Кіріспе зерттеудің көкейкестілігі



бет1/4
Дата15.09.2017
өлшемі0,79 Mb.
#32319
  1   2   3   4
1, КІРІСПЕ
Зерттеудің көкейкестілігі. Бүгінгі таңда бүкіл адамзаттың алдында тұрған өмірлік маңызы бар ауқымды проблемалардың ішінде, табиғатты қорғау мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, күннен-күнге туындап отырған экологиялық мәселелер мен олардың шешімін іздестіру өзінің көкейкестілігін дәлелдеуде. Ал бұл болса үздіксіз білім беру процесінде (отбасы→ балабақша → бастауыш мектеп) балалардың экологиялық тәрбиелілігін дамыту қажеттілігін күн санап арттыра түседі, өйткені қоршаған орта мен адамның денсаулығын сақтау маңызды құндылықтың бірі болып табылады.

Көпсатылы оқу жүйесінде экологиялық білім мен тәрбие беру мәселесі бойынша «Қазақстан Республикасының 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздігін сақтау тұжырымдамасы» (2003ж.), «Қазақстан Республикасының Конституциясы» мен «Білім туралы» Заңында, бірқатар ұсыныстар беріліп, жаңа шешімге бағыттап отыр. 2006 жылы қабылданған «Экологиялық кодексте» мемлекеттік экологиялық саясатты дәйектілікпен жүзеге асырудың механизмі берілген.

Алайда жоғарыда айтылғандардан экологиялық білім мен тәрбие мәселесіне бүгін ғана аса назар аударылып отыр деген ой туындамауы керек.

Адамзат тарихында табиғатпен саналы қарым-қатынас жасап, оның құндылығын бағалауда адам-қоғам-табиғат дамуының философиялық заңдылығын, сабақтастығын ғылыми тұрғыда негіздеуде ұлы ойшылдар (Аристотель, Платон, Гераклит) үлкен үлес қосқан.

Экологиялық білімнің ғылыми-теориялық мәселелері бірқатар ғалымдардың (Э.Геккель, Ч.Дарвин, Ж.Ж.Руссо, Г.Песталоцци, Ф.Дистервег, Я.А.Коменский, К.Д.Ушинский, С.Т.Шацкий, И.Д.Зверев, Н.С.Сарыбеков, Ә.С.Бейсенова, Ж.Жатқанбаев, И.Н.Нұғыманов және т.б.) зерттеулерінде қарастырылады

Көптеген ғалымдар (М.Фамин, В.И.Фурсов, В.В.Журавлев, Ә.Н.Нысанбаев, Ж.Әбділдин, Д.Кішібеков және т.б.) экологиялық тәрбиенің философиялық тұжырымдамаларын анықтап, табиғатқа саналы көзқарасты адам дүниетанымының құрамды бір бөлігі ретінде қарастырған, белгілі психологтар болса (Т.Тәжібаев, М.Мұқанов. Ә.Алдамұратов, Х.Шерьязданова және т.б.) жеке тұлғаны тәрбиелеудің психологиялық аспектілеріне мән берген.

Экологиялық тәрбиенің теориялық-әдіснамалық негіздері В.А.Сухомлинский, Н.К.Скалон, А.Н.Захлебный, М.Н.Сарыбеков, Т.В.Кучер, Ғ.К.Ділімбетова, Ж.Б.Шілдебаев және т.б. еңбектерінде көрініс тапса, экологиялық білім мен тәрбие берудің ғылыми-әдістемелік жолдары А.А.Сотников, К.Ж.Сарманова, Ұ.Ә.Есназарова, К.С.Құрманбаева және т.б. ғалымдардың еңбектерінде жан-жақты зерделенген.

Адам-қоғам-табиғат арасындағы қарым-қатынастың ұлттық салт-дәстүрлер мен байланысы, халық педагогикасын зерттеген ғалымдардың (Қ.Жарықбаев, С.Қалиев, С.Ұзақбаева, К.Қожахметова, Р.Төлеубекова, Қ.Аймағамбетова, Р.Дүйсембінова және т.б.) еңбектерінде көрініс алады.

Бастауыш сынып оқушылары мен мектеп жасына дейінгі балалардың дүниетанымын қалыптастыру, экологиялық білім мен тәрбие беру мәселесін тікелей зерттеген ғалымдардың (С.Н.Николаева, А.М.Пушнина, Н.Н.Кондратьева, Г.В.Кирикэ, Е.И.Золотова, Н.Ф.Виноградова, Қ.А.Аймағамбетова, Ә.М.Мұханбетжанова, П.Г.Самарукова, Н.А.Рыжова, Т.В.Христовская және т.б.) еңбектерінде табиғаттың тұлғаны қалыптастырудағы ықпалы туралы құнды ғылыми-әдістемелік тұжырымдар берілсе, мектепке дейінгі тәрбие мәселесін қарастырған ғалымдардың еңбектерінде (Б.Б.Баймұратова, А.К.Меңжанова, М.С.Сәтімбекова, Қ.М.Меңдаяқова, Ә.С.Әмірова, Ф.Н.Жұмабекова және т.б.) тиімді әдіс-тәсілдер ұсынылады.

Көптеген ғалымдар жалпы білім беретін мектептерде экологиялық білім мен тәрбие берудің теориялық, әдістемелік аспектілерін жүйеге келтіреді (Н.А.Гладков, Я.И.Габев, С.Н.Назарова, Е.А.Сластенин, А.В.Чигаркин, М.Н.Фомин, Е.З.Батталханов және т.б.), кейбірі экологиялық іс-әрекеттің мәнін айқындап, мазмұнына жан-жақты сипаттама береді (С.Н.Соломина, И.Д.Лаптев, В.А.Ясвин және т.б.).

Оқытудағы сабақтастық проблемасына қатысты құнды ой тұжырымдар Я.А.Коменский, К.Д.Ушинский, А.С.Макаренконың еңбектерінде көрініс алса, оқытудың әдіснамалық ұстанымы ретіндегі сабақтастық С.М.Годник, З.А.Мукашев, А.В.Петров, А.В.Самускевич, Э.А.Баллердің еңбектерінде зерделенеді.

Бірқатар ғалымдар (Б.Г.Ананьев, Ш.И.Ганелин, А.К.Бушля және т.б.) сабақтастықты ағарту жүйесінің әр түрлі буындары арасындағы байланыс ретінде қарастырса, енді бірі (И.Т.Суравегина, Н.М.Мамедов, И.Д.Зверев, В.Л.Горохов, А.Н.Чилингаров, А.Н.Захлебный және т.б.) экологиялық білімнің үздіксіздігін сабақтастық ұстанымын орындаудың құралы деп түсінеді.

Сонымен, ғылыми зерттеулер мен әдебиеттерге, озық педагогикалық тәжірибелерге жасаған талдау қарастырылып отырған проблеманың ғылыми тұрғыда негізделмегенін дәлелдейді.

Демек, отбасында, балабақша мен бастауыш сыныптарда экологиялық тәрбие берудегі қоғамның сұранысы мен оның жүйелі түрде зерттелмегені арасында; кіші жас балаларына қоршаған ортаны аялай білуді сабақтастықта жүргізу қажеттігі мен экологиялық тәрбие сабақтастығын қамтамасыздандыратын бірыңғай тұжырымдаманың және оны жүзеге асыруға байланысты оқу-әдістемелік кешеннің жеткіліксіздігі арасында қарама-қайшылықтың бар екені байқалады. Осы қарама- қайшылықтардың шешімін іздестіру бізге зерттеу проблемамызды анықтауға және тақырыпты «Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының ғылыми-педагогикалық негіздері» деп таңдауымызға негіз болды.



Зерттеу объектісі: үздіксіз білім беру процесі (отбасы → балабақша → бастауыш мектеп).

Зерттеу пәні: үздіксіз білім беру процесіндегі (отбасы → балабақша→ бастауыш мектеп) экологиялық тәрбие сабақтастығы.

Зерттеудің мақсаты: үздіксіз білім беру процесіндегі (отбасы, балабақша, бастауыш мектеп) экологиялық тәрбие сабақтастығын теориялық-әдіснамалық тұрғыда негіздеу және әдістемелік жүйесін жасау.

Зерттеудің болжамы: егер, үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие беру сабақтастығының теориялық-әдіснамалық негіздері айқындалып, құрылымдық жүйесі, шарттары, әдістемесі анықталса және оларды жүзеге асыруға байланысты тұжырымдама мен соған сай әдістемелік кешен жасалып, практикаға енгізілсе кіші жастағы балалардың экологиядан білімі толысып, қоршаған ортаға деген аялы көзқарасы қалыптасады. Ал, бұл болса оларға табиғатты қорғауға, онымен достасуға көмектеседі.

Зерттеудің міндеттері:

1.Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының әдіснамалық-теориялық негіздерін анықтау.

2.Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының педагогикалық шарттарын және құрылымдық жүйесін айқындау.

3.Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының тұжырымдамасын жасау.

4.Үздіксіз білім беру процесінде халық педагогикасының кіші жас балаларына экологиялық тәрбие берудегі мүмкіндіктерін айқындау.

5. Үздіксіз білім беру процесіндегі кіші жас балаларының экологиялық тәбиелілігі моделін жасау.

6. Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының әдістемесін жасап, оның тиімділігін эксперимент жүзінде дәлелдеу.

Жетекші идея: үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбиені сабақтастықта жүзеге асыру, баланың табиғатпен қоғам туралы дүниетанымының дұрыс қалыптасуына ықпал етеді.

Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздерін табиғат пен қоғамның қарама-қайшылықтарының бірлігі туралы идеялар; қоғам мен табиғат арасындағы үйлесімділік тұрғысындағы философиялық қағидалар, диалектикалық таным теориясы, терістеуді терістеу заңы, жеке тұлғалық, тұлғалық-бағдарлық; іс-әрекеттік теориялар; біртұтас педагогикалық процесс және ынтымақтастық, құндылық теориялары құрайды.

Зерттеу көздері: Қазақстан үкіметінің ресми материалдары, ҚР Конституциясы, «Білім туралы» Заңы, ҚР «Қазақстан – 2030» даму стратегиясы; ҚР «Білім» мемлекеттік бағдарламасы; «ҚР экологиялық білім мен тәрбие берудің ұлттық стратегиясы; «ҚР экологиялық қауіпсіздікті сақтау»; «Экологиялық білім бағдарламасы»; «Қазақстан Республикасының 2004–2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздігі тұжырымдамасы»; «Айнала қоршаған ортаны қорғау туралы» Заң, «Экологиялық кодекс» және т.б. ҚР Білім және ғылым министрлігінің отбасы, балабақша, бастауыш мектепке байланысты ұсынған құжаттары (тұжырымдамалары, бағдарламалары, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдары), педагогиканың ғылыми жетістіктері мен озық тәжірибелері; белгілі философтардың, экологтардың, педагогтар мен психологтардың еңбектері; диссертанттың жеке басының педагогикалық және зерттеушілік іс-тәжірибесі.

Зерттеудің негізгі кезеңдері. Бірінші кезеңде (1999–2000 жж.) қарастырылып отырған проблеманың тақырыбы, ғылыми аппараты нақтыланды. Зерттеу проблемасы бойынша ресми құжаттар, материалдар талданып, жүйеленді, ғылыми педагогикалық, психологиялық әдебиеттер мен әдіснамалық еңбектерге шолу жасалды. Ғылыми мақалалар мен оқу құралы басылым көрді.

Екінші кезеңде (2001–2003 жж.) зерттеу проблемасы бойынша материалдар жинау жалғастырылды, жүйеге келтірілді, үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының педагогикалық шарттары айқындалып, тұжырымдамаға қажетті материалдар сұрыпталып, арнайы курс материалдары мен экологиялық тәрбие беру бағдарламасы дайындалды. Озық тәжірибелер қорытындыланды.

Үшінші кезеңде (2004–2005 жж.) зерттеу материалдары құрылым бойынша жүйеге келтірілді, нәтижелері нақтыланды, тұжырымдама, балабақша тәрбиешілері мен бастауыш мектеп мұғалімдеріне арналған арнайы курс бағдарламасы, оқу-әдістемелік кешендер басылым көрді, пайдаланылған әдебиеттер жүйеге келтіріліп, диссертация талапқа сай рәсімделді.

Тәрбиеші-мұғалімдердің экологиялық білімдерін жетілдіру мақсатындағы арнайы курс жоспары бойынша Алматы, Ақтау, Астана, Атырау, Талдықорған, Шымкент қалаларындағы облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институттарында курстар өткізіліп, экспериментті қорытындылау жұмыстары жүргізілді. Жинақталған теориялық және практикалық материалдар қорытындыланып, жүйеленді.



Зерттеу әдістері: зерттеу проблемасы бойынша ғылыми әдебиеттерге, мектепке дейінгі мекемелер мен бастауыш мектеп құжаттарына талдау беру, озық тәжірибелерді зерделеу, сауалнама, әңгімелесу, тест, деңгейлік бақылаулар, педагогикалық эксперимент, алынған нәтижелерді сұрыптау, математикалық тұрғыда өңдеу.

Зерттеу базасы: Алматы (№№ 88, 130, 139), Ақтау (№№ 46, №59), Талдықорған (№45), Астана (№70) қалаларының, Атырау облысы, Жылой ауданы, Сарықамыс ауылы орта мектебінің бастауыш сыныптары және Алматы қаласының (№№ 342, 279, 125, 337, 40) балабақшалары, Республикалық, Алматы облыстық және қалалық мұғалімдер білімін жетілдіру институттары.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәні:

1.Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының әдіснамалық-теориялық негіздері анықталды.

2.Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының педагогикалық шарттары және құрылымдық жүйесі анықталды

3.Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының тұжырымдамасы жасалды.

4 Үздіксіз білім беру процесінде қазақ халық педагогикасының кіші жас балаларына экологиялық тәрбие берудегі мүмкіндіктері негізделді.

5.Үздіксіз білім беру процесіндегі кіші жас балаларының экологиялық тәрбиелілігі моделі жасалды.

6.Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының әдістемесі жасалды.

Зерттеудің практикалық мәні. Отбасы, балабақша, бастауыш мектептерге арнап:

«Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығы» тұжырымдамасы;

- «Экологиялық тәрбие» бағдарламасы;

- ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұсынуымен дайындалған «Айналаны қоршаған орта. Экология» (қазақ және орыс тілінде) экологиялық тәрбие беру кешені;

- тәрбиешілер мен бастауыш мектеп мұғалімдеріне арналған әдістемелік нұсқаулар жасалды.

Зерттеу нәтижелерін отбасы тәрбиесінде, мектепке дейінгі мекемелерде, бастауыш білім беретін мектептерде, арнайы және жоғары педагогикалық оқу орындарында, педагог кадрлар біліктілігін жетілдіретін мекемелерде пайдалануға болады.



Қорғауға мынадай қағидалар ұсынылады:

1.Үздіксіз білім беру процесінде отбасы → балабақша→ бастауыш мектепте экологиялық тәрбиенің сабақтастықта жүргізілуі, кіші жас балаларының осы саладан меңгерген білім, іскерлік дағдысының жүйелі, бірізділікте қалыптасуына және оларға күнделікті өмірде тиімді пайдалана білуіне көмектеседі.

2.Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығы мынадай педагогикалық шарттарды ескерумен (сабақтастықтың жетекші идея бойынша жүзеге асырылуы; білімді әр пәндерден меңгерілетін ұғымдардың жалпылығына сүйене отырып сабақтастықта жүргізу мүмкіндігі; қоршаған орта мен табиғаттағы мінез-құлық ережелерін, пайдалы іс-әрекет дағдыларын дамытудың әртүрлі әдістерін қолдана отырып, балаларды табиғат жөніндегі шығармашылық әрекетке баулу мүмкіндігі; аталған шарттардың әрбір тақырыптарда сабақтастықта жүзеге асырылуы) құрылымдық жүйені (мазмұны, принциптері, әдіс-тәсілдері оны оңтайландыру жолдары, формалары мен бағыттары) анықтаумен қамтамасыздандырылады.

3.«Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығы» тұжырымдамасы, экология пәні бағдарламалары мен оқулықтары мазмұнын балалардың жас ерекшеліктеріне қарай сабақтастықта құруда ғылымға негізделген тұжырымдамалық көзқараста бағыт-бағдар береді.

4.Қазақ халық педагогикасының мазмұндық сипаты, оның үздіксіз білім беру процесінде кіші жастағы балаларға экологиялық тәрбие берудегі мүмкіндіктерінің жоғары екендігін дәлелдейді.

5.Үздіксіз білім беру процесіндегі кіші жас балаларының экологиялық тәрбиелілігі моделі мотивациялық-құндылық, эмоционалдық-сезімдік, іс-әрекеттік компоненттерінің бірлігінде байқалады және нақты көрсеткіштер, өлшемдер мен деңгейлер арқылы сипатталады.

6. Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының біз жасаған әдістемесі мен ғылыми әдістемелік кешендер кіші жастағы балалардың экологиялық тәрбиелілігі деңгейін көтеруді қамтамасыздандырады.

Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі ғылыми-теориялық және практикалық тұрғыда дәлелденуімен; зерттеу мазмұнының ғылыми аппаратқа сай келуімен; зерттеу пәніне сәйкес кешенді әдістерді қолданумен; эксперимент жұмыстарының жоспарлы кезеңділігімен; ұсынылған әдістеменің тиімділігімен; бастапқы және соңғы нәтижелерді қорытындылаумен; балабақша мен бастауыш мектептерде олардың тиімділігін эксперимент жүзінде тексерумен және оқу-тәрбие процесінде кең көлемде пайдаланылуымен қамтамасыз етіледі.

Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және практикаға ендіру. Зерттеу

жұмысының негізгі қағидалары мен нәтижелері халықаралық, республикалық, облыстық ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалды: «Мектептегі білім берудің сапасы: қазіргі жағдайы, даму үрдісі және болашағы» (18–19 мамыр, 2000, Алматы), «Қазақстандағы география және экология ғылымдарының дамуы» (27–28 наурыз, 2002, Алматы), «Қазіргі таңдағы мектепке дейінгі және бастауыш білім берудің психологиялық-педагогикалық негіздері» (11–12 қараша, 2003, Алматы), «Әлемдік білім беру кеңістігі жағдайындағы ғылым мен практика интеграциясы» (13–14 ақпан, 2003, Алматы), «Формы и пути непрерывного педагогического образования в Кыргызской Республике» (4–5 желтоқсан, 2003, Бішкек), «ХХІ ғасырдағы қазақ мектебі: даму болашағы» (28-29 наурыз, 2006, Алматы), «Жоғары оқу орындарында білікті мамандар даярлаудың өзекті мәселелері» (28-29 наурыз, 2007, Тараз), Возможности педагогической технологии в процессе непрерывного экологического образования. «Образование через всю жизнь: непрерывное образование для устойчивого развития» (3-6 июнь, 2007, Санкт-Петербург), «Мектепке дейінгі және бастауыш білім: қазіргі жағдайы, даму тенденциялары және мәселелері» (28-29 сәуір, 2007, Алматы); республикалық, облыстық, қалалық, мұғалімдер білімін жетілдіру институттарында өткізілген семинарлар мен арнайы курстарда жүзеге асырылды; отандық, алыс - жақын шетелдік мерзімді педагогикалық басылымдарда, ғылыми жинақтарда көрініс тапты.



ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұсынысымен балабақша мен бастауыш мектепке арналып, екі тілде жасалған «Айналаны қоршаған орта. Экология» курсы бойынша дайындалған бағдарлама, әдістемелік нұсқау, оқу құралы, әліппе-дәптер, хрестоматиялық жинақ бүгінгі таңда республика балабақшалары мен бастауыш сыныптарында үлкен сұраныспен пайдаланылуда.

Диссертацияның құрылымы: диссертация кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан (кестелер, бағдарлама жоспары, жаңа педагогикалық технологиялар негізінде құрылған тестік тапсырмалар, сабақтардың үлгі жоспарлары) тұрады.

Кіріспе бөлімінде зерттеудің көкейкестілігі мен маңыздылығы негізделді, жұмыстың мақсаты, объектісі, пәні анықталды, зерттеудің міндеттері мен болжамы құрылып, әдіснамалық негізі, жетекші идеясы, ғылыми жаңалығы мен практикалық маңыздылығы, зерттеу әдістері мен кезеңдері көрсетілді, қорғауға ұсынылатын қағидалар, зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі баяндалды.

«Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының теориялық-әдіснамалық негіздері» атты бірінші бөлімде философиялық, психологиялық, педагогикалық ғылыми еңбектерге талдау жасалып, экологиялық тәрбиенің қазіргі теориядағы және практикадағы жай-күйі зерделенді, үздіксіз білім беру процесінің тұжырымдамасының қалыптасу кезеңдері жіктеліп, үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының проблемалары, «сабақтастық», «экологиялық тәрбие сабақтастығы» ұғымының және маңызы айқындалды.

«Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының мазмұндық сипаты» атты екінші бөлімде үздіксіз білім беру жүйесінде халық педагогикасының кіші жас балаларына экологиялық тәрбие берудегі мүмкіндіктері айқындалып, экологиялық тәрбие сабақтастығын жүзеге асыру тұжырымдамасы жасалды. Экологиялық тәрбие сабақтастығының педагогикалық шарттары кіші жас балаларының экологиялық тәрбиелілігін қамтамасыз ететін бағыттар көрсетіліп, экологиялық экологиялық тәрбиелі кіші жас тұлғасының моделі құрылды.

«Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығын жүзеге асыру жолдары» атты үшінші бөлімде үздіксіз білім беру процесіндегі (отбасында, балабақша мен бастауыш сыныптағы) экологиялық тәрбие сабақтастығының әдістемелік жүйесі, «Экологиялық тәрбие» бағдарламасы және соған сәйкес әдістемесі ұсынылып, тиімді әдіс-тәсілдері мен экологиялық тәрбиені сабақтан тыс уақытта жүргізу жолдары ұсынылды. Білім сапасын арттыруда қолданылып жүрген жаңа педагогикалық технологиялардың бастауыш сынып оқушыларының экологиялық тәрбиелілігін қалыптастырудағы мүмкіндіктері мен жолдары қарастырылды. Экологиялық тәрбие сабақтастығының балабақша мен бастауыш сыныптарда жүргізілу қарқынының өсу динамикасы, эксперимент нәтижелерін тексеруде пайдаланылған математикалық есептеулер қорытындылары кесте, диаграмма түрінде көрсетілді.

Қорытындыда зерттеу жұмысының нәтижелері мен тұжырымы баяндалды, ғылыми-практикалық ұсыныстар берілді. Зерттеу проблемасына байланысты болашақтағы атқарылатын жұмыстың бағыттары белгіленді.

Қосымшада зерттеу жұмысында пайдаланылған түсінік-сөздер, балабақша мен бастауыш сыныптардағы экологиялық тәрбие жұмысы жоспарының үлгілері, экологиялық бағытта орындалған Қазақстандық зерттеу жұмыстарының мазмұндық сипаттамасы, ата-аналарға арналған семинар жұмыстарының бағдарламасы, тәрбиешілер мен бастауыш сынып мұғалімдерінің экологиялық білімін жетілдіруге арналған арнайы курс жұмысының жоспары, тестік тапсырмалар, анкета сұрақтары берілді.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

«Қазақстан Республикасының 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздігін сақтау тұжырымдамасында» экологиялық ахуалды жақсартудың жаңа технологиялық мүмкіндіктері айқындалып, еліміздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайындағы қоғамды экологияландыру мәселесі қамтылады.

Қоғамды экологияландыру – бұл адамның табиғатпен үйлесімділігіне қол жеткізуге бағытталған қоғам көзқарасының жаңа жүйесін қалыптастыру процесі. Тарихи тұрғыдан бағдарласақ, адамның өмір тіршілігінің, қызмет-әрекетінің негізі – табиғат заттары мен табиғи процестер. Олар адамзаттан әлдеқайда бұрын пайда болған, адам санасынан тыс және тәуелсіз өмір сүреді. Қоршаған ортаны танып білу, игеру барысында адам табиғат дүниесіне қуатты және ауқымды ықпал ете алатын құдіретті өзгертуші күшке айналады. Мұны ғылымда «екінші табиғат» деп атайды.

Демек, табиғат заттарының, процестерінің, құбылыстары мен жәй-күйлерінің болмысы өткінші, өтпелі. Олардың болмысы (болмыссыздығы) ауыспалы, қалыптасу, даму, өзгеру процесі кезектесіп отырады. Олардың болмысы – сақталатын да, жоғалатын да болмыс. Гегель қалыптасу процесін саралай отырып, оны жоғалатын болмыс немесе болмыстың жоғалуы деп дәл көрсеткен болатын. Сонымен, табиғат болмысының тағы бір ерекшелігі, тұтастық ретіндегі табиғат дүниесінің тұрақты әрі түпкілікті болмысындағы жекелеген мәндердің өтпелі және тұрақты болмысының диалектикасын танытады.

«Екінші табиғат» қатаң түрде шынайы, бірінші төл табиғатқа тәуелді және соның туындысы десе болады. Әйтседе, «екінші табиғаттың» өзіндік мәнді ерекшеліктері де жоқ емес. Екінші жасанды табиғат дүниесінің шынайы төл табиғаттан айырмашылығы: біріншіден, оны жасап дүниеге келтіру барысында адам табиғат байлығын, табиғи материалдарды пайдаланып, өңдеді, екіншіден, «екінші табиғат» дүниесін жасауда адамның еңбегі, іс-тәжірибесі және білімі пайдаланылды, үшіншіден, «екінші табиғат» бұйымы ермек үшін жасалмайды. Оны дүниеге келтіру адамдардың әлеуметтік өмірдегі белгілі мұқтаждарынан, мақсат-мүдделерінен туындады. Осылайша, екінші табиғат бірінші табиғаттың заңдылықтарына бағынатын төл туындысы, оның материалдарынан адамның білімі, еңбегі, тәжірибесі және дағдысы негізінде қоғамдық сұраныстарды қанағаттандыру мақсатында жасалды. Яғни, «екінші табиғат» болмысы – табиғи - рухани-әлеуметтік тұтастық құрайтын нақтылы ақиқат. Сондықтан да, бір жағынан, қоғам мен «екінші табиғаттың» үнемі үйлесім тауып отыру қажеттігі еш уақытта маңызын жоймайды, екінші жағынан, «бірінші табиғат» пен «екінші табиғаттың» ортақ заңдылығын, бір тұтастығын, бірегей болмысына қатысты олардың өзара байланысын сақтап, реттеп отыруы да заманымыздың жалпы адамзаттық мәселесі болып табылады.

Дамудың диалектикалық концепциясының басты ерекшелігі мынада: даму дүниеде бар нәрселердің саны жағынан жәй ғана өсуі (көбеюі немесе азаюы) тұрғысында ғана түсіндірілмейді, ол ескінің құру, жойылу және жаңаның пайда болу процесі ретінде ұғындырылады. Бұл процесс сан өзгерістерінен сапа өзгерістеріне және керісінше өту заңына негізделеді. Сан өзгерістерінің сапа өзгерістеріне өтуінде керісінше процесс те болады: жаңа сапа жаңа сан өзгерістерін тудырады. Бұл табиғи нәрсе, өйткені жаңа сапа басқа сандық параметрлермен заңды байланыста болады.

Сан өзгерістері үздіксіз және біртіндеп жүріп жатады. Сапа өзгерістері үздіксіздіктің, бірте-бірте жүретін дамудың үзілісі түрінде болады. Тірі заттың пайда болуы өлі материядағы жәй ғана бір жаңа сан өзгерісі емес, керісінше, оның түбірлі сапалық өзгерісі, жаңа қасиеттері, заңдылықтары бар материяның мүлдем жаңа түрінің тууы деп білеміз. Міне, бұл – дамудағы үздіксіздік.

Дамудың эволюциялық (біртіндеп болатын) және революциялық (үздіксіз түріндегі) формаларының бірлігі қоғамдық дамудың заңын құрайды. Үздіксіздіктің, сапалық өтулердің осындай типтік және неғұрлым жалпы формаларына тоқталатын болсақ ол: біріншіден, бір сапаның басқа сапаға айтарлықтай тез және бірден айналу формасы; бұл өзіне тән құрылымы бар объект біртұтас система ретінде бірден, түбірлі сапалық өзгеріске ұшыраған кезде болады; екіншіден біртіндеп болатын сапалық өту формасы; бұл нәрсе бірден және тұтастай өзгерместен, сапалық өзгерістердің біртіндеп жинақталу жолымен оның жеке жақтары, элементтері өзгергенде, осындай өзгерістердің қорытындысында ғана ол бір күйден басқа күйге өткенде болады. Демек, сапалық жағынан ауысу қаншалықты біртіндеп жүргенмен де, ол үздіксіз болып табылады.

Үздіксіздік нәтижесінде пайда болған жаңа сапа жаңа мөлшерлік өзгерістер туғызады. Сөйтіп, бұл заң даму процесінің механизмін көрсете отырып, «қалай? қайтіп дамиды?» деген сұрақтарға жауап береді. Диалектиканың даму заңдылығынан бастау алған үздіксіздік педагогика ғылымында тігінен, көлденеңінен динамикалық икемділік пен универсалды болу қажеттігін білдіреді. Оқытуды тәжірибеге бағыттау жағы күшейтілсе және тұлғаның білім троекториясын еркін сақтап қалу, білім беру субъектісі ретінде үздіксіз білім беру жүйесі өзіндік негіз болып табылады.

Үздіксіз білім – толассыз, тоқтаусыз білім, ешқашан аяқталмайтын, өміршең білім. Үздіксіз білім адамның өмірге келген күнінен басталып, өмірінің соңғы күніне дейін жалғасын табатын процесс, қазіргі «өмір бойы білім алу» қағидасы білімнің үздіксіздігі идеясының заңды жалғасы.

Демек, «үздіксіз білім беру» термині әлемдік практикада осыдан алпыс жыл бұрын қолданысқа енгенімен, оның негізгі идеялары екінші дүниежүзілік соғыстан кейін-ақ жариялым алды. Үздіксіз білім берудің басты идеясы «өмірлік білім беру» идеясының орнына «өмір бойы білім алу» идеясын басшылыққа алудың дұрыстығы заман талабынан туындап отыр.

Н.А.Лобановтың сөзімен айтқанда «үздіксіз білім беру» біріншіден, жеке тұлғаның даму кезеңдеріне үздіксіз білім берудің белгілі бір басқыштары мен деңгейлері, оның нақты мақсаттарын іске асыру шарттары мен мүмкіндіктері сәйкес келеді.



Екіншіден, білім беру жүйесін біріңғай үздіксіз білім беру жүйесіне айналдыру үшін бірқатар ұстанымдарды негізге алу керек, атап айтқанда: үздіксіздік, демократиялық, жалпылық және т.б. ұстанымдар.

Үшіншіден, үздіксіз білім беру жүйесі оның сатылық және көп құрамдық құрылымынан көрінеді: білім берудің көп деңгейлілігі ( отбасы, балабақша, бастауыш, орта, жоғары және жоғарыдан кейінгі); мамандарды даярлаудың көп сатылығы; оқу орындарының көп қызметтігі (оқытуды ұйымдастырудың түрлі формалары); білім бағдарламалары мен құрылымының вариативтігі.

Осы қағидалардың негізінде үздіксіз білім беру жүйесінің барлық сатыларын қамтитын кешен қолданылады. Бұл кешенде сабақтастықтың екі принципі сақталады: төменнен жоғарыға дейін; жоғарыдан төменге дейін. Ал, бұл білім беру сатыларының сабақтастығы жүйесін қамтамасыз етеді: отбасы → балабақша →бастауыш мектеп →арнайы орта білім → жоғары білім → жоғарыдан кейінгі білім (Білім жетілдіру). «Жоғарыдан төмен» жүйесі оқу орындарының басқару қызметін білдіреді. Демек, мұндай құрылым білім беру кеңістігінің біртұтастығын, сабақтастығын қамтамасыз етеді. Оқу жоспарлары мен бағдарламаларын дұрыс интеграциялаған жағдайда білім алушылар білім берудің төмен деңгейінен жоғары деңгейіне жеңіл өте алады.

Біздің зерттеуімізге сәйкес үздіксіз білім берудің біріңғай жүйесінің бірінші сатысы - отбасы, яғни баланың алғашқы әлеуметтік ортасы - мұнда баланың өзін-өзі тәрбиелеу, білім алуға деген алғашқы іс-әрекет дағдылары қалыптасады. Бұл баланы балабақшаға дайындаудың алғашқы қадамы болып есептеледі.

Үздіксіз білім берудің бірыңғай жүйесінің екінші сатысы - мектепке дейінгі тәрбие


Каталог: web -> uploads -> doc
doc -> Урок Воздушная оболочка Земли. Физика 7 класс. Учитель: Злобина Л. Л. Тема урока: Воздушная оболочка Земли. Вид урока: комбинированный Тип урока: изучение и первичное закрепление знаний
doc -> Конспект урока по биологии в 11 классе «Предпосылки возникновения учения Ч. Дарвина»
doc -> 2 Мемлекет деңгейінде сыртқы экономикалық қызметті басқару
doc -> I – Бөлім Мектеп жасына дейінгі балаға экологиялық тәрбие беру маңыздылығы. 11 2
doc -> «Меңдiқара ауданы әкімдігінің білім бөлiмiнің Буденный орта мектебі» мм
doc -> Диплом жұмысы Мамандық 050102 «Бастауышта оқытудың педагогикасы және әдістемесі»
doc -> Час общения «Традиции и обычаи казахского народа»
doc -> Кіріспе Бюджет жүйесін басқарудың теориялық негіздері


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет