жазған және жинаған материалдары зор мұра дейді Потанин. «Егер қазақ халқының арасында Шоқанды оқи алатын орта болса, ол өз халқының кемеңгері, өз елі әдебиетінің қайта өркендеуінің басы болар еді».
Ғалымның қоғамдық-әлеуметтік қызметі кадет корпусын бітірген соң бірден басталды. Дарынды ойшыл халық творчествосы туралы құнды-құнды зерттеулер жазды. Атақты “Жоңғар очерктері” үлкен бірнеше папка деуші еді. Ол әдебиетті өзі ғана сүйіп, зерттеп қоймай, басқа да дос-жарандарын оны қастерлей білуге шақырды, інілеріне де елеулі ықпал етті. Шоқан елге келген сайын ақыл-ойының толысып, кемелдене түскенін аңғартатын, сөйлегенінде ғылыми сөздерді жиі қосып, тың пікірлер айтатын. Ондайда кең маңдайы, жарықшақсыз үні, тізілген аппақ меруерттей таза тістері, езуінде мысқыл ойнаған жұқа еріндері мен ажарлы келбеті тыңдаушысына ерекше әсер қалдыратын.
Адамды бірден өзіне тартып, баурап әкететін ұтымды, ұтқыр шешендігі, қоғамдағы әділетсіздікті шенейтін әңгімелері, әсіресе, талантты інілеріне қатты ұнайтын, олар барынша ағасына ұқсап бағуға тырысатын, еліктейтін. Шоқан осы бір шоқтай үйірілген, білуге ынтық жастардың қаулап өсіп келе жатқанына ризалық білдіретін, әттең орысша-қазақша мектеп ашып, бұларды да озық идеялармен сусындатар ма еді, деп армандайтын.
Әкесі Шыңғыстың парасаттылығы мен әжесі Айғанымның шежіресі, әрі білімділігі, орыстың оқыған азаматтарының игі әсері, кітап құмарлық, ізденгіштік Шоқан Уәлихановтың ғылымға деген, әдебиетке, өнерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға, ағартушылық, гуманистік, адамгершілік қасиетін дамытуға басты негіз болды.
Шоқан халықтың ауыз әдебиетін өзіндік беті бар құнды мұра деп жоғары бағалаған. Қазақтың аңыздары мен жырларының, күйлерінің пайда болуына, олардың тарихи кезеңге, оқиғаға байланысты екеніне назар аударды. Фольклорлық материалдар Шоқанға қазақ халқының мәдениет байлығын зерттеп білуге басты негіз болды. Өзінің он жылдық творчестволық еңбегінде, өткен ғасырдың 50-жылдарының ортасы мен 60-жылдарының ортасында, Шоқан фольклоршы ретінде қыруар еңбек етті [15, 13].
Жасынан халық ауыз әдебиетін сүйіп тыңдап, құмарта жазып жүрген Шоқан осынау мол мұраның – өз халқының ғасырлар бойы жасаған гуманизмге толы бай ауыз әдебиетінің алғашқы төрешісі де өзі болды. Рас, Уәлихановтан бұрын да қазақ ауыз әдебиетін жинап зерттеушілер, оны там-тұмдап болса да, баспа орнына беруші Шығыстану ғылымымен шұғылданған адамдар өмір сүрді. Бірақ олардың көпшілігі жол жөнекей жазған күнделіктерінде, белгілі бір саяхатнамалары мен хаттарында, арнайы құжаттық есептерінде, мемлекеттік елшіліктер кезіндегі толтырылған «журналдарында» халықтың өзіндік ерекшеліктеріне тоқтала келіп, олардың тіл байлығын, әдет-салтын, мақал-мәтелдеп сөйлеуге шеберлігін, суырып салма ақындардың айтыс өнеріне бейімділігін, дала тұрғындарының ән, күйге, жырға құмарлығын және басқа да байқағандарын қысқаша баяндаумен шектелген. Шоқан өмір сүрген замандағы кейбір әдебиетшілер халықтарды түрлі топқа бөліп, олардың көбін өзіндік мұрасы жоқ, сондықтан, басқа «мәдениет» халықтардан сюжет ауыстырып алу арқылы әдебиеттік мұра қалдырды деп кінә тағуға дейін барды, яғни, жеке халықтардың мәдени мұрасын жоққа шығаруды көздеген түрлі ағымдар пайда болды [16, 28].
Халық мәдениеті мен ақыл-ойының көрсеткіші есебінде танылатын халық творчествосын талмай зерттеген оқымысты оны басқа ел ауыз әдебиетімен салыстыра қарады. «Жоңғар очерктерінде» қырғыздар мен қазақтардың көптеген ертектерін, мифтарын, эпос жырларын және аңыздарын жинап жүріп, олардың Европа халықтарының, әсіресе, славяндардың, сол сияқты шығармаларының сарынына ұқсастығына таң қалған. Әдебиет – халықтың жаны, құлақ-күйі, ар ожданы, зор байлығы, елдігінің белгісі деп білген, одан «халықтың рух, ұғым, әдет, өмірлік кейіп» көрінеді деген ғалым басқа да ғылыми жұмыстармен бірге әдеби көне мұраларды жан-жақты зерттеуге құлшына кіріседі. Ол бұл жауапты сапарда білімін де, қажыр-қайратын да, қажет болған кезде денсаулығын да аяған жоқ. Азаматтық перзенттік қасиетті парыз, өткен дәуірлердегі тылсым тірліктің мәнін, өте ертедегі мәдени қазынаның қайнар көзін, терең тамырларын білуге құштарлық оны түпсіз тұңғиыққа құлаш серметті, озық идеяның ұшқыны, халқының тағдыры болашаққа қанат қақтырды.
1.2 Ш. Уәлиханов жазбаларындағы ұлттық тарихи таным мәселелері және тұлғаның қоғамдық саяси қызметі

Шоқан Уәлихановтың қоғамдық және әдеби қызметі оқуды бітіріп шығысымен-ақ бірден басталады. Ресми жағынан Сібірдің казак әскерлерінің, алтыншы атты аскер полкының, офицері больш тағайындалғанымен, шынында, Шоқан Батыс Ciбip генерал-губернаторының, жанында қалдырылады да, арада бip жыл өткеннен кейін Батыс Ciбip мен Қазақстанның солтүстік-шығыс аудандарын басқарып отырған генерал Гасфорттың адъютанты болып тағайындалады. Сонымен қатар өлкенің Бас басқармасы бойынша Шоқан Уәлихановқа төтенше тапсырмаларды орындайтын офицер кызметі де жүктеледі. Қызметке орналасысымен-ақ Шоқан Уәлиханов бірден офицерлер мен чиновниктер ортасына, яғни корпустағы өзіне мәлім оқымысты әрі алдынғы қатарлы прогрессивті адамдарға мүлдем қарама-қарсы ортаға тап болды. Бұл ортаның көпшілігі царизмнің отаршылдық аппаратын билеп-төстеп отырған реакцияшыл офицерлер мен чиновниктер еді. Олардың басында генерал Гасфорт пен Сібірлік қырғыздар облысын басқарған оның көмекшісі фон Фридрихс тұрды. Бұл генералдар кімдер және қазақтарды қалай басқарғаны туралы Ф. М. Достоевскийдің досы Врангель мен Батыс Ciбipде ұзақ қызмет еткен және Шоқанды жақсы білетін Бас штабтың офицері И. Ф. Бабковтың кітаптарында өте айқын көрсетілген.


Бұл офицерлер мен чиновниктерді Батыс Ciбip мен Қазақстанға қандай ой жетектеп келді? Бұл сұраққа: тек қана оңай олжа табу ниеті, Шоқанның Достоевскийге жолдаған хатында жазғанындай «тәуелсіз Татарияның кең жазирасында аздап байып алу», «қырғыздарды тонап, олардың, ақшасына өздерінің әйелдеріне жібек ленталы атлас көйлек тіктіру ниеті ғана жетектеп әкелген» деуден басқа жауаптың бip де бipi дөп келмейді. Оңай олжа құмарлар үшін Батыс Сібір мен Қазақстан әртүрлі қулық сұмдық, озбырлық және алдау арқылы тез баюға болатын орынға айналды. Шоқанның досы С. Я. Капустин өзінің Шоқан туралы естеліктерінде: «Мұнда астаналардан, Орталық, Россиядан, оның Финляндия, Польша патшалығы, Қырым, Кавказ сияқты шет аймақтарынан жұрт ұдайы келіп жатты. Мұнда мансап іздеген, қаржы- қаражаттарын жөндегісі келген, нендей бip оқиғаға қатысқан сұм-сұрқиялар жетуге асық болды» [17, 42]. Өлкедегі жоғарғы әкімшілік аппаратта отырған Дюгамельдер мен Фридрихс, Кройерустар сияқты патша өкіметінің басқа да отаршылары қара ниетті пайдакүнем, жеке басының қамын ойлап, байлықты ғана көксеген арамзалар болды. Правосыз өлкені емін-еркін билеп-төстеп отырған патша жендеттері неше қилы заңсыздықтар істеді, қызмет орнын пайдаланып, қиянатшылық жасады, жүгенсіз озбырлық пен парақорлыққа салынды. Сібір қазақтарының облыстық басқармасында істеген Батыс Сібір чиновниктерін өзінің бес саусағындай білетін Федор Достоевскийдің «Сібір жері салқын болғанымен чиновниктер жылы тұрады», деген мірдің оғындай өткір сөздері нақ солар жөнінде айтылған болатын.
Отыршылдық аппараттағы чиновниктердің қылмысты әрекеттері жөнінде Батыс Сібір мен Қазақстанға келіп-кетіп жүрген прогресшіл ғалымдар мен жазушылардың, саяхатшылардың бәрі де жазған. Олардың жауыздығы жайлы Петербургтағы Ф.М. Достоевский, А.Н. Майков, В.С. Курочкин, К.К. Гутковский және басқа достарына Шоқанның өзі де талай ызалы хаттар жазған.
Батыс Сібірде жер аудару мерзімін өтеп жатқан декабристер мен петрашевшілдер Фридрихстан көп қорлық көрді. Жас Шоқанның қоғамдық көзқарастарын қалыптастыруға орасан зор ықпал еткен революционер-демократ, ақын Сергей Федорович Дуровқа Фридрихстің нұсқауы бойынша тергеу жасап, қатты азаптаған. Атақты публицист, Амур газетінің редакторы В.И. Вагин Г.Н. Потанинге былай деп жазды «Цензура деген бір бәле болды, цезордың өзі ештеңе емес, бірақ ол газетті өзінің қаруы етпекші болып отырған Фридрихстің бұйрықтары бойынша әрекет етуде.
Тікелей Фридрихстің басшылығымен жұмыс істеуге тиісті болған Шоқанның жағдайы өте ауыр болды. Шоқанның Петербургтағы достарына жазған хаттарынан көргендей, Дюгамель, Фридрихс және олардың сыбайластары Кройерус пен Кури өздерінің қылмысты істерін әшкерлеп, заңсыздыққа, талаушылыққа, парақорлыққа қарсы, патшаның отаршылдық аппараты тудырған зұлымдық атауларының бәріне қарсы аянбай күрескені үшін Шоқанды үнемі қудалап, зәбірлеп отырған. Дарынды Шоқан Уәлихановтың зор табыстарын күндеуші патша чиновниктері оның ғылыми бастамаларына кедергі жасап, Қашқар экспедициясының нәтижелерін жоққа шығаруға тырысады, Атбасар округтік приказының аға-сұлтаны болып сайлануына бөгет жасайды. Шоқан бұл қорлыққа шыдай алмай, соның зардабынан ауруға да шалдығады. Уалихановтың замандасы А.К.Гейнс 1865 жылғы жазбасында бірнеше рет осылай қорлап, тобықтан қағу «...биылғы жылы Шоқанның түбіне жетті», - деп ашықтан-ашық жазды [18, 40].
Шоқан Уәлиханов мұндай қара ниетті ортадан құтылып, қоғамдық пайдалы еңбекпен шұғылданудың жолдарын іздейді. Ф.М. Достоевскийге жазған хатында (1856 жылы) ол өзінің былыққан пасық ортада өмір сүріп, қызмет істеуіне тура келгендігіне налып, мұңын шағады.Шоқан туған еліне творчестволық жемісті еңбек етуді аңсады. Ақыры ол осындай мүмкіндікке ие болды. Бұл сол кезде Қазақстанда Ұлы жүз қазақтары мен Ыстықкөл қырғыздарының Россияға өз еркімен қосылуы нәтижесінде туған тарихи жағдайдың өзгешелігіне байланысты еді. Баршаға аян, Ұлы жүз қазақтары XIX ғасырдағы 40 жылдардың басында – Россияның мәңгі боданы болуға ант берді және осыған байланысты 1845 жылы жаңа Қапал қамалы салынды. Верный бекінісі ол кезде жоқ еді. Іле өлкесінде, Тянь-Шань тауында, сол секілді Шу алқабында атқарылуға тиісті үлкен де күрделі жұмыс тұрды. Мұнда Қоқан хандығының ықпалы әлі күшті еді, бұны Жетісу шонжары Тойшыбектің сөздерінен аңғаруға болады. Дегенмен, жергілікті халықтың арасынан шыққан білімді адамдарға патша әкімшілігі өте зәру болды. Бұл жөнінде Шоқан Уәлиханов таптырмайтын адам еді. Жастығына қарамастан (18жасар) ол қазақ халқының тұрмысын, әдет-ғұрпын, рухани және материалдық байлығын тамаша білетін, бірқатар шығыс тілдерін үйренген. Аталған себептер арқасында Шоқан осы маңызды міндетті орындауға тартылды.
Гутковский, Хоментовский және Перемышельский – Уалихановтың ең жақын достары еді. Олар білімді офицерлер, озық көзқарасты адамдар болды. Москва университетінде бірге болған. М.Ю.Лермонтовтың жолдасы Перемышельский Петербургтен «Современник» журналын жаздырып алатын және өзінің пікірлестерімен орыс баспа сөзінің осы демократиялық органын бірге оқитын. Бұл кезде (1854 жылы) Жетісу өлкесінде жұмыс істеген Г.Н. Потанин «Перемышельскийдің отрядында мен орыс журналистикасымен бірінше рет таныстым», - деп жазды.
1854-1857 жылдары Шоқан Ұлы жүз қазақтарының және қырғыздан бұғы, сарыбағыш және солты руларының Россияға бейбіт жолымен қосылуы туралы мәселені шешуге жігерлі түрде қатысады. Сонымен бірге ол қазақтар мен қырғыздардың географиясын, тарихын, әдет-ғұрпын, халық поэзиясын күш салып зерттей бастайды.
1855 жылы Шоқан генерал Гасфорттың сапарына қатысады. Орталық Қазақстанды, Жетісуды және Тарбағатайды аралады. Оның маршруты Омбыдан Семейге дейін, одан Аягөз, Қапал арқылы Іле Алатауына дейін болды, бұл кезде Верный бекінісін салу ісі жүргізіліп жатты. Бұл сапары Уәлихановтың қазақ халқының тарихы мен әдет-ғұрпын терең зерттеуіне негіз салды. Шоқан статистика жөнінде қазақтардың заң дәстүрлері мен ертедегі діні жөнінде мәліметтер жинайды. Қайтар жолда Шоқан Гасфортты Алтын Емел жотасына дейін ғана шығарып салып, осы жерден Жоңғар қақпасына дейін барды. Алакөл ауданында және Тарбағатайға сапар шекті, содан кейін Орталық Қазақстанға беттеп, Қарқаралы, Баянауыл және Көкшетау арқылы жүрді, күзде Омбыға оралды. Бұл сапар жас Уәлихановқа өшпес әсер қалдырды. Ол тұңғыш рет қазақ еңбекшілерінің өмірімен кең танысып, олардың тарихи аңыздары мен өлеңдерін жазып алды. Оның дарыны мен білімін, тіпті генерал Гасфорттың өзі де қадірлейтін болады.
Бұл сапарынан қайтып келгеннен кейін Гасфорт Шоқанға аса мақтаулы мінездеме беріп, наградаға ұсынады. «Наградаға ұсынылып отырғандардың ішінде менің жанымдағы корнет Уәлиханов сұлтан да бар, оның қызмет істегеніне небәрі екі жылдай болса да, қырғыз тіліне мейлінше жетік болуының және жергілікті қырғыздардың әдет-ғұрпын терең білуінің арқасында менің сахараға шыққан сапарымда қасыма ере жүріп, үлкен пайда келтірді. Ол Сібірдің кадет корпусынан терең білім алып шығып, әскери қызметке кірді, сондықтан мұндай игі бастаманы қуаттау ретінде әрі қырғыздардың өз балаларын біздің қызметімізге беруі жөніндегі ынтасын күшейте түсу мақсатымен және сол арқылы олардың бізге неғұрлым жақындай беруін көздеп, мен Уәлихановты мархабатты сыйлықпен наградтауды қажет деп табамын, оның үстіне Уалихановты жергілікті қырғыздар ерекше құрметтейді», - деп жазады Гасфорт.
1856 жылдың басында Уалихановқа поручик шені беріледі. Омбыға қайтып келгеннен кейін Шоқан өзінің жинаған материалдарын қорытындылай келіп, сол материалдары негізінде қазақтардың жерді пайдалану мәселесі жөнінде, олардың рулық және семьялық қарым-қатынастары мен ертедегі діні жайлы ресми запискалар жазады [19, 49].
1856 жылы Уалихановтың ғылыми еңбегінің дамып, өркендей беруіне кең өріс ашылады. Ол Хоментовский деген білімді офицердің басшылығымен ұйымдастырылған үлкен әскери-ғылыми экспедицияға қатысады. Экспедицияның мақсаты қырғыз халқымен танысу және Ыстықкөл алабын картаға түсіріп алу еді. «Бұл экспедицияға қатысуымыз үлкен абырой болды. Сөйтіп, Алатау қырғыздарының арасында екі ай жүріп, көбінесе солардың аңыздары мен тілін зерттеп, әрқилы пайдалы мәліметтер жинап алдық, - деп жазады Уәлиханов. Хоментовский мен Перемышельскийдің хабарларына сәйкес Ыстықкөл экспедициясы қырғыз манапы Боранбайдың өтініші бойынша ұйымдастырылған, ол былай деп жазған: «Сіз бізге келіп, өз көзіңізбен көріп, бізге білмейтінімізді үйретсеңіз екен, бізге берген ақыл-кеңестеріңіз албандар мен дулаттар сияқты бізді тыныштандырып, бізді сарыбағыштармен татуластырар еді». Бұл міндеттің үдесінен шығу Шоқан Уәлихановқа тапсырылды [20, 34].
Хоментовскийдің жобасы бойынша экспедиция ерте көктемде Іле Алатауының асулары арқылы жөнелуге тиіс еді, алайда генерал Гасфорттың ұсынысы бойынша Шоқан Уәлихановтың Іле өлкесіне келуіне байланысты ол Верный бекінісінен кешігіңкіреп аттанды. Экспедиция құрамында қазақтардан басқа Яновский бастаған топограф тобы, аудармашы И.А. Бардашев, албан, жалайыр және дулат руларынан қазақ сұлтандары мен билері, оның ішінде әйгілі Әбілес Тазабек (Тезектің бауыры), Бұлан Сасыбаев, Байғозы Тіленшин, Жайнақ Терімбеков және басқалар, барлығы жүзге тарта адам болады. Мамырдың бас кезінде Верныйдан шыққан экспедиция Шелек өзенінің аңғары арқылы Шарын өзені бойымен жүріп, оның төрт сол жақ тармағын – Үш Меркені және Шырғанақтыны кесіп өтті; одан әрі Қарқара аңғарымен жоғары жылжып Сантас асуы арқылы Түпе өзенінің аңғарына өтіп, Ыстықкөлге құлады. Шоқан Шелек аңғарында экспедицияға қосылды. Жазбалар мен топографиялық суреттер түсіре отырып, баяу жылжыған экспедиция тек маусымның орта тұсында ғана Ыстықкөл жағалауына жетті. Жұмыс жөнінде есеп жазып жіберуге, күнделіктер толтыруға мүмкіндік болған, яғни ұзақ табан тірелген аялдамалар Мерке, Түпе, Өрікті және Ақсу өзендерінде болды. Осы өзендердің аңғарларында экспедицияға қатысушылар топографиялық суреттер түсірумен қатар аң және балық аулаумен айналысты, бұлар да Шоқанның далалық суреттемелерінде бейнеленген.
Омбыда тұрған кезінде Шоқан Уәлиханов Гутковский мен Капустиндердің үй іштерімен араласып жүреді. Кадет корпусының жоғарғы кластарында оқып жүрген кезінің өзінде-ақ олар Шоқанды ең жақын туысындай көріп, қарсы алып отырады. Бұл екі үйдің екеуі де өздерінің алдыңғы қатарлы көзқарастарымен белгілі болған, орыс мәдениетінің аса көрнекті қайраткерлерімен достық және туысқандық байланысы бар семьялар еді. Яков Федорович Капустиннің әйелі Екатерина Ивановна орыстың данышпан ғалымы Дмитрий Иванович Менделеевтің туған қарындасы болатын. Капустиндердің үйі «...алдыңғы қатарлы адамдардың ерекше бір клубы іспетті еді [21, 73]. Мұнда олар ғылыми жаңалықтар, әдебиет пен искусство жайлы әңгіме қозғап, елдің, халықтың тағдыры жөнінде көп сөйлеп, пікір таластырып отырған» деп жазады М.К. Юрасов.
Шоқан Уәлихановпен жақынырақ танысқаннан кейін Семенов-Тяншанский оның асқан дарындылығына, терең біліміне ерекше ықылас қойып, жас досының Петербургке барып, университеттік лекциялар курсын тыңдағысы келетін талабын қуаттай түседі. Сонымен қатар Шоқанның Орта Азия мен Батыс Қытайға сапар шегу мақсатын да қызу қолдайды. Семенов екеуінің әңгімелері Шоқанға ұмытылмастай әсер етіп, жас ғалымды қанаттандыра түседі, ойында жүрген зерттеу жұмыстарын жүзеге асыра алатындығына сенімін күшейтеді. «Мен Шоқанның таяуда ғана келген саяхатшыны еске алып, қуанып отырған үстіне тап келдім», - деп жазады Г.Н. Потанин. Шынында да, мұндай таныстыққа Шоқан қалай қуанбасын. Шоқан Шығыс тарихына бірден-бірге тереңдей берді; қырғыз тайпасының, оның ішінде Үйсін, Керей, Найман рулары деп аталатын ертеден келе жатқан халықтардың бұл тарихқа қандай қатысы бары оны көп ойландырды, мүмкін ол сонда халық аңыздары және қырғыз халқының көне жұрнақтарының көмегімен ертедегі Шығыс тарихынан жаңалықтар ашуды арман еткен болар.
Жетісу мен Тянь-Шаньда саяхатта жүріп, П.П. Семенов қазақ және қырғыз халықтарының тұрмысы мен этнографиясы жөніндегі сарқылмас білім бұлағы болған Шоқан Уәлихановпен достық және ғылыми байланысын бір де бір үзбеген. 1856-1857 жылдары ол Шоқан Уәлихановпен Жетісуда жиі кездесіп, өзінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын сонымен бірге жүргізеді. 1856 жылдың күзінде екеуі Құлжаға барып қайтады.
Шоқан Уәлихановпен жиі кездесіп жүргені жайлы және оның ғылыми мағлұматы бай кісі екендігін П.П. Семенов өзінің күнделігінде бірнеше рет атап көрсетеді. Бұл туралы Семенов орыстың географиялық қоғамының сол кезде секретарьлық қызметін атқарған В.П.Безобразовқа 1857 жылдың екінші октябрінде Семейден жіберген хатында да жазады: «Алатау қырғыздары мен Үлкен орда қырғыздарына жиі баруым – бұл халықтардың тұрмысымен танысуыма мүмкіндік берді, әсіресе, қырғыз тұрмысын мейлінше жақсы білетін осындағы поручик Шоқан Уәлиханов сұлтан мен тілмаш Бардашев жіберіп отырған мәліметтердің мен үшін пайдасы зор болды».
Хоментовскийдің экспедициясына қатыса отырып, Шоқан Уәлиханов өзінің саяхатын 1856 жылдың мамыр айының екінші жартысында бастайды. Ол өзінің бұл сапарында Алакөлден Орталық Тянь-Шаньмен Ыстықкөлге дейін баруы керек еді. Тиісті мерзімнің бірінші жартысында ол Іле Алатауына барып, соның асуларымен Күнгей Алатауға, одан кейін Теріскей Алатауға өтіп, Ыстықкөлдің солтүстік және шығыс жағалауларында болады, содан соң Жырғалаң өзенінің алабымен жоғары көтеріліп, Орталық Тянь-Шань шыңына шығады да, Хан тәңірінің биік шыңын көзбен шолуға мүмкіндік алады. «Менің саяхатымды, - деп жазады Уалиханов, - жүрген жерлерімнің сипатына қарай екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең менің Жоңғарияға, яғни, Жетісу мен Іле өлкесіне және Ыстықкөлге дейінгі сапарымды қамтиды. Мен Жоңғарияда бірінші рет 1856 жылы болдым, онда полковник Хоментовский бастаған алғашқы Ыстықкөл экспедициясына қатыстым. Сонан соң Құлжада үш ай тұрдым. Жоңғарияда бас-аяғы бес ай болып, бұл өлкенің Алакөлден Тянь-Шаньға дейінгі аймағын түгел көріп шықтым, ал енді Тянь-Шаньға мен сол жылы Жырғалаң өзенімен көтерілдім». Бұл сапарында Шоқан Жетісу мен Ыстықкөлдің флорасы (өсімдіктер әлемі) мен фаунасын (хайуанаттар әлемін) зерттейді. Орнитологиялық (зоологияның құрт-құмырсқаларды зерттейтін бөлімі) коллекция жинап, гербарий (кептірілген өсімдіктер) коллекциясын жасайды [22, 61].
Шоқан Уәлиханов Жетісу мен Тянь-Шаньда кездескен ерте заманғы мәдениеттің өте сирек ескерткіштері үлкен әсер етеді. Ол әсіресе Ыстықкөлдегі ерте заманғы қала мәдениетінің, суландыру жүйелерінің қалдықтарына, сәулет өнерінің ескерткіштеріне, эпиграфикаға (көне ескерткіш жазулар туралы ғылым) және тастан ойылған бейнелерге ерекше зейін салады. Бұл ескерткіштердің бәрін тұтас алып терең зерттеуі, Уәлихановтың Ыстықкөл алабы мен бүкіл Жетісу атырабын мекендеген халықтардың өткен замандардағы өмірінің бейнесін қалпына келтіру ісімен шұғылдануына мүмкіндік береді. «Орыс Жоңғариясында, - деп жазады Шоқан, - көшпелі тұрмыс қалпы анағұрлым басым болғанымен біраз жұрт отырықшылық жағдайда күнелткен, бұл туралы, атап айтқанда, Чегу қаласы туралы алғашқы тарихи мәліметті біз қытай тарихынан тауып отырмыз, бұл қала Ыстықкөлдің шығыс жағында болған шығар және оны Үйсін кунмиіне арнап қытай жұмысшылары салды ма шамалаймыз. Орта ғасырларда мұнда, әсіресе Іле алабында отырықшылық кең өріс алған. Алмалық (бүгінгі Түркістан қыстағы), Қанақай мен Қайнақ (қазірде бар) және Алматы (қазіргі Верный бекінісі тұрған жер) қалалары бір кезде өздерінің саудасымен аты шыққан және Генуя көпестерінің Қытайға, қыпшақ елшілерінің ұлы ханға барып тұратын үлкен жолының бойындағы станциялар екен. Тағы бір айта кететін жай, Азияның бұл бөлігінде несторияндық және монофизиттік діни бірлестіктер өте көп болған, ал Ыстықкөлде, каталон картасының мәліметіне қарағанда Сирия якобиттерінің монастыры болыпты. Христиан дінінің мұнда өріс алғандығы сондай, тіпті оны талай рет қуғын-сүргінге де салған көрінеді. XYI ғасырда Ыстықкөл маңында бірнеше мұсылман қыстақтары да бар екен. Бұл мәліметтер мені өте қызықтырған еді» [23, 45].
Шоқан Уәлиханов Құлжа өлкесінде үш айдай болып, содан кейін күздің соңғы айларында Омбы қаласына қайтып оралады.Уәлиханов қырғыздар жөніндегі бүкіл шығыс мәліметтерін жақсы білгендіктен, көбінесе соларға сүйеніп, өзінің дәлелдерін сол шығыс мәліметтерімен ыспаттап отырады. Шоқан қырғыздардың XVII ғасырға дейінгі Тянь-Шань мен Енисей аралығында көшіп-қонып жүргендігі және олардың бұл ұлан асыр кең жайлауларының өрісі тек өздерінің ертеден келе жатқан ежелгі жолдарын жоңғарлар басып алғаннан кейін ғана тарыла түскендігі туралы тұжырымды дәлелдер келтіреді. Терең мағлұматы бар жас ғалым, өзінің алдында болып өткен оқымыстылардың, ертедегі қырғыздар тарихы жөнінде қателесіп, теріс ұғым берген географтар К. Риттер мен А. Гумбольдтің және шығыс тарихын зерттеуші Шотта мен Клапроттың шығармаларын сынайды. Жас Шоқанның географиялық және тарихи зерттеулері П.П.Семенов-Тяньшанский арқылы Петербург ғалымдарына белгілі болады. 1857 жылы ақпан айының 27 күні Шоқан Уалихановтың орыстың географиялық қоғамының толық мүшелігіне қабылдайды.
1857 жылы Шоқан Алатау қырғыздарына тағы да сапар шегеді. Уәлихановтың бұл сапары жөнінде Батыс Сібірдің генерел-губернаторы Гасфорт Сыртқы істер министірлігіне былай деп хабарлайды: «Батыс Қытайдың біздің Оңтүстік шекарамызбен іргелес бөлімдеріндегі оқиғалардың барысын: қашқар көтерілісінің беталысын, о көтерілісті басу жөнінде Қытай үкіметінің қандай шаралар қолданып отырғанын және Құлжа мен Ақсу қалаларының маңындағы халықтарды, атап айтқанда, Манчжур әулетіне наразы екендігі мәлім болып отырған қырғыздар мен сарттардың қытай жеріндегі тайпаларын жақыннан бақылап отыру үшін менің жанымда қызмет істейтін поручик Уәлиханов сұлтан Алатау қырғыздарының мекен-жайларына аттандырылды», «Алатау ордасында тұратын, бұрын, 1824 жылы генерал Мейендорф және Негримен бірге Бұхара, Хиуада болып тілмаштық еткен, сөйтіп награда алып, дархан атағына ие болған Қасымов татары Файзулла Ноғаевты Уәлихановқа жүктелген тапсырмаға орай жәрдемші етіп берем. Алыс Азия елдерінде болған, көпті көрген адам, қырғыздар арасында ұзақ жылдар ғұмыр кешкен және осы елге кейде келген қашқар көпестерімен танысқан Ноғаев бұл істе ерекше пайда келтіреді, сондай-ақ Алатау қырғыздарының ақсақалдары алдындағы өзінің беделімен Уәлихановты олардың арасында қауіп-қатерден де сақтай алады» [24, 48].
1857 жылғы сапары, шынында, Уәлихановтың Қашқар экспедициясы алдындағы сын қадамы болып табылады. Бұл туралы Гасфорттың атап өтілген хатында: «Жіберілетін болып ұйғарылған керуенді жөнелтетін уақыты жеткенге дейін Қашқариядағы, жалпы Батыс Қытайдағы оқиғаларды бақылау үшін мен Қашқария шекарасына, Алатау қырғыздарының қоныстарына күні бүгін сенімді бір чиновник жіберу қажет деп таптым», - делінген. Бұл сапарында Шоқан Уәлиханов қырғыз халқының өмірімен, тұрмысымен бұрынғыдан да жақсы танысып, оның тарихы мен этнографиясын, халықтың поэзиясын терең зерттейді. Қажымас қажырлы еңбегінің нәтижесінде ол қырғыз халқы туралы өте бай тарихи этнографиялық материал жинайды. «Этнографиялық очерктер, статистикалық мәліметтер, тарихи хабарлар, Үйсіндер мен Алатау қырғыздарының халық әдебиетінің ескерткіштері жайлы менің жазбаларымның өзі бірнеше дәптер болды», - деп еске алады Шоқан Уәлиханов.
Бұл сапарында жас Шоқанның әсіресе, қырғыз халқының «Манас» атты атақты поэмасына алғашқы рет көңіл бөліп, бірінші рет оны ғылыми жолмен жазып алуының және ішінаралап орыс тіліне аударуының ерекше үлкен маңызы болды. Бұл поэмаға ол тұңғыш рет тарихи және әдеби тұрғыдан талдау жасап, оның легендарлы (аңызды) герой – Манас образына және басқа кейіпкерлеріне талдау береді. «Алатау қырғыздарының ноғайлы дәуіріне жататын «Манас» атты жалғыз ғана эпосы бар. «Манас» - бір кезеңге және бір адамның – Манас батырдың төңірегіне жинақталған бүкіл қырғыз ертегілерінің, аңыз, әңгімелерінің энциклопедиялық жинағы.
Шоқан Уәлиханов осы еңбектерінің өзінде-ақ Тянь-Шань мен Жетісудың географиясын және осы аймақтарды ерте кездерде мекендеген халықтардың тарихын жақсы білетін қырағы, көреген, мағлұматы мол оқымысты екенін байқатады. Ол Тянь-Шань мен Жетісудың табиғатын, жерінің ой-қырын, өсімдіктері мен хайуанаттар әлемін тамаша суреттеп жазады [25, 53].
Әсіресе оның 1856 жылғы Құлжа туралы жазған күнделігі өте қызық. Бұл күнделігінде Шоқан өзінің Құлжаға барған саяхатын қызғылықты етіп, әрі көркем тілмен толық жазады, шекаралық Жоңғарияны мекендеуші халықтардың (қытайлар мен сибо, солондар мен қалмақтардың және басқаларының) өмірі мен тұрмыс салтын суреттейді. Шоқанның табиғи дарындылығы мен зеректігі халықтың өмірін терең зерттеп, оның жақсы-жаман жақтарын түгел көріп, байқап отыруына мүмкіндік береді. Уәлихановтың күнделіктері мен жазбаларының бәрі де оның қырағы көрегендігін дәлелдейді.
Шоқан Уәлиханов қырғыз халқының ерте заманғы тарихымен шұғылданады. Әсіресе қырғыздардың сонау Енисей мен Тянь-Шань тауларын, Памир мен Алтай алқабын бір уақытта мекендеу фактысы оны көп ойландырады [26]. Бұл маңызды мәселені шешу, қырғыз халқының Саян туралы мен Тянь-Шань арасында көшіп-қону тарихын анықтау, жас ғалым үшін маңызы зор ғылыми күрделі мәселе болады. Бұл мәселені тек жазба мәліметтер негізінде, шежіре әңгімелер мен аңыздардың негізінде ғана шешуге болатынын Шоқан өте жақсы біледі.
XVII-XVIII ғасырлардағы қырғыз тарихына жарық түсіретін мәліметтер табу мақсатын көздеп, Уәлиханов архив материалдарын ақтара бастайды. 1856-1857 жылдардың қысын тек сол Батыс Сібірдің облыстық архивында Алтын хан мен Жоңғарлар ісін талдап, тексеру үстінде өткізеді. Архив материалдарымен шұғылданып, ізденуіне оған жемісті нәтиже береді. Уәлиханов қырғыздардың Сібірден Жетісуға көшіп келгендігін дәлелдейтін бірсыпыра қызық мәліметтер табады. Шоқан архив материалдарына ерекше көңіл аудара бастайды. Осы кезде облыстық архивті талдап тексеру ісі Г.Н. Потанинге жүктелген еді. Екі дос бірге қызмет істей отырып, қырғыздардың Жетісуға көшіп келуі жөніндегі өздерін қатты толғантып жүрген мәселені анықтауларына мүмкіндік беретін жаңа документтерді бар ынта-жігерін сала іздейді. «Шоқан мені бір жаңа, қызық мәліметтер тауып алмады ма деп жиі-жиі келіп жүрді. Қырғыздарды Енисей губерниясынан Түкістандағы Шу өзенінің алабына қайдағы бір зенгор генералы зорлап көшіргені жайлы хабарға кездескенде біз екеуіміз, әсіресе Шоқан қандай қуанды десеңізші», - деп жазды Г.Н. Потанин.
Уәлиханов қырғыздар жөніндегі бүкіл шығыс мәліметтерін жақсы білгендіктен, көбінесе соларға сүйеніп, өзінің дәлелдерін сол шығыс мәліметтерімен ыспаттап отырады. Шоқан қырғыздардың XVII ғасырға дейінгі Тянь-Шань мен Енисей аралығында көшіп-қонып жүргендігі және олардың бұл ұлан асыр кең жайлауларының өрісі тек өздерінің ертеден келе жатқан ежелгі жолдарын жоңғарлар басып алғаннан кейін ғана тарыла түскендігі туралы тұжырымды дәлелдер келтіреді. Терең мағлұматы бар жас ғалым, өзінің алдында болып өткен оқымыстылардың, ертедегі қырғыздар тарихы жөнінде қателесіп, теріс ұғым берген географтар К.Риттер мен А.Гумбольдтің және шығыс тарихын зерттеуші Шотта мен Клапроттың шығармаларын сынайды. Жас Шоқанның географиялық және тарихи зерттеулері П.П.Семенов-Тяньшанский арқылы Петербург ғалымдарына белгілі болады. 1857 жылы ақпан айының 27 күні Шоқан Уалихановтың орыстың географиялық қоғамының толық мүшелігіне қабылдайды. Жас ғалым туралы Семенов-Тяньшанский мен В.И.Ломанский ауызша мінездеме береді[27, 62]. Олар Уалихановты сол кезге дейін тексерілмей тың жатқан Орта Азиямен Қазақстанды зерттеуде әсіресе көп пайдасы тиетін таланты зерттеуші ретінде ұсынады. П.П.Семеновтың қысқа әрі тұжырымды сипаттамасында былай делінген: «Шоқан Уалиханов Ыстықкөлдің шығыс жағалауына саяхат жасап, қырғыз даласы жөнінде аса бай географиялық, этнографиялық және тарихи материалдар жинады және оларды тап қазір хабарла десе де әзір». Шоқан Уалихановтың Орыстың географиялық қоғамының толық мүшелігіне сайлануы оның өте маңызды ғылыми еңбектерін жоғары бағаландығы болып табылды

2 ШОҚАН ШЫҢҒЫСҰЛЫ УӘЛИХАНОВТЫҢ ОТАН ТАРИХЫНДАҒЫ АЛАР ОРНЫ


2.1 Орыс Географиялық қоғамындағы Шоқан Уалихановтың орны


Ел тарихында ғылыми қоғамдар мен ұйымдардың және олардың атқарған қызметінің алатын орны ерекше. Осындай ғылыми қоғамдардың бірі – ХІХ ғ. Ресейде құрылған Орыс географиялық қоғамы. Орыс географиялық қоғамы 1845 ж. орыс ғалымдары Ф.А. Литке мен К.И. Арсеньевтің идеяларымен құрылды. Ғылыми қоғам қызметінің алғашқы жылдарында-ақ қоғамға мүше зерттеушілердің қолдауымен бірнеше бөлімшелер ашылады. Олардың қатарында Сібір, Кавказ, Балтық бөлімшелері және Қазақстанның аумағында Орынбор, Орал, Семей, Түркістан бөлімшелері болды [28, 17]. 1867 жылы 17 шілдеде І Николай патшаның Орыс географиялық қоғамының Орынбор бөлімшесін құру туралы бұйрығы шықты. Қазақ даласында ОГҚ бөлімшелерінің ашылуы қазақ зиялы өкілдерінің өздерінің интеллектуалды әлеуетін жүзеге асыруға, сол сияқты демократиялық көзқарас пен көңіл күйдің қалыптасуына мүмкіндік берді. Қазақ зиялылары М.С. Бабажанов, С.И. Тілемісов, М.Я. Жарасбаев, М.А. Асатов, Б.Қ. Қарпықов, Ү.К. Күнтеков, Н.М. Саванбаевтар ОГҚ шынайы мүшелері болды, әріптес мүшелер қатарында – Ы.Алтынсарин, Д.Б.Беркімбаев, Б.Д.Дауылбаев, Б.Л. Наурызбаев, Т.А. Сейдалиндер болды. Қазақтардың қоғам қызметіне араласуы ғылым әлеміне етене енуіне, зерттеушілер ретінде қалыптасуында маңызды рөль атқарды. Ал, ОГҚ қазан төңкерісіне дейінгі кезеңдегі алдыңғы қатардағы ғылыми орталық болатын. Осыған орай ғылыми қоғамның марапаттары да жоғары бағаланды. Мәселен М.С. Бабажанов күміс медальді иеленген алғашқы қазақ зиялыларының бірі еді [29, 15]. Орыс географиялық қоғамның бөлімшелерінің құрылуында отаршылдық мақсатта отар елдің табиғатын, пайдалы қазбаларын, халқын т.б зерттеу көзделгені рас. Бірақ қоғамның ғылым үшін қызметі басымырақ еді. ХІХ ғ. ІІ жартысындағы Ресейдің шығысындағы ірі саяси және мәдени орталық бола отырып, қазақ халқының этнографиялық тарихын зерттеуге елеулі орын алды. Орыс географиялық қоғамына мүше ғалымдардың идеясымен бірнеше бөлімшелер ашылды. Ашылған бөлімшелер әкімшілік-территориялық бөліністерге сай құрылды. Мысалы Орынбор бөлімшесі Орынбор генерал-губенаторлығына қарасты Торғай облысында құрылды. Орынбор бөлімшесі генерал-губернатор Крыжановскийдің идеясымен ашылды. Генерал-губернатор өлкені зерттеп танудағы шешімін таппаған мәселелерді аймақтарға бөлу арқылы реттестіруді ойлады. Орынбор бөлімшесінің төрағасы болып Торғай облыстық әскери-губернаторы Н.Л. Баллюзек сайланды [30, 43]. Орынбор бөлімшесінің төрт кіші бөлімдері ашылды: география, этнография, тарихи-жаратылыстану, статистика. Аталған бөлімдер бойынша қазақ халқы және татар-башқұрт халықтары туралы мәліметтер жиналды. Қоғамға мүше қазақ ғалымдары аталған салалар бойынша қазақ халқы туралы тың деректер мен мәліметтер жинай бастады.


Орыс Географиялық Қоғамы мен орыс шығыстануының тарихымен атақты ғалым, этнограф және ағартушы-демократ Шоқан (Мұхаммед-Қанапия) Шыңғысұлы Уәлихановтың (1835-1865жж.) атқарған қызметімен тығыз байланысты. Шоқан Уәлиханов еліміздің мәдениет тарихы мен ғылымында артынан өшпес із қалдырған көрнекті тұлға. Шоқанның ғылыми қызметі орыс шығыстану сахнасында ғылымның кешенді түрде дамыған уақытында өткен болатын. Ол орыс шығыстану мектебінің ең үздік дәстүрлерін бойына сіңірген еді. Г.Н. Потанин әділетті түрде Уәлихановты «алғашқы қазақтардың бірі болып өз есімін орыс жазушыларының арасына қосты» деген пікірін айтады [31]. Ал оның еңбектерінің редакторы Н.И. Веселовский ол туралы «шығыстану көгінде құйрықты жұлдыздай жарқ етті» деп жазады. Ш.Ш. Уәлиханов артынан алуан түрлі өте құнды аяқталған және аяқталмаған этнографиялық зерттеулерін қалдырған. Оның еңбектерінде біз ерекше бай және жан-жақты терең ойлар мен идеяларды, қорытындыларды, қызықты болжамдарды, фактілік мәліметтерді таба аламыз. Бүгінгі ғылым үшін олар өз құндылығын жоғалтқан жоқ.
Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов 1857 жылдың 27-ақпанында Орыс географиялық қоғамының құрамының толық мүшесі атанды. Қазақ даласынан шыққан жас ғалым үшін бұл үлкен мәртебе еді. Бұл еуропалық пен әлемдік қауымдастық алдында сол уақытта толық зерттелмеген Қазақстан мен Орта Азияның әлі зерттеле қоймаған ғажайып әрі қазынасы мол жерлерін танытуға зор мүмкіндік болды. ХІХ ғасырдың ортасында Ресей империясында бірқатар саяхатшы, географ пен ғалымдардың атағы шықты. Мәселен, Петр Семенов-Тян-Шанский, Николай Пржевальский, Карл Бэр. Осы азаматтар сияқты өз заманындағы үздік ғалымдар Орыс географиялық қоғамының мүшесі атанды. Бұл ұйым 1845 жылы 18-тамызда Бірінші Николай патшаның жарлығы бойынша құрылды. Бұл дүниежүзіндегі ең көне географиялық қоғамдардың бірі. Ең алғышқысы Парижде 1821 жылы, кейін Берлинде, ал екі жылдан кейін (1830) Лондонда ашылған. Атақты саяхатшысы Федор Петрович Литке 1828 жылы Орыс география қоғамын ұйымдастырудың қажеттілігі туралы ішкі істер министрі Л.А. Перовскийге берген баянхатында: «Қоғамның басты міндеті Ресей мен одан шеткері жерлерде біздің Отанымыз туралы толық әрі сенімді мәліметтер жинау және тарату болады», - деп көрсетті. Қоғамды құру туралы мәселені үкімет алдына қойған сол тұстағы белгілі теңіз саяхатшылары адмирал Иван Крузенштерн, Фердинанд Врангель, Петр Рикорд, Петербургтағы ғылымдар академиясының мүшелері: лингвист Владимир Даль, генерал-квартирмейстер Федор Берг, геодезист Михаил Вронченко, мемлекеттік қайраткер Михаил Муравьев, князь меценат Владимир Одаевскиймен қатар өзге де жекелеген географтар мен ғалымдар болды. 1850 жылы ұйым Императорлық Орыс географиялық қоғамы деп аталды. Оны тек императорлар үйінен шыққан тұлғалар мен ақсүйектер әулетінің тікелей басқарып, солардың қорғауында болған. Орыс географиялық қоғамы ішкі істер министрлігі қарамағынан құрылып, мемлекеттік дәрежеге ие болды. Құрылған кезден бастап Ресей имперясының және оған iргелес елдер туралы географиялық мәлiметтер жинады. Сонымен қатар, қоғамның міндетіне әскери барлау операциялары мен әлемнің кез-келген түкпірінде Ресейдің геосаяси мүддесін қорғау кірді. Орыс географиялық қоғамына мүше болған кез-келген саяхатшыға зерттеу жұмыстарына қажет материалдық көмекпен қоса, әскер мен теңіз флотының көмегіне жүгіне алуға мүмкіндік берілді. Белгілі ғалым әрі саяхатшы Прежевальскийдің айтуынша, Орыс географиялық қоғамының экспедициялары негізінде «әскери жорық алдындағы ғылыми зерттеу» болған көрінеді. Саяхатқа қатысқандар географиялық картадағы сол уақытқа дейін зерттелмеген, көпшілікке беймәлім өңірлерге аяқ басып, бірінші боп жүруге тура келген. Орыс географиялық қоғамының жаңадан игерiле бастаған Сiбiр мен Қиыр Шығысқа, Қазақстан мен Орта Азияға, Орал мен Кавказға, ғылымға беймәлiм Орталық Азия мен полюстiк аймақтарға, т.б. ұйымдастырған экспедициялары дүниежүзіндегі география ғылымына теңдесi жоқ үлес қосты. РГҚ 1877 жылы Батыс Сібірде өз бөлімін ашты. Кейінірек Семейде де бөлімшесі құрылады. Бөлімше жұмысына қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев та араласып, сол қоғаммен байланыста болған.
Шоқан өзінің Орыс географиялық қоғамына мүше болып қабылдануына әйгілі саяхатшы һәм оқымысты Петр Семенов Тян-Шанскийдің көп көмегі тиді деп есептеген. Екеуі табиғаты таңғажайып Іле Алатауы өлкесі мен Ыстықкөлге сапары кезінде достық қарым-қатынас орнатқан болатын. Семенов Тян-Шанский ұсыныс хатында: «Шоқан Уәлиханов Ыстықкөлдің шығыс жағалауына сапар шекті. Онда қырғыз (қазақ) даласы жайлы теңдесі жоқ географиялық, этнографиялық және тарихи материалдар жинады»- деп жазған. Сол бір кезеңнен осы уақытқа дейін сақталып қалған тарихтың куәсіндей хаттамаға сенсек, оны мүшелікке қабылдау үшін ұйымдастырылған жиында дауыс берген 57 адамның 53-і қолдапты [32, 65]. Шоқан Уәлихановтың 1858-1859 жылдары Қашғарға саяхаты туралы баяндамасы Орыс Географиялық қоғамында сенсация жасады. Осы аса маңызды баяндама жасалғаннан кейін Шоқанның Қашғариядағы миссиясы ғылым саласындағы жаңалық деген баға берілді. Бас штаб департаментіне: «Шоқан Уәлихановтың жұмысы үкімет пен ғылымға зор үлесі тиеді. Бұған дейін біз жүгініп келген еуропалық белгілі ғалым-этнографтар мен шығыстанушы оқымыстылар жіберген олқылықтарының орнын толтырады әрі тың жаңалықтарды ұсынады» деп жоғары деңгейде баға беріледі. Шоқанның кейбір еңбектері (Жоңғария очерктері, Адольф Шлагинтвейт өлімінің себебі туралы, «Алтышардың жағдайы» немесе Шығыстағы алты қала) көзі тірісінде императорлық орыс географиялық қоғамының жазбаларында жарық көріп тұратын. Жас ғалымның мезгілсіз қазасынан кейін 1904 жылы шығыстанушы Николай Веселовскийдің редакциялауымен «Шоқан Шыңғысұлының шығармалары» атты топтамасы жарыққа шықты. Бұл басылым «Едіге» (жыр) және «Едіге» жырларының бастапқы әлі аяқталмаған тұсын қамтыған. Атап өткен жөн, осы баға жетпес аталған туындылардың толық нұсқасы бұған дейін де, кейін де еш жерде жариялана қойған жоқ. Бір ғана Қашғарияға саяхатымен Шоқанның ОГҚ-дағы жұмысы бітпеді. Петерборда тұрған кезінде неміс географы Карл Риттердің еңбектерін баспаға дайындаумен, Қазақстан және Орталық Азияның географиясы мен этнографиясы туралы материалдар құрастырып, қоғам мүшелері үшін Шығыс Түркістан мен Қырғыз, Тянь-Шань туралы дәріс оқитын. Кейбір баяндамалардың қысқаша мазмұны газет беттерінде жарияланды. Белгілі орыс ғалымы-шығыстанушы Владимир Вельяминов Зернов Шоқан атынан, Уәлихановтың атынан Қоғам мүшелеріне шығыс монеталар топтамасын, Хаканның парсы қолжазбаларын көрсететін. Мұның бәрін Уәлиханов Шығыс Түркістаннан әкелген. 1865 жылы Лондонда ағайынды Джон және Мичеллдің «Орталық Азиядағы орыстар» кітабы шықты. Онда Шоқан Уәлихановтың ағылшын тіліне аударылған мақалалары да енген. Бұл еңбек Еуропада үлкен табысқа ие болды. Осы жұмыстың негізінде Франция мен Германияда да ғылыми кітаптар жарық көрді. Осындай құнды еңбектерінің арқасында Шоқан Уәлиханов Қазақстан мен Ресей ғана емес, бүкіл құрлыққа есімі мәшһүр ғалым атанды деуге толық негіз бар.
2015 жылы Мәскеудегі Орыс географиялық қоғамының штаб-пәтерінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің қолдауымен жарық көрген Жарылқап Бейсенбайұлының "Шоқан Уәлиханов" кітабының таныстырылымы өтті [33].
Кітап көрнекті қазақ ғалымының 180 және Орыс географиялық қоғамының 170 жылдық мерейтойларына орай басылды. Ж.Бейсенбайұлы ұзақ жылдардан бері қазақтың ұлы ғалымының өмірі мен шығармашылығын зерттеумен айналысып келеді. Автор Шоқан Уәлихановтың өмірін көп жылдан бері зерттеп, қазақтың ұлы ғалымының 1856 жылы жазған «Ыстықкөл сапарының күнделігі» ізімен қайталай жүріп өткен, ол ғұмыр кешкен мекендерді арнайы аралап, бұған дейін осы тақырыпқа арналған «Шоқан ізімен» (1977), «Жасын-тағдыр жарқылы» (1987) атты кітаптарымен оқырман қауымға танымал қаламгер.
Жаңа кітапта Шоқан Уәлихановтың өмірі мен сол кезеңдегі осы уақытқа дейін белгісіз болып келген фактілер беріліп, жаңа тарихи, мұрағат құжаттарымен толықтырыла түскен.
Тұсаукесер рәсімді ашқан ОГҚ директоры міндетін атқарушының орынбасары Илья Гуров Орыс географиялық қоғамының қазақстандық әріптестерімен ынтымақтастықты жан-жақты жолға қойып, көптеген жобаларды бірлесе атқарып отырғандығын баса айтты.
«Шоқан Уәлихановтың бірегей өмір жолы азаматтық ерліктің үлгісі, шым-шытырық оқиғаларға толы. Ол Орыс географиялық қоғамының мүшесі сынды жоғары атақты лайықты деңгейде ақтады. Өкінішке орай, тағдыр оның пешенесіне аз ғана ғұмыр жазды», - деді ол.
Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің кеңесші-елшісі Виктор Темірбаев қазақ тілінде жазылған кітаптың орыс оқырмандарына да қолжетімді болуы үшін аударған аудармашыларға шынайы ризашылығын білдірді.
«Бүгінгі шараның Шоқан Уәлиханов мүшесі болған Орыс географиялық қоғамы ғимаратының қабырғасында өтуі қуантарлық жайт. Біздің ұлы отандасымыз әлемдік мәдениетке, тарихқа, географияға өлшеусіз үлесі қосты және оның талантын әлі де болса зерделей түсу қажет», - деді қазақстандық дипломат[34, 63].
Сонымен ХІХ ғ. ортасында құрылып, өз қызметін ХХғ. 30-шы жылдарына дейін жүргізген Орыс географиялық қоғамы (атауы бірнеше рет өзгерді) Ресейден басқа аймақтарда, соның ішінде қазақ өлкесінің орталық қалаларында бөлімшелерін құрды. Ғылыми қоғам қызметі бірнеше бағыттарда– тарих, география, этнография, статистика салалары бойынша зерттеулер жүргізді. ОГҚ ғылыми жұмыстарына қазақ зиялылары белсене араласты. Түрлі тақырыптарды қамтыған еңбектері қоғамның басылымдарында үзбей жарияланып тұрды. Облыс орталықтарында құрылған бөлімшелерде далалык өлкенің географиясы, тарихы, мәдениеті, сондай-ақ қазақ елінің этнографиясы мен қазба байлықтары, әкімшілік саяси басқару жүйесі туралы баға жетпес құнды ғылыми еңбектер жинақталды. Қазақ өлкесінің аталған ғылым салаларының дамуында орыс зерттеушілерімен қатар қазақ зиялыларының да үлесі зор болды.
2.2 Шоқан Уәлихановтың ғылыми ортасы, тарихи және этнографиялық еңбектері

Қазақтың аса көрнекті ғалымы және ағартушысы Шоқан Уәлихановтан мол әдеби мұра қалды. Өзінің тым қысқа өмірінің ішінде ол Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тарихы, географиясы мен этнографиясына арналған бірсыпыра еңбектері мен қоғамдық-саяси тақырыптағы толып жатқан шығармаларын да жазып үлгерді. Шоқан терең энциклопедиялық білімі бар, өз заманындағы ғылымда бірқатар мәселелерді жаңаша көтере білген кемелді ірі ғылым еді.


Әр ұлттың тарихында үздік шығатын ғажайып таланттар болады. Ғасырлар санап та, әйтеуір ұзақ сағындырып дүниеге келетін ондай перзентін қазақ халқы біртуар деп атайды. Қазақ халқының ой дүниесінде аз жасап, көп іс тындырған Шоқан Уәлиханов халқымыздың сондай біртуар перзенттерінің бірі. Халқымыздың дара туған ұлы Шоқан Уәлиханов ХІХ ғасырдың тұңғыш ғалымы, ғажап ақыл – ойшылы, зор талантты дүние жүзі ғылымында өзіндік үлкен орны бар ірі тұлға. Барлық ғұмыры нысаналы, тағдыры - мұхиттың дәмін білуге болатын тамшыдай еді. Жарқ ете қалған бейнесі әлі де болса ұрпақпен үндесе бермек. Өз заманында жарқырап шыққан ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұралары – тарих, этнография, география, бейнелеу өнері, әдебиет, фольклор, нумизматика және археология саласындағы еңбектері Азия халықтарының өмірін зерттеуде аса құнды дүниелер болып есептеледі [35, 48].
Дегенмен де, қазақ халқының ұлы ғалымы, ойшылы Шоқан Уәлиханов сынды ардақты адамдардың мағыналы өмірі мен мазмұнды мұрасына қатысты көптеген жайлардың жұмбақ сырлы мәлімсіз жақтары бар екендігі де дәлелді шындық.Шоқан Уәлиханов – қазақ халқының тарихын, этнографиясын және фольклорын ең алғаш кең зерттеген отандық ғалым.
Ғалымның көптеген шығыс, батыс халықтарының тілдерін білуі әр түрлі қайнар көздерге сүйене отырып, көне жазбаларды, жылнамаларды салыстыра зерттеуге, тарихи шындықты ашуға кең мүмкіндіктер туғызды. Шоқан өз ойларын дәлелдеу үшін Орта Азия халықтарының тарихын көп зерттеген Абылғазының «Түрік шежіресі» атты белгілі кітабына жүгінеді. «Түрік шежіресін» толықтыра түсу мақсатында ол «Қазақ шежіресі» еңбегін жазады. «Қазақтардың көшпелі еркін тірлігі Азияда дүниеге келіп, дамығаны ... күмән туғызбаса керек. Олай дейтін себебіміз – орыс жылнамалары біздің сөзімізді растайды» - деп баяндайды да, сол кездегі көптеген авторлардың еңбектеріне шолу жасайды, олардың деректерін шежірелермен салыстырады [36, 50].
Қазақтың әрбір ру басылары өз ру-тайпасының шежіресін: шыққан тегін, елдің әдет-ғұрып заңдарын, ескі жарлықтарын, халықтың басынан өткен тарихи жайларды көп жасаған ақсақалдардан ыждаһатпен үйреніп, өзінің шешендік өнерін шыңдағанын, аңыз-әңгімелерде, мақал-мәтелдерде, маңызды оқиғаларға қатысты ұлағатты асыл сөздерді ұзақ уақыт жаттайтынын билер сөзін халық ұйып тыңдайтынын, ол нақты сөздер өмірдің бар саласын қамтитындай өсиет-өнегеге, тәлім-тәрбиелік, ғибраттық мазмұнға толы болатынын ұлы ғалым тебірене жазған. Зерттеуші тарихи аңыздарды тарихи деректердің жаңғырығы деп білген. Оның танымдық мағлұматтарын ғылыми еңбектерінде шебер пайдаланған. Ауызша айтылған тарихи толғаныстарды, жазба және археологиялық мәліметтерді өзара салыстырып, ең сенімді дегенін кәдеге жаратқан.
Тарихи аңыздарда айтылған Шыңғысхан, Александр Македонский,. Тоқтамыс, Әмір Темір сияқты адамдардың өмір сүрген дәуірлеріне барлау жасаған ойшыл өз зерттеулерін Геродот жинаған тарихи аңыздармен салыстыра қарайды. «Профессор И.Н.Березинге хат» деген еңбегінде ол Тоқтамыс, Орақ мырза, Ер Көкше, Ер Қосай туралы аңыз-дастандарды, Көшім, Орысханға қатысты аңыздарды жіліктеген, сөйтіп қазақ халқының арғы тарихына үңілген.
Шоқан көшпелі монғол және түрік тайпалары өздерінің отырықшы ағайындарына қарағанда өте көп білетінін, бұлардың аңыздары ертеде пайда болғанын дәлелдейді. Адамның ата-тегі туралы аңыздарды, шежіре деректерін, қырғыздардың арғы анасы жөніндегі аңыз мәліметтерін 1246 жылы монғолдардың Күйік ханына барып қайтқан Плано Карпинидің мағлұматтарымен салыстырады, олардың түп-төркінің ұқсастығын көрсетеді.
«Аңыздардың өте маңызды бөлімі шежіре жөніндегі аңыздар болып табылады, - деп аңыздың бұл түрін Шоқан аса жоғары бағалаған. Ру тұрмысы осы аңыздарға негізделген... Бұл жөніндегі аңыздардың маңызды болатын себебін – олар бір халыққа жататын руларды және халықтың құрылуын анықтайды. Қазақтардың, өзбектердің және ноғайлардың шежірелеріне қарағанда олар Алтын орда мен Шағатай ордасы құлағаннан кейін, түріктер мен монғол тұқымдарынан құралған одақ екендігі байқалады» [37, 61].
Ғалым өзінің «Жоңғар очерктерінде» халық аузындағы нақыл сөздерді зерттеудің этнография үшін орасан зор маңызы бар екенін, халықтың тұрмысы мен әдет-ғұрпын айқынырақ жазған: «ескі нақыл сөздерге бай келу Солтүстік Азия мен Орта Азияның көшпелі халықтарының ерекше бір қасиеті болып табылады. Ондай нақыл сөздер: не ру ескерткіші ретінде, мәселен заң, ғұрып аңыздары ретінде қариялар аузында қаиеттеліп сақталып отырады, не халық жыры түрінде бір ұрпақтан екінші ұрпаққа белгілі жыршылар арқылы жеткізіліп отырады» [38, 47].
Аңыздарда әр қырынан көрінетін, бүкіл түркі тектес халықтарға ортақ тарихи тұлғалардың бірі, ұлы бабамыз Қорқыт Ата туралы Шоқан Уәлиханов қысқа болғанымен мәнді, мағыналы мағлұматтар келтіреді. Әр халықтың жазба мәдениеті, ауыз әдебиетінің үлгілері жайлы баяндағанда Қорқыт Атаның да көптеген халықтарға танымал бейне екеніне тоқталады. «Жоңғар очерктерінде» Қорқытқа байланысты ертегі, жырлар территориялық және тіл жағынан жақын халықтардың әдеби, мәдени бірлігін нығайтуға септігін тигізетінін айтады.
1855-1856 жылы қыста Шоқан өз қызметін атқарумен бірге Қазақстан мен Орта Азияның тарихы жөніндегі әр түрлі түпнұсқаларды зерттейді, қазақ хандары мен сұлтандарының тегі, генеологиясы туралы кесте жасайды. Ұлы жүз қазақтарынан жинаған мақал-мәтелдерін орыс тіліне аударады. Ұлы жүзді басқарудың жаңа құрылымының жобасын жасауға көп күш және уақыт жұмсайды [39, 25].
Ш.Ш. Уәлиханов 1857 жылы 1 ақпанда, орыстың көрнекті ғалымдары П.П. Семенов-Тянь Шанский және Е.И. Лабанскийдің бастамасымен Орыс география қоғамының толық мүшесі болып сайланды. Олар жазған кепілдемеде былай делінген: «...Ыстық көлдің шығыс жағалауына саяхат жасап, онда қырғыз даласы туралы бай географиялық, этнографиялық және тарихи материалдар жинаған поручик... Шоқан Уәлиханов императорлық Орыс географиялық қоғамының толық мүшесі болып сайлануын жөн көрдік».
Шоқанның нағыз болмыс-бітімін оның өзі жазған еңбектері айқын танытады. Ғалымның туған жер тарихы, көне шежірелер, халық тағдыры, сахара көшпенділерінің өткен дәуірдегі мәдениеті туралы зерттеулерін, баға жеткісіз саяхатнамаларын оқып отырғанда сан-салалы білімді, кең танымға ие зерделі жанға кезігеріңіз хақ. Шоқанның «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы» атты қолжазбалары, «Жоңғар очерктері», «Қашқар сапары жайлы» жазғандары жиырмадан жаңа ғана асқан жігіттің қаншама үлкен істер атқарғандығын жарқырата ашатын, аса бағалы еңбектер.
Шоқан этнограф ретінде халықтардың рухани және материалдық мәдениетін зерттеуге зор үлес қосты [40, 27].
Шоқан Уалихановтың ғылыми шығармашылығы Орталық Азияда жасаған экспедицияларының барысында жинақталған бай тарихи – этнографиялық материалдардан тұрады. Оның мақалалары, очерктері, күнделік жазбалары көшпелілердің тұрмысын, олардың әдеп – ғұрыптары, аңыздары мен өлең – жырларын сипаттап мазмұндайды. Осы жұмыстардың негізгі тақырыптық бағыты этнография болды. Барлық экспедицияларда Шоқан Уалиханов барған елдерінің жергілікті халқын ден қойып зерттейді. Орта Азия мен Қазақстанның халықтарын зерттеу арқылы Шоқан Уалиханов сол кездегі тек тұрмыстық санадағы ғана емес, сондай-ақ ғылыми ортада орын алған түсініктерді жоққа шығаруға ұмтылды.
Шоқан әдеби мұрамыздың өткен жолын, келешек ұрпаққа берер тағылымын жоғары бағалады. Халық ауыз әдебиетін құнды мұра деп біліп, қазақтың аңыз - әңгімелері мен жырларының және күйлерінің түр тамырына, тарихи кезеңдерге, оқиғаға байланысты құрылатынына зер салды. Фальклорлық материалдар оған халықтың рухани байлығын зерттеп білуде зор жәрдемін тигізді.
Халқымыздың ғасырлар бойы арындай таза сақтап келген қымбат мұраларының озық үлгілерін, фальклорымызды әдейі бұрмалап теріс түсіндіруді мақсат еткен арам ниеттілерге батыл наразылық білдірген Шоқан өзі бас болып, оның шынайы мәнін түсіндіруге құлшына кірісті. Қазақ халық поэзиясының түрлері жөнінде деген мақаласында Шоқан «жыр», «жылау», «қайым», «қара өлең», «өлең» сияқты халық поэзиясының барлық формаларына сипаттама береді. Барлық далалық жырлар қобыздың сүйемелдеуінде тақпақтап айтылады. Негізінен, жыраулардың мазмұны бұрында өткен халық батырларының өмірі мен қаһармандық іс - әрекеттері болып келеді. «Едіге» жыры XIV ғасырдың соңындағы оқиғаларға қатысты, бұл Шоқан Уалихановтың ойынша, қазір жоқ ескі сөздер мен сөз тіркестері құбылысымен дәлелденеді, мұнда парсы немесе араб тілдерінен алынған бірде – бір сөз жоқ. Ш.Уалиханов Едіге батыр туралы халық жыры, жыр кейіпкерлерінің тарихилығы, өмір сүргендігі жайлы болжамын бекітеді деп жазады [41, 10].
Шоқанның ғылыми мұрасы әлі де жеткілікті зерттелген жоқ. Бұл үшін Шоқан Уәлихановтың білімінің әр түрлі саласына - археологияға, нумизматикаға, лингвистикаға және т. б. салаларға қосқан үлесін анықтайтын арнаулы нақты зерттеулер қажет. Егер біз қазақ ғалымынын, отандық және дүниежүзілік шығыстану ғылымына қосқан үлесін қысқаша топтап айтуға тырысатын болсақ, онда бұл баға мен қорытындының толық және түпкілікті екеніне емеурін артпай-ақ, мыналарды айтуға болады: Ол Жетісу, Қырғызстан, Шығыс Түркістан сияқты ол кезде ғылымға мәлім емес елдер мен жерлерде болып, тарих, этнография, география, әдебиет, Орталық Азиянын бұл аудандарының саяси жағдайы бойынша бірегей әрі жан-жақты материал жинаған тұңғыш европалық ғалым болды. Ол жинап әкелген материалдар орыстың және дүние жүзінің ғылымында Орталық және Орта Азияның, Қазақстанның картасындағы «ақ таңдақтың» келемін азайтуға мүмкіндік берді.
Шын мәнінде Шоқан Уәлиханов алғашқылардың бірі болып ғылыми айналымға тарихи түпнұсқалардың ғалымдарға бұрын беймәлім қабатын - қазақ және қырғыз эпостарын, аңыз-ертегілерін еңгізді, оларды жинап, зерттеуге ол өз өмірінің, едәуір бөлігін арнады.
Сондай-ақ шығысты зерттеуші қазақ ғалымы Азияның түрік халықтары - қазақтар, қырғыздар, ұйғырлар және басқа халықтар тарихының этногенез, әлеуметтік құрылым, саяси жағдайы, шетелдік басқыншыларға қарсы ұлт-азаттық қозғалысы сияқты бірсыпыра түйінді мәселелерін, Орта Азия, Шығыс Түркістан және Қазақстан халықтарының өміріндегі ислам дінінің рөлі туралы мәселені бірінші болып зерттеді. Шоқан Уәлиханов бұл мәселелерді көтеріп қана қойған жоқ, сонымен бірге жалпы алғанда тарих ғылымының сол кездегі даму дәрежесінің, атап айтқанда, Азияның бұл өңіріндегі түрік халықтары туралы білімнің біршама төмендігіне, зерттеу тәсілдерінің жетілмегендігіне қарамастан, ол көптеген ғылыми мәселелер бойынша дұрыс баға бере алды [42, 38].
Шоқан Уәлиханов қазақ халқының санасы оянып, оның маңдайалды орыс және европалық мәдениетке иек артуына зор қызмет істеді. Баспасөз бетіндегі жарқын да жалынды мақалаларында және өзінің, омбылық және петербургтық достары мен таныстарының ортасындағы сөздерінде ол демократиялық бағытта маңдайалды орыс жұртшылығының, ынта-ықыласын қазақ халқының мұң-мұқтажына аударуға, орыс және қазақ халықтарының достығын нығайтуға тырысты.
Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасы мол әрі әр алуан. Оның жеке еңбектері көзі тірісінің өзінде-ақ орыс және бірсыпыра европа тілдерінде басылып шықты. Ғалым өлгеннен кейін оның достары П. П. Семенов-Тянь-Шанский мен К. К. Гутковскийдің бастамасы бойынша Орыс география қоғамының ғылыми советі Ш. Ш. Уәлихановтың еңбектерін жинап, әзірлеп басып шығару туралы шешім кабылдады. «Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметі және оның ғылыми мұралары» тақырыбы арқылы оқушыларға жеке адамды қалыптастыруға, рухани, адамгершілік, туған еліне деген сүйіспеншілік, халық дәстүрін қастерлеуге, шыншылдыққа, еңбекке, адамзаттық құндылықтарды түсіндіруге тәрбиелік мәнінің маңызы зор. Шоқанды зерттеу әдісі- шығармашылықпен жұмыс істеу тәсілі білімді толық үйретіп меңгертуді мақсат етеді. Шоқанның өмірі тарихпен тікелей байланыста «Жарқ ете қалған бір бейне» болған ғалымның қысқа өмірінен жас ұрпақтың үйренетіні мол. Шоқан қазақ халқының рухани мұраларын зерттеген, мол жырлар, сан аңыз-әңгімелер тудырған халқымыздың ақынгер талантты, қазақ поэзиясының аса сұлулығы мен суреткерлігі, аңыз-жырдың тарихқа қатысты, эпикалық өнердің бітім - болмысы жайында алғаш рет кесек ойлар айтқан аса көрнекті ғалым. Дүниежүзі мәдениеті ордаларының бірінен саналатын Петербургты дүр сілкіндіріп, «Ғажап ғалым», «Жас данышпан» атанған Шоқанға берілген бағалар биік, өте асқақ еді. Ұлы ғалымның рухани жан дүниесіне терең бойлаған сайын оның жаны сұлу жарқын бейнесі бұрынғыдан да биіктей түсті, асқақтай түсінетіндігін жас ұрпаққа түсіндіру парызымыз. Егемен Қазақстан Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығын зерттеу салиқалы ғылыми еңбектері арқылы өзінің шырқау биігіне көтеріліп отыр. Әлемдік ғылым сол кезден-ақ түлеп келе жатқан жарқын талант жас дана деп танып, Орта Азия мен Шығыс Түркістанның ғажайып зерттеушісі ретінде мүлтіксіз мойындаған болатын. Шоқан Уәлихановтың мұрасы – тарихтың қымбат асыл қазынасы. Ұлы Шоқанды қай қырынан да жан-жақты терең зерттей түсу - бүгінгі және кейінгі ұрпақтың ең қасиетті міндеттерінің бірі болып қала береді [43, 114].
Өзінің ғылыми қызметін Шоқан кадет корпусында жүрген кезде ақ бастаған болатын. Шығыс зерттеушісі И.Н. Березиннің еңбектерін қызыға оқып, онымен хат жазысып тұрады, ақыры оның тапсыруы бойынша қазақ тілі жөнінде көп ізденеді. Шоқан И.Н.Березиннің тұнғыш еңбегі «Хан жарлығы» жөнінде рецензия жазды. Жалаиридің «Джами-ат-таварихын» зерттеп, оның негізгі тарауларын орыс тіліне аудартып, түсініктер жазады, оған сүйене отырып шығыс терминдерінің сөздігін жасамақ болады. Ол «Шайбани-намэ», «Түрік шежіресі» (Әбілғазы) секілді еңбектерді оқып, солардың негізінде теориялық маңызы жөнінен теңдесі жоқ «Қырғыздың ата-тегі» атты еңбегін жазады. «Джами-ат-таварихты» Уәлиханов Қазақтың XV-XVI ғасырлардағы тарихи сирек ұшырасатын тарихи шығарма ретінде бағалайды. Өздерінің шығу тегі туралы қырғыздардың аңыздардын Ұлы жүздің жалайыр руынан шыққан қырғыздың «Шайбани-намесы» мен «Джами-ат-таварихында» айтылатын жайлар тірілте түскен», - деп жазады Шоқан [44, 123].
Шоқан Шығыс пен Европаның біраз тілдерін тамаша білген. Соның арқасында ол көне дәуір материалдарын тұпнұсқадан оқитын дәрежеге жеткен. Орта Азия Қазақстанға байланысты материалдардың орыс тіліндегісінен басқа Шығыс пен Европаның тілдеріндегі барлық материалдары оған таныс болды. Сондай-ақ парсы, араб, түрік тілдеріндегі материалдардың текстерін ол ұзақ та мұқият талдап шыққан. Бертін келе ол «Баубур-наме», «Тарихи-Рашиди, «Тазқиряй ходжаган» шығармаларын оқып, қажетті тұстарын өз еңбектерінде пайдаланған [45, 105].
Ш.Уалихановтың мол ғылыми мұрасының негізгі бөлігі халық ауыз әдебиетіндегі туындыларға негізделген екенін байқауға болады. Шоқан Уалихановтың аңыз эпостарды жинап талдау жасауы, сол арқылы Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тарихын, тағдырының бұралаң жолдарын, шығу тегін, қоныс өрісін өзге елдермен мәдени байланыс дәрежесін дүниетанымын наным-сенімін анықтамақ болып, қыруар жұмыс атқарғанын ғылыми ерлік деп айтуға тұрарлық. Осындай жұмыстары арқылы Шоқан іргелес жатқан бауыр-туыс елдің рухани әлемін сол кездегі зиялы жұртшылыққа таныстырып, халықтар достығын нығайтуға нақтылы қадам жасаумен қатар, тарих ғылымы нысанасына жетуге тырысты.
Шоқан тарихи маңызы бар мақалаларындағы негізгі тақырып Абылай ханның жүргізген саясаты мен қазақ және жоңғар қарым-қатынасы төңірегінен шығады. Оның «Абылай», «Шуна-батыр», «ХVІІІ ғасырдағы батырлар жөніндегі тарихи мұра» және тағы да басқа мақалалары қазақ-жоңғар қарым-қатынасында және тарихтағы Абылай ханға деген көзқарастарда жаңа бетті ашқандай болды. Жоғарыда аталғандай Шоқан өз шығармаларының көпшілігін ауыз әдебиетінің туындыларына жүгінген, әсіресе ақын және жыраулардың шығармаларына жүгінеді. Ол өз еңбектерінде «тарихты зерттеу жағынан халықтың поэзиялық рухы тамаша. Себебі: біріншіден дала халқында тарих таңқаларлық есте сақтау қабілеті бар импровизатор арқылы жетеді, екіншіден ақын жыраулар өз заманының жағдайын толықтай суреттеуі, үшіншіден ауыз әдебиетіндегі поэмалар салт-санамен, мақал-мәтелмен, құқықтық кодекстерімен бірегей болып табылады. Сондықтан ол өткен кездегі халықтың тарихи және рухани дүниесін танытады және де бізге көптеген тарихи қосымша мәліметтерді береді және олардың қайдан шықанын түсіндіреді» деп ауыз әдебиетін зерттеуге деген құлшынысын түсіндіреді. Сонымен қатар Шоқан Уалиханов дерек ретінде орыс-жоңғар, және Қытай қарым-қатынасына байланысты архивтік деректерді пайдалана білді.
Ш.Ш.Уалихановтың қазақ-жоңғар және Абылай хан мәселесіне көп еңбек етті, алайда оның зерттеулеріндегі кейбір қорытындылар, көзқарастар мен пікірлер қазіргі тарихта қолдау таппайды. Ол өз мақалаларында XVIII ғасырдың ортасындағы жоңғар еліндегі жағдайды былайша суреттеуге тырысқан: «1745 жылы қырғыздар арасындағы үлкен болып саналған Қалдан Церен өледі, және жоңғарияда біріншілік үшін талас тартыстар байқалады. Қалмақтық Тайдзилер Абылайдан көмек іздеуге мәжбүр болды. Ал Абылай хан жоңғарларға деген ескі кекшілдіктен бұл жағдайды пайдаланып жоңғарларды әлсіретуге тырысып, талас тартысты бірде бірінші, бірде екінші жақты жақтап созуға тырысты» [46, 73].
Айта кететін жайт Абылай хан көрегенділік пен даналық таныта білген сұлтан. Ол осы кездегі өзгерістерді түсіне білді. Оның көз алдында осыдан аз ғана бұрын құдіретті мемлекет талқандалды және Абылай бұл оқиғадағы Цин империясының ролін бағалай білген. Сондықтан оның түсінігінше жақын көрші ретінде Циндіктерді көргенше, жоңғарларды таныған дұрысырақ болады, себебі Циндіктер қазақ хандығы үшін үлкен қауіпті тудыратын еді. Ал жоңғарлар үнемі жаугершілікте жүргендіктен онсызда әлсіреп қазақ хандығы үшін ешқандай қауіпті тудырмайтын. Жоңғар қонтайшысы Әмірсанаға әскери көмек бере отырып Абылай досына бірегей мемлекетті сақтауға жәрдемдесті. Бұл тарихи тұжырым бүгінде көпшілік тарихшылар мен зерттеушілердің көңілінен шығады. Неліктен Ш.Уалихановта осындай тұжырымға келмейді деген сұраққа келсек Шоқан жыраулардың деректері мен орыс архивтерінің деректеріне сүйенді, сондықтан өзіндік заманына да сай тұжырымдарға, зерттеулеріндегі нәтижелерге келіп отырды.
Жалпы Шоқан Уалихановтың тарихи зерттеулердегі тереңдік пен кеңдіктің нағыз белгілері айқын көрінетін екі тақырыптың бағытында жұмыс жүргізгені мәлім, яғни жоғарыда аталған Абылай мен қазақ-жоңғар қатынастарына аса көп назар аударады. Шынында да бүгінде бұл екі тақырып айналасында бірқатар көзқарастар деректермен ашылмаған істер де бар. Міне осындай өзіндік тұжырымдарын алғашқылардың бірі болып Шоқан Уалиханов салған.
Шоқан Уалиханов сонымен қатар Қазақстан мен Орта Азия халықтарының тарихында зерттеуге аса назарлықпен қарағаны белгілі. Ең бастысы Шоқан Уалиханов қырғыз халқы жөніндегі зерттеулер жүргізе отырып халықтың шығуын тарихи оқиғаларын дерек көзі ретінде ауыз әдебиетін пайдалана отырып зерттейді. Сонымен қатар өз зерттеулерінде “Қытай шежірелері мен Абылғазы еңбектерінен біз қырғыз халқы жайлы деректер таптық …” [47, 78] деп атайды. Осылайша Шоқан қырғыз халқын зерттеуде Қытай шежірелері мен Абылғазы шежіресі және Риттердің “Erdkunde von Asien” деген еңбегінде дерек ретінде пайдаланады.
Жалпы Шоқан Уалихановтың еңбектерінде қырғыздар, хакастар, ұйғырлар, дүнгендер, қарақалпақтар және жекелеген тайпалардың шығу тегі соми тарихы егжей-тегжей қарастырылған. Сондықтан Шоқан Уалихановты тек қазақ халқының зерттеушісі ретінде қарастырмай Орта Азия халықтарының ғалымы ретінде көрсету белгіленуде. Шынында да Шоқанның Орта Азия халықтарының тарихын зерттеуде еңбегі мол. Алайда мұндай еңбектің құны ауыр-ақ болды. Мұнда айта кететін жайт Шоқанның еңбектері, мақалалары, құнды зерттеулері Ресейдің Орта Азияны басып алудағы танып білуіне көмекші құрал болғанын ескермей кетуге болмайды.
1854ж. Гудков экспедициясына қатысып Уәлиханов Қапал қамылына келеді, мұнда Ұлы жүз аңыздарын жазып алады. Ал одан бұрынырақ ол Орталық Қазақстанда Бұтағай (Нұра өзені), Дұбан-ана, Айтболат (Сырасу өзенінде) архитектуралық ескерткіштерін зерттеген болатын.
1856-1858ж. Уәлиханов үшін аса бір жемісті жылдар болды. Жетісу өлкесіне келіп, көне Алматы, Қойлы, Алмалық шаһарларын зерттейді, көне ақшалар нұсқасын жинайды, Іле маңындағы Таңбалы-тас қақпасы маңындағы Шолақтау суреттерін салады, Ыстықкөлдін солтүстік жиегі мен Аягөз өзендерінің бойындағы тас белгілердің кескінін қағазға түсіреді. Оның Ыстықкөл, Құлжа, Қашқар сапарынан жазған күнделігі, «Оңтүстік Сібір тайпаларының тарихы туралы жазбалары» осы дәуірдің жемістері еді.
Шоқан Уәлихановтың ғылыми еңбектерінің ішінде Жетісу, Ыстықкөл, Тянь-Шань, Шығыс Түркістанға тарихи-географиялық шолуларының маңызы ерекше (Жоңғар очерктерін», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Алтышаһар немесе Қытайдың Нан Лу провинциясының хал-жайы туралы» (Кіші Бұхара). Уәлихановтың қазақ халқының тарихы мен этнографиясы туралы зерттеулері, сондай-ақ қазақ даласындағы әлеуметтік-саяси қарым-қатынастарға байланысты мақалаларының ғылыми маңызы зор. Айталық «Абылай», «Қырғыздың ата-тегі», «Көне дәуірдегі қырғыздардың қару-жарағы және әскери жабдықтары», «Сахарадағы мұсылмандық туралы», «Қырғыздағы шамандықтың қалдықтары», «Қырғыздардың көші-қоны туралы» тағы басқалар. Біраз еңбектерінде Уәлиханов тарихшы, этнограф қана емес, әдебиетші, публицист, тамаша сөз зергері екенін де танытады. Қазақтың халық поэзиясының теориясы және қырғыздын «Манасы» туралы аяқталмаған зерттеулері де ерекше назар аударады [48, 60].
Уәлихановтың орыстың көрнекті жазушылармен, ғылымдармен жазысқан хаттары қазақ әдебиетінің тарихы үшін ерекше маңызды. Оның хаттары мен күнделіктерімен публицистикалық дарыны айқын аңғарылады. «Егер қырғыз халқының арасында Шоқанды оқи алатын орта болса, ол өз халқының кемеңгері, өз елі әдебиетінің қайта өркендеуінің басы болар еді» -деп жазды Г.Н.Потанин. Шоқан күнделіктері көркем очерк мәнерінде жазылған, кейде тіпті лирикалық шегіністермен келіп отырады («Құлжа сапарының күнделігі», Қашқария сапарының күнделігі». Бұл күнделіктерден бір байқалатыны- табиғатты көз алдыңа әкеліп, қызықты етіп бейнелей жазуы және оны халық өмірімен тығыз байланыстыра білуі; Құлжа күнделігіне Батыс Қытай халықтарының бастан өткізген тарихи кезеңдері мен тұрмысы және мәдениеті, көне дәуірден 19 ғасырға дейінгі үзілмей келген байланысы тап басып айтылған. Мұны Шоқан Тянь-Шань мен шекаралық Жоңғария Халықтарының тұрмысы мен тіршілігі жөнінде байқампаздықпен жазғанҚазақты, оның әдебиеті мен мәдениетін орыс пен Европа жұртшылығына таныстыруды ІІІоқан өз еңбектерінің өзекті бір мақсаты деп санаған. Қазақтың мәдениеті мен орыс жұртшылығын таныстыра түсу арқылы ол қазақты мәдениетсіз, тағы халық деп ұлы державалық менсінбеушілікке наразылық білдіреді. Қазақтың ертеден келе жатқан халықтық мәдениеті мен әдебиеті бар екенін дәлелдеуге күш салады. Қазақ әдебиеті мен мәдениетін ерте танылған басқа елдердің әдебиетімен салыстырып тамаша зертеулер жүргізді. Европа әдебиеті деп бағалайды. «Біздің халқымыздың көркемдігі жағынан қалыспайтын өскелең әдебиеті бар.
Шоқан ауызекі әдибиетті, сирек қолжазбалар мен нумизматикалық ескерткіштерді, сфрагистика, Қазақстан мен Орта Азия халықтары қолөнері үлгілерін қажымай-талмай жинаушы ретінде де кеңінен танымал. Ол туралы П.П Семенов-Тяньшанский мен Ф.Р.Остен-Сакен былай деп жазды: «Бұл материалдарды жинауда Уәлиханов еңбегін де, қаржысын да аяған жоқ, өз халқының аңыз, дастан-жырларын мұқият жазып алып жүреді, Орта Азия халықтарының тілін зертеді, көне мұралар оған қымбатқа түсті, өлімге бас тіккендей будда монастырлеріне кіріп, одан сирек кездесетін қолжазбаларды алды».
Уәлихановтың Орта Азия мен Шығыс Түркістанды зерттеуші ретінде ғылымға сіңіргін еңбегін бүкіл дүние жүзілік ғылым тегіс мойындады. Оның еңбектері орыс, ағылшын, неміс және француз тіліндерінде жарияланды. Атақты орыс ғылымдары, ең алдымен П.П. Семенов-Тяньшаньский, И.В.Мушкетов, М.И.Венюков, Н.А.Аристов Шоқанның бұл еңбектерін өте жоғары бағалады. И.В. Мушкетовтың байқағанындай «Уәлихановтың Тянь-Шань мен Жетісу географиясы жөнінде еңбектері ғылыми маңызы зор, автордың білімпаздығы мен байқампаздығы танытады». М.И. Венюков Таулы Тянь-Шань елінің ғылыми зерттелуі шынында да Уәлиханов пен Голубевке тән деп бағалады: «Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов Шығысты зерттеу ғылымында аққан жұлдыздай жарқ етті де жоқ болды,-деп жазды белгілі ғылым В.И.Веселовский: «Орыс ориенталистері оны ілуде бір кездесетін ғажайып дарын иесі деп таныды және одан түрік халықтарының тағдыры жөнінде аса маңызды жаңалықтар ашады деп күткен еді». Россияның шығыс елдерін зерттеуші ірі ғалымдарының бірі – Веселовскидің бұл қанатты сөздері Уәлихановтың ғылыми еңбектеріне берілген жалпыға ортақ баға болып табылады [49, 67].
Шоқанның шығармаларын халық игілігіне толық айналдыру мүмкіндігі кейінгі кезде ғана туды. Оның мақалалары мен хаттарының жинағы 1949 жылы екі тілде басылып шықты. 1958 жылы Шоқанның бір томдық көлемді таңдамалы шығармалар жинағын Қазақ ССР Ғылым академиясының тарих институты даярлап, Ә.Марғұланның басшылығымен жарық көрді. Шоқанның көп томдық жинағы үлкен бес кітап болып шықты. «Жазушы» баспасы 1978 жылы бір томдығын қазақ тілінде шығарды. Бұлар Шоқантанудың қазіргі жоғарғы сатысын айқындар зор табыс болып отыр [50, 44].
Ә.Марғұлан басшылығымен басылып шыққан Шоқанның бес томдық академиялық шығармалар жинағы тамаша ғалымның түлғасын көз алдына толық келтіреді. Шоқан шығармаларының баспа бетінде түгел шығуы оның талантының жаңа қырларын тани түсуге де мүмкіндік береді. Сөз болып отырған шығармаларының қазіргі басылған бес томын еске алсақ, мүнда зерттеуші қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетін кең сөз қылғанына еріксіз таңданарсың. Осы томдарға енген шығармалардың бірде-бірі әдебиет мәселесіне соқпай кетпейді. Мысалы, ғалым шығармаларының бірінші томына кірген еңбектер ішінде қазақ-қырғыз әдебиетінің тарихы мен теориясын сөз етпейтіні жоқ дерлік. Ал олардың кейбірі түгелдей әдеби зерттеу еңбектер. Оның ішінде: «Қырғыз-қайсақтардың үлкен ордасына қарасы елдердің аңыз-әңгімелері» (107-120), «Бұқардың Абылайды жоқтауы» (169-171), «Абылай туралы жырлар» (172-187), «18 ғасыр батырлары туралы тарихи әңгімелер» (220-227) деген т.б.көлемді еңбектердің қазақ әдебиеті тарихына тікелей қатысты зерттеулер екені әр кімге-ақ мәлім. Ал Шоқанның «Қазақ халқы поэзиясының түрі туралы» (196-202) атты еңбегі - поэзиямыздың теориясы туралы түңғыш зерттеу «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар» сияқты зерттеулердің көп беттері қазақ әдебиеті мәселелерін егжей-тегжейлі сөз етеді.
Қазақты, оның әдебиеті мен мәдениетін орыс пен Европа жұртшылығына таныстыруды ІІІоқан өз еңбектерінің өзекті бір мақсаты деп санаған. Қазақтың мәдениеті мен орыс жұртшылығын таныстыра түсу арқылы ол қазақты мәдениетсіз, тағы халық деп ұлы державалық менсінбеушілікке наразылық білдіреді. Қазақтың ертеден келе жатқан халықтық мәдениеті мен әдебиеті бар екенін дәлелдеуге күш салады. Қазақ әдебиеті мен мәдениетін ерте танылған басқа елдердің әдебиетімен салыстырып тамаша зертеулер жүргізді. Европа әдебиеті деп бағалайды. «Біздің халқымыздың көркемдігі жағынан қалыспайтын өскелең әдебиеті бар. Бұл әдебиет Шығыс халықтарының өлең жырларынан гөрі үнді-герман өлең-жырларына жақынырақ» - дейді. Шоқанның қазақ ақындары мен ауыз әдебиеті туралы пікірлірі бұдан бір ғасыр бұрын айтылғандығына қарамастан, қазір де маңызын жойған жоқ. Ол - ең алдымен, қазақ халқының ақындық қабілетін жоғары бағалай білді. Міне Шоқанның әдебиет зерттеу еңбектерінде осындай құнды-құнды пікірлер көп. Ол - қазақ жерін түгел дерлік аралап, халық ауыз әдебиетін сүйсіне жинаған. Оны зерттеп пікір айтқан фольклорист ғалым. Өзінің Маяковқа жазған бір хатында Шоқан сол жиғандары туралы мақалалар жазбақшы болып жүргенін «Петербургские ведомости» мен «Отечественные записки» журналдарына тілші болғысы келетінін ескертеді. Шоқанның әдеби зерттеу еңбектері көлемі жағынан шағын, олар хат, мақала, очерк түрінде жазылған.
Ғалымның «Жоңғария очерктері» мен «Алты шаһардың жай-жаспары» деген еңбектері 1861 жылы өзінің тірі кезінде, орыстың императорлық география қоғамы жазбаларының үш кітабында басылған. Шоқанның еңбектері ағылшын, неміс, француз тілдерінде де аударылды.
3 ШОҚАН УӘЛИХАНОВ ЗЕРТТЕУЛЕРІНІҢ МӘНІ МЕН МАЗМҰНЫ, НӘТИЖЕСІ МЕН КӨРСЕТКІШІ

3.1 Зерттеуші ретінде Ыстықкөлге, Құлжаға жіне Қашғарға жасаған саяхаты


Шоқан Уәлиханов XIX ғасырдың орта шенінде Шыңжаңға екі рет маңызды сапармен келген. Бұл сапар оның ғылыми еңбегінің дамып өркендеуіне өріс ашып қана қалмастан, тың да бейтаныс өлке құшағында үн-түнсіз жатқан тарихи мұралармен таңғажайып деректерді адамзат мәдениетінің алтын қорына қосуына да орай тудырды. Білімге деген құштарлық Шоқанның өмірін міне осындай саяхатымен мәнді еткен-ді.


«Менің саяхатымды» деп жазады Шоқан Уәлиханов: «жүрген жерімнің сипатына қарай екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең Жоңғариядағы бірінші рет 1856 жылы сапарда болуым. Онда полковник Хомевскийдің Ыстықкөлге жасаған бірінші экспедициясына қатынастым. Содан соң Құлжада үш ай тұрдым, Жоңғарияда бас-аяғы бес ай болып, бұл өлкенің Алакөлден Тянь-Шаньға дейінгі аймағын түгел аралап шықтым» [51, 11].
Шоқан Уәлиханов осыдан кейін 1858 жылы Қашқарда экспедициялық сапармен 6 ай жүрді. Ол Тян-Шань мен Ыстықкөл бассейіні қырғыздары арасында ғылыми ізденіспен жүргенінде Петерборда Шәуешек қаласындағы орыс пакториясын өртеп жібергеннен кейінгі қытаймен үзіліп қалған сауда қатынасын реттеуге қытайлармен келіссөз жүргізу үшін «айырықша адамды» Құлжаға аттандыру мәселесі шешіліп жатқан-ды.
Қытаймен болған сауда-саттықты қалпына келтіріп, талас-тартыс тудырған мәселелерді шешу сынды күрделі дипломатиялық мәселе осылайша Шоқан Уәлихановқа тапсырылып, 1856 жылы Құлжаға аттанады. Жолшыбай қытайдың бірнеше бекеттеріне соғады. Шоқанға сыртқы істер министрлігі нұсқау беріп: «Барлық әрекеттер Құлжадағы консулмен кеңесіп жүргізілісін! Мақсат – достық жолмен келісімге келіп, үзілген байланысты тездетіп қалпына келтіру», – деп тапсырылады. («Шинжияңның қысқаша тарихы» 2 бөлім, 47-48 беттер).
1954-1955 жылдары Россияның Тарбағатайдағы тұңғыш консулы Татаринов және саудагер атын жамылған бір топ адамы қытайдың ішкі ісіне килігіп, Тарбағатай өңіріндегі Жарғыты алтын кенін тартып алмақ болады. Қытай кеншілерінен ілгерінді-кейінді 200 адамды атып өлтіреді.
Бұл іс Шинжияңдағы ұлттардың қарсылығын қозғады. 1855 жылы тамызда Тарбағатайдағы кеншілер ашуланып орыстардың сауда базарын өртеп, қарсылық білдірді. Сөйтіп Россиямен Чиң патшалығы үкіметі ортасында алауыздық туды. Бұл реткі оқиғаның туындау себебін анықтау үшін орыс үкіметі 1856 жылы тамыз айында Ілеге келіссөз жүргізуге адам жіберді. Келіссөз тамыз айынан қазан айына дейін созылады. Бұл келіссөз жұмысына Шоқан Уәлихановтың келгені белгілі. Құлжада қытайлармен өткізілген бірнеше кездесуден кейін, үкімет сауда-сатық қатынастарын реттеп, екі ел арасындағы достық байланыс қалпына түскен.
Шоқан екі мемлекет арасындағы талас-тартыс болған күрделі дипломатиялық маңызды тапсырманы ойдағыдай орындап, күздің соңғы айларында Омбы қаласына қайтады. Әлкей Марғұлан: «А.К. Гейнстің өкілдік етуі бойынша Шоқан Уәлиханов Құлжаға жасаған сапары Тарбағатай келісіміне және Құлжамен Шәуешекте консулдық ашуға негіз салған», - деп жазады.
Құлжа сапары кезінде Шоқан Уәлиханов Шинжияң халықтарының елеулі тарихи кезеңдерін, мәдениетін, көне дәуірден XVI ғасырға дейінгі мәдени байланыстарын, Тянь-Шань мен шекаралық Жоңғария халықтарының тұрмыс-тіршіліктерін естеліктеріне алады. Шоқанның Құлжа туралы жазған күнделіктері өте қызықты. Онда шекаралық Жоңғарияны мекендеген қазақ, сібе, солаң, моңғол, қырғыз, ұйғыр, қытай сияқты халықтардың тұрмысын жанды қабылдау әрі қызыға бақылау бар.
«Құлжадан бір жыршы карияны тауып алдым, одан алыста қалған жоңғар ертегілері, әндерін тыңдадым... Құлжаның көшелерінен беттерін бояп алған әппақ сұлу қыздар мінген күймені көрдім және оларсыз бірде-бір қонақасы өтпейді екен», - деп жазады Шоқан Уәлиханов [52, 18].
Ол Таңбалы тас (Іле өзені), Шолақтаудағы және Жоңғар қақпасы маңынан тасқа қашалған суреттерді, балбал тастардың түр-кескіндерін қағазға түсірген. Шоқан Уәлиханов Құлжадағы дипломатиялық сапарынан қайтып барғаннан кейін «Қытайдың батыс өлкесі туралы» атты еңбегін жазды.
Хоментовский Ыстықкөлді топографиялық картаға түсіре бастағанда Шоқан одан бөлініп кетіп, қырғыз халқының тарихын, ауыз әдебиетін, ән-күйін, салт-сана, әдет-ғұрыпын беріле зерттеді.
Бұдан кейін ол Россия империясының, оның ішінде сыртқы істер министрлігінің арнайы шығарған жарлығымен осы жылдың тамыз айында Қытай шекарасынан өтіп, Құлжаға елші болып барды.
Шоқанның Ыстықкөл, Құлжа саяхаты зор табыспен аяқталды. Атап айтқанда ғалым саяхаты бұрын дүниежүзі ғылымына беймәлім қырғыз халқы туралы бай материал берді. Бұл халықтың, XVII ғасырға дейін Енисейден бастап Саян, Алтай таулары арқылы Тянь-Шаньға дейін көшіп жүргенін, одан соң жолды ойраттар басып алып, өткізбеген соң сол тауда мекендеп қалғанын анықтады. Сондай-ақ атақты «Манас» жырын жазып алып, үзінділерін орысшаға аударып жариялады, Шоқан зерттеуіне дейін қырғыз, қазақ халқын ешбір айырмай бәрін де «қырғыз» деп келсе ғалым: «Бұл екі халықтың тіл жағынан да, үрім-бұтақ, әдет-ғұрып жағынан да айырмасы бар» деп атап көрсетті. Ш.Уәлихановтын Ыстықкөл, Құлжа саяхатының материалдары негізінде жазған «Ыстықкөл саяхаты», «Қытай империясының батыс провинциясы Құлжа қаласы», «Қырғыздар туралы», тағы да басқа еңбектері бізге қолжазба түрінде жетіп, совет дәуірінде ғана кең жарияланды. Ш. Уәлихановтың үшінші саяхаты 1858-1859 жылдары Шоқанның, жасырын түрде барып, европалықтарға қақпасы жабық болған Қытайдың батыс провинциясы «Алты шаһарды» – алты қаланы зерттеп қайтуының дүниежүзілік маңызы болды. Өйткені бұл өңір бұрын ғылымға беймәлім еді. Шоқанға дейін онда тек қана кезінде Марко Поло, Иезуит Гассен және неміс ғалымы Шлагинвейттер болған-ды. Бірақ бұлардың бірде-бірі «Алты шаһар» туралы ешбір елеулі ғылыми деректер бере алмады.
Шоқан аса жауапты әрі қауіпті іске Азияны зерттеуге бел байлады. «Әлімбай» деген лақап атпен Семей саудагері Мұсабайға еріп, Батыс Түркістанға жол тартты. Қашқарияда болған кезде Шоқан халық өмірімен танысып, дүние жүзіне беймәлім болып келген алты шаһарды («Кіші Бұхараны»): Яркент пен Қашқарды, Янги-Гисар мен Котанды, Ақсу мен Турфанды ашты [53, 17].
Алты шаһардың әрқайсысының өзіндік тарихы бар. Мәселен сол кезде Яркентте еркектерді құлдыққа, әйелдерді күңдікке сататын болған. «Алты шаһар бейне бір ғияван сахарада суалып, тынысы тарылып бара жатқан өмір сияқты. Ондай жағдайға ұшыратушы мұсылман дінінің салдары», - деп жазды Шоқан.
«Қашқарияда» бір орыс офицері жасырынып жүр-міс» деген лақап алты шаһарға тарап кетеді. Тіпті ол лақап Орта Азия хандығының қол астындағы әкімдердің құлағына да шалынады. Сезік тудырып алған Шоқан елге оралуға асығады. 1859 жылы 11 наурызда Мұсабай керуеніндегі әріптестерімен қоштасып, елге қайтады.
Шоқанның бұл сапарынан алып қайтқан өте құнды этнографиялық, экономикалық, географиялық, геологиялық тағы басқа материалдарының маңызы айрықша. Бұл жинаған ұшан-теңіз материалдардың ішінде, бұрын ешбір европа ғылымына белгісіз сұлтан Сутек Богде ханның «Тазкират» деп аталатын шежіресі, Тоғақ Темірханның шежіресі, «Хажылар тарихнамасы», «Абумуслим мауризи» аттас қымбатты ескі шежірелер, тағы басқа сирек кездесетін шығыстың мұралары, кітаптары, қисса-хикаялары көп еді. Сондай-ақ тау жыныстарының минералды заттардың, коллекциясы, ескі киім-кешек үлгісі, жергілікті халықтың, этнографиясын танытатын әртүрлі бұйымдар, бағалы заттар да көп болды.
Сөйтіп, Шоқан 1859 жылы 12 сәуірде Верный қаласына қайтып келді. Науқас меңдеткен ол қалада біраз тынығады. Кейін Петербургке шақырылды. Ғалымдар алдында өз саяхаты туралы есеп берді, астана қауымын қазақ жерімем таныстырды. Петербургте қызу қызмет атқарып, астана өміріне араласты, талантты жас ғалымның, ғылыммен шұғылданып, қоғам жұмысына қатысуын достары қызу қуаттады. Ол көп уақыт орыс интеллигенттерінің арасында болды.
Шоқан Петербургте Генералдық штабтың, әскери ғылым комитетінде, Азия департаментінің география қоғамында қызмет істеді. Ал қызметтен бос кезінде университетке барып, көрнекті ғалымдардың лекциясын тыңдады. Генералдық штабта Шоқан Орта Азия мен Шығыс Түркістанның, Балқаш пен Іле Алатауы аралығының, Ыстықкөлдің, Құлжа қаласының карталарын жасады. География қоғамында атақты неміс географы К. Риттердің еңбегін баспаға әзірледі. Орта Азия мен қазақ жерінің географиясын, этнографиясын жазды, бұл жайында қоғам мүшелеріне лекция оқыды.
П.П.Семенов Тянь-Шанский, Г.Н. Потанин, Ф. М. Достоевскийлер Шоқанды астанада көптеген ғалымдармен, ақындармен, жазушылармен таныстырды. Олар талантты жас қазақ жігітінің ғылыммен шұғылданғанын көрді. Шоқан география қоғамында А.Н.Бекетовпен, Т.П.Ковалевскиймен, Ф.Р.Остен-Сакенмен, И.И.Захаровпен, тағы басқа көптеген ғалымдармен танысып, олармен бірге қызмет атқарды. Шоқанның Петербургке әкелген әр жақты материалдарын көптеген ғалымдар: А.Ф. Голубев, Д.И. Романовский, П.П. Семенов-Тянь-Шанский, М. И. Венюков, Ф. Р. Остен-Сакен, Е.П.Ковалевский, А.А.Татаринов, П.И.Лерх, тағы басқалар пайдаланды.
Шоқанның жаңашыл, демократиялық көзқараста екенін білген патша Александр II оның еңбегін бағалау былай тұрсын, оны астыртын қуғын-сүргінге ұшыратты. Оның үстіне ауру меңдеген ғалымның, қызу жүріп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарын, сүйікті достарын қалдыруына тура келді. Сөйтіп, Шоқан астанада не бары бір жарым жыл тұрып, 1861 жылы қазақ даласына оралды. Туған жердің таза ауасы дертке дауа болар деп ойлаған еді.
Шоқан елге келген соң науқастығына қарамастан біржола ғылыммен шұғылданды, Омбыдағы, Петербургтегі достарына қазақ даласынан материалдар жіберіп, үнемі хат жазысып тұрды. Әрине, мұның бәрі оның науқасын меңдете түсті, қазақтан шыққан тұңғыш саяхатшы - ғалым 1865 жылы 10 сәуірде Тезек төре ауылында қайтыс болды. Осы күнгі Талдықорған облысының Панфилов ауданының Алтынемел тауының баурайына жерленді. 1958 жылы ағартушы ғалымның зиратының басына сәулетті ескерткіш орнатылды. Кейін осында Ш. Уәлихановтың мемориалдық музейі ашылды.
Өткен ғасырдың алдыңғы қатарлы демократиялық идеядағы орыс интелигенттері Шоқанның мезгілсіз қайтыс болуына қатты қайғырды. «Шоқан шығыстану әлемінің үстінен құйрықты жарық жұлдыздай ағып өтті...» деп жазды академик Веселовский. Шоқанның өмірі қысқа болды, бірақ ол халқына, ғылымға бағалы мол мұра қалдырды [54, 18]. Сондықтан да ғалым еңбегі көп жылдан астам уақыт зерттеліп келеді. Шоқан мұрасын зерттеу жұмысы әсіресе совет дәуірінде мыңдап қолға алынды. Ең алдымен 1958 жылы белгілі ғалым Әлкей Хақанұлы Марғұлан Шоқанның таңдамалы шығармаларын жариялады. Оның басшылығымен (1958-1972) жылдары Ш.Ш. Уәлихановтың 5 томдық жинағы жарық көрді.
Шоқан коғамдағы рулық құрылысты зерттей отырып, оның демократиялық сипатын да дұрыс аңғарған. Ол қазақтың әдеттік заңынын артықшылығын рулық демократиямен байланыстырады. Мұсылман, кытай және орыстық «Орыс правдасы» заңына қарағанда, қазактың әдеттегі құқығының адамгершілік жағы басымдау, қазақ заңында еуропалық жаңа кодексте сіресіп тұрған ескертетін, сескендіретін заңдар жоқ», - деп жазды Шоқан. Қазақта тән жазасы ешқашан болған емес. Ру заңы бойынша, туыстардың бірінің ісіне бірі жауап беретін руластық жағдайы ру қатынасында іс жүзінде көп пайда келтіріп отыр. Осы пікірін қазақ өмірінен алған көптеген мысалдармен толықтыра отырып, қазақ даласына Ресейдегідей мировой сот дегенді енгізуді қажетсіз екенін көрсетеді. Шоқан өзінің көптеген зерттеулерінде қазақ қоғамының дәулетті тобының мүддесімен әлеуметтік сатысының төменгі баспалдығында тұрған сахара пролетариятының мүддесінің қарама-қарсы екенін түсінді. Өзінің саяси-әлеуметтік ізденістерінде ол өз тұсындағы қоғамда әлеуметтік таптар мен топтар арасында келіспес қарама-қарсылықтың бар екенін түсіну деңгейіне дейін көтерілді.
Шоқан XIX ғасырдың 60-жылдарының алғашқы кезеңінде патша әкімгершілігінің қазақ даласында жүргізе бастаған өзгерістерінен қазақ халқының мүддесін талмай қорғап отырды. Ол қазақ өлкесінің басқару ісінде халық мүддесіне сай келетін басқару жүйесі қалыптасады, ол түбегейлі, оңды өзгерістерді әкеледі деп күтіп еді. Осыдан кейін қазақтар ата-бабасынан бері пайдаланып келе жатқан жеріне қазақтар жібермей, кыста олардың малдары кырғынға ұшырайтын болды. Оның үстіне Баянауылды иеленген қазақтар егіншілікпен айналыспайтын болды. Станицаның жеріне айналдырылған қазақтардың ата мекендерін олардың өздеріне жалға беріп, сол үшін олардың еккен егінінен салық алып отырды. Бұл мысал бізге тағы бір шындықтың сырын ашады. Осы кезге дейін жазылып келген әдебиетте солтүстік өңірдегі қазақтарға егін егуді үйреткен казақ жерін иеленген орыстар деп жазылып келді. Мұны Қазакстанның Ресейге өз еркімен косылуының оңды әлеуметтік салдарының бірі деп дәріптеліп айтылатын еді. Шынында еркін қазақтар деп мадақталатын, ылғи жаугершілікпек жүрген қазақтар орыс шаруаларындай егіншілікпен айналыспайтын, ат үстінен күн көретін. Сондықтан да, олар қазақтарға егіншіліктті үйрету үшін емес, олардың еңбегін қанап, солардың үстінен күн көру үщін қазақтардан тартып алған жерлерін өздеріне жалдап, егін салдырған. Осыған көзі жеткен Шоқан өзінін жоғарыда баяндалған ойларын 1864 жылы 26 наурызда хатқа тізіп, Батыс Сібірдің генерал-губернаторына жолдайды. Хатында алдағы уакытта Баянауыл станицасына қарайтын жерлерді межелегенде алдымен бұл жердің түрғылықты халқы қазақтарға кыстайтын жерлер мен тоғайлы жерлерді беріп, содан қалғанын ғана казактарға бөліп беру әділдік болар еді деп жазады [55, 73]. Бұл хаттан да біз мынадай екі нәрсені аңғарамыз. Біріншіден, Шоқан өзінін туған халқының бойына біткен аңғалдығымен патша әкімшілігіне сенім артады. Екіншіден, ол патша өкіметінің отаршылдық саясатының мәніне жете түсінбей, қазақтардың патша үкіметінің қолшоқпары екенін, сол үшін оларға артықшылық беріліп отыратынын аңғармай, қазақтарға қалған жерлерді берсе де болады ғой деп аңғалдық жасайды.
Қазақ өлкесін округтерге бөліп, басқарудың жаңа түрін енгізу іске асырылғаннан кейінді, Шоқан басқару ісіне өз халқының өкілдерін араластыру арқылы да азда болса оның саяси-әлеуметтік жағдайын жеңілдетуді ойлайды. 1857 ж. жарияланған «Баянауыл округі туралы» деген мақаласында округтерді басқару үшін қазақ халқының мұң-мұқтажын өзгеден гөрі жақсы түсінетін қазақтарды қою қажеттігін дәлелдеп жазды. Бірақ оның бұл әрекетінен ештеңе шықпады.Шоқан Уалиханов – Шыңғысханның тікелей ұрпағы. Оның шежіресіне көз салар болсақ, Жошы хан, Орыс хан, Құйыршық хан, Барақ хан, Есім хан, Абылай хан, Уәли хан және Шыңғыс сұлтан сынды сом тұлғаларды көреміз [56, 53].
1847 жылдан 1853 жылға дейін Шоқан Омбы қаласындағы кадеттер корпусында оқыды. Оқып жүрген кезінде ол Шығыс елдерінің жағрапиясын, тарихын зеттеумен айналысы бастайды. 1853 жылы Сібірде әскери қызметін бастайды, 1854 жылы Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Г.Х. Госфорттың адьютанты болып тағайындалады. 1855 жылы Шоқан Орталық Қазақстан, Жетісу мен Шығыс Қазақстан бойынша жасаған саяхатына қатысады. 1856-1857 жылдары Шоқан Уәлиханов Алакөл өзенінен Орталық Тянь-Шаньға, одан Ыстықкөл өзеніне дейінгі, одан Құлжаға дейінгі жолдарды қамтитын кең көлемдегі экспедицияға қатысты. 1857 жылы Қырғызстанға екінші рет барғанда, ол қырғыз халқының «Манас» эпосын жазып алып, сүбелі бір үзігін орыс тіліне аударды.Шоқанның ұлы саяхаттарының бірі оның 1858-1859 жылдары Қашғарияға жасаған сапары болды. 1859-1861 жылдары ол Петербургте өмір сүрді. 1861 жылы денсаулығының нашарлауына байланысты Отанына оралуға мәжбүр болды.
Ш.Уәлиханов қазақ округтерінің басында білімді сұлтандар тұрса, қоғамда әлеуметтік әділеттік орнар еді деп үміттенді.Ал 1864 жылы жазда Омбы әкімшілігі Шоқан Уәлихановты Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны Ресейге «қосуға» жіберілген әскери экспедицияның құрамына кіргізді.
Туған халқының саяси әлеуметтік өмірі Шоқан Уәлихановтың барлық шығармаларында дерлік өзекті мәселе болып отырды, оның саяси-әлеуметтік көзкарасы «Сот реформаси жайындағы хат», «Сахарадағы мұсылмандық туралы», «Өлкенің үкімет басқару жүйесі мен саяси жағдайы», «Баянауыл округі туралы», «Қазақтардан өрісі мен конысы туралы» деген еңбектерінде айқын көрінеді. Бұл шығармаларынан Шоқанның туған халкының мақтаныш сезімімен қатар оның өз тұсындағы халқына, ашынған жан ашуын да байқаймыз. Сол кездегі қазақ кауымының басынан кешіріп отырған патриархалдық-феодалдық құрылысты талдап, оның кертартпалық сипаттарын қатты сынайды. Сонымен катар Шоқан біздің коғамдық өсуіміздің түрі жоғарғы мәдени дамудың нәтижелерімен өте үйлесімді, нағыз табиғи кезенінде тұр. Біздің болашақтағы үмітіміздің бәрі осы фактіге негізделген деп болашаққа үлкен сенім артады. Шоқан патшалық әкімгершілік саясатының қазақ даласындағы саяси-әлеуметтік ахуалды шиеленістіріп, коғам өмірін тоқырауға соқтырып отырғанды ашына айтады [57, 73].
Шоқанның негізгі мақсаты өз елін Европаның озық мәдениетіне жетелеу және сол арқылы халық санасын ояту, өзінің туған елін мәдениетті елдер қатарына қосу. Европа мәдениетін жедел меңгеру жолын үсынып, қазақ балалары үшін мектеп ашуды талап етіп, кертартпа, өмірге жанасымсыз мұсылмандық оқуды және одан туған кеселдерді сынады. Қазақ елін дін шырмауынан алып шығып, мәдениетке жететін жаңа жолды меңзеді.
Шоқан - патшалық Ресейдің екі түрлі сипатын да көре білген ойшыл. Ол Петербургте болған күндерінен бастап бұқарашыл Ресейдің «Современник» журналы айналасындағы университет аудиториясы мен географиялық қоғамның ішіндегі жаңа тобын, өз жүрегі қалаған адамдар қауымын тауып қосылды. Бұған дейін ол Омбының ұлықтарын көріп, бірен-саран ұстаздарымен, достарына үміт артса, оның ендігі көрген адамдары мүлде жаңа еді. Олар көрнекті қоғам қайраткерлері мен ақын жазушылар: Н.А.Некрасов, С.Т.Аксаков, Ф.М.Достаевский, С.Ф. Дуров, Л.Н.Майков т.б. озық ойлы ғалым профессорлар: В.В.Григорьев, В.В. Вельямин-Зернов, Е.П. Ковалевский, А.Н.Пыпин, А.Н.Бекотов, П.П.Семенов-Тяншанский, Д.И.Менделеев т.б. басқа революционер-демократтар: Н.Г.Чернышевский, Н.А.Добралюбовтар болатын. Шоқанның бұл сияқты жаңа қауымға араласуы оның өмірінде жаңа кезеңін бастап, санасын арттыра түсті. Бұл оған жаңа талаптар жүктеді. Шоқан қолы жеткенге қанағаттанып қалатын шолақ ойлы өрісі тар адам емес еді. Ол тынымсыз ізденді. Осыдан ол тез өсті. Болашақ ғалымның ақыл-ойы, парасаты күннен-күнге шарықтай берді.
Өзін туған елін жан-тәнімен сүйген, туған халқы алдындағы жауапкершілігін ерте сезінген Шоқан бар өмірін өзін туған еліне, қараңғылықта жүрген халқына қызмет етуге бағыштаған. Сол кадет корпусында жүргенде ол өзінің азаматтық позициясын анықтай отырып: «Мен ең алдымен өз халқымды, содаң соң Ресейді, одан кейін бүкіл адамзат баласын сүйемін» - деп жазады [58, 49].
Шоқан өз ғұмырының ат жалындай келтелігін сезінгендей болашаққа асығумен болды. Ол тарихи география, этнография, лингвистика, археология, қоғамдық және саяси экономия ғылымдары саласында жемісті еңбек етіп, кейінгі ұрпаққа аса бай мұра қалдырды. Әсіресе, оның Қазақстан, Орта Азия және Шығыс Түркістан тарихын, этнографиясын, өз халқының аса бай ауыз әдебиетін зерттеу ісіне сіңірген еңбегін бүкіл дүние жүзілік ғылым таныған еді. Осының айғағы – Шоқан еңбектері орыс және басқа да бұрынғы совет халықтарының ғана емес ағылшын, неміс, француз тілдерінде жарияланған.
Бүкіл әлемге әйгілі Шоқан Уәлихановтың ғылыми еңбектері қазіргі күнде де өзінің құнын жойған жоқ, сонымен бірге Шоқанның өмірі мен творчествасын зерттеу 100 жылдын астам уақыт бойы жүргізіліп келеді. Ол туралы жазылған кітаптар өте көп. Сол себепті 1985 жылы Шоқан Уалиханов жайында жазылған әдебиеттер тізбесі жеке кітапша да болып шығарылды. Шоқанның өмірін, ғылыми мұраларын зерттеуді оның дос-замандастары Г.Н.Потанин, Н.М.Ядренцев, Е.П.Ковалевский сынды атақтары әлемге аян ғалымдар бастаған. Шоқантану саласындағы олардың ісін кеңес дәуірінде Ә.Марғұлан, М.Әуезов, С.Мұқанов, З.Зиманов, М.Елесізов, Б.Бекмаханов жалғастырып қалам сілтеген [59, 91].
Шоқан көзқарасының қалыптасуына петрашевшілер қатты әсер етті. Олардың ішінде Ф.М. Достоевский мен С.Ф.Дуровпен жақын дос болды.Олар Шоқанға тікелей ықпал етіп, көп ақыл кеңес берген адамдар, солар арқылы Шоқан ішкі Ресейде болып жатқан саяси қозғалыстармен танысты.
Сезімтал жастың саяси көзін ашуға Достоевский мен Дуров тікелей әсер етіп отырды. Петербургта жүрген кездерінде Шоқан Е.П.Ковалевский ұйымдастырған ғалымдар мен жазушылардың қамқорлық қоғамына қатысты.
Ал Е.П.Ковалевский – өз кезеңінің ірі қайраткері, сыртқы істер депортаментінің қызметкері, ғалым-жазушы, Европа, Батыс Қазақстан, кейінірек Жетісу мен Қашқар өлкелерін аралаған белгілі саяхатшы. Осы Ковалевский қоғамына Н.Г.Чернышевский де қатысып жүрді.
Солардың ықпалымен Шоқанның бұқарашыл идеясына үн қосылды. Енді өзі сол қасиетті идеяны қазақ жеріндегі жаршысы болуға бел буып, Чернышевский – біздің досымыз, өзі неткен тамаша адам еді және ол орыстан басқа елдердің де өмірін жақсы біледі - деп сүйсінді.
Н.Г.Чернышевский әсерінен болса керек, Шоқанның көзқарасы да тез өзгереді. Жалпы қазақ деп сөйлеу орнына Шоқан қара халықты, көпшілік, жұртшылықты ажырата атап, еңбекші жағына майып тұрады. «Математика көзімен қарағанда да, - дейді Шоқан, - оннан жүз сенімдірек те пайдалырақ та». Сондай-ақ достарына жазған хаттарында Шоқан жергілікті сұлтандар мен байларға наразы екенін айта келіп, «Ол даланың пролетариатымен доспын, олармен тез ұғысам», - деп өзінің еңбекші ел жағын жақтап жүргенін жасырмайды [60, 83].
Ш.Уалихановтың ғылыми және ағартушылық істері ХІХ ғасырдың елуінші жылдарының аяқ шені мен алпысыншы жылдарының бас кезінде әсіресе өрлей түседі.
1858-1859 жылдары Шоқан өзін ержүрек саяхатшы даңқына бөлеген атақты Қашқар саяхатына барып қайтады. Марко Поло мен изуит Гоестен кейін бұл елге тұңғыш рет барған адам Шоқан еді. Еуропаға беймәлім болып келген бұл елдердің географиясы, тарихы, мәдениеті және саяси жағдайымен терең танысып Ш.Уәлиханов Шығыс Түркістанды ғылыми жолмен зерттеудің бастамасын жасады. Көптен бері орнығып қалыптасқан тәртіп бойынша Қашқарияның қақпасы ол кезде Европа ғалымдары үшін жабық еді [61, 73]. Белгілі географ Адольф Шлагинтвейт Қашқарияға Шоқаннан бір жыл бұрын барады, бірақ Уәлихан Төре деген Қожа оны өлім жазасына бұйырып басын алады. Ғалымның қайғылы қазаға ұшырағаны жөніндегі ең алғашқы анық хабарды Шоқан алып келеді. Оның аянышты тағдыры бүкіл ғалымдар қауымын күйзелтеді. Ш.Уәлиханов бүкіл Алтышақардың жағдайы туралы құнды материалдар жинап үлгерді және сонымен қатар А.Шлагинтвейттің қаза болуының себептері мен жағдайларында бірінші рет анықтап білді-деп жазады П.П.Семенов-Тяньшанский. Шлагинтвейттің опат болуы туралы нағыз деректерді Шоқан мұның басы қасында болғандардан, ең әуелі жергілікті әдет ғұрып бойынша үйленген Қашқар әйелден сұрап білді. Ол Шоқанға жазалаудың қала сыртында болғанын, шетелдіктің ұзын бойлы екенін қашқарша киінгенін айтқан. Ақырында Петербурқа келген уақытында Семенов-Тяньшанскиймен әнгімелесе отырып, Шоқан былай деген: «Адольф Шлагинтвиттің шауып тасталған басы пирамиданың үстіне қойылған. Бұл пирамиданы Уәлихан төре өзі өлтірткен адамдардың бас сүйектерінен салғызған. Мұның бәрі 1857 жылы тамызда болған» [62, 86].
Уәлихановтың Қашқарға сапар шегуі туралы мәселе ғалымдар ортасында шешілгеннен кейін, 1857 жылы Е.В.Ковалевский бұл экспедицияның ғылыми және саяси маңызы туралы пікірді кеңінен баяндай отырып, Сыртқы істер министірі Горчаковтың атына баяндама хат жазады. «Қашқардағы жағдай және оған біздің көзқарасымыз» деп аталған бұл баяндама хатта ол былай деп жазды: Қашқария жері кең де құнарлы өлке, милионнан астам халқы бар бұл өлке Қытай мен Мус-Дағы асулары арқылы шектеседі, оңтүстігінде ағылшындар иемденген Үндістанмен, батысында Ауғаныстан мен Қоқан, солтүстігінде біздің қол астымызға қарайтындығының өзі күдікті болып отырған Алатау қырғыздарымен шектеседі. Осы географиялық жағдайының өзі-ақ Қашқарияның Россия үшін қандай саяси мәні болса, Англия үшін де сондайлық маңызды екенін көрсетіп отыр». Ковалевский Қашқариядағы жағдай туралы мәліметтер жинаудың қажеттігін дәлелдеді және осы мақсатта орындауда «тәжірбиелі де сенімді офицерді жұмсау қажет» деп тапты. Ілгеріде айтылғаннан көрініп отырғандай, Қашқар экспидицясын ұйымдастыруда Ковалевскийдің ролі зор болған және оны кезінде талай авторлар атап өткен болатын. Мысалы П.В.Анненков Қашқар экспедициясын Ковалевскийдің ой пікірі мен жоспары негізінде біздің география қоғамымыз жабдықтады деп жазды.
Біздің архив қорымызда Уәлихановтың Қашқария зкспедициясы жөніндегі материалдар ғана емес, оның өмір тарихының жарқын беттері күні бүгінге дейін сақтаулы. Ол «Поручик сұлтан Шоқан Уәлихановты Қашқарияға аттандыру туралы» деген атпен белгілі болып отыр. Осы документтегі деректерге қарағанда, Қашқария экспедициясын жөнелту туралы 1857 жылы 22 тамыз күні үкімет шешім қабылдап, ілгеріде айтылған әскери министірлігінің баяндамасына Александр II «мақыл көрдім» деп қол қойған. Осыдан кейін жекелеген мемлекеттік ведомостволармен қатынас хаттар жазысып, экспедицияны жабдықтау және жөнелту мерзімі туралы келісіле бастаған. 1857 ж. 28 тамызда Әскери министр Сухозанет Гасфортқа хат жолдап, экспедицияны жабдықтау жұмысымен өзіңіз айналысыңыз деп және оған «саудагер, не саудагердің дүкеншісі ретінде сенімді беруді жіберіңіз, кішігірім керуенмен татарларды, не өзіміздің ташкентіктерді қосыңыз» деп тапсырған. Сондай-ақ бұл хатта: «Екінші Екатерина дәуірінен бері біздің үкіметіміз Қашқариямен саяси және сауда қатынасын жасауға үнемі көңіл бөліп келді. Соңғы кезде біз Қашқарияда фактория орнатуға ниет еттік. Сондықтан да біздің үкіметіміз аты аталған провинциямен қатынас жасауға тағы да ынталанып отыр» [63, 97].
Әскери министр осы маңызды әрі жауапты миссияны жүзеге асыруға лайықты білікті адам табуды Гасфортқа тапсырған. Гасфорттың ойынша «Ереже Сібір корпусының ішіндегі офицерлерден тек жалғыз Шоқан Уәлиханов қана лайық» деп танылған. Уәлихановтың кандидатурасын ұсына отырып, ол Сухозанетке былай деп жазады: «Аталмыш міндетті атқару үшін чиновниктердің ішінен қарамағымдағы поручик Уәлихановты қолайлы деп таптым. Бұл офицер қырғыздың әйгілі сұлтаны, қазіргі Көкшетау округінің аға сұлтаны Шыңғыс Уәлихановтың баласы, Сібір корпусында тәрбие алған. Оның ерекше қабілеттілігіне зор сенім артуға болады. Оның үстіне Орта Азиялық өлкелеріміздің тарихы мен қазіргі жағдайына ол жете таныс».Алыс және белгісіз елдерге саяхат жасауды көптен бері арман етіп жүрген Ш.Уәлиханов Қашқар экспедициясын басқару жөніндегі ұсынысты зор қуанышпен қабылдайды. Ол кезде Шығыс Түркістан да және соған шектес Тянь-Шань мен Памир облыстары да алыстағы белгісіз елдер болатын .
Омбы қаласы мен Петербургте экспедицияның қызу дайындығы басталған кезде (1857 жылдың екінші жартысы мен 1858 жылдың бас кезі), Уәлиханов Тянь-Шань тауларында жүрген болатын. Ол Верный қаласынан Гасфортқа былай деп жазады: «Қыс қатты болып, қардың қалың түсуі салдарынан Алатау арқылы өтетін жолдардың бәрі де қараша айынан бастап жабылып қалды және ақпан айының аяғына дейін ашылар ашылмасы да неғайбыл, сондықтан атаулының бәрі де тиылып, қазірде бұғы руының қонысы қай жерде екені мүлдем белгісіз болып отыр».
1858 жылдың жазына дейін Шоқан Жетісудан шықпай, экспедиция керуенінің келуін сонда күтіп жатады. Экспедиция дайындығының жай- жапсарын ол тек Гутковскийдің хатынан немесе оның өзімен Жетісуда кездескен кездерінде ғана біліп отырады.
Экспедицияның жорыққа аттанар орны Қапалдан отыз шақырымдай жердегі Қарамола жотасының етегіндегі Сарыбас ауылы болып белгіленеді. Шоқан 1858 жылы маусымның 28 күні Қарамолаға жетіп, Семейден келген сауда керуеніне қосылады. Керуенде 43 кісі, 101 түйе, салт мінетін және жүк тиейтін 65 ат, 6 қос болады. Шоқан шашын алдырып, қазақ киімін киеді де, керуен басы, Қапал саудагері Мұсабайдың туысқаны Әлімбай деп жария етеді. Керуенге үкіметтің ресми рұқсаты беріліп, алым салықтың барлық түрінен де босатылған еді.
Бірінші шілдеде керуен жолға шығып, Алтын Емел жотасы арқылы Іле өзенінің алабына қарай бет алады. Ол кезде көпірі жоқ Іле өзенінен өту өте қиын болатын. Сондықтан керуен албан руының қайықшы қазақтарының ескі жалпақ табан қайықтарымен өтеді. Іле өзенінің бойында бірнеше күн дамылдап керуен әрі жүріп кетеді де, маусымның 25 күні Қарқара атты тамаша сұлу тау жайлауына жетеді. Ш.Уәлиханов бұл жайлауда бұдан бұрын да бірнеше рет болған. Семейден Қарқараға дейін ұзақ жол жүріп келген көліктердің қатты соғылып қалғанын байқап, Ш.Уәлиханов Қарқарада кем дегенде екі аптадай тұру керек деп ұйғарды.
Тамыз айының бас кезінде керуен жуырда ғана Ресейдің қол астына көшкен қырғыздардың бұғы руының ұлыстарына қарай бет алады. Бұғы руының көптеген ұрпақтарының топтанып, жиналған жері Текес пен Қарқара, Көкжар алаптарында Шоқан Уәлиханов өткен (1857) жылы қайтыс болған Борамбай манаптың жылын беріп жатқандарын қызықтап бүкіл тамыз сол бұғы руының арасында өткізеді [64, 77].
Тап сол кезде қашқарлықтар да сонда келіп, сауда жасап жүреді. Шоқан Уәлиханов пен оның серіктері қашқарлық көпестерімен сауда жөнінен байланыс жасап, Қашқарға бірге жүретін болып келіседі.
Алайда жол-жөнекей Шоқан көптеген қиындықтарға ұшырасты. Ол туралы әскери министірлікке 28 ақпанда жолданған хатында Гасфорт былай деп жазды: «Көтеріліске қарсы Қытай өкіметі қолданып жатқан шаралар Қашқарияға өтуге кесір келтіріп отыр. Сондықтан жергілікті үкімет орындары біздің керуеннің көздеген жеріне өтуіне келісім бермесе, онда апара жатқан заттарды сатып қайтуға Құлжаға бет бұрады». Бұдан әрі Гасфорт «поручик Шоқан Уәлиханов Құлжа арқылы Қашқарияға өтуге талаптанар болмаған жағдайда жалғыз өзі өтеді», - деп жазады. Дегенмен бұл амал экспедицианы ұйымдастырушыларды қанағаттандыра алмады. Жүрер алдында Уәлихановтың қолына берілген нұсқау қағазда былай деп жазылған еді: «Азиаттықтардың Қашқариямен сауда-саттық жасауына рұқсат етіп отырған Қытай үкіметінің келісімін құрметпен ескере отырып, патша ағзам қазіргі жағдайдың өзінде біздің керуен татар керуені дегенді бүркемелініп, көздеген өлкеге өтіп кете алады деп сенеді». Мұнымен бірге Сыртқы істер министрлігі де Уәлихановқа: «бұл керуенің мақсаты сауда жасау емес, саяси мәселе, Мемлекет мүддесі жеке бастың мүддесіне құрбан болмауына тиіс», - деп ескертілген болатын [65, 79]. Үкімет тарапынан «Қашқарияға өтудің реті келмесе, Құлжаға бет аударудың мәнісі жоқ» деп нақтылы талап қойылды. Сонымен Шоқаның алдында өте ауыр мәселе тұрды. Бірақ оның көресілерінің көбі алда еді.
Кешікпей керуенде бір оқымысты офицер бар екен, ол өз алдына үй тіккізіп, темір кроватта жатады екен, өзінің жеке басына бір самаурыны бар көрінеді деген сыбыс қырғыздар арасында таралып кеткені Шоқаның құлағына шалынады. Бұл сыбыс оны қатты қауіптендіреді, өйткені оның құпия атпен келе жатқандығы әшкереленіп, бұдан былай экспедицияға қатысуының өзі қауіпті, тіпті өз басының аман қалуы да екі талай болар еді. Оның үстіне Ыстықкөлден өткен соң жол өте қиынап, әрі қауіп-қатер де көбейе түседі. Қашқарға баратын керуен жолында тұтқиылдан тап беріп, керуен тонау күнделікті, дағдылы нәрсе деген тағы бір лақап тарайды.
Бірақ белгісіз елдерді зерттеудің талабымен қанаттанған ер жүрек саяхатшы қорықпай, ілгері тарта береді. Текесте керуенге татар мен Қашқар көпестерінің үш қосы келіп қосылады. Керуен соларға ілесіп ілгері жүріп келеді. Текес пен Қарқараның бас жағынан олар екі қоналқа жер жүріп, Сантас өткелі мен Қызылқия асуынан асып, Жырғалаң өзені бойындағы жолға шығады. Одан арғы жерде жолдары жазық жерімен, құнарлы Ыстықкөл аңғарының үстімен өтеді. Уәлиханов қырғыздардың осынау кең жазықты түгел пайдаланып егін егіп тастағанына ерекше көңіл аударады. Тоғызыншы қыркүйекте керуен Зөкі өзеніне жетеді. Мұнда Шоқанның Қашқарияға өтетін ең тиімді жолды белгілеу қажет болды. Ыстықкөл аңғарымен Қашқарияға үш негізгі жол өтетін еді: а)Батыс жолы, ол Үш-Турфан арқылы өтеді; ә)Үлкен Ақсай жолы; б)Абас-Арпу арқылы өтетін жол [66, 93].
Шоқан Уәлиханов пен оның серіктестері Қашқарға Орталық Тянь-Шань Сыртымен өтетін Ақсай жолымен жүреді. Бұл ертеден келе жатқан үлкен керуен жолы болатын. Шоқан жалпы Сырттың географиялық қасиеттерін тұңғыш рет суреттеп, оның табиғаты мен ауа райының өзгешеліктерін, орографиясын, хайуанаттар мен өсімдіктер әлемін сипаттайды. Оның ойынша Тянь-Шань сырты 4000 метрдей биіктікте, сондықтан да оның ауа райы суық. Уәлихановтың айтуынша Жалпы Сырт биік таулы елсіз аймақ. Ауа-райы үнемі суық, жері тоң, ауасы аз. Мұны қырғыздар «түтек» деп атайды.
Түтек деген – ауаның, оттегінің аздығынан пайда болатын тұншығу. Осы тұншығудан адамдар мен керуен көлігі көп зиян шегіп, өлім-жітімге ұшырап отырған. Өткен жолын ойға алып, қиындықтарды еске түсіргенмен Шоқан алда одан да қиын жолдар барын ұмытқан жоқ-ты. Тянь-Шаньның оңтүстік баурайында Шоқан Уәлиханов пен оның серіктестері ауа райының кілт өзгергенін байқап, қайран қалады, жаз айы қайта оралғандай әсер етеді, күн әлі де ыстық болып тұрады. Бау-бақшалы, егін еккен елді мекендер, көгалды алқаптар жиі-жиі кездесе бастайды.
Уәлиханов өзінің күнделігіне ол жақтың жері негізінен құла тұз, шөл дала болғанмен жақсы өңделген, айнала толған арық пен каналдар деп жазады. Бау-бақша қыстақтары жасыл қырмызымыздай құлпырып тұрады дейді.
Жиырма жетінші кыркүйек күні керуен Қытай империясының шекарасынан өтіп, саз балшықтан соққан мұнарлы дуалмен қоршалған кішілеу бір шекаралық бекініске жетеді. Шекаралық өкімет өкілдері қарап, тексеріп болғаннан кейін керуеннің қалаға кіруіне рұқсат беріледі [67, 88].
Уәлиханов Қашқарда жарты жылдай (1858 жылдың бірінші қарашасынан 1859 жылдың наурыз айының ортасына дейін) тұрады. Бұл уақыттың ішінде ол Қашқар қаласымен жақын танысып және Алтышаһар елін де жақсы танып алады. Ол кезде Алтышаһар деп, солтүстігі Тянь-Шань тауларымен, оңтүстігі Куэнь-Лунмен қоршалған қалалар, атап айтқанда: Ақсу, Үш-Турфан, Қашқар, Янысар, Яркенд және Хотан қалаларын атаған. Бұл қалалар ол кезде Қоқан хандығының саяси ықпалында болады да, Орта Азия халықтарымен ашық түрде сауда және саяси байланыс жасап отырады. Мұнда әндіжандықтар мен бұқарлықтар, тәжіктер мен парсылардың, ауғандар мен индустардың және армяндардың сауда факториялары болады. ХIХ ғасырдың бірінші ширегінде мұнда орыс, татар, қазақ және грузин саудагерлері де келе бастайды.
Шоқан Қашқарияны жан-жақты зертеп, оның саяси және экономикалық құрлысымен жақсы танысып, бұл елді ерте замандардан бері мекендеп келе жатқан халықтардың тарихы мен этнографиясы жөнінде бай материал жинайды. Ол Яркенд, Хотан қалаларына барғысы келеді, бірақ бұл ойының орындалуына саяси жағдай мүмкіндік бермейді, сөйтіп ол Яркендке жетте алмай, жарты жолдан қайтады. Бірақ оның есесіне Шоқан Янысар қаласына барып, Яркент және Хотанның көгілдір алқаптары жөнінде өте бай әрі қызық деректер жинап қайтады [68, 73].
Ақсақалдың арқасында және оның баласының арқасында Уәлиханов түрлі елдердің көпестерімен, Қашқардың саяси қайраткерлерімен, ғалымдары және ақындарымен танысады. «Түрлі тайпалар мен түрлі елдердің көпестерімен таныс болуым көрші елдер жөнінде көп маршрут, этнографиялық, статистикалық және сауда мәліметтерін алуыма мүмкіндік берді», - деп жазды Шоқан [48]. Сондай-ақ тарихи мәліметтерді де ол жазба материалдардан, жергілікті ресми документтер мен кітаптардан алып, толықтыра түседі. Қашқарда болған кезінде Уәлиханов ұйғыр тілін жақсы менгерді. Оның архивінде Қашқардағы ұйғыр тілінде жазған жазбалары да сақталған. Шоқан достарының жәрдемімен өте сирек кездесетін бірсыпыра шығыс қолжазбаларын тауып, нумизматикалық және тау жыныстарының коллекциялары мен гербарий жасап алады. Сонымен қатар ол ескіден қалған қадірлі мұра, ерте заманғы грамоталар мен халықтың қолөнерінің ескерткіштерін, көркем керамика, тағысын-тағы заттарды жинап алады.
Шоқан Атбасы мен Арпаның және Нарынның кең алаптарына қатты назар аударады. Саяхатшы бұл алқаптардың маңызы Оңтүстік қырғыздардың экономикалық өмірінде ерекше үлкен және олар осы таулы елдің орталығы деген қорытындыға келеді. Шоқанның қырағы көрегендік қасиеті бұл жерлерден өткен кездердегі өмірдің ескі іздерін байқауына жәрдем етеді. «Ерте кездерде бұл жерлерде отырықшы және жартылай отырықшы халық қоныстанған деп есептеу керек,- дейді Уәлиханов, - өйткені, қырғыздардың айтуы бойынша, Атбасының төменгі жағында үлкен бір қаланың ескі орыны бар көрінеді, ал енді Нарындағы ерте заманғы егіншілік кәсібінің қалдықтарын біз өз көзімізбен көрдік» [49, 63].
Бұдан кейін Уәлиханов солтүстік шығыс бағытында, Нарын өзенінің бойымен жоғары қарай жүріп, алтыншы сәуір күні Жетімшоқы ауданында, Зөкі асуы арқылы Ыстықкөл алабына апаратын үлкен керуен жолын кесіп өтеді. Керуен асықпай аяңдап Ыстықкөлдің шығар жиегіне келеді, одан әрі Іле сырты аңғарына түседі. Қиындық аяқталып, сүйікті Жетісу көктемінің рахатына батады.Шоқан Уәлиханов өзінің бұл саяхатын он ай, он төрт күнде ойдағыдай аяқтап,1859 жылдың он екінші сәуірде Верныйға (Алматыға)келеді. Онда бір ай жарым дем алып, Омбыға қайтады да, өзінің жинаған материалдарын өңдеуге кіріседі.
Ш.Уалихановтың Қашқардан қайтып келуі туралы хабар Петербуркке тез-ақ жетеді. Өлке бастығы генерал Гасфорт әскери министр Сухозанетке 13 шілдеде өзінің «өткен жылдың май айында Қашқарға жіберілген керуен өзінің сауда-саттық істерін ойдағыдай аяқтап, Семейге қайтып оралды. Сонымен қатар керуенмен бірге барған поручик Шоқан Уәлиханов сұлтанда Омбы қаласына қайтып келді», - деп хабарлайды. Қашқар саяхаты Уәлихановтың денсаулығына үлкен зиян келтіреді [69]. Ол бірнеше ай бойы науқасынан айыға алмайды. Петербургтегілер көргенше асық боп күтіп отырған экспедицияның есепті баяндамасын жазу ісі де осының салдарынан кідіре береді. Бұл жөнінде Гасфорт әскери министрге былай деп хабарлайды: Керуенмен бірге қайтып оралған Уәлиханов «ұзақ саяхат кезінде көрген азабы ауыр бейнетінің және өзінің шын аты әшкере болған күнде жазымға ұшырайтының біле тұра тәуекел етіп, қауыпты жағдайда жүріп шеккен рухани күйзелісінің зардабынан Омбыға келген соң қатты науқастанып қалды, сөйтіп туысынан нәзік болып жаралған оның ұзақ науқасының ақыры не боларын білудің өзі мүмкін емес».
Гасфорт Уәлихановтың баяндамасы дайындалып жатқаны жөнінде де хабарлай отырып, ол баяндаманың Қашқария туралы толық және дұрыс ғылыми түсінік беретін маңызға үлкен мән беріп, мақтаулы пікір айтады. Бұл қай жағынан болса да өте қызық және үкіметке де, ғылымға да аса пайдалы баяндама, өйткені бұл біздің шала білетін еліміздің әскери, саяси және сауда жағдайымен мейлінше айқын таныстырады және біздің осы кезге дейін мәліметтерін басшылыққа алып жүрген бірлі-жарым географтардың бұл тақырып жөнінде білім тайыз әрі қате екенін дәлелдейді, - деп жазады Гасфорт.
Петербургте Шоқан Уәлихановтың өзінде және оның экспедициясының нәтижелері туралы есепті баяндамасын да асығып күтеді. Экспедиция есебін және Уәлихановты Петербургке жөнелту ісін жеделдету жөнінде Петербурк пен Омбы арасындағы хат-хабар байланысы жиеліңкірей түседі. Генерал Бабков былай деп жазды: Сыртқы істер министрлігінде Уәлихановтың бұл кезге дейін беймәлім болып келген Қашқарға бару сапары туралы хабарды зор ықыласпен асығып күтті. Бұл істің инициаторы есебінде және бір жағынан өзі де ориенталист болғандықтан Е.П. Ковалевский, әсіресе қатты шұғылданды Уәлихановтың Қашқарда болып, Шығыс Түркістаннан немесе кіші Бұхардан әкелген қызық мәліметтері туралы хабар Е.П.Ковалевский граф Блудовпен жақын таныс болуының арасында Петербургтің жоғарғы қауымына да белгілі болды. Бұл хабар, Индиядан Қашқарға жіберілген ағылшын агентінің, белгілі Адольф Шлагинтвейттің Қашқарда қазаға ұшырауы Сыртқы істер министрлігіне мәлім болуына байланысты әсіресе күшті әсер етті.
1859 жылдың қара күзіне дейін Шоқан Уәлиханов Омбыда болып, өзінің есепті баяндамасын аяқтайды. Шоқан өзінің өте бай әрі аса құнды ғылыми материалдарын қорытып өндеу үшін Петербургке тез жетуге асық болады. Уәлихановтың Қашқар экспедициясының нәтижелері аса бағалы болады. Ғалымдар оған ерекше үлкен көңіл аударады.
Шоқан Қашқардан «Тазкиряи Сұлтан Сұтық Бұғрахан» (Сатұқ Бұғрахан тарихы), «Тазкиряи Тоғлұқ Темірхан»(Тоғұлық Темір тарихы), «Тазкиряи Ходжагян» (қожалар тарихы), «Абумүсілім Маурузи» және басқалары сияқты сирек кездесетін шығыс қолжазбаларын алып келеді. Сонымен қатар Шоқан тау жыныстарының коллекциясын, нефрит түрлерін, гербарий, нумизматика мен керамика ескерткіштерін, этногафиялық бұйымдар басқа да толып жатқан нәрселер алып қайтады.
Уәлиханов алып келген аса бай материалдарының ішінде оның Шығыс Түркістанның тұрмыс қалпы адамдарының түр-сипатын бейнелейтін, қарындашпен салған суреттері үлкен орын алады. Уәлихановтың сапарының ең басты нәтижесі «Алтышаһардың немесе Қытайдың Нан-Лу (Кіші бұхара) провинциясының шығыстағы алты қаласының жайы туралы» деген еңбегі болды. Бұл Шығыс Түркістан халықтарының тарихы мен географиясы, әлеуметтік құрылысы жөнінде толық мағлұмат беретін алғашқы ғылыми еңбек еді. Жаңа материалдарды қамтуы және мәселені терең талдауы жағынан Уәлихановтың еңбегі біздің отандық ғылымымызға қосылған үлкен байлық болды және күні бүгінге дейін өзінің маңызын жоғалтқан жоқ. Бұл тамаша еңбегінде жас ғалымның жан-жақты терең білімі, асқан дарындылығы, халық тұрмысын жақсы білетін көреген ақылдылығы, образды көркем тілі, нәзік юморы айқын көрінеді.
Россияның Шығыс елдерімен экономикалық байланыстары өрістеп, нығая түскен кезде Уәлихановтың бұл еңбегінің іс жүзіндегі маңызы орасан зор болды, ол Россияның мемлекеттік және әскери қайраткерлері үшін өте құнды мәлімет бұлағы болды. Уәлихановтың қолжазбасы екі жыл ішінде талай ғалымдар мен мемлекеттік және әскери қайраткерлердің қолынан өткендігі архив документтерінен айқын көрініп отыр. Ол еңбекті бас штаб офицерлері де, әскери министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің басшылары да, мемлекеттік Совет пен министрлер комитетінің мүшелері де оқиды.
Уәлихановпен замандас ғалымдар мен жазушылар, әскери мамандар Қашқар жөніндегі еңбекті «шын мәнісіндегі жаңалық», «Біздің осы кезге дейін мәліметтерін басшылыққа алып келген европалық оқымысты географтар мен шығыс зерттеушілерінің кемшіліктерін» толықтыра түсетін, «үкімет әрі ғылым үшін аса пайдалы» еңбек деп өте жоғары бағалайды. Уәлихановтың есепті баяндамасы Қашқарда сауда факториясын орнатып, Россияның Батыс Қытаймен сауда және мәдени байланыс жасауына үлкен жәрдем етеді.
Саяхатшы ғалымға сіңірген еңбегі үшін штабс-ротмистр атағы беріліп, орденмен марапатталды және ақшалай сыйлық беріледі. 1860 ж. 8 сәуірдегі үкіметтік указда былай делінген болатын: «әскери кавалерияның поручнигі сұлтан Шоқан Уәлихановтың қажырлы еңбегін, Орта Азиялық шекараларды тексеріп қайту тапсырмасын орындау кезіндегі қауіп-қатерлерді жеңіп, шеккен азабын ескеріп, штабс-ротмистр шені берілсін, IV дәрежелі қасиетті Владимир ордені қоса тапсырылып, 500 сом күміс ақша және бір жолғы жәрдем көрсетілсін». Уәлихановтың ұсынуы бойынша Қашқар саяхатына қатысқан оның адал серіктері де, небәрі 23 адам марапатталды.
3.2 Қазіргі Қазақстан үшін Ш.Уәлихановтың ғылыми мұрасы

Қазақ халқының ұлттық мақтанышы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов –бірнеше ғылым саласында еңбек етіп, олардың әрқайсысында айқын із қалдырған ғалым. Ол әсіресе шығыс тіл білімі, тарихы және этнографиясы жөніндегі ғылыми еңбектеріне байланысты өшпес даңққа бөленеді.


Ш.Ш. Уәлиханов небәрі 30 жылға жетпейтін уақыт өмір сүрді. Бірақ осы қысқа өмірінің өзінде саяхатшы ғалым артына мол ғылыми мұра қалдырды. Шоқанның өшпес мұрасы бүгінгі отандық тарих пен басқа қоғамдық ғылымдар саласын терең зерттеу мен насихаттау ісінде орны бөлек. Шоқан Уәлиханов Батыс Сібір генерал-губернаторының қарамағына жұмысқа қалғанда, қызмет бабы барысында оған бірден-ақ қазақ өлкесінің жер-жерімен жақынырақ танысып, ғылыми зерттеулер жүргізуіне қолайлы жағдай туды. 1853-1854 жылдары Шоқан төтенше тапсырмалармен Сарыарқаға барған кезде Нұра, Сарысу өзендерінің бойындағы архитектуралық ескерткіштермен танысады. Қапал бекінісіне барғанда Ұлы жүз қазақтарының жазба деректерін жазып алады. Туған халқына деген өлшеусіз махаббат Шоқанды қазақ халқы тарихының ғылыми негізін қалауға ұмсындырды. Оның этнографиялық жазбалары, тарихи зерттеулері күні осы уақытқа дейін құндылығын жойған емес.
Шоқанның қазақ халқының түп-тегі туралы ойларының да теориялық- методологиялық маңызы зор. Көшпелі жұрттың, әсіресе жазу-сызуы ерте кезден тасқа қашалып жазылған тайпалардың тарихын айқындар басты көз қазақ халқының шығу тегі, түп-тамырының асыл діңгектері болып табылады. Жалпы, олардың кейбір үзінділері өркениетті елдердің жылнамаларындағы деректермен астасып жатыр деп атап көрсетті ол. Жазба ескерткіштердің хабарларына баса мән бере отырып ұлы ғалым халықтың ауыз әдебиетіндегі деректердің аса маңыздылығын атап көрсетеді, жазба дереккөздермен салғастырғанда бұлардың нақтылығы айқындала түседі деп ой қорытқан.
Ұлы Дала өркениеті тудырған шежіре мәліметтеріне деректік талдау жасау, көшпелілік болмысқа тән тарихи ой-сана мен тарихи таным өрісін, оның табиғатын және құрамдық бөліктерін, әлеуметтік-мәдени қызметін тануға жол ашады. Тарихи ертегілер, жыр-дастандар, тарихи әңгімелер, аңыз, қария сөз, шешендік, билер сөзі және басқа да ауызша айтылып, халық жадында сақталған мұралар шежірелік дәстүрді құрайтын ішкі деректерге жатады. Өз кезінде Ш. Уәлиханов қазақта «бірде-бір мәнді оқиғасы, бірде-бір керемет кісісі туралы айтылмай қалғаны, халық жадында сақталмай қалғаны жоқ», - деп атап өткен [70]. Расында да, қазақ мәдениетінде, төл әдебиетінде үлкен деректік қор бар. Ол деректемелердің тарихи шындықты суреттеудегі ерекшеліктері ғылымда қарастырылмай келді. Қазақ шежірелерінің тарихи мәліметтерін сын көзқарас тұрғысынан тексеру, нақты ғылыми тәсілдермен шындыққа сәйкес келетін ақиқатын анықтау, қажетінше ғылыми айналымға енгізу – мемлекет, ұлт және мәдениет тарихын деректік тұрғыда зерттеуді жаңа деңгейге көтеретін келелі мәселе.
Шежіренің негізгі мақсаты – тарихи білім жүйесінде сақталатын дәстүрлі мәдени құндылықтар мен дәстүрлі қоғамның рухани-әлеуметтік, идеологиялық-саяси сабақтастығын қаматамасыз ету. Осының барлығы ұлттық мәдениеттің тұғыры болғандықтан, оны тұрақты қоғамдық институтқа айналдыру мақсатында шежіре түсінігінің дәстүрі төңірегіне киелілік сипат ұғымы, ерекше қасиеттеушілік берілгені де байқалады. Халықтың фольклорлық мұрасында сақталған «жеті атасын білген ер – жеті елдің қамын жер» дейтіндей әлеуметтік формулалар – осының бір даналық айғағы [71, 116].
Халықтың тарихи мәліметтер зерттеушілер үшін құнды болуына қарай, әр заман тарихнамашылары қазақтың тарихи фольклор деректерін қажетсінді. ХІХ ғасырда «Қазақ шежіресі» атты мағынасы терең ғылыми мақала жазған ірі ғалым Ш. Уәлихановтың еңбегі елеулі. Шоқан бұл деректерді өзі ғана жинап қоймай, сол кездегі қазақ ортасындағы көзі ашық, сауатты, қайраткер адамдарға да аманат қылды. Кейін бұл мұралар Г. Потаниннің кітаптарында жарияланған. Ә. Бөкейханның төрелер шежіресіне қатысты жинақтаған генеологиялық мәліметтері бүгінгі күні де өзектілігі мен ғылыми-қолданбалы мағынасын жоғалтпаған.
Шежірелердегі тәңірлік дүниетаным белгілері де айрықша көрінеді. «Көнетүркілік салты, оның наным-сенім, әдет-ғұрып, той-думан, жол-жоба дәстүрлерін, жыр-өлең сипатында жалғасқан тарихи аңыздарын, әр түрлі уақытта өткен жырау жырларын, салтанат пен әуенге деген құштарлығын, халық әдеті мен билердің шешендік өнері мен билік айту өнегесі сияқты парасат, ақыл-ой мұраларын сақтаушылары деп қазақтарды айту қажет», - деп кезінде Ш. Уәлиханов ескерткен [72, 128].
Шежірелерді жиып отыру ортағасырлардан бері ел ортасынан шыққан атақты адамдары айналысқаны осыдан байқалады. Әрине, алдымен бұл тектілерге тән әулеттік әдет. Ш. Уәлиханов еңбектерінде Есім хан, Тәуке хан, Сәмеке мен Әбілмәмбеттің ұрпақтарында сақталғандығы шежірелер туралы айтылады. Шежірелік жазбалар авторлары бар нақты тарихнамалық туынды белгілері болғандықтан, бұларды шежірелік тарихнама ретінде қарастырылуы әбден дұрыс.
Тұрмыстық фольклор жанрына тән мақал-мәтел, бесік жыры, бата, беташар т. б. сөз үлгілерін халық мәдениетін игерген кез келген адам біледі. Ән, әуен, жыр, өлең – бұлар шежірелік деректі сақтау қызметін атқарушы дәстүр тасымалдаушы құралы болып табылады.
Қазақ шежірелеріндегі «Қазақ түбі» мәліметтері қазақ руларының барлығы ерте заманнан келе жатқан түрік жұрағаты десе, генеалогиялық жағынан оған жатпайтын төре, қожа, төлеңгіттер қазақ құрамынан тыс айтылғандықтан да кірме топтар қатарында есептеледі. Мұны Ш. Уәлиханов та мақаласында анық көрсеткен. Қазақта «кірме» деген сөз бар. Ол сөздің мағынасы өз отанынан, ата мекенінен, ру-тайпа ортасынан жақсы-жаман себептермен шығып кетіп, өзге елге келген, сіңісіп кеткенге дейінгі адамдарды айтады» деп, шежіреде кірме ұғымына анықтама береді. Қазақ руларының ішінде өзара алмасқан аталар да аз емес.
Шежірелерде осы сияқты тарихи-әлеуметтік құбылыстар түсіндіріліп отырды. Қазақ ортасында бір рудан басқа рудың құрамына ауысып жүрген тұлғалар қай заманда болмасын көп болған. Жаңа рудың ішіне олар, әрине, бала, ұл қатарында кіретін болған. «Бұлар өз әулетін жоғалтпай, қожа, төре, ноғай, татармыз деп өз үрдісін, тарихын, тегін жоғалтпай, сақтап қалуы қайсарлығы, табандылығы, ұждандылығы деу қажет. Бар қасиеттерінің барлығы да қазақ болып кеткендер», - деп түсіндіреді Сондықтан қазақтың барлығы бір-біріне қарға тамырлы қазақ болады [73, 79].
Сондай-ақ қазақ шежірелерінде қазақ хандары туралы деректер жинақы түрде баяндалады. XVIII ғасырдың ауызша тарихи дәстүрі туындыларында қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы ұлт-азаттық күрес тарихы ерекше суреттеледі. Бұл туралы Ш. Уәлиханов: «Ата-бабаларының ерлігін жырлайтын көне жыр-аңыздар жазу-сызуға түспей ауызша айтылып келуіне қарамастан, шежіре сақтаушы жыршылардың суырып салма импровизаторлық ғажап өнерлік қабілеті мен халықтың тарихи өлең, дастан, ертегі, аңыз, әңгімелерге ден қойып сүйіспеншілікпен тыңдауының арқасында ұзақ жылдар бойы ауыздан ауызға айтылып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып осы күнге дейін сол өзгермеген таза қалпында сақталған, және жапан даланың әрбір шетінен хатқа түсірілген сол мұралардың барлық көшірмелері өзара ұқсас келеді», - деп жазған. Жыр дәстүрін атқарған қызметі жағынан шежірелік мұраға жатқызған өте дұрыс. Жырау мен жыршы атқарған әлеуметтік-мәдени қызметті осы шежірелік жады мен дәстүрлі тарихи сана арқылы іске асырған. Сол тарихи дәуір шындығын жырға салған атақты Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Қожаберген, Үмбетей, Бұқар сияқты тарихты шежіре еткен жыраулар болған.
Ш. Уәлиханов қазақтың әрбір текті ақсақалы өз руының шежіресін анық біледі деп айтқан. Шоқан жазған шежірелік шығармалардың ең әйгілісі – «Абылай», «Қырғыз рулары», «Ұлы жүз туралы», «Ұлы жүздің аңыз-әпсаналары», «XVIII ғ. батырлар жыры», т. б. Бұл еңбектерде Шоқан тек қазақ емес, сондай-ақ жалпы түрік-моңғол жұртының тарихи жәдігерлері туралы көп ізденген: яғни, олардың шығу тегі, тарихи деректері, мәдени ерекшеліктері, тәңірлік түсініктері, бақсылық дәстүрі, ру құрылымы, халық күнтізбесі, хандары, космогониясы, наным-сенім жүйесі, қазақ ортасындағы мұсылмандық құқық, шежірешілер, қария сөз, аңыздардың мазмұны, атақты адамдары, рухани құндылықтары, т. б. көптеген мәселелердің барлығының басын қайырып, зейін қойып, тиянақты ізденген [74, 89].
Cонымен, Шоқан жазбаларындағы тарихи дерек ретіндегі қазақтың түп-тамырын айғақтайтын шежірелік шығармаларының орны ерекше. Қорыта келгенде Шоқан Уәлиханов бізге аса бағалы ғылыми мұра қалдырды, олар Қазақстан, Орта және Орталық Азия халықтары тарихының, этнографиясының күрделі ғылыми проблемаларын шешуге көмектескен бай мұра деп айтуға болады.
Шоқан Уалиханов – қазақ халқының тарихында өз елінің болашағын дұрыс болжап, сеніммен алға қараған, елізушілердің мүддесін қорғаған тұңғыш демократы болды.
Шоқан орыстың ХІХ ғасырдағы озат ойшылдары, революционер демократтары Белинский, Чернышевский, Добралюбовтардың идеяларынан рухани нәр алды. Сондай-ақ, шығыстану саласындағы аса көрнекті ғалым. Көшпенді халықтың арасынан шыққан, ғылым мен прогрестің шыңына көтеріліп, Россия ориенталистерінің қатарынан құрметті орынға ие болып, Қазақстанның шығыстану ғылымын ашып берді. Әйгілі ғалымның тарих, этнография, география, фольклор сияқты ғылымның салаларын сіңірген еңбегі қыруар. Жас ғалымның ғылыми зерттеу еңбектерінің тарихи маңызы зор. Орыс жолдастары мен достары Шоқан қайтыс болғаннан кейін оның жарияланбай қалған еңбектерін жинап бастырған болатын. Шоқанның шығармалары 1904 жылы Петербургте академик Н.И. Веселовскийдің редакциясымен басылып шықты. Осы кітаптың алғы сөзінде академик Н.И. Веселовскйй былай деп жазды: «...Шоқан Уалиханов Шығыстану әлемінің үстінен құйрықты жұлдыздай жарқ ете қалды. Орыстың шығысты зерттеуші ғалымдарының барлығы да оны ерекше бір құбылыс деп танып, одан түрік халықтарының тағдыры туралы ұлы және маңызде жаңалықтар ашуды күткен еді. Бірақ Шоқанның мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті». Бұл – Ғалым Шоқанға берілген әділ баға еді.
Шоқан- тарихшы, географ, этнограф, әрі ауыз әдебиетін жинап зерттеуші болды. Ол тек өз халқының ғана емес, Орта Азия және Шығыс халықтарының да тарихын, мәдениетін, әдебиетін зерттеді. Өзі билеуші таптың қатарынан шыққанымен, Шоқан қалың бұқараның аяусыз қаналып отырғандығын көре білді, халықтың ой-тілегін, арман-мүддесін қорғады, қазақ даласындағы басқарушылық тәртіптің өзгеруін қалады. Мұның барлығы Шоқанның демократтығын сипаттай түседі [75, 97].
Шоқан Орта Азия елдерінің артта қалуына себепкер болған жағдай- монархиялық тәртіп пен ислам діні деп түсінді. Сондықтан да дамуға кесел жасап отырған ислам дінін Шоқан қатал сынға алды. Ол жалпы дін атаулының прогреска бөгет болатынын, ғылым мен мәдениеттің дамуына кесел жасайтынын, әсіресе ислам дінінің реакциялық сипатын анық айтты. Ол тоқырау мен құлдыраудың себебі болған, халықтың басын айналдырып, санасын улаған дінді орта ғасырлық идеология деп санады.
«Мұсылмандық туралы» деген еңбегінде Шоқан былай деп жазды: « дін фанатизмі атаулының бәрінің халықтардың әлеумет өмірінің дамуына келтіретін зияны туралы көп айтып жатуды артық деп санаймыз. Европада да теологияның етек алып кетуі халықтардың дамуына мүлдем кесел болғаны белгілі».
Орыс педагогикасының прогресшіл идеялары да Шоқанның ағартушылық көзқарастарына әсер етті. Шоқан мектеп оқуының ғылми негізде құрылып, табиғаттың сырларын ашуға бағыттылуын, халықтың жаппай білім алуын халқымыздың алдыңғы қатарлы, мәдениетті елдерді қуып жетуді аңсады. Ол мұсылман мектептері орнына, «ой мен сезімнің өсуіне бөгет жасаудан басқа түк пайдасы жоқ, жансыз схоластика болмайтын мектептер» ашуды талап етті.
Ұлы ағартушы ең алдымен ұлы орыс халқынан үйрену керектігін, ол үшін орыс оқуына бой ұрып, қазақ даласына тарату халықтың орысқа деген достығын күшейтетіндігіні мұның өзі игілікті іс екендігін көргендікпен болжады. Шоқан қазақтарға орыс тілін білудің маңызын баса айтқан адам болды. «Орыс тілін білмеген қазақ,- деп жазды ол өзінің бір мақаласында,- оның заң-законын да білмейді».
Шоқан туған халқының әдет-ғұрпы мен психологиясының біраз жақтарын талдай келіп, қазақ арасындағы кейбір жағымсыз әдеттерді мейлінше сынады, бұларды қазақ қауымын ілгері бастырмай келе жатқан мерездер деп ашынды. Мысалы, осындай феодалдық өмірдің басты мерездерінің бірі - барымта екендігін, оның жұрттың көпшілігі баюдың, мал жинаудың ең жеңіл әдісі деп қате түсініп жүргенін дәлелдеді. Ол мұндай «кәсіппен» айналысқан адамның еңбекке ынтасы болмайды, ал белгілі бір кәсіппен айналысу уақыт, зор ынта тілейді деп дұрыс тұжырымдады. Осылайша ол жастарды да мұндай жағымсыз кәсіптен бойын аулақ салуға шақырды. Бұл жағымсыз жексұрын әдеттің адамды арамтамақтыққа, еріншектікке итермелейтінін айта келіп, ол қазақ даласында түрлі кәсіптің дамуына оның кедергі келтіретіні жөнінде дұрыс қорытынды жасады [76, 69].
Шоқанның халықтық психология туралы пікірлерінде материалистік тенденция басым. Бұл оның көптеген еңбектерінен анық байқалады. Мысалы, «Записка №1» деген еңбегінде адам психикасы сыртқы ортаға, әсірісе географиялық, табиғат жағдайларының әсеріне байланысты қалыптасып отырады деген пікір айтады. Бірақ Шоқан адам психологиясының қалыптасуындағы тарихи-қоғамдық факторлардың шешуші рөлін дұрыс ұғына алмады. Оның ойынша, жұрттың сана-сезімін, әдет-ғұрпын географиялық орта билейді, халықтың прогреске жетуі материалдық өмір жағдайымен емес, идеологиялық факторлармен, ағартушылық әрекетпен жүзеге асатын болады. Осыған орай адамдардың мінез-құлқы мен әдет-ғұрыптарының қалыптасуында географиялық орта мен табиғаттың рөлін Шоқанның асыра бағалап жіберген кездері де болды.
Шоқан ғұмыры бар жоғы отыз жыл ғана болса да, оның бейнесі біздің жүрегімізден еш уақытта да өшпек емес. Ол жазып қалдырған толағай туындылар мен көкейкесті мәселелерге толы еңбектер, зерттеулер қазір де өз мән-мағынасын жоғалпай, жаңа өмірмен үндестік тапқан сайын ғұлама ғалым жөніндегі әсерлі естеліктер де біздің жадымыздан берік орын ала бермек [77, 114].
Шоқанның қазақ халқының түп-тегі туралы ойларының да теориялық-методологиялық маңызы зор. Көшпелі жұрттың, әсіресе жазу-сызуы жоқ тайпалардың тарихын айқындар басты көз қазақ халқының шығу тегі, түп тамырының асыл діңгектері болып табылады. Жалпы, олардың кейбір үзінділері өркениетті елдердің жылнамаларындағы деректермен астасып жатыр деп атап көрсетті ол. Жазба ескерткіштердің хабарларына баса мән бере отырып ұлы ғалым халықтың ауыз әдебиетіндегі деректердің аса маңыздылығын атап көрсете келіп, жазба дерек көздерімен салғастырғанда бұлардың нақтылығы айқындала түседі деп көрсетті.
Дала өркениеті тудырған шежіре мәліметтеріне деректік талдау жасау, көшпелілік болмысқа тән тарихи ой-сана мен тарихи таным өрісін, оның табиғатын және құрамдық бөліктерін, әлеуметтік-мәдени қызметін тануға жол ашады. Тарихи ертегілер, жыр-дастандар, тарихи әңгімелер, аңыз, қария сөз, шешендік, билер сөзі және басқа да ауызша айтылып, халық жадында сақталған мұралар шежірелік дәстүрді құрайтын ішкі деректерге жатады. Өз кезінде Ш. Уәлиханов, қазақта «бірде-бір мәнді оқиғасы, бірде-бір керемет кісісі туралы айтылмай қалғаны, халық жадында сақталмай қалғаны жоқ», - деп атап өткен. Расында да, қазақ мәдениетінде, төл әдебиетінде үлкен деректік қор бар. Ол деректемелердің тарихи шындықты суреттеудегі ерекшеліктері ғылымда қарастырылмай келді. Қазақ шежірелерінің тарихи мәліметтерін сын көзқарас тұрғысынан тексеру, нақты ғылыми тәсілдермен шындыққа сәйкес келетін ақиқатын анықтау, қажетінше ғылыми айналымға енгізу – мемлекет, ұлт және мәдениет тарихын деректік тұрғыда зерттеуді жаңа деңгейге көтеретін келелі мәселе.
Шежіренің негізгі мақсаты тарихи білім жүйесінде сақталатын дәстүрлі мәдени құндылықтар мен дәстүрлі қоғамның рухани-әлеуметтік, идеологиялық-саяси сабақтастығын қаматамасыз ету. Осының барлығы ұлттық мәдениеттің тұғыры болғандықтан, оны тұрақты қоғамдық институтқа айналдыру мақсатында шежіре түсінігінің дәстүрі төңірегіне киелілік сипат ұғымы, ерекше қасиеттеушілік берілгені де байқалады. Халықтың фольклорлық мұрасында сақталған «жеті атасын білген ер – жеті елдің қамын жер» дейтіндей әлеуметтік формулалар осының бір даналық айғағы [78, 142].
Халықтың тарихи мәліметтер зерттеушілер үшін құнды болуына қарай, әр заман тарихнамашылары қазақтың тарихи фольклор деректерін қажетсінді. ХІХ ғасырда «Қазақ шежіресі» атты мағынасы терең ғылыми мақала жазған ірі ғалым Ш. Уәлихановтың еңбегі елеулі. Шоқан бұл деректерді өзі ғана жинап қоймай, сол кездегі қазақ ортасындағы көзі ашық, сауатты, қайраткер адамдарға да аманат қылды. Кейін бүл мұралар Г. Потаниннің кітаптарында жарияланған. Ә. Бөкейханның төрелер шежіресіне қатысты жинақтаған генеологиялық мәліметтері бүгінгі күні де өзектілігі мен ғылыми-қолданбалы мағынасын жоғалтпаған.
Шежірелердегі тәңірлік дүниетаным белгілері де айрықша көрінеді. «Көнетүркілік салтты, оның наным-сенім, әдет-ғұрып, той-думан, жол-жоба дәстүрлерін, жыр-өлең сипатында жалғасқан тарихи аңыздарын, әртүрлі уақытта өткен жырау жырларын, салтанат пен әуенге деген құштарлығын, халық әдеті мен билердің шешендік өнері мен билік айту өнегесі сияқты парасат, ақыл-ой мұраларын сақтаушылары деп қазақтарды айту қажет» - деп, кезінде Ш. Уәлиханов ескерткен .
Шежірелерді жиып отыру ортағасырлардан бері ел ортасынан шыққан атақты адамдары айналысқаны осыдан байқалады. Әрине, алдымен бұл тектілерге тән әулеттік әдет. Ш. Уәлиханов еңбектерінде Есім хан, Тәуке хан, Сәмеке мен Әбілмәмбеттің ұрпақтарында сақталғандығы шежірелер туралы айтылады. Шежірелік жазбалар авторлары бар нақты тарихнамалық туынды белгілері болғандықтан, бұларды шежірелік тарихнама ретінде қарастырылуы әбден дұрыс.
Тұрмыстық фольклор жанрына тән мақал-мәтел, бесік жыры, бата, беташар т.б. сөз үлгілерін халық мәдениетін игерген кез келген адам біледі. Ән, әуен, жыр, өлең – бұлар шежірелік деректі сақтау қызметін атқарушы дәстүр тасымалдаушы құралы болып табылады [79, 125].
Қазақ шежірелеріндегі «Қазақ түбі» мәліметтері қазақ руларының барлығы ерте заманнан келе жатқан түрік жұрағаты десе, генеалогиялық жағынан оған жатпайтын төре, қожа, төлеңгіттер қазақ құрамынан тыс айтылғандықтан да кірме топтар қатарында есептеледі. Мұны Ш. Уәлиханов та мақаласында анық көрсеткен. «Қазақта "кірме" деген сөз бар. Ол сөздің мағынасы өз отанынан, ата мекенінен, ру-тайпа ортасынан жақсы-жаман себептермен шығып кетіп, өзге елге келген, сіңісіп кеткенге дейінгі адамдарды айтады» - деп, шежіре кірме ұғымына анықтама береді. Қазақ руларының ішінде өзара алмасқан аталар да аз емес.
Шежірелерде осы сияқты тарихи-әлеуметтік құбылыстар түсіндіріліп отырылды. Қазақ ортасында бір рудан басқа рудың құрамына ауысып жүрген тұлғалар қай заманда болмасын көп болған. Жаңа рудың ішіне олар, әрине, бала, ұл қатарында кіретін болған. «Бұлар өз әулетін жоғалтпай, қожа, төре, ноғай, татармыз деп өз үрдісін, тарихын, тегін жоғалтпай, сақтап қалуы қайсарлығы, табандылығы, ұждандылығы деу қажет. Бар қасиеттерінің барлығы да қазақ болып кеткендер» - деп түсіндіреді Сондықтан қазақтың барлығы бір-біріне қарға тамырлы қазақ болады.
Сондай­ақ қазақ шежірелерінде қазақ хандары туралы деректер жинақы түрде баяндалады. XVIII ғасырдың ауызша тарихи дәстүрі туындыларында қазақ халқының жоңғар басқышыларына қарсы ұлт-азаттық күрес тарихы ерекше суреттеледі. Бұл туралы Ш. Уәлиханов: «Ата-бабаларының ерлігін жырлайтын көне жыр-аңыздар жазу-сызуға түспей ауызша айтылып келуіне қарамастан, шежіре сақтаушы жыршылардың суырып салма импровизаторлық ғажаб өнер қабілеті мен халықтың тарихи өлең, дастан, ертегі, аңыз, әңгімелерге ден қойып сүйіспеншілікпен тыңдауының арқасында ұзақ жылдар бойы ауыздан ауызға айтылып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып осы күнге дейін сол өзгермеген таза қалпында сақталған, және жапан даланың әрбір шетінен хатқа түсірілген сол мұралардың барлық көшірмелері өзара ұқсас келеді» – деп жазған. Жыр дәстүрін атқарған қызметі жағынан шежірелік мұраға жатқызған өте дұрыс. Жырау мен жыршы атқарған әлеуметтік-мәдени қызметті осы шежірелік жады мен дәстүрлі тарихи сана арқылы іске асырған. Сол тарихи дәуір шындығын жырға салған атақты Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Қожаберген, Үмбетей, Бұқар сияқты тарихты шежіре еткен жыраулар болған [80, 138].
Ш. Уәлиханов қазақтың әрбір текті ақсақалы өз руының шежіресін анық біледі, деп айтқан. Шоқан жазған шежірелік шығармалардың ең әйгілісі – «Абылай», «Қырғыз рулары», «Ұлы жүз туралы», «Ұлы жүздің аңыз-әпсаналары», «XVIII ғ. батырлар жыры» және т.б. Бұл еңбектерде Шоқан тек қазақ емес, сондай-ақ жалпы түрік-моңғол жұртының тарихи жәдігерлері туралы көп ізденген: яғни, олардың шығу тегі, тарихи деректері, мәдени ерекшеліктері, тәңірлік түсініктері, бақсылық дәстүрі, ру құрылымы, халық календары, хандары, космогониясы, наным-сенім жүйесі, қазақ ортасындағы мұсылмандық құқық, шежірешілер, қария сөз, аңыздардың мазмұны, атақты адамдары, рухани құндылықтары және т.б. өткір көп мәселелердің барлығының басын қайырып, зейін қойып, тиянақты ізденген.
Cонымен, Шоқан жазбаларындағы тарихи дерек ретіндегі қазақтың түп тамырын айғақтайтын шежірелік шығармаларының орны ерекше. Қорыта келгенде Шоқан Уәлиханов бізге аса бағалы ғылыми мұра қалдырды, олар Қазақстан, Орта және Орталық Азия халықтары тарихының, этнографиясының күрделі ғылыми проблемаларын шешуге көмектескен бай мұра деп айтуға болады.

ҚОРЫТЫНДЫ




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет