«Күміс белдік» повесінде қызыл террордың адам басына әкелген тауқыметі



бет15/18
Дата20.06.2018
өлшемі1,12 Mb.
#43622
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18
ЖЕЛСАЗ

Алатаудан ылдиға сарқырай, асыға ағатын Ақсай мен Көксайдың мол суы мың-мың бұлаққа бөлініп, қайнарға айналар жерінде біздің ауыл орын тепкен. Жүз үйлік ауылдың желкесінде орналасқан аумағы көкпардың алаңындай, сәбидің еңбегіндей былқылдап жататын саз бар. Ол менің ғана емес біздің ауылдың бірнеше ұрпағының балалық шағын алып қалғандай болып көрінді. Желсазда қашқар доп, шілдік ойнамаған, бұғанасы бекімесе де әке-шешесімен бірге орақ тартпаған бала жоқ десе де болады. Қар қалың түспеген қыс айларында саздың суы жоғары көтеріліп, мұз айдыны жарқырайды. Қабырғаны коньки етіп сырғанаған кезіміз де аз емес. Сол саз Желсаз деп аталады. Ауылдың желке тұсынан орын алған соң желкедегі саз деген мағынаны бере ме екен? Әлде самал желдің өтінде болған соң осылай атады ма? Оны нақтылап айтып, таратып беретін ешкім жоқ. Бірақ апам жарықтық Алатау жақтан соққан самалды «Желсаздың желі ғой» деп отыратын. Кішкентай кезімізде оған мән бермеуші едік кейін есейе келе:

-Апа, бұл самал Тәңіртау – Алатаудан соғады. Желсазда қайдан жел болсын, - деп күлгенімде:

-Айналайын-ау, Алла тағаланың, табиғаттың күшіне шек келтірме, керек етсе иненің жасауынан Шақпақтың желінен де күшті дауыл соқтырады, - дейтін.

Кейінірек санаға сәуле түскенде апамның сол сөзін ой елегінен өткізіп көрсем, шынында да, тура Желсаздан ауық – ауық жел көтеріледі екен. Осыдан кейін табиғаттың сырын ұғып көріңіз.

Төменде ирелеңдей ағатын Теріс өзенінен биік әрі қашық жерде аумағы он гектарға жетпейтін жердің саз болуының өзі таңғажайып емес пе? Тіпті жанынан ағып жатқан өзен де жоқ. Бірақ Желсаздың екі жағындағы кішкентай сай бұлаққа толы. Ондаған бұлақтың суы толығып, толысып, ауылдың нәріне айналған. Ауыл сол бұлақтардың суын ішіп, егінін суарады. Қайнарларда су ешқашан азаймайды да, көбеймейді де.

Желсаз шағын ауылдың нәріне айналғаны анық. Колхоз кезінде әркімнің шарбағына дейін жыртып, егін еккен соң, шабындық тартылып, ауылдың аз ғана малы көрегін осы саздың айналасындағы кішкентай өзектерден табатын. Қанша жайылым тапшылығын көрсе де, ауыл Желсаздың шөбін орып алмай тұрып, онда мал жаймайтын. Маусым айының соңына қарай Желсаздың толарсақтан келетін май суы тартылып, құрғай бастайды. Осы кезде колхоз өзінің әрбір мүшесіне шабындық бөледі. Елдің бәрі сол жерден бөлік алуға ұмтылады. Көкпеңбек мол шөпке шалғы салғанда, бірінің үстіне бірі түсетін палдың қалыңдығы мен молшылығы кімді болса да қуантады. Бұрын да солай болған, қазір де солай сияқты.

Желсаздың шөбін бір рет орып алған соң, ауыл тұрғындары жайлауға малын шығарғандай биесін арқандайды. Шақпақтың желі басталып, айналаның бәрі шаңға тұншығып жатқанда, Желсаз көк майсалы. Кішкентай ғана саздың жан-жағына бір емес бірнеше отар қоныстанып, түнемелігіне айналады. Осы кезде апам екеуіміз қырға көтеріліп, Желсазды айнала қонған отарлардың үйезінде қалыңдап қалған қойдың қиын жинауға барамыз.

Қысы алты айға созылатын Жуалының аязды күндері, еденінің беті ғана сыланған топырақ болған соң, үйімізді қыста жылыту үшін көп отын керек. Елуінші жылдардың соңы болса да, тойып нан жемеген біздер үшін көмір де, отын да тапшы. Сондықтан да жыл сайын қыс бойы қи, тезек жағып шығамыз. Бір жылы апам қатты ауырып қалғанда, ағаларым – Рахыманбек, Болатбек үшеуіміз Терістің жағасында Ақжарда ғана өсетін ақтаспаны шапқанымыз есімде. Біздің бұл тапқырлығымызды апам қолдамады. Өзіне ғана тән жұмсақ даусымен:

-Қарақтарым, ақтаспа бұл өңірде аз өседі, шапқандарың бекер болған. Ендігәрі тимеңдер, - деген соң қайтадан Желсазға көтеріліп, қи дайындадық.

Апам аурушаң. Көп уақыт тікесінен жүріп жұмыс істей алмайды. Белі шыдатпайтын. Сондықтан жүрелеп отырып қолындағы жусан сыпырғымен, қиды бірнеше жерге үйеді. Одан соң оны суырып, ұнтақталмағанын, бұзылмағанын қапқа салып үйге тасуға дайындаймыз. Ал ұнтағын суға араластырып, шапалақтап, тезек етеміз. Мектептен оралған ағаларым Рахыманбек пен Болатбек апам алашадан тіккен қанар қаппен қиды үйге тасиды. Мен шамама қарап делшемен тасимын. Үйіміз үлкен, бөлмелері сол кезбен безбендегенде көп еді. Алайда жаздай дайындаған қиымыз да, тезегіміз де қыстың соңына дейін жетпей қалатын кездері болады. Себебі Жуалының қысы ұзақ. Мұндайда бүкіл бөлмелерде киіздің астына төселген сабанды жағамыз.

Балалық шаққа саяхат жасағанда менің көз алдыма Желсаздан соққан самал желмен бірге сабан төсеніп, әрі жастық еткен күндеріміз көз алдыма келеді. Біз бір үйде үш жетім өстік. Үшеуіміздің де әке-шешеміз бөлек-бөлек

Апам – Тындыққыз Еркебайқызы Рысдәулеткеліні ері Қайыпбектен соғыс басталған жылы бар болғаны 33 жасында жесір қалған. Қайыпбек атам қулық-сұмдықты білмейтін кісі екен, жасының ұлғайғанына, аурушаң екеніне қарамастан еңбек армиясына ешқандай желеу, уәж айтпай кете барыпты. Хромтауда жұмыс істеп, соғыстың соңында ауруға шалдығып, туған жерге қайтып келе жатқанда пойыздың ішінде көз жұмған. Жарықтыққа топырақ Аралдың маңынан бұйырыпты. Күйеуімен бірге майданға кеткен қайнысы Үсіпбайдың екі баласы – Молдаһалім (Қаратай), Рахыманбекті, кейінірек әке мен шешеден бір жарым жасымда жетім қалған мені өз бауырына алып, тәрбиелеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсірді. Қаратай ат жалын тартып мінгенде қала жағалап, Жамбылды саялап кетіп қалды да, біз үшеуміз солдат жесірінің демеуімен өсіп жетілдік. Апам жарықтық өзінен туған жалғыз ұлы Болатбекті бізден бөлектеп, әлпештеген емес. Рахыманбекке қалай екенін білмеймін, маған солай көрінетін. Тіпті дүниеден озардан он шақты жыл бұрын мені көбірек ауызына алатын еді.

Желсазға бүгін де келдім. Саздан біздің ауылдың үйлері түгел көрінбейді. Көк аспанмен тірескен ақ теректердің қалың бұтақтары үйлерді көлегейлеген. Ал Тәңіртау мызғымай асқақтап тұр. Баяғыдай. Басын қар шалса да, етегі көк желекке оранған. Таудың өзгергенін көре алмасақ та, жердің өзгерген байқау қиын емес. Желсаздың аумағы жиырылып, былқылдап тұратын сәбидің еңбегі сияқты есейе келе қататындай саз жыл өткен сайын қатая бастағандай. Солай болатын жөні де бар...

... Өмірі бітпейтін үй жұмысынан шаршап, жастыққа енді басымыз тиіп, ұйқыға кеткеніміз де сол еді апам жұлқылап оятты.

- Мақұлтай, тұр-тұр! -Дауысында үрей бар. Мен қорқып кеттім. Апамды құшақтап, жүзіне жалтақ-жалтақ қараймын.

-Желсазды тракторлар жыртып жатыр, - деді. Даусындағы жаңағы үрей дірілге ұласқан. Қарлыға сөйледі. Жоқ, қарлыға емес, алқымына өксүктің толып тұрғанын сездім.

Бәріміз орнымыздан үшып тұрдық. Киінер-киінбестен далаға атып шықтық. Күздің сұрғұлт жабырқау аспан астынан, Желсаздың тұсынан дүрілдеген, гүрілдеген тракторлардың дауысы естілді. Апам кимешегінің етегін түріп алып, қырға қарай жүгірді. Біз де жүгірдік. Түннің қараңғылығына қарамастан сүрінбей, құламай жүгіріп келеміз.

Бір емес бірнеше трактор Желсаздың бетін айғыздап жыртып жатыр. Тракторлардың жарығынан анық байқадық, сазды жыртып болып қалыпты. Желсазға жеткен жалғыз біз емес, ауыл адамдарының бәрі жиналғандай секілді. Апам жерге отыра қалды.

- Ойбүй ... и ... и, байқұстар-ай... Мыналар тас емшек екен ғой ... Бұл қай қылығы. Бұл жерде бидайың да, басқаң да өспейді. Соны білмей ме? Құрғырлар, тас бауырлар! Құдайын ұмытқандар...

Апамның жанайқайын біз ғана естідік. Жүрегіміз дүрсілдеп, көзімізге жас толды. Апамның жылағаны жандүниемізді аласапыран етіп жатты...

Желсаз болса көп жылдар бойы жыртылған бауырын бүтіндеумен болды. Көп жыл өтсе де оның бетіне салынған соқаның іздерін қазір де байқауға болады. Желсаз біз үшін қымбат. Біздің бар ырысымыз бен дәулетіміз, нәр мен жылу Теріс пен Желсазда сияқты көрінетін. Әзірге Желсаз ешкімнің жеке меншігіне айналған жоқ.

Айналмайтын да шығар. Кім білсін, мүмкін, бүкіл ауылдың жүздеген жылдан бері нәріне айналған саздың мол шөбіне иелік етуге қызыққан біреу жекешелендіру үшін аузын ашар.

Бұл күнде бойы жараланған Желсаздан соғатын самал да сағымданған сияқты...



АЩЫ
Ащы біздің ауылдан қашықтау. Күйік асуына жота жақтан бара жатқанда оң қолыңыздың астында болатын өзекшенің бойын «Ащы» деп атайды. Жуалыда бұлақтар негізінен Алатаудан бастау алады. Сонымен бірге осы Ащының айналасында ғана солтүстіктен, яғни Қаратаудан басталатын бұлақтар атқылап жататын. Бір қызығы, жері сор болғанымен суы тұщы.

Сондықтан да он тоғызыншы ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап Жуалы жерін мекен еткен орыс мұжықтары Ащыға да қоныстанған. Олар Терісті жағалай қонып, құнарлы жерлердің бәрін алды. Суармалы жерлерді уақытша пайдаланамыз деп, 10-20 десятин жер алып, кейінірек оның аумағын кеңейте берген. Ауылдардың аттарының бәрі орысша аталды. Сондай екі ауыл Ащыда орын тепкен. Оның бірі Габаевка болса, екіншісі Гурьяновка (кейінірек ол Чапаев болып өзгертілген) деп аталатын. Кейінірек жері сор, тұзды болған соң орыстар көтеріле көшті. Есесіне сол ауылға бұрын Қаратаудың күнбатысы мен шығысында жері құнарсыз, суы мардымсыз өңірді мекендеген қазақтар қуана-қуана орыстың жұртына орнықты. Бұл ауылдар қазақтарға да жұрт болып жарымады. Топырағы ащы жерге тал-дарақтың тамыры бойламады. Әуелеген ақ терек болмаса Жуалының ауылының сәні келе ме?! Тек «тюрин» деп аталатын жеміс ағашы ғана қалың болып өсті. Алайда оның да жемісі ащы. Обалы не, алғаш алма, алмұртыңыз да бір-екі жыл жеміс берген. Бірақ одан соң, олар піспей жатып қаңтардағы арық тоқтының терісіндей бүрісіп, солып қалатын. Сонда да, біздің ауылдан қашықтау болса да есекке мінгесіп, сол бауға баратынбыз. Бұл кезде жол басшымыз Жүнісбайдың Қалданы. Оның да себебі бар. Кезінде ол осындағы Габевка деп аталатын ауылда тұрған. Жемістің ащысына, солғанына қарамастан бара сала бара салып жеуге кірісетінбіз, үйге де алып келетінбіз. Сондай күндердің сәті қашан түседі деп жүргенімізде апам: «Ертең Ащыға барамыз, комбайннан бидай төгіліп қалыпты. Соны алып келеміз» дегенде мен қатты қуандым. Мұрныма Ащының қышқылтым исі келгендей болды. Ондай иісті Жуалыны мың айналсаң да таба алмайсың. Қалдан бізді талай рет бұрынғы мекеніне жеміс-жидек теруге бастап барғанда жаяу жалпылап, табылса есекке мінгесіп барсақ, ал ертең арбамен барамыз. Көк есек тартатын арбамыз бір қараған кісіге адам сүйрететін қоларбадай кішкентай болып көрінгенімен, талай істі осы арбамен бітіреміз. Біраз дүниені осымен-ақ тасып аламыз. Бірақ азабы көп. Арбамыздың бір доңғалағы сәл дөңестеу жерге шықса болғаны аунап жатқаны.

Күн көтерілмей жатып жолға шықтық. Көшенің аяғымен Теріс өзеніне қарай бет алған арбамыз сықыр-сықыр, шиқ-шиқ етеді. Көк есекті сабалап, ауылдан тез алыстауға асықтым.

Жаймашуақ жаз айының соңы. Таңертеңгі самал жел сабасына түсіп, күннің көтерілуін айнала тағатсыздана күткендей. Тып-тыныш, мүлги қалған. Бозамық аспанның шығысы қызыл шапаққа оранған. Арбаның дөңгелегі шығысқа қарай сықырлап домалаған сайын қызыл иектеніп көтеріліп келе жатқан күннің көлемі үлкейіп, айнала жарқырай түсті. Көк есектің екпіні Ақжарға жақындағанда бәсеңсіді. Осы жерге жеткенімізде сарғыш түске оранып, күн толығымен ұясынан шықты. Апам менің арқамнан қағып арбаны тоқтат деп белгі берді.

Апам жайлап арбадан түсіп, жолдан біраз алыстап барып жүрелеп отырды. Апамның әрбір әрекетінен көз алмай қарап тұрмын. Бірін басына байлап, екіншісін мойнына бос тастай салған ақ орамалын шешіп, сілкіп-сілкіп жіберіп алдына жайды. Көтеріліп келе жатқан күннен көз алмай мойнын соза түскен. Жұқа еріндері жыбырлайтын сияқты. Біраздан кейін сарғыш тартқан шөп үстіне жайғасып отырды. Уақыт өткен сайын күн алтын түске толық боялып, көтеріле берді. Күннің көтерілуімен бірге самал жел маңдаймыздан сипай берді. Апамның ақ орамалының екі ұшы желмен көбелектей қалықтайды. Әлден соң апам орнынан көтеріле бергенде көк есек құлағын қайшылап, осқырынып, бір жағына қарай тартына жөнелді. Мен божыны ұстай алып, шірене тарттым. Неден үрікті? Жан-жағыма жалтақ-жалтақ қараймын. Көзіме бірден арт жағымызда, жолдың қақ ортасында шоқиып отырған үлкен көк қасқа ит түсті.

--Апа, ана иттің үлкенін қараңызшы.

Апам итке бір қарады да:

-- Бұл ит емес, қасқыр ғой. Күн көтерілмей жатып-ақ жүргенін қарашы.Әлде бізді жол бойы аңдып келе ме екен?! Арбаңа отыр, жайлап жүре бер, - деген апам арбаға мінбей, бесақаны қолына алып, сүйеніш етіп, соңымыздан жүріп отырды. Қасқыр да еріп келеді. Көк есектің жаны шығып бара жатқандай шыжбаңдап, жүрісін жылдамдатып, арбаны ышқына тартады. Апам бізге ілесе алмай қалып бара жатқандай болған соң мен божыны бар күшіммен тартам. Бір қарасам, қасқыр апама жақындап қалыпты.

-- Апа, қасқыр жеп қояды, - деп бар дауысыммен айқай салып, арбадан секіріп түстім де апамның қолынан ұстап арбаға қарай жетектедім. Өзім де қорқып, дірілдеп барамын. Қасқыр болса шоқиып отыра қалды. Танауын желге тосып, аспанға көтерді.

- Қорықпа қасқыр бізді емес көк есекті аңдып келеді. Одан да екеуміз есектің екі жағынан жетекке алайық, - деген апам «бисмилла, бисмилла» деп менің таңдайымды көтерді.

Есекті жетекке алып біраз жүрдік. Анда-санда артыма бұрылып қоямын. Бір кезде салдырлаған үлкен арбаның даусын естідік.

-Мынау Әмірбектің май арбасы ғой, - деді апам жәй ғана.

Мен қасқырды көзіммен іздедім. Көкжалға да жан керек екен Терістің жағасындағы ну тоғайға қарай бөкең желіске салып, зытып барады екен. Сол екі ортада арба бізбен қатарылыса берді.

- Сарымысың, амансың ба? Таң атпай ит-құстан қорықпай қайда барасың? Осы маңда қасқыр бар. Байқаңдар, - деп, божысын тартқан Әмірбек ата апам екеумізге сондай бір мейіріммен қарады.

-Жанымыз болған соң жер басып жүрміз ғой. Таң атпай жүргенім мына жетімектердің тамағы үшін ғой.

- Қамықпа, жеңеше, әлі-ақ бұлар ер жетіп, бүгілген белің жазылатын болады. Сол кезде бізге қылмыңдайсың, - деп күліп алып: - Қамықпа! – деді тағы да. Бұл жолы дауысы қаттырақ шықты. Одан соң божысын қағып-қағып қалды. Тығыршықтай қос ат ытқи алға ұмтылды.

Әмірбек ата мен білгелі май таситын арба айдайды. Оған дейін осы арбаны Бегім ата айдаған еді. Бұл арба басқаларға қарағанда өзгеше. Төрт дөңгелегінің үстінде екі адам қатарласып отыратын жәшікке ұқсас орындықтан басқа – екі жүз литрлік бес-алты бөшке ғана орнығатын орын бар. Тағы бір ерекшелігі, арбаның жақтауында екі белағаш ілініп қойылған. Бұл белағаштарды арбаға сүйеп қояды да оның үстімен бөшкелерді домалатып арбаға салады, арбадан түсіреді. Сонымен бірге бұл арбаға қосылатын аттар күйлі де күшті болатын. Кейде оларды батпаққа батып қалған машина мен арбаларды сүйретіп шығаруға пайдаланатын.

Май таситын арбаның артында қалың шаң қалды. Бұл кезде күн арқан бойы көтеріліп қалған еді. Терістің жағасындағы қалың талдардың арасынан шығып, көк есектің тұяғы қырға іліккенде діттеп келе жатқан Ащымыз да көрінді.

- Мақұлтай, анау өзекті жағалай жүр. Тасбастаудың тұсында қатарынан он сабан шөмелейі тұруы керек. Сол жерге барсақ төгілген бидайды да табармыз. Бидайды тапқаннан соң, біраз шашыратқы оруымыз керек. Білесің бе, бұл төңіректе шашыратқы осы Ащыда көп өседі. Жарықтық, дәрі ғой...

Таң атпай алыстан түстік жерге келгенде тапқанымыз бір делше бидай болды. Апам қатты қуанды. Делшені арбаның алдыңғы жағына тастап, үстін көкпенбек гүлді шашыратқымен жаптық. Күн жарықтық сол күні ерекше ыстық болды. Соған қарамастан ауылға қарай көк есек ентелей жүрді. Менің маужырап ұйқым келді. Апам божыны қолына алды. Қисайып шашыратқының үстіне аунай кеттім. Делше бидай басымда-- жастық. Апамның да, менің де көңілім тоқ. Апам жайлап ыңылдап әдемі әуез іздей бастады.Мен Терістің жағасы толған тоғайға қарап келемін. Бағанағы қасқыр тағы көріне ме деп, ұйқым келсе де, жан-жағыма көз тастаймын...

Дүние-ай, қазір сол тоғайлардың жұрнағы да жоқ. Ащының қойнауы тұнған бұлақ болушы еді, ол да жоқ. Бізді аңдыған қасқырдың ұрпағы қайда ауды екен...
ТЕСКЕНТАУ
Апам қуанышты. Жүзі бал-бұл жанады. Қуанбағанда қайтсін, өзі бар ауыртпалығын көріп, жеткізген жетімнің бірі құдай қаласа келін түсірмек. Енді міне, сол қалыңдықты өзі көріп қайтпақ. Болашақ құдалар ыңғай танытса, құда түсіп келетін күнді де анықтап кетсе дұрыс болар еді деген ойын маған қайта-қайта айтқанына таңғалып келемін. Тағы бір таңғалғаным-- әшейінде «белім көтертпейді, аяғым жүргізбейді» деген сөзді бүгін ұмытқандай. Аяғы аяғына тимей, маған жеткізер емес. Үйден иығына салып шыққан алашадан тігілген әдемі қоржынды маған әзер бергені тағы бар. «Өзім көтерем. Сен шаршап, жүре алмай қалсаң пойызға үлгермей қаламыз» дегенді де айтты.

Шөлдала мен Құмшағал стансаларының ортасындағы Садық қаңлылар тұратын кішкентай ауылға тұрмысқа шыққан қайынсіңлісі Айтүбіден «Рахыманбекке ыңғайлы қыз тауып қойдым, тез келсін» деген хабар жеткен күннен апам осындай, көңілді, ауру-сырқауды ұмытты. Хабар жеткен екі күнді араға салып, үй-жайды Рахманбек пен Болатбекке табыстап, жолға шыққан бетіміз осы.

Көкбастау разъезінен пойызға отырысымен апам мойынындағы ақ орамалын қағып, сілкіп алдына жайып, құбылаға жүзін бұрып, намаз оқыды. Біз мінген вагонда кісі аз екен. Сондықтан да бір бөлегін еркін жайладық. Пойыз жайлап орнынан қозғалды. Бойымда әлсіз діріл бар. Бұл менің пойызға алғаш мінуім. Сонымен бірге мақтаныш та жоқ емес. Себебі ауылдағы көптеген құрдастарымнан бұрын міндім емес пе?! Апамның дауысы қаттырақ шыға бастады. Намазы аяқталып қалғанын іштей сезіп, апама қарадым.

-- Е, Алла тағала, жолымызды оңғарып, шырақтарымды аман ете көр, жамандығын көрсетпей, жақсылығына қуант...

Апаммен бірге мен де бетімді сипадым. Бұл апамның намаз оқыған сайын айтатыны. Намазын оқып біткен соң қолына тәспиғын алады.

Пойыз сырғып жүріп келеді. Бейне бір алып бесік тербетіліп келе жатқандай. Анда-санда бар дауысымен ақырады.

-- Мақұлтай, жақынырақ отыр. Қазір Тескентаудан өтеміз. Қорқып қалма. Айналаң қараңғы болады. Е, Алла, жаратқаныңа шүкір, өзің сақтай көр, көрсеткеніңді көпсіне көр ме,-деді де мені бауырына қыса түсті. Апамның құшағы қандай ыстық, қандай жұмсақ!!! Әлден соң қою қараңғылыққа кірдік те кеттік. Тақыл-тұқыл күшейді...

«Тескентау» деген атауды алғаш апамның аузынан естіген болармын. Жұмсаған жерінен кеш оралсақ; «Немене Тескентау асып кеттің бе?»дейтін. Сол кезде «Тескентау» деген алыста болар деп ойлайтынмын. Сөйтсек онымыз бекер екен. «Тескентау» дегеніңіз өзіміздің Жуалының шығысындағы теміржол қақпасы екен. Кейінірек Рахыманбек көкем Құмшағалдың қызына үйленгеннен кейін Тескентаудан пойызбен жиі өтетін болдық. Келе-келе Тескентауды кім, қашан, салған деген сауал алдымнан жиі шыға бастады. «Тауды бұзып, тасты тілген, бұл қандай ер?!» деп тақпақтайтын заманның қолтаңбасы деп те ойлағанбыз. Сөйтсем бұл Тескентауыңыз Түркістан-Сібір теміржолын салуды қолға алған патшалық Ресейдің шығыстағы байлықты орталыққа тасымалдаудың ұмтылысы нәтижесінде өмірге келген ірі құрылысы болыпты. Жалпы біздің Жуалыға бұл темір жол 1917 жылы жеткен. Ал Тескентаудың құрылысы 1914 жылы басталып, үш жылдан соң 1917 жылы бітіпті. Мұны Тескентаудың батыс және шығыс жақтан кіреберістегі маңдайшасына жазылған «1914» және «1917» деген таңбадан аңғаруға болады. Міне содан бері 90 жыл өтіпті. Осы уақытішінде шығыстан батысқа, батыстан шығысқа зулаған, ышқынып, алға ұмтылған қаншама пойыз өтті десеңізші!

... Зулап тез-ақ үңгірден өте шықтық. Жарық дүниеден артық не бар. Айналамыз жарқ ете қалды. Мен терезеге жақындай түсіп, сыртқа қарадым. Біз құздың ұшында ирелеңдеген теміржолмен келеміз. Төменде көбіктеніп өзен ағып жатыр. Көрім көрініс.

-- Осы жол құрылысында сенің Айтбай, Сейітбай, тағы да басқа аталарың ақша еті арша, борбай еті борша болып еңбек еткен. Естуімше ешкімді де аямаған. Таңның атысы күннің батысы демей жұмыс істеткен. Жол жақсы ғой. Ашаршылық жылдары бұл теміржолың талайлардың жанын сақтапта қалды...

Бір қызығы бұл түнектің жобасын жасаған да, оны жүзеге асырған да қазақтың біртуар азаматтарының бірі, қазақтан шыққан алғашқы теміржол инженері Мұхаммеджан Тынышбаев екенін екінің бірі біле бермес. Алғаш тауды тесіп жол салу қырғыздың Күркіреусу өзенінен қашықтау жерден жобаланыпты. Бірақ ол жобаның дұрыс емес екенін анықтаған Мұхаммеджан Тынышбаев жолды өзеннің арнасын жағалай салуды қолға алыпты. Инженердің бұл шешімі дұрыс болғанын өмірдің өзі дәлелдеп берді. Рас, ертеректе, Теріс пен Күркіреусу тасқыны қосылғанда тасты тіліп, қысылтаң аңғарда ағып жатқан өзеніңіз көтеріліп, пойыздың жүруін қиындатқан сәттері де болған.

Тескентау менің білуімше теміржолда Орталық Азияда бірегей құрылыс. Сондықтан да оны көруге қызыққан қазақ зиялылары көп болған. Қазақтың біртуар ұлы Тұрар Рысқұловтың басшылығымен, қазақтың асыл азаматы, инженер Мұхаммеджан Тынышпаевтың сызбасымен салынған «Түркістан-Сібір» немесе «Турксиб» темір жолының құрылысы туралы талай марқасқалар жазған. 1933 жылы Ұлы Мұқтар Әуезов Жуалы жеріне екі рет келіп, онға жуық очерк жазғанда Тескентауға да бармақ болған. Алайда әскери қарауыл түнекке жақындатпапты. Бұл Тескентауыңыз қырғыздың ұлы жазушысы, осы өңірдің тумасы Шыңғыс Айтматовтың шығармаларында да айтылған. Ал дауылпаз ақын Ілияс Жансүгіров Тескентау туралы «Төрт жолдың торабы» атты очеркінде былай суреттеген: «Жыланша жорғалап, ысылдап, ыңқылдап келе жатқанда тұмсығың көк тауға тіреледі, тірелмейсің, жыланша сып етіп, інге кіріп кетесің. Жүріс баяулайды, терезе, есікті жаптырады. Күн жоқ, жарық жоқ. Түнек, туннельдің түнегі, жердің асты... Ешкімде үн болмайды. Тек астың қимылдап, ақырын жылжып жүріп бара жатқаныңды сезіп отырасың... Алатаудың артқы тесігінен кірдің, ішек-бауырын, қолқа-жүрегін аралап, өңешіңмен өрлеп келесің. Енді аузынан шығасың... Өзге дүние, өзге өмір...».

Тескентау қырғыз жерінде болғанымен олардың Маймақ, Жуантөбе теміржол стансаларымен бірге Қазақ теміржолына бағынышты. Қазақ пен қырғыздың жері, біздің Теріс пен Күркіреусу өзендері тоғысар иінінде адам игілігі үшін қарт Қаратаудың бауырын жаралап, тасты тесіп салынған Тескентау тоқсан жылдан бері халыққа қызмет етіп келеді...

-- Жарықтық-ай, тауды да тескен күшті жаратқан Алла тағалаға тең келер күш жоқ екенін неге түсіне бермейміз... Апам осылай деді де ұзақ үнсіз қалды.

Пойыз Маймақ, Жуантөбе стансаларынан өтіп, Шөлдалаға жақындады. Апамның айтуынша біз осы жерден түсеміз. Болашақ жеңешемді көретін ауыл бұл жерден біраз болса жаяу жүреміз.

Пойыздан түсісімен артыма қарайлай бердім. Теміржолдың тарсылынан арыла алмай құлағымды алақаныммен басып-басып қоямын.

--Тескентау бұл жерден көрінбейді. Сондай-ақ қайтарда пойыз Тескентаудан өтпейді, ондағы теміржол бір ғана қатар,- деген апам, қоржынын менен алып, иығына салып, алға озды...

Қазір ойлап қарасам—адамға адам қосылса бақ пен құт, жүрер жолың сара болса береке мен ырыс екен ғой. Апам сол кезде осыны ойлап балаша қуанса керек. Жарықтық-ай...


ДИІРМЕН
Біздің ауылдың тыныс-тіршілігі Теріспен байланысты. Терістің жағасына малымызды бағамыз. Ауылдың біраз егіні де өзеннің жағасында. Отынды да осынан табамыз. Есекке мініп, көкпар шабатын жеріміз де осында. Сонымен бірге, ұнымызды да осы Терістің бойында салынған су диірменге тартқызамыз. Бұл диірмен біздің ғана емес осы айналаның ырысына айналған. Қашан салынғанын анық білмеймін. Бір білетінім – бұл диірмен қырғыз бен қазақтың шекарасындағы Шоңғараның диірменінен бұрын салынған. Жуалының жерін орыстар мекендей бастаған 1885 жылдарға дейін бұл диірменнің болмағаны анық. Диірмен 1900 жылы Бақаата немесе Бақатей деп аталатын ауылдың сыртында салынған.

Қазір Жуалы жерінде «Бақаата» аталатын жер де, ауыл да жоқ. Кезінде ондай жер атауы болған. Бақаата ауылына орыстар қоныстанған 1885 – 90 жылдары қазіргі Бурно-Октябрь ауылы осылай аталатын. Оған дейін бұл елді мекен Ақсарай деп аталғанын бабаларымыз айтып кеткен. Ал орта ғасырда осы жерде Баркубас деп аталған көне қала болғаны тарихтан белгілі. Алғаш орыстар тілін сындырып, «Бакаатий» деп атаса, кейінірек бораны мен дауылды желін бағалағандай «Бурное» деген. 1917 жылы Жуалы жеріне темір жол келгенде жаңадан салынған стансаның атын осы жерге ең жақын елді-мекен Бурноенің атымен қоя салған. Бастапқы Бурное «Ескі Бурное» деген атауға ие бола беріпті. Мұны мұрағат құжаттарынан аңғаруға болады. Қалай болса да ауылдың бастапқы «Бақаата» атауы ұмтыла бастады. Осылайша Ұлы Жібек жолының бойындағы Шымкент пен Тараз қалаларының ортасындағы Ысмайылата, Бабаата, Шақпақата, Қошқарата, Бақаата, Әулиеата деген атаулар жоғалған.

Біздің Бақалы ауылымен бірге Жуалының ондаған елді мекені осындағы су диірменге бидайын тартқызады. Алғаш диірмен Валерийдікі болса керек, кейінірек, яғни біз диірменге барып жүргенімізде апамдар «Қайзердің диірмені» дейтін. Кейін білдік, диірмен өкіметтікі екен. Тек диірменші Кайзер деген неміс болған соң ғана соның атымен аталған.

Міне, сол Қайзердің диірменінде кезегімізді күтіп жатқанымызға бүгін екінші күн. Алғаш диірменге апам, Болатбек тәтем үшеуміз келдік. Бүгін таңертең апам үлкен ағайым «Рахыманбекті жіберемін» деп үйге қайтып кеткен. Апам кетісімен Кайзер тәтемнің иығына қолын салып тұрып: «Ал, Қайыпбек, бидайыңды шанаққа төк», - деді, таза қазақ тілінде. Кайзер еңбек армиясынан оралмай қалған біздің атамызды білетіндігін білдіріп, «Қайыпбек жақсы кісі еді, сендер де жақсы жігіт боласыңдар», - деп арқамыздан қағып қойды. Арқамыздан қағып, маңдайымыздан сипайтын әкеміз болмаған соң, қайдағы немістің жақсы сөзінен жүрегегіміз жылып, көзімізге мөлт-мөлт етіп жас келіп қалды. Мұндай сәттер жетім байқұста біреу маңдайынан сипаған сайын болатыны анық. Тәтемді білмеймін, менің жан-дүниемде солай болды, көңілім толқыды.

Екеулеп үлкен бес алаша қапқа салынған бидайды әрең дегенде диірменнің екінші қабатына көтеріп, шанаққа төктік. Екеуміз де қара терге түстік. Шанақ толды. Біз бір сәт сыртқа шығып демалдық.

- Жақсы, гут-гут, жігіттер, шаршап қалғансыңдар ма? Сендердің Байғұт деген бабаларың осы диірменнің пәресін тоқтатқан. Оған қарағанда бес қап бидайды арқалап жоғары шығару не тұрады, - деп күлген Кайзер жанымызға келді. – Отырмаңдар, енді ұндарыңды шашпай-төкпей жинап алыңдар, брот – нан қасиетті, оны төгіп-шашуға болмайды, ыдыс толып қалса, төгілуі мүмкін. Кезінде ұнның үрпегіне жете алмай біздер аштан өлгенбіз. Көп өлдік. немісті сақтап қалған сендер – қазақтар ... Ол сөздің соңын жұтып қойды. Алқымына тас тығылып қалғандай жұтына берді.

Біз орнымыздан тұрдық . Мен жүгіріп барып жолға қарадым. Рахыманбек көкем көріне ме деп қараймын. Жоқ. Көрінбейді.

Сарт-сұрт еткен шанақтар мен сарқыраған судың даусынан диірмен жанар таудың үстінде тұрғандай сезінесің. Басқан жеріңнің бәрі селкілдеп тұрғандай. Қорқа-қорқа жүремін. Тәтем «ананы әкел», «мынаны әкел», «шанақты қарап қой», «кебекті қапта», - деп неше түрлі жұмсай беретіндігі де жалықтырды. Ойымда қалай да қолым қалт етіп босай қалса, диірменшінің шарбағында өсіп тұрған алқорға қол салу. Неге екенін қайдам, көшеге (біздің ауылдың адамдары Бурно-Октябрьді «көше» деп атайды) барсаң жеміс те көп, көкөніс те мол. Ал біздің ауыл жеміс ағаштарын да, көкөніс те екпейді. Неге екпейтініне ол кезде ой жіберіп жатқан мен жоқ. Әйтеуір, көшеге келсек, аңдыйтынымыз немістің ауласында өсіп тұрған жемісі мен көкөнісі.

- Ой, қызталақтар, сендер бастап кеткенсіңдер ме? Менің кезегім еді ғой, - деген дауысқа селк ете қалдық.

- Диірменші айтқан соң... Тәтем күңк ете қалды.

-Оқасы жоқ. Атаңның көрі... өзімнен болды. Мына жерде орыс тамырларыма барып келейін деп кетіп едім, шай ішіп отырып қалдым. Бидайларың қанша еді, -деп, Айтбай атам ұн толған қапты көтерісіп, таразының жанына апарды.

- Бес қап.

- Онда қазір – ақ бітеді екенсіңдер ғой...

Айтбай атам кемпірі екеуі ғана тұрады. Күмпілдеген, айқайлап сөйлейтін, өте намысшыл кісі еді. Түсінігімше, бізге ағайын болып келеді. Қыста мен үйіне барып қарын күреп беретінмін. Оның үстіне, ауылда Айтбай атамдай әңгіме айтқыш ешкім жоқ. Бәрін білетін, бәрін айтатын.

- Ата, - дедім мен жанына жақындап, - Қайзер диірменші «сендердің Байғұт деген аталарың осы диірменді тоқтатқан», - деді. Шын ба?

-Ой, қызталақ. Сенің де сұрағың таусылмайды екен. Ол бір ұзақ әңгіме, - деген атам қақырынып, ұн жұққан бетін сүртіп, жинаулы тұрған қаптардың үстіне барып отырды.

-Неміс рас айтады. Марқұм Байғұт әлді кісі еді. Мінезі шадыр, ойға алғанын жүзеге асыруды әсте ұмытпайтын. Жарықтық орыстарға жалғыз шапқан кісі ғой. Атаңның көрі, бұл орыстар бізге не көрсетпеді дейсің.

Атам ауыр күрсінді. Үнсіздік ұзаққа созылды. Әлден соң ол түсініксіз сөздерді айта жөнелді.

– Мына көшеде тұратын, жерімізді тартып алған орыс байлары мен біздің арамызда қан бар. Оны кешіруге әлі ерте. Бізде «шашақты найзаны қолға алып», дегендей ойранды салармыз әлі... Жарайды, ол басқа әңгіме. Атаңның көрі ауызға басқа сөздің түсіп кеткенін қарашы... Сонымен, Байғұт аталарың сонау Тәңіртаудың бөктерінде отырып: «Шіркін, анау диірменді тоқтатар ма еді», - деп күнде болмаса да күнәра айтады екен. Күндердің күнінде ылдиға түскенде Байғұт осы диірменге келіпті де төменге түсіп, пәрені екі қолын айқастыра құшақтай алыпты. Биіктен сарқырай құлайтын су тоқтап қалғандай болыпты. Табан астынан айналада тыныштық орнапты. Тоқтаусыз зырылдап айналып тұратын жалпақтығы үлкен аттың сауырындай пәреде қимыл жоқ. Пәре тоқтасымен аталарың бар даусымен: «Мен орыстың диірменін тоқтаттым» деп айқай салыпты. Диірменнің иесі Валерий жүгіріп келіп: «Қоя бер. Білік темір сынып кетеді. Қоя берші, мен саған бес сөлкебай берейін», - деп жалыныпты. Бір сөлкебайға бір қой сатып алатын кезде ол көп ақша. Ал диірмен қираса онда диірменші бар байлығынан айырылатынын да жақсы біледі. Шаттанған Байғұт атамыз тірі көнген бе, пәрені айналдырмай біраз уақыт ұстап тұрып алыпты. Диірменші жалынып, жалбарынып, қалтасынан сөлкебайларын алып шығып, Байғұттың қойнына тыққылапты. Аталарың қолының қары талған соң ғана пәрені қоя беріп, жүре бергені сол екен, шапанының жеңін ораған пәре қолтығын осып, ішке қарай орай тарта жөнеліпті. Бар күшін салып пәрені қайта тоқтатуға ұмтылғанымен, шыр көбелек айналған пәре ерік бермей, пәреге оралған жең қолды жібермей, аталарыңды шыр көбелек айналып тұрған үлкен доңғалаққа қарай тарта беріпті. Қасқағым сәтте жоғарыдан сарқырап тұрған судың күшімен айналып тұрған білік темір аталарыңды жаншып өтетін сәтке жетіпті. Сол кезде бар күшін салып тартынғанда Байғұт аталарыңның қолы иығынан үзіліп кетіпті. Сонда аталарың мыңқ демеген ғой. Тек шапшып жатқан қанға қарауға дәті шыдамай, жүзін сыртқа бұрғанымен бойында диірменді тоқтатқанына масаттану болыпты. Мұны кейін маған Валерий тәпіштеп тұрып айтқанда, аталарыңның қайсарлығы мен қайраттығына таңғалыпты. Ақыры, атамыз ауыр жарақаттан көз жұмыпты. Мұндай ерлікті батыр, жүрек жұтқан адам ғана істей алады. Егер, атаңның көрі , жыртылған жең болмағанда ол аман қалатын еді. Біле білсеңдер, Қайзердің диірменінде біздің өшіміз бар ... – Айтбай атам осылай деді де, бар даусымен күлді. Одан соң үзілген сөзін қайта жалғады – Ой, қызталақтар, жұмыстарыңа кірісіңдер. – Ол орнынан тез тұрып, диірмен шанағына қарай беттеді. Кенет кілт бұрылып: - Келер ұрпақ сол аталарыңдай қайратты болса, қандай ғажап! Талайлардың көкірегін басар едік, - деді. Осы бір сөзді ол тістене айтты.

Бидайымызды тартып біте бергенімізде біз күткен Рахыманбек емес, апам көк есекті арбаға қосып қайта келді.

-Рахыманбек көшеге кетті. Ана күні үйіне жүргізуге келісім берген шешендер бір жұмысқа шақырыпты. Бармаса болмайды ғой. Құрғырлар, үйінді жүргізетін болған соң міндет қылады да. Сонан соң өзім келдім. Қайтейін енді... Қараңқалғыр...Бұл дүниенің жыртығы таусылған ба?! Тарамыстай тартылып жатқан жетіспеушілік...иығымыздан басып тұр ғой... Сендерді бекерге сандалтпайын дедім, - деді апам. Сөздерін бөліп-бөліп, үзіп-үзіп айтты да біздің жанымызға отыра кетті. Маған ақсары жүзі қарауытып кеткендей көрінді.

- А.... а, келін, келіп қалдың ба? Мына қызталақтардың қабырғасын майыстыра бермесеңші. Қайындарың көп қой. Соларға айтсаң да болады ғой. Атаңның көрілері, босқа сандалып жүр. Мейірім жоқ қой, мейірім, - деген Айтбай ата біздің қаптарымызды көтерісіп арбаға салысты. Апам үндемеді. Күрсінді де қойды. Күрсінгенде де, көкірегі қарс айырылып күрсінді. Мен апамның жүзіне тесіле қарадым. Жаңа ғана қарауытқан жүзі сұрланып кетіпті. Неге күрсінеді? Неге сұрланады? Көңіл толқуына әсер еткен атамның сөзі ме екен?

Көп ұзамай жаман арбамызды тартқан көк есекті жетекке алып, ауылға қарай беттедік. Арбаның үстінде теңкиіп-теңкиіп ұн толтырылған қаптар жатыр. Бұл біздің қыстық азығымыз. Тағы апамның жүзіне қарадым. Апам Ащыдан бір делше бидай тапқан кездегідей қуанышты емес...


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет